UF

НЕВРАСТЕНИЯ

 

1880 жылы американ дәрігері Г. Бирд сол кезде әсірссе Америкада өте кең тараған ауруды толық сипаттап жазды. Сырқатты ол неврастения (гректің «неврон» - нерв және «астения» - әлсіздік деген сөзінен) деп атады. Бұл қасіреттің негізгі көріністері қатты ашуланғыштық пен тез шаршағыштық еді.

Өз алдына жеке ауру ретінде неврастенияның бірінші рет Америкада зерттелуі кездейсоқ құбылыс еместі. XVIII ғасырдың өзінде-ақ медициналық әдебиеттерде неврастенияға ұқсас әр түрлі құбылыстар сипатталып жазылған болатын. Бірақ ХІХ ғасырдың аяғында дамыған елдердің бәрінде дерлік, әсіресе Америка Құрама ІІІтаттарында өнеркәсіптің тез дамуы, өндірісті интенсивтендіру адамдардың үйреншікті өмір салтын күрт өзгертті. Ми мен денеге орасан зор күш түсіретін өндірістің жаңа түрлері пайда болды. Бұл бірлі-жарым емес, көпке тең тараған құбылыс - нервтің қатты шаршауы мен әлсіреуіне әкеп соқтырды.

Неврастенияға соқтыратын негізгі себеп - нерв жүйесіне шектен тыс немесе ұзаққа созылып қатты күш түсу.

Бұл әдетте, адам өзінің шаршағанына қарамастан еңбек етуін жалғастыра беретін кезде, артық күш түсуден пайда болады. Неврастения, әсіресе бітпей жатқан істі қалдырып тез арада екінші бір іспен айналысуға көшуге байланысты ретсіз, бей-берекет жұмыстан оңай пайда болады. Бірақ өте-мөте бір сарынды, бір ырғақты (монотонность) жұмыс та тез шаршатады. Жұмыс істеушінің өз еңбегіне қарым-қатынасы да үлкен роль атқарады. Қөңілсіз, жалықтыратын, ал оның үстіне жағымсыз жұмыс нерв жүйесін тез-ақ титықтатады. Және керісінше, өзін қызықтыратын, ынталандыратын, шабыттандыратын жұмыс шаршатпайды.

Алайда қолайсыз жұмыс жағдайы ғана неврастения дамуының алғы шарты болып қалмайды. Тұрмыстың қолайсыздығы, отбасындағы ұрыс-жанжал және осыған ұқсас жайлар да неврастенияның дамуында жұмыстан қажудан кем роль атқармауы мүмкін.

Неврастения жоғары нерв қызметінің орта типіне жататын (бірінші және екінші сигнал жүйелері баяу) адамдарда нерв процестеріне функционалдық артық күш тусуіне байланысты нерв қызметінің бұзылуы болып табылады. Неврастения әрқашан сыртқы тітіркендіргіштердің ықпалынан пайда болады. Ол адам денесінің қатты қажуынан немесе жүйкесіне ауыр күш түсуі салдарынан болуы мүмкін. Нерв процестеріне бұлай артық күш түсу ми қабығындағы тежелу процестері әлсірегенде, жеткіліксіз болған кезде байқалады. Тежелу процестерінің әлсіздігі пайда болатын мұндай жағдайлар тура неврастенияға әкеп соқтырады.

Кез келген жұмыстан кейін міндетті түрде демалу қажеттігі, әйтпесе одан қейінгі жұмыс өнімсіз болатыны әркімге-ақ түсінікті.

Әйтеуір бір жұмыстан кейін жаксы демалса, ұйықтап алса, адам өзін ерекше сергек әрі еңбекке қабілетті сезінеді. Ал ұйқы дегеніміз, ми қабығындағы жайыла тежелуден басқа ешнәрсе емес қой. Ұйқы - бұл сақтандыру процесі. Ол шаршаған нерв клеткаларының демалуына, алда тұрған жұмыс үшін қайтадан куат жинауына мүмкіндік береді.

Мынаны көз алдыңызға елестетіп көріңіз, неврастенияға шалдыққан кезде болатындай мидағы тежелу процесі әлсіреген, себебі ұзаққа созылған дене еңбегінен немесе миға күш түскендіктен нерв клеткалары демалмайды немесе аз демалады. Мұндай жағдайда адам, оның нерв жүйесі үнемі қажитын күйде болады, бұл сөз жоқ, нервті қатты әлсіретуі мүмкін. Спортшылар айтатындай, мұндай адам «екінші тынысымен» үнемі жұмыс істейді.

Осыдан-ақ неврастениямен ауыратындарда байқалынатын: кез келген жұмыстан өте тез шаршаушылықты, ұйқысының нашарлығын, басының ауыруын, тым ашуланшақтық құбылысын түсінуге болады.

Неврастениямен ауыратындар есте ұстау қабілеттерінің нашарлағанын айтып жиі шағынады. Дәрігердің қабылдауына келгенде, олардың өз есіне сенбей алдын ала дайындап жазып алған қағаздарына қарап шағымдарын тізіп айта бастайтынын жиі көруге болады. Іс жүзінде олардың есте сақтауы жақсы, бірақ зер салуы өте әлсіреген болып шығады.

Неврастениямен ауыратындар зер салуының әлсірегендігі соншалықты, олар жаңа атаулының бәрін зорлана қабылдап, игереді. Әңгіме үстінде олар кейде қажетті сөздерді таба алмай: «ол басымнан ұшып кеткен сияқты, тілімнің ұшында тұр» дейді, бірақ оны есіне түсіруі өте қиын болады.

Неврастениядан зардап шегетіндердің көңіл күйлері ерекше жабырқау келеді. Олар адамдардың ортасынан, көпшілік жиналған жерлерден бойларын аулақ ұстайды, оңаша жүргенді қалайды. Өздерін қоршаған нәрселер оларды онша қызықтырмайды. Театр, кино, спорт жарыстары - бұлардың бәріне олар селқос қарайды.

Кез келген ұсақ-түйек: бір нәрсе орнында дұрыс тұрмаса, көрші бөлмеден қаттырақ естілген әңгіме, балалардың күлкісі, дұрыс үтіктелмеген жейде және т. б. оларды ренжітеді. Соның өзінде бұл реніш кейде кінәлап ашулану, айқайлау, ал кейде балағат сөздер түрінде көрінуі мүмкін. Реніш қалай тез пайда болса, солай тез басылады. Мұндайда ауру адамдар тағы бір шектен шығуға барады - көңіл күйлері жабырқай бастайды.

Неврастениямен ауыратын адам жұмыста көбіне сабырлы әрі ұстамды бола тұрып көшеде, автобуста, үйде біреу кездейсоқ тиіп кетсе болды қатты ашу шақырады.

Мұндай адамдарды төңірегіндегілер мен отбасындағылар көбінесе, өзімшіл (эгоист), бетімен кеткен, дөрекі деп ойлаулары мүмкін.

Неврастениямен ауыратын адамдар жұмыс кезінде белгілі бір нәрсеге ойларын түйе алмайды. Жұмысты қолға алғанымен оған ықыласы болмайды, әрбір ұсақ-түйек нәрсе ойларын бөледі, олар жұмыстың басында-ақ шаршағандықтарын сезеді.

Неврастенияның көрінісіндегі жетекші белгі - ашуланшақтық болмай, қайта өзі және өзінің жақындары үшін үнемі мазасыздану қоса-қабаттаса жүретін депрессиялық жағдай болуы да мүмкін. Ауру адамдар мұндай мазасыз жағдайдан ешуақытта арыла алмайды.

Неврастенияға тән әрі жиі кездесетін белгілердің бірі - ұйқының бұзылуы болып табылады. Оны неврастениямен ауыратын адамның шаршаса да оңайлықпен ұйықтай алмайтындығынан көруге болады.

Оларға әр түрлі ойлар, өткен күннің сан алуан әсерлері, ал тіпті болмаса әйтеуір бір қолайсыз сезімдер кедергі келтіреді.

Қөздері ашық әрі төсекте әрі-бері дөңбекшіп жатып, олар түн ауғанда барып ұйықтайды, соның өзінде олардың ұйқылары шала болады, жиі-жиі оянады әрі қорқынышты түстер көреді. Ауру адамдар таңертең әрең оянады, әдетте оларды қайсыбіреу оятса, орындарынан қиналып тұрады. Олардың ұйқысы көпке дейін ашылмайды, өздерін соғып тастағандай және түні бойы демалмағандай сезінеді. Дел-сал болушылық пен қимылдың тежелуі түске дейін дерлік сақталады. Әлбетте, мұндай жағдайда олардың еңбекке қабілеттілігі күрт төмендейді. Сөйтіп, жұмыс күнінің алғашқы жартысы олар үшін өнімсіз болады. Олар теңселіп жүріп өмірдің қалыпты соқпағына әрең түседі. Бірақ кешке қарай ширайды, тіпті кейде өлшеусіз іскер болып кетеді. Ал түнде тағы да ұйықтай алмайды.

Іс жүзінде мұндай «тұйықталған шеңбер» мидағы тежелу процесі мен қозу процесінің аса селқостығы (инерттілігі) салдарынан пайда болады. Таңертеңгі тежелу кешкі қозуға баяу жол беріп өте берік сақталады. Сонымен бірге қозу процесі де тежелу процесімен тым баяу алмасады.

Психастения сияқты, неврастенияның да өте кең тараған белгісі мезі ететін жағдайлар болып табылады. Айырмашылығы - ол психастениямен ауыратындарға қарағанда неврастениямен ауыратындарда біраз баяуырақ болады. Кейде мезі ететін жағдай неврастения кезіндегі негізгі, басты белгі болады, бұл кейбір зерттеушілердің мезі ететін жағдай неврозы деген аурудың түрін өз алдына бөліп қарауына себеп болды.

Неврастениядан зардап шегушілер көбінесе өздері естігсн әуен немесе сөздің ұзақ уақыт ойларынан шықпай мазалайтынын айтады. Бұл түнде, бөтен шуыл жоқ кезде күштірек байқалады. Ауруларға мезі ететін әлдебір нарселерді санау тән.

Неврастеннямен ауыратындарда көбіне кәсіби сипаты бар мезі қылатын күдіктер де байқалады. Мысалы, кассирлер өздерінің ақшаны дұрыс санағандықтарына күдіктенеді, сөйтіп оны бірнеше рет қайталап санайды. Архитекторлар өздерінің есептерінің дәлдігіне, дәрігергер - өздері жазып берген рецептерінің дұрыстығына, корректорлар - орфографияны білетіндіктеріне күдіктенеді, сөйтіп олар минут сайын сөздікке қарай береді.

Неврастениямен ауыратын еркектердің көбісі жыныстық әлсіздікке ұшырайтыны байқалады. Бұл ең алдымен жыныс актісі кезінде ұрықтың уақытынан бұрын шығып кетуі түрінде байқалады. Сәтсіз жыныс актісінен кейін ауруларда көбіне мазасыздану, өзіне деген сенімсіздік пайда болады, ол одан әрі оның жанын жейді. Мұндай жағдай келесі жақындасуларда ауру адамды үнемі сақ болуға итермелейді. Тағы да сәтсіздікке ұшыраймын-ау деген ой оны мазалай береді. Әдетте, осылай өзін-өзі сендіру салдарынан ол тағы да сәтсіздікке ұшырайды.

Әсіресе жоғары нерв кызметі әлсіз типті балаларда неврастения сәби кезінде басталатын болса, ауыр өтеді.

Денсаулықтары мықты адамдарда да ұзаққа созылған әрі ауыр жұмыстан кейін неврастенияға тән кейбір құбылыстар байқалады. Бұл әлсіздік, қалжырағандық, шаршағандық сезімі болуы мүмкін. Мұндай қатты шаршаған жағдайда адам ойын бір нәрсеге шоғырландыра алмай, алаңдай береді, еңбекке қабілеті төмендейді. Кейде ондай адам ренжігіш келеді, басы ауырады. Бірақ біраз демалғаннан кейін бұл құбылыстар басылады.

Егер ауыр ой еңбегін немесе бір сарынды дене еңбегін организмді, оның нерв жүйесін басқа ырғаққа салатын әр түрлі дене жаттығуларымен алмастырып отырмаса, онда бұл физиологиялық жағынан атқарылатын жұмысты басқаратын ми орталықтарында тұрақты қозу ошақтарының қалатынын көрсетеді, яғни олар демалмайды. Ал неврастениялық көріністерге бейім адамдардың миларындағы тежелу процестері онсыз да әлсіз ғой. Сондықтан мұндай жағдайларда денеге әр түрлі күштің түспеуі - нерв процестерінің функционалдық әлсіреуі мен олардың бұзылуына әкеп соқтырады.

Орыстың көрнекті педагогы К.Д.Ушинский ой еңбегінен кейін демалу - бұл ешнәрсе істемеу емес, ал дене еңбегі болса ол жағымды ғана емес, - өте-мөте пайдалы деген болатын.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-29 16:16:30     Қаралды-2770

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »