UF

КІСІЛІК КІЛТІ

 

§ 1. Өзін тәрбиелеу - өмір талабы

 

Жастық шақ кісінің өмір жолын, өзінің қандай жағдайға жеткеніне, неге шамасы келетініне, дүниеде не үшін өмір сүріп, жер басып жүргеніне, нені біліп, не қойғысы келетініне, жұртқа нендей пайда тигізетіндігіне, яғни өз болашағына айрықша үніліп қарайтын кезең. Бір сөзбен айтканда, осы кезеңде олар өзімен-өзі кеңесіп, «жан дүниесіне үңілуге құштар».

Бұл кезде кісінің өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі күн тәртібінен ерекше орын алады. Біреу өз бойындағы берекесіздіктен, екінші біреу - тұйықтықтан, үшіншісі - орынсыз ұялшақтықтан арылғысы келеді. Мұндайда ол келеңсіз қылығымен шама-шарқынша алысып, өзін-өзі қатты қадағалайды. Бұл үшін ол жоспар құрып, оған кажетті тұрлі іс-әрекеттер мен шаралар белгілейді, тиісті жаттығу жасауды ойластырады. Әрине, мұнысы жүйелі жүргізілсе нәтижесіз де болмайды.

Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі оңайлықпен қолға түспейді. Жеткіншек санасының оянуы, оның өзіндік «менін» сезіне бастауы Абай тілімен айтқанда, кісінің өзіне-өзі ұдайы есеп беруінен, өзін-өзі аңғара, байқай алу қабілетінен көрінеді. Өзіңе-өзің үңіліп, өзіңді тізгіндеуге тырысу, белгілі мақсат көздеу - осы істеп бастапқы қадам. Әрине, бұл өзіндік тәрбиенің бірден-бір өлшемі емес. Ояна бастаған балғын сана сыртқы ортадан белгілі бір түрткіні қажет етеді. Ал мұндай түрткілер ата-ана, ұстаз-тәрбиеші, құрдас-құрбылар тарапынан болуы мүмкін. Жақсы қасиетті иелену дегеніміз - жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады дейді Абай. Балаң жастағы өзіндік сана өмірден үлгі-өнеге, мұрат іздеуге жетелейді. Мұндайда кісі өз мінез-құлқының жаман-жақсы жақтарын ой таразысына салуға ұмтылады, алдына таудай талаптар қойып, бұларын қайткенде тиімді етіп орындау жолын қарастырады.

Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі жан мен тәнді шынықтырып, жаттықтырып отыруды қалайды. Он екі мүшесі сап-сау, тепсе темір үзетін адам түгіл тумысынан кеміс, әлжуаз-шынжау, ауру-сырқаулы адамдар да арнаулы жаттығулар арқасында алға қойған мақсаттарына жетіп отырған. Мұны дәлелдейтін фактілер аз емес. Ескі заманның аты шулы шешені Демосфен, американдық соқыр-мылқау, керең әйел Эллен Келлер, француз суретшісі Анри Ренуар, атақты композитор Бетховен, украин жазушысы Леся Украинка, керең, соқыр, мылқау ғалым О. Скороходова т.б. табиғаттың «қырында» қалып, жазылмайтын құзырға ұшыраған жандар еді. Табиғат бұлардың біреуін тіл-кұлақтан, көру қызығынан айырса, енді біреулерін параличке ұшыратып, қозғалтпай қойды. Бірақ олар ауыр халдеріне мұнаймай, өмір үшін күресе білді, мақсаттарына жету жолында ылғи да ізденіп, өлшеусіз еңбек етіп, талаптанып отырды. Осылардың әрқайсысы зор мәнді шығармашылық іспен айналысты. Одан өздері ләззат алды. Іс-әрекетке деген ынтызарлық, өз күшіне толық сене білу, аса күшті ерік-жігер, керемет қажыр-қайрат - бұлардың қай-қайсысына да тән қасиет еді.

Адам өзін-өзі тәрбиелеуде асқан шыдамдылық, қиын-шылықтарға төзімділік, ерекше ұстамдылық, ұзақ уақыт бойына қажымай-талмай, ерінбей-жалықпай жұмыс істей білуге машықтануы қажет. «...Сахнада мыңдаған жұрттың алдында қимылдамастан тұру оңай емес, - деп жазды орыс сахнасының майталманы К.С.Станиславский. - Мен осы дәрежеге жеттім, өйткені өзіме-өзім бір қалыптан қозғалма деп бұйырдым, осының салдарынан тәнім бұрынғыдан бетер сіресіп қалатын болды. Бірақ, жүре келе бір репетициядан кейін - екіншісіне, бір спектакльден - екінші спектакльге көшкен сайын бұлшық еттердің сіресуінен арыла бастадым. Бойымдағы жалпылай сіресуді белгілі бір орталық мүшеге ғана жинайтын болдым; қолымнын не аяғымның саусақтарына не қалың етіне, анығырақ айтқанда, ең мықты жерім осы деп өзіме шамалаған жеріме жинайтын болдым... Бұл менің жер тепсінбей, басы артық қозғалысқа жаппай еркін тұруыма мүмкіндік берді». Сөйтіп С. К. Станиславский жаны мен тәнін қосарландыра жаттықтырып, бұл екеуінің органикалық бірлігін жасауға шамасы келетіндігін іс жүзінде көрсетті. Оның бұл жүйесі сол кездің өзінде-ақ көптеген ғалымдарға, әсіресе, академик И.П.Павловқа жоғары жүйке қызметінің сан қилы құбылысын осы тұрғыдан әрмен қарай зерттей түсуге жол сілтеген еді. Шындығында, адамның осы секілді таңғажайып мүмкіндіктерін зерттеудің болашағы зор. Бұдан шығатын қорытынды: адамның өзін-өзі тәрбиелеу мүмкіндігі шексіз және бұл кез келген адамның қолынан келетін нәрсе.

Балаң жастағылардың арасында ой-армандарын күнделік бетіне түсіріп отыратындары да жиі кездеседі. Күнделік - адамның өзін-өзі тәрбиелеу ісінде психологиялық жағынан құнды құжаттардың бірі. Мұнда ұстаз бен ата-ананың көзіне түсе бермейтін адам өмірінің көптеген қыры мен сыры қағаз бетіне түседі, яғни күнделік арқылы жас адам өзімен-өзі сырласып, мұңдасады. Мұнда ол өзінің мінез бітістерінің кем-кетігін, нақтылы іс-әрекетін, айналасымен қарым-қатынасын, тіршілікте не тындырып, нені көздейтіндігін, асыл арман, асқақ мақсатын толғай тебіренеді.

Реті келгенде тәлімгер қауым күнделік жазатын жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңес ұсынса нұр үстіне нұр. Мұның шәкірт пен ұстаздың бір-бірімен жақсы тіл табысып кетуіне де қолайлы жағдай туғызатыны сөзсіз. Әрине, мұндайда ұстаз психологиялық қырағылық пен тәлімгерлік тактыны шеберлікпен пайдалануы қажет

Осы айтылғанға орай әрбір балғын жас ғұлама-ғалым К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Н.Г.Чернышевский т.б. жазып кеткен күнделіктерден де, кешегі аға-апаларының артына қалдырған жазбаларынан да небір тамаша материалдар таба алады. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой «Ерікті дамытудың ережелері» деген шағын шығармасында күн сайынғы режимдік мәселелер  мен катар (ұйқыдан ерте ояну, бір мезгілде тамақтану, демалу, қызмет істеу т. б.) адамгершілік принциптерді де (ретсіз қошеметке жоламау, көптің көзіне орынсыз түспеу, мағынасыз іске үйір болмау, дүние қоңыздыққа салынбау т. б.) тізбектеп көрсеткен. Өзін-өзі қалайша тәрбиелегендіті осыдан айқын байқалады. Олары: әр уақытта да бір нәрсеге ерекше назар аудара білу, шама келгенше нені болса да өзің істеу, тек ойыңдағыны ғана жүзеге айырып отыру, шарасыз жағдайда ғана бастаған ісіңді тастап, екінші іспен айналысу, бір істің үстінде тек сол жөнінде ғана ойлап отыру. Осы тұрғыдан орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің өзін тәрбиелеу мақсатында жасаған іс жоспары да көңіл аударарлық. Онда төмендегідей түйіндер бар:

  1. Ерекше сабырлылық, ең болмағанда сырттай сабырлы болу.
  2. Сөз бен істе әділ болу.
  3. Қимыл-қозғалыстың ақылға қонымдылығы.
  4. Тоқтамға тез келе алу.
  5. Өзің женінде орынсыз бір сөз де айтпау.
  6. Уақытты мақсатсыз өткізбеу, кездейсоқ іске ұрынбай, тек көңілге алған ісіңмен ғана айналысу.
  7. Қажетті не ұнамды нәрсеге ғана бой ұсыну, көрсе-қызарлыққа салынбау.
  8. Әр кез өзің істеген іске мұқият есеп беріп отыру.
  9. Еш уақытта да өткендегі, не қазіргі, не алда болатын ісіңмен мақтанбау.
  10. Осы журналды ешкімге көрсетпеу.

Белгілі балалар жазушысы К.И.Чуковский (1882-1969) өзін-өзі тәрбиелеу жолында А.П.Чеховтың басынан кешірген небір азаптары туралы оның күнделігінен мына секілді үзінділер келтіреді: «Тәрбиелеу үшін, - деп жазыпты Чехов, - өзім жүрген ортаның деңгейінде болу үшін... күндіз-түні бірдей еңбектену, өмір бойы оқу, жаттығу, қажырлы-қайратты болуым қажет... Мұнда әрбір сағат қымбат...». Жазушының пікірінше өзін-өзі тәрбиелейтін адам - нағыз тәрбиелі кісі. Өз ойын ол былайша жалғастырады: «...Олар адамның жеке басын құрмет тұтады, сондықтан әрқашан кешірімді, биязы, кішіпейіл, көнгіш келеді... Олар ақ көңіл, өтірік айтудан оттан бетер қорқады. Тіпті түкке тұрмайтын нәрселерге байланысты өтірік айту дегенді білмейді... Басқаның жан дүниесінің нәзік жеріне тимейді... аяғанды, аялағанды қаламайды. Олар абыржымайды. Атақтылармен танысу секілді жалған беделге, жылтырауыққа жоламайды.. Ұсақ-түйек есепті ұнатпайды...»

Жоғарыда келтірілген мысалдар - жас адамды өзін-өзі тәрбиелеу процесінде оны әр уақытта іс-әрекетке итермелейтін ішкі түрткілер. Осылайша өзін-өзі тәрбиелеуге белді бекем бузған адам әр кез өзіне нақтылы уәде беріп, серттеседі, бұйырып міндеттеме алады, өзін-өзі мақұлдап не айыптайды, кейде ойлаған ісінен бас тартады, өзін қайрайды не жұбатады, тағы осы сияқты түрлі ішкі-сыртқы түрткілерге үнемі жауап беруді әдетке айналдырады. Әрине, осы айтылғандардың бәрі де тек ізгі тілек ретінде қалмай, адамның күнделікті нақтылы ісінде, көздеген мақсатына жету жолындағы түрлі кедергі-қиыншылықтарды жеңуде көрініп отырса ғана бұл жақсы адамгершілік сапалардың қалыптасуына жәрдемін тигізеді. Өзін-өзі тәрбиелеудің әсерлі әдістерінің бірі - адамның өзін-өзі бақылай алуы. Бұл адамның өз бетімен алдына мақсат-міндет қоя білуі, оған жеткізетін жолдарды өздігінен іздестіре алуы, оның орындалуын үздіксіз қадағалап отыруы.

Өзін-өзі тәрбиелеудің бұлардан, басқа да толып жатқан әдіс-тәсілдері бар. Бұның біразы Абайдың қара сөздерінде де келтірілген.

Жас өспірімнің өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі имандылық пен адамгершілік биік принциптерімен ылғи да ұштастырылса, жеке мүддесі жұрт мүддесімен орайластырып. Буған халқы мен отбасына адал кызмет ету, оларға ылғи да борыштымын деу секілді ізгі ниеттерден туындап жатса - осы саладағы тыныс-тіршілігі мазмұнды да жемісті болады. Өйткені, борыш пен жауапкершілік, парыз бен қарыз, ар-ұят, намыс сезімінің болуы өзін-өзі тәрбиелеу ісіне зор турткі болып, қиыншылыктарға төзе және оларды жеңе білуіне, әр кез жарқын да шат-шадыман өмір сүруге жету жолындағы күресіне темеу болып отырады.

 

§ 2. Мамандық таңдау

 

Адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің бірі - мамандык таңдау. Ол болашақта отау құру, ел қатарына ену дейтін жайттармен өзектесіп жатады. Әсіресе, мамандык таңдау - жастар үшін ерекше мәнді. Мәселе, соңғы кездегі жүргізілген зерттеулер (анкета, сұхбат т.б.) жастардың мамандық таңдай білуге байланысты ой-пікірлері мен тебіреніс-толғаныстарында осынау өмір талабының қоғамдық-әлеуметтік жағынан гөрі жеке бастың мақсат-мүддесі көбірек сөз болатындығы (қайткенде баю, ақшалы болу, мансап құру т.б.) байқалып жүр. Әрине, бұл айтылғандар қазіргі нарық экономикасына көшу кезіндегі өтпелі дәуір тудырған жағдай, өйткені бұның казіргі кезде жұрттың психологиясына елеулі әсер етіп тұрған фактор екендігі белгілі. Жастардың жоғары оқу орындарына түсуге, интеллектік (ақыл-ой) мамандықтарын игеруге ынта-ықыластың төмендей тускені де байқалады. Бірақ қоғамдық дамудың жаңа жолына түскен егеменді, тәуелсіз қазақ мемлекетіне ғалымдар мен инженерлер, ғылым мен техника саласындағы мамандар да келешекте көптеп қажет болатындығы хақ. Әрине, заман талабы жастардын тек мал шаруашылығы, өндіріс, құрылыс маманы ғана болмай, сауда, алыс-беріс, бизнес ісіне де көптеп мамандануды қажет етеді.

Кәсіп және мамандық ұғымдарын (бұлар әлі айқын жіктелмеген) қамтитын түрлі қызмет салалары өте көп.

Тек кәсіптік-техникалық оқу жүйесінде ғана 1500-ден астам кәсіптің түрі тіркелген, қоғамдағы мамандық атаулының жалпы саны 30 мыңнан асып жатады. Олай болса, өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған кәсіптің өз жанына лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Әр адамның бірнеше кәсіппен айналысуға қабілеті болғанмен, соның біреуіне ғана ынтасы ерекше ауады. Өйткені, әр кәсіпке қажетті қабілеттілік деңгейі түрлі дәрежеде болады. Мәселен, ұшқыштық қабілет тек ұшу немесе оған жаттығу, спорт ойындары кезінде, математикалық қабілет шахмат ойыны үстінде қалыптаса бастауы мүмкін. Мамандықтың белгілі бір түріне бағыт-бағдар беру - кәсіптік бейімделу (адаптация) мәселесіне келіп тіреледі. Өндіріске жаңадан келгендерге тәжірибелі жұмыскер ұстаздық етіп, алғашқы кезде оған көбірек көңіл бөліп «сынап-мінеп» отырады.

Өнегелі тәлімгер олардың әрқайсысына қамқорлык көрсетіп, жұмыстағы кемшілік, олқылықтарын түзеп, қабілеттерін шыңдап, демеп отырады. Бұл жайт жас адамның өмір жолын дұрыс таңдай алуына, өз мүмкіндігіне сенімін нығайтып, бекіте түседі. Кәсіпке бейімдеудің жолдары мен әдістері көп. Солардың ішінде «Жұмысшы қатарына қабылдау», «Өмірге жұмысшы жолдамасын беру» т.б. салт-дәстүрлердің маңызы ерекше.

Кәсіпке бейімделу элементтері мектептегі оқу-тәрбие, процесінде де жүргізілуі тиіс. Мәселен, сабақ үстінде, әр түрлі үйірме жұмыстары кезінде шәкірттерді практикалық мәні бар қызметпен жәй таныстырып қоймай, оларды бұл іске тікелей араластырған абзал. Жастардың кәсіби жарамдылығына ересектер тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Мамандық таңдаудың келесі бір ұғымы еңбектің белгілі бір түріне адамның табиғи мүмкіндігін көрсететін психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерінің, тиісті білім, дағды, икемдіктерінің жиынтығы. Кәсіби іріктеуде адамның белгілі мамандыққа жарамдылығы, кісіге мамандық таңдауға қандай түрткілер (себеп, мотив) әсер ететіндігі арнаулы тест процедуралар арқылы анықталады. Мамандық таңдауда кәсіби консультацияның маңызы да ерекше. Бұл - түрлі мамандықтың өзіндік ереккшеліктері туралы дұрыс түсініп жоқ немесе ойы саяз жастарға ақыл-кеңес беріп, жен жосық көрсету. Мәселен, мұнда адам тәні мен жанының жекелеген өзгешеліктері (көздің көргіштігі, жітілігі, дыбысты естігіштік, сипай сезу арқылы заттарды бір-бірінен тез айыру т.б.), яғни тиісті мамандыққа (ұшқыш космонавт, машинист, музыкант, суретші т.б.) қойылатын қажетті медициналық, психологиялық талап-тілектер туралы, сондай-ақ, осы мамандыққа зәрулік, кейіннен жұмысқа орналасу т.б. мәселелер сөз болады.

Мамандық таңдауда қазақ жастары белгілі ғалым жазушы Ж. Аймауытовтың «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) атты еңбегінен де жақсы ақыл кеңестер алуына болады. Ол «мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жәй күнелту тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе, - дейді - Кімде кім өзіне біткен ыңғайына қаран өз жолымен қызмет етсе өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнын да істеген адамның жұмысы да өнімді берекелі болмақ ор өнер әр мемлекетке, әлеуметке керек. Әлеуметте, мемлекетте әр адамның еңбек берекелі, пайдалы болуын тілейді, неғұрлым әр мушесінің енбегі жемісті болса, соғұрлым әлеумет тұрғысы да тез оңалмақ».

Ғалым қазақ жастарына егін сал, сауда-саттықты үйрен, денсаулығыңды күт, шаруа-тұрмысыңды түзе газет-журнал, кітап оқуға машықтан, мәдениетті, алуан өнерді білетін кісі болуға тырыс, дей отыра: «Жұрттың бәрі әкім, комиссар болғанда, осынша қызметті істеуші кім болмақ» - дейді кейбір жастардың әкімшілік заң, сот жұмыстарына шектен тыс әуес болатындығын (бұл жағдай қазірде де аз кездеспейді - Қ.Ж.), бұлардың қызметтің осы саласына қызығуы өнері қысқаннан туып отырмағанын, бұл бір жұқпалы дерт сияқты қасиет екенін халқымыздың «бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың, бәрің бірдей тойшы болсаң - жын боларсың» деген аталы сөзіне негіздей, жеріне жеткізе айтады. Қазіргі кезде қоғамда болып жатқан экономикалық әлеуметтік жаңалықтар мен өзгерістер қазақ елінің тыныс-тіршілігін, салт-санасын жаңарту жолында жүрген жастарға Ж. Аймауытовтың мынадай ойлы сөздері де ерекше маңызды: «Оқыған азаматтың қызметке тұрлаусыздығы, білімі аз, шалалығы, құр даурықпа (демагогтык) боямалылығы, еліктегіш, мансапқорлығы, кеңсешілдігі, пайдакүнемдігі, негізгі мақсат, мұраты жоқтығы, берік жол тұтына алмайтындығы - осының бәрі шын әлеумет қызметкерінің піспеген, шынықпағандығын көрсетеді».

Қазірде де біздің арамызда мұндайлар аз ба? Әсіресе, ңарықтық экономикаға араласуды желеу етіп, тек табыс табуды ғана ойлап, ақша қуып кеткен кейбір жастар қоғам, әлеумет, халыққа қызмет істеу мәселелерін естерінен шығарып, имандылық пен адамгершілікке жат, келеңсіз қылықтар жасайды. Білімгер ғалым мамандық таңдауда кісінің жеке қасиеттері мен кейбір тумыстан берілетін ерекшеліктерін (темперамент, нышан т.б.) ескеру қажеттігін, бұл жерде әр кісі өзін-өзі басқарып, өзін жетілдіре түсуге, кісілікке ұмтылуға ерекше мән беру, яғни өзіңде қандай талант, қандай зеректік, қандай қабілет, бір сөзбен айтқанда, қандай қасиет-қабылет бар екендігін білуің қажет, өйткені «өзін-өзі танымаған, өзгені тануға да шорқақ болады» деп ақыл айтады.

Қазіргі жастар тәрбиенің сыңар объектісі емес, олар өз өмір жолын заман талабына орайластыра құруға қабілеті жететін, шығармашылық істің өкілдері. Олар нарықтық қатынастарға өтудің небір сүйініш-күйініштерін ересек адамдармен бірге тізе қосып, бастарынан кешіруде. Бұл жайт оларды бұрынғыдан гөрі есейте түсуде. Қоғамдағы әр түрлі проблемаларды жеке білуде жастарға аға ұрпақтың көмегі мен ақыл-кеңестері әлде де қажет бола бермек. Сондықтан, қазіргі бозбалалар мен бойжеткендердің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың ұмтылыс, белсенділіктеріне демеу жасап отыру - үйдегі, түздегі тәлімгерліктің абыройлы парызы болмақ.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-10-16 18:16:14     Қаралды-1576

ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗ ТҮГЕЛ БОЛСА

...

Қазақ халқы қолда өсірілетін түйе, сиыр, жылқы және қой-ешкіні төрт түлік мал деп атайды. Әр түліктің өзіндік орны бар, әрқайсысын шақыруға арналған одағай сөздер де түрлі-түрлі болып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »