UF

НИКАРАГУА (Nicaragua), Никарагуа Республикасы (República de Nicaragua) - Орталық Америкадағы мемлекет. Солтүстік-шығысында Гондураспен, оңтүстігінде Коста-Рикамен шектеседі. Оңтүстік-батысы - Тынық мұхит, шығысы - Кариб теңізі. Жері 148 мың км2. Халқы 5,9 млн. (2017). Астанасы - Манагуа қ. Әкімшілік жағынан 16 департаментке және 1 территорияға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Никарагуа - республика. Қазіргі конституциясы 1974 жылы 14 наурызда қабылданған. Мемлекеттік және үкімет басшысы - 6 жылға халық сайлайтын президент. Заң шығару билігі Никарагуа парламентінің (халық 6 жылға сайлайтын, 2 палаталы сенат пен депутаттар палатасынан тұратын), Ұлттық конгрестің қолында. 21 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы беріледі. Сот жүйесін азаматтық, қылмыстық істердің жоғары сатысы - Жоғары сот басқарады. Сот мүшелерін 6 жылға конгресс сайлайды.

Табиғаты. Никарагуаның шығыс жағалауы - аллювийлі ойпат. Солтүстік және орталық бөлігін таулы қырат (ең биік жері - Кордильера-Исабелья, 2438 м), батысы мен оңтүстігін тектоникалық ойыс алып жатыр. Батыс Никарагуада Косигуина (биіктігі 846 м), Эль-Вьехо (1780 м), Момотомбо (1258 м), Ометепе (1556 м) сөнбеген вулкандары бар. Тектоникалық ойыста жер сілкінулер (соңғы өте күшті құбылыс 1972 жылы желтоқсанда болды) байқалады. Пайдалы қазындылары - алтын, күміс, мыс. Климаты ылғалды тропиктік-пассаттық (солтүстік-шығыс жағы) және маусымдық ылғалды субэкваторлық (оңтүстік-батысы); жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 1-1,5 мың мм. Территориясының 50%-і орман. Кең танаулы маймылдар, тапирлер, құмырсқа жегіштер т. б. неотропиктік зоогеографиялық облысқа жататын жануарлар мекендейді.

Халқының 85%-і никарагуалықтар, 9%-і Вест-Индия аралдарынан қоныс аударған негрлер, жергілікті үндістер мен негрлердің араласуынан қалыптасқан самбо тобы және мулаттар, 4-5%-і таза үндіс тайпалары. Ресми тілі - испан тілі. Діні жөнінен халқының көпшілігі - католиктер; қалғандары - протестанттар. Ресми календары григориандық. 1963-1971 жылдар арасында Никарагуа халқы жыл сайын орташа есеппен 2,8%-ке өсіп отырды. Еңбек ететін халқы 504,2 мың (1971), оның ішінде ауыл шаруашылық салаларында 46,4%-і, тау-кен өндірісінде 0,6%-і, өңдеу өнеркәсібінде 12%-і, сауда орындарында 9,6%-і істейді. Елде халық біркелкі қоныстанбаған; 80%-і Батыс Никарагуада, батыс және оңтүстігіндегі ойпатты өңірде және Тынық мұхит жағалауында тұрады. Қала халқы 48% (1971). Ірі қалалары - Манагуа (398,5 мың, 1971), Леон, Матагальпа, Гранада.

Тарихы. Ежелгі заманда Никарагуа жерін негізінен чибча тілі тобына жататын үндіс тайпалары мекендеген. Осы тайпалардың біреуінің көсемі – Никара - оның есімімен бұл ел «Никарагуа» деп аталған. 1502 жылы Никарагуа жеріне испандар келіп, 1522 жылы олар елді жаулап алуға кірісті. Никарагуа испандықтардың отарына айналды.

Америкадағы испан отарларының тәуелсіздік соғысы (1810-1826) барысында Никарагуа территориясы (1822) Мексика империясының, ал 1823-1838 жылы Орталық Америка Құрама провинциялары федерациясының құрамына кірді. Бұл федерация ыдырағаннан кейін, 1838 жылы Никарагуа дербес республика болды. 1893 жылы өкіметті либерал X. С. Селая басқарды. Ол бірқатар реформалар жасады (шіркеуді мемлекеттен бөлді, жалпыға бірдей сайлау правосын енгізді), темір жол құрылысын үлғайтты. 1910 жылы АҚШ-тың мүддесін қорғаушы генералдар (бұл кезде Никарагуада американ әскері тұрған еді) (X.Эстрада, Э.Чаморро т.б.) әскери хунта құрып, Эстраданы президент етіп тағайындады. 1917-1925 жылдар аралығында елдің президенті бірнеше рет ауыстырылды. Елде ұлт-азаттық көтеріліс кең қанат жайды.

1926 жылдың ақырында А. С. Сандино бастаған шағын отряд американ интервенттеріне қарсы қарулы көтеріліске шықты. Сандино отряды бірте- бірте көбейіп, көтерілісшілер армиясына айналды да, 1933 жылы қаңтарда американдарды өз әскерлерін әкетуге мәжбүр етті. 1933 жылы ақпанда Никарагуа үкіметі мен Сандино арасында «бітім пактісіне» қол қойылды.

2-дүние жүзілік соғыс кезінде (1939-1945) Никарагуада жалпы демократиялық өрлеу туды; бірнеше кәсіподақтарды біріктіретін Жұмысшылар федерациясы құрылды, коммунистердің партиясы - Никарагуа социалистік партиясы (НСП) құрылды. Соғыстан кейін АҚШ-тың қолдауымен Никарагуаның билеуші топтары халықты қуғынға ұшыратып, 1945 жылы желтоқсанда НСП-ге тыйым салды (партия күні бүгінге дейін астыртын жағдайда жұмыс істейді). Бұған қарамастан Никарагуа халқының диктатураға қарсы күресі толастаған жоқ. 1959 жылы Манагуада жаппай ереуіл, 1960 жылы қарулы көтеріліс бүрқ етті. 1963 жылы үкімет басына А. Сомосаның бұрынғы секретары Р. Шик Гутьеррес отырды. 1967 жылы АҚШ-тың қолдауымен диктатордың екінші баласы А. Сомоса Дебайле президент болды. Оның тұсында Никарагуаның Америка монополиясына тәуелділігі күшейе түсті.

Негізгі саяси партиялары мен кәсіподағы. Ұлттық либералдық партия 19 ғасырдың 1-жартысында негізі қаланды, реакцияшыл партия. Дәстүрлі консервативтік партия, 19 ғасырдың 1-жартысында негізі қаланды. Никарагуа социалистік партиясы, коммунистер партиясы, 1939 жылы негізі қаланды, 1945 жылдың желтоқсаннан астыртын жағдайда жұмыс істейді.

Жалпыға бірдей (тәуелсіз) еңбек конфедераңиясы, 1953 жылы негізі қаланды. Никарагуа кәсіподақ ұйымдарының көпшілігін біріктіреді. Жалпыға бірдей еңбек конфедерациясы, 1949 жылы негізі қаланды, үкімет бақылауында, еңбекшілердің америкааралық регионалдық ұйымына кіреді.

Экономика-географиялық очеркі. Никарагуа - аграрлық ел. Жалпы ұлттық өнімнің 28,4%-ін ауыл шаруашылық, аң және балық аулау кәсібі, 1,0%-ін тау-кен өндірісі, 17,2%-ін өңдеу өнеркәсібі, 21%-ін сауда және тұрмыс қажетін өтейтін орындар өндіреді. Экономикасында шетел капиталының ықпалы басым (негізінен АҚШ монополиясы). Жетекші экономика салалары жеке меншік капиталының қолында шоғырланған. Мыс., елдегі барлық кофе плантациялары, цемент з-дтары, әуе және теңіз флоттары Сомос семьясының қарамағында.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының басты саласы - егіншілік. Ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды жерінің көпшілік бөлігін ірі жер иеленушілер және шетел компаниялары иемденген. Ауыл шаруашылық жері 1,8 млн. га, оның ішінде 40%-і егістік, 9%-і көп жылдық дақылдар, 51%-тен астамы шалғын және жайылым. Экспорттық дақылдары - мақта (егісі 120 мың га, өнімі 105 мың т мақта талшығы, 1972), кофе (35 мың т). Товарлық дақылдар ретінде какао, банан, темекі, қант кұрағы, жергілікті азық-түлік қажетін өтейтін жүгері (258 мың га, 236 мын т, 1972), бұршақ, күріш егіледі. Мүйізді ірі қара (2,67 млн., 1972), шошқа (645 мың) өсіріледі. Бағалы ағаштар (қызыл ағаш, бакаут т. б.), перуан бальзамы, жпекакуан тамыры дайындалады. 1971 жылы 9,4 мың т балық ауланды.

Өнеркәсібі онша дамымаған. Мардымсыз мөлшерде алтын, күміс, мыс өндіріледі. Электр ст-ларының жалпы қуаты 170 Мвт, бұның 1/3-і СЭС-тер үлесіне тиеді. 1970 жылы елде 615 млн. квт-сағ электр энергиясы өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі өнімі құнының 50%-ке жуығы тамақ өнеркәсібінен түседі. Шағын мата тоқу, аяқ киім, металл өңдеу, цемент, қант шығару кәсіпорындары бар. Өнеркәсіп орындарының көпшілігі шетелден тасылатын шикізат және жартылай фабрикат негізінде жұмыс істейді; соған байланысты бұлар Тынық мұхит жағалауындағы портты қалалар төңірегіне (Манагуа түбіндегі мұнай айыру з-ды, Тиштападағы металл өңдеу з-ды, Леондағы және Манагуадағы мата тоқу ф-калары т. б.) орналасқан.

Транспорты. Автомобиль жолының ұзындығы 13,1 мың км, оның ішінде асфальтталғаны 1,3 мың км (1972). Автопаркі 55 мың машинадан құралады (1972), оның 33 мыңы жеңіл машина. Темір жолының ұзындығы 403 км (1973). Лас-Мерседес (Манагуа жанында) халықаралық аэропорт бар. Басты теңіз порттары - Коринто, Пуэрто-Кабесас, Блуфилдс, Сан-Хуан-дель-Сур.

Сыртқы саудасы. 1971 жылғы экспорт құнының 22,2%-і мақта, 15,7%-і кофе, 15,4%-і ет және ет өнімдері, 6,2 %-і қант, қалғаны жеміс, мақта майы, алтын саудасынан түсті. Басқа елдерден өндіріс жабдықтары, машиналар, мұнап және мұнай өнімдері, азық-түлік алынады. Сыртқы саудасындағы басты серіктестері - АҚШ (Никарагуа экспортының 33,3%-і, импортының 33,1%-і), Жапония (17,5%, 8,2%), ГФР (7,7%-і, 7,2%-і), Орталық Америка елдері (25,9%-і, 27,9%). 1971 жыл 31 желтоқсанда Никарагуаның басқа елдер алдындағы қарызы 225 млн-ға жетті. Ақша өлшемі - кордоба.

Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 1968 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 46, адамның өлімі 16,5. Әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені (1969) 45,3. Өмірдің ұзақтығы 52,5 жас. Санитарлық-гигиеналық шаралардың нашар жүргізілуіне және климат жағдайының нашарлығына байланысты елде инфекциялы паталогия және паразиттік аурулар көбірек таралған (туберкулез, сіреспе, іш сүзегі, венералық аурулар т. б.). Денсаулық сақтау ісі өкімет мекемелері арқылы жүргізіледі. 1969 жылы 4,4 мың тосектік (1000 тұрғынға 2,3 төсек) 52 аурухана болды. 1971 жылы 1,1 мың дәрігер (1,9 мың тұрғынға 1 дәрігер), 290 тіс дәрігері және 2,5 мың орта білімді медицина қызметкерлер жұмыс істеді.

Оқу-ағарту ісі. 7 мен 13 жас арасындағы балалардың оқуы міндетті және ақысыз. 1971 жылы халқының 42,4%-і сауатсыз. Бастауыш мектеп 4 типті: элементарлық (оқу мерзімі 2 жыл), толық емес (4 жыл), толық (6 жыл) мектеп. Орта мектеп 2 циклді: оқу мерзімі 3+2 не 3 жыл. 1971-1972 оқу жылында бастауыш мектептерде 310 мың, орта оқу орындарында 55 мың оқушы оқыды. Кәсіптік оңу орындары 6 жылдық бастауыш мектептер негізінде жұмыс істейді (оқу мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін), онда 1969-1970 оқу жылында 4,2 мың оқушы оқыды. Мұғалімдерді 3 жылдық педагогикалық училищелерде даярлайды (1969-1970 оқу жылында 3,3 мың оқушы). Жоғары оқу жүйесінде 2 университет бар: Ұлттық автономиялық университет (1812 жылы құрылған), Орталық-американ университетінің Никарагуа бөлімі (католиктік). 1971-1972 оқу жылында университеттерде 9,3 мың студент оқыды. Манагуадағы Ұлттық архив - ең ірі кітапханасы. Никарагуа Ұлттың музейі және «Тендери» музейі бар.

Әдеб.: Фостер У.З. Очерк политической истории Америки, пер. с англ., 2 изд., М., 1955; Томас А. Б. История Латинской Америки. пер. с англ. -М., 1960; Гонионский С. А. Очерки новейшей истории стран Латинской Америки. -М., 1964; его же, Сандино, М., 1965; Лещинер Р. Е. Никарагуа. М., 1965.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-26 14:50:50     Қаралды-1477

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІ БАР?

...

Жыл мезгілдерінің ауысуы – табиғаттың мәңгілік және өзгермейтін құбылысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »