UF

НЕВРОЗДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Тұтас организмнің тіршілік қызметінде барлық функциялардың негізгі тәртіпке келтірушісі және бөлушісі ретінде көрінетін нерв жүйесінің жетекшілік ролі әлдеқашан дәлелденген. Біртіндеп даму барысында нерв жүйесі қоршаған орта тітіркендіргіштерінің әсерін өзіне кабылдау қабілетіне ие болды жоне сөйтіп өзі нервтендіретін органдар мен тканьдердің тікелей реакцияларының мөлшерін белгілі бір шамаға дейін шектеді.

Жоғары сатыдағы барлық омыртқалылар сияқты адамда да тұтас организм функциясын реттеудің екі жүйесі бар. Олар бір-бірімен тығыз байланыста қызмет ететін нерв және эндокрин жүйесі. Эндокриндік жүйе импульстері ішкі секреция бездері қызметінің белгілі бір функционалдық деңгейін ұстап тұратын шеткері және орталық нерв жүйесі тарапынан жасалынатын бақылауға бағынады.

Екі жүйенің мұндай үйлесімді қызметі нерв жүйесінің, оның типінің туа біткен қасиетіне тәуелді болатын тұтас организмнің жалпы (физиологиялық) реактивтілігінің белгілі бір деңгейін жасайды.

Реактивтілік әр түрлі физиологиялық жүйелердің қызметімен байланысты болғандықтан организмнің жетекші физиологиялық ерекшеліктерінің тұқым куалайтын және жүре пайда болған қасиеттеріне тәуелді болады. Бұл арада организмнің бітімдік белгілері үлкен роль атқарады.

Қалыпты жағдайдағы және патологиядағы тұтас организм тіршілік қызметінде нерв жүйесінің жетекші ролі жөніндегі түсінікті басшылыққа ала отырып, бірқатар отандық зерттеушілер Павловтың жоғары нерв қызметінің типтері жөніндегі ілімін қазіргі кезде адам бітімі типтерін салалаудың негізі ретінде қарауға болады деген ережені ұсынып, дәлелдеген болатын.

Соңғы жылдары олардың қалыпты жағдайдан ауытқу мөлшерін күш түсуге төзімділігін айқындай отырып, жоғары нерв қызметінің типі организмдегі көптеген физиологиялық процестердің өтуіне әсер ететінін көрсететін мәліметтер алынды. Сондай-ақ нерв жүйесінің типі организмдегі қорғаныс-бейімділік, компенсаторлық және патологиялық процестердің ерекшеліктеріне әсер ететіндігі анықталды.

Сөйтіп, адам нерв жүйесінің типі оның маңызды бітімдік белгісі ретінде, физиологиялық процестердің өзіне тән функциялары мен оның реактивтілігінің әйтеуір бір түрін айқындайтын организмнің генетикалық жағынан қамтамасыз етілген және өзіне ғана тән қасиеттері ретінде қарастырылады.

«Организмнің реактивтілігі» деген ұғымға темпераменттің физиологиялық негізі болып табылатын жоғары нерв қызметіне тәуелді адамның мінез-құлық реакциясы да қосылады. Темперамент дегеніміз - оған эмоция-ерік және интеллектуалдық көріністер кіретін организмнің психикалық қызметі, динамикалық ерскшеліктерінің жиынтығы болып табылады.

Дегенмен, адамның мінез-құлық реакциялары ми қыртысы-лимби құрылымының қызметімен тікелей байланысты болады. Сыртқы ортаның немесе ішкі органдар мен тканьдердің тітіркендірулеріне жауап ретіндегі организм реактивтілігінің жан-жақты көріністері - үнемі жүрек соғысының жиілеуі немесе баяулауы, артериялық қысымның және дене температурасының көтерілуі не томендеуі, терінің бозаруы немесе қызаруы, бронхылар, оңеш, асқазан мускулатуралары тонусының бәсеңсуі немесе жоғарылауы, ішектер қимылының баяулауы немесе күшеюі, қанда қант пен адреналиннің артуы немесе кемуі, қан ұйығыштығының жоғарлауы немесе төмендеуі және т. с. с. әр түрлі вегетативтік реакциялар түрінде байқалады.

Адамның мінез-құлық реакцияларының қалыптасуы ми қабығы мен қыртысы функционалдық ара қатынастарының дәрежесіне байланысты болады.

Нерв жүйесі реактивтілігіне, басқаша айтқанда, қалыпты жағдайдағы адам реакциясына бір мысал келтірейік. Спортшы стартта тұр. Осы сәтте оның тамыр соғысы жиілегені, артериялық қысымының жоғарылағаны, қанында қанттың, адреналиннің және норадреналиннің молайғаны байқалады, яғни организмнің реакциясы бұл организмнің барлық ішкі ортасының бұлшық ет кызметін атқаруға дайын тұрғандығын көрсетеді. Сөз жоқ, мұның бәрі іс-қимылдардың нақты үйлестігі мен мақсаттылығында, жоғары көңіл-күй жағдайында өтеді.

Бір сөзбен айтқанда, сыртқы тітіркеніске - старт алдындағы жағдайға - жауап ретінде лимби жүйесінде өзгертіліп және содан кейін ми қабығына келіп жеткен қауырт эмоциялық-вегетативтік реакциялар ми қыртысы бөліктерін қоздырады.

Ми қабығы осылай қауырт келген импульстерді бөлшектейді және одан өзіне келіп жатқан информацияға барабар реакция алады. Мұның бәрі қалыпты жағдайда, ми қабығы мен қыртысының қалыпты ара қатынасы жағдайында өтеді.

Ал егер «ми қабығы мен қыртысының» өзара қарым-қатынасы бұзылса не болар еді? Сырттан өткізгіш жолдар арқылы ми қыртысының аймағына келіп түсетін әрі жауап ретінде эмоциялық және вегетативтік қауырт реакциялар туғызатын импульстер ағыны ми қабығына дәл осы адамның өзіне ғана тән күйде емес, басқаша күй де жетеді. Бұл ми қабығына күшейіп келіп жететін, немесе керісінше, әлсіреп келетін импульстер ағыны түрінде болады.

Ми қабығы мен қыртысының осындай үйлесімсіздігі салдарынан жоғары нерв қызметінде алуан түрлі өзгерістер пайда болып, оның қызметі бұзылады. Адамның мінез-құлық реакциясы, көңіл күйі, оның психикасы өзгереді. Ішкі органдардың, жүрек-тамыр жүйесінің және т.б. функциясының бұзылуы түрінде көрініс беретін әр түрлі вегетативтік өзгерістер пайда болады. Яғни организмнің сыртқы және ішкі тітіркендіргіштерге реактивтілігі өзгереді, бұрмаланады.

Ми қабығы мен қыртысы қарым-қатынасының бұзылуы салдарынан пайда болатын және жоғары нерв қызметінің бұзылуы мен алуан түрлі эмоциялық-вегетативтік өзгерістерге әкеп соқтыратын организм реактивтілігінің мұндай өзгерістері невроздар деп аталады.

Мұндайда ми қабығы мен қыртысы қарым-қатынастарының бұзылуы салдарынан бірінші және екінші сигнал жүйелерінің де ара қатынасы бұзылады. Кезінде И.П.Павлов невроздардың пайда болу жолдарын ең алдымен ми қабығындағы қоздырғыш немесе тежегіш процестерге күш түсуі немесе олардың қозғалғыштығы салдарынан жоғары нерв қызметінің бұзылуы тұрғысынан қараған. Бірақ соңғы жылдардағы зерттеулер невроздардың даму механизмінде ми қабығындағы процестер ғана емес, сонымен бірге мидың тереңдегі құрылымында, соның ішінде лимби және ми қыртысы аймағындағы процестер де зор роль атқаратынын көз жеткізе дәлелдеді.

Невроздардың дамуы жөніндегі қазіргі кездегі көзқарастар Павлов мектебінің концепциясын тіпті де жоққа шығармайды, қайта оны толықтырып, кеңейте түседі.

И.П.Павлов өз шәкірттерімен невроздардың немесе невротикалық жағдайлар деп аталып жүрген ауруларды жоғары нерв қызметі әр түрлі типке жататын әр түрлі адамдарда пайда болуы мен өтуін зерттеп, невроздардың әйтеуір біреуінің дамуы адам нерв жуйесінің негізгі типіне байланысты екенін дәлелдеген. «Көркем» типті, яғни бірінші сигналдық жүйесі басым адамдарда, невроз әдетте истериялық тип деп аталатын түрде өтеді. «Ойшыл» типтегі, яғни екінші сигналдық жүйесі басым адамдарға невроздың психастениялық түрі тән. Бірінші және екінші сигналдық жүйелері байсалды орташа типтегі адамдарға невроздың неврастения түрінде дамуы тән болады. Сөйтіп, невроздарды: истерия, психастения және неврастения деп үш түрге бөледі.

Отандық және шетелдік көптеген ғалымдардың еңбектерінде невроздардың аталған түрлерінен басқа тағы да бірнеше атаулары ұшырасады. Мысалы, мезі ететін невроз, вегетативтік невроз, үрей неврозы, күту неврозы, сондай-ақ жүрек неврозы, қарын неврозы және т б. деген атауларды да жиі естуге болады.

Бұл атаулардың бәрі әйтеуір бір невротикалық жағдайдың көрінуіндегі басты, жетекші белгілеріне негізделіп айтылғанымен, алайда, іс жүзінде солардың әрқайсысы невроздың үш түрінің - истерияның, психастения мен неврастенияның біреуінің түрі болып табылады.

Шындығында, егер невроз жалпы, ми қабығы мен қыртысының өзара қарым-қатынасының функционалдық бұзылуына байланысты ауру болатын болса, онда бұл бұзылыстар белгілі бір дәрежеде адамның барлық органдары мен жүйелерінің жұмысына әсерін тигізеді. Органдардың біреуі, айталық жүрек, мидағы қалыпты нерв-психикалық процестердің бұзылуынан болатын жағдайға, әрине барынша «үн қатуы» мүмкін. Ал бұдан ауру адамның тек жүрегі немесе басқа бір органы неврозға шалдыққан деуге тіпті де болмайды.

Невроздың басқа көріністері - мезі ететін жағдайлар, үрей, күту, қан тамырлары жүйесіндегі, ішкі органдар жұмысындағы бұзылыстар және т. б. невроздар жөнінде де осыны айтуға болар еді. Мысалы, мезі ететін жағдайлар көбінесе психастенияның негізгі белгісі болып табылады.

Невроздарға психикалық қызметтегі сан алуан өзгерістер, сондай-ақ нерв жүйесі мен ішкі органдардың әр түрлі бөліктерінің қызметінің бұзылуы тән.

Неврозбен ауыратын адамдарда жүрек-тамыр жүйесінің, ішкі органдардың, нерв жүйесінің сырқаттары алуан түрлі болып көрінген күннің өзінде бұл органдар мен жүйелердің органикалық зақымданғандығын дәлелдейтін белгілер, әдетте табылмайды. Сол себептен невроздар функционалдық сырқаттар қатарына жатқызылады.

Невроздармен көбіне жоғары нерв қызметі ұстамсыз және әлсіз адамдар ауырады. Ұстамсыз тип – өзіндегі тежелу процестерінің әлсіздігінен, ал әлсіз тип - аталған процестің жалпы әлсіздігінен ауырады, өйткені мұндай типтегі адамдар үшін өте әлсіз тітіркендіргіштердің өзі тым күшті әсер етеді.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-29 16:12:29     Қаралды-4144

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »