АСПАН НЕГЕ КӨГІЛДІР?
Категориясы: Табиғат
Біздің Жерімізді көгілдір планета дейді. Бұлайша кездейсоқ аталмаған. Жерді қоршап тұрған ауа мұхиты көгілдір түстес. Сондықтан да біздің үстіміздегі аспан көгілдір болып көрінеді. Сен қалай ойлайсың, неге бұлай?
Аспанды көгілдір түске бояйтын да, жаңбырдан кейінгі кемпірқосақты бояйтын да өзіңе белгілі суретші. Иә-иә, күн сәулесі ғажап суретші ғой. Ал енді, оның суретті қалай салатынын тыңдап көр.
Күн сәулесінің бізге неге ақ болып көрінетіні есіңде болар? Себебі, кәдімгі сәуленің бойында 7 түсті бояу жасырынып тұрады. Олар бір-бірімен тоғысып, араласып тұрғанда бізге бір ғана ақ түспен көрінеді.
Күн өзінің нұрын Жерге түсіреді. Алдымен Күн сәулесі ғарышқа тарайды. Сол бетінде сәуле бойындағы 7 түс ғарышта ешқандай кедергі көрместен Жерді қоршап тұрған ауа қабатына келіп кіреді. Ал ауа қабатынан өту оңай емес.
Жерді қоршап тұрған ауа қабаты, бейне бір алып призма сияқты, ақ сәулені кемпірқосақтың 7 түрлі түсіне жіктейді. Сонсоң, әрбір түс Жер бетіне өзінің бейнесінде көрінеді. Мұның бәрі де айтуға ғана оңай. Әйтпесе, түрлі түсті сәуле Жер бетіне жеткенше неше түрлі газ бөлшектеріне, мұз түйіршіктеріне, шаң-тозаңға тіреледі. Бұлардың бәрі де сәулеге кедергі жасайды, жолынан тайдырады. Алайда қызыл, қызғылт және сары түстер жолындағы кедергілерді айналып өте алады. Сондықтан да олар Жерге қиналмай жетеді. Ал жасыл, көгілдір, күлгін түстер олай өте алмайды. Аспандағы әрбір ұсақ түйіршік - олар үшін асу бермес кедергі.
Демек, сәуле де, қабырғаға соғылған доп сияқты, кері серпіліп, бағытын өзгертіп, басқа жаққа бағыт түзейді. Яғни, қызыл, қызғылт және сары түстер Жерге кедергісіз тура жеткенімен, жасыл және көгілдір түстердің ауада біраз сапар шегуіне тура келеді. Ғалымдар: «жарық шашырады» деп отырады. Ең көп шашырайтын - көгілдір және күлгін түсті сәулелер. Сондықтан да бізге аспан көгілдір болып көрінеді.
Ал егер, аспанды бұлт басып тұрса ше? Онда түнерғен, сұрқай көрініс болады. Неге дейсің бе? Себебі, ауа дымқылданып, су түйіршіктері молайып, көк және көгілдір түстер ғана емес, сары, күлгін, қызыл түстер де сейіліп, аспанның түсі өзгереді. Сөйтіп, сәуле түстері тағы да тоғыса араласады. Бірақ көгілдір түс көбірек тарағыш болғандықтан, аспан ақ емес, сұрқайлау болып көрінеді.
Жарияланған-2016-09-15 15:01:20 Қаралды-16578
БАДАМ ҚАНТ

Тазартылған тұтас бадамнан тұратын, сырты балқыған қантпен қапталған тағам. Беті бұжыр, түсі қоңыр болады.
ЖАЙЫН

Жайын - жыртқыш балық. Ол корек талғамайды, бақалардан бастап ірі шортандарға дейін жейді. Реті келсе, үйрек, қаз, т.б. су құстарына да шабуыл жасайды. Жайындар жалқау, баяу қимылдайды. Жемін ұстау үшін әр түрлі амал-айла қолданады.