UF

КУВЕЙТ МЕМЛЕКЕТТІ - Таяу Шығыстағы мемлекет. Арабия түбегінің солтүстік-шығыс бөлігін және Парсы шығанағындағы Бубиян, Кару, Умм-әл-Марадим, Файлака т. б. аралдарды алып жатыр. Солтүстік-батысында Иракпен, оңтүстік-батысында Сауд Арабиясымен шектеседі. Шығысы - Парсы шығанағы. Жері 17,8 мың км2. Халқы 4,5 млн. (2018). Астанасы - Әл-Кувейт қаласы. Әкімшілік жағынан 3 губернаторлыққа (Әл-Кувейт, Ахмади, Хавалли) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Кувейт - конституциялы монархия, «мұрагерлі әмірлік». Қазіргі конституциясы 1963 жылы 30 қаңтарда күшіне енді. Мемлекеттік басшысы - әмір. Оған кең өкілдіктер берілген. Атқарушы өкімет билігі соның қолында, ол заңдарды бекіту правосымен де пайдаланады. Сондай-ақ жоғарғы сот, қарулы күштердің бас қолбасшысы міндетін де атқарады, елдің дін басы да сол. Заң шығарушы жоғары өкімет органы - бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс, ол 4 жылға сайланады. 21 жасқа толған еркектер сайлау правосымен пайдаланады. Үкімет - Министрлік Советі, оның басшысын өмір тағайындайды.

Табиғаты. Кувейт жері үстіртті (ең биік жері 299 м) және ойпатты келеді. Геологиялық құрылымы жағынан Африка-Арабия платформасына, оның ішінде Басра-Кувейт синеклизасына жатады және палеозой, мезокайнозой, докембрий жыныстарынан түзілген. Мұнай және газ (1 триллион м3) қоры жөнінен капиталистік елдер арасында алдыңғы орындардың бірін алады. Климаты қуаң тропиктік. Қаңтардың орташа температурасы 11°С, шілдеде 34°С, кейде 53°С-қа жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100-150 мм. Жері сұр топырақты. Өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесіне кедей. Өзен, көлдері жоқ.

Халқының 90%-і арабтар, оның жартысынан астамы - байырғы тұрғындар, қалғаны - Иордания, Ирак, Ливан, Сауд Арабиясы т. б. араб елдерінен қоныс аударғандар. Арабтардан басқа үнділер, пәнжабтар, гуджараттар тұрады. Ресми тіл - араб тілі. Халқының көбі мұсылмандар, 10 мыңдай христиандар бар. Кувейт халқы негізінен иммиграция есебінен өседі, орташа тығыздығы 1 км2 жерге 51 адамнан. Еңбек етушілер - бүкіл тұрғындарының 32%-і. Басты қалалары: Әл-Кувейт, Мена-әл-Ахмади.

Тарихы. Кувейттің көне тарихы Таяу және Орта Шығыстың көне мемлекеттерімен - Вавилония, Ассирия және Иранмен, ал б. з. б. 3-2 ғасырларда Селевки әулеті билеген мемлекетпен байланысты. Б. з. б. 2 ғасырда Кувейт жері Парсы шығанағының солтүстік-батыс жағалауындағы тұңғыш араб мемлекеті - Харакенудің (Харацену) құрамында болды. Кейін ол Таяу және Орта Шығыстағы түрлі мемлекеттердің тартпағына түсті. Б. з. 7 ғасырында Кувейт Араб халифатының құрамына өтті. 13-15 ғасырларда түріктер мен ирандар Кувейт жеріне сан рет шабуыл жасады, 16 ғасырларда Осман империясының құрамына қосылды. 18 ғасырдың басынан Кувейт іс жүзінде Осман империясына бағынбайтын дербес шейхтық болып қалды. 18 ғасырдың 60 жылдарында Кувейт пен оның маңындағы жерлерге британ Ост-Инд компаниясы ене бастады.

19 ғасырдың 70 жылдарында, яғни Осман империясының нығайған кезінде Кувейт оның Бассар уәлаятына қарады, соның бір уезі сияқты болды. 90 жылдары Таяу Шығыста ағылшын-герман бәсекесі күшейіп, Багдад темір жолы салына бастағанда, бұл жолдың соңғы пункті Кувейт болатындықтан, шейхтық империалистік күрестің додасына түсті. Үндістандағы ағылшын өкіметі мен үнді кепестері Кувейт экономикасына бақылау орнатпақ болды. Бұл ішкі саяси жағдайды қиындатып, мемлекеттік төңкеріске әкеліп соқты (1896), шейх Мухаммед (1822-1896 жылдар басқарған) өлтіріліп, орнына Мүбарак шейх болды (1896-1915 жылдар басқарды). Ұлыбритания 1899 жылы Мубаракпен жасырын келісім жасап, Кувейтті толық билеп алды.

20 ғасырдың бас кезінде түрік өкіметі Кувейтке әскер төгуге талаптанды, ал Германия Кувейтте темір жол салуға концессия алмақшы болды. Бұған байланысты Солтүстік-Шығыс Арабияда жағдай өте шиеленісті. Мұны көріп, Британ үкіметі Кувейт бухтасын өзінің соғыс-теңіз базасына айналдыру үшін онда десант түсіре бастады. Осы жағдайда Мүбарак орыс үкіметінен Кувейтті өз протекторатына алуды өтінді. Ұлыбританиямен ынтымағын бұзғысы келмеген патша өкіметі ол өтінішті қабыл алмады. 1901 жылы қыркүйекте Ұлыбритания мен Түркия келісім жасасты. Кувейт шейхтығы ресми түрде бұрыңғыша Бассар уә-лиятының бір уезі (хаза) болып қала берді, бірақ Түркия Кувейтке әскерін әкелмейтін болды, ал Ұлыбритания Кувейтте өз позициясын сақтап қалды. 1914 жылы 3 қарашада, Түркия Германияға жақ болып 1-дүние жүзілік соғысқа қатысқаннан кейін, ағылшын үкіметі бұрыңғы келісімді бұзды да, Кувейтті «британ протекторатындағы тәуелсіз мемлекет» деп жариялады.

30 жылдардың бас кезінде Кувейттен мұнай кендері табылды. Ағылшын және американ монополияларының оған таласы басталды. Ақыры «Кувейт ойл компани» дейтін ағылшын-американ акциялық қоғамы құрылды. Шетел монополияларының келіп кіруі және 1929-1933 жылғы дағдарыс елде империализмге қарсы пиғылды күшейтті. Жас кувейтшілер - шетелдерде білім алған интеллигенцияның өкілдері оған бас болды. Осы жағдайда шейх Ахмад (1921-1950 жылдары басқарган) 1938 жылы маусымда Заң шығару және Конституциялық советтер кұрды. Бірақ Ұлыбританияның көмегімен 1939 жылдың басында жас кувейтшілер қанды жазалауға ұшыратылды. 2-дүние жүзілік соғыста (1939-1945) мұнай бұрғылау жұмыстары тоқтап қалды. Кувейтке фашистік Германия көз тігіп, оны басып алуды жоспарлады. Волга мен Кавказда неміс-фашист әскерлерінің талқандалуы бұл жоспарды жүзеге асыртпай тастады.

Соғыстан кейін мұнай өндіру күшейіп (1946 жылдан), Кувейттің экономикасы дамыды, жұмысшы табы қалыптасты. 1948, 1950-1952 жылдары мұнайшылардың ірі ереуілдері шықты, демократия және антиимпериалистік қозғалыс күшейді. Әмір Абдаллах ас-Сабах (1950-1965 жылдар басқарған) реформа жасау, тұрмысты жақсарту, ағылшын протекторатын жою шараларын қолдануға амалсыз уәде берді. «Кувейт ойл компани» 1952 жылдан бастап таза пайданың 50%-ін Кувейтке беріп тұруға келісті. 1956 жылы Кувейтте ағылшын-француз-израиль агрессиясына ұшыраған Египетті қолдап, демонстрациялар, митингілер өтті.

1961 жылы маусымда Ұлыбритания үкіметі мен өмір Абдаллах ас-Сабах протекторат жөніндегі 1899 жылғы шарттың жойылғанын, Кувейттің тәуелсіз ел болғанын жариялады. 1961 жылы Кувейт жерін Ирактың сұқтануынан қорғауды сылтау етіп, Англия Кувейтке әскер түсірді. Араб елдері мен БҰҰ Қауіпсіздік советінің талап етуімен ғана бұл әскерлер 1962 жылы қайтып әкетілді. 1966 жылы демократиялық күштердің қысымымен елде бірқатар реформалар жасалды: шейхтың қара басы мен оның сарайына жұмсалатын шығындар азайтылды, елдің экономикасын дамыту жоспары жасалды, мектептерде тегін оқыту тәртібі енгізілді т. б. Елде саяси өмір жандана түсті. 1967 жылы Кувейт кәсіподақтарының федерациясы құрылды, Ұлттық жиналыста араб ұлтшылдары қозғалысының жартылай жария ұйымы 1971 жылы 15 орынға ие болды. Бұл ұйым әлеуметтік реформалар жүргізуді, шетел компанияларының әрекетіне шек қоюды, басқа араб елдерімен жақындасуды талап еткен Кувейт үкіметі сырткы саясатта ашық бейтараптылық сақтау, барлық араб елдерімен белсене ынтымақтасу бағытын ұстады. Кувейт 1967 жылы Израиль агрессиясына ұшыраған Египет, Сирия, Иорданияны қолдады. Ол Израиль агрессиясының зардабын шеккен Египетке жыл сайын 110 млн. долл-дай көмек беріп отырады. 1970 жылы қыркүйекте дейін Иорданияға да осындай көмек (45 млн. долл.) беріп отырды. 60 жылдары Кувейттің мұнай өндіру ден кірісі көбейді (1970 жылы 800 млн., 1971 жылы 1 млрд. 200 млн., 1972 жылы 1,5 млрд. долл.). Араб шығысында Кувейт несие бергіш бай елге айналды. Кувейт 1963 жылдан БҰҰ-ның мүшесі. 1963 жылы мартта СССР мен Кувейт арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. 1965 жылы ақпанда Кувейт пен СССР арасында экономикалық және техникалық өзара көмек туралы, 1967 жылы наурызда мәдени ынтымақ туралы келісімдерге қол қойылды.

Экономикасы. Кувейт - дүние жүзіндегі мұнайға аса бай елдердің бірі. Мұнай мен газ өнеркәсібі негізінен шетелдің монополистік капиталы қарамағында.

Өнеркәсібінің басты саласы - мұнай өнеркәсібі. Мұнай кәсіпшіліктері шетелдік «Кувейт ойл компани», «Американ индепендент ойл компани» және ұлттық «Нэшонал петролеум компани», «Кувейт спэниш петролеум компани» компанияларының қолында. 1970 жылы Кувейт мұнай өндіруден (137 млн. т) капиталистік дүниеде 5-орын (АҚШ, Сауд Арабиясы, Иран, Венесуэладан кейін) алды. 1972 жылы елде 167 млн. га мұнай өндірілді. Ірі мұнай кәсіпшіліктері: Бурган, Магва-Ахмади, Раудатайн, Бахра, Сабрия, Минагим. Газ өндіру өнеркәсібі де дамыған (1972 жылы 4,0 млрд. м2). 1973 жылы елде 3,3 млрд. квт-сағ электр энергиясы алынды; негізінен жылу электр станциялары (отыны - мұнай және газ) салынған. Мена-әл-Ахмади және Мина-Абдаллах қалалары - мұнай айыру өнеркәсібінің ірі орталықтары. Кувейтте теңіз суын тұшыту дұрыс жолға қойылған; тұшытылған су мөлшері жөнінен Кувейт дүние жүзінде 1-орын алды.

Ауыл шаруашылығы өте мешеу дамыған: ол жалпы ұлттық өнімнің 1,005 %-ін ғана өндіреді. Басты саласы - көшпелі мал шаруашылығы. 1970-1971 жылғы мал саны (мың): қой 83, ешкі 67, түйе 6. Парсы шығанағынан балық ауланады. Балық өңдеу орталықтары - Шувайх, Әл-Кувейт.

Транспорты. Басқа елдерге әуе және теңіз жолдарымен қатынайды. Басты порттары - Әл-Кувейт, Мена- әл-Ахмади. Тас жолының ұзындығы 825 км (1970). Елде 181,7 мың автомашина (1971) бар, оның 141,3 мыңы жеңіл автомобильдер. Кувейтте темір жол салынбаған.

Сыртқы саудасы. Экспорт құнының 9/10 мұнай үлесіне тиеді. Шетке шығарылатын мұнайдың 75%-і Батыс Европа елдеріне (Ұлыбритания, Италия, Нидерланды, Франция, Ирландияға), қалғаны негізінен Жапонияға сатылады. Импорттық серіктестері - АҚШ, Ұлыбритания, ГФР. Олардан машина өнеркәсіп өнімдері, азық-түлік, тұтыну товарлары сатып алынады. Кувейт пен СССР арасындағы сауда қатынасы кеңеюде. Ақшасы - кувейт динары.

Денсаулық сақтау ісі. 1965-1970 жылдар әрбір 1000 адамға шаққанда (орта есеппен) баланың тууы 43,3, адамның өлімі 7,4; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 39,4. Өлімнің негізгі себебі: жүрек қан-тамыр аурулары, қатерлі ісік, жұқпалы аурулар. Сонымен қатар, бұл елде жалпы ішек-қарын аурулары, гельминтоз, жыныс мүшелерінің аурулары, алапес, туберкулез аурулары кездеседі. Кувейтте 1970 жылы 3,6 мың төсектік (мың тұрғынға 4,7 төсек) аурухана, 10 госпиталь, 11 денсаулық сақтау орталығы, 38 диспансер және 6 медициналық пункт болды. 710 дәрігер (1,2 мың тұрғынға 1 дәрігер), 61 тіс дәрігері, 169 фармацевт және 3 мыңдай орта білімді медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Дәрігерлерді ұлттық университеттің медицина факультеті дайындайды.

Оқу-ағарту ісі. 1958 жылы Кувейттегі 100 мектепте 22,5 мың ер балалар мен 13 мыңнан астам қыздар оқыды. Арнаулы орта оқу орындары болмады, халқы толық дерлік сауатсыз болды. 1961 жылы Кувейт тәуелсіздігі жарияланған соң, оқу-ағарту ісіне бөлінетін қаржы мөлшері көбейді. Қазіргі оқу-ағарту жүйесі: балалар бақшасы, 4 жылдық бастауыш мектеп. Орталау мектеп (4 жылдық) және 4 жылдық толық орта мектеп. Оқу ақысыз. Дін оқу программасына міндетті пән ретінде енгізілген. 1969-1970 оқу жылында балалар бақшасында 12,8 мың бала, бастауыш мектептерде 54,4 мың оқушы, орта мектептерде 56,7 мың оқушы болды. Ересектерді сауаттандыру пункттері ашылып, 1970 жылы халқының 70%-і сауаттанды. 1967-1968 оқу жылында кәсіптік-техникалық училищелерде 4,6 мың оқушы оқыды.

Кувейттің бірінші Ұлттық университеті 1966 жылы ашылған. 1970-1971 оқу жылында университетте 1258 студент оқыды. Кувейтте Орталық кітапхана (1936; кітап қоры 95 мың дана), Ұлттық университет кітапханасы (100 мың дана), Кувейт музейі бар.

Әдеб.: Новейшая история арабских стран. -М., 1968. -С.271-353; Бондаревский Г.Л. Английская политика и международные отношения в бассейне Персидского залива. -М., 1968; Бодянский В. Л. Современный Кувейт. Справочник. М., 1971.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-27 14:01:43     Қаралды-2807

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »