UF

СОЗЫЛМАЛЫ СӘУЛЕ АУРУЫНЫҢ ДЕҢГЕЙЛЕРІ

  1. Созылмалы сәуле ауруының деңгейлері
  2. Созылмалы сәуле ауруын балау және оның ауыртпалығын бағалау
  3. Созылмалы сәуле ауруы кезінде малды емдеу

Малдың созылмалы сәуле ауруы аз доза мөлшерімен ұзақ уақыт сырттай бірнеше рет қайталанып сәулеленгенде, сонымен қатар организм ұлпаларында ұзақ уақыт сақталатын радиоактивті изотоптардың ішке түсуінен пайда болады. Оның жіті сәуле ауруының салдарынан да пайда  болуы мүмкін.

Сәуле ауруының созылмалы түрде өтуі кезінде малдың ағзалары мен жүйелері түгелдей дерлік зақымданады. Алғашқы  кезеңдерінде ауру функциональді бұзылу түрінде жүреді, ал ол кейіннен терең трофикалық өзгерістерге әкеліп соқтырады. Осының салдарынан  малдың  шаруашылыққа маңыздылығы түгелдей дерлік жойылады. Бұл кезде барлық  ағзалардың  дистрофиясы байқалады, қан түзілуі күрт бәсеңдейді, ұлпалар жаңару  қабілетінен айрылады, індет қоздырғыштарына организмінің  табиғи  иммунобиологиялық қарсы тұруы төмендейді, мал бедеулікке ұшырайды. Уақыт өте келе (бір жыл және одан да көп) лейкоз және қатерлі ісік дамуы мүмкін. Созылмалы сәуле ауруының өтуі, ұзақтығы және толқын тәріздес қайталануымен сипатталады. Бұл дегеніміз бір жағынан бұзылу, ал екінші жағынан қалпына келу реакцияларының журуі. Өтуінің ауыртпалығына байланысты созылмалы сәуле ауруы жеңіл (бірінші), орта (екінші), және ауыр (үшінші) деңгейлердегі деп үшке бөлінеді.

Созылмалы сәуле ауруының жеңіл (бірінші) деңгейі қан құрамының әлсіз морфологиялық өзгерістерімен, жүрек  қан жүйесі, ішек- қарын жолдарының жұмысының қалпына келетін функциональды бұзылуымен сипатталады. Қан жасушаларының саны қалыпты мөлшердің төменгі шекарасында болады  немесе әлсін – әлсін одан да төмендеп, қайтадан осы қалпына дейін жоғарылайды. Нейтрофилдер өзгереді. Ядроның пикнозы байқалады. Қандағы эритроциттердің саны аз өзгереді. Кейде тромбоцитопения байқалады. Аурудан кейінгі кезеңдерде организмнің ерте қартаюы жүреді.

Созылмалы сәуле ауруының орта (екінші) деңгейі кезінде, жеңіл деңгейге қарағанда  қан  түзу  ағзаларының  жұмысы айтарлықтай бәсеңдейді және геморрагиялық құбылыстар (кілегей қабықтарында, теріде) дамиды.  Нәтижесінде лимфоциттер мен нейтрофильдердің  абсолютті мөлшері төмендейді, жалпы  лейкоциттердің саны жайлап төмендейді. Дегенеративті өзгерген ядролары бар нейтофилдер  пайда болады. Тромбоцитопения дамып, аздаған эритроцитопения байқалады. Кейде қан құрамының жасушаларының саны  жоғарылайды, бірақ ол қалыпты жағдайға дейін көтерілмейді. Қанның артериальді қысымы тұрақты төмендейді. Электрокардиограммада миокардтың дистрофиялық өзгерістері байқалады. Ішек-қарын жолдарының жұмысы бүлінеді. Диспепсиялық  бұзылу  үдей  түседі,  ол іш өтумен қабаттасып, малдың  массасы төмендейді. Зат алмасуы, ішкі секреция  бездерінің жұмысы бұзылады, гипопротеинемия, гипогликемия дамиды.Сәуле ауруы әртүрлі індетті аурулармен асқынуы мүмкін, соның нәтижесінде  мал  шығынға ұшырайды.

Созылмалы  сәуле ауруының ауыр (үшінші) денгейі организмде қалпына келмейтін өзгерістердің туындауымен, малдың жалпы жағдайының өте төмендеуімен, ұлпалардың регенеративті қабілеттерінің жойылуымен сипатталады. Лейкоциттер мен тромбоциттердің  саны прогрессивті төмендейді (лейкоциттер 70-80%-ға дейін), жайлап анемия дамиды. Лейкоциттерде дегенеративті өзгерістер байқалады. Ауру толқын тәріздес өтеді, малдың жалпы жағдайы кейде күрт төмендейді, кейде жақсарады, аурудың клиникалық белгілері кейде жоғалады  да кейде қайтадан пайда болады. Артериальдық қан  қысымы төмендейді. Қарынның және ішектің секрет бөлу және жиырылу функциялары бұзылады. Іш өту пайда болады. Малдың қоңдылығы төмендейді. Кілегей қабықтарында және теріде көптеген қан құйылымдары байқалады. Малдың жүні түсе бастайды. Сыртқы ортаның жағымсыз факторларының әсеріне организмнің қарсы тұруы нашарлайды. Індетті асқыну ары қарай дамып, малдың өліміне әкеледі.

Созылмалы сәуле ауруын балау және оның ауыртпалығын бағалау

Созылмалы сәуле ауруына балау қою, әсіресе аурудың дамуының алғашқы кезеңдерінде, өте қиын. Бұл аурудың бірде –бір симптомы cәулемен зақымдануға тән еместігіне байланысты. Бұл ауру кезіндегі клиникалық белгілерді, иондаушы сәулелердің әсеріне байланысты емес басқа да ауруларда байқауға болады. Тек қана малдың радиоактивті заттармен жанасуы немесе шекті шамадан тыс гамма- сәулесімен  сәулеленуі немесе малдың бөліну өнімдерінде радиоактивті заттардың болуы, созылмалы сәуле ауруына көңіл аударып, ауру малға клиникалық –гематологиялық зерттеу жүргізуге көңіл бөлгізеді. Бұл кезде ең алдымен созылмалы індетті аурулардың , зат алмасу  ауруларының және улы шөптермен уланудың, сонымен қатар гельминтоздардың жоқтығын анықтау қажет. Аталған аурулардың  сәулемен  зақымдану кезінде  өтуінің клиникалық ерекшеліктері, қосымша қиындықтар туғызады.

Созылмалы сәуле ауруы кезіндегі патологоморфологиялық өзгерістер

Аз мөлшердегі дозамен ұзақ уақыт сырттай сәулеленгенде, өзгерістер негізінен қан түзу ағзаларында жүреді. Паренхиматозды ағзалардағы, кілегей қабығындағы, жүйке жүйесіндегі өзгерістер негізінен қан түзілуінің жетіспеушілігінен болады. Альтернативті өзгерістер яғни регенарацияның бәсеңдеуі мен бұзылуы, қан түзуші ағзалардың  толық аплазиясымен ғана аяқталып қоймай сонымен қатар ісіктердің дамуымен, соның ішінде лейкозбен  аяқталуы да мүмкін. Радиоактивті заттармен іштей зақымданудан пайда болған созылмалы сәуле ауруы кезінде, патоморфологиялық өзгерістер әртүрлі болады. Мысалы, полониймен сәулеленгенде, ретикулоэндотелиальді элементтерге бай ағзаларда өзгерістер туындайды. Бауырда ақуыздық дистрофия және жіті цирроз, бүйректе каналдар мен тамырлық түйіндердің атрофиясы, олардың гиалинозы және жасушалары аз талшықты дәнекер ұлпалардың өсуі (нефросклероз) жүреді.

Организмге стронций – 90-ның әсері сүйек кемігінде өте күшті өзгерістермен,  атап айтқанда қан түзу жасушаларының азаюымен сипатталады. Созылмалы сәуле ауруы кезінде көптеген малда жүрек қан тамыры жүйесінің бұзылуы, ағзалардың дистрофиясы, патологиялық регенерация негізгі белгілер болып есептеледі. Қан тамырларының қабырғалары жұмсарған, субэндотелиальді және ет қабаттары қалыңдаған. Түйіршікті және майлы дистрофия жақсы байқалады.

Патологиялық регенерация кезінде бөлінуі аяқталмаған жасушалар пайда болады, осының салдарынан бауырда, бүйректе, еркек малдың енінде және басқа ағзаларда көп ядролы жасушаларды  сонымен қатар кілегей қабықтары эпителийінің гиперплазиясын байқауға болады.

Созылмалы сәуле ауруы кезіндегі емдеу шаралары, организмнің бұзылған функциясын қалпына келтіруге, ал радиоактивті заттармен іштей зақымдалған кезде зәр қуушы комплекстүзуші қосындылардың және гармондардың көмегімен радиоизотоптардың  организмнен тез бөлініп шығуына бағытталған. Организмге түсіп сіңген радиоизотоптарды  бөліп шығаруға бағытталған шаралар, бұл заттар организмге түскеннен  кейін неғұрлым ерте жүргізілсе, соғұрлым тиімді болады. Мысалы осылай емдеу шараларын жүргізген кезде стронций– 90-ның организмнен бөлінуін 30-50%-ға дейін жоғарылатуға болады.

Ауру малға толық құнды азықтар (дәрумендер, ақуыздар, минералды  заттар) береді және жақсы зоогигиеналық жағдайлар жасайды.

Радиоактивті заттармен іштей зақымданған кезде  малды емдеу      

Радиоактивті заттар организмнің ішіне түскен кезде, ішектен сорылып организмге сіңуін тежейтін және ол заттардың организмнен бөлініп шығуын жылдамдататын заттар береді. Ядролық жарылыстың жас өнімдерімен зақымданған кезде қалқанша безін йод изотоптарынан қорғайды және олардың сүтпен бірге бөлінуін азайту шараларын жүргізеді.  Радиоизотоптардың сіңуін азайту үшін зақымданған малға мейілінше көп адсорбенттер: күкірт  қышқылды барий (ірі малға 500граммнан), көмір, сүйек ұны, ақ лай, ал содан кейін тұзды іш айдағыш заттар: ірі қара малына  400-800 грамм, қойға 40-100 грамм  глаубер тұзын береді. Цезий 137-нің ішек-қарын жолынан сорылуын азайту үшін ішке ферроцин береді. Радиоактивті заттардың организмге түсуінен кейінгі алғашқы 60 минут ішінде жүргізілген мұндай шаралар, асқорыту жолынан сорылатын радиоизотоптардың мөлшерін шамамен 10 есе азайтады. Қалқанша безін йод радиоизотоптарының жиналуынан қорғау үшін күніне 1-2 рет ірі малға 2,5 грамм және ұсақ малға 0,25 грамм йодты калий береді. Йод изотопының қалқанша безіне түсуін және оның сүтпен бірге бөлінуін азайту үшін сауын малына тиоцианаттарға (тарна, азықтық қызылша,т.б) бай азық береді.

Зәр қуушы заттарға қосып комплекс түзушілерді (пентацин,ЭДТА, ДТПА,т.б) пайдалану организмге сіңген радиоизотоптардың одан бөлініп шығуын тездетеді. Бірақ бұл шаралар мал дәрігерлік тәжірибеде жеткіліксіз тексерілген. Қалған емдеу шараларын  көрсеткіштеріне байланысты  гамма-сәулесімен жалпы сырттай сәулеленуден туындаған жіті сәуле ауруы кезіндегідей жүргізеді.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2022-03-31 14:34:33     Қаралды-357

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »