UF

ФИНЛЯНДИЯ, Финляндия Республикасы – Солтүстік Европадағы мемлекет. Батысында Швециямен, солтүстігінде Норвегиямен, шығысында Ресеймен шектеседі. Оңтүстік-батысын Балтық теңізінің Ботния, оңтүстігін Финн шығанақтары шаяды. Жері 337 мың км2. Халқы 5,5 млн. (2017). Әкімшілік жағынан 12 губернияға (ляниго; бұлар кихлакунтаға және кунтаға ажырайды) бөлінеді. Астанасы - Хельсинки.

Мемлекеттік құрылысы. Финляндия - республика. Қазіргі конституциясы (мемлекеттік басқару формасы туралы акт) 1919 жылы 17 шілдеде (өзгерістер мен қосымшалар 1926, 1930, 1943, 1955 жылдары) қабылданған. Конституциялық актілерге - Жоғары сот туралы заң (1922), Сейм уставы (1928) жатады. Мемлекеттік басшысы - президент, ол екі сатылы сайлау тәртібімен 6 жылға сайланады. Президент Мемлекеттік совет (үкімет) құрамын тағайындап, қаулылар мөн указдар шығарады, қарулы күштердің қолбасшысы да сол. Мемлекеттік жоғары өкімет органы - бір палаталы парламент (сейм), оны халық 4 жылға сайлайды. Жергілікті лянилерго (губерния) президент тағайындайтын губернатор басшылығындағы басқарма, қалалар мен селоларда өзін-өзі басқаратын (4 жылға сайланатын) коммуналдық советтер құрылған. Аланд аралдарына (Ахвенанма губ.) өзіндік автономиялық право берілген. 1974 жылы Лапландияның финляндиялық бөлігіндегі жергілікті өзін-өзі басқаратын Саам округы құрылды. Сот жүйесіне: Жоғары сот, апелляциялық және 1-инстанция соттары жатады. Юстиция канцлері Бас прокурордың функциясын атқарады.

Табиғаты. Финляндия жері қоңыржай белдеудің Солтүстік жағына орналасқан. Теңіз жағалауының ұзындығы 4500 км. Жағасы негізінен биіктігі орташа жарлы келеді; қатты тілімделген, шхер аралдар көп кездеседі. Аласа төбелі жазық (200 м) рельефі қалыптасқан. Елдің шығыс және солтүстігін аласа таулар және қыратты жалдар (биіктігі 300-400 м, Суоменселькя, Кайнунселькя, Манселькя, Оуменселькя), қиыр солтүстік-батысын Скандинавия тауларының сілемдері [елдің ең биік жері Халтиатунтури (1324 м) осында] алып жатыр. Орталық және оңтүстік бөліктерінде көлдік үстірт қалыптасқан. Геологиялық құрылысы жөнінен Финляндия жері Балтық қалқанының құрамына кіреді, сондықтан да мұнда кристалдық және метаморфтық жыныстар (гранит, кристалдық тақта тас, гнейс, кварциттер) мол тараған. Қазіргі рельефінің қалыптасуына көптеген тектоникалық жарылыстар, төрттік мұз басулар, теңіз трансгрессиясы тікелей әсер етті. Климаты қоңыржай континенттік; оңтүстік шетіне жақындаған сайын теңіздік климат басымырақ байқалады. Қысы суық, бұлтты, қарлы. Суық айларының орташа температурасы - 15°С; оңтүстігінде - 2°С (Аланд аралдарында). Жазы салқын, тұманды, шілдеде 12-16°С; оңтүстігінде 17-18°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 400-500 мм (солтүстігінде) және 600-650 мм (оңтүстігінде). Жауын-шашынның көпшілік көлемі жазда және күзде түседі. Солтүстік бөлігіне келетін жалпы жауын- шашынның 40%-тен астамы және оңтүстігіндегісінің 30%-ке жуығы қар күйінде түседі. Ағын сулары қар-жаңбыр суынан қоректенеді; өзендері негізінен шағын, бірақ мол сулы келеді. Ірі өзендері - Кеми-Йоки (ұзындығы 550 кме), Кюмин-Йоки, Кокемяен-Йоки, Оулун-Йоки. Финляндия территориясының 8%-ке жуығын көл айдындары алып жатыр; жалпы саны 60 мыңға жуық. Көпшілігі елдің оңтүстік бөлігінде. Бастылары: Сайма (Үлкен Сайма), Пяйянне, Инари, Үлкен Калла, Оулуярви. Жері негізінен құм және саз топырақты болып келеді. Қарашіріндісі аз күлгін топырақ қабаты да көп тараған. Қиыр солтүстігінде тундралық глейлі, солтүстігінде глейлі күлгін, орталық жағында нағыз күлгін, оңтүстігінде шым күлгін, батпақ, топырақ қабаттары кездеседі. Жерінің көпшілік бөлігінде қылқан жапырақты тайга орман өседі. Оңтүстік және оңтүстік-батысында ғаяа аралас орман алқабы қалыптасқан. Ормандылығы жөнінен (территориясының 72%-і) Финляндия Батыс Европада 1-орын алады. Жалпы ағаш қоры 1,5млрд. м3. Әсіресе елдің шығыс жағы ағаш қорына бай келеді. Орманында қарағайлы қылқан жапырақты (орманның 57%-і) және шыршалы (28%) алқаптарының үлесі басым. Орманды өңірі батпақты (Финляндия жерінің 33%-і) келеді. Финляндия фаунасы Палеарктикалық облыстық Европа-Сібірлік өңір құрамына кіреді. Ормандық жануарлар басым тараған. Бұлан, түлкі, борсық, қасқыр, қоңыр аю, сілеусін, құстардың көптеген түрлері кездеседі. Су айдындары балыққа бай.

Халқының 93%-і финндер. Олардан басқа шведтер, саамдар, орыстар т. б. тұрады. Финляндия - Европадағы халық өте сирек қоныстанған елдердің бірі. Тұрғындары негізінен елдің оңтүстік бөлігінде қоныстанған. Орташа тығыздығы 1 м2-ге 13,9 адамнан (1974). Мемлекеттік тілі - финн және швед тілі. Діни нанымға сенушілердің көпшілігі - лютерандықтар. Еңбек етуші халықтың 40%-і өнеркәсіп салаларында еңбек етеді. Қала халқы 52%. Маңызды қалалары - Хельсинки, Турку, Тампере.

Тарихы. Мұз дәуірінен кейінгі кезде-ақ Финляндия жерін адам мекендеген (мезолиттік Аскола мәдениеті, б. з. б. 8-мың жылдық). Б. з. б. 2-мың жылдықта Шығыс Прибалтика тайпаларының біразы оңтүстік-батыс Финляндияға ығысып, онда мал өсірумен және егіншілікпен айналысқан. Қола дәуірінің аяқ шенінде Скандинавиямен және шығыс аймақтармен сауда-саттық басталды. Темір дәуіріне көшу (б. з. б. 1-мың жылдықтың басы) Балтық жағалауындағы финн тайпаларының Оңтүстік-Батыс Финляндияға қоныс аударуымен тұстас келді. Б. з. 5 ғасырына таман финн тайпалары негізінен екі аймаққа: еми (хаме)орталық және суми (суоми) - оңтүстік-батыс аймаққа шоғырланды. 7 ғасырда финндер Пяйянне көлдеріне, ал екі ғасырдан кейін Саймы өзеніне дейін жетті. Б. з. 1-мың жылдығы аяғында Карель мойнағы мен Ладога көлінің солтүстік жағалауын карелдер мекендеді. Пори-Тампере-Миккели межесінен солтүстікке қарай саам тайпалары (саамдар) көшіп-қонумен болды.

Норман жорықтары Финляндияға тікелей дарыған жоқ; алайда Балтық жағалауында зкономикалық өмірдің жалпы жандануы, шведтердің көрші отыруы, «варягтан грекке» баратын жолдың жақын өтуі финн тайпаларының дамуына үлкен әсер етті. 9 ғасырда Аурайоки өзен сағасында айырбас сауда жүргізетін аса ірі Коройнен пункті пайда болды. Финляндияның басқа аймақтарында да сауда қоныстары орнықты. 12 ғасырдың ортасынан швед феодалдары Финляндияны жаулап ала бастады. 1-крест жорығында (1155 немесе 1157) шведтер елдің оңтүстік-батыс жағалауын басып алып, сумь тайпаларын бағындырды. 2-крест жорығында (1249) емь тайпалары шведтер қол астына өтті, сөйтіп Финляндияның оңтүстік, оңтүстік-батыс жағалауын жаппай отарлай бастады. Бұдан соңғы 30 жыл ішінде Финляндия Швеция корольдығының құрамына түгел еңіп болды. Швед басқыншылары ру-тайпалық құрылыстың ыдырап, бірте-бірте феодализмге өту процесін тездетті. Тайпалық ескі шекаралар негізінде Финляндия әкімшілік бөліктерге бөлінді.

16 ғасырда швед корольдығы өзінің Финляндиядағы жер иелерін онан әрі кеңейтті: реформацияға байланысты католиктік шіркеу жері кесілді, финн шаруаларының жері онан әрі азайтылды. 1542 жылы Финляндияның бос жатқан барлық жерлері швед королының меншігі деп жарияланды да, солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтар кеңінен игеріле бастады. Балтықтағы сауданы король порттарына қарай бұру мақсатымен 1550 жылы Гельсингфорс (Хельсинки) қаласы салынды. Швецияның үздіксіз соғыстары Финляндияны қатты тұралатты, сауда-саттық ісі құлдырады, феодалдардың озбырлығы күшейді, алым-салық көбейді, әскерге еріксіз кісі алу тым етек алып кетті. Осының бәрі шаруаларды қатты күйзелтті. Бұған қарсы наразылық ретінде Финляндия тарихындағы аса ірі шаруалар соғысы [Шоқпар соғысы (1596-1997) деп аталадыі болды.

17 ғасырдың орта шенінен бастап Финляндияны шведтендіру процесі мықтап күшейді. Карл XI тұсында бұл аймақ метрополиянық қатардағы губерниясына айналды. Жергілікті басқару органдары жойылып, финн тілі әкімшілік мекемелер мен мектептерден аласталды. Ұлттық езгі финн топтарының наразылығын күшейте бастады. Солтустік соғыс (1700-1721) Финляндия экономикасын қатты күйзелтті. 1710 жылдан бастап соғыс қимылдары Ф. жеріне көшті. Напуэ іргесіндегі шайқастан (1714) кейін елді орыс әскерлері басып алды. Ништадт бітім шарты (1721) бойынша, басқа жерлермен қатар Оңтүстік-Батыс Карелия және Выборг Россия қарамағына өтті.

Швеция Солтүстік соғыстан әлсіреген жағдайда «Финляндия мәселесі» алғаш рет күн тәртібіне қойылды. Швед риксдагыңдағы депутаттардың 7-і ғана Финляндия өкілдері болғанымен, олардың экономикалық және ұлттық кемсіту - шілікке қарсы күресі барған сайын елеулі күшке айналды. Финндердің Швецияға қарсы пиғылдары Россия тарапынан қолдау тапты. 1741-1743 жылдардағы орыс-швед соғысын аяқтаған Або бітім трактаты (1743) бойынша, Оңтүстік-Шығыс Финляндия Россия қарамағына көшті. Финляндияның басқа жері бұрынғысынша Швеция қол астында қалды да, швед үкіметі оған метрополияның шикі зат қоры деп қана қарады. Мұның өзі Финляндияда швед үстемдігіне қарсы пиғылдарды онан әрі күшейтті. 1788-1790 жылдардағы орыс-швед соғысы кезінде Швецияға қарсы қозғалыс әбден шегіне жетті.

1808-1809 жылдардағы орыс-швед соғысынан кейін Финляндия Россияға қосылды. Патша өкіметі Финляндияға едәуір кең ішкі автономия берді. Мемлекеттік басшысы (Финляндия ұлы князы) Россия императоры болып есептелді; оның Финляндиядағы өкілі - генерал- губернатор жергілікті үкімет (үкіметтік совет, 1816 жылдан) - сенат председателі, болды. Финляндияның ең жоғарғы әкімшілігі тікелей патшаға бағынды. 4 сословиелі сейм патшаның ырқымен шақырылды. 1811 жылы Финляндияға, Выборг губерния қосылды. Елдің экономикалық жағынан тез дамуына жағдай жасалды. 19 ғасырдың 20 жылдары ағаш кесу, кен өнеркәсібі өрге басты, Россия мемлекеті кен өндірісіне едәуір капитал қосты. 40 жылдары тоқыма өндірісінде өнеркәсіп төңкерісі жасалды. Кәсіпкерлік және табиғат байлықтарын пайдалану бостандығына шек қою жойылғаннан (1857-1868) кейін, Финляндияда капиталистік қатынастар түпкілікті жеңіске жетті.

1815 жылы Қасиетті одақ құрылып, легитивтік тәртіптер нығайғаннан кейін, патша өкіметі Финляндияны жан-жақты қыспаққа ала бастады. Заң жүзінде автономия сақталғанымен, іс жүзінде Финляндияда саяси реакция орнады: 1863 жылға дейін сейм шақырылған жоқ, цензура күшейді, «пиғылы басқалар» қудаланды; 1850 жылы финн тілінде ауыл шаруашылық және діни әдебиеттен басқа кітаптар шығаруға тыйым салынды. Финн ұлтының қалыптасуына байланысты ұлттық мәдениетті дамыту, финн тілін швед тілімен теңеу жолындағы қозғалыс өріс алды. 1848 жылы Европада болған революциялардың және жалпы россиялық революция-демократиялық қозғалыстың ықпалымен жер-жерде шығып жатқан көтерілістерден қорқып, 1863 жылы патша өкіметі финн сеймін шақыруға, финн және швед тілдерін тең праволы деп жариялауға мәжбүр болды, Финляндияда бірқатар буржуазия реформалар жүргізді.

80 жылдардан бастап патша үкіметі Финляндияның автономиялық праволарын қайта тежеді, ал 90 жылдары Россия империясы құрамындағы Финляндияның ерекше статусын толық жоюға бағыт алды. 1903 жылы - Финляндия генерал губернаторының төтенше өкілдіктері туралы патша указы Финляндияда әкімшілік езгі мен жандармдық озбырлықты мықтап күшейтті. Демократиялық күштер бұған қарсы тұрды. Алғашқы кәсіпорындар мен жұмысшылардың басқа да ұйымдары құрылды. 1899 жылы Финн жұмысшы партиясы ұйымдасты (1903 жылдан - Финляндия с-д. партиясы, ФСДП), 1905 жылы 9(22) қаңтарда Петербургте болған қанды оқиғаларға жауап ретінде Гельсингфорс (Хельсинки) жұмысшылары 11 (24) қаңтарда митинг өткізді; сол жылы 30 қазанда жұмысшылар орыс пролетариатымен ынтымақтастығын білдіріп, ереуіл жариялады. Қозғалыс бүкіл Финляндияны қамтыды. Қазан-қарашада Гельсингфорста, Таммерфорста, Выборгте т. б. қалаларда революция-демократиялық ұрандар көтерген митингілер болды. 1 қарашада Таммерфорста жұмысшылар финн пролетариатының программалық документі - Таммерфорс манифесін («Қызыл манифест») қабылдап, уақытша үкімет сайлау, демократия конституция қабылдайтын Құрылтай жиналысын шақыру талабын қойды. Революция Оқиғалардың қыспағымен патша 1906 жылы 20 маусымда сөйм қабылдаған Финляндия конституциясын бекітті. В. И. Ленин айтқандай, бұл жаңа конституция Финляндия жұмысшы бұқарасын ұйымдастыру үшін еркін жағдайлар жасады, орыс және финн пролетариатының бірлескен күресінің ірі жеңісі болды.

1906 жылы Финляндияда жаңа саяси партиялар құрылды (Швед халық партиясы, Аграрлық одақ т.б.). Финляндия социал-демократиялық партиясының (ФСДП) О.В.Куусинен мен П.Сирола бастаған сол қанаты 1906-1907 жылдары ереуіл қозғалысына қатысты (Таммерфорс мануфактурасындағы 2 айлық ереуіл, ағаш ағызушылар ереуілі, Гельсингфорс металшыларының 4 айлық ереуілі, ауыл шаруашылық жұмысшыларының, солдаттар мен матростардың ереуілдері т.б.). Революция қозғалыстың өрге басуы 1907 жылы 15-16 наурызда болған алғашқы сейм сайлауына қатты әсер өтті; мұнда ФСДП 200 орыннан 80 орын алды. Осы тұста Финляндия кәсіподақтары орталық бірлестігінің құрылтай съезі болып өтті. 1916 жылғы парламент сайлауында с.-д. сеймнен 103 орын алды (200 орыннан). 1917 жылы Россияда болған Февраль революциясы Финляндияда саяси белсенділіктің онан әрі артуына жағдай туғызды. Наурыздың 16-сынан 17-сіне қараған түні Балтық флотының матростары және Гельсинг-форс пен Свеаборгте тұрған әскер бөлімдерінің солдаттары көтеріліс жасады. Сол айдың аяғында РСДЖ(б)11 Гельсингфорс комитеті құрылды. 1917 жылы маусымда болған ФСДП съезі О. В. Куусиненнің ұсынысы бойынша Финляндияға тәуелсіздік беру туралы талап қойды. Россиядағы Октябрь революциясы финн халқына тәуелсіздік әперді. 1917 жылы 6 желтоқсанда сейм Финляндияны тәуелсіз мемлекет деп жариялау туралы декларация қабылдағаннан кейін; РСФСР Халкомсовы Финляндияның тәуелсіздігін таныды (1917 жылы 31 желтоқсан).

Россиядағы Октябрьлық революциясы Финляндияда революция қозғалыстың дамуына күшті әсер етті. 1917 жылы 13 қарашада Гельсинфорста жаппай ереуіл басталып, көп кешікпей ол бүкіл Финляндияны қамтыды. Ел ішінде революция жағдай туды. Жұмысшылар қаруланып, Қызыл гвардия отрядын құрды. Көптеген калалар мен өнеркәсіп орталықтарында өкімет билігі іс жүзінде жұмысшылардың қолында болды. Алайда ФСДП басшыларының революция жолына түсуге батылы бармады. Сейм 8 сағаттық жұмыс күні туралы заң қабылдап, жұмысшылардың кейбір демократиялық праволарын кеңейткеннен кейін, 19 қарашада жаппай ереуіл тоқтатылды. 1917 жылы 26 қарашада сейм. буржуазия сенат құрамын бекітіп, революция қозғалысты басуға кірісті. Германияның жәрдемімен қаруланған ақ гвардия құрылды. 1918 жылы 16 қаңтарда сенат патша армиясының бұрынғы генералы К.Г.Маннергеймді ақ гвардия бас қолбасшысы етіп тағайындады.

Халық бұқарасы реакцияшыл күштердің озбырлығына шыдай алмады. ФСДП советі (1918 жылы 19-22 қаңтар) ел ішіндегі оқиғаларды революция жағдай деп танып, бұдан туатын тиісті шараларды жүзеге асыру жөнінде партия Аткомына өкілдік берді. 28 қаңтарға қараған түнде Финляндияда революция басталды. Гельсингфорс пролетариаты үкімет мекемелері мен банкілерді басып алды. Елдің бүкіл оңтүстік бөлігінде ақтардың қарсылығы қысқа мерзім ішінде тойтарылды; 28 қаңтарда революция үкімет - Халық өкілдері советі құрылды. 29 қаңтарда ол демократиялық революция программасын белгілеген декларация жариялады. 1918 жылы 1 наурызда Петроградта РСФСР мен Финляндия социалистік жұмысшы республикасы арасындағы достық пен туысқандықты нығайту туралы шартқа қол қойылды. Революцияны басу үшін буржуазия Германия империалистерінен жәрдем сұрады. Майдың басында ақ гвардия мен неміс әскерлерінің біріккен күші Финляндиядағы революцияны басып-жаныштады. 1918 жылы 15 мамырда финн парламенті Советтік Россиямен қарым-қатынасты үзгенін мәлімдеді. Финляндия революциясы жеңілгенімен, оның зор маңызы болды. ФСДП-нің таңдаулы өкілдері революциядан сабақ алып, марксистік партия құру қажеттігі туралы қорытындыға келді; сөйтіп 1918 жылы 29 тамызда ФСДП-нің сол қанаты негізінде Финляндия Коммунистік партиясы (ФКП) құрылды.

1918 жылы 18 мамырда сейм жоғағы өкімет билігін П.Свинхувудқа (1917 жылы 26 қарашада сенат басшысы болып сайланған) беріп, оны мемлекеттік регенті деп жариялады. Ел ішіндегі революция қозғалысты біржолата басу үшін үкіметке төтенше өкілдіктер беру туралы заң қабылданды. Бірақ осы тұста Германия 1-дүние жүзілік соғыста жеңіліп, 1918 жылы күзде онда революция бұрқ өте түсті. Герман әскерлері Финляндияны тастап шықты. Германшыл регент П.Свинхувуд орнынан тайды. 12 желтоқсанда К.Г.Маннергейм мемлекеттік регенті болып сайланды. Сейм сайлауында (1919 жылы наурыз) монархияшылар 50, республикашылар 150 дауыс болды. Финляндия республика болып жарияланды (1919 жылы 17 шілде). Өкімет басына келген реакцияшыл күштер бірден-ақ Совет еліне қарсы саясат ұстады. 1919 жылы ақ финдер Эстонияда Совет өкіметін құлатуға қатысты, 1918-1921 жылдар Советтік Карелияға әлденеше рет шабуыл жасады. Ақыры 1922 жылы ақпанда ақ финдер толық талқандалды.

1929-1933 жылдар дүние жүзілік әкономикалық дағдарыс Финляндияны да қамтып, шаруашылығын қатты шайқалтты. Реакцияшыл таптар елде террорлық диктатура орнатуға бағыт ұстады. Фашистік әлементтер бас көтерді. 1931 жылы 24 қазанда сейм антикоммунистік заңдар қабылдады. 1932 жылы «Патриоттық халық қозғалысы» атты фашистік партия қалыптасты (1944 жылға дейін өмір сүрді). 1932 жылы Финляндия өзара тиіспеу және даулы мәселелерді бейбіт жолмен реттеу туралы СССР-мен шарт жасасты (1934 жылы бұл шарт тағы 10 жылға созылды). Бірақ финн үкіметі шарт бойынша қабылдаған міндеттемөлерін орындамады, қайта СССР-ге жау империалистік топтардың шашбауын көтеріп, Совет еліне қарсы ашықтан-ашық дұшпандық саясат жүргізді. Мұның өзі Совет- Финляндия соғысына (1939-1940) әкеліп соқты да, онда Финляндия жөңілді. 1940 жылы 12 наурызда Москвада Совет-Финляндия бітім шартына қол қойылды, онда Финляндия бейбітшілік сақтауға бағытталған бірқата  міндеттемелер қабылдап, СССР-ге қарсы одақтарға қатыспауға серт етті. Бірақ іле-шала Финляндияның реакцияшыл топтары СССР-ге қарсы жаңа соғысқа әзірленді. 1940 жылы күзде Финляндия жеріне неміс әскерлері орналаса бастады. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия СССР-ге шабуыл жасағаннан кейін Финляндия үкіметі Совет Одағына қарсы соғыс жариялады (1941 жылы 26 маусым). 1941 жылы 25 қарашада Финляндия «Антикоминтерндік пактіге» қосылды. 1944 жылы қыркүйекте Совет Армиясының жеңістері нәтижесінде Финляндия фашистік Германиямен жақтастығынан шығып, оған қарсы соғыс ашты. Прогресшіл күштер Финляндияны бейбітшілік сүйгіш, демократиялық елге айналдыруға ұмтылды.

1946 жылы наурызда Ю.К.Паасикиви Финляндия президенті болып сайланды. Демократия қозғалыстың өрге басуы жағдайында М. Пеккала үкіметі құрылып (1946 жылы 26 наурыз), ол СССР-мен достық ынтымақ және өзара көмек туралы шарт жасады (1948 жылы 6 сәуір). Финляндияға көп жеңілдік берген бұл шарт екі ел арасындагы достық және тату көршілік қатынастардың берік негізін қалады. 1950 жылы үкімет басына У.К. Кекконен келіп, СССР-мен әкономикалық және мәдени байланыстарды нығайту бағытын ұстады. 1955 жылы екі ел арасындағы Достық, ынтымақ және өзара көмек туралы 1948 жылғы шартты тағы 20 жылға ұзарту туралы протокол мен Совет Одағының Парккала-Удд жерін әскери-теңіз базасы үшін пайдалану правосынан бас тартатыны және бұл жерден совет әскерлерін шығару жөніндегі келісімге қол қойылды. 1955 жылдың аяғында Финляндия БҰҰ-ға қабылданды. Солтүстік одаққа енді. 1956 жылы қаңтарда У.К. Кекконен президент болып сайланды.

Соғыстан кейінгі кезеңде Финляндия СССР-мен достық қатынастарды онан әрі нығайтуға бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. 1969-1976 жылдар Финляндия мен Совет Одағы арасында бірқатар экономикалық, ғылыми, техникалық сауда және мәдени келісімдер мен шарттар жасалды. 1970 жылы СССР мен Финляндия арасындағы Достық ынтымақ және өзара көмек туралы 1948 жылғы шарт мерзімін ұзарту туралы 2-протоколға қол қойылды. 1963 жылы 28 мамырда Финляндия президенті У. Кекконен Солтүстік Европа елдерінің жерін ядролық қарусыз аймақ деп жариялау туралы ұсыныс жасады (1967 жылы ұсынысын тағы қайталады). 1963 жылы 8 тамызда Финляндия үш сферада ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы Москва шартына қол қойды. 1968 жылы 1 шілдеде Финляндия ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. 1969 жылы мамырда Финляндия үкіметі Бвропадағы ынтымақ пен қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес шақыру туралы бастама көтерді. 1973 жылы мамырда Финляндия Экономикалық өзара көмек советімен ынтымақ туралы келісім жасады. Финляндия үкіметі 1975 жылы 30 шілде-1 тамызда Хельсинкиде Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақ жөніндегі кеңестің Қорытынды актісіне қол қойды (1965 жылға дейін Аграрлық одақ), 1906 жылы құрылған. Финляндия халқының демократиялық одағы, 1944 жылы құрылған. Ұлттық коалиция партиясы, 1918 жылы құрылған. Швед халық партиясы, 1906 жылы құрылған. Либералдық халық партиясы, 1965 жылы құрылған. Финляндия коммунистік партиясы, 1918 жылы құрылған. Социалистік жұмысшы партиясы, 1973 жылы құрылған. Финляндия кәсіподақтарының орталық ұйымы, 1969 жылы құрылған. Финляндия - СССР қоғамы, 1944 жылы құрылған.

Экономикасы. Финляндия - индустриялы аграрлық капиталистік ел. Өнеркәсібінің жетекші салалары капиталистік монополиялардың қарамағында (елдегі өнеркәсіп өнімінің 75%-і 50 ірі монополияның бақылауында). Шаруашылығының негізгі салалары елдің орман қорына негізделе қалыптасқан. Финляндия - дүние жүзіндегг ағаш және оның өнімдерін экспортқа шығарушы басты елдердің бірі Тақтай, қағаздық масса және қағазды әкспортқа шығару жөнінен Финляндия капиталистік елдер арасында 3-орын алады. Экономикасында жылдан-жылға мемлекет және жартылай мемлекеттік кәсіпорындардың үлесі артуда. Ауыл шаруашылық маңызы бар жерінің 30%-ке жуығы, орман алқабының 31%-і мемлекеттік қарамағында. СССР-мен арадағы әкономикалық байланыстардың негізінде ауыр өнеркәсіп салалары (кеме жасау, электротехника т. б.) дамуда.

Өнеркәсібі. Ұлттық табыстағы өнеркәсіп үлесі ауыл шаруашылығына қарағанда 3 есе артық. Өнеркәсіп өндірісінің мөлшері 1974 жылы 1,7% артты. 1974 жылы өндірістік заттар шығару 2,4%-ке, тұтыну товарлары 2,5%-ке өсіп Мемлекеттік сектордың өнеркәсіптегі үлесі 20%. Ағаш өңдеу өнеркәсібі басым дамыған. Целлюлоза-қағаз, фанер, мебель т. б. ағаш өңдеу өндірісі жалпы өнеркәсіп өнімінің, әкспорттың 60%-ін береді. Ағаш өңдеу өнеркәсібінің ірі орталықтары - Валкеакоски, Котка, Кеми, Пори, Оулу, Лахти. 1975 жылы елде 28,8 млрд. квт-сағ электр әнергиясы, 1356 мың т шойын, 1656 т болат, 1130 мың т прокат, 39,0 мың т мыс, 985 мың т күкірт қышқылы, 1419 мың т тыңайтқыш, 2212 мың т цемент, 4099 мың т целлюлоза, 3608 мың т қағаз, 550 мың м3 фанер өндірілді. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін түсті және қара металлургия, машина жасау, әлектротехникалық өнеркәсіптері қалыптасты. «СССР-Финляндия» газ құбыры іске қосылды. СССР көмегімен үш АЭС салынуда. Тақтай тілу және целлюлоза, қағаз өнеркәсібінің жабдықтары, ауыл шаруашылық машиналары, тепловоз, вагон, автомобиль, кеме жасау (Хельсинки, Тампере, Турку қалаларында), кабель з-ды (Нокиа), химия (Оулу, Турку, Хельсинки, Тампере, Харьявалта қалаларында), мұнай айыру, мата тоқу, тамақ, былғары-аяқ киім, трикотаж (Хельсинки, Порва, Тампере т. б. қалаларында) өнеркәсіп орындары бар.

Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығының үлесі басым; бұл сала ауыл шаруашылығының бүкіл жалпы өнімі құнының 80%-ке жуығын береді. Территориясының 9%-ке жуығы ғана өңделеді, негізінен елдің оңтүстік-батыс жағында. Егіншілік мал шаруашылығына қосалқы сала ретінде қалыптасқан. Ауыл шаруашылық жерінің 80%-ке жуығына мал азық дақылдары, шөп егіледі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 1974 жыл Финляндия ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3%-ке азайды. 1974 жылғы жиналған ауыл шаруашылық өнімдері (мың т): бидай 622, қара бидай 81, арпа 1242, сұлы 1450, картоп 680, шөп 2171, сүт 3126, сары май 74, сыр 56, ет 245. 1974 жылғы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 1843 (оның ішінде сауын сиыр 794), шошқа 1036, қой 124, құс 7781. Елдің солтүстік бөлігінде бұғы шаруашылығы (200 мың, 1974) дамыған. Орман шаруашылығы - Финляндия экономикасының ежелгі саласы. Жылына 50 млн.м3-дей ағаш дайындалады.

Транспорты. Елдің ішкі жүк тасымалында темір жол транспортының үлесі басым. Темір жолының ұзындығы 5,7 мың км автомобиль жолының ұзындығы 39,9 мың км (1970). Автопаркінде 1028 мың автомашина, оның ішінде 894 мың жеңіл автомобиль бар. Сауда флотының тоннажы 1624 мың брутто рег. т (1974). Басты су жол жүйелері - Сайма, Пюхяярви, Пяйянне көлдік жүйелер. Теңіз транспорты негізінен елдің сыртқы сауда жүк айналымын (85%-тен астамын) іске асырады. Ірі теңіз порттары - Хельсинки, Котка, Турку, Пори.

Экспортының 2/3-сі ағаш, тақтай, целлюлоза, қағаз үлесіне келеді. Сыртқа ағаш және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерін, кеме, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі жабдықтарын, әлектр техникалық бұйымдарын, қара және түсті металдар, сүт өнімдерін шығарады; өзі басқа елдерден машина және жабдықтар, отын, мата әкеледі. Басты сыртқы сауда серіктестері: Швеция, Ұлыбритания, ГФР, СССР. Ақша өлшемі - финляндия маркасы.

Денсаулық сақтау ісі. 1973 жылы 1000 тұрғынға шаққанда адамның тууы 12,2, адам өлімі 9,3, әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 10,1 (1970). Өмірдің орташа ұзақтығы ерлер үшін 66, әйелдер үшін 73,6 жас. Өлімнің негізгі себебі - жүрек қан тамыр жүйесінің аурулары, қатерлі ісік, жарақаттану. Инфекциялы аурулардан грипп, венералық аурулар, туберкулез, балалар инфекциясы тараған. Елде 1972 жылы 60,6 мың төсектік 746 аурухана (1000 тұрғынға 14,8 төсек) болды. Оның 56,1 мың төсектік 689 ауруханасы үкімет қарамағында. Ауруханадан тыс медицина көмекті жалпы практик және маман қызметкерлер өз кабинеттерінде көрсетеді. 1973 жылы 5,8 мың дәрігер (800 тұрғынға бір дәрігер), 3 мың тіс дәрігері, 4,6 мың фармацевт және 32 мың орта білімді медицина қызметкерлер болды. Дәрігерлер Хельсинки, Турку және Оулу университеттерінің медицина факультетінде даярланады. Денсаулық сақтау ісіне 1,043 млн. марка жұмсалды (1972).

Оқу-ағарту ісі. Ағарту ісіне басшылықты Оқу министрлігі жүзеге асырады. Мектептерде оқу финн, швед тілдерінде жүреді. Мемлекеттік мектептермен қатар жеке меншікті мектептер де бар. 1968 жылғы заң бойынша 9 жылдық негізгі мектеп жұмыс істейді. Толық орта білім беретін лицейдің жоғары кластары - гимназиялар. 1974-1975 оқу жылында міндетті оқумен 673 мыңға жуық оқушы қамтылды. 1972-1973 оқу жылында гимназияларда 320 мыңға жуық оқушы оқыды. Кәсіптік білімді мемлекеттік, муниципалдық және жеке меншікті кәсіптік училищелер мен мектептер, арнаулы орта білімді институт деп аталатын оқу орындары береді (техника, медицина, сауда). 1972-1973 оқу жылында кәсіптік және арнаулы орта оқу орындарында 111,9 мың окушы болды. 1975-1976 оқу жылында Финляндияда 17 жоғары оқу орнында 75 мыңнан астам студент оқыды. 8 университет бар (Хельсинки, Турку, Тамперө, Швед унивесритеттері т. б.).

Ірі кітапханалары: Хельсинки кітапханасы (1640 жылы құрылған, кітап қоры 1,6 млн. дана), Хельсинки қалалық кітапханасы (1860; 873 мың дана). Музейлері: Хельсинкидегі Ұлттық музей, қалалық музей, Хельсинки университетінің Зоологиялық музейі, Туркудегі тарихи музей, бейнелеу өнері музейі және Ян Сибелиус музейі.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Қоғамдық ғылымдар негізінен финн тарихын зерттеумен шұғылданады. Бұл салада көптеген тарихи материалдар жинақталған. Философия мен экономика ғылымында жаңа бағыттар дамып келеді. Оның ішінде прогрестік зерттеулер көрнекті орын алады.

Жаратылыс тану, техника ғылымы 17-18 ғасырларда Абода университеті (Туркуде, 1640) құрылуына ботаник П. Калм (солтүстік Американың флорасы жөніндегі еңбек, 1753-1761), химик, минералог Ю.Гадолин (гадолинит минералы мен жерде сирек кездесетін гадолиний әлементін ашқан) сияқты ғалымдардың қызметіне байланысты дами бастады. Ғылыми зерттеу жұмысы Финляндия Россияға қосылғаннан кейін қауырт күшейе түбті; университет кеңейтіліп, 1828 жылы Абодадап Хельсинкиге көшірілді. 1838 жылы Финляндия метеорологиялық институты құрылды. 1842 жылы Хельсинкиде құрылған политехникалық институт елдегі маңызды ғылыми-зерттеу орталығына айнадды. 19 ғасыр 1-жартысында Н. Шультеннің алгебра, Г. Хельстрем (Финляндия ғылыми қоғамын ұйымдастырушылардың бірі) мен И.Нервандердің физика және метеорология жөніндегі еңбектері, Финляндия Аргеландердің астрономия саласындағы зерттеулері жарияланды. Сондай-ақ 1845-1856 жылдар Сайменский каналын салу ірі техника жетістік болды.

19 ғасыр 2-жартысында Финляндия ғылымы физика-математика саласында елеулі жетістіктерге ие болды. Бұл Э.Р.Неовиустың сызба және дифференциалдық геометриясы, Р.Я.Меллиннің функциялар теориясы, А.Доннердің астрономия жөніндегі зерттеулерінің нәтижелері болатын. 1882 жылы Финляндия ғалымдары К. Леместремнің басшылығымен Халықаралық поляр жылындағы метеорологиялық бақылаудың кең программасын жүзеге асырды. Биологияда Б. Нюландердің, Э. Вайнионның (лихенология), С. Хульттың (геоботаника), К.Хирнның (альгология), К.М.Левандердің (гидробиология) еңбектері көрнекті орын алады. 19 ғасырдың аяғында И.Палменнің құстардың миграциясы және салыстырмалы анатомия, О. Рейтердің әнтомология жөніндегі еңбектері жарияланды. Финляндияда медицина ғылымын дамытуда физиология жөніндегі оқулықтың (1897-1898) авторы Р. Тигерстедт, анатомдар Э. Бондсдорф және З. Хомен, терапевт И. Рунеберг, хирургтер Я. Эстлнадер мен Ф. Крогиус зор роль атқарды. Н. Г. М. Гротенфельдтің егістік пен шабындық, К.Г.М.Гротенфельдтін мал тұқымын асылдандырудың селекциясы жөніндегі еңбектері Финляндия ауыл шаруашылығын ғылыми негізде қайта құрудың бастамасы болды.

1908 жылы Хельсинкиде Финляндия ғылым академиясы, Жоғары техника училище құрылды. Жаратылыс тану мен техника ғылымдарының дамуына ғылым қоғамдарының (медицина, геология, география, орман шаруашылығы т. б.) ұйымдастырылуы, институттардың (геодезия, биохимиялық зерттеулер т. б.) құрылуы және Турку, Тампереде университеттер ашылуы едәуір қолайлы жағдай туғызды. 20 ғасырдың 1- жартысында функциялар теориясы жөнінде финн мектебінің негізін қалаушы Э. Линделевтің және астроном К. Сундманның еңбектері көрнекті орын алады.

Қазіргі замандағы ғылыми-техникалық революцияда Финляндияда ғылыми-зерттеу ісін ұйымдастыруда мемлекеттік ролі барған сайын артып келеді. Оулуде (1959), Куопиода (1966) жаңа универитеттер, Лаппенрантта (1969) техника университет ашылды. Финляндия үкіметі жанындағы Ғылыми совет пен Финляндия академиясы (1970 жылы құрылған) ғылыми консультативті және үйлестіру органдарының функциясын атқарады. Математикада халықаралық танымға ие болған еңбектер - Р.Г.Неванлиннің мероморфтық функциялардың жалпы теориясы, П.Ю.Мюрбергтің аутоморфты функциясы мен сандар теориясы еңбектері. П. Яухоның басшылығымен ядролық физика мен әнергетика жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Финляндияда 1975 жылы барлығы 95 мың ғылыми қызметкер, инженер және 400 ғылыми мекеме болды.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. 1976 жылы Финляндияда күнделікті 20 газет шығарылды. Оның негізгілері «Хельсингии саномат» (Хельсинки жаңалықтары) күнделікті шығатын буржуази газет, 1889 жылдан Хельсинкиде (1904 жылға дейін «Пяйвялехти» деген атпен шықты) шығып келеді. «Суомен сосиали-демократти» (Финляндия социал-демократы) -күнделікті газет, 1918 жылдан Хельсинкиде шығады, Финляндия с.-д. партиясының орталық органы. Тиражы 43 мың дана. «Хювюдстадебладет» (Астана газеті) - швед тілінде шығатын күнделікті газет, 1865 жылдан Хельсинкиде шығады. Швеция халық партиясының органы (70 мың). Бірнеше апталық журнал бар. Финн телеграф бюросы 1887 жылы, финн радиохабар бірлестігі 1926 жылы құрылған. Телевизия 1957 жылдан жұмыс істейді.

Әдебиеті. Финляндия әдебиеті финн және швед тілдерінде дамып келеді. Финн фольклорының көне жанры рун (әпикалық, лирикалық, тұрмыс-салт жырлары), карель ауыз әдебиетінің үлгілеріне ұқсас келеді. Финляндияда орта ғасырларда балладалар туды. Халық прозасының үлгісі аңыз ертегілер болды. Финн әдеби тілінің негізін салушы М. Агрикола (1508 ж. ш. немесе 1510-1557) финн тіліне «Жаңа өсиетті», тағы басқа діни кітаптарды аударып, оларға алғы сөз жазды. Шведтердің Финляндия тілін ассимиляцияға ұшыратуы финн тіліндегі әдебиеттің дамуын тежеді. X. Г. Портанның (1739-1804) ағартушылық қызметі, Я. Ютейнидің (1781-1855) өлеңдері мен прозасы финн тіліндегі әдебиетті дамытуға зор ықпалын тигізді. 18 ғасырдың әдебиеті ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланыста дамыды. Швед тіліндегі әдебиет бұл кезеңде финн халқына тән ұлттық сипатқа ие болды. Романтик жазушы А. И. Арвидсон (1791-1858) әлеуметтік саяси өзгерістер жасауды қолдады. 1831 жылы құрылып, күні бүгінге дейінкеле жатқан «Финн әдеби қоғамы» фольклор жинау, кітап бастыру ісіне игі ықпалын тигізді. Э. Ленрот (1802-1884) халық эпосы «Калеваланы» (1835) жариялады, бұл жыр көптеген жазушылардың шығармаларына сюжет, образ, тіл көркемдігі жағынан әсерін тигізді. И. Л. Рунебергтің (1804-1877) поэзиясы мен И. В. Снельманның (1806-1881) публицистикасы әдебиеттегі елеулі құбылыс болды. Ц. Топелиустың (1818-1898) прозасында («Фельдшердің әңгімелері», 1853-1867 т.б.), Ю. Векселльдің (1838-1907) өлеңдері мен драмаларында («Даниэль Юрт», 1862 т. б.), А. Кивидің (1834-1872) романдарында («Жеті ағайынды» 1870 т. б.) буржуазия қоғамның ішкі қайшылықтары бейнеленген. Үстем тап өкілдерінің қиянатшыл, озбыр іс-әрекеті суреттелген. Киви творчествосында реалистік тенденция бой көрсетті. Романтик ақын К. Крамсудың (1855-1885) поэзиясында әлеуметтік сарын басым болды. 80-90 жылдарда реализм басты бағытқа айналды. М. Кант (1844-1897), Ю.Ахо (1861-1921), А.Ярнефельт (1861-1932), Ю.Эркко (1949-1906), Т. Паккал (1861-1925) т.б. еңбекші халық өмірін жырлады. 19 ғасырдың аяғында туған неоромантизм өкілдерінің (Э. Лейно 1878-1926; Е. Линнанкоски, 1869-1913, Л.Онерва 1882-1972 т.б.) шығармаларына тән қасиет антибуржуазия идея, буржуазия қоғамға дейінгі халық өмірі мен көркем өнердің формаларынан өздеріне қажетті идеалды табуға ұмтылу болды. Тап күресі шиеленісе түсуіне байланысты К. Каатрдың (1832-1928) т. б. поэзиясы революцияшыл мазмұнға толыға түсті. Юмористік әңгімелер мен комедиялардың («Тым ақылды», 1915, «Қайта тірілген адам», 1916 т. б.) авторы Майю Лассила (1868-1918) революция лагеріне келіп қосылды. М. Йотуни (1880-1943), И.Лехтонен (1881-1934), И.Кианто (1874-1970) творчествосы реализм арнасында дамыды. 1936 жылы Э.Диктуниус (1896-1961), А. Туртиайнен (1904 ж.т.), Э.Синерво (1912 ж.т.) т.б. «Кийла» антифашистік тобына бірікті; бұл топ пролетарлық поэзияның дәстүрлерін дамытты. Соғыстан кейінгі дәуірде Финляндия поэзиясында модернистік тенденция тарады. Прозада реализмнің позициясы нығайды. Роман жанры дәуірлеп өсті. Реалистердің шығармалары 1918 жылғы финн революциясына, соғыс трагедиясы мен фашистік террордың құрбандарына арналған. X. Вуолийокидің (1886-1954) публицистикасы мен драмалары, О.Паволайненнің (1903-1964) публицистикасы көзге түсті, В. Линн (1920 ж. т.) романдары, А. Эйки (1904-1965), А. Пурдгран (1908 ж. т.), И. Ларни (1909 ж. т.) В. Меридің (1928 ж. т.) т. б. әлеуметтік өткір шығармалары жарияланды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Финляндия территориясынан табылған ежелгі өнер ескерткіштері (мүсіншелер, таңбалы тастар, көзелер) тас дәуіріне саяды. 13 ғасырдан сәулет өнері жедел дами бастады (Турку-Або соборы, 13-15 ғ., Олавинлин қамалы, 1477). 16 ғасырда Швеция реформациясы ықпалымен негізінен ою-өрнекпен безендірілген ағаш шіркеулер (Кеурудегі шіркеу, 1758) салу өрістеді. Палтамодағы шіркеуге (1780) қолтаңбасын қалдырған кезбе кескіндемеші М. Топелиус Финляндияның тұңғыш суретшілерінің қатарына қосылды. Ағаш ұқсату, кесте тоқу, шекімешілік сияқты дәстүрлі халық өнері кең қанат жайған. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Финляндияда буржуазия қарым- қатынас пен ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің етек алуына орай мәдени өмір жандана түсті. Финляндияның жаңа астанасы Гельсингфорс (1812 жылдан Хельсинки) салынды. Гельсингфорсты сәулеттеуде арх. К. Энгель елеулі еңбек сіңірді. Осы кезеңде мүсінші Э. Кайнберг, суретшілер В. Финберг пен А. Лауреус Ф. бейнелеу өнерін қалыптастыруға ат салысты. 1846 жылы «Финн көркемсурет қоғамы» ұйымдастырылды. Ұлттық өнердің даму барысы Р.Экман, В.Холмберг творчествосынан көрініс берді. А. фон Беккер, К.Янсон, Б.Линдхолм, В.Вестерхолм шығармаларынан реалистік бағыт аңғарылды. 1880-1900 ж. А.Эдельфельт, Э. Ярнефельт, А. Галлен-Каллела, П. Халонен сияқты финн суретшілерінің творчествосы негізінде финн кескіндемесі жоғары дәрежеге көтерілді. 19 ғасырдың аяғында Галлен- Каллела, Ю. Рисанен, X. Шерфбек еңбектерінен мистикалық-символикалық ізденістер бой көрсетті. 1912 жылы М.Энкель бастаған жаңа импрессионистер тобы «Септем» құрылды. 1916 жылы Т. Саллиненнің басшылығымен әкспрессионистердің «Ноябрь тобы» ұйымдастіру нығая түсті. Финляндияның қазіргі ірі мүсіншісі В.Аалтонен туындылары көркемдік сапасының жоғары әрі идеялық мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. 19 ғасырдың аяғында финн архитектурасынан «ұлттық романтизм» ағымы (ірі өкілдері Э. Сааринен мен Л. Сонк) белең алды. 1930 жылдары жаңа классицизм (Хельсинкидегі Парламент үйі, 1931, арх. И. Сирен) мен конструктивизм (Паймиодағы санаторий, 1932, арх. А.Аалто; Хельсинкидегі стадион, 1940, арх. И. Ландгрён) ағымы қатар өрбіді. 60-70 жылдары тұрғын үй құрылысы мен ірі қала орталықтарын абаттандыру ісі (Хельсинки маңындағы Тапиола және Отаниемп тұрғын аудандары, арх. А. Аалто; «Финляндия» мәжіліс және концерт залы, 1971, арх. А. Эрви, Университеттің жаңа корпусы, 1958, екеуі де Хельсинкиде) кең етек алды.

Подпись: ФИНЛЯНДИЯ

О

г


Музыкасы. Финляндияның ежелгі музыка-поэтикалық фольклорына руналар (әпикалық, той-томалақ, әдет-ғұрып әндері) жатады. Финнің профессионалды музыкасының өзі руналармен сабақтас. Музыка әуендері негізінен пентатоникалық болып келеді. Ұлттық музыка аспаптары - кантеле (қазіргі түрлеріне 36 ішекке дейін тағылады; іліп тартылатын музыка аспап), иоухикко (ішекті, ысқылы) туохиторви (мүйіз керней) т. б. Профессионалды музыка католик дініне байланысты (григориан әні, органда ойнау) орта ғасырда өркендей бастады. Реформация кезеңінде протестант хоралы мен халық арасында діни әндер етек алды. 1557 жылы Туркуде сарай капелласы, 17 ғасырда қала музыканттарының цехы құрылды. 18 ғасырдың ортасынан музыкадан сабақ беру Туркудегі университетте (жетекшісі К. П. Леннинг) жүргізіліп, музыка өмір (музыка қоғам, шетел шеберлерінің концерттері) жандана түсті. Алғашқы финн композиторлары - Э.Тулиндберг, Б.X.Круселл (16 жасынан Швецияда тұрды, кларнетші әрі дирижер) Ф. Пациус («Король Карлдың саятшылығы» атты тұңғыш ұлттық операның авторы), Р. Фальтин мен М.Вегелиус (Хельсинкидегі консерваторияны ұйымдастырушылар, 1885), Р. Каянус (тұңғыш симфонилық оркестрді ұйымдастырушы, 1882). Финн композиторлары мектебінің негізін қалаушы Я. Сибелиус творчествосы дүние жүзілік даңққа ие болды. 19 ғасырдағы композиторлары - О.Мериканто, Э. Мелартин, С. Палмгрен, А. Ярнефельт; 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезіндегі әншілері - А. Акте (Ұлттық опера театрының негізін қалаушы, 1911), А. Фострем т. б.

 

20 ғасырдағы музыканттары: композиторлар - Э.Аалтонен, П. Кокконен, А.Мериканто, Э.Раутавара, А.Соннинен, Э.Энглупд, Э.Бергман; дирижерлері - Г. Шнеефойгт, Т. Ханникайнен, П. Берглунд; пианисі - Э. Тавастшерна; скрипкашысы - А. Игнатиус; виоленчелшілері - О. Фустрем, Э. Валста; әншілері - А. Фустрем, И. Экман, А. Акте, А. Раутаваара, X.Линдберг, М.Лехтинен, М. Тальвеля. Хельсинкиде Ұлттық опера театры, қалалық симфониялық оркестрі және Сибелиус атындағы музыка академия (1939 жылдан) жұмыс істейді. Ірі қалаларда Финляндия музыканттар одағы (1917), Финн жұмысшылары музыка одағы, симфониялық оркестр, музыка қоғам және музыка училище т. б. бар.

Театры. Профессионалды театры дәстүрлі халық театры өнері негізінде қалыптасты. Театрдың өркендеуіне бірнеше ғасырға созылған швед үстемдігі (1809 жылға дейін) кедергі болды. 1860 жылы Гельсингфроста тұңғыш профессионалды театр (швед тілінде), 1872 жылы финн театры шаңырақ көтерді. Финн театрына драма және опера (1878 жылы жеке бөлініп шықты) труппалары жұмыс істеді. Драма труппасының негізінде 1902 жылы Финнің ұлттық театры құрылды. Тұрақты театрдың пайда болуы театр өнерінің дамуына игілікті әсерін тигізді. Финляндияда қалалық театр, жұмысшы театры және швед тілінде ойын көрсететін театрлар бар. Белгілі театрлары: Финнің ұлттық театры, Шведтің ұлттық театры, Халықтық жұмысшы театры т. б. 1943 жылы Ұлттық театр жанынан драма мектебі ұйымдастырылды.

Актерлері: И.Аальберг, Э.К.Воланен, А.Линдфорс, А.Леннанен, Т.Й. Рипне, Э.Эропен, Э.Юркка т. б. Режиссерлері: Э.Калима, В.Ильмари т. б.

Киносы. Тұңғыш документті кино 1904 жылы түсіріле бастады. 1913 жылы «Сюльеви» (реж. Т. Пуро) толық метражды көркем фильмі жарық көрді. 1920 жылдары финн жазушылары шығармаларын экрандау өріс алды. Одан кейінгі жылдардағы таңдаулы фильмдері: «Қаңғыбас вальсі» (1939, реж. Т. Сярккя), «Адам сапары» (1940, реж. Н. Тапиовара), «Айла - солтүстік қысы» (1951, реж. Д. Витикка), «Хета Нискавуори» (1952, реж. Э. Лайне). «Қызыл жолақ» (1959, реж. М. Кассила). 1960-1970 жылдардың бас кезінде саяси-әлеуметтік тақырыптағы фильмдер «Партизандар» (1963, реж. М. Нисканен), «Жұмысшы күнделігі» (1965). «Аспан айналып жерге түскенде» (1971; екеуінің де реж. Р. Ярви), «Аксель мен Элина» (1970), «Темірқазық» (1972; екеуінің де реж. Лайне), «Кішкене Марья» (1971, реж. Э. Берхольм), «Қара ақшаңқан» (1971, реж. М. Сокк) экранға шықты. «Бас штаб» (1970, реж. Кассила) және «Моммилодағы кісі өлімі» (1973, реж. И. Пеннанен) фильмдері тарихи тақырыпты қамтиды. Халықаралық дәрежеде белгілі болған фильмдері: «Түс қамалы» (1971, реж. С.Риминен), «Фабрикадағы атыс» (1972, реж. Э. Кивикоски), «Жер - күнәкәр ән» (1973, реж. Р. Молберг). 1973 жылы 6 көркем фильм шығарылып, 318 кинотеатр жұмыс істеді.

Әдеб.: Ленин В. И. Финляндия және Россия. Шығ., 32-т.; Жибицкая Э. Д. Финляндия. Экономико-географическая характеристика. -М., 1962; Лайдинен А.П. Очерки истории Финляндии второй половины ХVIII в. Л.6 1972; Кяйвяряйнен И.П. Международные отношения на севере Европы в начале XIX века и присоединение Финляндии к Росссии в 1809 г. Петрозаводск, 1965; Куусинен О. В. Финляндия без маски. М., 1943; Федоров Б.А. Финляндия. Экономика и внешняя торговля. -М., 1962; Паасикиви Ю. К. Линия Паасикиви. Статьи и речи... 1944-1956 гг. пер. с фин. -М., 1958; Кекконен У. К., Финляндия и Советский Союз. Статьи и речи, пер. с фин., М., 1960, его же, Дружба и добрососедство. Речи и выступления. 1963-1967, пер. с фин. -М., 1968; Карху Ә. Г. Очерки финской литературы начала XX в. Л., 1972; Мякинен Т. и Нумми С. Финская музыка. Хельсинки, 1965.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-03 17:46:56     Қаралды-3653

ЭЛЕКТРОНДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Электрон» сөзі грек тілінен «янтарь» деп аударылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ЗАРЯДЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Электрондардың теріс заряды, ал атом ядросының оң заряды бар екенін сіз бұрыннан білесіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Көптеген ғасырлар бойы адамдар электр қуатының бар екенін білмеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПАСТЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Навигацияның дамуымен кеме жасау ғылымы жетілдірілуде - кибернетика...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »