UF

ҚҰРТ - АСЫЛ ТАС, ІРІМШІК - ПАЙДА АС!

Категориясы: Тағам


Мәйек - әлі отықпай тұрып сойылған жас қозының ұлтабары. Мұндай ұлтабардың уызды өңезі (сары уызы) болады. Оның осындай уызы бар тұсын екі жағынан таза жіппен байлап, артық қалған бөлігін кесіп тастайды. Сөйтіп аздап сыртына тұз сеуіп, кейде айран жағып, көлеңке орынға іліп қойып кептіреді. Біраз күннен кейін ол кеуіп, уызы ашиды. Содан кейін оны ірімшік қайнатуға ұйытқы ретінде пайдалануға бола береді.

Ірімшік. Ұлттық тағамдардың ішінде ірімшік дәмді, кенеуі мол және басқа тамақтарға қосылып дастарқанды байытып, ыстық астарды түрлендіре түсетін сүйкімді тағамдардың бірі. Ол кейде қонақасыға жарап, табақ ретінде де жүреді.

Ірімшік дайындау жолы мынадай: жылы сүтке мәйек салып ұйытылады. Содан соң әбден суы тартылғанша қайнатылады. Қайнауы жеткен ірімшік қызыл сары түске енеді. Бұдан кейін сүзіп алынады да шыптаға жайылып кептіріледі.

Ірімшіктің бірнеше түрі, соған орай қалыптасқан атауы бар.

Ақірімшік. Көбінесе басқа тамақ түрлеріне қоспалауға, сол күйінде сары майға, қаймаққа араластырып, кейде май, қаймақ қоспай-ақ жеуге арнап, қойдың сүті мен сиырдың сүтінен жасалған. Қой сүтінен жасалған ақірімшікті сиыр сүтінен гөрі құнары көп деп есептелінген. Ол шала ұйыған айранды қайнатып іріту және ыстық сүтке айран құйып қайнату секілді екі әдіспен дайындалады.

Ақлақ. Қаймағы алынбаған сүтке қойдың қатығын құйып қайнатады. Содан соң сары суы төгіп тасталады. Сөйтіп табылса қойдың, табылмаса сиырдың піскен сүті құйылады да, үстіне сары май салынып, дастарқанға қойылады.

Аққұмшық. Қойдың қатығынан қайнатылып, қарттарға, балаларларға берілетін құрғақ ірімшік.

Уыз ірімшік. Уыз сүттен жасалған ірімшік.

Көбіршік ірімшігі. Қымыздың үстіне сиыр сүтін құйып дайындалған ірімшік.

Қызыл ірімшік. Мәйекпен ұйытып, суалғанша қайнатқан қызыл ірімшік.

Құрт. Пісіп, майы алынған айран үлкен қазанға құйып қайнатылады. Ауық-ауық бұлғауышпен бұлғанып отырады. Сонда оның түбі күйіп кетпейді. Құрт әбден қойылғаннан кейін салқындатылады да кенеп дорбаға құйып, керегеге асып қойылады. Сөйтіп суы ағып сорғиды. Қалған қоюы құрғаңқырап кеберсиді. Осылайша 2-3 күн сүзілгеннен кейін, үлкен табаққа салынып алынады да, әркім қолмен қалаған пішініне келтіріп, өреге немесе шыптаға жайып кептіреді. Көгеріп кетпес үшін оны бірнеше рет аударыстырып отыру қажет.

Жақсы кепкен құрт жылдар бойы сақтала береді.

Жас құрт. Әлі кеуіп үлгермеген құртты сары маймен жентектеп, шайға басытқы ретінде дастарқанға қойған.

Құрттың сарысуына сүт қосып қайнатылып, ірімшік жасалған.

Көбік. Қайнап жатқан құрттың қалқып алынған беті.

Ыстық құрт. Бұрын қайнап жатқан құртты құйып алып, май қосып сапырып ішкен. Сол тағам ыстық құрт деп аталған.

Сықпа құрт. Атынан көрініп тұрғандай қайнатып, сүзілген құрт қолмен сықпаланып, шыптаға жайып кептіріледі.

Малта. Езілген құрттың ірі түйіршіктері осылай аталады. Ол жұмсақ та тұщы келеді. Жолаушылар үшін әрі сусын, әрі азық болған.

Езген құрт. Кепкен құртты ұнтап, тұздық үшін немесе майлы ет сорпасының бетін қайтару үшін ыстық сорпаға езген. Ыстық суға езіп, өзін де ішкен.

Ақ малта деп езген құрттың соңғы шайындысын атанды.

Құмшық. Қайнатқан құртқа қойдың қатығын қосып, сықпаламай кептірген ұсақ тұщы құрт.

Ұнтақ құрт. Түйіп, әдейі ұнтақтаған немесе қап түбінен қақшып алған ұнтақ құрт.

  Жарияланған-2016-09-22 15:33:09     Қаралды-8653

Мәлімет сізге көмек берді ма

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ

...

Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) - «Қазақстанның халық әртісі», «Халық қаһарманы», профессор, Жетісу күй мектебінің дарынды күйші-сазгері. Нұрғиса Алматы облысында дүниеге келген. Оның әкесі күйші, анасы әнші болған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КӨРКЕМ СУРЕТТЕ КОЛОРИТ

...

Креслода кішкене бала отыр. Оның бірдеңеге қатты елегізгені байқалады. Әлденеден назарын аудармай, тесіле қарап қапты. Бұл Мика Морозовтың портреті. Салған - В.А.Серов.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

РЕПЕЙНИК – РЕВМАТИЗМ ЕМДЕУ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ

...

Құрамында илік заттар, эфир майлары, К витамині, пигменттер, ащы заттар, қышқылдар бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СПЕЛЕОЛОГИЯ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

...

Спелеология - үңгір тану. Үңгірлер туралы ілім. Бұл - дәл осы мағанасында бүгінгі ғылым тіліне орныққан ұғым. Орныққанды айтамыз-ау, спелеологияның өзі сала-сала болып, небір ғылыми пайымдауларға өріс ашып беріп отыр.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ ТАРИХЫ

...

Әліпбилік жазу - дүние жүзі мәдениетінің қол жеткен орасан зор табысы болса, бұл мәдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосқан деуге болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУПЕРҚАП ДЕГЕН НЕ?

...

Біздің алдымызда кітап жатыр. Ең алдымен оның мұқабасы көзімізге түседі. Оның қатты да, жұмсақ та болуы мүмкін. Жұмсақ мұқаба жәй қағаздан жасалады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »