UF

Мүшелдегі 12 хайуан халықтардың басым көпшілігінде жоғарыда келтірілген ретпен келіп отырады. Тек телеуіттер мен алтайлықтарда ғана қой мен мешіннің орындары алмасқан. Хайуандарды әр халық өз тілінде атайды, кейде аздаған өзгерістер енгізеді. Мысалы, алтайлықтар жылқы жылын ат жылы, қой жылын қоша жылы дейді. Енді осы мәселеге тоқталып өтейік.

Тышқан. Бұл жыл былай аталады: телеуітше - күшіл, алтайлықтарша - чычкан, өзбекше - сычкан, азербайжанша - күскү, сары ұйғырларша - шыған т. с. с.

Сиыр. Алтайлықтарша - үй, телеуітше - үй, өзбекше - сігір немесе инәк, ұйғырша - ұй, инек, татарша - сиыр, башқұртша - сиыр, түрікменше - сиыр, туваша - инек, ноғайша - сығыр.

Барыс. Алтайлықтарша - парыс, телеуітше - парыс, өзбекше - барыс, азербайжанша - парс т. с. с. Алтайлықтар «алты көзді ала парыс» дейді. Қытайда бұл бұрын арыстан жылы деп те аталған. Түрікмендер барыс деп те атайды, оның парсыша «пелеңгі» деген атын да айтады. Атақты француз лингвисі Париж университетінде эфиопия тілінің профессоры болып істеген ғалым, Жозеф Галеви (1827-1917) «барыс» сөзін көне парсы тілінен шыққан деп жорыған. Бірақ барыс, жолбарыс қазақ және басқа түркі тілдерінде ертеден келе жатқан сөз.

Барыс - мысық тұқымына жататын аң, жолбарыспен тектес. Алайда олардың бірінен бірінің айырмашылықтары бар. Жолбарыстың денесінде жоғарыдан төмен қарай бағытталған жолактар болады, барыста жолақ болмайды, ылай судың шашырандысындай, дақтар болады. Барыс қарлы таулардың шыңдарындағы жартастардың қуыстарын мекендейді, түнде жортып, арқар, таутеке, елік т. с. с. аулайды, күндіз сирек көрінеді. Ересек барыстың дене тұрқы 130 сантиметр шамасында, салмағы 40 килограмдай. Аяқтары қысқа, жүні тығыз келеді. 12-15 жыл тіршілік етеді. Қазақстанның, Орта Азияның, Оңтүстік Сибирьдің, Батыс Монғолияның, Үндістанның, Пакистанның және Ауғанстанның таулы аймақтарында кездеседі. Европада, Африкада, Америкада, Австралияда барыс болмайды. Бұл - тұқымы құруға айналған, сондықтан «Қызыл кітапқа» жазылған аң, қазір Совет Одағындағы барыстардың жалпы сапы бір мыңнан аспайды. «Барыс» орыс тіліне кейде «тигр» (мағынасы - «жолбарыс») түрінде аударылады, бірақ бұл дәл аударма емес. Түркі тілдерінде барыс «ірбіз» деп те аталады.

Қоян. Телеуітше - қойон, алтайлықтарша - тулай, өзбекше - қоян немесе тауышқан, сары ұйғырларша - тосқан, ноғайша және ставрополь түрікмендерінше - қоян. «Тауышқан» сөзін Галеви араб және арамей тілдеріндегі «тафза» сөзімен түсіндірмек болған. Бұл да қисынсыз және түр жағынан да алшақ сияқты.

Жылан. Түркі тілдерінің көпшілігінде - йылан, алтайлықтарша - шойрық.

Жылқы. Қөне түркі тілінде - йопд, сары ұйғырларша - йот, ұйғырша - ат, тклеуітше - ат, алтайлықтарша - ат, ноғайша, түрікменше және ставрополь түрікмендерінше - жылқы.

Қой. Алтайлықтарша және телеуітше - қоша, басқа түркі тілдерінде - қой. Қазақтың «қошақан» деген сөзінің түпкі тегі «қоша-қой» деген сөз болу керек.

Тауық. Телеуітше - пәтік, алтайлықтарша - така, басқа түркі тілдерінде такук, тахия, тауық. В. Михайлов өзінің 1903 жылы жазған «Түрікмендердің діни көзқарастары» атты кітапшасында тауықты ящерица - кесіртке деп аударған. Оны тауықтыц «курица» болатынын білмеді деу қиын. Бірақ неліктен олай аударғаны бізге белгісіз. Галеви «тауық» сөзін араб және арамей тілдеріндегі «дагага» сөзінен шықты деп жорамал жасаған.

Ит. Түркі тілдерінің көпшілігінде - ит.

Доңыз. Алтайлықтарша - ғақай, телеуітше - чочко, түркі тілдерінін кепшілігінде - тоңғуз. Доңыз жылын Қазақстан мен Өзбекстанның кейбір аудандары қара киік жылы дейді.

Көне түркі ескерткіштері - Орхон жазуларында доңыз жылы лағзын жылы делінген. Күлтегін ескерткішіндегі «лағзын» сөзін оны алғаш зерттеуші Дания ғалымы В. Томсен «алғазын» деп қате оқып, оны маньчжурдың «оулгиан» сөзімен жақындастырмақ болған. Бертін «лағзын» атауы, неге екені белгісіз, қолданудан шығып қалған. «Құтадғу білігте» лағзын жоқ, доңыз жылы айтылады.

Доңыздың шошқа екендігіне ешкімнің шүбәсі жоқ. Оны бүкіл Азия солай түсінеді. Қазақтың «доңыз» сөзі ескі түркі тіліндегі «доңғуз» сөзінен шыққаны көрініп тұр.

Мүшел есебі де, доңыз атауы да арабтардың шапқыншылығынан көп бұрын шыққан. Ислам дінінің шошқаны «арам» («харам»  - тыйым салынған деген сөз) деп жариялауына қарамастан, доңыздың жылдан қалмай келе жатқаны осыны дәлелдейді.

Бұл келтірілген он хайуан жөнінде Шығыс халықтарының түсініктері бірдей деуге болады. Бірақ оларды кейбір европалықтар шатастырып баяндайды. Мәселен, 1882 жылы Лондонда ағылшын тілінде шыққан «Мерв көгалы» атты кітапта барыс орнына аю, ұлу орнына балық, қой орнына тасбақа, мешін орнына кесіртке, тауық орнына жапалақ келтірілген. Мақаланың авторы саяхатшы - корреспондепт О’Донован деген адам. Барысты ешбір халық аю деген  емес. Мұндай шатасу саяхатшының жергілікті тілдерді білмеуінен болса керек.

Мүшелдегі екі хайуанның аты тиянақсыз және түсініксіз, енді осы мәселеге тоқталайық.

Ұлу. Бұл хайуанды алтайлықтар мен телеуіттер «ұлы» дейді, ұйғырлар және түрікмендер мен қазақтардың бір бөлігі «балық» дейді. Парсыша - неһеңгі, яғни темсақ (крокодил). Көрнекті орыс ғалымы, Шығысты зерттеуші, түрколог, Петербург университетінің профессоры П. М. Мелиоранскийдің (1868-1906) айтуынша, XIV ғасырда бір араб ғалымы Персияда сығыр, ат, балық жылдары болады деп жазған. Қазақ, қырғыз, Қырым татарлары, Ставрополь түрікмендері, ноғайлықтар бұл жылды «ұлу жылы» дейді, бірақ ұлудың қандай хайуан екенін анық білмейді. Мүшелді көп зерттеген ғалымдардың бірі А. Н. Самойлович ұлудың мағынасын сұрағанда Қырым татарлары «бір қара түсті, көбелек сияқты» жәндік деп, Ставрополь тұрікмендері «бір кішкене құс болса керек» деп, ноғайлықтар «құс па, маса ма, анығын өзіміз де білмейміз» деп жауап беріпті. Н. Северин ұлуды орыс тіліне «улитка» деп аударыпты. Кумандиндіктер ұлуды «кербалық» немесе «ұлу-аржан» дейді. Алтайлықтардың мүшелді кескіндейтін бір ескілікті суретінде ұлу орнына жираф суреті көрсетілген. Мүшел суреті салынған ескі Қытай медальдарында ұлу төрт аяқты ұзын жылан бейнесінде. Сондықтан оны кейбіреулер орыс тіліне «дракон» деп аударады. Айдаһар - қытайша лун. Бірталай зерттеушілер «ұлу» сөзін осы «луннан» шыққан деп топшылайды. Бұрың Қытай империясының туы мен гербісінде айдаһар суреті болған. Қытайдың ескі монеталарындағы суреттер бойынша айдаһардың терісі балықтыкіндей қабыршақтармен қапталған, қабыршақтар күнмен шағылысып, жалтырап тұрады. Бұған қарағанда ол су хайуаны. Айдаһар суретінде қанат та бар, Демек, ол құсқа да ұқсас, ұшып жүрмек. Сурет жалпы алғанда темсақ сияқты. Телеуіттер ұлуды үйрекке ұқсас құс, шалшық суларда болады деп есептейді.

«Ұлу» сөзін тибет тілінен шыққан деп жорушылар да бар. Бірақ оның тибетше мағынасы белгісіз. Д. Банзаровтың айтуынша монғолдар будда дінін қабылдағаннан кейін (бұл дін Тибеттен тараған) ұлу деп Үндістан жерінде болатын нәгі деген жыланды айтқан. Өткен ғасырда монғол тілінде «ұлу» сөзінің екі түрлі мағынасы болған. Олардың бірі - айдаһар, екіншісі - «жер мен суды бөлейтін жын». Моңғолдар күннің күркіреуін көктегі айдаһардың арқырауы деп түсінген. Оларша күн күркіреу - «тәңірін ду», дәл мағынасы - «аспан дауысы».

Логикалық жағынан алып қарағанда ұлудың көбелек, маса, қоңыз болуы қисынсыз. Ондай ұсақ жәндіктер ел өмірінен елеулі орын алмаған. Мүшелдегі басқа хайуандардың бәрі де (тышқаннан басқасы) ірі хайуандар. Ұлудың балық болуы да екі талай. Біріншіден, оны халықтардың басым көпшілігі балық деп есептемейді, екіншіден, мүшелдегі қалған он бір хайуанның бәрі де құрылықта, жер бетінде болатын хайуандар. Айдаһардың да мағынасы жоқ, табиғатта оңдай жылан болмайды. Айдаһар – халықтардың қиялынан шыққан фантазиялық хайуан, ол кейде аждаһа деп те айтылады. Қытай тілінде бұғыны лу дейді, бірақ ұлу жылы бұғы жылы болып саналмайды. Мүшелді кескіндейтін суреттердің ешқайсысында бұғы жоқ.

«Ұлу» сөзі түркілердің «ұлы» (үлкен, зор) сөзіне жақын. Бірақ бұл сөздің ескі түрі «ұлы» емес, «ұлұғ». Сондықтан «ұлуды» «ұлыдан» шықты деуге де болмайды.

Алтайлықтардың жоғарыда келтірілген ертегісінде былай делінген: «Манының жеті ұлы болған, олар - борсық, мысық, барыс, ұлу, қарағұла, ірбіс және текен». Бұл тізімнің ішкі мазмұнына қарағанда ұлу - балық та, айдаһар да емес, барыс тұқымдас жыртқыш аң. Сондықтан да алтайлықтардың мүшелді бейнелейтін кейбір суреттерінде ұлу төрт аяқты, құлағы төбесіне біткен хайуан түрінде көрсетілген.

Ежелгі заманның халықтарында, сол кездегі соқыр сенімдер бойынша, кейбір хайуандардың атын атамайтын әдеттер болған. Атын атаса, олар өшігіп кетеді-міс. Сол әдет бойынша ертедегі қазақтар қасқырды көбінесе «бөрі» демей, «ит» деген. Мәселен: «итке кәдік болмасын», «санын Ит тартқан». Абайдың белгілі «Қыс» деген өлеңінде:

«Малшыларым, қор қылма итке малды» делінген. Мұнда айтылып отырған ит - кәдімгі қасқыр. Осы тұрғыдан қарағанда «қасқыр» өзі бөгде мағында алынған сөз. Қазақ мәтелі бойынша: «Қара құлақ десе, қасқыр шамданады». Қара құлақ жоғарыда айтылған ұлудың «інісі» - қарағұла болуы мүмкін. Айбатты болып есептелген жыртқыш ұлу жымысқы ұры, дәрменсіз қарағұла дегенде «қор лануға, шамдануға» тиіс.

Сонымен, сайып келгенде ұлу көбелек те, балық та, темсақ та, айдаһар да емес. Ол қабылан, сілеусін, бұлыңғыр сияқты, жалпы алғанда, зоологиялық жағынан ит тұқымына жататын және ұлитын аң болуы керек. Ертеде Оңтүстік Сибирьде тіршілік етіп, бертін тұқымы құрып кетуі мүмкін. Қазір ұлудың нақты мағынасы ұмыт болған, ол фантазиялық хайуанға айналып кеткен. Сондықтан ұлуды орыс тіліне «крокодил», «дракон», «рыба» т. с. с. деп аударып шатастырмай, орысша «улу» деп, тиісті түсінік беру керек.

Мешін. Бұл атау түркі тілдес халықтарда мешін, мәчін, мечіні, бөчін, пічін, биджән т. с. с. болып айтыла береді. Араб авторлары маймұн, маймұл деп жатады. Зерттеушілердің көпшілігі мешінді «маймыл» деп түсіндіреді де, орыс тіліне «обезьяна» деп аударады. Бірақ басқаша түсініктер де бар. П. Шимкевич 1899 жылы шыққан «Түрікмен тілімен таныстырудың практикалық құралы» атты еңбегінде мешінді «раковина» деп аударған. А. Н. Самойловичқа қырым татарлары мен ноғайлықтар «божья коровка» деген қоңыз деп, ставрополь түрікмендері «бір кічік аламәджек» деп түсіндірген. А. Н. Седельников ұлуды «паукообразное» (өрмекші тәрізді), мешінді «многоножка» («қырық аяқ») деген. В. В. Радловтың «Түркі тілдерінің сөздігін жасау тәжірибесі» атты еңбегінің төртінші томында мешін - слизняк (кілегей), бицин - злой дух (жын) делінген. Кытайдың мүшелді бейнелейтін медальдарында мешін маймыл суретінде.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының арнаулы экспедициясы 1957 жылы Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданында археологиялық қазу жұмыстарын жүргізіп, орта ғасырларда болған Баба-ата қаласының ескі жүртын зерттеді. Осы қазу кезінде тарих ғылымының кандидаты Т. Н.Сенигова басқарған отряд үш метр терендіктен мүшелді бейнелейтін, мыстап жасалған, түркі медалын тапты. Медальдың екі жағында да мүшел хайуандарының мүшел есебіне сәйкес орналасқан суреттері бар, бірақ екі жағындағы суреттер бірінің-бірі дәл көшірмесі емес, хайуандар әр түрлі қалыпта алынған. Медальдын ортасында квадрат формалы тесік бар. Хайуандар қошқар мүйіз (спираль сияқты) жолдың бойында біріне-бірі тіркесе орналасқан. Жалпы алғанда сурет нашар салынған. Мұнда мешіннің суреті маймылға ұксамайды, «азып кеткен адам» деген қазақ ұғымына сәйкес келеді.

Телеуіттер мешінді адамның азғыны, ол бұрын батыр болған, кейін қарғыс атып хайуан болып кеткен деп есептейді. 1927 жылы Л. Э. Коруновская Кузнецк маңындағы бір ауылдың азаматы Серапион Шадеев деген телеуіттің «йылын» көшіріп алған. Бұл «йыл» - мүшелді бейнелейтін сурет, онда шенберді жағалай 12 хайуанның суреті салынған. Шеңбердің ішінде Айдың чолпаны және Күннің чолпаны деген екі жұлдыздың суреті бар. «Йылда» мешіні алдында алты жұлдызы бар адам түрінде көрсетілген. Кеудесінен теменгі жағы жоқ (мешін басқа да бірталай суреттерде осындай, аяқсыз). Алты жұлдыз Үркерді бейнелейді. Телеуіттердің екінші бір суреті бойынша мешін кеудесінен төменгі жағы жоқ домаланған адам, екі қолы бар, бірақ саусақтары жоқ. Мешіннің басы дәл адамдікіндей, маймылға ұқсамайды.

Телеуіттердің ұғымындағы мешін марына жағынан қазақтың «мешеліне» жақын. Қазақша мешел -  өз аяғымен жүре алмайтын адам. «Мешелдің» арғы түбі «мәсіл» (масыл) болу керек. Өзі жүре алмай, өзгеге бөгет болып, бейнеттендірген адамды «масыл болды» дейді.

1928 жылы этнограф А. Г. Данилин алтай мүшелінің тақтайға салынған суретін сатып алып, Ленинградтағы Эрмитаж музейіне тапсырған. Мешін онда бір қуарған, бұтақтары кесілген ағаштың жанында тұрған адам. Алтайлықтардың календарьды бейнелейтін екінші бір суретінде мешін беті кескіленіп сызылған тор түрінде, ал үшінші бір суретте 12 жұлдыздың астында тұрған қол шатырға (зонтикке) ұқсайды. Енді бір суретте мешін таяққа орнатқан ромбыны көтеріп тұрған адам, ромбыда жеті жұлдыздың суреті бар (жұлдыздар Үркерді бейнелейтін болу керек).

Алтайлықтар мен қалмақтардың мешін деп, монғолдардың мечін деп Үркерді айтатынын біз жоғарыда келтірдік. Қазақ ауыз әдебиетінде Индонезияны «Мәшін» дейді.

Сонымен, мешіннің де тиянақты мағынасы жок болып шықты. Бұл жөнінде төмендегі пікірді айтуға болады.

Біз жоғарыда мешін - пішін деген сөз болу керек дедік. Мешінді түркі тілдес халықтардың бірсыпырасының пішін, бішін, бічін, бәчін деуі бұл жорымалды растайтын сияқты. Дәл осылай болса, мешін - адам түріндегі, яғни адам пішінді хайуан. Қазақ тілінде адам пішінін «мүсін» деп те айтады, қазір скульпторларды мүсіншілер (мүсін жасаушылар) дейтін себебіміз де осы. «Мәшінге» «мүсін» морфологиялық жағынан да, мағына жағынан да жақын.

Ескі түсінік бойынша мешін халыққа опасыздық жасап, кара басының ғана қамын ойлағандықтан, қарғыс атып азып кеткен адам. Маймыл мен суыр да азған адамдар деп есептелген. Кейбіреулердің мешінді маймыл деп ұйғаратыны сондықтан.

Ертеде Солтүстік және Орталық Азияны мекендеген халықтар Оңтүстік-шығыс Азиядағы мәдениеттен кенже қалған тағы тайпалардың адамдарын «азып кеткен» адамдар деп түсінген. Мұндай адамдар Индонезияның ну ормандарында аңдармен қатар өмір сүрген, сондықтан олар «азғындар» немесе «орман адамдары» деп аталған. Индонезияның бұрын «Мәшін» деп аталуы осыдан болса керек.

«Орман адамдарын» алғаш кездестірген ғалымдардың бірі - орыстың ұлы саяхатшысы Н.Н.Миклухо-Маклай (1846-1888). Ол 1874 жылы Оңтүстік-шығыс Азиядағы Малакка түбегінде болып, сондағы «орман адамдарының» «орангутан» және «оранграйет» деп аталатын екі тайпасын зерттеген. 1875 жылы Миклухо-Маклай сол Малаккадағы мәдени даму жолында мейлінше артта қалған, жергілікті халықтардың өздері «азғындар» деп санайтын сақай және сәмеңгі тайпаларын тапқан. Негроид тұқымдас сақайлар мен сәмеңгілер - ергежейлілер, еркектерінің бойы 150, әйелдерінің бойы 140 сантиметрден аспайды. Дене құрылысы жағынан Филиппин аралдарындағы негритостарға жақын. Сақайлар мен сәмеңгілер өте момын және қорқақ келеді, қарсыласпайды, ешқайда тұрақтамай, қалың ормандарды кезіп жүріп, жеміс теріп тіршілік етеді, жалпы алғанда, Паханг, Грингано және Келантан алаптарының аралығын мекен етеді.

Соңғы отыз жылда «қар адамдары» дейтін айтылып жүр. Дүние жүзіндегі таулардың ең биігі Гималай екені мәлім. Оның асқар шыңдарына шыққан альпинистер дүние жүзінің чемпионы атанып, үлкен сыйлық алады. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін альпинистердің әр түрлі топтары Непал мемлекетінің жеріне жиі барып, әуелі жаттығып, содан кейін Гималайдың шыңдарына шығып жүр. Елуінші жылдарда осындай альпинистердің бір шағын тобы тау жотасынан екі аяқпен жүретін, үсті-басы ақ жүн, біріне-бірі айғайлап дыбыс беретін бір белгісіз аңды көрген. Осы аң «қар адамы» деп аталған (орыс тілінде - «снежный человек»), Шетелдік журналистер «құрыққа сырық жалғап», қар адамдары жөнінде көптеген кітаптар жазды. Қар адамдарын алпысыншы жылдары көргендер де бар. Бірақ ешкім қолға түсіре алмаған. «Көрдік» дегендердің айтуына қарағанда қар адамы қазақ ұғымындағы мешінге ұқсас. Қазір қар адамдары жүруге ықтимал денесептелетін жерлерге дыбыс жазу аппараттары мен жанына келген аңды торға түсіріп, қамап алатын автоматтар қойылған. Олар әзір нәтиже берген жоқ. Жергілікті непалдықтардың мағлұматтары бойынша қар адамдары бар, бірақ өте аз, тұқымы құрып кетуге жақын, аса сақ және белгілі бір жерді тұрақтап, мекендемейді, бір таудан бір тауға кете береді... Егер шынында да қар адамы болса, оның мешін тарихына қатысы болуы мүмкін.

Маймылдардың түр жағынан адамға ең жақындарының бірі орангутан деп аталатын маймылдар. «Орангутан» - индонезия тілінде «орман адамы» деген сөз.

Маймыл азған адам болып саналғанымен, «азған» адамдардың бәрі бірдей маймыл емес. Суыр мен жезтырнақ та сондай азғындар деп саналған. Демек, маймыл мен мешіннің мағыналары дәл қабыспайды. Сондықтан мешінді «обезьяна» деп аудармай, қиялдан шыққан фантазиялық хайуан деп түсіндіріп, қазақша да орысша да мешін деу керек. Әр түрлі халықтарда ойдан шығарылған фантазиялық хайуандар көп кездеседі, мысалы, екі басты жылан, кентавр, сыңар мүйіз, кербос, кербалық т. с. с. Патшалық Россияның гербісінде болған екі басты бүркіт те фантазиялық құс еді.

Фантазиялық хайуандар жайындағы Шығыс халықтарының бұлдыр түсініктері XVII ғасырда орыс кітаптарынан да әжептәуір орын алған. 1692 жылы орыс тілінде Ларион Истоминнің «Әліппе кітабы» басылып шыққан. Бұл кітап орыс жұртшылығын тұңғыш рет үнді цифрларымен (қазіргі цифрлар алғаш Үндістанда шыққан, орыстар бұрын ескі славян цифрларымен жазып келген) таныстырды. Истоминнің кітабының бір бетінде астрологиялық таңбалармен қатар ұлудың, мешіннің және тауықтың суреттері келтірілген. Мешін онда маймыл емес, азған адам бейнесінде.

Азған адамдар туралы ертеде, әсіресе орта ғасырларда, көптеген лақаптар тараған. Грек аңызы бойынша Кирка аралында азып кеткен адамдар тұрады. Гомердің поэмасы бойынша Одиссейдің жолдастары шошқа болып кеткен. Испан сопысы Исидор Севильский (570-636) өзінің «Этимоложиариум» деген географиялық кітабында жердің шалғай түкпірлерінде азғын адамдар болады деп жазған.

Рим папасы барлаушылық мақсатпен XIII ғасырда монғолдар империясына елшілер жіберген. Олардың бірі - итальян, Плано Карпини, 1246 жылы Қазақстаннан өтіп, Монғолияға барған. Екіншісі - француз, Гильом де Рубрук, 1254 жылы Қазақстан жерінен өткен. Елдеріне барғанда Карпини «Монғолдар тарихи», Рубрук «Шығыс елдеріне саяхат» деген кітаптар жазған (бұлар қазір орыс тіліне аударылды). Бұл кітаптарда азғындар жайында көптеген адам иланбас хикаялар бар: ит басты адамдар, буындары бүгілмейтін - тұрса отыра, жатса тұра алмайтын адамдар, көздері кеудесіне, бастары кіндігінің түбіне біткен адамдар, өгіз сияқты айыр тұяқ адамдар, үретін адамдар, еркегі жоқ, ылғи әйелдерден құралған халықтар, қолымен жүретін адамдар т. с. с. Сол XIII ғасырда Азия елдерінде болған Италияның атақты саяхатшысы Марко Полоның кітабында да осындай алып-қаш әңгімелер көп.

Халықтың түсінігі осындай бұлдыр болған заманда мешін атауының шығуы таңданарлық іс емес.

Қелтірілген мәліметтер «мешін» түркі тілдес халықтардың сөзі екенін көрсетеді.

Мүшел есебі Азия халықтарының тұрмысына әбден сіңісіп кеткен. Мүшелдік хайуандардың суреттері кескіндеу өнерінде елеулі тақырыпқа айналған. 12 хайуанның суреті салынып кілемдер тоқылған, мыстан, күмістен және алтыннан медальдар мен ақшалар жасалған. Патша сарайларының қабырғалары сондай суреттермен әшекейленген. Көрнекті совет ғалымы С. В. Ивановтың «XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі Сибирь халықтарының бейнелеу өнері жөніндегі материалдар» атты 1954 жылы басылып шыққан көлемді еңбегіпде мүшелді бейнелейтін суреттердін 14 түрі келтірілген. Баба-атадан табылған сурет онда жоқ. Бұл сурет - мүшелдің Қазақстан жерінен табылған тұңғыш суреті. Қазақстан мен Орта Азиядан ондай ескерткіштердің табылуы өте қиын, өйткені Ислам діні сурет салуды күнә деп жариялап, тыйым салған. Осы тұрғыдан қарағанда Баба-ата бақыры араб шапқыншылығынан бұрынғы ескерткіш болуға тиіс.

Ертедегі халықтар мүшелдегі хайуандарды «киелі» деп түсінген, олар адамдардың тағдырына әсер етеді деп ойлаған. Сондықтан қолы жеткендер оның тақтайға ойылып жасалған немесе кестеленген суреттерін үйлерінде сақтауға тырысқан. Бұл түсінікті көбінесе бақсылар таратқан. Олар өздерінің киімдеріне жыланның, жолбарыстың, тауықтың, қанатты жылқылардың т. б. суреттерін кестелеп киген. С. В. Ивановтың жоғарыда айтылған кітабында хантылар, мансилер, селькуп, кет, эвен, нанай, хакас, телеуіт, шор т. б. бақсыларының киімдеріиде кездесетіп суреттердің жүзден артық түрі келтірілген. Қазақ бақсыларының сарнағанда «Кереге бойлы кер жылан, босаға бойлы боз жылан, жын атасы Көзбембет» дейтіні де осы ұғымға сәйкес.

Мүшелге байланысты әр түрлі жосықтар болған. Мысалы, қой жылы туғандар қойды, сиыр жылы туғандар сиырды, жылқы жылы туғандар жылқыны бауыздамаған. Бұл жосықтар Махмұд Қашқаридың «Диван лұғат әт-түркінде» де айтылған.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-06-05 14:09:20     Қаралды-2161

ЖЕРДЕ СУ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4600 миллиард жыл бұрын пайда болды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН САТУРННЫҢ АЙНАЛАСЫНДА САҚИНАЛАР БАР?

...

Сатурн планетасының таңғажайып сақиналары бар

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕРДЕ СУ КӨП ПЕ?

...

Жер шарында теңіздер, өзендер мен көлдер көк түспен бейнеленгенін білесіздер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕСКІ КОМПЬЮТЕР НЕ ҮШІН ПАЙДАЛЫ?

...

Біз өз уақытын өтеген компьютерлер туралы айтып отырмыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕСКІ ЗАМАНДА НЕМЕН ТАМАҚТАНДЫ?

...

Патшалар мен князьдердің дастарханында алтын мен күмістен жасалған бағалы ыдыстар тапшы болған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЬБРУС НЕМЕН ТАНЫМАЛ?

...

Эльбрус тауы - сөнген жанартау.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ГАЛИЛЕЙДІҢ КЕРНЕЙІ НЕМЕН ТАНЫМАЛ?

...

Біздің планетамыз Әлемнің орталығы деп есептелді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕРДЕГІ ЕҢ БИІК ГҮЛ ҚАНДАЙ?

...

Биіктігі бойынша гүлдер арасындағы чемпион титандық аморфофалл

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕРДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ГҮЛ ҚАНДАЙ?

...

Суматра және Калимантан аралдарында таңғажайып өсімдік өседі - Арнольд раффлезиясы

ТОЛЫҒЫРАҚ »