UF

ШВЕЙЦАРИЯ (нем. Schweiz), Швейцария Конфедерациясы - Орталық Европадағы мемлекет. Солтүстігінде Германиямен, батысында Франциямен, шығысында Австриямен, оңтүстігінде Италиямен шектеседі. Жері 41,3 мың км2. Халқы 8,5 млн. (2019). Астанасы - Берн қ. Әкімшілік жағынап 22 кантонга бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Швейцария - федерациялық республика. Қазіргі конституциясы 1874 жылы қабылданған. Одақтық өкімет билігіне соғыс пен бітім, сыртқы сауда, армия құру т. б. күрделі мәселелер жатады. Мемлекеттік басы - президентті Ұлттық советтің мүшелері 1 жылға сайлайды. Өкіметтің жоғары заң шығаратын органы - екі палаталы парламент - Одақтық жиналыс, Ұлттық совет пен кантондар Советінен құрылады. Өкіметтің жоғары атқару билігі үкіметке - Одақтық советке (7 мүше) жүктелген. Бұл совет мүшелерінің әрқайсысы бір департаментті (минті) басқарады. Республика президенті мен виде-президентінің қызметін Одақтық советтің мүшелері кезекпен атқарады. Барлық кантондар мен жартылай кантондардың өзіндік конституциясы бар; өкіметтің заң шығару функциясы - үлкен советке (парламент), атқару міндеттері - кантондық советтерге (үкіметке) жүктелген. Округтар мен қауымдарда өзін-өзі басқаратын органдар - азаматтардың жалпы жиналыс (неміс кантондарында) және қауымдық советтері (франц. кантондарында) сайланады. Сот жүйесі федерациялық және кантондық деп бөлінеді.

Табиғаты. Швейцария - таулы ел. Территориясының 60%-ін Швейцария Альпісі, 1/3-не жуығын Швейцария таулы үстірті, 1/10-ін биіктігі орташа Юра тауы алып жатыр. Ең биік жері - Пеннин Альпісіндегі Дюфур тауы, 4638 м. Маңызды асулары - Сен-Готард (2112 м), Симплон (2009 м), Үлкен Сен- Бернар (2472 м), Фурка (2436 м). Пайдалы қазындылары - тас тұзы, графит, қоңыр көмір. Климаты негізінен қоңыржай жылы, ылғалды, тауларында қоңыржай салқын. Швейцария таулы үстіртінде қаңтардың орташа температурасы - 1,5°С, шілдеде 17,3°С. Жылдық жауын-шашыны 800-1000 мм, Альпі тау аралық аңғарларында жерортатеңіздік климат белгілері басым; мұнда қаңтардың орташа температурасы - 7°С, шілдеде - 12,1°С. Жылдық жауын-шашыны 2000 мм. Өзендерінің суы мол, энергия қорына бай. Ірі өзендері - Рейн, Рона, Инн, Тичино, По. Көлдері көп, ірілері - Женева (582 км2), Боден (538 км2), Невшатель, Цюрих, Фирвальдштет. Жері қоңыр ормандық, күлгін және таулық шалғынды топырақты келеді. Швейцария таулы үстіртінде және оның беткейлерінің 800-900 м биіктікке дейінгі бөлігінде табиғи өсімдік жамылғысы сақталмаған, толық өңделген. Территориясының 1/4-і орман. Тау етектерінде жалпақ жапырақты (емен, шамшат) және кейбір беткейлерде қылқан жапырақты (1800 м биіктік шамасында) орман қалыптасқан. Таудың 2600-3000 м биіктігінде субальпілік және альпілік шалғын өседі. Жануарлар дүниесі қоңыр аю, түлкі, жабайы мысық, тау ешкісі, қоян, сусар, бұғы, альпі суыры және кұстың коптеген түрлерінен құралалы; өзен-колдері балыққа бай. Кейбір мүлдем шойылу қаупі төнген жануарлар түрін көбейту ушін және табиги ортаны сақтау үшін ұлттық парк (аумағы 169 км2) ұйымдастырылған.

Халқы. Этникалық құрамы жағынан елде әр түрлі халықтар тұрады; олардың ішінде неміс тілінде сөйлейтін швейцарлықтар 65%, француз тілінде сөйлейтін швейцарлықтар 18%, итальян тілінде сөйлейтіндері 12%, ретороман тілінде сөйлейтіндері 1%. 1 млн-нан астам шетелдіктер тұрады. Неміс, француз, итальян тілдері мемлекеттік тілдер болып саналады. Діни нанымға иланушылардың 48%-і протестанттар, 49,5%-і католиктер. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 155 адамнан. Ірі қалалары - Цюрих, Базель, Женева, Берн, Лозанна.

Тарихы. Ең ежелгі заманғы Швейцариядан (б. з. б. 1 ғасырға дейін) көптеген көне тұрақтар (Вильдкирхли, Драхенлох, Котеншер, Бирзек, Швейцерсбильд, Кеслерлох палеолит үңгірлері, Ваувплермостағы 20 мезолиттік тұрақтар; тіреулі құрылыстар) сақталған. 800-400 жылдар шамасында Швейцарияда Гальштат мәдениеті, ал 1 мың жылдықтың 2-жартысында Латен мәдениеті қалыптасқан. Швейцария тұрғындары жөніндегі алғашқы жазба деректер 2 ғасырдан басталады. Бұл кезеңде Швейцарияның көп жерін гельветтердің (ежелгі заманда ел осы тайпаның атымен Гельвеция деп аталған) кельт тайпалары қоныстанған; қазіргі Швейцарияның шығысында Рет тайпалары өмір сүрген. Батыс Швейцария жері өз алдына Гельвеция провинциясы болып бөлінді. Швейцария жерінде Рим бекіністері мен әскери жолдар салынды, сауда дамып, ақша айналысы өрістеді. Римдіктер тұсында Швейцария жерінде христиан діні тарады, 3 ғасырдың орта шенінде елге алеманндар шабуыл жасап, 406-407 жылы Шығыс Швейцарияны басып алды, римдіктердің ықпалы жойылды. 496 жылы алеманндарды франктер бағындырып, Швейцарияның бүкіл дерлік жері Франк мемлекетінің құрамына кірді.

Швейцария  жерінде феодалдық қатынастар біркелкі дамымады. Қалалар (Цюрих, Берн, Базель, Шафхаузен т. б.) экономикалық маңыз ала бастады. Бұлардың кейбіреулері бұрыңғы Рим бекіністерінің орнында пайда болды. 1032-1034 жылдар Швейцария  жері «Қасиетті Рим империясының» құрамды бөлігіне айналды.

11 ғасырдың аяғы - 12 ғасырдың бас кезінде Швейцария жерінде Церинген әулетінің герцогтары ерекше дәуірледі.

Олар бірқатар жаңа қалалардың (Берн, Тун т. б.) іргесін көтерді.

Бұл кезде Габсбургтердің т. б. графтардың үлкен иеліктері болды. Габсбургтер әулеті көп уақыт бойы Швейцарияны билеп келді. Бірақ Швейцария кантондары оларға қарсы күресін тоқтатпады. 1389 жылы «сегіз жердің» конфедерация сы құрылды. 15 ғасырда Одақ территориясы көрші жерлер есебінен кеңейді.

1481 жылы Швейцарияга Фрейбург және Золотурн қосылды.

1798 жылға дейін Швейцария конфедераңия сының тұрақты орталық органы болмады; жалпы одақтық сеймдер - тагзатцунгилер мезгіл-мезгіл шақырылып тұрды, мұнда толық праволы кантондардың ғана дауыс беру правосы болды; жалпы одақтық әкімшілік орны, өскерлер мен финанс жүйесі болған жоқ. Одақтық жерлер сияқты, кантондар өздерінің ішкі мәселелерін шешуде автономиялық правомен пайдаланды. Цюрих, Базель, Берн сияқты қалалық кантондарда, сондай-ақ Санкт-Галлен, Женева сияқты одақтық жерлерде қолөнері мен сауда дамыды. Қалалар (Берн, Женева, Базель, Цюрих) қолөнер өндірісі мен банк операцияларының ірі орталықтарына айналды. Базель, Женева жәрмеңкелерінің бүкіл Европаға аты жайылды. Цюрих және Женева округында егін егумен қатар жүзім өсіру, шарап жасау кең өріс алды.

15 ғасырдың аяғы - 16 ғасырдың бас кезінде Швейцарияда феодалдық қатынастар ыдырай бастады. Әсіресе тоқыма өндірісі, капиталистік мануфактура (Базель, Женева, Берн, Люцерн), кітап бастыру (Базель), қағаз шығару (Базель, Цюрих) кең өріс ала бастады. Бірқатар жерлерде шарап жасау және жүзім өсіру ісі кәсіпкерлік негізге көшті. Сүтті мал шаруашылығы товарлы сипат алды. Селолық қауым ыдырап, жерсіз шаруалар тобы көбейе берді. Алайда конфедерацияның саяси бытыраңқылығына байланысты бұл тәрізді прогресті бағыттар бірқатар қиыншылықтарға кездесіп отырды. Швейцария Реформацияның ірі орталығына айналды; кантондардың кейбіреулерінде (Женева, Берн т.б.) протестантизм (Цюрихте Цвингли, Женевада Калвин) бекіді. Реформациялық қозғалыс шаруалардың антифеодалдық көтерілістерімен ұласты. Швейцарияда бұқара халық Шаруалар сотысына (1524-1526) белсене қатысты. Дегенмен Швейцарияның Отыз жылдық соғыстан (1618-1648) тыс қалуы оның экономикалық дамуына игі әсер етті; ал Швейцария одағының дербес мемлекеттік құрылым ретінде өмір сүруі халықаралық көлемде мойындалды (1648 жылы Вестфаль бітімі бойынша). Осы уақыттан бастап Швейцарияда Европа істерінде бейтарап болу идеясы қалыптаса бастады (заң жүзінде 19 ғасырда баянды етілді). 16-17 ғасырларда діни қуғынға ұшыраған көптеген адамдар Швейцариядан баспана тапты. Сол кезден бастап Швейцария саяси эмигранттар паналайтын жерге айналды.

18 ғасырдың аяғына таман Швейцария өнеркәсіп пен сауда саласында едәуір табыстарға жетті. Цюрихте мақта-мата өндірісі, Базельде жібек тоқу, Батыс Швейцарияда сағат жасау өндірісі кең өріс алды. 1798 жылы Швейцария бір орталыққа бағынатын мемлекетке айналып, Гельвеция республикасы құрылды. Сословиелік айырмашылықтар мен феодалдық праволар жойылды, саяси бостандықтар, ождан, баспасөз, сауда, қолөнер бостандықтары жарияланды. Кантондар арасында экономикалық бөгеттер жойылды. Швейцария Францияға тәуелді болып қала берді: Наполеон империясы күйрегеннен кейін, Швейцарияның одақтық сеймі елдің қатаң бейтараптық сақтайтынын жариялады (1813 жылы 29 желтоқсан). Тұрақты бейтараптылық статуты Швейцарияның 19-20 ғасырлардағы жойқын соғыстардан тыс қалып, бейбіт өмірдің барлық артықшылықтарын пайдалануына мүмкіндік берді.

Швейцарияның саяси және экономикалық бытыраңқылығы капитализмнің дамуына бөгет болды. 19 ғасырдың 30-40 жылдары феодалдық қатынастарды түпкілікті жою, саяси құрылысты демократияландыру және елді бір орталыққа бағындыру жолындағы қозғалыс өрістеді. 1848 жылғы конституция кантондардың тұрақсыз одағын бір тұтас одақтық мемлекетке біріктірді. Орталық заң шығарушы орган - екі палатадан: Ұлттық совет пен Кантондар советінен тұратын Федералдық жиналыс (парламент) құрылды. Атқарушы өкімет билігі Федералдық советтің (үкіметтің) қолына көшті. Елдің астанасы Берн қаласы болып белгіленді.

Халықаралық сауданың және курорт-қонақ үй құрылысының кең қанат жаюы Швейцарияны индустрияландыруда маңызды роль атқарды. Жеңіл өнеркәсіп, темір жол құрылысы кең өріс алды. Индустрияландыру барысында өнеркәсіп буржуазиясы мен фабрика пролетариаты қалыптасты, жұмысшы қозғалысы дамыды, Швейцарияда І-Интернационалдық Женева және басқа да секциялары құрылды. Бірақ жұмысшы қозғалысы анархистік (прудоншылдық және бакуниншілдік) элементтердің күшті ықпалында болды. 1873 жылы Швейцарияда алғашқы ірі жұмысшы және кәсіподақ бірлестігі - Швейцар жұмысшы одағы құрылды. 1888 жылы Швейцария социал-демократиялық партиясы (ШСДП) ұйымдасты.

20 ғасыр бас кезінде Швейцария монополиялық капитал еліне айналды. Машина жасау, алюминий, электротехникалық химия және басқа жаңа өнеркәсіп салалары пайда болды. 19 ғасырдың соңы - 20 ғасырдың басы кезінде Швейцарияда негізінен Россиядан келген орыс революционер-эмигранттары көп болды. В. И. Ленин Швейцарияда бәрін қосқанда (Женева, Берн, Цюрих т.б. жерлерде) 7 жылға жуық тұрды. 1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) кезінде Швейцария бейтараптық саясат ұстады. Ұлы социалистік революциясы Швейцарияда жұмысшы қозғалысының өрлеуіне әсерін тигізді. Жұмысшылар ереуілі күшейді. 1921 жылы наурызда Цюрихте Швейцария Коммунистік партиясы (ШКП) құрылды. ШКП жұмысшы табының саяси, экономикалық және әлеуметтік талаптарын орындау жолындағы күрескебасшылық жасады. Партия Советтік Россиямен сауда және дипломатиялық қатынастар орнатып, оны тануды талап етті.

1921 жылы Швейцария соғыстан кейінгі әкономикалық дағдарысқа ұшырады. Сонымен бірге 1929-1933 жылдардағы дүние жузілік экономикалық дағдарыс Швейцария шаруашылығына ауыр соққы болып тиді. Швейцарияда осы уақыт ішінде көптеген өнеркәсіп орындары жабылып, жұмысшыларды жұмыстан босату жаппай сипат алды. Цюрихтіқ, Базельдің, Женеваның т. б. қалалардың бірсыпыра өнеркәсіп орындарында жалақыны көбейту, өнеркәсіп иелерінің озбырлықтарына тыйым салу талабымен стачкалар өтті. 1936 жылдың орта шенінен бастап (1939 жылды қоса) Швейцария экономикасы өрлеу жолына түсіп, негізінен алғанда Германия мен Италияның әскери заказдарын орындап отырды. Соғыстың алдындағы жылдары Швейцарияда фашистік ұйымдар жандана түсті. Фашистік төңкеріс жасау қаупі күшейген жағдайда солшыл социал-демократтар мен коммунистер бірігіп, фашистерге тойтарыс берді.

2-дүние жүзілік соғыс басталғанға дейін (1939 жылы 31 тамыз) Швейцария өзінің бейтараптығын сақтайтындығын мәлімдеді. 1940 жылы 27 қарашада Швейцария үкіметі ШКП-ге тыйым салды, жергілікті басқару органдарынан депутат-коммунистерді қуды. Швейцария неше түрлі делдалдық операциялардан байи түсті. Фашистік Германия Швейцарияның делдал-фирмаларын («Зульцер», «Бюрле» т.б.) стратегиялық шикізат пен жабдықтар алу үшін пайдаланды. Соғыс кезінде Швейцария жерінде Германияның, Италияның, сондай-ақ АҚШ пен Англияның барлаушылары орналасты. 1945 жылдан 1973 жылға дейін жалпы ұлттық өнім 5 еседей өсті; өнеркәсіп орындарының саны шамамен 1,3 есе, олардағы жұмысшылар - 1,7 есе көбейді. Швейцария шетелге капиталды көптеп шығаратын болды. Сыртқы саудасы ұлғая түсті. Монополиялардың пайдасы еселеп артты. Еңбекшілердің қаналуы күшейді.

Швейцария Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) кірмеді, елдің билеуші топтары Швейцарияның дәстүрлі бейтараптығы БҰҰ-ның Уставына сәйкес келмейді деп есептейді. Солай бола тұрса да ол БҰҰ-ның бірқатар арнаулы ұйымдарының: экономикалық және әлеуметтік советтерінің, халықаралық еңбек ұйымының, ЮНЕСКО-ның т.б. мүшесі. Швейцарияда маңызды халықаралық кеңестер мен конференциялар өтіп тұрады.

Швейцарияның кәсіпкер топтары СССР-мен экономикалық қатынастарды дамытуға ынта қоя бастады. Екі ел арасында әуе және темір жол қатынасы орнаған.

Экономикасы. Швейцария - жоғары дәрежеде дамыған индустриялы капиталистік ел.

Капиталистік дүниедегі маңызды финанс орталықтары осында. Экономика салаларында шетел капиталының (әсіресе американдық, батыс германдық, француздық) ықпалы басым. Экономикасында шетелдік туризмнің маңызы күшті. 1975 жылы 6,2 млн. туристер болды.

Өнеркәсібі - көп салалы. Жетекші саласы - машина жасау; сағат, мата тоқу станоктары, кеме двигательдері, электр моторлар, генераторлар, газ турбиналары, приборлар, электровоздар шығарылады. 1975 жылы елде млрд. квт-сағ электр энергиясы өндірілді. 65,8 млн. дана сағаттық механизмдер (бұл капиталистік елдердің осы саладағы өнімінің жартысынан астамы) т. б. шығарылды. 1975 жылы алдыңғы жылға қарағанда Швейцария өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12%-ке кеміді; әсіресе Швейцарияның ежелгі экономика салалары - сағат өнеркәсібінің өнімі 19%-ке, металл өңдеу 22%-ке, химия және мата тоқу өнімі 15-16%-ке қысқарды. Осыған байланысты елдегі еңбекке жарамды адамдар арасындағы жұмыссыздар саны 26 мыңға жетті, 137 мың адам қысқартылған жұмыс күніне көшірілді, 100 мыңнан астам шетелдік жұмысшылар Швейцариядан кетуге мәжбүр болды. Швейцария өнеркәсібінде АЭС-тердің маңызы күшеюде. Нидерланды - Италия газ құбырының Швейцария жерінен өтуіне байланысты елде газ өңдеу және газды энергетикалық отын ретінде пайдалану күрт өсуде. Ірі өнеркәсіп орталықтары - Цюрих, Базель, Берн.

Ауыл шаруашылығы. 1975 жылы Швейцарияның жалпы ұлттық өнімінің 6%-і ауыл шаруашылығында өндірілді. Ауыл шаруашылығы негізінен сүтті-етті мүйізді ірі қара өсіруге маманданған. Басты ауыл шаруашылық өнімі - сүт, сыр, сары май, ет. 1975 жылы 1,95 млн. мүйізді ірі қара, оның ішінде 0,89 млн. сауын сиыр болды. Барлық территориясының 10%-і өңделеді; бұның 50%-іне дәнді дақылдар егіледі (бидай, қара бидай, сұлы, арпа). Бақша және жүзім шаруашылығы дамыған. Ауыл шаруашылық салалары жоғары дәрежеде механикаландырылған.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 5070 км, автомобиль жолы 18 мың км. 1975 жылғы темір жолының жүк айналымы 34,5 млн., Рейн өзендегі жүк айналымы 8,2 млн. т болды. Сыртқы саудасында шетел порттарын пайдаланады, 1975 жылғы сауда флоты 26 кемеден құралды. Халықаралық аэропорттары - Базель, Женева, Цюрих қалаларында. Рейн өзенде, көлдерінде кеме жүзеді.

Сыртқы саудасы. 1975 жылғы экспорты 33,4 млрд., импорты 34,3 млрд. франк болды. Шетке сағат, мата тоқу станоктары, электр моторлары, турбиналар, тігін машиналары, электр-радио және фотоаппараттар, дәрі шығарылады. Импортында минерал тыңайтқыштар, автомобиль, мата, қара және түсті металдар үлесі басым. Сыртқы саудадағы басты серіктестері: Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, АҚШ. Экспортының 8,3% және импортының 3,1% социалистік елдер үлесіне тиеді. Ақша өлшемі - швейцар франкісі.

Денсаулық сақтау ісі. 1972 жылы мәлітік (1 мың адамға 2 төсек) 430 аурухана болды, оның 43 мың төсегі мемлекеттік медицина мекемелерінде. Ауруханадан тыс медициналық көмекті негізінен жеке меншік иесі дәрігерлер, кейбір ауруханалардың клиникалық бөлімдері көрсетеді. Елде 9,2 мың дәрігер, 17 мыңға жуық орта дәрежелі медицина қызметкерлер жұмыс істейді. Дәрігерлерді университеттің 5 медицина факультетінде, орта білімді медицина қызметкерлерді 5 мектепте даярлайды. Денсаулық сақтау ісіне 1971 жылы 15,5 млн. швейцар франкі жұмсалды.

Оқу-ағарту ісі. Халық ағарту саласының бірыңғай жүйесі жоқ. Франция, Австрия және Италияға ұқсас, әрбір кантонның өзіне тән заңы және басқару тәртібі бар. Барлық кантонда 6-7 жастан     15-16 жасқа дейінгі балаларды қамтитын міндетті оқу жүзеге асырылған. 3-4-тен 6 жасқа дейінгі балалар бақшаға барады. Кантон қабылдаған оқу жүйесі бойынша, міндетті бастауыш білім алу 7 және 9 жылдық 2 басқыштан (3-4, 4-4 немесе 4-5) тұрады. Бірінші басқышта оқушыларға жалпы білім беріледі. Ал, бастауыш мектептің жоғары кластарында оқушыларға жалпы біліммен қатар, төменгі кәсіптік-техникалық мектептерге, қолөнер училищелеріне түсу үшін және ауыл шаруашылығында жұмыс істеу үшін арнаулы кәсіптік білім беріледі. 1972-1973 оқу жылында мемлекеттік бастауыш мектептерде 526,1 мыңнан астам, әр түрлі типті төменгі кәсіптік-техникалық мектептерде 149,7 мыңнан астам бала оқыды. Орта мектеп екі категорияда - жалпы және арнаулы білім береді. Сондай-ақ, ол екі сатыға - кіші және орта мектеп болып бөлінеді. Жалпы білім беретін кіші саты - 4 жылдық прогимназия. Бұған бастауыш мектептің 4 класын бітірген және ана тілінен (неміс, француз, немесе итальян) және математикадан түсу емтиханын ұстағандар қабылданады. Улкен 4-5 жылдық гимназия үш бөлімнен тұрады: классикалық, қазіргі тілдер және жаратылыс тану, математика бөлімі. Екі жылдық орта арнаулы мектептің кіші сатысы шаруашылықтың әр түрлі саласына жұмысшылар даярлайды. 4-5 жылдық үлкен - орта арнаулы мектепті бітіргендер техникалық жоғары оқу орнына немесе университеттің заң және экономика факультетіне қосымша латын тілінен емтихан өткізгенде ғана қабылданады. 1972-1973 оқу жылында орта мектептің барлық түрінде: кішісінде 300,7 мыңнан астам, үлкенінде 43,3 мың оқушы болды.

Жоғары оқу орындарында оқу мерзімі 3-5 жыл, кейбір факультеттерде - 7 жыл. Жоғары білім жүйесінде 7 университет бар: Базельде (1460 жылы құрылған), Лозаннада (1537), Женевада (1559), Цюрихте (1833), Бернде (1834), Невшательде (1838), Фрибургте (1819). Цюрихте политехникалық, Санкт-Галленде сауда, Лозаннада технологиялық институт жұмыс істейді. 1974-1975 оқу жылында жоғары оқу орындарында 45 мың студент оқыды. Елде 33 ең ірі кітапхана.

Базель университетінің кітапханасы (кітап қоры 1,5 млн. дана), Берндегі ұлттық кітапхана (1,5 млн. дана). Бернде Швейцарияның тарих, көркемөнер, табиғат тарихы, Базельде этнография, тарих, Женевада өнер, тарих, Фрибургте өнер және тарих музейлері бар.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Швейцарияда 1975 жылы жалпы тиражы 2 млн. дана 127 күнделікті газет шықты. Газеттері 4 ресми тілде (неміс) 93 газет, (француз) 28 газет (итальян және ретороман) басылады. Елде мұнымен бірге 1,5 мың басқа да басылымдар бар (жалпы тиражы - 18 млн. дана). Ең ірі баспасөз органдары: «Бернер тагблатт» - күнделікті газет, - Швейцария социал-демократиялық партиясын (ШСДП) жақтайды, Бернде, неміс тілінде, 1888 жылдан шығады. «Дер бунд» («Одақ - күнделікті газет, Швейцария радикалдық-демократиялық партиясының (ШРДП) органы, Бернде, 1850 жылдан, неміс тілінде басылады. «Ди вельтвохе» («Дүние жүзі апта ішінде») - күнделікті газет Цюрихте, неміс тілінде, 1933 жылдан шығады. «Вуа увриер» («Жұмысшы үні») - күнделікті газет, Швейцария еңбек партиясының органы (ШЕП), Женевада, француз тілінде, 1945 жылдан; «Журнал де Женев» («Женева газеті») Женевада, француз тілінде, 1926 жылдан; «Националъ-цайтунг («Ұлт газеті») - Базельде неміс тілінде, 1842 жылдан; «Нойе цюрхер цайтунг» («Жаңа цюрих газеті») - Цюрихте неміс тілінде, 1780 жылдан; «Сюисс» («Швейцария») - Женевада, француз тілінде, 1898 жылдан шығады.

Ажонс Телеграфик Сюис (АТС) - Швейцарияның информациялық агенттігі, 1894 жылы құрылған. Радиохабары мен телевизия қызметін үкімет бақылайтын жеке меншік бірлестік - «Швейцария радиохабары қоғамы» жүзеге асырады.

Әдебиеті. Швейцария әдебиеті, негізінен, неміс, француз, итальян және ретороман тілдерінде дамыды. Әрбір тілдік регион (ретороман тілінен басқасы) Германия, Франция және Италиядағы әдебиеттік процестермен тығыз байланысты. Неміс тіліндегі әдебиет 16 ғасырда ерекше гүлдену дәрежесіне жетті. Оның негізгі тұлғасы гуманист, реформатор У. Цвингли (1484-1531), Г. Генгенбах (1480-1525) т. б. жазушылардың шығармалары, И.Я.Бодмер (1698-1783), И.Я.Брейтингердің (1701-1776) әдеби-сын-еңбектері Швейцарияның ағарту ісінде елеулі роль атқарды. Педагог, романист Г.Песталоцци (1746-1827) демократияшыл мүддені сипаттады. 19 ғасыр ортасына қарай Г.Келлер (1819-1890) және К.Ф.Мейер (1825-1898) шығармаларынан айқын реалистік тенденциялар көрінді. 20 ғасырдағы социалистік қозғалыспен байланысты жазушылардың ішінен Я. Бюрер (1882 ж. т.) ерекше көзге түседі. 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін М.Фриш (1911 ж.т.) және Ф.Дюрренматт (1921 ж.т.) Швейцария әдебиетіне қотамдық саяси маңызды проблематика ендірді. 40 жылдардың басында әдебиет тану ғылымында «цюрих мектебі» деп аталатын ағым пайда болды. Француз тіліндегі әдебиет (прозаиктер: П.Бюдри, 1883-1948; Р. де Траз, 1884-1951; драматургтер: П. Шаванн, 1868-1936; Р. Моракс, 1873-1963, ақындар: П.Л.Маттеи, 1893-1970; А.Шписс, 1876-1940) бірнеше ғасыр бойы жалғасып келген теологиялық алауыздықтан, дінге бейімділік рухынан тек 20 ғасыр басында ғана айыға бастады. Ол кездегі өмір құбылыстарына әлеуметтік қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарайтын реалист жазушыларға отандық әдебиетті жаңарту өнегесін көрсеткен Ш.Ф.Рамю (1878-1947) шығармалары көркемдік құнымен жоғары бағаланды. Қарсыласу жылдарында әдебиетте азаматтық әуен бәсеңдеген жоқ. Итальян тіліндегі әдебиет тек 19 ғасыр басында ғана Швейцария әдебиетінің шеңберінде өз алдына дараланып дами бастады. П. Бьянкони (1899 ж.т.), П.Сканциани (1908 ж.т.), А.Дженни (1911 ж. т.) шығармалары 20 ғасыр басындағы Швейцария әдебиетінің итальяндық классигі Ф.Кьеза (1871-1973) творчествосымен қатарласты. Ретороман тіліндегі алғашқы әдеби мұралар 16 ғасырда пайда болды. Онда фольклорлық дәстүр, ескі мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуға бейімділік басым (ақын Ф.Каматиас, 1871-1946). 1938 жылы ретороман тілі Швейцарияның төртінші ұлттық тілі болып жарияланды. Қазіргі Швейцария әдебиетінің өкілдері - А. Пеер (1921 ж. т.), А. Кафлиш (1893 ж. т.), Р. Карач (1901 ж. т.) т. б. 1912 жылы Швейцария Жазушыларының одағы құрылды. Ол 1969 жылы «Швейцария жазушыларының ассоциациясы» болып қайта құрылды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Швейцария территориясындағы көне ескерткіштері негізінен латен мәдениеті мен ежелгі рим заманына саяды. Орта ғасырдан бастап Швейцария өнері Франция, Германия және Италия өнерімен тығыз байланыста дамыды. Швейцарияда Рива Сан Влтале баптистериясы (6 ғ.), Сен Галлен монастыры (9 ғ.), Цюрихтегі роман (11 ғ.) мен Лозаннадағы готика соборы (1175-1275), Берндегі Ратуша (1406) т. б. архитектуралық құрылыстар сақталған. 12-15 ғасырда қондырғылы кескіндеме (К. Виц, 1400 жылдан 1447 жылға дейін) өркен жайды. Қайта өркендеу дәуіріндегі Швейцария өнері Базельдегі Ратуша (16 ғ.), қалалықтардың фасадты үйлері және У.Графтың (1485-1527 ж.ш.) кескіндеме мен графикалық еңбектері арқылы белгілі. 17 ғасырда барокко (Сен-Галлендегі шіркеу, 1755-1770), 18 ғасырда рококо (суретші Ж.Э.Лиотар, 1702-1789) стилі кең тарады. А. Граф (1736-1813) пен И.Г.Фюсли (1741-1825) творчествосы кескіндеме саласында рококоның классицизмге өту кезеңін айқындады. 19 ғасырдың басында классицизм (арх. М. Беррн, 1801-1854, Г. Земпер, 1803-1879, кескіндемешілер Ш.Глейр, 1806-1874) толық өріс тапты. Кескіндемеші Л.Робер (1794-1835), А.Калам (1810-64) творчествосы романтикалық бағытта болды. 19 ғасырдың ортасынан архитектурада эклектика өріс алды. Жанрлық кескіндеме (Ф. Бухсер, 1828-1890) дамыды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында кескіндемеші А. Бёклин (1827-1901) мен монументші-суретші Ф. Ходлер (1853-1918) картинасынан символизм көрініс берді. Импрессионистік және экспрессионистік кескіндеме (Г.Брюльман, 1878-1911, А.Джакометти, 1877-1947), графика (Ф. Валлоттон, 1865-1925), мүсін өнері (Р. Нидёрхёйзерн, 1868-1913) етек алды. 1930-1950 жылдары абстракті өнер мүсінші С.Тейбер-Арп (1889-1943), кескіндемеші П.Клес (1879-1940) творчествосынан бой көрсетті. 20 ғасырдың басынан ескі сәулет өнері ырғағын жаңа архитектуралық конструкциямен (арх. К.Мозер, 1860-1936) ұштастыру қолға алынды. 1920 жылдардан бастап функционализм әдістері (арх.О.Р.Зальвисберг, 1882-1940) қолданыла бастады. Ш. Э. Корбюзье (1887-1965) Швейцарияда туды. 50 жылдардан тұрғын үйлер салуда еркін жобамен көгалдандыру кеңінен қолданылуда. Швейцарияда халық творчествосының әсемдік жазба, ағаш ұқсату, көзешілік секілді түрлері ежелден дамыған.

Музыкасы. Швейцария музыкасы әр түрлі ұлттық дәстүрлерді бойына сіңірді. 13-16 ғасырда тарихи қаһармандық тақырыптағы антифеодалдық халық өндері қалыптасты. Альпатаулықтардың тол музыкалық жанры - йодль мен альпа мүйізімен орындалатын бақташы әуендері сақталып қалды. Швейцарияның орта ғасырдағы профессионалды музыкалық өнері (13-14 ғ.) шіркеу музыкасымен (полифониялық шіркеу вокальды шығармаларын П. Зенфль, Л.Буржуа, Г.Майер т.б. жазды) сабақтас болды. 12-13 ғасырда зиялылар музыкалық мәдениетін миннезингерлер таратты. Швейцарияның белді музыкалық теоретиктері: Ноткер-Заика (10 ғ.), Тутило, Глареан (16 ғ.). 17 ғасырда «Коллегиум музикум» (музыканттар мен музыкалық әуесқойлар бірлестігі) ұйымдаса бастады. 18 ғасырда сахна музыкасы (зингшпиль) мен аспаптық музыка (М. фон Шауензее, X.Альбикастро-Вайссенбург, И.К.Бахофен, И.X.Эгли) дамыды. 19 ғасырдың 20 жылдары Ф. Шнидер фон Вартензее, X. Гец, кейіннен Р. Вагнер, 19 ғасырдың аяғынан X.X.Хубер, О.Шёк (мұнымен қатар симфониялық және басқа да музыкалық шығармалардың авторлары) опералары қойылды. 19-20 ғасырлардың басында И.Г.Песталоццидің педагогикалық идеялары әсерімен музыка орындары ашылды. Ф. Хегер мен жүйелі тәрбиелеу жүйесін енгізген Э.Жак Далькроз Швейцарияның белгілі педагог-композиторлары: Э. Блох (кейіннен АҚШ-та тұрған), дирижер Э.Ансерме. 20-30 жылдардағы Швейцария музыканттарының бертінгі неміс романтик композиторлары мен француз импрессионнстерінің дәстүрін ұштастыру бағыт-бағдары Ф.Мартен творчествосынан айрықша көрініс берді. Басқа композиторлары: В.Буркхард, П.Мюллер-Цюрих, К.Бек, А.Р.Марескотти. Музыкалық зерттеушілері: М.Люсси, К.Неф, Р.А.Моозер, Ж.Хандшин. 40 жылдардың ортасынан В.Фогель, кейіннен Р.Либерман, X.Зутермейстер сериялы әдісті қолдана бастады. 50 жылдардағы композиторлары: А.Шиблер, Ж.Вильдбергер, К.Хубер, Р.Кельтерборн. 70 жылдары композиторлар X.Холлигер, Ю.Виттенбах, У.П.Шнайдер, Р.Мозер т.б. музыкада жаңаша бейнелеу әдісін табу ізденістерімен көрініп жүр. Швейцарияның барлық қалаларында музыкалық өмірінің гүлденуі Европа елдерінің көрнекті композиторларының (Ф. Бузони, С. В. Рахманинов, И. Ф. Стравинский, Р. Штраус, П. Хиндемит, Б. Мартину, Э. Петри т. б.) Швейцарияға қоныс тебуіне (2-дүние жүзілік соғыс кезіндегі нейтралитет сақтауына) байланысты болды. Швейцарияда көптеген халықаралық музыкалық ұйымдар жұмыс істейді, музыкалық фестивальдар, конкурстар өткізіліп тұрады. Симфониялық және камералық оркестрлері, ансамбльдері танымал. Музыкалық орындаушылары: дирижерлер - Э.Аппья, Н. Эшбахер; пианистер - Э.Фишер, Н.Магалов, әншілер - X.Ю.Рефус, Э.Матис т.б. Базель музыкалық академиясы, Цюрихте Жоғары музыкалық мектебі, Женева мен Лозаннада консерваториялар, университеттер жанында музыкалық факультеттер, қала және шіркеу музыкалық мектептері жұмыс істейді.

Театры. Театр өнері француз, неміс, итальян тілдерінде біркелкі дамыды. Қазіргі Швейцария театрында сақталған халық театрының дәстүрі (мистерия т. б.) орта ғасыр дәуіріне саяды, 16 ғасырда Реформация кезеңінен халық қозғалысы идеясын көтеріп келген халықтық драма басты жанрға айналды. Алғашқы профессионалды труппалар 19 ғасырда Санкт-Галленде, кейіннен басқа қалаларда пайда болды. Негізінен неміс пен француз авторларының пьесалары қойылды. 20 ғасырдың 30 жылдарының соңына дейін шетел труппаларының гастрольдері Швейцария театрының дамуына кедергі жасап келді. 40 жылдардан Швейцария театрлары (әсіресе неміс тіліндегі театрлар) өркендей бастады. Соғыстан кейін драматургтар М. Фриш пен Ф. Дюрренмат творчествосы театр өмірін жандандыра түсті. Цюрихтегі «Шаушпильхауз» бен «Театр на Ноймаркте» театрлары басты роль атқарды. Сондай-ақ профессионалды труппалар Базельда, Санкт-Галленде, Люцернде, Курда, Бильде, Золотурнде бар. Француз тілдес кантондарда Лозанна Драма орталығы, Каружа театры, Ла-Шо-де-фон халық театры, Женевада Комедия театры мен «Нуво театр де пош» (Жаңа миниатюра театры) жұмыс істейді.

Киносы. «Конфедерацияның шығу төркіні» атты алғашкы фильмді 1924 жылы Э.Хардер түсірді. 60 жылдарға дейін Швейцария киносы негізінен герман тілдес болып келді. Кино өнімдері негізінен салондық мелодрама, ұсақ-түйекке құрылған комедия, жарнамалық фильм түрінде жасалды. Осы кезеңдегі «Випф мерген» (1938) мен «Ақырғы үміт» (1945, 1946 жылы Каннда өткен Халықаралық кинофестивальда жүлде алды) атты таңдаулы кинолентаның реж. Л. Линдтберг болды. Реж. К.Шампьон, Ф.Рёссер, Ж.Сандос, И.Ерсен 4 новеллаға құрылған француз тіліндегі алғашқы «Төрт әйел» атты фильмді түсіру арқылы Швейцария киносының өзіндік бетбағдарын айқындады. 1968 жылы А.Таннер, К.Горетта, Ж.-Л. Руа, М.Суттер және Ж.-Ж. Лагранж (кейіннен оны Ерсен алмастырды) «Бестік топ» құрып, өз фильмдерінде қарапайым халық өмірін, тұрмыс ауыртпалығын бейнелей бастады («Саламандра», 1971, «Африкадан оралу», 1973, «Өмір ортасы», 1975, үшеуінің де реж. Таннер; «Шақыру», 1972, «Ойлағандай соншалық ауыр емес», 1976, екеуінің де реж. Горетта). 70 жылдардағы герман тілдес кино режиссерлері Р. Лисси, Т. Кёрфер, Д. Шмид. Швейцарияда жылына 16-18 көркем фильм шығарылады. Цюрихте «Швейцария киноорталығы», Лозаннада «Синематека» (1948), «Драмалық өнер академиясы» жанында кинематография кафедрасы жұмыс істейді.

Әдеб.: Драгунов Г.П. Швейцария. -М., 1968; Чистозвонов А. Очерки по истории Швейцарии XIII-ХҮІ веков, «Исторический журнал», 1941, № 5; Сабельников Л. В. Швейцария. Экономика и внешняя торговля -М., 1962; Ван-Мюйден. История швейцарского народа. пер. с франц., т. 1-3, СПБ, 1898-1992. Литература Швейцарии, Очерки, М., 1969.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-12-26 16:58:49     Қаралды-8296

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »