UF

Ай мен Күннің көрінерлік қозғалыстарындағы ерекшеліктерді, жыл мезгілдерінің ауысу реттерін, негізгі шоқжұлдыздарды, сөз жоқ, ертедегі славяндар да білген, сол білімдері бойынша шаруашылықтарын ұйымдастырған.

Славян халықтарының бәрінде де жыл төрт маусымға бөлінеді, олардың атаулары славяндарға ортақ: весна (көктем), лето (жаз), осень (күз), зима (қыс). Жеті қарақшы шоқжұлдызы ежелгі Русьта «Ковш» (мағынасы - «Шөміш») немесе «Лось» (мағынасы - «бұлан») деп, Үркер «Стожары» деп аталған. «Стожары» - «шошақ шөпке шаншылған бақаншалар» деген сөз. Ежелгі Русь шаруалары шошақты, дауыл құлатпасын деп шырпылармен бастырып, кейде төбесіне бес-алты бақанша немесе таяқ шаншып, бекітетін болған. Бақаншалардың ұштары ғана көрініп тұрған. «Стожары» атауы осы бақаншалар негізінде шыққан. Көптеген жұлдыздардың славянша аттары казір ұмыт болған.

Славяндар Күнге табылған. Олар аспан құдайы Сварог, оның ұлы, Күн құдайы Дажьбог деп түсінген. Ертедегі славяндарша жер жалпақ, оны үш кит көтеріп тұрады. Олар оқыс қозғалса, Жер сілкінеді. Киттердің өздерін су көтеріп тұрады. Ал «суды не көтеріп тұрады?» деген сұраққа славян абыздары қайтадан... жер көтеріп тұрады-мыс деген.

Славяндарда астрономиялық календарь кеш шыққан, өйткені ерте замандардағы славяндарға оның айтарлықтай қажеті болмаған. Славян жерлеріндегі ұлы өзендер - Волга, Днепр, Висла, Дунай т. б. Ніл мен Хуанхэ сияқты арпасынан шығып, лепіре тасып, халықты қырғынға ұшыратпаған. Екінші жағынан славян елдері қалың орманды жерлерді мекендеген, ондай жерлер аспанды құралсыз бақылауға қолайсыз.

Ежелгі славяндардың календары да табиғат құбылыстары мен шаруашылық маусымдарына байланысты болған. Мұны орыс халқының ерте кезден сақталып келе жатқан тарихи документтеріндегі, мысалы, 1056 жылы жазылған Остромир «Інжіліндегі», 1144 жылғы «Інжілдегі» т. с. с. кітаптардағы ескілікті ай аттарынан көруге болады.

Остромир «Інжілінде» уақыт есебі негізінен алғанда юлиан календары (ескі санат) бойынша жүргізіледі, өйткені «інжіл» - христиан дінінің кітабы, бұл діннің ережелері мен «Інжілдің» түп нұсқасы Римде шыққан. Бірақ әр түрлі мәселелерді славян діншілдеріне түсіндіретін үзінділерде славяндардың ескіше ай аттары кездесіп отырады. Айлардың славянша атаулары ескілікті ауыз әдебиетінде де ұшырасады. Славян айларының атауларында Рим императорлары мен әулиелері жоқ, айлар табиғи белгілер бойынша аталады. Олардың бірталайы украин, белорус, поляк т. б. славян тілдерінде осы күнге дейін сақталып келеді. Славян жерлерінің табиғаты бірдей емес, бір жерде қар ери бастағанда, екінші бір жерлерде егін салынып бітеді. Осыған орай бір ай бірнеше түрде аталуы мүмкін. Жалпы алғанда славян айлары төмендегідей.

Март айы - сухий, бұл кезде батыс славяндардың жерлерінде қар кетіп, жер кебеді. Апрель - березозол немесе заиграй-овражка, бұл кезде қайың ағаштың шырыны шығады, сайлардап су ағады. Май - травень немесе цветень, бұл айда жер көктейді, гүлдер шығады. Июнь - класень, млечень, пзок, кресень. Бұл айда қара бидай бас тартады (класень, яғни колос - егіннің масағы), мал тойына бастайды, шегіртке (изок) шығады, жер қызады (кресень - от). Июль - сеностав, грозпик, липень - пішен шабатын уақыт. Бұл кезде күн жиі күркірейді, нөсер жауындар жауады. Август - серпень, жнивень - орақ айы («серп» - «орақ»), егін оратын ай. Сентябрь - руен, ревун, хмурый, вересень, гроздобер. «Руен» - «шөптің сарғаятын, күздің басталатын айы». «Ревун» - «дауыл мен жауын көп болатын, күн райы бұзылатын ай». «Хмурый» - «Күн көзі әлсіз, көмескі болатын ай». «Вересень», «гроздобер» - «малдың семіріп болатын, қоңы әбден толатын айы». Октябрь - листопад, жовтень, грязник - ағаштардың жапырақтары түсетін, өрістің де, орманның да сарғаятын («жовтень» қазір «желтый» делінеді, мағынасы - «сары»), жер лайсаң болатын ай. Ноябрь - грудень, листогной. «Грудень» - «сомданып қатып қалған кесек балшық, саз». Бұл айда арбамен жүру де, шанамен жүру де қиын. «Листогной» - «жапырақтардың жерге түсіп, шіріп қалуы». Декабрь - студень, студеный, сулар қатып, қатты суықтар басталатын ай. Алайда декабрь жылдың ең суық айы емес. 1900-1977 жылдар аралығында, статистикалық мағлұматтар бойынша, желтоқсан 3 рет қана жыл ішіндегі ең суық ай болған. Олар - 1902, 1916 және 1939 жылдары. Қаңтар - просинец, күн ұзарып, жарық көбірек түсетін ай. Сұрғылт аспан қаңтарда көгереді, көлдер мен өзендердің мұздары да көк болып көрінеді. «Просинец» сөзі «синий» («көк») сөзімен тектес. Ақпан - лютый, снежень, бокогрей, межень, сечень. Лютый - үскірік суық ай, снежень - қар басатын ай, бокогрей - Күн көзі бүйір жылытатын, малдың шуақтайтын айы, межень - шекаралық ай (осы айда ескі жыл аяқталады, одан әрі жаңа жыл келеді). «Сечень» сөзін орыс тілі мамандарының кейбіреулері ескі жыл мен жаңа жылдың арасын «кесіп» бөлетін ай («межень» мағынасында) ретінде, ал басқа біраз филологтар «ағаш кесу маусымы басталатын ай» ретінде түсіндіреді. Соңғысы дұрысырақ болуы керек, славяндардың шаруашылығында ағаш кесу жұмыстары маңызды орын алған. Бір айдың бірнеше түрлі атауы болуы - әр жердегі славяндардың оларды әр түрлі атауынан.

Ежелгі славян календарында жыл басы - сухий айының бірі (ескі санат бойынша наурыздың бірі шамасы). «Новый год» атауы бертін шыққан, жаңа жыл ерте кезде «новолетие» деп аталған, ол 1343 жылға дейін 1 сухий шамасында мейрамдалып отырған. Бірақ сухий айының басталуы мен аяқталуы жұлдыз есебінен тыс, ауа райына қарай (жердің кебуіне байланысты) жүргізілетіндіктен, жыл басы тиянаксыз болады да, әр жылы әр күнге, шамалап айтқанда ғана бірінші мартқа келеді. Айлардың жоғарыда келтірілген аттары аздаған өзгерістерге ұшыраса да, украин, белорус, поляк т. б. славян халықтарының тілдерінде әлі де бар.

Славян халықтарында айлар қазір былай аталады:

Орысша

Полякша

Украинша

Белорусша

Январь

Стуцзен

Січень

Студзень

Февраль

Люту

Лютий

Люты

Март

Марцес

Березень

Сакавік

Апрель

Квицин

Квітень

Красавік

Май

Май

Травень

Май

Июнь

Червиц

Червень

Червень

Июль

Липиц

Липень

Ліпень

Август

Сирпен

Серпень

Жнівень

Сентябрь

Врцезин

Вересень

Верасень

Октябрь

Падзирник

Жовтень

Кастрычнік

Ноябрь

Листопад

Листопад

Лістопад

Декабрь

Грудзин

Грудень

Снежань

 

988 жылы. Русь христиан дінін қабылдаған (гректер арқылы). Содан бастап шығыс славяндар біртіндеп юлиап календарын қолдануға көшкен, айларды сентябрь, октябрь, ноябрь т. с. с. деп атайтын болғаң, жыл басын, гректер сияқты, 1 сентябрьге келтірген. Алайда юлиан календары Русьтің бірталай аудандарында 1343 жылға дейін тіпті кейбір жерлерде XV ғасырға дейін қолданылмаған. XV-XVII ғасырларда Москва мемлекетінде юлиан календары жаппай қолданылған, жыл басы - 1 сентябрь, заман «дүние жаралғаннан» саналып отырған. Бұл заман бойынша григориан календарының 1979 жылы «дүние жаралғаннан» кейінгі 7487 жыл болады.

Славяндар мен гректер бір шіркеуге (православие) қарағаннан кейін гректердің астрономиялық терминдері, календары және аспан жайындағы аңыздары мен ертегілері шығыс Европа халықтарына таралды. Аспан денелерінің славян халықтарындағы жергілікті атауларының көпшілігінің ұмытылын, латын-грек атауларының қолданылуы осыдан. Қазіргі орыс тіліндегі Большая Медведица (Жеті қарақшы), Малая Медведица (Кіші қарақшы), Полярная Звезда (Темірқазық), Плеяды (Үркер) т. б. атаулар латын және грек тілдерінен келген.

Аспанды бақылаушылар мен уақыт есебін жүргізуші абыздар ежелгі Русьта да болған. Тарихта белгілі сауатты абыздардын бірі - новгородтық монах Кирик. Ол 1134 жылы «Новгородтағы Антоний монастырының диаконы Кириктің ілімі, мұнымен адам барлық жылдарды есептеп шығара алады» деген кітап жазған. 1134 жыл шіркеу есебі бойынша 6644 жыл болатын. Кирик осы 6644 жылдың ішінде неше ай, неше апта, неше күн болғанын жалықпастан есептейді. Шіркеу мейрамдарының ілгергі уақыттағы мерзімдерін шығарады. Кирик мұнымен қатар өзінің неше жыл, неше ай, неше күн, неше сағат өмір сүріп отырғанын да есептейді. Ол «бөлшек сағат» деген ұғымды да қолданады, онда 12 сағаттық тәуліктің 5-тен бір, 25-тен бір, 125-тен бір т. с. с. үлестіріп қарастырады. Ол осылай жетінші ретті «бөлшек сағатқа» жетеді де, «енді одан әрі болмайды» деп тоқтайды. Кирикше бір күнде 937 500 «жетінші реттік бөлшек сағат» болады екен.

Кирик сияқты «есепқұмарлар» украиндықтар, белорустар, поляктар, чехтар, словактар, словендер т. б. славян халықтары арасында да болған. Олар өз халықтарына қолдарынан келгенінше қызмет етіп отырған.

Сауатты абыздар князьдардың кеңселерінде немесе ірі шіркеулерде жылнамалар жазып, болған оқиғаларды тізіп отырған. Олардың кейбір жазбалары осы күнге дейін сақталған. Орыс халқының тарихи ескерткіші «Игорь жорығы туралы жырда» мынадай бір ауыз дерек бар: «Князь Игорь Күннің ай сияқты болып тұрғанын көрді». Түсінген, астрономиядан хабардар кісіге бұл: «Күннің көзі ай орағы сияқты болып көрінді», яғни Күн жартылай тұтылды да, оның бір жақ шеті жабылмай ашық қалды деген сөз. Астрономиялық есеп жасап тексергенде мұндай тұтылудың болғандығы расталды. 1185 жылы 1 мамырда тұтылған Күн «ай сияқты болып» көрінген. Сонда, «Игорь жорығы туралы жыр» бойынша, ежелгі Русь князі Игорь Святославич (1150-1202) көшпелі қыпшақтарға қарсы жорық жасап, Күн жартылай тұтылғанда, 1185 жылғы мамыр айында, жеңіліп қалған.

Лаврентьев жылнамасында 1230 жылы 14 мамырда Киевте көрінген күн тұтылуы айтылған. Жылнамаларда басқа да құнды мағлұматтар кездеседі.

Кітап басу өнерінің дамуымен байланысты астрономиялық білімдер бұқара халық арасына да таралатын болды. Жұлдыздардың атаулары, зодиак белбеуі, күн мен түннің теңелу кезеңдері т. с. с. мәселелер жөнінде славян шаруалары да хабардар бола бастады. Аспан әлемі халық санасынан елеулі орын алып, ертегілердің желісіне, жұмбақтардың шешіміне, өлең-жырлардың тақырыбына айналды.

Христиан діні Русь жеріне астрологиялық жалған ұғымдарды да ала келді. XIV ғасырдан бастап Россияда шіркеулік-славяп тілінде астрологиялық көшірме кітаптар шығарылатын болды, олар шіркеулер арқылы, діни кітаптармен қатар, таратылды.

XVII ғасырдың аяқ кезінде орыс патшасы Алексей Михайловичтің сарайында белгілі астролог Симеон Полоцкий қызмет істеді. Ол Петр I туған күні «бал ашып», болашақ императордың «тағдырын» болжай сөйледі. Көп сандырақтардың кейбіреулері кездейсоқ келіп қалатындықтан, Петрдің «ақыл иесі, жауынгер, білімді патша болатынын» болжаған (бұл сөздерді астролог сыйлықты молырақ алу үшін де, жағымпаздықпен де айта береді) Полоцкий өз тұсында тәуіп болып есептелді, ол жалған астрологияның беделін үрлеген қарындай қампайта түсті.

Бірақ астрологияның өмірі өлшеулі, адымы санаулы еді. Оған алдымен император Петр I өзі сенбейтін болды. Петр жалаң астрологиялық кітаптарды шығартпады, бірен-саран астрологиялық «мәліметтер» астрономиялық кітаптардың ішінде ғана келтірілетін болды.

Славян халықтарының орта ғасырлардағы ұлы астрономы ІІиколай Коперник (1473-1543) болды. Поляк ғалымы Коперник Польшаның Торунь қаласында туған, 1491-1495 жылдары Краков университетінде оқыған, одан әрі Италияға барып, Болонья, Падуа, Феррара упиверситеттерінде білімін толықтырған, негізгі мамандығы астрономиямен қатар, философия, заң, медицина ғылымдарын да жақсы меңгерген, бірнеше тіл білген. 1504 жылдан өмірінің ақырына дейін Польшада қызмет істеген.

Коперниктін ұлы табысы - дүниенің гелиоцентрлік жүйесі. Птолемей қалыптастырған геоцентрлік жүйенің, яғни орталықта Жер тұрады да, Күн, Ай, планеталар соны айналып жүреді дейтін ескілікті ілімнің қате екендігін Коперник көрсетті. Коперникше орталықта Күн болады, Жер мен планеталар соны айналып жүреді. Дұрысы осы. Бірақ бұл теория бертін, Кеплер мен Ньютон заңдары арқылы әбден дәлелденді. Діни кітаптар астрономия мәселелерінде Птолемей іліміне сүйенетін, ал ол ілім қате болғанда діни түсініктер де қате болады, шіркеудің беделі түседі. Халық: «поптар бетімен лағады екен» дейтін болады. Сондықтан шіркеу басшылары Коперникті құртуға, оның жазған кітабын өртеуге бел байлады. Ұлы ғалым бірнеше жыл бой тасалап жүрді, жендеттер оны өлер алдында ғана тапты. Кітаптарын оқуға тыйым салынды. Тыйым салған қаулы Европа ғалымдарының талабы бойынша тек 1822 жылы ғана «қате және заңсыз» деп танылып, күшін жойды. 1973 жылы Польшада және ғылым мен мәдениет өркендеген басқа да көптеген елдерде, Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімі бойынша, Николай Коперниктің туғанына 500 жыл толуы салтанатпен атап өтілді.

1491 жылы Польшаның сол кездегі астанасы Краков қаласында ескі славян шрифті кириллицамен жазылған шіркеулік календарь басылып шықты. Ол «Часослов» деп аталды. «Часословта» жылдағы айлар мен аптадағы күндер, діни мейрамдар мен «әулиелердің» күндері тізілген. Бұл кітап календарь жөнінде славяп халықтарының тілінде баспаханада басылған тұңғыш кітап болды.

Сол 1491 жылы Батыс Европа халықтары сасқалақтап, зор әбігершілікке түсті: шіркеу есебі бойынша «дүние жаралғаннан» саналған 7000 жыл (біздің есебімізше 1492 жыл) «ақыр заман» болуға тиісті жыл екен. Батыс европалықтар бұл жылы өлім күтті, кейбір корольдер өздеріне көрлер қаздырды, кейбіреулер - топан суы қаптағанда «жан сақтайтын» кемелер жасатты...

Христиан дінін тұтатындардың үлкен мейрамдарының бірі - пасха, ол әр жылы әр күнге келеді. Бұл күндер 32 жылда бір рет қайталанып отырады. Сондықтан пасха мейрамының 32 жылдық таблицалары жасалып отырған. Олар «пасхалиялар» деп аталған.

395 жылы Рим империясы екі мемлекетке бөлініп кеткен болатын, оның шығыс бөлігі Византия немесе Шығыс рим империясы деп аталған. Византияның астанасы Константинополь қаласы болған, Христиан дінін қабылдағаннан кейін шығыс славян шіркеулері даяр пасхалия таблицалары меп діни нұсқауларды Қонстаптинопольдегі патриархтан алып тұратын. Бұл патриархтың шіркеулерге таратқан кітаптарындағы ең соңғы пасхалия «дүние жаралғаннан» кейінгі 6968-7000 жылдарға (біздің есебімізше 1460-1492 жылдар) арналған екен. Одан кейінгі жылдарға жасалған пасхалия болмаған. Айтылып отырған пасхалиянын өзі одан 300-320 жыл бұрын жасалған болса керек.

Соңғы 1492 жылғы пасхалияда жыл басы 1 қыркүйек болып алынған. Бұл салт екі ғасырға созылды.

Жоғарыда айтылған «Часослов» календары азын-аулақ өзгерістермен Польшада XVI-XVII ғасырларда да шығып тұрды. 1670 жылы сондай «Часословтың» бірін орыс патшасы Алекеей Михайлович (Петр Біріншінің әкесі) поляк тілінен орыс тіліне аудартып алып пайдаланды.

Болгар тіліндегі тұңғыш календарь кітабы 1818 жылы Будапешт қаласында басылып шықты. Оның аты мынадай: «Календарь или месяцеслов вечный, собранный из многих стран...» Құрастырушы және бастырып шығарушы Панагюриште каласының тұрғыны Цвятко Хаджигеоргиев. 1868 жылдан бастап болгар тілінде «Летоструй или домашний календарь» шығып тұрды. Оның құрастырушысы және шығарушысы Христо Данов болды. «Летоструй» календарьлары Австрияда, Вена баспаханаларында басылған.

 

Қолданылған әдебиет

1. Исқақов М.Ө. Халық календары. –Алматы, 1980. -318 бет.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-05-30 15:57:45     Қаралды-3607

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »