UF

АВСТРИЯ (Österreich) – Орталық Европадағы мемлекет. Жері 83,8 мың км2. Халқы 8,9 млн. (2019). Астанасы - Вена қаласы.

Мемлекеттік құрылысы. Австрия - 9 өлкеден құралған федерациялы республика. Қазіргі конституциясы 1920 жылы қабылданған (1929 жылы біраз өзгертулер енгізілді). Заң шығаратын өкіметтің жоғарғы органы - екі палаталы парламент. Мемлекеттік басшысы - президент парламент арқылы 6 жылға сайланады. Парламенттің Ұлттық советі мен Федералдық советі президенттің антын қабылдау және соғыс жариялау туралы мәселені шешу үшін біріккен жиналыс өткізеді. Жергілікті өрбір аймақтың өз конституциясы, парламенті (ландтаг) бар. Сот жүйесіне Жоғарғы сот басшылық етеді. Соттың төменгі инстанциясы - округтық сот. Жергілікті үкіметтен парламентке дейін сайлау жүйесі қолданылады.

Табиғаты. Австрия - таулы ел. Жерінің көбін Шығыс Альпі алып жатыр. Ең биік жері - Биік Тауэрн жотасындағы Гросглокнер (3797 м). Альпінің бірқатар шыңдарын мұздық басқан. Елдің шығысында Орта Дунай жазығы жатыр. Пайдалы қазбалары: қоңыр көмір, мұнай мен газ, темір рудасы, магнезит, графит, қорғасын, мырыш, мыс, ас тұзы. Климаты қоңыржай, шығысында біраз континенттік болып келеді. Қаңтардың орта температурасы - 1-ден - 4°С-қа, шілдеде 15-ден 18°С-қа дейін. Дунай аңғарында жауын-шашынның жылдық мөлшері  500-900 мм, Альпі тауларында 1500-2000 мм. Кеме жүзетін үлкен өзені - Дұнай. Оның басты салалары - Инн, Драва, Морава, Энс гидроәнергия қорына бай. Австрия жерінің 38%-і орман, ол негізінен тау беткейлерінде. Олардың жоғарғы белдеуінде шырша, қарағай, май қарағай, шамшат, емен өседі.

Халқы. Халқының 95%-і австриялықтар. Басқа ұлттардан словендер (70 мың), хорваттар (50 мың), венгерлер (30 мың) тұрады. Еңбек етуші халықтың саны 4,3 млн. (1966). Оның 40%-і өнеркәсіпте, 20%-і ауыл шаруашылығында, 16%-і сауда мен транспортта. Мемлекеттік тіл - неміс тілі. Дін ұстаушылардың саны 2,5 млн. Олардың 90%-тен астамы католиктер. Халқының тығыздығы: Дунай өңірінде 1 км2-ге 150-200, таулы аймақтарда 15-30 адамнан келеді. Халқының 65%-і қалада тұрады. 100 мыңнан астам халқы бар ірі қалалары: Грац, Линц, Зальцбург.

Тарихы. Б. з. б. 1 ғасырға дейін Австрияда рулық қарым-қатынас ыдырап, таптық қоғам қалыптаса бастады. Біздің заманымыздың 5 ғасырына дейін Австрия жері құл иеленуші Рпм мемлекетінің құрамында болды. 6-8 ғасырда бұл араны герман (бавар), славян (словен) тайпалары мекендеді. 803 ж. ш. Ұлы Карл осы жерлерде Авар маркасын және басқа шекаралың бекініс окруттарын ұйымдастырды. 10 ғасырда Австрия жерін венгерлер жаулап алды. 955 жылы олар кейін ығыстырылып, Авардың орнына Шығыс маркасы (999 жылдан Озіагісһі деп аталған) құрылды. 1156 жылдан бастап Австрия «Қасиетті Рим империясы» құрамындағы феодалдық герцогтыққа айналды. 13 ғасырдың аяқ кезінен Австрияға Габсбург әулеті билік етті. Осыдан былай Австрия жері ұлғая берді. Габсбург әулеті «Қасиетті Рим империясынан» кейін (16 ғ.) Чехияны, Силезияны, Батыс Венгрияны, оңтүстік славяндардың біраз жерін қосып алды. 16-19 ғасырларда Австрияда шаруалардың ірі көтерілістері болды. 17 ғасырдан бастап Австрия реформацияға қарсы қозғалыстың тірегі болды. Көп ұлтты Австрия монархиясы түріктерге қарсы күресте қалыптасты. 18 ғасырда Габсбургтер Бельгияны, Италияны және поляк, батыс украин жерлерінің бір бөлігін өзіне қаратты. Мұнда феодалдық абсолюттік езгі өте күшейді. 17-18 ғасырда Австрия монархиясы Европада болған ірі-ірі соғыстарға қатысты. Көбінесе Түркиямен, Франциямен, ал 18 ғасырдың орта кезінде Пруссиямен жауласты. Талай жеңіліске де ұшырады. 1805 жылы Наполеон жеңілгеннен кейін құрылған реакцияшыл Қасиетті одақта Австрия үлкен роль атқарды.

Капиталистік қатынастардың дамуына сәйкес күшейе түскен таптық және ұлттық қайшылықтар абсолюттік Австрия мемлекетін ішінен ыдырата берді. Әсіресе 1848-1849 жылдар революциялық кезінде бұл қайшылықтар айқын көрінді.

1859 жылы Италия мен Францияға қарсы соғыста Австрия Ломбардиядан айрылды. 1866 жылы Пруссияга қарсы соғыста жеңілгеннен кейін (Австрия-Пруссия соғысы) көп ұлтты Австрия мемлекетінде дағдарыс асқына түсті. Австрияның үстем таптары Венгрия помещиктерімен ымыраласып, Австрия-Венгрия монархиясын құрды (1867). 1879 жылы Австрия-Венгрия Германиямен бірлесіп, Россия мен Францияға қарсы одақ құрды. 19 ғасырдың 2-жартысында Австрияда жұмысшы қозғалысы өріс ала бастады. 1868 жылы Австрия с.-д. партиясы құрылды. Партия басшылығы оппортунистердің қолында болды. Олар марксизмге жат австромарксизм теориясын ұсынды. Империализм тұсында көп ұлтты Австрия-Венгрия мемлекетінде ұлт мәселесі барған сайьш шиеленісе түсті. Россияда 1905-1907 жылдар болған революцияның ықпалымен елде ұлт-азаттық қозғалысы күшейді. 1-дүние жүзілік соғыста (1914-1918) Австрия-Венгрия Германияның басты одақтасы болды. Австрия-Венгрияның бұл соғыста жеңілуі және елде революция ұлт-азаттық қозғалыстың күшейе түсуі нәтижесінде 1918 жылдың күзінде Австрия-Венгрия монархиясы құлады. Оның орнына Австрия, Венгрия, Чехословакия буржуазия мемлекеттері құрылды.

1918 жылы қарашада Австрияда революция басталды. Өнеркәсіптік орталықтарында жұмысшылардың революциялық күресі кең өріс алды. Елдің көптеген жерлерінде жұмысшылар мен солдат депутаттарының Советтері ұйымдасты. Олар өндіріс пен жабдықтау орындарында бақылау орнатты. Пролетариат пен солдаттардың қысымымен Уақытша ұлттық жиналыс 1918 жылы 12 қарашада Австрияны республика деп жариялады. С.-д.К.Реннер бастаған коалициялық үкімет құрылды, ол 1920 жылдың қазанға дейін өмір сүрді. С.-д. басшылар жұмысшы табына тұсау салып, Австрияны Германияға қосу бағытын ұстады, буржуазиялық мемлекеттік аппаратын қорғады. Австрия республикасының алғашқы он жылы шиеленіскен тап күресі жағдайында өтті. 1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс Австрияға ауыр зардабын тигізді. Реакцияшыл буржуазия осы тұйықтан шығу үшін мемлекеттік құрылысты фашистендіре бастады. 1934 жылы фашистер бүлік шығарды. 1936 жылдан бастап Австрия үкіметі гитлерлік Германия саясатына біржола бет бұрды. 1938 жылы мартта Гитлер әскерлері Австрияға басып кірді. Англияның, Францияның және АҚШ-тың фашистік агрессияны іштей қолдауын пайдаланып, гитлершілер Австрияны Германияға қосып алды. Австрияның «аншлюске» қосылуына жалғыз-ақ Совет Одағы қарсы шықты. Фашистер үстемдік еткен 7 жыл Австрия тарихындағы ең қаралы кезең болды. Ондаған мың адам фашистердің құрбандығына шалынды. Халық пен ұлттық мәдениет құрып кете жаздады.

1943 жылы Москвада Совет Одағы, АҚШ, Англия сыртқы істер министрлерінің Кеңесі болды. Кеңесте Австрия туралы декларация қабылданды. Онда «аншлюсс» заңсыз деп танылды. 1945 жылы наурызда совет әскерлері Австрия шекарасынан өтіп, 13 сәуірде Венаны азат етті. Австрияның тәуелсіздігіне жол ашылды, Австрия республикасы құрылды. Бірақ Батыс елдерінің кесірінен бірнеше жыл бойы Австриямен мемлекеттік келісім жасалмады. 1955 жылы сәуірде Совет Одағының бастауымен совет-австрия келіссөздері жүргізілді. 1955 жылы 15 мамырда Венада Совет Одағы, АҚШ, Англия, Франция, Австрия мемлекеттерінің өкілдері Австрияның тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы мемлекеттік шартқа қол қойды. Австриядан шетел әскерлері шығарылды. 1955 жылы желтоқсанда Австрия БҰҰ-ға қабылданды.

Кәсіподақтар 19 ғасырдың 60 жылдарында құрыла бастады. Австрия кәсіподақтарының бірлестігі (АКБ) 1945 жылы құрылды. Оған 1,5 млн-нан астам мүшесі бар (1968) салалық 16 кәсіподақ ұйымы кірді. Кәсіподақтарды АСП өкілдері басқарады. АКБ - Ерікті кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясына мүше. «Золидаритет» атты апталық журнал шығарады.

Шаруашылығы. Австрия - капиталистік жолмен мықтап дамыған индустриялы-аграрлы ел. Өнеркәсіа өнімін өндіруден капиталистік елдер арасында 12-орында. 1946-1947 жылдар неміс концерндеріне қарасты кейбір ірі өндіріс орындары национализацияланып, мемлекеттік сектор құрылды. Бірақ национализацияның капитализм негізін өзгертерлік әсері болған жоқ. Австрия экономикасында АҚШ, Англия Капиталы елеулі орын алады. Соңғы кезде Батыс Германия капиталының ықпалы күшеюде. 1960-1969 жылдар салынған 1920 өнеркәсіп орнының 2/3 бөлігі Батыс Германпя монополияларының қарамағыпда. Австрияның энергетика қоры - қоңыр көмір, мұнай және гидроэнергия. 1967 жылы 4,6 млн. т қоңыр көмір, 2,7 млн. т мұнай, 2,1 млн. т шойын, 3 млн. т болат, 1,8 млрд. м3 табиғи газ, 24 млрд. квт * сат электр қуаты 3,5 млн. т темір, 1,5 млн. т магнезит, 143,6 мың т мыс, 190,3 мың т қорғасын-мырыш рудалары өндірілді. Тас көмір шеттен алынады. Қара металлургия Доновиц, Цапфенберг, Линц қалаларында дамыған. Рансхофенде алюминий шығарылады. Машина жасау өнеркәсібінің ішінде негізінен станоктар, транспорттық машиналар, электротехникалық бұйымдар жасау өркендеген (Вена, Грац, Линц, Штейр). Химиялық өнеркәсібі (азот тыңайтқышы, кукірт қышқылы, жасанды талшық, резина шығару) Линц, Винер-Нейштадт, Санкт-Пёльтен, Вена қалаларында. Ағаш өңдеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі орманды Штирия, Жоғары Австрия провинцияларында дамыған және өнімдері шетке шығарылады. Тоқыма өнеркәсібі (шикізат шеттен әкелінеді) Вена мен оның төңірегінде, Форарльберг қаласында дамыған.

Австрия территориясының 47%-і ауыл шаруашылық жері, 40%-і орман, 13%-і жарамсыз жер. Ауыл шаруашылық жерінің (3,9 млн. га) 40%-і егіндік, 38%-і шалғын мен жайылым, 22%-і альпілік шалғын (1966). Ауыл шаруашылығының негізгі саласы мал шаруашылығы, ол барлық ауыл шаруашылық өнім құнының 60%-тен астамын береді. 1967 жылы 2,5 млн. ірі қара (оның ішінде 1,1 млн. сауын сиыр), 2,9 млн. шошқа, 66 мың жылқы болды. 1966 жылы 3259 мың т сүт, 45 мың т май, 49 мың т сыр, 435 мың т ет өндірілді. Негізгі дақылдары (1966): бидай (314 мың га), қара бидай (144 мың га), арпа (230 мың га), сұлы (126 мың га), картоп (137 мың га), қант қызылшасы (47 мың га). Егіншілікпен қатар бау-бақша, жүзім шаруашылығы өркендеген.

Транспорты. Жалпы жүк айналымында (16,3 млрд. т-км, 1965) темір жылы транспортының маңызы зор, оның жалпы ұзындығы 7,2 мың км (2,4 мыңы электрленген, 1967). Тас және қара жолдардың ұзындығы 31 мың км, оның 9,2 мың км тас жолдар. Елдің автопаркінде 1966 жылы 790 мың жеңіл, 600 мың жүк машинасы мен автобус болды. Ішкі су жолы 1733 км. Негізінен Дунайда ғана кеме жүзеді. 1966 жылы әуе жолымен 1,2 млн. жолаушы тасылды.

Австрияның ұлттық өнімінің 20%-і сыртқы сауданың үлесіне тиеді. 1967 жылы экспорттың жалпы құны 47 млрд., импорт 60 млрд. шиллинг болды. Экспорттың 80,3%-і, пмпорттың 71%-і өнеркәсіп товарлары мен шала фабрикаттар, импорттың қалған 29%-і шикізат, отын және азық-түлік. Сыртқы саудадағы негізгі серіктестері - Европаның капиталистік елдері (ГФР, Италия, Швейцария) және АҚШ. Социалистік елдермен (СССР, ЧССР, Польша, Венгрия) достық қарым-қатынас даму үстінде. Ақшасы - шиллинг.

Денсаулық сақтау ісі. Денсаулықсақтау ісін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басқарады. 1968 жылы Австрияда 68,7 мың кісілік 319 аурухана (1000 адамға 9,3 орын), 11,8 мың дәрігер (622 адамға 1 дәрігер) болды. Бұлардың 248-і мемлекеттік мекемелерде істейді, қалғандары науқастарды өз үйлерінде қабылдайды, немесе әркімнің үйіне барып емдейді. Дәрігерге еңбек ақы емделген науқастардың есебінен немесе әлеуметтік қамсыздандыру қаржысынан төлеңеді. Бұдан басқа 3,5 мың тіс дәрігері мен техниктері, 2 мың фармацевт, 1,4 мың акушер, 12,6 мың медсестра бар. Вена, Грац және Йнсбруктегі университеттерде дәрігерлер мен фармацевтер дайындайтын бар.

Оқу-ағарту ісі. Халық ағарту ісін жалпы басқаруды Федералдық халық ағарту министрлігі жүзеге асырады. Әр жерде кәсіптік және жалпы орта мектептер советтері бар. Мектеп туралы заңның (1962) өзгеруіне байланысты, 1966 жылдан бастап 9 жылдық жаппай міндетті оқу жүйеге енгізілді, бірақ ол 1969 жылдың жазында өз күшін жойды. Көпшілік оқу орны мемлекет қарамағында. Барлық мектепте дін оқытылады. Оқу жүйесінің бастапқы сатысы - балалар бақшасы (3-6 жас). Балалар 6 жастан бастап 4 жылдық бастауыш мектепте, одан кейін халық мектебінде (8 жыл), басты мектепте, гимназияда оқиды. Басты және халық мектебіне оқытушыларды 2 жылдық педагогикалық академия дайындайды. Австрияда 4 университет бар, ең ірі жоғары оқу орындары - жоғарғы техникалық мектептер. Ең ірі кітапханалар - Венаның Ұлттық кітапханасы, Грац, Инсбрук университеттерінің кітапханалары. Венада Австрия галереясы, тарих-өнер және табиғат тарихы музейлері бар.

Ғылымы мен ғылыми мекемелері. Австрия Ғылыми Академия (1847 жылы құрылған) жанында ғылымның әр түрлі саласы бойынша комиссиялар бар. Сол сияқты университеттер мен жоғары техникалық мектептер (Вена, Грац, Зальцбург, Инсбрук қалаларында), зерттеу институттары мен лабораториялары бар жоғары оқу орындары да негізгі ғылыми орталықтар болып табылады. 19-20 ғасырларда әр саладан көптеген ғылыми қоғамдар құрылды. 19 ғасырдың 1-жартысында ірі қалаларда (Венада - 1815, Грацта - 1827, Леобенде - 1840) жоғары техникалық мектептер ашылды. 20 ғасырдың басында ғылым бірнеше сала болып дамыды. Математикадағы интеграл теориясы жөнінде И. Радонның тапқан жаңалығы ғылымнан ерекше орын алды. В. Гесе космос сәулесін ашқаны үшін Нобель сыйлығын алды (1936). Г. Пирке ядролық реакторларды жасау туралы алғашқы ұсыныс айтқандардың бірі болды. Австрия философиясы неміс философиясымен қоян-қолтық дамыды. 19 ғасырдың аяғында Австрияда марксизм тарай бастады. 20 ғасырдың басында Австрия с.-д. партиясында австромарксизм қалыптасты; оның теоретиктері (К. Реннер, О. Бауэр, М. Адлер) марксизм идеясына оңшыл оппортунистік ревизия жасады. 1918 жылы Австрия Коммунистік партиясының құрылуы Австрияда марксизм-ленинизм идеяларын дамыту мен насихаттаудың басы болды. 19 ғасырдың 80 жылдары буржуазиялық саяси экономияда К. Менгер негізін қалаған Вена немесе Австрия мектебі деп аталатын субъективті-психологиялық бағыт пайда болды. Гуманистік тарихнаманың ең көрнекті өкілі И. Куспиниан болды. 19 ғасырдың 1-жартысында шығысты зерттеуші И.Хаммер-Пургшталь (Австрия ГА тұңғыш президенті), ГА жанындағы Тарих комиссиясының басшысы И. Хмель ірі тарихшылар саналды. Австрия тарихшылары тарихи қоғамдар одағына бірігеді (1949 жылы құрылған).

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Австрияда 202 газет, журнал шығады (1969). Олардың ең ірілері: «Винер Цайтунг», «Фольксблатт», «Арбайтер цайтунг», «Фольксштимме», «Прессе», «Курир», «Зальцбургер нахрихтен», т.б. газеттер. Австрия информациялық баспасөз агенттігі, сондай-ақ 361 радиостанция, 116 телестанция жұмыс істейді (1968). Хабар неміс, серб-хорват, чех, венгр тілдерінде жүргізіледі.

Әдебиеті. Австрия әдебиеті неміс тілінде жазылады. Ол 11-12 ғасырларда әуелі діни әдебиет ретінде пайда болды. Тұңғыш туындыларға інжіл аңыздары арқау етілді. 12-13 гасырлардың шамасында «Нибелунгтер туралқі жыр», «Нибелунгтерді жоқтау», «Дитрих Бернский» сияқты батырлық дастандар туа бастады. Сулулықты, махаббатты, әйелді мадақтайтын серілік жырлары, романдар пайда болды (Ульрих фон Лихтенштейн, 1200-1275). «Деревня жырлары» деген атпен шаруа тұрмысы да әдебиет назарына ілінді. Сарай маңындағы талас-тартыс тарихи хрониканың тууына түрткі болды. 14 ғасырда ел мәдениеті біраз өсіп, театр, университет ашылды.

Австрия әдебиетінде Қайта өркендеу дәуірі басталады. Ғұлама гуманистер ежелгі дүние жазушыларын зерттеп, солардың пьесаларын қоя бастайды.

Шмельцль (1500-1559), К. фон Шалленберг (1561-1597) сияқты жазушылар шығады. 17 ғасырда діннің, католик шіркеуінің ықпалы қатты сезіледі, діни сюжетке құрылған шығармалар көбейді. Бірақ 18 ғасырда Австрияда ағарту идеясы етек алады. Журналистер И. Рихтер (1749-1813), И. Пецль (1756-1823), ақын А. Блумауэр (1755-1798) сықақ өлеңдер, драмалар, романдар жазып, өз дәуірінің әдет-ғұрпын сынайды.

19 ғасырдың 1-жартысында Австрия әдебиетінде романтизм ағымы кең құлаш жайды. Бұл ағымның К. Питлер (1769-1843), И.X.Цедлиц (1790-1862), И.Н.Фогль (1802-1866), Ф.Грильфарцер (1791-1872) сияқты көрнекті өкілдері болды. Бұл дәуірде абсолютизм мен полицейлік тәртіпке қарсы либералдық сын айтқан жазушылар тобы да бой көрсетті. 19 ғасырдың 2-жартысында Австрия әдебиетінде реализм ағымы бел алды. А. Штифтер (1805-1868), Ф. фон Саар (1833-1906), Л.Анценгрубер (1839-1889) творчествосы Австрия әдебиетіндегі сыншыл реализмнің жетістігіне айналады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезі буржуазиялық мәдениеттің жалпы дағдарысқа ұшыраған кезеңі болса, Австрия әдебиеті де натурализмнің және басқа субъективтік ағымдардың дертіне шалдығады. «Таза өнерді» уағыздаушылар көбейеді. Буржуазиялық шындықтың рақымсыз қаталдығы, әлемнің бір апатқа ұшырайтынын сезіп, шошыну сол кездегі Г. Тракль (1887-1915), Ф. Верфель (1890-1945), Ф. Кафка шығармаларынан айқын көрінеді. Әсіресе Кафканың сары уайымға салынған «Процесс», «Сарай» сияқты романдары күллі Австрияның және басқа елдердің декаденттік әдебиетіне қатты әсер етті.

Австрия       әдебиетінде декаденттік ағымға қарсы демократиялық бағыт та дамыды. 20 жылдарда С. Цвейгтің нәрлі таланты шешек атты. Прогресшіл әдебиет соғысқа, жаңа туып келе жатқан фашизмге қарсы үн көтерді. Бұл сарын И. Роттың (1894-1939), Р.Музильдің (1880-1942), Цвенгтің творчествосынан байқалады. Бұтін таңда Австрия әдебиеті фашистер билеген соғыс жылдарындағы халық қасіретін, қазіргі өмірді жан-жақты көрсету, ұлттық мәдениетті одан әрі өркендету қамын көбірек ойлайды. Бұған А. Лернет-Холенияның (1897 ж. т.) «20 июль», «Граф Луна» повестері, Ф.Таухердің (1909 ж.т.) «Шыққан тегің кім?» романы, А. Мурдың (1900 ж. т.) «Өзен перзенті», Имма Бодмерсгофтың (1892 ж. т.) «Урбан Ройтнердің жылқысы» деген шығармалары дәлел.

Архитектура және бейнелеу өнері. Австрия жерінде көкем өнердің көптеген ескерткіштері табылды: палеолит заманындағы «Виллендорф Шолпаны», неолит дәуіріндегі керамика, гальштат және латен мәдениетінің керамика мен қола бұйымдары, сондай-ақ Рим үстемдігі кезінен жергілікті мүсін, кескіндеу және сән өнерінің үлгілері сақталып қалған (б. з. б. 1 ғ. - б. з. 5 ғ.). 5 ғасырдың орта шенінде христиан шіркеулері пайда болды. Құрылыс негізінен ағаштан салынды. 8 ғасырдың аяқ шенінде готика архитектурасы кең жайылды. Оның ең тәуір үлгілерінің бірі - Венадағы Стефан әулие соборы (14-15 ғ.). Австрияның Қайта өркендеу дәуіріндегі архитектурасына тән қасиет:         образдың айқындығы, қарапайымдылық, мейлінше еркіндік, композицияның табиғатпен тіл табысқан сұлулығы (Шаллабург қамал-сарайы, 1572-1600 жылы қайта салынған). Австрия көркемөнері барокко заманында (17-18 ғ.) ерекше халықаралық мәнге ие болды. Барокко ескерткіштерінің бірі - Венадағы Карл Барромей шіркеуі (арх. И.Б.Фишер фон Әрлах) мен Бельведер жазғы сарайының ансамблі (арх. Л. Хильдебрандт). Сәулет мүсіндері (Г.Р.Доннер) өркен жайды, кескіндеу өнері (Ф.А.Маульберч) өрістеді. 19 ғасырдың 1-жартысында архитектурада классицизм, ал кескіндеу өнерінде лирикалы романтизм (И.А.Кохтың табиғат суреттері) басым болды. 19 ғасырдың аяқ шенінде «Вена модерні» деген лақаппен әйгілі жаңа бір ағым кең тарады. Оның ерекшелігі: сызықтары, нұсқасы мен бояу шешімі шамадан тыс сәнді, құбылмалы, әсіресе әшекей әлеміштері өте көп. 20 ғасырдың бас шеніндегі Австрия архитектурасы қарапайымдылық пен айқын шешімге (арх. А.Лоз) көшті. Бейнелеу өнері мен графикада субъективтік пен фантастика (Э.Шиле, А.Кубпн) еркін дамыды. Бұдан кейін экспрессионизм де өріс алды. 20 ғасырдың 20-30 жылдарында тұрғын үй аудандары мен жұмысшы посёлкелерін, қоғам үйлерін неғұрлым тиімді, ыңғайлы жоспарлау жөнінде ізденістер жасалды. 1945 жылдан кейін осы заманғы ағым бойынша салынған өте батыл құрылыстар жүзеге асырылды. Бейнелеу өнерінде абстракционизм мен (мүсінші Ф. Вотруба) және сюрреализммен (суретші Э.Фукс) бірге реализмнің гуманистік дәстүрлері де (О. Кокошко) сақталды.

Музыкасы. Бір дауысты және көп дауысты ән мәдениеті ежелден Австрия халық творчествосына тән нәрсе. Австрия музыкасының қалыптасуына кең байтақ Австрия монархиясының құрамына енген көптеген халықтар (венгер, чех, словак, серб, хорват, румын, украин т. б.) мәдениеті мен олардың ұлттың дәстүр-салты, фольклорлық тұрмыс жанрлары елеулі әсер етті. Европаның дәл ортасына орналасқан Австрия Германия мен Италияның профессионалдық өнерімен тікелей байланысты болды. Осының нәтижесінде тұрмыстық музыкалық комедия-зингшпиль туады; вокальдық лириканың алуан түрі кеңінен тарайды. 17 ғасырдан бастап Италияның опера, оратория және шіркеу музыкасының айтулы шеберлері (А. Чести, А. Сальери) Венада қызмет істеп, Австрия музыкасына елеулі ықпал етті. 18 ғасырдың 2-жартысында Й.Гайдн, В.Моцарт бастаған Венаның классикалық мектебі туады. К. В. Глюк Венаның опера өнерінде реформа жасайды. Вена классикалық мектебінің эстетикалық принциптері әсіресе Л.Бетховен творчествосында аса жоғары сазын табады. Вена классиктері көп халықтың музыкалық саласындағы жетістіктерін творчестволықпен одан өрі дамыта отырып, опера өнерінде жаңашылдық жасады. Симфониялық шығарманың, квартет, фортепьянолық концерттің классикалық түрлерін туғызып, көркем реалистік шеберліктің эстетикалық негізі ретінде сонаталың үлгіні одан әрі дамытады. Симфония мен әндер, камералық-ансамбльдік музыканың алуан түріп жазған Ф. Шуберт творчествосында музыкалық романтизм жан-жақты көрініс табады. Шуберт жеңіл әуенді тұрмыс-салт музыкасына үлкен назар аударған (лендлер, вальс т. б.). Жеңіл музыкалық жанры Й. Ланнер, И. Штраус (әкесі) және И.Штраус (баласы) творчествосында өзгеше сазбен жаңа бағытта дамиды (Вена биі, вальс, полька және оперетталар). 19 ғасырдың 2-жартысында симфониялық (А. Брукнер, Г. Малер) және камералық-вокальдық (Г. Вольф) жанрдың жаңғыру кезеңі басталады. Австрия музыкасында И. Брамстың орны ерекше.

20 ғасырда Австрия музыкасы идеялық және көркемдік жағынан дағдарысқа ұшырайды. Австрия Шенберг және оның А.Берг, А.Веберн сияқты шәкірттері бастаған атональды музыканың жақтаушылары - экспрессионистер тобы шығады. Австрия музыкасынан түрлі бағыт- мектептер байқалады. X. Елинек, X. Э. Апостель формалистік ағым өкілдері болса, И.Н.Давид сияқты композиторлардың творчествосы арқылы католиктік шіркеу музыкасы дамиды. Ірі суреткер композитор Й. Маркс классикалық дәстүрді одан әрі жалғастырса, А.Уль, О.Зигль, М. Рубиндердің творчествосы реалистік сазға негізделген. Австрияның Вена мен Грацтағы опера театрлары, симфониялық оркестрі, түрлі концерттік қоғамдары мен хор коллективтері (Венаның ер балалар хоры) көптен бері жұртшылық назарын аударып отыр. Қазіргі Австрияның ең ірі музыкалық орталығы - Вена қаласында музыка мен сахна өнерінің академиясы, консерватория, опера және симфониялық оркестр, камералық оркестр, «Музыка достарының қоғамы» т.б. осы сияқты оқу орындары мен коллективтері, түрлі музыкалық қоғамдар бар. Вена музыкалық конгресс пен түрлі конкурс, фестивальдар өтетін тұрақты орынға айналған. Мұндай конкурс пен фестивальдар Зальцбург, Брегенц қалаларында да өтеді. Австриядан көптеген даңқты дирижерлер мен пианистер, скрипкашылар мен виолончелистер, әншілер шықты: Э. Шух (дирижер), Ф. Гульда (пианист), М. Ерица, Л. Велич, Э. Кунц (әншілер) т.б. Австрия музыкасы Европа мен Америка елдерінің профессионалдық музыкасының дамуына елеулі әсер етті.

Театры. Орта ғасырлық Австрияда миракль мен мистерия түріндегі ойын-сауық кең өріс алды. Алғашқыда мұның өзі діни сюжетке құрылғандықтан шіркеуге жақын болса, кейін одан қашықтап, қала алаңы мен жәрмеңкелерде қарапайым халық өмірімен байланысты өткізіліп отырған. Австрия актерлері осындай халық ойынының комедиялық бас кейіпкері Гансвурст арқылы төменгі тап өкілінің мінез бейнелеген. Халық театрының осы дәстүрін өз творчествосында жалғастыра отырып, драматург әрі актер Я. Страницкий 1712 ж. Венада тұңғыш тұрақты театр ашады. 17-18 ғасырларда көп тарағандары - негізінен мектеп пен сарай театры. Австрия театр мәдениетінің орталығы Вена қаласы болды. Мұнда 1741 жылы ұйымдасқан «Бург-театр» қала тұрғындарына арнап ұлттық пьесалардан спектакльдер көрсетеді. Театр өнерінің өркендеп өсуіне көп үлес қосқан драматург актерлер Ф. Раймунд пен И. Нестрой ұлттық комедия жанрының негізін салды. Австрияның көрнекті сахна шеберлері Г.Анщютц, С. Шредер, М. Корн, К. Фихтнер, А. Зонненталь, И. Кайнц «Бургтеатр» сахнасында өнер толғаған. Австрия театры 19 ғасырдың 2-жартысында Шекспир, Шиллер трагедиясын, сондай-ақ Ибсен, Гоголь, Тургенев Л. Толстой пьесаларын қойып, профессионалдық өсу жолында айтарлықтай табысқа жетті. Бірақ 20 ғасырдың басында Австрия театры тоқырау жолына түседі. Театр көбінесе декаденттік драматургтер: Г. Бар, А. Шницлер және Г.Гофмансталь пьесаларын қоюмен шектеледі. Бұл кезеңдегі прогрестік бағытты ұстанған театр М. Рейнгардт басқаруындағы «Йозефштадттеатр» (1924-1938) болады. Фашист басқыншылығы (1938-1945) қезінде бірнеше театр жабылып, озық сахна шеберлері шетелге кетеді. Соғыстан кейін ғана театр жұмысы жолға қойылады (Венада 1946 жылы 14 театр жұмыс істеген). Демократиялық прогрестік бағытта болған «Скала» театры (1948-1956) неміс, Австрия классикасын және Брехт, Горький, Корнейчук пьесаларын қойған. Реакциялық қысым, репертуар және қаржы тапшылығы салдарынан бірнеше театр жұмысын тоқтатады. Алдыңғы қатарлы театр қайраткерлері, Шекспир, Гёте, Лессинг, Нестрой, Раймунд, Анценгрубер пьесаларын сахнаға қоюмен бірге, Австрия өнерінің реалистік дәстүрін дамыту жолында күрес жүргізуде. Көрнекті сахна шеберлері: Э. Бальзер, А. Скода, К.Дорш, Э. Лотар, А. Ротт т. б. Венада драм. «Бургтеатр», «Фолькстеатр», «Йозефштадттеатр», келлер-театрлар («көмбе театрлар»), цирк және театр тану институты (университет қарамағында) жұмыс істейді. Зальцбургте жыл сайын театр фестивалы өткізіліп тұрады.

Киносы. Австрияда 1906 жылға дейін шетел фильмі көрсетілген. 1908 жылы тұңғыш толық метражды көркемсуретті «Сатыдан-сатыға» (режиссер X. Ханус) фильмі экранға шықты. Театр режиссерлері А. Кольм мен Я. Флек «Винер кунстфильм» кинофирмасын ұйымдастырды (1912). Ол негізінен Австрия және неміс жазушыларының шығармаларын экрандау ісімен айналысты. Буржуазиялық демократиялық республика кезінде (1920-1924) Австрия кино өнері едәуір өрлеу жолында болды. Фашистік Германия Австрияны басып алғаннан кейін (1938) кино өндірісі тоқырау жолына түседі. Көптеген кино қайраткерлері шетелге кетуге мәжбүр болады. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін ғана Австрияда фильмдер қайта шығарыла бастады. Соңғы кезде Австрия студиялары көбінесе музыкалық кинокомедиялар мен картиналар шығарумен, опералар мен оперетталарды экрандаумен, көрнекті ғылым, өнер қайраткерлерінің өмірін көрсететін фильмдер қоюмен шұғылданады. Қазіргі Австрия кино өнерінде ГФР мен АҚШ-тың қаражат пен идеялық бағыт жағынан ықпалы күшті.

АВСТРИЯ-ВЕНГРИЯ - Австрия мен Венгрия үстем таптарының өз ара келісуі бойынша 1867 жылы құрылған екі жақты біріккен монархия. 1-дүние жүзілік соғыста Австрия-Венгрияның жеңілуі, Россиядағы Ұлы социалистік революциясының ықпалымен жұмысшы және ұлт-азаттық қозғалысының күшеюі нәтижесінде 1918 жылы монархия құлап, бөлшектенді. Монархия орнына Австрия, Венгрия, Чехословакия буржуазиялық мемлекеттері құрылды. Австрия-Венгрияның біраз жерлері Югославияға, Румыния мен Польшаға да өтті.

АВСТРИЯ-ГЕРМАНИЯ ШАРТЫ (1879) - Австрия-Венгрия мен Германия арасындағы одақ туралы шарт; 1879 жылы 7 қазанда Венада қол қойылды. Бастапқыда 5 жылға жасалғанмен, кейіннен бірнеше рет ұзартылды. Шарт ең алдымен Россияға және Францияға қарсы бағытталды; 1814-1817 жылы 1-дүние жүзілік соғыста Антантаға қарсы шыққан Германия, Австрия, Венгрия және олардың сыбайластары арасындағы соғыс одағының негізін қалады. Австрия-Германия шартының 1-статьясында былай делінді; егер шарттасушы елдердің біріне Россия шабуыл жасантын болса, онда осы шартқа қатысушы екі жақ бір-біріне көмек беруге және екі ел өзара келісіп алмайынша, бітім жасаспауға міндеттенді. Шарттың 2-статьясында былай делінген: егер шартқа отырған екі жақтың біріне басқа бір мемлекет тиісе қалса, онда екі жақ өзінің одақтасына тілектес болып бейтараптық сақтайды. Ал егер тиісуші жақ Россиядан жәрдем алатын болса, онда осы шарттың статьясы күшіне енеді.

Әдеб.: Турок В.М. Очерки истории Австрии. 1918-1929, М., 1955; его же, то же, 1929-1938, -М., 1962; Экономика стран мира, М., 1968; Экономическая география зарубежных стран, М., 1968; Всемирная организация здравоохранения, Женева, 1963; Искусство стран и народов мира, т. I, М., 1962; Всеобщая история архитектуры, т. 1-2,         М., 1958-1963; Друскин М.С., История зарубежной музыки, 3 изд., М., 1967; Черная Е. С., Австрийский музыкальный театр до Моцарта, М., 1965; Игнатов С. История западноевропейского театра нового времени, М.-Л., 1940; Энгельс Ф. Революция и контрреволюция в Германии, Маркс К. и Энгельс Ф., Соч., 2 изд., т. 8; Революции 1848-1849, т. 1-2, М., 1952.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-12-26 16:56:15     Қаралды-3733

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »