UF

Мұхтартану ғылымы және оның міндеті мен мақсаты.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – ХХ ғасырда қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға, кемеңгер жазушы, данышпан ойшыл. Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын, даналық тағылымын оқып үйренудің маңызы зор. Әйгілі шығармалары дүниежүзілік әдебиеттің алтын қорына қосылған жазушының шығармашылық өнері бағдарламалық талаптарға сай орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында жан-жақты оқытылып келе жатқаны құптарлық құбылыс. М.Әуезов сынды көп қырлы талант иесінің әдеби мұралары мен мәдени өмірімізден алатын орнын жоғары білім беретін институттар мен университеттерде терең оқытудың мәні мен маңызы айырықша. Сол себепті осындай игілікті іске септігі тиеді деген мақсатпен арнайы лекциялар курсы дайындалды.

Лекциялар курсын құрастыруда бірнеше мақсаттар көзделді. Ең алдымен курстың мақсаты мен міндеті айқындалды, одан әрі бағдарламалық талаптарға сай М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық өнері, қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі, жазушының әлем әдебиетінен алатын орны сияқты күрделі мәселелер қамтылды. Сонымен қатар жас ұрпаққа тәлім-тәрбиелік тағылымы күшті Әуезовтің өзі айтқан өсиет, аманат сөздер мен ол туралы айтылған даналық сөздер де топтастырылды. Мұның бәрі бағалы дүниелер екені түсінікті.

Бұл уақытқа дейін өзіміз де ұлы тұлға жайында аз-кем дүниелер жазған екенбіз, ол еңбектерді де ретіне қарай қосқанды жөн санадық. Әсіресе жазушы Әуезовтің ғалым Ысмайыловпен арадағы шығармашылық қарым қатынасы, олардың арасындағы «сенген көңіл, сеніскен бейіл» жайында білгенімізді ортаға салдық. Бұл дүниелердің шәкірт жүрегіне бір шапағаты тисе болғаны деп ойлаймыз.

Қазіргі уақыт, соның ішінде білім беру саласы жаңа халықаралық нормаларға, стандарт жүйесіне көшіп, сапа менеджмент жүйесіне ерекше қөңіл бөлетін уақыт екені мәлім жайт. Осындай сапа жүйесін одан әрі дамытып, жетілдіріп жатқан тұста әдістемелік бағытты да естен шығармаған жөн. Сол себепті біз де осы лекциялар курсын дайындау барысында әдістемелік көмек беру жағын да ескердік, аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында  Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық өнерін тереңірек таныту мақсатында бақылау жұмысын ұйымдастыру, курстық және дипломдық жұмыс тақырыптары, тест сұрақтары, қажетті әдебиеттер тізімі секілді мәселелер де кеңінен қамтылды. Мұның бәрі мұхтартану ғылымын жетік білгісі келгендерге өз көмегін тигізетіні сөзсіз.

Қорыта келгенде қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы өскелең, күн сайын кемелденіп келе жатқан ғылым - мұхтартаны ғылымы, осындай іргелі саланың жас ұрпақ санасына сіңе беруіне шапағаты тиетін бір шараны хал-хадірімізше жасадық, игілігін жас шәкірттер көріп жатса мақсат-мұраттың орындалғаны.   

 Қазақ әдебиеттану ғылымының дербес бір саласы болып қалыптасқан Мұхтартану ғылымы – бұл күндері жан-жақты дамыған, өсіп жетілген іргелі саланың бірі. М.Әуезов творчествосы жүйелі түрде оқытылып, терең мазмұнда таныту үлкен мақсатты көздейді. Ғасырлар бойы арманы болған азаттыққа енді ғана қолы жеткен өскелең ұрпағының санасына ұлы жазушының сан қилы өмір жолын, әлемдік деңгейге көтерілген шығармашылық сапарын оқыту арқылы ұлттық болмыс, тәрбиелік тағылым беру жүзеге асырылады. Әуезов мұрасы – ұлттың рухани байлығы. Мұхтартану курсының басты мақсаты айқын міндетінің бірі де осы рухани байлықты игеру, игілікке жарату болып саналады.

Мұхтартану - Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттейтін қазақ әдебиеттану ғылымының бір саласы. М.Әуезовтің шығармашылығы жайлы тұңғыш пікір «Сарыарқада» (1917ж. №2) «Талап азаматының», «Еңлік-Кебек» пьесасын алғаш рет қойылуы жайлы жазылған «Игілікті іс» хабары. Жазушының шығармалары 1921 жылдан бастап жариялана бастады да, көркемдік кесек болмысы көзі қарақты әдебиетшілердің назарын бірден өзіне аударады. «Еңлік-Кебек» пьесасы туралы «Еңбекші қазақ» газетінің (5.01.1927ж.), С.Мұқановтың «Тілші» (2.10.1925ж.), Мұстафаның «Еңбекші қазақ» (18.03.1928ж.), «Бәйбіше-тоқал» хақында, Даниалдың «Ақжол» (23.12.1923ж.), Смағұлдың «Еңбекші қазақ» (31.10.1926ж.)газеттерінде мақала, рецензиялары жарияланды. Бұлар да сол кезде өріс алып келе жатқан саяси-әлеуметтік сындардың бет алысы байқалғанмен де жалпы алғанда екі пьесаны дұрыс бағалауға ұмтылушылық байқалады. Жазушы шығармашылығы хақында алғаш жылы пікір білдіргендердің қатарында К.Кемеңгеров, М.Мұстанбаев, С.Садуақасов, Ш.Тоқжігітов сияқты қазақ зиялылары бар. Қазақстанда таптық күрестің күшейе түсуіне байланысты «Алашшыл Әуезовтің шығармаларындағы «жат идеялар» сынала бастады. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында ұлтшыл жазушыларды, ішінде Әуезов те бар, қаралаған мақалалар көбейді. Оған «Қазақ ұлтшылдығының жас идеологтарының бірін», «Алаш орданың белсенді қайраткерлерінің бірі», «қазақ байшылдығының ұлтшыл идеологы» шығармаларында «қазақтың тұрмыс-тіршілігін өткенді көксеген қазақ байының көзімен көреді, қазақтың алашшыл ескілігін жырлайды: қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, данышпан билерін, ардагер ақсақалдарын, феодал сал-серілерін мадақтайды» («Советская степь», 19.04.1929ж.) – деген сияқты саяси тұрғыдан ауыр «айыптар» тағылды. ҚазААП-тің тұсында Алашорда әдебиетін – ішінде Әуезов те бар - әшкерлеу істері негізгі міндеттердің бірі саналды. С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932ж.) атты кітабында басқа да алашордашыл жазушылармен бірге М.Әуезовке де жеке тарау арналып, шығармалары идеялық жағынан сыналды. Бүкіл 30-жылдары М.Әуезовке «Алашшыл», «Байшыл», «Ескішіл» деген сияқты айыптар тағылып, кей туындылары «зиянды» деп танылды. 1942 жылы «Абай» романының бірінші кітабының жарық көруіне байланысты, романды қазақ әдебиетінің зор табысы санаған Б.Кенжебаевтың, Е.Ысмайыловтың, Т.Нұртазинның, Ғ.Мүсіреповтің т.б пікірлері жарық көрді. 1947 жылы «Абайдың» екінші кітабы шықты да алғашқы екі кітапқа 1949 жылы бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. «Абай» туралы одақтық баспасөз бетінде В.Жирмунскийдің, Л.Климовичтің, З.Кедриннің, М.Фетисовтың, П.Скосыревтың т.б. мақалалары жарияланып, жылы лебіздер білдірілді. Соғыстан кейінгі жылдарда идеологиялық күрес күшейе түсті де М.Әуезовтің шығармашылығы қайтадан таптық тұрғыдан сын нысанына айналды. Жазушының ұлтшылдығы жайлы бір ғана 1951 жылы 15-тей мақала жарияланған. Әуезовтің шығармашылығындағы «буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар», «идеялық» кемшіліктерді сынауға республика баспасөзімен бірге Мәскеудің «Правда» (30.01.1953ж.) газеті де атсалысты. М.Әуезовке қарсы соңғы шабуылды 1971 жылы Мәскеудің  «Вопросы литературы» журналы жасады. Ондағы негізгі пікір «Абай жолы» шын мәніндегі роман емес, аңыз-әңгімелердің жиынтығы дегенге сайды. Әуезовтің шығармашылығының ғылыми тұрғыдан зерттеліне бастауы «Абай жолы» роман-эпопеясының аяқталып, 1959 жылы Лениндік сыйлық алуына байланысты болды. 1957 жылы «Абай жолына» арналған ғылыми-шығармашылық конференция өтіп, материалдар «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген атпен кітап болып шықты. Әуезовтің алпыс жылдық мерейтойы кезінде ол туралы 25 мақала жарияланса, 70, 80, 90, 100 жылдықтары тұсында жазушының шығармашылығы жайлы жазылған мақала, зерттеулердің саны мен көлемі арта түсті. М.Қаратаевтың «М.Әуезов», Ы.Дүйсенбаевтың «М.Әуезов», А.Нұрқатовтың «М.Әуезовтің творчествосы», Е.В.Лизунованың «М.Әуезовтің шеберлігі», Л.М.Әуезованың «Қазақстан тарихы М.Әуезов шығармашылығында», «М.Әуезов шығармаларында Қазақстан проблемалары», Ә.Байтанаевтың «Шын шеберлік», Р.Нұрғалиевтің «Әуезов және алаш», «Трагедия табиғаты», «Күретамыр», К.Сыздықовтың «М.Әуезов - әдебиет сыншысы», «Мұхтартанудың беймәлім беттері», Б.Майтановтың «М.Әуезов - суреткер» сияқты монографиялық еңбектері Мұхтартанудың әсем күмбезін одан әрі биіктете түсті. «Абай жолы» эпопеясы басқа да қоғамдық ғылым салаларының зерттеу обьектісіне айналды. М.Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөзі» (1979ж.) шықты. «М.Әуезов және фольклор», «М.Әуезов және театр», «М.Әуезов және өнер», «М.Әуезов және әлем әдебиеті» деген сияқты тақырыптар зерттеліне бастады. «М.Әуезов творчествосы бойынша библиографикалық көрсеткіш» (1917-1971 ж.ж.), «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» жасалынды. М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы жайлы ондаған диссертациялық жұмыстар жазылды. ЮНЕСКО-ның шешімімен 100-жылдық тойы 1997 жылы халықаралық көлемде өткізілуіне байланысты М.Әуезов туралы зерттеулер жаңа өрістерге шықты. Баспасөз бетінде жүздеген материалдар жарияланды; ондаған зерттеу, естелік, көркем кітаптар жарық көрді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мұхтар мұрасы – Наследие Мухтара» (1997ж.), «М.Әуезов үйі» ғылыми орталығы «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «М.Әуезов туралы естеліктер» (1997ж.), «Мұхтар әлемі» атты ұжымдық кітаптар шығарды. Мерейтой қарсаңында шыққан М.Мырзахметовтің «Әуезов және Абай», «Абайтану тарихы»,  Т.Жұртбаевтың «Талқы», «Бесігіңді түзе», Р.Бердібайдың «Мұхтар шыңы», К.Сыздықовтың «Мұхтартанудың беймәлім беттері», З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», З.Ахметовтың «М.Әуезовтің роман-эпопеясы», Р.Нұрғалиевтің «Әуезов және Алаш», Ө.Күмісбаевтың «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» сияқты еңбектері Әуезовтің әдебиеттегі әсемдік әлемін жарқырата түсті: егеменді елдің ұлттық мүддесі тұрғысынан жазушы шығармашылығын жаңаша бағалаған тың сөз болды. Ә.Молдахановтың «М.Әуезов - фольклортанушы», А.Тайжановтың «М.Әуезовтің дүниетанымы» (орыс тілінде) т.б. сияқты кітаптарда ұлы жазушының дарын қырлары түрлі жақтарынан зерттелді. М.Әуезовтің туыстары Г.Омарханова мен Ә.Әзиевтің «Мұхтар аға», Л.Әуезованың «Тұңғышы едім әкемнің» атты естеліктер кітабында жазушының өмір жолына, жеке басына қатысты деректер мол. Д.Досжановтың «Мұхтар жолы» (1998 ж.), «Алыптың азабы» (1997 ж) шығармаларында М.Әуезовтің ұлы тұлғасы көркемдік тұрғыдан бейнеленеді.

     Жалпы алғанда Мұхтартану ғылымы күн санап дамып, жетіліп, өркендеп келе жатқан келешегі мол ғылым. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы ретінде ілгері жылжып келеді. Теориялық тұрғыдан жетіліп, өзіндік мектебі қалыптасып келе жатқан бұл саланың алдында аса күрделі мақсаттар мен міндеттер тұр. Сондай іргелі мақсат, міндеттердің ұдайы шешімін тауып отыру, жүзеге асырудың маңызы орасан зор. Өркениетке ұмтылған ұрпақ бұл ғылымнан сусындайды,  нәр алады, керегін үйренеді. Бұл ғылым күн өткен сайын кемелденіп, қанат жайып, қазақ халқының ғылым, білімге құштар ұрпағына қызмет істей береді.

 

 Пайдаланатын әдебиеттер:

1. Біздің  Мұхтар. Естеліктер  жинағы. А,1997.

2. Бердібай Р.  Мұхтар шыңы  А,  Ғылым 1997

3. Досжанов  Д.Мұхтар жолы. Роман А,1987.

  

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2014-04-16 20:27:54     Қаралды-4929

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »