UF

ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗ ТҮГЕЛ БОЛСА

Категориясы: Жануарлар


ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗ ТҮГЕЛ БОЛСА

Қазақ халқы қолда өсірілетін түйе, сиыр, жылқы және қой-ешкіні төрт түлік мал деп атайды. Әр түліктің өзіндік орны бар, әрқайсысын шақыруға арналған одағай сөздер де түрлі-түрлі болып келеді. Мысалы: түйені - «көс-көс», сиырды - «аухау-аухау», жылқыны - «құрау-құрау», қойды - «пұшай-пұшай», ешкіні - «шөре-шөре» деп шақырады. Төрт түлік үлкен-кішілігіне қарай екі топқа ажыратылады: түйе, сиыр, жылқы - ірі қара, ал қой-ешкі ұсақ мал деп аталады. «Мал» және «қара» сөзі бір ғана ұғымды білдіреді, «мал» парсы-араб тілінен, «қара» түрік тілінен енген. Сондықтан кейде «ірі қара мал» деген тіркестегі соңғы екі сөздің бір ғана мағына білдіретінін естен шығармаған жөн, бұл тіркесті «ірі қара» немесе «ірі мал» деп қана пайдалану керек. Асыранды жануарларды ғылыми жіктеген кезде басқа ірі қаралардан ажырату үшін сиырды мүйізіне бола «муйізді ірі қара» деп, ал қой-ешкіні - «мүйізді ұсақ мал» деп жіктейді. Сондай-ақ қолға үйретілген жануарлардың барлығын (мал, құс, ұйқоян, шошқа) үй хайуанаттары дейді. Шошқа, есек төрт түлікке жатқызылмайды. Есекті тіпті «күші - адал, еті - арам» деп, тек күш көлікке санайды.

Енді кейбір түліктер мен үй хайуанаттарының шығу тегін қарастырайық.

Ірі қаралардың шығу тегі. Ірі қараның ең үлкені, мінсең - көлік, ішсең - сусын, жесең - ет, кисең - киім, «Бойына сеніп, жылдан құр қалған» төрт түліктің бірі - түйе. Ол - қолға үйретілген жануарлардың алғашқыларының бірі. Түйенің тұңғыш отаны Орта Азия және Қазақстан, оны түркі-монғолдар қолға үйретті деп есептеледі.

Әдебиеттерде түйені біздің заманымыздан 5000 жыл бұрын қолға үйретілген үй хайуанаты деп көрсетеді. Түйенің арғы тегі Орта Азияда күні бүгінге дейін кездесетін қосөркешті жабайы түйе - қаптағай деп аталады. Асыранды түйенің екі түрі белгілі: қосөркешті - бактриан және дара өркешті - нар. Бұлар сірә әр түрлі екі жабайы түйелерден пайда болса керек. Нар қаптағайдан да бұрын қолға үйретілген, оны Аравия немесе Солтүстік Африкада біздің дәуірімізге дейін 4000 жыл шамасында қолға үйретсе керек. Қосөркешті жабайы түйені монғолдар «қаптағай» дейді. Қаптағайды Монғолияның оңтүстік-батыс бөлігінен әлі де болса кездестіруге болады, бірақ өте сирек кездесетіндіктен, ол ХТҚО-ның Қызыл кітабына тіркелді.

Қолға үйретілген түйелердің де (қосөркешті түйе және нар) саны мәз емес: 139,2 мың. Елімізді арзан ет, шудамен және шипалы шұбатпен қамтамасыз ету үшін түйе шаруашылығын қолға алудың кезеңі туған тәрізді. Түйенің күш көлік ретінде де пайдасы мол. Сондықтан да халқымыз «Алты айлық жолға арымас атан деген көлік бар» деп мәтелдейді, түйенің атасы - Ойсылқара деп құрметтейді.

Халық арасында «...сүті - шекер, еті - бал» атанған жылкы да ірі қараның бірі. Жылқының арғы тегі нақтылы анықталса да түзат пен тарпаннан таралғанын пайымдау қиын емес. Тұзат туралы алдыңғы сабақтардан біраз мағлұмат берілген болатын. Ал тарпан - Шығыс Европаның далалы, орманды аймақтарында XVIII-XIX ғасырларға дейін тіршілік етіп, жойылып біткен жабайы жылқы. Тарпандар тіпті Қазақстанның Алтай тауы етегінде де үйір-үйірімен тіршілік етіпті. Тарпан бұдан 5-6 мың жыл бұрын қолға үйретіліп, асыранды жылқыға айналдырылған, қазіргі кезде одан жылқының 200-ден астам қолтұқымдары шығарылды. Халқымыздың «Жылқы атасы - Қамбар ата» дейтінін естен шығаруға болмайды.

“Екі сиыры бар кісінің айраны болар” демекші ауызға ақ тигізетін пайдалы ірі қараның бірі - сиыр (Сиыр атасы - Зеңгібаба). Кезінде бүкіл Европа мен Солтүстік Африкада, Кіші Азияда және Кавказда мекендеген турлар асыранды сиырлардың арғы тегі болып табылады. Турлар 1627 жылы мүлде жойылып бітті, адам бұларды біздің дәуірімізге дейінгі 7000 жыл шамасында қолға үйретсе керек.

Тур өте сымбатты, күшті, үшкір де ұзын екі мүйізді, қыр арқасын бойлай созылған ақ жолағы бар күңгірт-қара түсті күйіс қайыратып жүптұяқты, сүтқоректі жануар. Оның аналығы торы немесе күрең-қызыл түсті болып келеді. Тур орманды және батпақты жерлерді мекендеп, қыркүйек айында күйттейді де жазға салым бұзаулайды екен. Бұлар өте айбарлы, топтасып та, жеке де тіршілік ететіп тұяқты жануарлар болған, оларға тіпті қасқырларда төтеп бере алмаған. Турдың еті, сүті және терісі үшін аулап, табиғаттан аңшылар жойып жіберген.

Қазақ халқы қой-ешкіні бір түлікке балап, «Қой атасы - «Шопаната» дейді. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қазақ бекер айтпаса керек. Қой - өте өнімді түлік. Қолда өсірілетін қойдың арғы тегі Оңтүстік Европа мен Алдыңғы Азияда мекендейтін муфлондар болып табылады. Муфлондарды Алдыңғы Азия елдері бұдан тоғыз мың жыл бұрын асырап, қойдың 150-ден астам қолтұқымдарын жүн, тон тігілетін тері және ет алу үшін өсіріп келеді. Қазақстанда құйрық майы 10-15 кг тартатын еділбай қойы өсіріледі.

Ұсақ малдардың шығу тегі. Өсімтал ұсақ түліктің бірі - ешкі. Халқымыз сондықтан да «Ешкі тұқымы - егіз лақ, қой тұқымы - қоңыр тұсақ» дейді. Халық арасында «Ешкінің иесі – Сексеката» деп дәстүрлейтінін есте ұстаған жөн. Қолға үйретілген ешкілердің арғы тегі тауешкі деп аталады. Тауешкілер жартасты тауларда мекендейді. Ешкілер біздің дәуірімізге дейінгі 5700 жылдарда сақалды тауешкіден қолға үйретілсе керек. Тауешкінің бұл түрі бізде кездеспейді, қазіргі кезде Кавказ бен Түркмения тауларында сиректе болса, мекендейді.

Сақалды тауешкінің салмағы 35-40, кейде 60 кг болады. Екі-екіден немесе 6-7-еуі топтасып жүреді, қараша-желтоқсан айларында күйттеп, сәуір-мамыр айларында 1-2 лақ туады. Сауыр, Тарбағатай, Алтай тауларында салмағы 100-130 килограмға жететін ірі таутекелер тіршілік етеді, олар таутекелердің сақалды таутекелерден басқа түрі. Ешкілердің кейбір қолтұқымдарының осы тауешкілерден де таралуы мүмкін. Жалпы ешкілердің қолтұқымдары онша көп емес. Ешкілер көбінесе түбітті жүні үшін өсіріледі.

Үй хайуанаттарының шығу тегі. Жабайы есек домбай деп аталады. Ол ауруға көп ұшырамайтын, жемге қанағатшыл әрі көмпіс үй есегінің арғы тегінен саналады. Адамзат есекті домбайдан 5-6 мың жыл бұрын қолға үйреткен. Домбайлар - Солтүстік Африканың шөл даласында ертеректе көп тараған хайуанаттар. Қазір оның екі түр тармағы ғана сақталып қалған, олардың өзі сирек кездесетіндіктен ХТҚО-ның Қызыл кітабына тіркелді. Есек негізінен жеңіл жүктерді таситын күшкөлік ретінде пайдаланылады.

Өте тез өсетін және тамақ қалдықтарымеп жемдеп, жұғымды да дәмді ет өндірілетін шошқа мал шаруашылыгы саласының бірінен саналады. Шошқаның аталығы - қабан, аналығы - мегежін, баласы - торай деп аталады. Жабайы шошқа - доңыз асыранды шошқалардың арғы тегі болып табылады. Доңыздар - жабайы шошқалардың ең көп тараған түрі, күйіс қайырмайтын жұптұяқты сүтқоректілер. Адамдар доңызды бұдап 6-7 мың жыл бұрын қолға үйретіп өте көп қолтұқымдар шығарды. Доңыздар көбінесе тұмсығымен топырақты қопарып, өсімдіктердің жерасты бөліктерін: тамыр, тамырсабақ, түйнек және жуашықтарын қорек етеді. Академик М. Ф. Иванов шығарған украиндық ақ шошқа - бұрынғы КСРО-да көп тараған қолтұқымдардың бірі. Ақ шошқаның мегежіні жылына 10-12 торайды екі рет торайлайды, алты айлық торайдың салмағы кейде 100 килограмға дейін жетеді. Сөйтіп, шошқа елімізді етпен қамтамасыз етуде көп үлес қосады.

  Жарияланған-2022-02-18 16:49:50     Қаралды-5889

Мәлімет сізге көмек берді ма

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

...

Тараз қаласында Жамбыл Жабаев атындағы алаңда 1961 жылы Жамбыл ескерткіші орнатылған. Ақын ұлттық киімде, сол қолына домбыра ұстап тұрған күйінде кескінделген. Мүсін мыс араластырылған шойын коспасынан құйылып, қола жалатылған. Тұғыры төрт бұрышты биік ет

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШЕКЕР-НОХУТ

...

Құлпынай түрінде жасалып, үстіне қант себілетін мармелад-пата осылай аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СҮТТЕН ЖАСАЛАТЫН ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР

...

Төрт түлік малды тіршілік-тынысына тірек еткен көшпелілер кәдуелгі сүттен небір тамаша тағамның түріп жасай білген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КӨЗІҢ САУ БОЛСЫН ДЕСЕҢ...

...

Көзің - екі жанарың. Оны сақтаудың қаншалықты қажет екенін көзің ауырып, зақымданғанда немесе қиқым түскенде білерсің. Осыған орай халқымыз «Ішің ауырса - аузыңды тый, көзің ауырса - қолыңды тый» дейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕМІС ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ

...

Сарымайға қант қосу керек. Үгілген ірімшік, жүзім, кептірілген өрік, қуырып, ұнтақталған жаңғақ, ванилин қоса отырып, ағарғанша езіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУҒА ШЫҚҚАН МАҢЫЗЫ - 30 ТҮРЛІ ҚАРАПАЙЫМ ИНГРЕДИЕНТТІ СОРПАЛАР

...

Сорпа - ас қорыту органдарының жұмысын жақсартатын, адамның тәбетін ашып, тіпті бойын сергітетін тағам.

ТОЛЫҒЫРАҚ »