UF

Армения тауларнан оңтүстікке қарай екі ұлы өзен ағып шығады да, Парсы шығанағына барып құяды. Бұлар - Тигр (арабша - Диджлә) мен Евфрат (арабша - әл-Фұрат). Әл-Құрна қаласының тұсына жеткенде екі өзен қосылады да, одан әрі Шатт әл-Ғараб деп аталады. Ертегілерді тыңдап отырсақ, осы екі өзеннің қосылатын жерінде жұмақтың бау-бақшасы болыпты-мыс, Адам-ата мен Хауа-ана сол бақшадағы жемісті жепті-міс. Осы күні «жұмақ паркінің орнында» темір шарбақпен қоршалған бір түп қуарған ағаш бар (жұмақтың ағашы да қуаратын болғаны ғой), ағаштың жанында бертін қойылған тас қалқан бар, онда мынадай сөздер жазылған: «Бұл, Диджлә мен әл-Фұраттың қосылатып қасиетті жерінде Адам-атаның жұмақтағы бау-бақшасын жер бетінде бейнелейтін қасиетті ағаш өседі, онда Айса пайғамбардан екі мың жыл бұрын Ибраһим пайғамбар келіп намаз оқып кеткен». Арабтардың «Ибраһим пайғамбар» дейтіні Яһуди дінінде айтылатын Абрам. Сөз болып отырған екі өзеннің аралығын мекендеген ел Қос өзен елі деп аталған (грекше - Месопотамия, арабша - әр-Рәфидейн). Қазір бұл атыраптың бірсыпыра жері Ирак мемлекетіне (арабша - әл-Ғирақ) қарайды. «Ғирақ» сөзінің мағынасы - «Дариялардың жағаларындағы жерлер». Ежелгі замандарда бір өңірде әр түрлі мемлекеттер болған, олардың жиі айтылатыны - Вавилон (араб және түркі тілдерінде «Бабыл елі» делінген). Қазіргі Ирактың астанасы - Бағдад қаласы: ол Тигрдің батыс жағасында, 762 жылы салына бастаған, ежелгі Вавилон қаласының ескі жұртынан 90 километр жерде.

Ирактың қазіргі халқы - арабтар мен курдтар. Олар араб календарын қолданады. Біз бұл тақырыпта Ежелгі Вавилонның календарын қарастырамыз.

Өзен аралығының тарихы да өте ерте заманда, Египет тарихымен қатар басталған. Бұдан 55 ғасыр бұрын Қос өзеннің төменгі ағысында шумер, орта ағысында аккад халықтары тұрған. Өзендердің аңғарлары өте құнарлы келеді, жазғы ыстық 50 градустан асады. Сонын арқасында бұл елдерде жер кәсібі ежелгі заманныи өзінде-ақ айтарлықтай өркендеген: ағаш соқа, қол орақ, екі дөңгелекті арбаны шумерлер шығарған.

Шумерлер мен аккадтардың әжептәуір мәдениеті болған, оларда бұдан 6000 жыл бұрын жазу өнері шыққан. Қос өзеннің жері тауы мен тасы; көлі мен орманы жоқ, тақтайдай тегіс, жауын-шашыны тапшы. Сондықтан аспаны үнемі бұлтсыз, бақылауға колайлы.

Шумерлер - жазу өнерін алғаш ойлап тапқан халықтардың бірі. Қағаз жасау өнері бертін, біздің заманымыздың бас кезінде шықты. Ежелгі египеттіктердің қағаз орнына папирустарды (Ніл жағасында өсетін қоға, қамыс тектес өсімдіктен жасалатын материал) пайдаланғаны мәлім. Қос өзен жерінде ондай материал жоқ. Шумерлер балшықтан, төрт бұрышты етіп, жұқа және жалпақ кірпіштер - плиталар жасап, сына тәрізді түрткішпеп сол плиталарға жазған. Қажет сөздер жазылып болғаннан кейін балшық плиталар кептірілген, өте-мөте маңыздылары күйдірілген. Олар сынбаса, шірімейді. Жазуы бар ондаған плиталар балшық кітаптарды құрастырған. Соңғы екі ғасырда археологтар Ежелгі Вавилон жерінен мыңдаған балшық кітаптарды тауып, Қос өзен елдерінің тарихы мен календары жөнінде көптеген кұнды мағлұматтар алды. Шумерлердің жазу өнерін кейін бүкіл Қос өзеннің, Кіші Азияның, Эламның, Иранның, Кавказ сыртының (Закавказье) халықтары үйренген. Жазу өнерінің шығуы - дүние жүзілік мәдениет тарихында ұлы табыс.

Қос өзен жерінде ірі кұрылыстар салуға жарарлық тас та, ағаш та болмайды. Сондықтан құрылыстар кірпіштен салынған. Бұл елдерде ерте кезде-ақ ірі қалалар орнаған. Қалаларда үш-төрт этажды үйлер, әр түрлі мұнаралар болған. Бас көшелер түзу сызықтың бойында орналасқан, олардың ендері 20-25 метрге жеткен.

Ірі қалаларда «құдайларға» кұлшылық ететін ғибадат орындары - храмдар салынған, Ежелгі Вавилонда 53 үлкен храм болған. Ең үлкен храм құдайлардың ең үлкені болып есептелген Мардук дегенге арналған, ол храм Эсагилу деп аталған Эсагилу шарбағының ішінде, дәл орталықта, атақты Вавилоп мұнарасы тұрған. Оны Ассархадон патшаның (б. з. б. 680-669 жылдар) амірі бойынша Ардах-хешу деген сәулетіні салған. Жалпы биіктігі 90 метр мунара жеті этажға бөлінген. Төменгі, бірінші этажы кара сырмен, екіншісі қызыл сырмен, үшіншісі ақ сырмен т. с. с. сырланған. Жетінші этаж торғын түсті кәрлен плиталармен қапталған, оған алтыннан жасалған ай орағы орнатылған. Баспалдақтар мунараның сыртын орай орналасқан. Жетінші этажға көтерілуге тек абыздарға ғана рұқсат етілген. Онда Мардуктың алтыннан жасалған мүсіні, алтын тақ, алтын стол, алтын орындықтар т. с. с. тұрған. Жоғарыда айтылған тарихшы Геродот бұларды өз көзімен көріп, жазып кеткен. Абыздардың Геродотқа берген түсініктеріне қарағанда жетінші этаждағы алтын бұйымдардың жалпы салмағы 800 талант (40 тонна) шамасында болған.

Мұнараның абыздардан басқа ешкімге кажеті жоқ еді. Ол білім орны да, мәдени мекеме де, тұрғын үй де емес. Бейнеті мен шығынын халық көтерген құрылыс. Сондықтан шығыны көп, пайдасы жоқ құрылыс, кекесін түрінде, «Вавилон мұнарасы» деп аталатын болды. Інжілде, осыған байланысты, бір ертегі келтірілген: көп адам жиналып, ақылдасып, биік мұнара салыпты-мыс. Мұнара көкке жақындағанда олар «енді құдайға қолымыз жетеді» деп қуаныпты-мыс. Сонда, адамдарға қолжаулық болғысы келмеген құдай құрылысшыларды бірінің сөзін екіншісі түсінбейтін, әрқайсысы әр түрлі тілде сөйлейтін етіп, өзгертіп жіберіпті-міс. Әр түрлі ұлттардың қалыптасуын дін кітабы осылай «түсіндірген». Дінбасылар құдайдың мықтылығын сипаттаймыз деп, жамандап алған. Ол халықтардың өзара ұғынысуын, достық қарым-қатынастар жасауын ұнатпаған болып шығады.

Ежелгі грек ғалымдарында саяхат жасап, шетелдерді аралап, әр түрлі халықтардың тұрмысымен танысып қайтағын салт болған. Фалес, Геродот, Пифагор, Демокрит, Аристотель т. б. Таяу және Орта Шығыс елдерін аралаған. Олар адам таңқалдрлық құрылыстар мен заттарды «кереметтер» деп атағай, өздері көрген жеті кереметті сипаттап жазып кеткен. Ежелгі заманның кереметтері мыналар: 1) египет пирамидалары, 2) Эфестегі Артемида храмы, 3) Олимптегі Зевстің мүсіні, 4) Галикарнастағы кешен (мавзолей), 5) Родос аралындағы қола мүсін (биіктігі 35 метр), 6) Александриядағы маяк (биіктігі 120 метр), 7) Вавилонның аспалы бақтары.

Вавилон мұнарасы кереметтер қатарына қосылмаған.

Соңғы, жетінші керемет Вавилон мемлекетінің астанасындағы аумағы екі гектардай жер алатын, төрт этажды патша сарайы. Оны Навуходоносор II патша (б. з. б. 605- 562 жылдар) өзінің әйелі Шәмирәмнің көңіл көтеруі үшін салдырған. Мидия патшасының қызы Шәмирәм (Европа халықтарының тілдерінде Семирамида делінеді) көлі, орманы, тауы жоқ Вавилон жерін жақтырмаған, «ауыра берген». Табиғаты көркем туған жерін (Мидия - Каспий теңізінің оңтүстігінде болған мемлекет) сағынып, жылайтын болған. Оны Навуходоносор осы сараймен уатқан. Сәулетті сарайдың бірінші этажы салынып біткенде, төбесі жабылып, үстіне қорғасын төсеніштер мен асфальт төселген, содан соң қара топырақ салынған. Шет жақтарынан 10-12 метрдей бос орын қалдырып, екінші этажды көтерген. Осы тәртіппен үшінші және төртінші этаждар салынған. Этаждардың шет жақтарындағы бос орындарға алуан түрлі гүлдер мен жеміс ағаштары егілген, олар өсіп, жайқалып тұрған, Дәу қайыңдар мен қарағайлар да болған. Балшықтан жасалып, күйдірілген науалар мен трубалар арқылы мыңдаған құлдар Евфрат суын тиісті этаждарға жеткізіп, бақты үнемі суландырып, күтіп отырған. Сарай алтынмен апталып, күміспен күптелген.

Еріккен патшалар мен ерке ханымдардың алтын сарайлары аш-жалаңаш жұмыс істеп, сіңірлері сыртылдап, буымдары қалтылдап жығылып, жүздеп өліп жатқан бақытсыздардың санын арттыра берген.

Шәмирәм бағы - ежелгі дүниенің жетінші кереметі. Александр Македонский (Ескендір Зұлқарпайын) Карфагенге жорық жасамақ болып, дайындалып жүргенде кенет ауырып, б. з. б. 323 жылы 10 маусымда осы Шәмирәм бағында өлген.

Осы күні Вавилонның сарайлары мен мұнараларының тек жұрттары ғана бар.

Вавилондықтар санаудың алпыстық жүйесін қолданған, арифметиканың көптеген есептерін, алгебраның төменгі дәрежелі теңдеулерін шығара білген. Дөңгелек пен көпбұрыштарға қатысты есептерді жуық түрде шешкен.

Өзендердің қайдан ағып шығатынын, не себепті таситынын білмеген шумерлер мен аккадтар, египеттіктер сияқты, табиғаттан тыс күштер - құдайлар бар деп жорыған. Әр қала өз алдына бір құдайға жалбарынған.

Дүниеге жарық пен жылылық беретін, бүкіл аспанды билейтін бір мықты кұдай болу керек деп ойлаған шумерлер. Сөйтіп, ондай Күн - құдайдың атын Баббар деп койған. Одан әрі Ай-құдай - Наннар, Венера - Дильбату, Меркурий - Биббу, Марс - Залбаттану, Сатурн - Кайману, Юпитер - Мулу-баббар, соғыс құдайы - Нингирсу т. б. тізімдері жасалған.

Жер құнарын басқарады-мыс деген құдай әйел болған, ол Иштара деп аталған. Шумерлік миф бойынша Иштара өсімдіктер құдайы Таммузға ғашық болады. Қүзге қарай жер қурап, шөп-жапырақтар солғанда, Таммуз бейнеткетүседі, жер астында тұтқында болады. Ақыры оны Иштара көктем кезінде ғана босатып алады.

Шумерлер мен аккадтарда ай есебі болды. Бірақ айдың фазалары шаруашылық маусымдарға қабыспай, өз бетімен кете берді. Бұл есеп тиянақсыз болды.

Бертін келе өзен аралығына шығыстан шыққан элам мен аморей тайпалары шабуыл жасады. Олар шумерлер мен аккадтардың ұсақ мемлекеттерін талқандап, Қос өзенді басып алды.

Аморей таппалары өзендердің орта ағыстарын алды да, өздеріне Бабиле деген қалашықты астана етті. «Бабиле» - «құдай қақпасы» деген сөз. Одан бұрын Бабиленің орнында шумерлердің Қадингир (бұл да «кұдай қақпасы» деген сөз) каласы болатын. Бұл қала тез өсіп, ғылым мен мәдениеттің, соғыс өнерінің сол кездегі орталығына айналды. Маңайдағы басқа қалалар да осыған бағындырылып, Бабиле мемлекеті құрылды. Бұл тарихта Вавилон мемлекеті (ағылшын тарихшылары әуелде ескі документтердегі «Бабиле» сөзін «Вавили» деп қате оқыған, содан осылай аталып кеткен) деп аталған. Вавилонның қалаларын біріктіріп, тұтас мемлекетке айналдырғап патша Хаммурапи (б. з. б. 1792-1750 жылдар) болды. Ол өзін Күн құдайы - Шамаштын інісімін деп жариялады (вавилондықтар шумерлердің Баббарын Шамаш деген).

Біздің заманымыздан жеті ғасыр бұрын дүние жүзілік державаға айналып келе жатқан Вавилонды солтүстіктен жосылған Ассирия әскерлері құртып жіберді. Ассирия патшасы Санхерибтің бұйрығы бойынша «Құдай кақпасынан» сау тамтық қалмады. Санхерибтің немересі Ашшурбанипал Орта шығыс елдеріне, Египетке шабуыл жасады, Ассирияны құл иеленуші ірі мемлекетке айналдырды. Бірақ Ассирия да ұзақ өмір сүрген жоқ. Жүз жылдан кейін Ассирияға қарсы күресті оңтүстіктен келіп, вавилондықтарға будандасып, қаны араласып кеткен жауынгер халдей халқы қолына алды. Халдейлерден шыққан Набупаласар деген адам вавилондықтарды ұйымдастырып, Ассирияға қарсы шықтыда, Ассирия мемлекетін санаттан сызып тастады. Ассирияның астанасы Ниневияны жермен-жексен етті. Ол өзін Вавилонның патшасы деп жариялады, Вавилон қаласы қайта салына бастады. Оның мәдениеті қайта туып, өркендеді.

Вавилон да, Ассирия да, Египет сияқты, құл иеленген мемлекеттер еді. Онда еңбек еткен адамдар, негізінен алғанда, құлдар болды. Жұмыстың бәрін солар істеді, күні-түні демылсыз болатындықтан, құлдар «нти-пу-ду» - жоғары қарамайтын, бой жазбай, еңкейіп жүретіндер деп аталды. Қожалары «еңкейіп жүретіндерді» сататын, сатып та алатын, ашуланса, өлтіріп те тастайтын. Хаммурапи тұсында құлдың орташа бағасы 168 грамм күміс болған.

Вавилонда астрономиялық білімдер Египеттегіден әлдеқайда жоғары дәрежеде болды. Аспан үнемі бақыланып, байқалған құбылыстар жазылып отырды. Храмдарда үш және жеті этажды, жұлдыздарды бақылап отыру үшін әдейі арналып салынған мұнаралар - зиккураттар болады. Олар обсерваториялардың арғы үлгісі болып табылады. Ур, Урук, Ниппур, Вавилон, Аккад, Борсиппа, Хурсагкаламма, Ашшур, Арбел, Ниневия қалаларындағы зиккураттар үздіксіз жұмыс істеді.

Вавилон абыздары бірталай жұлдыздардың көрінерлік орындарын анықтап, оларға атаулар берген. Қай көзбен көруге болатын бес үлкен планетаны білген, оларға мынадай аттар қойған: Меркурий - Набу, Венера - Дильбату немесе Иштара, Марс - Нергал, Юпитер -  Мардук, Сатурн - Нинурта. Планеталар құдайлар болып есептелген. Күн «Шамаш» деп, Ай «Син» деп аталған, осы екеуін қосып, аспан «құдайларын» вавилондықтар жетіге жеткізген. Осыған сәйкестендіріп, олар жеті күндік аптаны шығарған. Аптаның шығуына айдың фазалары да себеп болған: жеті күнде ай табағының жартысы көрінеді, келесі жеті күнде толады, содан қайта кемиді.

Аптадағы күндерді вавилондықтар былай атаған: 1) жексенбі - Шамаш күні, 2) дүйсенбі - Син күні, 3) сейсенбі - Нергал немесе Залбаттану күні, 4) сәрсенбі - Набу немесе Биббу күні, 5) бейсенбі - Мардук немесе Мулу- Баббар күні, 6) жұма - Дильбату күні, 7) сенбі - Қайману немесе Нипурта күні. Сөйтіп, вавилондықтардың түсінігі бойынша, аспан құдайлары дүниені кезектесіп, әрқайсысы аптасына бір күннен, билеп отырған. Вавилонша аптаның басы - жексенбі, ақыры - сенбі.

Жыл есебін вавилондықтар Айдың қозғалысы бойынша есептеді. Жаңа ай туатын кезде абыздар зиккуратқа шығып, Синді аңдып отыратын болды. Оны көргенде бата қылысып, жұртқа жариялайтын. Абыздар бір өліарадан екінші өліараға дейін 29,5 тәулік өтетінін анықтады. Бөлшек саннан құтылу үшін олар айдың біреуін 29, екіншісін 30 күн етіп алды.

Тигр өзені жыл сайын 15 март кезінде, Евфрат 29 март кезінде суға тола бастап, тасуға айналады. Келесі сол уақытқа дейін, яғни бір жыл ішінде, өліара 12 рет болады (дәлдеп айтқанда 12 ай 11 күн). Сондықтан вавилон абыздары жылды 12 айға бөлді. Біздің заманымыздан бұрынғы XVIII ғасырда ол айлар былай аталды: 1 - нисану, 2 - аяру, 3 - сивану, 4 - таммузу (дуузу), 5 - абу, 6 - улулу, 7 - тишриту, 8 - варах-сампу, 9 - кисливу, 10 - тебету, 11 - шабату, 12 - аддару.

Мұнда 6 ай 29 күннен, 6 ай 30 күннен. Сонда вавилон жылында 354 күн болады. Жыл басы - нисану айы, шамалап айтқанда, наурыздың екінші жартысы мен сәуірдің бірінші жартысын қамтиды.

Нақты жыл 365,25 күн болғандықтан, вавилондықтардың айға сәйкестендірілген 354 күндік жылынын 11,25 күні кем. Осының салдарынан Тигр бір жылы 1 нысануда тола бастаса, 3 жылдан кейін аяру айының 2-нде, 10 жылдан кейін таммузудың 22 кезінде тола бастайтып болады. Осы сәйкессіздіктен шығу үшін вавилондықтар жылға анда-санда он үшінші ай қосып отырған. Әдетте патша жарлығымен жарияланған. 13-ай енгізу жөніндегі Хаммурапи патшаның указдарының бірінде былай делінген: «Бұл жылда қосымша ай бар. Келесі ай екінші улулу деп аталсын. Бұрын тишриту айының 25-де төленіп жүрген салықтар биыл екінші улулудың 25-інде Вавилонға жеткізілетін болсын».

Он үшінші айды Хаммурапи улулудан кейін (қыркүйек кезі) қойып отырды. Бірақ қай жылдары 12, қай жылдары 13 ай болатынын «Шамаштың інісі» өзі ғана білді. Бұл кемшілікті халдей астрономдары жойды. 11,25 күннен 8 жылда 90 күн, яғни 30 күндік 3 ай жиналатындықтан, олар әрбір 8 жылдың 5 жылын 12 айдан, 3 жылын 13 айдан есептеді. Күн жылына Ай жылын мүмкін болғанша жақындату үшін олар бірінші, үшінші, төртінші, алтыншы, сегізінші жылдары 12 ай (354 күн), екінші, бесінші, жетінші жылдары 13 ай (384 күн) болатын айналым - цикл тағайындады. Сонда әрбір 9 жылда, жуықтап алғанда нисанудың 1-і жазғытұрғы күн мен түн теңелу уақытша (21 наурыз) қайта келіп отыратын болды. Сегіз жылдық айналым бойынша халдей жылының ұзақтығы

(354X5 + 384X3) : 8 = 365,25.

Бірақ бұл да дәл емес. Сондықтан б. з. б. 380 жылы халдейлер 19 жылдық есепке көшуге мәжбүр болды. Онда әрбір 19 жылдың 3, 5, 8, 11, 14, 16, 19 жылдары 13 айдан есептелді.

Халдейлер тәулікті 12 сағатқа бөлді (олардың бір сағаты біздің екі сағатымыздай), сағатты 60 минутқа, минутты 60 секундқа, секундты 60 терцияға, терцияғы 60 квартқа бөлді. Тәуліктің басы күн батар кез болып есептелді.

Вавилонда жылдардың жалпы есебі Набонассар патшаның таққа отыруынан, б. з. б. 747 жылдың 27 ақпаннан басталады. Сондықтан жыл санаудың бұл жүйесі Набонассар заманы деп аталады.

Халдей астрономдары Юпитердің 4332 күнде (11,86 жыл), Сатурдың 10 759 күнде (29,45 жыл) Күнді бір айналып шығатынын да білді.

Б. з. б. VIII ғасырда вавилон абыздары Күн жолындағы жұлдыздарды 12 топқа бөліп, оларға тиісті атаулар берді. Бұлар - кәдімгі зодиактық шоқжұлдыздар еді. Осыдан бастап зодиак астрономиядан елеулі орып алды, кейін бұл мәселені грек ғалымдары дамытты.

Қалендарьға байланысты 7 мен 12 сандарын вавилон абыздары киелі сандар деп жариялады.

Вавилон абыздары көргенінен жазбайтын, бақылаудан жаңылмайтын, бірақ мәселенің түпкі түйіні мен ішкі сырын байыптамайтын адамдар болды. Сондықтан олар аспан денелерінің көріперлік қозғалыстарын дұрыс есептегеніне қарамастан, әлем құрылысын қате түсінді. Вавилондықтар Жерді Мұхит ортасындағы арал, оның үстінде қатты заттан жасалып, төңкерілген аспан тұрады деп ойлады. Оларша аспанның ішкі жағына жұлдыздар шегеленген, сыртын су қаптаған.

Вавилон астрономдарының көрнектілері Набурианну (б. з. б. VI ғасыр) мен Қидинну (б. з. б. IV ғасыр) болды.

Набурианну б. з. б. 500 жылы синодтық айдың ұзақтығын 1 минутқа дейінгі дәлдікпен анықтады, ал Кидинну б. з. б. 380 жылы ай ұзақтығының дәлдігін одан да арттырды.

Вавилонда жалған ғылым - астрология шықты.

Вавилон абыздары Күннің қозғалысын бақылай келе Күн дөңгелегі әрбір екі күнде өзінің диаметріндей жерге жылжып отыратынын аңғарған. Күн осылай жылжып отырып, 360 күнде зодиактың 12 үйірін толық айналып шығады. Сондықтан шеңберді абыздар 360 бөлікке бөліп, әр үлесін градус деп атаған («градус» - латын тілінде «адым» деген сөз). Шеңберді мұндай бөліктерге бөлу тәсілі математика мен астрономияда осы күні де қолданылады.

Ежелгі еврейлер негізінен алғанда вавилон календарын қолданған. Олардың тілінде аспан - «хамму». Ай календары мен күн календары қосымша ай енгізу арқылы қабыстырылған. Ежелгі еврей айлары былай аталған:

1) нисан - 30 күн, 2) ияр - 29 күн, 3) сиван - 30 күн,

4) таммуз - 29 күн, 5) аб - 30 күн, 6) аддар - 29 күн,

7) тишрн - 30 күн, 8) мархешван - 29 күн, 9) кислев - 30 күн,

10) тебег - 29 күн, 11) шефат - 30 күн, 12) азар - 29 күн.

Әрбір 19 жылда 7 ай қосылып, есеп дұрысталып отырған, қосымша ай бесінші ай - абтан кейін қойылып, «бірінші аддар» деп аталған (қазір «аддар әліф» деп аталады). Ал бұрынғы алтыншы ай - аддар айы - «екінші аддар» деп аталған (ертеде «веаддар» делінген, қазір «аддар бет» делінеді). Бірінші аддар айы тек 13 айлық жылдарда ғана болады. Мұндай жылдардың 19 жылдық айналымда орналасуы төмендегі үш варианттың бірі бойынша жүргізілген:

бірінші вариант ... 2, 5, 7, 10, 13, 16, 18 жылдар,

екінші вариант ... 1, 4, 6, 9 ,12, 15, 17 жылдар,

үшінші вариант ... 3 ,5, 8, 11 ,14, 16, 19 жылдар.

Көпшілік үшінші вариантты қолданды, бірақ алдыңғы екі вариантты қолданған секталар да болды. 13 айдан құралатын жылдар эмболисмикалық жылдар деп аталды.

Вавилон календарында жыл 354 немесе 384 күн болатын еді. Еврейлердің жылында 353, 354, 355, 383, 384, 385 күн болды. Өйткені еврейлердің діни ережелері бойынша жылдың басы жексенбі, сәрсенбі және жұма күндеріне келмеуге тиісті (бұл күндерге сәйкес келетін Күн, Меркурий және Шолпан «Жерден төмен»). Сондықтан астрономиялық жыл басы осы үш күнің біріне келіп қалса, ол «дехиот ережесі» бойынша не ілгері, не кейін жылжытылады. 353 және 383 күндік жылдар «хасарин» («кем») жыл деп, 354 және 384 күндік жылдар «кесидран» («орташа») жыл деп, 355 және 385 күндік жылдар «шаламим» («тұтас») жылдар деп аталған. Хасарин жылдары мархешван мен кислев айларында 29 күннен, кесидран жылдары мархешван 29, кислев 30 күннен, шаламим жылдары екеуі де 30 күннен есептелген. Израиль діншілдері бұл календарьды осы күні де қолданады.

Осы күнгі Израиль календарында айлар былай орна- ласады:

1) тишри – 30 күн

2) хешван – 29-30 күн

3) кислев – 3029 күн

4) тебет – 29 күн

5) шват – 30күн

қосымша 6) аддар әліф 30 күн (бұл ай кібісе жылдары ғана есептеледі),

6-7) аддар бет – 29 күн,

7-8) нисан – 30 күн,

8-9) ияр – 29 күн,

9-10) сив ан – 30 күн,

10-11) таммуз – 29 күн,

11-12) аб – 30 күн,

12-13) элул – 29 күн.

Мұнда жыл тишри айынан басталады (бұрын нисаннан басталған).

Еврей (Иудея) заманының дәуірі, бірінші тарауда айтылғанындай, б. з. б. 3761 жылдың 7 қазанына келеді. Сондықтан бізше 1979 жыл Израиль календары бойынша 5739 жыл болады. Дағдыланбаған адамға мұндай жылды жазу да оңай емес, өйткені еврейлер цифр орнына көбінесе еврей алфавитінің әріптерін қолданады, әріптердің сандарға сәйкес мәндері болады. 1979 жылды жазу үшін, бес әріп - еврейше «ге», «тав», «шин», «ләмед», «тет» әріптерін жазып, мәндерін қосу керек (еврейлер де арабтар сияқты оңнаң солға қарай жазады). Біз қазақ оқырмандары түсінбейтіндіктен, еврей әріптерін келтірмей, әріптердің аттарып ғана келтірдік. Мәндері: ге - 5000, тав - 400, шын - 300, ләмед - 30, тет - 9, сонда

5000 + 400 4- 300 + 30 + 9 = 5739.

Кейде 5000-ды өрнектейтін «ге» әрпі жазылмайды (жай есте сақталады).

Еврей календарында тәулік кешкі сағат 6-дан басталады. Сағат халактарға, халак регаларға бөлінеді (еврейлер минут, секунд өлшемдерін қолданбайды). Бір сағат 1080 халактан, бір халак 76 регадан құралады.

Әдетте еврей календарындағы датаны григориан календарына аударғанда Э. Малердің «Еврей хронологиясының анықтама кітабы» (Лейпциг, 1916, неміс тілінде) қолданылады.

Вавилондықтар мен еврейлердің календарьлары сириялықтардың, урарттардың және арабтардың календарьларына зор әсер етті.

Ескі сирия календары орта ғасырларда елеулі роль ойнады, ол түркі тілдес халықтардың календарьларында қатар баяндалып жүрді. Онда ай аттары мынадай болды: нисан, ияр, хазиран, таммуз, аб, илюль, тешрин бірінші, тешрин екінші, канун бірінші, канун екінші, шебат, аддар.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-05-23 12:04:25     Қаралды-4085

20 ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

...

20 ғасырдың негізгі өнертабыстары, оларсыз қазіргі адам өмір сүре алмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САМАУЫРДЫҢ ІШІНЕ ҚАҚ ТҰРСА

...

Cамауырдың ішіне қақ тұрса

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАШ КҮТІМІ

...

Адамның шашы бірде түсіп, бірде шығып дегендей, ұдайы алмасып отырады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ӘЛЕМ ТУРАЛЫ СІЗ БІЛМЕГЕН 15 КЕРЕМЕТ ФАКТ

...

Біздің әлем - шексіз жұмбақ. Күн сайын сіз ол туралы көптеген жаңа нәрселерді біле аласыз!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТАРКТИДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Мұз құрлығының ресми ашылған күні 1820 жылдың 28 қаңтары болып есептеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛҚЫ АТЫМЕН АТАЛАҒАН SNICKERS ШОКОЛАД БАТОНЧИК

...

Snickers - жастар арасында ең танымал батончик

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Бұл мақалада біздің жер туралы қызықты деректер талқыланады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЯҚ КИІМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

...

Әдетте, адамның екі аяғы бірдей бола бермейді. Көбіне оң аяқ сол аяқтан гөрі үлкенірек келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮДЕРІ БҰЙЫМДАРДЫ ТАЗАЛАУ

...

Күдерден тігілген бұйымдарды қалай тазалауға болатын тәсіл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »