UF

Тақырыбы: Нормативті қазақ тілі

Кіріспе.

 

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы ұлттық сананы тәрбиелеуде, ұлттық намысты қорғауда, ұлттық мәдениетті көтеруде үлкен мәні бар факторға айналды. Бұл тілдің өзіне әлеумет назарын аудартып, оның дұрыс,жемісті қызмет етуіне қойылатын талаптарды күшейтті. Нәтижесінде " тіл мәдениеті", "нормативті қазақ тілі" сияқты жаңа пәндерді оқу үрдісіне ендіру қажеттілігі туды. Енді қазақ тілі әлеуметтік қызмет атқарып қана қоймай,оның дұрыс, сындарлы,  мәдениетті түрде қолданылуы күн тәртібіне қойылды. Бұл-уақыт талабы, қоғамның  мәдени-рухани сұраныстарының талабы.

Тіл мәдениетінің ең өзекті мәселесі – тілдік норма. «Нормативті қазақ тілі» курсының негізгі жеке зерттеу нысаны – осы тілдік норма мен оның кодификациясы. Мұнда  тілдік нормаға анықтама беріледі, оның  меже-белгілері, түрлері көрсетіледі, қазақ әдеби  тілінің нормативтік негіздері айқындалады, қалыпқа түскен нормалар реттеліп,  жинақталып хатқа түсуі (кодификациясы), оның теориялық-практикалық негіздері әңгіме болады. Тілдік нормадан уәжді-уәжсіз ауытқулар тіл мәдениетіндегі күрделі де маңызды мәселе деп қаралып, оның түрлері мен себептері көрсетіледі.

«Нормативті қазақ тілі» курсында лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалар баптарға бөлініп, ереже түрінде көрсетілмейді, тілдің әр қабатындағы әдеби нормаларының түрлері, олардың қиын, күрделі тұстары талданады.

Тіл мәдениеті, ең алдымен, әдеби нормаға тікелей қатысты. Жалпы тіл білімінде біршама қалыптасқан тұжырымдарға иек артсақ, тіл  мәдениеті дегеніміз – тілдік нормаларды, оның  ішінде әдеби тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті болып табылады.

Тіл мәдениетінің өзегі – норма  туралы ұғым. Норма тілдің жүйесі мен құрылымына сүйенеді.  Тілдік жүйе дегеніміз – тілде бар үлгілердің,  қолданыс типтерінің белгілі бір тәртіппен келуі, ал тілдік құрылым-осы жүйенің іске  асқан материалдық мүмкіндіктері. Қарапайым тілмен айтсақ, тілдік құрылым – құлаққа естілетін, «отыз тістен шығатын» деректі  ұғым атауы, ал тілдік жүйе сол «затты» жасап тұрған дерексіз ұғым атауы деуге болады.

Тілдік норма туралы сөз етпес бұрын бұл салаға қатысты терминдерге назар аударған жөн.

Норма тілдің өзі ұсынған тәртіп, ал нормалану сол тәртіптерді тілдің өзінің қалыптастыруы. Тілдің нормалануы мен ол  нормалардың кодификициясы бір емес. Кодификация тіл процесіне адамдардың араласуын,  яғни тілдік нормаларды реттеу, сұрыптау,  дұрысын бекіту, қалыптанғандарын хатқа  тіркеу сияқты іс-әрекетті білдіреді. Ол әдеби тілдің дамуына әлеумет тарапынан ықпал  жасауды білдіреді. Кодификация терминінің мағынасы – дұрыс деп танылған тілдік нормаларды қалыпқа түсіріп, жинақтап көрсету, яғни тілдік нормалардың қалыпқа түсіп, жаппай қолданыс тапқандарын орнықтыру, заңдастыру, тіркеу.

Тіл мәдениеті, нормативті қазақ тіліне қатысы бар терминдердің бірі-узус. Орыс тіл білімінде бұған көбінесе «узус- қолданылып кеткен тілдік бірліктер» деген түсініктеме береді. Кейінгі кезде қазақ тіл біліміндегі нормалану мәселесін зерттеп жүрген ғалымдар узус деп тілдік жүйеге қайшы келгенмен, тілдік дағдыға айналған  қолданысты атағанды дұрыс деп санайды.

Қазақ тілінің жүйесінде ер (атқа салатын) деген зат есімнен етістік тудырғанда ол «ерле» формасында келуі тиіс (ассимиляция заңы), алайда ол қолданыста «ертте» тұлғасында  кездеседі, сол сияқты «қозы» сөзінен «қозылады» деген етістік жасалуы тиіс, бірақ қазақ тілінде «қоздады» түрі қолданылады. Сондай-ақ қазақ  тіліндегі  «туды ~ туылды» деген жарыспа қатар қолданыстары да узустық құбылысқа жатады.

Тілдік норманың табиғаты екі түрлі: бірі – тілдің өзінде қалыптасқан нормалар, екіншісі – ереже бойынша ұсынылған нормалар. Мысалы,  қазақ тіліндегі септеу, жіктеу парадигмалары, сын есім шырайлары, етістіктің етіс тұлғалары, шақтық мағыналары тілдің өзінде ертеден қалыптасқан, әбден орныққан, жүйеге арналған заңдылықтар. Ал  -мен (-пен, -бен) шылауын қосымша  ретінде танытып, жетінші септік-көмектес септігінің көрсеткіші ретінде ұсынып, оны өзге септік жалғаулары сияқты қосып жазу нормасы – қолдан жасалған», яғни ережемен реттелген норма.

Сөйтіп, тілдік норма дегеніміз – көпшіліктің  қатынас құралы ретіндегі тілдің қолданысында оның әлдеқайда орныққан, дәстүрлі құралдары, амал-тәсілдері, тәртіптері, норма тіл-тілдің қай-қайсысының да даму кезеңдерінің баршасына  тән құбылыс.

Тілдік нормалар, тілдің өзі сияқты, тарихи-өзгермелі құбылыс. Ал тілдік нормалардың кодификациясы оқулықтарда, түрлі сөздік түрлерінде, анықтағыш құралдарда нормативтік сипаттарда түзіліп, хатқа түседі. Олардың сөзтізбесінде  орын алатын нормативтік емес элементтерге «диалектизм», «қарапайым сөз», «арго», «көне» сияқты белгілер қойылады.

Тілдік норма деп тану үшін оған қойылатын шарттар болуы қажет:

1. Норма сол тілдің табиғи,  құрылымдық өзіндік заңдылықтарына сәйкес болуы керек, яғни тілдің грамматикалық  құрылысының, сөз қолданысының, сөз жасамының, мағына құбылтуының,  сөз сазының табиғи заңдарына қайшы келмейтін тұлға тәсілдер норма болып саналады.

Мысалы, адамның қызмет түрін, мамандығын, кәсібін білдіретін –шы жұрнағы тек қазақ тілінде емес, араб-парсы, орыс тілінен енген сөздерде де жаңа тұлға жасайды: әдебиетші, тарихшы, гипнозшы, парламентші, саботажшы, т.б. туынды сөздердің еркін жасалуына жалпы тілдік модель негіз болған.

2. Тілдің қатынас құралы ретінде қалың жұртшылықтың әрдайым қолданысында болатындығы, яғни әлеумет  дұрыс деп тауып, көпшілік болып әрдайым қолданып отыратын сөздер, грамматикалық тұлға-тәсілдер, сауатты жазу, сөзді дұрыс дыбыстау үлгілері норма болып табылады.

Бұрынғы дәуірлерде «қатын» сөздері норма болған болса, бұл күндері (оларды) оның мағынасы тұрпайы стиль элементіне ауысқан. Қазіргі қазақ әдеби тілінде оның орнына жаппай, кең қолданыстағы «әйел» сөз жұмсалады.

3. Оның әлеуметтік қолдау табуды, яғни қалың жұртшылықтың белгілі бір сөздің, тіркестің, грамматикалық тұлғаның, жаңадан жасалған не өзге тілдерден енген сөздердің осы мағынада қолданысы, ос ытұлғада айтылуы дұрыс, сөздердің сөйлеу үстінде осылайшап дыбысталуы жөн деп мақұлдауы. Белгілі бір тілдік жаңа норманың көпшілік дұрыс деп танып, жаппай қолданып кетулеріне ол норманың ережемен бекітіліп, хатқа тіркелуі бірден-бір рөл атқарады. Әсіресе баспасөз беттерінде, радио мен теледидарда жиі қолданыстарды да көпшілік қауымның қабылдап кетуіне үлкен әсерін тигізді.

Мысалы, оқырман, көрермен, тыңдарман немесе оқулық, әдістемелік анықтамалық деген жаңа тұлғаларды қазіргі және буын жасанды сөз деп танымайды.

 

1. Графика. Қазақ тіліндегі орфографиялық және орфоэпиялық нормалау

 

Қоғамда өмір сүретін адамдар айтайын деген ойын бір-біріне ауызша да, жазба түрде де жеткізе алады, яғни тілдік қатынас ауызша  және жазбаша жүзеге асады. Ал жазбаша, ауызша қатынастар жетіліп, кемелденіп әдеби тілдің көрсеткіші дәрежесіне жету үшін нормаға түсуі қажет. Норма – белгілі бір жүйе, заңдылыққа  негізделген бірізділік. (N2 әд: 162-бет)

Норма- тіл мәдениетінің өзегі. Ол тілдің жүйесі мен құрылымына иек артады. Тілдік жүйе дегеніміз тілде бар үлгілердің, қолданыс  типтерінің (түрлерінің) белгілі бір тәртіппен келуі, ал тілдік құрылым дегеніміз осы  жүйенің іске асқан (көрінген) материалдық мүмкіндіктері.

Норма – негізінен тілдің өзі ұсынған  тәртіп, нормалану – сол тәртіптерді тілдің өзінің қалыптастыруы (N 1 әд: 7-бет).

Т: Норма жөнінде арнайы лингвистикалық сөздіктердегі анықтаманы қарап, салыстыру.

Норма – наиболее распространенные  из числа сосуществующих, закрепившиеся в  практике образцового  использования, наилучшим образом выполняющих свою функцию языковые (речевые) варианты (N 7 әд: 210-бет).

Норма – (үлгілі қолданылып, өзінің) қатар өмір сүргендердің  арасынан (кеңінен, көп таралған), өзінің қызметін дұрыс орындаған, тәжірибеде үлгілі қолданылу жөнінде бекітілген тілдік варианттардың неғұрлым кеңінен, көп тараған түрі (қазақша аудармасы).

Жазу кезінде әріптері тіл дыбыстарын неғұрлым дәл беретін графикалық жүйе соғұрлым жетілген болып есептеледі.

Жазудың шығуы, оның қалыптасу, даму кезеңдері т-ы К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» еңбегінде жақсы, егжей-тегжейлі айтылған. (N 3 әд; )

Әлемде 3 түрлі жазу жүйесі кең тараған: латын, кириллица және араб жазулары. Бірақ бұлардың ешқайсысы да мінсіз графика емес. Себебі оларда дыбыс пен әріптің, әріп пен дыбыстың сәйкестігі қамтамасыз етілмеген. Ағылшын тілінде 46 фонеманы беру үшін 26 әріп, түрлі 118 графема пайдаланылады (графема-тілдің графикалық жүйесіндегі ең кіші единица).

Т. 1. Қазақ жазуының тарихы туралы мәлімет, толыққанды ақпарат жинау

2. Алфавит, оның практикалық мәні

3. Латын алфавитіне көшудің артықшылығы мен олқылығы (пікірталас)

Әріп пен дыбыстың арақатынасын шатастыруға болмайды. Сөздің өмір сүру формасы – дыбыс. Ал сол дыбысты бейнелеу үшін берілетін шартты таңба әріп деп аталады. Бір дыбыс әр тілде әртүрлі таңбалануы мүмкін (и, і).

А.Байтұрсынов дыбыс пен әріптің арақатынасы туралы былай дейді: «Дыбыс таңбасын қарып деп атаймыз. Сондықтан жазған сөз ішінде пәлен қарып бар дейміз. Дыбыс пен қарып екеуі екі басқа нәрсе. Біріне бірін қатыстырып, шатастырмасқа тиіс. Дыбыс – естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе, қаріп – көрінетін, естілмейтін нәрсе» (Тіл – құрал)).

Әріп пен дыбысты шатастыруға болмайтыны белгілі. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (о, ө, т, д), кейде бір әріп (я+йа) ю-йұу, т.б.), кейбір әріптердің дыбыстық мәні болмайды (ь, ъ). Дыбыстар – тілдің мағыналық единицалары сөз бен морфемаларды құрастыратын материалдар.

Орфография сөздің графикалық бейнесінің қолайлы әрі қонымды болуының (негізгі) жалпы принциптері мен жеке ережелерін жасайды. Әріптердің қолданылуын орфграфия белгілейтін ерекше ережелер реттейді.

Орфография қамтитын мәселелер:

1)     Жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи жүйесі;

2)     Біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын және зерттейтін тіл білімінің саласы.

Ережелер жүйесі айқындайтын мәселелер: 1) дыбыстарды әріптермен беру, 2) сөз және оның мағыналы бөлшектерін жазу; 3) сөздерді бірге, бөлек және дефис арқылы жазу; 4) бас әріпті пайдалану; 5) тасымалдау сияқты мәселелер.

Орфографиялық принцип бір сөз екі түрлі не одан көп түрде жазылған жағдайда соның біреуін таңдап алуды айқындайды. Осы принциптердің негізінде орфографиялық ережелер жасалады.

Орфографияның негізгі принциптері:

І. Морфологиялық – сөздердің морфологиялық құрамын ескеріп, морфемалар (сөз және қосымша) құрамында болатын дыбыс алмасуларын елемей, бастапқы қалпын сақтап жазу: жан, жамбайды, жаңғанда – жан –жанбайды, жанғанда (ортақ түбір «жан» сақталып жазылады). Жаз, жасса, жашшы, жаз, жазса, жазшы.

ІІ. Фонетикалық принцип – сөз айтылауын сақтап жазады.

ІІІ. Дәстүрлі принцип – сөздің бір кезде жазылып, қалыптасқан, дәстүрге айналған түрін сақтап жазу: хат, хатар, халық, қаһар, Гауһар, жаһан, т.б.

ІҮ. Дифференциялаушы – дыбыстық құрамы бірдей сөздерді бір-бірінен орфографияның көмегімен айыру. Қас-дұшпан – хас сұлу; қызыл алма – алшаны алма, қал-осында қал, хал-жағдай, т.б.). Қазақ тілінің негізгі принципі – морфологиялық.

Ұлттық тілдің емле нормалары көпшілікке ортақ әрі міндетті сипатта болуы шарт.

Емле ережесі бойынша «біріккен сөздер бірге немесе қосылып жазылады» деген бап бар. Ереже бабы айқын, анық айтылған. Ал бірақ бөлек және бірге жазылатын сөздер – қазақ емлесіндегі ең бір қатесі көп, қайшылығы мол, қиын бөлек болып отыр. Жазба дүниені көп оқитын адам сауатты жазады, дейді Р.Сыздық (N     ; 182-бет).  Олардан  атүсті, атсалысты, алқызыл деп жазылғандарды оқи-оқи, көз алдында бұл сөздердің осылайша қосылып жазылған таңбалары санадан тыс түрде сақталып отырады.

Орфографиялық нормаларды нормаға айнадырып, тұрақтандыруда ғылыми пікірталастар да жоқ емес. Бірқатар фонетист ғалымдар қазіргі емле  ережелеріміз қазақ тілінің үндестігі заңын бұзып барады, екінші, үшінші буындарда езулік і, ы әріптерін (құлын, күміс)  жазу тілімізге тән ерін үндестігін жойып келеді, сондықтан түбір сөздің өз ішінде де, қосымшаларда  да ерін үндестігін сақтап құлұн, құлұнұм, кұміс, күмүстү деп жазу керек, қазақ тілінің  буын үндестігі деп аталатын фонетикалық нормасын жазуда да сақтау керек, ол үшін төл сөздерді де, кірме сөздерді де тұтас не жуан,  не жіңішке дауыстылармен таңбалауы керек (кітәп, қызмат, тәкәппар, көзәйім, атпан келдік, т.б.) деген пікірлер айтылып келеді. Бірақ кез келген идеяны (сөздің дыбысталуы мен жазылуын бірдей үйлестіру арқылы қазақ тілінің  фонетикалық табиғатын сақтау керек» деген) жүзеге асыруда көлденең тұратын объективті факторлар бары аян. Егер қазақ тілі ешбір  кірме элементтерсіз жалаң өз сөздерінен  ғана құралатын болса, бір сәрі, ал кірме сөз, кірме жұрнақ дегендер қазақ тіліне тән варианттарсыз болып келеді. –Мысалы, -қор, -паз, -қой жұрнақтарының жіңішке  варианттары да, қатаң-ұяң дауыссыз болып құралатын варианттары жоқ. Ал әсемпаз, сәнқой, өнерпаз, әуесқой дегендерді санқой, асампаз, онерпаз, ауесқой деп айту дұрыс па?

Ауызша әдеби тілге қойылатын басты талап – сөйлеу актісінде сөздерді дұрыс дыбыстау, дұрыс айту. Бұл нормаларды ғылымда орфоэпиялық нормалар деп атайды.

Орфоэпиямен орфоэпияның бір-біріне  ұқсас жақтары бар: екеуі де практикалық-қолданбалы сала, ережелерге сүйенеді, жалпыға ортақ болады, міндетті болады. Айырмасы – сөздерді дұрыс жазуға арналған орфоэпиялық  ережелерді өзіміз жасаймыз, ол жазу таңбасы өзгерген сайын жаңадан түзіліп, оның өзі уақыт озған сайын жетілдіре түсу мақсатымен өңделіп, толықтырылып отырады. Ал сөздерді дұрыс дыбыстау нормаларын біз жасаймыз, ол қазақ тілін қолданушылардың ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, жалғасып отыратын ежелгі тәртібі, тілдің табиғи құбылысы. Ол нормаларды емле ережелері секілді әлсін-әлсін өзгерте алмаймыз.

Орфографиялық норма - өнеркәсіп, Қазақстан, келе қалуы, орфоэпиялық норма - өнөркәсіп, Қазағыстан, келеғалды.

Орфоэпиялық нормаларды сөз еткенде, алаңдататын жайттар  баршылық. Олар:

1.      Жазу мен сөзді дыбыстаудың бір-біріне қатысы, әсері;

2.      Орфоэпияға әлеуметтік көзқарастың қалыптаспай келе жатқандығы;

3.      Орфоэпия нормаларын үйрету, насихаттау жұмыстарының әлсіздігі;

4.      Қазақ орфоэпиясы бойынша ғылыми-зерттеулердің кеш қолға алынуы.

Түйін – қазіргі қазақ орфоэпиясы нормаларын реттеп баяндау, ережелерін түзу сияқты атқарылған істер бар, бірақ бұл нормалардың кодификациясы лі жоқ, яғни ол заңдылықтар заңдастырылып тұрақтандырылған жоқ.

 

2. Қазақ тілінің  лексикологиясы. Сөздің тура және ауыспалы мағыналары

 

Бір тілде қанша сөз болса, солардың тұтас жиынтығын тіл білімінде лексика немесе сөздік құрам деп атайды. Лексика көне гректің «lexikor» сөздік деген мағынаны  білдіретін сөзден шыққан. Ал белгілі бір тілдегі  сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын,  шығу төркінін, қолданылу  қабілеттілігін,  күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, санқилы  стильдік мәні мен сипатын тексеретін ғылымды  лексикология (гр. Lexikos – сөздік + logos – ілім сөздерінен) деп атаймыз.

Қазақ тілі бүгінгі күні сөз байлығы жағынан  дамыған тілдердің қатарына жатады.  Себебі, қазақ тілінің сөздік құрамы халқымыздың басынан кешірген бүкіл  өмірінің, шаруашылығы мен кәсібінің, материалдық байлығы  мен рухани қазынасының айнасы, куәсі іспеттес, замандар бойы қалыптасқан ұзақ дамуының жемісі. Сондықтан, лексиканы  зерттеу сөздік құрамды тұтас бір бүтін жүйе деп қарауды міндеттейді. Бұдан шығатын  қорытынды: лексикология жекелеген сөздердің  тобын емес, тілдің қалыптасқан лексикалық жүйесін қарастырады.

Лексикология ғылымы сөз ұғымымен  үйлесіп, сәйкесіп отыратын тұрақты сөз  тіркестерін зерттейтін фразеологияны да  (phrasis – сөйлемше + logos – ілім) төл объекті ретінде қарастырады. Сонымен бірге  лексикология  сөздердің мағыналық құрылымын зерттейтін семасиология (гр. Semasie – мән, мағына + logos – ілім сөздерінен ) ғылымымен тікелей байланысты. Мұнда сөздің негізгі,  туынды және ауыспалы мағыналары даму тұрғысынан сараланып талданады.

Тілдегі сөздің дыбысталуы оның материалдық сыртқы көрінісі болып табылса, ал ұғымды білдіріп, мағынаға ие болуы оның ішкі мазмұнын білдіреді.  Егер белгілі бір зат туралы ұғымымыз болмаса,  оның мағынасын да білмейміз. Ұғым бар жерде мағына бар. Сөз мағынасы заттық-логикалық ұғымнан басқа айтушының ақиқат дүниеге  көзқарасын, әр түрлі  көңіл-күйін, сезімін және  сөздің грамматикалық сипатын да білдіре  алады.  Бұл сөз мағынасының ұғымнан кең екенін байқатады.

Ұғым дегеніміз – шындық  өмірдегі зат,  құбылыс, іс-әрекетке тән басты белгілердің адам  санасында жинақталып, қорытылып берілген бейнесі ( N     әд: 69- бет).

Заттар мен құбылыстар жайындағы біздің  санамыздағы ұғымдар адамның сезім  мүшелері мен түйсігі арқылы ұзақ уақыт  бойы сыртқы дүние мен араласуының, оны танып білуінің нәтижесінде туған. 

Ал сөз мағынасы ойды ғана білдірмейді,  сонымен қатар сезім мен ерікті, көңіл-күйін білдіру үшін жұмсалады.

Сөз мағынасының 2 түрі бар: лексикалық мағына және грамматикалық мағына. Академик В.В.Виноградовтың анықтамасы бойынша, сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз – тілдің грамматикалық заңдарына сай тұлғаланған, оның сөздігіне тәнжалпы семантикалық жүйесінің элементі болып табылатын сөздің заттық-материалдық мазмұны», - (Виноградов В.В. Основное  типы лексических значении слова // Вопросы языкознания, М., 1953 № 5   стр 10).

Лексикалық мағына – сөздерді бір-бірінен ажыратып танудағы ең негізгі мағына, ол арқылы сөз жеке даралық (единица) қасиетіне ие болады. Лексикалық мағына зат, құбылыс, әрекет жайында бір тілде сөйлейтін қауым таныған, жалпығатүсінікті әр сөздің меншікті мағынасы болып  табылады. «Сиыр»: 1) төрт түлік малдың бір түрі; 2) ірі қара мал; 3) мүйізді ірі қара мал; 4)  айыр тұяқты мал, т.б. лексикалық мағынасын құрайды.

Сөз мағынасы әрқашан бірқалыпта тұрмайды. Лексика дамуындағы тарихи кезеңдерде  сөз мағынасы кеңейіп, тарылып не жаңарып,  жаңғырып не болмаса қолданудан шығып қалып отырады. Мысалы: «қыз-қырғын» сөздерінің  құрамындағықазір жеке қолданылмайтын «қырқын» сөзі көне түркі тайпалары тілінде  «күң қыз», «күңнен туған қыз» мағынасында қолданылған. Кейін ол өз дербестігінен айрылып, бұл мағынада қолданылмайтын болды, қазір «қыз» сөзімен қосарланып,  «қызбалалар» деген мағынаны береді.  Ал адам немесе малдың дене мүшесінің атауын білдіретін кіндік сөзінің мағынасы кеңейіп, 1920 жылға  дейін «бір ел, мемлекет немесе ұйымға тән орталық» мағынасында қолданылған. Мысалы: Омбы-мәдениет кіндігі (С.Мұқанов).

Ал сөздің грамматикалық мағынасы дегеніміз  грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларын синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағына. Мысалы: балам деген сөз: 1) зат есім; 2)жалпы есім; 3) меншіктік мағына; 4) оңаша жекеше  тәуелденудің І жағы деген грамматикалық мағыналарға ие. (№3)

Тіл білімінде 1950 жылдан бастап сөз мағыналарын топтастыруда академик В.Виноградовтың классификациясына сүйену үрдісі қалыптасқан. (№    әд; 34-35 бет)

Лингвистикада сөз мағынасының төмендегі типтері бар:

1. Сөздің атауыш (номинатив) мағынасы, ол тура мағына деп аталады. Сөздің затты я   құбылысты атап білдіретін мағынасы атауыш  (номинативті) мағына деп аталады. Атауыш мағына  әр заттың өз алдына дербес мағынасы болып табылады, сол арқылы бір заттарды бір-бірінен  айыра білеміз. Мысалы: жапырақ, қағаз, дәптер, көл, тау деген заттық ұғымдар жеке-жеке  аталып, бірден атауыштық мағыналарға ие болып тұр. Сөздің атауыш мағынасы заттар мен  құбылыстарға жанама түрде емес, тікелей бағытталатындықтан, тура мағына деп аталады. Сөздің  тура мағынасы деген ұғымға заттар мен құбылыстардың ауыс не басқадай туынды қосымша  мағыналары кірмейді.

Тіліміздегі сөздердің бәрі бірдей атауыш лексикалық мағынаны білдіріп қоймайды. Олардың ішінде  бірнеше атауыш мағынаға ие  болатындары аз емес. Мысалы: «көз» деген сөздің  адамның немесе жан-жануардың көру мүшесін білдіретін бастапқы мағынасы да, күннің көзі, терезенің көзі, бқлақтың көзі дегендегі «көзі» ауыспалы  мағынадағы лексикалық мағыналарға жатады.  Бірнеше лексикалық мағынасы бар сөздердің алғашқы, бастапқы мағыналары тура  мағыналары  тура емес, ауыс мағыналары болып  табылады.

 Сөздің ауыс мағынада қолданылуы көп мағыналы сөздердің (полисемия) тууына себеп болады.

Нақты және абстракт мағыналар

Егер сөз затты, оның белгілері мен іс-әрекетін дәл қалпында айқын түрде білдірсе, онда оның  мағынасы нақты болып табылады. Мысалы: қағаз,  қалам, барды, әкелді (сүт), ақ (мата), көк (шөп). Егер сөз затты оның нақты белгілерінен, қасиеттерінен ажыратып, ойша дерексіздендіріп білдірсе, онда абстракты (дерексіз) мағына туады. Мысалы: адамгершілік, жақсылық, достық, игеру, басқару, т.б.

2. Сөздің шығу тегіне байланысты  туған лексикалық мағынасы (сөздің түпкі және туынды  мағынасы)

Түпкі мағына деп тілдің қазіргі қалпы  тұрғысынан қарағанда ары қарай бөлшектенбей түбір ретінде танылатын, дербес сөздердің мағынасын айтамыз. Мысалы: от, су, кел, түн, жылқы, көк, қара, бар, кел, өзен, т.б.

Туынды мағына басқа бір мағынаның  қатысымен туған, пайда болу себебін  түсіндіруге болатын сөздің кейінгі мағынасы болып табылады. Туынды мағына өзін тудырған сөздің  мағынасымен байланысын үзбейді. Мысалы: қазақ, қоныс, қонақтау, қонағуар, қоналқа, қыдырғы, т.б.

3. Сөздердің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары (еркін және байлаулы мағыналары) жатады.

Атауыш (тура) мағынадағы сөздердің  басқа сөздермен тіркесімділігі кең болған жағдайда туатын мағынасы еркін мағына деп аталады. Мысалы: жас-жас адам, жас мал, жас ағаш, жас бала, жас иіс, жас ет, т.б. фразеологиялық байлаулы мағына – сөздің белгілі  санаулы сөздермен тіркесуі арқылы, яғни фразеологиялық тіркестерде берілетін лексикалық мағынасы. Қысыр бие, қысыр сиыр, қысыр мал – еркін мағына, ал қысыр сөз-фразеологиялық байланыс мағынасында, ата қоныс, ата мекен, мидай дала, алма мойын.

Синтаксистік шартты мағына – сөздің сөйлемде өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туатын ауыс мағынасы (сөздің сөйлемде белгілі бір синтаксистік құрылымда қолдануынан туған мағынасы)

Айтып-айтпай немене Исатайды өлтіріп, серкесінен айрылып, Сергелдең болған біздің ел. (Махамбет). Жәрмеңке жастық уақыт өтіп кетіп, Бұл күнде тоқталып тұр сол базарым (Ақан сері).

4. Сөздің стилистикалық қызметіне туған лексикалық мағыналары (битарап, бейнелі және терминдік мағына жатады.

 

3. Омоним, антоним, синоним және сөздердің көп мағыналылығы

 

Омоним гректің «хомбс» - «біркелкі», «онума» – «атау» деген екі сөзінен құралған. Қазіргі қазақ тіл білімінде бұл сөз халықаралық термин ретінде аударылмай сол күйінде қолданылып жүр.

Қазақ тіліндегі омоним мәселесі алғаш рет А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сияқты ғалымдар еңбектерінде  белгілі дәрежеде сөз болғанымен, көпке дейін арнайы қарастырылмай келді. Ғ.Мұсабаев  омонимге алғашқылардың  бірі болып мынадай анықтама берді: «Шығу жағынан да, мағына жағынан да басқа, басқа, тек айтылуы ғана бірдей сөздерді  омоним сөздер деп атаймыз». Бұл анықтаманың  жаңсақ тұстарын осы мәселені түбегейлі зерттеген ғалым К.Аханов жақсы ашып көрсетеді.

Қазақ тіліндегі омонимдерді алғаш рет арнайы  зерттеу нысанасына айналдырып, жан-жақты  саралаған ғалым - К.Аханов. Омоним мәселесін сондай-ақ Ғ.Мұсабаев, І.Кеңесбаев, М.Белбаева, т.б. ғалымдар да зерттеген.

Айтылуы, дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары  мүлде басқа сөздерді омоним дейміз.

Омоним болу үшін сөздің біреу болуы жеткіліксіз екені белгілі, яғни тіліміздегі сөздер ең кем дегенде екі немесе одан да көп омонимдік  қатар түзеді. К.Аханов тілдегі омонимдік қатарларды зерттей келіп, олардың санын жетіге дейін жеткізеді. Кейінгі зертетушілер омонимдік қатарлардың әлдеқайда мол екендігін байқатып жүр.

Жай І. Зат есім. Аспан кеңістігіне жиналған электр зарядтарының шағылысуынан пайда болған жарқыл, найзағай.

-         Лағнет бұлты шатырлап, жай түсіп неге қатпаймын. (С.Т.)

Жай ІІ. Зат есім. Тұрмыстағы хал, ахуал, жағдай, күй.

- Қамардың жайы мұндай болған соң… араздық пәленді қойып, Омар да күні-түні қасында болды (С.Т.)

Жай ІІІ. Зат есім. Белгілі бір мекен, тұрақ

Жай ІҮ. Етістік . Таратып, ыдырату, жазу (шөпті жаю)

Жай Ү. Сын есім. Қатардағы, қарапайым, жұпыны (жай жұмыс)

Жай ҮІ. Сын есім. Жайлы, қолайлы (малға жай)

Жай ҮІІ. Үстеу. Ақырын, баяу (жай жүру)

Жай ҮІІІ. Өзімен-өзі, жайбарақат, тыныш (жай жатыс)

Жай ІХ. Үстеу. Ақы-пұлсыз, тегін, (азық-түлікті жай бере ме?)

Жай Х. Үстеу. Әдеттегіден кеш, кейін, соң.

Омонимдерді мағыналық және құрылымдық ерекшеліктеріне қарай іштей топтастыруға болады. Қазақ тіліндегі омонимдерді К.Аханов лексикалық мағынасына, олардың әрқайсысына тән  грамматикалық мағыналары мен формаларына қарай 3 топқа бөледі:

1.      лексикалық омонимдер;

2.      лексика-грамматикалық омонимдер;

3.      аралас омонимдер.

Лексикалық омонимдер дыбысталуы жағынан біркелкі болуы тиіс және олар қай формасында  болмасын өзара омонимдес болып келеді.

Мысалы: арық (зат есім) – арнайы қазылған су жолы; арық (сын есім) – семіз емес, жүдеу (көбінесе есім сөзден немесе етістіктен болады).

Лексика-грамматикалық омонимдер сөздің  барлық формаларында емес, олардың тек бірінде  немесе бірнешеуінде ғана омоним болып келеді, ал басқа формаларында омоним болмай кетеді.  Бір сөз тобынан емес, түрлі сөз тобынан болады.

Бастау – етістіктің тұйық формасы мен зат есім.  Істі кешіктірмей бастау керек.

Аңсаған шөлде су тапса, бас қоймай ма бастауға (Абай).

Омонимдік қатардағы сөздердің кейбір жұптары лексикалық омонимдерге, келесі сыңарлары лексика-грамматикалық омонимдерге жатса, оларды  аралас омонимдер дейміз.

Омоним құбылысының ауқымы мұнымен ғана шектелмей, оның айрықша түрлері бар. Олардың қатарына ғалымдар омофон мен  омографтарды қосса, кейінгі кезде омоформалар мен паронимдерді қосып жүр.

Омофондар – айтылуы бірдей, жазылуы әр түрлі сөздер (мысалы: І сарала – етістік: Әр пікірді саралап алған дұрыс) ІІ сары ала – сын есім: Бір тамаша сары ала қамшысына қызығып, қалап алып ем. (М.Ә.)

Омограф – жазылуы бірдей, айтылуы әр түрлі сөздер. І зат есім алма – қызыл алма – ІІ алма –етістік –кітапты алма; зат есім кеспе – қою кеспе – ІІ кеспе ет – нанды кеспе.

Паронимдер – морфемалық құрамы әр басқа, айтылуы бірдей сөздер (Мысалы: Тоқтатқан Азнабайдай әңгімені, Арқада арқыраған ән кім еді.

Салты бар әр ғасырдың, әр уақтың

Ұстады шылбырынан ару аттың,

Сағынған ағасы мен ақ періште

Беттеді ордасына әруақтың.

Паронимдерді жасауға орфоэпиялық заңдар негіз болады. (әлі толық зерттеле қоймаған құбылыс)

1.      Каламбур дегеніміз не? (4-5 мысал келтіріңіз)

2.      Омонимдер мен көп мағыналы сөздерді қалай ажыратамыз?

Синонимдер – омонимдерге қарама-қарсы құбылыс (анықтама беріңіз).

Қазақ тіліндегі синонимдер мынадай белгілеріне байланысты топтастырылады:

1. Сөздің дыбысталуына аз да болса тұлғалық ерекшелік болу қажет; 2. Сөздер бір ғана ұғымды  білдіруі қажет; 3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуы қажет. Сонымен бірге бір сөз табынан болған синонимдер бірыңғай грамматикалық тұлғада келіп, контексте бірін-бірі алмастырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгісі болып табылады.

Синонимдер белгілі бір ұғымды білдіргенімен, олардың арасындағы мағынада сәйкестік, тепе—теңдік қасиет болмайды. Мысалы: бағалы-құнды-қымбат. Бағалы сыйлық, бағалы киім; құнды пікір – қымбат пікір емес, т.б.

Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға  енген  сөздердің ішінен бір сөз басқаларын мағына жағынан ұйымдастыруға ұйытқы болатын тірек сөз таңдалынып алады. Бұл тіл білімінде доминант (тірек сөз) деп аталады.

Синонимдердің стильдік мәні неше алуан функциональдық сипатта қолданылуымен тығыз  байланысты. Қолдану орнын бұзып, керісінше  айтылған сөздің бәрі кекесін мән тудырады.

Мәселен, сараң адамды мол қол, мырза десек, ұшқалақ адамды сабырлы десек, жуан адамды талдырмаш десек мазақтау, кекесін болып шығады.

Синонимдер – кез келген тілдің байлығы мен оралымдылығын көрсететін сөздік құрамның құнарлы да мәнді бір саласы. Синонимдер тілдің кемеліне келіп, қаншалықты  жетілгендігін, оның образдылығы мен дамығандығын көрсететін көрсеткіш деп есептеледі.

Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын –сапасын, артық-кем қасиетін, мөлшер-көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады.

Кейі сараң, кейі мырза, кейі қапа, кейі ырза. Түймедей затқа өкпелесеңіз, түйедей көрсетініңіз қалмаған мырза. (К.Оразалин)

Антонимдер өзара алшақ, қарама-қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз табына қатысы нақ бірдей емес, ала-құла деген сөз. Қазақ тілінде антонимдер көбіне-көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды-көпті кездеседі.

Ауыр-жеңіл, кең-тар, ыстық-суық, биік-аласа, артық-кем, қалың-жұқа, оң-теріс, ашық-жасырын, олақ-іскер, сүйкімді-жексұрын, ашық-жабық, қатты-ақырын, араз-тату, терең-саяз, т.б.

Тілдегі антонимдер қарама-қарсы құбылыстарды біріне-бірін шендестіру арқылы күшті стильдік мән тудырады. Сол себепті антонимдер мақал-мәтелдерде жиі қолданылады.

Қорлық өмірден ерлік өлім артық. Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады.  Ақымақ бұзуға бар, түзеуге жоқ. Досыңның асын қасыңдай іш. Жауластырмақ жаушыдан, Елдестірмек елшіден; Ащы менен тұщыны татқан білер, алыс пенен жақынды жортқан білер.

 

4. Тілдік норма және функционалдық стильдер

 

Тілдік норма тек жазба әдеби тілдің нысаны емес, диалектілік сөздердің де, тіпті қарапайым сөз қолданыстарының да нормасы болады. Демек, ауызекі сөйлеуде де белгілі бір нормаларға сүйенуіміз қажет. Бірақ тілдік норманың жазба және ауызекі қолданыстағы бөлінісі олардың түп-тамырымен өзгеше  болатындығында емес, белгілі нормаларды қолдану  міндетті түрде болатын-болмайтындығында, сонымен бірге жазба әдеби тілдің нормалары кодификацияланады (хатталады, тұрақтандырылады), ал ауызекі  сөйлеу нормалары кодификацияланбайды, яғни онда еркіндік көп болады. Әдеби тілде сөйлеуші немесе жазушы адам ойын әйтеуір айтып (жазып) беруді ғана емес, қалай айтып (жазып) беруді көздейді,  тілдегі дұрыстықты ұстауға тырысады. Демек, әдеби  тілдік нормада екі түрлі мақсат қатар көзделуі керек: 1. Ойды білдіру; 2. Оны мәдениетті түрде,  яғни белгілі дұрыстық, көркемдік нормаларды  сақтай отырып білдіру.

Әдеби тілдің нормалары «жалпақ жұртқа» (халыққа), барлық аймаққа тегіс міндеті, ортақ болатын болса, ауызекі сөйлеуде  жергілікті ерекшеліктерді қолдану дәстүрі адамдардың «мәдени» (сауаттылық, тілге деген ұқыптылық, т.б.) дәрежесі сияқты факторларды, міндеттілікті қажет етпейді.

Қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларына келгенде, олардың жалпыға ортақтығын, міндеттілігін айтумен қатар, функционалдық стильдерге бөліп қарау керектігі де назар аударады.

Біріншісі қатаң норма, ол қазіргі нейтралдық норма, яғни функционалды стильдердің баршасында қолданылады, ал  +тұғын варианты негізінен көркем әдебиет, оның ішінде поэзия үшін норма, сол сияқты мен ~ менен деген шылау мен септік жалғауы, ~дай ~ дайын тәрізді теңеу жасайтын жұрнақты, ~да ~дағы шылауының алдыңғы сыңарын әдеби норма деп, екіншілерін бейнормалық вариант деп танушылар бар.

Ал Р.Сыздықтың пікірінше, көркем әдебиет  тілі де әдеби тілдің функционалдық стильдерінің бірі екендігін ескерсек, бұлайша пайымдау дұрыс емес. Олай болған күнде ХҮ ғасырдан  бастау алатын ақын-жыраулар тілі, Махамбет, Бұхар, Жамбыл, тіпті ұлы Абайдың тілі де әдеби тіл үлгісі деп танылмас еді. Абайдың өзі өлеңнің өлшем, ұйқас сияқты шарттарына қарай,  тіпті прозасының өзінде аталған варианттарды еркін қолданғанын білеміз. Мысалы: Осы өлең оқитұғын дұғым менің. Ақыл менен білімнен әдбен үміт  үзіппін. Сүйтсе-дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап. Тілдің даму барысына үңілсек, -тұғын, менен, дағы варианттары тек сөйлеу тілі емес, күні кешеге дейінгі поэзия, тіпті прозалық үлгілерінде әлдеқайда жиірек қолданылған нормалық тұлғалар екенін  дәлелдеуге болады.

Лексика саласында араб кірме сөздерінің екі, кейде үші фонетикалық вариантты болып келетіндерінің бірқатары көркем әдебиет стилінде қатар қолданыла береді. Мысалы: ғашық ~ асық варианты Абай өлеңдерінде өлең өлшеміне қарай бір-бірін алмастырады.

Шайтан ~ сайтан варианттарының алғашқысы өзінің номинативті мағынасында қолданылуы барлықстильдерде норма, ал сайтан формасы фонетикалық вариантқа айналып, тек көркем әдебиетте, көбінесе поэзияда орын алады.

Біріншіден, екіншіден, әрине, қысқасы, сонымен, біздіңше, пәленшенің пікірінше сияқты қыстырма сөздер басқа стильдерге қарағанда ғылыми стильде, публицистикада жиі қолданылатыны-осы стильдерге тән белгілер. Ресми  хабарларда, құжаттарда президент деген сөз елбасы деген суреттеме сыңарымен, ауыстырылмайды. Соңғы  вариант көтеріңкі (пафостық) тонмен  жазылған газет-журналдар тілінде, яғни  публицистикада, көркем әдебиетте, оның ішінде  поэзияда қолданыла береді.

Жалпы тілдік бейтарап нормаларға жатпайтын бірқатар лексикалық және грамматикалық  тұлға-бірліктер көркем әдебиетте жұмсала  беретін, яғни нормативтік элементтер бола  алады. Қарапайым сөздер, диалектизмдер, дөрекі сөздер, жаргондар жалпы әдеби тілдің лексикалық нормасынан тыс тұрады, олар ресми публицистика, ғылым, кеңсе-іс қағаздарын үлгілерінде  қолданыла қалса, бұл-нормадан уәжсіз (жөнсіз) ауытқу болмақ. Ал көркем проза мен драмалық шығармаларда бұлар көбінесе кейіпкерлер тілінде, тіпті шығарманың жанрлық сипатына қарай автордың өз баяндауында қолданылуы да норма болып табылады.

Көркем шығармалардың әр түріне тән белгілер де барлығына ортақ норма болып есептелмейді. Мысалы: тарихи романдарда жиі қолданылатын көнерген сөздер, этнографизмдер, морфологиялық  көне тұлғалар, синтаксистік көне түзілімдер көркем  шығармалардың өзге түрлерінің бәріне тән емес.

Мысалы: М.Мағауиннің «Аласапыран» романының  (тарихи) екі кітабында қолданған қарашабек, құша, емелдес, есікағасы, шортабегі, ғаскербасы, аталық, тұтқауыл, ертауыл, маңдайсүбе сияқты  көнерген сөздер, сондай-ақ Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты диалогиясында кездесетін күлдірмамай, жекеауыз, бірауыз,  қандауыз, жездауыз, шиті, берен сияқты әскери сауыт-сайман аттары қазіргі заманды суреттейтін  романдар мен әңгіме-повестерінде мүлде кездеспеуі заңды, яғни көне тұлға-тәсілдердің жиі қолданылуы жалпы көркем әдебиетте қолданыстар. /М.Әуезовтің «Өскен өркен» романы  мен «Білекке білек» әңгімесіндегі кейіпкер тіліне назар аударыңыз.

Поэзия тілінің нормалары  өлеңнің ырғақ, өлшем, дыбыс гармониясы-эвфония, поэтикалық синтаксис шарттарына сай сөз таңдауда, сөйлем құрастыруда жалпы әдеби тілдің лексикалық, грамматикалық нормалары шеңберінен шығып кететін қолданыстарға негізделеді. Мұнда да поэтикалық ойды (образды) күшейту үшін бірқатар ақындар тосын сөздерді іздейді, олар қарапайым сөз, жергілікті сөз, архаизм, сирек қолданылатын бөгде  тілдік сөздер қатарынан табылады. Мысалы: Қуандық Шаңғытбаев «Қасым өлімін естігенде» деген өлеңінің:

Қатарың мен де сондай дүрі болсам,

Құлшынған илхам ұлы, ірі болсам,

деген екі тармағында дүр, илхам сияқты сирек қолданылатын сөздерді поэтикалық қуаты, яғни  оқырманға беретін әсері күшті құралдар ретінде  таңдайды.

Сонымен, ұлттық әдеби тіл нормасы мен  ұлттық көркем әдебиет нормалары дегендер бір  категория емес. Әдеби нормалар – жалпы тілдік  нормалар, ал көркем әдеби нормалар – функционалдық көркем әдебиет стилінің нормалары.

Демек, көркем тіл нормалары – тұтастық бөлшегі,  жалпының тармағы ретінде танылуға тиіс.  Қазақ тілінің тілдік нормасы дегеніміз, алдымен, осы тілдің жүйесіне, яғни табиғи тұрақталған, орныққан фонетикалық, лексикалық, грамматикалық заңдылықтарына сәйкес келуі керек, екіншіден, дәстүрлі болуы шарт, үшіншіден солай қолданылып кетуге, яғни тілдік узус дегенге қатысты болуы керек.

Тіл біліміндегі вариант, варианттылық терминдерінің  беретін мағынасы «ұқсас тілдік бірліктердің» жарыспа қатарлары» деген жалпы ұғыммен ұштасып жатқанымен, өзіндік  ерекшеліктері бар. Әсіресе, «тіл мәдениеті», «әдеби норма» дегендерге қабыстыра қолданғанда, «вариант» сөзін «жарыспа элемент (сөз, тұлға, олардың жазылуы, айтылуы)» деген жалпы мағынада  да қолдануға болатындығын, сонымен қатар  шектеулі (қатаң) терминдік мән беріп жұмсақ керектігін де айтамыз.

Тілдік құбылыстарды зерттеуші маман – теоретиктердің пайымдауынша, варианттылық жалпы тілге, тілдік жүйеге тән қасиет (сипат), екінші сөзбен айтқанда, тілдік бірлік – тұлғалардың баршасы вариантты болып келеді.  Мұны түсіну үшін алдымен вариант пен инвариант деген терминдердің мағыналарын біліп алған жөн. Вариант –деректі ұғымды атайды, ал инвариант сол ұғымды білдіретін дерексіз «дүние», біркелкі, ұқсас объектілердің ұғымдық «түпатасы». Мысалы:  т   фонемасының қолданыста бірнеше варианты бар: қатаң айтылатын (ат, от дегендегі), жіңішке айтылатын (ет, от дегенде). Бұл  жерде т фонемасы –инвариант, ал оның қолданыста жуан,  жіңішке, келте, созылыңқы деген сияқты көріністері (айтылуы, естілуі) –варианттар.

Варианттылық фонетика саласында фонемалардың жуан, жіңішке, қысаң, созылыңқы немесе өзге  фонемаларға жуық жуық құбылып айтылуы сияқты  жарыспалы қатарлар түзсе, грамматикада морфологиялық, синтаксистік амалдардың қызметтеріне орай бірінің орнына екіншісінің алмасып  қолданылуы, дәлірек айтсақ,, бір қызметтің әр түрлі грамматикалық амалдар арқылы берілуі-варианттар қатарын құрайды, лексика саласындағы варианттар қатары тіпті көп екендігі белгілі. Олар: 1. әдебие сөз бен диалектизмдер; 2. Сөздердің фонетикалық варианттары; 3. Төл сөз бен кірме сөздердің жарыспалы қатарлары; 4. Қазіргі қолданыстағы сөздер мен олардың көне варианттары; 5. Жаңа атаулардың бірнеше вариантта кездесуі, 6. Кірме сөздердің тұлғалық варианттары; 7. Туынды сөздердің тұлғалық қосарлары.

Демек, варианттылық тілдің барлық қаттауында орын алады екен, сондықтан оны:

1.      лексикалық немесе сөз варианттары;

2.      грамматикалық варианттар;

3.      лексика-фонетикалық варианттар деп қарастырған дұрыс.

Вариант құбылысын әдеби норма қырынан қарастырар болсақ, алдымен тағы да кейбір терминдерді айқындап алу қажет. Ол : вариант және дублет  терминдері. Зерттеушілердің басым көпшілігі, оның ішінде орыс тіл білімінде де бұл екі сөздің терминдік мәндері бірдей деп қарайды, яғни бірінің орнына  екіншісін жұмсау жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі  варианттылық проблемасын арнайы зерттеп, монографиялар жазған И.Ұйықбаев, С.Бизақов сияқты ғалымдар да бұл екі атаудың бір-біріне синоним болып келетінін айтады. Әйтсе де оларды айырып жұмсау қажеттігін ескертеді. И.Ұйықбаев /Қазіргі қазақ тіліндегі варианттылық проблемасы. А., 1976, 14 бет): «Вариант сөзінің ауқымы кең жатады, ал дублет көбінесе лексикалық-семантикалық дәлме-дәлдікті білдіру үшін қолданылады», - деген пікірді айтады.

Әдеби норма дегенді сөз етуде де зерттеушілердің алдында қай қолданыс қазірде «әдеби» болып танылады, қайсысы танылмайды деген мәселе тұрса, мұның бір ұшы вариант, дублеттерді тануға, іріктеуге болып тіреледі.

Кейбір зерттеушілер тіпті варианттылық құбылысы болмаса, нормалану процесін сөз етуге тура келмес еді деген пікірлерді де айтады. Сыздықованың пікірінше, оның жөні бар, себебі норма деген – таңдау, ал таңдау үшін ең кемінде  екі варианттан тұратын дүние (сөз, тұлға, дыбыс, тіркес, сөйлем түрі, т.б.) болу керек. Таңдау тілдің қолданыс үстінде болады. Сондықтан қай жерде, функционалдық  стиль үлгілерінің қайсысында, қай кезеңде, айталық, дәл бүгінгі  тілімізде болатын таңдаудың ерекше мәні бар. Өйткені тіл дамуының бір кезеңінде норма емес элемент келесі кезеңінде  норма ретінде танылуы мүмкін немесе керісінше (сұраным, қойылым, оқылым, салым, салымшы).

 

5. Қарапайым сөздер, жаргондар және әдеби норма

 

Қай тілде де ғылыми, ресми-кеңсе стилінде қолданылмайтын, ал көркем  әдебиет пен публицистикалық стильдердің өздерінде де көп кездесе бермейтін, сөйлеу стилінде жиірек айтылатын белгілі бір сөздер тобы болады. Мұндай  сөздер сөйлеу тілі лексикасына жатады. Сөйлеу лексикасына қатысты  сөздердің төмендегідей ерекшеліктері бар: 1) адамның  күнделікті қарым-қатынасы кезінде, емін-еркін сұхбат әңгіме үстінде қолданылады; 2) алдын-ала ойланып сұрыпталмай, сөйлеу кезінде әңгіменің  желісіне қарай туып отырады; 3) тақырыптық аясы өте кең, яғни тақырып жағынан шек  қойылмайды.

Күнделікті өмірде, тұрмыстық қарым-қатынаста  қолданылатын жалпы халыққа белгілі, сөйлеу  тілінің аясындағы сөздердің бірі ретінде қарапайым сөздерді атауға болады. Олар көбінесе сөйлеу  стилінде жұмсалса, енді бірде белгілі бірстильдік мақсат үшін көркем шығармада да, сықақ-мысал түрінде жазылған очерктерде де кездесуі мүмкін. Қарапайым сөздердің ішінде бір нәрсенің бағасын кеміту, құнын төмендету мақсатында қолданылатын, стилистикалық бояуы бар сөздер,дөрекі, тұрпайы сөздер, қарғыс-алғыс мәнді сөздер көп ұшырасады. Мысалы: кемсітіп, мұқатуды, жақтырмауды білдіретін: қортық, сумұрын, шүйкебас, салпы етек, боз өкпе, сүмелек, сорайған сорлы, байғұс, т.б.; мысқыл-мазақ мәніндегі: шолжақай, ерке тотай, бос белбеу, шикіл сары, кәкір-шүкір, селтеңбай, қазақбайски, бықсық; тұрпайы, дөрекі мәнді: қақбас, ит неме, қарабет, былшылдама, миғұла, лағып кетті, бұты таяқтай, сазайын берді, қарны қабақтай, бетім-ай, т.б. қарғыс мәнді: адыра қалғыр, атың өшкір, тіліңе шоқ түскір, пышаққа ілінгір, топалаң келгір, қасқыр жегір, т.б.; алғыс мәнді: көп жасағыр, көсегең көгерсін, алла жар болсын, жағың түсіп жамандық көрме, жолың болғыр, жасың ұзақ болсын, т.б.

Мұндай қарапайым сөздердің кейбірі тым қарадүрсін, дөрекі болып келетіні байқалып тұр, олар, негізінен, көркем әдебиетте кейіпкер тілінде қолданылады.

- Жұман дейтін көлбақадай тырбиған біреу менің келгенімді хош алып… (Б.Майлин)

-         Әйтеуір бала-шағаға нәпақа іздеп жүрміз ғой (Ғ. Мұстафин)

Әдеби тілде қарапайым сөздердің орнына  неғұрлым жағымды да, сыпайы, неғұрлым стильдік мәні жағынан бейтарап синонимдер жұмсалады.

Сөйлеу тілі лексикасына стильдік болуы  жағынан табу және эвфемизмдер де жатады. Табу этнографиялық ұғыммен байланысты деуге болады.

Әлдебір діни нанымды, әдет-ғұрыпқа  байланысты айтуға болмайтын, атын тікелей атауға тыйым салынған  сөздерді табу деп атайтыны белгілі. Бұған қазақ ғұрпындағы кісі аттарын атауға тыйым салудан туған соң арнайы ат қоюды жатқызуға болады (қайын ата, қайын аға, қайын іні, қайын сіңлі аттарын атамау, т.б.) Мысалы:

- Үлкен кісі, жүзден жиырмасы кем ауылының жігіттері қайда жатады екен?

-         Сексен ауылының жігіттерін сұраймын. (Ғ.Мүсірепов)

-         Әйгерімнің кенжем дейтіні Оспан болатын. (М.Әуезов)

-         Шырайлым-ау, күйеуіңнің о несі? (б.Майлин)

Ұлыма, ит-құс- қасқыр, шешек-қызылша, қарақұлақ – қасқыр, т.б.

Дөрекі, жағымсыз, қолайсыз сөздерді сыпайылап, жанамалап, өзгертіп қолдану тәсілі эвфемизм деп аталады. Қазақта адамға байланысты әлде бір жайсыз, суық хабарды, ауыр жағдайды сарт еткізіп айтып салмау әріден келе жатқан әдет. Өлді деген суық сөздің орнына (сыпайылап, нәзік, жұмсақ түрде жеткізген дұрыс) өзге астарлы, сыпайы сөздерді ауыстырып қолданған ұтымды. Мысалы:

Өткен түні, ел жатар кезде жан тәсілім қыпты (М.Әуезов). Сол сәтте Мағаш үзіле берді. Сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Өмірден Абай кетті (М.Ә).

Өтірік айтты – қосып сөйледі, ұрланыпты-қолды болыпты, қылтамақ, жаман ауру-рак, туберкулез - өкпе, құрт, т.б.

Варваризмдер тілге етене болып сіңбеген соншалықты зәрулігі жоқ бөтен тілдің сөзі деген ұғымды білдіреді. Бір тілдің өзінде  баламасы бола тұрып, өмірге қажет болмаса да шет тілден орынсыз қолданылған сөздерді варваризмді дейміз [2: 153-157]. Варваризмдердің қолданылу жолдары, себептері әр түрлі:

1) Бір халықтың шынайы өмірін, тұрмыс-салтын суреттемек болғанда, сол елдің ұлттық ерекшелігін бейнелеу мақсатымен саналы түрде әдейі қолданылады: Мысалы: неміс халқына байланысты: фрау, кухен, кайзер, т.б., ағылшын: сэр, мистер, о кэй, гудбай, т.б., француз: мадам, мүсье, мерси, т.б. қолданылады.

2) тыңдаушыға ерекше әсер етіп, күлдіру үшін халық ақындары пайдаланған.

Қалқатай, кари глаз екі көзің,

Никогда не забуду айтқан сөзің. (Ақан сері)

Р.Сыздықтың пікірінше, сөйлеу тіліндегі лексикаға жататын сөздердің жазба үлгілерінде кездесуі шектеулі, олар көбінесе прозалық шығармалар мен драмалық туындыларда кездеседі.

Қарапайым элементтердің көркем әдебиетте қолданыла алатын жері, ол –жазушының өз кейіпкерінің ішкі дүниесін, психологиялық күй-қалпын шынайы беруді мақсат еткен тұсы. Мысалы: Ә.Кекілбаев өзінің «Құс қанаты» деген повесінде ауылдан қалаға келген қара кемпірдің ішкі жан-дүниесін, өмірге көзқарасын, психологиялық көңіл-күйін дәл беру үшін  ауызекі сөйлеу тіліне тән құрылымдарды  жиі қолданған. Мысалы: бозымбай-бозөкпе, шұқыншақ-еңбекқор, тортиып жүру-ренжу, жырқылдау-орынсыз күлу, сидаңдаған қу сирақ, шүйкебас – кемпірдің келіні, тас келі-унитаз.

Аталған повесте жайшылықта бейнорма есептелетін элементтер: жүзіқара, итжегір, пәтшағар, кәріп, бетпақ, сияқты дөрекі, ұрыс-қарғыс сөздердің бұзылып айтылатын варваризм божалыста, бәбушке, кәзит, қуаз (квас), іздрәсти сияқты сөздердің қолданылуының орынды уәжі бар, ол – шығарманың баяндау стилі, яғни кейіпкердің көзімен, психологиясымен, сөзімен баяндау қажеттігі. Бұлар аталған көркем шығарма үшін норма болып саналады.

Қарапайым  сөздердің, табу, эвфимизмдердің мағыналары көпшілікке таныс боп келеді, сондықтан ол сықақ-юмор жанрындағы туындыларда белгілі бір стильдік мақсат пен еркін қолданылады. Бұларды уәжді қолданыстар (себепті) ауытқулар деуге болады.

Сонымен бірге кейбір дағдылы, ұғымы айқын сөздердің де лексикалық, стильдік мағыналарына зер салмай, кейде түсінбей немесме жаңсақ ұғынып уәжсіз қолдану да әдеби тіл нормасына қайшы келеді. Жалғызілікті жолаушы – бейнорма (жолдасы жоқ салт жолаушы мағынасында); жалғызілікті әйел – норма (жалғызілікті-тұрмыста қолғабыс ететін, қарайласатын ешкімі жоқ); жігерлене жұтыну- бейнорма, түн кескініне (түн баласына), асықша ширатылу (үйірілу), көңілі қайысу (қалу); іші еріді (жылыды), төсек жаңарту (жаңғырту) деген қолданыстарда жазушылар көрсетілген сөздердің мағыналарына жете үңілмеген. Сол себепті бұлар әдеби нормадан уәжсіз ауытқу болып есептеледі.

Көркем әдебиеттеболсын, өзге функционалдық стильдерде болсын, жеке сөздерді қолдануда  әдеби нормаға қайшы келіп, нормадан уәжсіз ауытқуға бірнеше факторлар себеп болады.

1)     Көне, сирек, жергілікті сөздердің мағыналарын жете білмей қолдану;

2)     Ұқыпсыздық, лексикалық нормаға салғырт қарау;

3)                 Функционалдық стильдердің әрқайсысына тән ерекшеліктерді араластырып жіберу (ғылыми стильде диалектизмдерді, қарапайым сөздерді қолдану), т.б.

 

6. Диалектизмдер және әдеби норма

 

Лексиканың нормалану процесін әңгімелеуде диалектілік бірліктердің қолданысына айрықша назар аударылады. Өйткені, мұның себептері бірнеше. Біріншіден: еліміздің әр өлкесінде тек өз шеңберінде қолданылатын, таралу шегі бар жергілікті сөздердің бүгінгі лексикалық статустары қандай? Диалектизмдердің әдеби лексиканы  байытудың негізгі көзі бола ма? деген проблеманың бар екендігінде. Екіншіден: диалектизмдердің көркем әдебиеттегі қолданысы мен ерекшеліктерін дұрыс танып жүрміз бе?

Жергілікті сөздер –ауызекі сөйлеу тілінің элеменеттері. Ал сөйлеу тілі-әдеби тілдің қайнар көзі. Сондықтан ұлттық жазба әдеби тілдің қалыптасып, сөздік қазынасының танылуында диалектизмдердің орны, рөлі бар екені даусыз.

Тілдің лексикалық қорының толығу заңдылықтарына сәйкес, диалектизмдер де аз-аздап әдеби айналымға түседі. Айталық, шаруашылық, кәсіптің бұрын қазақ даласына  тегіс жайылмаған түрлері енді қоғам өмірінен орын алып жатады. Диалектологтар бұл қатарға бағбан, мұрап, зембіл, атыз, дәліз, мәре, гүлзар, жозы, арықтың жан арық, бас арық, бау арық, оң арық сияқты он шақты түрінің  атауын көрсетеді.

Диалектизм дегеніміз әдетте әдеби баламасы бар бірліктер, сондықтан жалпыхалықтық баламалары жоқ жоғарыда көрсетілген сөздердің әдеби тіл нормасынан орын алуы орынды.

Көркем әдебиетте кей жазушылардың диалектизмдерге көбірек баруының бірнеше себептері бар:

1. «Әркім өзі туып-өскен өлкеде қолданылатын тіл элементтерін, бала кезінен құлаққа сіңіп, үйреншікті болып кеткен сөздерді қимай, соны дұрыс деп есептейтіндіктері»

2. «Әсерлі, экспрессивті сөздерді іздеуі. Алғашқысы көбінесе санадан тыс, оның үстіне әдеби нормадағы сөздер мен нормадан тысқары тұратын сөздерді ажыратып танымайтындықтан болып жатса, соңғысы – саналы түрде, бірақ кейде сәтсіз шығатын әрекеттер болып кетеді». (Ш.Сарыбаев)

Жалпы тіл білімінде диалектизация деген термин – көркем әдебиетте жергілікті ерекшелітерді еркін әрі молынан жұмсау әрекеті. Тілдер дамуының белгілі бір кезеңінде бұл құбылысы айқын болмаса да, ХХғ. 70-80 жылдары қылаң беріп қалды.Д.Досжанов, Т.Әлімқұлов секілді көркем сөз шеберлерінің шығармаларында жергілікті тіл ерекшеліктерінің айтарлықтай орын алғанын Ғ.Мүсірепов секілді жазушылар, Б.Қалиев сияқты тіл мамандары баягдамалары мен мақалаларында арнайы атағаны мәлім. Диалектизмдерді стилизация мақсатында пайдалану айтарлықтай күшті дамымағанымен көркем дүниені диалектизмдермен өрнектеудің шама-шегін, амал-тәсілін, орын-кезеңін тап баса алмай, әдеби нормадан шығып кетіп жатқан фактілер кездеседі. Мысалы: жазушы Б.Алдамжаровтың «Қара нөсер» атты кітабында іжқайда, ақ кеуіл, еге, мәттақым, ауыш, бәте (бата), кәйтіп, дайра, керпіш, отқан (отырған), ешек, пәт (бет), ыңғи, кәдірлі, бір күншідей сияқты диалектизмдер кейіпкерлерінің де аузында (мұны дұрыс-ақ делік, егер кейіпкерлердің белгілі бір өңірдің адамдары екендігін жазушы әдейі көрсеткісі келген болса), автордың өз баяндауында да кездеседі.  Бұл жерде диалектизация құбылысы емес, әдеби нормаға жауапсыздық, әдеби нормадан ауытқушылық. (Р.Сыздық)

Диалектизм және әдеби норма мәселесінде әдеби баламасы  бар ұғым атауларына жарыстыра жергілікті сөздерді  пайдалану жөн бе, жөнсіз бе? деген мәселе де пікірталас тудырады. Мәселен, әдеби баламасы бар, тіпті әдеби синонимдік қатары мол кейбір сын есім, үстеу, етістіктердің диалектілік варианттарын әдеби нормаға ауыстыруға болады. Себебі, олар  экспрессивтік болуын қалыңдатып, құбылта түсуге бейім элементтер. Мысалы: лақса (әбден қартайған), бағамдау (пайымдау),  мәуріт (шақ, мезгіл, кез), мондыбас (жуас) деген сөздердің «тұрағы» белгілі бір өңірлер болар, бірақ олардың әдеби баламаларының барына қарамастан 60-90 жылдардағы әр автордан кездестіреміз,  ол – бұлардың әдеби тілге енгізгенін танытады.

Диалектизмдерді әдеби тілге енгізуде уәжділік (мотивация), шама-шарықтық (пропорция), ұтымдылық принциптерін қатты ұстау керек. Әйтпесе, ауызекі сөйлеу тілі элементтерінің көбісін көпшілік үшін тың, жаңа сөз болып көрінетіндігіне қарап, оларды әдеби үлгісіндегі жазба дүниелерімізге қсоып, араластырып жіберсек, норма бұзылады, әдеби тілді диалектілендіру қаупі туады. Ал тілді диалектілендіру -  көпшілікке ортақ әдеби тіл нормаларына зиян келтіру, яғни әдеби (тіл) үлгілер тілінің барлық өңір тұрғындарына түсініктілігі, айқындығы, жүйелілігі бұзылады деген сөз, сондықтан диалектизмдерге сақтылықпен қараған жөн.

Сөйтіп, жергілікті  элементтердің әдеби нормаға қатысы, әдеби тілге ену мүмкіндігі, көркем әдебиеттегі орны, қызметі туралы қорытындыласақ:

1. Қазақ тілінің қазіргі даму сатысында диалектизмдер - әдеби тіл нормасынан тыс тұратын элементтер;

2. Халықтың ауызекі сөйлеу үрдісі-жазба әдеби тілді толықтыратын көздердің бірі, сондықтан баламасы жоқ зат атауларын жергілікті сөйлеу тәжірибесінен-диалектизмдер құрамынан алу процесін әлі тоқтатуға болмайды;

3. Диалектизмдер көркем әдебиетте суреткерлік құралдың бірі ретінде, яғни кейіпкерлердің диалог, монологтерінде ғана емес, шығарманың стильдік тонына қарай автордың баяндауында жұмсалғанда бейәдеби сөздің қолданыс уәжі болуы керек және ол уәж ғылыми тұрғыдан дәлелденуі керек.

4. Бірінші томы жарық көрген «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» секілді материалдардан бүгінгі, ертеңгі жазба әдеби тіліміздің лексикалық қазынасын байытуға қажет бірліктерді іріктеу – алдағы міндеттердің бірі.

Сонымен, жаңа сөздер, көнерген сөздер, терминдер, диалектизмдер деп топтан бөліп алып, олардың әдеби тілдегі орны мен қызметі, нормалану процесі жайында жасаған талдауларының мынадай қорытынды келтіреді:

1. Қазіргі қазақ жазба әдеби тілінің лексика саласы нормаланып, ал нормаларды қалыптастыру процесі жүргізілуде. Әдеби лексикалық нормалардың негізгі базасы-халықтың сөйлеу тілі мен жазба тіл үлгілері. Оларды норма ретінде тұрақтандырып, қалыптастыруда оқу-ағарту құралдарының, баспасөздің, әр алуан сөздіктердің, оның ішінде анықтағыш құралдарының қызметі айрықша.

2. Қазіргі күнде лексиклаық нормалардың ішінде варианттар қатарын туғызып, пікірталастарға шақырып отырғандары – терминдерге  қатыстылары, яғни кірме терминдердің тұлғалануы, оларға қазақша қосымшалар жалғану ерекшеліктері туралы пікірлер айтылды.

3. Әдеби норма шарттарына мұқият қарайтын, ғылыми ізденістерді талап ететін саланың бірі-бейәдеби элементтердің қолданысы.

4. Лексикалық мәселелерді нормалаудың өзекті  мәселесі- варианттар жайын  әдеби нормаға енетін қатарлар мен бір сыңарын бірте-бірте қолданыстан ығыстыру әрекеті дұрыс бағыт алып келе жатқандығын айтуға болады.

5. Әдеби нормадан жөнсіз ауытқуға апаратын тұстарды болдырмау ғылыми ізденістердің мақсаты және қазақтың қазіргі ұлттық жазба әдеби  тілінің нормаларын реттеу, айқындау, орнықтырып қалыптастыру (кодификациялау) жолындағы үлкен әлеуметтік, саяси мәні шаруа. Тіл мәдениетін  көтеру қарекеті – мемлекеттік тілдің жетілген, сындарлы болуы үшін жүргізілетін күрес.

Тілдің сөздік құрамының үлкен бір саласы-кәсіби сөздер, яғни профессионализмдер. Кәсіби сөздерге жалпы халыққа бірдей түсінікті бола бермейтін, белгілі кәсіп я шаруашылық саласымен шұғылданатын адамдардың арасында ғана айтылып, соларға түсінікті сөздер мен сөз тіркестері жатады. Мысалы, балық шаруашылығына байланысты қабадан ау (талдан иіп жасалған аудың бір түрі), ақаншы (қызыл балық аулаушы адам), инелік (ау тоқитын ағаш ине), азына (адам отыру үшін қайыққа салынған көлденең тақтай) т.б. сөздер осы кәсіппен айналыспаған басқа жердің адамдарына түсініксіз. Бұл жағынан кәсіби сөздер термин сөздерге ұқсас.

Термин сөздерді белгілі бір ғылым, техника саласындағы  мамандар ғана болмаса, басқа көпшілік қолданбайды. Бірақ ол екеуінің жасалуында түбірлі айырмашылығы бар. Термин сөздер техника, ғылым салаларының дамуына байланысты ғалымдар, мамандар жасап қалыптастырған сөздер. Ал кәсіби сөздер олай емес, белгілі кісіп түрлерімен шұғылдануға байланысты жергілікті халықтың өз арасында туған сөздер. Кәсіби сөздерді белгілі бір территорияны мекендеуші тұрғындар қолданса, терминдердің қолдануында ондай территориялық шек болмайды.

Қазақ тілінде кәсіби сөз мол кездеседі. Оларды кәсіби-өндірістік мәніне қарай, екі үлкен салаға бөлуге болады. Бір саласы әр түрлі шағын кәсіпке (балықшылық, ұсталық, өрімшілік, тоқымашылық, зергерлік, ою-өрнек, т.б.) байланысты сөздер. Мысалы, темір ұстасының құрал атаулары: тарақ балта (жүзі кедір-бұдыр балта), керме ара (жүзінің арасында тірегіші бар балта), пышқы (араның бір түрі), шербек (үлкен ара), аталғы (ойық жүзді шып), ыңғуыр (ағаш оятын құрал), тындыр (бұрап тесетін құралы т.б.)

Кәсіби сөздердің екінші саласы ірі кәсіпшілікке байланысты. Оған мал, астық, балық, аңшылық, бау-бақша, күріш, темекі, мақта шаруашылықтарына байланысты арнаулы сөздер жатады. Мысалы, мақтаға байланысты сөздер: қоза (мақта өсімдігі), шиіт (мақтаның тұқымы), ақ шиіт (түгі алынбаған түбітті шиіт), терімші (мақта теруші), балдақ (мақтаның сабағы) т.б.

Кәсіби сөздер таралу сипаты жағынан да біркелкі емес. Осыған орай кәсіби сөздер екі топқа бөлінеді:

1.      жалпыхалықтық кәсіби сөздер

2.      диалектілік (говорлық) кәсіби сөздер

Жалпыхалықтық кәсіби сөздерге бүкіл халық тілінде қолданылып,  әдеби тіл лексикасына еніп кеткен сөздер жатады. Бұларға ертеден белгілі жүгері, қарбыз, арпа, бидай, сұлы, мақтат.б. сөздерді былай қойғанда, неғұрлым кейін тараған дақыл, беде, танап, қияр т.б. сөздерді жатқызуға болады.

Диалектілік (говорлық) кәсіби сөздерге  белгілі бір аймақ (облыс, аудан) көлеміндегі кәсіпке қатысты, негізінен, сол жердің тұрғындары ғана қолданатын сөздер жатады. Мұндай кәсіби сөздер белгілі бір жерде ғана айтылып, таралу аймағы шектеулі болғандықтан, диалектілік (говорлық) сөздерге ұқсайды. Әдетте ондай сөздердің таралу тегі белгілі бір диалект я говор көлемімен деңгейлес келіп отырады.

Диалектілік кәсіби сөздердің бірқатарының әдеби тілде жалпыхалықтық баламалары бар: аскелді-  әдеби тілде асқабақ, бәдірен – қияр, көмбеқысаң - әдеби тілде жүгері т.б. сол себепті мұндай сөздер әдеби тілге енбейді.

Орыс тілі лексикасында да профессионализмдер – белгілі бір кәсіп өнімінің сөз қолданыстары айтарлықтай орын алады.  Мәселен, моряктар киімінде кок-повар (синарин) деген сөз, шахтерлерде на-гара-үйні-төгей, таудай ғып көмір өндіру; аңшылар киімінде колено-қасқырдың құйрығы (хвост волка) тәрізді болып келеді.

 

7. Термин және терминология. Тұрақты сөз тіркестері және норма

 

Тіл-тілдің лексикасында ғылым мен техниканың алуан түрлі саласында қолданылатын айрықша қызметі бар арнаулы сөздерді терминдер деп атайды. Күнделікті өмірдің барлық саласында жалпылама қолданыла беретін сөздер ыңғайына қарай түрлі мағынада жұмсалып, көп мағыналы болып келсе, терминдердің дені дара мағынада жұмсалады. Мысалы, аффрикат, аффикс, артикль сияқты терминдер қандай бір контексте қолданылса да, әрқайсысы әрдайым өзіне  тән негізгі бір мағынада ғана қолданылып, сол бір мағынада ұғынылады. Терминдерде эмоционалды бояу, экспрессивті қызмет дегендер болмайды.

Өндіріс пен техниканы,, ғылым мен өнердің, саясат пен дипломатияның және тағы басқалардың әр саласына тән терминдердің  жиынтығы терминология деп аталады. Әрбір тілде шаруашылық пен мәдениеттің,  әдебиет пен өнердің алуан түрлі салаларының терминологиясын жасау - әрі ғылыми, әрі қоғамдық үлкен мәні бар аса қажетті жұмыс.

Терминдер түрлі жолдармен жасалады:

1. Әдеби тілде бұрыннан бар кейбір төл сөздер терминдік мағына алып, белгілі бір саланың терминологиясына телінді де, сонда әбден орнығып қалыптасады: Мысалы, қазақ тіліндегі  айналым (оборот), қосымша құн (прибавочная стоимость) т.б. сөздер білімнің әрсаласында қолданылатын термин сөздерге айналып, қалыптасып кетті.

2. Ғылым мен техниканың алуан түрлі салаларына қатысты терминдердің ішінде дүние жүзіндегі тілдердің бәріне ортақ көптеген терминдер бар. Барлық тілдерге ортақ терминдер сөздердің халықаралық қоры болып саналады да, интернационалдық терминдер  деп аталады. Мысалы, конституция, демократия, синтаксис, алгебра, циклон, меридиан, синоним, компьютер, роман, поэма, дирижер, файл, экономика, т.б.

Ал қазақ тілінің терминологиясы проблемасы ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бері қарай ешқашан өзектілігін жоғалтқан  емес, керісінше, күні бүгінге дейін  аталған салада пікірсайыстар мен қайшылық, қиындықтар еш толастар емес.

Терминдер негізінен атау сөздер болып келеді. Терминнің атауыштық қасиеті оның түсіндірмесі болуын қажет етеді, яғни бір  нәрсенің не құбылыстың тек қана өзіне  тән ұғымдық анықтамасы ол сөзді термин етіп танытады.

Теримндік сөздерді ұсыну процесінде (терминдік сөз) жетістіктермен қатар сәтсіздіктер де орын алып отыр. Бүгінгі әдеби тілімізде кейбір сөздерді орысша-қазақша жарыстыра қолдану көзге түседі. Лексикалық варианттар  қатары өсті, олардың нормалану процесі қоса жүре бастады. Көбінесе термин сөздердің қазақшасы бұқаралық ақпарат құралдарында, тіпті оқу-ағарту әдебиеттерінде  жиі қолданылып, әдеби норма ретінде қалыптасуға бет алды. Мысалы, бағдарлама, әдістеме, мәтін, шығармашылық, жекешелендіру, құжат сияқты сөздердің орысша сыңарлары қолданыстан ығыстырылды. Мұндай жаңа терминдер, біріншіден, қазақ тілінің құрылымдық нормасына сай жасалғандықтан, екіншіден ресми түрде терминком бекітіп мақұлданғандықтан тез қабылданып, көпшіліктің оларды жатсынбайтын дәрежеге жеткізді.

Соңғы кездері 70-80 жыл бойы қазақ тілінде орнығып қалыптасқан сөздердің өзін жаппай қазақшалау әрекеті байқалады. Қазақшаға алмастырылған сөз атап тұрған терминдік ұғымды дәл, толық бере алатындай болса, ол  орынды, норма талабын ақтайды. Ал ғылыми-терминдік атаулардың ішінде интернационалдық негізгі  деп аталатын, көптеген өркениетті елдердің халықтарына ортақ, түп-тамыры латын, грек тілдері болып келетін мыңдаған терминдерді де барынша қазақшалау бағыты бой көрсете бастауына сын көзбен қарау керек. Мысалы, депутатты – бек, парламентті – ұлттық құрылтай, министрді-уәзір, министрлік-уәзірлік, стюардессаны-аспансерік, роботты-құлтемір, газетті-үнқағаз, радионы-үнсандық, альпинисті-асқарпаз деп атаудың қаншалықты қисынды екенін саралаған жөн.

Әдеби тіл нормасын көздесек, аударылып жүрген терминдердің тек «қазақтығына», «түркілігіне» ғана қызықпай, «орысшалығынан» құтылуды мақсат етпей, олардың мағыналық тұлғасының сәйкестігіне, ғылым мен танымның қай саласына жататынына қатты ескеру керектігі – жалпы тіл мәдениетінің талабы – норма талабы.

Сөздердің еркін тіркесіне сырттай ұқсас, бірақ іштей, яғни тілдік табиғаты жағынан оған қарама-қарсы қойылатын оймақ ауыз, жүрек жұтқан, жүрегі тас төбесіне шығу, ат-тонын ала қашу сияқты тіркестер бар. Бұлар құрамы жағынан тұрақты болып келеді де, бүтіндей оралым бұрыннан тіркескен, дағдылы қалпын сақтайды, сыңарлары «ешкімнің еркіне көнбей, өзінен-өзі тіркесіп қойғандай ұғынылады. Мұндай тіркестер тұрақты сөз тіркестер немесе фразеологизмдер дап аталады.

Фразеологизмдердің үш түрлі басты белгісі бар: 1. Даяр қалпында жұмсалу белгісі; 2. Мағына тұтастығы; 3. Тіркес тиянақтылығы.

Сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында қолданылу жағынан мақал-мәтелдер фразеологизмдерге ұқсайды. Тұрақты сөз тіркестер сияқты мақал-мәтелдер де әбден қалыптасқан, орныққан, орны бекем болады. Бұлардың компоненттерін де өзараалмастыруға немесе басқадай сөзбен ауыстырып, өзгертуге келмейді. Мысалы: Бөрік кигеннің намысы бір (тымақ киген, құлақшын киген деп өзгертуге болмайды), жығылсыаң нардан жығыл (түйеден деп ауыстыруға болмайды), т.б.

Соңғы кездері көркем әдебиет стилінде жазушының әлдебір себеппен тұрақты тіркестердің немесе мақал-мәтелдердің құрамындағы сөздерді өзгертіп пайдалану жағдайлары байқалады. Мұндай әдеби тіл нормасынан ауытқуды уәжді деп те, уәжсіз деп те тануға болатын түрлері бар. Мысалы: дыбыстар үнділігін, әуезділігін көздеу, яғни аллитерациялы, ассонансты құрылым түзу. О.Бөкей осы себептен «Тасы тауға домалаған жігіттің құдаймен жұмысы қанша» деген сөйлем ұсынған. Фразаның қалыпты түрі – «Тасы өрге домалаған» болу керек. Мұнда жазушы т-м-д дыбыстарынан басталатын аллитерациялық қатар түзу үшін өрге сөзін тауға деген мағынасы жуық сөзбен алмастырған.

Халық тілінде, оның әдеби түрінде қалыптасқан тіркестер сөздердің өзара іштей семантикалық жымдасуы арқылы немесе аллитерациялық-ассонанстық әуезділік жолымен я болмаса ғасырлар бойы солайша қалыптасқан  дағдысымен тұрақты болып келеді. Сондықтан олардың құрамын себепсіз өзгерту әрдайым орынды да сәтті бола бермейді. Сысалы, кейбір автордың «өтірікті судай сапыру» тұрақты сөз тіркесінің орнына «өтірікті судай араластыруды», «түн баласында» деудің орнына «түн кескінінде», «көңілім қалды» - көңілім қайысты, іші жылыды – іші еріді, төсек жаңғыртты-төсек жаңартты, етті- жеңді толық адам – етжеңді адам деп ауыстырып қолдануы нормадан себепсіз ауытқу болып саналады.

Әр алуан мақсатпен сөз құрамы өзгерген фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді стильдік не өзге себептерсіз қолдану-жөнсіз (себепсіз) ауытқу болатыны мәлім. Мысалы: жанын шытқа түю – жанын шүберекке түю, көлеңкесінен қалтыраған - көлеңкесінен қорыққан, көңілім қайысты – қабырғам қайысты. Осылардың барлығы нормадан жөнсіз ауытқу болып саналады.

Мақал-мәтелдердің құрамындағы сөздерді себепсіз өзгерту де жиі кездеседі. Мысалы: Жерден жеті теңге тапқандай – (жеті қоян-дұрысы), қызғыштай қорғап (дұрысы-қорып); қуырдақ тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім (дұрысы-ет), хабарына кіріп шықпайды (дұрысы-қаперіне), т.б.

Жазушы жеке сөздің лексикалық мағынасын дұрыс түсінбей, орынсыз қолданса, тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің компоненттерін ешбір стильдік мақсат көздемей өзгертіп жіберсе, бұл жалпы ұлттық әдеби тіл нормасынан жөнсіз ауытқу болмақ.

 

Пайдаланылатын әдебиеттер:

 

1.      Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. Астана, 2001

2.      Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. А., 1999

3.      Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 199

4.      Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. 2000

5.      Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. А., 1988

6.      Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. А., 1988 (1963, 1978, 1988)

7.      Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. Москва, 1978

8.      Қалиев Ғ., Оралбаева Н., Төлегенов О. Т.б. Қазіргі қазақ тілі (жаттығулар жинағы) А., 1997

9.      Балақаева М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. А.,1989

10.      Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. А.,1984

11.      Бизақов С. Тілдік норма және варианттылық. А.,1997

12.      Сыздық Р. Сөз өнері. А.,1978

13.      Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі (лексика, фонетика) А., 1975

14.      Қалиұлы Ғ., Болғанбайұлы Ә. Қазіргі қазақ лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 1997

15.      Қазақ грамматикасы. Астана, 2002

16.      Болғанбайұлы Ә. Қазақ лексикологиясы. А.

17.      Жанпейісов Е., т.б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 1974

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 23:05:14     Қаралды-12807

ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗ ТҮГЕЛ БОЛСА

...

Қазақ халқы қолда өсірілетін түйе, сиыр, жылқы және қой-ешкіні төрт түлік мал деп атайды. Әр түліктің өзіндік орны бар, әрқайсысын шақыруға арналған одағай сөздер де түрлі-түрлі болып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »