UF

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ТАБИҒАТ АУДАНДАРЫ ШЫҒЫС ЕВРОПА ЖАЗЫҒЫ

Географиялық орны. Шығыс Европа жазығы негізінен Европаның шығыс бөлігінде орналасқан. Сондықтан да оны көбінесе Орыс жазығы деп те атайды. Ал Қазақстан жеріне оның оңтүстік-шығыс бөлігі ғана еніп жатыр. Ол шығысында Мұғалжар тауымен, оңтүстік-шығысында Үстіртпен, оңтүстігінде Маңғыстаумен шектеседі, Қазақстан жерінде Шығыс Европа жазығында Жалпы Сырт қыраты, Орал алды үстірті және Каспий маңы ойраты деп аталатын географиялық кешендер енеді.

ЖЕР БЕДЕРІ, ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРЫ

Қазақстан жеріндегі Шығыс Европа жазығы. Қазақстанның солтүстік-батысын Жалпы Сырт қыраты, солтүстік-шығысын Орал алды және Жем үстірттері алып жатыр. Бұлардың ең биік жері 300 м шамасында, жер бедері Жайық және Жем өзендерінің салаларымен тілімделген. Жалпы Сырт қыраты триас, юра, бор және палеогон дәуірлерінің жыныстарынан түзілген болса, ал Орал алды және Жем үстірттері жоғарғы бордың әктасты жыныстарынан түзілген. Жер бетін жұқалтаң келген төрттік дәуірдің шөгінді қабаты жауып жатыр. Ол жер бедерінің түзілуіне онша әсер етпейді. Тектоникалық қүрылымы жағынан бұл өңір Шығыс Европа платформасының шеткі аймағы болып саналады. Сондықтан жер қыртысының жарықшақтары, опырықтары жиі кездеседі. Тұз күмбездері де бар. Оның қазіргі жер бедерінің қалыптасуына неогендегі көтерілу процесі үлкен әсер еткен.

Жалпы Сырт қыраты мен Орал алды үстіртінің оңтүстігінде Каспий маңы ойпаты орналасқан. Шығыс Европа платформасына жататын Каспий маңы синеклизасының көпшілік бөлігі Қазақстанға батыс жақ шетінен кіреді. Бұл синеклиз жер қыртысын құрайтын шөгінділі қабаттың ең қалың плиталық бөлігі. Оның қалыңдығы географиялық зерттеулердің нәтижесінде 14 км деп шамалануда. Қазіргі жер бедері палеогеннің аяғында басталған Каспий теңізінің Ақшағыл, Апшерон, Баку, Хазар және Жаңа Каспий деп аталатын трансгрессияларының құм аралас сазды және саздақ шөгінді қабаттарынан түзілген. Осы себепті Каспий маңы ойпаты жай көзбен қарағанда тегіс жазық болып келеді. Оның салыстырмалы биіктігі солтүстіктен оңтүстікке қарай әрбір километр сайын небары 10-ақ см аласарады да, биіктік айырмалары онша байқалмайды. Картада Каспий маңы ойпаты қандай түсті бояумен боялған, картаның биіктік шкаласы бойынша оның биіктігін анықтаңдар. Каспий маңы ойпатының тегіс жазық болып келетін жер бетін Нарын құм шағылдары, ежелгі теңіз табанындағы ойыстар немесе көлшіктер, жергілікті өзен сағаларындағы қара су, суффозиялық ойыстар, тұз күмбезді төбелер, ойпатты екіге бөліп жатқан Жайық өзенінің аңғары күрделендіре түседі. Бұлармен бірге Каспий теңізінің жағалық белдеуінде бэр төбешіктері тараған.

Каспий маңы синеклизасының негізгі байлығы пёрмь, триас, юра, бор және палеоген шөгінділерінде түзілген мұнай және мұнайлы-газды кен орындары. Олардың негізгі кеніштері Теңіз бен Қарашығанақ бассейндерінде орналасқан. Мұнай мен газдың пайда болуын қалай түсіндіруге бодады? Академик И. М. Губкин 30-жылдарда мұнай мен газдың органикалық жолмен пайда болуы туралы қағиданы тұжырымдап, оларды жер қыртысындағы мұнайлы қабаттардың жарықшақтарынан іздеуді ұсынған. Ал Каспий маңы синеклизасының тұзды күмбез құрылымдары көтерілу барысында оларды жауып жатқан жыныс қабаттары бірге көтеріліп, қабаттары жарықшақтанады да, оларға мұнай мен газдың жиналуына мүмкіндік туғызады. Осы себепті мұнай мен газ кеніштері Батыс Қазақстандағы тұз күмбездері тараған жерлерден ашылуда. Қазіргі мұнай мен газ өндірілетін Теңіз, Жаңажол, Қарашығанақ кеніштері республика халық шаруашылығының дамуына үлес қосумен бірге экологиялық мәселелерді шиеленістіруде. Кеніштері мен олардың айналасындағы ауа бассейндерін қосалқы газдардан тазарту, жергілікті тұрғындарды таза ауыз суымен қамтамасыз ету, т. б. бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселелер болып отыр. Пайдалы қазбалардан борат, ас тұзы, сазбалшық, құм және басқа құрылыс материалдары өндіріледі.

Климаты. Шығыс Европа жазығы Қазақстан жерінде мұхиттар мен теңіздерден алыс жатқандықтан климаты құрғақ, континентті болып келеді. Климат құрайтын факторларын атаңдар. Каспий теңізінің климатқа тигізетін әсері қандай? Мұндағы климаттың қалыптасуына ылғалды ауа массасына қарағанда континенттік ауа массасы күштірек әсср стеді. Қысы суық, қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде - 15°. оңтүстігінде -8°. Сібір антициклоны мен арктикалық суық ауа келгенде ауа температурасы - 40°-қа дейін төмендейді. Көктемгі, күзгі үсіктер де осыларға байланысты болып, егіншілікке, әсіресе көкөніс шаруашылығына орасан зор зиян келтіреді. Жазы ыстық, шілденің орташа температурасы 4-19 4’’ 20°, жиі-жиі аңызақ желдер соғып тұрады. Жауын- шашын - Қара теңіз бен Каспий теңізінен келетін циклондармен байланысты. Соңғылары көктем басында, сол сияқты күздің соңында жылымық алып келеді, бірақ, суық ауамен тез алмасып, үскірік аязды көктайғақты ауа райына ұласады. Жалпы жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері солтүстікте 350 мм, ал оңтүстікте 140 мм-ге дейін кемиді.

Өзендері мен көлдері. Картадан ірі өзендері мен көлдерін көрсетіңдер. Ең ірі өзендері Жайық, Жем және Ойыл өзендеріне қысқаша сипаттама берейік.

Жайық өзені Орал тауынан басталып, Каспи теңізіне құяды, республика жеріндегі ұзындығы - 1084 км. Ол көбінесе көктемгі еріген қар суымен толысады да деңгейі 3-тен 9 м-ге дейін көтеріліп, ені 10-12 км-ге дейінгі жайылмасына жайылады, су тасқыны 1-1,5 айға дейін созылады. Жайық өзенінің жайылмасында мол өнім беретін шабындықты шалғындық дамыған. Жайық өзені балыққа бай, бекіре балықтарының бірден-бір уылдырық шашатын өзені. Жайық өзені кеме жүзуге қолайлы. Сонымен бірге жер суландыру саласында да алатын орны ерекше. Көшім, дөңгелек каналдары қазылып, мыңдаған гектар егістік пен жайылымдар суландырылуда.

Республикадағы ирригациялық құрылыстың бас жоспарында Еділ мен Жайықты канал тарту арқылы қосу көзделіп отыр. Жоспар іске асқан жағдайда бұл жерде 500 мың гектардан астам егістік, миллиондаған гектар жайылым көлдетіліп суландырылатын болады. Республика жерінде сол жағынан Елек, оң жағынан Шаған өзендері құяды. Каспий теңізіне құяр жерде ол көптеген тарамдарға бөлінеді. Қазір Жайық өңірі қатаң экологиялық бақылауға алынған. Өзенде кеме жүзу тоқтатылды.

Жем өзені бастауынан сағасына дейін Батыс Қазақстан жерінде орналасқан. Ұзындығы - 647 км, су жиналатын алқабы 45,7 мың км2. Су мол жылдары ғана езен Қаспий теңізіне құяды. Негізінен қар суымен қоректенеді, жылдық ағынының 95%-і көктемде ағып өтеді.

Ойыл ертедегі Жайық өзенінің саласы, қазір ол сағасына жетпей тартылып қалған. Ұзындығы - 800 км, су жиналатын алабы 31 мың км2. Негізінен қар суымен қоректенеді, көктемде толысып тасиды. Жайылмасына шабындықты шалғындар дамыған. Суармалы егістіктер де баршылық. Кезінде атақты тары өсіруші Ш. Берсиев Ойыл өңіріне тары өсіріп, дүниежүзілік рекордты өнім алған.

Қазақстан жеріндегі Шығыс Европа жазығының оңтүстігінде Каспий көлі орналасқан.

Табиғат кешендері. Мұнда дала, шөлейт және шөл зоналарының табиғат кешендері дамыған. Оларды Қазақстанның кескін картасына белгілеп, шекараларын сипатталар.

Дала зонасы Жалпы Сырт қыраты мен Орал алды үстіртінде орналасқан. Жер бетіндегі төрттік дәуірдің саздақ жынысты жамылғылары күңгірт қызыл күрең топырақтың қалыптасуына әсер еткен. Жер бедерінің жазық болуына байланысты боз, бетеге, атқонақ, еркекшөп өсетін далалары егістік үшін пайдаланылуда. Табиғи ландшафтары сай-салаларында ғана орналасқан. Сай табанындағы жыраларға ақ қайың, көк терек ағаштары мен қараған, тобылғы сияқты бұталар өседі. Олардың ылғал қорын жинаудағы, жер бедерін су эрозиясынан сақтаудағы ролі орасан зор. Каспий маңы ойпатының 10 м горизонталь сызығына дейінгі солтүстік бөлігі мен Жем үстіртінде шөлейт зонасы орналасқан. Шөлейт зонасының Жем үстіртінде оңтүстікке қарай иіліп жату себебін түсіндіріңдер. Шөлейт зонасында нағыз және ашық түсті қызыл күрең топырақ дамыған. Өсімдік жамылғылары далалық дәнді дақылдар мен шөлдегі жусан және сораң шөпті топтардың кешендерінен тұрады. Шөлейт зона мал жайылымы ретінде пайдаланылады, егістік жерлер де баршылық. Каспий маңы ойпатының оңтүстігінде шөл зона жатыр. Оның саздақпен жабылған саз балшықты жерлері қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақты болып келеді. Мұнда сор және сортаң топырақтар да кездеседі. Өсімдіктері жусан мен сораң тұқымдас өсімдіктерден құралады. Суатты жерлеріне мал жайылымдары орналасқан. Каспий маңы ойпатында құмды шөлдер де кең тараған. Оларда селеу, құмаршық, еркекшөп, қияқ сияқты дәнді дақылдар мен шағыр жусан жақсы өскен. Бұталы өсімдіктерден жүзген және жыңғылдар кездеседі. Қарағай, тал, терек аралас орман шоқтары да кездеседі. Құмды шөлдер ұдайы мал жайылымдарын танаптарға бөліп пайдалануды қажет етеді. Жыл маусымы ауысқан сайын жайылымдық танапты өзгертіп отырмаса, құм мал тұяғынан есіліп, көшпелі шағылдарға айналып кетуі мүмкін.

ҚУАҢШЫЛЫҚ ПЕН АҢЫЗАҚ ЖЕЛДЕР ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ

Қазақстан жеріндегі Шығыс Европа жазығы табиғи экологиялық жағдайларының тұрақсыздығымен көзге түседі. Атап айтқанда, жылу балансына ылғал балансы сай келмейді. Соған орай топырақ жамылғысы жел эрозиясына ұшырап, нашар құнарланады.

Өсімдіктер дүниесінің өсіп-өнуі негізінен көктем мен күзде ғана дамиды. Бұлармен бірге жайылымдық жерлерді пайдалануда, өзен-көл суындағы балықтар мен құлазыған шөлдердегі ақ бөкендерді аулауда, кеніштерінен мұнай мен газ өндіруде объективті және субъективті себептерге байланысты мезгіл-мезгіл экологиялық апаттар болып тұрады. Жиі-жиі қайталанатын аңызақ желдер де экологиялық жағдайды шиеленістіре түседі. Қарашығанақ пен Теңіз кеніштерінде мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты экологиялық проблемалардың ауқымы артып, күрделене түсуде. Оларды шиеленістірмей, ғылыми негізде шешу үшін қандай шаралар қолдану керек? Міне, осы проблемалар 1989 жылдың желтоқсан айында Атырау қаласында өткен Қазақстан Ғылым академиясының сессиясында қаралды. Батыс Қазақстан жеріндегі экологиялық жағдайларды жақсартудың бірден-бір жолдары: Қарашығанақ пен Теңіз кеніштерінде мұнай мен газ өнімдерін өндірудің инженерлік тәсілдерін жетілдіру, яғни мұнай мен газдың қосалқы заттарының ауаны және суды ластауын тоқтату. Жайық бойына орналасқан қалалардағы өнеркәсіптердің лас суын тазартып, қайтадан пайдалану, егістік және жайылымдық жерлерді пайдаланудың мәдениетін көтеру, 50-жылдарда аңызақ желдерге тосқауыл ретінде отырғызылған орман алқаптарының ауқымын кеңейту, егістік жерлердегі топырақ жамылғыларының құнарын арттыру, жайылымдықтарды, әсіресе құмды шағылдарды фитомелиорациялау т. б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2021-04-22 15:01:06     Қаралды-2222

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »