UF

ИСЛАНДИЯ (Iceland), Исландия Республикасы - Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі Исланд аралын алып жатқан мемлекет. Солтүстігін Гренланд теңізі, шығысын - Норвег теңізі, батысын - Дат бұғазы шайып жатыр. Жері 103 мың км2. Халқы 357,0 мың (2019). Астанасы - Рейкьявик қаласы. Әкімшілік жағынан округтарға (сислаларға) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Исландия - республика. Қазіргі конституциясы 1944 жылы 17 маусымда күшіне енген. Мемлекеттік басшысы - президент, оны халық 4 жылға сайлайды. Заң шығару билігі президентке және екі палаталы парламентке - альтингке берілген. Альтинг депутаттары (60 адам) пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша шалпыға бірдей, тең және төте сайлау негізінде сайланады. 21 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы беріледі. Жергілікті басқару органдары - қалалардағы сайланып қойылатын муниципалитеттер. Округтарды орталық өкімет тағайындаған чиновниктер басқарады. Сот жүйесі төменгі соттар, қалалық және апелляциялық, Жоғарғы соттардан құралады.

Табиғаты. Исланд аралы - су астындағы Солтүстік Атлант жотасының жалғасы. Ол вулкандық процестердің салдарынан пайда болған. Жерінің көбі қырат (биіктігі 400-800 м). Кей жерлерінде биіктігі 1000-1500 м-ге жететін тау массивтері кездеседі. Ең биік тауы - Хваннадальсхнукур вулканы (2119 м). 200-ге тарта вулкан бар, олардың 30-ы әлі сөнбеген. Пайдалы қазындылары: исланд шпаты, күкірт. Климатына (субарктикалық, теңіздік) Гольфстрим ағысы күшті әсер етеді. Қаңтардың орташа температурасы 0°С-2°С, шілдеде 10-11°С. Жауын-шашынның жылдың мөлшері 4000 мм-ге дейін. Жерінің 11,4%-ін мұз басып жатыр. Басты өзені - Тьоурсау (237 км). Өзендері кеме жүзуге жарамсыз, бірақ гидроэнергияға (2,5 млн. квт) бай. Ең ірі көлі - Тингвадлаватн (83     км2). Аралдың жиек жағының топырағы - вулкан әрекеті әсер еткен шымтезек аралас топырақ, қалған жерлері арктикалық, батпақ топырақты көледі. Өсімдікке өте кедей; негізінен мүк және қына тектес шөптер өседі. Аң түлкі, солтүстік бұғысы, қара күзен, ақ аю (солтүстік жағалауында), итбалық, морж кездеседі. Іргелес теңіздері балыққа бай Исландияда Тингведлир ұлттық бағы және басқа 5 табиғи қорық бар.

Халқының 99%-і исландиялықтар, 1%-і даттар, немістер т. б. Ресми тілі - исланд тілі. Халықтың көбі елдің оңтүстік-батыс бөлігінде (тығыздығы 1 км2 жерге 11,6 адамнан) орналаскан. Халқының 2/3-бөлігі қалада тұрады; ірі қалалары: Рейкьявик, Коупавогур, Акурейри.

Тарихы. Исландияны халық 870 ж. ш. қоныстана бастады. Қоныстанушылардың көпшілігі норвегтер, сонымен қатар Ирландиядағы, Шотландиядағы Солтүстік Атлантика аралдарындағы скандинав отарларынан және Швециядан шыққан халықтар болды. Отаршылар аралды «Мұз елі» деп атады. 930 жылға қарай Исландия жағалауы негізінен қоныстанылып болды. Исландиялықтар 10 ғасырдың 80 жылдары Гренландияны ашты, 1000 ж. ш. олар Солтүстік Америкаға жетті.

Исландияны қоныстану сипаты көп реттерде оның әлеуметтік және саяси құрылысының ерекшеліктерін анықтап берді. Қоныстанушылар арасында Исландияға көптеген үй қызметкерлерімен, құлдарымен және еркіне босатқандар мен көшіп келген ру ақсүйектерінің өкілдері жетекші роль атқарды. 930 жылдардың шамасында Исландия 36 годордқа (аймаққа) бөлінді. Оларды ақсүйектер ішінен шыққан абыздар (годилер) мен билер (тингтер) биледі. 10 ғасырдың 2-жартысында годордтар саны көбейді, Исландия 4 әкімшілік облысқа бөлінді. 1000 жылы христиан діні қабылданды. 13 ғасырға дейін демократиялық тәртіп пен ру дәстүрлері кең сақталып, саяси өкіметке халық белсене араласып отырды. Алайда, рулық құрылыстың негізі - коллективтік меншік ыдырай бастады. Жер негізінен жеке меншікке айналды. 13 ғасырда орта және ірі жер иеленушілерге майда шаруалардың кіріптар болуы кеңінен етек алды. Ірі жер иеленуші шонжарлардың шығуы қоғамның тапқа бөлінуін жеделдетті.

13 ғасырдың 2-жартысында (1262-1264) Исландия ақсүйектердің ішкі алауыздығы салдарынан норвег феодалдық мемлекетіне бағынды. Исландия Норвегияның қол астына көшкеннен кейін нақты билік король әкімдерінің ырқына көшті. Исландықтар салық төлеуге, король (негізінен) енгізген заңға бағынуға тиісті болды. Норвег билеушілері мен дін басыларының қанауына ұшыраған Исландияның экономикасы мейлінше құлдырап кетті.

1380 жылы Исландия (Норвегиямен бірге) Даниямен уния (бірлестік) құрды. Елді ауру жайлады, халықтың саны күрт азайып кетті. Исландия халқының есебінен ганзей, ағылшын көпестері байып жатты. 16 ғасырда Исландия Дат өкіметіне бағынды. Дат үкіметінің жүргізген реформасы Исландия халқын азын-аулақ еркіндігінен айырды. Сол себепті бұған қарсы католик-епископ Йоун Арасон бастаған қозғалыс ұлт-азаттық күрес сипатына ие болды. Көтеріліс сәтсіздікке ұшырап, Йоун Арасон жазаланды (1550), дат мемлекетінің езгісі одан сайын күшейе түсті. 17 және 18 ғасырларда Исландия халқына жойылып кету қаупі төнді. Жер мен малдың басым көпшілігі дат билеушілері мен шіркеудің қолында болды.

19 ғасырдың басынан бастап Исландия ұлттық тәуелсіздіктің барлық нышандарынан айрылды; Киль бітім шарттары (1814) бойынша Исландия дербестігі мүлдем жойылды. 19 ғасырдың 1-ширегінде Батыс Европа мемлекеттерінде өңдірістің өрлей бастауы Исландияның да экономикалық және саяси өмірінің оянуына әсер етті. Исланд балық кәсіпшіліктері мен фермерлерінің сыртқы сауданы өрістетуі нәтижесінде 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдардың басында Исландияда алғашқы майда өндірістік кәсіп- орындар пайда бола бастады. Фермерлер арасынан шыққан исланд ұсақ буржуазиясы ұлт-азаттық қозғалысты басқарды. Алайда, бұл қозғалыс дамып келе жатқан исланд саудасына және өндірістік буржуазия мен фермерлерге экономикалық және саяси кең еркіндік беру жөніндегі реформашылдық талап шегінен ары аспады. 1843 жылы 8 наурызда Кристиан VІІІ-нің жарлығы мен альтинг қайтадан қалпына келтірілді. Бірақ оған кеңесшілдік қызмет қана жүктелді. 1848 жылы Европа елдерінде етек алған буржуазия революцияның және Исландияның өзінде күшейе түскен ұлт-азаттық қозғалыс ықпалымен 1849 жылы дат королы Исландияға оның келісімінсіз жаңа заң енгізбеу жөнінде уәде беруге мәжбүр болды. 1851 жылы Исландияда Ұлттық құрылтай жиналысы (тьодфундур) құрылып, ол Исландияның автономиясын тануды талап етті. Дания біркатар жеңілдіктер жасауға амалсыз көнді. 1854 жылы Исландияда дат сауда монополиясы жойылды, 1855 жылы баспасөз бостандыгы берілді; 1859 жылы Исландияда мемлекеттік іс жургізуде исланд тіліне дат тілімен бірдей право берілді.

19 ғасырдың 50-70 жылдарында Исландияда елдің тәуелсіздігі жолындағы қозғалыстың күшеюіне байланысты, 1871 жылы дат монархиясы оған ішкі істері женінде автономия берді. 1874 жылы альтинг жергілікті мәселелер жөнінде заң қабылдауға, исланд финанс саясатын белгілеуге праволы болды. 20 ғасырдың басында Исландия автономиясы біршама нығая түсті.

19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Исландияда капиталистік қатынас орнай бастады. Қой өсіретін ірі фермалар пайда болды, сыртқа балық жөнелту өрістеді. 1885 жылы ұлттық банк ашылды. 1897 жылы Тәуелсіздік партиясы (консервативтік) қалыптаса бастады. Ол негізінен исланд балық кәсіпшілерін және сауда буржуазиясын біріктірді. 1907 жылы Швециядан Норвегияның бөлініп шығуы өсерімен исланд буржуазиясы Исландияның автономиясын кеңейту талаптарын қойып, Исландия мен Дания арасындағы қатынасты шартпен бекітуге қолы жетті. 1-дүние жүзілік соғыс кезінде Исландияның Даниямен байланысы әлсіреді, сөйтіп, оның Ұлыбританиямен, АҚШ-пен сауда, экономикалық байланысы нығайды. Соғые кезінде Исландияда саяси және қоғамдық ұйымдар құрылды. 1916 жылы С.-д. және Прогресшіл партиясы, сондай-ақ, Исланд кәсіподақтарының федерациясы ұйымдасты.

1818 жылы 30 қарашада Исландия мен Данияның арасында шарт жасалды, бұл шарт бойынша, отан қорғау, сыртқы істерден басқа мәселелерде Исландияның дербестігі танылды. 1920 жылы 18 мамырда Исландияның конституциясы қабылданды. 1930 жылы Исландия Коммунистік партиясы (ИКП) құрылды. 1938 жылы ИКП С.-д. партияның сол қанатымен бірге, Исландия бір тұтас социалистік партиясына (ИБСГІ) бірікті (1968 жылдың аяғына дейін өмір сүрді).

2-дүние жүзілік соғыстың бас кезеңінде Данияны неміс-фашист әскерлері басып алғаннан кейін (1940 жылы сәуір) Исландияға ағылшын әскер бөлімдері түсірілді (1940 жылы мамыр). 1941 жылы шілдеде АҚШ үкіметі Исландиямен «соғыс аяқталғанша Исландияны қорғау» жөнінде келісім жасасты; бұл келісім бойынша ағылшьш әскерлерінің орнына Исландияға американ әскерлері орнықты. 1943 жылы желтоқсанда дат-исланд шартының мерзімі бітті. 1944 жылы 20-23 мамырда өткізілген референдумда исландиялықтардың басым көпшілігі шартты бұзып, республика жариялануын жақтап дауыс берді. 1944 жылы 16 маусымда исланд альтингі республика конституциясын қабылдады, 17 маусымда Исландия республика болып жарияланды. СССР Исландия Республикасын алғаш таныған мемлекеттердің бірі болды (Исландия мен СССР арасында дипломатиялық тікелей қатынас 1943 жылы орнаған).

40 жылдардың аяғынан 60 жылдардың басына дейінгі аралықта ИБСП бастаған Исландияның прогресшіл күштері билеуші таптардың ұлт мүддесіне қайшы келетін саясаттарына Маршалл жоспары деп аталатын жүйеге және Солтүстік Атлантика шартына (НАТО) қосылу қарсы күресті өрістете түсті. 1951 жылы 18-21 мамырда исланд-американ арасындағы «Қорғаныс жөніндегі» (1951 жылы 5 мамыр) келісімге, шын мәнісінде Исландияны АҚШ-тың әскери базасына айналдырған келісімге наразылық білдірген жұмысшылардың Исландия тарихындағы аса кушті жаппай ереуілі болып өтті. 1952 жылы желтоқсанда Исландия еңбекшілерінің үш апталық ереуіліне елдегі жұмысшылардың 88%-і қатысты. Қоғамдық ұйымдардың қысымымен 1956 жылы 28 наурызда Исландия альтингі 1951 жылғы исланд-американ келісімін қайта қарау туралы шешім қабылдады, алайда бұл шешімді АҚШ НАТО-ны пайдаланып,белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. 50 жылдардың аяғы мен 60 жылдардың басында еңбекшілердің әл-ауқаты төмендеп кетті. Осының нәтижесінде ереуілдердің жаңа толқыны туды. 1961 жылы қаңтар – ақпанында исланд теңізшілері ереуіл жасады; маусымда өндірістік кәсіпорындар және жол-қатынас жұмысшылары мен қызметшілері ереуілге шығып, еңбек ақысын 10-12% арттыруға қолдары жетті. Исландия үкіметі 1963 жылы термоядролық қаруды жер бетінде және суда сынауды тоқтату жөніндегі Москва шартына (1963) қосылатынын мәлімдеді.

1971 жылы шілдеде консерваторлар мен социал-демократтар үкіметінің орнына келген солшыл центристер үкіметі (басшысы О. Иоханнессон - Прогресшіл партияның председателі) өзінің саяси программасында (1971 жылы шілде) ұлттық экономиканы дамыту, еңбекшілердің тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту шараларын белгіледі. Үкімет 1951 жылғы «қорғаныс жөніндегі» исланд-американ келісімін қайта қарап, американ әскерін Исландия жерінен 4 жылдың ішінде шығару мақсатын көздеп отыр.

Исландия - БҰҰ мүшесі (1946), ол экономикалық жағынан НАТО мемлекеттерімен, әсіресе АҚШ-пен тығыз байланыста.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Тәуелсіздік (консервативтік) партиясы, 1929 жылы бір-жолата қалыптасты. Председателі - И. Хафстейн (1971 жылдан). Прогресшіл (фермерлік) партия, 1916 жылы құрылды. Председателі - О. Иоханнессон. Халық одағы 1968 жылы қалыптасты. Председателі - Р. Арнальдс. Исландия социал-демократиялық партиясы (ИСДП) 1916 жылы құрылды. Председателі - Г. Гисласон. Исланд кәсіподақтарының федерациясы, 1916 жылы құрылды. 1971 жылы 45 мыңнан астам мүшесі болды. Ерікті кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясына кіреді.

Экономикасы. Исландия - орташа дамыған капиталистік ел. Балық өнімдерін экспортқа шығаруда дүние жүзіндегі басты орындардың (Жапония, Норвегия, Даниядан кейін) бірін алады. Ел ішінде монополистік және жеке меншік капиталының, кооперативтік сектордың ықпалы күшті; экономикасына АҚШ, Батыс Германия, Швейцария, Швеция капиталы қатысады.

Өнеркәсібі. Өнеркәсібінің басты саласы - балық аулау және оны өңдеу; ол 1970 жылғы жалпы ұлттық өнімнің 25-30%-ін берді. Исландия май шабақ пен треска аулау мөлшері (1971 жылы 0,7 млн. т) жөнінен Батыс Европада 7-орын, ал оның жан басына шаққандағы үлесі жөнінен дүние жүзінде 1-орын алады. Балық өңдеудің ірі орталықтары - Рейкьявик, Сиглуфьордур, Акурейри, Вестманнаэйяр. Табиғи ыстық суды пайдалану кең дамыған: ол астанадағы үйлерді жылытуға, теплица шаруашылығында т. б. пайдаланылады. Химия, алюминий, цемент, кеме жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің шағын кәсіпорындары бар. 1970 жылы өндірілген басты өнеркәсіп өнімдері (мың т): тоңазытылған балық (277), туздалған (май шабақ) және кептірілген балық (137), балық майы (13), балық ұны (67). 1971 жылы 1,6 млрд. квт-сағ электр энергиясы өндірілді.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының басты саласы - етті-жүнді (қой) және сүтті мал (сиыр) өсіру. Ауыл шаруашылық жері 2,3 млн. га, оның көбі - жайылым мен шабындық. 1971 жылғы мал саны (мың): қой 740, мүйізді ірі қара 51 (оның ішінде сиыр 36), жылқы 33. Егістігі 1 мың га, оған жемшөп пенкартоп егіледі; теплицаларында помидор, қияр өсіріледі.

Транспортының негізгі түрі - теңіз транспорты; басты теңіз порттары: Рейкьявик, Сейдисфьордур, Кеблавик, Акурейри. Порттарының көбі қыста қатпайды. Автомобиль жолдарының ұзындығы 10 мың км (1971). Темір жол жоқ.

Сыртқы саудасы. Экспортының 84%-і балық өнімдері, 3%-і мал шаруашылығы өнімі (1971). Басқа елдерден сүйық отын, машина, жеңіл және тамақ өнеркәсіп өнімдері алынады. Сыртқы саудадағы басты әріптестері - АҚШ, Ұлыбритания, ГФР, Скандинавия елдері. Ақшасы - исланд кроны.

Денсаулық сақтау ісі. 1969 жылы. әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 20,7, адамның өлімі 7,1; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 11,7. 1961-1965 жылдар адам өмірінің орташа ұзақтығы әйелдерде 76,2, ерлерде 70,8 жас. Ауруханаларда дәрігерлік көмек ақысыз жүргізіледі. 1968 жылы 271 дәрігер (738 адамға 1 дәрігер), 87 тіс дәрігері, 87 фармацевт, 700-ге жуық орта білімді медициналық қызметкерлері болды. 1968 жылы ауруханалардағы жалпы орын саны 2,5 мыңға жетті (1000 адамға 12,5 орын). Рейкьявикте 220 төсектік (1964) мемлекеттік аурухана бар. 8 қалада ана мен баланы қорғау ісін атқаратын денсаулық сақтау орталықтары бар.

Оқу-ағарту ісі. Қазіргі халық ағарту жүйесі 1946 жылғы 7 мен 15 жасарасындағы балаларды міндетті оқыту жөніндегі заңға негізделген. Бастауыш мектеп 6 жылдық, орта мектептер 2-3 және 4 жылдық. Орта мектептен немесе 4 жылдық реалдық училищеден кейін гимназияға (4 жыл) не арнаулы орта оқу орындарына түседі. Гимназияны бітіргендер университетке түсуіне болады. 1970-1971 оқу жылында бастауыш мектептерде 29 мың, орта мектептерде 15,4 мың, арнаулы орта оқу орындарында 21,4 мың оқушы оқыды. Жоғары білімді Рейкьявиктегі Исланд университеті береді. Рейкьявикте Ұлттық кітапхана (1818), Көпшілік кітапханасы, Ұлттық музей (1889), Мемлекеттік көркемөнер галереясы (1885) бар.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Исландияда кітап басып шығару ісі 1530 жылы пайда болды. 1733 жылы тұңғыш журнал, 19 ғасырда тұңғыш газет жарық көрді. 1971 жылы Исландияда 80 газет, бірнеше оңдаған журнал шықты. Негізгі астаналық газеттері: «Висир» (1910), «Моргюнбладид» (1913) - Тәуелсіздік партиясының органдары, «Тиминн» (1917) - Прогресшіл партия органы, «Тьоудвильинн» (1936) - Халық одағы партиясының органы, «Альтидюбладид» (1919) - Исландия с.-д. партиясының органы, «Нитт ланд - фрьяульс тьоуд» (1952) - Еркін ойшылдар ұйымының органы. Исландия баспасөзі хабарды Норвегия информациялық агенттігі мен Ассошиэйтед престен (АКШ) алады. Мемлекеттік радиостанция 1930 жылдан, телестанция 1966 жылдан жұмыс істейді. Хабар исланд тілінде жүргізіледі.

Әдебиеті. Исландия әдебиеті исланд тілінде дамыған. Ол 13 ғасырдағы Үлкен Эдда жинаған мифтік және батырлық жырлардан басталады. Исландия скальдтарының (ақындары) шығармалары мен Исланд сағалары Исландия әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты. Скальдтардың ішіндегі көрнектісі - Эгиль Скаллагримссон (910-990 ж. ш.). 10 ғасырдан басталған діни поэзия 14 ғасырдың ортасында шарықтап өсті. Бұл тұстағы ірі шығармалардың бірі - Э. Аусгримссонның «Лилия» поэмасы. 16 ғасырдың аяғында Исландия әдебиетіндегі көне жазбаларды жинап, зерттеу қолға алынды. Бұл салада А. Йоунссон (1568-1648) Т. Торвасон (1636-1719) т. б. еңбек етті. 17 ғасырда X. Петурссон (1614-1674). Э. Оулафссон (1726-1768) шығармалары ерекше көзге түсті. 19 ғасырда Исландия әдебиетінің қайта өркендеу кезеңі басталды. Бұл кезде Исландия халқының автономия үшін күресінің күшеюіне байланысты, Й.Хадльгримссон (1807-1845), Б.Тораренсен (1786-1841) сияқты романтик ақындар шықты. Исландия әдебиетінде тұңғыш роман «Жігіт пен қызды» (1850) И.Тородсен (1818-1868) жазды. X. К. Лакснесстің (1902 ж. т.) «Салка Валка» романында (1-2-т., 1931-1932) Исландиядағы жұмысшылар қозғалысының алғашқы қадамы суреттеледі. Исландияның тәуелсіздік алуына байланысты (1944) X. Стефаунссонның (1892 ж. т.) новеллалары мен О.Й.Сигурдссонның (1918 ж.т.), Йоунассоур Кётлуманың (1899 ж.т.) поэзиясы әдебиетте жаңа өмірді суреттеген шығармалар болды. Қазіргі Исландия әдебиетін дамытуда С.Стейнар (1908-1958) мен Т. Вильхяумссонның (1925 ж.т.) прозалары, А.Богасонның (1917 ж.т.) драматургиясы, Й. Аурнасонның (1922 ж. т.) публицистикасы елеулі роль атқаруда.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Исландиялықтардың ертедегі баспанасы шым мен шымтезектен салынған, қаз-қатар бөлмелерден тұратын шұбалаңқы үйлер болды. Роман стиліне ұқсас өрнекпен ағаш ою өнері, күміс тостағандарды ақ сүйектерімен нақыштау әдістері 11-12 ғасырлардан белгілі. 18 ғасырда дат архитекторларының жобасымен тастан салынған құрылыстары бар (Хоулар мен Рейкьявиктегі соборлар) қалалар ірге көтерді. 19 ғасырда 2-3 қабатты исланд тұрғын үйінің түрі қалыптасты. Исланд ұлт-азаттық қозғалысының күшеюіне байланысты кескіндеме (әсіресе портрет, пейзаж) пайда болды (Сигурдур Гудмундссон, Тоураринн Торлаухссон). 20 ғасырдағы реалистік кескіндеме ұлттық романтикаға толы. Исландия халқының өмірі мен тарихы, фольклоры Эйнар Йоунссон, Аусмундур Свейнссон сияқты мүсіншілердің шығармаларынан айқын көрініс тапты. 20 ғасырдың орта шеніндегі исланд архитектурасында қазіргі архитектура формалар мен конструкциялар (тұтас темірлі-бетон, болат каркас), композиция, жоспарлау әдістері (Рейкьявик пен Акурейридегі жаңа құрылыстар) қолданыла бастады. 4-5 қабатты үйлер, қоғамдық ғимараттар салынды. Қазіргі кескіндемеде реалистік дәстүрмен қатар модернистік ағым да кездеседі. Исландия ұлттық өнерінің негізгі түрі 4-ағаш, сүйек жону, тоқыма тоқу.

Музыкасы. Исландиялықтардың ұлттық музыкасының төркіні өте ертеден басталады. Оған халық эпостарындағы толғау-әндер айғақ. Христиан дінінің енуіне байланысты Исландияда григорияндық, кейін реформацияның ықпалымен протестанттық хоралдар (діни хор) өріс алды. Шіркеу әндерімен қоса сүйемелдеусіз орындалатын ән түрінде ұлттық музыка дамыды. Батыр-рыцарьларды мадақтағап римур, викиваки сияқты әндер кең қанат жайды. Ішінара қолданылатын ішекті аспаптары - лангшпиль және фидла. Казіргі Исландияның ұлттық музыкасы екі дауыстылығымен, музыкап тактысының тақ құрылысымен, жүйеге түспеген еркін метрикасымен ерекшеленеді. Исландия профессионалдық музыкасының негізін салушы - С.Свейнбьернссон (ұлттық гимннің авторы). 20 ғасырда Европа консерваторияларында оқып, өз творчестволарында музыкалық техникасын сәтті пайдалана білген композиторлар шықты. Белгілі композиторлары: П. Исоульфссон, Й. Лейфс, Э. Тородсен т. б. Әншілері: Г. Симонар, Ф. Паульсдоуттир, С. Исланди, Ф. Вейсгаппель. Рейкьявикте Исланд мемлекеттік симфониялық оркестрі (1950), «Фостбрайдур» («Аталмыш ағайындар», 1916) атты ерлер хоры т. б. жұмыс істейді.

Театры. Театр өнерінің элементтері ежелгі сагалар мен скальдтар поэзиясында кездеседі. Тұңғыш театр сауықтары 1720 жылдан ұйымдастырыла бастады. 18 ғасырдың 2-жартысымен 19 ғасырдың басындағы исланд театрының алғашқы көрнекті қайраткері С. Пьетурссон болды. 1897 жылы Рейкьявик театр қоғамы құрылды. Кейін осының негізінде профессионалдық театр ұйымдасты. Мұнда Й. Сигурйоунсон, Г. Камбан, Э. Кваран, Д. Стефаунссон сынды ірі драматургтардың пьесалары қойылды. 1950 жылы драмалық және музыкалық спектакльдер қоятын Ұлттық театр ашылды. Театр өмірінде X. К. Лакснесс пьесаларының қойылуы елеулі оқиғаға айналды. Театр репертуарынан Г. Ибсен, Б. Шоу, Й.А.Стриндберг, Н. В. Гоголь, А. П. Чехов және А. Н. Арбузовтың пьесалары орын алды. Театр қайраткерлері: И. Воге, Л. Паульссон, Б. Хальдоурссон, Р. Арнфинссон т. б. Рейкьявикте т. б. қалаларда бірнеше жартылай профессионалдық труппалар жұмыс істейді.

Әдеб.: Серебрянный Л.Р. Исландия. М., 1969; Ольгейрссон Э. Из истории исландского народа. пер. с исл., -V, 1957; Добров А. С. Дания и Исландия. Политико-экономический очерк. -М. 1942: Кущ П. Внешняя политика Исландии. –М., 1963; Андрессон К.Е., Исландская литература. –М., 1957; Стеблин-Каменский М.И. Культура Исландии. –Л., 1967; Колли Н. Архитектура Исландии. в сб.: Советская архитектура. –М., 1960.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-03-11 14:49:14     Қаралды-2825

ЛИМОНАДТЫҢ ОП-ОҢАЙ РЕЦЕПТІЛЕРІ

...

Ыстықта шөліңізді басатын қарапайым лимонадтарға арналған 11 рецепт

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЛМҰЗДАҚ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТАР

...

БАЛМҰЗДАҚ – барлық дерлік балалардың және көптеген ересектердің сүйікті тағамы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛҒАШҚЫ СІРІҢКЕЛЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Сіріңкелер салыстырмалы түрде жақында - 19 ғасырдың басында ойлап табылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЗОТ НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Азот – түссіз және иіссіз газ. Олар оны мүмкіндігінше «тұншықтыратын ауа», «тіршілікті қолдамайтын» және зиянды газ деп атады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ҚҰСТАРҒА МАМЫҚ ҚАЖЕТ?

...

Мамық қауырсындар кішкентай жотадан және ұзын икемді ойықтардан тұрады...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КӨМІРҚЫШҚЫЛ ГАЗЫНЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?

...

Біздің планетамыздың атмосферасындағы көмірқышқыл газы мен оттегінің мөлшері жасыл өсімдіктермен реттеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ФАРФОР ӨНДІРІСІНІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

...

Фарфор ең жоғары сападағы ең асыл керамика болып саналады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПЬЮТЕРДЕ МИ БАР МА?

...

Компьютердегі ең маңыздысы микропроцессорлар (силикон чиптері).

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СІРІҢКЕ НЕДЕН ЖАСАЛАДЫ?

...

Сіріңке ағаш таяқшадан (сабаннан) дайындалады, оның басы жайылған жерге (үккіш) үйкелген кезде жанып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »