UF

ОРГАНИЗМНІҢ ЖЕКЕ ДАМУЫ - ОНТОГЕНОЗ

 

Ұрықтану соңынан жануарлардың немесе өсімдіктердің жеке дамуы -онтогенез басталып, ол ересек организмнің қалыптасуымен аяқталады. Жануарлар организмінің онтогенезін қарастырайық.

Ұрықтың дамуы. Ұрықтанған жұмыртқаклетка - зигота митоздық жолмен бірінен соң бірі жедел өтетін бірқатар бөлінулерге ұшырайды, ол бөлшектену деп аталады. Көпклеткалы ұрықтың эмбриондық кезең деп аталатын бөлшектену және басқа ерте өтетін сатыларын ланцетник мысалында қарастырып өтейік

Зигота әуелі бойлай бөлініп, бластомер деп аталатын үлкендігі бірдей екі клетка түзеді. Одан кейін осы бластомердің әрқайсысы бойлай бөлініп, 4 клетка түзіледі. Қелесі үшінші жолы көлденең бағытта бөлінеді де соның нәтижесінде бірдей 8 клетка қалыптасады. Одан әрі бойлай және көлденең бөліну тез кезектесіп, соның нәтижесінде 16, 32, 64, 128 және одан да көп клеткалар (бластомерлер) пайда болады.

Сарыуызы онша көп емес ланцетниктің жұмыртқасы толық бөлшектенеді. Басқа жануарлардың (құстардың, балықтардың) жұмыртқасында сарыуыз көп, бұлардың жұмыртқасындағы тек цитоплазманың ядросы бар дискісі ғана бөлшектенеді, ал сарыуыз бөлшектенбейді.

Бөлшектену кезінде бірінен соң бірі жедел бөлінетіндіктен, бластомерлер өсе алмайды, олардың саны артқан сайын клеткалардың көлемі кішірейе түседі. Бөлшектену нәтижесінде, іші қуыс шар тәрізді ұрық -бластула түзіледі. Бластуланың қабырғасы бір қабат клеткалардан құралады. Бөлшектену кезеңі бластуланың қалыптасуымен аяқталып, дамудың келесі кезеңі басталады, осы кезеңде клеткалар әрі бөліне береді де ішкі, екінші клетка қабаты түзіледі. Сөйтіп ұрық екі қабатты бола бастайды.

Көпклеткалы жануарлардың көпшілігінде (ланцетник те соларға жатады) бластула қабырғасының ішкі қуысқа қарай жымырылуы арқылы клетканың ішкі қабаты пайда болады. Бұл қос қабатты даму сатысы гаструла деп аталады. Гаструладағы клетканың сыртқы қабаты -эктодерма, ішкісі -энтодерма деп аталады. Жымырылу арқылы пайда болған энтодерманың ішкі қуысы бірінші реттік ішек қуысы болып саналады, ал оның сыртқа ашылатын тесігі -бірінші реттік ауыз. Эктодерма мен энтодерма ұрық жапырақшалары деп аталады.

Бастапқы қос қабатты гаструланың бұдан былайғы дамуы үшінші ұрық жапырақшасы -мезодерманың түзілуіне, хорданың оқшаулануына, ішектің қалыптасып, орталық нерв жүйесінің дамуына байланысты.

Сурет - Ланцетниктің алғашқы даму сатылары

Сурет - Бақа (жоғарыдағы) және құс (төменде) жумыртқаклеткасының алғашқы бөлшектену сатысы.

2,4 және 8 бластомерлердің біртіндеп бөлшектену сатылары көрініп тұр. Бақа жұмыртқаклеткасы бластомерде әртүрлі мөлшерде бөлшектенеді. Құс жұмыртқаклеткасында ядро орналасатын актив цитоплазманың тек үстіңгі беті ғана бөлшектенеді.

Сурет - Тритон ұрығының дамуы

 

Гаструла сатысының аяғында, бірінші реттік ауыз тесігінің алдыңғы жағында орналасқан эктодерма клеткалары жедел бөлініп, нерв пластинкасы түзіледі, бұл ұрықтың бүкіл жотасын бойлай созылып жатады. Нерв пластинкасының жиегінде жоғары қарай бағдарланған қатпарлар пайда болады, ал оның ортаңғы бөлімі ойысып, нерв науасы түзіледі. Ол тереңдей келе жиектері қабысып, эктодерманың астында орналасатын нерв түтігіне - орталық нерв жүйесі бастамасына айналады. Алғаш дами бастағаннан-ақ нерв түтігінің алдыңғы ұшы жалпая түседі. Ол жалпая келе даму кезеңдерінде миға айналады. Дамып келе жатқан мидың алдыңғы бөліміндегі екі жақ бүйірінде бокал тәрізді екі көздің бастамасы көрініс береді. Ұрықтың алдыңғы бөлімінде эктодерманың жымырылуы арқылы есту және иіс сезім мүшелерінің де бастамасы пайда болады. Эктодермадан нерв жүйесі және соған байланысты сезім мүшелерінен басқа организмнің сыртқы жамылғысының бастамасы да дамиды.

Арқа жақта нерв түтігіне жанасып жатқан бөлікте бірінші реттік ішектің энтодермасымен шектелген екі қалта пішінді болып мезодерманың бастамасы оқшауланып шығады. Олар бірінші реттік ішектен бөлініп кетеді де одан пайда болған қуыс кейінірек дене қуысына айналады. Оң жақтағы және сол жақтағы мезодерма бастамаларының аралығында, тікелей нерв түтігінің астыңғы жағында ұрық денесін бойлай созыла хорданың бастамасы бөлініп шығады. Ол нерв түтігі мен ішек аралығында жатады. Мезодерма мен хорда бөлініп шыққан соң қалған энтодерма ішекке және соған байланысты мүшелерге бастама береді.

Жоғарыда сипатталған процестер кезінде ұрықтың сыртқы бейнесі де өзгереді. Оның тұрқы ұзарып, бас және тұлға бөлімдері айқындалады. Бастапқыда ішектің пішіні түзу түтік тәрізді болып келеді. Одан ауыз және аналь тесігі пайда болады. Ішек түтігіндегі қабырға бүрлерінен қарын, бауыр және басқа асқорыту жүйесі дамиды. Дененің алдыңғы бөліміндегі екі жақ бүйірден, энтодерма мен эктодерма жанасып жатқан жерінен желбезек саңылаулары пайда болады. Бұлар ланцетик пен балықтарда өмір бойы қызмет атқарады, ал құрлық омыртқалыларында тканьмен жабылып кетеді. Өкпенің дамуы да алдыңғы ішекке байланысты: бұл ішек өсіндісінен дамиды.

Дамып келе жатқан ұрпақ массасының едәуір бөлігі мезодермадан құрылады. Одан бұлшықет пен қаңқаның барлық шеміршекті және сүйекті элементтері, қантамырлар жүйесі, зәршығару жүйесі, жыныс мүшелері қалыптасады.

Жануарлар ұрығы біртұтас организм қалпында дамиды, оның бүкіл клеткалары, тканьдері және мүшелері өзара тығыз байланыста болады.

Постэмбриондық даму. Постэмбриондық (ұрықтан кейінгі) кезең организмнің жұмыртқа қабығын жарып шығу кезінен, ал ұрығы құрсақта дамитын сүтқоректілерде туа салысымен басталады. Постэмбриондық дамудың екі түрі бар: дұрыс даму - мұнда организм ересек түріне ұқсап туады; түрленіп даму - мұнда эмбриондық дамудан личинка пайда болады, бұл сыртқы және ішкі құрылысындағы белгілері, қоректену сипаты, қозғалуы және басқа бірсыпыра ерекшеліктері бойынша ересек организмнен өзгеше болады.

Эволюция процесінде бірсыпыра омыртқасыз жәндіктерде, мысалы, сүліктерде, қырыкаяқтарда, өрмекшілерде дұрыс даму пайда болды. Омыртқалы жануарлардың көпшілігі, соларға жататын жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер дұрыс дамиды.

Ішекқуыстылар, жалпақ және буылтық құрттар, шаянтәрізділер, бунақденелілер және бірқатар омыртқасыздар, омыртқалылардан қосмекенділер түрленіп, дамитын жануарларға жатады. Көбелектер мен шөп бақасының түрленіп дамуын зоология пәнінен еске түсіріп көріңдер. Бұл жануарлардың жұмыртқаларынан личинкалар дамиды. Олар өздігінен өмір сүріп, өздігінен қоректенеді. Ересек организмдерге қарағанда олардың құрылысыедәуір қарапайым: оларда ересек особьтарда бола бермейтін ерекше личинкалық мүшелер (мысалы, бақанын, итшабағында сыртқы желбезек және құйрық болады) дамиды. Личинканың ересек жануарға айналуы ішкі және сыртқы құрылысында ерекше өзгерістер болу арқылы жүзеге асады.

Организмнің түрлене дамуының едәуір артықшылықтары бар. Әдетте личинка белсенді қоректеніп, өсуге (бунақденелілер, қосмекенділер) арнайы бейімделген даму сатысы болып саналады. Бір түрдің личинкалары мен ересек особтары көбінесе әртүрлі жагдайларда тіршілік ететін болғандықтан, олар орын мен қорек үшін бәсекелеспейді. Кейбір организмдердің личинкалары түрдің таралуына жәрдемдеседі. Мысалы, көнтеген отырықшы немесе аз қимылдайтын құрттар мен былқылдақденелілердің личинкалары еркін жүзіп, жаңа мекен ортасына ауыса алады.

Кез келген организм өзінің жеке дамуы сатыларының бәрінде де сыртқы орта факторларына ұшырап отырады. Бұған мәселен, толып жатқан жаратылыстағы табиғи факторлар жатады, олардан ең алдымен температура, жарық, тіршілік ететін ортасының тұз бен газ құрамы, қоректік заттар қоры және т. б. атап көрсетуге болады.

Алайда, организмнің жеке дамуына пайдалы болумен қатар зиян келтіретін факторлар да бар. Әсіресе адам организмінің дамуы мен атқаратын қызметіне зиян келтіретін факторларды айта кеткен жөн. Сыртқы ортаның адамға зиянды факторларынан ең алдымен алкогольді ішімдіктер мен шылым шегуді атап көрсетуге болады.

Алкоголь ішімдіктерін пайдалану адамның жеке дамуының кез келген кезеңдерінде зиянды, әсіресе жасөспірім кездерінде қауіпті. Алкоголь адам мүшелерінің барлық жүйесін, ең алдымен орталық нерв жүйесін, жүрек пен қантамырларын, өкпесін, бүйрегін, қозғалыс мүшелерін (бұлшықеттерін) қатты зақымдайды. Алкогольді аздап пайдаланғанның өзінде де адамның ойлау қабілеті, қозғалыс ырғағы, танысалуы мен жүрек қызметі бұзылады, жұмыста көптеген қателіктер жіберуге әкеп соғады, ауруға шалдықтырады. Мысалы, алкоголь бауырды бүлдіріп, өзгеруге (цирроз) шалдықтырады. Алкогольді ұдайы пайдаланудан адам қатты науқасқа - алкоголизмге ұшырайды, оны арнаулы орында ұзақ емдеуге тура келеді. Алкогольге шалдыққан ата-аналардан ақылы кем, жұмысқа қабілетсіз бала туады.

Әдебиет: Жалпы биология. Алматы, 1991. -Б.126-128.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-11-13 16:40:33     Қаралды-4734

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »