UF

РУАНДА, Руанда Республикасы (Republic of Rwanda) - Африканың шығыс бөлігіңдегі мемлекет Солтүстігінде Угандамен, шығысында Танзаниямен, оңтүстігінде Бурундимен, батысында Заирмен шектеседі. Жері 26,3 мың км2.

Халқы 4,12 млн. (1974). Астанасы - Кигали қ. Әкімшілік жағынан 10 префектураға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Руанда - республика. Мемлекет және үкімет басшысы - президент, ол 4 жылға сайланады. Президент жоғары лауазым иелерін (азаматтық, әскери және сот қызметі бойынша) тағайындап, халықаралық шарттар жасасуға, төтенше жағдай жариялауға праволы. Руанда үкіметі президент арқылы тағайындалатын 12 министрден құрылады. Жергілікті префектуралар мен коммуналар - префектор, бургомистрлар және коммуналдық советтер (сайланатын) арқылы басқарылады. Сот жүйесі - Жоғары соттан, апелляциялық, 1-инстанциялық және арнаулы (әскери трибунал, коммерциялық т. б.) соттардан тұрады.

Табиғаты. Жері негізінен таулы үстіртті (биіктігі 1500-2000 м) және таулы (2500-3000 м) келеді. Ең биік жері - Карисимби тауы (4507 м) елдің қиыр солтүстік-батысындағы Вирунга вулкандық массивінде. Климаты субэкваторлық. Ауаның орташа айлық температурасы 20-21°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 1000-1500 мм, Вирунга тауында 2000 мм-ге дейін. Маусым-қыркүйек айларында қуаңшылық байқалады. Өзендері негізінен шағын келеді; көбі Ніл алабына жатады. Басты өзені - Кагера. Таулы өңірі құнарлы қызыл ферраллитті топырақты. Саванна, мәңгі жасыл орман т. б. субтропиктік және тропиктік өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Адамның араласуы салдарынан жануарлар дүниесі кедейленген. Буйвол, мүйіз тұмсық, бегемот, зебр, арыстан, қабылан, крокодил, горилла т. б. тек қорықтарда (Кагера және Вулкандық ұлттық парктерінде) ғана сақталған.

Халқы. Руанда тұрғындарының 80%-тен астамы банту-баньяруанда тобына жататын хуту (бахуту), тутси (батутса) және пигмей (батва) халықтары. Европалықтар (негізінен бельгиялықтар) және азиялықтар да тұрады. Ресми тілдері - киньяруанда және француз тілдері.

Халқының жартысынан астамы - христиандар (католиктер). Ресми календары - григориандық. Еңбек етуші халық 1,9 млн., бұлардың 91%-і ауыл шаруашылығымен айналысады (1970). Халықтың орташа тығыздығы 1 км2 жерге 152 адамнан (1973). Қала халқы 2-3%; ірі қалалары - Кигали, Бутаре, Рухенгери, Гисеньи.

Тарихы. Руанда тарихының европалықтар барғанға дейінгі дәуірі аз зерттелген. Руанданың жергілікті халқын - пигмейлерді - банту тілінде сөйлейтін тайпалар бағындырып алғаны мәлім. 14-16 ғасырларда Руанда жеріне Солтүстіктен келген эфиоп тайпалары баса-көктеп кірді. Бұдан кейінгі ғасырларда мұнда феодалдық мемлекет қалыптаса бастады. Сол дәуірлерде негізгі этникалық топтар - хуту (бахуту; қоныс аударып келген бантудың үрім-бұтағы), тутси (батутси; 14-15 ғасырларда қоныс аударып келгендердің ұрпағы), тва (батва) - пигмейлер қалыптасты. Руанда жерінде 19 ғасырдың аяғында бір орталыққа бағынған мемлекет құрылды. Руанданың күшейген шағы Кигери Рвабугири король (мвами) тұсында (1853-1895 жылдары билеген) елдің шекарасы кеңейді. Мемлекеттегі бүкіл билік корольдың қолында болды, барлық малдың, жердің де бас иесі король болып есептелді. Ол күшті тұрақты армия құрды. Корольдың орнын басқан Юхи Мусинга (1895-1931 жылы билеген) тұсында өзара қырқысу, жауласу көбейіп, ел отаршылдық бұғауына түсті. 1890 жылдары неміс отаршылдары Руанда жеріне кіре бастады. 1898 жылы әскери өкімет Кигали қаласында неміс резиденттігін құрды. Король Мусинга резиденттің өкімет билігін мойындады. Руанда Герман Шығыс Африкасы құрамына енді. 1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) кезінде Руанданы Бельгия әскерлері оккупациялады (1916). Соғыстан кейін Руанда мен оның көршісі Бурунди Бельгия басқаратын Руанда-Урунди мандатты территориясының құрамына кірді. 1925 жылғы 21 тамызда Руанда-Урундиде Бельгия Конгосы құрамындағы вице-генерал-губернаторлық құрылды. 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін Руанданың африкалық қоғамында әлеуметтік жіктер пайда болды. Товарлы-экспорттық дақылдар (кофе, мақта т. б.) шаруашылығы дамыды, селолық жерлерде 50 жылдары антиимпериалистік қозғалыс ұйымдасқан сипат алды. Көптеген партиялар құрылды; олардың ішінде 1959 жылы ұйымдасқан екі партия: Пармехуту республика-демократиялық қозғалыс партиясы және Руанда Ұлттық Одағының ықпалы күшейді. 1960 жылдың аяғында Бельгия әкімшілігінің көмегімен Г. Кайибанда (Пармехуту республика-демократия қозғалыс партиясының негізін қалаушы) басқарған тұңғыш уақытша үкімет құрылды. 1961 жылы 28 қаңтарда монархия жойылды, Руанда республика деп жарияланды. 1962 жылы қарашада конституциясы қабылданды. 1962 жылы қыркүйекте Руанда - БҰҰ мүшесі. 1962 жылы 1 шілдеде Руанда тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Руанда тәуелсіздігінің алғашқы жылдары негізгі этникалық екі топ - хуту мен тутси өзара таласып, қырғын қақтығысқа дейін барды. 1973 жылы 5 шілдеде Руандада мемлекеттік төңкерісі жасалды. Жаңа үкімет Батыс елдерінің қаржысын әкономикаға пайдалана отырып, Африка көлемінде регионалдық қарым-қатынас жасауды қолдайды. 1963 жылы қазанда Руанда мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнатылды.

Экономикасы. Руанда - экономикасы мешеу халдегі аграрлы ел. Әсіресе өнеркәсіп және сауда салаларында шетел (негізінен Бельгия) капиталының ықпалы әлі күшті. Жылдан-жылға мемлекеттік және кооперативтік секторлардың маңызы артуда. Барлық әкспорттық операциялар, кейбір азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерінің импорты жартылай мемлекеттік «Руандекс» сауда компаниясының (барлық акциясының 50%-і мемлекеттік меншігі) және «Трафипро» кооперативінің қарамағында. 1966 жылдан елдің әкономикалық даму жоспарлары жүзеге асырылуда; ауыл шаруашылығының жедел дамуына көп көңіл бөлінуде. Ел ішіндегі жалпы өнім құны 1973 жылы 25,6 млрд. руанда франкісіне тең болады; мұның 60%-тен астамы ауыл шаруашылығының, 8%-ке жуығы өнеркәсіп үлесіне тиді. Жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда жылына 50 доллардан келеді.

Ауыл шаруашылығында шағын және майда шаруашылықтардың үлесі басым. Шаруалардың біразы кооперативке бірігуде. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 1765,8 мың га (ел территориясының 70%-і); мұның 30%-і егістік, 31%-і жайылым. Жалпы ұлттық өнімнің 60%-і негізгі 3 экспорттық дақылдардың (кофе, шай, пиретрумның) үлесіне келеді. Ең басты экспорттық дақылы - кофе (плантациясы 24 мың га, өнімі 15,5 мың т, 1973). Шай (плантациясы 4,1 мың га, өнімі 2,8 мың т), пиретрум (3,2 мың га), мақта (300 т шитті мақта), хина ағашы (бояулық қабығы 311 т) өсіріледі. Азық-түліктік дақылдары - лобия (егісі 160 мың га, өнімі 133 мың т, 1973), қонақ жүгері (131,1 мың га, 141,6 мың т), жугері (55 мың га, 55 мың т), батат (73,6 мың га, 426 мың т), маниок (30 мың га, 360 мың т), банан (156 мың га, 1767 мың т). Елдің ішкі мұқтажын өтеу үшін қант қамысы, жер жаңғағы, темекі егіледі. Мал шаруашылығының өнімділігі өте төмен. Мал басы (мың, 1973): мүйізді ірі қара 740, шошқа 53, ешкі 628, қой 243. Кұс (тауық, үйрек) және омарта шаруашылықтары дамыған. Киву көлінен балық ауланды.

Өнеркәсібі даму жолдарының бастапқы кезеңінен өтуде. 1972 жылы елде 33 млн. квт*сағ электр әнергиясы өндірілді. Нтарука (қуаты 11,2 Мвт), Гисеньи (1,2 Мвт) СЭС-тері және бірнеше шағын ЖЭС-тері бар. Руанда бұларға қоса Заирдағы Муруру СЭС-інен (Кигали қаласымен әлектр желісі арқылы байланысқан) энергия алады. Тау-кен өндірісінің маңызы артуда. Касситерит (2030 т қалайы, 1973), вольфрам (688 т), тантал-колумбит, берилл, табиғи газ (метан, 1 млн. м3) өндіріледі. Өңдеу өнеркәсібінде ауыл шаруашылық өнімдерін (кофе, шай, пиретрум) алғашқы өңдеу және тамақ (сыра, ұн, қант, сүт, май, сабын, темекі) кәсіпорындарының үлесі басым. Алюминий ыдыстар з-ды, бояу ф-касы, транзисторлық радиоқабылдағыш құрастыру орындары жұмыс істейді.

Транспорты. Автотранспорттың маңызы күшті. Автожолының ұзындығы 8 мың км (мұның ішінде магистралдық жолдар 3,1 мың км). Киву көлінде кеме жүзеді. Кигали және басқа кейбір елді мекендерінде аэродромдар бар. Теңізге тікелей жалғаспайтындықтан Руанда сыртқы саудасы үшін көршілес елдердегі Момбаса (Кения) Дар-ас-Салам (Танзания), Матади (Заир) порттарын пайдаланады.

Сыртқы саудасы. Экспорттық өнімдері (1973, экспорт құнындағы %-тік мөлшері): кофе (62,5), касситерит (15,8), вольфрам (5,2), шай (7,1), пиретрум (4), былғары, хина қабығы, шитті мақта. Импорты: мата, азық-түлік, әр түрлі машиналар, өнеркәсіп жабдықтары, мунай өнімдері. Сыртқы саудасындағы басты серіктестері: әкспортта - АҚШ (үлесіне бүкіл экспорт құнының 40%-і келеді), Бельгия және Люксембург (28%), импортта - Бельгия және Люксембург (17%), Жапония (15%), ГФР (11%), АҚШ (17%). СССР және басқа социалистік елдермен Руанда арасында сауда қатынасы дамуда.

Ақша өлшемі - руанда франкісі. 92,8 руанда фр. АҚШ-тың 1 долларына тең (1975 ж. апр.).

Денсаулық сақтау ісі. Бүкіл дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 1965-1970 жылы әрбір мың адамға шаққанда баланың тууы 51,8, адамның өлімі 23,3; тірі туған мың баладан өлгені 132,8. Өлімнің негізгі себебі: инфекциялық, паразиттік аурулар. Елде безгек, амебиаз, туберкулез, вирусты гепатит, сүзек, венералық аурулар, алапес, баланың жұқпалы аурулары көп (1972). Руандада 1971 жылы 3,3 мың төсектік 22 аурухана (оның ішінде 2 мың төсектік 11 аурухана мемлекеттік қарамағында), 1971 жылы 67 дәрігер (57 мың тұрғынға 1 дәрігер) болды (25 руандалық-дәрігер). Дәрігерлерге көмекші 158 адам және орта дәрежелі білімді 800 медицина қызметкерлер істеді (1971). Бұл қызметкерлер 5 медицина мектепте даярланады. Денсаулық сақтау ісіне мемлекет қаржысынан 6,5% жұмсалды (1970).

Оқу-ағарту ісі. 60 жылдардың аяғында халқының 80%-і сауатсыз болды. Міндетті бастауыш білім және ақысыз оқу туралы 1966 жылғы заң жүзеге асырылмады. Мектепке жеті жастан қабылданады. Бастауышп мектеп 6 жылдық, киньяруанда тілінде. Орта мектеп 6 жылдық, француз тілінде. 1970-1971 оқу жылында бастауыш мектепте 416 мың, орта білім жүйесінде 9 мың оқушы қамтылды. Руанда Ұлттық ун-ті Бутарада, 1963 жылы құрылған, оның кітапханасы (49 мың дана) бар. 1970-1971 оқу жылында ун-тте 400-ден аса студент болды. Ұлттық педагогика институтында 1974-1975 оқу жылында 250 студент оқыды. Ауыл шаруашылық және мал шаруашылығы министрлігінің басшылығымен Бутарада Руанда Агрономиялық зерттеу институты (1932 жылы құрылған) жұмыс істейді. Руанда Ұлттық университеті жанында Ұлттық ғылыми-зерттеу институты бар (1947 жылы құрылған). Институт құрамына Руанда музейі кіреді. ЮНЕСКО-ның жәрдемімен Кигалиде Пед. документтерді зерттеу орталығы ұйымдастырылды (1965). 1971 жылы Руанда Мәдени академиясы құрылған.

Әдеб.: Евсеев В. Руанда. -М., 1974; Карпушина В. Народы Руанда- Урунди под «опекой» бельгийских колонизаторов. «Советская әтнография». 1960, № 6.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-26 12:38:15     Қаралды-1479

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »