UF

ОРТАЛЫҚ АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫ (ОАР) - Африканың орталық бөлігіндегі мемлекет (1960 жылдан тәуелсіз). Солтүстік-шығысында Суданмен, солтүстік-батысында Чад республикасымен, батысында Камерунмен, оңтүстігінде Конго және Заирмен шектеседі. Жері 622 мың км2. Халқы 4,5 млн. (2016). Астанасы - Банги қаласы.

Мемлекеттік құрылысы. 1966 жылы қаңтарда қабылданған Конституциясы бойынша, өкімет билігін ұйымдастырудың уақытша тәртібі орнатылған. Мемлекет пен үкімет басшысы - ғұмырлыққа тағайындалған президент, заң шығарушы және атқарушы өкімет билігі түгелдей соның қолында: ол - қарулы күштердің бас қолбасшысы, үкімет мүшелерін, азаматтық және әскери қызмет адамдарын тағайындап, орындарынан алады, заңды күші бар ордонанстар шығарады, халықаралық шарттарды бекітеді т. б. Үкімет - министрлер советі премьер-министрден, мемлекеттік министрлерден, министрлер мен мемлекеттік секретарьлардан құрылған. Жергілікті басқару органдары: префектуралардың секретарьлары үкімет өкілдері болып табылады; бұларды президент тағайындайды. Сот жүйесі; Жоғарғы сот, қылмысты істер мен азаматтық істерді қарайтын бірінші инстанциялы соттар.

Табиғаты. ОАР жері Конго және Шари өзендерінің алабында. Елдің көпшілік бөлігін Азанде (биіктігі 600-900 м) қыраты алып жатыр. Солтүстігі Чад көлінің оңтүстік жағалауындағы жазықпен және Фертип, Яде т. б. тау жұрнақтарымен ұласады. Климаты экваторлық-муссондың, ылғалды. Банги қаласында жылы айлардың орташа температурасы 31°С, салқын айларынікі +21°С. Жылдың жауын-шашыны 1000-1200 мл-ден (солтүстігінде) 1600 м.ч- ге (оңтүстігінде) дейін. Ірі өзендері - Убанги, Мамбере, Кадей (Конго өзенінің алабы) және Уам, Грибинги, Бахр-Аук т. б. (Шари өзенінің алабы). Биік шөпті саванна басым. Мұнда қызыл латеритті және темір тотықты топырақ қабаты тараған. Оңтүстік шетіндегі қызыл-сары латеритті өңірде ылғалды экваторлы орман өседі. Піл, мүйіз тұмсық, буйвол, антилопа, жираф, арыстан, кабылан, қорқау қасқыр, маймыл, өзендерінде гиппопотам, крокодил, құстың көптеген түрлері кездеседі.

Халқы. Байырғы тұрғындарында банда, гбайя, мака, бакаре, санго, манджа, байа, азанде, якома, банзирп, сара, фертит, муджия тайпаларының улесі басым. Шетелдіктер 35 мың, бұның 6 мыңы европалықтар. Ең көп тараған тілі - санго. Ресми тілі - француз тілі. Тұрғындарының 70%-і жергілікті дәстүрлі дінде, 25%-і католиктер, 5%-і мұсылмандар. Ірі қалалары - Банги, Бвар, Берберати, Боссангоа.

Тарихы. ОАР халықтарының тарихы аз зерттелген. Алмас кендерінен табылған заттарға қарағанда, ОАР жерін адам баласы ежелгі заманда мекендеген. Ертеде бұл араны Африка халықтарының кептеген қоныс аудару жолы басып өтті. 16 ғасырда ОАР территориясында Гаога мемлекеті құрылды. 18 ғасырдың ақырынан бастап ОАР-дың солтүстік-батыс бөлігі Багирми және Дарфур феодалдық мемлекеттерінің құрамына кірді. Күшпен исламдандырудан және көшпелі арабтардың шабуылынан қашқан судан тайпалары елдің түкпірдегі аймақтарында тұрды. 19 ғасырда Дарфур, Вадам, Багирми феодалдық мемлекеттеріндегі сара, гбая, банда тайпалары Санга мен Котто өзендерінің аралығында орталық африкалық орманды даланы қоныстанды. Гбая тайпасына жататын манджиа халқы Убанги және Шари өзендерінің солтүстік аймақтарына жетті. Банда тайпалары ОАР жерін түгел дерлік мекендеді (олар қазіргі ОАР-дағы ең көп халық). 19 ғасырдың соңында ОАР жерінің үлкен бөлігі (Занде мен Гбая халықтары тұрған аймақтардан басқасы) Раббаха мемлекетінің құрамында болды.

19 ғасырдың аяғында Африканың орталық аймақтарына европалықтар кіре бастады. Жергілікті халық француз отаршылдарына табанды қарсылық көрсетті. Тайпалар арасындағы ала ауыздықты пайдалану, сатып алу, қатал жазалау жолымен Франция 1894 жылға қарай Убанги және Шари өзендерінің аралығын (қазір ОАР жері) басып алды. 1910 жылы Убанги - Шари-Чад (Францияның бұл аймақтағы басқа да отарларымен қоса) Француз экваторлық Африкасының құрамына кірді, 1914 жылы Убанги-Шари жері Чадтан бөліп алынды. Жері, су, орман байлығы түгел арнаулы декреттер бойынша 27 ірі француз компаниясына жалға берілді, олар полиция, сот ұстауға, баға белгілеуге, сауданы жүзеге асыруға право алды. Убанги-Шари территориясының барлық африкалық халқы каучук дайындауға, мақта, кофе өсіруге міндетті болды. Жергілікі халыққа жан басына салық салынды. Еріксіз еңбектен жапа шеккен бұл халық отаршылдарға жиі-жиі қарсылық көрсетті. 1907 жылы қозғалыс кең өріс алып, бүкіл отарды қамтыды; орталық бөлікте банда тайпалары Барам-Бакиенің жетекшілігімен екі жыл бойы франңуз әскерлеріне табанды қарсылық жасады. 1928 жылы Каринудың басшылығымен жаңа қозғалыс өрістеді, бұл «Гбая соғысы» деп аталады.

2-дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Африкада ұлт-азаттық қозғалысы өрлеген кезде Убанги-Шариде африкалықтардың алғашқы саяси ұйымдары құрыла бастады. 1946 жылы Қара Африканы әлеуметтік эмансипациялау қозғалысы деп аталатын тұңғыш партия ұйымдасты; оның негізін убангилік священник Бартелеми Боганда қалады (1949 жылдан бастап партия Қара Африкадағы әлеуметтік эволюция қозғалысы (МЕСАН) депаталды). Ұлттық тәуелсіздік жолында күшейе түскен қозғалыс Францияны бірқатар жеңілдіктер жасауға мәжбүр етті. 1957 жылы африкалықтардың қатысуымен Убанги-Шари Үкіметтік советі құрылды. 1958 жылы 1 желтоқсанда Убанги-Шари Француз бірлестігі құрамында Орталық Африка Республикасы деген атпен автономиялық республика болып жарияланды. Бұл күн ОАР-да ұлттық мереке күні болып белгіленді. Үкіметтің тұңғыш председательдігіне Б. Боганда тағайындалды. 1959 жылы ақпанда елдің алғашқы конституциясы басылып шықты. 1959 жылы наурызда авиация апаты салдарынан Б.Боганда қаза болғаннан кейін үкіметті Давид Дако басқарды. Орталық африкалықтардың ұлт-азаттығы жолындағы күресі 1960 жылы 13 тамызда Француз бірлестігі көлемінде ОАР-дың тәуелсіздігі жарияланумен аяқталды. Д. Дако президент болып сайланды. 1960 жылы 14 тамызда ОАР мен Франция арасында қорғаныс, сыртқы сауда, экономика салаларындағы келісімдерге қол қойылды. 1960 жылы ОАР БҰҰ-ға қабылданды.

1959 жылдың аяғында МЕСАН-нан топ бөлініп шықты да, Орталық Африкадағы демократиялық эволюция қозғалысы деп аталатын оппозициялық партияның негізін қалады. 1960 жылы желтоқсанда бұл партия таратылды. 1962 жылы МЕСАН ОАР-дағы бірден-бір партия деп жарияланды.

1966 жылы 1 қаңтардағы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде өкімет билігі ОАР армиясы бас штабының бастығы полк. Ж.Б.Бокасса (ол елдің президепті, үкімет басшысы, МЕСАН председателі болып белгіленді) бастаған әскери адамдардың қолына көшті. Ұлттық жиналыс таратылып, конституцияға тыйым салынды. ОАР отарлау кезеңінен әбден артта қалған экономиканы мұраға алды. «Экономикалық артта қалуды жедел жоюға» ұмтылып, үкімет экономикалық даму проблемаларын шешуде мемлекеттік секторды басым өркендетуге, сонымен қатар жеке меншік, негізінен шетел капиталын ынталандыруға баса назар аударды. 1966 жылдан бастап елде «Бокасса операциясы» деп аталатын науқан жүргізіліп келеді, оның негізгі мақсаты - «артта қалған томаға-тұйық натуралды шаруалар шаруашылығын товарлы-ақша қатынастары жүйесіне тарту». Экономиканың мемлекеттік секторы бірсыпыра кәсіпорында ұлт меншігіне алу, мемлекеттік қоғамдар құру, аралас компанияларға қатысу есебінен құрылуда. 1968 жылы Боали СЭС-і, 1969 жылы өзен транспорты мен Банги порты, 1971 жылы мұнай компаниялары, 1974 жылы ағаш өңдеу жөніндегі француз компаниясы ұлт меншігіне алынды. Ауыл шаруашылығында мемлекеттік фермалар және жабдықтау-өткізу кооперативтері құрылды. Өнеркәсіптегі мемлекеттік акциялардың үлесі 10%-тен 40%-ке дейін жетеді. 1971 жылдың басында ОАР-да 14 мемлекеттік және аралас (мемлекеттік капиталдың қатысуымен) кәсіпорын болды. Жобалау жұмыстарын түгел дерлік шетел компаниялары қаржыландырады. ОАР-дың шетелдерге шығаратын негізгі өнімдері: мақта, кофе, алмас. 1961 жылдан 1973 жылы аралығындағы кезеңде мақта өндіру 32,6 мың тоннадан 51,7 мың тоннаға дейін, алмас шығару 111 мың караттан 400 мың қаратқа дейін артты.

ОАР үкіметі оқу жүйесін дамытуға зор көңіл бөліп келеді. Оқу мұқтажына бюджеттің 20%-ке жуығы жұмсалады. Оқушылардың 60%-і мектепке тартылған. 1973 жылы 11 лицей, 13 колледж болды. 1971 жылы Бангиде университет ашылды.

ОАР - Африка-Малагаси одағының (1974 жылдан - Жалпы африкан-маврики ұйымы) мүшесі, Европалық экономикалық бірлестіктің (ЕЭБ) ассоциацияланған мүшесі (франк аймағына кіреді). СССР-мен дипломатиялық қатынас 1960 жылы орнатылды. Бейбіт қатар өмір сүру және басқа мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұқпау ОАР-дың сыртқы саяси принципі болып жарияланды.

Саяси партиялары, кәсіподақтары. Қара Африкадағы әлеуметтік эволюция қозғалысы (МЕСАН), 1946 жылы негізі қаланған, билеуші және бірден-бір партия; ОАР Еңбекшілерінің жалпыға бірдей одағы, 1964 жылы құрылған.

Шаруашылығы. ОАР - аграрлы ел. Экономикасының негізі - ауыл шаруашылық 1972-1973 жылғы ауыл шаруашылық дақылдарының жалпы өнімі (мың т): мақта 51,7, кофе 10, маниок 300, күріш 12, жер жаңғағы 67,5 миля және сорго 40, жүгері 45. 1972 жылғы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 450, қой 68, ешкі 535. Өнеркәсібі нашар дамыған, 2 тоқыма фабрикасы, транзистор қабылдағышын құрастыратын з-д, бірнеше шағын мақта тазалау фабрикасы, сабын, сыра қайнату, ағаш тілу кәсіпорындары бар. 1973 жылы 400 мың каррат алмас, 503 мың м3 ағаш дайындалды, 47 млн. квт-сағат электр энергиясы өндірілді. Темір жолы жоқ. Автомобиль жолының ұзындығы 20 мың км. Убанги және Конго өзендері бойымен кеме жүзеді. Шетке алмас, мақта, кофе, темекі, каучук шығарылады; өзі азық-түлік, мұнай өнімдері, цемент, тыңайтқыш, автомобиль т. б. әкеледі. Негізгі сауда серіктестері - Франция, АҚШ, Израиль, ГФР. Ақша өлшемі - африка франкісі.

Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 1969-1970 жылдар әрбір мың адамға шаққанда 46 бала туып, 25 кісі өлді (бала өлімі тірі туған әрбір мың балаға 190-нан келді). Жұқпалы аурулар өте көп. 3,5 мың төсектік (1 мың адамға 2,2 төсектен) 51 аурухана мен стационар бар (1970), 48 дәрігер (жергілікті халықтан 3) жұмыс істеді (1972).

Оқу-ағарту ісі. 15 жастан асқан ересек халықтың 85%-тейі сауатсыз (1970). 1911 жылы Банги қаласында алғашқы мемлекеттік мектеп ашылды, бұған дейін африкалықтар шіркеуге жүгінді. Тәуелсіздік жарияланғанға дейін бастауыш мектеп жасындағы балалардың 20%-тейі, ал орта мектеп жасындағылардың 1%-ке жуығы оқуға тартылды. Жоғары оқу орындары болған жоқ. ОАР тәуелсіздік алғаннан бері бастауыш мектеп оқушыларының саны 3 еседен, ал орта мектеп оқушыларының саны 8 еседей артты. 1971 жылы ұлттық бюджеттің 20%-тейі оқу-ағарту ісіне жұмсалды.

Осы күнгі ағарту жүйесі француз үлгісі бойынша құрылған. Мемлекеттік мектептермен бірге жеке адамдар қарауындағы (миссионерлік) мектептер де бар. Бастауыш мектеп 6 жылдық, оған балалар 6 жастан бастап алынады. Бастауыш білім алу тегін және міндетті түрде жүзеге асырылады. Орта оқу орындарына оқушылар конкурсты емтихан нәтижесіне қарай алынады. Жалпы білім беретін орта мектептердің екі түрі бар: 4 жылдық колледждер мен толық орта білім беретін 7 жылдық лицейлер. Кәсіптік-техникалық білім беретін мектептерде (техникалық лицейлерде, техникалық колледждерде, кәсіпке үйрену орталықтарында) оқу мерзімі тиісінше 7-4 және 2-3 жыл (бастауыш мектептен кейін). Барлық оқу орындарында сабақ француз тілінде жүреді. 1970-1971 оқу жылында бастауыш мектептерде 176,3 мың бала (осы жастағы балалардың 60%-тейі), орта мектептерде 11,3 мыңдай бала оқыды. Ж. Б. Бокасса атындағы университетте (1970 жылы Банги қаласында ашылған) 1971-1972 оқу жылында 100 студент болды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері, Ауылды мекендер өзендердің жағалауларына орналасқан. Сыртқы тұрқы шошала секілді дөңгелек лашықтар тал шыбықтарынан тоқылып, сырты сыланады немесе домбаздалған куәләктерден қаланады. Мая жонды лашықтардың төбесі сабанмен жабылады. Оңтүстігінде лашықтар төрт бұрыштап салынады, төбесі сабанмен қоян жоталанып бастырылады. Негізінен ағаш ұқсату өнері кең тараған; ішінара ағаштан нобайлап мүсіншелер жасау ұшырасады. Ыдыс-аяқтар, бояу салғыш құтылар, орындықтар, музыка аспаптар, қару-жарақтар геометриялық өрнекпен әсемделеді. Бірнеше құрама бөлшектен тұратын азенде пышақтар металл пластинкалармен көзделеді. Көзешілік бұйымдары (көзелер, мүштіктер т. б.) тартымды өрнектермен безендіріледі. Шыбықтан геометриялық өрнекті қалпақ, себет тоқу, темірден піл сүйегімен көздеп жүзік пен білезік жасау кең етек алған.

Әдеб.: Африка южнее Сахары, М., 1958.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-01-23 11:26:02     Қаралды-2967

ЭЛЕКТРОНДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Электрон» сөзі грек тілінен «янтарь» деп аударылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ЗАРЯДЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Электрондардың теріс заряды, ал атом ядросының оң заряды бар екенін сіз бұрыннан білесіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Көптеген ғасырлар бойы адамдар электр қуатының бар екенін білмеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПАСТЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Навигацияның дамуымен кеме жасау ғылымы жетілдірілуде - кибернетика...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »