UF

БОЛГАРИЯ (България), Болгар Республикасы (Република България) – Оңтүстік-Шығыс Европада, Балқан түбегінің шығыс бөлігіндегі мемлекет. Шығысында Қара теңіз, солтүстігінде Румыниямен, батысында Югославиямен, оңтүстігінде Грециямен, оңтүстік-шығысында Түркиямен шектеседі. Жері 111 мың км2. Халқы 6,9 млн. (2016). Астанасы - София қаласы. Әкімшілік жағынан 28 округқа бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Болгария - социалистік мемлекет, халықтық республика. Конституциясы 1947 жылы 4 желтоқсанда қабылданған. (Оған 1961, 1965, 1969 жылдар ішінара өзгерістер енгізілді.). Болгарияда барлық өкімет еңбекшілердің қолында. Мемлекеттің басқарушы және бағыт беруші күші - Болгар Коммунистік партиясы. Болгарияның экономикалық негізі - шаруашылықтың социалистік жүйесі мен өндірістің негізгі бөлігіндегі социталистік меншікте. Болгарияның конституциясында азаматтардың тең праволылығы мен бас бостандығы кеңінен қамтамасыз етілген. Мемлекеттің ең жоғарғы және заң шығарушы органы - 4 жылға жасырын дауыспен, демократиялық жолмен сайланатын бір палаталы Халық жиналысы. Жылына кемінде 2 рет өткізілетін Халық жиналысыңың аралығында мемлекеттің жоғарғы өкімет жұмысын Халық жиналысы сайлаған Президиум жүргізеді. Оның құрамында председателі, 2 орынбасары, хатшысы, 15 мүшесі бар. Мемлекеттік өкіметтің жоғары атқарушы және басқарушы органы - Халық жиналысы құрған үкімет (Мин. Советі). Мемлекеттік өкіметтің жергілікті органдары - округтық және общиналық (қалалық, селолық) халық советтері. Олар 4 жылға сайланады. Әрбір халық советі жасырын дауыспен атқару комитетін сайлайды. 18 жасқа толған азаматтарға сайлау правосы беріледі. Сот жұмысын Жоғарғы сот, округтық және халық соттары жүргізеді. Жоғарғы сот бақылауын Халық жиналысында 5 жылға сайланған БХР-дің Жоғарғы соты жүргізеді. Округтық соттарды округтық халық советтері, ал халық соттарын тікелей жергілікті халық сайлайды. Болгарияның Бас прокурорын 5 жылға Халық жиналысы сайлайды.

Табиғаты. Болгария қоңыржай белдеуде. Солтүстігіндегі бел-белесті Дунай жазығы (биіктігі: шығысында 500 м-ге, батысында 100-380 м-ге дейін) шығыста Добруджа үстірті мен оңтүстікте Стара-Планина тауымен (Балқан тауы) ұласады. Елдің орталық бөлігіндегі Стара - Планина (биік жері - Ботев тауы, 2376 м) және Средна-Гора (биік жері - Богдан тауы, 1604 м) тауларын бір-бірінен Қазандық, Карлово т. б. тектоникалық қазан шұңқырлар бөліп тұрады. Болгарияның оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Рила, Пирин, Родоп таулары, оңтүстік-шығысында Странджа тауының солтүстік сілемдері бар. Топырағы өте құнарлы. Жоғарғы Фракия ойпаты (Марица өзенінің бойында) Родоп және Средна-Гора тауларының аралығында жатыр. Оны Қара теңіз жағалауындағы жазықтан бұйратты Тунджан аймағы бөледі.

Болгария геологиялық құрылымы жағынан Жерорта теңізіне тән қатпарлы белдеуге жатады. Болгарияның солтүстігінде докембрий жыныстарының үстіндегі палеозой, мезозой және кайнозой қабаттарынан түзілген Мизия платформасы бар. Орталық Болгарияда палеозой, юра, триас жыныстарынан құралған Стара-Планина мегантиклинорийі мен метаморфтық палеозой, докембрий жынысты горстантиклинорийден құралған Средна-Гора аймағы жайласқан. Оңтүстік Болгарияны палеогендік қабаттар жамылған докембрий жынысты Родоп массиві алып жатыр. Маңызды пайдалы қазындылары: көмір (Шығыс Марица, Перник, Бобов-Дол бассейндері), темір рудасы (Кремиковци кені), қорғасын-мырыш рудасы (Родоп массиві), мұнай (Мизия платформасы) т. б.

Климаты көп жерінде қоңыржай континенттік, тек оңтүстігінде ғана жерортатеңіздік. Қаңтардың орташа температурасы:         жазығында - 2°С, 2,5°С, тауда - 10,8°С; шілдеде 25,1°С (жазықта), 5,1° С (тауда). Жауын-шашынның жылдық молшері: жазықта 450-600 мм, тауда 850-1300 мм. Болгария жері өзенге бай, бірақ кеме жүзуге Дунай өзені ғана жарайды. Одан басқа үлкен өзендері: Искыр (Дунайдың саласы), Марица (ірі салалары - Тунджа, Арда), Струма, Места. Көлдерінің көпшілігі Рила, Пирин тауларында. Болгарияда 500-ден аса минералды бұлақ бар.

Дунай жазығы негізінен қара және күлгін топырақты, ал Жоғарғы Фракия жазығы өте құнарлы қоңыр және тығыз қара топырақты болып келеді. Таулы бөлігі орман мен тау орманының қоңыр және тау шалғынына тән топырақты, ал өзен жайылымдары құнарлы аллювиалдық топырақты келеді. Жерінің 33%-і (3,7 млн. га, 1968) орман, оның 75,3%-і жазық жерлерде өсетін жапырақты ағаштар (емен, шамшат т. б.), ал 24,7%-і таулық орман. Орманында бұғы, лапь, елік, қабан, серна; тауында қара күзен, қасқыр, түлкі, европалық жабайы мысық, тиін т. б. болады, құстардың көптеген түрлері кездеседі. Дунай өзенінен шоқыр, көксәрке, сазап, Қара теңізден скумбрия, камбала т. б. балық ауланады.

Халқының негізгі бөлігі болгарлар [7,2 млн-нан астам (1965)], қалғаны түрік, армян, орыс, еврей, грек, цыгандар. Дінге сенетін болгарлар негізінен православяндар, олардың бір бөлегі - мұсылмандар. Аздап протестанттар мен католиктер бар. Халықтың жылдық табиғи өсуі 0,7-0,8%. Орта тығыздығы 1 км2 жерге 76 адамнан астам (1969). Қала халқы 51,7% (1969), 1970 жылы 171 қаласы болды, халқы 100 мыңнан асатын 6 қаласы бар: - София (халқы 973 мың), Пловдив (247), Варна (219), Русе (150), Бургас (132), Стара-Загора (109).

Тарихы. Болгария жерін адам палеолит дәуірінде мекендеген. Неолит дәуірінде егіншілік мәдениеті дамыған. Бұл тұста отырықшы егіншілікпен қатар мал шаруашылығы, аң және балық аулау өріс алған. Қола дәуірінде біраз мәдениет тараған; тегінде, ол кездегі адамдар бақташылықпен шұғылданса керек. Қола ғасырының соңы мен темір ғасырының басында үндіевропалық тайпалар, б. з. б. 8-6 ғасырлардағы грек деректеріне қарағанда, фракиялықтар қоныстанған. 7 ғасырдан бастап, Қара теңіздің батыс жағалауында Апполония (қазіргі Созопол), Одессос (қазіргі Варна), Месембрия (қазіргі Несебыр) т. б. грек қоныстары фракиялықтармен көршілес отырып, оларға едәуір ықпал жасаған. Фракиялықтар арасында таптық қоғам қалыптаса бастайды да, 5 ғасырдың басында тұңғыш мемлекет - Одрис патшалығы пайда болады. Б. з-дың 1 ғасырына салым фракиялықтарды Рим империясы бағындырып, мұнда Мезия (15 ж. ш.) мен Фракия (46 ж.) провинцияларын құрды. 3 ғасырда Балқанға солтүстіктегі квадтар, языктар, готтар басып кіре бастады. Рим империясы Батыс және Шығыс (395) империяларға бөлінді. Фракия мен Мезия Шығыс империяның құрамына кірді. 6 ғасырдың басында славян тайпалары келе бастады да, 7 ғасырдың басынан олар мұнда тұрақтанып қалды. Фракиялықтардың бір бөлігі славяндарға сіңісіп кетті. 7 ғасырдың 2-жартысына таман славяндар арасында феодалдық қатынастар туды. Осы негізде Балқанда славяндардың тұңғыш мемлекеттік бірлестігі пайда болды. 7 ғасырдың 70 жылдарында Аспарух (Исперих) хан бастаған түпкі болгарлар (Оңтүстік Бессарабиядан) басып кірді де, Дунайдан өтіп, византиялық армияны талқандады.

Олар Болгарияның солтүстігіндегі Жеті славян тайпасының одағын өз жағына шығарып, өзге славян тайпаларын бағындырды да, 681 жылы Византиямен бітім жасасты. 680 жылы славян-болгар мемлекеті құрылып, ол Болгария деп аталды, мемлекетті Аспарух басқарды. Плиска қаласы астанаға айналды. Түпкі болгарлар бірте-бірте славяндарға сіңісе бастады. 7-9 ғасырларда жер меншігіне негізделген натуралды шаруашылық басым болды, қолөнері ауыл шаруашылығынан толық бөлініп шыға алмады.

803-814 жылдар билік жүргізген Крум хан тұсында болгарлар Авар қағанатын (Аварлар) талқандады, Фракияның жаңа жерлерін, Сердика қаласын (қазіргі София, 809), Андрианопольды (813) басып алып, Константинопольға дейін жетті. 816-831 жылдар билік еткен Омуртаг кезінде болгар-византия бітім шарты (30 жылға) жасалды, Солтүстік-Батыс шекара кеңейтілді. Крум ханның мирасқорлары тұсында Родоп аймағының славяндары және Македония аймағының бір бөлігін өзіне қосып алды. Князь Борис кезінде (852-889) христиан діні мемлекеттік ресми дін болып қабылданды. Мемлекеттің славяндану процесі жеделдеп, түпкі болгарлар мен славяндардың арасындағы этникалық айырмашылық бірте-бірте жойыла бастады да, бір тұтас болгар ұлты құрылды. Славян тілі мемлекет пен шіркеу тіліне айналды. Сөйтіп, Болгар әдебиетінің негізі қалана бастады. 9 ғасырдың аяғында Болгарияда феодалдар мен шаруалар табы қалыптасты. Плиск, Преслав қалаларымен қатар, Средек (Софияның славянша аты), Пловдив, Преславец т. б. феодалдық қалалар салынды.

Симеон патша (893-927) Византияның едәуір жерін басып алды. Оның тұсында болгар мәдениеті гүлденді. Петр патша билік еткен кезде (927-969) болгар мемлекеті әлсіреп, шығыс және батыс патшалыққа бөлінді. 968-1018 жылдар византиялықтар Батыс болгар патшалығын өзіне қаратты. Болгар халқы он жыл өтпей-ақ азаттық күреске шықты. 1040 жылы Петр Делян көтерілісі басталды. 1072, 1074, 1078, 1084 жылдар, 11 ғасырдың 80 жылдары Болгарияда көтеріліс толастаған жоқ. 1185-1187 жылдардағы ірі көтеріліс нәтижесінде византиялық қанау шойылды да, Екінші Болгар патшалығы (1187-1396) құрылды.

Калоян патша тұсында (1197-1207) болгар мемлекеті бұрынғы (Византия жаулап алғанға дейінгі) шекарасын қалпына келтірді. Иван Асен II кезінде Болгарияның шекарасы Қара теңізге, Эгей, Адриат теңіздеріне дейін жетті және Болгария Балқан түбегіндегі негізгі күшке айналды.

13 ғасырдың 2-жартысында Болгарияда феодалдық иерархия үстемдік етті. Дін басылары да қыруар жерге ие болды. Тәуелді шаруалар (негізінен париктер) саны жаппай көбейді. Ішінара ақшалай және өтеу рентасы кездескенімен, алғашқы кезеңде негізінен заттай (натуралды) рента кең тарады. Қолөнері, ішкі, сыртқы сауда өріс алды. Бірақ таптық күрес пен билік үшін күрестің күшеюінен Болгария әлсіреді. Батымта салық төлеуге, ал 13 ғасырдың аяғы, 14 ғасырдың басында Ноғай ордасына тәуелді екенін мойындауға мәжбүр болды. 14 ғасырдың 1-жартысында болгарлар мен сербтер арасында бақастық күшейді. Феодалдардың оқшаулану саясаты салдарынан 14 ғасырдың ортасында солтүстік шығыс аймақтар Болгариядан бөлініп шықты да, Добротица (Добруджа) князьдығы құрылды. 1363 жылы шамасында Болгарияның басқа жерлері Видин және Тырново патшалықтарына бөлінді. 14 ғасырдың ортасындағы түрік шапқыншылығына және феодалдық бытыраңқылыққа байланысты, 1393 жылы Тырново, 1396 жылы Видин патшалықтары жойылды. Болгария Осман империясына қосылды. 15 ғасырдан қалалар күшейіп, байи бастады. Болгарлар елдің шаруашылық өміріне неғұрлым белсене қатысатын болды. Болгар феодалдарының бір бөлігі ислам дінін қабылдады, ал шаруалар мұсылман дініне жаппай күштеп тартыла бастады. Болгар халқы шет жерлік өзгіге қарсы көтерілді.

16 ғасырдың 2-жартысынан бастап Осман империясы құлдырай бастады. Болгар жерінде түрік феодалдары (сипахтар) әскери қызметте болғысы келмеді, өз иелігіндегі жерлерін (лен) сатты, яғни әскери-лен жүйесі дағдарысқа ұшырады. Империя әскерлері соғыста жеңіле берді. Мұның бәрі феодалдарға қарсы қозғалысты өрістетуге жағдай туғызды. Гайдуктар қозғалысы құлаш жайды, ірі-ірі көтерілістер - Тырново көтерілістері (1598, 1686), Чипро көтерілісі (1688) т. б. шықты. Бұл көтерілістер аяусыз басылып отырды.

18 ғасырда және 19 ғасырдың басында болгар халқы ынтымақтасып, ұлт-азаттық қозғалысты өрістетті. Бұған түрік езгісімен қатар, экономика саласындағы өрлеу, болгар халқының ұлттық сана-сезімінің ояна түсуі себепші болды. Товарлы-ақша қатынастарының даму дәрежесіне қарай шаруаларды қанау сипаты өзгеріп отырды. Өтеу рентасының орнына издольщина, алым (оброк), ақша рентасы көбірек қолданылып, ауыл шаруашылығында жалдамалы еңбек пайдаланыла бастады. Капиталдық қатынастардың деревняға енуіне байланысты, кедейленген, жерсіз шаруалармен қатар, ауқатты село буржуазиясы қалыптасты. Қолөнер кәсібі егіншіліктен жедел боліне бастады. Түрік, әсіресе болгар қолөнершілері селолардан қалаларға коптеп келді. Жаңа қалалар салынды. 1834 жылы Сливен қаласында Болгариядағы тұңғыш фабрика салынды. Ұсақ рыноктармен бірге ірі жәрмеңкелер, сауда фирмалары құрылды.

Экономикалық өзгеріс жағдайында Паисий Хилендарский [«Славян-болгар тарихының» (1844 жылы басылған) авторы], Софроний Врачанский [жаңа болгар әдебиетіндегі «Недельник» (1806) атты тұңғыш баспа кітаптың авторы] сынды аса көрнекті ағартушылардың қызметі болгар ұлтының қалыптасуына (бұл процесс 18 ғасырдың аяғында басталды) көмектесті. Ұлттық қозғалыс мектептер ашу (19 ғасырдың 30 жылдары), мезгілді баспасөз ұйымдастыру (40 жылдар), ерікті ұлттық шіркеу ашу (40-60 жылдар) бағытында өріс алды. 19 ғасырдың 40 жылдарынан бастап Болгарияның Россиямен байланысы нығайды. Орыс-турік соғыстары (18-19 ғ.) болгарларды азаттық жолындағы соғысқа ынталандырды. 1835, 1837, 1841, 1850 жылдар Болгарияның солтүстік-батысында шаруалар көтерілісі шықты. Болгар ұлттық буржуазиясының «Ізгілікті жасақ» (1862), Орталық астыртын болгар комитеті (1866), Болгар қоғамы (1868) сықылды Бухаресте құрылған ұйымдары Осман империясы шеңберінде Болгарияға автономия беруді талап етті. Г.С.Раковский ұлттық көлемде революция күштер ұйымдастыруға ұмтылып, ұлттық-революция идеологияның басын бастап берді. 1869 жылы құрылған Болгар революциялық орталық комитеті мен (бұған аса көрнекті болгар революционерлері В. Левский, Л. Каравелов белсене қатысты) жергілікті революция комитеттер Б. көлемінде ұлт-азаттық көтеріліс әзірлеу жөнінде қыруар жұмыс жүргізді. Осы тұста Старо-Загор көтерілісі (1875) мен Апрель көтерілісі (1876) (бұған болгар халқының ұлттық батыры, революционер ақын X. Ботев қатысты) шықты, бірақ бұл бүкіл елге тарай алмады және аяусыз басып-жанышталды.

1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысына болгар жасақтары (орыс әскерлері жағында) белсене қатысты. Орыс армиясы жеңіске жетті. Болгария түрік езгісінен азат етілді. Сан-Стефан бітім шарты (1878) негізінде соғыс аяқталды және болгарлар іс жүзінде ерікті мемлекет құруға право алды. Бірақ Берлин конгресіне (1878) сәйкес азат етілген Болгария бөлшектеніп кетті. Оның солтүстік бөлігінде Түркияға тәуелді Болгария князьдығы (1879 жылдан бастап астанасы София), оңтүстік белігінде Осман империясының құрамында автономиялы Шығыс Румелия (басты қаласы Пловдив) провинциясы құрылды. Фракия мен Македонияның бір бөлігі Осман империясының езгісінде қалды.

1877-1878 жылдардағы соғыстың барысында шаруалар үдере қашқан түрік феодалдарының жерін, түріктердің мемлекеттік қорындағы жерлерін өз қолына алды. Соның нәтижесінде түріктердің феодалдық жер иелігі жедел жойыла бастады. Ерікті ұлттың болгар мемлекетінің негізі қаланды. Бұл Тырново конституциясында (1879) баянды етілді. Болгарияда капиталистік қатынастар өріс алды. Неміс принці Александр Баттенберг тұңғыш болгар князы болып сайланды да, ішкі саясатта ірі сауда-өсімқор буржуазиясы мен оның мүддесін көздеген консерваторлар партиясына сүйенді, ал сыртқы саясатта Австрия-Венгрия мен Германияға бағыт ұстады. Ол 1879 жылдан 1886 жылға дейін билік жүргізді.

1885 жылы 6 қыркүйекте Болгар астыртын орталық революция комитетінің (БАОРК) басшылығымен Пловдивте көтеріліс болды. Көтеріліс барысында Шығыс Румелия Болгария князьдығына қосылды. 1887 жылы Стамболов бастаған топ өкімет басына келді (1887-1894). 1887 жылы 25 маусымда неміс принці Фердинанд I Кобургский Болгарияның князы болып сайланды. Фердинанд пен С. Стамболов Болгарияны барғап сайын Австрия мен Германияның ықпалына бағындырып, Россияға қарсы саясат жүргізді. Стамболов үкіметінің орнына келген жаңа үкімет 1896 жылы Россиямен арадағы дипломатиялық қатынасты қалпына келтірді. Ұлттық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бірқатар шара белгілеп, жүзеге асырды. Жұмысшылардың тұңғыш кәсіподақ ұйымдары пайда болды. 19 ғасырдың 80 жылдарының ортасынан Д. Благоев Болгарияда социализм идеясын насихаттай бастады. 1891 жылы Болгар с.-д. партиясы (1894 жылдан Болгар жұмысшы с.-д. партиясы), 1899 жылы Болгар егіншілік халық одагы (БЕХО) құрылды.

20 ғасырдың 1-он жылдығында Болгарияда капитализм едәуір табысқа жетті. Өнеркәсіпте негізінеп шетел капиталы үстемдік жүргізді. Россиядағы 1905-1907 жылдар революцияның ықпалымен Болгарияда ереуіл қозғалысы едәуір өріс алды. 1908 жылы 22 қыркүйекте Болгария өзін толық тәуелсіз ел деп жариялады. 1-Балқан соғысы [Балқан соғыстары (1912-1913)] нәтижесінде Болгария, Сербия, Греция, Черногория өз жерлерінің едәуір бөлігін түрік езгісінен азат етті. Ал 2-Балқан соғысы (1913 жылы маусым-тамыз) салдарынан Болгария 1-Балқан соғысында өзіне қайтарған жерлерінен түгел дерлік және бұрыңғы жерлерінің бір болігінен айрылды. 1915 жылы 1 қазанда Германия жағында 1-дүние жүзілік соғысқа (1914-1918) қатысты. Соғыс жылдарында Болгарияның әкономика жағдайы нашарлады. Халық ашығып, ауру көбейді. Жұртшылық толқып, демонстрацияға шықты. Россиядагы Ұлы социалистік революциясы Болгариядағы азаттық қозғалысына күшті өсер етті. Жұмысшылар жиі-жиі ереуіл жасап, шаруалардың наразылығы күшейді. 1918 жылы Владая деген жерде солдаттар көтерілісі бұрқ етті [Владая көтерілісі (1918)]. Көтеріліс барысында Болгария республика болып жарияланды (1918 жылы 27 қыркүйек). Бірақ Антанта әскері Болгарияны басып алды. Революциялық қозғалыс өрлей түсті. Оған Болгар жұмысшы с.-д. (топтасқан социалистер) партиясы (с.-д. партия 1903 жылдан бастап осылай атала бастады) басшылық етті (Болгар Коммунистік партиясы). 1919 жылы жазда, 1920 жылы ақпанда бұқаралық саяси стачкалар мен демонстрациялар өткізілді.

Бұл кезде пролетарлық өкіметті өз қолына ала алмады. 1920 жылы майда БЕХО басшысы Стамболийский (сайлауда көбірек дауыс алған) бір партиялық өкімет құрды. Бұл шаруалар өкіметі еді. Стамболийский жер меншігі, табыс салығы т. б. жөнінде демократиялық реформаларды жүзеге асыра бастады. Бірақ бұлар капитализмнің негізін шайқалта алмады. Сонымен бірге үкімет компартияға қарсы күресті. 1923 жылы 9 маусымда фашистік төңкеріс жасалып, Стамболийский, оның серіктері өлтірілді. БЕХО-ның мыңдаған мүшесі қаза тапты. А. Цанков бастаған фашистік диктатура өкімет басына келді. Болгар Коммунистік (топтасқан социалистер)- партиясының [БК(т. с.) П, 1919 жылы мамырдан бастап топтасқан социалистер партиясы осылай аталды] басшылығымен Сентябръдегі антифашистік көтеріліс (1932) басталды. Көтеріліс басып жаншылды. 1926 жылдың орта кезінде кәсіподақтардың көпшілігі қалпына келтірілді.

1927 жылы БК (т. с.) П-нің бастауымен Жұмысшы партиясы (ресми аты), 1928 жылы Жұмысшы жастар одағы құрылды. 1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс Болгарияны да шарпыды. Жұмыссыздық күшейді. 1934 жылы 19 мамырда мемлекеттік төңкеріс жасалды. Елде әскери-фашистік, ал 1935 жылы қаңтарда монархиялық-фашистік диктатура орнады. Сыртқы саясатта ұкімет фашистік Германияға арқа сүйеді. Халық бұқарасы үкімет саясатына батыл қарсылық көрсетті. Б. Филов үкіметі (1940-1943) достық және өзара көмек туралы совет-болгар шартын жасасу жөнінде СССР ұсынысын қабылдамай, 1941 жылы 1 наурызда Болгарияны фашистік мемлекеттер блогына қосу туралы келісімге қол қойды. Неміс әскерлері болгар жеріне басып кірді. 1941 жылы 13 желтоқсанда Болгария Ұлыбритания мен АҚШ-қа соғыс жариялады. Болгар халқы фашистік билеушілерге қарсы көп жылдар бойы күрес жүргізді. Әсіресе, Совет Одағына Германия шабуылы басталғаннан кейін бұл күрес мейлінше күшейді. 1941 жылы 24 маусымда Болгар Жұмысшы партиясының (БЖП) саяси бюросы неміс басқыншылары мен олардың болгарлық сыбайластарына қарсы қарулы күрес жүргізуге шешім қабылдады. Шілдеде тұңғыш партизан отряды құрылды.Тамыз-қыркүйек басқа отрядтар да қимыл жасай бастады. 1942 жылы Г. Димитриевтың бастауымен және БЖП-нің басшылығымен Отандық майдан (ОМ) құрылды. Оған БЖП, БЕХО, солшыл социал-демократтар, «Звено» саяси тобы, прогресшіл интеллигенция өкілдері кірді. Елде ОМ-ның жүздеген жергілікті комитеттері, ал 1943 жылы тамызда Ұлттық комитет ұйымдастырылды. Пролетариат пен оның партиясы басқарған жұмысшы табы мен еңбекші шаруалар одағы ОМ-ның негізі болды. Ірі партизан құрамалары (1943-1944 жылдар құралган) жандармерия мен үкімет әскерлеріне қарсы ашық шайқасқа шықты. 1943 жылы сәуірде Ұлт-азаттық көтерілісшілер армиясының (ҰАКА) негізі қаланды. 12 партизан соғыс-қимыл аймағы, ҰАҚА-ның Бас штабы мен аймақтық штабтар құрылды. Совет Армиясы Балқан түбегіне жақындаған сайын, Болгарияда фашистерге қарсы күрес күшейе түсті. 1944 жылы 8 қыркүйекте Совет Армиясы Болгарияға өтті. БЖП-нің басшылығымен азаттық жолындағы күрес бүкіл халықтық қарулы көтеріліске ұласты.

9 қыркүйекте болгар халқы монархиялық-фашистік диктатураны құлатты [Сентябрьдегі қарулы халық көтерілісі (1944)]. Орталықтағы және жергілікті жерлердегі өкімет іс жүзінде жұмысшы табы мен еңбекші шаруалардың, ОМ комитеттерінің қолына көшті. К. Георгиев басқарған ОМ үкіметі ұйымдастырылды.

Болгариядағы халықтық-демократиялық революция өзінің таптық сипаты, мазмұны мен маңызы жағынан социалистік революция болды. Оның жеңісі - қала мен деревня еңбекшілерімен одақтасқан болгар жұмысшы табы революция күресінің заңды нәтижесі. Революциядағы басқарушы күш БЖ(к) болды. 1944 жылы 9 қыркүйекте орнатылған халықтық-демократиялық өкімет пролетарлық диктатурасының міндеттерін ойдағыдай орындады. Болгарияда буржуазия-демократиялық өзгерістер жасалды. ОМ үкіметі бірқатар басты демократия өзгерістерді жүзеге асырды, фашистік Германияға соғыс жариялады. Болгар армиясының бөлімшелері Украин майданы командованиесінің басшылығымен соғыс қимылдарын бастады. 1944 жылы 28 қазанда Москвада СССР, Ұлыбритатания, АҚШ өкілдері Болгариямен уақытша бітім жасасу туралы келісімге қол қойды. 1945 жылы 14 тамызда Болгария мен Совет Одағы арасында дипломатиялық қатынас қалпына келтірілді. 1945 жылы 18 қарашада Халық жиналысының сайлауы өткізілді. Жиналыста бірқатар заң қабылданып, еңбекшілердің жеңісін нығайта түсті. 1946 жылы 15 қыркүйекте Болгария Халық Республикасы болып жарияланды. 1946 жылы 22 қарашада Г.Димитров бастаған жаңа ОМ үкіметі құрылды. 1947 жылы 10 ақпанда Париж бітім конференциясында Болгариямен бітім шарты жасалды. 1947 жылы 4 желтоқсанда БХР-дің конституциясы қабылданды.

1947 жылы жазда ішкі контрреволюцияшыл күштер талқандадып, халыққа қарсы басқа да қастанды топтар жойылғаннан кейін, желтоқсанда өнеркәсіп орындары мен шахталар, банкілер, ішкі-сыртқы сауда мемлекеттік қарамағына алынды. 2 жылдық (1947-1948) жоспарды орындау нәтижесінде халық шаруашылық қалпына келтірілді. 1948 жылы 18 наурызда Достық, ынтымақ және өзара көмек туралы совет-болгар шартына қол қойылды. 1947-1948 жылдар өзге халық-демократиялық елдермен де осындай шарттар жасалды. Елдегі жаңа құрылысқа БЖ(к)П басшылық етіп, бағыт сілтеп отырды. 1948 жылы ақпанда ОМ-ның 2-конгресінде осы ұйымның уставы мен программасы қабылданды. Устав бойынша ОМ коммунистердің басшылығымен жұмыс істейтін бір тұтас қоғамдық саяси ұйымға айналды.

1948 жылы мамыр-тамызда БЖ(к)П Болгар жұмысшы социал-демократиялық (кеңшіл социалистер) партиясымен [БЖСД (к. с)П] қосылды. 1948 жылы желтоқсанда болып өткен 5-съездің қаулысына сәйкес компартия қайтадан Болгар Коммунистік партиясы деп аталды.

Партияның 5-съезі қабылдап, ұлы халық жиналысы бекіткен 5 жылдық халық шаруашылық жоспары (1949-1953) елді индустрияландыру және электрлендіру, ауыл шаруашылығын кооперативтендіру және механикаландыру мақсатын көздеді, социализм негіздерін құрудың басты міндеттерін белгіледі. 1-бесжылдық жоспардың ойдағыдай орындалуы Болгарияны артта қалған аграрлы елден дамыған индустриялы-аграрлы елге айналдыру үшін алғы шарт жасап берді . 1949-1952 жылдар 700-ден астам өнеркәсіп орындары салынды, қайта құрылды және пайдалануға берілді; 1952 жылы өнеркәсіп-өнімдері 1948 жылмен салыстырғанда 2 еседен астам, соғысқа дейінгі 1939 жылмен салыстырғанда 4 еседен астам артық шығарылды. Димитровград, Мадан, Рудозем жаңа өнеркәсіп аудандары мен елді мекендері салынды. Ауыл шаруашылық саласында да едәуір табыстарға қол жетті. Ауыл шаруашылық кооперацияланды; еңбектік кооперативтік егіншілік шаруашылықтары (ЕКЕШ) ұйымдастырылды. ЕКЕШ 1952 жылдың аяғында шаруа шаруашылықтарының 50%-тен астамын, өңделетін жерлердің 60%-ін біріктірді. Халық шаруашылығын өркендетудің 2-бесжылдық жоспарын (1953-1957) орындау нәтижесінде Болгария кооперацияланған және механикаланған ірі ауыл шаруашылық бар социалистік индустриялы-аграрлы елге айналды. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өнімдері құнының арақатысы 1948 жылғы 30:70 орнына 1957 жылдың аяғында 68:32 болып өзгерді. 1958 жылға салым ЕКЕШ Болгариядағы социалистік құрылыстың құрамды бөлігі болды, өңделетін жердің 92%-і кооперативтердің үлесіне тиді.

БКП-нің 7-съезі атап көрсеткендей, социализм елдің бүкіл халық шаруашылығында толық үстемдік құрды; өндіріс құралдарына социалдық қоғамдық меншік Болгарияда қоғамның мызғымас негізіне айналды, адамды адам қанау жойылды; Болгарияның таптық құрылымы біржола өзгерді; жұмысшылар мен шаруалар табы, халық интеллигенциясы қалыптасты. 1958 жылдан бастап Болгария дамыған социалдық қоғам құру, социалдық қатынаетарды жетілдіру, экономикалық, саяси, қоғамдық өмірдің барлық саласында социалдық демократияны өрістету кезеңіне көшті. 3-бесжылдық жоспар (1958-1962) жөніндегі директивалар негізгі корсеткіштер жөнінен 3 жылда орындалды. 1960 жылы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1957 жылмен салыстырғанда 68%, ал ауыл шаруашылық өнімі - 21,2% өсті. 1948 жылмен салыстырғанда ұлттық табыс 1960 жылы 2 еседей ұлғайды. Сауатсыздық жойылды. Оқу жасындағы балалардын бәрі дерлік мектепке тартылды. Совет Одағының көмегімен машина жасау, энергетика, химия өнеркәсібі т. б. жаңадан жасалып, ескі өнеркәсіп орындары қайта құрылды. Болгария Экономикалық өзара көмек советіне (ЭӨКС) мүше елдермен ынтымақты күшейтіп отыр. Болгария ЭӨКС-ке мүше елдердің электркар және электртельфер жөніндегі қажетінің 90%-ке жуығын, аккумуляторға деген қажетінің 20%-н өтейді; өнімнің кейбір түрлерін өндіруге бейімделген кәсіпорындарды кооперациялау ісін дамытып, сыртқы сауда товар айырбасын ұлғайтып келеді.

1962 жылы БКП-нің 8-съезі БХР-ді өркендетудің 20 жылдық перспективалық жоспары (1961-1980) жөніндегі директиваларды қабылдап, басты экономикалық міндетті - социализмнің материалдық-техникалық базасын жасауды аяқтап, коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жаппай жасауға бірте-бірте кешу міндетін белгіледі. 4-бесжылдық (1961-1965) тұсында негізгі өндіріс қорлары 75%, қоғамдық өнім 51%, ұлттық табыс 38% көбейді. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өндірісі көлемдерінің арақатынасы 1965 жылы 74 : 26 болды. Сонымен қатар ауыр өнеркәсіптің жетекші салалары - энергетика, қара және түсті металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі неғұрлым жедел өркендеді. Олардың бүкіл өнеркәсіп өндірісіндегі үлес салмағы 1960 жылғы 26%-тен 1965 жылы 34%-ке дейін артты.

БХР әлеуметтік системасы әр түрлі мемлекеттермен бейбіт қатар өмір сүру, халықтар арасында бейбітшілік және достық орнату саясатын жүргізіп келеді. 1959, 1962 ж. Болгария Совет Одағының жаппай және толық қарусыздануы туралы, 1957 жылы ПХР-дің Орталық Европада атом қаруынан оқшау аймақтар құру туралы ұсыныстарын қолдады. Атмосферада, космос кеңістігінде және су астында ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы 1963 жылғы Москва шартына, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі 1969 жылғы шартқа қол қойды. Балканды бейбітшілік және қауіпсіздік аймаққа айналдыру жөнінде Болгария үкіметі талай рет мәлімдеме жариялады. 1955 жылғы желтоқсанна бастап Болгария БҰҰ-ның, 200-ден астам халықаралық ұйымының мүшесі. 84 елмен дипломатиялық (1970), 111 елмен (1969) сауда қатынасын орнатқан. Совет Одағымен, басқа да социалдық елдермен достығы - Болгария сыртқы саясатының негізі. Болгария араб елдері халықтарының Израиль агрессиясына қарсы күресін, Үндіқытай халықтарының американ империализмінің агрессиялық соғысына қарсы күресін қолдайды. Болгария -  ЭӨКС-тің (1949 жылы,қаңтар) мүшесі, Варшава шартына (1955) қатысушы. 1967 жылы Болгария СССР, ПХР, ГДР, МХР-мен, 1968 жылы ЧССР-мен, 1969 жылы ВХР-мен, 1970 жылы РСР-мен достық, ынтымақ және өзара көмек туралы жаңа шарттарға қол қойды. 1968 жылы тамызда 4 социалистік мемлекетпен бірге БХР ЧССР-де социалистік жеңісті қорғауға бағытталған шараларға қатысты.

Саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары. Болгар коммунистік партиясының (БКП) негізі 1891 жылы Болгар с. д. партиясы (1894 жылдан Болгар жұмысшы с.-д. партиясы БЖСДП) құрылған кезде қаланған болатын. 1903 жылы Болгар жұмысшы с.-д. (топтасқан социалистер) партиясы [БЖСД (т.с.)П], 1919 жылы мамырда Болгар коммунистік (топтасқан социалистер) партиясы [БК (т. с.)П] болып атанды. БК (т. с.) П мен Жұмысшы партиясы (1927 жылы құрылған) біріккеннен кейін Болгар жұмысшы партиясы (БЖП), 1941 жылы 9 кыркүйектен кейін БЖ(к)П [Болгар жұмысшы (коммунистік) партиясы] деп аталды. БЖП мен Болгар жұмысшы с.-д. (кеңшіл социалистер) партиясы [БЖСД (к. с.) П] қосылғаннан кейін 1948 жылы желтоқсанна БКП деп атала бастады. 672 мыңнан астам мүшесі бар (1969 жылдың соңы).

Болгар егіншілік халық одағы (БЕХО) - 1899 жылы құрылған. Мүшелерінің саны 120 мың (1970 жылы қаңтар).

Отандық майдан (ОМ) - болгар халқының патриоттық және демократиялық антифашистік күштерінің бірлестігі. БЖП-нің бастауымен 1942 жылы құрылды. 1943 жылы тамызда ОМ-ның ұлттық комитеті ұйымдастырылды, мүшелердің саны 3772,8 мың (1969).

Кәсіподақтары 19 ғасырдың аяғы - 20 ғасырдың басында пайда болды. 1958 жылдан бастап Кәсіподақтардың орталық советі деп аталды. 2572,3 мың мүшесі бар (1970 жылдың 1 шілдеде), Димитровшыл коммунистік жастар одағы 1947 жылы құрылған. Мүшелерінің саны 1,2 млн-ға жуық.

Экономикасы. Социалистік революция жеңісіне (1944) дейін Болгария Европа капиталистік елдерінің қосымша шикізат өндіретін аймақтарының бірі болды. 2-дүние жүзілік соғыс қарсаңында оның ұлттық табысының көпшілігін ауыл шаруашылық берген, еңбек етуші халықтың 80%-не жуығы ауыл шаруашылығында істеді. Бүгінгі социалистік Болгария -  жоғары дамыған ұлттық өнеркәсібі мен жоғары өнімді ауыл шаруашылық бар индустриялы-аграрлы ел. 1939 жылмен салыстырғанда 1969 жылы Болгарияның ұлттық табысы 5,4 есе, өнеркәсіп өнімінің мөлшері 33 есе, ауыл шаруашылық өнімі 2 есе артты. Халықаралық социалистік еңбек бөлісудің әсерінен елде металлургия, машина жасау, химия т. б. өнеркәсіп салалары дамуда, ауыл шаруашылығының даму қарқыны өсуде.

Өнеркәсібі. Қара және түсті металлургия, машина жасау, электро- техника, химия т. б. өнеркәсіп салаларының негізін қалауда Болгарияға Совет Одағы үлкен көмек көрсетті. Оның көмегімен салынған және салыну үстіндегі (1970) кәсіпорындары: Шығыс Марина көмірлі бассейні мен Варна қаласындағы ЖЭС-тер, Кремиковци мен Перниктегі (қара металл) және Кырджали мен О.Пловдив маңындағы (түсті металл) металлургиялық комбинаттар, Карловодағы трактор, Софиядағы электротехникалық, Варнадағы кеме, прибор, Руседегі ауыл шаруашылық машина жасау, Димитровград пен Бургастағы химия з-дтары. Болгарияда София-Перник (металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсібі), Батыс Марица (түсті металлургия, тамақ, орман шаруашылығы), Шығыс Марица (кемір өндіру, энергетика, химия), Варна-Девня (кеме жасау, химия, мата тоқу) өнеркәсіп аудандары құрылып, Враца, Видин, Ловеч т. б. орталықтар пайда болды.

Болгария жері энергетикалық отын қорына бай емес. 1969 жылы 31,2 млн. тонн көмір, 325 мың тонн мұнай ендірілді. Қоңыр көмір Перник және Бобов-Долда, лигнит Шығыс Марица бассейнінде, мұнай Плевен ауданы мен Шаблада, табиғи газ Враца ауданында шығарылады. 1969 жылы 17228 млн. квт-сағ электр энергиясы алынды, оның 85%-і жылу энергиясы (жылу электр станцияларының көпшілігі Шығыс Марица бассейні мен Бобов-Дол қаласы маңында). Жергілікті отын қорының жеткіліксіздігінен Совет Одағынан жоғары калориялы көмір мен мұнай әкелінеді. 1974 жылы Измаил (Совет Одағы) - Варна газ құбыры іске қосылмақшы. Рила-Родоп тау массивіндегі өзендер бойында бірнеше СЭС-тер (Искыр, Батак, Арда) жұмыс істейді. Дунайдағы Козлодуй қаласысында Совет Одағының көмегімен атом электр станциясы салынуда (1970). Болгарияның электр линиялары социалистік елдер арасындағы «Мир» электр жүйесіне қосылған.

1969 жылы Болгарияда 1134 мың тонн шойын, 1515 мың тонн  болат, 95 мың тонн қорғасын, 76 мың тонн мырыш қорытылып, 1215 мың тонн прокат шығарылды. Басты металлургиялық орталықтары Перник, Кремиковци, Кырджали, София, Русе, Бургас т. б. қалалардағы машина жасайтын кәсіпорындар электр және мотокар, электротельфер лифті, радиоэлектрондық бұйымдар, әр түрлі приборлар мен станоктар, кеме, трактор жасауға бейімделген. 1969 жылы Болгарияның химия өнеркәсібі (Димитровград, Враца, Пловдив т. б.) 545 мың тонн азот және 140 мың тонн фосфор тыңайтқыштарын, 270 мың тонн кальцийленген сода, 498 мың тонн күкірт қышқылын шығарды. Ағаш кесу және оны өңдеу орындары Рила, Родон, Стара-Ппанина тау беткейлерінде, ал Совет Одағынан (Коми АССР) әкелінетін ағаш үлкен портты қалаларында өңделеді. София, Габрово, Сливен, Пловдивте мата тоқитып, ал София және басты ауыл шаруашылық аудандарында тамақ (ет, сүт, қант, темекі, шарап т. б.) кәсіп орындары бар.

Ауыл шаруашылығы. 1969 жылы Болгарияда 795 кооперативтік егінші еңбек шаруашылықтар (КЕЕШ), 159 мемлекеттік егінші шаруашылықтар (МЕШ) және 80-дей маманданған мемлекеттік шаруашылықтар болды. 5,8 млн. га ауыл шаруашылық жердің 71%-і егістік, 7%-і жүзімдік пен бақ, 4%-і шабындық, 18%-і жайылым. Егістік жерлер негізінен Дунай және Жоғары Фракия жазықтарында. Ауыл шаруашылық жалпы өнімінің 66%-ін егін шаруашылығы береді. Егілетін басты дақылдары: бидай (егістігінің 50%), жүгері (257о), арпа. Бұлардан басқа техникалық (темекі, қант қызылшасы, эфир майлы өсімдіктер) дақылдар, көкөніс егіледі. Жүзімді экспортқа шығару жөнінен Болгария - дүние жүзіндегі ең басты елдердің бірі. 1970 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 1255, қой 9223, шошқа 1967, жылқы 182, қашыр мен есек 300; жылына 29,6 млн. құс өсіріледі. Жазық жерлерінде малды қолда ұстап бағу, таулы аймақтарында жайылымдық мал шаруашылығы басым. 1969 жылы Болгарияда 77 мың тонна балық ауланды, орталығы - Бургас порты.

Транспорты. 1969 жылы елдегі барлық жүктің 64,7%-і теңіз, 21,8%-і темір жол, 11%-і автомобиль транспорттарымен тасылды. Темір жол ұзындығы 4 мың, тас жолы 30 мың, әуе жолы 24275 км. Теңіз сауда флотының тоннажы 640 мың брутто рег. Тонна (1969). Басты порттары: Варна, Бургас (Қара теңіз жағалауы), Русе, Лом, Свиптов (Дунай бойы).

Сыртқы экономикалық байланысы. Сыртқы сауда айналымын жан басына шаққанда Болгария социалистік елдер арасында 3-орын (ГДР, Чехословакия, 1968) алады. Шетке көкөніс, жеміс, жүзім, темекі, шарап, эфир майы және электрокар, электротельфер, кеме, түсті металдар т. б. шығарылады. Елге машиналар мен өнеркәсіп құрал-жабдықтары, көмір, мұнай, мақта т. б. әкелінеді. Басты сыртқы сауда серіктестері: Совет Одағы (сыртқы сауда айналымының Совет Одағының үлесіне тиеді), ГДР, ЧССР, ПХР. Болгария капиталистік елдерден Италия, ГФР, Австрия, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Үндістанмен сауда байланысы бар. Болгария СЭВ-тің мүшесі. Ел экономикасында туризм мен курорттың маңызы зор. 1969 жылы Болгарияда 2,1 млн. шетел туристері қонақта болды.

Денсаулық сақтау ісі. Болгарияда жұқпалы аурулармен күрес өте нәтижелі болып отыр. Мыс., безгек, сүзек, лейшманиоз, полиомиелит, бруцеллез т. б. аурулар мүлдем жойылды. Мұнда кездесетін аурулар: миға қан құйылу, қатерлі ісік және атеросклероз ауруына байланысты жүрек сырқаттары.

Денсаулық сақтау ісін Денсаулық сақтау министрлігі (1944), ал жергілікті жерлерде халық советі атқару комитеттерінің денсаулық сақтау бөлімі басқарады. Дәрігерлік көмек ақысыз жүргізіледі. 1969 жылы 54,5 мың төсектік 198 аурухана, туберкулезді емдейтін 3,5 мың төсектік 15 аурухана, 12 психика-неврологиялық, 60 арнайы диспансер т. б. емдеу-профилактикалық орындар болды. 1969 жылы 15,3 мың дәрігер (555 адамға 1 дәрігер), 3,1 мың тіс дәрігері және көптеген фельдшер-акушерлер т. б. дәрігер қызметкерлер болды. Медицина институт, 18 орта дәрежелі медицина мектеп, дәрігерлер білімін жетілдіру және 15 медициналық ғылыми-зерттеу институттары бар. Болгарияда санаторий мен курорттар өте көп. Оның Дружба, Золотые пески, Солнечный берег және Несебыр, Боровец, Кюстендил, Хисаря, Тузла т. б. курорттары әлемге әйгілі.

Оқу-ағарту ісі. Тұңғыш болгар мектептерін (шіркеулік және монастырьлық) славян ағартушылары Кирилл және Мефодийдің шәкірттері 9 ғасырдың ақырында ашты. Олардың ішінде Охрид және Преслав мектептерінің аты көбірек белгілі болды. 13-14 ғасырларда монастырьлық мектептердің (Килифарев, Тырнов т. б.) жоғары типтері пайда бола бастады, оларда дінмен қатар философия, тіл ғылымдары оқытылды. 1835 жылы Болгарияның бірінші ақ сүйектер мектебі (1873 жылдан гимназия) ашылды, 19 ғасырдың 40 жылдарында қыздар мектептері ашыла бастады. Болгарияның ағарту ісі бес ғасырлық Осман езгісінен азат болған соң (1878), айтарлықтай жедел дамыды. 1880 жылы жаппай міндетті 4 жылдық бастауыш оқу жарияланды, жалпы және кәсіптік білім беретін орта мектептер ашыла бастады. 1888 жылы Софияда бірінші жоғары мектеп ашылды (ол 1904 жылы университет болды). 20 ғасырдың 20 жылы халық ағарту ісінде біраз демократиялық өзгерістер болды. 1921 жылғы заң бойынша міндетті оқудың мерзімі 7 жылға ұзартылды, әсіресе кәсіптік мектептердің саны көбейді. 1923 жылы фашистік төңкеріс пен 30 жылдардағы гитлерлік Германияның ықпалы кезінде халық ағарту ісі фашистік диктатураның талабына сай жүргізілді. Халықтық демократиялық құрылыс орнаған соң (1944), халық ағарту ісі демократиялық принциптер негізінде қайта құрылды. 1947 жылы конституцияда 7 жастан 15 жасқа дейінгі міндетті оқу, білім беру жүйесінің бірлігі мен демократиялығы, мектепті шіркеуден бөлу заңдандырылды. 1959 жылғы заң бойынша 8 жылдық міндетті оқу жүзеге асырылды. Халық ағарту жүйесінің құрамына 3-7 жастағы балаларды тәрбиелейтін балалар бақшалары, 4 жылдық бастауыш мектептер, жылдық «негізгі» мектептер, прогимназиялар (5-8 кластар), гимназиялар (9-11 кластар), толық орта білім беретін 11 жылдық политехникалық мектептер кіреді. Кәсіптік-техникалық училищелер мен техникумдар, өнер училищелері, жартылай жоғары (2-3 жылдық) және жоғары (4-6 жылдық) оқу орындары бар БКП ОК-нің 1969 жылы халық ағарту ісі туралы қаулысында 1-класқа 6 жастан бастап қабылдау, жаппай міндетті он жылдық политехникалық оқуды жүзеге асыр5% мектепке дейінгі мекемелер мен интернаттар жүйесін кеңейту, жоғары оқу орындарында оқу ісін қайта құру т. б. істер белгіленді. 1969 жылы балалар бақшасында 330,9 мың бала тәрбиеленді, 1969-1970 оқу жылында бастауыш мектептерде 133,9 мың, жоғары оқу орындарында 85,6 мың студент оқыды. 1969-1970 оқу жылында 26 жоғары оқу орны болды. Ірі кітапханалары: Кирилл мен Мефодий атындағы ұлттық кітапхана (1878 жылы ашылған, кітап қоры 1,1 млн. том), София университетінің (1888, 770 мың том) және Болгария ҒА-ның кітапханасы (1869, 854 мың том). Басты музейлері: Ұлттық сурет галереясы (1948), этнография (1906) және археология музейлері, Болгария революция қозғалыс музейі (1950), Д. Благоев пен И. Вазовтың музей-үйлері, Софиядағы Орталық Г.Димитров музейі т. б.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдары. Болгария жеріндегі ғылыми және техникалық білімнің қайнар көзі ежелгі фракия, грек, рим мәдениетінен басталады. Болгария мемлекеті құрылғаннан кейін қала салу, архитектура, қару-жарақ жасау және таукен өндірісі жолға қойылып, ілгері дами бастады. 18 ғасыр 2-жартысында болгарлардың мәдениеті мен ғылымының ұлттық қайта еркендеу дәуірі басталып, жаратылыс тану, медицина салаларынан алғашқы ғылыми еңбектер шыға бастады. 19 ғасырдың аяғында Болгария мемлекетінің тәуелсіздік алуына байланысты, ғылымның дамуына қолайлы жағдай туып, алғашқы ғылыми мекелелер пайда болды. 1869 жылы «Българского книжовно дружество» қоғамы кұрылып, 1884 жылы оның құрамында жаратылыс тану ғылымдарының бөлімі, 1889 жылы жаратылыс тану музейі ұйымдастырылды. 1911 жылы бұл қоғам кұрамында жаратылыс тану, математика бөлімдері бар Болгария РА-сы болып қайта құрылды. 1888 жылы ұйымдасқан жоғары оқу орны - София жоғары училищесінде 40 жыл бойы ірі болгар ғалымдарының негізгі ғылыми еңбектері шоғырланды. Мұнда геология, биология, медицина, физика, химия, математика т. б. ғылым салаларында зерттеулер жүргізілді. Ауыл шаруашылық ғылымы Плевенде (1901), Садовта (1902), Руе маңындағы (1905) тәжірибелік шаруашылықтардың ашылуына байланысты дами бастады. Қазіргі кезде Болгария ғылымы көптеген салаларында елеулі табыстарға жетті. 20 ғасырдың 60 жылдарында осы замаңғы математиканың негізгі салаларын зерттеуші коллективтер ұйымдастырылды. Болгария ҒА-сы СССР және басқа социалистік елдердің академияларымен бірігіп, ЭЕМ математикалық проблемасы, автоматтар теориясы, басқару теориясы, математикалық модельдеу  т. б. ғылыми проблемалармен шұғылданады. Физика ғылымының табыстары оның материалдық-эксперименттік базасы жабдықталуының жақсаруымен қамтамасыз етілді. Болгарияда ғылыми зерттеудің негізгі бір саласы - қатты генелер физикасы (жартылай өткізгіштер, ядролық физика, электроника). 1961 жылы Болгарияда СССР-дің көмегімен эксперименттік ядролық реактор салынып, лаборатория ұйымдастырылды да, ядролық зерттеулер жүргізіле бастады. Венгр ҒА-сымен Болгария бірлесіп, Мусала шыңына космос станциясы орнатылды. 1952 жылы Болгария ҒА-ның астрономия секциясы ашылды. Космогония мәселелерін (күннің активтілігін, айты, метеориттерді т. б.) зерттеу басталды. Картография, геодезия жұмыстарын унификациялауда елеулі табыстарға жетіп, күрделі геофизика зерттелер жүргізілуде. Метеорология, синоптика және аэроногиялық зерттеулерге байланысты, атмосфералық физика дамып келеді. Елдің табиғат қорын пайдалану мақсатында геологиялық барлау жұмыстарының жеделдеуі гидро-техникалық, жол құрылыс т. б. құрылыс жұмыстарының өрістеуіне байланысты жер жөніндегі ғылым кеңінен дамуда. Болгарияның түрлі аудандарында салалық және комплексті географиялық зерттеулер жүргізіп отыр. «Климаттық атлас», «БХР-дің климаттық анықтамасы» баспадан шықты. Болгария ғалымдары совет географтарымен бірігіп, екі томдық «Болгария географиясы» оқулығын жазды. Химия ғылымында коллоидті пленкалардың төзімділігі (А. Шелудко), фотографияда бейне жасалуы (И. Малиновский), сутектің квантты химиялық үстеме кернеуі және металдар мен жартылай өткізгіштердің электрондық эмиссиясы, адсорбция және анорганикалық катализ проблемаларын зерттеуде елеулі табыстарға ие болып отыр. Биология ғылымында аса маңызды зерттеулер 1959 жылы басталды. Биологияның жаңа салаларын қамтитын (биохимия, биофизика, өсімдік және жануар физиологиясы, өнеркәсіп, микробиология) ғылыми-зерттеу институттары құрылды. Биологиялық ғылымының жетістіктері медицинада, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте ойдағыдай қолданылуда. Болгарияның жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сипаттап жазу, анықтау мәселесі негізінен аяқталды. Көп томды «Болгария флорасы» жарыққа шығып, «Болгария фаунасы» баспаға берілді. Ауыл шаруашылық ғылымында, әсіресе селекция мен өсімдік шаруашылығы салаларында елеулі жетістіктері бар. Негізгі ауыл шаруашылық дақылдарын (бидай, жүгері, темекі, көкөніс, жеміс, мақта т. б.) зерттеумен шұғылданатын арнаулы ірі ғылыми-зерттеу институттары бар. Мал-дәрігерлік медицина саласында үй жануарларының ас қорыту жүйесіндегі физиологиялық процестер, сондай-ақ биология көбею және иммунитет, зоогигиена т. б. көптеген өнеркәсіп өнім беретін жануарлар жөніндегі ғылми мәселелер мұқият зерттелуде.

Барлық ғылыми медицина мекемелер жұмыстарын жалпы ғылыми-медицина советтің басқаруымен жүргізеді. Бұл салада жүрек-қан тамыр ауруларын (А. Пухлев, М. Рашев), нерв жүйесі мен буын ауруларын (Т. Узунов, Н. Шипковенский, В. Цончев) т. б. ауруларды зерттеу және емдеу жолында келелі табыстарға жетті. Техникалық ғылымдар Болгария ҒА-ның салалық институттарында, жоғары оқу орындарында дамытылуда. Су шаруашылығы, гидротехника, техникалық және құрылыс механикасы, энергетика және электроника, металдар зерттеу мен металдар технологиясын, архитектура теориясы мен қала салу мәселелерін зерттеуде белгілі жетістіктерге ие болды. Түрлі аспаптар жасау мен электр өнеркәсібінің жедел дамуына байланысты электротехника, радиотехника салаларында нәтижелі зерттеулер жүргізілуде (А. Атанасов т. б.). Автоматизация, өндіріс процесін дискретті бақылаудың және басқарудың күрделі жүйелері өндіріске қосылып, пайдаланылын та отыр.

Философия. Болгарияда философия мен қоғамдық ой-өрісі 9 ғасырдың аяғы 10 ғасыр басында пайда бола бастады. Ионна Экзарх (10 ғ.) ескі болгар тілінде философиялық терминология құрастырды. Ол өзінің еңбектерінде дүниені құдай жаратқан деп, Аристотель шығармаларын діни тұрғыдан түсіндірді. Еретиктік богомолство қозғалысы (10 ғ. 1-жартысы) Болгария шаруаларының идеологиялық күрес формасы болды. 1-14 ғасырлар болгар христиандарының өз ішіндегі түрлі ағымдар (исихазм варлаамиттер) арасында және ерестердің (адамиттер, богомилдер) арасында аяусыз күрес жүрді. Болгарияны түріктердің жаулап алуына (14 ғ. соңы) байланысты, болгар қоғамдық ой-өрісінің дамуы 18 ғасырға дейін тоқырап қалды. Болгар халқының ұлттық санасының оянуына, тәуелсіздік үшін күресінің өрістеуіне, болгар мәдениетінің өзіндік ерекшелігінің қалыптасуына ұлттық қайта өркендеу дәуірінің идеологы - Пайсий Хилендарский үлкен әсер етті. 19 ғасыр 1-ширегінде Болгарияда жаратылыс тану ғылымдарына айрықша назар аударудың нәтижесінде материалистік көзқарас өріс алды. Болгар философиясында материалистік дәстүрдің дамуы И. Г. Селиминский мен натурфилософия жүйесін - «Панэпистемияны» жасаған П. Берон есімдеріне байланысты. 19 ғасырдың 60 жылдарынан бастап ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуіне байланысты, қоғамдық ой-өрісінің дамуында эволюционистік (реформаторлық) және революцияшыл-демократтық бағыттар пайда болды да, олардың арасында идеологиялық күрес күшейе түсті. Эволюционистік ағым кантшылдық т. б. идеалистік бағытта дамыса, революцияшыл-демократиялық бағыт идеалистік көзқарастан бірте-бірте арылып, материалистік сипатта қалыптаса бастады. Революцияшыл-демократияның идеологтары, Л. Каравелов, В. Левский, әсіресе X. Ботев болгар философиясында материалистік бағытты нығайта түсті. Елдің Осман езгісінен азат болуы (1878) философия және қоғамдық ой-өрістің дамуына мүмкіндік туғызды. 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында Д. Благоев бастаған болгар марксистері халықшылдықты, жаңа кантшылдықты, бернштейншілдікті т. б. буржуазияның және ұсақ буржуазияның философиялық концепцияларын сынап, ғылыми социализм идеяларын насихаттады. Д. Благоевтың еңбектері мен идеалистік теорияларды сынауы, Болгарияда маркстік философияның таралуына, эстетиканың және әдеби сынның қалыптасуына ықпал жасады. Д. Благоев, Г. Кирков, Г. Георгиев, Т. Петров, Г. Димитров, В. Коларовтар қоғамдық қатынастар мен тап күресі жөніндегі ілімді дамытып, Я. Сакызовтың таптар бірлестігі жөніндегі антимаркстік, реформистік теориясын сынға алды. Болгарияда қоғамдық ойдың, революция қозғалыстың дамуына 1923 жылы антифашистік қыркүйек көтерілісінің маңызы зор болды. Бұл көтеріліс Болгар Компартиясының ленинизм принциптерінің негізінде дамуына бет бұрыс кезең болды. Маркстік философия мәселелерін 20-30 жылдары Т. Павлов (материалистік диалектиканың таным теориясы, бейнелеу теориясы, эстетика, әдебиеттегі реализм теориясы т. б.) С.Гановский, Г.Бакалов, А. Киселинчев т. б. зерттеді. Осы тұста болгар марксистері А. Бергеон, В. Вундт, Э. Фрейдтің із басарларына қарсы күресті. М. Димитров психология, И. Хаджийский социология мәселелерінен қүнды зерттеулер жүргізді. Халық демократиялық құрылыстың орнауы (1944) Болгарияда маркстік-лениндік философияның дамуына кең мүмкіндік тұғызды. БХР-де социализм орнату болгар марксистерінің алдындағы ең басты мәселеге айналды. Партияның шешімдерінде, Г. Димитровтың, Т. Живковтың баяндамаларында Болгариядағы социалистік революция мәселелері талданып, елді индустрияландыру, ауыл шаруашылығын лениндік кооперативтік жоспар негізінде қайта құру, дамыған социалдистік қоғам орнату т. б. қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселелерге назар аударылды. Т. Павлов бастаған болгар философтары осы замаңғы ғылымның табыстарына сүйене отырып, бейнелену теориясы, ғылыми танымның методологиясы т. б. күрделі мәселелерден құнды зерттеулер жүргізді (болгар-совет ғалымдарының бірлескен еңбегі «Ленинская теория отражения и современность» (1969). С. Гановский еңбектерінде дүние жүзілік екі система арасындағы күрес жағдайындағы қоғамдық экономикалық формация, философия тарихы, мәдениет, тәрбие мәселелері зерттелді. Болгар философтары логика, жаратылыс танудың философия мәселелерін, тарихи материализм және социология, эстетика, этика, ғылыми атеизмді зерттеумен қатар, қазіргі заманғы буржуазия Философияны сынаумен шұғылдануда. 1948 жылы үйымдасқан философия институты мен социология институты (1968) философия мен социологиялық зерттеулердің орталығы болып отыр. Философиялық социология мәселелерін қамтитын журналдар «Философска мисъл» (1945 жылдан), «Социологически проблеми» (1969 жылдан). «Исвестия на Института по философия» (1954 жылдан) шығып турады.

Тарих ғылымы. 18 ғасырдың 2-жартысында, Қайта өркендеу дәуірінде болгар тарихнамасы пайда болды. Бұл кезеңдегі болгар тарихнамасының ерекшелігі Болгария халқының бұрыңғы өткен тарихын дәріптеп, өз күшіне деген сенімін арттыру арқылы халықты ұлттық тәуелсіздік үшін күреске рухтандыру сипатында болды (Пайсий Хилендарский, В. Априлов, Г. С. Раковский т. б.). Кейінірек тарихи деректердің, хронологияның, фактілердің ақиқаттығына сын көзбен қарайтын бағыт қалыптасты. Осы бағыттың көрнекті өкілі болгар тарих ғылымының негізін қалаушы М. Дринов болды. Россияда жұмыс істеп жүріп ол болгар тарихының ең маңызды кезеңдерін терең зерттеп, көне тарихтан, орта ғасыр тарихынан бірқатар күрделі еңбектер жазды. Дринов 1869 жылы Болгарияда тарих ғылымының дамуында маңызды роль атқарған «Българско книжовно дружество» атты ғылыми-әдебиеттік қоғамның негізін салды және соған басшылық етті. Болгария Осман езгісінен азат етілгеннен соң, тарих және археология салаларында ғылыми мәні зор іргелі зерттеулер жүргізілді. Болгарияда тарих ғылымының дамуына София унивесритеті құрылуының маңызы зор болды. 20 ғасырдың алғашқы 10 жылында тарихнамада В. Златарский көрнекті орын алды. Ол орта ғасырлар тарихынан құнды еңбек жазды. 19 ғасыр аяғында маркстік тарихнама қалыптаса бастады. Оның басты өкілдері: Д. Благоев, В. Коларов, Г.Димитров, Г. Бакалов, X. Кабакчиев, Ж. Натан. Бұлар қоғамдық-экономикалық дамуды, таптар және тап күресін, ұлт-азаттық қозғалыс тарихын, жұмысшы және революция қозғалыс мәселелерін зерттеудің бастапқы негізін қалады. Болгарияда маркстік тарихнама халық демократиялық өкімет орнағаннан кейін түбегейлі қалыптасты. 1954-1955 жылдар шыққан 2 томдық «Болгария тарихы» атты еңбекте Болгарияның ежелгі заманнан осы кезге дейінгі тарихы маркстік тұрғыда тұтас зерттеліп жазылған. Елдің көп томдық тарихын жасау жұмысы басталды. Сонымен қатар Болгариядағы жұмысшы қозғалысы мен Коммунистік қозғалыстың, БКП-нің интернационалдық байланысы, 2-дүние жүзілік соғыста болгар халқының қарсылық көрсету күресі, Болгария социализмге өту жолы т. б. тарихи қоғамдық мәселелер зерттеліп жазылуда. Тарихи документтер мен деректер жинағы басылып шықты. Болгар ГА-ның тарих институты (1947), археология институты (1920), БКП-нің ОК жанындағы Болгар Коммунистік партиясы тарихының институты (1953), София унивесритетінің философия-тарих факультеті Болгариядағы тарих ғылымының орталығы болып отыр. Тарих мәселелері жайында «Исторически преглед» (1945), «Известия на института за история» (1951), «Известия на института по история на БКП» {1957), «Известия на Археологическия институт» (1922) журналдары шығып тұрады.

Саяси экономия. Болгарияда саяси экономикалық ой-ерісі 19 ғасыр 2-жартысында бір ізге түсіп қалыптаса бастады. Революционер демократтар (Г. С. Раковский, Л. Каравелов В. Левский, X. Ботев) өздерінің саяси-әлеуметтік программаларын негіздеу ушін саяси экономияның теориялық проблемаларын зерттен, Болгарияның экономикалық дамуының нақтылы мәселелерімен шұғылданды. Бірақ, Болгарияның экономикалық дамуының бет алысы жөнінде революционер демократтардың көзқарасында айырмашылық болды. Раковский және т. б. Болгарияда капитализмнің дамуы сөзсіз деп санаса, Ботев т. б. батыстың утопис социалистерінің және орыс революционер-демократтарының ықпалында болып, Болгария капиталистік даму кезеңін басынан кешпей-ақ, шаруалар общинасы арқылы келешек социалистік қоғамға жетеді деп санады. Реформашылдық бағыттағылар (П. Р. Славейков т. б.) елдің экономикалық прогресін халық ағарту мәселесі арқылы шешпек болды. 19 ғасырдың аяғында Болгарияда марксизм идеяларының таралуына байланысты, Д. Благоев, Г. Георгиев, В. Коларов, Г. Димитров т. б. маркстік саяси-экономикалық теорияны насихаттап (К. Маркс пен Ф. Энгельстің бірқатар саяси экономикалық еңбектері, «Капиталдың» 1-томы болгар тіліне аударылды), маркстік экономиялық ғылымның негізгі қағидаларын ұлттық жағдайларға байланысты дамытты. Халық демократиялық өкімет орнағаннан кейін маркстік экономикалық ойдың жан- жақты дамуына жағдай жасалып, жоғары оқу орындарында саяси экономия кафедралары, Болгария ҒА-ның экономика институты (1949) ұйымдастырылды. София университетінің (1924) экономика факультеті 1952 жылы К. Маркс атындағы жоғары экономикалық институт болып қайта құрылды. Экономикалық зерттеулер Болгариядағы социалистік құрылыстың түбегейлі мәселелерін шешуге бағытталған. Болгария ғалымдары елдің экономикалық дамуы, болгар халык шаруашылығының тарихы, дүние жүзілік социалистік системаның даму мәселелері, буржуазия және ревизионистік экономия теорияларын сынаумен шұғылдануда. Экономика мәселелері жайында «Икономическа мисьл» (1956), «Проблема на труда» (1969), «Труд и цени» (1959), «Планово стопанство» (1945), «Финансы и кредит» (1950), «Статистика» (1947, т. б. мерзімді баспасөздері бар.

Заң ғылымы. 1944 жылы халық революциясына дейін Болгарияда право ғылымы европалық буржуазия право ғылымынын ықпалында болып, заң шығарудын негізгі тараулары неміс, француз, итальян заңдарының жобасында жасалады. Азаматтық және қылмыстық процесс мәселелеріне орыс право ғылымының әсері болды. Революциядан бұрынғы Болгарияда буржуазия заң ғылымында право нормаларын формалистік-догматтық сипатта қарап түсіндіру әдісі басым болды. 30 жылдарда право ғылымында фашистік ағым пайда болып, оған кейбір буржуазия заң ғылымының өкілдері ілесті. Халық демократиялық өкімет орнағаннан кейін болгар заң ғылымында маркстік-лениндік бағыт қалыптасып, социалистік мемлекет, социалдық заң шығару мәселелері, мемлекеттік өкімет органдары мен басқарудың, сот, прокуратура, мемлекеттік аппарат, қоғамдық ұйымдардың тәжірибелері зерттеліп, қорытылуда. Право саласындағы зерттеулердің ғылыми орталығы Болгар ҒА право ғылымдары институты (1948) құрылған. София унивесритетінің заң факультеті, экономикалық институттардың мемлекет және право кафедралары. «Народни съвети» (1951), «Социалистическо право» (1952), «Правна мисъл» (1957) сияқты заң ғылымы мәселелерін қамтитын журналдар шығып тұрады.

Тіл білімі. Болгарияда тіл білімінің дамуы 19 ғасырдың 80-90 жылдарынан басталды. Н. Геров «Болгар тілінің болгар және орыс тілдерінде түсіндірме берілген сөздігін» (1-5 том, 1895-1904) жасап шығарды. Диалектология, болгар тілінің даму тарихы - орта болгар, жаңа болгар тілі кезеңдері (Л. Милетич, Б. Цонев, Н. Иванов т. б.); европалық және славян тілдерінің салыстырмалы грамматикасы (С. Младенов, т. б.); болгар тілі грамматикасы (А. Теодоров-Балан, Ю. Трифонов, Л. Андрейчин) салаларында зерттеулер жүргізілді. 1944 жылы халық демократиялық өкімет орнағаннан кенін тіл білімінің дамуы жеделдей түсіп, Болгар ҒА-ның болгар тілі институты ашылды (1951). «Осы заманғы болгар әдеби тілінің сөздігі» (1-3 т., 1954-1959 ж.), «Болгар тілінің түсіндірме сөздігі» (1955), екі тілді және арнаулы сөздіктер, «Болгардың диалектологиялық атласы» жарыққа шықты. Грамматика, лексика, фразеология және стилистика, болгар тілі тарихы, этимология, ономастика т. б. салалардан монографиялар жазылды. Болгария тіл білімі мәселелерімен Болгария ҒА-ның тіл институты, София университіндегі тіл білімінің салалық кафедралары шұғылданады. София университетінің Шығыс тану кафедрасында қазақ тілін оқытатын топ ұйымдастырылған. Тіл білімі бойынша шығатын мерзімді баспасөз: «Български език» (1951), «Език и литература» (1946).

Ғылыми мекемелері. Болгарияның ғылыми орталығы - Болгар ҒА, оның құрамында 33 ғылыми-зерттеу институты бар. Ауыл шаруашылық бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ауыл шаруашылық мен биология бөлімінің негізінде құрылған (1961), құрамында 28 институт, 28 тәжірибе станциясы бар Ауыл шаруашылық ҒА басқарады. 1959 жылы ғылыми және техникалық прогресінің Мемлекеттік комитеті құрылды. Оның қарамағында өнертабу мен рационализация, стандарттау, өлшемдер мен өлшеуіш приборлар, есептеу техникасы, өндіріс пен еңбекті ғылыми ұйымдастыру, ғылыми-техникалық және экономикалық хабарлар т. б. ғылыми-зерттеу институттары бар. Болгарияда 368 ғылыми ұйымдар, соның ішінде химия және металлургия саласында 5 ғылыми-зерттеу институты, геология, геодезия, түсті және қара металлургия, кен шығару өнеркәсібі мен тау кендерін зерттейтін 8 институт бар. Құрылыс пен машина жасау, энергетика және электр өнеркәсібі саласында 63 ғылыми-зерттеу институттары, 3 ғылыми орталық, 5 жобалау ұйымы жұмыс істейді. Экономика саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын Финанс министрлігі жанындағы 2 ғылыми орталық пен ақша қаражатын зерттеу тобы және 6 институт жүргізеді. Болгарияның ғылыми мекемелері ең алдымен СССР-дің және басқа да социалистік елдердің, сондай-ақ Ұлыбританияның, Францияның, Италияның, АҚШ-тың т. б. мемлекеттердің ғылыми мекемелерімен жан-жақты байланыс жасап тұрады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары Болгария ҒА-ның баяндамаларында, вуздардың жылнамаларында, Болгария ҒА мен Ауыл шаруашылық академиясының хабарларында т. б. арнаулы журналдарда жарияланып тұрады.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Болгарияның мерзімді баспасөзі 19 ғасырдың 40 жылдарында пайда болды. Түрік өкіметінің қудалауына байланысты, болгар патриоттары алғашқы газеттер мен журналдарды шетелде шығарды. Ел ішінде мерзімді баспасөз тек 1878 жылдан дами бастады. 1969 жылы Болгарияда 710 газет, 780 журнал шықты. Аса ірі газеттері:   «Работническо дело» (1927) - БКП ОК органы, «Земеделско знаме» (1902) - Болгар жер өңдеу халық одағының органы, «Отечествен фронт» (1942) - Отандық майдан органы, «Труд» (1946) - Кәсіпшілер одағы орталық советінің органы, «Народна младеж» (1944) - Димитровшыл коммунистік жастар одағы (ДКЖО) ОК органы, «Народна армия» (1944) - Халық қорғанысы министрлігінің органы, «Поглед» (1930) - Болгар журналистер одағының органы. Журналдары:   «Ново време» (1897), «Партиен живот» (1957) және «Политическа просвета» (1966) - БКП ОК органдары, «Младеж» (1945) - ДКЖО ОК органы, «Жената днес» (1945) - болгар әйелдері комитетінің органы.

Болгар телеграф агенттігі (Българска телеграфна агенция - БТА) 1898 жылы құрылған. Радиохабары 1929 жылы қарашадан беріле бастады, 1959 жылы Болгариядағы түрік жұртшылығы үшін түрік тілінде күнделікті программа енгізілді. «Отан» радиостанциясы шетелдерге арнап болгар, грек, түрік, серб-хорват, араб, ағылшын (АҚШ, Ұлыбритания, Африка елдері үшін), француз (Африка елдері үшін), неміс, итальян, испан (Латын Америкасы елдері үшін) және эсперанто тілдерінде тәулігіне 24 сағат хабар береді. Болгария телевизиясы 1959 жылдың қарашадан жұмыс істейді.

Әдебиеті. Болгария әдебиеті - ең көне, тарихи тамыры терең славян әдебиетінің бір тармағы. Болгария әдебиетінің тууы (9 ғасырдың 2-жартысы) славян ағартушылары Кирилл мен Мефодий шәкірттерінің творчествосымен тығыз байланысты. Көп замандар Болгария әдеби діни-мистикалық әсерлерден арыла алмады. «Адам атамен Хауа ана жайлы сөз», «Исустың Әзірейілмен тәжікесі», «Жұмбақ кітап» - сол ықпалдың туындысы. Бірте-бірте әдебиетте халықтық сарын күшейіп, «Троян хикаясы», «Александрия» тақылеттес шығармалар туды, Поп Пейо, Матвей Грамматик сынды жазушылар шықты. 18-19 ғасырлардың жазушылары П. Хилендарский, С. Врачанский, В. Априлов, Н. Бозвели, П. Берон, К. Фотонов т. б. әр жанрда жазумен қоса, әлеуметтік-қоғамдық істерге көп араласты, олар мектепке арналған тұңғыш оқулықтардың авторы болды. Болгар ұлттық әдебиеті 19 ғасырдың 50-70 жылдарында қалыптасып, негізгі жанрлар тугел дамыды. Талантты ақындар Д. Чинтулов (1822-1886), П. Р. Славейков (1827-1895), Г. С. Раковский (1821-1867), X. Ботев (1849-1876), И. Вазов (1850-181921). Прозаиктері: В. Друмев (1841-1901), Л. Каравелов (1835-1879), И. Блысков (1839-1913); драматургтар: Д. Войников (1833-1878), В. Друмевтер халық өмірін реалистік тұрғыда бейнелеп, әдебиетті жаңа белеске көтерді. И. Вазовтың «Ұмытылған жылдар дастаны», «Кезбе сыры» өлеңдері, «Тепкіде» романы, П. Р. Славейковтың «Қанды жыр» поэмасы, X. Ботев өлеңдері, П. Яворовтың «Шалғында», «Бұршақ» поэмалары, И. Вазовтың «Езгіде», «Аласталғандар» драмалары, А. Страшимировтың «Аруақ», «Құдағи» комедиялары-азаматтық сарыны күшті, әлеуметтік мәні зор туындылар. Социалистік революция Болгария әсеріне ерекше әсер етті. X. Смирненский, Г. Караславов, X. Радевский творчестволарына тән қасиет - күрескер кейіпкер бейнесін жасау, антифашизм. Тарихи тақырыптарды көтерген С. Дичевтың «Бостандық үшіп», Д. Талевтың «Темір шырақ», «Қоңыраулар», фашизмді айыптаған Д. Димовтың «Темекі», Г. Караславовтың «Кәдімгі жандар», бүгінгі күнді суреттейтін А. Гуляшканың «Алтын жабағы», К. Калчевтың «Тоқымашылар семъясы» романдары - қазіргі Болгария әлеуметтік қауырт өсуінің белгісі. Болгар жазушыларының «Болгар әйелдері» атты әңгімелер жинағы (1956) және И. Вазовтың «Бұғауда» романы (1959) қазақ тілінде басылып шықты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Болгарияны қоныстанған халықтардың әрқайсысы өзінің ертедегі көркем көне мәдениетінен із қалдырып отырған. Болгария жерінен табылған балшықтан жасалған ыдыстар, адамдар мен жануарлар бейнелері б. з. б. 4-2 мың жылдыққа саяды. Болгарлар өз өнерін Бірінші Болгар хандығы тұсында (680-1018) қалыптастырды. Бұл өнер ежелгі және византиялық керкем дәстүрлерден нәр алып дамыды. Болгар сәулет өнерінің тұңғыш ескерткіштері (қорған қабырғаларының қалдықтары және Плиска мен Преславтағы сарайлар, 9-10 ғ.) өзіндік сән-нақышымен тастан тұрғызылған. Ол кездегі сәулет өнерінің аса көрнекті ескерткіші - «Мадарлық салт атты». Византия билігі жүрген (1018-1187) дәуірде өнер дамуында кідіріс болды. Екінші Болгар хандығы кезінде (1187-1396) көркем өнердің негізгі орталығы - Тырново болатын. Тырново көркем мектебіне тән ерекшелік 9-10 ғасырларға қарағанда құрылыс көлемінің азаюы, әсемдікке, сәнділікке ден берушілік. Болгар кескіндеу өнері мен миниатюрасының гүлденген дәуірі – 13-14 ғ. Осыдан кейін (14 ғ.) зергерлік, ойма өнері де дамыды. Бірақ Осман түріктерінің жаулап алуы салдарынан (14 ғ. соңында) ертедегі болгар өнері тоқырап, көптеген мәдени мұралар жойылды. Болгарияның Қайта өркендеу дәуірінде (18 ғасырдың 2-жартысы - 1878) ұлттық өнерде жаңа өрлеу туды. Қалаларда қарауыл-мұнара, көпір, керуен сарай, селоларда монастырьлар салынды. Бұл кездегі құрылысшылар арасынан Рила монастырының 3 корпусын салған (1816-1819) Алекси Рилец, Янтра өзеніне көпір салған (1865-1867) Н. Фичев, бірнеше керуен сарайлар мен шіркеулер тұрғызған П. Йованович сияқты жергілікті шеберлер шықты. Бейнелеу өнерінде Тревнен, Самаков (оймашылар мен иконшылардың) т. басқалардың жергілікті мектептері қалыптасты. Кескіндеу өнері діни көне қағидалардың шырмауынан арыла бастады. Болгарияның Қайта өркендеу дәуірінің ірі табиғат суретшісі Захарий Зограф өзінің фрескаларында замандастарының бейнесін және шынайы өмір көріністерін толық қамтыды. Тұңғыш портреттердің авторы да - З. Зограф. Болгарияда реалистік өнер 19 ғасырдың 60-70 жылдарында тарала бастады. Патриоттық революция графиканың (Г.Данчов, X. Дембицкий) қанат жайған кезеңі де осы мезгіл. Болгария өнерінде 19 ғасырдың 80 жылдарында демократиялық реалистік бағыт пайда болды. Табиғат суретшілерінен А. Митов, И. Ангелов, И. Мырквичка т. б. өздерінің картиналарында шаруалар өмірін, олардың ұлттық салтын, әдет-ғұрпын бейнеледі. 20 ғасырдың 30 жылдарында табиғат суретшілерінен Н. Балкански, С. Сотиров, мүсіншілерден М. Марков, И. Фунев, И. Лазаров т. б. өз шығармаларын, пролетариатқа арнап, социалистік реализм өнерінің қалыптасуына бастамашы болды.

Болгарияда халықтық-демократиялық құрылыс орнағаннан кейін (1944), оның өнерінде социалистік жаңа мазмұн пайда болды. Қала құрылысы кеңінен қанат жайды. София, Пловдив, Варна т. б. қалаларды қайта салу және ұлғайтудың бас жоспары жасалды. Қоғамдық ғимараттар, тұрғын үйлер, спорт комплекстері салына бастады. Варна және Несебыр қалаларына жақын маңнан салынған жаңа курорттар құрылысында ұлттық дәстүрлер орынды пайдаланылған. Революция күрес пен социалистік құрылыстағы ерлік тақырыбы 1940 жылдардан бері қарай кең насихатталып, бейнелеу өнерінде жұмысшылар мен шаруалардың жарқын бейнелері, ұлттық табиғат көріністері жан-жақты оріс алды. Монументтік және қондырмалы кескіндеу өнері (И. Петров, Н. Балкански, С. Венев), кітап графикасы (Б. Ангелушев, А. Поплилов, В. Стайков), саяси карикатура (А. Грозев, Ц. Цеков), монументтік мүсін өнері (А. Николов, И. Лазаров) үлкен табыстарға жетті. Монументтік және сән өнерлері ойдағыдай өркен жаюда (А. Стаменовтың мозаикалары, А. Василевтің ағаш оймалары, Г. Бакырджиевтің керамикасы, М. Иосифованың, С. Камбурованың кілемдері мен сәндік маталары). Бұл саладағы шеберлер қазіргі көркемдік концепцияларын халық өнөрінің дәстүрлерімен ұштастыруға ұмтылады.

Музыкасы. Болгар музыкасындағы әуенділік пен диатонизм өрнекті мелодиялық әшекейлермен ерекшеленеді. Хор және би әндерінің (рученица, хоро) ритмикасы өзгеше соны. Халық аспаптары: гадулка, гайда, кавал, тамбура т. б. Христиан дінінің енуіне байланысты (9 ғ.) шіркеу музыкасы дамиды. Орта ғасырдағы Болгарияда шіркеу музыкасының көрнекті өкілі - Иоан Кукузель. Болгарияның түрік езгісінен азат етілуі (1878) қала мәдениетінің дамуына жол ашты; хор коллективтері, үрлемелі аспап оркестрлері ұйымдастырылды. 20 ғасырда музыка мектептер ашылды. 1908 жылы К. Михайлов-Стоян, Д. Казаков сынды әншілер Софияда «Болгарияның опералық бірлестігін» (1921 жылдан София халық операсы) ұйымдастырады. Болгария ұлттық операсының негізін салушы - композитор әрі дирижер Г. Атанасов-Маэстро болды. Болгарияда халық демократиялық құрылыстың орнауы музыка мәдениетініц жан-жақты дамуына жағдай жасады. Болгария композиторларының творчествосы опералық, симфониялық, камералық музыка жанрында өріс алуда. Осы күнгі атақты Б. музыканттары: композиторлар - П. Владигеров, Л. Пипков, П. Стайнов, дирижер В. Симеонов, әншілері Б. Христов, Н. Гяуров, Н. Николов, Д. Узунов т. б. Болгарияда 5 опера театры, Мемлекеттік ән-би ансамблі, Болгар халық армиясының ән-би ансамблі, хор капелласы, Болгар ҒА-ның музыка институты бар.

Театры. Болгария театр өнерінің түп негізі - халықтың ойын-сауығынан басталады. Түріктердің ғасырлар бойы үстемдік етуі театр өнерінің дамуына кедергі келтірді. Болгария театрының қалыптасуы 19 ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысымен тікелей байланысты. Алғашқы театр сауығы 1856 жылы көрсетілді. Лом қаласында халық мұғалімі әрі ақын К. Стоянов-Пишурка Ф. Геббельдің «Сормаңдай Геновева» пьесасын өңдеп сахнаға қойды. Осы жылы Шумен қаласында (қазіргі Коларовград) мұғалім С. Доброплодный басқарған әуесқойлар үйірмесі болгардың «Михаил Мышкоед» атты тұңғыш комедиясын көрсетті. 1865 жылы драматург-режиссер Д.Войниковтың жетекшілігімен Браилде (Румыния) болгар труппасы ұйымдасады. В. Друмев Болгарияның қайта өркендеу дәуіріндегі ұлттық драматургияның шыңына айналған «Иванко» (1872 жылы қойылған) атты тарихи драма жазды. 19 ғасырдың 70 жылдарында әуесқой театрлар кең өріс алды. Осман түріктерінің езгісінен азат етілгеннен кейін (1878), Болгарияда тұңғыш профессионалдық театр коллективтері бой көрсетті. Пловдивте Болгар драма труппасы, «Пловдивтің әуесқойлар труппасы» құрылады. Бұл труппа 1888 жылы Софияға көшіп, онда «Основа» театры деп аталды. Ұлттық шығармалармен қатар дүние жұзілік классиктерінің шығармалары да (Шекспир, Шиллер, Гоголь) көрсетіліп отырған. 1891 жылы драма және опералық труппалар құрылады. 1892 жылы ашылған «Күлкі мен коз жасы» труппасы 1904 жылы Халық театры болып қайта ұйымдасты. Жаңадан бірнеше театрлар ашылды: «Таң», Р. Попованың драма театры, «Жаңа халық театры», «Бұқара театры» т. б. театрлар ашылды. Болгария театр өнерінің өркендеуіне В. Кирков, С. Огнянов, С. Бычваров, А. Будевская, Р. Попова, М. Икономов, К. Сарафов т. б. сахна шеберлерінің қосқан үлесі мол. Болгарияда халық-демократиялық құрылыс орнағаннан кейін театрлар мемлекет қарамағына көшті. Театр репертуарынан ұлттық драматургтардың (В. Друмев, И. Вазов т. б.) пьесалары, шетел және совет жазушыларының шығармалары да орын алды. Болгария театр өнерінің көрнекті қайраткерлері: Ф. Филиппов, К. Мирский, М. Попова, В. Трандафилов, З. Йорданова т. б. Болгарияда 32 драма театры, 8 қуыршақ театры және түріктің 3 эстрадалық труппасы (1969) жұмыс істейді. Софияда ай сайын «Театър» журналы шығады; актерлер, режиссерлер және театр зерттеушілерін даярлайтын жоғары театр өнері институты (1948) бар.

Киносы. 1898-1899 жылдар Болгарияның ірі қалаларында шетелдік фильмдер көрсетіліп тұрған. 1907-1909 жылдар Софияда «Модерн театр» және «Одеон» кинотеатры ашылды. Ұлттық кинематография 1910 жылы туды. Болгарияның тұңғыш көркемсуретті «Сыпайы болгар» (реж. В. Гендов) кинокомедиясы экранға 1915 жылы шықты. 1919 жылы қысқа метражды, документті және көркемсуретті фильмдер қоятын акционерлік «Луна- фильм» қоғамы құрылды. 1915-1930 жылдар көбінесе жеңіл комедиялар мен махаббат машақатына құрылған мелодрамалық фильмдер шығарылды. 1933 жылы болгар ұлт батыры В. Левский жайлы «Құл бүлігі» атты бірінші дыбысты фильмі (реж. В. Гендов) қойылды. Халық-демократиялық өкімет құрылғаннан кейін (1944), Болгария кино өнерінде жаңа кезең басталды. 1948 жылы елдегі  барлық кинотеатрлар мен техникалық базалар мемлекет меншігіне көшті. Болгария режиссерлері 50-60 жылдар тарихи-революциялық тақырыптарда («Қорқыныш», «Сентябрь ерлері», «Тарих сабағы») және социалистік өмір жайлы («Бұралақ соқпақ») фильмдер түсірді. Болгарияда көркемсуретті фильмдермен қатар документті-хроникалық, ғылыми-көншілік және мультипликациялық фильмдер қою ісі дамып өркендеді. Режиссерлері: Д. Даковский, Б.Шаралиев, В. Янчев; актерлері: Н. Коканова, Г.Калоянчев, Г.Георгиев, С.Данаилов т.б. Болгарияда 3104 киноқондырғы (1969) жұмыс істейді. Софияда ай сайын «Киноизкуство» журналы шығып тұрады. 1961 жылдан бастап Варнада жыл сайын болгар фильмдерінің фестивалы өткізіледі.

Әдеб.: Конституция зарубежных социалистических государств. -М., 1956; Спасов Б., Ангелов А. Государственное право Народной Реепублики Болгарии. пер. с болг., -М., 1963; География на България. -т.1-2, София, 1961-66; История Болгарии. т. 1-2, М., 1954-1955; Никитин С. Очерки по истории южных славян и русско-балканских связей в 50-70 гг. XIX в. –М., 1970: Аврамов Р. Влияния Великой Октябрьской социалистической революции на революционное лвижение в Болгарии. –М., 1967; Бирман М.А. Революционная ситуация в Болгарии в 1918-1919 гг. –М., 1957; Позолотин М. Борьба болгарского народа за свободу и независимость в период второй мировой войны. –М., 1954; Константинов Ф.Т. Болгария на пути к социализму. 2 изд. –М., 1953; Ваев Э.Б. Болгария. Экономико-географическая характеристика. -2 изд., -М., 1957; Здравоохранение в Народной Респлублике Болгарии за годы народной власти 1944-1968, [статистич. данные, пер. с болг. яз.], София, 1969; Божков С. Болгарская академия наук. Краткий очерк 1969-1969, София, 1969; Бирман М. А. Основные направления в исследовании новой и новейшей истории Болгарии в болгарской историографии, «Советское славяноведение», 1967, № 2; Андреев М., Ангелов Д. История болгарского государства и права. пер. с болг., М., 1962; Очерки истории болгарской литературы ХІХ-ХХ вв. –М., 1959; Державин К. Болгарский театр. М.-Л., 1950; Марков Д. Ф., Болгарская литература наших дней. –М., 1969; Божков А. Болгарское изобразительное искусство. София, 1964; Краткая история болгарской архитектуры. -София, 1969; Сб. статей болгарских музыковедов [ред.-сост. К. Антелов]. –М., 1962; Державин К. Болгар театр. М.-Л., 1950; Погожева Л. Художественные фильмы Болгарии. М., 1963.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-03-10 13:37:26     Қаралды-2686

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІ БАР?

...

Жыл мезгілдерінің ауысуы – табиғаттың мәңгілік және өзгермейтін құбылысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »