UF

СҮТҚОРЕКТІЛЕРДІҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУ

Сүтқоректілердің табиғатқа келтіретін пайда-зияны. Сүтқоректілер жер шарының түкпір-түкпіріне таралып, суда да, құрлықта да, әуеде де кездесетін болғандықтан, олардың табиғатқа келтіретін пайда-зияны орасан зор. Жер жүзіндегі жан-жануарлардың барлығына дерлігі өсімдіксіз тіршілік ете алмайды. Ал өсімдіктер топырақта оседі, сондықтан топырақ құнарлы болуы тиіс. Табиғатта сүтқоректілер де (көртышқан) шұбалшаңдар тәрізді топырақты тыңайтады. Олар ін қазып, топырақты қопсыта жүріп қорегін ғана тауып қоймай, топырақты астын-үстіне аударып, түлетеді. Мәселен, 18 шаршы метр жердегі бір ғана көртышқанның қазған інінің ұзындығы тармақтарын біріне-бірін жалғап, созса 50 метрге жетеді екен. Демек, көртышқандар, басқа да жертесерлер тәрізді табиғаттағы топырақтың сапасын арттыруға көп үлес қосады. Өсімдіктердің жан-жаққа таралуына да сүтқоректілердің тигізер әсері бар. Сүтқоректі жануарлардың собалақтанған жүніне жабысқан өсімдік тұқымы өзі өскен жерден әлде қайда алысқа таралады.

Табиғаттың тазалығын сақтаудағы сүтқоректілердің әрекеті де назар аударарлық. Өлексемен қоректенетін шибөрі және басқа жануарларды табиғат тазалығын сақтаушы жануарлар деуге әбден болады. Тіпті жыртқыш сүтқоректі - қасқыр да кез келген жануарларды емес, ауру немесе әлсіздерін ғана жәукемдеп, жеміне жаратумен бірге ауыл шаруашылығындағы пайдалы өсімдіктерге зиянды кемірушілерді жеп, көп пайда келтіреді.

Өсімдікқоректі сүтқоректілер шөл және шөлейт даладағы өзі аз өсетін өсімдіктерді жеп зиянын тигізсе, кемірушілер мәдени өсімдіктерді жойып жіберуге дейін барады. Сондай-ақ жыртқыш сүтқоректілер басқа жануарларды жеп, олардың санын ретке келтіреді, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтайды. Демек, сүтқоректілерді тек пайдалы немесе тек зиянды деп шектеудің жөні жоқ.

Сүтқоректілердің адамға тигізетін пайда-зияны. Кемірушілердің басым белігі адамға зияның тигізетіні жұртқа мәлім. Мысалы, егеуқұйрық үйдегі және қоймадағы жеуге жарамды азық-түліктерді бүлдірумен бірге құс шаруашылығына да, шошқа шаруашылығына да көп зиянын тигізеді. Ол құстарды, құстың жұмыртқасын жейді, шошқаға шабуыл жасап, тіпті жас торайларды өлтіріп жібереді. Егеуқұйрықтың адамға оба ауруын жұқтыруы да мүмкін. Кей жылдары сұр тышқан қаптап кеткенде жайылым мен шабындықтың түсімі күрт төмендеп, 1 гектар жерден 10-30 ц пішен кем шабылатыны анықталды. Құс фермасы бар шаруашылыққа түлкінің қаншалықты зиянды екенін дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Қасқыр да үй хайуанаттарын жеп, зиянын тигізеді.

Ірі және ұсақ малдар, жылқы, түйе, үйқоян, шошқа, ит, мысық тәрізді сүтқоректілердің адам үшін пайдасы мол. Олардан ет, жүн, май, мүйіз, шуда өндіріледі, аң және тышқан аулауға пайдаланылады. Үлпек жүнді терісі, үлбірі үшін өсірілетін немесе ауланатын да сүтқоректі жануарлар бар. Ондай жануарларға арнаулы фермалар ұйымдастырылып, аң шаруашылықтары құрылған. Қазақстанда аң фермасы 1946 жылдан құрыла бастады. Бұл фермаларда күмісқара, көк түлкілер, қара күзен, сазкүзендер өсіріледі.

Жабайы сүтқоректілердің көпшілігі әр түрлі мақсатта ауланып, еті, терісі, үлбірі пайдаға асырылады. Бұлан, құдыр, елік, доңыздың еті бағалы деп есептеледі. Қоян спорттық мақсатта ауланады. Майы және терісі үшін кит, итбалық, түлен аулау ісі жолға қойылған.

Сүтқоректілерді қорғау. Сүйікті ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров «Табиғат адам үшін жаралыпты, бар қызық табиғаттан таралыпты» деп жырлағанда табиғатты шашау шығармай қорғау қажеттігін болашақ ұрпаққа өсиет еткен. Сүтқоректі жануарлар да табиғаттың ажырамас бір бөлігі. Сондықтан жер бетіндегі пайдалы-зиянды жан-жануарлардың барлығын да қорғап, сақтап қалуға міндеттіміз. Осы мақсатта кәсіптік маңызы бар сүтқоректілерді аңшылық жасап аулауға шек қойылған. Мысалы, бұрынғы ҚСРО-ның және Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген қабыланды аулағанда аңшылық шаруашылығын жүргізу ережелерін бұзған азаматтар лауазымына карамастан, өте көп мөлшерде айып төлеуге міндетті. Табиғатта сирек кездесе бастаған жануарлар арнаулы қорықшаға бекітіліп, кейбіреуі өсу мүмкіндігі бар жерлерге жерсіндірілуде. Бұған Барсакелмес қорығынан Қапшағай қорықшасына, Маңғыстауға, Шу өңіріне жерсіндірілген құланды мысал ете аламыз. Қорықтағы және қорықшадағы аңдарды аулауға мүлде рұқсат етілмейді. Ондатра да Қазақстанға жерсіндірілген бағалы аңның бірі.

Табиғатта сан алуан түрлері кездесетін құстардан тек 10-ы ғана, бунақденелілерден тек екі түрі ғана қолға үйретілгенде, сүтқоректілердің 15-тен астам түрінің қолға үйретілуі сүтқоректілерді қорғауға адамзаттың ерекше назар аударатынын көрсетеді. Осы мақсатта Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабы ұйымдастырылып, 1966 жылы оның ғаламшарда жойылып кету қаупі төнген аңдар туралы алғашқы томы жарық көрді. 1978 жылы бұрынғы ҚСРО-ның және Қазақстанның Қызыл кітабы баспадан шығып, бұрынғы ҚСРО-ның Қызыл кітабына сүтқоректілердің 62 түрі тіркелді. Соңғы кезде табиғатта сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлардың саны арта түскені байқалады. Осының нәтижесінде 1984 жылы жарияланған бұрыңғы ҚСРО-ның Қызыл кітабында сүтқоректілердің 94 түрі мен түр тармақтары тіркелген. 1996 жылы Қазақстанның қызыл кітабы қайтадан жарық керді. Онда омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы тіркелген.

Қазақстанда мекендейтін сүтқоректілердің 40 түрі республикамыздың Қызыл кітабына тіркеліп, арнайы қорғауды қажет етіп отыр. Мұндай сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар сүтқоректілердің қолқанаттылар, бунақденеқоректілер, кемірушілер, жыртқыштар, тақтұяқтылар және жұптұяқтылар отрядына жатады. Атап айтқанда: қалқанқұлақты қатпарерін жарқанат, қара кірпі, жұпартышқан, ала жертесер, жайра, көксуыр, өзен құндызы, жалман, бесбашпайлы ергежей қосаяқ, майқұйрықты қосаяқ, тақыртабан атжалман, сары алақоржын, алып соқыртышқан, қызыл қасқыр, ақтырнақ аю, европалық қаракүзен, шұбар күзен, ақтөс сусар, орманшыл сусар, кәмшат, сабаншы, шағылшыл мысық, қарақал, сілеусін, ілбіс, қабылан, құлан, қара-құйрық, муфлон, қызылқұмдық муфлон, арқар ерекше қорғауды қажет етеді. Біздің негізгі мақсатымыз - табиғи бірлестіктің тұтастығын қаз қалпында сақтай отырып, жер бетіндегі сүтқоректілер түрін табиғи еркіндікте қорғай білу.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2022-02-21 15:41:19     Қаралды-1415

ГАЛАКТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Ежелгі гректер бұл жұлдыздар шоғырын Галактика деп атаған, ол Құс жолы дегенді білдіреді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАЛАМ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

20 ғасырдың бірінші ширегіне дейін Әлемнің өзгермейтін, тұрақты және мәңгілік нәрсе ретіндегі идеясы болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰХИТ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

...

Дүниежүзілік мұхиттар – гидросфераның негізгі бөлігі

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ҚУАТЫН КІМ АШТЫ?

...

Бенджамин Франклин есімді адам бірінші болып электр тоғының не екенін толық түсіндіруге тырысты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ВЕЛОСИПЕДТІ АЛҒАШ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Бұл скутер педальсыз велосипедке көбірек ұқсады...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОФЕНІ ҚАШАН ЖӘНЕ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Кофені кім және қашан ойлап тапқанын нақты айту мүмкін емес - бәрі аңыздан басталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ СМАРТФОН

...

Сенсорлық экраны бар ең алғашқы смартфон IBM Simon болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СІЗ АУАНЫ КӨРЕ АЛАСЫЗ БА?

...

Ауаның мөлдір, түссіз, иіссіз екенін бәрі біледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕҢ БИІК ТАУ ҚАЙ ЖЕРДЕ?

...

Планетамыздағы ең биік тау құрлықта емес, Тынық мұхитының түбінде тұр

ТОЛЫҒЫРАҚ »