UF

БАҚТАШЫ ИТТІ БАУЛУ

Дүние жүзінде иттің үш жүзден астам тұқымы бар. Олар негізінде бақташы иттер, аңшылық иттер, әсемдік иттері болып үлкен үш топқа бөлінеді. Осы топтардағы халық шаруашылығына маңыздысы - бақташы иттер. Оларға Шығыс Европа овчаркасы немесе неміс овчаркасы, шотландия овчаркасы (колли), элдертьер, ротвейлер, лайкалар, бордерколли, пули, пуми тағы басқа ит тұқымдары жатады. Бұларды шекара күзетуге, түрлі маңызды объектілерді күзетуге, ұрыларды ұстауға, солтүстік халықтары жүк тасуға, малшылар мал бағуға пайдаланады. Егер жақсылап үйретсе бұл иттерді қайда болса да жұмсай беруге келеді. Мысалы Батыс Европа овчаркасы суға кеткен, газ авариясынан, өртке ұрынған адамдарды құтқаруға, тіпті геологтарға руда табу үшін де көмектеседі. Ауыл шаруашылығында жоғарыдағы айтып кеткен бақташы иттердің маңызы өте зор.

Иттер шопандардың еңбегін анағұрлым жеңілдетеді. Мысалы иті бар бір адам 500 қойды баға береді. Әсіресе иттердің ауа райы қолайсыз жағдайда: боранда, нөсерде шопандарға көрсететін қызметі өте зор. Бүкіл одақтық қой және ешкі шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе шаруашылығының аға шопаны Эммануил Трибус 1500 қой бағатын. Таңертең бар көмекшісін шөп тасуға жіберген. Январь айы еді. Кенеттен аспанды бұлт торлап, қар жауып, ізінше жел көтерілді де боран басталып кетті. Отар ықтап, таудың құз жак, беткейіне қарай бет алды. Егер құзға жетсе барлық қой қырылады. Қайткенде де отарды тоқтату керек, бірақ қалай? Жел күшейе түсті. Шопан әлсірейін деді. Енді отарды өзі қайтара алмайтынын біліп, шопан Пальманы көмекке шақырды. Бірақ оны үйретіп жүргеніне аз ғана уақыт болатын. Ол итке сенімсіздік білдірсе де амал жоқ «Пальма үйір» деп айқайлады. Ит отарға қарай абалай жүгірді де қардан көрінбей кетті. Шамалыдан кейін отар тоқтай бастады. Боран екі тәулік бойы соқты. Екі тәулік бойы Пальма 1500 қойды бір жерге үйіріп, отарды аман алып қалды.

Қынжыларлық жай иттер осындай істерге мыңдаған жылдар бойы қолданылып келсе де, оларға кейбіреулер, әсіресе шаруашылық басшылары әлі маңыз бермей келе жатыр. Кей шаруашылықта бақташы иттерді тастап кетеді немесе оларды қажетті орнына қолданбайды.

Қазір елімізде көптеген бақташы иттер питомнигі бар. Олардың ең үлкені Бүкіл одақтық қой және ешкі шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанындағы питомник. Онда жылына бірнеше жүздеген ит өсіріліп, сатылып отырады. Алдыңғы қатарлы өндірістіктер бақташы иттер жөнінен бірталай тәжірибе жинақтап, оның тиімді екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Қазақстанда ит питомнигі 1960 жылы Қостанай облысындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозында тұңғыш рет қолға алынды. Онан кейін Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан республикалық питомник ашылды. Онда қазір иттің жүзден астам тұқымы өсіріледі.

Бақташы ит тұқымдары. Қазір бақташы иттердің төмендегідей тұқымдары қолданылады.

Шығыс Европа овчаркасы немесе неміс овчаркасы. Бұл қасқырға ұқсас ірі ит, жылдам қимылдайды. Денесі тығыршықтай бұлшық еті тығыз.

Төбеттерінің биіктігі жауырынынан есептегенде 66-70 см, ал қаншықтарынікі 62-66 см, бөксе жағының биіктігі кеуде жағының биіктігінен 2-3 см аласа. Түрі қара, аяқ жағы сарғыштау тартқан.

Кавказ овчаркасы. Бұл шопандардың ертеден келе жатқан иті. Олардың негізгі тараған жерлері Грузин ССР-і, Азербайжан ССР-і, Дағыстан АССР-і, Краснодар, Ставрополь өлкелері. Кавказ овчаркасын көбіне мал күзетуге қолданады. Олар қабағандығымен, батылдығымен, күштілігімен, шыдамдылығымен айрықша. Кавказ овчаркасы төбетінің биіктігі 65 сантиметрден кем болмауы керек, ал қаншығынікі 63 сантиметрден кем болмауға тиіс. Түсі қасқыр түстес боз, көкшіл сары, ақ ала келеді. Туғанына бір жеті толысымен құлағын кесіп тастайды.

Орта Азия овчаркасы. Орта Азия овчаркасын Орта Азия бақташылары шығарған. Түсі мен тұрқы Кавказ овчаркасына ұқсас. Себебі бұл екі тұқым табиғаты бірдей жерде өскен және сұрыптау да бір мақсатқа сай жүргізілген. Орта Азия овчаркасы ірі, шыдамды, қабаған және иіс сезгіш. Төбеттерінің биіктігі 65 сантиметрден кем болмайды. Ал қаншықтарының биіктігі 62 сантиметрден кем болмауы керек. Түсі әр түрлі келеді. Құлағын, құйрығын туғанына бір жеті толғанда кесіп тастау керек. Орта Азия овчаркасы Орта Азияда және солармен шектес республикаларда таралған. Орта Азия овчаркасының ең таза тұқымды және жақсы иттері Түркменстанда қой бағу үшін қолданылады.

Оңтүстік орыс овчаркасы. Оңтүстік орыс овчаркасын Украина мен Қырым шопандары сұрыптап шығарған. Бұл тұқымды сұрыптауда Испаниядан әкелінген Астурии иттерін, жергілікті овчаркаларды және жергілікті тазыларды қолданған. Оңтүстік орыс овчаркасы барак, жүнді, қабаған, жылдам қимылдайды, үйретуге тез көнеді. Төбеттерінің биіктігі жауырынынан басынан есептегенде 65 сантиметрден, қаншықтарынікі 62 сантиметрден кем болмайды. Көбінесе ақ, күлгін, ақшыл түсті болып келеді. Оңтүстік орыс овчаркасын мал бағу және мал күзету үшін пайдалануға болады.

Венгерлердің бақташы иті (муди). Бұл иттің тұқымын өткен ғасырда Венгер бақташылары Пули, Пуми және жергілікті овчаркалармен шағылыстыру арқылы шығарған. Бұл ит онша ірі емес. Биіктігі 35-47 см, қара қоңыр және сирек болса да ала түсті келеді. Кездесетін жерлері - Батыс Украина, Ставрополь өлкесі, Қалмақ. Мудидің қой бағуға табиғи қабілеті бар. Сондықтан оны үйрету де осы мақсатқа пайдалану да өте оңай.

ЖАЛПЫ ҮЙРЕТУ КУРСЫ

 

Күшікті атына үйрету. Күшікті күнде тамақтандырар алдында атын айтып шақыру керек те, келген кезде «жаңсы-жақсы» деп басынан сипалап тамақ беріңіз. Қыдыртып жүргенде күшік өзіңізден ілгері кетіп қалса атын айтып шақырыңыз, келгенде сыйпап, бір түйір ет беру қажет. Осылай күніне бірнеше рет қайталасаңыз ит сол күні-ақ команданы орындайтын болады. Кейде күшік басқа нәрселерге алаңдап келмей қоюы мүмкін, онда атын айтып шақырып өзіңіз қашасыз, сонда күшік соңыңыздан қуады.

Күшікті орнына үйрету. Бастапқы кезде ойнап жүрген күшікке «орныңа бар» деп команда бересіз де күнделікті жататын орнына апарып, «жақсы-жақсы» деп сыйпалайсыз. Сосын күшіктің жататын орнынан тұрып кеткенін аңдып тұрып, «орныңа бар» деп қаттырақ команда беріп орнына апарып бір түйір ет беріңіз. Бірнеше қайталағаннан кейін күшік өзі-ақ орнына баратын болады. Кейіннен бұл команданы әрі қарай күрделілендіре түсу керек. Ол үшін итке таныс затты жерге тастап «орныңа бар» деп команда бересіз де өзіңіз шегінесіз. Ит ерсе «орныңа бар» деп қаттырақ жекіп, орнына жетектеп әкеліңіз. Өзіңіз бұрыңғы орныңызға қайта барыңыз, ит орнында тұрса қасына келіп «жақсы» деп сипалап бір түйір ет беріңіз.

Команда бергенде ит тыңдамай сізге қарай жылжыса «орныңа бар» деп қаттырақ жекіп, орнын қолыңызбен сілтеңіз. Осылай бірнеше қайталағаннан кейін ит орнына өзі бйратын болады. Содан соң оны 5-10 секундтан кейін «кел» деп шақырып алу керек. Келген итті шамалы ойнатып, әлгі үйрету ережесін тағы да қайталауға болады. Кейіннен ит пен өзіңіздің ара қашықтығыңызды және оның орнында отыру уақытын 2 минуттан 10 минутқа дейін бірте-бірте ұзарта беру керек. Егер команданы ит бірінші айтқанда-ақ орындаса және иесімен ара қашықтығын 30-40 метрге жеткізсе, сондай-ақ иесі рұқсат етпейінше орнынан кетпейтін болса ит үйренді деп санауға болады.

Шақыру немесе «кел» командасы. Бұл команда шопанға итін шақыру үшін керек. Итпен қыдырып шыққанда ілгері жіберу керек те атын айтып қасыңыздағы бір түйір етті көрсетесіз. Етті көрген ит сізге келеді. Оған әлгі етті беріп, «кел» «жақсы» деп сипалау керек. Ал егер ит өзіңізге әрең келсе немесе келмей қойса атын айтып, етті көрсетіп шақыру керек те, иттен тез қашу керек, сонда ит келуге тиіс. Ит сізге шақырған бойда келетін болғаннан кейін қимылмен келуге үйретуге болады. Оң қолыңызды иыққа дейін көтеріп, тез түсіре қоясыз да «Кел» деп команда беріңіз, бірінші кезде «кел»-ді міндетті түрде қосып айту керек. Бірте-бірте ол сөзді айтпай-ақ итті жоғарыдағыдай қимылмен ғана келтіруге әбден болады.

Бұл итті дауыс естілмейтіндей қашықтықтан шақыруға керек. Бұған үйренген итті оң жағыңыздан айналып, сол аяғыңыздың қасына отырғызуға үйрету керек. Ол үшін итті «кел» деп дауыстап немесе қимылмен шақырып қолыңыздағы етті көрсетесіз, келген кезде етті оң қолыңызбен көрсетіп, сол қолыңызға ауыстыру керек те сол жағыңызға келген итті етпен силап, сипау қажет.

Итті қарғыға, мойын жіпке үйрету. Итке қарғыны қыдырар алдында кигізген жөн. Алғашқыда күшік қарғыны аяғымен тырналап, шешіп тастауға тырысады. Сондықтан күшікке қарғы таққаннан кейін онымен ойнап, ойынға айналдыру керек. Сонда күшік мойнындағы қарғысын ұмытып кетеді. Қарғыны бастапқы кезде аз уақыт қана тағып, одан босатады да, біраздан соң қайта тағады. Уақытты осылай бірте-бірте ұзарта берген дұрыс.

Итті оздырып жіберуге үйрету. Бұған үйренген ит отардың алдына түсіп отырып, оны тоқтата тұруға, немесе басқа бағытқа бұруға көмектеседі. Ол үшін итіңізді төмендегідей әдіспен үйретіңіз. Итті ұзын мойын жіппен жалғыз аяқ жолға түсіріп жетектеңіз. Шамалы жүргеннен кейін қолыңызды алға қарай созыңқырап, бір түйір ет лақтырыңыз. Содан соң «Алға» деп дауыстап қалыңыз. Сонда еттің иісін сезген ит алға ұмтылуға тиіс. Бірнеше қайталағаннан кейін ілгері ет лақтырмай-ақ қолыңызды алға қарай созыңқырап «алға» деп дауыстаңыз ит ілгері жүрсе «алға», «жақсы» деп еркелетіп, сыйлық үшін ет беріңіз. Ит бұған үйрене бастағаннан кейін мойын жібін алып тастап, бос үйрету керек.

Итті жағымсыз қылықтарын қоюға үйрету. Бұл итке жеку арқылы үйретіледі. Алдын ала белгілі жерге бірнеше ет түйірін тастаңыз. Итті сол ет тастаған жермен жетектеп жүресіз. Еттің иісін сезген ит етке ұмтылған кезде «фу» деп қатқыл дауыспен жекисіз де мойын жібін тартып қалып, «жақсы, жақсы» деп ары қарай жүресіз. Осылай бірнеше қайталағаннан кейін ит бұған да үйренеді. Қойға ұмтылған итті де «фу» деп жекіп содан соң «жақсы, жақсы» деп сипаған жөн.

Итті иесімен қатар жүруге үйрету. Ит иесі «қасыма кел» деген кезде оның сол жақ аяғының тұсында жүруге тиіс. Итті бұған үйрету қиындау. Сондықтан бұл іске күнде үйрету қажет. Тіпті жақсы үйренген иттердің өзіне анда-санда қайталап отыру керек. Алғашқы кезде иттің мойын жібін қысқа ұстап, сол жағыңызға шығарып жетектейсіз. Егер ит алға шығып кетсе, не кейін қалып қойса, әйтпесе басқа жаққа ұмтылса «қасыма кел» деп жекіп, 1-2 секундтан кейін мойын жібін тартып қаласыз. Ит қатар жүрсе «жақсы» деп ет беруге болады. Егер команда орындалмаса, бұл команданы қатқыл дауыспен қайталап, мойын жіпті қаттырақ тарту керек. Қысқа мойын жіппен үйренгеннен кейін бұл команданы ұзын жіппен үйретіп, ең соңында жіпсіз үйретуге болады.

Итті басқа біреудің берген тамағын жемеуге үйрету. Иттің итаяғын басқа жерге қойып, оның мойын жібін қысқа ұстап, сол жерге апару керек. Тамаққа ұмтылған итке «фу» деп команда беріп 1-2 секундтан кейін жібін тартып қалыңыз. Ит ұмтылмаса «жақсы», «фу» деп сипап, бір түйір ет беріңіз. Итті итаяқтың қасына отырғызып қойып, уақытын бірте-бірте 1 минуттан 20 минутқа дейін созу керек. Егер ит отырған орнынан тұрмақ болса, «отыр» деп жекіп, отырғызу керек. Егер асқа ұмтылса «фу» командасымен тойтарып, мойын жібінен тартып қалыңыз. Бұл командаға жақсы үйренгеннен кейін басқа адамның қолынан немесе оның лақтырған тағамын жемеуге үйретуге болады. Ол үшін ит сирек көретін бір адам атын айтып ет беру керек. Егер ит етке ұмтылса «фу» деп команда бересіз де 1-2 секундтан кейін мойын жібінен тартып қаласыз. Бұдан кейін танымайтын адам әр тұсқа ет түйірлерін лақтырып өзі 20-30 метрдей жерге кетіп қалады. Сіз итіңізді сол жермен алып өтіңіз егер ит ұмтылса «фу» деп қайтарып, мойын жібін тартыңыз. Кей кезде бұл команданы қабағандыққа үйретумен ұштастырған да пайдалы. Ол былай болады: ит сирек көрген бір кісі оған бір түйір ет ұсынады. Етке ұмтылған итті ол кісі тұмсығынан қағып ызаландыру керек. Ал иесі «фасс» командасымен итті қолапаштап, басқа адамды қолымен көрсетеді. Егер ит үре қалса ол дереу қашу керек.

Сол кезде иесі «фасс», жақсы деп бір түйір ет берсе тіпті жақсы. Осылай бірнеше рет қайталағаннан кейін ит бұл командаға тез үйреніп кетуге тиіс.

Иттерді мал бағуға үйрету. Ит шопанға отарды бағуға және оны күзетуге таптырмайтын көмекші. Бақташы итті бұл іске әсіресе 4-5 айлығынан бастап үйретсе, үйрету оңайға түседі. Әрбір бақташы ит арнайы үйретудің алдында жалпы үйретуді «кел» «фу» «алға», «орныңа бар» командаларын қалтқысыз орындауға тиіс. Итті мал бағуға алғашқы рет үйрету кезінде оның бостан босқа қойға ұмтылғанын тез «фу» командасымен тойтарып тастау керек. Әсіресе иттің қойды тістеп қабуына жол бермеген жөн. Себебі қой тістеп үйренген иттің бұл жаман қылығынан арылту өте қиынға түседі. Отарға алғашқы кезде мойын жіппен үйрету керек. Оны тек иттің малды тістемеуіне көз жеткенде ғана алуға болады. Ит ә дегеннен қойға ұмтылмаса оған отардағы қойлар тез-ақ үйреніп кетеді. Бақташы иттің міндеттері төмендегідей:

1) отарды айдау; 2) отарды оңға не солға бұру; 3) отарды бір жерге үйіру; 4) отарға ілесе алмай қалып қойған қойларды қосу; 5) отарды күзету.

Итті отарға үйрету. 3-4 айға толған итті отарға әбден үйретуге болады. Оларға қойды алғаш рет көрсеткенде міндетті түрде 3-5 метрлік мойын жіпке байлап алып шығу керек және мүмкіндігінше қойды таңертең қорадан шығарған кезде көрсеткен жөн. 1-2 күннен кейін күшікті бос жіберуге болады. Бірақ оны үнемі бақылауға алу керек. Егер күшік қойларды тістеуге ұмтылса оған «фу» деп жекіріп, тойтару керек. Күшік қорқып қойдың қасына жоламай қойса, оны иесі жақынырақ ертіп апарып, сипап жігерлендіргені жөн. 4-5 күннен кейін күшік те, қой да бір-біріне үйрене бастайды. Шопанның алған иті 10-11 айлық немесе үйіне жеткен болса оны үйрету қиынға түседі. Оларды да күшікті үйреткендей үйретеді. Бірақ үйрету үшін барынша сақ болу керек.

Итті қалып қойған қойларды отарға қосуға және отарды айдауға үйрету. Ит қалып қойған не бір жағына оқшау шығып кеткен қойларды отарға қосуға, отарды белгілі-бір бағытқа айдауға, оны қамауға және басқаларға көмектеседі. Бүған итті ол қойларға ұмтылмайтындай, отар иттен үрікпейтіндей болған кезден бастап үйретуге болады. Алғашқы кезде қалып қойған қойларды айдауға үйрету керек. Жетектеген итіңіздің мойын жібін сол қолыңызға алып оң қолыңызбен қалыц қойған қойды көрсетіп, «айда» деп бүйрық бересіз де өзіңіз қойға қарай жүгіресіз. Сіздің жүгіргеніңізді көрген ит қойға қарай жүгіреді. Оны отарға дейін айдап салады. Ит отарға жете берген кезде «кел» деп бұйрық бересіз де мойын жібінен тартып қаласыз. Оны тыңдамай отарға араласып кететіндей сыңай байқатса мойын жібінен қаттырак, тартып қаласыз. Келген итке «жақсы» деп сипап бір түйір ет беріңіз. Ит қойды отарға айдағанда отардың ішіне кіріп кетпеу керек және отардың алдыңғы жағына шықпауы тиіс.

Осылай күнде бірнеше қайталап үйреткен ит қалған қойларды бұйрықсыз-ақ өз бетімен отарға әкеліп қосатын болады.

Итке отарды оңға және солға бұруды үйрету. Мұны «алға» командасын үйреткеннен кейін үйрету керек. Итті 10-15 метр ұзын жіпке байлап «алға» деп команда беріңіз де өзіңіз де ілгері жүріңіз. Шамалы жүргеннен кейін тоқтап иттің атын айтып «оңға» деп команда беріп қолыңызбен оң жақты сілтейсіз. Өзіңіз де солай қарай жүресіз. Иттің өзіңізбен қатар жүруін қадағалаңыз. Ит қатар жүріп отырса «жақсы, жақсы» деп қойып, әрі қарай жүре бересіз. Ит өз бетінше «оңға» командасымен бұрыла алатын болған кезде отарды оңға не солға бұруға үйретуге кірісуге болады. Иттің мойын жібін сол қолыңызға алып, отардың бағытымен «алға» деп команда бересіз. Ит отардың бір жақ бүйірін ала алға қарай жүруге тиіс. Өзіңізден 10-15 м кеткенде итке оңға деп команда бересіз де қойды айдай бастайсыз. Ит оңға бұрылады да, отарды да оңға қарай бұрады. Әбден үйренгеннен кейін бұл команданы мойын жіпсіз үйретуге болады.

Отарбаев А. Шопан серігі. -Алматы, 1978. -158-172.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-02-24 17:43:21     Қаралды-50

ҚАЙ МЕМЛЕКЕТ ҚАТЕЛІКПЕН АТАЛДЫ?

...

Кариб теңізінде Пуэрто-Риконың үлкен аралы орналасқан...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ МАТЕРИКА ЕҢ КІШКЕНТАЙ?

...

Австралия - жер бетіндегі ең кішкентай материк.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕРДЕ СУ КӨП ПЕ?

...

Сусыз жер бетінде тіршілік болмас еді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТРОНДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Электрон» сөзі грек тілінен «янтарь» деп аударылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ЗАРЯДЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Электрондардың теріс заряды, ал атом ядросының оң заряды бар екенін сіз бұрыннан білесіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Көптеген ғасырлар бойы адамдар электр қуатының бар екенін білмеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПАСТЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Навигацияның дамуымен кеме жасау ғылымы жетілдірілуде - кибернетика...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »