UF

ЖАН ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МАҒЛҰМАТ

 

§1. Әдеп пен жантану пәнін окып-үйренудің маңызы

 

Психология ғылымымен жақсы таныс адам өзінің жан дүниесінің қыры мен сырын, ягни жеке басының қайталанбас ішкі болмысын танып білуге, онымен санасып отыруға, сондай-ақ құрбы-құрдас, аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, ата-әже, ағайын, жегжат-жұрағаттарымен дұрыс қарым-қатынаста болуына зор мүмкіндік алады. Дүниедегі толып жатқан фактілер мен қағида-ережелерді іріктеп, сұрыптап, жүйелеу, бастан кешірген күйініші мен сүйінішін басқа біреуге сипаттап айтып беру оңай емес. Олай болса, өз көңіл-күйін саналылықпен ұғынып, оны меңгеріп, өзгелер білу үшін жан куаттарының заңдылықтарын білу кажет. Психологиядан хабары бар адам өзін-өзі түсіне біледі, ұнамды-ұнамсыз қасиеттерін таразыға сала алады, яғни бұл ғылым адамның тек өзін-өзі танып-білу үшін ғана қажет емес, сонымен бірге өзін-өзі тәрбиелеу, өз мінез-құлқын түзеу, өзіндік мінез, кабілет, икемділік, бейімділіктерін дамыта түсуге мүмкіндік береді. Жан сыры туралы ғылымның негіздерін меңгерген адам және өзінің ақыл-ой жұмысын (сабақ оқу, лекция тыңдау, өз бетінше білімін көтеру т.б.) тиімді етіп ұйымдастыра алуға машықтанады (тез жазып-оқу, жылдам санау, қысқа да болса нұсқа сөйлеу, уақытын барынша үнемдеп, дұрыс пайдалана алу т.б.). Психология ғылым-білімді саналықпен миға тоқудың түрлі айла-тәсілдерін білуге ұмтылдырумен қатар ерік-жігерің мен қажыр-қайратыңды шыңдай түсуге де бейімдейді. Адамды байқағыштық пен байсалдылыққа, зейінділік пен зеректікке, тапқырлық пен ойланғыштыққа баулып, тәрбиелейтін де - осы ғылым. Сондықтан да мұны әрбір жас ұлан бар ынта-ықыласымен оқып-үйренуі тиіс.

Психологиямен егіздің сыңарындай қосақтаса жүретін ғылымның бір саласы - әдеп (этика) деп аталады. Мұның сыр-сипатын осы тараудың бас жағында айтып кеткендіктен, мән-мәнісіне тағы да тоқталып жату қажетсіз. Бұл жерде бір ғана ескертетін жайт: әдеп те психология сияқты барлық адамзатқа ортақ ғылым, бірақ мұның психологиядан бір ерекшелігі - әр ұлттың өзіндік өмір сүру жағдайлары оның әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жол-жоралғысымен тығыз байланыстылығында. Сондықтан, әдеп ғылымын оқып-үйрену арқылы өз халқыңның бүкіл тыныс-тіршілігінен, өзіндік психологиясынан біршама толық мағлұмат алатыныңыз сөзсіз.

 

§ 2. Жантану қандай ғылым?

 

Жантану - жануарлар мен адамдардың жан дүниесінің пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Адам - аса күрделі тарихи-әлеуметтік тұлға. Ол жанды дүниенің ең кеңжесі, оның санасы мен тілі еңбек құралдарын жасап, оны пайдалану арқылы біртіндеп қалыптасқан. Ақын Шәкәрім айтқандай, «...табиғат неше түрлі жан жаратты... жәндіктен адам жаралған... айуаннан өсіп болдық адам». Сана-сезімнің, жан қуаттарының өсіп-жетіліп қалыптасуына әуелі отбасы, әр түрлі қоғамдық-әлеумет тік жағдай, жүйелі тәлім-тәрбие шешуші рөл атқарады. Адам айналадағы дүниені, оның сан алуан заттары мен құбылыстарын үздіксіз танып-біліп отырады. Оның жан жануардан басты ерекшелігі - дүниені жәй танып қоймай, оны шама-шарқынша өзгерте алады, тәжірибе жүзінде оған белсенді әсер етеді. Мұның бәрі оның миында бейнеленіп отырады. «Жан» ұғымы гректің «псюхе», қазіргі баламасы - «психика» деген сөзінің тіліміздегі қазақша баламасы.

Жан туралы ғылым не айтады?

Жан (психика) туралы талай ғұламалар сыр шерткен. Солардың бірі - орыс физиологиясының атасы И.М.Сеченов (1829-1905) еді. Бұл ғалымның пікірінше, біздің барлық саналы, санасыз әрекеттеріміз рефлекс болып табылады.

Рефлекс - организмнің жүйке (нерв) арқылы сыртқы әсерге қайтаратын жауап реакциясы. Басқаша айтқанда, сырттан келетін тітіркендіргіштердің әрқайсысы біздің сезім мүшелеріміз (көз, құлақ, мұрын, тері т. б.) арқылы миға әсер етіп, онда қозу деп аталатын жүйке процесін тудырады. Жүйке процестерінің (екіншісі - тежелу, ал қозу мен тежелу бір сөлкебайдың екі жағындай, бірінен-бірі айырылмайтын процестер) түрліше қиысуларынан сан алуан жан қуаттарының түрлері пайда болып отырады. Мысалы, адам кино көретін болса, оны құлағымен тыңдайды, көзімен көреді. Бұл кезде оның миында (ондағы көру, есту жүйке орталықтарында) сыртқы әсердің нәтижесінен түрлі физиологиялық құбылыстар болып жатады, осыдан барып адам кино кадрларын тек көріп қана қоймай, оның мазмұнын түсінуге де қабілетті болады. И.М.Сеченов 1863 жылы жарыққа шыққан «Ми рефлекстері» деген кітабында бұл жөнінде былай деген: «Ойыншық көрген баланың күлкісі де, Отанын қатты сүйгені үшін қуғындалған. Гарибальдидің жымиюы да, махаббат туралы алғаш рет ойланған қыздың дірілі де, Ньютонның бүкіл әлем дік тартылыс заңын ашын, қағазға түсіруі де - міне, осының бәрінің нәтижесі дененің түрлі қимылдарынан көрінеді». Сеченовтың экспериментке негізделген (ол мидың рефлекстік қасиетін құрбақаға жасаған қарапайым тәжірибесінде жақсы көрсеткен) осындай батыл пікірлері сол кездегі немістің идеалист-физиологі Вильгельм Людвигтің: «Миды зерттеу - күл-талқаны шыққан сағат механизмін зерттеумен бірдей», деген пессимистік тұжырымын жоққа шығарған еді.

Сеченов рефлекстік теорияны жасау арқылы жанды ғылыми жолмен түсіндірудің алғашқы қадамын жасады. Жан туралы ғылыми-эксперименттік зерттеулерді әрмен қарай жалғастырушы дүние жүзі физиологтерінің ақсақалы И.П.Павлов (1849-1936) болды. Ол біздің ойланып-толғанып, сезініп, әсерленіп, түрлі қимыл, қозғалыстар жасаған кезімізде ми қалайша жұмыс жасайтындығын, шартты рефлекстерді жасау, оған қандай заңдылықтар тән екендігін жаңа тәжірибе-адіспен зерттеді. И.П.Павлов ми кұпиясын көптеген шәкірттерімен ұдайы 35 жыл зерттеді. Ол жанның материалдық негізі болып табылатын мидың көптеген заңдылықтарын (козу мен тежелудің мида жайылу, шоғырлану, өзара индукция заңдары, бірінші және екінші сигнал жүйелері, жүйкедегі динамикалық таптаурын т.б.) ашты, бұлар лабораторияда жануарларға (итке) жасаған тәжірибелері арқылы бірінен соң бірі дәлелденді.

Жоғары сатыдағы жануарлар мен адамдардың орталық жүйке жүйесі ми сыңарлары деп аталатын екі бөліктен (оң және соң жарты шар) тұрады. Ми сыңарларының ішінде ақ зат, сыртында сұр зат бар. Сұр зат ми қабығы деп аталынады. Ми қабығы калыңдығы 2-3 миллиметрлік бірнеше қабаттардан, иірім-иірім «сайлардан», иректерден тұрады. Бұларда жалпы саны 16 миллиардқа жуық жүйке талшықтары бар. Ми қабығы - бірыңғай тұтас мүше, бейне қабылдағыш аспап тәрізді. Оның қызметін телефон станциясы коммутаторының жұмысына ұқсатуға болады. Өйткені, барлық сезім мүшелері, бүкіл дене, оның беліктері осы орталық арқылы басқарылып отырады. Ми қабығы көптеген анализаторлардың (талдағыштардың) ядросынан тұрады. Онда барлық сезім мүшелеріміздің (көру, есту, тері, қозғалыс, иіс, дәм т. б.), сөйлеу қабілетіміздің жүйке орталықтары бар.

Адамның жан дүниесінің күрделі ағымын дұрыс аңғару үшін алдымен оларды белгілі жүйемен топтастыра, қарауымыз керек. Қісінің жан сыры, ғылым тілімен айтқанда, оның психикасы бір-бірімен тығыз байланысты үш топқа бөлінеді. Олардың бірі - психикалық процестер, яғни жан қуаттары деп аталса, екінші бір тобы - психикалық кейін немесе қалып, ал үшіншілері - кісінің жеке-дара психикалық қасиеттері немесе өзгешіліктері деп аталынады.

Жан қуаттарының бір тобы (түйсік, қабылдау, елес т.б.) сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын тікелей танып-білуде көрінетін болса, енді біреулері (ойлау, қиял т. б.) бұлардың арасындағы күрделі байланыстарды, дәнекерлі қатынастарды, сапалы өзгерістерді тереңдей бойлап білуде ерекше орын алады. Адамның сыртқы ортамен (объективтік шындық) үздіксіз жасалып отыратын белсенді байланысында, оның сезім, ерік процестерінде шешуші рөл атқарады.

Психикалық кейін (немесе қалып) - бұл адамның түрлі көңіл-күйінің (шабыт, зерігу, үрейлену, абыржу, сергектік, белсенділік т.б.) бірсыдырғы тұрақты белгілері.

Психикалық қасиеттер немесе адамның жеке-дара өзгешеліктері - бұл бір адамды екінші бір адамнан ажыратуға негіз болатын ең маңызды, ең тұрлаулы бірсыдырғы ерекшеліктері. Бұған әрбір адамның мінезі мен темпераменті, қабілеті мен дүниетанымы, сын, сенімі мен талғамы, мұраты мен қызығуы жатады. Бұлардың дамып қалыптасуында адамның өскен ортасымен қатар оның кейбір ұлттық, жас өзгешелік, кәсіптік ерекшеліктері де біршама орын алады. Адамның негізгі жан қуаттары сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы түрлі деңгейдегі бейнелері болып табылады. «Аспанда жұлдыздар жымыңдап, бір өшіп, бір жанып тұр. Оқтын-оқтын самал желдің ақырын ғана толқын ескен лебі денеге тиеді, шөп сыбдыры баяу ғана құлаққа шалынады, жас жусанның иісі мұрын жаратындай, көлде әлсін-әлі құрбақа бақылдайды...» Осы үзіндіде адамның түйсік, қабылдау деп аталатын жан қуаттары жақсы байқалады. Түйсікте сыртқы дұние заттары мен құбылыстарының толып жатқан жеке сапалары сәулеленетін болса, қабылдауда олар тұтастай күйінде мида бейнеленеді. Қабылданған заттар санамыздан жойылып, өшіп кетпейді, оларды түрліше жағдайда елестетуге болады. Мәселеп, студент үйіне хат жазып отырып, үйдегілердің бет-пішінін, үй ішіндегі нәрселерді көз алдына түсіре алады. Мұндай жағдайда оның басында елес процестері пайда болады. Елес тікелей қабылданбан тұрған нәрселер мен заттардың күңгірттеу жалпылама бейнесі. Студент сабаққа дайындалады. Кейін мұғалім сұрағанда ол оқытатын есіне түсіріп, айғып береді. Сөйтіп, қажетті нәрселерді есіне сақтайды да, қажетсіз, қызықсыз жайттарды ұмытады. Бұл жерде ес, жан процестері әңгіме болып отыр.

Ғалымның жаңадан бір заң ойлап табуы, инженердің машинаның бір түрін ойлап шығаруы, оқушының шығарма жазуы т. б. қиял процесін іске қосады. Бұрын қабылданған нәрселерді қайтадан өңдеп, образ жасауда көрінетін жан қуаты - қиял деп аталады. Алдымызда тұрған мәселені шешу, заттардың себеп-салдар байланыстарын таба білу, болмысты жалпылай және жанама түрде тану - ойлау процесінің арқасында болып отырады. Сөйлеумен тығыз байланысты ойлау ол адам танымының ең жоғары тұрі. Біз айналадағы нәрселерге талғаусыз қарамаймыз. Ісіміз оңға басса, көңіліміз толып, оған қатты қуанамыз, жаман нәрсені көрсек, реңжиміз, әділетсіз іске ашу білдіреміз. Қуаныш, қайғы, ұнату, ұнатпау, уайым, масаттану, достық, жолдастық, адалдық, шыншылдық, қайырымдылық, инабаттылық т.б. - адамның сан алуан сезімдері мен эмоциялары. Тіпті, тұрған үйіміздің тазалығы немесе ластығы, астың дәмді немесе дәмсіз даярлануы да біздің кеңілімізде қанағаттанушылық пен наразылық сезімдерін тудырады.

Қандай болмасын бір әрекет жасау үшін оны үлгілеп, жоспарлаймыз, алда тұрған кедергілер мен қиын шылықтарды жеңуге тырысамыз, алдымыздағы мақсатқа жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бұд да адамның мақсат, тілек, қалау, тоқтамға келу, оны орындаудан көрінетін ерік-жігер процестерінің арқасыңда жүзеге асады.

Жан қуаттарының арасында зейін қызметі ерекше орын алады. Ол санамыздың барлық қуаттарының (қабылдау, елес, ойлау, қиял т.б.) белгілі объективтік бағытталып, шоғырлануы. Зейін психикалық құбылыстардың қай-қайсысына болса да дәнекер болады, оны күшейте, әлсірете де алады сезім, ерік процестері де оған тікелей тәуелді болады.

Психикалық процестердің осы аталған түрлері бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Бұлар адам даралығын көрсететін психикалық қасиеттерімен (қабілет, мінсз, темперамент, қызығу), кейбір анатомиялық-физиологиялық тума қасиеттерімен де (нышан, темперамент) орайлас көрінігі отырады. Бұлардың әрқайсысының көрінуі нақтылы жағдайлардың әсерінен түрлі мәнге ие болып, адам сапасын әр қырынан көрсетіп жатады.

Адамның жан дүниесін зерттеп, танып-білудің әр түрлі әдіс-тәсілдері бар. Психикалық әрекетті белгілі мақсатқа орай жоспарлы, жүйелі түрде, мұқият ұйымдастырылған әдістер арқылы зерттейді.

Байқау мен эксперимент - осындай әдістердің негізгілері болып табылады. Мәселен, байқау арқылы адамның іс-әрекетінің ағымына қарап-ақ, оның сөз саптауы мен мимикасын (бет құбылысы), пантомимикасын (денедегі қимыл-қозғалыстар), ойлау, сөйлеу, сезім, ерік-жігер ерекшеліктері мен мінез бітістерін ажыратуға болады. Байқау әдісі ұзақ уақыт бойына жүргізуді, бір фактінің бірін-бірі бірнеше рет қайталап, әр қырыңан (сыналушыға білдірмей) зерттеуді қажет етеді. Байқау бірнешеге (жалпы, іріктеп, жәй, ғылыми т.б.) бөлінеді. Байқалған фактілерді, әсіресе байқауға алынған адамның сөз реакцияларын дер кезінде тез жазып алу қажет. Таспаға түсіріп не стенографиялап алса - тіпті жақсы, сонымен оларға мұқият талдау жасап іріктеп, салыстырып, тиісті қорытынды шығару көзделінеді. Осы әдістің кейбір кемшіліктері де жоқ емес. Мәселен, бай қаудың ұзақ уақытқа созылып кететіндігі, зерттеушіде байқағыштық қасиеттің кемдігі, ғылыми деректерінін субъективті, яғни дәл болмайтындығы т. б.

Психологияда эксперименттік әдістің орны ерекше. Бұл әдіс арқылы тәжірибе жүргізуші түрлі жан құбылыстарынан қажетті фактілердің туындауына, пайда болуына өзі жағдай жасайды. Ол арнаулы аспап, кұралдар арқылы ғана мүмкін болады. Мәселен, қабылдаудың шапшаңдығын, естің тұрақтылығы мен дәлдігін арнаулы аспап арқылы өлшеуге болады. Зерттеуші тәжірибе үстінде сыналушының жан дүниесіне әсер етіп оның қандай нәтижеге әкеліп соғатынын да топшылайды. Мәселен, зерттеуші материалды жаттап алудың тәсілін кезекпен өзгерте отырып (шетел сөздерінің тіркестері), осы жағдайлардың қайсысы тез жаттау үшін қайсысы ұзақ мерзімге есте қалу үшін қолайлы екендігін анықтай алады.

Психологияның бұлардан басқа да бірнеше әдістері бар. Олар: әңгімелесу, іс-әрекеттің нәтижесін талдау тест (сынау), анкеталық әдіс, өмірбаянды зерттеу т.б.

Бұлардың бәрі-бәрін дұрыс пайдалану үшін зерттеуші жантану ғылымының теориялық мәселелеріне жетік әр түрлі мінезді кісінің тілін таба білетін, бақылағыш зерделі, қырағы, яғни адам жанын жазбай танитын бесаспап тәлімгер болуы тиіс.

 

§ 3. Іс-әрекет, қарым-қатынас

 

Адамның жан дүниесінің ойдағыдай қалыптасуы оның нақтылы іс-әрекетпен үнемі айналысып отыруына тікелей байланысты. Іс-әрекет сыртқы ортамен байланыс жасаудың, жалпы тіршілік етудің негізгі шарты. Ол - кісінің түрлі қасиеттерін, мұқтаждықтарын өтеуге, мақсатына жетуге бағытталған психикалық дамудың қозғаушы күші. Бала психологиясы, оның негізгі іс-әрекеті ойын үстінде көрінсе, ересек адам өзіне тән ерек шеліктерін еңбек устінде көрсетеді. Іс-әрекет - күрдел процесс. Оның белгілі түрткілері, нақты максаты, операциялары, яғни орындалу жолдары болады. Ол жекелеген қимыл-қозғалыс, амал-әрекеттерден тұрады. Әрекет - іс-әрекеттің шағын бір бөлігі, ол жеке мақсаттарды орындаудан көрініп отырады. Ал іс-әрекет жекелеген әрекет тізбегінен құралады. Оның түрлері көп. Негізгілері: ойын, оқу, еңбек. Жануарда да іс-әрекет бар бірақ ол биологиялық сипатта болады. Адамның іс-әрекеті қашанда қоғамдық-әлеуметтік тарихи мәнге ие. Саналылық, мақсаткерлік, жоспар мен жүйе, ойға алған істен нәтиже шығару - адам іс-әрекетінің басты белгілері. Кісінің сана-сезімі артқан сайын, оның іс-әрекеті де жаңа мазмұнга ие болып отырады. Іс-әрекет пен сана бір-бірімеп тығыз байланысты, бұл екеуінің бірлігі сақталған жерде әр түрлі жан кұбылыстары ойдағыдан дамып, қиюласып жатады.

Адамның жан қуаттарының дамып жетілуі, ойдағы дай өмір сүруі үшін бірлесін тірлік етудің де маңызы зор. Әркім жалғыз жүріп мақсат-мұратына жете алмайды. Басқалармен бірлесе әрекеттесіп өмір сүру - табиғи қажеттілік. Адам түрлі топ, ұжымдар арасында ғана қоян-қолтық араласып жүріп өз мүмкіндігін көрсете алады. Адамдар тобы - олардың қажет-мұқтаждықтарын өтеу жолындағы өзара бірлесуі. Топтың түрлері де сан алуан. Соның бірі - нақты, реалды топтар. Бұл ортақ мақсат көздеген, бір кеңістікте, белгілі уақыт ішінде аралас-құралас жүретін адамдар бірлестігі. Топтар үлкен (макро), шағын (микро), ресми, бейресми, ұйымдасқан, ұйымдаспаған, контактілі, формалы (ресми түрде арнаулы бұйрық, жарлық арқылы құралған), формасыз (досжарандар, отбасы т.б.), жасанды, табиғи, шартты (тек қағаз жүзінде көрсегілген), референттік болып бөлінеді. Мәселен, шағын әскери бөлімше, жұмысшы бригадасы, мектептегі класс, ұшақ экипажы әр түрлі нақты (реалды) топқа жатса, спорт алаңында, кино залында отырған адамдар ұйымдаспаған топқа жатады.

Бригада мүшелері, студенттер тобы - ресми топ деп аталады да, бір отбасындағылар, дос-жарандар, ағайып туыстар бейресми топ болады. Екі-үш адамнам қырыққа дейінгі топтар шағын топтарға, ал мыңдаған, миллиондаған адамдар (ұлт, діни, кәсіподақ, саяси партиялар т.б.) үлкен топтарға бірігеді. Топтар, сондай-ақ кооперация, корпорация, ассоциация деп те бөлінеді. Бұлардың ішінде референттік топтың мәні ерекше. Бұл - ор адамның көптеген топтардың (кісі орта есеппен әр қилы 10-12 топқа қатарынан енуі мүмкін) ішінен біреуіне ғана тәнті болып, соны ғана қастерлеп, қадір тұтып, жүрек қалауымен таңдап алған тобы. Нақты топтардың жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі - ұжым (коллектив) деп аталады. Әрине, кез келген топтың ұжым дәрежесіне көтеріле алмайтыны түсінікті.

Ұжым мен топ ішінде алуан мінезді адамдар кездеседі. Мәселен, кейбіреулер тұйық, эгоист келеді, бұлар басқалармен тез араласып, тіл табысып кетуге икемсіз, ылғида оқшауланып жүреді. Енді біреулер кінәмшіл, сәл нәрсеге өкпелей кететін болса, мұнда өзін басқалардан жоғары қойып, өзгелерге көбінде кінә таға сөйлейтің, тәкаппар, мансапқор адамдар да кездеспей тұрмайды. Бұларға ұжымдағы әр түрлі оң істер, ұйымдастырушы басшылар көбінесе ұнай қоймайды, бұлар жұртты сыңағыш, мінегіш келеді. Басқаның «жүрегіне жол таба» білетін адам қайда да көпшілікке жақын, жұртпен қарым-қатынас жасауға шебер келеді Ол ұжымдағы өз орнын жарамсақтану, жағымпаздану жолымен емес, керісінше, табиғи болмысымен, ашық, жайдары мінезімен табады. Ол басқалардың жағдайын тез тұсіне біледі, өз білгенін жұртпен риясыз бөлісуге әзір тұрады. Олар қөтеріңкі сезімде, өзіне-өзі сенімді жүреді. Ал ұжымнан сырттап жүретіндер өздерін онша сенімді ұстай алмайды, басқалармен дұрыс қарым-қатынас жасай білмейді, өзіне жансерік таба алмай, ұжымның жетістіктерімен де, кемшіліктерімен де санаспайды, оған қуанышқа, ренжіп те жарытпайды, бұлардың кейбірі үсті-басына да салдыр-салақ қарайды, қатар-құрбыларымен бірге жүріп-тұрудың да еш қызығы жоқ нәрсе деп есептейді. Осындайлардың енді біреулері өз шамасын асыра бағалап, өз беделін жоғары санап жүреді. Әрине, топтан, ұжымнан «сырт қалғандардың» жағдайы қиын. Мұнда да адамңын тумыстан берілетін қасиеттері де (флегматик, меланхолик темпераментінің өкілдері) себепші болады. Сондықтан, топ жетекшілері мен белсенділер осы жайтты ескеріп, ондай адамдарды ұжымға тартудын тиімді жолдарын қарастырулары тиіс іс-әрекеттің қандай түрі болмасы оның атқарылуы оңайға соқпайды. Кейде ол терен саналылықты, терлеп-тепшуді, шаршап шалдығуды қажет етеді, тіпті адамды стресс жағдайларына (діңке кұру, болдыру) ұшыратуы мүмкін. Сондықтан да іс-әрекетің жеке бөліктерін тез әрі сапалы орындау үшін оларды сананың ерекше бақылауын қажет ететіндей жапанға келтіру яғни тиісті жаттығулар мен қайталаулар арқылы айналдырұ қаже. Дағды - сананың қатысуынсыз іс-әрекеттіқ жеке буындарының автоматталған құрамы. Мәселен, тез оқи алу, жылдам жазып, есептеу, коньки тебу, домбырада ойнау т.б. іс-әрекеттің тұтас өзі емес, оның жекелеген компоненттері.

Адамда дағдының қалыптасуын сипаттайтын белгілер: жеке қимыл-қозғалыстардың бірігуі, зорланатын, артық қозғалыстардың азаюы, денемен бақылаудын, маңызының артуы, оны түрлі әдістермен орындаудың мүмкіндігі т.б. Дағды жаттығу үстінде қалыптасады. Мұнда адамның өз қатесін, кемшіліктерін көре біліп, оны түзете алуы, не нәрсеге кол жеткізуі керек екендігі жайлы айқын түсінігі, машықтанудың нәтижесін әр кез біліп отыру аса маңызды.

Дағдылардан икем (икемділік, еп, ептілік) ұғымын ажырата білу қажет. Икемділік - дағдыны түрлі деңгейде орындай алу қабілеті. Икемділік түрлі дәрежеде көрінеді. Ол білім мен тәжірибеге негізделеді. Қімнің білімі көп әрі терең болса, тәжірибесі мол болса, сол адамнын, икемділігі де артық болады. Дағды мен білім жүйесін тәжірибеде пайдалана алу кісіде икем болуына байланысты. Икемділік - білімнің амалға айналуы, оны жүзеге асырудың да тәсілі. Икемділіктің деңгейі түрліше болады. Мәселен, төменгі класс оқушыларының футбол ойнаудағы икемі нағыз футболшының икемінен көп төмен, кемеліне келмеген, әлі де жақсы дағдыға айналмаған.

Әдет - тиісті жағдайда орындалуы қажет болатын, орнығып, қалыптасқан іс-әрекеттің автоматталынған құрамы. Әдістенген істі кісі орындауға мұқтаж, жасауға үнемі дайын тұрып, оны қажетсінеді. Мәселен, күн сайын беті-кол жуып тұруға дағдылану, ертеңгілік дене шынықтыру, мұны істемесе адамның көңілі көншімейді. Дағды әдейі жаттығу нәтижесінде, әдет - жәй қайталау арқылы жасалады, ол табиғи қасиет секілді бойыңа сіңіп кетеді. Әдеттің түрткісі - мұқтаждық. Әдеттердің көпшілігі үлкендерге еліктеу арқылы сәбилік шақта қалыптасып үлгереді. Әдеттің ұнамсыз түрлері де болады (салақтық, ұқыпсыздық, сөйлегенде қыстырма, қажетсіз сөздерді орынсыз көп қолдану, жұртқа кезек бермей сампылдап сөйлеу, тісті үнемі шұқылап отыру т. б.).

Ата-ана, ұстаздар қауымы балаларға ұнамды әдеттерді ғана қалыптастырып қоймай, оларды қажетсіз іс-қылықтардан арылту жағын да үнемі назарда ұстаған жөн. Әдеттер бірнеше топқа бөлінеді. Олар: имандылық, адамгершілік әдеттері (әр уақытта шындықты айтуға, әділ, алал болу, уәдеде тұру т.б.), мінез-құлық мәдениетіне байланысты әдеттер (кішіпейілділік, сыпайылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қамқорлық жасау, әдепті сөйлеу т.б.), гигиеналық (таза жүру, таза киіну, жұмыс орындарының тап-тұйнақтай болуы т. б.), еңбек етуге, ақыл-ой жұмысына байланысты ор түрлі ұнамды әдеттер.

Ұнамсыз әдеттер де бірнеше түрге бөлінеді. Бұлардың ішінде: қомағайлық, ішімдікке, шылым шегуге әуестік секілді ұнамсыз әдеттер әлбетте адамның қадір-қасиетін кетіреді не төмендетеді. Әдеттердің пайдасы мен зияны туралы аз айтылмаған. Мәселен, ағылшынның ұлы драматургі В.Шекспир (1644-1716): «Жақсы әдет - жақсылыққа бастайтын періште» десе, орыс педагогі Д.Ушинский (1824-1870): «Жақсы әдет өсімге берген ақша, адам өмір бойы соның өсімін пайдаланады. Жаман әдет - борыш, адам өмір бойы сол борыштың өсі мінен азап шегеді» дейді. Тауып айтылған сөздер. Халық даналығы да әдет туралы аз айтпаған. Мәселен, адамның ұнамсыз, жарамсыз түрлері жөнінде қазақтар «Әдет - әдет емес, жөн әдет» десе, енді бірде: «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген.

Сөйтіп, іс-әрекетке тікелей катысы бар дағды, икем, әдет адам іс-әрекетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Жақсы қалыптасқан дағды мен икемділік, пайдалы әдет адамның тұрмыс-тіршілігін жеңілдетеді, оқу, еңбек әрекеттерін тез игеріп кетуге себепші болады. Сондықтан, жаксы әдеттерді бойға дарыту үшін алға қойған тоқтам, мақсаттан еш шегінбей, жүйелі түрде жұмыс жүргізу, әсіресе, осы қағиданы жарамсыз әдеттерден (ішімдікке құмарту, темекі шегу т. б.) арылу үшін бұлжытпай колдану қажет. Күшті ерік-жігері бар адам зор табандылық көрсетіп, бойыңдағы қолайсыз әдеттерден толық арыла алады. Мінез құлқын түзеп, оған ие бола алған адам ұнамды әдеттерді дамытуға да шамасы жетеді.

 

§ 4. Адамның жеке-дара қасиеттері

 

Жаңа туған нәресте «адам» деп аталғанымен, ол шын мәнінде бұл атауға көпке дейін ме бола алмайды. Өйткені, адам болып, ер жету үшін бала оны мен солын өзінің «менін» басқа «мендерден» ажырата білуі тиіс. Нәресте мен сәбилерде бұл жағы жетіспей жатады. Адам - алдымен белгілі бір коғамның мүшесі. Ол қандай болмасын бір іспен айналысатын, азды-көпті өмір тәжірибесі, білімі мен дағдысы, икемі белгілі дүниетанымы, сенімі мен талғам-мұраты, бағыт-бағдары мінезі, қабілеті бір сыдырғы қалыптасып үлгерген, өзінің іс-әрекетін тізгіндей білетін, өз бойындағы жаман жақсы қылықтары үшін жауап бере алатын кісі.

Жеке адам, тұлға қоғамнан тыс (отбасы, ұжым т.б.) өмір сүре алмайды. Өйткені, оның жан дүниесі тек айналасындағылармен қарым-қатынас жасау үстінде тәлім-тәрбие, оқу іздену арқылы әркез белгілі мазмұнға ие болып отырады. Оның айналысатын іс-әрекетіне қоса бүкіл тыныс-тіршілігіне, ұстанған бағытына себеп болатын түрткілер көп. Солардың бастылары: қажет пен қызығу, таным мен сенім, мурат пен талғам, мақсат пен мүдде т. б.

Адамзаттың сан ғасырлық тарихында адамгершілік пен имандылықтың ұлы қозғаушы күші - сенім. Сенім жоғалған жерде адамға тән тіршіліктің мәні де шамалы. Ол - ер жетіп, есейген шақта пікір-талас үстінде, әр түрлі көзқарас қақтығысында плюрализмге кең жол ашылған жерде біртіндеп шыңдала түседі. Сенім - адамға бірден келмейді, ол өмір көріністерін топшылау, салыстыру, тәжірибе жинақтап, соны қорыту арқылы, яғни әрбір құбылысты «жеті рет өлшеп, бір рет пішу» дегендей, сын тезінен өткізіп, терең де тиянақты білім негізінде пайда болады. Сенім - адамның ерік-жігер, қажыр-қайратының қандай екенін көрсететін, сезімді қозғаған, өмір сүру мақсатына айналған өміршең білім. Сенім дүниетанымға (табиғат, адам, қоғам құбылыстары туралы білімдер жүйесі) негізделеді. Қәмелетке келген адамның белгілі дүниетанымы болады. Сенім мен дүниетаным егіз қозыдай қатарласып жүрсе ғана адам санасы жарқырай, нұрлана түседі. Өйткені, бұл екеуі құстың қос қанатындай адамның ең асыл қасиеттері болып табылады. Берік сенім жоқ жерде тиянақты дүниетаным да, тұрақты мінез-құлық та болмайды Сенімі жоқ адамның шындықтың жәй-жапсарын дұрыстап айыруға, өмірден шамасына карай өз орнын дұрыс таңдай алуына шамасы жете бермейді. Оны өмір толқыны біресе онда, біресе мұнда соқтырады да, мінез-құлықты көлденеңнен кез келген кездейсоқ жағдайлар билеп кетіп отырады. Қай адамның болса да, өзінше бір түсінігі болады. Бірақ қарадүрсін түсініктердің көбі дұрыс болып келе бермейді. Тек ғылымға негізделген түсінік қана, адамның нақты сенімімен, өміршең іс-әрекетімен тығыз ұштасқан дүниетаным ғана адамға жан серік бола алады. Мұндай дүниетанымды бойға дарыту үшін бәрінен бұрын білім негіздерін жәй меңгеріп қоймай, оны миға мықтап тоқу қажет болады. Құрғақ жаттауға негізделген білімнің іргесі бос болып, таным мен сенімге қуат бере алмайды. Өмірмен біте қайнасқан білім - дүниетанымды қалыптастыратын құрылыс материалы. Ал адамның алған білімі бөлек-бөлек кірпіш сияқты әр жерде шашылып жатса (әңгіме білімді қалай болса солай, қағаз жүзінде жеңіл «меңгеретіндер» туралы болып отыр - Қ. Ж.), әрине, ондай білім түкке тұрмайды. Тек зердеге құйылған білім ғана дүниетаным мен сенімге негіз бола алады. Ғылымға негізделген белгілі дүниетанымы мен сенімі, айқын мақсаты, бағыт-бағдары бар адамның психологиялық қасиеттері жоғары болып келеді. Ондай адам ар-ұятты қастерлейді, мінез-құлқын осыларға негіздей кұрады. Мәселен, бір бойжеткен ағаттық жасап, қателескеп екен дейік. Оның қатесін жасырып, бүркеп қалуға да мүмкіндігі бар еді, бірақ өзі бұл қылығын адамгершілікке жатпайтын теріс қылық деп түсінеді де, өз катесіп мойнына алуды бірден-бір дұрыс деп есептейді. Міне, бұл ар-ұятқа негізделген мінез құлық.

Жеке тұлғаның, әсіресе, жас адамның жан дүниесін нұрландыратын қасиеттердің енді бірі - мұрат (идеал). Бұл - адамның өмірден өзіне өнеге іздеуі, қадыр-қасиеті халыққа танылған біреуді ардақ тұтып, қастерлеуге ұмтылуы. Мұрат - адамның алдына қойған мақсатқа жету жолындағы асыл түрткісі. Адам ізгі мақсатына жету ұшін ақылға сыйымды әдіс-тәсілдердің бәрі-бәрін пайдаланады. Бұл үшін өзін-өзі тәрбиелеуге кіріседі, барлық күш-жігерін соған арнайды. Нағыз мұрат - берік дүниетаным мен сенім, сөз бен істің байланысы бар жерде ғана орын тебеді.

Жеке адам психологиясынан елеулі орын алатын қасиеттің және бірі - талғам. Мұның қалыптасуына дүниетаным мен сенім, адамның ұстаған өмірлік позициясы, білім мен тәрбиесі (отбасы, ұжым т.б.), жол дас-жорасы мен құрбы-құрдастары елеулі әсер етсді. Модаға (сән) байланысты да жастарда ор түрлі талғам қалыптасып отырады. Мәселен, кейбіреулердің ала-құла, көзге огаш киінуін, қыз балалардың темекі тартып, ішімдікке үйір болуын талғамы дұрыс қалыптаспаған адам деп айтуға болады. Өйткені, дұрыс талғам жүйелі жақсы тәрбиенің, айқын дүниетаным мен берік сенімнің, асыл мұраттың бар екендігінің көрінісі.

 

§ 5. Мінез және темперамент

 

Бозбала мен бойжеткендердің жеке басынан ерекше дараланып байқалатын психикалық сипаттардың бірі - мінез бен темперамент.

Мінез дегеніміз кісінің өзіндік бағыт-бағдарының, жан дүниесі ерекшелігінің бір сыдырғы тұрақталған, тұрлаулы белгісі. Мінез - көптеген жан қуаттарының жиынтығын көрсететін синтездік қасиет. Мінез кісіні әр қырынан көрсетіп тұрады. Мінез бітістері көп, бірақ бұлардың бәрі бірдей сол кісінің мінез бітістері болып табылмайды. Өйткені, мінез бітістері сол кісінің кез келген жағдайда кезге түсетін турлаулы да тұрақты ерек шеліктері.

Мінез - даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі. Мінезде адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасының тарихы бейнеленеді. Мінез - кең мағыналы ұғым. Онда түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінез иманды, имансыз, тәрбиелі, тәрбиесіз, бірқалыпты, бүтін, кетік, күшті, тұрақты, айқып, сал мақты т.б. негізгі сапаларға бөлінеді.

Тәрбиелі мінез адамда имандылық қасиеттердің бар екенін көрсетеді. Көпшіл, ізетшіл, адамға қамқор, жолдастықты кадір тұту, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өзінің міндетін орындаудағы жауапкершілін пен адалдық - мінездің осы сапасының негізгі бітістері.

Руханн дүниесі бай, қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам денді. Мінез сапаларының бірі - оның бірқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйытқып тұрмайды, оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты келеді. Бұл екеуі мінездің егіз қозыдай бірінен екіншісі бір елі қалмайтын қасиеттері. Мінездің тұрақтылығы адамның адамгершілік ұғым-түсініктеріпен туындайды. Тұрақты мінез - өмір сүрудің мән-мағынасын, іс-әрекетінің мазмұнын белгілейді.

Бірқалыпты, тұрақты мінезі бар адам басқалардың жетегінде кетпейді, оның өзінің белгілі көзқарасы, принципі, мінез-құлық нормасы болады. Ол қауіп-қатерден бой тасаламайды, керек жерінде батылдық көрсете біледі. Инициатива мен белсенділік, достық пен жолдастық, адалдық пеп шыншылдық - осындай мінезді адамға тән қасиеттер.

Мінездің күші дегеніміз - мақсатқа жету жолында алда тұрған кедергілерді жеке білуде көрінетін адам қуатының мөлшері. Мұнсыз мінез өз мәнінде болмайды «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң айтпа сөз» деп Абай тегіннен тегін айтпаған. Жақсы мінезге тән сапалардың бірі - мінездің байсалдылығы. Мінез адамның дүниеге көзқарасы мен сеніміне байланысып жатса ғана байсалды бола алады. Соңғысы берік сенімнен туады. Мұнсыз әрекеттің тиянақты болуы мүмкін емес қабілетсіз адам болмайтыны сияқты, мінезсіз де адам болмайды. Жаман болсын, жақсы болсын, әйтеуір адамда бір мінез болады. Бірақ жоғарыда айтқандай, түрлі сапалары ойдағыдай қиысып келетін жайсаң мінезді адамдар жиі кездесе бермейді. Біреуде мінездің ол жағы, біреуде бұл жағы жетіспей жатады. Сондай-ақ адам түрлі жағдайда турліше мінез көрсетуі де мүмкін. Осыған қарап оның мінезі тұрақсыз екен деп үстірт айта салуға болмайды. Өйткені, ол әншейінде батыл, жігерлі болмағанымен, бірде осындай қасиеттермен көзге түсуі мүмкін. Әрине, мінез үшін тұрақты қасиеттердің мәні өте зор. Мәселен, барлық жерде де адам тәртіп сақтай алатын болса, тек сонда ғана тәртіптілікті сол кісінің тұрақты мінез бітісі деуге болады.

Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен (мектеп, оку, өндіріс ұжымдары, қоғамдық ұйымдар т. б.) тығыз байланысты. Осы айтылғандар мінездің дамуы үшін шешуші рөл атқарады. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмір тәжірибесімен қалыптасады. Мәселен, ешбір бала анасынан еңбексүйгіш не жалқау, тәртіпті не ұстамсыз болып тумайды. Оның мінезі өмірдің сан алуан ситуацияларыныц ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады. Адамның сыртқы ортамен жасайтын қарым-қатынасы белсенді қарым-қатынас. Сондықтан да ол шама-шарқынша өз ортасына тиісті өзгерістер енгізеді. Бұл жерде адамның нақты іс-әрекеті мінез бітістерімсн қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Адамдардың өмір жолы мен іс-әрекетінің сипаты түрліше болатындықтан, оның мінез бітістерінде басқа біреуде қайталанбайтын жеке-дара бітістер көптеп кездесіп отырады. Сонымен бірге адамдарда өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан, көпшілікке ортак мінездері де болады. Сондықтан бір адамның мінезі жөнінде сөз болғанда, мінездің дара және типтік бітістерін қоса еске алып отыру кажет. Типтік мінездер белгілі тарихи-қоғамдық жағдайлардың нәтижесі. Типтік мінездер әр адамның ұлттық кәсіптік және жас ерекшелігіне сәйкес түрліше сипатта кездесіп отырады.

Адамның сансыз мінез бітістерін белгілі топтарға топтастыруға болады. Олардың бастылары төменде айтылады.

Жеке адамның ұстаған бағытынан, яғни бүкіл психикалық тұрпатынан байқалатың мінез бітістері әр түрлі жағдайда көрініп отырады. Мұның біріншісіне адамның басқалармен қатынасын білдіретін мінез бітістері кіреді. Бұларға: имандылық оның түрлі тармақтары кайырымдылық үйірсектік, адалдық, шыншылдық және осыларға қарама-қарсы жекешілдік, қатыгездік, тұйықтық, зымияндық т.б. бітістер жатады. Осы топқа сондай-ақ адамның өз ісіне, еңбегіне қатынасын білдіретін мінез бітістері де жатады. Бұларға еңбексүйгіштік, күнттылык, инициативтілік, жинақылық және осыларға карама-карсы жалқаулық, салақтық, тиянақсыздық, кертартпалык т.б. бітістер кіреді. Адамның өзіне-өзі катынасын білдіретін мінез сипаттары да осы топтың негізгі бір жағы. Бұларға кішіпейілділік, қарапайымдылық, өзін өзі сынай білу, талап қоя білушілік және бұларқа қарама-қарсы; оркөкірек, мақтаншақ, жасқаншақ т.б. жатады.

Мінез бітістерінің келесі тобын адамның өзін-өзі менгере алу қабілетіне орай қалыптасқан өзгешеліктері құрайды. Бұл топты мінездің еріктік сапалары немесе мінездің жотасы деп атайды. Бұларды да адамның ұстанған бағыт-бағдарынан, дүниеге көзқарасынан, жоғарыда айтылған мінез бітістерінің мазмұнынан тыс қарауға болмайды. Сондықтан да сотқар адамның жөнсіз батылдығы мен мемлекет мүлкін тонаушы ұрының жыл пос «пысыктығын» мінездід еріктік сапаларының бірі деп ойлау шындыққа сай келмейді.

Мінездің еріктік сапаларының өзі күшті және алсіз, нашар мінез болып бөлінеді. Мұның біріншісіне - мақсатқа талпынғыштық дербестілік, тоқтамға келгіштік батылдық, шыдамдылық, тәртіптілік, жинақылық, ерлік т.б. жатса, екіншісіне илангыштық, қыңырлық, ұстам сыздық, жүгенсіздік, тентектік т.б. кіреді.

Мінез адамның басқа психикалық қасиеттерімен, атап айтқанда, кабілет, қызығу, темпераментімен тығыз байланысты. Мәселен, адамда кабілеттіліктің дамуы кейбір тиісті мінез бітістерінің болуын кажет етеді. Айталық, табандылық, уақытша сәтсіздікке мойымау, еңбексүйгіштік, энтузиазм сияқты мінез бітістерінің қабілеттілік үшін ерекше маңызды екендігі түсінікті. Ал, темперамент болса, ол мінез бітістеріне өзіндік бояу, рең береді. Жақсы мінездін ықпалымен темпераменттердің кейбір нашар жақтарын өзгертіп отыруға болады.

Орыс физиологі И.П.Павлов мінез бітістерін жоғары жүйке қызметінің типтері тумыстан берілетін ерекшеліктерімен кісінің өмір сүру барысында қалыптасатын жүйке саласының өзіндік «құйындысы» деп түсіндіреді.

И.П.Павлов айтып отырған «құйындыда» мида қалыптасатын уақытша жүйке байланыстарының жүйесі ерекше маңыз алады. Әрине, жүйке қызметінің типтері - адамның бүкіл мінезін не оның жеке бітістерін толық көрсете алмайды. Өйткені, адамның кішпейілді, сыпайы, қайырымды не тұрпайы, кайырымсыз болып келуі жүйке жүйесінің кез келген типтерінің арасынан да табылады. Әрине, мұнда аз ба, көп пе, әйтеуір, жүйке жүйесінің тумыстан болатын ерекшелігіне қарай типтік бояу болатындығын жоққа шығару қиын. Бұл жерде темперамент деген ұғымның мәніне қысқаша тоқталу қажет.

Темперамент - жүйке саласының тума касиеттерінен туындайтын адамның жеке-дара өзгешелігі. Мәселен, қимыл-қозғалысы шапшаң, ұстамсыз, ылғи да күйіп-пісуге дайын тұратын күйгелек адамдар болады. Мұндайлар істі бұрқыратып істейді, кейде колын бір сілтеп сылқ түседі. Еті тірі, ойнақы, тыпышсыз, шамданғыш, көңіл-күйі аумалы-төкпелі, жұртпен қарым-қатынаста тұрақсыз, пысық, бірақ бейқам келеді. Ғылымда бұлар холериктер деп аталады.

Адамдардың енді бір тобы кісімен тез тіл табысады, өзін көңілді ұстайды, бұл ақ көңіл, қызу істің адамдары. Қысылып-қымтырылмайды, кісіге қайырымды, еті тірі, бірақ істі бастап, кейін тастап кетеді, жеңіл мінезділікке салынып, сылбыр куйге түсе кетеді. Мұндай адамдарды сангвиник темпераментінің өкілі дейді.

Енді біреулер сақ байыпты, байсалды, ынтымақшыл келеді. Әр ісін ойлап істейді, тұрақты, біркалыпты жүреді, орынсыз асып-саспайды. Бір істі бастаса оны аяқсыз қалдырмайды. Мінезі ауыр, көрсеқызар емес, қимыл-қозғалыстары баяу. Бұл флегматик темпераментінің өкілі.

Меланхолик темпераментіне жататындар сәл нәрсеге ренжитін, өкпелегіш, тұйық, көп сөзі жоқ, пессимист, өте баяу қозғалатын жайбасар адам. Ол жасқаншақ, сір кесі еу көтермейді, өте ынжық кісі. «Мен» деп ешқашан ұмтылмайды, өте ұялшақ, тартыншақ, жұрттан аулақ жүргенді жаны сүйеді. Мәселен, суретші Бидструртың «Төрт темперамент» жайындағы картинасында адамдардың сыртқы кейпінен темпераменттердің өкілдерін жақсы байқауға болады. Өйткені, мұнда темперамент өкілдерінің ұнамды-ұнамсыз жақтары өзіндік ерекшеліктерімен басым сипаттары жақсы көрсетілген. Өмірде темпераменттің таза түрлерінің кездесуі сирек олар бірімен бірі мидай араласып, баттасып жатады. Бірақ нақты жағдайларға байланысты олардың айқын көрінетін кездері де болады. Айталық, төрт студент қыз театрдағы ойынның басталуына кешігіп келген екем дейік. Шәрипа дейтін қыз балет тексерушімен дауласып, оған сенің сағатың дұрыс емес деп залға күшпен кіруге ұмтылады. Нағима атты қыз «балконға барайық, сол жерден көрелік», - дейді. Ал Мағрипа «Алғашқы көрініс қызық болмайды, буфетке бара тұрайық, антрактты күтейік», - десе, Мәдинасы «Менің әр кез жолым болмайды. Бірінші рет театрға келуім еді. Ол сәтсіз болды», - деп мұңайып, үйіне кетіп қалады. Темпераменттің алғашқы үш түрінің (холерик, сангвиник, флегматик) жүйке санасы күшті келеді, ал меланхоликте ол жағы әлсіз болады.

 

§ 6. Қабілет және дарындылық

 

Адамның жеке дара қасиеттерінің бірі – қабілет. Бұл - іс-әрекеттің жекелеген түрін ойдағыдан әрі нәтижелі етіп орындаудан көрінетін ерекшелік. Қабілет басқа да жан қуаттары мен қасиеттері сияқты өмір мен іс-әрекет үстінде дамып, қалыптасып отырады. Қабілет дамуының табиғи негізін құрайтын, жүйке санасының туа біткен белгілі нышандар жиынтығып дарындылық дейді. Қісінің қандай да болмасын бір істі жемісін орын дауы тек қабілетке ғана байланысты емес. Ол сондай-ақ, адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағды және тәжірибенің болуын қажеттеді. Кісінің пәрменді тұрде қызыққан іс-әрекеттерінен тыс қабілеттің қалыптасуы мүмкін емес. Қабілеттер жалпы (жалпы адам атаулыға ортақ), арнайы (іс әрекетің белгілі бір саласы бойынша) және практикалық деп үш түрге белінеді. Қабілет тілік табиғи нышанмен (адамның тумыстан берілетін физиологиялық ерекшелігі) байланысты болғанмен, негізінде еңбектің, қажырлы іс-әрекеттің нәтежесінде қалыптасады.

Қызметті нәтижелі орындау үшін қабілеттің бір гана үріне сүйенуге болмайды. Мәселен, ақып-жазушыға ерекше бақылампаздық, ой-өрістің кеңдігі, жазуға икемділік, күшті зейін мен қайрат, ақыл-ойдың сыншымдылығы мен орамдылығы, кеңдігі мен ұшқырлығы ауадай қажет. Бірнеше қабілеттердің ойдағыдай қиысып келуі іс-әрекеттің белгілі саласынан көрінетін талантпен байланысты. Адам жас кезінде сөзге олақ болғанымен, есейе келе ерен еңбек етудің нәтижесінде ірі ақын, ірі жазушы болуы мүмкін. Мәселен, белгілі орыс жазушысы С.Акедков алғашқы шығармасын 56 жасында жазған. Бала кезінде түрлі себептермен білім ала алмаған кісінің егделартқан кезде ғалым болғанын айғақтайтын деректер аз емес. Бұған 40 жасында сауатып ашып, 73-інде ғылым докторы болған Е.К.Гусеваның өмірі жақсы дәлел Қазақ елі тарихында да мұндай фактілер көп кездеседі. Адам неғұрлым талантты, дарынды болған сайын, өз еңбегі мен шығармашылық шеберлігін үстеп, бар күш жігерімен еңбек етеді.

Жәй қарағанда үлкен талант иелерінің (Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ.Сәтбаев т.б.) шығар малары оп-оңай, өзінен-өзі жазыла салатындай көрінуі мумкін. Ал, шындығында бұлар инемен құдық қазғандай өлшеусіз қыруар еңбектің нәтижесі. Әйгілі ақын-жазушылар мен ғалымдардың қолжазбаларын ақтарып көрсек, олардың бір жазғанын әлденеше рет өңдейтінің сан рет көшіріп жазатындарын, яғни бір сөзбен айтқанда, шығармашылық адамдарының іс-әрекеті ақын В. В. Маяковский айтқандай: «Жыр маржан ғой теңіздің түбіндегі. Алу үшін қадалған миллион көз. Дәл осылай жыр жолына ілігеді, миллион сөздің ішінен жалғыз-ақ сөз» дегенге келін тіреледі.

Көбінде балалық шақта байқалатын, табиғи нышандардың ойдағыдай қиысып келуінен туындайтын қабілеттің жоғарғы түрі дарындылық деп аталады. Қабілетің осы түрінің сыры ғылымда әлі толық зерттелмеген дегенмен, дарындылық жоғары жүйке қызметінің тума типімен (онда жүйке байланыстарының шапшаң қозғалысқа тусе алуы, аса икемділігі мен өзгергштігі, сезім мүшелерінің ойдағыдай жетілуі т.б.) байланысты болып келетіндігі анықталып отыр.

Осыдан 200 жылдай бұрын Германияда «Ұстазы Кристиан фон Шенах жазып алған любектік төрт жасар дарынды бала Кристиан Генрих Хейнекеннің өмірі, іс әрекеті, саяхаты мен өлімі» деген кітап жарық көрді. Дарынды балалар жөнінде жазылған алғашқы кітап осы болатын. Туғанына он ай толмай жатып Генрих суреттегі заттарды айырып атай алды, үш жасқа келгенде ертегілерді өзі оқып, арифметиканың төрт амалы мен есеп шығаруды, көп ұзамай француз тілін үйренуді меңгеріп, географиядан жақсы мәлімет алады, мыңнан астам латын мақалын біледі. Генрихтің даңқы әлемге жайылып, оны Дания королі қонаққа шақырады, бірақ сәби көп ұзамай, төрт жастан төрт ай асқанда қайтыс болады. Казір де мұндай балалар бар.

Дарынды бала (ғылымда бұларды вундеркиндтер дейді) мәселесі жөнінде әлемдік психологияда жазылған еңбектерде жинақталған нақты деректер аз емес. Өкінішке орай, оларды іздестіріп тауып алу, сондай-ақ, оқытып-тәрбиелеу жағы қазақ жұртыңда бүгінге дейін жөнді көңіл бөлінбей келе жатқан мәселе. Қазақ мектептерінің жағдайында осы жайттың ойдағыдай жүзеге асуына оралғы болатын факторлар да жеткілікті. Соның бірі көптеген мұғалімдер мен тәрбиешілердің психологиялық, педагогикалық білім жүйелерінің саяздығы, олардың жұмыс бастылығы, қабілетті шәкірттермен дербес жұмыс жүргізуге уақыт бөлмеуі т.б. Осы айтылғандар әр ауыл мен мектептен ұшырасып қалатыны белгілі.

Ерекше қабілетті балаларға қамқорлық жасалып жатқан қазіргі кезеңде республикамыздағы көптеген колледждер мен лицейлер негізінен дарынды балалар үшін ашылған оқу орны. Әрине, мұндай оқушылар ел болашағы, оның интеллектік (ақыл-ой) қуатының баға жетпес резерві. Сондықтан да жер-жерден бұларды іздеп табу аса мәнді де адамгершілікті іс. Оларды баулып қамқорлыққа алу - баршамызға ортақ, халықтық шара, өйткені таланттар қай кезде де, қандай қоғамның болса да іздесе таптырмайтын ұлттық рухани байлығы.

Дарындылық - адамның ой-өрісінің деңгейі мен өзіндік іс-әрекеттің ерекше өрістеуіне себепкер болатын адамның жан-жақты дамуының қайнар көзі, арнаулы қабілеттердің ойдағыдай дамуының нәтижесі.

Ерекше зейінділік, жинақылық, күрделі ақыл-ой жұмысына әрқашан да әзір тұру, еңбекке ұмтылудың табандылыққа ұласуы, демалыспен есептеспей, қажымай талмай еңбектену - дарынды балалардың басты ерекшеліктері. Бойкүйездік пен жалқаулыққа бой алдырмай, қолайсыз жағдайда да жұмыс істей алу, әр істі соңына жеткізбей тынбайтын табандылық, ауыр еңбектен ләззат алу, әр нәрсені талдау мен жинақтай алуға ерекше икемділік, таным аясының кеңдігі, ойлау белсенділігінің аса тұрактылығы - ерекше балалардың өзін-өзі басқара алу қабілетінің басты көрсеткіші болып табылады.

Әр жердеп оқта-текте кездесіп қалатын дарынды балаларды ұстаздық қырағылықпен көре біліп, оны ар наулы оқу орындарында оқытып-тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Үйде де, түзде де дарынды баламен жұмыс жүргізетін тәлімгерлердің жан-жақты білімді, әсіресе, бала жанын жазбай танитын сезімтал психолог болуы керек.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-10-16 17:53:05     Қаралды-4166

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »