UF

ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ

Тұрмыс-салт жырлары. Қазак халқының бай ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының бірі - тұрмыс-салт жырлары. Тұрмыс-салт жырлары - халық творчествосының өзге түрлері сияқты халық өмірінің айнасы. Күнделікті күн көріс, тіршілік қамымен аң аулап, төрт түлік малын бағып, көшіп-қонып жүрген қалың еңбек адамдарының артында қалдырған өлең-жырлар өте көп. Мұнда көне эпостық шығармаларға негіз болған мұң-шер өлеңдері мен үйлену салт жырларынан бастап, халықтың күнделікті тіршілігінен, еңбегінен туған өлеңдер де, сондай-ақ ел тұрмысын, оның әр тұстағы қуанышы мен күйінішін көрсететін лирикалық ән-өлеңдер де, қара өлең, тарихи шағын өлендер де бар.

Халықтың күн көріс кәсібінен, еңбегінен туған аңшылық, төрт түлік мал туралы өлеңдері мен наурыз жырлары - барлық өлең тобының ішіндегі ең ескі, көне түрлері. Мұнда ерте замандардағы адамдардың тұрмыс халі, еңбегі, кәсібі, тотемдік түсініктері көрінеді. Өзін қоршаған жанды-жансыз дұниеге, оның жұмбақ, жат сырлы сипатына таңданып, табынудан туған ұғым-нанымдары суреттеледі. Қазақ халқының ерте замандардан бергі тіршілік тірегі мен кәсібінің бірі болған төрт түлік мал туралы өлең-жырлар коп. Төрт түлік мал туралы олеңдердің ең таңдаулы үлгілеріне «Жылқышы атаға», «Шопан атаға», «Зеңгі бабаға», «Ойсыл қараға», «Малдыңбаласын сүюі», «Төрт түлік малдың кеңесі», «Боз інген» т. б. жырлар жатады. Сондай-ақ, ұлыстың ұлы күні - жаңа жылға арналған Наурыз өлеңдері де мал баққан көшпелі қазақ өміріне, оның күнделікті еңбек кәсібіне байланысты туған.

Жаратылыс дүниесінің толып жатқан құпия сырларына табынып, оны бір жұмбақ дүние деп түсінген халықтың ескілікті наным-сенімінен туған өлеңдердің бір алуаны - бақсылар сарыны, бәдік, бата-тілек өлеңдері. Бақсылар сарынының негізгі мақсаты - түрлі ауруларды емдеу. Бақсы қобыз тартып сарнап, аурудың «иесін» қуалайды. Адам баласы тарихының арғы көне дәуірлерінен келе жатқан түсінігі, наным-сенімі бойынша бақсылық та табиғатқа табынудың, сөз бен музыканың магиялық құдіретті күшіне сенудің бір түрі. Ал қазақтың емшілік кәсібінен туған бәдік өлеңдерінің де өз заманы үшін өмірлік мәні болған.

Адам өмірінің әр кезеңіне, үй іші тұрмысының әр түрлі әдет-ғұрып дәстүрлеріне байлаyысты айтылатын салт өлеңдерінің де түрлері көп. Олар: бесік жыры, үйлену, салт өлеңдері, мұң-шер жырлары. Қазақ дәстүрінде құдалыққа келуден бастап, келін түскенге дейінгі аралықта жасалатын көптеген жол-жора, тәртіп-шарттар бар. Үйлену тойының сол жора-жосық, көп кәде, ғұрыптарының бірде-бірі өлеңсіз өтпеген. Соның бірі - той бастар. Той бастар - қалыңдықты шығарып салу үшін қыз әкесінің үйінде жасалатын тойда да, сондай-ақ күйеу жігіттің аулында өтетін келін түсіру тойында да айтылады.

Ұзатылар қызды әке үйінен шығарып салар шақта орындалатын өлен түрлерінің бірі - жар-жар; екіншісі, сыңсу, танысу болған. Мұның алдыңғысы екі топтың айтысынан тұрады, бір жағы - күйеу, жігіттер жағы да, екіншісі қалыңдық, қыздар жағы болып екіге бөлінін, кезектесіп айтысады. Жар-жарды алдымен жігіттер жағы бастайды. Бұлар басқа жұртқа келін болып түскелі отырған қыздың көңілін аулап, жар сүйіп, жас нәресте көрудің қызығын айтып, анамнан айрылдым деме, қайын енең бар, әкемнен айрылдым деме, қайын атаң бар деп жұбатады. Бұған қыздар тобы қарсы дау айтады. Қанша жақсы болса да, қайын ата мен қайын ененің туған үй, туған ата-анадай бола алмайтынын ескертіп, қам көңілдігін, мұңын шағады. Осылайша қыз бен жігіттердің сөз жарысы жалғаса береді. Жар-жардың әрбір жолының соңы «жар-жар-ау» деген қайырмамен аяқталып отырады. Жар-жардың мазмұны қазақ қызының сүйгеніне қосыла алмай іш құса болған трагедиялы халін бейнелейді, феодалдық, ақсақалдық заңының қатал тәртібін әшкерелейді. Жар-жарда сахналық ойын- сауық элементтер мол.

Сыңсу - ұзатылғалы отырған қыздың туып-өскен жерімен, ауыл-аймақ, ағайын-туыстарымен, ата-ана, апа-жеңгелерімен, қала берді құрбы-құрдастарымен қоштасып сыңсуы. Сыңсудың тәртібі бойынша қыз алдымен үй-үйді аралап, ағайын-жұртымен, сонан соң ата-ана, аға-бауырларының әрқайсысымен жеке-жеке көрісіп, қоштасып шығады. Еріксіз ұзатылып бара жатқан қыз: «Заманым қиын болар-ау, Көкірекке қайғы толар-ау, Ел-жұртым сенен айрылып, Санамен жүзім солар-ау» деп өз теңіне қосыла алмай арманда кеткені туралы зар-мұңын айтып жылайды. Сыңсу - үйлену салт жырларының ішіндегі ең бір әлеуметтік сыр-сипаты айқын, 1917 жылға дейінгі ескі әдет-ғұрыптың құрбаны болған қазақ қыздарының халін ашып көрсететін өлең түрі.

Келін түсіру тойының соңғы ең бір үлкен жора-жосығы - беташар. Әйел қауымының атқаратын қызметі, жүріс-тұрыс, мінез-құлқы, аналық борышы т. б. толып жатқан мораль мәселесі беташар өлеңінің өзегін құрайды. Беташардың мазмұны жас келінге өсек-өтірік айтпа, үлкен-кіші демей қайын жұртыңның бәрін сыйлап, ибалы, шаруақор бол, сонда ғана ата-ана, ағайын, туыс арасында қадірлі келін атанасың дейді. «Сауысқаннаи сақ келін, жұмыртқадан аң келін, ел жұртыңа жақ келін, ата-анаңды бақ келін, кісі келсе үйіңе, киізіңді қақ келін» деп, әуелі жас келіннің түр-сымбат, көркін суреттеп алып, соңынан ата-енесімен, абысынымен, қайнаға, қайындарымен таныстырып шығады, әрқайсысына арнайы иіліп сәлем өткізеді. Соның бәрін беташар поэзия тілімен жеткізеді. Үйлену салт өлеңдерінің өзге түрлеріне қарағанда беташарда әзіл-оспақ, қалжың-күлкі басым болады.

Көне заманнан қалған көп кәде, жора-жосықтың бірі - өлген адамды естірту, көңіл айтып жұбату, жоқтау. Бұл жырлар - ежелгі көне дәуірлерден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан халықтық өнердіңулкен бір саласы. Естірту жыры көбіне: «Аққу ұшып көлге кетті, Сұңқар ұшып шөлге кетті, Ол адасып кеткен жоқ, әркім барар жерге кетті» деген сияқты салыстырулармен жұмбақтап, тұспалдап айтылады. Естіртудің соңы көңіл айтып тоқтатуға, жұбатуғаауысады. Мыс., Үмбетей жыраудыңБөгембай батыр өлімін Абылайға,Қыпшақ Ізбастының Байшуақ өлгенде баласы Байғараға естіртулері қазақ фольклорындағы естіртудің ең уздік үлгілері болып табылады. Өлген  адамды кейде күңіренген күй сазымен де естіртеді. Бұған баласының өлімін  Жошыға естірту, құдыққа құлап өлген жалғыз баласын жоқтаған Тоқаның күйлері дәлел.

Жұбату өлеңдерінде қабырғасы қайысып, қаралы болып отырған жан күйер жақындарының уайым, қайғыға түспеуі ескертіледі. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», «Тозбасты ұста соқпайды, өлместі тәнір жаратпайды» деп тоқтау айтылады. Жұбатудың соңында «Арғымақтың тұяғы тасты басса кетілер, сазды басса жетілер», «Жетпесті қума, келмеске жылама» деген сияқты тіршіліктің ылғи да өзгеріп, жаңарып отыратыны баяндалады. Көңіл айту бірде жыр, өлең түрінде, тағы бірде қара сөз түрінде әңгімеленеді.

Жоқтау өлеңінің де үздік үлгілері аз емес. Жоқтау халық басына түскен қайғылы қазаның тұсында бүкіл бір ел болып құрметтейтін қадірлі қариясы, батыры, аяулы азаматы өлгенде айтылады. Жоқтау сонымен бірге жеке адамның, жеке үй ішінің қайғылы шерін шертеді, жанашыр жақынынан, бауырынан, баласынан немесе ерінен айрылған жалғыз-жарым адамдардың зарын баяндайды. Ескілікті салт бойынша қаралы адам жоқтау айтып, дауыс қылады. Тіпті ертерек кездерде жесір қалған әйел шашын жайып, бетін жыртатын болған. Өлген адамның жылы толып, асы берілгенше қара жамылып, күніне үш мезгіл жоқтау айтқан. Жоқтаудың мұңлы сарыны, зарлы даусы болады. Жоқтау сол сарынмен айтылады, жоқтаудың мазмұны өлген адамның атақ-абыройын, тіршілікте істеген өнегелі істерін, мінезін, адамгершілігін айтып мадақтауға құрылады. Жоқтаудың сыбызғы, қобыз, домбырада орындалатын түрлері де бар. Жоқтау негізінен дәстүрлі шер өлеңдеріне тән теңеу, салыстырулардан тұрғанымен көбіне ол айтушы адамның талантына қарай тыңнан туып отырған.

Қоштасу өлеңдерінің де түрлері көп. Ол бірде туып-өскен елімен, жерімен қоштасу түрінде, тағы бірде әл үстінде жатқан адамның өткен өмірімен қоштасып, жастық шақты еске алу түрінде айтылады. Өлер алдында ата-ана артында қалып бара жатқан балаларымен мұңдасып, өсиет сөзін қалдырады. Қазақ фольклорында Жоңғар жорығынан «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, босқан елдің Қаратаумен қоштасуы, Тәуке батырдың Сібірге айдалып бара жатып айтқан Жетісуымен қоштасуы, Сабырбай ақын мен Біржан салдың өлер алдында балаларымен қоштасу өлеңдері ел арасына кең тараған. Қоштасудың ең үздік көркем үлгісі - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпосындағы Ай, Таңсықтың туған жерін қимай айтқан өлеңі.

Тұрмыс-салт өлеңдері 7-8 буынды жыр формасында да, 11 буынды, төрт жолды өлең формасында да кездеседі.

Совет дәуірінде жаңа заманның жаңа талаптарына лайықты тұрмыс-салт өлеңдерініц жанрлық құрамы да, мазмұны да өзгерді. Өткендегі салт-сана, жора-жосықтың, сонымен байланысты айтылатын ғұрыптық өлеңдердің ең таңдаулы деген үлгілері болмаса, көпшілігі - соның ішінде бақсы сарыны, бәдік, сыңсу, бата-тілек сияқты өлең түрлері ұмытылып, революция дәуірінің алғашқы жылдарында-ақ қолданудан шығып қалды. Олардың орнына социалистік қоғамның шындығын суреттейтін, бүгінгі ел тұрмысын, еңбек адамдарының ойын, сана-сезімін бейнелейтін жырлар туды. Қыз ұзатып, келін түсіру, жаңа туған жас балаға ат қою, шілдехана, жастарды армия қатарына шығарып салу т. б. ғұрыптар салтанатты жағдайда өтетін барша жұртшылыққа ортақ дәстүрге айналды. Мыс., жаңа үлгілі жоқтаулардың ең алғашқы нұсқасы В. И. Лениннің қайтыс болуымен байланысты туды. Иса Байзақовтың, Кенен Әзірбаевтың т. б. ақындардың жоқтауларында бүкіл еңбекші таптың қабырғасын қайыстырған көсем қазасының ауырлығы айтылады. Азамат соғысы жылдарында біраз ақындар Аманкелдіге, Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл өзінің ұлы Алғадайға арнап жоқтау айтты. Бұл кезде қасиетті Отан-Ананы неміс басқыншыларынан қорғауға аттанып бара жатқан жауынгерлердің туған жер, өскен жұртымен қоштасуы, елде қалған ата-ананың аманаты, сағыну, еске алу ретінде туған өлеңдер жарық көрді. Соңғы жылдарда, өз алдына отау тігіп, тұрмыс құрған екі жастың үйлену тойлары - қалың ел жиылып қызықтайтын айтулы күнге айналды. Мұнда той бастарды төкпелеп, жиналған жұрттың қөңілін көтеріп жар салу, жаңа түскен жас келіннің бетін ашу, құда-құдағиларды мақтап әзілдесу, жар-жар айту секілді көптеген өлең түрлері қолданылып жүр. Сайып келгенде, бүгінгі заман талабынан туған жаңа тұрмыстық, салттық жырлардың жастарды коммунистік адамгершілікке тәрбиелеудегі маңызы зор.

Ертегілер. Қазақ халқының ертегілік мұрасы орасан бай. Оның құрамына ертеде қалыптасып, ғасырлардан ғасырға жетіп келе жатқан қиял-ғажайып, тұрмыс-салт және жануарлар туралы ертегілермен қатар бүкіл Шығысқа мәшһүр болған «Қырық уәзір», «Кәлила мен Димна», «Тотынама» сияқты әдеби мұралар да кіреді. Соңғы аталған шығармалар қазақ фольклорына сіңіп біте қайнасып кет-кендіктен, халқымыздың төл туындылары болып та саналады. Қазіргі қазақ халқының ауыз әдебиетінің байырғы үлгілері болып табылатын «Атымтай», «Қасым - Жомарт», «Сейфілмәлік» секілді қиссалардың негізі о баста Шығыс елдерінде кеңінен тараған туындылардан алынған.

Қазақ ертегілері фольклористика ғылымында қабылданған классификация бойынша жануарлар жайындағы, қиял-ғажайып және тұрмыс-салт ертегілері болып жіктеледі. Сонымен бірге ертегі жанрына толық кірмейтін әңгіме (сказ), әңгіме-аңыз (предание), аңыз (легенда) сияқты халық прозасының түрлері де қосылады. Өйткені олар - халық прозасының ең ертеде пайда болған нұсқалары әрі бұлар коп жағдайда ертегі жанрына негіз болған.

Жануарлар жайындағы ертегілер қазақ фольклорында алуан түрлі. Шығыс және Батыс халықтарына мәлім жануарлар жайындағы ертегілерден басқа қазақ ауыз әдебиетінде аңызға айналған арғымақ аттар, жүрдек желмая, боз інген сияқты төрт түлік мал тақырыбына арналған әңгімелер мен аңыздар өте көп.

Жануарлар жайындағы ертегілерді негізінен үш топқа жіктеуге болады. Оның біріншісі - Шығыс және Европа халықтарының жануарлық эпосының негізін құрайтып классикалық ертегілер. Мұндай ертегілер балаларға арналған. Олар адам мінезінің ақылдылық, ақымақтық, қулық-сұмдық сияқты жақтарын қарапайым формалар арқылы ашып берумен өте қызғылықты келеді. Хайуанаттар туралы ертегілердің мысал жанрына жақын келетін түрлерін екінші топқа жатқызып, аполог-ертегілер, яғни мысал-ертегілер деп атаса да болады. Мұнда жануарлардың бейнесі азды-көпті шартты түрде алынып, баяңдау белгілі нормалар арқылы ашық суреттеліп отырады. Үшінші топқа жануарлардың қандай да болмасын бір белгілерінің шығуы жайлы баяндайтын этимологиялық ертегілер жатады. Бұл үш топтың әрқайсысы өз ерекшеліктері арқылы дараланғанымен, оларды бір салаға топтастыратын нәрсе - жалпы әңгіменің жануарлар жайында баяндалатындығы. Жануарлар жайындағы ертегілер адам баласының ертедегі тотемдік сенімдерімен байланысты туған.

Жануарлар жайындағы ертегілердің құрылымы қарапайым. Олардың композициялық негізі - жануарлар арасындағы кездесулер мен қақтығыстар тізбегі. Сондықтан да ертегілер баяндаудан гөрі көбінесе диалогқа құрылады. Түрі өзгертілмей үнемі қайталанып отыратыл бір сарынды эпизодтардұние жүзілік фольклорда кең тараған кумулятивтік ертегілердің композициясына тән («Айлакер тышқан», «Қотыр торғай» т. б.). Бұларға тәп тізбекті композиция өте көне болып есептелінеді.

Дүние жүзінің көптеген халықтарының жануарлар жайындағы ертегілерінде прозалық баяндаудан өлеңге көшіп отыру жиі байқалады, қазақ ертегілеріне мұндай әдіс тәп болмағанмен, сирек болса да кездесіп отырады.

Қиял-ғажайып ертегілер - қазақ ауыз әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі. Өзінің шығу мезгілімен ол алғашқы қауымдық қоғамды қамтиды. Сондықтан ертегінің бұл түрінде адамзаттың ертедегі қоғамдық өмірінің кейбір қалдықтары сақталған. Мыс., матриархат заманына тән аналық ру мен көптеген әдет-ғұрыптардың көріністері (дуальдық ұйым, аналық мекен, аналық неке, кувада, авункулат т. б.), ерте замаңғы анимизм, тотемизм, магия сияқты діни нанымдар мен сенімдер т. б. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті де ертекшілер әңгімесін  ерте-уақытта болған деп баяндайды.

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері жанрлық жағынан біркелкі емес. Оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым аңыздар бар, батырлық ертегілер кездеседі. Демек, біздің қиял-ғажайып ертегілеріміз жанр жағынан синкретті, яғни дараланбаған. Қазақ қиял-ғажайып ертегілерінің тағы бір ерекшелігі - жанрлық трансформациясы, яғни бір жанрдың екіншіге ауысуы. Осы себепті қиял-ғажайып ертегілерінің біразы жанрлық өзгеріске ұшыраған, олар қиял-ғажайып пен тұрмыс-салт ертегілерінің аралық жанры сияқты.

Қиял-ғажайып ертегілерінің сюжетіне, поэтикасы мен құрылысына батырлық жыр үлкен ықпал еткен. Көптеген қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік желісінде батырлар жырындағыдай тұрақты прологтар мен эпилогтар бар. Әдетте, сюжеттің прологында ертегі қаһармандарының кәрі ата-анасы мен оның тууы туралы баяндалады. Қартайғанша перзент көрмей, қу бас аталған кемпір мен шал құдайдан бала сұрап, әулие-әнбиелердің басына түнеп, жалбарынады. Кемпір-шалдың тілегі қабыл болып, бір бала туады. Ол - ертегінің басты кейіпкері, батыр, ер жүрек Жауынгер. Ал басты қаһарман туралы әңгіме біткен соң негізгі сюжетке жалғасатын эпилогта кейіпкер мен жанындағылардың әрі қарайғы тағдыры сөз етіледі.

Ерте заманда туып, көне дәуірдің көріністерін сақтап келсе де, қиял-ғажайып ертегілері қазақ халқының тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда алып корсетеді. Өмірдегі тартыстар, болмыс көріністер, адамдардың қарым-қатынасы, бәрі халықтың эстетикалық рухында түзіледі.

Қазақ ертегілерінің басты қаһармандары - аңшы-мерген, жауынгер батыр, кенже бала, тазша және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі - халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер. Ертеде, ел табиғаттың дүлей күштерімен алысып, күнделікті өмір үшін аң-хайуанаттармен күрескен кезде, халықтың арманы, идеялы - соларды жеңетін палуан, күшті, батыр, мерген болды. Ертегіде ол - неше түрлі ғажайып тажалдармен соғысып, жеңіп шығатып аңшы-мерген.

Кейінгі дәуірде адамзат рулық қоғамға көшкенде халықтың идеалы зз руын бөтен елден, шапқыншы жаудан қорғайтын жауынгер батыр болды. Бұл бейне қазақ ертегілерінің біразында кездеседі. Рулық қоғам ыдырай бастағанда -идеал басқа. Енді ол - ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін қолдаушы, ата жолып қуушы. Ол қазақ өміріндегі қара шаңырақтың иесі - кенже бала. Қазақтың көп ертегілерінде басты кейіпкер - осы кенже бала.

Қоғамда әлеуметтік теңсіздік шарықтау шегіне жеткен кезде ертегі - идеал етіп, мадақтайтын бейне - әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі, жәбірленуші, жапа шегуші. Бұл кезде қиял-ғажайып ертегілер өмірге тікелей жақындап, толық демократияланды, бұқара арманын дәріптеп, халық мұратын эстетикалық мұратқа айналдырды.

Тұрмыс-салт ертегілері - қазақ ертегілерінің ішіндегі ең көбі. Тақырыбы мен идеясының сан алуаңдылығы жағынан хайуанаттар жайындағы болсын, немесе қиял-ғажайып ертегілерінен болсын асып түседі. Мұнда көлемі жағынан өте қомақты халық повестері, әсем новеллалар, даналық сынасу мәселелері туралы ертегілер мен әңгімелер, өмірдің алуан саласында кездесіп отыратын әр түрлі кемшіліктерді түйрей сынайтың, өткір сатиралы ертегілер, қысқа, көңілді де күлкілі анекдоттар бар.

Қазақтың тұрмыс-салт ертегілерінде формасы жағынан новеллаға жақын, қысқа да қызықты әңгімелерді еске түсіретін ертегілер көп кездеседі. Мұндағы баяндаудың барысы үнемі әділдік пен ақыл-ой иесінің жеңісіне бағытталып отырады, кей кезде ертегілер афоризммен түйінделеді. Новеллалық ертегілерде шығыс халықтарынан келген сюжеттер жиі ұшырайды. Олардың қаһармандары көп жағдайда қолөнерші, зергер, қала тұрғындары болып келеді, оқиғалар да сахарадағы ауылда емес, қалаларда, базарда, кейде хан сарайларында өтеді.

Тұрмыс-салт ертегілерінің ішінде авантюралық та ертегілер бар. Бұл ертегілерде басты назар қаһарманның басынан өткен қым-қиғаш уақиғаларына аударылады; идеялық айқындык сақталмайды. Олар моральдық түйін жасау және сюжетті қызғылықты етіп құрып, оқиғаларды үсті-үстіне түйдектеу арқылы тыңдаушысын әдеттен тыс құбылыстармен еліктіреді. Көлемі жағынан өте үлкен, ұзын сонар авантюралық ертегілер мол. Оларды халық повесі деп атаса да боларлық. Мұндай ертегілердің сюжеттері Үндістаннан Түркияға дейінгі Шығыс елдерінде кеңінен тараған ондаған мотивтерді қамтиды.

Тұрмыс-салт ертегілерінің ішінде сатиралық ертегілер ерекше орын алады. Олар қанаушылар мен арамтамақ құзғындарды әшкерелеп, әдеттегі ауыл өмірін бейнелейді. Қоғамдық дертті кекесінді де кесіп түсетін күлкі арқылы шепейді.

Сатиралық ертегілер -әлеуметтін мазмұны жағынан ширыға түскен, кемелденген сананың жемісі. Олардың басым көпшілігі кейінгі заманда феодалдық қоғамның кеселді дерттері барынша айқындалып, ескі қоғамдык құрылыстың сетіней бастаған дәуірінде дүниеге келген. Қазақ сатиралык ертегілерінің дамуы феодалдық-патриархалдық қоғамның ыдырай түскен кезеңімен байланысты.

Көптеген ертегілер халық арасына кең тараған адамдардың аттарына байланысты сюжетке құрылған. Олардың ішінде Жирепше шешен, Алдар Көсе, Қожанасыр т. б. туралы ертегілер бар.

Жиренше жайындағы ертегілерде сатира элементтері аз, сол себепті онда новеллалық сипат бар. Жиренше туралы ертегілердің бір бөлігі 15 т-дағы әз Жәнібек хан заманымен байланысты болып келеді. Олардын негізгі тақырыбы хан мен шешен арасындағы даналық сынасуы. Алдар Көсе айындағы ертегілер циклі әлеуметтік мазмұны жағынан әлдеқайда өткір. Бұл шығу тегі жағынан ерте кезде пайда болған кейбір сюжеттерді бойына сіңірген.

Тұрмыс-салт ертегілері мен анекдоттар төркіндес келеді. Оның ертегіден басты айырмашылығы - қысқа ғана аса елене бермейтін, қалт еткен бір құбылысты коркем тәсілдермен өрнектеп, маңызды қорытынды жасауы. Анеқдотқа енетін құбылыс қаһарманының өміріне айтарлық өзгеріс енгізбейді, тек оның кейбір саналық қасиеттерін аша түсу үшін иллюстрацпя ретінде қолданылады.

Фольклорлық анекдоттар әдетте қала өмірімен немесе белгілі бір жер атымен, әйтпесе Қожанасыр сияқты кейіпкерлермен байланысты болып келеді. Жалпы тұрмыс-салт ертегілерінің қаһармандары әлеуметтік түсінігін көре де, сезе де білетін және әлеуметтік жағдайы үшін күресе де алатын жандар болып келеді. Ертегіде әрбір кейіпкерге әлеуметтік сипаттама беріледі

Батырлар жыры. Ауыз әдебиетінің бағы заманнан ескірмей ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған күрделі де мол бір саласы - батырлар жыры. Бұл жырларды жыршы-жыраулар ғасырлар бойы қобызға немесе домбыраға косып, белгілі бір әнмен айтып, ауыздан-ауызға таратып келген. Қазақ батырлар жырындағы басты қаһарман елін сүйген батыр, ал оның басты мақсат-мұраты - халқын, Отанын басқыншы жаудан қорғау. Батырлар жырының көпшілігінде халықтың түбегейлі мұң-мүддесі көкселеді. Батырдың халыққа қамқоршы болу арманы, сол жолдағы іс-әрекеті жырлануы арқылы оның өз үй ішіне, өз руына деген сүйіспеншілігі де айқындалады. Батырлар жырларынан ерте замандағы баласы жоқ қарттың, бастаушысыжоқ елдің басқадан жәбір-жапа көретіні де танылады. Басқыншылардан корғайтын батыр жайлы жырлар елкиялында осындай зарығу, торығу тұсында туады. Мұндай батырды халық қартайған ата-ананың амандығы үшін, халықтың тәуелсіздігі үшін қажет деп біліп, оның көршілес рулармен де күш біріктіруін көздейді. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» сықылды қазақ батырлар жырларында қалмақ, моңғол басқыншыларының шабуылы баяндалып, қазақ батырларының сол күрестегі ерлігі жырланады. Олардың отаншылдығы мен адалдығы, уәдеге беріктігі зұлымдық пен  қиянатқа қарсы қойылады. Әрине, батырлар жырындағы оқиғалардың тарихпен жанасымы өзінше болады. Бір жыр бірнеше ғасырды аралап, жүздеген жыршы-жыраулардың аузынан өтетіндіктен, онда әр ғасырдағы тарихи фактілер араласа жүреді. Сөйтіп, батырлар жырында «әр дәуірден құралған кезеңнен» алынған батырдың жиынтық бейнесі тұлғаланады. Батырлар жырының бай идеялық мазмұнына сай сюжеті мен композициясы да өзгеше келеді. Бір оқиғадан екіншісі туып, кейіпкердің іс-әрекеті, қимылы жүйелі дамып отырады. Батырлар жырының өлеңдік құрылысы көбіне жеті, кейде сегіз және он буынды болып келеді. Жыр тармақтарындағы өлең өлшеміне қарай араласып, ауы сып та келе бөреді.

«Қобыланды батыр» дастанынан иллюстрация. Суретші Ә. Смағұлов. 1978 ж.

«Қамбар батыр» дастанына К. Барановтың салған иллюстрациясы. 1951.

Қазақ батырлар жыры жайында алғаш пікір айтып, зерттеу жүргізгеп ғалымдар - В. В. Радлов, И. Е. Березин, Г. Н. Потанин, Ш. Уәлиханов, Н. И. Ильминский, А. Е. Алекторов, Ә. А. Диваев. Олардың әрқайсысы әр кезеңде болса да, қазақ ауыз әдебиетінің соның ішінде батырлар жырының молдығын, өзіндік ерекшелігін атап көрсетті, көркемдік және мазмұндық сапаларына шолу жасады. Сонымен бірге олар ел аузынан эпос үлгілерін жинап хатқа түсіруде, жыр нұсқаларын бір-бірімен салыстырьш баспаға даярлауда, орысшаға аудартып, түсініктер жазуда көп еңбек етті. Қазақ эпостарының халықтық үлкен мәдени мұра екені хақыпда айтқан Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, бертініректе Сұлтанмахмұт Торайғыров пікірлерінің ғылыми бағасы зор.

Қазақ эпосын жан-жақты зерттеу, оны жариялау ісі совет дәуірінде кеңінен өріс алды. Эпикалық жырлар жөнінде арнайы мақалалар, ғылыми еңбектер жазылды, батырлар жырының таңдаулы үлгілері жеке кітап болып басылды. «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр» сияқты эпостық жырлардың белгілі бір жуйеге түсірілген ғылыми басылымдары жарық көрді. Орта мектептерге және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда, жекелеген ғылыми еңбектерде, «Қазақ әдебиеті тарихының» 6 кітаптық басылымында батырлық жырлар жеке талдауға алынып зерттелді. 1953 жылы Алматыда болған дискуссияда, 1956 жылы Ташкентте откен республика аралық конференцияда эпос мәселесі кеңінен сөз болды. Қазақ ғалымдары С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин т. б. зерттеулерінде, сондай-ақ А. С. Орлов, В. М. Жирмунский, Н. С. Смирнова, X. Т. Зарифов сияқты оқымыстылар еңбектерінде де қазақ эпосы жайында айтылған бағалы пайымдаулар аз емес.

Сөйтіп, қазақ халқының батырлар жырын зерттеу саласында елеулі жұмыстар жүргізілді. М. Ғабдуллин қазақ эпосының шығу төркіні 13 ғасырмен шектеліп қоймайтынын, одан арырақ кезеңнен басталатынын негіздеді. Бұл жөнінде М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев айтқан пікірлердің мәні ерекше. Мәселен, Ә. Марғұлан қазақтың эпосы өзінің қалыптасып даму тарихында 13 ғасырға дейін екі кезеңді (көне заман және 6-8 ғасырлар арасы) бастан кешіргенін және сол кездерде эпостық шығармалардың алғашқы үлгілері туғанын көрсетті. Ал М. Әуезов қазақ батырлар жырының ең көне үлгілері өте ерте заманда туғанын, Қ. Жұмалиев батырлар жырының әдепкі нұсқалары қазақ батырларының ертедегі ру бірлігін қорғау жолында жасаған ерліктерін жырлау кезінде пайда болғаның айтты.

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында батырлар жыры баспа арқылы және ауызша айтылуы арқылы қалың жұртшылыққа кеңінен белгілі бола бастады. Бұл кезеңдегі ақын, жыршылар елге ертеден белгілі жырларды айтып таратумен бірге жаңадан эпостық жырлар («Төрехан», «Құбығұл» т. б.) шығарды. Сонымен бірге сол кездегі батырлар жырына кітаби тілдің, шығыстық қиссалардың белгілі дәрежеде әсері тимей қалған жоқ.

Қазақ батырлар жыры нұсқаларының көпшілігіпде идеялық мазмұны, сюжет желісі, образдық бейнелеуі және көркемдік құралдары саласында ортақ элементтер болғанмен, бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Әйткенмен батырлар жырының барлығына тән нәрсе - халық тағдырын жырлау негізгі түйін болып табылады. Қайсыбір жырда болмасын, халық эпосы кейіпкерлерінің жан-күйінің суреттелуі, оның тағдырының бейнеленуі арқылы өзінің түсінік-сенімін білдіріп отырады. Қазіргі қазақ эпосы нұсқаларыпың көпшілігі кейінгі заманда шыққан. Бұл нұсқаларда қалың қауымның бертінгі ғасырлардағы өмірге көзқарасы, дүние танымы бейнеленген. Сонымен бірге батырлар жырында көне дәуірден елес беретін эпизодтар, мотивтер, сюжеттік орістер және кейіпкерлердің іс әрекетіндегі әр түрлі жайлар сақталған.

Ақын, жыршылардың творчестволық еңбегі, орындау ерекшеліктері мен қабілеті жырдың идеялық мазмұнынан, сюжет желісінен, образдарынан, формасынан айқын көрінеді. Эпосты орындаушы ақын, жыршылар эпикалық шығарманың халықтық негізін, дәстүрлік элементтерін сақтай отырып, жаңа ой, идеяларын қосып жырлайды.

Қазақтың батырлық жырын бұрынғы айтушылар мен кейіннен жалғастырушы ақын, жыршылардың нұсқаларында ислам дінінің әсері байқалады. Ғасырлар бойы халық ұғымында сақталып келе жатқан ғайып-ерен, қырық шілтен тәрізді образдар 19-20 ғасырларда жырланған эпос жырларында да кездеседі. Ислам дінінің халық санасына ықпал етуі нәтижесінде батырлар жырында діншілдік идеялар туа бастады. Сан ғасыр бойына айтылып, ауыздан ауызға таралып келе жатқан қазақ эпосына үстем таптың да әсері болды.

Сонымен қатар халық мұңын жырлаған ақындар 19-20 ғасырларда жаңа эпостық шығармалар тудырды, онда қалмақ және жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының азаттық, еркіндік жолындағы күресін жырға қосты. Бұған Жамбылдың «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр», Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» т. б. дастандарын мысалға келтіруге болады.

Совет дәуіріндегі батырлық жырды айтушы ақындардың творчествосындағы негізгі нәрсе - жаңа заман тақырыбын жырлау, жаңа адамдар бейнесін кескіндеу. Яғни олардың творчествосындағы эпикалық дәстүр қазіргі заман шындығын бейнелейтін поэмаларға («Ер Төлеген», «Лавадағы өмір» т. б.) жалғасты. Бұдан халық поэзиясының іргелі жанрының бірі - қазақтың ежелгі батырлық эпосы жаңа дәуірде реалистік жаңа сипат алып, дамып отырғанын көруге болады.

Ғашықтық жырлары (лиро-эпос) - қазақтың батырлар жыры үлгісімен салалас және соның негізінде пайда оһлып, қалыптасқан жанр. Халық арасына кең тараған ғашықтық жырлар үлгілеріне «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Қыз Жібек» жырлары жатады. Одан кейінірек дәуірде пайда болған («Айман - Шолпан», «Күлше қыз», «Мақпал қыз» т. б.) халық дастандары да ғашықтық жырлар тобына қосылады.

Казақтың ғашықтық жырларының біраз сюжеттері Қазақстан өңірімен бірге Алтай, Батыс Сібір, Башқұртстан, Татарстан, Кавказ, Қырым аймағына да кең тарап кеткен. Бұл ретте ең бірінші кезекте «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры баршаға мәлім. Сондай-ақ «Қыз Жібек» жыры өзбектер мен қарақалпақтар арасына кеңінен тараған.

Ғашықтық жырларының үлгілері алғаш рет 19 ғасырдың 1-жартысында қағаз бетіне түсіріле бастады. Оларды жазып алу, жарыққа шығару, зерттеу ісіне белсене қатысқандардың ішінде Ш. Уәлиханов, И. Березин, И. Ильминский, М. Ж. Көпеев, В. Радлов, Г. Потанин, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев т. б. еңбектері ерекше. Революциядан бұрынгы дәуірде жасаған ғалымдар ауызекі жолмен тараған нұсқалармен қатар қолжазба түрінде тараған жыр нұсқаларын да баспа бетіне шығарды. Мыс., «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры Қазанда 1878, 1890, 1894, 1899, 1909 жылдары, «Қыз Жібек» дастаны 1894,1895,1896, 1897, 1899, 1900 жылдары қайталап басылды. 19 ғасырдың 2-жартысы - 20 ғасырдың бас кезінде Қазан және басқа қалаларда қазақ арасында ауызша жолмен әрі қолжазба түрінде кең тараған «Бозжігіт», «Сейфілмәлік», «Таһир - Зуһра», «Жүсіп - Зылиха» сияқты түркі халықтарының бір азына ортақ халық дастандары жарық көрді. Бұл дастандар қазақтың ғашықтық жырларына әсер еткенімен, оның ұлттық сипатын өзгерте алған жоқ.

Қазақтың ғашықтық жырының биік шоқысы - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры. Бұл жырдың түрлі нұсқасы бар. Соның ішінде Абайға жақын болған семейлік ақын Уайыстан М. Әуезов жазып алып, 1936 жылы бастырып шығарған нұсқасы ерекше. Осы жырдың 1959 жылғы академиялық ғылыми басылымына алты нұсқаның текстері енгізілген. Қазір де жырдың жазылып алынған қырықтан астам нұсқасы бар (кейбіреулері - орыс тіліндегі аудармалар).

Жырдың оқиғасы Ормамбет ханның тұсында өтеді, яғни жыр Ноғайлы дәуірінің кезеңіне жатады. Дастанның бастапқы негізгі тақырыбы - қаһарманның құда түсіп үйленуі. Бұл -өте көне тақырыптардың бірі. Зерттеушілердің (М. Әуезов, Л. Потапов т. б.) пікірі бойынша, «Қозы Көрпеш - Баян сулу» жырының алғашқы нұскасы Қыпшақ рулары Ертіс даласын жайлаған кезеңде пайда болған.

Қозы мен Баян оқиғасы ру аралық қарым-қатыпастар жағдайында көрсетіледі. Құдалық салт бойынша бір-бірімен қосылуға ұмтылған екі жастың махаббат жолындағы ізгі талабы олардың өз еркімен бақытты семья құруына бағытталған күреске ұласады. Қатігез қарау Қарабай бұлардың қосылуына қарсы күштердің символына айналады. Ол махаббатына адал Баянды қалың мал үшін қалмақтан шыққан қара күш иесі көп-кеуде Қодарға беруге ықыласты болады.

«Қыз Жібек» кітабының сыртқы мұқабасы. 1975 ж.

 

М. Әуезов т. б. ғалымдар Қозы мен Баянды Ромео және Джульеттамен. Таһир және Зуһрамен теңестіреді. Бұл теңестірудің жөні бар. Өйткені аталған жастардың трагедиялық асыл сезімдері, махаббаттары сол бейнелерге ұқсас суреттеледі. Барлығы да армандарына жете алмай, ғашықтык жолында құрбан болады. Қозынын өлгенін естіп, Баян өмірмен біржола қоштасады. Кейбір нұсқаларда, керісінше, олар мақсаттарына жетіп қосылады да, өзара араз руларды табыстырып біріктіреді.

Дастанның көп нұсқасында Қозы мен Баянның махаббаты кіршіксіз таза әрі асыл қалпында бейнеленеді. Өлгеннен соң да олар бір-бірінен ажырамайды, қабірлерінің үстіне өскен гүлдер сипатынан ынтызар екі жастың мәңгілік жарастығы көрінеді.

Қозы мен Баян бейнелері қазак халқының ұлттық мінезінің ең асыл жақтарын қамтиды. Олар халықтың жігіт және қыз идеалы туралы түсініктеріне сай келеді. Қозы - ер жүрек, бір беткей, сөзіне берік, кең пейіл, алған бетінен қайтпайтын қайратты жігіт. Мінезі жағынан ол батырларға жақын. Баян - ақылды әрі нәзік, сұлу, намысты, уәдесіне берік, махаббаты үшін күреске түсуден тайынбайтын асыл жар. Ғашықтык жырларынан кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен тұрмыс жағдаяттары ғана емес, олардың ішкі дүниесі, ой- сезімдері айқын танылады. Кейіпкерлердің монологтары мен репликаларында, әсіресе диалогтарында әр түрлі ой-сезімдерінің ішкі тартыстары бой көрсетіп отырады. Адамнын ішкі дүниесін суреттеу нақтылығы мен тереңдігі жағынан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры - өзге қазақ ғашықтық жырларына қарағанда ерекше оқшау тұрған шығарма.

Қазақ ғашықтық жырларының тамаша үлгісі - сүйгенінен айырылған, бірак өз елінің жауының зорлығына көнбеген жардың трагедиясын баяндайтын «Қыз Жібек» жыры. Жібектің сүйген жігіті Төлеген сұлуға ғашық боп журген бақталасының колынан қаза табады. Қалмақ ханы Қорен зорлықпен Жібекті алмақшыболып отырған жерде Төлегеннің інісі Сансызбай қалмақтың қолын талқандап, Қоренді өлтіреді де, Жібектің елін қалмақтың бұғауынан босатады. Сансызбайдың ерлігіне сүйсінген Жібек халықтың әмеңгерлік салты бойынша Сансызбайға тұрмысқа шығып, өлген жары Төлеген мен оның елі алдындағы борышын өтейді.

Бір сюжеттік және тақырыптық түйінде ел бірлігі, ел алдындағы борыш, ел бостандығы үшін күрес тақырыптары сүйгенінен айрылған сұлудың күйініш, қайғы сезімдерімен бірлік табады. Осы сюжеттік және тақырыптық түйін жырдың жанрлық түрі жағынан бір-біріне ұқсамайтын екі бөлімін тұтастырады. Бірінші бөлім - тұрмыс-салт жырларына жатады. Мұнда құда түсу, көш, бірін-бірі сүйген екі жас арасындағы оқиғалар жайы баяндалады. Ғашықтық сезімінің шешек атуы мен гүлденуі, сұлудың сыртқы сипаты, көш суреті сияқты тұрмыстық сарындар көп орын алады. Бұл сарындар әсіресе Жүсіпбек Шайхысламұлы нұсқасында (1900) мол кездеседі. Жырдың екінші бөлімі батырлық жыр үлгісінде баяндалады. Мұнда қару-жарақтың, батырдың сипаттамасы, соғыс, жекпе-жек суреттері мол орын алады. Сансызбай бейнесіне Алпамыс, Қобыланды сияқты батырлардың сипаты тән. Бұл ер жүрек, елі ушін жанын қиюға дайын тұратын батыр, оның бейнесі соғыс, жекпе-жектеп суреттері арқылы ашылады. Бұл - идеалдық бейне.

Жібектің идеалдық бейнесінде де күрескерлік сипаттарына көңіл бөлінеді. Ол - батыл, ақылды, қайратты қыз. Мұның бейнесі даму, өзгеру үстінде ашылады. Әуелде Жібек тәкаппар, өз сұлулығына мастанған жас қыз болып көрінсе, Төлегенмен кездескен соң ғашыктық сезіміне мейлінше берілген бакытты ару сипатында суреттеледі. Жырдың екінші бөлімінде Жібек - өмірдің қайғы-қасіретін көрген, өз бас бостандығы үшін күресуден тайсалмайтын және бұл күресте жеңіп шыққан, әо нәрсенің мән-жайын терең түсіне білетін әйел.

Қорыта айтқанда, қазақ ауыз әдебиетінің ғашықтық жырлары сюжеттерінің өзгешелігі мен кейіпкер бейнелерінің ерекшелігі және поэтикалық жүйесінің көркемдігі жағынан сан-салалы әрі күрделі жанр болып саналады.

Тарихи жырлар - ауыз әдебиетінің бір саласы, өзіндік идеялық-көркемдік ерекшелігі бар жанр. Тарихи жырлар негізіне өмірде анық болған әлеуметтік, саяси оқиғалар алынады. Зерттеушілер тарихи жырдың бейнелейтін объектісі тарихи оқиғалар деп есептейді. Тарихи жырлар - жалпы өмірде бола беретін окиғалардың емес, нақтылы біркезеңдегі әлеуметтік-тарихи тартыстардың елесі. Бұл жанрдың туындыларын тексеру үшін тарихи жырдың қалай туғанын, оның қандай нақтылы жағдайда, ортада дүниеге келгенін, бұл процестің нендей формада жасалғанын есте тұту керек. Атап өтерлік тағы бір мәселе - тарихи жырлардың түрлі творчестволық ағымдардың ырқына көне бермейтіндігі, көп өзгеріске ұшырамайтындығы.

Тарихи жырлардың сипаттарын тану үшін бірсыпыра белгілерді ескермей болмайды. Олар: жырдың фольклор дәстүрінде жасалуы; түлғалардың өзара байланысы халықтық-поэтикалық жүйеге сәйкес келуі, оқиғаларды баяндау, тарихи адамдарды бағалау белгілі дәрежеде халықтық дәстүр арнасына құйылуы; композициялық тәсілдер мен көркемдік суреттеу құралдарының, ұқсас, тұрақты қайталаулардың жырдың контексіне кірігуі; шығарманың лексикасы фольклор туындыларының сөздік құрамына қайшы келмеуі; ауыз әдебиетінің заңдылығына сәйкес синтаксистік құрылымдардың болуы, өлең құрылысы жазба әдебиетке емес, эпикалық жыр өлшеміне ұқсас келуі т. б. Сонымен қатар бұл жанрда шындық пен қиялдың қосылуында ерекшеліктер болатынын, кейде оқиғалардың хронологиялық ізі сақталмайтынын, оқиғаларды халықтың өзінше тусінетіндігін, ал халықтың тарихи санасы шытырман, қайшылықты болып отыратындығын, болмысты эстетикалық қабылдаудың өзгешелігін, тарихи жырда қаһармандардың бейнесі нақтылана түсетіндігін есте тұту шарт. Тарихи жырлардың жасаушысы - белгілі оқиғалардың әрі куәгері, әрі қатысушысы болып табылатын халықтың өзі.

Қазақтың тарихи жырлары 18 ғасырдан бергі жердегі оқиғалардың сарының сездіреді. Одан бұрыңғы замандарға тән тарихи өлең жиналып зерттелмеген. Бұл жанрдың белгілерін танытатын алғашқы жыр - 1723 жылғы жоңғарлардың шабуылына байланысты туған «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын өлең. Мұнда бүкіл халықтың басына түскен ауыртпалық пен азаптың зіл салмағы аңғарылады. Өлеңде қайғылы оқиғаның болған өлкесі, елдің кенеттен тиген соққыдан есеңгіреп қалғаны, түпсіз қасіретке душар болғаны әсерлі де анық айтылады. Бұл жыр коштасу өлеңі формасында берілген. 18 ғасырға қатысты тарихи жыр мен аныздың біразы Сырым Датұлының 1783-1797 жылдарда Нұралы ханға қарсы көтерілісі туралы. Бұл олеңдерде Сырым батыр бүкіл қазақ халқының мүддесін қорғаушы ретінде сипатталады. Атап көрсететін жайт - Сырым мұндай жырларда эпос батырынан гөрі бұқараның жоқшысы ретінде көрінеді.

Тарихи жыр жанры 19 ғасырда қалыптасты. Бірақ тақырыптық жағынан ұқсас жырлардың өзі кейде түрлі жанрдың сипатын танытады. Белгілі каһарман туралы шығарма бірде арнау өлең, бірде эпос улгісінде берілетіні болады. Таза тарихи жырлық өрнектер Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінде кездеседі. Бұл өлеңдерде 19 ғасырдың 1-жартысында Батыс Қазақстанда өріс алған шаруалар көтерілісінің көркем шежіресі жасалған. Махамбет өлеңдерінде көтеріліске деген халық қатынасы мен көзқарасы айқын сездірілген. Сондықтан да бұл жырлар халық жадында жатталып қалған.

Көтерілістің барысында және ізінше туған өлеңдерден сол бір кезеңнің лебі еседі, Махамбеттің арман, үміт, толғаныстары, куреске шақырулары, өкініштері, намысты, жігерлі күрескер лебіздері шындықты көзге елестетеді. Бұл жырларды екі кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі - көтеріліс кезіндегі, екіншісі - Исатайдың өлімі мен қозғалыстың жеңіліске ұшырауы туғызған мұңды өлеңдер. Мұның қай-қайсысында да өмір оқиғалары мейлінше нақтылы бейнеленеді. Мәселен, «Соғыс» атты өлеңде хан әскерімен қанды шайқастың нақтылы суреті бар. Өкінішке толы «Мінкен ер», «Нарын», «Қайда бар», «Аймақ көл», жоқтау үлгісіндегі «Тарланым», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай» халықтың сол кездегі көңіл күйін мейлінше анық жеткізеді. Сол сияқты «Ұлы арман», «Күн қайда», «Ереуіл атқа ер салмай», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Шегініс», «Біз неткен ер», «Алғай», «Нарында», «Арғымаққа оқ тиді», «Қызғыш құс», «Жалғыздық», «Әй, Махамбет, жолдасым», «Мінгені Исатайдың ақтабан-ай», «Мен құстан туған құмаймын» секілді өлеңдерде бұқаралық көтерілістің түрлі кезеңі жан-жақты баяндалады. Ал «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» тарихи оқиғаның мән-жайын ерекше дәлдікпен бейнелейтін документке барабар. Сонымен тарихи жыр жанрына тән нақтылық, құбылысқа халықтың бағасы, оның үміт-арманы, өкініші мен сарсаңы Махамбет өлеңдерінде толық танылады. Сондықтан да оларды қазақ тарихи жырының биік нұсқалары қатарында қарау қажет. Жарылғасұлы Шернияз ақынның да кейбір өлеңдері Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің ел жадында қаншалық ұялағанын дәлелдейді. Кенесары-Наурызбай шапқыншылығына халықтың берген қайшылықты бағасы мен түсінігін Нысанбай ақынның кейбір жырларынан анық аңғаруға болады.

Қазақтың 19 ғасырдағы тарихи жырларының енді бір тобы Жанқожа, Бекет есімдеріне байланысты. Жанқожа туралы өлөңдердің кейбіреулері дәлдігі, анықтығы және сол дәуірде туғандығы оларға тарихилық сипат дарытады. Сыр бойы қазақтарының өткен ғасырдың 50-60 жылдарында Қоқан жаулаушыларына қарсы күресінің акиқат бейнесін бұл өлеңдерден көруге болады. Жанқожаның ел намысы үшін он жеті жасында атқа мінуі, оның жауға өштесуініц нақтылы себептері, күрестің ауыр, аумалы-төкпелі жағдайы, оған катысушылардың мінездемесі - барлығы да оқиғаға катысушының немесе сол кезеңді зайыр білетін, сезетін, бұқараның үміт аңсарын жете түсінетін жанның сөзіндей естіледі. Өлеңдердің сөздік құрамы да, ауыз әдебиетінің дәстүрінде туғандығы да мұны дәлелдей түседі.

19 ғасырдағы тарихи жырдың жанрлық бітімінде кейде дәл тарихи өлеңнің, енді бірде қаһармандық эпостың, тағы бірде тұрмыстық-салт жырларының (қоштасу, көңіл айту, естірту, жоқтау, жұбату) белгілері молырақ ұшырап отырады.

Тарихи оқиғаның желісіне құрылған өлеңдердің нұсқаларын «Бекет батыр», «Ерназар - Бекет» секілді жырлардан да ұшыратуға болады. Мұнда тарихта өмір кешкеп Бекет Серкебаевтың басындагы оқиға әңгімеленеді. Бекеттің Арыстан ханды өлтіруі, бұрын досы болып жүрген Шернияздың алдауымен қолға түсіп қалуы негізінен қоспасыз шындықтар екені даусыз. Қаһарманның ханға қарсы аяусыз күреске шыққандығы, батылдығы, оның аузымен айтылатын өлеңдерден білінеді. Бұл арада шығарманың таптық сипаты ашық, әлеуметтік мәні күшті. Ал Бекеттің Сібірдегі айдаудан әйелінің көмегімен қашуын бейнелейтін сюжетте әлеуметтік-тұрмыстық эпостың, балладаның, әдет-ғұрып, салт өлеңдерінің элементін біріктіретін синкреттілік басым. Бекет батыр эпикалық ерлер секілді емес, қарапайым адам санатында суреттелуі ол туралы өлеңдерде тарихи жырдың қасиеті түгел қамтылғанын дәлелдейді.

Қазақтың 20 ғасырдағы тарихи жырларының үлкен шоғыры 1916 жылғы Россия патшасының қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу жарлығына байланысты туған. Бұл дәуірдегі жырлар тарихи жырдың жаңа белесін белгілейді. Тарихи жырдың жалғасы 1941-1945 жылдардагы Ұлы Отан соғысы кезінде жарық көрді. Майданға жауынгерді аттандырып салудағы қоштасулар, ұрыс далаларынан елге жазылған сәлем хаттар ұлы оқиға жылдарының көп сырларын ұқтырады.

Бұл айтылғандар қазақтың тарихи жыры өзінің дамуында ұзақ жол кешкенін көрсетеді. Бұлардан 18-20 ғасырлардағы үлкен, іргелі оқиғалардың әрі нақты, әрі көркем сыры ұғылады. Тарихи жырлар көбінше ел азаттығы үшін көтерілістер мен қозғалыстарға қатысты туғаны, бұлардың белгілі бір тақырып айналасына немесе каһарманның атына жанасты шоғырланып жасалғаны байқалады. Сонымен қатар ол жырларда фольклордың өзге жанрларының түрлері кеңінен меңгерілген.

Тарихи жырлармен тақырыбы, оқиғасы, дәуірі, қаһармандары ұқсас, ол бірақ құрылымы бөлек шығармалар өз алдына бір төбе. Бұл кезге дейін кейде тарихи жыр, кейде тарихи эпос ретінде аталып келген «Телатыс», «Қара Керей Қабанбай», «Бөгенбай», «Шақшақ Жәнібек батыр», «Олжабай батыр», «Арқалық батыр», «Досан батыр», «Жанқожа», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» т. б. көлемді туындылар нақтылы қаһарманын, оқиғаны эпикалық әсірелеу үлгісіне салып айтудың дәстүрін білдіреді. Оқиғалардың, адамдардың, мекен-жердің, ғасырдың дәл аталатыны, құбылыстарды түсіну мен бағалаудағы нақтылық бұларды классикалық қаһармандық эпостан бөлектеп тұрады. Сонымен қатар бұл жырларда эпикалық идеяландырудың да бірталай сипаты сақталған, осындай нышандарына қарап бұл топтағы шығармаларды кейде кенже эпос деп те атайды. Көлемі қомақты, көркемдігі көңіл бөлерлік бұл тарихи дастандар халқымыздың өткен өмірінің күреске, азаттық, бақыт үшін арпалысқа толы бел-белесінің мол шындығын, терең сырын толығырақ түсінуге көмектеседі.

Айтыстар - халық ауыз әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі мейлінше мол күрделі жанрдың бірі. «Айтыс» қазақтың тол сөзі, ежелден айтысу, сөз жарысы, пікір таласы деген ұғымда қолданылып келген. Біздегі айтыс шешендік қара сөзбен де, өзара күй тартысу арқылы да, қолма-қол суырып салып айтылған өлеңмен де болуы мүмкін. Мұның қай түрін алсақ та, аса үлкен тапқырлық пен алғырлықты, қиыннаи қиыстыратын хас шеберлікті талап етеді.

Ақындар айтысының бәрі дерлік жұрт бас қосқан ойын-сауық, үлкен жиын, ас-тойларда қолма-қол суырып салып айтылады. Мұның әділ төрешісі де халық. Екі ұдай болып бөлінген жұрт өз елінің ақынына іш тартып, соның қалайда жеңіп шығуын тілейді. Алайда өнер сайысына түскен ақындардың тауып айткан ұтқыр да уәжді аталы сөзін мойындамауға, яки билікті біріне бұрып айтуға ешбір жол жоқ. Сондықтантөрелік айтушылар да, айтысқа түскен ақындар да «сөз тапқанға колқа жоқ», «аталы сөзге арсыз жауап кайырады» дейтін әділ де көне принципті берік ұстанып келген. Осыған орай жүлделі ірі айтыстарға топтан озып, сыналған кәнігі жүйрік, тәжірибелі ақындар ғана қатысатын болған. Қалың дүйім жұрт алдында үлкен міндет, ауыр жүк арқалаған ақындар жекпе-жек майданға шыққан хас батырларша бірін-бірі сөз найзасымен аямай түйреп, сан қилы әдіс-айламен шарқ ұрып, нысаналы жеңіске жетудің жолдарын іздестіреді. Ретін тауып қарсылас ақыннын ең бір әлсіз, ұрымтал жеріне тиіп, бұлтартпай бас игізуді көздейді. Соз жоқ, бұл жайт айтысушы екі ақынның да суырып салмалық дарынымен қатар өз заманының тоқығаны мол, білімді, зерделі адамдары болуын талап етеді. Мұның үстіне айтыс қазақ тұрмысында ежелден ақынның атын әйгілеп, даңқын шығаратын өнер мектебі саналғап. Сол себепті ақындар болашақ айтыстың кіммен, қай тақырыпта боларын күні бұрын білмесе де, ел өміріндегі елеулі оқиғалардын бәрін тізіп, бұған алдын ала іштей рухани дайындалып жүреді. Қазақ даласында аты мәлім Жанақ, Түбек, Сабырбай, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Құлыншақ, Әсет, Ырысжан, Ұлбике, Күдері, Мұсабек, Манат, Ақсұлу, Кеншімбай, Сара, Біржан, Майкөт, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді майталман жүйріктер оз дәуірінің білікті адамдары болғаны анық. Бұлар тудырған саф алтындай мазмұнды да айшықты көркем айтыстардың күні бүгінге дейін ұмытылмай, халық жадында сақталып келуі де сондықтан.

Ақындар айтысы екі жүйрік ақынның кездейсоқ кездесуімен де, яки бір елде аты шыққан екінші біреудің арнайы іздеп келіп қағысуымен де, тіпті әйгілі екі ақынды дүйім жұрттың әдейі табыстыруымен де өтуі мүмкін.

Шаршы топта өнер жарысына түскен екі ақын да ерекше шеберлік көрсетуге тиісті. Туйдек-түйдегімен ағытылған сөз нөсері неғұрлым нысанаға доп тиетіндей әсерлі, жүйелі де уәжді болса, ақын солғұрлым жүлделі жеңіс сәтіне жақындай түспек. Бұлтаруға ырық бермейтін ащы шындық, ұтымды дәлел, аталы сөз ғана қарсыласының жеңілгенің ашық мойындауға мәжбүр етпек. Қазақ ақындарының дәстүрінде қашпалық қиын әрі өкінішті болса да, өзінің сөзден тосылып жеңілгенін мойындау қашан да ар саналмаған. Қайта сол жеңілген ақын кай ақыннан қалай тоқтағанын ел арасына өзі жайып айтып жүретін болған.

Рас. диялог үлгісінде келетінөлеңнің бәрі бірдей айтыс емес. Тіпті айтыспен аты шыққан кейбір атақты ақындардың әр кезде айтылып, бір-екі ауыз өлеңмен шегерілетін уытты диалогтарын да шын мәніндегі айтысқа қосуға болмайды. Бұларды бір ақын мен екінші ақынның әлдекалай кездесіп калғанда сөз найзасымеп түйресіп, бір-бірінің шама-шарқын байқауын, ырғасып-қағысуы деген жөн. Мұнда «жеңу, жеңілұ» мұрат емес, әзіл-шыны аралас өткір сөзбенкарсыласының қапысын тауып, мүдіртіп тастау мақсаты көзделеді (Орынбай мен Сақау, Аю мен Ұста ақындардың сөз жарысы т. б.). Іргелі ақындар айтысы - өмірлік мәні бар ірі оқиғаларды тартыс арқауы ете отырып, соны жеңіске жету мүддесіне орай тілге тиек етіп, тиімді пайдаланатын бас-аяғы тұтас, белгілі бір көркемдік деңгейде жасалған кең тынысты туынды. Мұндай кесек көркем айтыстардың бәрінің дерлік (Сабырбай мен Тойбала, Кеншімбай мен Ақсұлу, Ажар мен Уахит, Ақтамберді мен Көкей қыз, Біржан мен Сара, Құлмамбет пен Жамбыл айтыстары т. б.) көбінесе рушылдық сипат алып отыратыны байқалады. Бұл тұста ақынның белгілі бір ру атынан сөйлеп, қарсыласының шыққан руы мен ол мақтаған ру басшыларып бас көтертпей сынап, оған унемі өз руының беделді адамдарын қарсы қоюы да айтыстың дәстүрлі желісін құрап келгенін танытады. Осы ерекшелік айтыстың рушылдық-патриархалдық дәуірде айрықша кең қанат жайып, өзінің шырқау шыңына жеткенін аңғартумен қатар, оның негізгі жанрлық табиғатын да белгілеп береді.

Шаршы топта қолма-қол шығарылып айтылған айтыстың кейінірек екінші бір жаңа кезеңі туады. Табиғи дарын қабілеті әр түрлі екі ақынның бір-біріне қарама-қарсы айыпмін тұрғысында айтылған айтыс өлеңдері енді өзара жымдасып, жеке пара бөлуге келмейтін бас-аяғы тұтас бір шығармаға айналады. Мазмұн-сипаты бір-біріне қарама-қайшы құрылған сол айтыс текстерін жымдастырып, жүйелі тұтас дүние етіп құрастыруда ішкі логикалық байланыстың мәні ерекше зор. Айтыста ақындарға тақырып таңдау еркіндігі берілгенмен, онда бет алды, мақсатсыз айтылған пікір таласының орын алуы мұмкін емес. Әрбір жеке сөз, сара,ой үнемі жүйелі бір мәселенің төңірегінен табылып, әріде жатқан түпкі нысанаға қызмет етіп тұруы тиіс. Қарсылас екі ақын да осы міндетті ұстанғандықтан, сол айтыс үстінде өзектесе, жарыса туған егіз жырлар артынша өз алдына жеке өмір сүре алмайтын тұтас туындыға айналады да, сол күйінше ел арасына кеңінең таралып отырады.

Айтыстың, ауызекі яки жазба күйінше таралу жолдары сан алуан. Мұны ең әуелі елге жайып тарату міндеті негізінен сол айтысушы әріптес ақындардың үлесіне тиген. Айтыстан кейінгі әр түрлі бас қосу, үлкен жиындарда қаумалаған көптің қолқалауымен осы екі акынның қайсысы болса да әр кез қайта жаңғыртып жырлап отырған. Мұнда айтыс өлеңдері ұнемі жолма-жол, өзгеріссіз қайталанады деу қиын, ауыз әдебиетіндік өзге үлгілер секілді қайсы бір өзгеріс-ауыткулардың болуы заңды, әйтсе де кейінгі орындаушы ақын сол айтыстағы түйінді-түйінді ой өзегін, көшелі сөз жүйесін мүмкіндігінше толық сақтауға міндетті. Уақыт өтіп, айтыс мерзімі ұзаған сайын, оның дәуір талабына сай өзгеріп, жаңарып отыруында дау жоқ. Бұл орайда айтысты кезінде жаттап алып, буыннан-буынға жалғастыратын ақындар мен жыршылардың елеулі қызмет атқаратыны мәлім. Айтысты алғаш рет айтып таратушы авторлардың өзінен бастап кейінгі орындаушыларға дейін сол айтыстың қайда, қалай туғанын, оның сыр-сипатын ашатын кейбір қажетті түсінік-кіріспелер де қосып отыратын болған. Бұл кызу тартыспен өткен айтыстың мәні мен тыңдаушының ықылас-ынтасын арттыру үшін қолданылады. Айталық, бірде Шөжемен айтысқан атақты Кемпірбай өзінің одан қалай жеңілгенін әңгімелеумен катар. «Жаныс Сәтбайдың асына кісі жетегімен келген Шөже деген пәле дауға ойда жоқта тап болғанын да» қоса баяндаса, ал Ақсулумен айтысқан Кеншімбай да, Мәйко қызбен айтысқан Жарылқасын, Ақтанберді. Бақтыбай да өз айтыстарының қай жағдайда, қалай басталып, немен шешініп тынғанын келелі жырға айналдырған. Мұндай кіріспе баяндаулар кейінірек, айтыстың бас-аяғын жинақтап,      белгілі сюжетке құрылған шығарма ретінде қайта тууға жол салған. Осы ерекшелік көбіне көп айтыстың алғы шарттарын да белгілейтін болған. Мәселен, Ақсұлумен айтысқан Кеншімбай қыздың акындығы мен тапқырлығынан, сымбат көркінен мін таба алмай, сол қызбен талай рет айтысып жеңе алмаған бір ауыл жігітіпен Ақсұлудың айттырған күйеуінің теңі емес екенін біліп, сол арқылы қапысын тауып жеңіп кеткенін де жасырмай жыр етеді. Осы сипат кейінгі орындаушылардың айтуында азды-көпті өңдеулерге ұшырап, кей тұстары қысқарып, кей жерлері кеңейіп шыңдала туспек. Бул Бақтыбай мен Мәйке. Түбек пен Қарқабат, Мансур мен Дәме, Әсет пен Ырысжан, Біржан мен Сара айтыстарынан да мол байқалады. Мұны жалпы қазақ айтыстарының жанрлық сипатын белгілейтіп басты бір ерекшелігі деп атап көрсеткеп дұрыс.

Қазақ ақындарында жазып айтысу дәстүрі де елеулі орын алып келген. Бұл, әсіресе, Шығыстың классикалық әдебиетінен нәр алған сауатты, білімдар ақындар творчествосынан мол көрінді. Бұлар өз айтыстарында дін-шариғат мәселелерімен қатар,         әйгілі «Мың бір түн», «Калила мен Димна», «Шаһнама» тәрізді көркем туынлылардан аңыз-мысалдар келтіре отыруды да орынды санаған. Сондықтан бұлардың көбі адам өміріндегі түйінді мәселелерді философиялық оймен жырлайтын мысал яки жұмбақ түрінде келеді.

Жазып айтысу дәстүрі әдебиетімізде 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде аса бір мол серпінмен дамыған. Бұл тұста екі ақынның хатпен жазысып айтысу салтына (Молла Мұса мен Манат қыз айтысы т. б.) қоса, енді көптеген ақындардың бір күрделі тақырып төңірегінде топтасып айтысу дәстұрі кең орын тебеді. Бұған Сыр бойында етек алған сан салалы ақындар айтысы айқын дәлел (үш ақын қатысқан: Кете Жүсіп – Жұбанияз – Құлпыназар айтысы және Қарасақад, Ерімбет пен Шораяқтың Омарының жұмбақ айтысы, Алты ақынның өмір туралы айтысы, тоғыз ақын қатысқан Жүсіп пен Кете Жүсіп, Ырысты мен он алты ақын айтыстары т. б.).

Акындар айтысының алғашқы бұлақ-бастауы сонау тұрмыс-салт жырларынан, яғни халық поэзиясының шағын түрлерінен басталады. Екі жақ болып хормен орындалатын үйлену салт өлеңдері («Жар-жар») мен ескі наным-ұғымдарға байланысты туған дәстүрлі жырлар («Бәдік») немесе Наурыз мерекесіне сәйкес бата-тілек үлгісіндегі кезектесіп айтылатын өлең-жырлар, сөз жоқ, айтыс жанрының бастапқы негізін құраған. Әйтсе де бұл жырлар ақындар айтысындағыдай суырып салма сөз жарысы, өнер таласы емес, тек дәстүрлі салт- әдетті, көне наным-тілектерді орындау мақсатында туған.

Екі жарылып топ-топ болып айтысу салты келе-келе қыз бен жігіттің ойын-тойда, тұрлі сауық кештерінде бетпе-бет әзіл қағыса, зілсіз қайымдасуына жол салған. Сөйтіп бұл дәстүр жастардың өз мүмкіндігіне орай жанынан өлең шығарып айтуына да, әзіл-оспақпен бір-біріне тиісе айтуыына да жағдай жасайды. Әйткенмен айтушылардың шама-шарқына қарай бұлардың мазмұн дәрежесі мен өткірлік сипаты әр түрлі. Осы орайда әлеуметтік мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан алғанда, өзге қайымдасулардан шоқтығы биік елеулі туынды деп Омарқұл мен Тәбия айтысын бөліп атауға болады.

Айтыс өнері суырып салма дәстүрімен егіз, шарттас, сабақтас. Айтысты жасаушылардың бәрі ақындар поэзиясының ірі өкілдері, бұлар жасаған айтыс үлгілері ел кәдесіне жарап тарих көшімен ілесіп, бізге келіп жетті. Қазіргі ақындар айтысында социалистік өмір шындығы бейнеленді. Халықпен бірге жасай беретін бұл асыл үлгілер - ел өмірінің айқын куәсі, көркем шежіресі.

Мақал-мәтелдер - қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі жанрларының бірі. Мазмұны халықтың тұрмысын, кәсібін, салтын, санасын бейнелейді, табиғат, қоғам, адам жайындағы ұғымдарың сенімдерін түйіндеп көрсетеді. Дидактикалық шағын жанрлардың аз сөзбен көп мағына беретін ең қысқа және көркем түрі.

Маңал мен мәтел өзара ұқсас, тектес болғанмен әрқайсысының бір-бірімен айырмасы, өзіндік ерекшелігі бар. Екеуінің де құрылыстары тұрақты. Мақал толық аяқталған ойды білдіреді, дербес тұжырымды ұғым береді. Мәтелде сөйлем аяқталмай тұрады, ондағы сөздер баска сойлемдермен қосылғанда ғана айтылмыш ойды анықтайды, толықтырады.

Қазақ мақал-мәтелдерінің такырыптары: аңшылық, малшылық, диқаншылық, қолөнері т. б. Сонымен қатар ол - балаларды, жастарды жақсы мінез-құлыққа, әдептілікке, адамгершілікке мегзейтін, еңбекке, өнерге, білімге баулитын тәрбие құралы, халық өсиеті. Өсиетте ерлік, адамгершілік, елін, жерін сүю мәселелері ерекше орын алады. Қазақ мақал-мәтелдері қоғамдық және тұрмыстық қарым-қатынастарды белгілейтін, дау-жанжалдарды шешетін ереже, заң функцияларын да атқарған.

Мақал-мәтелдер құрылысына қарай қара сөзді, өлең сөзді болып келеді. Қазақ мақал-мәтелдерінің көбі - өлең сөзді. Ғасырлар бойы қайталанып, сыналып, халық жадына берік ұялаған үлгілі сөздер сөйлеп, жазып отырғанда тез ойға түседі, тілге оралады, ой мен сөзді айқындайды, ажарлайды. Халық тұрмысының, санасының көрсеткіші болып табылатын мақал-мәтелдер қоғамның экономикалық дамуымен бірге дәйім өзгеріп, жаңғырып, молайып тұрады, біреулері ескіріп қолданудан шықса, жаңа заманға сәйкес жаңа мақал- мәтелдер де туындап жатады (мыс., «Еңбегі бардың өнбегі бар», «Отаның үшін отқа түс, күймейсің» т. б.).

Жұмбақтар - ауыз әдебиеті шағын жанрларының бір түрі. Атынан-ақ аңғарылатындай, түбірі жұму (жасыру) деген сөзден шыққан; кейбір тілі ұқсас туысқан халықтар (қырғыз, өзбек т. б.) табыспақ деп атайды. Жұмбақта табиғаттың, жанды-жансыз заттардың (ішінара абстракт ұғымдардың) аттары жасырынып, даралық белгілері, ерекше қасиеттері сипатталады, мінезделеді. Жұмбақтап оны жасаушы халықтың дүние танымы, әдеби-эстетикалық талғамы, материалистік көзқарасы, қоғамдық сапа-сезімінің, ақыл-ойы мен тілінің өсу-даму дәрежесі көрінеді. Қазақ жұмбақтары жай жұмбақ, айтыс жұмбақ деп бөлінеді. Жай жұмбақ - белгілі бір зат туралы айтылатын поэтикалық анықтама, бір ауыз сөз (олең), халық шығармасы. Айтыс жұмбақтарда жай-заттық жұмбақтар үлгісінде жасалады, оған ақындардың мазмұны күрделілеу, құрылысы көлемділеу жұмбақ айтыстары (Әсет пен Ырысжан, Сапарғали мен Нұржан айтыстары т. б.) жатады.

Жұмбақтардың құрылысы мақал-мәтелдерге, нақыл мен шешендік сөздерге жақын, бірақ мақсаты мен қызметі басқаша, объектісі деректі, нақтылы («Сөйлесе сөзді, айтса ауызды, тынысы басқа, маңдайы қасқа» - тотықұс) заттар. Жұмбақтар - негізінде балалар әдебиеті. Әдетте, балалар үлкендердің басшылығымен жұмбақ айтысады. Бір жағы айтады, екінші жағы шешеді, шеше алмаса ойдан жұмбақ айтады. Жұмбақтар - жай сөз емес, тапқырлықпен айтылған көркем сөз, өлең. Демек, жұмбақ ең алдымен балаларды, жастарды аңғарымпаздыққа, зеректікке, бақылағыштыққа баулиды, олардың ақыл-есін, сана-сезімін жетілдіреді, айнала қоршаған дүниенің сырын біліп, сынын түюге үйретеді. Жұмбақтар халық тұрмысына кірген ғылыми-техникалық жаңалықтармен жарыса байып, дамып отырады (мыс.: «Мұрны - насос, кран да, таң қаламын бұл аңға» - піл).

Шешендік сөздер - қазақ ауыз әдебиеті жанрларының бірі. Дидактикалық шағын жанрлар тобына жататын шешендік сөздер - табиғат құбылыстарына, қоғам өміріне байланысты терең ойлы, шебер тілді көркем шығарма, тапқырлық шешімдер.

Жанр мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау болып үш салаға бөлінеді. Шешендік арнауға бата-тілек, әзіл-сын, коңіл айту, естірту үлгілері жатады. Шешендік толғау заманға, қоғамға қатысты келелі мәселелерді қозғайтын желілі толғаулардан, тәрбиелік-тағылымдық мәні бар өсиет-тақпақтардан тұрады. Ал шешендік даулар - феодалдық қазақ қауымындағы қылмысты және азаматтық істерді реттеумен, яғни жер, жесір, құн, мал, ар дауларын шешумен байланысты сөздер.

Шешендік сөздер мазмұны жағынан мақал-мәтелдерге, аңыз-әңгімелерге жақын, құрылысына қарағанда жыраулардың толғау жырларына, ақындардың айтыстарына ұқсас.

Шешендік сөз нұсқалары құрылысына қарай пернелі сөз, термелі сөз болып бөлінеді. Көркем қара сөзбен айтылғандары - пернелі сөз, толғау, тақпақ түрінде айтылғандары - термелі сөз делінеді. Шешендік сөздердің құрамы түсінік пен шешен сөзден тұрады.

Шешендік сөздер - қазақ фольклорының өзіндік ерекшелігін көрсететін және халық шығармасының құрамында көркем әдебиеттің проза мен драматургияның басталу, жетілу процесін көрсететін, фольклорлық басқа жанрлармен салыстырғанда, кейін пайда болған жанр. Тақырыбының реалистігі, тілінің көркемдігі, көбінесе нұсқалардың белгілі халық шешендерінің (Майқы, Аязби, Жиренше), шешен билердің (Төле, Қазыбек, Әйтеке) аттарынан айтылатыны соны аңғартады. Алайда сөз нұсқаларының барлығы дерлік бастапқы қалпында сақталмаған, көптің, уақыттың сынынан өтіп бізге ұзын-ырғасы, «тобықтай түйіні» ғана жеткен, ішінара айтысушылардың есімдері есте қалған.

Таптық қоғамда, негізінде, әділетсіздікке, теңсіздікке қарсы күрес құралы, әдет заңы ретінде қалыптасқан шешендік сөздер өзін тудырған қоғаммен, себеппен бірге фольклорлық жанр түрінде әлеуметтік төңкерістен кейін өзгеріп, оның функциясы әдебиетке ауысты. Ежелгі халық шешендерінің қазіргі мұрагерлері жазушы-журналистердің, үгітші-насихатшылардың, ғалымдар мен мұғалімдердің, сот-заң қызметкерлерінің және партия-совет қайраткерлерінің шешендік сөздері соған айғақ.

Балалар фольклоры - халық ауыз әдебиетінің балаларға арналған үлкен бір саласы. Фольклорлық шығармалар балаларға ерекше эмоциялық әсер беріп, тәлім-тәрбиелік роль атқарады. Бесікте жатқан балаға сүйіспеншілікті білдіріп, өрендерге өнеге беретіп бесік жыры, тәй-тәй басқан бөбектің келешегіне мақсат қойып, өсиет айта жырлайтын тұсау кесу жыры, балдырғанның тілін ширатып, әрі дүние танымын арттыратып - жаңылтпаштар, баланың ойын, дүние танымын дамытатын - жұмбақтар, халық даналығын сапаға сіңіріп тәрбиелейтін мақал-мәтелдер, ойын өлеңдер, жануарлар туралы және мерзімдік өлеңдер ертеден пайда болып, бүгінге дейіп үзілмей күнделікті өмірде тәрбиелік қажетке жарап келеді. Балалардыц қиялын шарықтатып, эстетикалық сезімін ұштай тарбиелейтін фольклорлық шығармалардың үлкен бір саласы - ертегілеір. Қазақ балалары ана тілінің сан алуан қасиеттерін «Алдар Көсе», «Шық бермес Шығайбай», «Өтірікке бәйге», «Тазша бала», «Қырық өтірік», «Қаңбақ шал», «Самұрық құс», «Көсік бас», «Ұр тоқпақ» сияқты ертегілерден үйреніп, сөз байлығын игереді. Осы ертегілер қаһармандарының әлеуметтік мәнін түсініп, өмір танып, дүниеге ойлы көзбен қарауды үйренеді. Қазақ халқының ертеден шығарған төрт түлік мал туралы тақпақтары («Қой», «Ешкі», «Түйе», «Малдың баласын сүюі»), батырлық жырлары («Қобыланды батыр»,«Алпамыс»), қиял-ғажайып ертегілері («Ер Төстік», «Кер құла аттыКендебай») балаларды еңбекке, ерлікке тәрбиелеуде, олардың дүние танымын, мінез-құлқын қалыптастыруда зор роль атқарды. Қазақ балалар фольклоры жанрының молдығы, тақырыбының кеңдігімен қатар, оның көркемдік ерекшеліктері де мол. Баланың жасы мен қабілетіне, санасына лайықты, оның психологиясына сәйкес фольклорлық шығармалар да, ана тілінің заңдылықтарына орай үйлесімді ырғаққа, әсем әуезге, қызықты сюжетке құрылады.

Октябрь революциясынан кейін қазақ балалар фольклоры одан әрі дамыды. Оның таңдаулы үлгілері баспа орындарында жарық көрді («Балаларға тарту», 1926; «Қазақтың халық жұмбақтары», 1940; «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері», 1934,1959,«Жаңылтпаштар» 1967). Жаңылтпаштар, жұмбақтар, бесік жыры, ойын өлеңдері жаңаша тұрмысқа, техникалық прогреске сәйкес құрылатын болды. Қазак балалар фольклоры, негізінен, 19 ғасырдан бастап жеке жинақтарда жарық коріп, зерттеле бастады. Ол қазақ балалар әдебиетінің дамуына негіз болды. Қазақ совет жазушылары фольклордың таңдаулы нұсқаларынан үлгі алып, жазба әдебиетте оның жанрлық көркемдігін жақсарта отырып дамытты. Қазақ совет балалар фольклоры - қазақ совет әдебиетінің негізгі бір саласы, байырғы қазақ ауыз әдебиетінің өзекті жалғасы. Ол жаңа шығармалармен молығып толыса береді.

Жұмысшы жырлары - қазақ фольклорында 19 ғасырдың орта шенінде туып, дами бастады. Мұнда жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ жұмысшыларының рухани өмірі, таптық санасы, қоғамдық көзқарасы бейнеленді. Өндіріс орындары көбейіп, қазақ жұмысшыларының қатары молаюына байланысты олардың бұқаралық творчествосы да етек алды. Жұмысшы жырларының жанрлық, тақырыптық ауқымы кеңи түсті. Еңбек адамының тұрмыс-тіршілігін, ой-арманын нақты баяндау, таптық козқарасын шыншылдықпен ашып көрсету, өршіл идеяны батыл уағыздау қазақ фольклорына осы жұмысшы жырлары арқылы енді. Үндеу, тақпақ, үгіт өлең, мысқыл, сықақ әңгіме т. б. шығарма түрлерінің дамуы, пролетарлықинтернационализм, халықтар достығы, азаттық жолындағы күрес тақырыптарының жырлануы, өлең құрылысында кейбір жаңалықтардың пайда болуы қазақ фольклорын мазмұн, түр жағынан байытты. Бұл салада жазба әдебиет пен орыс халық поэзиясының әсері де байқалады. Сөйтіп, жұмысшы жырлары қазақ фольклорында жаңа құбылыс болды.

Жұмысшы жырлары кезеңі, тақырыбы, идеялық сипаты жағынан Октябрьлық революциясына дейінгі және совет дәуіріндегі болып екі салаға бөлінеді. Алғашқы кезеңнің жырлары уақытында жазып алынбағандықтан көбісі ұмытылған. Оларды жинау, жариялау Октябрьлық революциясынан кейін ғана қолға алынды. Бұл жырларда, негізінен, Қарағанды, Екібастұз көмір шахталарында, Нілді мыс кенінде, Ертіс кеме жөндеу кәсіпшілігінде, Орынбор -Ташкент темір жол құрылысында жұмыс істеген қазақтардың ауыр еңбек, азапты тұрмысы суреттелген.

Октябрьлық революциясына дейінгі жұмысшы жырларын тақырып тұрғысынан таптық теңсіздікті, қанаушылықты, ауыр езгіні бейнелейтін, қазақ-орыс және басқа ұлт жұмысшыларының достығын, күресін сипаттайтын, империалистік соғыс және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы әлеуметтік-саяси жағдайды көрсететін шығармалар деп жіктеуге болады. Мұндай жырлардың алғаш рет жұмысшылардың аузынан жазылып алынып, жарық көруі совет дәуірінің отызыншы жылдарынан басталады.

Жұмысшы жырлары совет дәуірінде кең өрістеді. Оның мазмұны, тақырыбы, идеясы бүтіндей өзгерді. Ғасырлық арманына жетіп, бақытқа кенелген совет жұмысшыларының еркін еңбегі, шаттық тұрмысы, жарқын өмірі жыр арқауы болды. Бұл тұстағы шығармаларда жұмысшы өмірінің жаңалықтары, тап жауларымен күрес, бұрынғы азапты тіршілік пен жаңа жарқын өмір коріністерінің парқы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі жан қиярлық еңбек, халықтар достығының жемісі жырланды. Жұмысшы жырларының жанры да молайып, арнау, мадақтау жырлары, хат-өлең, желдірме, толғау, дастан, айтыс түрлері дамыды. Шашубай Қошқарбаев, Доскей Әлімбаев, Маясар Жапақов, Ілияс Манкин, Көшен Елеуов, Қайып Айнабеков, Ғабдіман Игенсартов, БолманҚожабаев, Тәужи Айнатасов т. б. тәрізді халық ақындары, Әбілқарис Айдаров, Нұрахмет Исин, Жалмұқамбет Қабдолов, Жүсіп Болатов т. б. шахтерлер жұмысшы жырларының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Қарағанды шахтерлерінің өміріне арналған Қ. Айпабековтың «Алып туралы әңгіме», Д. Әлімбаевтың «Сенде туып, сенде өстім», Ә. Айдаровтың «Қарттың сыры», I. Манкиннің «Бекбосын», «Жаңа шахтер -Құрбанбай», Ғ. Игенсартовтың «Лавадағы өмір», «Шахтер сөзі» т. б. жыр-дастандары қазақ совет халық поэзиясының қазынасынан көрнекті орын алады.

Революциялық жырлар жұмысшы жырларымен тікелей байланысты,оны шығарушы - сол жұмысшы қауымның өзі. 1905-1907 жылдардағы революцияның қарсаңында Успен руднигінде, Нілді з-дында болған ереуілдерге қазақ жұмысшылары да қатысты. Қазақ фольклорындағы революциялық жырлардың тууы осы кезден басталады. Бұл жырларда өндіріс иелеріне, оның жергілікті сыбайластарына қарсылық, ереуілшілерге жақтастық сарыны бар. Белгісіз ақынның бір өлеңіндегі «Қалайша бұған сендер көнесіңдер, көнсеңдер көресіні көресіңдер» деген жолдары осыны аңғартады. «Керек емес ақшаңыз», «Бұрынғы бірге жүрген достар қайда», «Ішкенім айраншалап, тіккенім қос» деген өлең жұмысшыларды тізе қосып, азаттық жолындағы ерлік күреске шығуға шақырады.

Революциялық жырлар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында едәуір етек алды. Қарағанды, Успен, Спасск, Қарсақбай, Екібастұз, Сарысу кендерінің жұмысшылары майданның қара жұмысына барудан бас тартты. Бұл өндірістердегі жұмысшы ақындар патша өкіметінің озбырлық саясатын әшкерелеп, халықты «Зілді бұйрықты» орындамауға шақырды. Майданға еріксіз алынған қазақ жұмысшылары орыстың «Варшавянка», «Смело, товарищи, в ногу» тәрізді өлеңдерін өз тіліне аударып, айтып жүрді. Осыларға сарындас «Тоқым сал, ертте, жауырға», «Мойынға мықтап түскен бұл тұзақтан», «Аштықтан семіп қатқан қалың жалшы» сияқты өлең-жырлар пайда болды. Жұмысшы ақындар Ілияс Манкиннің «Патшаны жүрме дәндетіп», Жармағамбет Ысмағұловтың «Старшин, болыс қаптады», ЬІбырайым Бимолдиннің «Суық сөз» атты өлеңдері, Аманкелдінің сарбаздары қатарында азаттық көтерілісіне қатысқан халық ақындары Омар Шипиннің, Сәт Есенбаевтың, Сәби Әзденбаевтың, Күдері Жолдыбайұлының т. б. жырлары қазақ жұмысшылары мен шаруаларын патша өкіметі және оның жергілікті өкілдеріне қарсы азаттық туы астында бірігуге, сөйтіп бостандық алуға үндеді.

Окт. революциясының қарсаңы мен революция күндері және оның ұлы жеңістерін қорғау жолындағы Азамат соғысы жылдары революциялық жырлардың дамуындағы жаңа кезең болды. Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Омар Шипин, Сәттіғұл Жанғабылов, Болман Қожабаев т. б. халық ақындарының осы тұстағы өлеңдері кезінде жазылып алынбай, жарияланбай ұмытылып кеткен. Арнайы әнмен айтылатын кейбір олеңдер А. В. Затаевичтің жазбаларында сақталған. Олардың ішінде «Ұмтыл, қазақ!», «Жалшылар қорғаны», «Еңбекші ел» т. б. тәрізді идеялық-көркемдік дәрежесі жоғары өлең-жырлар бар.

1916 жылғы көтеріліс туралы жырлар - халық поэзиясының жаңа мазмұнды бір саласы. 1916 жылы езілген қазақ еңбекші бұқарасы өздерінің азаматтық, теңдік праволарын қорғап, шектен тыс екі жақты қанауға, әлеуметтік езгіге қарсы жаппай бас көтерді, бұған бұғауда келе жатқан Орта Азия халықтары да жігерлі үн қосты.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған поэзия үлгілері сол кездегі халық өмірінің ерлік шежіресі тәрізді: көтеріліс тұсындағы ел басына төнген ауыр азап пен жұрттың ізгі тілек, ой-арманын, оның жарқын болашаққа деген зор сенімін, тап жауларына қарсы күресте ту ұстап, қол бастаған халық ұлдарының ерлік, табандылығын, қайтпас қажырлылығын шебер сипаттайды.

1916 жылғы көтеріліске байланысты туған жырлардың айрықша атауды қажет ететін бір түрі - үндеу, үгіт олеңдері. Бұзаубақ ақынның «Құты қашты патшаның», О. Шипиннің «Аманкелдінің айбаты», К. Әзірбаевтың «Аттан!», Б. Қожабаевтың «Күнді бұлт құрсайды» тәрізді өлең-жырлары үстем тап өкілдерінің жауыздық, екі жүзділік әрекеттерін батыл әшкерелеп, ел жұртты топтасып бірігуге, езуші таптан есе қайырып, кек алуға шақырды.

Бөлтіріктің «Ел жарыла көшкенде» атты толғауы мен Қарсақ ақынның жырларында июнь жарлығынан кейін ата қоныстан ауып, босқын болған елдің ауыр халі, шеккен қорлық, азаптары сипатталса, Төлеу Көбдіковтың «Сарыарқаның сарыны» секілді жырлары жауыздық пен әділетсіздік билеген кешегі заман жайын, ішкі-тысқы езгіден күйзелген ел жағдайын түйінді мәселе етіп көтереді, соған орай өздерінің өмірге көзқарасын, ой топшылауларын да ашық айтады. Бұл сипат ел аузындағы «Қоштасу», «Жұбату», «Естірту», «Дөметкеннің зары», «Асқардың үй ішімен қоштасуы» атты лирикалық өлеңдерден де айқын аңғарылады.

Майданнан елге, елден майдан шебіне жазылған сәлемдесу хаттарында («Ақбастың Нұржанға хаты», «Нұржанның Ақбасқа хаты», З. Әбдірахмановтың «Окоптан хаты», С. Бегімовтың «Туған елге хаты», Т. Қилыбаевтың «Науан қазіретке хаты» т. б.) жігіттердің туған, өскен елге деген ыстық сезімі мен еңбекші бұқарапы ашық күреске шақыратын жігерлі үн де, болашаққа деген зор сенім де бар.

Майдан өмірін бейнелейтін Б. Берденовтың «Прием», Ж. Жақатаевтың «Ұзақ жолға аттандық», Ә. Аманжолов пен Қарамолдаевтың «Еріксіз кетіп елімнен», Ғ. Ботаевтың «Прием» атты жыр-дастандарында елден аттанған жігіттердің майдан шебіне дейінгі ұзақ сапары мен әр алуан жол көріністері, олардың қайғы-мұңға толы көңіл-күйі мен ой-арманы, алдыңғы шептегі сұрапыл соғыстың нақты көріністері жан-жақты суреттеледі.

Халық өмірін арнаулы тақырып етіп сипаттайтып туындылармен қатар (Қ. Бозаевтың «Қарақойын көтерілісі», «Губернатор келгенде» жыр-дастандары т. б.) сол бір қиын сәтте ел бақыты үшін алысып, езілген бұқараны азаттық күреске бастаған батыр-қолбасшылардың ерлігін жырлаудың өзі бір сала. Бұларда Аманкелді, Әліби, Бекболат, Ұзақ, Тайлақ, Иса, Күркебай, Әли, Қырғызбай секілді халық ұлдарының жарқын бейнесі жасалған.

Жетісу қазақтарының ерлік күресін бейнелейтін шығармалардан шоқтығы биік тұратын жұртқа мәлім - «Бекболат» дастаны. Мұнда ел трагедиясы мен ер трагедиясы қатар алынып, астастыра жырланады. Батырдың сот үстінде өзіне қойылған сұрақтарға лайық батыл жауаптарын диалогпен беру арқылы автор үстем тап өкілдерінің шектен тыс жауыздық, әділетсіздіктерін ұтымды тәсілмен әшкерелейді. Осы «Бекболат» дастанының үлгісінде туып, халық батырларының өшпес ерлігін паш ететін шығармалар қатарында К. Әзірбаевтың «Қырғызбай», «Әли батыр», Е. Қандековтың «Әли батыр», Қ. Сауранбаевтың «Ұзақ батыр» және Бекболат Әшекеевке арналған жыр-дастандарды бөліп атаған жөн.

Аманкелді Иманов бастаған Торғай котерілісі туралы жыр-дастандар да сан алуан. Әсіресе бұлардан Омар, Сәт, Сүлеймен, Күдері, Досмұқан, Орынбай іспетті Аманкелді сарбаздарының қатарында болып, оқиғалар тізбегін өз көзімен көрген ақындардың шығармалары елеулі орын алады.

О. Шипиннің «Аманкелді», С. Есенбаевтың «Ер Аманкелді», Н. Ахметбековтың «Аманкелді дастаны» - Аманкелді батырдың екі кезеңдегі ерлікке толы күрес жолдарын тұтас қамтитын кесек те көркем туындылар. Омар мен Сәт сияқты ақындар Аманкелді Имановтың 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы ерлігі мен Совет өкіметін құру жолындағы табандылығын, сан-салалы ұйымдастыру, басшылық қызметін, сол мақсатта жау қолыпан мезгілсіз мерт болғанын толғай жырласа, Нұрқан ақын батырдың өмірінідегі басты-басты кезеңдерді ғана саралап алады да, оны коркем жинақтау дәрежесіне дейін көтеріп, революционер-большевиктердің асқақ та сом бейнесін жасауға талаптанады.

1916 жылғы көтеріліске байланысты туған поэзия үлгілері, ең алдымен, қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік пен тап қайшылығын өзекті мәселе етіп жырлауы жағынан әдебиетімізде бұрын байқала қоймаған мазмұн, өткір идея ала келді. Осы сипат 1916 жылғы көтеріліс жырларының табиғатын ашып белгілейтін басты бір ерекшелігі болып табылады.

Солдат жырлары - әскер қатарындағы, майдандағы жауынгерлердің поэзиялық шығармалары. Қазақ фольклорында солдат жырлары 1916 жылғы қазақ жігіттерінің майданның қара жұмысына еріксіз алынып, сонда жүргенде шығарған ызалы-кекке, мұң-шерге толы олең-жырларынан басталады. Күрес, жорық жырлары, хат-өлең түрлері осы кезде дамыды. Майдан өмірін, солдаттардың коңіл күйін нақты суреттеген реалистік өлеңдер туды. Октябрь революциясы, Азамат соғысы кезіндегі солдат жырларының мазмұны, идеясы бұлардан өзгеше. Мұнда солдаттың рухы жоғары, сенімі мьгқты. Ол жаңа заманды, советтік Отанды, ішкі-сыртқы жаулардан қорғауды өзінің қасиетті борышы санайды. Қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің барлау бөлімін басқарған талантты ақын Бисен Жәнікешев өлеңдері қазақ совет солдат жырларының алғашқы үлгілеріне жатады. Қызыл Армия қатарына алынған жауынгерлердің жырлары уездік, өлкелік газеттерде, 1929-1936 жылдар шығып тұрған республикалық «Қызыл әскер» газетінде және жеке жинақтарда жарияланды.

Солдат жырларының шарықтап дамыған шағы - Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Соғыстың ұзаққа созылуы, оған қашанғыдан да көп адамның қатысуы мұндай жырлардың айрықша бұқаралық сипат алып өркендеуіне ықпал етті. Совет халқы және оның Армиясы жүргізіп отырған күрестің әділеттілігі жауынгерлердің патриоттық рухын котеріп, творчестволық қабілетіне кең жол ашты. Бұл майдан жауынгерлері шығармаларының жанр, тақырып ауқымын молайтып, мазмұнын байыты. Олардан отаншыл, гуманист, интернационалист ер жүрек совет жауынгерлерінің алып тұлғасы, жарқып бейнесі аңғарылады. Майданға қатысқан Саяділ Керімбеков, Мұзарап Жүсіпов, Дүйсен Досайбаев, Құбайыс Қаратаев, Шопанқұл Сейітов, Молдағали Құлмырзаев, Әсімхан Қосбасаров тәрізді халық ақындарының жыр-толғаулары қазақ совет фольклорына үлес болып қосылды. Майданның қызулы көріп творчестволық талантын тұтандырған жауынгерлер де аз болған жоқ. Осындай солдат бұқарасының шығармалары негізінен советтік халық поэзиясының үлгісінде жазылып, олардың бірсыпырасы ауызекі тарады. Майданда қайтыс болған Ә. Егізбаев, Р. Құлбаев, Т. Әлмұқамбетов, А. Нұртазин, Н. Манашев, Ш. Сейдеханов т. б. жауынгер-ақындар идеялық-көркемдік дәрежесі жоғары жырлар жазып қалдырды. Солдат жырларының дамуына майдандық көп тиражды газеттер де әсер етті. Оларда «Қызыл әскер творчествосы», «Майдан сықағы» тәрізді тұрақты рубрикалар болды. Патриоттық арнау, ән өлеңі, солдаттың әзіл-сықағы, апт-серт жырлары тәрізді жанрлық түрлер қалыптасты. Қазақ поэзиясында бұрын болмаған партизан жырлары пайда болды. Солдат жырлары соғыстан кейінгі бейбітшілік дәуірде де туындап, дамып келеді.

Қазақ фольклорын жинау, жариялау және зерттеу. Ұлы социалистік революциясына дейінгі дәуірде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жарыққа шығару ісі біршама қолға алынғаны мәлім. Орыс және Европа ғалымдарының қазақтың сөз өнері байлығына назар аударуы 18 ғасырдың аяқ кезінде олардың қазақ елінің географиясы мен экономикасын, тарихы мен әдет-ғұрыптарын, саяси жағдаяттарын жан-жақты зерттеп білуімен тікелей байланысты болды. Алғашқы кездерде фольклорлық материалдар этнографиялық зерттеулер үшін ғана пайдаланылып келсе, 19 ғасырдың орта шенінен бастап қазақтың мәдени мұрасы есебінде қарастырыла бастады.

Қазақ аңыздары мен аңыз-әңгімелерінің текстері алғаш рет П. Палластың («Россия империясының әр түрлі уәлаяттарына саяхат», 1771), Н. Рычковтың («1771 жылғы Қазақ даласына шыққан саяхат кезіндегі жолжазбалар», 1772), И. Георгидің («Орыс мемлекетінде тұратын барлық халықтардың сипаттамасы», 1776) еңбектерінде жарық көрді. Алайда қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жарыққа шығару, зерттеу ісінің нағыз ғылыми жолға тұңғыш қойылуы қазақ оқымыстысы Ш. Уәлихановтың (1835-1865) есімімен тығыз байланысты. Ш. Уәлиханов қазақ мақал-мәтелдері, аңыздары, аңыз-әңгімелері, ертегілері мен өлеңдері, батырлық жырлары мен тарихи жырлары саласынан мол материалдар жинады. Ол фольклорлық мағлұматтарды жинаумен бірге, оны қазақ халқының өткендегі тарихын зерттеп білу мақсатына пайдаланып отырды. Мұны, әсіресе, оның «Жоңғария очерктері» («Очерки Джунгарии»), «Ұлы жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері мен аңыздары» («Предания и легенды Большой киргиз-кайсацкой орды»), «Қазақ шежіресі» («Киргизское родословие») сияқты еңбектерінен анық аңғаруға болады. Ш. Уәлихановпен қатар қазақ ауыз әдебиетіүлгілерін жинап, бастыру ісіпе ат салысқан ғалым В. Радлов (1837-1918). Оның «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері...» («Образцы народной литературы тюркских племен...») деген он томдық жинағының 3-томы (1870) қазақ ауыз әдебиетіне арналған. Қазақ ауыз әдебиеті жанрларының тұңғыш жүйелі классификациясын да жасаған В. Радлов болды. Ол барлық жанрларды негізгі үш салаға (өсиет, эпикалық, лирикалық) бөліп, оларды «ұзатылған қыздың өлеңдері», «жоқтау жыр», «бақсы сарыны», «бата сөз», «үлгі соз», «батырлық ертегі», «ертек», «айтыс» (оның құрамында «қайым өлең») және «қара өлең», «кітап өлең» т. б. жеке-жеке жанрлық түрлерге топтастырды. Ш. Уәлиханов пен В. Радлов ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру методикасын жасады. Бұл методика бойынша айтушының аузынан жазылып алынған шығармалар еш өзгеріссіз бастырылып, айтушылар туралы қысқаша мағлұматтар келтіріліп отырды.

Аталған екі ғалымның ғылыми тәжірибесін Орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімі, Қазан университеті жанындағы археологияны, тарихты және этнографияны сүюшілер қоғамы сияқты мекемелердің қарамағында топталған фольклор үлгілерін жинаушылар мен зерттеушілер әрі қарай жалғастырды. Бұл салада, әсіресе, Орыс географиялық қоғам мүшелерінің атқарған қызметі айрықша зор. Осы қоғамның ең белсенді мүшелерінің бірі Г. Потанин болатын (1835-1920). «Солтүстік батыс Монголия очерктері» («Очерки северо-западной Монголии», 1881-1883), «Қазақ және Алтай өсиеттері мен аңыздары және ертегілері» («Қазақ-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки», 1917) т. б. еңбектерінде Г. Потанин қазақтың аңыздары, аңыз- әңгімелері, ертегілері, өлеңдері, мақал-мәтелдері, тұрмыс-салт жырлары, батырлық жырлары үлгілерін мол етіп бастырып шығарды. Ол «Орта ғасырдағы Европа эпостарындағы Шығыс сарындары» («Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе», 1899) атты зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің Европа халықтары фольклорына ауысып барып сіңісуі жолдарын қарастырады. Г. Потаниннің ғылыми концепцияларының көңілге қона қоймайтын жақтары болғанымен, зерттеушінің фольклор үлгілерін кең тарихи-этнографиялық-лингвистикалық-фольклорлық түсініктемелермен бастырып шығару методикасы фольклористикаға қосылған зор үлес есебінде бағаланды.

19 ғасырдың 2-жартысында қазақ ауыз әдебиеті үлгілері көптеген арнаулы жинақтарда басылып шыға бастады. Мыс., И. Березиннің «Түркі хрестоматиясы» («Турецкая хрестоматия», 1857-1876); А. Васильевтің «Қазақтың халықтық ауыз әдебиетінің үлгілері» («Образцы киргизской народной словесности», 1896); Н. Пантусовтың «Қазақ тілін үйрену үшін материалдар» («Материалы к изучению казак-киргизского наречия», 1899-1904) т. б. Бұл салада әсіресе Ә. Диваевтың атқарған қызметін ерекше атап өткеп жөн. Ә. Диваев қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» сияқты эпостық жырларын, көптеген ертегілері мен өлеңдерін т. б. зор ғылыми байыптылықпен баспаға даярлап жарыққа шығарды. Әсіресе «Сырдария облысының статистикасы үшін жиналған материалдар» («Сборник материалов для статистики Сырдарьинской области», 1891-1915) атты еңбегінің маңызы зор. Ә. Диваев орыс ғалымы Г. Потанин сияқты, қазақ фольклорын салыстыра зерттеу әдісін қолдайды.

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру және зерттеу ісі кең көлемде Ұлы социалистік революциясынан кейінгі дәуірде ғана жүргізіле бастады. Ауыз әдебиеті үлгілері көптеген жинақтар мен хрестоматияларда және жекелеген басылымдарда жарияланды. Бұл іске белсене қатыса бастаған мәдениет қайраткерлерінің ішінде Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Әуезов, I. Жансүгіров, Б. Майлиндер болды. А. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» («1000 песен казахского народа», 1925), «Қазақтың 500 әні мен күйі» («500 казахских песен и кюйев», 1931) атты көлемді жинақтарды жарыққа шығарды. С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» (1936) сияқты жинақ, басылымдарына толғау, терме, жыр, шешендік сөздер үлгілері енді. Орынбай, Сүйінбай, Майлықожа, Құлмамбет, Майкөт т. б. көптеген ақындардың шығармалары жарық көре бастады. «Қазақтың батырлық жырлары» («Киргиз-казахский богатырский эпос», 1922) атты жинаққа «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Қамбар батыр» жырлары енді. 1934 жылы Қазақ өлкелік партия комитеті халық ақындарына көмек көрсету және ақындар құрылтайларын өткізіп түру туралы арнаулы шешім қабылдады. Бұл шешімнің арқасында ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру ісі жедел қарқынмен дами түсті. Мәселен, Мұрын жыраудан «Қырымның 40 батыры» цикліне кіретін 35 жыр жазылып алынды. Ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алу ісі бүкіл республика көлемінде жүргізіле бастады. Осы үлкен жұмыстың нәтижесінде «Қазақ мақал-мәтелдері» (1933), «Мысалдар» (1936), «Қазақ ертегілері» (1939), «Жұмбақтар» (1940), «Қазақстан халық ақындарының айтысы» (1944), «Ақындар айтысы» (1944) т. б. жинақтар жарық көрді. «Айтыс» (1942), «Қазақтың XIX ғасырдағы котерілісі жырлары» («Повстанческие песни казахов XIX в.», 1936), «Қобыланды батыр» (1937), «Қазақ ертегілері» («Казахские сказки», 1937, 1938) т. б. басылымдар баспадан шықты.

Ауыз әдебиеті байлығын зерттеу ісі де белсенді түрде жүргізіле бастады. С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабында қазақ фольклорын жанр бойынша жіктеу мәселесі қойылды. Автор оны ертегілер, салт жырлары, діни жырлар, өлеңдер, мақал-мәтелдер, билер сөзі, тақпақ сияқты бірнеше жанр бойынша қарастырады. Қазақ ауыз әдебиетінің пайда болу дәуірін ол билер дәуіріне, яғни феодализм дәуіріне жатқызып, қазақ батырлар жырының пайда болуын Ноғайлы дәуірімен байланыстырады. Ауыз әдебиетінің тегін қарастырғандағы, оны жүйелеудегі кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл еңбектің қазақ совет фольклористикасы тарихында қалдырған ізі зор.

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жарыққа шығару және зерттеу ісіне совет дәуірінде журналист, әдебиетшілердің мол араласуы себебінен фольклористика ғылымының әдебиет тану әдістері арнасында дами түсуіне жол ашылды. Фольклор байлығы әдебиет тарихы ауқымында, жазба әдебиетпен байланысы тұрғысынан қарастырыла бастады. М. Әуезовтің еңбектерінде («Қазақ әдебиетінің тарихы», 1927 т. б.) фольклор мен жазба әдебиеттің 18-19 ғасырлар арасындағы өзара байланыстары, ауыз әдебиеті жанрларын жіктеу мәселелері көтерілді. Осы мәселелер С. Мұқанов, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев т. б. ғалымдар еңбектерінде де әр тұстап қарастырылды. Сонымен қатар Ә. Марғұланның зерттеулерінде ауыз әдебиетінің ел тарихымен байланыстары тексерілді. Қазақ фольклорының синкретизмі, поэтикалық шығармашылық пен ән-күй өнерінің арақатынастары мәселелері А. Жұбановтың еңбектерінде бой көрсете бастады. Қазақ фольклористикасының осы кезеңдегі дамуының нәтижелерін жинақтаған еңбек - М. Әуезовтің орыс совет жазушысы Л. Соболевпен бірігіп жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» («Эпос и фольклор казахского народа», 1940) атты мақаласы. Мақала авторлары қазақ ауыз әдебиеті жанрлары мен жанрлық түрлерін сала-салаға жіктеп бөліп (ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, батырлар жыры, лиро-эпос, тарихи жырлар, айтыстар), әрқайсысының идеялық-көркемдік анықтамаларын көрсетіп берді. Қазақ фольклористикасында осы жіктеу, негізінен, қазіргі күнге дейін сақталып келеді. Қазақ ауыз әдебиетіне жататын әр жанрдың анықтамасы «Қазақ әдебиетінің тарихында» (1948) да келтірілген.

Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жарыққа шығару, зерттеу ісіндеғі жаңа серпіліс 50-60 жылдары бой көрсете бастады. Көпшілік қауымға арналған және негізгі жанрларды қамтитын жинақтармен қатар батырлар жырының ғылыми басылымдары («Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Алпамыс», «Қыз Жібек»), ғылыми-көпшілік жинақтар («Қазақтың мақал-мәтелдері», 1950, «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері», 1959, «Батырлар жыры», 1961-1964; «Қазақ ер тегілері», 1957-1964; «Айтыс», 1965-1966; т. б.) жарық көрді. Е. Ысмайыловтың («Ақындар», 1956), М. Ғабдуллиннің («Қазақ халқының ауыз әдебиеті», 1958), Ә. Қоңыратбаевтың («Қазақтың «Қозы Көрпеш» жыры туралы», 1959), А. Жұбановтың («Струны столетий», 1958; «Замана бұлбұлдары», 1967), Б. Ерзаковичтің («Песенная культура казахского народа», 1966), Н. Смирнованың («Казахская народная поэзия», 1967), Б. Адамбаевтың («Шешендік өнер», 1969) зерттеулері, Ә. Марғұланның, Б. Кенжебаевтың, М. Қаратаевтың т. б. мақалалары жарыққа шықты. Фольклористік зерттеулердің арнасы кеңіп, жанр табиғаты, ауыз әдебиеті жанрларып жіктеу, ауыз әдебиеті тарихын дәуірлеу, ауыз әдебиетінің жазба әдебиетпен, өзге халықтар фольклорымен өзара байланыстары, қазақ халқының мәдениеті ішінде алатын орны, сөз бен әуеннің өзара байланыстары т. б. осы сияқты мәселелер терең зерттеле бастады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жазып алу методикасы қалыптасып, фольклоршылардың осы салада жүргізген коп жылдық мол тәжірибесін қорыту ісі қолға алынды. Соның нәтижесінде Н. Смирнова мен О. Нұрмағамбетованың «Қазақ ауыз әдебиетін жинаушыларға көмек» (1960) атты нұсқауы жарық көрді. Қазақ фольклористикасы гуманитарлық ғылымдар саласынан бөлініп шығып, филологияның жеке саласы ретінде қалыптасты. Фольклоршылардың ғылыми табыстары «Қазақ әдебиетінің тарихында» (1-т. 1960 - қазақ тілінде, 1-т. 1968 - орыс тілінде) және «Қазақ фольклористикасы» атты коллективтік монографияда қорытылды (1972).

60 жылдардың аяғына таман ауыз әдебиеті мәселелерін зерттеу саласында үш негізгі бағыт қалыптасты. Біріншіден, халық ақындары мен жыраулар творчествосын фольклорлық шығармашылық есебінде емес, ауызша пайда болып, ауызша тарайтын жеке авторлық ауыз әдебиеті есебінде қарастыру бағыты айқындала түсті. Бұл бағыт М. Мағауиннің («Қобыз сарыны», 1968), Ы. Дүйсенбаевтың («Ғасырлар сыры», 1970), З. Қоспақовтың («Әнші тағдыры», 1971), Қ. Сыдықовтың («Ақын, жыраулар», 1974), М. Жармұхамедовтың («Айтыстың даму жолдары», 1976) зерттеулерінде, ақын, жыраулар творчествосын фольклордан бөлек «ауызша әдебиет» есебінде қарастыру мәселесін алғаш көтерген М. Дүйсеновтың мақалаларында бой көрсетті. Екіншіден, жалпы ауыз әдебиетін нағыз фольклорлық шығармашылық жазба әдебиетпен қатарлас, толық мәніндегі филологиялық материал есебінде қарастыратын зерттеулер өрістеді. Бұл топтағы еңбектерге Е. Костюхиннің («Александр Македонский в литературной и фольклорной традиции», 1972), М. Ғабдуллин мен Т. Сыдықовтың («Қазақ халқының батырлық жыры», 1972), С. Қасқабасовтың («Казахская волшебная сказка», 1972), Ы. Дүйсенбаевтың («Қазақтың лиро-эпосы», 1973), Б. Уахатовтың («Қазақ халық өлеңдері», 1974), К. Сейдехановтың («Қазақтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі халық поэзиясы», 1974), Т. Сыдықовтың («Глубокие корни», 1975), Р. Бердібаевтың («Достық кемесінде», 1976), Б. Адамбаевтың («Халық даналығы», 1976) т. б. зерттеулері жатады. Үшіншіден, ауыз әдебиетін фольклористикамен салалас тарих, этнография, археология, социология сияқты гуманитарлық ғылым салаларымен тығыз байланыста қарастыру қажет екенін пайымдайтын еңбектер жарық көре бастады. Бұлардың қатарында Ә. Марғұланның («Шоқан және «Манас», 1971), Е. Тұрсыновтың («Генезис казахской бытовой сказки», 1973; «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері», 1976) т. б. зерттеулерін атап көрсетуге болады.

Осының бәрі қазақ филологиясының жеке саласы болып қалыптасқан қазақ фольклористикасының ішінде мамандану процестерінің әрі қарай дами түскенін дәлелдейді. Фольклористік зерттеулер арнасының кеңейе түскені де көңіл аударарлық. Фольклоршылар назары, негізінен, ауыз әдебиеті тарихын дәуірлеу, түркі-монгол халықтары фольклорының алғашқы дәуірде пайда болу және қалыптасу жолдары мен кезеңдері, жанр және оның эволюциясы, түркі-монғол фольклоры арнасында ұлттық және халықаралық элементтердің ара жіп, шындық пен көркем қиялдың арақатынастары, фольклористік зерттеулер методикасы сияқты ірі мәселелерге аударылды. Ал соңғы жылдары түркі-монғол фольклорлық жүйе арнасында тарихи типологиялық әдіс негізінде зерттеулер жүргізу методикасы басты орынға ие бола бастады. Фольклор эстетикасы мәселелерін зерттеу ісі қолға алынды (С. Садырбаевтың «Фольклор және эстетика», 1976). Фольклор үлгілерінің ғылыми басылымдарын жарыққа шығару ісі жалғастырыла түсті («Қобыланды батыр», 1975). Сонымен бірге жиналған фольклорлық материалдарды теориялық жағынан қорытып, жүйеге келтіру жұмысы жүргізіліп келеді («Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы», 1. т., 1975).Осының бәрі қазақ совет фольклористикасының жаңа белеске шыққандығының кәміл айғағы.

Қазіргі халық поэзиясы. Ақындар айтыстары. Қазақстан КП ОК-нің «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» 1957 жылы 8 шілдедегі қаулысы бойынша қазақ халқы ауыз әдебиетінің классикалық үлгілері жан-жақты зерттеліп, халық арасында кеңінен насихатталумен қатар, халық таланттарының творчестволық өсуіне қажетті жағдайлар жасалды. Ауыз әдебиетінің сүбелі жанры - ақындар айтысы соғыс жылдарындағыдан (1943 ж.) кейін қайта жаңғырды. 1957 жылдың жазында Ұлы социалистік революциясының 40 жылдық мерекесі құрметіне, Қазақстанда тың игерудегі ерліктерге арналған ақындар айтысын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілді. Жергілікті партия ұйымдары колхоздар мен совхоздарда, қалалардың фабрикалары мен заводтарында, рудниктерде, құрылыс ұйымдарында, совет, шаруашылық және мәдениет мекемелерінде әр түрлі жұмыс істеп жүрген ақындар топтастырылды. Домбыра тартып, ән салатын, өлеңді күні бұрын жазып жаттап алып та, суырып салып та айта алатын жан-жақты өнерлі ақындар іріктелді. Әуелі ауылдық, аудандық ақындар айтыстары өткізіліп, ақындардың мазмұны бай, ұйқасы үйлесімді, тілге жеңіл өлең шығарғыштық онеріне, оны жұрт алдына шығып, тартымды орындаушылық шеберлігіне тағы да байқау жасалды. Осы алғашқы жыр жарыстарында көзге түсіп, шынайы ақындығымен танылғандар облыс ақындар айтысына жіберілетін болды. Мерекелік ақындар айтыстарын ұйымдастыру жұмыстарының бәрін партия ұйымдары басқарып, оған күнделікті, нақты қамқорлық көрсетілді.

Облыстық айтысқа дайындық кезінде республиканың бірқатар жерлерінде жарысқа түскен аудандар ақындары бірге жүріп колхоздар мен совхоздарды аралады. Олар мал фермаларында, дала қостарында, мәдениет мекемелерінде болып, істің шынайы жағдайып көзбен көрді. Жоспардың, социалистік міндеттемелердің орындалуымен танысты. Партия, совет, комсомол және кәсіп- одақ ұйымдары, шаруашылық органдары басшыларымен, еңбек озаттарымен әңгімелесіп, қол жеткен табыстың сырларын, шешуін күткен проблемаларды зерттеді. Ірілі-ұсақты кемшіліктерді де көріп, олардың себебін ашу жолдарын қарастырды. Жеке жоспарлары мен міндеттемелерін орындай алмай, көштің соңында қала беретін жалқаулар мен қоғамға аз еңбек сіңіріп, одан мол үлес алуға ұмтылатын сұғанақтар, сенімді ақтай алмаған жауапсыз басшылар мен социалистік семья салты нормаларын бұзғандар да ақындар назарынан қалыс қалған жоқ. Ақындар осылай творчестволықпен бірлесе жұмыс істей жүріп өз ауданының да, көрші ауданның да шаруашылық және мәдени өмірімен жан-жақты танысты. Көрген-білгендері жөнінде тебірене толғанып, айтыс үстінде дәлелдерді түйіндеп айтты. Колхоздар мен селоларды, өндіріс орындарын аралап көру, көптегеп адамдармен кездесу әсерлері ақындардың ақындық сезімін қозғап, олардың шабытын қанаттандыруға қолайлы жағдай жасады.

Ақындар айтысына дайындықтың өзі, шын мағынасында, республика колхоздары мен совхоздарының, өндіріс орындарының қоғамдық өміріндегі заман талабына сай туған жаңа да, пайдалы құбылыс болды. Жарыстас аудандар ақындарының бірге жүріп шаруашылықтарда, мәдени-ағарту мекемелерінде болып, істің жай-күйімен танысуы олардың міндеттемелерінің орындалу барысын безбендеп, артық-кемді анықтауы социалистік жарыс пәрменділігін күшейтіп, жұмыс сапасын арттырудың жаңа формасы болды. Кемшіліктердің бетін ашып, оны алдағы уақытта түзетуге, жақсы тәжірибені таратып, жұмыста жаппай қарқын туғызуға, іс нәтижелілігін арттыруға ақындар айтысы коп пайдасын тигізді. Ал жарыстас аудандар ақындарының социалистік міндеттемелердің орындалу барысына жүргізген тексерулері, озаттықтар мен олқылықтарды қалдырмай тізіп сарапқа салуы ақындар айтысының мазмұнын байыта түсті. Айтыс ақындары дайындық кезінде болған фермалар мен бригадалар, өндіріс орындары еңбекшілері арасында күнделікті жұмыста айтарлықтай қарқып туды. Ән мен жырды, сауықты сүйген қауым, республикамыздың бүкіл жұртшылығы ақындар айтыстарына дайындыққа және оларды өткізу барысына сергек назар аударып, оны жіті қадағалап отырды. Мерзімді баспасөзде ақындардың ауылдық, аудандық, облыстық айтыстары қай жерде қалай өткені хабарланып қана қоймай, айтыс өлеңдері жарияланып, оқушыларға кеңінен таныстырылды. Ақындар айтыстарында туған ағыл-тегіл шешендік өткір сөздер мен өлең-жырлар тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, қызыққа батырды. Ауыл озаттарының мерейін тасыта дәріптеп, кемшіліктерді жан ашырлықпен сынға алды. Мерекелік айтыстар үстінде әрбір ақын өзінің ең жақсы жырларын Коммунистік партия даналығын, социалистік революциясын, Совет өкіметін мадақтауға арнады.

Ұлы социалистік революциясының 40 жылдығы құрметіне өткізілген мерекелік айтыстар ел ішінде суырып-салма айтыс ақындары да, жазып алып жаттап айтатын ақындар да көп екенін көрсетті. Бұлар соңғы жылдары үзіліңкіреп қалған советтік ақындар айтысын қайта жаңғыртып, игі дәстүрді жалғастырып қана қоймай, оны мазмұнын байыта отырып, ілгері дамытты. Айтыс сахналары Коммунистік партияның, Ұлы социалистік революциясының ұлы идеяларын, совет халқының 40 жыл ішінде қолы жеткен орасан зор табыстарын мадақтай отырып, тартымды өлеңмен насихаттау трибунасына айналды. Қазақ совет халық поэзиясында, оның халқымызға әперген бостандығы мен бақытын жырлау дәстүрі совет өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ туып, қалыптасқан дәстүр болатын. Енді оның ақындар айтыстарында, жүздеген, мыңдаған көрермендер алдында жырланып, радио арқылы таратылуы, күнделікті газеттерде жариялануы халық поэзиясының мазмұның бұрынғыдан да байытты. Насихатшылық әсерін күшейтіп, саяси-тәрбиелік маңызын жаңа сатыға көтерді. Мерекелік жыр сайыстары кезінде айтыстың жаңа бір қыры (насихатшылық сипаты) айқын корінді. Шын мағынасында, партия ұйымдарының еңбекшілер арасында күнделікті жүргізетін бұқаралық-саяси жұмыстарының пәрменді бір түрі бола алатындығын дәлелдеді. Айтысқа түсетін ақынның өз аулының, ауданының жай-жайсарын жақсы білуімен қатар қарсылас ақын жақтың шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеу деңгейімен де егжей-тегжейлі танысуы айтыстың аса қажетті шарты болып алды. Партия ұйымдары ақындардың өздері жұмыс істейтін қоғамдағы ролін көтеріп, айтыс өлеңдерінің жауапкершілігі мен беделін арттыруға күш салды. Ақындардың ел аралап, күнделікті жұмыс жағдайымен танысуы кезінде олардың қасына арнайы бөлінген ресми адамдар - партиялық, қоғамдық ұйымдар мен шаруашылық органдарының өкілдері еріп жүрді. Облыстық партия комитеттері айтысқа дайындықты барлық жерде тиянақты ұйымдастыру, ақындар айтыстарының саяси-әлеуметтік маңызын күшейте түсу жөнінде зор жұмыстар жүргізді. Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің секретары I. Омаров «Айтыс дәстүрін дамыта берейік» атты мақаласында былай деп жазды: «Ақындар айтысудан бұрын өзімен айтысқа түсетін ауданның жағдайымен де танысты. Бұл таныстыруды аудандық партия комитеттері ұйымдастырды. Олар жалғыз ғана шаруашылық, мәдениет көрсеткіштерімен таныстырып қойған жоқ, ақындардың қасына кісі қосып беріп, «қарсы» ауданның колхоз, совхоздарын аралатты. Хал-жағдаймен ақындардың нақты танысуы ақындарды жалпылама мағынасыз айтыстардан сақтап, өмір шындығына жақындатты. Әрине, бұл айтыстың мағынасын көтеруге, кемшілікті нақты сынауға жәрдем етті» («Социалистік Қазақстан» газеті, 1957 жылы 27 желтоқсан). Айтысқа дайындалып жүрген ақындар келеді деген хабардың өзі-ақ қарапайым малшылар мен егіншілер, фабрикалар мен завод жұмысшыларынан бастап басшыларға дейінгі әр түрлі буындардағы еңбекшілерді елең еткізді. Олардың көбі-ақ ақындар келгенге дейін кем-кетігін түзеп алуға күш салды. Соның нәтижесінде, ақындар айтысы басталудан бұрын-ақ күнделікті шаруашылық және мәдени жұмыстарында жаңа қарқын туды. Социалистік жарыс қыза түсті. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің секретары X. Байғалиев кезінде өте орынды атап көрсетті: «Ақын келеді» деген хабар, - деп жазды ол, - кейбір колхоздар мен совхоздардың салақ басшыларын қазымыр тексерушінің келуінен бетер састырды. «Шөбімізді тасып, қора-қопсымызды тәртіпке салып алғанша ақындар келмей тұра-тұрмас па екен», деген бірен-сарап аудан басшылары да болды, олардың ішінде облыстық мекемелерге телефон соғушылар да табылып қалды. Қысқасы, ақындар айтысы және оған дайындық талай шабанның қимылын шапшаңдатып, олпы-солпы етек-жеңдерін жинауға мәжбүр етті» («Социалистік Қазақстан», 1958 жылы 21 ақпан).

Ақындардың аудандық, облыстық айтыстары мәдениет үйлері мен сарайларында, облыстық театрларда салтанатты жағдайда өткізілді. Оған ауыл мен қала еңбекшілері, қоғамдық ұйым өкілдері көптеп қатынасты. Барлық жерде дерлік жиылған жұрт айтыс өлеңдерін зор ынтамен тыңдап, ақындардың сахналық шеберліктерін сүйсіне тамашалады. Айтыс үстінде көптеген ақындар өздерінің суырып салма айтқыштық, домбырашылық, әншілік өнерімен танылды. Әлеуметтік мәселелерді тереңнен қамти көтерген шын мағынасындағы халықтық жырлар тыңдаушыларын баурап алды. Айтыстар ақындық өнер жарысы, сөз сайысы шеңберінен шығып, үлкен қоғамдық жүк көтерді. Бір кезде М. Әуезов атап көрсеткен айтыстағы драмалық, сахналық элементтер дамытылып, оның эстетикалық тәрбиелік күші айқын көрінді. Айтысқа белсене қатынасып, дарынды жырларымен көзге түскен ақындарды моральдық жағынан да, материалдық жағынан да көтермелеу жөнінде қажетті шаралар қолданылды.

Еңбекші халық айтысты бұрын да жақсы бағалаған, ақындарға шама шарқынша сый-құрмет көрсеткен. Ұлы социалистік революциясының 40 жылдығы құрметіне, одан кейін қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өтетін онкүндігі (1958) қарсаңында халқымыздың осы ізгі дәстүрі жаңғыра дамып, жаңа бір сатыға көтерілді, үлкен қоғамдық мағынаға ие болды. Совет атқару комитеттері республикамызда тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы жылдарында қайта басталған ақындық айтыстардың алғашқы тәжірибелерін қорытып, онан әрі дамыту жөнінде нақтылы шаралар қолданды. Жер-жерлерден мерекелік айтыстар өткізуді дәстүрге айналдыру жөнінде түскен ұсыныстар республика басшы ұйымдары тарапынан қолдау тапты. 1959 жылдың көктемінен бастап Қаз. ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 40 жылдығы құрметіндегі ақындар айтыстарын ұйымдастыру ісі қолға алынды. Айтыстар бұрынғыша бірнеше дүркін - әуелі ауылдарда, сонсоң аудан орталықтарында өткізілді. Осы ақындық жарыстарда озып шыққандар облыстық айтыстарға жіберілді.

Мерекелік айтыстарды замана талабына сай дамыту ісіне Қазақстан Жазушылар одағының президиумы мен Қаз. ССР ҒА-ның М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты көп еңбек сіңірді. Ақындар айтыстарына алдын-ала дайындалуды және оны жұртшылық күткендегідей дәрежеде өткізуді ұйымдастыру тәжірибелеріп қорытып, айтыс өлеңдерінің саяси-идеялық мазмұны мен көркемдік сапасына, оның табиғатына тән ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасауды жолға қоюда жоғарыда аталған президиум мен институт бірлесіп өткізген «Халық ақындарының республикалық мәслихатының» (1961 жылы 3-5 тамыз Алматы) үлкен маңызы болды. Мәслихатты академик-жазушы Ғабит Мүсірепов басқарды. Республиканың белгілі ғалымдары Е. ЬІсмайылов, М. Қаратаев және басқалар баяндама жасады, сөз сойледі. Жарыс сөзге ақындар да белсене қатынасып, айтысты, жалпы халық поэзиясын дамыту жөнінде ойларын ортаға салды. Ақындар айтысы ұйымдастырылды. Мәслихат ақындар айтыстарын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныс-қаулы қабылдады.

Ақындар айтыстары республика партия ұйымдарының еңбекшілер арасында жүргізілетіп сап салалы саяси-тәрбие, мәдени-ағарту жұмыстарының бірі есебінде, 50 жылдардың соңында, 60 жылдардың басында-ақ берік орнытып, қалыптасып алды. 1965-1967 жылдар Ұлы социалистік революциясының 50 жылдығы, 1969-1970 жылдары В. И. Лениннің туғанына 100 жыл, Қаз. ССР-інің құрылғанына 50 жыл толуы құрметіне жер-жерде ақындар айтыстары өткізілді. Осы ұлы мереке күндерінде әрбір облыстың таңдаулы ақындары Алматыға шақыртылды. Белгілі айтыс тарландары астанада бас қосып, жыр толғады. 1978 жылдың күзінен бастап республикамыздың ауылдары мен аудандық, облыстық орталықтарында Қаз. ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 60 жылдығы құрметіне арналған мерекелік айтыстар өткізілді.

1957 жылы басталған мерекелік айтыстардың өрлей дамып, биіктен-биікке көтерілуі, сөйтіп, кемелденген соң қоғамға қызмет етуі оның өміршеңдігін және болашағы зор екенін көрсетеді. Ақындар айтысы, іс жүзінде идеологиялық майданның сенімді құралдарының бірі болып алды. Ширек ғасырдай мерзім ішінде ақындар айтыстары атқарған қоғамдық пайдалы қызмет күрделі де сан алуан.

Айтысқа қатынасқан әрбір ақын Ленинді, партияны, Октябрьді жырлауды өзінің басты мақсаты етіп алдына қойды да, соны ойдағыдай орындауға күш салды. Айтыс өлеңдерінің өзегі, негізгі тақырыбы да осы еді.

Ақындар айтыс үстінде өздері өмір сүріп, жұмыс істеп жүрген ортаның - ауыл, аудан, облыстың поэзиялық тарихи шежіресін жасады. Күнделікті өмір тынысы, шаруашылық және мәдени жұмыстардың жай-күйі ақындар жырларына негізгі арқау болды. Әсіресе, тыңға шабуыл сияқты бүкіл халықтық маңызы зор жұмыстар жан-жақты жырланды. Халықтар достығы, совет адамдарының патриоттығы үлкен орын алды. Материалдық игілікті өндіруші озаттар аттары аталып, ерлік еңбегі сүйіспеншілікпен мадақталды. Бұл айтыстарда ауыл, аудан, облыс қоғамдық ұйымдары, шаруашылық органдары шеше алатын, толғағы жеткен мәселелер көтерілді. Айтыс үстінде ақындар ескерілмей жүрген көп жайларды еске салып, шешуін талап етті. Әлеуметтік мәселелерді қозғау арқылы ақындар айтыстың қоғамдық мәнін күшейте түсті.

Ақындар айтыстарында әділ де өткір сын кең өріс алды. Шаруашылық басшыларының қырсыздығы айқындалып, өткір өлеңмен ажуаланды. Ақындар бетің бар, жүзің бар демей, біздің алға басуымызға кедергі болатындардың бәрін, кінәлі адамдардың бетіпе шыжғырып басты. Сонымен қатар ақындардың жыр-сындары ескіліктің адам санасындағы сарқыншақтарына қарсы күресте қуатты құрал болды. Қоғам дәулетінен үзіп-жұлып, байлық жинауға ұмтылатын сұғанақтар мен мемлекет мүлкін, қаржысын орынсыз шашатын ысырапқорлар, өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы еңбек ете білмейтін олақтар мен ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп күн кешуге ұмтылған жалқаулар жұртшылық алдында өткір сыналды. Айтыстарда айтылған сындар адамдардың жан сезіміне әсер ету арқылы қоғамға залалды кемшіліктерді түзетуге кезінде көп көмек көрсетті. Ақындар айтыстары ресми жиналыстарда айтылатын, мерзімді баспасөзде көтерілетін сын, өзара сынның пәрменділігін арттыруға, поэзиялық тұрғыда қызмет етті. Ақындар айтыстарында Қалқа Жапсарбаев (Талдықорған обл.), Нұрхан Ахметбеков (Қостанай обл.), Ғабдіман Игенсартов (Қарағанды обл.), Сман Байжанов (Жамбыл обл.), Сәттіғұл Жамбылов (Гурьев обл.), Манап Көкенов (Қызылорда обл.). Игібай Әлібаев (СолтүстікҚазақстан обл.), Қамидолла Қыдыров (Орал обл.) т. б. ақындар өздерінің ақындық шеберліктерін көрсетті. Ақындар айтысы бірнеше жинақ болып, баспадан шықты.

Өлең-жырлар. Қазақ ауыз әдебиеті Октябрьлық революциясынан кейін одан әрі дамыды. Республикамызда тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жасалған ұлы өзгерістер халық поэзиясының ақындық айтыс жанрымен қатар қазақ совет халқының өлең-жырларының да жаңғыра дамуындағы жаңа кезең болды. Коммунистік партияның тың игеру жөніндегі ұлы мақсаттары туғызған совет халқының ұлы жігері, ақ қарды күреп тастап, ақ далаға брезент шатыр тіккен, сөйтіп жаңа агроқалашық салуға, алғашқы бороздаларды тартуға дайындалған бірінші тыңгерлердің ерлігі, алыстан келген ағайындарды қазақ халқының құшақ жая қарсы алған жылы қонақжайлығы, совет халықтары иптернационалдық достығының тың жерлерде бұрыңғыдан да айқын көрінген мызғымас беріктігі ақындар жырларына негізгі арқау болды. Ақындар жүрек жарды жырларын осынша үлкен жұмыстардың дем берушісі әрі ұйымдастырушысы Коммунистік партияга арнады. Ленин туралы жаңа жырлар туып, халық арасына кеңінен тарады.

Коммунистік партияның тың жерлерді игеру жөніндегі шақыруына Аманкелді Имановтың жауынгер серігі, Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаты, көрнекті халық ақындарының бірі Омар Шипин алдымен үн қосты. Ақын партияның ұлы бастамасын мадақтап жыр толғады. Оның халыққа жасаған әкелік қамқорлығын, әрбір үйге бақыт әкелгенін, Ленин идеяларын жүзеге асыра отырып, жарқып болашаққа сеніммен бастап келе жатқаныңөлең жолдарымен әдемі бейнелеп, құлаққа құюға, көңілге ұялатуға күш салды. Ақынның «Коммунистік партия» атты өлеңінде, партияға арнаған басқа да көптеген толғау, термелерінде, жырларында оның данышпан көсемдік, іскер ұйымдастырғыштық тұлғасы бейнеленді. «Күн күледі нұр төгіп» атты өлеңінде «жүзінде жастық оты, кеудесінде тасқын бар» жас жігіттер мен жас қыздардың тыңға келіп жатқаның қуана жырлады. «Тың жерде» атты өлеңі Қостанай даласындағы қызу еңбекті, алғашқы тың игерушілердің ерлігіп бейнелеуге арналды. Ақынның тың тақырыбына арналған өлеңдері 1957 жылы «Тың үстіндегі ту» деген атпен жеке жинақ болып шықты.

Бұл кезде республикамыздағы тыңигеруді жаппай қолға алған облыстардың қалаларында, ауылдары мен селоларында тұратын басқа да бірсыпыра халық ақындары жаңалықты сергек сезініп, шабытты жырлар толғады. Олардың тың тақырыбына арналған өлең-жырлары газеттер мен журналдарда басылып, радио арқылы таратылып жатты. Нұрқан Ахметбековтың 1958 жылы жарық көрген «Тосын толғау» атты жинағында тыңда туған жырлары жарық көрді. Сөйтіп, тыңға шабуылдың әдеби-көркем шежіресі жасалып жатқанын алматылық Үмбетәлі Кәрібаевтың «Тыңды игерген жастарға», қарағандылық Қайып Айнабековтің «Тың көтерген жастарға», Кенен Әзірбаевтың «Тың желдірмесі» атты өлеңдерінен де анық көреміз.

1956 жылы Советтік Қазақстан Отан қоймасына тың тарихында тұңғыш миллиард пұт астық құйды. Республика еңбекшілері алдына тыңның табиғи жалғасы - екінші тың атанған қой шаруашылығын шұғыл өркендету, жалпы мал шаруашылығының мәдениетін көтеріп, ет, сүт, жұмыртқа, жүн өндіруді шұғыл арттыру міндеті қойылды. Астық өндіруді ұлғайта отырып ауылшаруашылығының басқа да салаларын комплексті өркендету, ауылдар мен селолардың Мәдени-тұрмыстық проблемаларын шешу, жаңадан көптеген өнеркәсіп орындарын салып, өнімніңтүр-түрін көбейту ісі қызу қолға алынды. Жаппай еңбек өрлеуі халық ақындарының творчествосында соны серпін туғызды. Ақындар диқандар мен малшылардың қолы жеткен табыстарын мадақтай отырып, оларды бұрынғыдан да өнімді еңбек етуге, елімізде ауыл шаруашылықөнімдерінің молшылығын жасауға шақырды. Омар Шипиннің «Обагаи ауданының озаттарына», Кенен Әзірбаевтың «Колхозымның озаттары», «Шабындықтағы шабыт» т. б. өлеңдері осындай туындылар еді.

1969 жылы 27-30 қараша күндерінде Алматыда өткізілген В. И. Лениннің туғанына 100 жыл, Қазақ ССР-інің құрылғанына 50 жыл толуына арналған ғылыми-творчестволық конференция халық поэзиясының дамуында үлкен роль атқарды. Конференцияда Қазақ ССР ҒА-ның вице-президенті, акад. А. Нүсіпбеков кіріспе сөз сөйледі. Белгілі ғалымдар М. Ғабдуллин «Қазақтың советтік ауыз әдебиеті 50 жылда», М. Қаратаев «Бүгінгі фольклор мен әдебиеттің байланысы» деген тақырыптарда ғылыми баяндамалар жасады. Конференция сонымен қатар Н. С. Смирнованың «Қозы Көрпеш» жырының алтай және қазақ версиялары», Б. Г. Ерзаковичтің «Қазақ халқының революциялық әндері», О. Нұрмағамбетованың «Қазақ фольклорының жиналу, зерттелу жайы», Б. Адамбаевтың «Ленин бейнесі ақындар жырында», Т. Сыдықовтың «Халық ақындарының қазіргі эпикалық поэмалары», Б. Уахатовтың «Қазақтың дәстүрлі халық өлеңдері және оның қазіргі даму жайы», К. Сейдехановтың «Қазақтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі батырлық-ерлік жырлары», Б. Ысқақовтың «Жыраулық дәстүр және қазіргі жыраулар», Ә. Рақымжановтың «Дамылсыз дамыған дәстүр» туралы ғылыми хабарлары тыңдалды. Бұл баяндамалар мен хабарларда қазақ халық поэзиясының өткен тарихына, қазіргі жайына жан-жақты ғылыми талдау жасалды. Болашақ дамуының бағыт-бағдары жөнінде құнды пікірлер айтылды. «Конференция қазақ совет ауыз әдебиетін жасаушы халык ақындары мен жыршылары, әншілері мен күйшілері социалистік революциясы жеңген алғашқы жылдардан бастап В. И. Ленинді, Коммунистік партияны, Совет өкіметін, социалистік құрылысты толассыз жырлап, әдебиетімізбен жарыса жасап, ақ жарқын ақын жанды халқымыздың мәдени-эстетикалық қажетін өтеуге елеулі қызмет етіп отырғанын көрсетті» («Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» А., 1973 ж. 6-6.).

Конференциядан кейін оның материалдары «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» атты жеке жинақ болып, «Ғылым» баспасынан басылып шықты. Конференцияда қызылордалық Мұзарап Жүсіпов «Ленин - күн», Солтүстік Қазақстаннан келген Игібай Әлібаев «Құттықтау», алматылық Мұқаш Байбатыров «Уа, партия, қолбасшым», қызылордалық Нұғыман Малдыбаев «Тойға шашу», семейлік Қалихан Алтынбаев «Алғыс саған, партия», көкшетаулық Мұса Асайынов «Туған жер туралы толғау», талдықорғандық Әбдірахман Алдабергенов «Жетісу аясында» атты жаңа өлең-жырларын толғады. Жамбыл облысынан келген әнші-композитор Мейрамбек Күздеубаев Жамбылдың «Ленин Мавзолейінде» дейтін белгілі жырын өзі шығарған жаңа әнмен шырқады. Сол сияқты Құтбай Дүрбаев (Ташкент), Құмар Жүсіпов (Гурьев), Төлеген Қаражанов (Қызылорда), Жарман Рахимов (Солтүстік Қазақстан), Көкен Шөкеев (Көкшетау), Орынбай Аймағамбетов (Қарағанды), Құлжабай Төлеуов (Шымкент). Қамадиден Нұғыманов (Павлодар), Молдабай Жолдыбаев (Алматы) т. б. ақындар орындаған өлең-жырлар, ән-күйлер мазмұндылығымен, көркемділігімен көпшіліктің көңілінен шықты. Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған Қаз. ССР РА жалпы жиналысының сессиясы да қазіргі халық поэзиясының келелі мәселелерін қозғады.

1974 жылдың жазында халық ақыны, СССР Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толуы салтанатпен мерекеленді. СССР Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Г. М. Марков, Қырғыз ССР-інің халық жазушысы Шыңғыс Айтматов құттықтау сөз сөйледі. КПСС ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші секретары Д. А. Қонаев жолдастың ақынға жазған хаты зор ынта-ықыласпен тыңдалды. Хатта былай делінген:

«Қымбатты Кенен аға!

Халқымыздың аты әйгілі, сүйікті ақыны, композиторы дана Жамбылдың шәкірті және серігі Сізді торқалы тойыңызбен әрі еліміздің ең жоғары наградасы - Ленин орденін алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын.

Сіздің жалынды сөздеріңіз Қазақстан ғана емес, онан тыс жерлерге кеңінен мәлім. Олар адамды даналық пен ұшқыр ойға, үлкен толғанысқа, терең сезімге бөлейді. Жұртшылықтың зор сүйіспеншілігіне ие болған тамаша ән-жырларыңызда жастық оты, қажымас қуат бар. Әлеуметтік ауқымы кең, талантты творчествоңыз бәрімізге де қымбат. Өйткені ол туған халқымыздың өміріне тамырын терең жайған. Соған адал қызмет етеді.

Қымбатты Кенен аға, өзіңізге шын жүректен мықты денсаулық, зор бақыт және творчестволық жаңа табыстар тілеймін».

Ақынның 90 жасқа толуының салтанатты жағдайда мерекеленуі, оны Коммунистік партия мен Совет мемлекетінің корнекті қайраткері Д. А. Қонаев жолдастың шын жүректен құттықтауы қазіргі халық поэзиясына жасалған үлкен құрмет, оның қоғам өміріндегі ролін жоғары бағалағандық болды. Мәжіліс материалдары, Кенен творчествосына, халық поэзиясының кейбір мәселелеріне арналған зерттеулер, мақалалар «Халық поэзиясы және бүгінгі өмір» деген атпен жеке жинақ болып шықты (1976).

Жетпісінші жылдардағы қазақ халық поэзиясын жасаушы ел ақындарының творчествосында замана тынысын, бүгінгі ұрпақтың ой-пікірін білдіріп, жетекші болуға ұмтылушылық байқалады. Қостанайлық Ғаббас Туралиннің «Қасиетті туыңа бас иемін», қызылордалық Ермағамбет Елібаевтің «Коммунист», семейлік Ахат Шәкәрімұлының «Өшпес жарық», жамбылдық Айша Көпжасарованың «Көтерсе басын күн көсем», қарағандылық Дүйсенбек Исабековтың «Мақтанышымыз, намысымыз», алматылық Зейне Қасымовтың «Ұлы Ленин бабам үшін», алматылық Айымгүл Меңжанованың «Коммунарлар туы», павлодарлық Мұқсихан Заитовтың «Октябрь нұры», қызылордалық Қожантай Досмамбетовтың «Ленин» атты өлеңдерінде ұлы Ленинге, Коммунистік партияға, Октябрь идеяларына, Совет өкіметіне деген үлкен сүйіспеншілік бар. Ақындар өздерінің ойын поэзия тілімен әдемі бейнелей отырып, замандастарының жан сырын, махаббатын келістіре шерткен.

Қазіргі заман басты проблемаларының бірі туған табиғатты, жер мен суды, ормандар мен тоғайларды, аңдар мен құстарды, әрбір қала мен ауылдың әуе кеңістігін қорғау, олардың келешек ұрпақтарға табиғи таза күйінде қалуына қамқорлық жасау болып отыр. Коммунистік партия мен Совет үкіметі бұл міндетті орындау үшін қажетті шаралар қолдануда. Бұл игі іске халық ақындары да үн қосты. Қазіргі халық поэзиясында табиғаттың анадай аяулы, арудай сұлу, сәбидей пәктігін үлкен сүйіспеншілікпен бейнелейтін жырлар көбейіп келеді. Өскемендік Ахтан Нұрбаевтың «Шабындық шақырады», шымкенттік Тұрды Махамбетовтың «Қаңтар түні», онымен жерлес Көпбай Әлімбетовтың «Жомарт жайлау», маңқыстаулықУәйіс Қайралаповтың «Туған жер туралы толғау», ақтөбелік Бекес Сәуірбаевтің «Бозторғай», жезқазғандық Нұрәсила Бәрменбайқызының «Қос лақ» өлеңдері табиғат пен адам арасындағы достықты, бауырластықты паш етеді.

Кешегі ұлы Отан соғысы халқымыздың жадында ұмытылмастай, жоғалмастай терең із қалдырды. Коммунистік партияның басшылығымен Совет халқының адамзат тарихында теңдесі жоқ ұлы шайқаста жеңіп шығуы, өзінің бақыты мен бостандығын қорғап қана қалмай, Европа мен Азияның көптеген елдерінің азаттық алуына көмектесуі бүгін де дүние жүзіндегі бейбітшілік пен демократия үшін күрестің қош басында барлық ұрпақтар жүрегінде заңды мақтаныш сезімін туғызады. Бұл бостандық пен бақыт орасан қымбатқа түсті. Ақындар ағалары мен әкелерінің, құрбы-құрдастарының соғыстағы ерліктерін, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығын суреттей отырып, бүгінгі ұрпақты бейбітшілікке үндейді. Жамбылдық Өмірбек Қабылов, түркістандық Төребай Шериев, шымкенттік Еркебай Бүрлібаев және басқа да көптеген ақындар бейбітшілік, әскери-патриоттық тәрбие мәселелерін жақсы жырлап келеді.

Коммунистік партияның қамқорлығы нәтижесінде халық поэзиясы жылдан-жылға дамып, оны жасаушылар қатары талантты ақындармен толыға түсуде. Жамбылдық Сман Байжанов пен Төреқожа Қанқожаев, қызылордалық Рахмет Батырбаев пен Манап Көкенов, талдықорғандық Мұсабеков Дәулет пен Есболат Ақжолтаев, шымкенттік Тәжиев Асан мен целиноградтық Мәрия Сатыбалдина, жезқазғандық Самат Мұсабеков пен алматылық Әкімхан Зәкіриянов және басқа да бірсыпыра ақындар халық поэзиясын дамытуда жемісті еңбек етіп жүр.

Совет Одағы Коммунистік партиясы ОК-нің Бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Л. И. Брежнев өзінің «Тың» атты тамаша кітабында қазақ халқының ауыз әдебиетін жоғары бағалады, оның әдебиетпен жалғаса дами беруіне жол сілтеді. Қазіргі уақытта қазақ совет халық поэзиясының кок жиегі кеңейіп, көтерер жүгі күрделілене түсуде.   

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.36-70.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-02-28 14:02:49     Қаралды-1319

БІЗДІҢ АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ НЕМЕН ЖАЗҒАН?

...

Ертеде желім, күйе және су қоспасы қолданылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЛЫҚТАР НЕ ЖЕЙДІ?

...

Қоректену тәсілі бойынша балықтар шөпқоректілер (фитофагтар)...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚҰМЫРСҚАЛАР ИІС СЕЗЕ МЕ?

...

Құмырсқалардың иіс сезімі иттер сияқты жақсы дамыған!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛМАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА 10 ПАЙДАСЫ

...

Алма қабығында антиоксидант кверцетиннің көп мөлшері бар

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕЖЕЛГІ УАҚЫТТА ТІСТЕРІН ҚАЛАЙ ТАЗАЛАҒАН?

...

Ақ және сау тістерге арналған ұнтақ

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАРСТА ӨМІР БАР МА?

...

Түнгі аспанда жұмбақ жыпылықтайтын қызыл түсті жұлдыз – Марс

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕРТЕДЕ ӘЙЕЛ МАТЕМАТИКТЕР БОЛДЫ МА?

...

Гипатия (370-415) антикалық дәуірдің алғашқы атақты әйел ғалымы болып саналады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АДАМДАР ШАЙ ІШУДІ ҚАШАН БАСТАДЫ?

...

Жабайы шай бұталарын бүгінгі күнге дейін Қытай тауларында кездестіруге болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАНДАЙ ӨСІМДІКТЕР ПАРАЗИТТЕР ДЕП АТАЛАДЫ?

...

Басқа өсімдіктің ұлпаларына жабысып, одан су мен қоректік заттарды бөліп алатын...

ТОЛЫҒЫРАҚ »