UF

КОЛУМБИЯ, Колумбия республикасы – Оңтүстік Американың солттік- батыс бөлігіндегі мемлекет. Шығысында Венесуэла және Бразилиямен, оңтүстігінде Перу және Экуадормен, солтүстік-батысында Панамамен шектеседі. Батысы, солтүстік-батысы - Кариб теңізі мен Тының мұхиты. Колумбияға Кариб теңізіндегі Сан-Андрес, Провиденсия т. б. аралдар, Тынық мұхиттағы Мальпело аралы қарайды. Жері 1138,9 мың км2. Халқы 48,4 млн. (2015). Астанасы - Богота қаласы. Әкімшілік жағынан астаналық округқа, 22 департаментке, 3 интенданттыққа, 5 комиссариатқа бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Колумбия- республика. Қазіргі конституциясы 1886 жылы қабылданған. Мемлекет және үкімет басшысы - президент. Оны халық 4 жылға сайлайды. Заң шығарушы жогары органы екі палатадан - сенат және өкілдер палатасынан құрылатын парламент. Сенаторлар 4 жылға, өкілдер палатасының депутаттары 2 жылға сайланады. 21 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы беріледі. Департаменттерде жергілікті басқару органдарын халық сайлап қояды. Қалаларда мэр және сайланып қойылатын муниципалдық советтер бар. Сот жүйесін конгресс 5 жылға сайлайтын Жоғарғы сот басқарады. Ел 20 сот участогына бөлінген, олардың әрқайсысында кемінде 3 судьядан құралатын жоғарғы сот бар.

Табиғаты. Рельефінің сипатына қарай Колумбия таулы батыс және жазықшығы болып екіге бөлінеді. Елдің батыс бөлігін алып жатқан колумбиялық Анды таулары - Батыс, Орталық және Шығыс Кордильер жоталарынан тұрады. Енсіз Батыс Кордильердің биіктігі 4250 м-ге жетеді. Шығыс Кордильердің көп жері тегістелген, биіктігі 3000-3900 м-ден аспайды, мұндағы ең биік тау массиві Сьерра-Невада-де-Кокуй 5493 м, Орталық Кордильерде көптеген вулкандар кездеседі, олардың көбі әлі сөнбеген; биік вулкандар қатарына - Уила (5750 м), Руис (5400 м), Толима (5215 м), Кумбаль (4764 м), Пурасе (4700 м), жатады. Елдің шығыс бөлігін Ориноко - Риу-Негру ойнаты, солтүстігін Кариб маңы және Тынық мұхит маңы ойпаттары, оңтүстігін Какета және Путумайо (Колумбия Амазониясы) ойпаттары алып жатыр. Геологиялық құрылымы жөнінен Колумбия жерінің оңтүстік-шығыс бөлігі ежелгі Оңтүстік Америка платформасына, солтүстік-батысы қатпарлы Анд жүйесіне жатады. Платформаның архейлік және төменгі-орта протерозойлық кристалды фундаменті бор, налеоген, неоген қабаттарынан тұратын шөгінді жыныстармен жабылған. Шығыс және Орталық Кордильер таулары кристалдық және метаморфтың жыныстардан, Батыс Кордильер юра және бор кезіндегі вулкандық қабаттардан түзілген. Жазық және ойпатты жерлері аллювийлік шөгінділерге толы. Пайдалы қазыңдылары мұнай, табиғи газ, тас көмір, алтын, күміс, платина, изумруд, темір, мыс рудалары. Климаты экваторлық және субэкваторлық; жазық жерлерінде ауаның орташа температурасы 29°С, тауда 7°С-қа дейін төмендейді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 200 мм-ден (Солтүстік-Шығыс Колумбияда) 4000 мм-ге (Колумбия Амазониясында) дейін, Тынық мұхит маңы ойпатында және онымен іргелес тау беткейлерінде 10 000 мм-ге жетеді. Колумбияда өзендер көп және олар өте жиі; бастылары - Магдалена, Атрато, Сину (Кариб теңізі алабы), Гуавьяре, Мета (Ориноко салалары), Путумайо, Какета (Амазонка салалары) Магдалена (барлық өзендер тасымалының 95%-і осының үлесіне тиеді) өзенінен басқалары кеме жүзуге жарамсыз. Колумбия жері қызыл және қызыл сары латерит топырақты келеді. Тынық мұхит және Кариб теңізі жаталауында мәңгі жасыл орман, басқа жазық жерлерінде саванна, таудың төменгі беткейлерінде мәңгі жасыл ағаштар, жоғарғы жағында экваторлық шалғын-парамос өседі. Маймыл, ягуар, құмырсқа жегіш, алып кесірткелер - игуандар, өзендерінде крокодил т. б. кездеседі.

Халқы. Негізгі тұрғындары - колумбиялықтар (21 млн-нан астам, 1971). Елдің байырғы халқы - үндістер саны 300-400 мың. Ресми тілі - испан тілі. Колумбиялықтардың және чибча үндістерінің діні католиктік; орманды бөлігін мекендейтін үндістер өздерінің дінін ұстайды. Еңбек етуші халық 5938 мың (1970). Халықтың көпшілігі елдің орталық бөлігіне қоныстанған. Ірі қалалары: Богота, Медельин, Кали, Барранкилья, Картахена, Букараманга, Манисалес.

Тарихы. Колумбия жерін ежелгі замандардан көптеген үндіс тайпалары мекендеген. Олардың ішіндегі ең жетілгені - чибча егіншілік және мал шаруашылығымен шұғылданып, отырықшы өмір кешкен. Колумбияға испандықтар басып кірген кезеңде чибча мемлекеттік бірлестікке бірігу сатысында болған. Испандықтар Колумбия территориясын 1499 жылы ашты. 19 ғасырда олар елдің ішкі аймақтарын басып алды. 1525 жылы Санта-Марта қаласының, 1533 жылы Картахена портының негізі қаланды. 30 жылдарда испандықтар елді түгел жаулап алып, отаршылдық тәртіп орнатты. 1538 жылы Жаңа Гренада деп аталған отар елдің орталығы Санта-фе-де-Богота (қазіргі Богота) қаласы болды. 1718 жылы бұл отар Жаңа Гренада вице-корольдыгы болып өзгерді. Оған Колумбиядан басқа, қазіргі Экуадор, Панама және Венесуэла жерлері енді. Алтын, күміс, изумруд шығатын рудниктерде үндістер жұмысшы болды, ал 17 ғасырдың аяғынан Африкадан негр құлдар әкелінді. 17 ғасырдың басынан плантациялық шаруашылықтар тез өсіп, испандықтар кофе, банан, қант қамысын өсіре бастады. 18 ғасырдың орта шенінде Боготаға таяу жерде тоқыма өнеркәсібі пайда болды. 1810 жылы 20 шілдеде Боготада болған көтеріліс испандықтарға қарсы тәуелсіздік жолындағы күрестің бастамасы болды. 1816 жылы мамырда испандықтар Боготаны алып, патриоттарды қатаң жазалады. Алайда, жаңа гранадалықтар күресті жүргізе берді, партизан отрядтарын құрып, жаңа ірі шайқастарға даярлық жасады. 1819 жылы ақпанда Венесуэланың Испаниядан тәуелсіздігі жарияланды. 1819 жылы 7 тамызда жаңа гранадалықтар мен венесуэлалықтардың біріккен күші Богота маңындағы шайқаста испан өскерлерін талқандады. 17 желтоқсанда Ұлы Колумбия федерациялық республикасы жарияланды (құрамына Жаңа Гранада мен Венесуэла, кейіннен Экуадор енді), оның президенті С. Боливар болды. 1810-1819 жылдардағы азаттық соғыстар отарлық тәртіпті жоюға және тәуелсіз мемлекеттің құрылуына мүмкіндік берді. Креолдық жер иелерінің арасындағы қырқысқан алауыздықтар Ұлы Колумбияның ыдырап (1830), өз алдына дербес Венесуэла, Экуадор және Жаңа Гранада (оның құрамына Панама территориясы да енді) мемлекеттерінің құрылуына әкеп соқты. 1831 жылы Жаңа Гранаданың президенті X. Москера болды, ал 1832 жылы елдің тұңғыш конституциясы қабылданды. 40 жылдары елде Консервативтік (ірі помещиктер) және Либералдық (буржуазия) саяси партиялар құрылды. Осы кезде елге капиталистік мемлекеттер әсіресе, Ұлыбритания мен АҚШ еңсере еніп, Панама мойнағында мұхит аралық канал салуға ұмтылды. 1851 жылы Жаңа Гранадада құлдық жойылды. 1886 жылғы жаңа конституцияға сәйкес ел бір орталыққа бағынған республикаға айналып, Колумбия болып аталды. Үкімет басына Р. Нуньес келді. Партиялар арасындағы үкімет билігіне таласу бәсекелестігі азамат соғыстары мен мемлекеттік төңкерістердің себепшісі болды. «Мың күндік соғыс» (1899-1902) елді мейлінше жұтатып, онда 100 мыңнан аса колумбиялықтар қаза тапты. Панама каналының аса зор стратегиялық маңызын ескере отырып, АҚШ 1856-1903 жылдар Панама территориясын 14 рет оккупациялады. Панаманың өзін-өзі басқаратын жергілікті органдары мен Колумбияның орталық үкіметі арасындағы қайшылықты пайдаланып, АҚШ Панамада бүлік ұйымдастырды, соның нәтижесінде 1903 жылы қарашада Панама Колумбиядан бөлініп, Панама республикасын құрды. АҚШ Колумбия экономикасының аса маңызды салаларынан ағылшын капиталын ығыстыра бастады. 1916-1918 жылы Колумбиядан аса бай мұнай кенінің көзі ашылды.

20 жылдар жаппай стачкалық қозғалыс жылдары болды, оның өрістеуіне Россиядағы Ұлы социалистік революциясы елеулі ықпал жасады. 1932-1934 жылдар Колумбия Перумен соғыс жүргізді, соғыс Колумбияның Летиси облыстарын Перудің басып алуына байланысты шықты. 1934 жылы өкімет басына келген солшыл либерал А. Лопестің үкіметі кейбір прогресшіл реформалар жүргізді (тегін оқыту, шіркеуді мемлекеттен бөлу, жұмысшыларға арнайы заң шығару), ал 1936 жылы аграрлық реформа жөнінде заң қабылдады. 1935 жылы Колумбия мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнады. Президенттік сайлаудың нәтижесінде 1946 жылы консерватор М. Оспина Перес жеңіп, барлық демократиялық күштерге қарсы қастандық компаниясын өрістетті. 1948 жылы мамырда Совет Одағымен дипломатиялық қатынас үзілді. 1949 жылы консервативтік партияның басқа бір лидері - Л. Гомес президенттік билікті алып, ашық түрде террорлық диктатура орнатты. Реакционерлердің армиясы мен қарулы бандасы ондаған мың адамды қырды, көптеген шаруалардың жері тартып алынды, мындаған саяси тұтқындар жазаланды, атылды. Реакция әсіресе коммунистерге қатыгездікпен шүйлікті. 1951 жылы Колумбия АҚШ-пен өзара көмек және достық жайында шартқа, 1952 жылы өзара әскери көмек беру жайында пактыға қол қойды. ККП-нің мейлінше астыртын жағдайда өткен 7 съезі (1952 жылы сәуір) халықты әскери-фашистік диктатураға қарсы күреске шақырды. 1953 жылы Л. Гомес үкіметтен ығыстырылғаннан кейін, генерал Г. Рохас Пинилья өзін президентпін деп жариялап, елде жаңа төртіп орнатты. 1953-1956 жылдар алым-салық 11 еседен астам артты, әскер ұстауға жұмсалған шығын басқа шығындардың барлығынан асып түсті. Алайда, коммунистер басқарған отрядтар қаруларын тастамай, партизандық соғыстар толастамады. 1957 жылы ККП астыртын жағдайдан шықты, бірақ саяси хұқы болмады.

1958 жылы мамырда либерал Льерас Камарго президент болып сайланды. Оның халыққа қарсы саясаты еңбекшілердің тұрмыс жағдайыи одан әрі төмендетті, бұл ереуілдер туғызды. Тап күресі мейлінше шиеленісіп, ұлт азаттығы үшін қозғалыс өрістеді, өкімет орындарының озбырлығына қарсы бағытталған партизандық күрестер одан сайын кең құлаш жайды. ККП-нің 9-съезі (1961) елдің барлық демократиялық күштерін біріктіруге шақырды.

Президент Льерас Рестрепо (1966 жылдан) ішкі саяси жағдайды орнықтыру жолын қарастырып, «Елді ұлттық көркейту» программасын ұсынып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын жан-жакты дамыту, «әлеуметтік тең мүмкіндіктер» қоғамын құру, конституциялық және әкімшілік реформалар жасау мақсатын көздеді. Льерас Рестрепо Колумбияның социалистік елдермен сауда және саяси байланыстарын кеңейтті. 1968 жылы 19 қаңтарда СССР мен Колумбия арасында дипломатиялық қатынас қалпына келтірілді. 1967 жылы Либералдық-революция партияның (1960 жылы құрылған) басшылары ККП-мен одақ құрып, кең көлемде антиимпериалистік, антиолигархиялық қозғалысты ұйымдастыруды көздеді. 1970 жылы президент сайлауының алдында саяси жағдай шиеленісе түсті. Либералдық және консервативтік партиялар өзара қырқысқан топтарға бөлінді. Осыдан Ұлттық майданның кандидаты, консерватор М. Пастрана Борре  сайлауда аз-кем артық дауыспен жеңіске жетті. 1970-1972 жылдар уздіксіз таптық шайқастармен сипатталды.

Экономикасы. Колумбия - экономикасы мешеу дамыған, негізінен аграрлық ел. Шаруашылығы шетел, әсіресе АҚШ капиталына тәуелді. Экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі басым. Ұлттық табыстағы ауыл шаруашылығының (орман, аң және балық аулаумен қоса) үлесі 29,5%, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 18,9%, тау-кен өндірісінікі - 3%, қалғаны байланыс, сауда, финанс сияқты қосалқы салалардың үлесіне тиеді.

Ауыл шаруашылығы. Колумбияда ірі жер иеленушілік (латифундизм) жақсы сақталған. 1960 жылы елдегі 20 мың ірі шаруашылық қарамағында 15 млн. га жер болса, 1 млн-нан астам ұсақ шаруашылықтардың (яғни, барлық шаруашылықтардың 86%-і) қолында 4 млн га-ға жуық қана жер болды. Территориясының 4,3%-і егістік, 30%-і табиғи жайылым. Ауыл шаруашылық өнімі құнының 2/3-ін егін шаруашылығы береді. Басты дақылы - кофе (егін шаруашылығы өнімі құнының 1/3-ін құрайды). Колумбия дүние жүзінде жиналатын кофенің 13%-ін өндіреді. Кофе плантациялары көбінесе Кальдас, Киндио, Рисаральда департаменттеріне шоғырланған. Банан (Санта-Марта өңірінде, Магдалена аңғарында, Ураба шығанағы жағалауында), қант қамысы (Каука аңғарында), мақта (Кариб теңізі жағалауында, Шығыс Кордильер бөктерінде), темекі (негізінен Сантандер департаментінде), какао (Тынық мұхит жағалауында) егіледі. Басты азықтық дақылдары - жүгері, юка, күріш және картоп. 1971 жылы басты дақылдардан жиналған өнім (мың т): кофе 520, мақта 111, қант қамысы 850 (1970-1971), банан 780 (1970), темекі 46,8, жүгері 950, юка 1200, күріш 780, картоп 930. Экстенсивтік етті мал шаруашылығы дамыған. 1970 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 21, қой 1,7, шошқа 3,9, жылқы 1,1, ешкі 0,9. 90 мыңға жуық адам тұрақты балық аулаумен айналысады; 1970 жылы елде 76 мың т балық ауланды.

Өнеркәсібі. Колумбия тау-кен өндірісінің 1970 жылғы өнімдері: мұнай 11327 мың т, табиғи газ 1473 млн м3 тас көмір 3000 мың т, платина 756 кг (1969 жылы 1008 кг), алтын 6293 кг, күміс 2400 кг т. б. Мұнай мен газ негізінен Магдалена өзені аңғарында, тас көмір Бояка, Антьокия департаменттерінде өндіріледі. Барлық электр станцияларының қуаты 2,47 Гвт, оның 73,8%-і су электр станцияларының үлесіне келеді. Ірі СЭС-тер Богота, Гуадалупе өзендері бойында. 1971 жылы Колумбияда 5403,5 млн. квт-сағ электр энергиясы алынды. Қара металлургия (Беленситодағы «Асериас Пас-дель-Рио» комбинаты, Медельин, Кали қалаларындағы з-дтар), автомобиль құрастыру (американдық «Крайслер», «Дженерал моторс» және француздың «Рено» фирмаларына қарайды), мұнай айыру (Барранкабер - мех, Картахена қалалары), мата тоқу (Богота), тамақ кәсіпорындары жұмыс істейді.

Транспорты. Ел ішіндегі жүк айналысының 55%-і автомобиль транспортының үлесіне тиеді. Автожолдарының ұзындығы 44,2 мың км, оның ішінде асфальтталғаны 5,3 мың км (1970). Темір жолы 3436 км (1970). Басты порттары - Буэнавентура, Санта-Марта, Барранкилья, Картахена. Ең ірі аэропорты - Эльдорадо (Богота).

Сыртқы экономикалық байланыстары. Колумбия басқа елдерге кофе, мұнай, мақта, қант, банан, темекі сатады, өзі шикізат, машина және құрал-жабдық сатып алады. Басты сыртқы сауда серіктері - АҚШ, ГФР. СССР және басқа социалистік елдер үлесіне Колумбия экспортының 6,2%-і, импортының 2,7%-і келеді (1970). Ақшасы - песо.

Денсаулық сақтау ісі. 1970 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 44,6, адамның өлімі 10,6; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені - 70,4. Адам өмірінің орташа ұзақтығы 60 жас. Елде туберкулез, мерез, безгек, алапес аурулары көп таралған. Сондай-ақ, аскаридоз, трихоцефалез, некатороз, стронгилоидоз т. б. аурулар да кездеседі. 1970 жылы 47,3 мың төсектік (1000 адамға 2,2 төсек) 671 аурухана болды.

9,5 мың дәрігер (2,2 мың адамға 1 дәрігер) жұмыс істеді. Медицина кадрларын 9 медицина факультеті даярлайды. Жылма-жыл 500-ден астам дәрігер даярланады.

Оқу-ағарту ісі. Ағарту ісінің мемлекеттік жүйесі 1903 жылы енгізілген. Сонымен қатар католик шіркеуінің қол астында жеке адамдар қарауындағы оқу орындары бар. Діни оқу міндетті пән ретінде барлық мектептердің программасына кіреді. 7 мен 12 жас арасындағы балалар үшін міндетті оқу 1927 жылы енгізілгенімен, 1964 жылғы санақ бойынша Колумбия халқының 27%-і сауатсыз болды. Бастауыш мектеп қалада 5 жылдық, селода 4 жылдық. 1968 жылы бастауыш мектептерде 2,8 млн. оқушы болды. Жалпы білім беретін орта мектептерде 587 мың оқушы оқыды. Ересектер үшін сауатсыздықты жою курстары ұйымдастырылған. Кәсіптік дайындық 5 жылдық бастауыш мектеп пен 3-4 жылдық техникалық және ауыл шаруашылық мектептерінде, өнер және қол өнері мектептерінде жүзеге асырылады. 1965 жылы Кәсіптік оқу орындарында 71,6 мың оқушы оқыды. Оқытушыларды педагогика училищелер мен университеттер даярлайды. Колумбияда 38 университет, 24 мемлекеттік және жеке адамдар қарауындағы жоғары оқу орындары бар. 1968 жылы жоғары оқу орындарында 58,4 мың студент оқыды. Боготадағы Ұлттық ун-т (1867 жылы құрылған) ең ірі ун-т болып саналады. Боготада Ұлттық кітапхана (1777 жылы құрылған, кітап қоры 350 мың дана), Ұлттық музей (1824), Ұлттық антропологиялық музей (1938), Алтын музейі (1939), Боливар музейі (1922) бар.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Колумбияда 400 мерзімді басылым, оның, ішінде 37 күнделікті газет шығады (1973). Бұлардың басым көпшілігі Консервативтік және Либералдық партиялардың қарауында. Аса ірі газеттері: «Эспектадор» (1887 жылдан), «Тьемпо» (1911 жылдан) - Либералдық партия органдары, «Сигло» (1932 жылдан), «Паис» (1950 жылдан), «Република» (1954 жылдан) - Консервативтік партия органдары. Колумбия Компартиясы «Вос пролетария» (1957 жылдан) апталық газетін шығарып тұрады.

Радиохабары мен телевизиясы Колумбия байланыс министрлігінің бақылауында. Ұлттық радиохабары 1940 жылы құрылған. 223 жеке меншік коммерциялық радио станция жұмыс істейді. Телевизиясы 1954 жылдан хабар береді. Ұлттық радиохабар және телевизия ұйымы 17 телеорталықты біріктіреді.

Әдебиеті. Колумбия әдебиеті испан тілінде дамып қалыптасты. Колумбиядағы үндістер мәдениетін испан отаршылдары 16 ғасырда жойып жіберген. Колумбия әдебиетінде 18 ғасырдың аяғына дейін испан үлгісіндегі поэзия басым болды. Ұлт-азаттық күресі мен тәуелсіздік үшін соғыс кезінен (1810-1826) бастап, А. Нариньо (1765-1823), X. Фернандес Мадрид (1789-1830), X.М.Саласар (1785-1828) т.б. ақын, жазушылардың шығармалары арқылы революция патриоттық классицизм пайда болды. 1830 жылдардан бастап романтикалық бағыт қанат жайды (X.X.Ортис, 1814-1892; X.Э.Каро 1817-53 т. б.). 19 ғасырдың 2 жартысында поэзияда Р.Т.Карраскилья (1827-1886), X.П.Посада (1825-1880) өлеңдері мен Исаакстың (1837-1895), X.М. Каррокиннің (1827-1908) романдары костумбризм әдісінде жазылды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында X.В.Сильва (1865-1896), М.А. Осорпо (1883-1942) т. б. шығармаларында модернистік сарын етек алды. 1-дүние жүзілік соғыстан кейінгі кезден 1950 жылдарға дейін өз шығармаларына әлеуметтік тұрмыс тақырыбын арқау еткен (А.Мартинес Мутис, 1884-1954; X.А.Ривер, 1889-1928), адам бойындағы мінез-құлық, адам мен табиғат арасындағы қатынасты суреттейтін (X.А.Осорио Лисарасо, 1900 ж. т.) романдар жазған белгілі жазушылар көзге түсті. Д. Кайседо (1912 ж. т.), К.А.Труке (1927 ж.т.) т.б. жазушылар романдарын 1950 жылы азамат соғысына арнаса, қазіргі Колумбия әдебиетіндегі ірі жазушылардың бірі Г. Г. Маркестің (1928 ж. т.) «Жалғыздықпен өткен жүз жыл» романы прозада жаңашылдық роль атқарды. Поэзияда X. Пардо Гарсиа (1902 ж. т.), К. Кастро Сааведро (1924 ж. т.) т. б. ақындардың шығармалары жетекші орын алады.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Колумбияның оңтүстік ормандарынан табылған Сан-Агустин мәдениеті б. з. б. 1-мың жылдықтың 1-жартысына саяды. Чибча үнділері (тайрона, муиска, кимбая тайпалары) тас ғибадатханалар мен бекініс үйлер салып, қыштан, мыс пен күмістен, алтыннан құмыралар, мүсіншелер, әр түрлі бұйымдар жасаған. Қыш қалыптау мен бойра тоқу дәстүрі қазіргі үнділерде де сақталған.

16-18 ғасырларда түзу көшелі қалалар салынды. 16-17 ғасырларда жергілікті кескіндеме мектебі қалыптасты (портрет, жанрлық картиналар). Қатал шындыққа бой ұру, пластикалық тұтастық 17 ғасырдағы суретшілер, әсіресе Г. Васкестің шығармаларынан көрініс тапты.

19 ғасыр мен 20 ғасырдың басында ірге көтерген қалалардың дені классицизм стилінде болды. Кейінірек Р. Торрес Мендес, А.Урданета, Э. Гарай, Р. Асеведо Берналь сияқты суретшілер шықты.

20 ғасырдан өнеркәсіп қалалар салу, ескі аудандарды қалпына келтіру ісі колға алынды. 1930 жылы АҚШ және Бразилия архитектуралық үлгілеріндегі үйлер ірге көтерді. 1940-1970 жылдар Богота, Кали, Картахена қалаларында жаңа құрылыстар (тұрғын үйлер, банк, қонақ үйлер, стадиондар) салынды. Көрнекті архитекторлары: П.Н.Гомес Агудело, X.Р.Монтеро, Г.Серрано Камарго, М.Г.Солано. Колумбия суретшілерінің дені әлеуметтік мәселелерге назар аударып, еңбекші халық өмірін бейнелеген фрескалар және картиналар жазды (П. Н. Гомес Агудело, И. Гомес Харамильо).

Реалистік тұрмыстық жанр дәстүрін ігері жалғастырушы суретшілері: М. Диас Варгас, Э. Мартинес, X. Родригес Асеведо, мүсінші - X. О. Бетанур. Кескіндемешілер Л.А.Акуньядың, А.Рамирес Фахардоның, Р.Гомес Кампусаноның, мүсінші - Р.Росоның творчествосынан мексикан өнеріне бой ұру, ежелгі ұлттық дәстүрлерді уағыздау байқалады. Модернистік ағымдағы суретшілері: Э. Грау Араухо, Ф. Ботеро, мүсінші - Э. Негре.

Музыкасы. Колумбияның ұлттық музыкасы сан алуан тайпалардың музыка элементтерінен құралған. Тынық мұхит жағалауы мен таулы аудандарында испан әуеніне ұқсас креолдық музыка басым. Ішкі облыстарында үндіс музыка мәдениеті сақталған. Атлант жағалауы тұрғындарының музыка фольклорына негрлер музыкасы ықпал етті. Ән- билері: бамбуко, пасильо, торбелино т. б. Музыка аспаптары: типле, бандола, ағаш кернейлер (фотуто), түрлі барабандар. Профессионалдық музыкасы 17 ғасырдың басында пайда болды. 18 ғасырдың аяғында зиялыларға арналған музыка өріс алды. 1784 жылы Боготада тұңғыш аспаптық ансамбль - үрлемелі оркестр құрылды. 19 ғасырдың 40 жылдарынан птальян опера труппалары гастрольде болып, өнер көрсетті. Италия әншісі О. Синдичи Колумбия ұлттық гимнін жазды. 19 ғасырдың басында Колумбияда өмір сүрген европалық музыканттардың жергілікті музыкаға қосқан үлесі мол. Ағылшын Г.Прайс Колумбиядағы тұңғыш музыка Филармония қоғамын ұйымдастырса, оның баласы Дж. Прайс Ұлттық музыка академиясының (1882, кейіннен Ұлттық консерватория) негізін қалады. 19 ғасырдағы композиторлары: X.М.Понсе де Леон (Колумбияның тұңғыш операсы - «Эстердің» авторы, 1874), Н.К.Речедель т. б. 1936 жылы ұлттық симфониялық оркестрі құрылды. 20 ғасырдағы композиторлары: А.М. Валенсия, X.Б.Сильва, К.П.Амадор, дирижері Г.Эспиноса-Грау т. б.

Театры. 18 ғасырдың аяғында Боготада тұңғыш театр ойын-сауығы корсетілді. 19 ғасырдың көрнекті драматургтары: X.М.Саласар, X.М.Сампер, С.Перес, А.Л.Гомес т. б. 20 ғасырдың 1-жартысындағы драматургтары: А. Альварес Льерас, Л.Э.Осорио. 1950 жылдардың ортасында театр ісі жанданып, труппалар пайда болды, фестивальдар откізілді. Драма өнерінің ұлттық мектептері ашылды. Қазіргі Колумбия театр мәдениетінің дамуына Калидегі Эксперименттік театрдың, Мәдениет үйінің және «Ла мама» труппасының, Боготадағы Халық театрының әсері зор. Медельин мен Манисалесте театр коллективтері бар. Университеттік театрлар кеңінен өріс алуда. Мемлекеттік қаржының аз бөлінуі ұлттық театрдың дамуына кедергі келтіріп отыр. Театр қайраткерлері: Э. Буэнавентура, С.Гарсиа, Э.Армандо. 1968 жылдан Манисалес қаласында университеттік театрлар фестивалы откізіліп тұрады.

Киносы. 1910 жылы тұңғыш хроникалық фильмдер түсірілді. 20 жылдары толық метражды киноленталар шығарыла бастады. Тұрақты кино өндірісі 30 жылдары пайда болды. 60 жылдары ғана ілгерішіл әлеуметтік бағыттағы «Тас тамыр» (1961) және «Меридиан сыртында» (1968, екеуінің де реж. X. М. Арсуага), «Ащы жер» (1965, реж. Р. Очоа), «Жер астында» (1967, реж. С. Гарсиа, X. Пинто, А. Гарспа) т. б. фильмдер қойылды. Ішінара ұлттық фольклор негізінде әдеби шығармалар да экрандалды. 1957 жылдан Фильмотека жұмыс істейді. 1960 жылдан Картахена қаласында Халықаралық кинофестивальдар өткізіліп тұрады. 1971 жылы Боготада режиссер, сценарист және операторлар дайындайтын Кинематографистер ассоциациясы құрылды. Жылына 1-2 көркемсуретті фильм шығарылады, 650 кинотеатр бар (1972).

Әдеб.: Литаврина Э.Э. Колумбия. -М., 1967; Томас А.Б. История Латинской Америки. пер. с англ. -М., 1960; Гонионский С.А. Очерки новейшей истории стран Латинской Америки. -М., 1964; Ревуненков В.Г. История стран Латинской Америки в новейшее время. -М., 1963. гл. 6; Ильина Н.Г. Политическая борьба в Колумбии. -М., 1968; Кутейщикова В. Н. Роман Латинской Америки в XX веке. -М., 1964; Художественная литература Латинской Америки в русской печати, 1759-1959, сост. Л. А. Шур. М., 1960.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-28 15:59:46     Қаралды-3175

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »