UF

ҚАРАҚАЛПАҚСТАН. 1932 жылы 20 наурызда құрылған. 1936 жылғы 5 желтоқсаннан бастап Өзбек ССР-інің құрамына кірді. Өзбек ССР-інің солтүстік-батыс бөлігіне орналасқан. Жері 165,6 мың км2 (Өзбекстан жерінің 37%-і). Халқы 1,8 млн. Әкімшілік жағынан 12 ауданға бөлінеді; 8 қаласы, 9 қ. т. поселкесі бар. Астанасы - Нүкіс қаласы.

Табиғаты. Қарақалпақ Қызылқұмның солтүстік-батыс бөлігінде Үстірттің оңтүстік-шығыс жағы мен Амударияның сағасын ала жайласқан. Арал теңізінің оңтүстік бөлігі Қарақалпақ территориясында. Жері негізінен жазық; тек оңтүстік-шығыс жағы ғана (Сұлтануиздағ, 473 м) дөңестеу, Амударияның сағасы батпақты, көлді, тоғайлы-бұталы келеді. Пайдалы қазындылары: ас және глаубер тұздары, құрылыс материалдары.

Климаты тым континенттік, жазы ыстық, өте қуаң, қысы қоңыржай салқын, қарсыз. Қаңтардың орташа температурасы - 4,9°, -7,6°С, шілдеде 26°С, 28,2°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 110 мм. Амудария өзенінің суы егіншілікке пайдаланылады. Өзен атырауы бірнеше тармақтарға бөлінеді. Су тасу кезінде арналық бағыты өзгеріп, атырабын су басады.

Қарақалпақ жері негізінен боз және қоңыр топырақты. Үстірт жағы тақырлы, сортаңды. Амудария сағасы ғана өсімдік жамылғысына (тоғай, шалғын) бай келеді, республиканың қалған жерінде қуаңшылыққа төзімді сексеуіл, жусан, бұйырғын, эфемер т. б. өсімдіктер өседі. Қарақалпақ территориясын негізінен кесіртке мен жыланның көптеген түрлері, жайран, қасқыр сияқты шөлейт еңірлерге төн бауырымен жорғалаушылар мен аңдар мекендейді. Тоғайлы өзен және теңіз жағасында қырғауыл, үйрек, қаз т. б. құстар кездеседі.

Ондатра жерсіндірілген. Амудария мен Арал теңізі балыққа бай.

Халқы. Қарақалпақстанның байырғы тұрғындары - қарақалпақтар (1970 жылы 218 мың болды). Өзбектер, қазақтар, түрікмендер, орыстар, корейлер, татарлар да тұрады. Халықтың орта тығыздығы 1 км2 жерге 4,5 адамнан келеді. Қала халқы 36% (1972). Қалалары - Нүкіс, Ходжейли, Бируни, Тахиаташ, Төрткүл, Шымбай, Қоңырат, Мойнақ.

Қарақалпақ - ұлт. Қарақалпастан жергілікті халқы. Қалғаны Өзбекстанның Ферғана және Хорезм облысында, Қазақстан мен Қырғызстанда және Түрікменстанда тұрады. Ауғанстанда да аздаған Қарақалпақтар бар. Қарақалпақ қарақалпақ тілінде сөйлейді. Антропологиялық типі Орта Азиялық көне Европа тектес нәсіл мен кейінірек келген монғол тектес нәсілдің араласуы нәтижесінде пайда болған. Қарақалпақтардың арғы тегі б. з. б. 7-2 ғасырларда Арал теңізінің оңтүстік жағалауын мекендеген сақмассагет тайпаларына саяды. Б. з. 2-4 ғасырларда шығыстан ғұндар, 6-8 ғасырларда түріктер келіп, жергілікті тайпалармен араласып сіңісіп кетті. Осындай араласудың нәтижесінде Арал төңірегінде орта ғасырлық печенег және оғыз халықтары пайда болды. Осылардың ішінде 8-10 ғасырларда Қарақалпақ халқы қалыптасты. 10 ғасырдың басында Киев Русінің жеріне дейін жеткен печенегтердің ішінде «қарақалпақтылардың» да болғаны көне орыс жылнамаларында айтылған. Еділ және Жайық өзендерінің аралығында қалған печенегтерге Ертіс бойынан келген Қыпшақ тайпалары араласты. Олардың ішінде де «Қара бөріктілер» деп аталатын рудың болғаны көне жазбаларда кездеседі. 14-15 ғасырларда Қарақалпақ этногенезіне Қарақалпақтың ноғайлармен байланысы едәуір әсер етті. 16 ғасырдың аяғында көне шығыс жазбаларының мәліметтері бойынша тікелей «Қарақалпақ» атауының өзі көптеп кездеседі. Шежіре деректеріне қарағанда, Қарақалпақ халқы Қоңырат (Қият, Ашамайлы, Қолдаулы, Қостамғалы, Балғалы, Қантекті, Қарамойын, Мүйтен, Жауынғыр) және он төрт ру (Қытай, Қыпшақ, Кенегес, Маңғыт...) аталатын екі арыс елден тұрады. Қарақалпақ жартылай көшпелілік жағдайда суармалы егіншілікпен, мал өсіру, балық аулаумен айналысты. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Қарақалпақтың қоғамдық өмірінде патриархалды қатынастардың қалдықтары сақталған феодалдық және капиталистік қатынастардың кейбір белгілері байқала бастады. Ұлы социалистік революциясының жеңісінен кейін Қарақалпақ халқының экономикасы мен қоғамдық емірінде, мәдениеті мен тұрмысында болған ұлы өзгерістердің нәтижесінде механикаландырылған социалистік ауыл шаруашылық, ірі өнеркәсіп орындяры, қалалар мен колхоз, совхоз орталықтары пайда болды. Шын мәнісіндегі мәдени революцияның нәтижесінде сауатсыздық жойылды, ұлттық интеллигенция қалыптасты. Совет өкіметі тұсында Қарақалпақ халқы түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеті өркендеген социалистік ұлтқа айналды.

Тарихы. Қарақалпақ жерін адам баласы неолит дәуірінде (б. з. б. 4 мың жылдықтың аяғы - 2-мың жылдықтың басы) мекендей бастаған. Б. з. б. 2-мың жылдықтың аяғында мұнда суармалы егіншілік пайда болады.

Қой Қырылған Қала діни құрылыстарын қазғанда Өзбекстан жеріндегі ел ертедегі жазба ескерткіштер табылды (б. з. б. 4 ғ.). Топырақ Қала сарайы (3 ғ. - 4 ғасырдың басы) - кейінгі антика дәуірінің үздік ескерткіші. Қарақалпақ халқының этногенезі Сырдарияның сағасы мен Арал шағалауы даласын мекендеген тайпаларға тығыз байланысты. Қарақалпақтардыц көпшілігі 17 ғасырда және 18 ғасырдың орта кезінде Сырдарияның ортаңғы ағысы мен сағасындағы алапты мекендеген. Олар жартылай көшпелі болған, мал шаруашылығын, егіншілікті, балық аулауды кәсіп еткен. Елдің билігі ру басы феодалдардың, ислам діні басшыларының қолында болды. Қарақалпақтар қазақтың Кіші жүз хандарына тәуелді болды. Көрші тайпалардың тынымсыз шабуылына ұшыраған қарақалпақтар 1742 ж. Орынбор мен Петербургке өз өкілдерін жіберіп, Орыс мемлекетінің қарамағына кіруді өтінді. Орыс үкіметі олардың тілегін қабыл алды. Сол үшін 1743 жылы қазақ ханы Әбілхайыр қарақалпаққа жорық жасады. Осының нәтижесінде қарақалпақтардың көпшілігі 18 ғасырдың 2-жартысына таман Сырдарияны тастап, оның батыс атырауына қуятын Жаңа дария бойына қарай ойысты. 18 ғасырдың аяғында Хиуа хандарының жорықтары күшейді. Олар 1811 жылы Қарақалпақтарды жаулап алып, Амударияның сағасына көшірумен тынды. Қарақалпақтар аз уақыттың ішінде Хиуа хандығында бірнеше егіншілік аудандарын жасады. Хиуа феодалдары мен жергілікті ақсүйектердің қанауына наразы болған қарақалпақтар 1855-1856 және 1858-1859 жылдар Хиуаға қарсы көтеріліске шықты. Хиуа әскері бұл көтерілісті айуандықпен басты. Көтерілісшілер Хиуаның қол астынан құтылып, Россияға қосылуға тырысты. Бірақ Хиуа үкіметімен ауыз жаласқан және өз қолындағы биліктен айрылғысы келмеген жергілікті феодалдар оған жол бермеді. Орыс патшасы әскерінің 1873 жылы Хиуаға жасаған жорығының нәтижесінде Хиуа ханы мен Россияға протектораттығы туралы жасалған шарттан кейін Амударияның оң жағасындағы қарақалпақтар Россияға қосылды, бұл жерде Амудария бөлімі ұйымдасты, ол 1887 жылы Түркістан генерал-губернаторына қарайтын Сырдария облыстарының құрамына енді. Қарақалпақтардың сол жағалауда тұратын азшылық бөлігі Хиуа хандығының қарамағында қалды. Оң жағалаудағы қарақалпақтардың Россияға қосылуының объективті прогрестік мәні болды. Қарақалпақ халқы мен Россия халықтарының арасында тікелей байланыс орнады, Қарақалпақ елінің капиталистік дамудың жалпы арнасына қосылуы мұнда товарлы мақта шаруашылығының дамуына, алғашқы өнеркәсіп орындарының пайда болуына жағдай жасады. 20 ғасырдың басында жұмысшылардың ұлттық алғашқы топтары пайда болды. Жалпы білім беретін орыс-қарақалпақ мектептері ашылды. Феодалдық өзара қырқысулар мен шапқыншылық жорықтар жойылды. Қарақалпақтың Россияға қосылуымен бірге еңбекшілер бұқарасын қанау күшейді. Оларды жергілікті байлар мен дін иелері және патшаның әкімдері екі жақтап қыспаққа алды. Вассалдық Хиуа хандығының тұрғындары отарлық Түркістан халқынан да правосыз еді. Революцияга дейінгі қарақалпақ жеріндегі түндіктің 70%-і батрақтар мен кедейлер болды. Ауыл шаруашылық, ирригация техникасы қарапайым дәрежеде қалды. Бірнеше ғана мақта зауыды болды. Отаршылық қанау 20 ғасырдың басында, әсіресе 1914-1918 жылдары 1-дүние жүзілік соғыс кезінде күшейе түсті. Россия пролетариатының революция күресі әсерімен Орта Азияда самодержавиеге қарсы көтерілістер шықты. Қарақалпақтар 1905-1907 жылдар революция толқуларға, 1916 жылы Орта Азия көтерілісіне қатысты. Амудария бөлімінде көтерілістің басты орталығы Шурахан уезінің Шымбай, Сарыби болыстары болды. 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Петроалександровскіде (Төрткөлде), Шураханда, Шымбайда Советтер құрылды. Оларда көпшілік орын алған меньшевиктер мен эсерлер буржуазия Уақытша үкіметті қолдады. 1917 жылы өазанның 2-жартысында Петроалександровскіде большевиктік алғашқы ұйымдар пайда болды.

Орталық Россия мен Түркістанда Октябрьлық революциясы жеңгеннен кейін 1917 жылы желтоқсаның 1-жартысында оң жағалаудағы Қарақалпақ жерінде Совет өкіметі орнады. 1918 жылы сәуірде ол Түркістан АССР-інің құрамына енді. 1918-1920 жылдар Азамат соғысы кезінде қарақалпақ еңбекшілері басмашыларға қарсы күресті. Жонайтхан бастаған басмашы бандылары 1918 жылы қараша-желтоқсанда Петроалександровскіні басып алуға тырысты, қоршауда қалған қала халқы олардың 11 күн бойғы тегеурініне төтеп берді. Шаббаз бен Нүкісте басмашылардың шабуылына ұшырады. 1919 жылы қыркүйекте Түркістан республикасы революция әскери советінің шешімі бойынша Петроалександровскіде революция комитет құрылды (пред. Н.А. Шайдақов). Ол қарақалпақтағы революция күштердің орталығына айналды.

1919 жылы тамызда Шымбайда контрреволюциялық бүлік шықты. Оның басшыларын - Орал қазақ-орыстарының кулактарыг жергілікті феодалдар мен ислам діні иелерін - атаман А. И. Дутов пен Жонайтхан қолдады. Бүлікшілер Шымбайды, Мойнақты, Нүкісті басып алды. 1920 жылы ақпанында бүлік жойылды. 1920 жылы сәуірде бұрыңғы Хиуа хандығының территориясында Хорезм халықтық совет республикасы құрылды (1920-1924). Оның құрамына сол жағалаудағы қарақалпақ жері кірді.

1920 жылы желтоқсанда Амудария бөлімі Түркістан АССР-інің Амудария облыс болып қайта құрылды. 1921 жылы 25 маусымда облыстың 1-партия конференциясында Қарақалпақ облыс партия ұйымы қалыптасты.

1924 жылы 14 қазанда БОАК-тің 2-сессиясы қаулы қабылдап, Түркістан АССР-інің қарақалпақтар тұратын аудандарынан Қарақалпақ АО-н құрды, оған Хорезм республикасының Қарақалпақ округы қосылды. Советтердің 1-құрылтай съезі (Төрткөл қ., 12-19 ақпан 1925) Қарақалпақ АО-н заңды түрде баянды етті. Қарақалпақ елі Қазақ АССР-інің құрамына, 1930 жылы 20 шілдеде РСФСР құрамына енді. 1932 жылы 20 мартта АО Қарақалпақ АССР-і болып, 1936 жылы Өзбек ССР-інің құрамына енді.

Социалистік құрылыс жылдарында СССР халықтарының көмегімен қарақалпақ халқы капиталистік даму сатысына соқпай, социализмге өтті. Мақта тазалау өнеркәсібі және социалистік ауыл шаруашылық жасалды. Жаппай коллективтендіру барысында байлар мен кулактар жойылды. Ирригация шаруашылығы жолға қойылды. Республиканың негізгі ауыл шаруашылық дақылы - мақтадан мол өнім алынатын болды. Мәдени революция жүзеге асырылды: сауатсыздық жойылды (Окт. социалистік революциясына дейін халықтың 0,2% ғана сауатты болатын); бұрынғы феодадық-рулық қоғамның сарқыншақтары негізінен құртылды; жұмысшы табы мен интеллигенцияның ұлттық кадрлары өсіп жетілді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелері, кітапханалар, клубтар т. б. ашылды.

1941-1945 жылдар Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы ерлігі мен тылдағы жан қиярлық еңбегі үшін мыңдаған қарақалпақ еңбекшілері орден, медальдармен наградталды, 14 адам Совет Одағының Батыры атағына ие болды.

Соғыстан кейінгі жылдары республиканың шаруашылығы онан әрі дамып нығайды.

Халық шаруашылығы. Совет өкіметі жылдары Қарақалпақ - социалистік шаруашылығы дамыған республикаға айналды.

Өнеркәсібі. Басты салалары - ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, металл өңдеу. 1971 жылы өнеркәсіптің жалпы өнімі 1940 жылғымен салыстырғанда 4,8 есе артты. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу өндірісінің ішінде мақта тазалау (7 завод) мен мақта майын алудың (3 завод) үлесі басым. Қарақалпақстанда балық өнеркәсібінің одақтық маңызы бар. 1971 жылы мұнда 7,5 мың т балық ауланды. Кірпіш, темір-бетон конструкцияларын шығаратын, автомобиль, ауыл шаруашылық машиналарын жөндейтін т. б. кәсіпорындар жұмыс істейді. Басты өнеркәсіп орталықтары - Нүкіс, Ходжейли, Тахиаташ, Мойнақ, Шымбай. Тахиаташ ГРЭС-і (252 мың квт) республиканы электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді. 1969 жылы Қарақалпақстан Орта Азиялық бір тұтас энергжүйесіне қосылды.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылық жері 2662 мың га (1971), оның ішінде жыртылған жер 209,2 мың, шабындық пен жайылым 2443,7 мың га. Егістігі 214,8 мың га (1971), оған дәнді дақылдар (28,7 мың, оның ішінде күріш 26,1 мың), мақта (131,0), картоп, көкөніс-бақша (6, 8), мал азық дақылдары (48,2) егіледі. Республикадағы барлық егістік суармалы. Қызкеткен, Пахтаарна т. б. ирригациялық жүйелер бар. Амудария бойынан Тахиаташ, Түйемойын плотиналары салынуда. Қарақалпақстан егісінің басты өнімдері (1971, мың т) мақта 321 (бұл бүкіл Өзбекстан өнімінің 7,1%-і), күріш 67, бақша дақылдары 27 (Қарақалпақстанның хорезм қауыны бүкіл елге әйгілі).

Қарақалпақстанда негізінен жайылымды мал шаруашылығы дамыған. 1972 жылғы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 272,1, оның ішінде сиыр 105,7; қой мен ешкі 461,6 (қаракөл қойын өсіру едәуір дамыған). Мал шаруашылығының 1972 жылғы өнімдері (мың т): ет 13, сүт 91,3 және жүн 1682 т.

Транспорты. Қарақалпақстан арқылы 50 жылдары салынған Чарджоу - Қоңырат темір жол 70 жылдары Бейнеу үсті мен Мақатқа (Атырау обл.) дейін ұзартылды, яғни Орта Азиядан Орталыққа шығатын басты жолдардың біріне айналды. Амудария мен Арал теңізінде кеме жүзеді. Автомобиль жолдарының ұзындығы 1172 км (1972). Қарақалпақстан территориясынан Бұхара - Орал, Орта Азия - Орталық газ құбырлары өтеді.

Еліміздің басқа республикаларына Қарақалпақстаннан мақта талшығы, күріш, балық консервісі, қаракөл елтірісі, ондатра терісі, жүн т. б. шығарылады, ал Қарақалпақстан экономикасына еліміздің басқа аудандары - тас көмір, мұнай және ағаш өнімдерін, түрлі машиналар мен өндірістік құрал-жабдықтар, тыңайтқыш т. б. береді.

Денсаулық сақтау ісі. 1913 жылы 21 төсектік 2 аурухана, 3 фельдшерлік пункт, 3 дәрігер, 3 фельдшер болған. Олар негізінен әскери бөлімшелерді қамтыды. 1972 жылы республикада 7, 6 мың төсектік (1000 адамға 10 төсек) 96 аурухана, 138 амбулатория мен поликлиника, 67 әйелдер және балалар консультациясы, 351 фельдшерлік пункт болды. 1,2 мың дәрігер (607 адамға 1 дәрігер), 5 мың орта білімді медициналық қызметкерлері жұмыс істеді. Республикада безгекке қарсы жүргізілген шаралар нәтижесінде бұл ауру толығымен дерлік жойылған. Өкпе ауруы туберкулезін емдейтін 4 санаторий және Арал теңізі жағасында (Мойнақ қаласында) демалыс үйі бар.

Халық ағарту және мәдени ағарту мекемелері. 1914-1915 оқу жылында Қарақалпақстанда 200 оқушысы бар 4 жалпы білім беретін мектеп болды. 1971-1972 оқу жылында 729 жалпы білім беретін мектептерде 200 мыңнан астам оқушы, 16 арнаулы оқу орындарында 10 мыңға жуық оқушы, Нүкістегі педагогикалық институтында 5 мыңнан астам студент оқыды.

1971 жылы мектепке дейінгі мекемелерде 15 мыңдай балалар тәрбиеленді.

1972 жыды 1 қаңтарда Қарақалпақстанда 405 кітапхана (2 млн. данаға жуық кітап, журналдар), 236 клубтың мекемелер мен 279 киноқондырғы, Тарих-өлкетану және Өнер музейі болды.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Қарақалпақстанда 16 газет, 4 журнал басылымдары шығады (1971). Республикалық газеттері: қарақалпақ тілінде «Совет Қарақалпақстаны» (1924 жылдан), «Жас Ленинші» (1931 жылдан), «Жеткішнек» (1932 жылдан), орыс тілінде «Советская Каракалпакия» (1919 жылдан). Әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналы - «Эмудэрья» (1932 жылдан). Республика радиохабары мен телевизиясы хабарды қарақалпақ, өзбек, түрікмен және орыс тілдерінде 2 радио және телепрограммалар бойынша жүргізеді. Москва, Ташкент телепрограммаларын қабылдайды. Телеорталық — Нүкіс қаласында.

Әдебиеті. Қарақалпақ - ауыз әдебиетіне бай халық. Оның «Қырық кыз», «Ашық Ғаріп», «Шадьяр» т. б. батырлық және лиро-эпостық жырлары ертеден мәлім. Жазба әдебиеті 18 ғасырдан басталады. Ол кезде әдебиет әлеміне Жиен жырау Тоғайұлы (18 ғ.), Күнқожа Ибраимұлы (1799-1880), Әжінияз Қасыбайұлы (1824-1878), Бердақ Қарғабайұлы (1827-1900), Омар Өтеш (1828-1902),         Омар Сүгір бабатұлы (1879-1922), Құлмұрат (1838-1927), Сыдық Шаир (1857-1917) сияқты ақындар шығып, өздерінің тамаша өлеңдері мен жыр-дастандарын ел ішіне кең таратты. Жиен жыраудың «Босқан ел» толғауы мен Бердақтың «Ақымақ патша» атты дастаны - қарақалпақ  әдебиетіне елеулі із қалдырған аса маңызды шығармалары. Әжінияздың «Боз отауы», Бердақтың «Ерназар би», «Айдос би» деген шығармалары 19 ғасырдағы тарихи шындыққа құрылды. Қарақалпақстан әдебиеті тек Совет өкіметі жылдарында ғана барынша кең өрістеді. Жаңадан проза, драматургия жанрлары туып, әдеби сын, әдебиет тану ғылымы дамыды. А. Мусаев (1880-1936), С.Мәжитов (1869-1938), А.Өтепов (1904-1934), А.Дабылов (1898-1970), С.Нұрымбетов (1900-1971) сияқты ақын-жыраулар Совет өкіметін, Коммунистік партияны, оның кемеңгер косемі В. И. Ленинді мадақтаған өлеңдер жазды. А. Бегімов (1907-1958), Ж. Аймырзаев (1910 ж. т.), М. Дәрібаев (1909-1942), Ә. Шамұратов (1912-1953), Б. Қайыпназаров (1916 ж. т.) т. б. елеулі еңбек етті. Бұлардан кейін келіп қосылған X. Сеитов (1917 ж. т.), X. Тұрымбетов (1926-1968), Т. Жұмамұратов (1915 ж. т.), И. Юсупов (1929 ж. т.) т. б. ақындар өздерімен бірге қарақалпақ поэзиясына сыршылдық лирика, сатира, юмор, мысал т. 5. жанрларды ала келді.

Қарақалпақстан өнерінде проза 20 жылдардың 2-жартысынан көріне бастады. М.Дәрібаевтың «Мыңдардың бірі», Ә.Шамұратовтың «Ескі мектепте» атты көлемді прозалық шығармалары 30 жылдары жарық көрді. 50 жылдары жазылған А. Бегімовтың «Балықшының қызы» (1958), Ж.Аймырзаевтың «Амудария жағасында» (1958), Т.Қайыпбергеновтың (1929 ж. т.) «Қарақалпақ қызы» (1-2-кітап, 1963-1965) романдары қарақалпақ прозасын биік белеске көтерді.

Қарақалпақстан өнерінде драматургия 20 жылдардың ортасында пайда болды. Қарақалпақ драматургтары С. Мәжитовтың «Ерназар - Алакөз», «Бағдагүл», «Тазагүл», Қ. Әуезовтің «Жиек жолында», А. Өтеповтың (1904-1934) «Теңін тапқан қыз» пьесалары - сол кездегі үздік туындылар. Кейінгі жылдарда жазылған Ж. Аймырзаевтың «Айгүл - абат», «Раушан», «Бердақ», А. Бегімовтың «Боз отау», «Ашық Ғаріп», М. Дәрібаевтың «Көклан батыр», «Жаңа адамдар», Н.Дәуқараевтың (1905-1953) «Алпамыс», С.Хожаниязовтың «Сүймегенге сүйкенбе», «Жас жүректер» пьесалары республика театрларының репертуарларын байыта түсті. Әдеби сын мен әдебиет тану ғылымы да дами түсті. Қарақалпақтың тұңғыш ғалымы Н. Дәуқараев, Өзбекстан  ҒА-ның корр. мүшесі, профессор И. Сағитов, М.Нұрмұхамедов, филологиялық ғылыми докторлары Қ. Айымбетов, Н. Жапақов, С. Ахметов т. б. бұл салада жемісті еңбек етіп келеді.

Қарақалпақ, қазақ әдебиеті ежелден туыстас. Екі ел әдебиетінің озың туындылары қос халыққа ортақ. Қарақалпақ дастаны «Қырық қыз» (1959), қазіргі қарақалпақ ақындарының шығармаларынан құрастырылған «Қарақалпақ жырлары» (1961) қазақ тілінде жеке кітап болып шықты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Қарақалпақстан өнерінің ежелгі ескерткіштері (Қабатқала қазбасынан шыққан қыш ыдыстардың қалдықтары) б. з. б. 4 ғасырға саяды. Қарақалпақстанның Жаңадария өзені бойына қоныстану дәуірінен (18 ғасырдың 2-жартысы) көптеген суландыру жүйелерінің (плотиналар, тоғандар), құлаған үйлердің қалдықтары сақталған. Қарақалпақстанның негізгі тұрғын-жайы - киіз үй мен кесектен салынған баспаналар болған. Қарақалпақстан жерінде эллинистік Хорезм ескерткіштері: Топырақ қала, Гяур қала т. б. кездеседі. Қазіргі кезде Нүкіс, Бируни секілді қалалар мен көптеген қ. т. поселкелер өсіп келеді. Қарақалпақстанда ағаш өңдеу, үй жиһаздарын шұғамен, піл сүйегімен әшекейлеу, кілем, мата тоқу, кесте тігу істері ежелден дамыған. Қарақалпақстанда қол өнері мен зергерлік өнері жақсы өркендеген. 1930 жылдан қондырғылы кескіндеме дамуда. Мусіншілер: Ж. Құттымұратов, Д. Төрениязов; кескіндемешілері: Ж. Беканов, Б. Серекеев, А. Құрбанбаев; график-суретшілері: К. Бердімұратов, К. Нәжімов; театр суретшілері: Б. Д. Каменев, К. Сайыпов.

Музыкасы. Қарақалпақстан музыка мәдениетінің ежелгі тарихы бар. Окт. революциясына дейін ауызша халық творчествосы түрінде дамыды. Халықтың ертедегі музыка мәдениетін біздің заманымызға дейін жалғастырушылар - әншілер мен жыршылар, сазенде мен қиосахандар. Халық әндерінде глиесандо, форшлагтар басым қолданылып, диатоникалық негізге құрылады. Музыка аспаптары: дутар, қобыз, ғыржах, баламан, най, сырнай, дәп, шаң-қобыз.

1917 жылдан кейін Қарақалпақстанда профессионалдың музыка мәдениеті өркендей бастады. 1940 жылдардың аяғынан бастап симфониялық оркестрге арналған шығармалар, хорлар, спектакльдерге арнап музыкалар жазылды. Композиторлар: Ж. Шамұратов, А. Сұлтанов, К. Тұрдықұлов, К. Абдуллаев, М. Жиемұратов, Н. Махаматдинов (қазақ конеерваториясының түлегі). Қарақалпақ халық әндері 1959 жылы баспадан шықты. Ұлттық музыкалық мәдениетін дамытуда СССР халық артисі А. Шамұратова, Өзбек ССР халық артисі Г. Ширазиева, Р. Сейітов, С. Мәмбетова, А. Атамұратова, Қарақалпақ АССР-інің еңбек сіңірген артистері Г. Тілеумұратов, И. Рафикова, М. Байрамов елеулі үлес қосты. Республикада К.С.Станиславский атындағы Қарақалпақ музыкалық-драма театры (1930), Бердақ атындағы филармония (1946), Өзбек ССР Композитор одағының қарақалпақ бөлімшесі (1967), музыкалық-хореография училищесі (1960), 6 музыкалық мектеп жұмыс істейді. Өзбек ССР ҒА Қарақалпақ филиалы өнер тану секторының музыка бөлімі қарақалпақ халық музыкасын жинау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

1972 жылы Алматыда өткен Өзбек әдебиеті мен өнерінің он күндігіне А. Шамұратова, М. Байрамов және Бердак атындағы филармонияның артистері қатысты.

Театры. Драма және театр элементтері қарақалпақ халқының әдет-ғұрыптары мен ойындарында, халық эпостарында, халық өнерпаздарының орындаушылың өнерінде (бақсы, жырау), шешендік сөздерінде (19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басындағы атақтылары - Өмірбек лаққы, Қампақал кемпір, Дәулет лаққы, Тыным қыз) кездеседі. 19 ғасырдың 2-жартысында масқарапаздар өнері кең етек алды. Профессионалдық театр 1917 жылдан кейін қалыптасты. 1917 жылдың аяғынан бастап Петроалександровск, Қоңырат, Кожелі, Шурахан, Шымбай қалаларында көптеген көркемөнерпаздар үйірмелері құрыла бастады. 20 жылдары ұлттық драматургия шығармалары (А. Өтеповтың «Теңін тапқан қызы», Қ. Әуезовтің «Сайеке батыры», С. Мәжитовтің «Ерназар - Ботакөзі») жазылды. 1928 жылы З.Ф.Қасымов жетекшілік ететін труппа негізінде драматург А.Өтепов (Қарақалпақстан театры мен драматургиясының негізін салушылардың бірі, көптеген театр труппаларын басқарып, актерлік, режиссерлік қызметпен шұғылданған) «Таң нұры» атты жаңа театр коллективін құрды. Осы коллектив 1930 жылы (1942 жылы Төрткөлден Нүкіске ауысты) Қарақалпақ музыкалық драма театры (1939) жылдан К. С. Станиславский атындағы болып қайта құрылды. 1939 жылы театр құрамы ГИТИС-тің Қарақалпақ студиясы түлектерімен толықты. Театр репертуарынан студиялық спектакльдермен қатар А.Н.Островскийдің «Жарлылық ұят емесі», Мольердің «Скапеннің айласы», В.В.Вишневскийдің «Алғашқы атты әскері» орын алды. 40-50 жылдар Н. Дәуқараевтың «Алпамысы», X.Хамзаның «Майсараның айласы», С.Хожаниязовтың «Сүймегенге сүйкенбесі», А.Бегимов пен Т.Алланазаровтың «Ашық-Ғарібі», Ж. Аймырзаевтың «Айгүл мен Абаты», «Лейтенант Елмұратовы», К.М. Симоновтың «Орыс адамдары», И.Я.Франконың «Ұрланған бақыты», Мольердің «Тартюфы» қойылды. 1967 жылы қарақалпақ сахнасында қойылған И.Ф.Поповтың «Семья» спектаклінде тұңғыш рет В. И. Ленин образы жасалды. 60-70 жылдары Ж. Аймырзаевтың «Өмір бұлағы», Ғ. Абдулов пен Т. Баяндиевтің «Қарақалпақ қызы», С.Хожаниязовтың «Талуасы», У. Шекспирдің «Отеллосы» қойылды. 1972 жылы Қазақ ССР халық артісі Ә.Мәмбетов Қарақалпақ драма театрында Ш. Айтматовтың «Ана - Жер-анасын» қойды. Қазақтың М. Әуезов атындағы драма театры (1972) және Қазақтың балалар мен жас өспірімдер театры (1973) гастрольдік сапармен ҚАССР-де болып, өнер көрсетті. Республикада СССР халық артисі А.Шамұратова, Өзбек ССР және Қарақалпақ АССР халық артистері С. Әуезова, О. Дәулетова, З. Зарипов, Ю. Мамутов, Р.Сейітов, Г.Шеразиева; Қарақалпақ АССР халық артистері С. Алламұратова, Т. Ахметова, Р. Әдікова, Т. Жолымбетова, С. Өтепбергенов, Ш. Өтемұратов, X. Сапаров, О. Үмітқұлов; Қарақалпақ АССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері: К.Сайыпов, Қарақалпақ АССР-інің еңбек сіңірген артистері Н. Ансатбаева, С. Палуанов, Д. Ранов т. б. еңбек етуде.

Әдеб.: Очерки истории Каракалпакской АССР. -т.1-2, Таш., 1964; Народное хозяйство Каракалпакской АССР. Статистический сб. Нукус, 1967; Нурмухамедов М. Краткий очерк истории каракалпакской советской литературы. Таш., 1959; Жданко Т. А. Народное орнаментальное искусство каракалпаков. в кн.: Труды хорезмской экспедиции. -т. 3. -М., 1958; Баяндиев Т. Каракалпакский театр им. К. С. Станиславского. -Таш., 1970; Народы Средней Азии и Казахстана. -т.1. -М., 1962 (библ.); Толстов С.П. К вопросу о происхождении каракалпакского народа. в кн.: Краткие сообщения Института этнографии АН СССР. в. 2. -М.-Л., 1947; Жданко Т. А. Очерки исторической этнографии каракалпаков. Родоплеменная структура и расселение в XIX - начале XX вв. М.-Л., 1950.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-06-22 15:54:34     Қаралды-4220

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »