UF

ТҰЗДЫҒЫ КЕЛІССЕ - АС ДӘМДІ

Категориясы: Тағам


Тұздық тағамға әр, нәр, сондай-ақ қышқыл дәм мен хош иіс береді. Соған орай тағамды қанша жақсы дайындағанмен тұздықсыз сәні де, мәні де болмайды. Өйткені тұздық тағамдардың дәмділік қасиетін арттырумен қатар, тәбетіңді ашады. Оның үстіне астың жақсы сіңуіне мүмкіндік жасайды.
Тұздық түрі көп болса үнемі бір өнімді пайдаланып-ақ дастарқан мәзірін ортайтпауға болады. Бірақ әрбір тұздықты өз орнына пайдалана білген жөн. Мәселен тұщы дайындалған тағамдарға ащы тұздық, ащы дайындалған тағамдарға тұщы тұздық құйылады. Мәселен желкек тұздығының асқан ет пен балыққа, ал томат тұздығының котлет, биточки секілді қуырылған тағамдарға, ал көкөністен дайындалған тағамдарға көбінесе сүт, қаймақ, жұмыртқа, май араласқан тұздықтардың құйылғаны дұрыс.
Сүт демекші, сүт өнімдерінен тұздық дайындау үшін бәрінен бұрын сүт, кілегей, қаймақ, сары май пайдаланылады. Олардан дайындалған тұздықтар тағаының дәмін ғана емес, сонымен бірге құнарлылығын да арттырады.


Сүт тұздығы

Құрамы: 
сүйық тұздық үшін - 2 кесе сүт, 1 ас қасық бидай ұны, 1 ас қасық сары май, тұз татымына қарай, қоймалжың тұздық үшін - 2 кесе сүт, 2 ас қасық бидай ұны, 2 ас қасық сары май, тұз татымына қарай, қою тұздық үшін 2 кесе сүт, 2,5 ас қасық бидай ұны, 2,5 ас қасық сары май, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Бұл тұздықты сұйық, қоймалжың, қою етіп дайындауға болады. Олардың құрамы жағынан ғана айырмашылығы болмаса, дайындау технологиясы бірдей.
Ұн сары майға әбден сарғыш тартқанша қуырылып, үстіне ыстық сүт құйылады да, жақсылап езіледі. Содан соң бәсең отқа қойылады да, үздіксіз бұлғай отырып, 7-8 минут бүлкілдетіп қайнатылады. Аздап қана тұздалады.
Сүйық тұдық көкөністен, жармалардан дайындалған тағамға, қоймалжың тұздық балық пен ет тағамдарына, қою тұздық фаршталған тағамдарға пайдаланылады.


Қаймақ тұздығы 

Дайындау процесі:
Ұн сары майға шала қуырылады. Үстіне қаймақ құйылып, араластырылады. Ұн ірімтіктеліп қалмас үшін езгілей отырып, бұлғанады. Тұздалып, бұрышталады. Содаң соң отқа қойылады да, үздіксіз араластырыла отырып, 5-6 минут қайнатылады. Суымай тұрып сүзіледі.
Бұл тұздық көкөніске, ет, балық тағамдарына, ыстық басытқыларға құйылады.
Құрамы:
2 кесе қаймақ, 1 ас қасық ұн, 1 ас қасық сары май, тұз бен бұрыш татымына қарай.


Ақ тұздық 

Құрамы: 
2 кесе балық сорпасы, 2 ас қасық ұсақтап кесілген петрушка немесе аскөк, жарты пияз, 1 ас қасық ұн, 1 шай қасық сары май.
Дайындау процесі:
Кең де шұңғыл табадағы ұн шала қуырыла бергенде үстіне ас қасықпен сорпа құйылып, жақсылап араластырылады. Егер ұн ірімтіктеле, не түйіршіктеле берсе мұқият бұлғанып, езгіленеді. Егер ұн қуырылып жатқан оттың қызуы 50-60 градус болса ол түйіршіктелмейді.
Содан соң осы массаның үстіне шала қуырылған көкөніс, көк салынып, жарты сағаттай тағы қайнатылады. қайнату үстінде әлсін-әлсін көбігі алынады. Сондай-ақ түбін күйдіріп алмау керек. Тұздық қоймалжыңдалған кезде лавр жапырағы салынады. Тұздалып, бұрышталады. Оттан түсірерде аздап сары май салуға болады.
Бұл тұздық балық тағамдарына құйылады. Салаттарға пайдалануға да жарайды.


Қаймақ-томат тұздығы

Құрамы: 
2 кесе қаймақ, 1 ас қасық ұн, 1 ас қасық сары май, 1 ас қасық томат пюресі, тұз бен бұрыш татымына қарай.

Дайындау процесі:
Әуелі қаймақ тұздығы дайындалады. Ол үшін ұн сары майға шала қуырылады. Үстіне қаймақ құйылып бұлғанады. Тұздалып, бұрышталады. Содан соң үздіксіз бұлғай отырып, 5-6 минут қайнатылады.
Осы тұздықтың үстіне томат пюресі немесе кетчуп қосылып, араластырылады.
Бұл тұздық ет, балық және көкөніс тағамдарына құйылады.


Пияз қосылған қаймақ тұздығы

Құрамы: 
2 кесе қаймақ, 1 ас қасық сары май, 1 ас қасық томат пюресі, 1 пияз, тұз бен бұрыш татымына қарай.
Дайындау процесі:
Пияздың қабығы аршылады. Ұсақтап кесіледі. Сөйтіп сары май қыздырылған табаға салып шала қуырылады. Сол күйінде алдын ала дайындалған қаймақ тұздығына аударылып, мұқият араластырылады да, 5-6 минут қайнатылады. Содан соң томат шоресі салынып, жақсылап араластырылады. Тағы бір қайнатып алса, сапасы жақсара түседі.
Бұл тұздық ет котлеті мен биточкиіне құйылады.


Желкек қосылған қаймақ тұздығы

Құрамы: 
2 кесе қаймақ, 1 ас қасық ұн, 1 ас қасық 9 проценттік сірке суы, 2 ас қасық үгілген желкек, тұз бен бұрыш татымына қарай.
Дайындау процесі:
Ұн табаға май салынбай қуырылады. Суыған соң үстіне май салынып, жақсылап бұлғанады да, қыздырылған қаймақ құйылып, әбден араластырылады. Тұздалып, 5 минуттай отқа қойылады.
Қабығы аршылып, тазартылған желкек тамыры үккішпен үгіледі. Үстіне сірке суы құйылып, бұрышталады. Сөйтіп отқа қойылып, 5 минутқа жуық қыздырылады да, алдын-ала дайындалған қаймақ тұздығына аударылып, араластырылады.
Бұл - ет тағамдарына, әсіресе асқан етке таптырмайтын тұздық.


Қаймақ қосылған желкек тұздығы

Құрамы: 
2 кесе қаймақ, 4 ас қасық үгілген желкек, 1 шай қасық қант, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Желкек тамыры үккішпен үгіледі. Үстіне қаймақ құйылып, қант, тұз салынады да, жақсылап араластырылады.
Бұл тұздық асқан етке құйылады.


Желкек және алма қосылған қаймақ тұздығы

Құрамы: 
2 кесе қаймақ, 2 ас қасық үгілген желкек, 2 ас қасық үгілген алма, тұз бен бұрыш татымына, ал лимон қышқылы аспаздық қалауына қарай.
Дайындау процесі:
Жақсылап жуылған, қабығы аршылып, ұсақ көзді үккішпен үгілген желкекке қабығы аршылып, өзегі алынып тасталынған, сөйтіп үккішпен үгілген алма қосылып араластырылады. Үстіне қаймақ құйылып, бұлғанады. Лимон қышқылы құйылады. Қант салынып, тұздалады. Содан кейін ақырғы рет араластырылады.


Ащы қаймақ тұздығы 

Құрамы: 
2 кесе қаймақ, 4 ас қасық 9 проценттік сірке суы, 1 ас қасық қант, 2 жұмыртқаның ақ уызы, бұрыш пен тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Сірке суына қант, тұз, ұнтақталған бұрыш салынып араластырылады. Үстіне піскен жұмыртқаның үгілген ақ уызы салынады да, қаймақ құйылып, бұлғанады.
Бұл тұздық ет тағамдарына, көкөніс салаттарына құйылады.


Жұмыртқа қосылған май тұздығы

Құрамы: 
1 кесе еріткен сары май, 1 жұмыртқа, 4-5 тал петрушка, 1 шай қасық лимон қышқылы, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Отқа қойылған табаға сары май салып ерітіледі. Суыған соң ұсақтап туралған піскен жұмыртқа, петрушка салынады да, лимон қышқылы құйылып, жақсылап араластырылады.
Бұл тұздық түрлі салаттарға, балық тағамдарына, басытқыларға құйылады.


Майонез тұздығы

Құрамы: 
4 жұмыртқаның сары уызы, 1 кеседей өсімдік майы, 2 шай қасық дайын қыша, 1 шай қасық сірке суы, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Бұл өте күрделі тұздық. Өйткені ол бірнеше өнімнен дайындалады.
Фарфор ыдысқа жұмыртқаның сары уызы құйылып, тұздалады. Ағаш қасықпен бұлғанады. Содан соң шай қасықпен бөліп-бөліп өсімдік майы құйылады. Әрбір шай қасық өсімдік майы құйылған сайын мұқият араластырылады. Бұдан кейін қыша салынып, әбден тарағанша бұлғанады. Май, жұмыртқа, қыша жақсы араласып, қоймалжың тартқанда сірке суы құйылады.
Бұл тұздық көбінесе салаттарға, ет тағамдарына пайдаланылады.


Жүзім тұздығы

Құрамы: 
4 килограмм жүзімге 8 кесе қант, 1 шай қасық тұз, 1 шай қасық қара бұрыш, 1 шай қасық мускат жаңғағының ұнталған дәні, 2 шай қасық ұнтақ даршын, 1 ас қасық 6 проценттік сірке суы.
Дайындау процесі:
Алдын ала іріктелген жүзім жуылады. Эмальды кастрюльге салынып, ағаш қасықпен езгіленеді. Сол ыдысымен отқа қойылып, жүзім қабығы мен дәнінен ажырағанша, яғни 5 минут қайнатылады. Оттан түсіріліп, сәл суытылады да, елекке салынады. Сөйтіп қабығы мен дәнінен тазартылады. Содан соң қант, тұз, қара бұрыш, мускат жаңғағының ұнталған дәні, даршын салынады да, бәсең отқа қойылып, қайнатылады. Ағаш шөмішпен араластырыла отырып, жүзім сөлі үш есе азайғанша қайнатыла береді. Сірке суы оттан түсірер алдында ғана құйылады.
Бұл - ет және балық тағамдарына таптырмайтын тұздық.


Ащы томат тұздығы

Құрамы: 
2,5 килограмм помидор сөліне 5 ас қасық қант, 1 ас қасық тұз, 1,5 шай қасық сірке суы, 1,5 шай қасық қалампыр, жарты шай қасық қара бұрыш, жарты шай қасық хош иісті бұрыш, сарымсақтың 2 баданасы.
Дайындау процесі:
Қызарып піскен помидорлар іріктеліп алынады. Ұсақтап туралады да, үккішпен үгіліп, сөлі шығарылады. Сол сөл эмальды ыдысқа құйылып, 3 есе азайғанша қайнатып алынады. Содан соң қант, тұз, дәмдеуіштер салынып, 10 минуттай отқа қойылады. Осы мерзімнен кейін сірке су құйылып, 2-3 минут тағы да қайнатылады.
Бұл тұздық ет тағамдарына, көбіне қуырған тағамдарға құйылады.

  Жарияланған-2016-06-30 22:39:00     Қаралды-5639

Мәлімет сізге көмек берді ма

ДИУАНИ ХИКМЕТ

...

«Диуани Хикмет» («Ақыл кітабы») - Қожа Ахмет Иасауидің сопылықты (суфизм) жыр еткен әдеби шығармасы. Қожа Ахмет Иасауи қазақ даласында ислам дінінің нығаюына зор ықпал жасаған ғұлама, әулие адам болған. Шамамен 1093 жылы (кейбір деректерде 1041, 1103 жыл

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТОҚЫЛДАҚ

...

Тоқылдақ – ұсақ және орташа келген орман құсы. Елімізде токылдақтың 9 түрі кездеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАСҚЫР

...

Қазақстанның барлық аймақтарында таралған жыртқыш аңдардың бірі - қасқыр. Дене тұрқы асыранды иттей. Қасқыр асыранды иттің арғы жабайы тегі деп есептелінеді. Топтанып тіршілік етеді, қорегін көбіне түнде аулайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МУДИ (ВЕНГР ОВЧАРКАСЫ)

...

Бұл Венгрия шопандары XIX ғасырда шығарған венгр овчаркасы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАНКНОТАЛАРДА ҚАНДАЙ ЗИЯНКЕСТЕР ӨМІР СҮРЕДІ?

...

Бірнеше жыл бұрын Оксфорд университетінің ғалымдары қызықты зерттеу жүргізді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚ ТҰҢҒИЫҚ

...

Ақ тұңғиық - көпжылдық су өсімдігі. Тамыр-сабағы су астындағы топыраққа төселіп, дөңгелек, жүрек тәрізді жапырақтары су бетіне жайылып өседі. Гүлі кешке жабылып, күн шыққанда ашылады. Тұқымы ауа толған жеміс қабында тұрады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »