ЖҰМБАҚТЫ БЕНГАЛИЯ
Категориясы: Саясат
БЕНГАЛИЯ, Бенгал (хинди тілінде Бангал, бенгал тілінде - Бангла) - Үндістандағы Ганг өзенінің төменгі бойымен Ганг және Брахмапутра атырауында орналасқан тарихи аймақ. Ежелгі заманда Бенгалияның түрлі бөліктері Анг, Ванг, Гауд т. б. атаулармен мәлім болды. Бенгалия деген жалпы атау 10-12 ғасырларда шамасында шықты. 8 ғасырдан 13 ғасырдың басына дейін Бенгалия жерінде Пал әулеті, кейіннен Сен әулеті билеген мемлекеттер өмір сүрді. 13 ғасырдың басында Бенгалия Дели султандытына қосылды. 14 ғасырдың ортасында тәуелсіздікке ие болды. 1575 жылы Ұлы Моголдар әулеті жаулап алды. 18 ғасырдың басында Бенгалия жерінде, Бихара мен Ориссада (астанасы Муршидабад) дербес мемлекет пайда болды. 1756 жылы ағылшын Ост-Индия компаниясы Бенгалияға қарсы соғыс ашты. Плесса маңындағы шайқастан кейін (1757 жылы 23 маусым) компания Бенгалияны өзіне бағындырды.
1905 жылы ағылшын өкіметінің Бенгалия жерін екіге бөлуі бенгалдықтардың күшті қарсылығын туғызды. 1911 жылы ағылшындар Бенгалияны қайта біріктіруге мәжбүр болды. 1947 жылы Үндістан бөлініп, оның жерінде Үндістан және Пакистан мемлекеттерінің құрылуына байланысты үнділер мекендейтін Батыс Бенгалия (орталығы - Калькутта) Үндістан құрамына (Батыс Бенгалия штаты), ал мұсылмандар мекендейтін Шығыс Бенгалия (орталығы Дакка) Пакистан құрамына (Шығыс Пакистан) кірді.
Әдебиеті. Үндістан мен Пакистанды мекендейтін бенгал халқы төл әдебиетінің ең көне ескерткіші тұрмыс-салттық мазмұндағы гимндер жинағы - «Чорджапод» 10-12 ғасырда жазылған. Бхакти қозғалысына байланысты 16-17 ғасырларда лирика өркендеді. Орта ғасырларда «сақтаушы» немесе «әрекетшіл» құдайларға - Моноши (жылан құдайы), Чопди (аңдар құдайы) тағы басқаға арналған дастандар мен аңыз әңгімелер (монголкаббо) ерекше орын алды. Бенгалия мұсылмандары мен үнділері мәдениетін суреттеген 17 ғасыр ақындары Доуолт Кази мен Сайед Адаоль болды. Феодалдық ақ- сүйектер сарайын мадақтаған поэзия 18 ғасыр басында халықтық сипатын жоғалта бастады. Санскриттік поэтика өркендеп, «дәріптеушілік» стиль тарап, эротикалық сезімге ден қойылды. 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басында діни-мифтік сюжеттер философиялық поэзияға жол берді. Жаңа заманға лайық роман, повесть, драма, батырлық дастан, баллада, сонет жазылды. Бенгалия әдебиетінің көрнекті өкілі Рабиндранат Тагор (1861-1941) шығармалары букіл Үндістан жазушыларына ықпалын тигізді. Үстіміздегі ғасырдың 40-60 жылдарында Тарашонкор Бондопаддхай (1898 ж.т.), Абул Фазл (1903 ж.т.), Маник Богдопаддхай (1908-1956) сияқты прозаиктер мен Назруил Ислам (1899 ж. т.) Джошим Уддин (1902 ж. т., Бимолчондро Гхош (1908 ж. т.) т. б. ақындар шығармаларынан әлеуметтік мәселелер мен жаңа Үндістан үшін күрес т. б. тақырыптар берік орын алды.
Әдеб.: Антонова К. А. Английское завоевание Индии в ХҮШ веке, М., 1958; Кабирадж Н. Национально-освободительное движение в Бенгалии. пер. с бенгальского, М., 1956; Толстых И. Бенгальская литература, М., 1965; Новикова В.А. Очерки истории бенгальской литературы 10-18 вв. Л., 1965.
Жарияланған-2019-09-06 17:56:30 Қаралды-1987
ҮҢГІРЛЕР
Үңгір дегеніміз - ерігіш тау жыныстарының бұзылуы, мүжілуі салдарынан пайда болатын жер қыртысындағы қуыстар. Ерігіш тау жыныстарына көбіне әктас, гипс, доломит, т.б. жатады. Үңгірлердің ұзындығы ондаған, жүздеген метрден, кейде бірнеше ондаған километрге
ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙ СПОРТ ТАРИХЫНАН
Хоккей ойынына ұқсас ойынды 1866 жылы Канада мемлекетінде әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлер (ағылшындар) ойлап тауыпты дейді спорт жылнамасы.
БАЛ ЖАҢҒАҚТАР
Балды жақсылап ерітіп, қантпен, ұнмен, содамен, маймен және ұнтақталған жаңғақтармен араластырып, қатты қамыр иленеді.
БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ ӨЛШЕМДЕРІ
Ертеректе Шығыс елдерінде ұзындық өлшемдері ретінде адамның дене бөліктерінің өлшемі негізге алынған. Ол өлшем бірліктерін елі, тұтам, қарыс, сүйем, кез, сай кез, құлаш, шақырым деп атаған.