UF
Загрузка...

Тақырыбы: ТОПОНИМИКА

 

Географиялық атаулар белгілі-бір физикалық-географиялық жағдайда адамның күнделікті өмірі, тұрмысы, мәдениеті мен тарихына байланысты қалыптасып және дамып отырады. Жердің табиғаты мен шаруашылығы жайлы ақпарат адамдардың күнделікті өмірі мен қызметінде кеңістіктік бағдар ретінде қызмет атқаратын сол географиялық объектінің атауы болып тілде сақталады. Осылайша бұл атауларда халықтық географиялық терминология кең қолданылып, табиғат құбылыстары, географиялық объектінің ерекшеліктері және ландшафттың ерекше белгілері көрініс табады. Географиялық атаулар жүйесі кез келген тілдің ажырамас элементі болып табылады, сондықтан тілмен бірге дамып келеді. Қоғамның дамуына байланысты бұл топонимдер жаңарып, әрі ылғи да толықтырылып отырады.

Атаулардың белгілі бір тарихи кезеңдердегі адамның шаруашылық әрекетінің ерекшелігін зерттеуде ақпараттық көзі болатынын көптеген зерттеушілер атап өткен. Адамның дәстүрлі шаруашылық әрекетінің қалыптасып, дамуына сол кезеңдегі физикалық-географиялық, тарихи, әлеуметтік жағдайлар себепші болады. Қазіргі Қазақстан жерінде көшпелі мал шаруашылығы мен  егіншілік сипаты көрініс табатын топонимдердің қатар кездесуі осы шаруашылық салаларының географиялық шоғырлануына, сол кезеңдегі табиғат жағдайларына қатысты қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер міндетті түрде нақты деректермен (тарихи-археологиялық, географиялық, лингвистикалық) расталған жағдайда, құндылығы арта түседі.

Қазақстанның топонимиялық жүйесі – осы аумақты мекендеген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының заттық және рухани мәдениетінің ғасырлар бойы жинақталып, сақталып қалған көрінісі. Өткен замандардың реликтілік мұралары ретінде тарихи топонимдер аумақтың табиғат жағдайларын, ондағы мемлекеттер мен халықтардың тарихындағы  маңызды оқиғаларды “жадында” сақтап, қаз қалпында бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Сондықтан топонимдерді диахрондық бағытта зерттеуге топонимист ғалымдар ерекше маңыз берген. Кез келген қоғамның материалдық негізі қоғамдық қатынастардың тарихи дамуы мен қоғамның рухани келб.ін анықтаған. Рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылатын географиялық атаулардың қалыптасуында да тарихи астар бар. Е.М. Поспеловтың бейнелі түрде атап көрсеткеніндей, тарихи география “топонимиканың бесігінің жанында тұрды, ал алғашқы топонимистер тарихи географтар болды”.

Географиялық орнының ерекшеліктеріне орай, республика аумағы тарихи кезеңдерде Сібір – Орал, Қиыр Шығыс - Орталық Азия, Орта Азия, Солтүстік Кавказ және Оңтүстік Орыс жазығы  аймағында жүрген саяси, экономикалық оқиғалармен тығыз байланыста болды. Ескеретін мәселе, еліміздің тарихи дамуында Оңтүстік Қазақстан ежелгі отырықшы өркениеттің ошағы болған ұлы өзен Сырдарияның аңғарындағы суармалы егіншілік пен қолөнердің, сауда мен қала мәдениетінің орталығы қызметін атқарды. Сырдария бойында ежелден бері Орталық Қазақстанда тұрған көшпенділердің қыстаулары орналасатын. Сыр бойындағы шұраттар мен қалалар олардың жолдарында ешқашан бөгеп тұрған жоқ, сол себепті көшпенділер мен отырықшы халықтың арасында өзен жағалауындағы жер дауы туындаған жоқ.

Далалық аймақтар мен отырықшы егіншілік өркендеген аудандар аралығындағы шаруашылық - мәдени байланыстары жөнінен еліміздің топонимикасы аздаған айырмашылықтарға қарамастан бірін-бірі толықтырып, жалғастырып жатты.

Қарастырып отырған мәселенің өзектілігі географиялық атаулардың табиғи ортамен байланысын анықтау, аумақтағы табиғатты пайдалану мен қорғау дәстүрлерінің сақталып қалған тәжірибесін танып-білу, қорыта айтқанда студенттерді, оқушы жастарды еліміздің бай табиғаты мен атаулары туралы мол мәлімет беру.

 

№1. Курстың жалпы мәселелері (орны, терминологиясы).

 

1.Пәннің маңызы, тарауы, қайталануы, модельдер.

2.Бір тілден бір тілге өтуі, жазылуы.

3.Терминдерді қолдануы туралы.

 

Топонимика — біріншіден, белгілі бір территориядағы географиялық атаулардың жиынтығы, екіншіден, тіл білімінің лексика саласындағы географиялық жалқы атауларды зерттейтін үлкен бір бөлімі.

Топонимика, грек сөзі; топос-орын, жер, ономо — атау. Топонимика, топоним деген терминдердің соңғы кезден қолданылуында айырмашылық бар. Мәселен, қазір топонимика тіл, география ғылымында  географиялық жалқы атауларды зерттейтін ерекше бір ғылымсаласы ретінде қолданылып, ал географиялық жалқы атаулар (жер, су аттары) топонимдер деп аталып жүр.

Топонимдерді зерттеудің  ғылыми  маңызы жоғары. Жер, су, теңіз, өзен, көл, таулардың жалқы атаулары сол жерден ертеде өмір сүрген халықтың тілінен алынған  Бұл атаулар әлгі халықтар сол жерден басқа жаққа кетіп, орнына басқа халық келсе де, алғашқы қалпында сақталып, ғасырлар бойы өмір сүреді.

Топонимика сол жердің тарихи сырын ашуға көмектесумен бірге, олардың саяси және этнографиялық шекараларын анықтаға да көмектеседі. Топонимдер семантикалық және этимологиялық жағынан да зерттеледі. Топонимдердің қазақ тілінде дұрыс жазылуы және орыс тілінде (транскрипция арқылы) жазылуы да — практикалық маңызы зор ерекше мәселе. Географиялық атауларды зерттеудің қазіргі лингвистика, география және тарих ғылымдары үшін ғылыми-теориялық және қолданбалы маңызы зор. Лингвистикалық зерттеулер көбінесе тарихи талдаумен қатар жүргізілетінін де осы құбылыспен түсіндіруге болады. Географиялық атауларды семантикалық тұрғыдан зерттеу  топонимнің немесе терминнің мағынасын тілдік тұрғыдан талдауға мүмкіндік береді. М.Қашқаридың “Түрік сөздігіндегі” географиялық атауларды лексикалық-семантикалық тұрғыдан талдау жасау барысында арнау-топонимдер (меморативтер), сипаттау-топонимдер (дескриптивтер) және окказионалды (аппелятивтер) топонимдер тобы анықталған.

Ономастикалық номинация  - бұл ең алдымен тілден тыс дүниені атауға бағытталған адам әрекеті. Олай болса, адамды белгілі бір атауды қоюға итермелеген факторды білмейінше, топонимнің нақты мағынасын, яғни семантикасын жете зерттеу мүмкін емес. Тарихи кезеңдерде ономастикалық номинацияның мотивтері өзгеріп отырған. Мысалы, атаулардың сиқырлы күшіне сенген көне замандарда қазақтардың ат қою дәстүріне әртүрлі ырымдар, мифологиялық бейнелер ықпал еткен. Әсіресе тиым салу мақсатын көздеген атауларда осы заңдылық айқын байқалады.  

Топонимиканың тарих ғылымдарындағы маңызы географиялық атаулардың кейбір халықтардың таралу ареалын анықтаудағы, тарихи оқиғаларды қалпына келтірудегі рөлімен түсіндіріледі.

Тарихи кезеңдерде топонимдер адамның шаруашылық әрекеті мен рухани өміріндегі, қоғамдағы өзгерістерге байланысты күрделі қайта құруларды бастан кешіреді. Сол себепті тарихи оқиғалар, саяси құрылым, халықтың ұлттық құрамының өзгеруі, шаруашылық сипатындағы өзгерістер географиялық атауларда көрініс табады. Осы құбылыстардың ішінде әсіресе қоғамның саяси негіздері қайта құрылуына байланысты қойылған, өзгертілген атауларға қатысты мәселеге арнайы тоқтауға болады.

Көптеген антропонимдердің, басқа тілден енген атаулардың пайда болуына алып келген бұл процесс жаратылысы жағынан ғалымдар “жасанды” (Керімбаев, 1992) деп атаған ономастикалық номинацияға себепші болды. Антропонимдер әсіресе елді мекен атауларында жиі кездеседі. Черняевка ауылының атауына себепші болған Черняев – оңтүстік өңірді орыстандыру саясатын белсенді түрде жүргізген әскери генерал болса, Ванновка елді мекенінің атауы патшалық Ресейдің білім министрі болған П.С.Ванновскиймен байланысты қойылған. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты барысында Белые Воды (Ақсу ауылы), Славянка (қазіргі Мырзакент кенті), Леонтьевка (Жарықбас ауылы), Самсоновка (Ақбұлақ ауылы), Фогелево (Рабат ауылы), Глинково (Ақбастау ауылы) және т.б. атаулар пайда болды. Кейінгі кеңестік дәуірде де осы саясат жалғасын тапты. Мысалы, оңтүстік аумағынан кеңестік жүйемен байланысты 200-ге жуық елді мекен атаулары бар. Олардың басым көпшілігіне қазіргі кезде тарихи атаулары қайтарылған немесе сол өңірден шыққан тарихи тұлғалардың есімдері берілген. 

Топонимияның саясаттануына әкеп соғатын мұндай құбылыстар барысында қойылған топонимдер бірнеше ондаған жылдар бойы қолданыста болғанымен, тәуелсіздік алған жылдарда тарихи атаулармен қайта ауыстырылды. Сонымен, тарихи атауларды саяси “қажеттіліктерге” қарай ауыстыру халық жадынан өлке тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген атаулардың қолданыстан шығып қалуына себепші болды. 

Топонимдерді зерттеуде жергілікті тарихи деректерге сүйену атаулардың семантикасы мен этимологиясына қатысты құнды мәліметтер бере алады.  Бетпақдалада Кескентерек деп аталатын кішігірім төбе бар. Мағыналық жағынан талдасақ, осы атаудың негізінде “кесілген терек” деген сөз тіркесі жатқан сияқты. Бірақ, тарихи деректерге үңілсек, XVIII ғ. соңында осы өңірді жайлаған арғын руының атақты байы Убәнәстің жалғыз ұлы Кескентеректі аңшылық кезінде өзінің бүркіті өлтірген екен. Оның денесі сол маңдағы төбенің басында жерленіп, сол кезден бастап төбе Кескентерек деп аталады. Осылайша, төбе атауының терекке ешқандай қатысы жоқ екендігі тарихи деректер негізінде дәлелденеді.  Топонимдердің тарихи негіздерін анықтауда тарихи жазба ескерткіштер, көне карталар, саяхатшылардың жолжазбалары, мұрағат қорлары белгілі дәрежеде көмек бере алады. Сол себепті тарихи топонимдерді зерттеудің қолданбалы маңызы зор.

 

№ 2.  ТМД елдеріндегі топономиканың даму тарихы

 

1.Топономиканың бастапқы даму кезеңі (ХІ-ХҮІІІ).

2.Біздің еліміздегі топономиканың дамуына шолу.

3.Өткен (ХІ-ХҮІІ) ғасырларда топонимдердің этимологиясымен  шұғылданған ғалымдар.

 

Топонимдер зерттеушілер үшін таным тірегі болып табылады. Топонимика ғылымы кез келген ауданның табиғи жағдайлары  мен табиғи қорларын, айрықша қорғалатын табиғи аумақтарын зерттеуде маңызды қолданбалы сипат алады. Бұл міндеттерді шешу үшін географиялық атаулардың номинациясына себеп болған тарихи оқиғалар, атаулардың мағыналық жүктемесі және осыған сәйкес алынатын географиялық ақпаратты ескерудің маңызы зор.

Түркілік географиялық терминдер мен атаулардың мағыналық талдамасын алғаш жасаған ғалымдардың бірі ХІ ғ. өмір сүрген М. Қашқари болып табылады. Ғалымның “Диуани лұғат-ат-түрк” (Түрік лексикасының жинағы) еңбегі Қазақстан аумағындағы кейбір тарихи атаулардың мағынасын талдауда басшылыққа алуға болады. Бұл еңбекті қазақ тіліне аударған А. Егеубаев оған “түрік өркениетінің алтын кілті” деген баға берген.

Сөздіктегі терминдер мен тарихи атаулар, оларға берілген түсініктер жан жақтылығымен таңғалдырады. Бұл еңбекте Сырдария, Сайрам, Сығанақ, Қарнақ, Фараб, Қарашық атаулары туралы деректер келтірілген. Кейбір сөздер мен терминдердің (өл, ой, өкүз, ашақ, өзүк, құрт, таң, татыр, чал және т.б.) мағынасына берілген түсініктемелер облыстағы этимологиясы түсініксіз болып келген атауларды талдауға негіз болады деп есептейміз. Мысалы, еңбекте “өл”сөзінің мағынасы “ылғал, дымқыл, жас” дегенді білдіретіні, ал оғыздардың бұл сөзді білмейтіндігі туралы айтылған. Мысалы, оңтүстік өңірде мағынасын басқа сөздер негізінде түсіндіре алмайтын Өлқорғантас атауы кездеседі. Бұл атаудағы “қорған тас” тіркесі түсінікті болғанымен, өл қосымшасы қазіргі қазақ тілі тұрғысында тек өл/у, яғни “қайтыс болу” мағынасында ғана қолданылады. Қорған тасқа қатысты бұл мағынасын алу ешқандай қисынға келмейтін сияқты. Ал сөздің М.Қашғари еңбегіндегі мағынасы жердің ландшафттық ерекшелігінен хабар беріп тұр. 

Мағынасы осы күнге дейін белгісіз болып, әртүрлі болжамдар тудырып жүрген чал (қазақша айтылуы – шал) сөзі облыс аумағында және көршілес облыстарда көптеген атаулар құрайды: Шал, Шалдар, Шалғия, Шалкөде, Шалраң және т.б. Е.Қойшыбаев бұл атауларды А.Н.Бернштамның зерттеулеріне сүйеніп, түркілік шал> чал >жал  терминінің фонетикалық өзгерістері деп есептейді. Ал шындығында қазақ тілінде жал термині ешқандай өзгеріске түспестен, көптеген атауларда сол күйінде сақталып қалған. Құрамында шал сөзі бар атаулардың негізіне оңтүстік өңірде шоғырланғанын ескерсек, бұл атаулардың этимологиясы мен семантикасына басқа қырынан қарау қажет сияқты. М.Қашқари сөздігінде кездесетін чал сөзі “ала” деген мағына береді, ғалым мысал ретінде “чал қой – ала қой” деп атап көрсеткен. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда аталған атаулар көне түркілік ала анықтауышының қатысуымен жасалған деуге болады.

Қазақстанның географиялық атаулары ХҮІІ ғ. бастап орыс географиялық әдебиеті мен карталарында, тарихи еңбектерінде нақты көрініс тапты. Осы тектес алғашқы еңбектердің бірі – ХVІ ғ. соңы мен ХVІІ ғ. басында Борис Годунов патшаның өтініші бойынша қазақ Қадырғали Қошым Жалаири жазған “Жами ат-тауарих” (“Жылнамалар жинағы”) еңбегі. Кітаптың қолжазбасы ұзақ уақыт бойы Қазан университеті кітапханасында сақталып, тек 1854 ж И.Н.Березин жариялаған. Бұл еңбек негізінен қазақ хандығының тарихына арналғанымен, географиялық маңызы да зор. “Жылнамалар жинағында” Сайрам (Испиджаб) туралы нақты деректер берілген.

1627 ж Ресей патшасының жарлығымен құрастырылған “Үлкен Сызба кітабында” берілген кейбір атаулар арасында Сыр (“Көк теңізге шығыстан Сыр өзені құяды”), Сарысу (“Сарысу өзені Сыр өзеніне жетпей, көлге құяды”), Қаратау, Түркістан қаласының атауы бар.

1716 және 1733 жыл аралығында қалмақтарда тұтқында болған швед Ренаттың сызған картасын жан жақты зерттеген орыс ғалымы А.И. Макшеев бұл картаның ең құнды жағы ретінде шекаралардың, географиялық нысандар мен атаулардың нақты белгіленуін атап көрсетеді. Бұл картада берілген 250 атаудың арасында қазірге дейін сақталып қалған топонимдер Талас (Таllas Fl.), оның саласы Теріс (Ters), Арыс (Aras), Иасы (Jassu), Сайрам (Saram), Сырдария (Schir Fl.), Шу (Zeu Fl.) атаулары көрсетілген.

Қазақстан топонимдернің қазіргі құрамын және ескі жазу нұсқаларында кездесетін түрлерін анықтау үшін, тарихи мәліметтерге сүйеніп, Қазақстан жерінде болған халықтар туралы материалдарды пайдалана отырып олардың болғандығын дәлелдейтін топонимдерді, сонымен қатар қазақ халқымен туыстас басқа да түрік және қазақ тайпаларының ертедегі дәуірінен бастап қазіргі ұлт болып қалыптасуына дейінгі тапонимдерімен байланыстыра зерттеу жұмыстың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Қазақстан тапонимдерінің шығуын тарихы дәуірлерге байланыстыруда тек бір ғасырды ғана бөліп алмай ертедегі дәуірден сөз ету керек.  Қазақтар ХҮ-ХҮІ ғасырларда халық болып қалыптасудан бұрын Қазақстан жерінде қазақ рулары, тайпалары өмір сүрген. Олардың тілі басқа да түрік тайпаларының тілі сияқты бір негіздегі туыстас тілдер болған. Ендеше XV—XVI ғасырларға дейінгі топонимдер жөнінде сөз еткенде, топонимдік жасалулардың бүкіл түрік тілдеріне ортак жақтарын байланыстыра отырып, сол арқылы XV—XVI ғасырларға дейінгі топонимдердің түрік тілдік семьяның топонимдеріне қатысы барлығы зерттеледі.

Қазақстан топонимдерінің жасалуы өз алдына бір бөлек қаралмайды, қазақ тілінің шығу, қалыптасу, даму дәуірлерімен тікелей тығыз байланыста қаралса ғана, топонимдердің тарихы жағынан зерттелуі, азды-көпті түрде қазақ тіл тарихына, осыған байланысты қазақ халқының тарихына  пайдасын тигізсе  ғана құнды болмақшы. Осы айтылғандарды негізге ала отырып, Қазақстан тарихына   байланысты қазақ топонимдерінің негізгі кезеңдері шолу жасалық.

Ертедегі археологиялық қазбалар да Қазақстанды және Алтайды мекендеген сақтар мен қазіргі түрік тіліндегі халықтар мәдени арасында үлкен ұқсастығы бар екенін, олардың бір-бірімен қат-қабат ұштасып жатқандығын дәлелдейді. Қазақстан жерінде археологиялық зерттеулер жүргізген проф. А.Н.Бернштам да үйсін мен қаңлы мәдениеті сақ мәдениетінің жалғасы екенін атап өтеді. Тарихшы В.Ф.Шахматов, А.Бернштамның пікірін қолдай отырып, Қазақстандағы кейінгі түрік, қарлық және қараханид мәдениеті де жоғарыда айтылған мәдениеттің жалғасы деп қарайды. Таулы Алтай өлкесінің археологиялық жағынан зерттеген С.И.Руденко ертедегі грек авторлары, оның ішінде әсіресе Геродоттың жазғандары мен жер астынан табылған материалдардың үндестігін көрсетті. Мәселен, Геродот скифтер етті үлкен қазанға, қазан болмаса малдың қарнына салып пісіретінін айтқан. Сол сияқты Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Ә.X.Марғұлан да сақтар мен қазақ мәдениетінің байлансысын тек археологиялық табындылар арқылы ғана емес этнографиялық жағынан дәлелденді. Қазақстанның оңтүстік аудандарында өте ертеден түрік атаулары болуы кездейсоқ емес. Олар орта Азияның және Қазақстанның оңтүстігінде ертеде өмір сүрген сақ, түрік тайпаларына байланысты болды.  Қазақстанға қатысы бар ендігі топонимдер археологиялық зерттеулерге сүйеніп Ү ғасырдан былай сөз етуге болады.

ҮІІІ ғасырдың 30-шы жалдарында Қазақстан территориясын басып өткен Сюань-Цзянь Талас, Шу өзендерінің орталығында Гюйлосы, Бай-Шунху деген қалалардың болғандығын атайды. Бұл атауларды А.Х.Марғұлан Қойлысу, Байшұңқыр деп қарау керектігін айтады.

 

№ 3. Қазақстан жер-су аттарын бастапқы зерттеген орыс ғалымдары.

 

1. XIX ғасырдағы орыс ғалымдарының Қазақстан топономиясын алғашқы зерттеулерінің даму тарихы.

2. Географ ғалымдардың топонимиялық ғылыми еңбектері

 

ХІХ ғ. Орыс Географиялық қоғамы топонимикалық зерттеулерге назар аудара бастады. Сол кезеңдегі географиялық және этнологиялық еңбектерде географиялық атауларды жинақтау, оларға этимологиялық талдау жасау, жергілікті халықтардың топонимдерінің орыс тіліндегі транскрипциялануына қатысты мәселелер көтерілді. П.П. Семенов Тянь-Шанский, Г.Н. Потанин, В.В.Сапожников және басқа ғалымдар жергілікті географиялық атауларды жинақтап, олардың мағыналарын  шығу тегін түсіндіруге тырысты.

Қазақ жеріндегі бірқатар топонимдер 1863-1885 жылдары жарық көрген П.П.Семеновтың “Россия империясының географиялық-статистикалық сөздігінде” көрініс тапқан. Сөздікте топоним құрамындағы географиялық терминдер сызықша арқылы бөлініп жазылған және терминнің қазақшадан аударғандағы мағынасы жақша ішінде берілген. Бұл сөздіктің қазіргі топонимика ғылымы үшін маңызы атаулардың тізімін, мағынасын беруімен ғана емес, объектінің георафиялық ерекшеліктерін қысқаша сипаттауымен де құнды. Мұның өзі көптеген қазақ топонимдерінің мәнін түсінуге, мағынасын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.

Осы кезеңде Қазақстан аумағын аралаған саяхатшылар, картаға түсірген ғалымдар жергілікті қазақ атауларының транскрипциясын дұрыс бермегендіктен, географиялық әдебиеттер мен карталарда бұрмаланулар орын алды. Бұл бұрмаланулар соңғы 10-15 жыл көлемінде қайта қаралып, өзгертілуде.

Ал Қазақстан аумағындағы көне және қазіргі заманғы түркі топонимиясы зерттеуде В.В. Радловтың, А.Н. Кононовтың және т.б. қосқан үлесі зор болды. Академик В.В. Радлов өзінің «Опыт словаря тюркских наречий» (1895-1911) атты кітабында түркі лексикасындағы топонимикалық және терминологиялық ақпараттарды жинап, өңдеген. В.В. Радлов көптеген түркі терминдері мен  топонимдеріне түсінік берген. А.Н.Кононов дүние бөліктері терминологиясымен айналысты. Өз еңбектерінде ол географиялық терминдегі «қара» және «ақ» аппелятивтеріне семантикалық сипаттама берді. Топонимика үшін ғалымның түркі халықтарының көкжиек бағыттарын анықтау әдістеріне қатысты зерттеулерінің де маңызы зор.

Орыс ғылымында топонимиканы зерттеу осыдан екі жүз жыл бұрын басталуы. Екі ғасыр ішінде орыс топонимдерінің зерттелуі есейіп, үлкен табысқа жетті. Сондықтан мол тәжрибесі мен өнеге көрсетер үлгісі бар орыс топонимикасынын зерттелуіне қысқаша шолу жасауды жөн кердік.

Топонимдердің зерттеу мәселесі ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарынан басталады. Географиялық қоғамның этнография бөлімін басқарушы, атақты сыншы жіне этнограф Н.И. Наежнин топонимдерді зерттеу мәселесіне көңіл бөлген. Сол сияқты К.А.Неволин де 1853 жылы ХҮІ ғасырдыға новгород жазуы мен оның тарихы жөнінде үлкен еңбек жазған. Орыстың география қоғамы «Үлкен сызу кітабын» зерттеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы топонимикалық зерттеулер этимологиялық талдауға, географиялық атауларды жинауға және ұлт топонимдерін орыс тілінде транскрипциялау мәселесіне арналды. П.П. Семенов Тянь-Шанский, Г.Н.Потанин, В.В.Сапожников, А.Н.Весонов, В.Ф.Ошанин т.б. ғалымдар, саяхатшылар топонимерді жинап қана қойған жоқ, олардың этимологиясы туралы да пікір айтты. Проф. Ю.М.Шокальскийдің басқаруымен орыстың география қоғамының қасынан географиялық атауларды жазу жөнінде транскрипция комиссиясы құрылды. Кейінгі кезде географиялық атаулардың этимологиялық сөздіктері шыға бастады. Олардың қатарына В.Ю.Турусманның, Г.Ф.Ганның, Э.М.Житковтың, А.Н.Сергеевтың, А.Орловтың, А.А.Ивановскидің сөздіктерін жатқызуға болады. Қазан төңкерісіне дейін топонимика жөнінде біраз еңбектер жазылып, көп материалдар жиналды. Бірақ төңкеріске дейінгі география, тарих ғылым өкілдерінің жасаған этимологиялық талдауларында тіл факторларына жете көңіл бөлмеу салдарынан кейбір кемістіктер де болды. Топонимикалық зерттеулер жүйелі түрде болмады. Көбіне әр түрлі ғылым өкілдерінің еңбектерінде жол жөнекей айтылды. Осыған қарамастын төңкеріске дейін топонимдерді жинау, оны пайдалануға керекті құнды жақтары мол екенін ерекше атап өту керек.

Топонимиканы зерттеу жұмысы қазан төңкерісінен кейін де қолға алынды. Топонимика мәселелері мен әрбір республикалардағы Ғылым Академиясының ғылыми зерттеу  институттары шұғылданып отыр. Топонимиканың үлкен теориялық мәселелерін көтерген еңбектердің қатарына В.П.Семенов Тянь-Шанскийдің, А.М.Селищевтің, Э.М.Мурзаевтың, И.И.Шишкиннің, Б.А.Серебренниковтың жұмыстарын жатқызуға болады.

Ұлт аудандарының және шет тілдерінің топонимдерін орыс тілінде транскрипциялау мәселесі бүкіл жұртшылықтың көптен көңіл аударған мәселесі болды.

1813-14 жылдары қазақ жерін аралаған Ф.Назаров ОҚО аумағындағы кейбір географиялық нысандар туралы деректер қалдырған. Созақ туралы саяхатшы “Созақ 500 тас үйден тұрады. Биік жерде орналасқан, қала ішінде бұлақтар көп” деп жазған. Ал Шымкенттің Бодам (Бадам) өзені жағасында биік жерде тұрғандығын, биік қабырғамен қоршалғанын жазады. Саяхатшының қаладағы “үйлер негізінен күйдірілмеген кірпіштен салынған, қытайлардың үйлері сияқты терезелері болмайды” деген ескертпесінің маңызы зор. Ал Сарысу өзеніне қарай жүргенде, саяхатшы суы қызғылт түсті бұлақтар маңында тоқтағандықтарын, осы маңда құландардың үлкен үйірін кездестіргенін жазады.

Қазақ жері туралы жан-жақты географиялық мәліметтер П.И. Рычковтың 1832 ж жарық көрген “Орынбор губерниясының топографиясы” атты еңбегінде берілген. Еңбекте аты аталған георафиялық нысандарға қысқаша сипаттама берілген. Ғалым Сарысу өзенінің Сырдарияға жетпей, құмға сіңіп кететіндігі, бұл өзенннің бойында құландардың үйірімен жүретіндігі жайлы топонимика үшін құнды деректер бар.

Қазақстанда топонимдерінің шығу тегі мен мағынасына қатысты жекелеген мәліметтер ресейлік және отандық тарихшылар мен лингвистердің еңбектерінде кездеседі. Олардың қатарында С.П.Бартольд, А.Левшин, И.А.Кастанье, С.П.Толстов, Ә.Марғұлан, А.Н.Бернштам, С.Г.Кляшторный, К.Ақышев, К.Байпақов, Ә.Абдрахманов, Е.Қойшыбаев, В.Н.Попованың зерттеулерін  атауға болады.

Қазақстан географиялық атауларының зерттелуі туралы айтсақ Қазақстан топонимдері төңкерістен бұрын екі салада сөз болды.

Біріншіден Қазақстанда болған ғалымдар, саяхатшылар, географтар ұазақ топонимдерін жазып алып, оларды картаға, ғылыми әдебиетке енгізді. Сол кезде кейбір адамдардың географиялық атауларды орыс тілінде дұрыс жазуға мән бермей, картаға, әдебиетке бұрмалап енгізуі орын алды.

Екіншіден геграфиялық атаудар Орта Азияны және Қазақстанды зерттеуде үлкен ғалымдардың еңбектерінде сөз болды. Мысалы проф. П.Мелиоранскийдің «Паматник в честь Кюль-Тегина» деген еңбегінде бүкіл түрік жүйелі тілдерге қатысы бар ҮІ-ҮІІ ғғ. орхон-енисей жазуы, ондағы географиялық атаулар да сөз етілді.

 

№ 4. Орыс ғалымдарының Қазақстан топонимдерінде монғол, араб, фарсы және де басқа халықтардың лексикасымен байланыстылығы туралы зерттеулері. 

 

1. Қазақ топонимдерінде монғол, араб, фарсы және де басқа халықтар тіліндегі атаулар бар екендігін зерттеген алғашқы ғалымдар туралы

2. Топонимиялық ғылыми еңбектер.

 

Қазақстанның топонимиялық спектрі шығу тегі жағынан әртүрлі тілдерге жататын географиялық атаулардан тұрады. Жалпы алғанда, топонимиялық стратиграфия тарихи және этностық процестер, тілдердің өзара әрекеттесуі нәтижесінде бір-бірімен тығыз байланысқан, әртүрлі тілдерге жататын және әр кезеңде қалыптасқан географиялық атаулардың қабаттарының жиынтығы болып табылады. 

Е.Қойшыбаев (1985) хронологиялық жіктеу негізінде Қазақстан аумағында 5 тілдік қабатты бөліп көрсеткен:

1) Ежелгі тілдер элементтерін сақтап келе жатқан тым көне қабаттар (санскрит, үнді-иран тілдері элементтері: тал, ар, бал, сар, ғар, кан);

2) Шартты түрдегі түркі-монғол тіл бірлестігі элементтерін сақтап келе жатқан көне қабаттар (ал, ала, бала, қар, шар, чар, көк, бай, тоғай);

3) Түркі тіл қабаттары немесе түркі тілдер семьясы құрамының ерекшеліктерін көрсететін қабаттар;

4) Осы күнгі түркі түркі тілдері ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (қазақ, қырғыз, алтай, қарақалпақ, башқұрт, ұйғыр, түрікмен, әзірбайжан, өзбек және т.б.);

5) Орыс тілі негізіндегі топонимикалық қабаттамалар, яғни Э.М.Мурзаевтың айтуынша, “ең үстіңгі қабат”.

Әрбір тілдік қабатты белгілі бір тарихи кезеңде қалыптасып, кейінгі дәуірлерде мүлде өзгеріске түспеген деуге болмайды. Өйткені қалыптасқан кезінен бастап, әрбір географиялық атау тарихи-географиялық және әлеуметтік факторларға байланысты өзгеріске ұшырап отырды. Сонымен қатар, екі немесе үш тілдің топонегіздері үйлескен гибридті (будан) атаулар да болады. Кей жағдайда тарих аренасында бір аумақта, бір мезгілде әртүрлі тілде сөйлейтін бірнеше халықтар бірдей деңгейде тілдік жағдайға, соның ішінде топонимдердің қалыптасу барысына ықпал етті. Жаугершілік замандарда жеңілген халық өзі жайлап келген аумақтан үдере көшуге мәжбүр болса, олардың рухани мұрасы болған көптеген атаулар жеңімпаз халықтың тіліндегі атаулармен жедел ауыстырылған.

Ономастикалық номинациямен қамтылатын нысандар мен құбылыстар жиынтығы әр халықтың аумақтық таралу ерекшеліктеріне, мәдени даму тарихына байланысты түрліше сипат алады. Географиялық атау қоюдың өзі себеп-салдарлық байланыстардың күрделі кешені болып табылады, олар атаулардың типтеріне қарай түрліше сипатта болғандықтан, танып-білу деңгейі де әртүрлі болады. Зерттеушілер атауды қоюға түрткі болатын себептердің тарихи, әлеуметтік, аумақтық (географиялық) аспектілерін бөліп көрсетеді. 

Сырттан енген топонимдер қабатын иран, араб, монғол, орыс тілдеріндегі географиялық атаулар құрайды. Бұл тілдерден енген атаулардың қалыптасу барысына, құрылымдық ерекшеліктеріне тарихи-лингвистикалық, географиялық факторлар ықпал етті. 

Мысалы, тарихи-археологиялық зерттеулер VII ғ. – IX ғ. басында Оңтүстік Қазақстан өңіріне соғдылық дәстүрдегі қала мәдениеті тарала бастағанын дәлелдейді. Түркі халықтарына соғдылық мәдениет үлгілердің енуі соғдылардың Сырдария бойымен өтетін сауда жолының маңында қоныстана бастауымен қатар жүрген. Сол кезеңде соғдылық қала атаулары (Испиджаб, Пуроб, Шауғар) пайда болды. Оңтүстік Қазақстан аумағында орта ғасырларда құрамында “елді мекен”, “қала” деген жалпылама мағына беретін  қат, -кет, -кент, -қанд, - дех сияқты географиялық терминдер бар соғдылық топонимдер басым болған.  Сол кезеңде танымал нысандар болғандықтан, тарихи жазба ескерткіштерде атаулары тіркелген. Жалпы алғанда, облыстың қазіргі картасынан кент сөзімен байланысты Атакент (Мақтаарал ауд.), Көлкент (Сайрам ауд.), Құмкент (Созақ ауд.), Майлыкент (Түлкібас ауд.), Манкент (Сайрам ауд.), Мырзакент (Мақтаарал ауд.), Сүткент (Шардара ауд.), Таукент (Созақ ауд.), Шымкент атаулары бар.

Иран тілдес халықтар арасында кең тарап, кейіннен түркі тілдеріне енген стан термині “ел”, “аймақ”, “жер” мағынасын береді. Облыс аумағында бұл терминнің қатысуымен Түркістан, Гүлістан атаулары жасалған.

Көне иран тілдерінде бастапқыда “гүлденген”, “суландырылған”, “жайлы” деген мағынаны білдірген абад/абат сөзі кейіннен түркі тілдеріне кеңінен еніп, елді мекен, қала мағынасына ие болған. Орта Азия мен Әзірбайжандағы топонимдер құрамында кеңінен тараған бұл термин Ақсуабат, Әбділабат, Низамабат, Тұрдыабат, Абад, Еркінабад, Ленинабад ауылдарының атауларында көрініс тапқан. Терминнің екі аудан аумағында ғана шектеулі ареал жасап таралуы оның реликтілі сипатын көрсетіп тұр.  

Облыс аумағында “есік”, “аңғар”, “қақпа” деген мағыналық жүктемеге ие ирандық дер/дар/дара терминінің қатысуымен Базардара (қоныс), Дарбаза (елді мекен, қоныс, тау), Қызыл Дарбаза (қоныс), Шардара (жазық, қала) атаулары бар. Қазақстанның басқа өңірлерінде тіркелген Дара, Дарат ойконимдері де осы термин негізінде жасалған. Оңтүстік өңірде дарбаза тұрмыстық термин ретінде қақпаға қатысты кеңінен қолданылады.

Облыстағы сырттан енген атаулар тобына араб тіліндегі топоүлгілер де жатады. Өлке топонимиясына арабтық элементтердің енуі VIII-IX ғғ. сәйкес келеді. Араб мәдениеті мен тілінің біз зерттеп отырған аумаққа ықпалының артуы араб саудагерлері мен саяхатшыларының Ұлы жібек жолы арқылы енуімен және арабтардың жаулап алу жорықтарымен байланысты болды.

Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық топонимдік калькалар қалалардағы билингвизм (түркі – араб, түркі – соғды) жағдайында қалыптасты деуге болады. К.Рысбергенова мұндай калькалар ретінде Отырар – Фараб, Сайрам – Испиджаб, Сырдария – Сейхун, Оксус – Весидж атауларын мысалға келтіреді. Испиджаб араб тілінен аударғанда “екі өзен аралығындағы тасты және құрғақ жер” дегенді білдіреді. Араб тілінде "қала маңы” дегенді білдіретін рабат термині Қазығұрт тауының етегіндегі Рабат, Сұлтанрабат, Отырабат ауылдарының атауларына негіз болған.

Облыс аумағында, әсіресе Мақтаарал ауданында арабтық мырза компоненті негізінде қалыптасқан топонимдер көп. Мұнда Мырзакент, Мырзатөбе, Мырзашоқы, Мырзашөл аталатын ауылдар бар.

Топонимиядағы монғолдық элементтер ХІІІ ғ. Шыңғысханның жорықтарымен және кейінгі ғасырларда көршілес аумақтарға жоңғарлардың шапқыншылық жасауымен байланысты енген. Салыстырмалы түрде оңтүстік өңірде монғол атаулары Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен орталығына қарағанда әлдеқайда аз. Монғол тілінде “жабайы ешкі” атауы болып табылатын дегерес бірнеше атаулар қалыптастырған. Олардың қатарында Дегерес (тау), Қызылдегерес (қоныс) атаулары бар. Толағай (қоныс) – “таудың шыңы” дегенді білдіреді. Толағай (Қарағанды облысындағы тау, Қорғалжын көлінің батыс жағындағы шоқы), осы ретте түркі-монғол тілдеріне ортақ сын есім, зат есім жасайтын  –қай/-ғай жұрнағы Ұраңғай (Түркістан қалалық әкімшілігіне қарасты ауыл) этнотопонимінде кездесетінін атап өтуге болады. Монғол тілінде “ұранхай” түрінде кең таралған бұл сөз “айрылған, жыртылған” деген мағына береді, ал Қазақстанның шығысында баспана атауының бірі ретінде топонимдер құрамында кездеседі.

 

№ 5. Ұлы Отан соғысына дейінгі Совет Одағындағы топономикалық зерттеулер.

 

1.Ұлы Отан соғысына дейінгі топономикалық зерттеулердің нәтижелері туралы материалдар.

2.Көптеген географиялық атаулардың өзгеруі.

3.Жаңа елді-мекендер пайда болуымен байланысты оларға әртүрлі статустардың берілгенуі.

 

Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан топонимикасының зерттелуі, негізінен 1939 жылдан басталады. 1939 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ұйымдастарған ғылыми, баспа, жер, картография және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан мәжілісі болды. Онда ҚСРО ғылым академиясы қазақ филиалының география секторының бастығы П.В.Семенов Қазақстандағы географиялық атауларды анықтау және түзету проекциясы туралы баяндама жасады. Бұл проект С.А.Аманжолов, О.Р.Назаревский, П.В.Симоновтың географиялық атауларды дұрыс жазу және аудармасын дұрыс беру үшін жазған еңбектерін талқыға салудан туған еді. Олар 1500 жақын қазақтың географиялық атауларын жинап, жаңа транскрипция бойынша жазу үлгісін көрсеткен.

1939 жылы басылған С.Әлиевтің «Қазақстанның географиялық атаулары дейтін мақаласы орыс оқушылары мен мұғалімдерін Қазақстан топонимикасымен таныстыру мақсатында жазылған. Бұл мақалада су, көл, теңіз т.б. осы сияқты географиялық жалпы атауларға түсінік беріліп, оларды қара, сары, сөздермен қосса, көп  атаулардың сыры ашылатындығы айтылады.

Орта Азия топонимдерін дұрыс транскрипциялау мұқтаждығы XIX ғасырдың өзінде-ақ практикада белгілі болған. Орта Азияны зертеген В.Ф.Ошанин 1878 жылы былай деп жазған болатын: «Читая описания путешествий по родным частям Туркестанского края и рассматривая карты его, постоянно наталкиваешься на названия местностей, которые искажены траскрипцией, иногда даже до такой степенй, что они становятся совершенно неузнаваемыми.

Топонимдердің транскрипция мәселесі географиялық съездердің де программаларыннан орын алады. Мысалы, 1917 жылы Ленинградта болған   Бүкілодақтық  Географиялық екінші съезде топонимика жөнінде баяндама жасаған А.В.Маракуев транскрипция мәселесіне де көп көңіл бөлді. Ориенталистердің халықаралық екінші съезінде арнайы «Транскрипциялық комиссия» жұмыс істеді. Сол сияқты топонимика мәселесі 1936 ж. Амстердамда болған халықаралық географиялық съезінде де сөз болды. Осы съездердің нәтижесінде 1938 ж. 25 июльден 20 июльге дейін Парижде Халықаралық бірінші топонимикалық  және  антропонимикалық   конгресс өткізілді.

1932 жылдың жазында Орта Азия География Қоғамының  жалпы жиналысында  Орта  Азия  географиялық атауларының транскрипциясы талқыланды. Сөйлеген адамдар патша үкіметінің отарлық саясатына байланысты кейбір әлі де орын алып отырған топонимдер бар екендігін айтады.

1939ж. КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалындағы География секторының қызметкерлерлері П.В.Симонов пен О.Р. Назаревский және  Тіл секторының бастығы С. Аманжолов бірігіп, Қазақстандағы географиялық атаулардың транскрипциясының негізгі ережелерінің проектісін жасады. 1200 жуық географиялық объектілердің қосымша тізімі бар бұл прект Қазақстан Орталық Партия Комитетінің ұйымдастыруымен талқыға салынды. Бұл мәжіліске қатысушылар проектіні қолдап, бірсыпыра қосымшалар енгізіп мақұлдады. Мұнда географиялық атаулардың бұрыннан келе жатқан көптеген қолайсыздықтарын жоюдың жолы сараланып көрсетілген.

Қазақстан территориясында орыс тілінен топонимдер енуі XVIII ғасырда, әсіресе Ертіс өзенінің бойында орыс әскерлерінің бекіністер салуына байланысты көбейе түсті. Мәселен, орыс офицерлері Бухгольц 1716 жылы Омск (қазақша Омбы), Ступин 1718 жылы Семилалатинск (Семей), Лихарев 1720 жылы Усть-Каменогорск (Өскемен) бекіністерін салды. Ал 1752 жылы Қасиетті Петр мен Павел атындағы бекініс салынып, ол 1807 жылдан Петропавловск деп аталды. 1720 жылы Коряковская станица деп аталатын елді пункт салынды, оны 1861 жылдан бері Павлодар қаласы деп атайды. Павлодар қаласын қазақтар Кереку деп атаған. Бұл атау жоғарыда аталған Коряково селосын қазақтар өз тіліне ыңғайластыруынан тұған.

Октябрь революциясынан кейін социалистік құрылыстың орнауы нәтижесінде жаңа объектілер пайда болды. Республика аумағында облыс, аудан, ауылдық Совет, селолық Совет, колхоз, совхоз, жұмысшы поселкелері, кәсіпшіліктер т. б. ұйымдастырылды. Осы объектілердін. атауларының біразы сол жердің ескі атымен аталса, олардың басым көпшілігі Ұлы Октябрь революциясы тудырған қоғамдык кұрылыстағы құбылыстарға, оқиғаларға, халық сүйген ардагерлер аттары мен фамилияларына, елді коллективтендіруге, тың игеруге, космосқа т. б. сан алуан өзгерістерге тікелей байланысты болды.

Советтік қоғам өміріндегі өзгерістерді кеңінен қамтитын атаулар — селолық советтер аттары. Мұнда халықтың ед ардақты адамдарының аттары, фамилиялары қамтылған: Ленин, К.Маркс, Энгельс — көсемдердің фамилиялары; Амангельді, Буденный, Володарский, Дзержинский, Жангелдин, Жандосов, Қалинин, Қиров, Котовский, Куйбышев, Луначарский, Менжинский, Свердлов, Фрунзе, Фурманов, Чапаев — революция ардагерлері мен әсксри қолбасшыларының аттары мен фамилиялары; Абай, Алтынсарии, Белинский, Горький, Жамбыл, Лермонтов, Маяковский, Сейфуллин, Чехов, Шевченко — ақын, жазушылардың аттары, фамилиялары; Ломоносов, Мичурин, Тимирязев, Уолиханов— ғалымдар фамилиялары; Панфилов, Төлеген Тоқтаров, Толбухин, Мәншүк Маметова — Ұлы Отан соғысы қолбасшыларының, батырларының аттары мен фамилиялары; Алдабергенов, Гагарин, Тельман, Чкалов — аттары дүние жүзіне белгілі кайраткерлердің фамилиялары.

Мұндай атаулардың тағы бір үлкен бөлегі коғамда болған өзгерістерді көрсетеді, жаңалықтарды атайды: Бірінші Май, Большевик, Гвардия, Жаңажол, Жаңақұрылыс, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Жұлдыз, Еңбекші, Еңбекшілер, Кеңес, Коминтерн, Коммунар, Қызылжүлдыз, Қызылтаң, Қызылшаруа, Мәдениет, Ортақ, Орталык, Өндіріс, Рахат, Совхоз (ный), Теңдік, Төңкеріс, Урожайный, Үлгілі малшы, Целинный, XXI партсъезд атындағы т. б.

Ендігі бір топ атаулар әр кезеңде партияның халықты шақырған үндеу, ұрандарына, халықтың қойған мақсатына, тілек-талабына байланысты болып келеді: Алабас, Бірлік, Бірлікүстем, Бірік, Жаңатілек, Жетекші, Еңбек, Мереке, Тегісшілдік, Ұйымдас, Ұмтыл, Ынталы, Ынтымақ т. б.

 

№ 6. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы топонимикалық зерттеулер.

 

1.А.И. Поповтың, А.И. Туркиннің, СССР-дің ҒА ГИ географиялық атауларының тарихы туралы жұмыстары.

2.Қазақстан ғалымдарының халықтық терминологияның, топонимдердің этимологиясына қызығушылығының өркендеуі, өсуі.

 

Кеңес дәуірінде аймақтық топонимикалық зерттеулермен қатар, топонимика теориялық мәселелеріне арналған еңбектер пайда болды. Олардың арасында В.П. Семенов Тян-Шанскийдің “Как отражается географический пейзаж в народных географических названиях?” (1934), А.М. Селищевтің “Из старой и новой топонимики” (1939), Э.М. Мурзаевтың еңбектерін атауға болады. Топонимика ғылымының дамуына, географиялық атаулардың сараптамасы, мағынасы, түрі және даму барысы қамтылған В.А. Никоновтың «Введение в топонимику» (1965) атты еңбегі орасан зор ықпал етті. Е.М.Поспеловтың еңбектерінде топонимика мен картографияның байланысы көрсетіліп, географиялық атаулар транскрипциясының теориялық және қолданбалы мәселелері зерттелген. Осы кезеңнен бастап топонимика және терминология мәселелеріне қызығушылық артып, ғылыми топонимикалық мектептер қалыптаса бастады.

Қазақстанда топонимика ғылымы ХХ ғасырдың 40-шы жылдарының соңына қарай дами бастады. Топонимика ғылымының қалыптасу және даму мәселелеріне арналған жекелеген мақалалар, сөздіктер мен монографиялар жарық көрді. Олардың қатарында Қазақстан топонимикасының теориялық мәселелеріне арналған А. Әбдірахмановтың, географиялық терминдер мен атауларды зерттеудің географиялық бағытын дамытқан Ғ.Қ.Қоңқашпаевтың, топонимиканың географиялық ғылымдардағы орнын көрсеткен А. Маракуевтің, топонимиканың теориялық мәселелерін талдауда түркі тілдес топонимдерге айрықша мән берген географ ғалым Э.М.Мурзаевтың еңбектері айрықша орын алады.

Қазақстандағы ірі объектілік топонидердің ішіндегі енді бір көп кездесетін атаулардың қатарына жануарларға байланысты топонимдер де жатады. Олардың ішінде жабайы жануарлар да, қолда өсетін үй жануарлары да енеді. Қазақстан топонимдерінде жануарларға байланысты атаулардың көп кездесуі кездейсоқ нәрсе емес. Өйткені ерте замандағы адамдардың жануарлардың етімен күн көрудің болғандығын дәлелдейтін қалдығы ретіндегі құбылыс – аңшылық Қазақстанда ұзақ сақталды. Аңшылық кейін көрудің негізгі формасы болмай, салтқа байланысты болып кетті. Бұл туралы ауылшаруашылық ғылымдарының кандидағы Н.И.Баяндин былай дейді. Барлық бұл атаулар кездейсоқ есем, олар қазақ халқының тарихымен байланысты, оның көшпенділік өмірімен, шаруашылықтың малшаруашылық бағытымен байланысты.

Сонымен қазақ халқының мал шаруашылығымен айналысуы топонимдердің дамуына, көбеюіне әсерін тигізді. Әрбір жердің геоморфологиялық, релефін географиялық объектілерін ең нәзік белгілеріне дейін топонимдер, географиялық атаулары арқылы бере білу Қазақстан топонимдерінің өзіне тән бірінші ерекшелігі. Қазақстан топонимдерінің бір ерекшелігі жалпы қазақ тіліне тән. Атақты түріктанушылар академик В.В.Радлов, проф. С.Е.Малов қазақ тілінің ерекшелігі – образды, сипаттама сөздерінің көптігінде деп көрсеткен. Мысалы Қазақстандағы жер бедерінің көрсеткіші болатын географиялық жалпы атаулардың, әсіресе ұсақ объектілердегі болған оқиғаларды дәл беретін топонимдердің дамуы осы пікірді дәлелдейді.

Қазақстан топонимикасын зерттеуде тілтанушы ғалым А.Әбдірахмановтың да сіңірген еңбегін атап өткен жөн. Ол өзінің “Қазақстанның жер-су атаулары” деп аталатын ғылыми жұмысында Қазақстандағы 800-ден аса ойконимдерге және теміржол бекеттеріне топонимикалық сараптама жасаған. Ал “Топонимика және этимология” еңбегінде этимологиялық зерттеулердің әдістері қарастырылып, еліміздің 140-тан астам топонимдеріне этимологиялық талдама жүргізілген. Ғалымның көптеген мақалаларында топонимиканың жалпы проблемалары көрініс тауып, қазақ топонимдеріне этимологиялық талдау берілген.

Қазақстан топонимикасының дамуында тілтанушы ғалымдар тобы үлкен еңбек сіңірді. Профессор Т. Жанұзақов қазақ топонимдерінің этимологиясын, қалыптасу әдісін, құрамы мен құрылымдық түрлерінарнайы зерттеген. Оның «Очерк казахской ономастики» (1982) деген еңбегі топонимиканы зерттеуде елеулі үлес қосты. Ғалымның басшылығымен Жезқазған және Ақмола облыстары бойынша географиялық атаулардың 2 сөздігін құрастырылды. Жетісу топонимдерін зерттеген Е. Қойшыбаев та Қазақстанда топонимика мен терминологияның дамуына өзіндік үлесін қосты. Ғалым Қазақстан топонимдерінің қысқаша түсіндірме сөздігін құрастырды. Қазақстан топонимикасы бойынша  басқа да елеулі еңбек ретінде Павлодар облысының гидронимдерін зерттелген В.Н. Попованың бірқатар еңбектерін айта кеткен жөн.

Қазіргі кезде Қазақстанда топонимикалық зерттеулермен географтар да айналысуда. Жалпы мәселелермен бірге, арнайы зерттеулерде аймақтық топонимика да қамтыла бастады. Аймақтық топонимиканы дамытуда қомақты үлес қосқан ғалымдардың бірі А.У. Маканова. Оның Ақмола облысының географиялық объектілерін зерттеуге бағытталған ғылыми мақалалары мен зертеу жұмысы алғашқырет физикалық-географиялық тұрғыдан топонимдердің қалыптасуын айқындауға ғылыми әдістемелік тұрғыдан маңызды рол атқаруда. 

География институтында белгілі зерттеуші С.Ә. Әбдірахмановтың басшылығымен топонимикалық топ жұмыс істейді. Бұл топ ұзақ жылдар бойы географиялық атауларды жинақтап, олардың транскрипциясы мен унификациясына қатысты қомақты еңбек етуде. Мұнда 14 томдық «Государственный каталог географических названий Республики Казахстан» атты жаңа еңбек шығарыла бастады. Басылып шыққан каталогтың 1-ші томы Ақмола облысына қатысты (2002) 5 мыңнан аса топонимдерге, топоним қалыптастырушы 100-гежуық халықтық терминдер қамтылды. Басылымның Солтүстік Қазақстан облысына арналған 2-ші томы 2004 ж жарық көрді. Институт қызметкерлері аса құнды “Инструкция по русской передаче казахских и казахской передаче русских географических названий Республики Казахстан” (2002) басылымын қайта өңдеуден өткізіп, жарыққа шығарды.

Топонимика ғылымының жалпы аспектілерін зерттеуге белгілі ғалымдар А.П. Горбуновтың, Ә.С. Бейсенованың еңбектері арналды. Бұл саладағы ең жаңа ғылыми жұмыстың бірі – А.П. Горбуновтың “Горы Центральной Азии. Толковый словарь географических названий и терминов” (2006) деп аталатын еңбегі. Мұнда Орталық Азия мен Қазақстандағы таулы өңірлердегі кең тараған географиялық атаулар мен терминдер талданған. Географиялық атаулар мен терминдерге этимологиялық талдау автордың жергілікті жерден жинаған материалдарымен, сөздіктердегі деректермен толықтырылған.

Осы кезге дейін жүргізілген зерттеулерге шолу жасау негізінде Қазақстан топонимикасында әлі жеткілікті зерттелмеген ғылыми проблемалар бар.   Олардың арасында география ғылымдарының жеке салалары мен топонимиканың байланысын қарастыру, аймақтық топонимика, топонимиканың қолданбалы астарларын негіздеу бағытында жүргізілуі тиіс зерттеулердің келешегі зор.

 

№ 7.  Қазақстан топонимикасының даму тарихы.

 

1.Қазақстандағы топонимикалық зерттеулердің дамуы, олардың ғылыми шығармаларының практикалық және ғылыми мазмұны.

2.Г.К. Қонқашпаевтың, Е.К. Қойшыбаевтың, Э.М. Мурзаевтың, А. Нұрмағанбетұлының шығармалары.

3.Қазақстан топонимдерінің шығу тарихы, лингвистік ерекшеліктері

 

Қазақстан Республикасында топонимика ғылымының дамуындағы қазіргі теориялық  мәселелер: жергілікті жердің табиғаты мен шаруашылығы жайлы ақпарат адамдардың күнделікті өмірі мен қызметінде кеңістіктік бағдар ретінде қызмет атқаратын сол географиялық объектінің атауы болып тілде сақталады. Осылайша бұл атауларда халықтық географиялық терминология кең қолданылып, табиғат құбылыстары, географиялық объектінің ерекшеліктері және ландшафттың ерекше белгілері көрініс табады. Географиялық атаулар жүйесі кез келген тілдің ажырамас элементі болып табылады, сондықтан тілмен бірге дамып келеді. Қоғамның дамуына байланысты бұл топонимдер жаңарып, әрі ылғи да толықтырылып отырады.

Географиялық атаулар белгілі-бір физикалық-географиялық жағдайда адамның күнделікті өмірі, тұрмысы, мәдениеті мен тарихына байланысты қалыптасып және дамып отыруы мүмкін. Атаулардың белгілі бір тарихи кезеңдердегі адамның шаруашылық әрекетінің ерекшелігін зерттеуде ақпараттық көзі болатынын көптеген зерттеушілер атап өткен. Адамның дәстүрлі шаруашылық әрекетінің қалыптасып, дамуына сол кезеңдегі физикалық-географиялық, тарихи, әлеуметтік жағдайлар себепші болады. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы жерінде көшпелі мал шаруашылығы мен  егіншілік сипаты көрініс табатын топонимдердің қатар кездесуі осы шаруашылық салаларының географиялық шоғырлануына, сол кезеңдегі табиғат жағдайларына қатысты қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер міндетті түрде нақты деректермен (тарихи-археологиялық, географиялық, лингвистикалық) расталған жағдайда, құндылығы арта түседі

Топонимдер зерттеушілер үшін таным тірегі болып табылады. Топонимика ғылымы кез келген ауданның табиғи жағдайлары  мен табиғи қорларын, айрықша қорғалатын табиғи аумақтарын зерттеуде маңызды қолданбалы сипат алады. Бұл міндеттерді шешу үшін географиялық атаулардың номинациясына себеп болған тарихи оқиғалар, атаулардың мағыналық жүктемесі және осыған сәйкес алынатын географиялық ақпаратты ескерудің маңызы зор.

Қазақ жеріндегі бірқатар топонимдер 1863-1885 жылдары жарық көрген П.П. Семеновтың “Россия империясының географиялық-статистикалық сөздігінде” көрініс тапқан. Сөздікте топоним құрамындағы географиялық терминдер сызықша арқылы бөлініп жазылған және терминнің қазақшадан аударғандағы мағынасы жақша ішінде берілген. Бұл сөздіктің қазіргі топонимика ғылымы үшін маңызы атаулардың тізімін, мағынасын беруімен ғана емес, объектінің георафиялық ерекшеліктерін қысқаша сипаттауымен де құнды. Мұның өзі көптеген қазақ топонимдерінің мәнін түсінуге, мағынасын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.

Ал Қазақстан аумағындағы көне және қазіргі заманғы түркі топонимиясы зерттеуде В.В. Радловтың, А.Н. Кононовтың және т.б. қосқан үлесі зор болды.

Қазақстанда топонимика ғылымының негізін қалаушы Ғ.Қ. Қоңқашпаев өз еңбектерінде қазақтың халықтық географиялық терминологиясын жинақтап, талдады. Ғ.К. Қоңқашпаевтың география ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін қорғаған диссертациясы (1948) осы кезеңге дейін топонимика саласында көп сілтеме жасалынатын еңбектің бірі болып табылады. Ғалымның әсіресе географиялық терминдердің атауларды қалыптастыру заңдылықтарына, терминдердің аймақтық, жергілікті семантикалық ерекшеліктерін зерттеуіне қатысты тұжырымдары өте құнды. Ол еліміз аумағындағы монғол атауларын,  түркі тілді географиялық терминологияның заңдылықтарын қарастырумен бірге, топонимикалық сөздік құрастырумен де айналысты. Ғ.Қ. Қоңқашпаевтың топонимика және терминология мәселелеріне арналған ғылыми еңбектері Қазақстан топонимика ғылымының қалыптасып дамуына зор үлесін тигізді.

Топонимика ғылымының дамуында ерекше орынды белгілі географ Э.Мурзаевтың еңбектері алады. Оның топонимикалық еңбектерінде топонимиканың теориялық мәселелері, аймақтық топонимикалық зерттеулер және жергілікті географиялық терминдердің топоним қалыптастыруна қатысты мәселелеркөрініс тапқан. Э. Мурзаев топонимиканы лингвистика, тарих және географияның зерттеу әдістерін пайдаланатын, осы ғылымдардың теориялық негіздеріне сүйенетін дербес ғылым ретінде көрсетті. Ғалым өз еңбектерінде Орта Азия мен Қазақстандағы географиялық атаулардың қалыптасуына, дамуына да айрықша назар аударған. Э.Мурзаев қазақ топонимисі Ғ.Қ.Қоңқашпаевтың халықтық географиялық терминологияға қатысты зерттеулерін жоғары бағалап, бұл еңбектерге өз зерттеулерінде сілтемелер жасаған. А.Нұрмағанбетұлының «Жер су аты- тарихтың хаты» деп аталатын еңбегінде Қазақстан жеріндегі географиялық атаулардың қысқаша шығу тарихы мен сол нысандарға сипаттама берген.

К.Рысбергенова Оңтүстік Қазақстан аумағындағы топонегіздерді тілдік тұрғыдан үш топқа: 1) субстратты (көне); 2) сырттан енген; 3) түркілік қабат деп жіктейді. Әрбір тілдік қабатты белгілі бір тарихи кезеңде қалыптасып, кейінгі дәуірлерде мүлде өзгеріске түспеген деуге болмайды. Өйткені қалыптасқан кезінен бастап, әрбір географиялық атау тарихи-географиялық және әлеуметтік факторларға байланысты өзгеріске ұшырап отырды.

Топонимдердің өте көне субстратты қабаты қазіргі заманғы тілдер тұрғысында түсіндірілмейтін, яғни бұрынғы замандарда осы өлкені мекендеген халықтардың тілдеріне жататын топонимиялық қабатты қамтиды. Бұл қабатқа ежелгі түркілік, соның ішінде оғыз кезеңіндегі топонимдер жатады. Сырттан енген топонимдер қабатын иран, араб, монғол, орыс тілдеріндегі географиялық атаулар құрайды. Бұл тілдерден енген атаулардың қалыптасу барысына, құрылымдық ерекшеліктеріне тарихи-лингвистикалық, географиялық факторлар ықпал етті.

Қазақстан топонимдерінің (макро, микротопонимдік) құрамы.  Қазақстан аймағындағы топонимдер ішін-ара екі үлкен топқа бөлінеді. Олардың бір бөлігі — ірі географлялық объектілердің атаулары   болса,   екінші мол тобы — кіші-гірім объектілер атаулары боп саналады. Бұларды ономстикалық ғылыми терминмен макротопоним және   микротопоним деп атайды. «Макротопоним (гр. макро — «үлкен», «ірі») — халыққа кеңінен танылып, ресми тұрғыда белгілі болған ірі физика-географиялық объектілердің аттары. Мәселен, Европа, Азия, Кавказ, Памир, Тынық Мұхит т.б. Біздің Қазақстан топонимдері құрамындағы   макротопонимдер — Алматы, Қарағанды, Целиноград,  Орал, Ақтебе, Балқаш, Каспий, Алатау,  Қаратау, Ертіс, Сырдария, Ілс, Көкшетау т.б. Сондай-ақ оған баска да қалалар, қала типіндегі поселкелер, аудан орталықтары мен ірі өзен, көлдер т.б. объектілер атаулары жатады.

Ал микротопонимия (гр. микро- «кіші») — белгілі территорияға тән ұсақ физика-географиялық объектілердің, яғни өзендер мен көлдер, көлшіктер, бұлақтар мен бастаулар, құдықтар мен жылғалардың, жыралар мен сай-салалардың, жоталар мен төбе, төбешік, қыр-қыраттардың, шабындықтар мен пішендіктердің қыстаулар мен жайлаулардың аттары. Бұл макротопоним және микротопоним деген терминдерді советтік тіл білімінде алғаш рет А.В.Суперанская және Э. М. Мурзаев қолданды.

Орталық Қазақстан топонимдерінің ішінде сан жағынан көбі — микротопонимдер. Олардық мейінше мол болуының заңды себебі де бар.  Өйткені мал бағып, ен далада көшіп-қонып жүрген ел ертеден ұлан-ғайыр, кең-байтақ жердегі бұлақтар мен бастау, қайнарларға, құдықтар мен суаттарға, жыралар мен жылға, сай-сала, қыр-қыраттарға, қыстаулар мен жайлауларға ат қойып келсе, әрбір   облыс  тұрғындары  отырықшы өмірге бой ұрған соң, елді мекендер мен колхоз, совхоздарға, фермалар мен учаскелерге жаңаша ат қойып, айдар тағып отырды.

Жергілікті географиялық терминдер (ЖГТ) немесе апеллятивтер табиғи объектілерді белгілеу ретінде пайдаланылады да, жер-су аттарын жасауда негізгі ұйытқы болады.

Сонғы жылдары географиялық терминдер туралы КСРО топонимистерінің біраз зерттеулері жарық көрді. Қазақтың халықтық географиялық терминдері Ғ.Қоңқашпаев, А.Әбдірахманов, В.Н.Попова, Е.Қойшыбаев, О.Сұлтаньяев еңбектерінде лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттелді. Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан облыстарына тән микротопонимдер мен гидронимдердің құрамында географиялык, термин (ЖГТ) мен апеллятивтердің кеңінен орын алғаны байқалады. Мысалы, айрық, арқа, қыр, қоңыр, көн, өзек, сор, еспе, томар, дала, тау, төбе, мұрын, адыр, тумсық, құдық, көл, өзен, бастау , бұлақ, сай, жал, қағыл, тас, шағыл, қорық, қопа, шоқы, жар, ор т. б.

Қазақстан топонимдерінің стратиграфиясы бойынша этимологиялық зерттеулер (лексикалық қабаттар). Сонғы жылдары топонимикалық зерттеулерде стратиграфия, немесе топонимдер стратиграфиясы, деген термин пайда болды. Бұл терминнің анықтамасы мынадай:

«Стратиграфия (лат. straит— төсем + gгарһо— жазамын)—тау жыныстарының қат-қабаттану формаларын және жер қабығы қабаттарының тарихи тізбекте жасалуын зерттейтін геологияның бөлімі». Бұл күндері стратиграфия термині бұл мағынасын кеңейтіп, енді топонимикада жер-су аттарының тарихи жасалуындағы көне қабаттарын, соның ішінде ең көне субстратты топонимдерді зерттеуге қолданылатын тер-минге айналып отыр.

Қазақстан территориясындағы, сол сияқты баска да аймақтардағы жер-су аттарының көне формаларын, басқа тілден енгендерін т.б. тарихи құбылыстарды, топонимдердің этимологиясын комплексті зерттеу арқылы ашуға болады.

Қазақстан топонимдерін осындай стратиграфиялық топтарға бөле келіп, алтай, көне түркі замандарында жасалған топонимдерді, басқа тілдерден ерте уақыттарда және орта ғасырларда енген топонимдерді с у б с т р а т т ы топонимдер деп атайды.

 

Лекция № 8. Топонимика және география.

 

1.Топонимикалық методтар, географиялық атаулардың заңдылықтары, топонимика мен география арасындағы байланыстар айтылған.

2.Географиялық атауларды зерттеу педагогикалық маңызы, білімге баулуы және әр жақты тәрбиелік мәні.

 

Қазақстан топонимиясының ұлттық-мәдени ерекшеліктерді көрсететін қабатында осы өңірді мекен еткен халықтардың діни сенім-нанымдарына байланысты қалыптасқан атаулар тобы ерекше көзге түседі. Жалпы қазақ халқында айрықша табиғи нысандарды қорғау мақсатында олардың атаулары арқылы тыйым салу дәстүрі болғандығын зерттеушілер атап өткен болатын.   Қазақстан өңірінде жергілікті халықтың табиғатты қорғау дәстүрлерімен тығыз байланысты атаулар жүйесі қалыптасқан.

Исламға дейінгі кезеңде ежелгі түркілер отқа, Күнге, Айға, табиғи нысандар мен табиғат күштеріне сиынып, табынған. Түркі халықтарының әртүрлі діни сенім-нанымдары мен әдет-ғұрыптары өзін қоршаған табиғат ортасын, ондағы жер мен суды, тау мен бұлақты пір тұтуынан айқын көрінеді. Оның негізінде табиғатқа табыну ғана емес, оны қорғауға бағытталған іс-әрекет жатыр. Түркі халықтарының барлығының тілінде де жергілікті табиғат ерекшеліктерін бейнелейтін географиялық терминология күшті дамыған. Табиғатпен етене байланыс әсіресе әртүрлі сенім-нанымдарда табиғи ортаны пір тұту арқылы оны қорғауға бағытталған элементтерді байқау қиынға соқпайды. Түркі халықтарында “тірі” ағашты кесу, шөптерді тамырымен жұлу, су иесін ашуландырмау үшін “ағып жатқан суды” ластауға тиым салынған. Қазақ халқы ежелгі түркілерден туған жерді, атамекенді құрметтеу дәстүрін еншіледі. Ш.Уәлиханов шаманизм аталатын бұл сенім-нанымның пайда болуының өзі табиғатқа деген шексіз махаббат, оны қадір тұтып, қастерлеуден келіп туындаған.

Ата-бабалардың қасиетті атамекенін пір тұтудың және жер-суды дәріптейтін ежелгі ”ғаламдық сакрализацияның” нәтижесінде ерекше атаулар қалыптасты. Көшпенді қоғамда кез келген ақпар кеңістік бойынша ауызша таратылып, келесі ұрпақтарға ауызша жеткізілетіндіктен, қорғалуға тиіс табиғат ескерткіштері өзіндік атауларға ие болуы қажет болатын.  Мұндай географиялық нысандарды олардың атауларында “әулие” деп жариялаған халық өз жеріндегі сирек ағаш қорын, өзен мен көлді, тау мен бұлақты, ежелгі сәулет өнерінің ескерткіштерін ғасырлар бойы қорғауға алып келген. “Әулие” атаулар көбінесе үңгірлерге, жапан даладағы жалғыз бұлаққа, жеке ағаш шоқтары өсіп тұрған шөлді аудандарға қойылады. Тотемдік сипатқа ие болған фитотопонимдер қатарына Жиделіәулие, Жыңғылдыәулие, Қарағашәулие, Шеңгелдіата жатады. 

Оңтүстік өңірде ата-баба рухына табыну, аруақтарды құрметтеу дәстүрі айрықша маңызға ие болған. Қазақтардың дәстүрлі мәдениетіндегі аруақтарды құрметтеу, ол аудандардың табиғатына зиян келтіретін, ластайтын, бүлдіретін жасауға тиым салу негізінде ата-бабалар, ерекше қабілетімен танылған әулие адамдар жерленген жерлер қасиетті деп танылған. Олардың басына тәу етуге бару  үшін рухани және дене тазалығын  сақтауға тырысқан. Ондай жерлердің топырағы да, өсімдігі де, аң-құсы да қасиетті деп есептелген.

Жер-су аттарында кездесетін “ата”, “мола”, “мазар”, “баба/бап” сөздері халықтың жергілікті жердегі табиғат нысандарын қорғауға бағытталған осы әрекетінің нәтижесі болып табылады. Облыс аумағында мазар, мола сөзімен байланысты Қауынбаймола, Мазартөбе, Үркімбаймола, Шыныбекмола оронимдері, Кемпірмоласай ойконимі тіркелді.   Бұл тұрғыда Ш.Уәлиханов жазбаларында мынадай деректер бар: “Сахараның өн бойында көптеген көне әрі жаңа молалар… бытырап жатыр. Қазақ тұрмысының бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі географиялық жағынан анағұрлым маңызды, себебі жерленген адамдар аттары ел аузында мәңгілік сақталып қалады да, қазақ өзінің жол бағдарын осы молалардың тұсына қарап айқындайды”.

Оңтүстік Қазақстан облысында әсіресе ата және баба компоненттерінің қатысуымен жасалған атаулардың басқа аудандарға қарағанда жиі кездесетінін атап өткіміз келеді. Қырғыз – орыс сөздігін құрастырушы ғалым К.К.Юдахин географиялық атаулар құрамындағыата сөзі сол жердің “қасиеттілігін” білдіретін компонент екендігін атап көрсеткен. Әдетте бұл атаулар нақты адамдардың жерленген жерін көрсетеді, топонимикада мұндай атаулар агиотопонимдер деп аталады. Олардың көпшілігі ерекше, кейде емдік маңызы бар табиғат нысандарының атаулары болып табылады. Облыс аумағында біз Арыстанбап, Артықата, Әкімата, Бабата, Ғайыпата, Дәубаба, Жүсіп ата, Жылағаната, Жыңғылдыата, Ибата, Көктондыата, Қауғаната, Қошқарата, Қоянбаба, Құмтиыната, Құмшықата, Құрышханата, Лайқората, Леңгірата, Мұқымата, Сүзіката, Үйреката, Шеңгелдіата және т.б. агиотопонимдерді тіркедік. Бұлардан басқа, Найынсабата, Садырбаб ойконимдерін анықтадық.

Облыс аумағында әулие жерлер деп танылған нысандардың атауларында ата компоненті жиі кездесетіні туралы айттық. Солардың бірі – Жылаған ата үңгірі. Түркістан қаласынан 80 км жерде Қаратаудың осы аттас шатқалында орналасқан. Биіктігі 3-4 м, ал тереңдігі 50-60 метрге жететін бұл үңгірдің қабырғасындағы жартастан диаметрі 15-18 см қуыс бар. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады. Табиғаттың бұл кереметі жергілікті халық назарынан тыс қалмаған. Атауы арқылы әулиелі жер мәртебесіне ие болған бұл географиялық нысанға туристердің, табиғат құдыретімен аурудан айыққысы келетіндердің легі толастаған емес. Бірақ атау арқылы жанама тыйым салудың арқасында халық бұл айрықша нысанды ластанудан қорғап қалған. 

Тауалды аудандарында, шөлді аумақтарда тұрақты ағыны бар, бұлақтардан бастау алатын өзендер мен жылғалар айрықша атаулар тобына ие болған. “Әулиелік” сипатқа ие болған су көздерінің маңына қазақ мал бақпаған, суын ластамаған. Бұл топонимдердегі ақпар арқылы бұл табиғат ескерткіштерін қорғау ісінің жүзеге асырылғанын дәлелдейді. Табиғаттың айрықша нысандарына табынудың, оларға ерекше ат берудің өзі соқыр сенімнен емес, табиғатты қорғау қажеттілігін сезінуден туындаған. Облыс аумағында Әулиесай, Дәубаба, Жылағаната, Қайнарата, Қошқарата, Қызылата, Мансұратасай потамонимдері атіркелді. Сакральдық мәні бар бұл атауларды қою арқылы жергілікті халық айрықша су көздерін қорғауды мақсат еткен.

Үңгір атауларындағы (спелеонимдер) “әулие”, “ата”, “қожа” сөздері арқылы осы айрықша нысандарды қорғау туралы ақпар берілген. Спелеонимдердің көп жағдайда тиым салушы (табу) сипатқа ие болуы  үңгірлерді қорғау мақсатынан туындаған. Өйткені аруақтарды пір тұту дәстүрінің өзі киелі, “әулие” атанған жерлерде табиғатқа қарсы әрекеттер жасалынбауына жағдай жасаған. Е.А. Керімбаев Оңтүстік Қазақстандағы Қарлығаш ата, Дуана қожа, Тамшы әулие, Жеті үңгір спелеонимдерінің сакральдық маңызын жоғарыда аталған лингвистикалық компоненттердің болуымен түсіндіреді. 

Қазақ халқында ағаштарды қорғау мақсатында оларды “қасиетті” деп жариялап, тиісуге болмайтын табыну объектісіне айналдыру жиі кездеседі. Көбінесе жалғыз ағаш немесе ағаш шоғы бұлақ басында өсетіндіктен, жапандағы бұлақ атауы ерекше сипатта болған. Өткен-кеткен жолаушы оның маңындағы ағаштарды қасиетті деп санап, шүберек іліп кететін болған. Облыс аумағында біз Жаңғызағаш, Мүсірепағашбұлақ, Талдыбұлақ, Шұбарағаш  тәрізді бұлақ атауларын анықтадық, атауларында олардың маңында ағаш өсетіндігі бейнеленген.

Сонымен қатар, көшпенді халықтарда айрықша қорғалатын аумақтар (қазақша қорық, монғол тілінде хориқ) болғандығын көптеген жазба деректер дәлелдейді. Рашид-ад-дин өзінің XIV ғ. жарық көрген әйгілі “Жылнамалар жинағында” Шыңғыс ханның “ұлы қорығын” мыңдаған сарбаздар қорғайтындығы туралы жазған. Орта Азия мен Қазақстандағы ежелгі қорықтарды арнайы зерттеген ғалым Р.Сәтімбеков қорықтық аумақтардың негізінен өзен аңғарлары мен тауалды жазықтарындағы жануарлар дүниесін қорғау мақсатында пайда болғандығын айтады. Ғалым археологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйене отырып, қорық ұғымының қола дәуірінің өзінде пайда болғандығы жөнінде қорытынды жасайды. Осы мәліметтерге сәйкес, XIV ғасырда Қаратаудың солтүстік бөктерінде Тобалық-Қорық деп аталған орасан зор аумақты алып жатқан, арнайы қорғалған аңшылық аудан орналасқан. 

Қазақстандағы бұрынғы қорықтық аумақтардың орнын топонимдер арқылы көруге болады. Мәселен, Бадам және Арыс өзендерінің аралығында Қорық атты жер, Бөген және Шаян өзендері аралығында Қорықащы жылғасы, Сырдария бойында Қорықкелес деген жер, өзен атаулары, Келес өзені бойында Қорықсай атты жер, ескі арна атаулары бар. Олардың барлығы дерлік өзен аңғарларының бойында орналасқан.

Қорықсай топонимі – облыстағы қорық сөзімен байланысты айрықша атаулар тобына енетін, ертеректе осы нысанның қорылатын (қорғалатын) аумақ болғанынан хабар беретін атау. Жоғарыда аталған аудандар шөбі шүйгін, шаруашылыққа қолайлы жерлер болып табылады. Осының негізінде халық табиғаты көркем өңірлерді ғана емес, шаруашылық маңызы зор аудандарды да қорғалатын аумақтар ретінде айрықша есепке алған деуге болады.

Жалпы Қазақстан бойынша қорық сөзімен байланысты ондаған атаулар кездеседі. ХХ ғасырдың басында Павлодар уезінде зерттеулер жүргізген орыс ғалымдары таулардағы оқшауланған жайылымдар мен шабындықтарды қазақтар “қорық” деп атайтыны туралы жазады және мұны осы жерлердің шаруашылық маңызымен түсіндіреді. П.П.Румянцев басқарған ресейлік экспедиция өздерінің жолжазбаларында сол кезеңде Лепсі уезіне қарасты болған қазіргі Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан “көктемгі және күзгі жайылым ретінде пайдаланылатын Қорық даласы” туралы мәлімет қалдырған.

Географиялық ғылымдар саласына жатқызылған топонимика ғылымы осы саладағы басқа ғылымдармен тығыз байланысты болып, ақпар алмасуы қажет. Топонимдерді географиялық ғылымдар тұрғысында зерттеудің қазіргі мәселелерін талдаған ғалымдар Қазақстан жағдайында топонимика ғылымын мынадай бағыттарда дамыту қажеттігін негіздеген:

1) Халықтық топонимия және дәстүрлі табиғатты пайдалану;

2) Топонимика және халықтық географиялық терминдерді зерттеу;

3) Топонимика және тарихи-географиялық зерттеулер;

4) Топонимика және картография;

5) Топонимика және ландшафт туралы ғылымдар;

6) Топонимика және экология.

Бұл бағыттарды дамыту қажеттілігі біздің ойымызша, ең алдымен Қазақстан топонимдерін географиялық тұрғыда зерттеудің теориялық негіздемесін жасаудан келіп туындайды. Атауларда жинақталған сан ғасырлық орасан зор географиялық ақпар география ғылымдарының теориялық және практикалық міндеттерін шешуге жұмылдырылуы қажет.

Әдебиеттер:

1.Мурзаев Э.М. Очерки топонимики. – М.: Мысль, 1974.

2.Нұрмағанбетұлы А. Жер-су аты – тарихтың хаты. – Алматы.:Балауса, 1993.

3.Койчубаев Е. Краткий толковый словарь топонимики Казахстана. А., 1974.

4.Конкашпаев Г.К. Словарь казахских географических названий. – А., 1963.

5.Қойшыбаев Е. Қазақстанның жер-су аттары сөздігі. – А.: Мектеп, 1985.  6.Қаймулдинова К.Д. Қазақ топонимдерінің этноэкологиялық негіздері. Оқу құралы. Алматы, Ғылым. 2001, 92 б.

7.Мырзалиева З.Қ.Оңтүстік Қазақстан облысы топонимиясының физикалық-географиялық астарлары: Геогр.ғыл. канд. дисс. автореф. Алматы, 2007

8.Мельхеев М.И. Географические имена.  М., 1961.

9.Никонов В.А. Краткий топонимический словарь. – М., 1966.

10.Хасанов Х.Х. Ценный источник по топонимике Средней и Центральной Азии. – В кн.:Т.В. – М.,1962.

 

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-12-15 19:53:56     Қаралды-4357

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮМІС АЛУ

...

Ұлттық ат ойыны.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АТ ОМАРЛАСТЫРУ

...

Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойыны.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚЫЗ ҚУУ

...

Бағзы заманда қызға үйленбек болған жігіт батылдығы мен күшін, ептілігін көрсететін түрлі сыннан өткізілген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚЫЗ ЖАРЫС

...

Қыздар арасында өткізілетін жарыстың бір түрі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚҰНАН БӘЙГЕ

...

Бәйгеге қатысатын құнанға шабандоз бала мінеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АТ САЙЫСЫ

...

Қазақ халқында Ат сайысына жататын бәйге, ат омарластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар, күміс алу, қыз қуу, қыз жарыс, сайысу т.б. ойындар бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »