UF

НИДЕРЛАНДЫ (Nederland), Нидерландтар Корольдығы (Коnіnкгіjк dеr Nеdеrlаndеn), (ресми емес аты - Голландия) -  Батыс Европадағы мемлекет, солтүстігінен және батысынан Солтүстік теңіз қоршайды. Теңіз жағалауымен есептегенде шекарасы 1 мың км шамасында. Оңтүстігінде Бельгиямен, шығысында ГФР-мен шектеседі. Батыс Фриз аралдары да Нидерланды құрамына жатады. Жері 36,9 мың км2 (ішкі суларын есептемегенде) немесе 41,2 мың км2 (ішкі және территориялық теңіз суларын қоса есептегенде). Халқы 17,3 млн. (2019 жылдың басында). Астанасы - Амстердам қаласы, парламенті мен үкіметі - Гаага қаласында орналасқан. Әкімшілік жағынан провинцияларға (олар қауымдарға) бөлінеді. Нидерландының Америкадағы иелігі - 1975 жылықарашада тәуелсіздік алды. Нидерландылық Антиль аралдары (Кюрасао, Аруба, Бонайре, Саба, Синт-Эстатиус және Сен-Мартен аралының оңтүстік бөлегі).

Мемлекеттік құрылысы. Нидерланды - конституциялық монархия. Қазіргі конституциясы 1887 жылы қабылданған (1920-1965 жылдар аралығында елеулі өзгерістер мен қосымшалар енгізілген, соңғы редакциясы - 1965 ж). Мемлекеттік басшысы - король. Ол министрлер мен соттарды тағайындауға, парламентті таратуға праволы. Қарулы күштердің жоғары бас қолбасшысы да сол. Корольдың кеңесші органы - Мемлекеттік совет. Заң шығарушы орган - король мен парламент - екі палаталы бас штат. Екінші (төменгі) палатаны (150 депутат) 4 жылға халық сайлайды. Бірінші (жоғарғы) палатаны халқының санына сәйкес провинциялық штаттар 6 жылға сайлайды; палата құрамының жартысы 3 жыл сайын жаңартылады. Парламент атынан заң шығару инициативасы Екінші палатада. 18 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Атқарушы өкімет билігін - үкімет - Министрлік Советі жүзеге асырады. Жергілікті жердегі басқарушы провинциялық штаттарды халық 4 жылға сайлайды. Олардың басшыларын (комиссар) король тағайындайды. Қалалар мен селоларда сайланатын қауымдық советтер орталық органдар мен провинциялық штаттарға бағынады. Қауымдық советтердің басшыларын - бургомистрлерді король 6 жылға тағайындайды. Сот жүйесін жоғары сот басқарады, оның құрамында апелляциялық және округтық соттар бар.

Табиғаты. Нидерланды Орта Европа жазығының батысында орналасқан. Солтүстік жағалауы суы тайыз шығанақтармен тілімделген, оңтүстігінде Рейн, Маас, Шельда өзендерінің сағалары қазан шұңқыр тәріздес болып келеді. Жағалауын бойлай биіктігі 56 м-ге дейін құм төбелер созылып жатады. Жерінде - ойпаң жазықтар басым. Территориясының 40%-іне жуығы теңіз деңгейінен төмен, тек 2%-і ғана 50 л-ден жоғары. Ең биік жері (321 м) оңтүстік-шығысында, Арденна тауларының сілемдерінде. Солтүстік теңіздің суы ойпаң жерлерді басып кету қаупі ұдайы төніп тұрады. 1282 жылғы дауылдың салдарынан Зёйдер-Зе шығанағы пайда болды. Соңғы ірі су тасқыны 1953 жылы болып өтті. Нидерландының шығысында адырлы мореналық жазықтар басымдау, орталық бөлігінде әр жерде мореналық жалдар сақталған. Солтүстік бөлігі көбінесе осы күнгі және плейстоцендік құм саз шөгінділерінен, шығыс бөлігі - мұз басудан қалған және флювиогляциалдық шөгінділерден, Рейн, Маас, Шельда атыраулары аллювийлік шөгінділерден түзілген. Орталық Нидерландының шығыс және батыс жағындағы ойпаттарда, Солтүстік теңіздің шельфінде мұнай және газ бар. Шымтезек, ас тұзы, каолин кен орындары кездеседі. Климаты теңіздік, қысы жұмсақ, жазы біршама жылы. Жыл бойы оңтүстік-батыс және батыс желдер басым болады. Қаңтардың орташа температурасы 1-3°С, шілдеде 16-17°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 650-750 мм. Қатты аяз сирек болады. Ірі өзендері - Рейн, Маас, Шельда. Бұлардағы жылдың орта су шығыны 2500 м3/сек шамасында. Өзендердің суы мол, олар бір-бірімен каналдар арқылы жалғастырылған. Теңіз жағалауына жақын өңірдің жері - құнары мол тұнба топырақты - аллювий-шалғын топырақты. Солтүстігі мен шығысында шым күлгін топырақ басым. Территориясының 70%-іне жуығы - адам қолымен жасалған (екпе шөп, егістік т. б.) мәдени ландшафт. Жерінің 8%-і орман (емен, бук, граб т. б.).

Жануарлар дүниесі онша бай емес. Құм төбелерде жабайы қоян, ормандарда тиін, қоян, сусар, күзен, елік кездеседі. Рейн, Маас, Шельда атырауларында суда жүзетін құстар қыстайды. Солтүстік теңіз балыққа бай. 3 ұлттық парк, 8 қорық бар (жалпы көлемі 37,7 мың га).

Халқының ұлттық жағын біртектес деуге болады. Голландиялықтар (елдің орталық, солтүстік бөліктерінде) мен оған шыққан тегі жақын фламандиялықтар (оңтүстік бөлігінде) бір тұтас нидерланд (голланд) ұлты болып қалыптасқан (барлық халықтың 96%-і). Бұдан басқа фриздер (400 мыңдай), сондай-ақ немістер, еврейлер т. б. тұрады. Діні жөнінен халықтың 30%-і протестанттар, 39%-і католиктер. Ресми тілі - нидерланд (голланд) тілі. Ресми календары - григориандық. Халықтың 40%-і өнеркәсіпте, 7%-і ауыл шаруашылық мен балық аулауда, 53%-тен астамы транспортта, саудада т. б. істейді. Халқының орташа тығыздығы 1 км2-ге 350 адамнан асады. Қала халқы - 78%. Ірі қалалары: Амстердам (1 млн-нан артық, 1973), Роттердам, Гаага, Утрехт, Харлем.

Тарихы. Нидерланды территориясын адам неолит кезеңінен мекендеген. Б. з. б. 1-мың жылдықтың 2-жартысында мұнда негізінен кельт тайпалары өмір сүрді. Б. з. басында оларды германдықтар (батав, фриз, хамав, канни- нефат тайпалары) ығыстырды. Б. з. б. 1 ғасырда Нидерланды жерінің бір бөлігін Рим жаулап алғаннан кейін жергілікті тайпалар арасында таптық жіктелу процесі жеделдей түсті. 3-4 ғасырларда мұнда франктер (Оңтүстік) мен сакстер (Шығыс) келіп қоныстанды; солтүстікті фриздар мекендеді. Нидерланды территориясы 5 ғасырда құрылған Франк мемлекетінің құрамына кірді. Верден шарты (843) бойынша Нидерланды жері Лотарь I иелігінің, Марсен шарты (870) бойынша Шығыс-франк корольдығының құрамына өтті. 10-11 ғасырларда Нидерландыда бірнеше феодалдық иеліктер Фолландия, Гелдерн т. б. графтықтар) құрылды. Олар сөз жүзінде «Қасиетті Рим империясына» вассалдық қатынаста болды.

12 ғасырда Нидерландыда қалалар дами бастады. 13-14 ғасырларда қалалардағы цехтық қолөнер өндірісімен қатар балық аулау мен кеме қатынасының маңызы арта түсті. 13 ғасырдың ақырына қарай су плотиналары мен бөгендер жуйесі жасалды. Мәдени дақылдар өсіріліп, деревняда товарлы-ақша қатынастары өрістеді. Дегенмен бұл Нидерландыда бір орталыққа бағынған мемлекет құруға жағдай жасай алмады. 15 ғасырдың 2-ширегіне дейін Нидерланды феодалдық бөлшектенген күйінде қалды. Флорис V (1256-1296) мен Авендер әулетінен шыққан Геннегау графтарының (1299-1354) тұсында Голландия мен Геннегау бірігіп, 1287 жылы Фрисландияны, 1323 жылы Зеландияның бір бөлігін қосып алды. Авендер Англиямен одақтасуды кездеді, бұл Голландияны Жүз жылдың соғысқа (1337-1453) ұрындырды, экономикалықөзгерістер саяси-әлеуметтік күресті шиеленістіре түсті. Қала қолөнершілері билеуші натрицийлерге қарсы шықты. Бағындырылған фриздер мен Нидерландының басқа аймақтарының шаруалары көтеріліс жасады. Осы қайшылықтар 14 ғасырдың 2-жартысы мен 15 ғасырда азамат соғысын тудырды; саяси-әлеуметтік күрес билеуші әулеттердің күресімен ұласты. Осы жағдайда 14 ғасырда Голландияда, Зеландияда, Гелдернде тұрақты билеуші сословиелік өкілді- штаттар пайда болды. 1433 жылы Голландия мен Нидерландының басқа да князьдықтарын Бургунд герцогтары басып апды. Олардың державасы ыдырағаннан кейін Габсбургтерге (1477 жылы, түбегейлі 1482 жылы) бағынды. Карл Университетінің империясын бөліскен соң Нидерланды (1556 жылдан) Испанияға қарады.

15 ғасырдың аяғын ала 16 ғаысырда Нидерландыда феодалдыққатынастар ыдырап, капиталистікқатынастар туа бастады. 1566 жылы басталып, испан үстемдігіне қарсы азаттық соғысына ұласып кеткен буржуазия революция кальвинизм туы астында өтті (Нидерланды буржуазиялық революциясы). Голландия мен Зеландия жеңімпаз антифеодалдық және антииспандық көтерілістің (1572) басты ошағына айналды. Солтүстік провинциялардың саяси одағы - Утрехт униясы (1579) Нидерландының солтүстігіндегі тәуелсіз республиканың заң жүзіндегі негізін қалады; 1581 жылы Голландия мен Зеландия испан королы Филипп ІІ-ні ресми түрде тақтан тайдырды. 1585 жылы революция Нидерландының оңтүстігінде жеңіліске ұшырап, республика тағы да Испанияға қарсы соғыс алаңына айналды. Он екі жылдық уақытша бітім (1609) бойынша Испания республика тәуелсіздігін мойындады. СөйтіпНидерланды буржуазия революция жеңген, тарихта тұңғыш буржуазия республика орнаған алғашқы ел болды. Он шақты жыл ішінде Европаның басқа елдерін басып озды. Елде мануфактуралық өндіріс - тоқыма, кеме жасау, теңіз қатынасы, балық аулау өрістеді. Лейден жүн тоқыма өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. 17 ғасырдың ортасында Құрама провинциялардың сауда флоты Англия мен Франция флотын қосып есептегенде екі есе асып түсті. Нидерланды португалдықтар мен испандықтарды ығыстырып, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Америка мен Африкада отарларын көбейтуге ұмтылды. Отарлық қанау арқылы қуатты Ост-Үндістан (1602 жылы құрылған), Вест-Үндістан (1621 жылы құрылған) компанияларын күшейтті. Отарларды ашық тонаудан, әсіресе, Голландия көпестері қыруар пайда тапты. Амстердам елдің маңызды экономикалық орталығына айналды. Дүние жүзілік рыноктағы үстемдігіне, дамыған финансы мен теңіздегі қуатына сүйенген Құрама провинциялардың буржуазия республикасы 17 ғасырда Европа державаларының арасында көрнекті орын алды. Бірақ дамыған көпестер капиталы ұлттық өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына кесірін тигізе бастады. Нидерландының аграрлық құрылысында феодалдық қатынастар ақырына дейін жойылмады, оның қалдықтары қалаларда да сақталды. Ірі сауда буржуазиясы елде саяси теңсіздік және еңбекші бұқараны аяусыз қанау тәртібін орнатты. 17-18 ғасырларда әлденеше рет қолөнершілер мен мануфактура жұмысшыларының, сондай-ақ шаруалардың бірнеше көтерілістері туды.

Республикада жоғары өкімет Бас штаттар (7 провинция штаттары делегаттарының отырысы) мен Мемлекеттік совет қолында болды. Оларға голланд сауда буржуазиясы ықпал етті. Армияны провинция статхаудерлері басқарды. 1621 жылы қайта басталған Испаниямен соғыс жалпы европалық Отыз жылдық соғысқа (1618-1648) ұласты. 1648 жылғы Вестфаль бітімі бойынша Құрама провинциялар республикасы түпкілікті тәуелсіз деп танылды. 1650 жылы ұлы пенсионар Ян де Витт басқарған ірі голланд буржуазиясының партиясы елдегі өкімет билігін толық қолына алып, статхаудерлерді таратты. 50 жылдарда отарлардағы, сауда және теңіздегі үстемдік үшін Нидерланды мен Англия арасында күрес басталды. Бұл соғыс нәтижесінде Нидерландының әскери және саяси қуаты әлсіреп, саудасы мен отаршылдық экспансиясы тежелді. Бұған Франциямен соғыстардың да (1672-1678, 1688-1697, 1702-1713) зияны тиді. Сәтсіз соғыстар мен [Голланд соғыстары (1672-1678)] халық толқулары жағдайында 1672 жылы статхаудерлер өкіметі қайта орнады. 1689 жылы Англия королы болған Вильгельм III Оранский ағылшын-голланд униясын (1689-1702) жүзеге асырып, Нидерланды буржуазиясының мүддесін ағылшын буржуазиясының пайдасына бағындыру саясатын жүргізді. Ол өлгеннен кейін Бас штаттар статхаудерлерді тағы да таратты. 18 ғасырда Нидерланды саудасы мен өнеркәсібі құлдырай бастады, бос капитал меншікті жер сатып алу мен халықаралық кредитке жұмсалды. Жаңа соғыстар жағдайларында елде демократиялыққозғалыс күшейе түсті. Ұлы француз революциясының ықпалымен демократиялық қозғалыс статхаудер Вильгельм V өкіметін құлату ұранымен өтті. Вильгельм V Нидерландыны 1-антифранцуздық коалицияға тартты да, революция Франция Нидерландыға соғыс жариялады. 1795 жылы француз әскерлері Нидерландыға кіріп, Құрама провинциялар республикасының орнына Францияға тәуелді Батава республикасы құрылды. Бірақ 1806 жылы француз империясы жарияланғаннан кейін, оның орнына Луи Бонапарт басқарған Голланд корольдығы орнады. 1810 жылы корольдық жойылып, оның территориясы француз империясының құрамына енді. Франция дәуірі (1795-1813) деп аталған жылдарда бірқатар буржуазия реформалар жүзеге асырылды - барлық феодалдық праволар мен міндеттер қысқартылды, цехтық жүйе жойылды, басқару ісі орталықтандырылды, бірыңғай салық, мектептер жүйесі (1806), азаматтық істер кодексі (1809) мен қылмыс кодексі (1811) енгізілді. Бірақ француз басқыншылығы, соғыстар, отарлардан айрылу Нидерландыға үлкен шығын келтірді. Өндіруші және тұтынушы елдердің өзара тікелей байланысуы нәтижесінде Нидерланды делдалдық рыногы өмір сүруден қалды. 1813 жылысәуірде әскер қатарына еріксіз адам алуға байланысты халық қозғалысы туды, бірақ француз әскерлері Лейпциг түбінде (1813) жеңілгеннен кейін ғана француз басқыншылары Нидерландыдан кетті.

1813 жылы 21 қарашада Гаагада «оранжшылдар» Г. ван Гогендорп басқарған уақытша үкімет құрып, Оран-Нассау әулетінің өкілі Вильгельмді (Вильгельм V-нің баласы) Нидерландының суверенді князы етіп жариялады. Вена конгресі 1814-1815 жылдарНидерланды мен Бельгияны күшпен бірыңғай Нидерланды корольдығына біріктірді (ресми түрде 1815 жылы 31 мамыр). 1830 жылғы революция нәтижесінде Бельгия Нидерландыдан бөлініп шықты. 19 ғасырдың 1-жартысында Нидерланды қолөнері мен мануфактуралық өндірістен фабрикалық-заводтық өндіріске көше бастады. 1839 жылы тұңғыш темір жол салынды. Экономикада ауыл шаруашылық, сыртқы сауда, су жолы маңызды роль атқарды. 1849 жылы 3 млн. Нидерланды халқының 38,9 %-і қалаларда тұрды.

Вильгельм I ел билеу ісінде консерваторларға сүйенді. 19 ғасырдың 1-ширегінде экономикалық жағынан нығайып алған голланд буржуазиясының мүддесін көздейтін Либералдық партия құрылды. 1840 жылы либералдар Вильгельм І-ні тақтан түсуге мәжбүр етті де, 1844 жылы Бас штаттарға жаңа конституция жобасын ұсынды. Бұл жоба 1848 жылғы Амстердам, Гаага және Роттердам демонстрацияларынан кейін ғана қабылданды. Енді үкімет Бас штаттар алдында жауап беретін болды, төменгіпалаталарға тікелей сайлау енгізілді және провинция штаттары жоғары палата мүшелерін сайлау правосын алды. Үкімет тұңғыш рет 1848 жылы либералдардан құралды.

40-70 жылдардағы өнеркәсіп төңкерісінің нәтижесінде жұмысшы табы қалыптасып, оның ұйымдары құрылды. 1861 жылы тұңғыш кәсіподағы ұйымдастырылды. 1869 жылы ұйымдасқан түрдегі алғашқы ереуіл болып өтті. 1869-1870 жылдар Амстердамда, Гаагада, Утрехте 1-Интернационал секцияларының негізі қаланды. Либералдар 1-Интернационал ұйымдарына қарсы 1871 жылы Жалпыға бірдей Нидерланды жұмысшыларының одағын (1921 жылға дейін жұмыс істеді) құрды. 1877 жылы одан жұмысшылардың кальвиншілдік одағы «Патримониум» бөлініп шықты. Нидерландыдағы өнеркәсіп төңкерісі негізінен 19 ғасырдың соңғы ширегінде аяқталды. Ауыл шаруашылық 1873-1895 жылдар аграрлық дағдарыс ықпалымен экспортқа негізделген капиталистік өндіріске көшті. Сөйтіп 1-дүние жүзілік соғыс қарсаңында Нидерланды Европаның кіші империалистік мемлекеті болып қалыптасты.

19 ғасырдың соңғы ширегінде либерализм мен жұмысшы қозғалысына қарсы күресте кальвиншілдер және католиктер күш біріктірді. 1878 жылы кальвиншіл Антиреволюциялық партия, 1901 жылы Католиктік мемлекеттік партия құрылды. 1891 жылы Консервативтік партия өз жұмысын тоқтатты. 1878-1881 жылдар бұрынғы 1-Интернационал мүшелері Амстердамда, Гаагада, Харлемде С.-д. одақтар құрды. 1881 жылы бұл одақтар Нидерландының бірыңғай С.-д. одағына бірікті. С.-д. одақ нидерланды жұмысшыларының «қаһармандық жылдар» деп аталған кезеңдегі таптық күресіне белсене араласты. 1890 жылыНидерланды еңбекшілері алғаш рет 1 Май күнін атап өтті. С.-д. одақ басшылары анархистік бағытқа ауы сып, ұйым ыдырады да, 1894 жылы С.-д. жұмысшы партиясы (СДЖП) құрылды. 1893 жылы тұңғыш жалпы халықтық кәсіподақ бірлестігі - Ұлттық еңбек секретариаты қалыптасты.

Империализмге өткеннен кейін Нидерландыда тап күресі күшейе түсті. Порт жұмысшылары мен темір жолшылар жиі-жиі ереуілдерге шықты. 1903 жылғы таптық шайқастар, сондай-ақ 1905-1907 жылғы орыс революциясы нәтижесінде СДЖП-нің солшыл қанаты - трибунашылдар қалыптасты. Трибунашылдар 1909 жылы С.-д. партияның (СДП) негізін қалады. Кәсіподақ қозғалысы күш біріктірді. 1-дүние жүзілік соғыста (1914-1918) Нидерланды бейтараптық бағыт ұстап, голланд буржуазиясы соғысып жатқан елдермен сауда жасаудан байи түсті. Бірақ жергілікті халық қатты күйзеліске ұшырады. Өндіріс пен сауда деңгейі төмендеп, Индонезиямен байланыс үзілді, 1918 жылдың көктемінен теңіз қатынасы тоқтатылды. Соғыс жылдарында СДЖП басшылары «азаматтық бітім» жариялады. СДП мен Ұлттық еңбек секретариаты бастаған солшыл күштер 7 «Қызметтес жұмысшы ұйымдарының» бірлестігін (1914) құрды, ол 1916 жылы Революциялық социалистік комитетке айналды. 21 солшыл ұйымды біріктірген бұл комитет әскер қатарындағыларды таратуды қолдап, қымбатшылыққа, Германияға азық-түлік жөнелтуге қарсы күресті. 1917 жылы тоқымашылар, шахтерлер, докерлер, теңізшілер ереуілі болды, 1917 жылғы шілдеде Амстердамда «картоп бүлігі» бұрқ етті.

1918 жылы тап күресі өрістей түсті. Бас штаттарға алғаш рет (1918) СДП өкілдері сайланды, либералдар жеңіліске ұшырап, оңшыл конфессионалдық партия көпшілік дауыс алды. Тап күресі 1918 жылғы 11-18 қарашадағы «Қызыл аптада» шарықтау шегіне жетті. СДЖП басшысы Трульстра өкіметті «жұмысшы табының органдарына» беруді талап етті. 13 қарашада СДП ұйымдастырған Амстердам еңбекшілерінің шеруі үкімет әскерімен қақтығысып қалды. Контрреволюциялық асығыс қарулы отрядтар құрып, бірқатар қалаларда монархиялық манифестациялар жүргізді. 1918 жылы 16-17 қарашадағы СДЖП-нің съезінде реформистік көсемдер күрестің революциялық құралдарын айыптады. Өкімет ірі демократиялық өзгерістер енгізуге уәде берді. «Қызыл апта» күндерінде 1918 жылғы 17 қарашада Нидерланды Коммунистік партиясы(НКП) құрылды. НКП 1919 жылы Коммунистік Интернационалға кірді.

Соғыстан кейінгі жылдарда (1919-1920) жұмысшы табы бірқатар жеңістерге жетті, 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді, жұмыс аптасы 45 сағатқа көшірілді, пенсия 65 жастан тағайындалатын болды. Голланд халқы Поволжьедегі аштық жылдарында Советтік Россияға азық-түлік көмегін берді. Бірақ үкімет Советтік Россияны мойындамады, 1934 жылы СССР-дің Ұлттар Лигасына кіруіне Нидерланды қарсы шықты. 1931 жылыжелтоқсанда фашистік Ұлттық социалистік қозғалыс партиясы құрылды. 2-дуние жүзілік соғыста Нидерланды өзінің бейтараптығын жариялады. 1940 жылғы 10 мамырда фашистік Германия екіжүзділікпен Нидерландыға шабуыл жасап, 14 мамырда берілуге мәжбүр етті. Королева Вильгельмина мен үкімет Ұлыбританияга әмиграцияға кетті. НКП астыртын жұмысқа көшіп, Қарсыласу қозғалысын ұйымдастырды. 1942 жылы 10 шілдеде Нидерланды (эмиграциядағы үкімет) тұңғыш рет СССР-мен дипломатиялық қатынас орнатты. 1944 жылғы қыркүйек - 1945 жылғы наурызда одақтастар әскері Нидерландының оңтүстік бөлігін, 1945 жылғы сәуірде шығыс бөлігін азат етті, 1945 жылғы 5 мамырда Нидерландыдағы герман әскерлері тізе бүкті.

Соғыс Нидерландының экономикалық және саяси жағдайын шайқалтып кетті. 199 мың адам қаза тапты, 20 млрд. гульден шығын шекті, мемлекеттік қарыз 19,5 млрд. гульденге жетті, өндіріс 50-60% қысқарды. 1945 жылы 17 тамызда Индонезия тәуелсіздік алды. АҚШ пен Ұлыбританияға сүйенген Нидерландының Индонезия халқына қарсы жүргізген отарлық соғысы сәтсіз аяқталды. 1947 жылынаурызда қол қойылған Лингаджат шарты бойынша Нидерланды Индонезия республикасының үкіметін мойындады. 1974 жылға қарай Нидерланды отарлық иеліктерінің құрамында Суринам (Нидерланды Гвианасы) мен Нидерланды Антиль аралдары ғана қалды.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін 1940-1950 жылдарда Нидерландының коалициялың үкіметін негізінен социалистер басқарды. 1946 жылы СДЖП негізінде Еңбек партиясы құрылды. 1946-1958 жылдарНидерланды бейтараптық саясаттан бас тартып, капиталистік державалардың экономикалық, әскери және әскери-саяси топтарына кірді. Нидерланды 1949 жылы НАТО соғыс блогына қосылғаннан кейін, елдің территориясында американ соғыс базалары орнады. 1954 жылы Батыс Европа одағына, 1957 жылы «Ортақ рынокқа» мүше болды. Елді социалистер билеген кезеңде коммунистердің мемлекеттік қызметтер атқаруына тыйым салатын, еңбекшілер тұрмысын ауырлата түсетін антидемократиялық заңдар қабылданды. 50 жылдардың ақырында өкімет басына католиктік және протестанттық партиялар келді. 60 жылдардан Нидерланды территориясына батыс-герман соғыс базалары орналаса бастады. Нидерланды1962жылы 15 тамызда Батыс Ирианды Индонезияға қайтарып беру туралы келісімге қол қоюга мәжбүр болды, келісім 1963 жылы жүзеге асырылды. Нидерланды үкіметі АҚШ пен басқа да империалистік мемлекеттердің Үндіқытайдағы, Таяу Шығыстағы басқыншылық саясатын, Израильдың араб мемлекеттеріне қарсы басқыншылық әрекеттерін қолдады.

1965-1966 жылдар Нидерланды мен СССР арасында алғаш рет парламент делегациялары алысылды. 1965 жылы Нидерланды мен СССР арасында атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалану, 1967 жылы мәдени қарым-қатынастар, сондай-ақ арадағы финанс және заттай ауыс-түйістерді реттеу туралы келісімге қол қойылды. 60-70 жылдары жаңа келісімдер жасалып, бұл байланыс ұлғайтыла түсті. 1973 жылы ГДР-мен дипломатиялық қатынас орнатты.

Саяси партиялары, кәсіподақтары мен басқа да қоғамдық ұйымдары. Католиктік халық партиясы, 1945 жылы желтоқсанда негізі қаланды. Ватиканмен тығыз байланыста. 110 мың мүшесі бар (1973). Монополиялық буржуазия, ірі жер иеленушілер, католик діншілдері, еңбекші католиктер өкілдерін біріктіреді. Еңбек партиясы, 1946 жылы СДЖП-нің негізінде құрылды. 95 мың мүшесі бар (1973). Жұмысшы ақсүйектері, ұсақ буржуазия, буржуазия интеллигенция өкілдерін және еңбекшілердің бір бөлігін біріктіреді. Социалистік интернационалға кіреді. Бостандық пен демократия жолындағы халық партиясы. 1947 жылы Еңбек партиясы оңшыл қанаты мен «Бостандық» партиясының бірігуі нәтижесінде құрылды. 40 мыңға тарта мүшесі бар (1973). Ірі сауда-өнеркәсіп және финанс капиталының мүддесін көздейді. Антиреволюциялық партия, 1878 жылы негізі қаланды. 74 мың мүшесі бар (1973). Протестанттың буржуазия мен жер иеленушілерді, орта дәулеттілердің бір бөлігін біріктіреді. Христиандық-тарихи одақ, 1908 жылы негізі қаланды. 29 мың мүшесі бар (1973). Протестанттық буржуазияны, жер иеленушілерді, чиновниктерді біріктіреді. Пацифистік социалистік партия, 1957 жылы негізі қаланды, 4 мың мүшесі бар (1973). Негізінен ұсақ буржуазия мен интеллигенцияны біріктіреді. Коммунистік партия, 1918 жылы негізі қаланды. Нидерланды біріккен кәсіподақтары, 1906 жылы негізі қаланды. 633 мың мүшесі бар(1973). Еңбек партиясының ықпалында. Католик кәсіподақтарының нидерланды бірлестігі, 1946 жылы негізі қаланды. 400 мыңға тарта мүшесі бар (1973). Католиктік халық партиясының ықпалында. Xристиан кәсіподақтарының ұлттық бірлестігі, 1909 жылы негізі қаланды, 240 мың мүшесі бар (1973). Христиандық-тарихи одақтың ықпалында. Бүкіл дүние жүзілік еңбек конфедерациясына кіреді. «Нидерланды - СССР» қоғамы, 1947 жылы негізі қаланды, «Нидерланды - СССР» институты, 1945 жылы негізі қаланды.

Экономика-географиялық очеркі. Нидерланды - жоғары дәрежеде дамыған капиталистік индустриялы ел. Өнеркәсіп өндірісінің (капиталистік дүниедегі өнеркәсіп өндірісінің 1,3%) және сыртқы сауда айналымының (4,6%) көлемі жағынан Нидерланды капиталистік дүниедегі алдыңғы он елдің қатарына жатады. Теңіз саудалық кеме қатынасында да Нидерландының үлесі едәуір. Елдің экономикалық дамуына оның Европадағы аса маңызды теңіз және континепттік жолдардың тоғысатын жерінде орналасуы аса зор ықпалын тигізген. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін елдің экономикасының құрылымы елеулі түрде өзгерді. Соғыс кезінде қираған шаруашылықты қайта құру, экономикалық қуатты техникалық прогрестін; жоғары талабына сай арттыру процесі аса күрделі жағдайда өтті. Голландтық отар империясы ыдырады; тәуелсіз Индонезия мемлекетіне айналған бұрынғы Нидерланды Ундістанындағы кәсіпорындардың национализациялануы нәтижесінде Нидерланды біраз күрделі қаржысынан айрылды. Бұл Нидерландыны Европаның индустриялық жағынан күшті дамыған капиталистік елдерімен және АҚШ-пен экономикалық байланысын күшейтуге мәжбүр етті. 1946-1970 жылдарда елдің ұлттық табысыида өнеркәсіптің үлесі өсті, ауыл шаруашылығының үлесі екі есе кеміді; өнеркәсіптің салалық құрылымында түбірлі өзгерістер болды; ауыр онеркәсіптің үлесі артты, әсіресе металлургия, химия, мұнай өңдеу, электротехника өнеркәсібінің қуаты артты. Отарлық рыноктың азаюы себепті тоқыма өнеркәсібі өндіріс көлемін 2,5 есе кемітті. Нидерландыда өндіріс пен капиталдың шоғырлануы өте күшті. Экономикада ірі монополиялар үстемдік етеді. Мыс., «Ройял датч-Шелл» американ. «Стандард ойл оф Нью-Джерси» компаниясымен бірлесе отырып, мұнай айырудың 1/2 бөлігінен астамын, мұнай өндіруді, табиғи газ өндірудің 1/2 бөлігін бақылайды. Шетелдік инвестициялар ұдайы өсуде, оның 1/3 бөлігі американ капиталының үлесіне тиеді. Мемлекеттік және жартылай мемлекеттік компаниялардың ролі артуда. Мыс., химиялық өнеркәсібіндегі ірі компаниялардың бірі «ДСМ» («Датч Статсмайнс»), елдегі бірден-бір қара металлургия концерні «КНХС» акцияларының 1/3 бөлігі мемлекеттің құрамында. Европа экономикалық ынтымағы құрамына кіру Нидерланды экономикасының жеке салаларының дамуында диспропорция туғызды, өндірістік күштердің біркелкі орналаспауын, әлеуметтік теңсіздікті күшейтті. 70 жылдардың басында дағдарыс белгілері күшейіп, өндірістің өсу қарқыны баяулады, жұмыссыздық көбейді (117 мың, 1973). Халықтың жан басына шаққанда жалпы ұлттық табыстың мөлшері жөнінен Нидерланды капиталистік дүниеде 12-орында (2553 доллар, 1971). Ірі меншік иелерінің байлығы артуда, соғыстан кейінгі дәуірде миллионерлер саны 940-тан 6,7 мыңға жетті.

Нидерландыөнеркәсібі техникалық жағынан күшті дамыған, маман жұмысшылары көп, еңбек өнімділігі жоғары. Соғысқа дейінгі 1938 жылғымен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1972жылы 6,1 есе өсті. 1948-1970 жылдарда әсіресе химия, мұнай айыру, тамақ өнеркәсібі мықтап дамыды, ал тоқыма, тігін, ағаш өңдеу, қағаз өнеркәсібінде өндіріс көлемі едәуір кеміп кетті. Табиғи газдың негізгі кен орны - Слохтерен (Гронинген өңірі,1973жылы 70,8 млрд. м3; 1957 жылы 0,1 млрд. м3). Гаага мен Схонебек маңынан мұнай өндіріледі (2 млн. т шамасында). Солтүстік теңіздің континенттік шельфіндегі мұнайлы, газды жерлерді барлау, игеру іске асырылуда. Лимбургбассейнінде көмір өндіріледі. Бірақ көмір өндіру біртіндеп кемітілуде (1957 жылы 11,7 млн. т, 1973 ж. 1,7 млн.т). Энергетика балансында мұнай өнімдерінің үлесі 45%, табиғи газдың үлесі 50%, тас көмірдің үлесі 5% (1973). Электр станцияларының (негізінен ЖЭС-тер) қуаты 11,4 мың Мвт (1971). Додеварда (қуаты 50 Мвт), Флиссинген маңында (475 Мвт) атом электр станциялары бар. Қара металл өндіру Эймёйден, түсті металл өндіру Флиссинген, Делфзейл (алюминий), Бюдел (мырыш), Арнем (қалайы) қалаларында шоғырланған. Амстердам, Роттердам, Утрехт, Харлем, Амерсфорт қалаларында машина жасаудың әр түрлі салалары (әсіресе электротехника, электроника) күшті дамыған. Кеме жасаудың орталықтары - Роттердам, Схидам, Дордрехт, Амстердам, Флиссинген; автомобиль жасау орталықтары - Борн қ. (жеңіл автомоб.), Эйндховен қ. (жүк автомобилі). Мұнай айыру зауыдтары қуатының 9/10 (91,3 млн. т, 1973) бөлігі Роттердам өңірінде, қалғаны Амстердам мен Флиссингенде.

Тамақ өнеркәсібі өзінің маңызы жағынан металл өңдеуден кейінгі 2-орында. Оның 1/3 бөлігінен астамы ет-сүт өндіру саласының үлесіне тиеді; жеміс-овощ консервілеу, сыра, какао, шоколад т. б. өндіру ісі дамыған. Жеңіл өнеркәсіптен мақта-мата (барлық өндірістің 1/3 бөлігіне жуық) және жасанды жібек тоқу басым. Химиялық талшық өндірісі Арнем, Бреда, Эммен қаласында, жүн мата өндіру Тилбург, Лейден аймақтарында орналасқан.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының интенсивтілігі мен өнімділігі өте жоғары; ол нидерланды экспорты құнының 74 бөлігінен артығын береді. Ауыл шаруашылығында капиталистік ауыл шаруашылық кооперативтері (ауыл шаруашылық өнімдерін алғашқы рет өңдеу және өткізу, тыңайтқыштар мен тұқым дайындау, ауыл шаруашылық техникасын беру) елеулі орын алады, бұл кооперативтер іс жүзінде банкілер мен ірі жер иелеріне бағынады. Ауыл шаруашылық жерінің 1/4 бөлігінен астамы орташа және ірі фермерлік шаруашылықтардың қарамағында, учаскелерінің аудандық 10 гадан асатын мұндай фермерлік шаруашылықтар саны барлық шаруашылық санының 45%-ше тең (1970). 1950-1970 жылдарда ұсақ фермерлердің (жері 10 га-ға дейін) күйзелуі салдарынан шаруа фермаларының саны 410 мың-нан 185 мыңға дейін кеміді, оның есесіне 15 га-дан, әсіресе 100 га-дан артық жері бар фермалар көбейді.

1973 жылы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 4672, шошқа 6421, қой 657, жылқы 73 болды. 1972 жылы егіннің орташа шығымдылығы гектарына: бидай 43 ц,арпа 41 ц, сұлы 42 ц, картоп 375 ц,қант қызылшасы 440 ц. 1972 жылы 673 мың т бидай, 340 мың т арпа, 140 т сұлы, 5581 мың т картоп, 4957 мың т қант қызылшасы өндірілді. 1972 жылыНидерландының ауыл шаруашылығында 160 мың трактор, 7800 комбайн, 35 мың сиыр сауатын аппарат болды. Ауыл шаруашылығына 2,2 млн. гажер пайдаланылады, оның 60%-ке жуығы - шалғынды жерлер, 35%-тен астамы - жыртылатын жерлер, 3%-тен астамы - бау-бақша. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылық өнімдері құнының 2/3 бөлігінен артығын береді. Нидерланды сүт өнімдерін (сыр, май, сүт ұнтағы, қою сүт), жұмыртқа, құс етін, ет консервісін, шошқа етін, көкөністі, картопты экспортқа көп шығаратын елдердің бірі саналады. Ормандарының 60%-і жеке меншікте; жыл сайын 0,8-1 млн. м3ағаш дайындалады. Балық аулау - дәстүрлі кәсіп. Балық (май шабақ, т. б.) көбінесе Солтүстік Атлантйкадан ауланады. 1972 жылы 334 мың т. балық ауланды.

Транспорты. Теңіз сауда флотының жалпы салмағы 4,9 млн. брутто рег. т. шамалы (1974). Аса ірі порттары - Роттердам (1973 жылы жүк айналымы 300 млн. т шамасында болды), Амстердам (20 млн. т-дан астам). Ішкі тасымалдың 3/4 бөлігі автомобиль транспортының үлесіне тиеді. 1972 жылы 3540 мың автомобиль болды. Өзендерінің және Нордзе, Ньиве-Ватервег, Солтүстік Голланд каналдарының кеме қатынасы үшін зор маңызы бар. Темір жолдарының ұзындығы 3,1 мың км. Басты аэропорты - Амстердам (Схипхол).

Сыртқы      экономикалық байланыстары. Нидерландының жылдық сыртқы сауда айналымының құны шамамен оның ұлттық табысына тең. Импортының 1/5 бөлігінен астамы - астық және өнеркәсіпке қажет өсімдік шикізаты, 1/4 бөлігі - машиналар мен жабдықтар; сырттан түсті металдар алынады. Экспортының басты статьялары - азық-түлік товарлары, мұнай өнімдері мен газ, машиналар мен жабдықтар. Батыс Европа елдерінің үлесі 1971 жылы Нидерландының импортында 71%, экспортында 82% болды. Негізгі сауда әріптесі - ГФР (экспортының 7/3-нен артығы, импорттың 7/4-нен артығы). Сыртқы саудадағы социалистік елдердің үлесі 2% шамасында ғана (оның ішінде СССР 0,4%, 1971 ж.). Туризм дамыған. Ақша өлшемі - гульден (флорин).

Экономика - географиялық аудандары. Батыс индустриялы-сауда ауданы (Солтүстік және Оңтүстік Голландия, Утрехт, ішінара Гелдерланд провинциялары; басты орталықтары - Амстердам, Роттердам, Утрехт қалалары). Солтүстік Брабант индустриялы ауданы (орталықтары - Тилбург, Эйндховен қалалары). Лимбург индустриялы ауданы (орталығы - Маастрихт қ.). Твенте индустриялы ауданы (Оверэйсел пров. Гелдерландтың көпшілік бөлігі; басты орталықтары - Энсхеде, Арнем қалалары). Солтүстік индустриялы-аграрлық ауданы (Гронинген провинциясы, орталықтары - Гронинген, Делфзейл қалалары; Фрисландня, Дренте провинциялары). Оңтүстік-батыс (Зеландия) аграрлық индустриялы ауданы.

Денсаулық сақтау ісі. 1972 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 16,1, адамның өлімі 8,5; әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 12,2. Өмірдің ұзақтығы еркектер 71,1; әйелдер 76,5 жас. Өлімнің негізгі себебі: қатерлі ісік, ишемиялық жүрек ауруы, ми қан тамырларының аурулары т. б. Инфекциялы аурулардан кездесетіні - бациллалы дизентерия, іш сүзегі, қылау аурулары. Нидерландының оңтүстік-батыс және солтүстік провинцияларында бронхы демікпесі жиі кездеседі. Нидерландыда 1969 жылы 67,5 мың төсектік 270 аурухана (1000 тұрғынға 5,2 төсек) болды. 268 амбулатория, 35 медициналық орталығы, 54 диспансер, сондай-ақ 189 ана мен бала денсаулығын сақтау орталығы, емшек балаларының 3 мың диспансері және 2,5 мың 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар диспансері бар. Елде 1970 жылы 15,6 мың дәрігер (830 тұрғынға бір дәрігер), 3,2 мың тіс дәрігері, 1,3 мың фармацевт және 58 мыңнан астам орта дәрежелі білімі бар медициналық қызметкерлер болды. Дәрігерлер университеттің медициналық факультеттерінде даярланады. Нидерландыда ауа райымен емдейтін Схевенинген, Хук-ван-Холланд т. б. курорттары бар. Денсаулық сақтау ісіне 1969 жылы өкімет қаржысынан 7,5% жұмсалды.

Оқу-ағарту ісі. Міндетті бастауыш білім туралы заң 19 ғасырдың соңында қабылданған. 1900 жылы 6 жылдық бастауыш білім (6-дан 12 жасқа дейін), 1933 жылы 7 жылдық, 1950 жылдан 8 жылдық міндетті білім (7-ден 15 жасқа дейін) енгізілді. Халық ағарту жүйесінің бірінші басқышы балалар бақшасы (басым көпшілігі жеке адамдар қарауында). 1971 жылы балалар бақшаларында 3 пен 6 жасқа дейінгі 492 мыңға жуық бала тәрбиеленді. Бастауыш мектеп 6 жылдық. Жалпы орта білім 6 жылдық гимназиялар мен реалдық орта мектептерде жүзеге асады. Орта мектепке түсу үшін оқушылар 2 жыл факультативті түрде бастауыш мектепте шет тілін оқып, конкурспен емтихан тапсырулары тиіс. Кәсіптік білімді төменгі және орта арнаулы оқу орындары береді, оқу мерзімі 5 жыл. 1970-1971 оқу жылында бастауыш мектептерде 1,5 млн-ға жуық, орта мектептерде 1,2 млн-нан астам (оның ішінде 500 мыңнан астамы арнаулы орта оқу орындарында оқитындар) оқушы оқыды. Жоғары білім жүйесінде 15 жоғары оқу орны, оның ішінде 6 университет бар: мемлекеттік - Лейден университеті (1575 жылы құрылған), Утрехт (1636), Гронинген (1614) университеттері, Амстердамдағы муниципалдық университет (1877); еркін университеттер - Амстердамдағы протестанттық университет (1880), Неймегендегі католиктік университет (1923). 3 жоғары техникалық мектеп, Нидерланды жоғары экономикалық мектебі, Жоғары ауыл шаруашылық мектеп т. б. бар. 1970-1971 оқу жылында жоғары оқу орындарында 211,5 мыңнан астам студент оқыды. Ірі кітапханалары: Амстердамдағы университет кітапханасы (1578 жылы құрылған, кітап қоры 2 млн. дана), Лейден университетінің кітапханасы (1575; 1,8 млн. дана); Корольдық кітапхана (1798; 950 мың дана кітаптар, 2 мың инкунабул). Амстердамда мемлекеттік Ұлттық музейі (1972), Рембрандтың музей (1808 жылы құрылған), Ван Гогтың музей үйі (1907), Королъдық тропиктер институтының музейі (1910) т.б.; Гаагада - Муниципалдық музей (1862), Корольдық суреттер кабинеті (Маурицхёйс, 1820), Почталық музей (1929) т. б.; Лейденде - Ұлттық этнографиялық музейі (1837), Ұлттық геология және минералдық музейі (1820) т. б. бар.

Ғылымы және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техника ғылымы. Жаратылыс тану ғылымы ең алдымен батпақтанған және теңіз суы жайылған ойпат жерлерді игеруге байланысты дами бастады.

13 ғасырдан бастап каналдар мен шлюздер салу, дамбалар мен бөгеттер жасау өріс алды. Мұның өзі бірқатар механизмдерді (шығыр, насос, жел двигательдері т.б.) жетілдіруге жағдай туғызды. 16-17 ғасырларда сауда капиталының өсуі нәтижесінде теңізде жүзу кең дамыды, мұның өзі теңіз карталары мен дәл өлшегіш аспаптарды жетілдіруге мүмкіндік туғызды. 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың 1-жартысында В. Баренц Солтүстік Мұзды мұхитқа (1594-1597), В. Янсзон (1605-1607), А. Тасман (1642-1644) т. б. Австралия жағаларына саяхат жасады, соның нәтижесінде маңызды географиялық жаңалықтар ашылды. 1687 жылы Н.Витсен (1664-1665 ж. Россияда болып қайтқан) Россия картасын, ал 1692 жылы Сібірдің егжей-тегжейлі сипаттамасын бастырып шығарды. Практикалық медицина дамыды. 1629-1649 жылдар Р.Декарт Нидерландыда тұрып, өзінің басты еңбектерін жазды. 17 ғасырдағы аса ірі ғалым X.Гюйгенс механика, физика мен астрономия саласында жұмыс істеді. Натуралистер А.Левенгук, Я.Сваммердам биологиялық зерттеуге микроскопты бірінші болып қолданды. 18 ғасырдың ортасында Нидерландыда көрнекті экспериментаторлар - физик П.Мушенбрук, дәрігер әрі химик Г. Бургаве жұмыс істеді. Электр құбылыстары зерттелді (А. ван Марум, А.П.ван Троствейк, Й.Р.Дейман). 1808 жылы Ғылым, әдебиет және өнер жөніндегі корольдық институттың негізі қаланып, ол кейінірек Корольдық ҒА болып қайта құрылды. 19 ғасырдың соңғы ширегі мен 20 ғасырдың басында Нидерландыда ірі ғалымдар жұмыс істеп, ғылыми жұмыстармен шұғылданды (математик Т. И. Стилтьес, физиктер Я.Д. ван дер Ваальс, П. Зееман, X. Камерлинг-Оннес, X. А. Лоренц, химиктер Я. X. Вант-Гофф, астроном Я.К.Каптейн, микробиолог М.Бейеринк т. б.). 1- және 2-дүние жүзілік соғыстар аралығындағы кезеңде кейбір Нидерланды ғалымдары физика, геология, медицина салаларында маңызды нәтижелерге жетті. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін іргелі ғылыми-зерттеулер дәстүрлі бағытта, сондай-ақ Нидерланды ғылымы үшін жаңа бағытта да дамыды. Нидерланды өнеркәсібін арнаулы кәсіпке бейімдеу, фирмалардың дүние жүзілік рынокта өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылуы қоспалы болат балқыту, машина жасау мен тамақ өнеркәсібінде өндіріс технологиясы жөніндегі зерттеулерді өрістетуіне се мәселесіне мейлінше көңіл бөлінуде. Ауыл шаруашылық саласындағы ғылыми-зерттеулер айтарлықтай дамыған.

Мемлекеттік органдар елдің территориясын тиімді пайдалануға, жер құрғату, жаңа аймақтарды игеру, ирригациялық және гидротехникалық ғимараттар салуға бағытталған комплекстік ғылыми-зерттеулерді қолдап, қаржыландырып отырады.

Қоғамдық ғылымдары. Философиясы. Жалпы Нидерланды философиясының 14-15 ғасырдағы көрнекті өкілдері Герт де Гроте, Фома Кемпийский болды, олар схоластизмді пантеистік мистика тұрғысынан сынады. 17 ғасырда голланд философиясы жанданды. Бұған 16 ғасырдағы Нидерланды буржуазия революциясынан кейін елдегі саяси және экономикалық өрлеу, сондай-ақ Европаның басқа елдерінде саяси және діни себептермен қудаланған ойшылдардың (У. Акоста, П. Бейль, Дж. Локк, Р. Декарт) дінге бостандық берілген Нидерландыға келуі себеп болды. Декарттың картезианшылдық ілімі Нидерландыда едәуір тарады (X. Гюйгенс, X. Де Руа). А. Гейлинкс окказионализмнің негізін қалады. 18 ғасырда ағартушылық ағымның көрнекті өкілдері Й.Люлофс, Ф.Хемстерхёйс этикалық көзқарастың түбегейлі жүйесін жасады, бұл көзқарас неміс романтизмне ықпал етті. 19 ғасырдың орта шенінде Нидерланды философиясында позитивизм күшейді (К. Опзомер және оның мектебі). 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Нидерланды философиясында Г. Хейманстың эмпирик-психологиялық мектебі маңызды орын алды, оның еңбектері басқа елдердегі (Германия, Франция) ғылыми ойдың дамуына әсер етті. 1920-1930 жылдар марбург мектебін жақтаушылар феноменологияға (X. Пос), К.Барт негіздеген диалектикалық теологияға, Н.Гартман негіздеген онтологияға (Р. Кортмюлдер, А. Хартог) ден қойды. Неотомизм (Й. де Грот, Й.Бейсенс т. б.) және кальвинизм діни философиясы дамыды. Нидерландының соғыстан кейінгі философиясында экзистенциализмнің әсері күшейді (В. Лендерц, Р. Берлинг, психология мен психиатрпяда Ф. Бейтендейк т. б.).

Маркстік философия Нидерландыға 19 ғасырдың ақырынан тарай бастады да, 1918 жылы Нидерланды Коммунистік партиясы құрылғаннан бері анағұрлым күшті дамыды. Тарихи материализмнің көрнекті насихатшылары (әрдайым дәйекті болмағанмен де) Г.Гортер, А.Паннекук, Д. Вайнкоп, X. Ролланд-Холст т. б. буржуазия идеологияны сынға алды.

Тарих ғылымы. Нидерландыда ұлттық тарих ғылымының қалыптасуына 16 ғасырдағы Нидерланды буржуазия революцияның жеңуі шешуші әсер етті. 16-17 ғасырларда демократиялық және патриоттық сарында революция қозғалыс пен азаттық соғыс уақиғаларының кальвинистік хроникасы жасалды (П.Бор, Э.Метерен, Л. ван Айцема, ішінара П.Хофт). Бұл сарын француз Ағартушылық идеясының ықпалымен жазылған Я. Вагенардың (18 ғ.) жиынтық хроникасында да сақталды. В. Билдердейк 19 ғасырдың басында Вагенардың шығармаларын реакциялық романтикалық тұрғыда сынады. X. Хрун ван Принстерердің шығармаларында Нидерланды тарихына реакциялық-клерикалық (кальвинистік) көзқарас айқын бейнеленді. 20 ғасырдың басынан Нидерланды буржуазия тарихнамасында реакциялық бағыт күшейді. 20 ғасырдағы Нидерланды тарих ғылымында ірі тарихшылардың бірі П. Хейл болды, ол Нидерланды тарихын реакцияшыл «ұлынидерландизм» тұрғысында баяндап, өз мектебін құрды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін маркстік методологияның ықпалы біраз күшейді (атап айтқанда, Амстердам «теориялық тарихы» мектебінің басшысы Я. Ромейн). Нидерланды тарихшылары басқа елдердің тарихын зерттеуге назар аударуда. Нидерланды ғалымдары араб тарихын зерттеуге ерекше зор үлес қосты (Р. Дози, М. Я. Гуэ). Бірқатар экономист-тарихшылар жалпы европалық экономика тарихына арналған еңбектер жазды (мыс., Б.X.Слихер ван Баттың Европаның аграрлық тарихы жөніндегі еңбектері).

Экономика ғылымы. Нидерландының экономикалық ғылымы ұзақ уақыт бойы негізгі теориялық қағидаларды басқа елдердің экономикалық ой-пікірінен пайдаланып келді. 1851 жылы Я. де Бос Кемпер елдің кедейлік проблемаларын зерттеуге арналған еңбек жариялады. 1897 жылы Ұлттық статистика басқармасы құрылып, экономикалық зерттеулер үшін оның материалдарының зор маңызы болды. X. Кернкамп, Н. Постхюмус, Й. Г. ван Диллен, 3. Снеллер т. б. келелі тарихи экономикалық еңбектер жазды. 20 ғасырдың 30 жылдарының ақырында экономикалық ойдың ұлттық бағыты қалыптасты. 40-50 жылдары кейнсшілдік кеңінен тарады. Дж. М. Кейнстің идеяларын Нидерландыда таратушылардың бірі - Я. Пен. Кейнстің идеялары Нидерландыда капиталистік экономиканың мемлекеттік реттеу жүйесін жасауда үлкен роль атқарды.

Нидерланды марксшіл-экономистерінің еңбектерінде елдің экономикалық жағдайына, оның халықаралық ірі монополияларға тәуелділігіне нақты талдау жасалды (мыс., Ф. Барухтың «Кішкене елдегі шонжарлар империясы» еңбегі, 1963 ж.).

Тіл білімі. Нидерланды (голланд) тілін және европалық басқа тілдерді зерттеуге 16 ғасырда алғаш рет ынта күшейді. Солтүстік Нидерландыда оңтүстік провинциялардың өнегесімен көркем сез әуесқойлары қоғамы құрылып, ол әдебиет пен өнер саласында латын тілі орнына Нидерланды тілін белсене енгізді. Нидерланды тілінің алғашқы сөздіктері жасалды. Нидерланды тілін ғылыми-зерттеу мен салыстырмалы-тарихи әдісті қолданудың негізін қалаушы М. де Фрис пен Л. А. те Винкел болды, олар «Нидерланды орфографиясының негізгі принциптерін» (1863) жазып, көп томдық «Нидерланды сөздігін» (1882 жылдан) жасай бастады. 20 ғасырдың басында Я. те Винкел «Нидерланды тілінің тарихын» жазды. Славяндар тілін зерттеу (Н. ван Вейк, К. Эбелинг) үнді-европа тілдерін салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеу (И. Схрейнен) дамыған.

Ғылыми мекемелері. Ғылыми-зерттеу мекемелері мен ғылымды басқару органдарының құрылымы 19 ғасырдың ақырында басталды да, 2-дүние жүзілік соғыстан кейін қалыптасты. Нидерландыда жаратылыс және техникалық ғылымдар жөніндегі зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мемлекеттік және жеке секторлар мекемелерінде жүргізіледі. Мемлекеттік секторға университеттер жанындағы институттар (елдегі барлық ғылыми-зерттеу жұмысының 3/4-і), іс жүзінде қолданылатын зерттеулер жөніндегі орталық ұйымдардың (ТХО, 1930 жылы құрылған), Нидерланды Корольдық ҒА (1808 жылы құрылған) мен министрліктердің институттары қарайды. Жеке секторға жататындары - жеке меншікті фирмалар мен университеттердің институттары. Мемлекеттік сектордың институттарындағы ғылыми-зерттеулерді жүргізуге жауапты негізгі ұйым - Оқу министрлігі. Елдің ғылыми саясатын белгілеуге Н.Корольдық ҒА, Іс жүзінде қолданылатын зерттеулер жөніндегі орталық ұйым, Іргелі зерттеулерді дамыту жөніндегі Нидерланды ұйымы (1950 жылы құрылған), Ядролық энергия жөніндегі орталық совет (1963 жылы құрылған), Ядролық энергия жөніндегі министрліктер аралық комиссия (1964 жылы құрылған) т. б. ұйымдар қатысады.

Қоғамдық ғылымдар саласындағы зерттеулер университеттерде, бірқатар ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Утрехтегі Тарихи қоғамда (1845 жылы құрылған), Амстердамдағы Көне ескерткіштер мен әуестенушілердің корольдық қоғамында (1858 жылы құрылған) шоғырланған. Нидерландыда С.-д. халықаралық тарих институты орналасқан, ол жұмысшы тарихы проблемаларымен шұғылданады.

Баспасөз, радио және телевизиясы. 1972 жылы Нидерландыда 99 газет шығып тұрды. Олардың ірілері: «Де Телеграф» (1893 жылдан), «Алгемен дагблад» (1946 жылдан), «НРК - Ханделсблад» (1970 жылдан), «Хет парол» (1940 жылдан), «Де фолкскрант» (1920 жылдан), «Трау» (1943 жылдан), «Хет фрейе фолк» (1931 жылдан), «Хагсе курант» (1883 жылдан), «Де гелдерландер» (1848 жылдан), «Де вархейд» (1940 жылдан, Компартия ОК-нің органы).

Нидерландының информациялық агенттігі - «Алгемен Недерландс Персбюро», Нидерланды газеттері баспаханашыларының бірлестігі 1934 жылы құрылған. 1923 жылы ұйымдасқан Радиохабар корпорациясы 7 тілде шетелге хабар береді. Телевизиясы 1951 жылдан жұмыс істейді.

Әдебиеті. Нидерланды әдебиеті 9 ғасырдағы Королинг псалмасы деп аталатын көне мұрасынан басталады. Алғашқы ірі жазушысы әрі Нидерланды әдебиетіндегі куртуаз стилін жасаған Генрих фон Фельдеке (1140-1150 жылдар арасы, - 1200 не 1210 ж. ш.) болды. Кейін шыққан Г. де Гроте (1340-1387) және Й. Брюхман (1400-1473) шығармаларында католик шіркеуіне наразылықты бейнелеген мистикалық сарын басым көрінді. Мелпс Стоктың «Үйлесімді хроникасы» (1305) мен Дирк Поттердің (1370 ж. ш. - 1428) новеллаларында Италия Қайта өркендеу дәуірінің рухы аңғарылды. Қайта өркендеу дәуірінің идеясы Эразм Роттердамскийдің кең тараған «Ақымақтықты мадақтау» (1509-1511 жылдар жарияланды) атты сатиралык шығармасынан байқалды. Бұл кезде Д. В. Корнхерт (1522-1590) пен К. ван Мандердің (1548-1606) прозалары адамгершілік тақырыбына арналған. 17 ғасырдың Нидерланды мәдениеті үшін «алтын» ғасыр болды. Бұл дәуірде әдеби бағыттардың ішінде классицизм ең басым шықты. А. Валериус (1575-1625) өлеңдерінде халың поэзиясы принциптері көрініс тапса, С. Костердің (1579-1665) творчествосы ұлттық драматургияның дамуына улкен ықпал жасады. Иван ден Вонделдің (1587-1679) «Люцифер» (1654) трагедиясы дүние жүзіндегі әдебиеттің үлгілі шығармаларының біріне айналды. 18 ғасырда ұлттық-демократиялық дәстүр тежеле бастады. Бұл кезде драматург Лангендейк (1683-1756), ақын X. Пот (1689-1733) шығармалары идеялық-көркемдік жағынан жоғары бағаланды. 18 ғасырдың 2-жартысында пайда болған сентиментализмнің көрнекті өкілдерінің бірі - «Юлия» (1783) атты шығарманың авторы Р. Фейт (1753-1824) болды. Азаматтың тақырыпты көтерген Я. Ф. Хелмерс (1767-1813), романтик В. Билдердейк (1756-1831) өлеңдері ерекше танылды. А. Старинг (1767-1840), Я. Гел (1789-1862) т. б. жазушылар реалистік мектептің пайда болуына негіз жасады. Кейін реалистік туындылар берген Н. Бетс (1814-1903), А. Дрост (1810-1834), X.Схиммел (1823-1906) т. б. жазушылар шықты. 19 ғасырда Мультатули (лақап аты; шын аты-жөні - Э.Д.Деккер, 1820-1887) сыншыл реализм бағытын ұстанды. 80 жылдары «Сексендіктер» деп аталатын В. Клос (1859-1938) бастаған Ф. ван Эден (1860-1932), А.Вервей (1865-1937) т.б. жазушылар әлеуметтік проблемаларды көтерді. 20 ғасырдың басында жұмысшы қозғалысының өсуіне байланысты с.-д. бағыт пайда болып, «сексендіктердің» іргелері бөліне бастады. Негізгі топ социалистік идеяны жақтады. Г. Хейерманстың (1864-1924) «Бриллианттар қаласы» (1904 жылы жарияланды) романы мен «Үміттің узілуі» драмасында капиталистік қанауды сынады. А. ван Коллем (1858-1933) Октбрьлық революциясы әсерімен Россияда «Бүлік әндері» (1919), «Салтанат әні» (1918-1922) шығармаларын жазды. 1914-1918 жылдар 1-дүние жүзілік соғыс кезінде поэзияда экспрессионизм, ал прозада әлеуметтік сыншыл романдар пайда болды. М. Деккердің (1896-1962) «Нан», Й.Ластың (1898-1971) «Зейдерзее» (1934) романдарында революцияшылдық бағыт аңғарылды. Неміс фашистері Нидерландыны басып алған кезде «Гёздердің жаңа әндері» атты жинақ жасырын шығарылды. Соғыс кезін суреттеген А. Косманның «Жеңіліс» (1950) романы, Т. де Фристің «Февраль» атты эпопеясы (1961) т. б. шығармалар жазылды. 50 жылдары эксперименталистер деп аталатын поэтикалық мектеп пайда болып, анархистік, модернистік көзқарастар белең алды. Соңғы кезде өздерін «70 жылдар тобы» деп атаған ақын-жазушылар формализмге қарсы шығып әдебиетті халыққа жақындатуды көздеді (П. Андриссе, 1941 ж. т., Г. Пломп, 1944 ж. т. т. б.). Әдебиет зерттеу саласы жеке ғылым ретінде 19 ғасырдың ортасы кезінен басталған.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Нидерланды территориясында неолит дәуіріне тән керамика мен мегалиттік гимараттар, б. з. б. 1-мың жылдықта салынған кельт қоныстары (Эзинг), Валкенбюрг пен Элсттегі ежелгі рим құрылыстарының қалдықтары (б. з. 1-3 ғасырлар), б. з. 1-мың жылдығындағы германдардың металл бұйымдары сақталған. Каролинг дәуірінде (8-10 г.) Неймегенде Валкхоф сарайының негізгі капелласы мен Маастрихттегі екі алып базилика бой көтерді. Орта ғасырдағы архитектуралық ескерткіштері - Кампен, Зволл, Амстердамдағы қорғандар мен мұнаралар, Гаага, Вейке-бей-Дюрстед, Дорненбюрг, Мёйдендегі фронтонды шағын үйлер, Сюстерендегі роман шіркеуі, Утрехт, Харлем, Лейден, Делфт, Хертогенбостағы готикалық гибадатханалар. Нидерланды жерінің батпақты әрі тастың тапшы болуы құрылыс ісіне кірпішті кең қолдануға (13-14 ғасырдағы готикалық шіркеулер), шіркеу төбелерін ағашпен өру әдісінің таралуына себебін тигізді. Нидерланды Қайта өркендеу дәуірі бейнелеу өнерінің дамуына солтүстік провинция шеберлері Гертген тот Синт-Янс және Босх (15 ғ.), Янван Скорел және Лука Лейденский, Питер Артсен және Ян ван Амстел, Дирк Якобс пен Дирк Барендс (16 ғ.) елеулі үлес қосты. Бұл түста тұрмыстық жанр мен натюрмортқа, лирика мен сатираға, көрініс пен реңкті әсерді жеткізуге деген құштарлық ерекше басым болды. Осының бәрі 17 ғасырдағы Голландия бейнелеу өнерінің басты ерекшелігіне әкелер дайындық сатысы еді.

16 ғасырдағы революция нәтижесінде саяси беті айқындалған буржуазия Нидерланды мемлекетінде Голландия ұлттық сурет өнері мектебі тез қалыптаса бастады. Архитектуралық саласында кеме қатынасы мен теңіз саудасына байланысты салынған үйлердің ролі мейлінше ұлғайды, сонымен бірге қоғамдық, сауда және өндірістік ғимараттар тұрғызу етек алды. Ғимараттарды өрнекті ақ таспен нақыштау 17 ғасырдағы сәулет өнерінің негізгі ерекшелігіне айналды. 17 ғасырдың ортасында Голландия классицизмінің өзіндік үлгісі пайда болып, күнделікті тұрмысқа тиімді, композициясы айқын, қарапайымдылығымен көз тартатын ғимараттар салу (арх. Я. ван Кампен, П. Пост т. б.) өріс алды.

17 ғасырда бейнелеу өнері кеңінен тарап, қызу сауданың көзіне айналды. Кейіннен бүкіл Европа өнеріне айрықша әсер еткен реалистік бейнелеу өнерінің ұлттық мектебі Нидерланды бейнелеу өнерінде жетекші орын алды. Голландия реалистерінің творчествосы өз елінің өмірін сүйіспеншілікпен бейнелей білуімен, өміршеңдігімен, образдарының шыншылдығымен, қарапайым құбылыстың ішкі мәнін нақ көрсетіп, жай адамдардың өмірін жан-жақты таныта білуімен ерекшеленеді. Олар өз шығармаларында бояу реңкін шебер де нәзік құбылтып, бейнелеп отырған көрініс пен оның ар жағындағы кеңістікті мейлінше нақты, тұнық күйде жеткізді. Нидерланды бейнелеу өнері портреттік (Ф. Халс), кедейлер өмірін бейнелеуге арналған тұрмыстық жанрда (А. ван Остаде), пейзаж (Я. Порселлис, Я. ван Гойен, X. Сегерс т. б.), анималистік жанр (П. Поттер) мен натюрморт саласында (П. Клас, В. Хеда т. б.) толық қалыптасып, зор табыстарға жетті. 17 ғасырдың ортасына таман голланд бейнелеу өнерінде енжарлық, буржуазия тоғышарлық, күнделікті тіршіліктің сүреңсіз көріністерін бейнелеуге құштарлық белгілері пайда бола бастады. Сонымен бірге буржуазия шындыққа деген наразылық сезім аса ірі голланд суретшілері Халстың, әсіресе Рембрандттың творчествосында ерте көрініс тапты. Рембрандттың аса көрнекті шәкірттерінің бірі - К. Фабрициус шығармалары заман тынысын кең танытуға арналған сол кездегі Делф шеберлерінің (Я. Вермер, Э. де Витте) негізгі бағытын айқындап берді. 17 ғасырдың 2-жартысында Голланд бейнелеу өнерінде болмысты жалаң баяндау, сыртқы сұлулыққа бой ұрып, өнерді ақшаға айырбастау бағдары белең алды. Реалист шеберлер (Рембрандт, Я. ван Рёйсдал т. б.) буржуазия қоғам мүддесіне қарсы оппозицияда болды. Эпигондық бағдар алып, 18 ғасырда құлдырауға түскен Нидерланды өнерінің ішінен К. Тросттың буржуазия әдет-ғұрыпты дәл танытатын еңбектері көзге түседі. 19 ғасырда кварталдары тығыз топтасқан қалалар көбейді. 1830 жылдан бастап классицизм әклектикаға орын берді. Ғасырлар бойындағы тәжірибеге сүйенген Нидерланды архитекторлары 20 ғасырда халқы тым шоғырланған қалалардың архитектуралық жағдайын шешу және жауданқайтарып алған территорияны игеру мәселесін қолға алып, қыруар еңбек сіңірді. Көптеген қалалар мен құрылыстардың, аудандардың бас жоспарлары жасалды. 20 ғасырдың басында Нидерландыда функционализмге бой ұру (X. П. Берлаге) байқалды. Бұл романтикалық және экспрессиялық тенденцияны кейіннен К. П. К. де Базел, М. де Клерк, П. Л. Крамер т. б. жалғастырды. 20 ғасырда экспрессиялық шағын пластика (Я. Мендес да Коста), монумент (Л. Зейл, X. М. Везелар) және портрет жанрында (Л. X. Сондар, Л. О. Венкебах) елеулі табысқа жеткен тұңғыш голланд мүсін мектебі қалыптасты. М. Андриссен, X. Кроп, Дж. Радекер, Ф. Сигер сияқты мүсіншілердің творчествосы гуманистік идеяларға құрылды. Демократиялық және гуманистіксерпін Чарли Тороп пен X. Шабо, әсіресе П. Алманың қабырға өрнектері мен графикасынан берік орын алды.

Музыкасы. Нидерланды музыкалық мәдениеті жайлы дерек бастапқы Орта ғасырға саяды. 12 ғасырда рыцарьлық лирика мен менестрельдер өнері кең дамыды. 13 ғасырда менестрельдер мектебі қалыптасты. 14 ғасырда әр түрлі цехтардың жанынан хор капеллалары пайда болды. Нидерланды музыкалық мәдениетінен сақталып қалғаны - флагелланттар әні. Нидерланды музыкалық мәдениеті 15-16 ғасырларда мейлінше дамыды. Контрапунктистердің нидерландылық мектебі өркендеді. Бұл құбылыс Нидерланды музыкасының классикалық кезеңінің және Европа вокальдық-хор полифониясындағы өрлеудің бастамасы болды. Бұл кезеңдегі көрнекті қайраткерлер бүкіл Батыс Европа музыкасының дамуына айтарлықтай ықпал жасады. 17 ғасырда аспаптық музыканың дамуына байланысты музыкалық аспаптарын жасап шығару жоғары нәтижеге жетті. Органдық өнер де ерекше дамыды. 16 ғасырдың аяғы - 17 ғасырдың басында көрнекті композитор, орган мен тілді аспаптарда ойнаудың шебері Я. П. Свелинк неміс органдық музыкалық мектебіне елеулі ықпал жасады. Дегенмен бүтіндей алғанда Нидерланды музыкасы 17 ғасырда жетекші рольден айырылып қалды. 17 ғасырдың соңында Нидерландыда ағылшын, француз, итальян музыкасы тарай бастады. Оны орындау үшін вокальды-аспаптық капеллалар (1732 ж. Гаагада т. б.) ұйымдастырылды. Классицизм стиліндегі тұңғыш голланд операсы - «Баянды махаббат» (К. Хакуарта, 1678). Б. Рулофс осы сарындас тағы бірнеше опералар («Земира мен Азор», 1783; «Арыстан жүректі Ричард», 1792; және «Екі мүсін», 1798) жазды. Гаага мен Амстердамдағы музыкалық коллегиялар концерттік қоғам болып қайта құрылды. 19 ғасырдың 1-жартысында ұлттық-демократиялық музыка мәдениеті өркендеді. Голландия композиторларының көпшілігі Германияда оқығандықтан, ол неміс романтикасы ықпалында дамыды. Алғашқы ұлттық Корольдық музыка мектебі (1826-1846, Гаага) және Музыка ынталандыру қоғамы ашылды (1829). Опера артистері - Я. Урлюстің, А. ван Ройдың, К. Энгелен-Севингтің есімі көпшілікке кең тарады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Б. Зверс, И. Вагенар сияқты композиторлар шыға бастады. 1911 жылы Композиторлар қоғамы құрылды (1-дүние жүзілік соғыстан кейін - Қазіргі музыкалық қоғамы). 20 ғасырдың 1-жартысындағы белгілі композиторы В. Пейпер. 20 ғасырдың ортасындағы композиторлары X. Бадингс, Р. Г. Эсхер, М. Флотхёйс, X. Андриссен, Г. Ландре т. б. Дирижерлері П. Хюппертс, Б. Хайтинк; пианистері К. де Грот, Л. Понсе, X. Хенкеманс; әншілері Т. Байле, Ф. Вронс, М. Арден, Г. Браувенстейн. Неміс-фашист басқыншылығы кезінде тоқырап қалған Нидерланды музыкалық мәдениеті 2-дүние жүзілік соғыстан кейін қайта жанданды. 40 жылдардың аяғында әр түрлі авангардистік творчестволық бағыттар пайда болды. Олардың өкілдері - Я. Гердс, Ю. Андриссен, Т. де Леув, X. Кокс, П. Схат т. б. Қазіргі Нидерландыда 20 симфониялық оркестр жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері - Гаагадағы «Резиденси» және Амстердамдағы филармония оркестрі. Нидерландыда 7 консерватория бар.

Театры. 14 ғасырда Нидерландыда әдебиет пен театрды қадір тұтатын қоғамдар пайда бола бастады. 17-18 ғасырда театр өнерінің орталығы Амстердам болды. Онда ұлттық драматургияның аса көрнекті өкілі Й. Вонделдің, сондай-ақ Г. А. Бредероның, П. К. Хофттың шығармалары қойылды. Көптеген кезбе труппалар да өнер көрсетті. Ұлттық театрдың өрлеуіне «Нидерланды театр бірлестігі» (1870 жылы құрылған) елеулі әсерін тигізді. 1920 жылдары әуесқой коллективтер, өсіресе студенттерден ұйымдасқан драмалық коллективтер елеулі өріс алды. 40-60 жылдары К. Ласёр және П. Стенберген бастаған «Гаага комедиясы» атты театр мен X. В. ван дер Берг пен Й. де Местр жетекшілік еткен Амстердамдағы «Нидерланды комедиясы» театры алдыңғы қатарда болды. Арнем және Роттердам қалаларында да тұрақты труппа жұмыс істейді. Көптеген труппалар дүние жүзілік классикаға кең орын берген. Олардың репертуарында А.П.Чеховтың, Н. В. Гогольдің, Ф. М. Достоевскийдің, М. Горькийдің пьесалары бар. Нидерландыда әкспериментті «Студио» және балаларға арналған «Арена» труппалары жұмыс істейді. Белгілі актерлері мен режиссерлері: А. ван Далсюм, Ж. Ройярдс-Сандберг, К. ван Дейк, Г. Хермюс, Э. ван Линген, И. ван Фассен, Ф. Карелсен, Ш. Кёлер, В. Фос, Л. де Бур. Амстердамда театр музейі бар.

Киносы. Нидерландыда 1898 жылы документті, 1910 жылы көркем фильмдер шығарыла бастады. 1927 жылы Амстердамда ілгерішіл кино өнерін насихаттайтын «Фильм-лига» киноклубы ұйымдастырылды. 30 жылдары көркемдік мәні бар бірнеше лента («Пигмалион» т. б.) түсірілді. Неміс-фашист басқыншылығы кезінде ұлттық киноөнеркәсібі тоқырап, экрандарда негізінен неміс кинокартиналары көрсетілді. Азаттық алғаннан кейін Нидерландыда документті, ғылыми-көпшілік киноленталар көптеп шығарыла бастады («Левенгуктен электронды микроскопқа дейін», 1951, реж. Я. Мол; «Шыны», 1958, реж. Б. Ханстра; «Амстердам - сулы қала», 1958, реж. М. Хас; «Биафра жаңалықтары», 1969, реж. Л. ван Гастерен, И. ван ден Кёкен, Р. Кербос). Көркем фильмдер - «Фанфарлар» (1958, реж. Ханстра), «Хаварден мырза» (1969, реж. X. Кюмель), «Әріптестер, шуды тоқтатыңдар» (1960), «Франк пен Ева» (1973, реж. П. де Ла Парра), «Түрік мәуесі» (1973, реж. П. Ферхіувен). Белгілі киноактерлері: В. ван Алмерой, Т. Хюрдерман, Р. де Хойер, К. Брюсе. 1973 ж. 9 көркем фильм шығарылды; 380-нен астам кинотеатр жұмыс істеді.

Нидерланды тарихы - Солтүстік-Батыс Европаның Арденна мен Солтүстік теңізі аралығындағы, Рейн, Маас және Шельда өзендері алабына орналасқан орта ғасырлық тарихи аймақ. 14-15 ғасырларға дейін саяси тұтастығы жоқ бірнеше феодалдық иеліктерге бөлінді. 14-15 ғасырларда бұлардың біразы ұлан-байтақ Бургунд мемлекетінің құрамына енді (Бургундия). 15 ғасырдың соңында бұл мемлекет ыдырағаннан кейін Габсбургке. 1548 ж. «Қасиетті Рим империясының» Бургунд округына қосылды. 1556 жылы Карл V пмпериясы ыдырағаннан кейін, Нидерландыны испан королы Филипп II бағындырды. 1830 жылы Оңтүстік Нидерландыда дербес Бельгия мемлекеті құрылды.

Нидерланды буржуазиялық революциясы (16 ғ.) - абс. Испанияға қарсы ұлт-азаттық соғысты феодализмге қарсы күреспен ұластырған Нидерландыдағы тарихи буржуазия революция (1566-1609). 15 ғасырдың ақыры мен 16 ғасырда Нидерландыда феодалдық қатынастар ыдырап, бастапқы қорлану процесі басталды, өндірістің капиталистік әдісі туды. Фландрияда, Брабантта цехтық өндірістің ескі орталықтары құлдырап, капиталистік мануфактура (Антверпенде, Хондсхотта, Льеж облыстарында, Валансьенде т. б.) жедел өріс алды. Әсіресе металлургия, кен өндіру өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамыды. Амстердам елдіқ ірі экономикалық орталығына айналды. Аграрлық қатынаста түбегейлі өзгерістер жасалды. Сауда егіншілігі аудандары қалыптасып, Голландияда т. б. аудандарда сүт өндіретін мол өнімді мал шаруашылығы пайда болды. Экономикалық жағынан дамыған аудандарда ақша рентасы, қысқа мерзімді аренда қолданыла бастады. Кәсіпқор фермерлер, буржуазия табы мен пролетариат қалыптасты. Ендігі жерде испан абсолютизмі басты кедергіге айналды. Дворяндар, испан озбырлығынан ашынған халық көтеріліске шығып, феодалдық тәртіптің тубіне жетеді деп қорықты. Сөйтіп Келісім одағына («Компромисс») бірігіп, 1566 ж. 5 сәуірде (Брюссельде) испан мирасқоры Маргарита Пармскаяға діни қуғындауды, елдің саяси еркіндігін бұзған озбырлықты тоқтатуды, Бас штаттар отырысын шақыруды талап еткен петиция тапсырды. Үкімет бұл талаптарды елең қылмады. 1566 жылы тамызда Фландрияда жойқын халық көтерілісі басталып, қысқа мерзімде бүкіл елге жайылды. Католик шіркеуіне қарсы бағытталған көтеріліс барысында 5500-ге жуық шіркеу мен монастырь талқандалды. Маргарита Пармская «дінсіздерді» қудалауды тоқтатып, кальвинизмге шектелген бостандық беруге мәжбүр болды. Көтеріліс қарқыны үкіметті ғана емес, буржуазия мен дворяндарды да үрейлендірді. Дворяндар үкімет жағына шығып, консисторилер (кальвиишілер қауымының шіркеулік-әкімшілік органдары) көтеріліске қатысудан бас тартты. 1567 жылы жазда герцог Альба басқарған испан әскері Нидерландыға кіріп, қанды террор басталды. 1571 жылы Альба енгізген жаңа салық - алькабала елдің экономикасын одан әрі күйзелтті. Мануфактуралар мен дүкендер жабылып, толып жатқан жалдамалы жұмысшылар мен қолөнершілер жұмыссыз қалды. 1572 жылы 1 сәуірде теңіз гёздері Брил қаласын басып алып, Голландия мен Зеландияда жаппай көтеріліс басталды. Революция ниеттегі буржуазия мен дворяндар басқарған қала кедейлері, шаруалар, балықшылар әскери отрядтар ұйымдастырып, испандықтар мен олардың жергілікті отаршыларын күйретті, шіркеулер мен монастырьларды талқандады. 1574 жылы Дордрехте өткізілген синод елдің солтүстігінде кальвиншілдік шіркеудің ұйымдың берік негізін қалады. Ал бай кәдестер испандықтардың қатал тәртібіне шек қоюды ғана талап етіп, оппозициядағы дворяндарды қолдады. Көпестер олигархиясы елде «тәртіп орнату» үшін жоғары өкімет билігін және бас қолбасшылықты Вильгельм Оранскийге тапсырды. 1576 жылы 4 қыркүйекте Брюссельде испандықтарға қарсы жеңімпаз көтеріліс басталды; революция мен азаттық қозғалыс орталығы оңтүстікке ауысты. 1576 жылы күзде шақырылған барлық Нидерланды провинцияларының Бас штаттары елдің негізгі өкімет органына айналды. Алайда оның құрамында революцияның одан әрі өріс алуын қаламайтын дворяндар мен консерваторлық бюргерлер басым болды. Брюссель, Гент, Ипр, Антверпен қалаларының тұрғындары 1577 жылдың жазы мен күзінде реакцияшыл магистраттарды құлатып, олардың орнына өздерінің қарулы күштерін, жергілікті революция үкімет органдарын - «18-дің комитеттерін» құрды. 1577 жылы қыркүйекте ниеттестерінің шақыруымен Голландиядан Брюссельге Брабант билеушісі болып сайланған Вильгельм Оранский келді. 1578-1579 жылдар Фландрияда, Брабантта, Гронингенде, Дрентте және Фрисландияда шаруалардың аса ірі қозғалысы өріс алды. Шаруалар Бас штаттарға салық төлеуден, испандықтар жағына шыққан қожаларына бағынудан бас тартты. Дворяндар мен шіркеу жерлерін басып алып, бекіністі талқандады. 1579 жылы 6 қаңтарда Геннегау, Артуа, Дуә және Оршиде реакцияшыл-католиктік дворяндар Аррас униясын құрып, революция провинциялардан бөлініп шықты. 1579 жылы 17 мамырда Филипп II-мен сепараттық келісім жасады. Бас штаттар мен принц Оранский реакцияшыл католик феодалдармен ымыраласып, «бүкіл елді біріктіру» үшін жанталасты. Революцияшыл буржуазия мен жұмысшылар және қолөнершілер солтүстікке ауысты. Оңтүстікте испан мирасқоры дон Хуанның (1578 жылы қазанда өлді) орнына келген айлакер қолбасшы Александр Фарнезе Фландрия мен Брабантқа жоспарлы түрде шабуыл жасап, бірте-бірте Гентті (1584), Брюссельді (1585), Антверпенді (1585) басып алды. Голландияға қашқан принц Оранский қастандықпен өлтірілді (1584). Солтүстік провинцияларының аса көрнекті қолбасшысы Мориц Оранский басқарған (1589 жылдан) әскер испан әскерлеріне ауыр соққы беріп, біраз жерін қайтарып алды. 1609 жылы Испания буржуазия Құрама провинциялар республикасының (революция нәтижесінде Солтүстік Нидерландыда пайда болған мемлекет) тәуелсіздігін іс жүзінде мойындап, 12 жылға уақытша бітім шарты жасалды. Н. б. р. 16 ғасырда испан абсолютизміне соққы беріп, Европада жеңімпаз буржуазия революциялар дәуіріне жол ашты. Революция нәтижесінде испан үстемдігі жойылып, Солтүстік Нидерландыда Европада тұңғыш буржуазия республика орнады.

Нидерланды          корольдығы (1815-1830) - Оранский-Нассау әулетіне қарасты корольдық. Вена конгресінің (1814-1815) шешімімен құрылды. Құрамына Нидерланды, Бельгия енді. Нидерланды қорольдыгыеың құрылуы өнеркәсібі дамыған католиктік Бельгияға кальвинистік сауда-отарлық Нидерландының үстемдігін орнатуға әкеліп соқты. Бельгияның халқы едәуір көп болғанымен, 1815 жылғы антидемократиялық конституция бойынша Бас штаттың төменгі палатасында Нидерланды корольдының екі бөлігінің әрқайсысына 55 орыннан берілді. Мемлекеттік аппарат пен армиядағы басшы қызметтердің көпшілігіне голландиялықтар ие болды. Мемлекеттік қарыздардың қосылып кетуі (Нидерланды 589 млн., Бельгия - 27 млн. гульден) Бельгияда салықты көбейтіп жіберді. Нидерланды сауда капиталының мүддесі үшін баж алымы азайтылды. 1825 жылғы заң бойынша Бельгияда көптеген католик мектептері жабылып, оппозициялық баспасөз қуғынға түсті. Бельгия халқының мүдделеріне нұқсан келтірген Нидерланды корольдыгының құрылуы Бельгияда барлық таптар арасында наразылық тудырды. Бельгия революциясы (1830) нәтижесінде Бельгия бөлініп шығып, Нидерланды корольдыгы ыдырады.

Әдеб.: Геология Нидерландов. пер. с голл. М., 1959; Лозинский С. Г. История Бельгии и Голландии в новое время. СПБ, [1908]; Вальков В. А. Экономика и политика Голландии после второй мировой войны. М., 1961; Корсаков П.А. Голландская литература. «Библиотека для чтения». 1838, т. 27, № 3-4; его же, Опыт нидерландской антологии. СПБ, 1844; Виппе р Б. Р. Становление реализма в голландской живописи XVII века. М., 1957; его же, Очерки голландской живописи эпохи расцвета (1640-1670). М., 1962; Крашенинникова Н. Л. Современная архитектура Нидерландов. (Голландия). М., 1971; Грубер Р. И. История музыкальной культуры. т. 1, ч. 2, М., 1941, с. 305-468; Серебрянный Л. Р. Нидерланды. М., 1974; Чистозвонов А.Н. Нидерландская буршуазная революция XVI в. М., 1958; его же, Историография и проблемы марксистского исследования нидерландской буршуазной революции XVI в. в сб.: Средние века. в. 31, М., 1968; Пиренн А. Нидерландская революция, пер. [с франц.], М., 1937.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-05-18 15:18:18     Қаралды-3178

ЭЛЕКТРОНДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Электрон» сөзі грек тілінен «янтарь» деп аударылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ЗАРЯДЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Электрондардың теріс заряды, ал атом ядросының оң заряды бар екенін сіз бұрыннан білесіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Көптеген ғасырлар бойы адамдар электр қуатының бар екенін білмеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПАСТЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Навигацияның дамуымен кеме жасау ғылымы жетілдірілуде - кибернетика...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »