UF

ДИНАМИКАЛЫҚ СТЕРЕОТИП

 

 

Динамикалық стереотип шартты рефлекстер жүйесімен бекітілген. Сонымен, егер сізді қоршаған жағдай өзгермейтін болса, онда ми қабығында да сіздің өзіңізге ғана тән нерв процестерінің сол бір сипаты бекітіліп әрі нығайтыла түседі. Алайда сыртқы жағдайлар өзгерген кезде нерв процестерінің сипаты да өзгере түседі, ол бұл мидағы қозу және тежелу процестерінің күшеюі немесе бәсеңдеуі түрінде көрінеді.

Денешынықтырумен айналысатындар үшін динамикалық стереотиптің мәнін білу өте маңызды. Қүнделікті денешынықтыру жаттығулары баяу, бірте-бірте, күн артқан сайын денеге түсетін күшті арттыра түсуді көздейді.

Жүгіретін жолға алғаш табаны тиген адам қанша ынталанғанымен қашықтықты өзінен әлсіздеу әрі жасы үлкен, жүгірумен күнде жаттығып жүрген спортшы көрсеткен нәтижедей нәтижемен жүгіріп өте алмайды. Жүгіру жолына жаңа шыққан спринтердің нерв жүйесі көп күш түсіруді тіпті де көтере алмайды, өйткені ол жаңа жағдайда жұмыс істеуге әлі машықтанбаған.

Жүгіру, жүзу, коньки, футбол немесе жай ғана таңертеңгілік гигиеналық гимнастикамен үнемі шұғылданып отыру - нерв жүйесіне организмнің барлық «өмірлік қызметтеріне» арта түсетін күшке біртіндеп бейімделуіне мүмкіндік береді.

Нерв жүйесіне стереотипті өзгертіп, жаңа жағдайларға бейімделіп жатқаннан гөрі бір нәрсені қайталай беру жеңіл екендігі дәлелденген. Ескі стереотиптің жаңа стереотиппен күресіп отыруы - бәсекеге де ұқсап кетеді. Организм нерв жүйесінің жаңа жағдайға бейімделуі, жаңа стереотиптің қалыптасуы үшін біреулерге ұзақ, ал екінші біреулерге азырақ уақыт керек болады. Мұның өзі ең алдымен ми қабығындағы қозу және тежелу процестерінің қаншалықты күштілігі мен қозғалғыштығына байланысты келеді.

Жоғары нерв қызметінің типі неғұрлым әлсіз әрі ұстамсыз болған сайын, оның өмірдің жаңа жағдайларына икемделуі де соншалықты қиындай түседі әрі жаңа стереотип қалыптастыруы да оңай болмайды.

Ал мұның өзі, мұндай типтегі адамдардың жоғары нерв қызметінің бұзылуға тезірек ұшырайтындығын көрсетеді. Невротикалық жағдайлардың оларда пайда болуы үшін денесіне немесе миына аздап түскен күштің өзі жетіп жатыр.

Невроздар әсіресе бала кезде мәпеленіп, ешнәрседен беті қағылмай өскен адамдарда жиі пайда болады. Мұндай адамдардың бір істен екінші іске көшуі, мінез-кұлықтарын, стереотиптерін өзгертуі өте қиын. Міне, сондықтан олар айналасындағылармен жиі ұстасып қалады.

Мектептегі жылдарда невроздардың пайда болуына көбіне режимнің бұзылуы және сабақтарды қиындатып жіберуге байланысты, ақыл-ой мен денеге күштің артық түсуі себеп болады. Бұл жастағы балада мектеп пен көшенің ықпалының әсерінен жаңа қатынастар туады, жаңа әдеттер пайда болады. Сондықтан баланың құрдастарының жаман әдеттерінен аулақ жүргені жөн. Мысалы, темекі тарту, онанизм және т. б. сиякты зиянды әдеттер невротикалық жағдайлардың дамуына өз әсерін тигізбей қоймайды.

Бұл жаста денешынықтыру және спортпен айналысу өте қажет. Жаңадан қалыптасып келе жатқан жас организм үшін жаттығулар, жарыстарға, коллективтік, туристік жорықтарға қатысу - оларға сауықтыру тұрғысынан қарап денсаулыққа пайдалылығын айтпағанның өзінде - жаман әдеттерден бойды аулақ салдыратын тамаша фактор болып табылады.

Жыныстық жағынан пісіп-жетілген кезде кейбір жасөспірімдерді эндокриндік өзгерістер мазасыздандыра бастайды. Ата-аналарымен ашық сөйлесе алмайтын болса, балалар тұйықталып, үнемі өздеріндегі өзгерістер жайында ойлай береді. Денешынықтыруға немкетті қарайтын, балалары бет-бетімен, өз уайымы өзінде кеткен отбасыларында невротикалық жағдайлар әсіресе өтпелі жаста айтарлықтай көп болады.

Жасөспірімнің жарыстарға ат салысуы, спорт секцияларына қатысуы оның бойына күш-қуат бітіреді, өзіне деген сенімін арттырады, көңіл күйін көтереді, мазасыз ойлардан арылтады. Сөз жоқ, мұның бәрі мидағы нерв-психикалық процестердің қалыпты өтуіне ықпал етіп, невроздардың дамуын тежейді.

Невроздардың пайда болуында «психикалық жарақаттардың» аса зор ролі бар. Жақын адамның сырқаты немесе өлімі туралы суық хабарлар, естіртулер, жұмыстағы реніштер, отбасында, пәтердегі ұрыс-жанжал... Психикалық жарақат - невротикалық жағдайлардың пайда болуының ең жиі кездесетін себебі болып табылады.

Көбінесе абайламай немесе дөрекі айтылған бір ауыз сөздің өзі адамды ұзақ уақыт қалыпты өмір жолынан шығарып, жан дүниесін алай-дүлей етеді. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» - деген шығыс мақалы бекер айтылмаса керек. Яғни алған жарақатты емдеуге болғанымен, сөзбен көңілге түскен жараны емдеуге болмайды.

Адамның психикалық қызметі миға келіп түсетін әр түрлі ақпараттарды реттеуді қамтамасыз етеді. Бірақ бұл реттеудің жеке адамға тән белгілі көрінетін шегі болады. Егер информациялар тасқыны мол әрі ұзак болса, психикалық қызмет реттеуші функциясын атқара алмай қалады, соның салдарынан оған, күш түсіп, оның өзі көптеген сырқаттардың пайда болуына алып келетін жағдайлардың тууына, соның ішінде бірінші кезекте невроздардың дамуына себеп болады.

Адам организмі бүкіл өзінің дамуында дене еңбегіне жақсы, ал нервке күш түсіруге нашар бейімделген. Эволюция мөлшерімен алғанда, қас қағым сәтте өмір салтының шешуші түрде мұншалықты өзгеруі болашақты болжаушы маман футурологтардың пікіріне қарағанда, болашақта қайғылы жайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Жүрек-қан тамыры мен нерв ауруларының қазірдің өзінде күрт көбеюі зерттеушілерді алаңдатуда. Олар мұның өзі нерв жүйесіне күш түсу мен арта түскен гипокинезияның (белсенді қозғалыстың азаюы) салдарынан екеніне шүбә келтірмейді.

Жүрек-қан тамыры аурулары мен невроздардан зардап шегетіндердің кәсіби қызметтерін зерттей келіп, көптеген ғалымдар ауру түрлері мен сырқат адамға үнемі бір жақты түскен күштің арасындағы тікелей байланыстылықты атап көрсетеді. Мысалы, миокард инфарктісі автобус жүргізушілерінде сол машиналардың кондукторларына қарағанда жиі кездеседі екен. Анағұрлым көп қозғалатын почташыларға қарағанда, денсаулығына телефонисткалар да көбірек шағынатын көрінеді... Қысқаша айтқанда, нерв және жүрек-қан тамыры жүйелерінің бұзылуы көбінесе бір сарынды жұмыс атқарумен дене қозғалысы шектелген, сондай-ақ көптеп келіп түсетін информацияларды өңдеуге байланысты кәсіптер мен қызмет түрлерінің өкілдерінде жиі байқалады.

Қазіргі дәуірдің басты бағыты - комплексті автоматтандыру - жұмысшының белсенді қозғалысын азайтумен қатар статикалық (қозғалмайтын) және нервке түсетін күшті арттыруға алып келіп отыр. Сондықтан дүние жүзінде әр түрлі функционалдық өзгерістердің, соның ішінде ең бірінші кезекте нерв және қан айналысы жүйелерінің бұзылуының етек алу бағыты байқалуда.

Қазіргі кездегі ғылыми-техникалық революция жағдайында адамдардың қабілетін жан-жақты дамыту шешуші маңыз алып отыр.

Адамға жаңа көтеріңкі талаптар қойылуда. Міне сондықтан да ғылым мен техниканың қарқынды дамуының мүмкін болатын барлық оң да, теріс те салдарын зерттеп, алдын ала көре білу қажет. Ғылыми-техникалық революцияны жүзеге асыруға байланысты барлық әлеуметтік процестерге тек ғылыми негізделген, жоспарлы басшылық жасау ғана нервке түсетін әр түрлі күшке еңбекшілердің дер кезінде дайындала алуына кепілдік береді.

Осыған байланысты адамның өзін қоршаған сыртқы ортамен қарым-қатынасы, бұл ұғымды кең мағынада алғақ, адам денсаулығына қамқорлық, сондай-ақ ғылым мен техниканың қарқынды дамуының нәтижесінде пайда болуы мүмкін сол бір ауруға ұшырататын жағдайлардың дамуын алдын алу үлкен роль атқарады.

Ғылыми-техникалық прогресс біз үшін әрі материалдық игіліктердің кеніші, әрі денсаулықтың, қуаныштың, махаббаттың, өмірдің және рухани байлықтың қайнар көзі болып табылатын, әлі де өзінің зор құндылығын жоймаған табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынас проблемасын одан әрі актуалды ете түседі.

Техниканың, ғылымның, индустрияның қарқынды дамуына және осыған орай әр түрлі информациялар тасқынының есуіне қарамастан бірқатар аурулардың және ең бірінші кезекте невротикалық жағдайлардың азаюға бет алғанын демократиялық елдер медицина статистикасы атап көрсетуде. Сөз жоқ, бұл факті осы елдерде жүргізілген әлеуметтік өзгерістерге: ол елдерде қанаудың барлық түрінің, әйел теңсіздігінің, балалар еңбегін пайдаланудың жойылуына, жұмыссыздық пен аштық қаупінің, ұлттық қанаудың жоқтығына, еңбекті қорғаудың жоғары дәрежеге жетуіне, физкультураның кең қанат жаюына байланысты болып отыр. Коллектив мүддесіне сайкес келетін тәрбие, әл-ауқаттың өсе түсуі, жұрттын, барі бірдей пайдалана алатын кең көлемді халықтық денсаулық сақтау - мұның бәрі жүйкеге түсетін күш пен психикалық қақтығыстардың пайда болу мүмкіндігін азайтады.

Демалыссыз ұзаққа созылған бір сарынды жұмыс, жұмыс кезінде дененің бір қалыпты өзгермеуі, еңбек етудің, тамақтанудың дұрыс әрі нақты режимін сақтамау - мұның бәрі мидағы нерв-психикалық процестерге күш түсіруге алып келеді. Сөйтіп, жоғары нерв қызметі бұзылады. Адам ашуланшақ болады, тез шаршап, басы ауырады, ұйқысы қашады әрі тамаққа тәбеті жоғалады, еңбек ету қабілеті күрт төмендейді.

Шаршау - қандай болса да әйтеуір бір жұмысты атқаратын бұлшық еттердің қажуы ғана емес, бұл ең алдымен мидың қажуы, оның еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі.

Ой еңбегін дене еңбегімен шебер, жақсы ұштастыра білу - нерв орталықтарын демалдырып, еңбек ету қабілеттілігін арттырады және өмірлік жоғары тонусты сақтауға көмектеседі.

Орыстың белгілі физиологы Н.Е.Введенский адам көп жұмыс істегендіктен емес, жұмысты жаман істейтіндіктен шаршап-шалдығатынын атап көрсеткен болатын.

Невроздардың дамуына, сондай-ақ әр түрлі зиянды әдеттер: темекі тарту, спирттік ішімдіктерді жиі пайдалану, наркотиктерге құштарлық, нәпсі құмарлық, онанизм және т. б. ықпал етеді.

Мұндай әдеттер көбіне еркектердің сексуалдық мүмкіндіктерін төмендетіп, жыныстық импотенцияға (әлсіздікке) соқтыратынын атап көрсеткен жөн. Мұндай импотенция алғашында невротикаға ұқсас болып басталады, яғни функционалдық бұзылу сипатын алып, ал сонан кейін тұрақты, органикалық бұзылуға айналып кетуі мұмкін.

Медициналық практикада невротикалық күйден басқа невротикалық реакциялар дейтін де өте жиі кездеседі. Бұл - психикалық жабырқау немесе қозу түріндегі мінез-құлық реакциялары өзгерісінің ұзаққа созылған көрінісі. Әдетте, невротикалық реакциялар өмірде туған шиеленіскен жағдайларға жауап ретінде пайда болады.

Невроздық жағдай климатты күрт өзгерткенде, оңтүстіктен солтүстік аймақтарға орын ауыстырғанда жиі пайда болады. Кейде невротикалық көріністердің болу себебі ауа райының, тұрмыс жағдайының өзгеруінде жатады.

Бұл айтылғандардың бәрі аурулардың поликлиникаға келгенде де, ауруханада тексерілгенде де, тіпті жеке әңгімелескенде де жиі сылтау қылатын баяғы сол бір «нервтің негізін» қалайды. Осы «нерв негізінің» көптігі мен алуан түрлілігі соншалық, кейде тіпті адамды өкпелетіп, оның көңіл күйін бұзу үшін, ал кейде оған психикалық ауыр жарақат салу үшін бір қарағанда зілсіз болып көрінетін сөздердің өзі-ақ жетіп жатыр. Мұны үнемі есте ұстаған жөн!

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-29 16:13:28     Қаралды-5827

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »