UF

ВЕНГРИЯ, - Орталык Европадағы мемлекет. Солтүстігінде Словакиямен, оңтүстік-батысында Хорватия мен Словения, солтүстік-батысында Австриямен, оңтүстігінде Сербиямен, оңтүстік-шығысында Румыниямен, солтүстік-шығысында Украинамен шектеседі. Жері 93 мың км2. Халқы 9,7 млн. (2019). Астанасы - Будапешт. Әкімшілік жағынан 19 медьеге (облысқа) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Конституциясы 1949 жылы 20 тамызда қабылданды. Қоғамдық құрылысының экономикалық негізі - өндіріс құрал-жабдықтарына социалистік меншік және шаруашылықтың социалистік жүйесі.

Мемлекеттік өкіметтің ең жоғарғы және бірден-бір заң шығарушы органы - Мемлекеттік жиналыс. Ол жұртшылықтың жалпыға бірдей, тең, төте сайлау правосы негізінде 4 жыл мерзімге (30 мың тұрғынға 1 депутат) сайланады. Мемлекеттік жиналыс халық өкіметі берген барлың правоны жүзеге асырады: басқару органының құрылымын, оның қызметінің бағыты мен міндетін белгілейді, заң қабылдайды, мемлекеттік бюджет пен халық шаруашылығының жоспарын бекітеді, т.б. мәселелерді шешеді. Мемлекеттік жиналыстың сессиялары аралығында оның өкілдігін Халық республикасының Президиумы атқарады. Мемлекеттік жиналыс мемлекеттік басқарудың жоғары органы - Венгр революцияшыл жұмысшы-шаруа үкіметін (Министрлер Советін) сайлайды.

Мемлекеттік өкіметтің жергілікті органдары - 4 жылға сайланатын обл., қалалық, аудандың (Будапештте) және селолық советтер. Жергілікті Советтердің атқарушы және жарлық беруші органдары - Совет депутаттары құрамынан сайланатын атқару комитеттері. Сайлау правосымен 18 жасқа толған барлық азаматтар пайдаланады. Сот жүйесі: Жоғарғы соттан, облыстық, аудандық және әскери соттардан тұрады. Заң бақылау жұмысы прокуратураға жүктеледі.

Табиғаты. Венгрия жерінің 68%-і жазық, 30%-і төбелі-белесті аймақ, 2%-і орта биіктіктегі тау. Көп жері Орта Дунай жазығының солтүстік бөлігін алып жатыр. Дунай өзені елді екіге бөледі. Оның шығыс жағында Үлкен Орта Дунай (Альфёльд), Солтүстік орта биіктіктегі таулар (биіктігі 800-1000 м) және Венгриядағы ең биік тау Кекеш (1015 м) бар. Дунантуль жазығы, Кіші Орта Дунай ойпатының оңтүстік бөлігі және Орта Венгр таулары мен Альпінің етегі (500-800 м) Дунайдың оң жағын алып жатыр. Венгрияның солтүстік-шығыс бөлігінде (Шайо өзенінің сол жағасында) әйгілі Агтелек үңгірі бар.

Орта Дунай жазығының ең төменгі қатпарлы қабаты палеозой, мезозой жыныстарынан, оның үсті палеоген, миоцен, плиоценнің тас аралас құмы мен сазынан, жоғарғы қабаты (жер беті) көлдер мен өзендердің құмсаз шөгіндісінен, ал Дунантуль жазығы құмсаз қабаттарының шөгінділерінен түзілген. Солтүстік орта биіктіктегі таулар пермь және триастың сазды жаңғыш тақта тасы мен әк тасынан, Орта Венгр таулары пермьнің құм тасы мен конгломератынан, триас пен юраның мергель, доломит және әк тас жиынтығынан құралған. Пайдалы қазындылары: табиғи газ, мұнай, темір рудасы, көмір, лигнит, боксит.

Климаты қоңыржай, континенттік. Қаңтардың орташа температурасы -2,4°С, шілдеде 20-22,5°С, жауын-шашынның жылдық мөлшері 450-900 мм. Үлкен Орта Дунай жазығының шығыс бөлігінде кей жылдары құрғақшылық болып тұрады. Басты өзені - Дунай (Венгрия жеріндегі ұзындығы 410 км). Оның ірі салалары: Тиса, Раба, Шио, Драва. Тиса өзені бойында көптеген жер суару қаналдары бар. Венгрия көлдерінің көбі шағын; ірілері - Балатон, Фертё (Нейзидлер-Зе).

Көп жері қара топырақты; таулы, төбелі-белесті аудандары орманды жерге тән қоңыр және шым-карбонат топырақты, өзен аңғарлары алювиаль топырақты болып келеді. Бұрын Венгрия қалың орманды елдердің бірі еді, қазір жерінің 13,5%-і ғана орман (негізінен таудың 300-400 м-ден жоғары жатқан беткейлерінде өседі). Дала мен орманды мекендейтін жануарлар (қоян, түлкі т. б.), құстар (боз торгай, тоқылдақ, жапалақ), өзендерінде көксерке, шортан т. б. балықтар кездеседі.

Венгрия жері 6 табиғи ауданға бөлінеді: Үлкен Орта Дунай ойпаты (Альфёльд), Солтүстік таулы аймақ, Кіші Орта Дунай ойпаты (Кишальфёльд), Дунай сыртындағы таулы аймақ (Дунайдың оң жағы), Мезёфёльд, Оңтүстік-батыс Венгрия.

Халқы. Негізгі халқы - венгрлер (98,2%, 1960); олардан басқа словактар, румындар, немістер, хорваттар, сербтер, цыгандар түрады; көбінің діні – католицизм. Жалпы еңбек етушілердің (5 млн., 1970) 72%-і жүмысшылар мен қызметкерлер, 25%-і кооператив мүшелері. Халықтың тығыздығы 1 км2 жерге 111 адамнан; 44,5%-і қалаларда тұрады.

Тарихы. Венгрия территориясын палеолит кезінен бастап скиф, иллирий, кельт тайпалары мекендеді. Оларды б. з. б. 1 ғасырдың аяғы мен б. з. 2 ғасырының басында Ертедегі Рим империясы бағындырып алып, Паняония провинциясына қаратты. Халықтардың ұлы қоныс аударуы деп аталатын кезеңде Венгрия территориясын герман және түркі халықтары, сондай-ақ гунндар, аварлар, готтар, гепидтер қоныстанды. 9 ғасырдың аяғында қазіргі Венгрия территориясында көшпелі малшы венгр тайпалары пайда болды. Олар Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Европа елдеріне тонаушылық жорықтар жасады. Арпадтар династиясынан шыққан Гезе князы (970-997) мен оның баласы Иштван I тұсында (997-1038) Християн діні қабылданды, мемлекеттік ұйым пайда болды. Жер өңдеудің мәні артты, жерге феодалдық меншік қалыптаса бастады.

Монгол-татар шапқыншылығы (1240-1241) және феодалдардың арасындағы ала ауыздықтар елдің дамуын тежегенімен, 14 ғасырда өндіргіш күштердің дәрежесі едәуір артты. Товар өндірісі және товар-ақша қатынасы туа бастады. Анжу династиясынан шыққан Карл Роберт тұсында (1308-1342) Венгриядағы ала ауыздық тыйылып, қалалар өсті, кен өндіру ісі өркендеді. Карл Роберттің баласы - Лайош (Людовик) І-нің (1342-1382) династиялық басқыншылық соғыстары үстем таптар арасында жікке бөліну қайшылықтарын күшейтті. Магнаттар (барондар лигасы) жеке топтарының арасында болған бақталастық Жигмонд (Сигизмунд) Люксембург тұсында (1387-1437) шиеленісе - түсті. Бұл кезде түрік басқыншыларының Венгрияны жаулап алу қаупі туды. Феодалдардың ала ауыздығы түрік-басқыншыларына қарсы ойдағыдай күрес жүргізуге кедергі болды. 1437 жылы Солтүстік-Шығыс Венгрияда және Трансильванияда шаруалар көтерілісі басталды. Венгр мен румын шаруалары бірлесіп, ортақ жауы - феодалдарға қарсы шықты. Көтеріліс күшнен жанышталды. Алайда, түріктер Венгрия шекарасына жаңындап қалды. Қолбасшы ретінде танылған Янош Хуньяди венгр шаруаларының отрядын басқарып және Оңтүстік-Шығыс Европа халықтарының қолдауына сүйене отырып, түрік басқыншыларына қарсы ойданыдай күрес жүргізді. Орташа дворяндар ірі феодалдардың қысымына қарамастан, Янош Хуньядидің баласы - Матьяш Хуньядиді король (1458-1490) етіп сайлады. Оның тұсында феодалдық мемлекеттің сословиелік - өкілдік формасының өкімет билігі уақытша бір қолға жинақталып нығайтылды, бұл шетелдің жаулап алу қаупінен қорғануға мүмкіндік жасады. Бірақ та, М. Хуньяди өлгеннен кейін феодалдар арасында ала ауыздық күшейді. Бұл кезде алым-салықтың, әсіресе ақша рентасының көбеюі, шаруалардың праволық жағдайының нашарлауы, помещиктік соттардың зорлық қысымы Дьердь Дожа бастаған шаруалар соғысына (1514) әкеліп соқтырды. Көтеріліс феодал армиясының күшімен басып жанышталды. Шаруалардың жерге тәуелділігі заңмен баянды етілді.

Феодалдар арасында тағы да ала ауыздың басталды. Ақсүйектер Габсбургтерден шыққан Фердинанд 1-ні, ал дворяндар шаруалар көтерілісін басып жаныштауда феодалдар армиясын басқарған Янош Запойяиді король етіп сайлады. Батыс Венгрияда және солтүстік облыстарда Габсбургтер әулеті нығайды. Шығысында Янош Запойяи қайтыс болғаннан кейін (1540) Осман империясына тәуелді, бірақ ішкі істерін дербес басқарған Трансильвания князьдығы құрылды. Сөйтіп, бірыңғай Венгр корольдығы ыдырады. 16-17 ғасырларда венгр халқы түріктерге қарсы күресін үдете түсті. Түріктер басып алған венгр жерінде халыққа салынған көптеген алым-салықтар, үнемі болып тұратын әскери жорықтар өндіргіш күштердің дамуын тежеді. Габсбургтер үстемдік еткен территорияда 16-17 ғасырларда ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру басыбайлы шаруалардың барщиналық еңбегіне негізделді.

1703 жылғы басыбайлы шаруалардың антифеодалдық көтерілісі ұлт-азаттық антигабсбургтік қозғалысқа айналды. 18 ғасырда Венгрияның өндіргіш күштері едәуір дамыды, капиталистік қатынастардың элементтері пайда бола бастады. Буржуазиялық ұлттық қалыптасуына әкономикалық алғы шарттар жасалды. Басыбайлы шаруалар алым-салықтың (өсіресе барщинаның) зардабын шекті. 18 ғасырдың ортасында кейбір аудандарда шаруалар көтерілісі болды. Бұдан қорыққан императорша Мария Терезия шаруалардың-салық төлеу мүмкіндігін ескерген реформа қабылдады. Ұлы Француз революциясына, шаруалардың толқуына, Габсбург империясының қаналған халықтары ұлттық қозғалысының тууына байланысты Австрия мен Венгрия үстем таптары таптық одақты қалпына келтіруге мәжбүр болды.

1794 жылы демократиялық бағыттағы венгр интеллигенциясы арасында республика қозғалыс (венгриялық якобиншілерінің қозғалысы) өрістеді. Ұлы Француз революциясының идеясымен рухтанған олар Габсбург империясын құлатып, республика құру, крепостнойлық правоны жою және басқа буржуазия реформалар жүргізу үшін қастандық жасау ұйымдарын құрды. Бірақ, сол жылы жазда бұл ұйымдар талқандалды. Франциядағы 1830 жылғы Июль революциясы, Словакияға қарайтын Венгр корольдығындағы және елдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі шаруалар көтерілісі (1831) либерал дворяндарының реформа жолындағы күресін күшейтті. Венгрияда капитализм баяу дамыды. Товарлы жер өңдеу, мал, жүзім шаруашылықтары едәуір өркендеді. Ірі помещиктік шаруашылықтарда ауыл шаруашылық машиналары, жалдамалы еңбек, жаңа агротехнологиялық қолданылды. Өнеркәсіпте капиталистік мануфактура көбейді. 40 жылдары темір жол салынып, Дунайда кеме жүзе бастады, машина жасау з-дтары, тоқыма ф-калары, бу тиірмендері салынды. Қала халқының саны өсті. Өнеркәсіп орталықтары пайда болды. Товарлы ақша қатынасының дамуы феодалдық-крепостнойлық жүйені дағдарысқа ұшыратты.

1848 жылы 15 наурызда Пештте ІІІ. Петефи мен П.Вашвари бастаған жұмысшылар, қолөнершілер және буржуазия элементтер көтеріліске шықты. 17 наурызда Л.Баттяниді (либерал дворяндар оппозициясының басшысы) Венгрияның премьер-министрі етіп тағайындау туралы Фердинанд 1 императордың указы жарияланды. Баттяни үкіметі барщина мен десятиналарды жою және барщиналық үлестерді шаруаларға беру туралы заң қабылдады. Алайда, бұл өзгеріс барлың шаруаларға бірдей болмады.

1848 жылы қыркүйекте Л. Кошут бастаған Отан қорғау комитетінің шақыруы бойынша революциялық ұлттық армия құрылып, ол Австрия әскерлеріне, хорват баны И. Елачнчтің армиясына бірнеше рет ауыр соққы берді. 1848 жылы 30 қыркүйекте Швехат шайқасында жеңіліс тауып, венгр әскерлері Буда мен Пештті тастап шықты. Венгр революция Үкіметі Дебреңенге көшті. Тек 1849 жылы көктемде ғана революция армия Венгрияның біраз бөлігін және бүкіл Трансильванияны азат етті. 14 сәуірде Дебреценде венгр парламенті Венгрияның Габсбургтерден толық азат етілгендігін мәлімдеді. Алайда, дворяндардың кертартпа элементтері революцияның өрлеуінен қорқып, Габсбургтермен келісім жүргізді. Бас командашы Гергей Венаға шабуыл жасаудан бас тартып, Буда қамалын қоршауға алды. Бұл жағдайды пайдаланып, Австрия реакцияшылары патшалық Россиядан көмек сұрады. 1849 жылы 18 тамызда венгр армиясы Вилагош қамалының түбінде патшалық Россияның басқыншы әскерлерінің алдында тізе бүкті.

Революция жеңіліске ұшырағаннан кейін Венгрияда абсолюттік террор тәртібі орнады. 1853 жылғы заң шаруалардың жеке бас бостандығы мен меншік правосын мойындады. Капиталистік қатынас ауыл шаруашылығында миллиондаған шаруалар үшін азапты пруссиялық жолмен дамыды. Феодализмнің қалдықтары сақталып қалды. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін өнеркәс, салалары, темір жол құрылысы, кен өнеркәсібі мен металлургия дами бастады. 1859 жылғы Австрия-Италия-Франция соғысы Габсбург абсолютизмінің әлсіздігін көрсетті. Империяның езілген халықтары, әсіресе, венгрлер азаттың күресін үдетті. Австрия императоры венгр парламентін, комитет жиналыстарын шақыруға және венгр тілін әкімшілікте қолдануға рұқсат еткен федералды конституция - 1860 жылғы қазан дипломына қол қойды. Ал 1866 жылғы Австрия-Пруссия соғысында Австрия империясының жеңілуі Габсбургтегі Венгрияның үстем табымен келісімге келуге мәжбүр етті.

1897 жылы Австрия-Венгрия келісіміне сәйкес, империя екі жаққа бірдей Австрия-Венгрия монархиясы болып қайта құрылды. Венгрия мемлекеттің суверенді бір бөлігі болып саналды. Венгрия үкіметі ішкі істердің бәрін шешетін болды. Хорватия, Словония, Трансильвания Венгрияға қайта қосылды. Езілген венгр емес халықтардың ұлттық қозғалысын басып-жаншу мақсатында Венгрия үстем таптары 1868 жылы хорват помещиктерімен Хорват-Венгр келісімін жасап, Хорватияға венгр корольдығының қол астында ішкі ав тономия правосын берді.

50 жылдары басталған ірі өнеркәсіпке көшушілік 70 жылдары едәуір жеделдетілді. Венгрияға Австрия мен шетел капиталының енуі артты. Өнеркәсіп пролетариаты қалыптаса бастады. 60-70 жылдары жұмысшылардың алғашқы социалистік ұйымдары пайда болды (Жалпы жұмысшы одағы, І-Интернационалдық венгр секциясы, Сайлауға правосы жоқтардың партиясы, Жалпы жұмысшы партиясы) 19 ғасырдың соңғы он жылында Венгрияда капитализмнің монополистік-империалистік сатысына өту процесі басталды. Елдің саяси өмірінде 19 ғасырдың аяғында дуализм дағдарысының алғашқы белгілері байқалды. Жұмысшы қозғалысы бұқаралық сипат алды. Венгр жұмысшы табының халықаралық байланысы нығайды. 1890 жылы Венгрияның с.-д. партиясы құрылды (ВСДП). 90 жылдары алғашқы кәсіподақ ұйымдары пайда болды. 1891-1894 және 1897-1899 жылдар жұмысшы қозғалысының ықпалымен елдің шығыс және оңтүстік-шығыс аудандарында ауыл шаруашылық пролетариатының революция бой көрсетулері болып өтті.

Европадағы 1900-1903 жылдар экономикалық дағдарыс венгр капитализмінің монополистік сатыға өтуінде маңызды роль атқарды. Венгрияның экономикалық артта қалушылығы, феодализмнің экономика мен қоғамдық-саяси өмірде сақталған сарқыншақтары венгр империализмінің өзіндік сипатын туғызды. Саяси және экономикалық қатынаста венгр империализмі Австрия мен Германия империализміне тәуелді болды және олардың Балқандағы кішігірім сыбайласына айналды. Империализм ұлттық және таптық қайшылықтарды шиеленістіре түсті. Үстем таптардың өз ішінде де қайшылық күшейді. Венгр емес халықтарды күшпен мадиярландыру саясаты және Австрия-Венгрия монархиясының басқыншылық пиғылы езілген халықтардың венгр үстем таптарына қарсы күресін өршітті.

Россиядағы пролетарлық революциясының жеңісі туралы хабар Венгрия еңбекшілерінің арасында революция өрлеу туғызды. 1918 жылдың 1-жартысында болған стачкалардың барысында алғашқы жұмысшы советтері құрылды. Елдің әлеуметтік-экономикалық қайшылықтары шиеленісе түсті. Тәуелсіздік және 1848 жылғы партияның, Буржуазия-радикалды партияның (1917 жылы құрылған), ВСДП-нің өкілдері 25 қазанда Ұлттық совет ұйымдастырды. Будапеште Солдаттар советі құрылды. 31 қазанда басталған жаппай ереуіл буржуазия-демократиялық революцияға ұласты. Оның гегемоны жұмысшы табы болды, бірақ пролетарлық ұйымдарын реформистер басқарды. Өкімет басына буржуазия келді. Ұлттық совет партиялары өкілдерінен М. Каройидің үкіметі құрылды. Ол езілген ұлттар мен шаруалардың мүддесін қорғаудан бас тартты. Алайда, жаңа революция өрлеудің қыспағымен 16 қарашада Венгрия республика болып жарияланды. Осымен Габсбургтердің 400 жылға созылған үстемдігі аяқталды. 1918 жылы 24 қарашада Венгр интернационалистері - Россиядағы Ұлы социалистік революциясы мен азамат соғысына қатысушылар, РК(б)П Венгр тобының мүшелері, революцияшыл-социалистер және социал-демократтардың солшыл тобы Венгрия Компартиясын (ВКП) құрды. Үкімет коммунистерді қуғындауды күшейтті. 1919 жылы ақпанда ВКП ОК мүшелері қамауға алынды. Наурыздың орта кезінде комитеттердің жартысынан көбі үкімет бақылауынан босанды, шаруалар помещиктік жерлерді басып алды, коммунистер елде құрылған жұмысшы, шаруа және Солдат Советтеріне басшылық етті.

ВКП-нің ойдағыдай қызмет етуінің және жұмысшылар мен солдаттардың басым көпшілігінің ВКП жағына шығуы нәтижесінде пролетариат революциясы жеңіп, 1919 жылы 21 наурызда Венгр Совет Республикасы (ВСР) құрылды. Жұмысшы табының екі партиясы - ВКП мен ВСДП Венгрия Социалистік партиясына (ВСП) бірікті. ВСП Революция үкімет советін құрды. ВСР өмір сүрген 133 күннің ішінде өнеркәсіп орындары, банкілер, жинақ кассалары, транспорт пен сауда орындары, 100 хольдтан асатын (1 хольд - 0,57 га) жер көліктері национализацияланды.

Венгр жұмысшы табының экономикалық және саяси талаптары жүзеге асырылды.

Халықаралық буржуазия ВСР-ді құлатуға дайындалды. Шетелдің түрлі миссиялары мен ел ішіндегі Антанта агенттері, Венадағы эмигранттар Совет өкіметін құлату үшін контрреволюция күштерін біріктірді. Антанта Румыния мен Чехословакия буржуазия үкіметтерінің әскерлерін Венгрияға қарсы қойды. Республиканы қорғау үшін Венгрия Қызыл армиясы құрылды. 1919 жылы маусымда Венгрия Қызыл армиясы интервенттердің қоршауын бұзып өтіп, Бардеев маңында Карпатқа шықты. Осының арқасында Словакия совет республикасын құруға (16 июнь) мүмкіндік туды. Алайда, Антанта елдері Венгрия үкіметіне күшті қысым жасап, Венгрия Қызыл армиясын Карпаттан әкетуге мәжбүр етті. Оңшыл социал-демократтардың бір бөлігі Антанта елдерінің өкілдерімен ауыз жаласып кетті. Оның үстіне Венгрия Совет үкіметінің аграрлық мәселеде жіберген елеулі қателері жұмысшылар мен шаруалар одағын әлсіретті. Венада венгр делегациясы (оңшыл социалистер мен кәсіподақ басшылары) Антанта өкілдерімен келіссөз жүргізді. Антантаның әскерлері ішкі контрреволюңияның қолдауымен Венгриядағы Совет өкіметін жаныштап тынды.

Венгрияда Совет өкіметі құлағаннан кейін, «кәсіподақ өкіметі» құрылды, ел ішін ақ террор жайлады, еңбекшілердің революция барысында жеңіп алғаядарының бәрі жойылды. Венгрияда регенттік, яғни корольсыз корольдық құрылды. Регент тағына габсбургтік флоттың бұрынғы контрадмиралы М. Хорти отырды (1920). Хортизм ірі жер иеленушілерінің финанс олигархиясымен одақтасқан фашистік диктатурасы болды. Үкіметтік партиялармен қатар парламентаризм және бірқатар оппозициялық партиялар сақталып қалды. Хорти кезінде Венгрия ауыл шаруашылық феодализмнін сарқыншақтарынан арыла алмаған аграрлы-индустриялы ел болды. Ауыр индустрияда, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің едәуір бөлігінде, сыртқы және ішкі саудада монополия үстемдік етті. Банк капиталының 50%-тен астамы, кен өнеркәсібі капиталының 30%-ті және акционерлік өнеркәсіп қоғамының 20%-і шетел капиталистерінің (негізінен Германия) қолында болды. Ірі помещиктер ауыл шаруашылығына жарамды жердің 45%-тін өз қолдарына шоғырландырды. ВСДП-нің оңшыл басшылығы буржуазия үкіметпен достық қарым-қатынаста болып, оның реакцияшыл ішкі және экспансиялық сыртқы саясатын қолдады. Тек ВКП ғана қысымшылық пен террор жағдайында астыртын қимылға көшіп, хортистік тәртіпке қарсы жұмысшы табының күресін басқарды, антифашистік күштерді біріктіре білді. Хортистік Венгрия 30 жылдардың аяғында фашистік Германияның ықпалымен соғысқа белсене әзірлене бастады. 1939 жылы Венгрия «Антикоминтерндік пактіге», ал 1940 жылы үш державаның - Германия, Италия, Жапонияның - пактісіне қосылды, Чехословакияны бөлшектеуге (1938-1939) қатынасты. Бұл үшін Гитлерден сыйлыққа Словакияның, Закарпат Украинасының бір бөлігін (1938), Солтүстік Трансильванияны (1940) алды. Фашистік Германияның итаршысы ретінде Венгрия 1941 жылы сәуірде Югославияға, ал маусымда СССР-ге шабуыл жасап, басып кіруге қатысты. 1941 жылы желтоқсанда Ұлыбритания Венгрияға, ал Венгрия АҚШ-қа соғыс жариялады. ВКП соғысты тоқтату жолында күресіп, патриоттық күштердің бірлескен демократиялық майданын құру жұмысына кірісті. Неміс-фашист әскерлері Москва түбінде талқандалғаннан кейін, Венгрияда Қарсыласу қозғалысы күшейді. 1944 жылы 19 наурызда неміс-фашист әскерлері Венгрияны басып алды, венгр армиясының жаңа күштері совет майданына жіберілді.

1944 жылы мамырда коммунистердің бастауымен алдыңғы қатарлы күштерді ұлттық тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырған Венгр майданы құрылды. Бұл кезде Венгрия территориясында оннан астам партизан отрядтары мен құрамалары әрекет етті. Қарсыласу қозғалысына қатысушылар көптеген кәсіпорындарды бұзып, құрал-жабдықтарды Германияға әкетуге кедергі жасады. Неміс-венгр әскерлерін Совет Армиясының талқандауы елдегі Буржуазия-помещиктік тәртіпті құлатып, демократиялық күштердің жеңуіне жәрдемдесті. 1944 жылы 22 желтоқсанда Ұлттық уақытша үкімет құрылып, гитлерлік Германияға соғыс жариялады (1944 жылы 28 желтоқсанда). 1945 жылдың сәуірінде Совет Армиясы Венгрияны гитлершіл басқыншылардан толық азат етті. 1945 жылы 25 қыркүйекте СССР мен Венгрия арасында дипломатиялық қатынас орнады.

1945 жылы 15 наурызда Жер реформасы туралы заң қабылданды. Ірі помещиктер мен католик шіркеулерінің жері конфискеленіп, батрактарға, шаруаларға бөлініп берілді. Помещиктік ірі жер иеленушілік жойылды. Жұмысшы табы мен еңбекші шаруалардың одағы нығая түсті. 1946 жылы 1 ақпанда. Венгрия республика болып жарияланды. Елдің демократиялық күштері және олардың авангарды - жұмысшы табы Компартияның басшылығымен халықтық демократиялық құрылысын нығайту, фашизм мен феодализмнің қалдықтарын және империалистік езгіні жою жолында күресті. ВКП 3-съезінің (1946 жылы 28 қыркүйек - 1 қазан) ұсынысы бойынша Ұлттық жиналыс Венгрия шаруашыдығын қалпына келтіріп, одан әрі дамытудың үш жылдық жоспарын (1947-1950) қабылдады. 1946-1949 жылдар ірі өнеркәсіп, банкілер, темір жолдар национализацияланды, шетел конгрессиялары жойылды. 1948 жылы 18 ақпанында СССР-мен достық, ынтымақ және өзара көмек туралы договорға қол қойды.

1948 жылы маусымда марксизм-ленинизм принципі негізінде ВКП мен СДП бірігіп, Венгрия еңбекшілер партиясы (ВЕП) құрылды. 1948 жылы күзде жалпы демократиялық революциядан бейбіт жолмен социалистік революцияға ету процесі аяқталды. Венгрияда өкімет билігі түгелдей жұмысшы табы мен еңбекші шаруалардың қолына көшті. 1949 жылы мамырда Компартия басқаратын Халық майданы парламент сайлауында жеңіп шықты. 1949 жылы 20 тамызда Венгр Республикасының конституциясы қабылданды. 1-бесжылдық жоспарды (1950-1954) орындау барысында Венгрияда өнеркәсіп артта қалушылық жойылып, жаңа индустриялы қалалар мен аудандар пайда болды, жаңа өнеркәсіп салалары құрылды. Венгрия индустриялы-аграрлы мемлекетке айналды. Венгр халқы Совет Одағы халықтарының туысқандық қолдауы мен достық көмегіне сүйене отырып, социалистік құрылысты ойдағыдай жүзеге асырды.

Алайда, социалистік құрылыс барысында ВЕП басшылығы (М.Ракоши т. б.) елеулі қателіктер жіберді. Осыны пайдаланған ревизионистер мен ұлтшылдар пролетариат диктатурасын шайқалтып, партияның беделін түсірді, бұқара арасында іріткі салды. Халықаралық империализм шылауында болған реакцияшыл күштер премьер-министр И.Надьтың (1953-1955) ревизионистік тобына сүйене отырып, Венгрия еңбекшілерінің социалистік жеңістерін жою, Венгрияны социалистік лагерь елдерінен бөліп әкету және оны империалистік мемлекеттік плацдармына айналдыру мақсатымен контрреволюция бүлік шығарды. 1956 жылы 23 қазан - 4 қарашада Я. Кадардың басшылығымен құрылған Революция жұмысшы-шаруа үкіметі контрреволюцияға қарсы күреске шықты. Коммунистер ВЕП-ті қайта құрды. Венгрия революция күштері мен Венгрия территориясында тұрған Совет Армиясының бөлімдері 1955 жылғы Варшава договорына сәйкес бірлесіп қимылдай отырып, контрреволюциялық күштерді жеңіп шықты (1956 жылы қараша).

Халық шаруашылығының үш жылдық жоспары (1958-1960) ойдағыдай жүзеге асырылды. ВСЖП 7-съезінде қабылданған 2-бесжылдық жоспар (1961-1965) Венгрияда социалистік қоғамның негізін қалауды аяқтап, дамыған социализм құрылысына кірісу міндетін алға қойды. 40 жылдардың аяғында басталған ауыл шаруашылық социалистік жолмен қайта құру ісі 1961 жылы көктемде аяқталды. ВСЖП 8-съезі (1962 жылы 20-24 қараша) өз шешімдерінде елде социалистік қоғамның негізі қаланды, қала мен деревняда бірыңғай өндірістік қатынас қалыптасты, капитализмді қалпына келтіретін қоғамдық және экономикалық алғы шарттардың тамырына балта шабылды, венгр халқы социализмді орнату дәуіріне толық көшті деп мәлімдеді. 1970 жылы қыркүйекте Мемлекеттік жиналыс (1970 жылы қыркүйек) ВСЖП ОК директивалары негізінде 4-бесжылдық жоспар (1971-1975) туралы заң қабылдады.

Халықтық Венгрияның сыртқы саясаты - әр әлеуметтік системадағы мемлекеттермен бейбіт қатар өмір сүру, халықтар арасында бейбітшілік пен достықты сақтау саясаты. Венгрия СССР-дің жаппай және толық қарусыздану жөніндегі (1959, 1962), ПХР-дің Орталық Европада атом қаруы болмайтын аймақ құру жөніндегі (1957) ұсыныстарын қуаттады, ядролық қаруды атмосферада космос кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу жөніндегі Москва договоры (1963) мен ядролық қаруды таратпау жөніндегі договорға (1968) қол қойды. Араб елдерінің Израиль агрессиясына, Үндіқытай халықтарының Америка империализмінің агрессиялық соғысына қарсы күрестерін қолдайды. Венгрия - Экономикалық Өзара Көмек Советінің (СЭВ), БҰҰ-ның мүшесі, Варшава договорына қатысушы. 89 елмен дипломатиялық, 140-тан астам елмен сауда-саттық қарым-қатынас (1970) жасайды. Венгрия еңбекшілері барлық социалистік елдер халықтарымен өзара бірлік ынтымақта социалистік қоғамды ойдағыдай орнатып келеді.

Венгриядағы контрреволюциялық бүлік (1956) - халықаралық империализмнің қолдауымен реакциялық күштер жасаған бүлік. 1950 жылы Венгрия халық шаруашылығын өркендетудің 1-бесжылдық жоспары жүзеге асырыла бастаған кезеңде, Венгрия еңбекшілер партиясының (ВЕП) басшылары (М.Ракоши т. б.) елеулі қателер жіберді, жоспарлы тапсырмалар орынсыз ұлғайтылып, нақты жағдай ескерілмеді; социалистік заңдылықты, партия тұрмысының лениндік нормаларын бұзу орын тепті. Сектанттық, бюрократизм, жалақ әкімшілік етек алды. ВЕП пленумының (1953 жылы шілде) атап көрсеткеніне қарамастан, жіберілген қателер тез түзетілмеді. Осындай жағдайда ревизионистер, ұлтшылдар, И. Надьтың тобы қателікті пайдаланып, Венгрияда социалистік құрылысты құлату үшін контрреволюциялық бүлік шығарды. (1956 жылы 23 қазан - 4 қараша). Қиын кезеңде ВЕП-тің адал мүшелері Я. Кадар бастаған революция жаңа орталыққа тығыз топтасып, жұмысшы табы мен шаруалар одағын шыңдай білді, контрреволюциялық бүлікті талқандады. Партияны қайта құру ісі жүзеге асырылып, ол енді Венгр социалистік жұмысшы партиясы (ВСЖП) аталатын болды. Контрреволюциялық бүлікті талқандауда Венгрияға Совет Одағы мен басқа да социалистік елдер туысқандық көмек көрсетті.

Венгриядағы революция (1848-1849) - буржуазия революция. Мақсаты - елдегі феодалдық-басыбайлы құрылысты және ұлттық езгіні жою, Венгрияны ұлттық тәуелсіз мемлекетке айналдыру. 19 ғасырдың ортасында Габсбургтердің билігінде және Австрия империясының бір бөлігі болған Венгрияда ішкі қайшылық ұшықты. 1848 жылы 15 наурызда Пешттің жұмысшылары, қолөнершілері, буржуазия элементтері Ш. Петефи мен П. Вашваридің басшылығымен көтеріліс жасады. Өкімет билігі Қоғамдық құтқару комитетінің қолына көшті. Комитет цензураға тыйым салып, ұлттық гвардия құруды жариялады. 17 наурызда император Фердинанд I либералдық дворян оппозициясының басшысы Л. Баттяниді Венгрияның премьер-министрі етіп тағайындады, Баттянидің үкіметі барщина мен десятинаны жою, барщиналық үлесті шаруаларға беру туралы зан қабылдады. Алайда бұл заңды шаруалардың бәрі бірдей пайдалана алмады. Жері жоқ шаруалар барщинадан помещиктермен жеке келісім жасау арқылы ғана құтыла алатын болды. Венгрия іс жүзінде Габсбургтер әулетіне тәуелді күйінде қалды. Бұл халық бұқарасын қанағаттандырмады. 1848 жылы қыркүйекте Л. Кошут бастаған Отан қорғау комитетінің (қорғаныс ісін ұйымдастыратын басшы орган ретінде 16 қыркүйекте құрылған) шақыруы бойынша революциялық ұлттық армия құрылды, армия Австрия әскерлеріне, хорват баны И.Елачичтің армиясына бірқатар ауыр соққы берді. Бірақ 1848 жылы 30 қыркүйекте Швехат түбінде (Венаға таяу жерде) болған шайқаста жеңіліске ұшырап, венгр әскерлері 1849 жылы қаңтардың бас кезінде Буда мен Пештті тастан шықты.

1849 жылы көктемде ғана Г. Дембиньский, А. Гёргей, Ю. Бем бастаған революциялық армия Венгрияның көпшілік бөлігін және бүкіл Трансильванияны азат етті. 1849 жылы 14 сәуірде Венгрия парламенті Венгрияның Габсбургтерден толық тәуелсіздігін жариялады. Л. Кошут Венгрияның жоғарғы басшысы болып сайланды. Алайда Бейбітшілік партиясының (1848 жылы құрылған) және бас командашы Гергейдің төңірегіне топтасқан кертартпа әлементар Габсбургтермен келісімге келіп, революцияны тереңдеткісі келмеді. Гёргейдің сатқындығы Австрия реакциясының тыныс алып, патшалы Россиядан көмек сұрауына мүмкіндік берді. 1849 жылы 13 тамызда венгр армиясы Вилагош қамалы түбінде Россия армиясының алдында тізе бүкті. Буржуазия революция жеңілді.

Саяси партиялары, кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары. Венгрия социалистік жұмысшы партиясының (ВСЖП) тарихы 1918 жылдың қарашадан, Венгрия Компартиясының құрылған кезінен басталады, 1944 жылы қыркүйекте Венгрия Компартиясы, ал 1948 жылы маусымда ВКП мен с.-д. партия біріккеннен кейін, Венгрия еңбекшілер партиясы деп аталады. 1956 жылы қарашада ВСЖП болып қайта құрылды. 6,2 мың мүшесі бар (1970 жылы қараша).

Отандық халық майданы (ОХМ) - 1954 жылы құрылған саяси бұқаралық қозғалыс. Өз тарихын 1944 жылы коммунистердің инициативасымен құрылған Венгр майданы, Тәуелсіз Вентр ұлттық майданы мен Тәуелсіз Венгр халық майданынан бастайды. Басқарушы органы - Бүкіл венгрлік совет. ОХМ программасы ВСЖП саясатына негізделген. Мақсаты - барлық творчестволық күштерді социализм құрылысына жұмылдыру, ұлттардың социалистік бірлігін нығайта беру.

Венгрия кәсіподағы 19 ғасырдың 90 жылдары құрылған, 19 салалық кәсіподағын біріктіреді. Конгрестер аралығында Бүкіл венгрлік кәсіподақ советі басшылық етеді. (БКС 1945 жылы құрылган); 3,4 млн-нан астам мүшесі бар (1970 жылы қарашада). Венгрия коммунистік жастар одағы (ВКЖО) 1957 жылы наурызда ұйымдасты. 800 мыңнан астам мүшесі бар (1970). Дүние жүзілік демократияшыл жастар федерациясына кіреді. Бүкіл венгрлік әйелдер советі 1945 жылы ұйымдасты. Дүние жүзілік демократияшыл әйелдер федерациясына кіреді. Бүкіл венгрлік бейбітшілік советі 1949 жылы ұйымдасты. Венгр-совет достығы қоғамы 1945 жылы 9 маусымда құрылды.

Экономикасы. Венгриядағы халықтың өкімет тұсында жүзеге асырылған әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нәтижесінде елдің экономикасында социалистік өндірістік қатынастар өрістей бастады. 1950-1970 жылдар арасында елдің ұлттық табысы жыл сайын 6% өсіп отырды. 1969 жылы халық шаруашылығына жұмсалған күрделі қаржы, 1938 жылмен салыстырғанда 10 есе (өнеркәсіпте 18 есе) артты. 1938-1970 жылы ауыл шаруашылығы өнімі 33% артты. 1969 жылы ұлттық табыстын; 54%-ін өнеркәсіп, 21%-ін ауыл шаруашылық берді, яғни Венгрия индустриялы-аграрлы елге айналды. Венгрияның экономикалық дамуына Совет Одағының, барлық социалистік елдердің тигізген көмегі зор. Венгрия социалистік елдер арасындағы Экономикалық Өзара Көмек Советінің (СЭВ) мүшесі.

Өнеркәсібі. Социалистік Венгрияда жергілікті энергетика және шикізат базасы құрылған. Өнеркәсіптің бұрын болмаған жаңа салалары (металлургия, химия) пайда болды, аграрлы аймақтарда ірі кәсіпорындар салынды. Венгрияның жер қойнауы кенге онша бай емес. Гант, Искасентдьёрдь, Ньирад қ-лары маңында боксит (өнімі жөнінен шетелдік Европада 2-орын алады), Рудабанья маңында сапасы төмен темір рудасы, полиметалл, марганец өндіріледі. Татабанья, Дорог, Орталық Дунантуль қоңыр көмір бассейндері, Мечек тас көмір бассейні бар. Заламедьесінде, Альфёльд ойпатында мұнай және табиғи газ кендері ашылған. 1969 жылы 26,5 млн. т көмір, 1754 мың т мұнай, 1970 жылы 3,5 млрд. м3 газ өндірілді. Зала медьесінде және Сазхаломбатта қаласында («Дружба» мұнай құбырымен байланысқан) мұнай айыру кәсіпорындары бар. 1969 жылы 14,1 млрд. квт-сағ электр энергиясы өндірілді. Ірі электр станцияларының көбі көмірлі аудандарда. Сазхалом-батта қала мұнай айыру өнеркәсібі қалдықтарын пайдаланатын жылу электр орталықтары салынуда. Совет Одағынан электр энергиясын алу үшін Мукачево - Гёди электр линиясы салынып бітті (1970 жылы 3 млрд. квт-сағ).

Венгрия индустриясының басты салалары: металл өңдеу мен машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі. Қара металлургияға жұмсалатын темір рудасының 80%-і, кокстың 65%-і шетелден әкелінеді; ірі орталықтары - Мишкольц, Озд, Дунауйварош. Өндірілетін бокситтің 65%-і, электр энергиясының 8%-і Венгрияның алюминий өнеркәсібіне жұмсалады. Альмашфюзитё, Айка, Варпалота қалаларында глинозём және алюминий шығаратын кәсіпорындар шоғырланған. 1969 жылы 64,5 мың т алюминий алынды. Совет Одағы мен ВХР арасындағы келісім бойынша Венгрияның глиноземі Совет зауыдтарында өңделіп, онан алынған алюминий Венгрияға қайтарылады.

Венгрияның машина жасау өнеркәсібі негізінен металл аз жұмсалатын күрделі машиналар (электротех., прибор, двигатель, станок т. б.) жасауға маманданған; мотоцикл, жүк машинасы, автобус («Икарус») және кеме жасайтын кәсіпорындары да бар. 1970 жылы машина жасаудың өнімі 1938 жылғыдан 16 есе артты; ірі орталықтары - Будапешт, Дьёр, Мишкольц, Дебрецен, Секешфехервар. 1969 жылы металл жонатын 14 мың станок, 4789 автобус, 345 мың телевизор шығарылды.

Венгрияның химия (өнімдері - минерал тыңайтқыштар, күкірт қышқылы, полимерлер, дәрі-дәрмек) кәсіпорындары Казинцбарцика, Ленинварош, Варпалота, Сольнок, Будапешг, Дебрецен қалаларында. 1969 жылы 454 мың т күкірт қышқылы, 2381 мың т тыңайтқыш, 39,5 мың т пластмасса және синтетикалық смола өндірілді. Тамақ (консервілеу, ұн тарту, қант және құс етін өндіру), мата тоқу (1969 жылы 317 млн. м2 мақта-мата), ағаш өңдеу кәсіпорындары бар.

Ауыл шаруашылығы. Венгрия жеміс, жүзім, көкөніс егуге, етті мал өсіруге маманданған. Ауыл шаруашылық жерінің 90%-і кооперативтер мен мемлекеттік шаруашылықтардың қолында. Венгрия территориясының 3/4 бөлігі ауыл шаруашылық жер болып табылады, оның 60%-і егістік (негізінен дәнді және техникалық дақылдар, көкөніс егіледі). Дунай, Тиса өзендері аралығында, тау беткейлерінде аса бағалы шарап жасалатын жүзім өндіріледі. Ауыл шаруашылық өнімінің 40%-тен астамын және ауыл шаруашылық экспортының 40%-ке жуығын мал шаруашылығы береді. Етті ірі қара мен шошқа өсіру басым дамыған. 2- дүние жүзілік соғыстан кейін қой шаруашылығы да өркендей бастады. Елдің оңтүстік бөлігінде жылқы өсіріледі.

Ауыл шаруашылық экспортының 10%-і құс еті. 1969 жылғы мал саны (мың): мүйізді қара 1915, шошқа 5700, қой 2250, жылқы 236.

Транспорты. Венгрияның жүк айналымы 1950-1970 жылдары 4 есе өсті; 1969 жылы ол 24 млрд. т/км болды; оның 76%-і темір жолмен, 10%-і автомобиль транспортымен, 5,8%-і өзен жолымен, 4,7%-і теңіз жолымен, 3,2%-і мұнай құбырымен тасылды. Темір жол - 9,3 мың км (8,4%-і электрленген), тас жолы - 29,4 мың км. Басты жол торабы - Будапешт. Ішкі су жолдары - 1,7 мың км. Дунай бойындағы ірі порттары: Будапешт, Комаром, Дьёр, Альмашфюзитё.

Сыртқы экономикалық байланысы. 1949-1969 жылдар Венгрияның сыртқы товар айналымы 7,1 есе артты. 1969 жылы экспортының 68%-і, импортының 67,7%-і социалистік елдердің үлесіне тиді. Экспортында машиналардың (кеме, кран, тепловоз, автобус, жүк машинасы), радиоаппаратура, телевизорлардың үлесі басым; олардың 90%-і социалистік елдерге шығарылады. Шетке шығарылатын дәрі-дәрмек (экспортының 5%-і), сыртқы киім мен аяқ киім, боксит пен глинозем жылдан-жылға көбеюде. Шеттен Венгрияға темір рудасы, көмір, мұнай, электроэнергиясы, әр түрлі жартылай фабрикаттар өкелінеді. 1970 жылы Венгрия сыртқы сауда айналымының 34%-і Совет Одағының үлесіне тиді. Ел экономикасында туризмнің маңызы өсіп келеді; 1969 жылы Венгрияда 6 млн. шетел туристері болды. Ақшасы - форинт.

Экономикалық-географиялық аудандары. ВХР 4 экономикалық-географиялық ауданға бөлінеді; Орталық, Солтүстік, Альфёльд, Дунантуль.

Орталық немесе Будапешт ауданының құрамына Будапешт қаласы және оның төңірегі кіреді; ол Венгрия жерінің 1/10-ін алып жатыр, халқының 1/3-і осында тұрады. Мұнда онеркәсіп өнімінің 49,5%-і өндіріледі. Индустрияның басты салалары - машина жасау, мата тоқу, көмір өндіру. Ауыл шаруашылық негізінен астана халқының қажетін өтеуге бейімделген; көкөніс, жеміс, бидай егіледі, шошқа өсіріледі.

Солтүстік ауданының (Венгрия жері мен халқының 1/7-і осында) құрамына - Солтүстік орта биіктіктегі таулы аймақтың көп жері және Альфёльдтің қиыр солтүстігі кіреді. Шаруашылық орталығы - Мишкольц. Өнеркәсібінің басты салалары - көмір өндіру (Венгрия өнімінің 2/5-ін береді), энергетика, химия өнеркәсібі, қара металлургия, ауыр машина жасау. Ауыл шаруашылығында техникалық дақылдар (қант қызылшасы, темекі), көкөніс, жеміс егу басым дамыған.

Альфёльд (Венгрия жерінің 2/5-і, халқының 30%-ке жуығы) - негізгі ауыл шаруашылық ауданы. Венгриядағы жылма-жылғы бидай өнімінің, жұмыртқаның, шошқа және құс етінің, жартысы дерліктей осында өндіріледі; жүзім, өрік, алма, күнбағыс, темекі өнімдерінің де көпшілігі осында. Венгриядағы суармалы егістің басым көпшілігі Тиса өзенінің осы аудан жеріндегі жағасында; бұл өңір - елдегі күріш егетін басты аймақ. Басты қалалары - Дебрецен, Сегед. Өнеркәсібі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты; жеміс консервілеу, мата тоқу, тыңайтқыш, дәрі-дәрмек шығару, ауыл шаруашылық машиналары мен тоңазытқыш жасау кәсіпорындары бар.

Дунантуль (Венгрия жерінің 38%-і, халқының 29%-і) - Дунантуль жазығы мен Альпі етегін алып жатқан индустриялы-аграрлы аудан. Орталықтары - Печ, Дьёр, Веспрем, Сомбатхей. Өнеркәсіп салалары: боксит-алюминий өндірісі, мұнай өндіру және оны өңдеу, көмір өндіру, химия, машина жасау, мата тоқу. Ауыл шаруашылық сүтті-етті мал өсіру, жүзім, жеміс егуге бейімделген. Балатон көлінің жағасы, Мечек массиві - курортты аймақтар.

Денсаулық сақтау ісі. 1969 жылы елдің 1000 тұрғынына шаққанда, туған баланың саны 15,0 болса, ал адамның өлімі 11,5 болды. Әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 35,5. Халқының орташа ғұмыры: әйелдер 67 жас, ерлер 72 жас. Денсаулық сақтау ісін Денсаулық сақтау министрлігі, ал жергілікті жерлерде Совет атқару комитеттерінің денсаулық сақтау бөлімдері, аудандарда бас дәрігерлер басқарады. Мұнда жұқпалы аурулардын, саны айтарлықтай азайған. Көбінесе, жүрек - қан тамыр сырқаттары, қатерлі ісік т. б. аурулар кездеседі. 1970 жылы Венгрияда 83,6 мың кісі емделетін 184 аурухана, 4,3 мың аудандың амбулатория, 151 поликлиника, 190 тубдиспансер. 123 тері-венерологиялық, 63 онкологиялық және 47 психиатриялық ауруларды емдейтін диспансерлер, 154 жедел жәрдем керсетілетін станциялар жұмыс істейді. Дәрігерлердің саны 22,7 мыңға (454 адамға 1 дәрігер), ал орта білімді медицина қызметкері 58,5 мыңға жетті. Венгрияда 4 медицина институт бар. Орта білімді мамандар дайындау дәрігер білімін жетілдіру де жақсы жолға қойылған.

Венгрия жерінде бірнеше бальнеологиялық (Будапешт, Балатонфюред, Шиофок, Бюккеек, Хевиз т. б.) және климаттық (Шиконда, Кекештете, Лиллафюред, Тихань т. б.) курорттар бар.

Оқу-ағарту ісі. Латын шіркеуінің, кейіннен қала мектептерінің (12-13 ғ.) пайда болуына байланысты, Венгрияда ағарту ісі дами бастады. Ұзақ жылдар бойы Венгрия мектептері дін ықпалында болды. 1635 жылы Будапеште университет ашылды. Ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі кезінде мектептерде оқуды венгр тілінде жүргізу ту ралы заң қабылданды (1844). 20 ғасырдың басында 6 жылдық халық мектептері, 4 жылдық «аралық» азаматтық мектеп, 8 жылдық гимназия мен реальды мектептер жүйесі қалыптасты. Хорти тәртібі түсында мектептердің халыққа жат сипаты күшейтілді.

Халықтық-демократиялық құрылыс орнағаннан кейін, халық ағарту ісінің мақсаты мен міндеті түбірінен өзгеріп, халық мүддесіне бейімделді, 1948 жылы барлық мектеп мемлекеттік қарамағына алынды. Венгрияда мектеп жасына дейінгі (3-6) балалар бақшасы, 8 жылдық негізгі мектеп, жалпы білім беретін орта мектеп - 4 жылдық гимназия балаларды тегін оқытады.

3 жылдық кәсіптік оқу орындары, 3 жылдың қолөнер мектептері жұмыс істейді. 1969-1970 оқу жылында негізгі мектептерде 1,2 млн., гимназияларда 124,2 мың, орта кәсіптік оқу орындарында 106,6 мың, қолөнер мектептерінде 223,7 мың, қосымша мектептерде 12,4 мың оқушы оқыды. Жоғары білім беру жүйесіне 4-5 жылдық университеттер мен институттар (медицина 6 жыл), 3-4 жылдық жартылай білім беретін оқу орындары жатады. Сеченьи атындағы мемлекеттік кітапхана (1802 жылы құрылған; 4 млн. дана кітап қоры бар), Л. Этвеш атындағы университет кітапханасы (1,2 млн. дана кітап қоры бар), Венгрия ҒА кітапханасы (1826; 1 млн. дана кітап қоры бар). Ұлттық музей (1802), Ұлттық галерея (1957), Жаратылыс тану тарихының ұлттың музейі (1802), Бейнелеу өнерінің музейі (1896) т.б. мәдени орындары жұмыс істейді.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдары Венгрияда 19 ғасырдың ортасына дейін жартылай феодалдық құрылыс және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының артта қалуы жаратылыс тану ғылымының дамуына кедергі жасады. Бұл кезеңдегі аса көрнекті ғылыми еңбекке 17 ғасырдың ортасында Декарттың ізбасары Я. Апацаи-Чере құрастырған «Венгр энциклопедиясы» жатады. 18 ғасырда жоғары оқу орындарында, коллегиумдарда жаратылыс тану ғылымдары жүргізіле бастады. 1797 жылы Кестхейде ауыл шаруашылық жоғарғы мектебі - «Георгикон» ашылды. 1825 жылы Венгрия ҒА (ВҒА) құрылды. 19 ғасырдың 1-жартысында Пешт қаласында дүние жүзілік тұңғыш асептикалық акушерлік клиника ашылды.

19 ғасырдың 2-жартысында Венгрияда ірі өнеркәсіптің пайда болуы жаратылыс тану мен техникалық ғылымдарының дамуына жол ашты. Физик А. Иедлик 1861 жылы электр генераторын құрастырды. Оның шәкірті Л. Этвеш беткейлік керілісті зерттеп, геофизикалық маятникті ойлап шығарды. 20 ғасырдың 1-жартысында И. Броди қатты денелердің кванттық теориясы мен физика статистика бойынша зерттеулер жүргізіп, криптон шамын, оны өндірудің технологиясын жасады. Венгрия математиктері алгебра, Фурье қатарларын қосындау, функциялық кеңістік теориясы, топология, ықтималдандыру теориясы, математикалық статистика т.б. салаларда зерттеулер жүргізіп, елеулі табыстарға жетті. Астрономия да дами бастады. 1869 жылы геологиялық институты құрылды. 1896 жылы Венгрияның түңғыш геологиялық картасы жарық көрді. 19 ғасырдың аяғында бірсыпыра техникалық жаңалықтар ашылды: Д. Банки мен Я. Чонка карбюратор, О.Бальти, К.Циперновский және М. Дери трансформатор ойлап шығарды. К. Кандо электр энергиясын темір жол транспортына қолдануға болатындығын дәлелдеді.

19 ғасырдың 2-жартысында химиялық саласында тұңғыш венгр химиялық ғылыми-зерттеу институты, ал медициналық саласында Будапештте Дүние жүзілік екінші қоғамдық гигиена кафедрасы ашылды. Алайда, Венгрияда халықтық-демократиялық құрылыс орнағанға дейінгі дәуірдегі Габсбургтер үстемдігі, Хортидің фашистік тәртібі венгр ғылымының дамуын тежеді. Венгрия азат етілгеннен кейін (1945) ғылым қауырт даму жолына түсті. Математикалық саласында Венгрия ҒА-ның қолданылмалы математика институты ашылды (1950), жоспарлау, математикалық логика, модельдендіру, операцияларды зерттеу т. б. проблемалармен айналысатын есептеу орталығы ұйымдастырылды (1956).

Теориялық физика (П.Гомбаш) атомның статистикалық теориясы, кванттық статистика (А.Конья), кванттық химия (Р.Гашпар), кванттық механика (И.Феньеш) саласында келелі еңбектер жазылды. Бірсыпыра еңбектер элементарлық бөлшек теориясына, қайтымсыз процестің терминодинамикасына т. б. арналды. К. Новобатский және оның шәкірттері Д. Маркс, К. Надь т. б. еңбектері өріс теориясын зерттеуге бағытталған.

Эксперименталдьі физиканың негізгі орталығы - Будапешттегі орталық физика ғылыми-зерттеу институты. Ол ядролық физика, жарық пен спектроскопия табиғаты, космостық сәуле, қатты денелер физикасы, ядролық химия мен электроника проблемаларын зерттеумен айналысады. Венгрия ғалымдары Дубнодағы (СССР) Біріккен ядролық зерттеу институтына қатысады. СССР-дің көмегімен Венгрияда ядролық реакторлар салынды. Атомдык және молекулярлық физика саласында да көптеген зерттеулер жүргізілді.

Венгрия ҒА Жұлдыздар зерттеу институтының 1948 жылы кеңейтілуі астрономияны дамытуға мүмкіндік туғызды. Онда ауыспалы жұлдыздар мен жұлдыздар атмосферасы зерттелді. Пискештетойск обсерваториясында зерттеу институты құрылды (1959-1962). Жасанды спутниктерді бақылайтын станциялар жұмыс істейді. 1945 жылдан бастап химияны дамытуға зор көңіл бөлінеді. Университеттерде бірнеше жаңа кафедралар және 9 арнаулы зерттеу институттары ашылды. Физика химияның радикальды тізбекті реакция кинетикасы мен катализ саласында елеулі жетістіктерге ие болды. Электрохимияда электродты процестердің кинетикасын зерттеу жұмысында да қүнды теориялық және практикалық нәтижелерге жетті.

Геологиялық саласында қазбалар қорын зерттеу ісі кең көлемде қолға алынды. Жер асты ғазының жаңа көздері ашылды. Венгрияда геологиялық және геофизикалық жаңа карта жасалып жатыр. Тау жыныстарының қысымы мен температурасын зерттеу ісі қолға алынды.

Биологиялық саласында эволюциялық теория, экология т.б. проблемаларды зерттеу жұмыстары жолға қойылды. Ботаника, зоология, протистология, нейрогистология, гидробиология салаларында да зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өсімдіктердің зат алмастыру физиологиясы мен генетикасы саласында зерттеу орталықтары мен мектептер қалыптасты.

Медициналық саласында нерв жүйесін, қан айналымы жүйесін, ісіктерді зерттеуге, жүректің осы заманғы хирургиясын дамытуға зор көңіл бөлінді. Фармацевтік өнеркөсіп дамытылды.

Аграрлық ғылымдар саласында жер генетикасы мен эрозиясы картасы жасалды. Бидай, жүгері, күнбағыс, соя, помидор т.б. дақылдардың жаңа сорттарын жасауда елеулі табыстарға ие болды.

Кен өнеркәсібінде рудаларды байыту технологиясы жетілдірілді. Металлургияда металл қоспаларын кристалдандыру, түсті металдар ендірудің жаңа әдістерін табу т. б. жұмыстар жүргізілді. Энергетикада электр энергетикасын, жылу энергетикасын дамытуға, атап айтқанда, ауа қызуын пайдалануга т.б. зор көңіл бөлінді. Ауыл шаруашылық машиналарын жетілдіру, өнеркәсіп салаларында өндіріс процесін автоматтандыру жұмыстары жүргізілді. Электронды аспаптар, түсті телевизор жасап шығару ісінде, хабар жүргізудің осы заманғы техникасын жетілдіруде елеулі табыстарға жетті. Жеңіл өнеркәсіпте сабаннан целлюлоза жасаудың, тоқыма мата мен былғарының жаңа түрлерін шығарудың технологиялық процестері жетілдірілді.

Қоғамдық ғылымдар. Философия. Венгриядағы алғашқы еркін ой өкілдерінің бірі ақын-гуманист Янус Паннониус (15 ғ.) болды. Венгрия жерінде Габсбургтер үстемдігінің орнауы католиктік схоластиканы нығайтты. 18 ғасырдың аяғында Венгрияның аса көрнекті ағартушылары философ-материалист Д. Беишиеньен және ақын М. Чоконаи-Витез болды. Венгр якобиншілері идеологтарының бірі И.Мартинович өз шығармаларында механикалық материализм идеясын дамытты. Республикалық қозғалысты басқаннан кейін неміс романтизмінің ықпалы күшейді.

19 ғасырдың 1-жартысында аса ірі қайраткер әрі идеолог И.Сеченьи буржуазиялық прогреске революциясыз және ұлттық тәуелсіздікті жеңіп алмай-ақ жетуге болады деп есептеді. Я.Хетеньи әлеуметтік гармонияны халық ағарту және біртіндеп реформа жүргізу жолымен орнату идеясын дамытты. Бұл кезде Венгрияда немістің классикалық философиясының ықпалы күшейді. Ақын және философ Ф.Кельчей творчествосы ағартушылық идеясы мен революция-демократиялық ойды ұштастырушы болды. Венгриядағы революцияшыл-демократизмнің өкілдері ақын Ш. Петёфи, тарихшы және философ П. Вашвари, публицист, тарихшы М. Танчичтердің көзқарастары утопиялық социализммен ұштасты.

1948-1949 жылдар Революция жеңілгеннен кейін, клерикальдық идеология үстемдік алды. Реакция жылдары революция-демократиялық бағытты идеализм ығыстырды. 50 жылдары кең тараған гегелшілдіктің орнын 60 жылдары позитивизм басты. 70 жылдары Венгрияда марксизм идеясы тарала бастады. Оның алғашқы насихатшысы венгр жұмысшы қозғалысының қайраткері, 1871 жылы Париж Коммунасына қатысушы Л. Франкель болды. 20 ғасырдың басындағы маркстік философияның көрнекті өкілі - Сабо.

Хортистік тәртіптің ресми идеологиясында идеалистік және ұлтшылдық тенденциялар - А.Паулердің христиан платонизмі, Д.Корништің эклектикалық идеализмі, Д. Секфю мен Б. Хоманның «Рух тарихы» жетекші роль атқарады. 30-40 жылдары интеллигенция арасында халықшылдық идеологиясы, шаруалар социализмі деп аталатын утопиялық көзқарастар өріс алды.

Халықтық-демократиялық өкіметтің орнауына байланысты маркстік-лениндік философияны кеңінен таратуға және зерттеуге мүмкіндік туды. Жоғары оқу орындарына диалектикалық және тарихи материализм пәні-енгізілді. 1957 жылы ВГА Философиялық институты ұйымдастырылды. 60 жылдары соңиологиялық ғылым, ең алдымен нақтылы социологиялық зерттеу дамытыла бастады.

Тарих ғылымы. Алғашқы тарихи шығармаларға орта ғасыр әдебиетінің аса құнды туындылары болып есептелетін «Венгрлер ісі» (11 ғасырдың 2-жартысы) (онда қазіргі Венгрия территориясына көшпелі венгрлердің қоныстануы серілер романы әдісімен суреттелген), Ш.Кезаидың «Ғұндар мен венгрлер ісі» (1283 жылы шамасы), «Иллюстрацияланған хроника» (14 ғ.) жатады. Венгрияның Габсбургтік бөлігінде көптеген тарихшылар король сарайының мүддесіне қызмет етті. Трансильванияда мемуарлық әдебиет өрістеді. 18 ғасырда тарихи документтерді жинастыру және жариялау ісі қолға алынды. Буржуазия тарихнаманың тұңғыш ірі өкілдеріне М. Хорват пен Л. Салаи жатады. 1867 жылы Тарих қоғамы ұйымдастырылды, оның басты міндеті отандық тарихты зерттеу және көпшілікке тарату, Венгрия тарихы жөніндегі деректерді тауып, жариялау болды. 1874 жылы Мемлекеттік архив құрылды.

Археологияда материалдарды жинастыру және топтау ісі 19 ғасырдың 60 жылдары басталды. 1899 жылы Венгр этнографиялық қоғамы құрылып, бұл салада жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. 20 ғасырдың басында буржуазия радикалдар Әлеуметтік ғылымдар қоғамын құрып, тарихи материализмнің тұрпайы вариантын таратты. Кертартпа тарихшылар Қоғамдық ғылымдардың венгрлік бірлестігін ұйымдастырды (1907).

Маркстік тарихнаманың Венгриядағы тұңғыш өкілі - Э.Сабо. Ол К. Маркс пен Ф. Энгельстің бірсыпыра шығармаларын венгр тіліне аударып, бастырып шығарды. Оның «1848-1849 жылдар революциядағы қоғамдық және партиялық күрес» деген еңбегі, синдикалистік және буржуазия-радикалдық ауытқуларына қарамастан, венгр марксшіл-тарихшыларын тәрбиелеуде елеулі роль атқарды.

1919 жылы Венгрия Совет Республикасы дәуірінде Маркс-Энгельс жұмысшы унивесритетті және Тарихи материализмді зерттеу институты құрылды. Хортизм дәуірінде тарих ғылымында шовинизм мен ұлтшылдық күшейді, социалистік және с.-д. идеяларға қарсы күрес өріс алды. Идеалистік бағыт - «рух тарихы» үстемдік етті.

Халықтық-демократиялық өкімет орнағаннан кейін тарих ғылымында маркстік тарихи концепция жеңіп шықты. 1949 жылы Венгрия ҒА Тарих институты, Венгр жұмысшы қозғалысы тарихы институты (1956 жылдан ВСЖП ОК жанындағы Партия тарихы институты), 1954 жылы Әскери тарих институты құрылды. Тарихшы-марксистер Венгрияның экономикалық дамуы, жұмысшы табы мен венгр шаруаларының тарихы, Венгриядағы азаттық күрестің тарихы мәселелерін зерттеуге кірісті. «Венгрия тарихы» (1964), «Венгр революцияшыл жұмысшы қозғалысының тарихы» (1962) сияқты еңбектер жарық көрді.

Экономика ғылымы. Венгрияда 18 ғасырдың аяғында товарлы өндірістің дамуы жағдайында және ұлт-азаттық қозғалыстың ықпалымен экономикалық ой тұтас жүйелі көзқарас болып қалыптасты. 19 ғасырдың ортасына дейін меркантилизм ықпалы күшті болды. 19 ғасырдың орта кезіндегі феодализм дағдарысының шиеленісуі буржуазия өзгеріс жасау жолдарын табуға бағытталған антифеодалдық ағым тудырды. 19 ғасырдың 2-жартысында буржуазия статистика мейлінше дамытылды. 1860 жылы Венгрия ҒА жанынан Статистика комитеті (кейінірек Статистика және ұлттық экономика комитеті) құрылды. Бұл кезеңдегі көрнекті венгр экономисі Д. Кауң болды. Оның саяси экономия тарихы жөнінде неміс тілінде жазған еңбегін К. Маркс жоғары бағалады.

20 ғасырдың басында жұмысшы, шаруа және ұлт-азаттық қозғалыстың өрлеуіне байланысты Венгрияда марксизм тарай бастады. Венгрияның тұңғыш экономист-марксисі Е. Варга болды. Ол капиталистік Венгрияның экономика мәселелерін, Венгрия совет республикасының экономикалық саясат принциптерін зерттеді.

1-және 2-дүние жүзілік соғыстар аралығында, Хортидің фашистік тәртібі жағдайында маркстік экономикалық ойдың дамуы қиындай түсті. Бұл жылдары буржуазиялық экономика ғылымы біршама баяу дамыды. ВХР орнағаннан кейін маркстік экономикалық ғылым даму жолына түсті. Венгрия ҒА Экономика институты (1954), К.Маркс атындағы экономикалық ғылымдар институты (1948) құрылды. 60 жылдары жоспарлауды ғылыми негіздеу, халық шаруашылық құрылымын қалыптастыру, шаруашылықты басқару жүйесін жетілдіру, социализм мен капитализмнің саяси экономикасы мәселелерін, дүние жүзілік социалистік жүйе мен халықаралық еңбек бөлінісі проблемаларын зерттеуге баса назар аударылды.

Заң ғылымы. Венгрияда заң ғылымы феодализм дәуірінде пайда болды. 16 ғасырда венгр феодалдық қоғамының праволық жүйесі баяндалған Иштван Вербецидің трилогиясы құрастырылды. Бұл еңбек 1945 жылға дейін венгр жеке меншік правосының негізі болып келді. Венгр право ғылымының дамуына Ұлы француз революциясы елеулі ықпал жасады. Венгриядағы 1848-1849 жылдар ұлт-азаттық күрестен кейін заң ғылымында неміс философиясының ықпалымен ақыл-ой правосы деп аталатын ағым күшейді. 19 ғасырдың аяғында Венгриядағы буржуазия өзгерістер нәтижесінде түрлі позитивистік бағыт тарала бастады.

1 және 2-дүние жүзілік соғыстар аралығында право ғылымы фашизм идеясымен қаруланды. Халықтық-демократиялық өкімет орнағаннан кейін, маркстік-лениндік заң ғылымы қалыптаса бастады. Мемлекеттік пен правоның жаңа социалистік ғылыми өкілдері Венгриядағы мемлекеттік-праволық дамудың тәжірибелеріне талдау жасаудың барысында елеулі табыстарға жетті. Венгрия ҒА Мемлекеттік және право институты, университеттерінің заң факультеттері, Бүкіл венгрлік криминалистика институты зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Тіл білімі. Венгрияда тіл білімінің дамуы 16 ғасырдан басталады. Венгр тілінің тұңғыш грамматикасын Я.Сильвестер жазды. 17 ғасырдың басында венгр тілінің тұңғыш сөздігі басылып шықты. 19 ғасырдың басында венгр тілінің тарихы мен жүйесі жөнінде М.Реваидың зерттеулері жарияланды. 19 ғасырдың аяғында И. Буденц салыстырмалы-тарихи грамматика және финн- угор тілдері сөздігін жазды. Венгр тілінің лексикасы зерттеліп, «Венгр диалектологиялық сөздігі» (1838), «Венгр тілінің толық сөздігі» (1-6-т., 1862-1874), «Венгр тілінің тарихи сөздігі» (1-3-т., 1890-1893) жарық көрді. Венгр ғалымы Ш.Кереши-Чома тибет тілінің грамматикасы мен сездігін жазды. 1904 жылы Венгр тіл тану қоғамы құрылды.

ВХР орнағаннан кейін Венгрия ҒА Тіл білімі институты (1951) коллективтік зерттеулер жүргізді. «Венгр тілінің түсіндірме сөздігі» (1-7-т., 1959-1962), «Қазіргі венгр тілінің жүйесі» (1-2-т., 1962), «Венгр тілінің тарихи этимологиялық сөздігі (1-т., 1967), «Венгр лексикасының финн-угор элементтері» сөздігі (1-т., 1967), «Венгр диалектілерінің атласы» (1-т., 1968) сияқты басылымдар жарық көрді.

Ғылыми мекемелері. Жоғары ғылыми мекемесі - Венгрия ҒА. Оның орталық физика, орталық химия, математика, техника, физика, биология, биохимия, ботаника, генетика, эксперименталды медицина, автоматтандыру, тарих, мемлекеттік және право, тіл білімі, география, экономика, философия, т. б. ғылыми-зерттеу институттары бар. Венгрия ҒА құрамында 1970 жылы 90 академик, 98 корр. мүше болды. Геология, зоотехника, фармакохимия, байланыс техникасы өнеркәсібі институттары, арнаулы медицина, ауыл шаруашылық және техникалық институттар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Ғылыми - мекемелерде 61 мың адам жұмыс істейді. 1970 жылы 1 шілдеде Венгрияда 500-ге жуық ғылыми докторы мен 3500 ғылыми кандидаты болды.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Венгр мерзімді баспасы 18 ғасырдың басында пайда болды. Оның дамуы Венгриядағы ұлт-азаттық және революция қозғалыстардың өрістеуімен тығыз байланысты. 1705-1710 жылдар тұңғыш газет - «Меркуриус хунгарикус» шықты. 1918 жылы 7 желтоқсанда ВКП органы - «Вёрёш уйшаг» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.

1970 жылы 840-қа жуық газет пен журнал шықты. Аса ірі күнделікті газеттері: «Непсабадшаг» (1942) - ВСЖП ОК органы; «Непсава» (1872) - Венгр кәсіпшілер одағы советініц органы, «Мадьяр немзет» (1945) - Отандық халық майданы органы, «Мадьяр хирлап» (1968) - ВХР үкіметінің газеті. Апталық газеттері: «Нёк лапья» (1949) - Бүкіл венгрлік әйелдер советінің органы, «Элет эш иродалом» (1957) - Венгрия Жазушылар одағының органы, «Сабад фёльд» (1945) - Отандық халық майданы органы, «Мадьяр ифьюшаг» (1957) - ВКЖО ОК органы. Журналдары: «Партелет» (1956), «Таршадалми семле» (1946) - БСЖП ОК органдары, «Кортарш» (1957) - Венгрия Жазушылар одағының органы. Венгр телеграф агенттігі (1880) хабар тарату ісімен айналысады. Венгрияда радиохабары 1925 жылдан жүргізіледі, телевизиясы 1958 жылдан жұмыс істейді.

Әдебиеті. Венгрия әдебиетінің алғашқы жазба ескерткіштері (латын тілінде) 11-12 ғасырлардан басталады. 13-14 ғасырларда венгр тілінде діни әдебиет үстемдік етті. Италияда оқыған Я.Витез (1408-1472) бен Я. Паннониус (1434-1472) гуманистік әдебиеттің алғашқы жаршылары болды. 16 ғасырдың 2-жартысында ренессанс прозасы туып, ежелгі венгр аңыздарына, антик және итальян сюжеттеріне негізделген әңгімелер тарады. Қайта өркендеу дәуірінің көрнекті ақыны Б.Балашши (1554-1594) лирикасы зор роль атқарды. 17 ғасырдадағы Венгрияда көркем әдебиеттен гөрі ғылым саласындағы жетістіктер басым болды. Алдыңғы қатарлы жазушылар буржуазия ағылшын революциясының идеологиясына үн қосты, Р.Декарттың философиясын қабылдады. 17 ғасырдың аяғы - 18 ғасырдың басында габсбургтерге қарсы азаттық көтерілісінің нәтижесінде ауызша поэзия өркендеп, естеліктер өріс алды (М. Бетлен, К. Микеш, Ф. Ракоци). 19 ғасырдың басында консервативтік бағыт әдебиеттің алғы шебінен орын тебеді. Ш. Кишфалудидің (1772-1844) махаббат өлеңдері, Француз революциясын жақтаушы Я. Бачаньидің (1763-1845) өлеңдері жарияланды. Ф. Казинци (1759-1831) халық тілін жаңғыртуды жақтады. Бірақ М.Фазекаштың (1766-1828), М.Чоконаи-Витездің (1773-1805) поэзиясында, И. Катонаның (1791-1830) драмаларында еркіндікті аңсау, басы байлылыққа қарсылық идеясы танылды, реалистік ауыз әдебиетіне сүйену нышаны байқалды. Халық поэзиясын өркендету мен халықтың өткен өмірін суреттеуге романтизм әдісі қолданылды (К.Кишфалудидің драмалары, 1788-1830; Ф. Кёльчеидің лирикасы, 1790-1838; М. Иошикидің романдары, 1794-1865; М.Вёрёмшартидің өлеңдері мен поэмалары, 1800-1855). Романтизмнің гүлденуі бұл жазушылардың творчествосында реализмнің өркендеуімен ұштасты. Ал 1848-1849 жылдардағы Революцияның трибуны Ш. Петёфидің (1823-1849) шығармаларында романтикалық және реалистік тенденцияның асқар шыңы революция демократиялық мазмұнмен ұласты. 1849 жылдан кейінгі саяси аласапыран кезінде реализм өзінің әлеуметтік сипатынан айрылды. Сондықтан 19 ғасырдың соңғы отыз жылы ішіндегі, 20 ғасырдың басындағы прогресшіл жазушылар көркемдік соны жолдар іздеді. Олардың бірсыпырасы француз бен неміс натурализмінің, сол сияқты орыстың сыншыл реализмінің жетістіктерін көркемдік електен өткізді (Ш.Броди (1863-1924), Ж. Мориц (1879-1942) т. б.). Э. Ади (1877-1919), М.Кафка (1880-1918), Д. Юхас (1883-1937), А. Тот (1886-1928) сияқты ақын-жазушылар өздерінің капитализмге қарсылығын, әлеуметтік-гуманистік, революция (Ади) армандарын ауыз әдебиеті үлгілерімен өрнектеп, реализммен шыңдай отырып, импрессионистік, символистік тәсілдермен бейнеледі. 1919 жылы Совет Венгрия Республикасы құлап, хортистік реакция үстемдік алғаннан кейін, венгр жазушыларының бірсыпырасы шетелдерге кетті. Батыс Европа мен СССР-де әмиграцияда болған жазушылар - А. Габор (1884-1953), Б. Балаж (1884-1949), Ф. Карикаш (1892-1938), А.Комьят (1893-1937), Б. Иллеш (1895 ж. т.), Гидаш (1899 ж. т.), сонау 1916 жылы Россияға тұтқын боп түскен М. Залка (1896-1937) т.б. - экспрессионизм, символизм, сыншыл реализммен ойысып, сол елдердің революция жазушыларымен қоян-қолтық күйде социалистік гуманизм мен коммунистік идеяға негізделген реализмге табан тіреді. Халықтық Венгрия әдебиетінің басты кезеңдері мынадай: 1945-1949 жылдардагы декаденттік, модернистік қалдықтарға қарсы реалистік этиканы орнықтыруға бағытталған күрес кезі; 1949-1956 жылдардағы социалистік реализм жеңісінің алғашқы табыстарының уақыты; 1957 жылдан күні бүгінге дейінгі социалистік әдебиет шешек атып, гүлденіп тұрған шақ. Орыс тіліне аударылып, совет қауымына кең танымал болған 60 жылдар туындыларының қатарына Ийештің, Шимонның, Вацидің, Гараидың лирикасы, Дарваштың «Мас жаңбыр» (1963) романы т. б. жатады.

Венгрияда әдебкет тану ғылымы 18 ғасырда туды. Оның қазіргі басты өкілдері М.Альмаши, И.Герман, А.Диосеги, Д. Тот, М. Цпне т. б.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Венгрия жерінде неолит дәуірінен скифтер мен кельт өнерінің ескерткіштері, сазбалшық мүсіндері сақталған. Рим қоныстарынан (Аквинк, Скарбанция т.б.) вилла мен амфитеатр жұрттары, фреска, мозаика, статуя, әйнектен жасалған бұйымдар табылған. Венгрлер (мадьяр) 9 ғасырда Венгрияға металл өңдеу дәстүрін ала келді. Орта ғасырлық сәулет өнері ғибадатханалары (Яктегі шіркеу, 13 ғ.), қорғандар, тұрғын үйлер готика үлгісінде дамыды. Қайта өркендеу дәуірінің архитектурасы 15-16 ғасырларда (әуелгі кезде Буда мен Вишеградта), ал барокко стилі 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында қанат жайды.

19 ғасырда портрет (М. Барабаш), пейзаждық сурет өнері (әкелі-балалы Марколар) мен мүсін (И. Ференци) және графика (М. Зичи) өркендеді. 19 ғасырдың алғашқы жартысында архитектура мен мүсін өнерінде классицизм (Пешттегі ұлттық музей, 1837-1847, арх. М.Поллак; И.Ференцидің портреті мен статуялары) басым болды. 1830-1840 жылдары кескіндемедегі классикалық сипат романтизм бағытымен, бидермейер ықпалымен ұштасып жатты (К.Марко, М.Барабаш, Й.Боршош шығармалары). 1860 жылдардың соңында заманның әлеуметтік қақтығыстарына үн қосқан жанрлық реалистік суреттер маңызды роль атқара бастады. Реалистік, халықтық қасиет, негізінен Ш. Бихари мен Венгрияның үлкен демократ-суретшісі М. Мункачи шығармаларынан орын алды. 19-20 ғасырдың аралығында «модерн» стиліндегі бағыт көріне бастады (Будапешттегі қосалқы өнер музейі, 1893-1896, арх. Э.Лехнер). Венгр Совет Республикасында (1919) революция плакаттар жасалды.

Халықтық-демократиялық құрылыс орнағаннан кейін, Венгрия өнері халықтың күнделікті өміріне емін-еркін араласты. Құрылыс көлемінің ұлғаюына орай, монументті өнер дами түсті. Жобалаудың тиімділігі, лоджия мен терезелердің өзара жарасты үйлесім табуы, сәнді, әрлі әшекей - Венгрияның қазіргі архитектурасына тән сипатқа айналды. Фреска мен мозаиканың, нақышты жазбалар мен сграффитолардың орынды қолданылуы, шағын мүсіндер ғимараттардың көркемдігі мен мәнерлігін арттыра түседі. Осындай тамаша құрылыстардан Халық стадионы (1948-1953, арх. К. Давид т. б.), Будапешттегі Эржебот көпірі (1965, арх. П. Шали), Ньиредьхазадағы өнеркәсіп ғимараттарын, Дебрецен мен Кечкеметтегі мейманханаларды т. б. атауға болады.

Бейнелеу өнерін дамытуда ұлттық реалистік дәстүрлерді сақтаған аға буын шеберлер (суретші И.Сёньи, А.Бернат, мүсінші Ф.Меддьеши т.б.) үлкен роль атқарады. 1940-1950 жылдарда кескіндеу өнерінің тарихи-революция сюжетке құрылған, социалистік индустрияландыру тақырыбындағы туындылары кең тарады. Монументті өнердегі табыстар да (Будапешттегі Азаттық монументі, 1947, Дунауйварош металлургия комбинатындағы фрескалар, 1955) айта қаларлықтай. 1960 жылдардағы Венгрия өнерінен халыққа етене жақын шығармалар тудыру ниетіндегі ортақ идеяға негізделген алуан түрлі көркем ізденістерді аңғаруға болады (И.Д.Куруц, Й. Немет т. б. шығармалары). Мүсін және сән өнері ойдағыдай дамуда (М. Боршоштың мүсін-портреттері, М. Ковач пен И.Гадордың керамикалары т. б.).

Музыкасы. Венгр халық әндері бір дауысты болып келеді. Халық творчествосынан лирикалык және тұрмыс-салт өндерімен қатар мадьярлардың тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы күресін бейнелейтін тарихи әндер де кең орын алады. Ертеде әндер мен аңыздарды (балладаларды) қобызға (кобоз) қосып айтатын халықтың әнші-жыраулары болған. Бұл туралы алғашқы деректер 10 ғасырға саяды. Венгрияда профессионалдық музыка мәдениеті 13 ғасырда дами бастады. 15 ғасырдың өзінде-ақ, Буда қаласында король сарайының капелласы болды. 1536-1538 жылдар А.Фаркаш, 1554 жылы Ш.Тиноди мадьяр тілінде музыка шығармаларды (аңыздар, тарихи әндер) басып шығарды. Венгрия музыкасының бұдан былай дамуына вербункош деп аталатын венгр аспаптык музыкасы ерекше әсер етті. Вербункошқа тән музыка элементтерді дамытудың негізінде композитор Й.Рузичка «Белланың қашуы» (1822) атты тұңғыш венгр операсын жазды. Кейінірек Ф.Эркель венгр қаһармандық-романтикалық операсының бастаушысы болды. 19 ғасырда Ф. Лист аспаптық музыка саласында жаңаша шығармалар тудырды. 1837 жылы Пешт қаласында опера театры ірге көтерді, 1840 жылы ұлттық консерватория.

1853 жылы филармониялық қоғам ашылды. 20 ғасырдағы венгр музыкасының дамуы, өріс алуы З. Кодай мен Б. Бартоктың композиторлық және этнографиялық еңбектерімен тікелей байланысты.

Ф.Легар, И.Кальман сынды композиторлар оперетта саласында үздік көрінсе, камералық-аспаптық музыканың шебері - Л. Вейнер болды.

1945 жылдан кейін Венгрияда жаңа музыка мекемелер, коллективтер, оқу орындары құрылды. Венгрияның осы күнгі көрнекті музыка қайраткерлері: композитор - П.Кадоша, Р.Марош; дирижерлер - Я.Ференчик, Я.Шомоди, пианисші - А.Фишер, скрипкашылар - Д.Ковач, В.Татраи, әншілер - А.Фараго, Р.Илошфальви, Д.Мелиш т. б.

Театр. Театр мәдениеті венгрлердің христиан дінін қабылдауынан бұрын басталған. 1790 жылы Пештте актер әрі театр қайраткері Л.Келеменнің басшылығымен тұңғыш тұрақты труппа құрылды. 1792 жылы Клужде венгр театры ашылды. 19 ғасырдың басында Венгрия театрлары өкімет пен ірі дворяндардың қолдауымен қала, қыстақтарда ойын көрсетіп, венгрдің тілін, ұлттық мәдениетін, өткен дәуірдің патриоттық дәстүрлерін насихаттады. Осы кезде Р. Дерине-Сеппатаки, Ж. Сентпетери, К. Медьери сынды белгілі сахна шеберлері шықты. 1837 жылы Пештте «Мадьяр синхаз» театры ашылып, 1840 жылдан бастап ол Венгр ұлттық театры деп аталды. Мұнда драмалық және опералық спектакльдер көрсетілді. Театр сахнасында талантты актерлер - М. Лендваи, Г. Эгрешши т. б. ойнады. Венгрия театрлары 1848-1849 жылдар революцияға үн қосты. Венгр ұлттық театры Й. Катонаның «Банк- бан» пьесасын қойды. Революция жеңілісінен кейін Венгр ұлттық театры құлдырай бастады. 1870 жылы театр басшылығына көрнекті режиссер Э. Паулаи келгеннен кейін, мұнда У. Шекспир, Н.В.Гоголь («Ревизор»), Г. Ибсеннің («Нора») пьесалары қойылады. 19 ғасырдың аяғында Буда халық театры (1867-1870), Пешт халық театры (1875), «Вигсинхаз» (1896) және т. б. театрлар ашылды. Сегед, Сомбатхей, Секешфехервар қалаларында жаңадан театр үйлері салынды. 1919 жылы Венгрия театрлары халыққа арнап спектакльдер қойып, революция ісіне белсене ат салысты. 1 және 2-дүние жүзілік соғыс аралығында Венгрия театрлары шовинистік насихат жетегінен шыға алмады. Театрдың көрнекті өкілдері - Г. Байор, А. Шомлаи, М. Раткаи т.б. өз творчестволарымен буржуазия ағымға қарсы тұрды. Венгрияны азат еткен күннен бастап-ақ (1945) Венгр ұлттық театры халық жағында болды. Театрды актер әрі режиссер Т.Майор басқарып, ұлттық театр өнерінің прогресшіл дәстүрін дамытты. 1949 жылы Венгрияның барлық театры мемлекеттік меншігіне көшті. Венгрия театрларының репертуарынан дүние жүзінің классиктері (Шекспир, Мольер, Островский), сондай-ақ венгр драматургтарының (Й.Катона, И.Мадач, Э.Урбан, Л.Мештерхази, И.Дарваш т.б.) пьесалары орын алды. Театр өнерінің өкілдері арасында режиссерлерден - Э.Мартон, О.Адам, К.Казимир; актерлерден - М.Габор, X.Гобби, Ф.Бешшеньеи, Э.Булла т.б. бар. Венгрияда 33 театр (1970) бар, оның 19-ы Будапештте. Мұнда Театр ғылыми-зерттеу институты (1958) жұмыс істейді.

Киносы. 1896 жылы Будапештте тұңғыш кинотеатр ашылды. Алғашқы «Би» фильмі (реж.Б. Житковский) 1901 жылы жасалды. «Апалы-сіңлілер» атты толық метражды, көркемсуретті фильмді Э.Ухер қойды. 1916 жылы Венгрия кинематографиясының орталығы Будапешт болды. Осы кездегі ірі кино қайраткерлері: Г.Больвари, П.Фейош, Б.Балаж, Л.Лазар. Революция жылдарынан кейін, терроршы Хортидің кезінде экранға буржуазия көзқарастағы фильмдер шыға бастады. Венгрия негізінен Голливудтың, Берлиннің кинофильмдерін өткізетін орталыққа айналды. Неміс басқыншыларынан азат етілгеннен кейін ғана ұлттық кино өнері кеңінен өркендей бастады. 1948 жылы кино өнеркәсібі мемлекеттік меншігіне көшті. 1948-1970 жылдар «Европаның бір жерінде», «От», «Жер ұйығы», «Каталина Киштің бақыты», «Тұңғиық», «Темір гүл», «Анна Эйдеш», «Эгер жұлдыздары» секілді көркемсуретті фильмдер экранға шықты. Венгрия кинематографистері документті кино жасау саласы бойынша да біраз жетістіктерге жетті. Режиссерлері: З.Фабри, Ф.Бан, Л.Кальмар, М.Келети, М.Янчо, А.Колланьи; операторлары: И.Эйбен, Д.Иллеш, И.Пастор; актерлері: К.Тольнаи, Ш.Печи, Е.Руткаи, Л.Башти т.б. Будапештте актерлер мен режиссерлер дайындайтын Театр және кино институты бар.

Әдеб.: Маркс К. Господин Фогт. Маркс К. и Энгельс Ф., Соч., 2 изд., т. 14, с. 335-691; Энгельс Ф. Борьба в Венгрии. там же, т. 6, с. 175-186; Ленин В. И. Венгр Совет республикасының үкіметіне 1919 ж. 22 наурызда радио арқылы шіберілген құттықтау. Шығ., 29-т., 219-6.; Кадар Я. Избранные статьи и речи (1957-1960). пер. с венг., -М., 1960; Мольнар Э. Проблемы этногенеза и древней истории венгерского народа. пер. с венг. -Будапешт, 1955; Липтаи Э. Венгерская Советская Республика. пер. с венг. -М., 1970; Каллаи Д. Движение за независимость Венгрии. 1920-1945. пер. с венг. -М., 1968; Авербух Р.А. Революция и национально-освободительная борьба в Венгрии 1848-1849. -М., 1965; Лебов М. Венгерская Советская Республика 1919 года. -М., 1959; Пушкаш А. И. Венгрия в годы второй мировой войны, М., 1966; Нежинский Л. Н., Пушкаш А. И. Борьба венгерского народа за установление и упрочение народно-демократического строя 1944-1948. М., 1961; Очерки новой и новейшей истории Венгрии. М., 1963; Н ежинский Л. Н. Очерк истории народной Венгрии. М., 1969; Маергойз И.М. Экономическая география Венгрии. М., 1956; Усиевич М.А. Развитие социалистической экономики Венгрии. М., 1962; Венгерский статистический справочник 1970, Будапешт, 1970; Xевеши М. А. Мировоззрение венгерских революционных демократов. -М., 1962; Марксистско-ленинская философия и социология в СССР и европейских социалистических странах. М., 1965; Венгр поэзиясының антологиясы. -1-2-т. -А., 1969; Кланицаи Т., Саудер И., Сабольчи М. Краткая история венгерской литературы. Будапешт, 1962; Тихомиров А. Искусство Венгрии IX-XX вв. М., 1961; Народное искусство Венгрии. Будапешт, 1964; Кодай З. Венгерская народная музыка. Будапешт, 1961; Музыка Венгрии. Сб. ст., [пер. с венг.]. М., 1968; Гершкович А. А. Современный венгерский театр. М., 1963; его же, Поэтический театр Петефи, М., 1970; Авербух Р. А. Революция и национально-освободительная борьба в Венгрии. 1848-1849. М., 1965; Трайнин И.П. Национальные противоречия в Авотро-Венгрии и ее распад. М.-Л., 1947.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-04-27 15:21:42     Қаралды-2481

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »