UF

Қазіргі ғылым атомдар дүниесінен шетсіз де шексіз космосқа дейін қанат жайып, табиғаттың талай-талай таңғажайып сырларын ашып отыр, адам баласына ажал болып түнерген асау күштерді ауыздықтап, оларды кәдеге жаратып, халық игілігіне қызмет еткізіп отыр. Алғашқы адамдарда ғылым болмаған, ғылыми білімдер бертін шыққан. Ғылымның жоқ кезінде, қараңғылық қармауында өмір өткізген жартылай тағы тайпалар табиғат пен қоғамда болып тұратын құбылыстардың себептерін түсінбеген, түсінуге мүмкіндіктері де болмаған. Қүркіреген күн, жарқылдаған найзағай, тасыған дария, от шашқан жанар тау, сілкінген жер айбатпен шапқан азулы жыртқыштар ерте заман адамдарының үрейін ұшырып, қорқыныш сезімін тудырған. Соның салдарынан ой өрісі өте төмен, санасында білімі, қолында қаруы жоқ дәрменсіз алғашқы адамдар табиғаттың қаһарлы күштеріне жалбарынатын болғаң, Қүн мен Айға, планеталар мен жұлдыздарға, от пен суға, тау мен тасқа, әр түрлі аңдарға бас иіп табынатын болған. Осыдан әр түрлі соқыр сенімдер шыққан.

Астрономия - аспан денелері жайындағы ғылым, жұлдыз ғылымы деп те айтылады. Ежелгі грек тілінде «астрон» - «жұлдыз», «номон» - «заңдылық» деген сөздер. Ертедегі грек ғалымдары аспан құбылыстары жөнінде бірталай еңбектер жазған, бақылаулар жүргізген, Күн мен Айдың тұтылу кезеңдерін алдын ала айтатын дәрежеге жеткен. Гректер қолданған «астрономия» атауы көптеген халықтардың тілдеріне енген. Алайда кейбір астрономиялық мағлұматтар өте ерте замандарда, гректерден көп бұрын, мәлім болған. Ежелгі Египет, Вавилон, Үндістан абыздары жүздеген жұлдыздардың аспан күмбезіндегі орындарын білген. Астрономиялық білімдермен қатар аспан құбылыстарына байланысты соқыр сенімдер де туған. Бұл сенімдер жинақталып, бір ізге түсірілген, солар бойынша әр түрлі болжамдар жазылған. Жұлдыздар мен планеталарға қатысты болжамдардың жүйесі «астрология» деп аталған (грекше «логос» - «ілім» деген сөз). Шынында астрология -  ғылым емес, негізсіз сәуегейліктердің, әсерлі шатпақтардың жинағы. Ол ғасырлар бойы, күріш жанындағы күрмектей өмір сүріп, астрономиямен қатар ғылым ретінде танылып келген. Кейбір шетелдерде астрологияны осы күні де оқытады. Парижде «астрологияның жоғары мектебі» деген бар. Америка Құрама Штаттарында 30 мыңдай бал ашушы астролог бар.

Астрология ережелерінің бәрі жалған, олардың ешқайсысы дәлелденбеген. Дәлелді-дәлелсіз екенін тексермей, қараңғы халық илана берген. Сол ережелер бойынша адамдардың келешек өмірі қандай болатындығы «болжалған».

Б. з. б. 2800 жылы шамасында өмір сүрген Вавилон патшасы Саргон 1 пайдаланған «Жору кітабында» мынадай сәуегейліктер айтылған:

«Таммузу айының бірі. Күн тұтылса, патша өледі. Таммузу айының екісі. Күн тұтылса, соғыс болады. Таммузу айының үші. Күн тұтылса, нөсер жаңбыр жауады, су тасиды. Таммузу айының төрті. Күн тұтылса, егіп шығымды болады. Таммузу айының бесі. Күн тұтылса, елде аштық болады...» Бұл «Жору кітабы» 14 тараудан құралған, онда жылдың 365 күні түгел қамтылған және Ай тұтылса, пәлен планета пәлен шоқжұлдызда болса, пәлен болады деп, жорулар тізіліп отырған.

Египеттің б. з. б. 1200 жылы шамасында (Рамзес IV патшаның тұсында) жазылған бір жазба ескерткішінде жыл ішіндегі 270 күннің таблицасы келтірілген. Онда былай делінген:

«Тот айының 21 күні өгіз союға болмайды. Тоттың 22 күні балық жеуге және балық тұздауға болмайды. Фаофи айының 13 күні жеміс жеуге болмайды. Фаофидің 22 күні суға шомылуға болмайды. Фаофидің 26 күні құрылыс жұмыстарын бастауға болмайды. Әр айдың 25 - қырсықты, сәтсіз күн...»

Мұндай «жору кітаптары» ежелгі еврейлер мен үнділерде де болған. Орта ғасырларда астрология Европаға, араб елдеріне таралған. Ежелгі Египет пен Вавилоннан 175 астрологиялық қолжазба кітап сақталып қалған, орта ғасырларда үнді, парсы және араб авторлары 340, европалықтар 1850 астрологиялық кітап жазған. Европалық астрологардың атышулылары Генрих Агриппа (1456-1535), Иоганн Порта (1538-1615), Иммануил Сведенборг (1688-1772) т. б. болған. Галлес деген біреу 17 том етіп, «Магия немесе табиғаттың сиқырлы күштері» деген кітап жазған, бұлардың бірсыпырасы астрологияға арналған. Агриппаның кітаптары латын тілінен француз, неміс, итальян, голланд және араб тілдеріне аударылып, жалпы алғанда 30 рет басылған.

Астрологтардың планеталар жөніндегі түсініктері мынадай. Марс - қызыл планета, сондықтан ол төгілетін қанды білдіреді, соғыс соған байланысты. Юпитер - қоңырқай планета, жылылық пен ылғалға, демек, бейбітшілікке сәйкес. Саттурн - ызбарлы, сазарған сары планета, ол күйзеліске, сары уайымға ұшыратады. Венера (Шолпан) - жарқыраған сұлу планета, махаббатты басқарады, ғашықтардың пірі. Меркурий - өте жылдам қозғалатын планета, жүгіре беретін, жеңілтек, алаңғасар адамдардың тууына себеп болады. Ай - сабырлы, жарық, ол Күннің күндізгі аптабын басын, қараңғы түнде жол көрсетеді. Күннің «билігінде» жақсылық та жамандық та бар. Ай, Венера, Юпитер жақсы, қайырлы, Марс пен Сатурн - жаман, қайырсыз, қырсыққа бастайды, Күн мен Меркурий қайырлы да, қайырсыз да бола береді-міс. Астрологтардың топ-шылауынша Марс, Юпитер, Сатурн - еркек жынысты, Ай мен Венера - ұрғашы, ал Меркурий - қос жынысты.

Орта ғасырларда жеті түрлі металл ғана мәлім болған, олар: алтын, күміс, мыс, қалайы, қорғасын және сынап (бұл элемснт сүйық зат болса да, металдар тобына жатады). Астрологтар мен алхимиктер осы металдарды Күнге, Ай, бес планетаға тәуелдендіріп, одан әрі апта күндеріне тендірген. Сонда мынадай тіркестер пайда болған:

  1. жексенбі - Күн - алтын
  2. дүйсенбі - Ай - күміс
  3. сейсенбі – Марс - темір
  4. сәрсенбі - Меркурий - сынап
  5. бейсенбі - Юпитер - қалайы
  6. жұма - Венера - мыс
  7. сенбі - Сатурн - қорғасын

Әрине, бұл тіркестерде ешқандай ғылыми негіз жоқ.

Астрологтар зодиак шоқжұлдыздарын да «қызметсіз» қалдырған жоқ. Олар: Тоқты шоқжұлдызы басты билейді, өйткені қошқардың күші басында, Торпақ шоқжұлдызы мойынды билейді, ойткені өгіздің күші мойнында, Егіздер шоқжұлдызы қолдың саусақтарын билейді, өйткені егіз балалар да саусақтар сияқты қатар өседі деген... Осы лаққан бетімен астрологтар зодиактың 12 шоқжұлдызын адамның 12 мүшесіне сайкестендіріп, «дәрігерлік» ережелер шығарады: басы ауыратын адамдар түнде Тоқты шоқжұлдызына, мойнына жара шыққандар Торпақ шоқжұлдызына т. с. с. қарап, солардың құрмигіне садақа берулері керек... Сонда ауру емдемесе де жазылады-мыс.

Жұлдыздар мен планеталар бойынша адамның келешек өмірін «болжауға» арналған кітаптар жазылған. Олар европалық тілдерде «гороскоп» деп аталады (ежелгі грек тілінде «горо» - «мезгіл», «скоп»  - «көру» деген сөз). Гороскоптарды оқымысты абыздар мен астрономдар жасаған. Гороскоп кітаптарын парсыша «талиғынама», арабша «әл-китаб әл-нүджүм» дейді. Гороскоп «принциптері» бойынша, Күн Торпақ шоқжұлдызына барған кезде туған адам мықты, бірақ ашуланшақ және дөкір болады («өгіз сияқты»), ал Таразы шоқжұлдызына барған кезде туған адам - байсалды, ашуы мен ақылы теңгерілген («таразы сияқты») болады-мыс т. с. с.

Оқырмандарға түсінікті болуы үшін, нүджүм кітаптарынан бір-екі үзінді келтірейік.

«Сатурн Арыстан шоқжұлдызының дәл ортасына барған кезде туған ер бала орта бойлы, қатаң мінезді және саудагер болады. Үш некелі болады. Алдыңғы екі әйелі өледі, үшінші әйелімен өмір сүреді. Алты баласы болады. 22 және 41 жастарында шатаққа ілігеді. 29 және 47 жастарында қатер туады, 65 жасқа келеді».

Бір күн ішінде мыңдаған бала туады, олардың гороскоптары бірдей болады. Сондықтан астрология бұл құрдастардың бәріне бір үкім шығарып, «тағдырларын» бірдей етіп айтады. Екіншіден, жұлдыздар мен планеталардың аттары кездейсоқ қойыла салынған, олардың мүлде басқаша аталулары да мүмкін еді. Мәселен, Торпақ шоқжұлдызының торпақ пен өгізге ешқандай қатысы жоқ, оны «Қарағай» немесе «Мысық» деп атауға да болар еді. Егер алдыңғысы болса, онда астрологтың: «Қарағай жұлдызында туған адам бойшаң, шыдамды, сабырлы, бақытты болады, көп жасайды» деуі, ал соңғысы болса, «Мысық жұлдызында туған адам ұзақ жолға шықпайды, пайдасын үй маңынан табады, кісі қадірін білмейді, сирек сақал, ұзын мұрт болады» деуі сөзсіз. Амал не, ертедегі адамдар осындай «болжауларға» сенген (сенетіндер шетелдерде осы күні де аз емес).

Россияға астрология Греция мен Франциядан келген. XVIII ғасырда орыс тілінде бірсыпыра астрологиялық кітаптар шыққан. Олардың ең келемдісі - «Брюс календары» (алғаш рет 1710 жылы басылған). Онда, мәселен, мынадай сәуегейліктер бар:

«Март айында туған балалар ұзақ өмір сүрмейді... Май айында туғандар майысқақ, жігерсіз болады... Август айында туғандар картопқа өш болады...» Көктем егісіне шыққанда бірінші борозданы сейсенбі немесе бейсенбі күні жырту керек...

Соқаға әуелі оң жақтағы өгізді жегу керек, соқа ұстайтын адам таза көйлек киіп шығуы керек, әйтпесе егінді арам шөп басып кетеді...

Бұл долбарлардың далбаса екендігі көш жерден көрініп тұр. Наурыз айында туғандардың 80-90 жасқа келгендері қанша? Мары айында туып-ақ ерекше батылдығымен көзге түскен адамдар аз ба? Тамыз айында картоп мүлде өспейтін жерлерде (мысалы, Таймыр, Гренландия) туғандар қайтпек? Әрине, бұл «болжамдарды» Я. В. Брюс (1670-1735) өз жаңынан шығарған жоқ, ол грек, итальян, француз кітаптарындағы материалдарды пайдаланған.

Астрологиялық соқыр сенімдер түркі халықтарында да көп болған. Ежелгі түркі жазбаларында «сәтті», «сәтсіз» күндер дегендер кездеседі, әр түрлі жорулар айтылады. X-XI ғасырларда түркі тілінде ұйғыр әріптерімен бірнеше жору кітабы жазылған, оларда жұлдыз бойынша жору, түс жору т. с. с. келтірілген. Астрологтарды түркілер «жұлдызшылар» деп атаған. Түркі және монғол хандарының сарайларында арнайы жұлдызшылар болған, хандар олардың жоруларын еске алып отырған. Астрологиялық түсініктер ескі жырларда да бой көрсетіп отырады. Мәселен, «Қыз Жібек» дастанында Төлеген: «Шыққан екем мен сорлы, сәтсіз күні сапарға» дейді. Мүшел есебіндегі сиыр, мешін, қоян, тауық жылдары жаман, қайырсыз, қауіпті жылдар болып, қой, доңыз, тышқан жылдары жақсы, қайырлы, құтты жылдар болып есептелген. Соқыр нанымдар бойынша сиыр жылы соғыс болады, мешін жылы топалаң аурулар көбейеді, қоян жылы жұт, тауық жылы аштық болады-мыс.

Астрологиядан қазақ тілінде жазылған кітап болған емес, «кітап көтеріп, бал ашқан» молдалар араб, парсы тілдеріндегі «құралдарды» пайдаланған.

Қазақтардың ескілікті түсініктері бойынша сейсенбі - сәтсіз күн, сергелдеңге ұшыратады, жұма - ауыр күн, ауырлық, ауыртпалық әкеледі-міс. Осыған танып, сейсенбі күндері ұзақ жолға шықпаған, жайлауға көшпеген, егін орағына кіріспеген, жылқыларын күземеген, қойларып қырықпаған, тойларын өткізбеген, құрылыс жұмыстарын бастамаған. Қысқы соғымдарын көбінесе жұма күндері сойған, өйткені ет көп болады («ауыр тартады») деп ойлаған. Семья орнықты болады деп, ресми неке қияр жосықтарын да көбінесе жұма күндері өткізген.

Қалендарьға байланысты 7 және 12 сандарын астрологтар «қасиетті» сандар деп жариялаған.

Дінбасылар календарьды өз мақсаттарына пайдаланып келеді. Шетелдерде көптеген діни мейрамдар өткізіледі. Жыл ішіндегі күндердің бәрі «әулиелердің» меншігіне берілген. Қатолик дінінде 20 мың, православие дінінде 2 мың «әулие» айтылады. Күндер соларға бөлінген. «Әулиелер» календарьға сыймайды, бір күн олардың бірнешеуіне тәуелдендіріледі. Батыс Европа мен Америка елдерінің календарь кітаптарында әр күнге бекітілген «әулиелердің» аттары (кейде жорымал суреттері де) келтіріліп отырады. Оларда жаңа туған нәрестенің атын ата-анасы қоймайды, шіркеуде тіркеген сол күнгі «әулиелердің» бірінің атын қояды. Мұсылман дінінде «әулиелер» аз, ал олар ешқашан да қазақ календарынан орын алған емес.

Шатпақтарды шығарғандар көп жағдайда өз тұсының білімді адамдары болып есептелген. Белгілі деректер бойынша VIII ғасырдың басында бүкіл Батыс Европада жалғыз-ақ «математик» болыпты. Ол Ирландиядан шыққан Беда (673-735) деген монах екені Беда арифметиканың төрт амалын түгел біліпті (өзге «математиктер» ол кезде екі-үш амалды ғана білген), саусақпен миллионға дейін санау жолдарын баяндайтын кітап және календарьдан «Уақыт есебі туралы» кітап жазыпты. Бұлармен қатар Беда «Інжілге түсіндірмелер», «Ағылшын шіркеуінің тарихы» (800 жылды қамтиды) және көп томды «Әулиелердің өмірлері» атты «шығармалар» жариялаған. Беданың кітаптарында жылдар «Христос туған» жыл арқылы көрсетіліп отырған. Бұл кітаптар бүкіл Батыс Европа шіркеулеріне таратылған. Оқымысты монах, шіркеуге сіңірген еңбектері үшін «Құрметті Беда» (латынша - «Беда Венерабилис») аталған. Оның айтқандары мен жазғандарына шәк келтіру, күмәндану тірідей көрге кірумен пара-пар болған.

Астрологиядан кітаптар жазған, гороскоптар құрастырған  адамдардың да бәрі бірдей «миғұла» емес еді. Олардың қатарында да ірі астрономдар болған. Бұрын «таза астрономдардың» күн көруі қиын болатын. Бақылаушыға жұлдыздардан киім мен тамақтың түспейтіндігі мәлім. Сондықтан кесімді жалақысы аз астрономдар қулық жолына түсіп, астрологиямен айналысқан. Мәселен, планеталар қозғалысының әйгілі үш заңын ашқан неміс астрономы, математик және механик Иоганн Кеплер (1571-1630) де астролог болған. Ол өзінің неліктен астрологиямен шұғылданатындығын былай, ашып айтқан болатын: «Астрология - астрономияның көлденең жүрістен туған есалаң қызы. Бірақ жұрт одан да асқан есалаң. Есалаң қыз шатпақтап жүріп, тамақ тауып әкеліп асырамаса, оның есті шешесі - астрономия алдақашан аштан өліп қалған болар еді».

Сөз арасында айта кетейік, И. Кеплер бақытсыз болды: шіркеу соты «албасты басты» деп айыптап, ғалмның 65 жастағы қарт анасын соттап жіберді, ал өзі 59 жасында аштан өлді.

Ірі астрономдардын, қатынасуы астрологияның жалған беделін көтеріп, өрісін кеңітті.

Шетелдерде үстем таптар мен реакцияшыл топтар, империалистер мен нәсілшілдер астрологияға қамқорлық жасайды (астрологтардың ресми мекемелері мен кеңселері болады), өйткені ол қай-қайдағы сандырақтармен қарапайым адамдардың санасын тұншықтырып, еңбекші бұқараны таптық күрестен бас тартуға, «тағдырға» көне, құлдықта жүре беруге үгіттейді. Оларда астрологиялық кітаптар мен діни календарьлар көптеп және кезексіз басылады. 1935 жылы гитлерлік Германияда 17 түрлі астрологиялық календарь басылып шыққан, астрологиялық газеттердің тиражы 100 мың данаға жеткен. Бұл газеттерде мыңдаған құлақтандырулар жарияланған, солардың бірі мынадай: «Жұлдызы балық, балаларды ұнататын, 30 жастағы толық денелі неміс қызы өзіне жұлдызы Торпақ немесе Таразы күйеу іздейді, қыз музыка мұғалімі болып қызмет істей алады, көзі көк, шашы сары». Бұдан кейін қыздың адресі келтірілген. 1937 жылы ГІарижде астрологтардың дүние жүзілік конгресі өткізілген, онда «Сүмбіле жұлдызының аққұба адамдардың тағдырына ететін әсері» деген «баяндама» тыңдалған. Шетелдерде астрологиядан осы күні де «диссертациялар» қорғалады.

Тұрпайы астрологиялық түсініктер совет адамдарының түсіне де кірмейді. Алайда олар жөнінде хабардар болу, ескі әдет-гұрыптарды білу, шетелдердің жөн-жосықтарымен танысу олардың жалғандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп әшкерелеу, табиғат пен қоғам туралы көзқарастардың дұрыс қалыптасуына себін тигізеді.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-05-24 12:46:39     Қаралды-2749

20 ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

...

20 ғасырдың негізгі өнертабыстары, оларсыз қазіргі адам өмір сүре алмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САМАУЫРДЫҢ ІШІНЕ ҚАҚ ТҰРСА

...

Cамауырдың ішіне қақ тұрса

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАШ КҮТІМІ

...

Адамның шашы бірде түсіп, бірде шығып дегендей, ұдайы алмасып отырады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ӘЛЕМ ТУРАЛЫ СІЗ БІЛМЕГЕН 15 КЕРЕМЕТ ФАКТ

...

Біздің әлем - шексіз жұмбақ. Күн сайын сіз ол туралы көптеген жаңа нәрселерді біле аласыз!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТАРКТИДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Мұз құрлығының ресми ашылған күні 1820 жылдың 28 қаңтары болып есептеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛҚЫ АТЫМЕН АТАЛАҒАН SNICKERS ШОКОЛАД БАТОНЧИК

...

Snickers - жастар арасында ең танымал батончик

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Бұл мақалада біздің жер туралы қызықты деректер талқыланады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЯҚ КИІМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

...

Әдетте, адамның екі аяғы бірдей бола бермейді. Көбіне оң аяқ сол аяқтан гөрі үлкенірек келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮДЕРІ БҰЙЫМДАРДЫ ТАЗАЛАУ

...

Күдерден тігілген бұйымдарды қалай тазалауға болатын тәсіл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »