UF

Тақырыбы. Неврология

 

  1. Жүйке жүйесінің (орталық және шеткі бөлімдері, олардың өзара байланыстары) морфологиялық сипаттамасы және маңызы
  2. Сезім мүшелері
  3. Үй құстары анатомиясының ерекшеліктері

 

Жануарларда өрбитін аурулардың көбі сыртқы немесе ішкі орта факторларының әсер етуіне дене мүшелері қызметінің толық бейімделе алмауына байланысты дамиды. Олай болса жүйке жүйесі дене мүшелері қызметтерінің біртұтастығын және олардың белгілі бір ортаға байланысты бейімделуін реттеуші жүйе болып табылады.

Жүйке жүйесі организмдегі мүшелер жүйелері қызметтерінің бір-бірімен үйлесімді реттелуін және организм мен сыртқы ортаның ара қатынасын, олардың өзара байланысын қамтамасыз етеді. Яғни ол жүйке жүйесінің негізгі қызметі - рефлексті іске асырады. Рефлекс - сыртқы не ішкі орта әсерлеріне организмнің жауап беру реакциясы. Жүйке жүйесі мүшелері жүйке ұлпасынан құралған. Өз кезегінде жүйке ұлпасы торшаларынан – нейрондардан және жүйкелікглия – нейроглиядан тұрады.

Нейроглия торшалары нейрондар арасында аралық орын алып, оларды дәнекерлей отырумен қатар, тіректік, қорғаныс және қоректік /зат алмасу/ қызметтерін атқарады.

Жүйке жүйесі мүшелерінің құрылыстық /структуралық/ және қызметтік /функциональдік/ бірлігі – нейрон – neiron – болып саналады. Нейрондар орналасу орны мен атқаратын қызметіне қарай әр түрлі болып келеді. Нейрондар құрылысы жағынан тармақты өсінділі торшалар. Нейронның ядросы орналасқан денесі және одан жан-жаққа тарайтын өсінділері болады. Құрылысының бұлай болуы атқаратын қызметіне байланысты. Нейронның денесі, мысалы айталық, мида яки жұлында белгілі бір орталық түзуге қатысатын болса, ал одан тармақталатын өсінділер ұшы қызметіне қарай сезім немесе атқару мүшелерінде аяқталады.

Аталған мүшелердің жүйке орталығына алыс не жақын орналасуына байланысты нейрон өсінділерінің ұзындығы да әр түрлі болып келеді. Олардың ұзындығы жануарлардың дене пішініне де байланысты болып келеді. мысалы, ірі жануарлар организмінде 1-2 м-ге дейін жетуі мүмкін.

Нейрондар өсінділерінің санына қарай - бір, екі және көп өсінділі нейрондар болып үш топқа бөлінеді.

Нейрон денесінен таралатын есінділер қызметіне қарай екіге ажырайды. Олар: дендриттер және нейриттер /аксондар/.

Дендриттер - тыстан келетін жүйкелік тітіркеністі /импульсті/ өздерінің ұштарымен қабылдап, нейрон денесіне жеткізетін өсінділер. Дендриттердің жүйкелік ұштары сыртқы ортамен тікелей жанасатын сезім мүшелеріндегі қозудан пайда болған немесе басқа да нейрондардың нейриттері арқылы келетін тітіркеністерді қабылдап, нейрондар денелерінде өткізеді.

Нейриттер /аксондар/ нейрондар денелеріндегі өңдеуден /қозудан немесе тежелуден/ өткен жүйкелік тітіркеністерді басқа нейрондардың дендриттер ұшына болмаса жүйкелік тітіркеністің әсері мен қызметі реттелетін атқару мүшелеріне өткізеді. Екінші сөзбен айтқанда, дендриттер нейронның қабылдаушы, ал нейриттер - өткізуші өсінділері болып есептелінеді.

Қызметіне байланысты нейрондар: сезімтал, аралық және қозғалтқыш болып үш топқа бөлінеді. Сезімтал нейрондардың ұштары – рецепторлар сезім мүшелеріндегі сыртқы не ішкі орта әсерлеріне байланысты түзілген жүйкелік тітіркеністерді қабылдап, денелерінде оларды өңдеп, нейриттері арқылы аралық нейрондардың жүйкелік дендриттер ұшына өткізеді. Нейрондар өсінділері ұштарының бір-бірімен жанасу арқылы байланысатын жерін – синапс – деп атайды. Сезімтал нейрондардың денелері негізінен жұлын мен ми маңында орналасқан сезімтал жүйкелік түйіндерде жинақталған. Бұдардан шығатын нейриттер будалары жұлын мен миға дорсальдік түбіршіктер арқылы еніп, аралық нейрондар дендриттерімен байланысады. Аталған мүшелердегі аралық нейрондардың саны іске асушы рефлекстің күрделілігіне байланысты әр түрлі болады. Өз кезегінде аралық нейрондар сезімтал нейрондарынан жеткізілген жүйкелік тітіркеністерді дендриттері арқылы денесіне өткізіп, оны не күшейтіп, не тежеп, нейриттерінің көмегімен осы тітіркеніске жауап беруші атқарушы мүшелермен байланысты қозғалтқыш нейрондарға өткізеді. Қозғалтқыш нейрондар тітіркеністі дендриттерімен қабылдап, денелерінде өңдеуден өткізіп нейриттері арқылы атқарушы дене мүшелеріне жеткізеді. Аталған мүшелер жеткізілген жүйкелік тітіркеніске қызметін өзгертіп, жауап береді. Аралық және қозғалтқыш нейрондар жұлында, мида, жүйке түйіндерінде орналасады. Сөйтіп, қызметі әр түрлі нейрондар бір-бірімен тізбектеле байланысып, жүйке жүйесінің қызметтері – күрделілігі әр түрлі рефлекстерді /лат.reflexus – шағыл/ іске асырады.

Жүйкелік тітіркеністің пайда болған жерден бастап, жоғарыда келтірілген нейрондар тізбегі арқылы жауап беру мүшесі аумағына дейінгі жүретін жолын – рефлекторлық доға дейді.

Рефлекторлық доға сезім мүшелеріндегі сезімтал нейронның сезімтал жүйкелік ұшынан /рецептордан/ басталады. Тітіркендіргіштің ықпалы әсерінен рецепторларда қозу процесі жүреді. Осының нәтижесінде пайда болған жүйкелік тітіркеніс сезімтал нейронның дендрит денесі, нейриті арқылы жұлын мен мидағы аралық нейрондарға өткізіледі. Өз кезегінде аралық нейрондар тітіркеністі нейрондар денелері жинақталған жүйке орталықтарына жеткізеді. Бұдан соң жүйкелік тітіркеніс орталықтан тепкіш нейрондар өсінділері арқылы кері қозғалтқыш нейрондарға өткізіледі. Қозғалтқыш нейронның нейриті тітіркеністі жауап беруші, яғни атқарушы мүшеге қозғалтқыш жүйкелік /эффекторлық/ ұштары арқылы жеткізеді.

Нейрондардың денелері жүйке жүйесінің орталық бөлімінде /мида, жұлында/ милық сұр затты – substantio gresea,  ал оның шеттік бөлімінде жұлындық және автономдық түйіндерді /ганглийлерді/ - ganglion spinale et autonomicum – түзеді.

Нейрон өсінділері сыртынан қабықтармен қапталып, жүйкелік талшықтарға айналады.

Жүйкелік талшықтар жүйке жүйесінің орталық бөлімі мүшелерінде – милық ақ затты – substantio alba, оның шеттік бөлімінде – жүйкелік түбіршектер, жүйкелер /нервтер - nervi/ және жүйке торабтарын құрайды.

Сонымен, жүйке бір - бірімен дәнекер ұлпасымен біріккен жүйке талшықтары будаларынан тұрады. Қызметіне қарай жүйкелер үш топқа бөлінеді. Олар: сезімтал, қозғалтқыш және аралас жүйкелер. Сезімтал жүйкелер жүйкелік тітіркеністі дененің шеттік аумақтарынан жүйке жүйесінің орталық бөлімін өткізеді, яғни орталыққа тепкіш жүйкелер. Бұл жүйкелер сезімтал /афференттік/ жүйке талшықтарынан тұрады. Қозғалтқыш жүйкелер тітіркеністі керісінше орталықтан шетке қарай өткізеді. Сондықтан оларды орталықтан тепкіш жүйкелер деп те атайды. Бұл жүйкелер қозғалтқыш /афференттік/ жүйке талшықтарынан құрылған. Ал, аралас жүйкелердің құрамында қарама - қарсы екі бағытта тітіркеністерді өткізетін афференттік және эфференттік жүйке тапшықтары болады.

Құрылысы мен денедегі орналасу орнына /топографиясына/ қарай жүйке жүйесін екі: орталық және реттік бөлімдерге бөледі. Жүйке жүйесінің орталық бөлімін жұлын және құрайды. Ал, оның шеттік бөліміне жұлын мен мидан дененің шет аумақтарына тарайтын жүйкелік түбіршектер, түйіндер, жүйкелер, жүйкелік торабтар және жүйке талшықтарының ұштары жатады.

Атқару қызметіне байланысты жүйке жүйесін үш бөлімге бөледі. Оларға жүйке жүйесінің сомалық, семантикалық және парасимпатикалық бөлімдері жатады. Сомалық бөлім – тірек – қимыл және тері жабыны мүшелерінің, симпатикалық немесе жүрек - тамырлық бөлім – тамырлар жүйкесі мүшелерінің, ал парасимпатикалық немесе висцеральдік /іштік/ бөлім – ішкі мүшелердің қызметтерін реттейді. Симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерді біріктіріп, жүйке жүйесінің вегетативтік бөлімі деп те атайды.

Жұлын – modulla spinalis – тірі организмдегі түрлі рефлекстерді іске асыратын, жүйке жүйесінің орталық бөліміне жататын мүше. Оның пішіні дорсовентральдік бағытта сәл ғана созылған цилиндр тәріздес болып келеді, омыртқа бағанасы өзегінде орналасады.

Жұлында қимыл аппаратының, тамырлар жүйесінің, зәр, нәжіс шығару қызметтерін реттейтін орталық бар. Мұнымен қатар жұлында оның орталықтарын өзара және кейінгілерді мидағы жүйкелік орталықтармен байланыстыратын өткізу жолдары болады. Омыртқа бағанасы өзегіндегі орналасу орнына қарай жұлынды бірнеше бөлімдерге бөледі. Олар: мойындық, кеуделік, белдік және құйымшақтық бөлімдер. Жұлын мен мидың шекарасы шамамен ауыз омыртқаның /атланттың/ алдыңғы иегі бойынша өтеді.

Құрлықта тіршілік ететін жануарларда кеуделік және жамбастық аяқтардың дамуына байланысты жұлынды мойындық және белдік жуандаулар – intumescentia cervicalis et lumbalis - байқалады. Осы аталған жуандаулар аумақтарында жұлыннан кеуделік және жамбастық аяқтарға бағытталатын иықтық, белдік, құйымшақтық жүйкелік торабтары жүйкелерінің дорсальдік және вентральдік түбіршектері, құрсақ қабырғасы мен жамбас қуысындағы ішкі мүшелер жүйкелері бөлінеді. Белдік жуандаудан кейін жұлын жіңішкеріп, милық конусты – conus megullaris – түзеді. Ол өз кезегінде одан әрі жіңішкере келе I - 6 – шы құйрықтық омыртқалар аралығында соңғы жіпке – filum terminale – айналады. Жұлынның соңғы бөліктерінен ажырайтын жүйкелер одан артқы бағытта сүйір бұрыш жасай бөлініп, без сегменттері бойындағы омыртқалық тесіктерден сыртқа шықпай, омыртқа өзегінде милық конус пен соңғы жіппен қатарласа артқа бағытталып, жылқы құйрығы іспеттес шашақ түзеді.

Жұлынның төменгі бетінде жұлындық вентральдік артерия – a. spinalis ventralis – өтетін вентральдік орталық  саңылау – fissura mediana ventralis болады. Ал, оның дорсальдік бетінде орталық сай – sulcus medianus dorsalis – көрінеді. Міне, аталған орталық дорсальдік сай мен вентральдік оң және сол жартыға бөледі. Жұлынның оң және сол бүйірлік беттерінде жұлындық жүйкелердің дорсальдік сезімтал түбіршектері енетін – латеральдік дорсальдік сайлар – sulcus lateralis dorsalis және вентральдік қозғалтқыш түбіршектері енетін латеральдік сайлар – sulcus lateralіs ventralis көрінеді.

Сұр зат – substantis grisea – жұлынның орталық бөлігін біртұтас алып жатады. Оны жұлындағы жүйкелік орталықтарды түзетін нейрондардың денелері, олардан таралатын миелинсіз жүйке талшықтары және жүйкелік глия құрайды. Сұр зат бір-бірімен сұр, дәнекерлік – comissura grisea - арқылы байланысқан оң және сол жұп дорсальдік және вентральдік бағандардан /мүйіздерден/ - columna grisea et ventralis - тұрады. Оның пішіні қанатын жайып ұшқан көбелекке немесе "Н" әрпіне ұқсас. Дорсальдік бағаналарға жұлындық жүйкелердің дорсальдік сезімтал түбіршіктері енеді, ал вентральдік бағандардан жүйкелердің вентральдік қозғалтқыш түбіршектері шығады. Сондықтан, дорсальдік бағаналар - сезімтал, ал вентральдік бағаналар - қозғалтқыш бағаналар немесе мүйіздер деп те аталады. Сұр заттың орта тұсында жұлындық сұйық ағатын орталық жұлындық өзек – canalis centralis – болады. Сұр заттың дорсальдік бағаналары негізінің бүйірлік беттеріндегі  жүйке талшықтары аралықтарында пішіндері әр түрлі торшалардан тұратын торлық жасалым /формация/ - formatio reticularis – орын табады. Бұл жасалым жұлынның басқа бөлімдеріне қарағанда мойын бөлімінде жақсы жетілген.

Жұлынның кеуде бел және құйымшақтық бөлімдерінде, сұр заттың дорсальдік және вентральдік бағаналарының арасында, жұлынның екі бүйірінде жұп латеральдік бағаналар – columna grisea lateralis – болады. Бұларда вегетативтік орталықтар орналасады. Жұлынның сұр затын сыртынан ақ зат – substantio alba – қоршап жатады. Жұлынның дорсальдік орталық сайы мен вентральдік орталық саңылау және сұр заттың дорсальдік, вентральдік бағаналары ақ затты үш жұп: дорсальдік, латеральдік, вентральдік арқаншаларға – funiculus dorsalis, lateralis et ventralis - бөледі. Вентральдік арқаншалар вентральдік орталық саңылау үстінде бір - бірімен вентральдік ақзаттық дәнекерлік – comissura ventralis alba – арқылы байланысады.

Ақ зат жұлынның алдыңғы бөлімдерінде жақсы жетілген. Жұлын артқы милық конусқа қарай жіңішкерген сайын ол да жұқара береді.

Ақ зат негізінен миелинді жүйке талшықтарынан құралған. Сондықтан ол өткізу жолдарын түзеді. Жұлында екі түрлі өткізу жолдарын ажыратады. Олар: өзіндік немесе сегменттік және өткізушілік жолдар. Өзіндік өткізу жолы жұлынның сегменттерін бір - бірімен жалғастырып, тері рецепторларын бұлшық еттер мен тамырларды байланыстратын шартсыз рефлекстерді іске асырады. Тек жұлынның өз сегменттерін ғана байланыстырып тұратындықтан бұл жолды - қысқа өткізу жолы деп те атайды.

Өткізушілік немесе ұзын өткізу жолы жұлын сегменттерін мидың әр түрлі бөлімдерімен байланыстырып тұрады. Бұл жол арқылы торлық жасалымның қатысуымен организмде әр түрлі шартсыз және шартты рефлекстер іске асады. Өткізушілік жолдары тітіркеністі өткізу бағытына қарай орталыққа тепкіш  /афференттік/ және орталықтан тепкіш  /эфференттік/  болып екіге бөлінеді.

Жұлыннан омыртқалар аралық тесіктер арқылы жұп жұлындық жүйкелер бөлінеді. Жұлындық жүйкелер – nervi spinalis - дорсальдік сезімтал және вентральдік қозғалтқыш жүйкелік түбіршектердің – radix dorsalis et ventralis – қосылуынан түзіледі. Сондықтан, жұлындық жүйкелер қызметі жағынан аралас жүйкелерге жатады. Жүйкелердің құрамына орталыққа тепкіш сезімтал, орталықтан тепкіш қозғалтқыш жүйкелік талшықтар кіреді. Дорсальдік түбіршек бойында сезімтал нейрондар денелерінен құралған жұлындық түйіндер – ganglion spinale болады.

Жұлындық жүйкелердің саны негізінен омыртқалар санына сәйкес келеді. Тек мойын /8 жұп жүйке/ және құйрық аумақтарында ғана айырмашылық болады.

Жұлындық жүйкелер жұлынның мойындық және кеуделік бөлімдерінен тік бағытта шығады. Ал бел-құйымшақ бөлімдерінен артқы бағытта қиғаш ажырайды. Осының нәтижесінде жұлынның соңғы жібі мен
оның жанындағы жүйкелер бел омыртқалары мен құйымшақ өзектерінде қатар жатып, жылқы құйрығын – cauda eguina – түзеді.

Жұлын сыртынан үш: сыртқы-қатты, ортаңғы-торлы, ішкі-жұмсақ қабықтармен қапталған. Олар қорғаныс қызметін атқарады.

Жұлынның қан тамырлары.       Жұлынды артериялық қанмен омыртқалық, қабырғааралық, белдік, құйымшақтық артериялардың жұлындық тармақтары және жалпы ұйқылық артериядан таралатын жұлындық артерия қамтамасыз етеді. Аталған тамырлар жұлындық жүйкелердің бойымен жұлынға өтіп, үш магистральдік артериялар түзеді. Олар: тақ жұлындық вентральдік артерия – a. spinalis ventralis және жұп оң және сол жұлындық дорсальдік артериялар – aa. spinales dorsalis dextra et sinistra. Аталған артериялар тармақтары жұлынның әрбір сегменттерінде бір-бірімен жалғасып, тамырлық тәж – nasacorona – түзеді. Жұлынның вена тамырлары бір-бірімен қосылып, ішкі веналық омыртқалық торап – flexus vertebralis internus түзеді. Бұл торап эпидуральдік кеңістікте орналасып сыртқы омыртқалық тораппен flexus vertebralis externus - жалғасады. Сыртқы омыртқалық тораптан дорсальдік омыртқалық веналар – vv. vertebrales dorsale – түзіледі.

Ми.  Сопақша ми мидың жұлынмен жалғасатын шекара аумағына орналасқандықтан, оның пішіні мен құрылысы біршама жұлынға ұқсас болып келеді. Оның алдыңғы жағы ми көпірімен – pons, ал артқы жағы жұлынмен шекарасыз жалғасып кетеді. Сопақша мидың төменгі бетінде вентральдік орталық саңылау – fissura mediana ventralis - көрінеді. Одан мидың екі бүйіріне қарай бүйірлік оң және сол вентральдік сайлар – sulcus lateralis ventralis - кетеді. Бірақ каудальдік бағытта бұл сайлар қайтадан орталық вентральдік саңылауға қосылады. Аталған екі бүйірлік сайлармен орталық вентральдік саңылау аралықтарында келген екі білеуліктер – сопақша ми пирамидалары – piramidis medullae – жатады. Бұл пирамидалар үлкен ми қыртысын жұлынмен байланыстыратын пирамидалық өткізгіш будалардан – fassiculus cerebrospinalis – тұрады. Пирамидалық будалар сопақша мидан жұлынға өтер алдында бір – бірімен айқасып, сопақша мидың оң жағынан жұлынның сол латеральдік арқаншасына, ал сол жағындағы пирамида керісінше жұлынның оң латеральдік арқаншасына өтіп, пирамидалар айқасын – decussatio piramidum – түзеді.

Сопақша мидың сыртқы жағын жұлындағыдай ақ зат қоршап жатады. Ақ зат жұлын сегменттерін ми орталықтарымен байланыстыратын афференттік /орталыққа тепкіш/ және эфференттік /орталықтан тепкіш/ өткізгіш жолдардан түзілген. Сопақша ми сұр заты да, оның орталық аумағында орналасады. Бірақ, мұның жұлындық сұр затқа қарағандағы үлкен айырмашылығы – жұлындағыдай біртұтас болып жатпайды. Ол бір - бірінен ақ зат аралықтарымен бөлінген көптеген аралшықтарға – сезімтал және қозғалтқыш ядроларға бөлшектенеді. Осы сұр заттық ядролар организм тіршілігіне өте қажетті вегетативтік жүйкелік орталықтарды түзеді. Бұл орталықтарға: жүрек соғу, тыныс алу, тер шығару, сілекей бөлу, сору, шайнау, жұту, сөл бөлу, құсу, кекіру, күйіс қайтару, түшкіру, жөтелу, көзді жыпықтату т.б. ядроларды жатқызуға болады. Сондықтан, сопақша мидың зақымдалуы организм тіршілігі үшін үлкен нұқсан келтіруі мүмкін.

Сопақша мидың сұр затты ядроларынан VI, VII, VIII, IX, X, XI және ХІІ жұп милық жүйкелер шығады. Осы жүйкелер ядролары аралығында ортаңғы ми қақпағына және аралық миға өтетін торлық құрылым – formatio reticularis – жатады. Бұл құрылым ромб тарізді және ортаңғы ми орталықтарымен байланыстырушы, олардың
жұмыстарын үйлестіруші қасиетін атқарады. Сонымен қатар тыныс алу және жүрек тамырлар жүйелерінің орталықтары қызметтерінде атқарады.

Сопақша мидың ақ заты негізінен жұлыннан мидың әр түрлі бөлімдеріне тітіркеністерді өткізгіш жолдардан түзілген.

Сопақша ми мишықпен каудальдік аяқша – pedunculus cerebellaris caudalis – арқылы жалғасады.

Сопақша мидың бетінде төртінші ми қарыншасының түйіні болып саналатын, пішіні ромб тәріздес шұңқыр орналасады. 

Артқы ми – metencephalon – мишық пен ми көпірінен тұрады.

Мишық /кіші ми/ - cerebellum – дененің тепе - теңдігін сақтау және қимылды үйлестіруші /координациялар/ орталықтары орын тепкен, пішіні шар тәріздес ми бөлігі. Оның сыртқы беті екі бүйірлік сайлармен үшке: ортаңғы - құртша және екі бүйірдегі мишық жарты шарларына бөлінеді.

Құртша – vermis - төбесі – culmen - ростральдік және каудальдік бөліктерден – pars rostralis et caudаlis – тұратын орталық бөліктен тұрады. Аталған ростральдік және каудальдік бөліктер құртша төбесінен екі жаққа қарай ылдилап, оның құламасын – declive – сайды.

Мишық жартышарлары – hemispherium cerebelli – төрт: төртбұрышты, қарапайым, ілмекше және парамедиальдік бөліктерге – lobuli guadpangularis, simplex, ansiformia et paramedianus - бөлінеді.

Ал, төртбұрышты бөлік өз кезегінде ростральдік және каудальдік аяқшаларға – crus rostralis et caudalis - өтетін аттас бөлікшелерге ажырайды. Мишық ортаңғы мимен ростральдік, ал сопақша мимен каудальдік аяқшалар арқылы байланысады. Бұлардан басқа жартышарлардан дорсальдік және вентральдік тұлым жанамалары – paraflocculus dorsalis et ventralis – ажырап тұрады.

Тұлым – flocculus – мишықтың латерокаудальдік жиегінде орналасып, құртшаның артқы бетіне аяқша -  pedunculus flocculi – арқылы жалғасады.

Мишық денесінің – corpus cerebelli – сыртқы беті қатпарланған сұр заттан тұрады. Мұны мишық қыртысы – cortex cerebelli – деп атайды. Қыртыстың иректелген қатпарлары арасында қыртыс сайлары жатады. Мишық қыртысы екі: беткейлік - молекулярлық – stratum moleculare - және тереңдік - дәншелі – stratum granulosum - нейрондар дәнелері қабаттарынан түзілген.

Мишық денесін кесіп қарағанда қыртыс астындағы оның ақ заты тарамдалған ағаш бұтақтары іспеттес болып көрінеді. Мишықтың бұл аумағы тіршіліктік ағаш – arbor vitae – деп аталынады.

Мишықтың ақ затында, латеральдік, аралық және шатырлық сұрзаттық ядролар – nucleus lateralis cerebelli nuklei interpositicerebelli et nuklei fastigii – орналасады. Аталған ядролардан кететін жүйкелік талшықтар сопақша ми және жұлынмен каудальдік және тұлым аяқшалары, ал ми көпірі және ортаңғы мимен ростральдік аяқша арқылы байланысады. Жалпы мишықтың ақ заты, оның әрбір жартысындағы орталықтарды өзара жалғастыратын ассоциативтік /аралық/ және екі жартысындағы орталықтарды байланыстыратын комиссуральдік /байланыстырғыш / жүйелік талшықтардан түзілген.

Мишық пен сопақша ми аралығында төртінші милық қарынша -ventriculus guartus- /милық - жұлындық сұйық жүретін кеңейген қуыс/ орналасады. Қарыншаның күмбезін құртша және милық желкендер, ал түбін - сопақша мидың үстіндегі ромб тәрізді шұңқыр - fossa rhomboidea- құрайды. Төртінші милық қарыншаның екі жақты құлама төбесін – tagmen ventriculi guarti – алдыңғы және артқы милық желкендер – velum medullare – жасайды.

Ромб тәрізді шұңқырдың түпкі бетіндегі дорсальдік латеральдік және аралық сайлардың  sulcus lateralis et intermedius dorsalis – араларында жұп орталық көтеріңкі – eminentia medialis – көрінеді. Оның үстінде беттік төмпешік – colliculus fascialis – байқалады. Міне осы төмпешік аумағында  VI /кеткіш/ және VII /беттік/ милық жүйкелердің ядролары орналасады. Ал оның артқы ұшы аумағындағы тіластылық жүйке алаңында – area n. hypоglossi – аттас жүйкенің ядросы жатады. Осы ядроның сыртқы бүйірінде IX  /тілжұтқыншақтық/ және X /көзеген/ жүйкелердің ядролары орын табады. Соңғы екі жүйкенің ядролары бірігіп, сұр қанатты – ala cinerea жасайды. Оң және сол сұр қанаттардың артқы ұштарының қосылған аумағын "жазғыш қалам " – calamus scriptorius – деп атайды.

Мишықтың бүйірлік аяқшасының ішкі бетінің артқы жиегі тұсында сәл көтеріңкі – вестибулярлық /кіреберістік / алаң – area vestibularis – көрінеді. Бұл алаңның негізін VII /кіреберістік және ұлулық/ жүйкенің ядросы құрайды. Ұлулық ядросы /есту төмпешігі/ кіреберістік ядроның сыртқы бүйірінде орналасады. Төртінші милық қарыншаның қуысы бүйірлік тесіктері – apertura lateralis ventriculi guarti арқылы жұлынның қабықтарастылық кеңістіктерімен, ал орталық тесіктің – apertura mediana ventriculi guаrti – көмегімен орталық жұлын өзегімен жалғасады.

Ми көпірі – pons – сопақша ми мен ортаңғы ми аралығында орналасқан, пішіні көлденең жатқан буылтық тәріздес ми бөлігі. Ми көпірін мишықпен байланыстыратын жүйкелік талшықтар мишықтық ортаңғы аяқшаларын – pedunculus cerebellaris medius – жасайды. Ми көпірі және алдыңғы аталған аяқшалар ми көпірі ядроларын – nuclei pontis – мишық ядролармен байланыстыратын өткізгіш жолдардан түзілген. Сондай-ақ, үлкен ми қыртысы мен мишық жартышарлары қыртыстарынан келетін орталықтан тепкіш өткізгіш жолдар ми көпірі ядроларында тұйықталады. Ми көпірінің екі бүйірінен V жұп /үшкілдік/ жүйкесі бөлінеді.

Үшкілдік жүйкенің – n. trigeminus – екі: вентроростральдік-қозғалтқыш және дорсокаудальдік – сезімтал түбіршектері болады.

Ми көпірінің артқы жағында көлденеңінен трапеция тәрізді дене – corpus trapezoideum – орналасады. Бұдан VII- жұп беттік – n.facialis және VIII – жұп – тепе-теңдік к - естулік- n. vestibulo – cochlearis – жүйкелері бөлінеді.

Ортаңғы ми – metencephalon – төрт төмпек пластинкасы мен ортаңғы ми қақпағына және үлкен ми аяқшаларынан тұрады. Оның ішіндегі түтік тәріздес қуысы - ортаңғы мидың суөтісі – agueduetue metencephalon – деп аталады. Ол төртінші милық қарынша қуысын аралық мидағы үшінші милық қарынша қуысымен жалғастырады. Суөтіс қабырғасында ортаңғы ми қақпағының орталық сұр заты жатады.

Ортаңғы ми қақпағы – segmentum metencephali – қақпақтық пластинкадан және төрт төмпектен тұрады. Қақпақтық пластинка ортаңғы мидың дорсальдік бетін құрайды. Ол мишықтың алдында, көру темпектерінен кейінірек жатады. Қақпақтық пластинкада бір-бірінен орталық және көлденең сайлар арқылы екі: ростральдік және каудальдік жұп төмпектеріне – colliculi rostralis et caudalis - бөлінген төрт төмпек болады. Ростральдік төмпектер алдыңғы /ростральдік/ аяқшаларымен – brachium colliculi rostralis - аралық мидың латеральдік тобықтық денелерімен байланысады. Ал каудальдік төмпектер каудальдік аяқшаларымен - brachium colliculi caudalis - мишыққа жалғасады.

Қақпақтық пластинканың беткейлік қабатын ақ зат құрайды. Ақ заттың астында сұр зат жатады. Ростральдік төмпектердің сұр заты афференттік қыртысастылық көру рефлекстерінің, ал каудальдік төмпектердің сұр заты – тепе-теңдік – есту рефлекстерінің орталықтарын түзеді. 

Жалпы қақпақтық пластинка көптеген жүйкелік тітіркеністердің /иістік, көру, тепе-теңдік-есту, жалпы сезімталдық-медиальдік ілмектен, үлкен ми қыртыстық үйлестіруші орталығы болып саналады. Қақпақтық пластинкадан қозғалтқыш тітіркеніс қызыл ядроға, жұлынға, көздің қимылдатқыш еттеріне, мишыққа және ми көпіріне таралады.

Ортаңғы ми қақпағы мен үлкен ми аяқшалары аралығында сұр заттық ядролар орын тепкен. Оларға ростральдік төмпектер тұсында орналасқан – қызыл ядро – nucleus ruber /жұлынның қозғалтқыш орталығы/, көзқимылдық жүйке ядросы – nucleus motorius, nucleus oculomotоrius, көзқимылдық жүйкенің парасимпатикалық ядролары – n. parasympatici n. oculomotori – жатады. Бұл ядролардан кейінірек каудальдік төмпектер тұсында шығырлық жүйкенің қимылдатқыш ядросы – n.motorius n.trochlearis және үшкілдік жүйкенің ортаңғы ми жолының ядросы орналасады. Қақпақтық пластинка арқылы сопақша мидан аралық миға жұлын мен мишықтан төрт төмпекке, одан көру төмпектеріне дейінгі және олардан кері жұлынға дейінгі өткізгіш жолдар түзуге қатысатын толық құрылым өтеді.

Үлкен ми таяқшалары – crub cerebri – мидың төменгі негіздік бетінде ми көпірінен көрулік жолдар аралығында орналасады. Оң және сол таяқшалар бір-бірінен аралық сай арқылы бөлінеді. Аралық сайдың түбінде қара зат – substantio nigra – көрінеді. Үлкен ми таяқшаларының дорсальдік бетінде тітіркеністі үлкен ми сыңарларына жеткізетін орталыққа тепкіш жүйелік талшықтардан түзілген – медиальдік ілмек – lemnicus medialis – және оның үстінде латеральдік ілмек – lemnicus lateralis – жатады. Үлкен ми таяқшалары негізінен үлкен ми сыңарлары қатысатын ромб тәрізді ми және жұлынмен байланысатын орталықтан тепкіш эфференттік өткізгіш жолдар құрайды. Сондықтан үлкен ми таяқшаларының дамуы үлкен ми сыңарларының даму дәрежесіне тікелей байланысты, яғни үлкен ми сыңарлары қаншалықты жақсы жетілген болса, соншалықты үлкен ми таяқшалары жетіледі. Ортаңғы мидан ІІІ және IV жұп милық жүйкелер шығады ІІІ жұп – көзқимылдық жүйке үлкен ми таяқшаларынан, ал IV жұп шығырлық жүйке – милық желкелердің төрт төмпекке жалғасқан жерінен шығады.

Аралық ми – diencephalon – ортаңғы мидың алдында, соңғы ми жолақты денелерінің артқы жағында орналасып, аталған ми бөліктерін байланыстырып тұрады. Ол көру төмпектері аумағы таламустан, оның үстіндегі жоғарғы аумақ – эпиталамустан және таламусастылық төменгі аумақ – гипоталамустан тұрады

Көру төмпегі – thalamus – аралық мидың негізгі бөлігі болып саналады. Ол ішіндегі сақина тәрізді үшінші милық қарыншаның екі бүйірлік қабырғасын жасайды. Екі бүйірдегі көру төмпектері өзара милық аралық арқылы байланысады. Көру төмпегі сұр заттан түзілген, көптеген ядролардан тұрады. Алдыңғы жағынан ол жолақтық дененің құйрықтық ядросымен жалғасып, бұдан шекаралық жолақ – stria terminalis – арқылы бөлінеді. Артқы жағымен төрт төмпекпен жалғасады да, одан көлденең сай арқылы айқын ажырайды. Оң және сол көру төмпектерінің шекарасын шұңқыр бөліп тұрады.

Емізікше дене – corpus mamillare – сұр төмпектен кейін орналасады. Ол күмбез – fornix – арқылы иістік мимен жалғасып, аралық иістік орталық қызметін атқарады. Сонымен бірге емізікше дене көру төмпектерімен және ортаңғы ми торлық құрылымымен байланысып жатады.

Итте емізікше дене жұп болып келеді.

Үшінші милық қарынша – ventriculus tertius – пішіні сақина тәрізді аралық мидың кеңейген қуысы. Үшінші милық қарынша артқы жағымен ортаңғы мидың суөтісімен, алдыңғы жағындағы ростральдік милық дәнекерліктен -  comissura rostralis - кейінірек орналасқан қарыншааралық тесіктер – foramen interventriculare – арқылы мидың оң және сол бүйірлік қарыншалары қуыстарымен жалғасады. Үшінші милық қарынша қуысында оның оң және сол қабырғаларын құрайтын көру төмпектерін байланыстырып тұратын аралық милық масса болады. Сондықтан қарыншаның пішіні сақинаға ұқсас болып келеді. Қарынша қабырғасында жоғарғы қыртысастылық вегетативтік орталықтар түзетін орталық сұр зат – substantio grisea centralis - орналасады.

Соңғы ми – teienchephalon – дорсальдік бетіндегі ұзынынан өтетін терең саңылау – frissura longitidunalis cerebri – арқылы екі жарты шарға немесе үлкен ми сыңарларына – hemispherium dextrum et sinistrum – бөлінеді. Әрбір үлкен ми сыңарлары өз кезегінде ми жабынынан иістік мидан – денеден және бүйірлік милық қарыншадан тұрады. Ми жабыны іш сықырларын дорсолатеральдік жағынан қоршап жатады. Ал иістік ми оның вентромедиальдік жағында жатады. Екеуінің шекарасын иістік немесе негіздік сай – sulcus rhinalis et basalis – бөліп жатады. Жолақты дене вентральдік қабырғада иістік мидың үстінде орналасады. Ми жабынының астында, вентральдік қабырға үстінде бүйірлік милық қарынша орын алады.

Ми жабыны – pallium – сыртынан сұр затпен қапталған. Оны үлкен ми қыртысы – cortex cerebri – деп атайды. Үлкен қыртысында жоғарғы жүйкелік қызмет орталықтары жатады. Ол тарихи ең кеш және күрделі дамыған ми бөлігі. Оның сыртқы бетінде бір-бірінен сайлар – sulcus мен саңылаулар – fissura арқылы бөлінген пішіні әр түрлі жануарларда әр түрлі  қатпарлар – gyri болады. Ми қыртысының латеральдік бетінде латеральдік /бүйірлік/ сильвиев сайы – sulcus lateralis тігінен жатады. Мұның сыртынан оған параллель доғалар пішінінде үш қатар сайлар өтеді. Олар итте анық көрінеді, ал басқа жануарларда көлденең сайлар бірнеше топқа бөлініп кетеді. Ми жабынының медиальдік бетінде күсті денені доға тәрізді айнала екі қатпарды көруге болады. Оның ішкі белдеулік қатпары – gyri cinguli – жоғарыда баяндалғандай иістік мимен қызметтік байланысты болады. Үлкен ми қыртысы негізінен шүйде, төбе, маңдай, самай бөліктеріне тиісті сайлар арқылы бөлініп жатады.

Ми қыртысының астында ми жабынының ақ заты орналасады. Ол үш түрлі өткізгіш жолдардан /жүйкелік талшықтардан/ түзілген. Оларға:

1/ бір үлкен сыңарындағы орталықтарды байланыстыратын – ассоциативтік,

2/ оң және сол ми сыңарларындағы орталықтарды өзара жалғастыратын – комиссуральдік,

3/ ми қыртысы орталықтарын қыртысастылық орталықтармен және жұлынмен байланыстыратын – проекциялық жолдар жатады.

Проекциялық жолдарда жолақты денедегі ішкі және сыртқы капсулалар түзеді. Тітіркеністі өткізу бағытына қарай проекциялық жолдарды жасаушы жүйкелік талшықтар - афференттік /орталыққа тебуші/ және эфференттік /орталықтан тебуші/ болып екі топқа бөлінеді.

Ми қабықтары. Мидың сыртқы қатты қабығы бас сүйегінің ішкі қабығымен бірігіп кетеді. Бұл қабық арқылы веноздық синус жүйелері өтеді. Қатты қабықтан субдуральдік кеңістікке қарай екі қатпар ажырайды. Олар:

1/ орақшы қатпар – faix cerebri – сагитальдік жазықтық бойымен торлы сүйектің әтештік айдарынан мишықтық жарғақтық желіге дейін жтеді. Үлкен ми сыңарлары аралығындағы ұзын саңылауда жатады.

2/ мишықтық жарғақтық желі – tentorium cerebelli membranaceum – сүйектік желіден немесе төбе сүйектен басталып, орақша қатпарға жалғасады.

3/ Торлы қабық – ми қатпарлары үстінде жұмбақ қабықпен бірігіп кетеді.

4/ Жұмсақ қабық – миды тікелей қаптап, оның тамырлық өрімдерін жасауға қатысады.

Мидың қабықастылық кеңістіктері:

  1. Субдуральдік – қатты және торлық қабықтар арасында – милық – жұлындық сұйықпен толған.

  2. Субарханоидальдік – бұл кеңістікте де сұйықпен толған. Бұл кеңістік төртінші милық қарынша және ішкі құлақ сүйек шытырманы қуыстарымен тесіктер арқылы қатысады.

Жүйкелер жүйке жүйесінің шеттік бөлімінде өткізгіш жолдарды түзеді. Құрылысы жағынан жүйкелер паренхималық мүшеге жатады, яғни екі бөлімнен: строма және паренхимадан тұрады. Жүйкенің паренхимасын оның құрамына кіретін жүйкелік талшықтар құрайды. Оларды бір-бірімен дәнекерлеп бір мүшеге келтіретін – борпылдақ және дәнекерлік ұлпа жүйкенің стромасын түзеді. Жүйкелік талшықтарды бір - бірімен байланыстырып, талшықтар будасын түзетін жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар - перинервий, талшықтар будаларын біріктіретін жалпақтау дәнекерұлпалық аралықтар – периневрия, ал талшықтар будаларын толық байланыстырып, оларды сыртынан қаптап, жүйкеге айналдыратын жүйкенің сыртқы данекерұлпалық қабық - эпиневрий деп атайды. Аталған данекерұлпалық аралықтарда жүйкені қан және лимфамен қамтамасыз ететін тамырлар болады.

Қызметіне қарай жүйкелер үш топқа бөлінеді: сезімтал, қозғалтқыш және аралас. Сезімтал жүйкелер тітіркеністі сезім мүшелерінен орталыққа өткізеді. Жұлын мен ми ядроларында олар сезімтал немесе афференттік талшықтардан құралған. Қозғалтқыш жүйкелер тітіркеністі ми мен жұлын ядроларымен керісінше шетке, жауап беруші мүшелерге /бұлшық еттерге, бездерге/ өткізеді. Сезімтал жүйкелер орталыққа тебетін, ал қозғалтқыш - орталықтан тебетін тітіркеністерді өткізеді. Аралас жүйкелердің құрамына екеуі де, яғни сезімтал және қозғалтқыш талшықтар енеді. Тітіркеніс қарама - қарсы екі бағытта өтеді.

Вегетативтік жүйке жүйесі. Симпатикалық бөлік.

Құрылыс ерекшеліктері мен атқаратын қызметіне байланысты вегетативтік жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық бөліктерден тұрады. Симпатикалық бөлік – pars sympaticus жүрек-тамырлық мүшелер жүйесін, ал парасимпатикалық бөлім - pars parasympaticus барлық ішкі мүшелер мен бездерді жүйкелендіреді. Осыған байланысты вегетативтік жүйке жүйесінің құрылымында сомалық бөлімге қарағанда бірқатар морфологиялық өзгешеліктер болады.

1. Егер ми-жұлындық жүйкелердің эфференттік жүйке талшықтары тек дене бұлшық еттеріне арналған болса, вегетативтік бөлімнің эфференттік жүйкелік талшықтары ішкі мүшелер мен бездердің бұлшық еттерімен /парасимпатикалық жүйкелену/ қатар, жүрек-тамырлық жүйенің барлық бөлімдеріне /симпатикалық жүйкелену/ арналады. Ал, қан тамырлары организмнің барлық мүшелерінде кездесетінін ескерсек онда симпатикалық жүйкелер мен оның талшықтары сомалық /тері, тірек-қимыл мүшелері/ және висцеральдік /ішкі/ мүшелердің құрамында міндетті түрде болатынын білеміз. Сондықтан да организмнің әрбір мүшесі қызметінің реттелуі екі жақты жүйкеленудің нәтижесінде жүзеге асады. /сомалық немесе парасимпатикалық/

2. Ми-жұлындық жүйкелер сияқты вегетативтік жүйкелер де афференттік жүйкелік талшықтардан тұрады. Ми-жұлындық және симпатикалық жүйкелердің афференттік нейрондары сомалық және висцеральдік мүшелерден келетін тітіркеністерді қабылдаса, парасимпатикалық бөліктің осындай нейрондары тек ішкі /висцеральдік/ мүшелерге ғана қатысты болады. Басқаша айтқанда, олар ақпаратты тек өздері жүйкелендіретін мүшелерден ғана алады. Вегетативтік жүйке жүйесінің тәуелсіз жұмыс істеуі де осыған байланысты.

3. Барлық ми-жұлындық жүйкелік торшалар ми мен жұлынның сұр затында және жүйке түйіндерінде орналасқан. Ал вегетативтік жүйке жүйесінің жүйкелік торшалары орталықтан тыс орналасады. Атап айтқанда, симпатикалық жүйкелік торшалар омыртқамаңайлық немесе омыртқаалдылық түйіндерде /ганглийлерде/, ал парасимпатикалық – интрамуральдік /қабырғалық/ және экстрамуральдік /мүшелік/ түйіндерде болады.

4. Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесінің орталықпен байланысы екі нейронның көмегімен жүзеге асады. Бұл нейрондардың біреуінің денесі орталық жүйесінде /ми мен жұлында/, ал екіншісінікі орталықтан тыс түйіндерде орналасқан. Осыған байланысты преганглионарлық /түйінге дейінгі/ және постганглионарлық /түйіннен кейінгі/ жүйке талшықтарын ажыратамыз. Преганглионарлық талшықтар миелинмен қапталған, ал парасимпатикалық талшықтар миелинсіз болады.

Симпатикалық бөлік

Симпатикалық бөліктің құрамына мынадай құрылымдар кіреді:

а/ оң және сол симпатикалық бағандар;

ә/ омыртқамаңайлық /паравертебральдік/ түйіндер;

б/ омыртқаалдылық /превертебральдік/ түйіндер;

в/ миелинді преганглионарлық жүйкелік талшықтар;

г/ миеленсіз постганглионарлық жүйкелік талшықтар.

Жұп симпатикалық баған – truncus sympaticus – омыртқа бағанасының бойында орналасып, мойындық, кеуделік, белдік, құйымшақтық және құйрықтық бөлімдерге бөлінеді. Оң және сол симпатикалық бағандар бір-бірінен түйінаралық және тиісті жұлындық жүйкелермен байланыстырғыш тармақтар арқылы байланысқан симпатикалық түйіндерден тұрады. Аталған түйіндердің саны тек кеуде мен бел бөліктерінде ғана омыртқалардың санына сәйкес келеді. Мойын бөлімінде олардың саны үшеу /краниальдік, ортаңғы және каудальдік/ болады. Каудальдік мойындық түйін әдетте алғашқы 3 кеуделік түйіндермен бірігіп "жұлдызша түйінді" түзеді.

Симпатикалық бағанның мойындық бөлімі жұлдызша түйіннен проксимальдік және дистальдік тармақтар арқылы басталады. Бұл екі тармақтың симпатикалық бағанға біріккен жерінде ортаңғы мойындық түйін орналасады. Бұдан соң мойындық симпатикалық баған краниальдік мойындық түйінге қарай бағытталады да, кезеген жүйкемен жанасып вагосимпатикалық бағанды – truncus vagosympaticus - түзеді. Бұл жол да симпатикалық бағаннан кезеген жүйкеге, жалпы ұйқылық артерияға, көмекейге және жұтқыншаққа тармақтар бөлінеді.

Краниальдік бағытта мойындық симпатикалық баған кезеген жүйкеден бөлектенгеннен кейін, краниальдік мойындық түйіннің – gn. cervicale craniale – құрамына енеді.

Краниальдік мойындық түйін шүйделік сүйек денесінің маңында орналасып, өзінен постганглионарлық тармақтар бөледі. Аталған тармақтар мынадай жүйкелерді құрайды:

1. Ішкі ұйқылық жүйке – n.caroticus internus - ішкі ұйқылық артерияның тармақтарымен қатар тарамдалатын ішкі ұйқылық торапты – phlexus caroticus internus - түзеді. Бұдан соң ол гипофизге және милық жүйкелерге бағытталып, көздің нұрлы қабығы мен көз жасы безіне дейін жетеді. Ішкі ұйқылық тораптан үлкен тастық жүйке-n.petrosus major – бөлінеді. Ол көздік мүшелерінің мұрын мен ауыз қуысының кілегейлі қан тамырларын жүйкелендіреді.

2. Мойындырықтық жүйке – n.jugularis – бір тармағы кезеген жүйкенің проксимальдік түйіні мен бағанына, ал екіншісі - тілжұтқыншақтық жүйкенің дистальдік /тастық/ түйіні мен оның бағанына барады. Бұл жүйкенің талшықтары жұтқыншақтың, өңештің, көмекейдің және кеңірдектің тамырларында тарамдалады.

3. Сыртқы ұйқылық жүйкелер – nn. carotici interni – аттас артерияның қатарлас тармақтарымен тарамдалып, сыртқы ұйқылық торапты түзеді.

4. Байланыстырғыш тармақтар – nn. communicantes – IX, X және XI милық, бірінші мойындық жүйкелерге барады.

Ортаңғы мойындық түйіннен шыққан постганглионарлық талшықтар мойындық жүректік жүйкелердің құрамына еніп, жүректік торапты түзуге қатысады.

Кеуделік бөлім - pars thoracica – жұлдызша түйіннен бастау алып, каудальдік бағытта диафрагма аяқшалары аралығымен құрсақ қуысына өтеді. Жұлдызша түйіннен бірнеше жүйкелер тарайды.

1. Омыртқалық жүйке – n.vertebralis - 6-шы мойын омыртқаның көлденең тесігі арқылы көлденең өзекке еніп 2-ші мойын омыртқаға дейін барады. Осы жолда ол мойындық жұлындық жүйкелеріне тармақтар бөлуімен қатар, омыртқалық артерияның жанында аттас торап түзеді.

2. Байланыстырғыш тармақтар С VII, VIIІ, ТҺІ жүйкелерімен қосылып, иықтық торапты  жасауға қатысады.

3. Мойындық жүректік жүйкелер – nn.cardiaci cervicales – саны үшеу болып жүректік торапқа бағытталады.

Кеуделік түйіндерден – gn. thoracica мынадай жүйкелер тарайды кеуделік жүректік жүйке, жүректік және аорталық тораптарды жасауға қатысады өкпелік тармақтар – rr.pulmonalea өкпелік торапты жасайды. Сондай-ақ 6-шы кеуделік сегменттен бастап преганглионарлық талшықтардың бір бөлігі үлкен іштік жүйкені – n.splanchnicus major – түзеді. Бұл жүйке құрсақтық түйіндерге – gn. сeliaca – бағытталады.

Соңғы екі кеуделік түйіндердің тұсында симпатикалық бағаннан кіші іштік жүйке n.splanchnicus minor – ажырайды. Бұл жүйке краниальдік шажырқайлық түйінге барып енеді. Кеуделік бөлімнен ең сонынан артқы іштік жүйке немесе бүйректік тармақ бөлініп, аттас түйінге барады.

Симпатикалық тораптың белдік бөлімі белдік түйіндерден құралған. Бұлардан белдік іштік жүйкелер бөлініп, каудальдік түйіндерге енеді.

Құйымшақтық бөлім белдік бөлімнің жалғасы болып саналады. Оның құрамында бір-бірімен біріккен симпатикалық түйіндер болады. Бұлардан құйымшақтық іштік жүйкені түзетін тармақтар бөлінеді. Аталған жүйке жамбастық түйіндерге барады.

Құйымшақтық бөліктің жалғасы құйрықтық бөлікте 2-4 түйіндер болады.

Парасимпатикалық бөлік – pars parasympatica – ми мен жұлынның құйымшақ бөлімінде орналасқан орталықтардан, мүшелер маңайында немесе олардың қабырғаларында орын тепкен түйіндерден, преганглионарлық және постганглионарлық жүйкелік талшықтардан тұрады.

Парасимпатикалық орталықтар мидағы ортаңғы милық, сопақша және жұлындағы құйымшақтық бөліктерге бөлінеді.

І. Ортаңғы милық бөлік көз қарашығы мен кірпіктік бұлшық еттерге баратын парасимпатикалық жолдардан тұрады. Оның орталығы ортаңғы мидағы милық суөтістің түбінде, төрт төмпек пластинканың ростральдік төмпегіне жақын, көзқимылдық жүйке ядросынан медиальдік бағытта орналасқан. Осы орталықтан шыққан преганглионарлық талшықтар көзқимылдық жүйкенің вентральдік тармағының құрамында кірпіктік түйінге – gn. ciliare - келіп аяқталады. Осы түйіннің өсінділері қысқа кірпіктік жүйкелерді – nn. ciliares – құрайды. Бұл жүйкелердің құрамында постганглионарлық, краниальдік мойындық түйіннен басталатын постганглионарлық симпатикалық және сезімтал талшықтар болады.

II. Сопақша милық бөлік көз жасын бөлуші, сілекей бөлуші, ішкі мүшелерге арналған қозғалтқыш және секреторлық /вагус/ жолдардан тұрады.

1. Көз жасын бөлуші жол беттік жүйкенің ядросының жанында жатқан көзжастық ядродан – nucleus lacrimalis – басталады. Оның преганглионарлық талшықтары алдымен беттік жүйкенің құрамында, содан соң одан бөлініп үлкен тастық жүйкемен бірігеді де, қанаттаңдайлық түйінге – gn. рterigopalatinum – енеді. Бұл түйіннен шыққан постганглионарлық талшықтар кезегімен жоғарғы жақтық және шықшыттық жүйкелерге өтіп, одан байланыстырғыш тармақ арқылы көз жастық жүйкеге қосылып, көзжасы безіне барады.

Постганглионарлық талшықтардың бір бөлігі қанаттаңдайлық жүйке тармақтарының құрамында мұрын қуысы мен таңдайдың кілегейлі қабығында орналасқан бездерді жүйкелендіреді.

2. Сілекей бөлуші жолдар ростральдік және каудальдік ядролардан бастау алады.

Ростральдік сілекей бөлуші ядро – nucleus salivatorius rostralis - ми көпіріндегі ромб тәрізді шұңқыр түбінің алдыңғы бөлімінде орналасады. Оның преганглионарлық талшықтары мидан шығысымен беттік жүйкеден бөлініп дабылдық желінің құрамына кіреді. Дабылдық желісі өз кезегінде V жұптың  /үшкілдік/ тілдік жүйкесіне қосылып төменгі жақтық түйінге – gn. mandibulare – жетеді. Бұл түйін аталған жүйенің беткейлік тармағында орналасқан. Түйіннен шыққан постганглионарлық тармақтар төменгі жақтық және тіластылық  сілекей бездеріне барады.

З. Каудальдік сілекей бөлуші ядро – nucleus salivatorius caudalis – тілжұтқыншақтың жүйке ядросымен қатар орналасқан. Осы ядродан басталған преганглионарлық талшықтар әуелі тілжұтқыншақтық, содан соң дабылдық – жүйкелердің құрамында болып, құлақтық түйінге – gn. nucleus барады. Құлақтық түйін қанаттық немесе төменгі жақтық жүйкелердің бойында орналасқан. Осы түйіннен постганглионарлы талшықтар басталып құлақ түбі мен ұрттық сілекей бездерді жүйкелендіреді.

X жұп кезеген жүйкенің құрамында әр түрлі афференттік және эфференттік парасимпатикалық, сезімтал және қозғалтқыш сомалық, эфференттік симпатикалық жүйкелік талшықтар болады.

Сопақша мидан шыққан тұсында кезеген жүйкеде проксимальдік /мойындырықтық/  - gn. proximale – және /дистальдік түйіндік/  - gn. distale – түйіндер орналасады.

Проксимальдік түйін сомалық және парасимпатикалық сезімтал торшалардан тұрады. Олар негізінен сопақша мида орналасқан орталықтарды шеттік мүшелермен байланыстырады.

Дистальдік түйін краниальдік мойындық түйіннің жанында орналасып, онымен қысқа тармақтар арқылы байланысады. Оның құрамы эфференттік сомалық және вегетативтік жүйкелік талшықтардан тұрады. Бұл талшықтар байланыстырғыш тармақтардың көмегімен тіластылық және қосымшалық жүйкелердің құрамына енеді. Сол сияқты бұл түйіннен жұтқыншақ пен өңештің бастапқы бөліміне арналған жұтқыншақтық тармақ, көмекейге, алқымдық безге және жұтқыншақтық торапқа арналған краниальдік көмекейлік жүйке бөлінеді.

Кезеген жүйкенің жалғасы аралас талшықтардан тұрып, қайтармалық және депрессорлық жүйкенің негізін құрайды.

Кеуде қуысында ол симпатикалық бағаннан бөлініп, каудальдік бағытта жүріп, кеуделік және құрсақтық қуыста орналасқан мүшелер тораптарын түзуге қатысады.

Құйымшақтық бөлік парасимпатикалық құйымшақтық ядролардан тұрады. Осы ядродан басталған преганглионарлық талшықтар жұлындық жүйкелердің вентральдік түбіршіктері арқылы шығып 1 - 3 жамбастық жүйкелерге – nn. pelvini – бірігеді. Аталған жүйкелер тік ішектің латеральдік беті арқылы өтіп бірнеше тармақтарға бірігіп, жамбастық торапты түзуге қатысады.

СЕЗІМ МҮШЕЛЕРІ. Сезім мүшелері құрылым жағынан жүйке жүйесінің құрамына кіреді. Олар талдағыштардың /анализаторлардың/ шеткі қабылдағыш бөлігі. И.П. Павловтың тұжырымдауынша талдағыштар «сыртқы қабылдаушы аппараттан басталып, мида аяқталатын күрделі жүйке механизмі». Былайша айтқанда ол рефлекторлық доғаның сыртқы және ішкі ортаны орталық жүйке жүйесімен байланыстырып тұратын афференттік /сезімтал/ бөлігі. Анализаторлар үш бөлімнен түзіледі:

I. Рецепторлар – тітіркендіргіш қабылдаушы шеткі сезімтал жүйке ұштары, яғни сезім мүшелері.

2. Өткізгіш жолдар – орталыққа тепкіш /афференттік  жүйке талшықтары.

3. Мидағы сезімтал /қыртыстық, қыртысастылық/ орталықтар – қабылданған тітіркеністер талданады, ажыратылады, анықталады.

Рецепторлар – сезімтал жүйке ұштары денедегі орналасу орындарына байланысты экстерорецепторлар – сыртқы орта әсерлерін қабылдағыш және интерорецепторлар дененің ішкі мүшелері мен ұлпаларынан келетін тітіркеністерді қабылдағыш болып екіге бөлінеді. Интерорецепторлардың жеке бір арнайы түрлі – тірек – қимыл мүше­лерінен келетін тітіркеністерді қабылдайтын – проприорецепторлар /ет сезімі/.

Көру мүшесіне көз жатады. Ол көз алмасынан және оның қорғаныс, көмекші құрылымдарынан /қабық, көз жасы аппараты, бұлшық еттер, шандырлар т.б. /түзіледі. Көз алмасы – bulbus oculi – маңдай, шықшыт, көз жасы сүйектері құрайтын көздіктің /орбитаның/ шұңқырында орналасады. Оны сыртқы жағынан жоғарғы, төменгі және үшінші қабақтар қорғап тұрады. Жоғарғы және төменгі қабақтың – palpebra superior et inferior негізі еттен тұрады. Олардың сырты терімен, ішкі жағы кілегейлі қабық-конюнктивімен қапталған қабықтардың тері мен коньюнктива тоғысқан жиектеріне көз алмасының сыртқы бетін майлап, қорғап тұратын майлы сөл бөлетін бездердің өзектері ашылады. Ал, үшінші қабақ – palpebra tertio коньюнктив қатпары ретінде көздің ішкі бұрышында орналасады. Жалпы көз қабақтары қозғалмалы мүше. Олар шаң – тозаң  және әр түрлі бөгде заттардан  қорғайды. Бұған қоса қабақ жиектерінде орналасқан кірпіктер де қорғаныс қызметін атқарады. Жоғарғы және үшінші қабақтарда құрылысы жағынан көпіршікті түтікшелі көз жасы бездері – gl. lacrimalis – болады. Бұл бездер негізінен көздікті құрауға қатысатын маңдай сүйегінде орналасады. Олардың өзектері көздің кілегейлі қабығына ашылады. Осы өзектерден шыққан без сөлі – көз жасы коньюнктиваны ылғалдап, түскен шаң – тозаңды жоғарыдан төмен қарай жуып көздің ішкі бұрышындағы көз жасы көліне келіп жиналады. Көз жасы көлінен басталатын қос тесік арқылы сұйық көз жасы, көз жасы сүйегінің аттас шұңқырында жатқан көз жасы қапшығына ашылады. Бұл қапшықтан көз жасы өзек арқылы мұрын қуысына ашылады. Сөйтіп, көз жасы көзді ылғалдандырып, тазалап, қорғап жүрумен қатар, мұрын қуысында ылғалдандырып тұрады.

Есту тепе – теңдік мүшесі – құлақ

Есту мүшесі – құлақ – organon vestibulacochleare – орналасу орны мен атқаратын қызметіне қарай үшке: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлаққа бөлінеді. Есту – тепе-теңдік анализаторының рецепторлары ішкі құлаққа орналасады, ал сыртқы және ортаңғы құлақтар аталған анализатордың көмекші құрылымы болып саналады.

Сыртқы құлақта – auris externa құлақ қалқаны оған әсер етуші бұлшық еттер және сыртқы дыбыстық өтіс түзеді. Құлақ қалқаны – auricula сыртқы ортадағы дыбыс толқынын қабылдап, дыбыстық өтіске бағытталады. Оның негізі эластин талшықты серпімділі шеміршектен құралған. Құлақ қалқанының ішкі бетінде май, кілегейлі заттардан құралған құлақ шайырын бөлетін бездер болады. Құлақ шайыры құлақтың дыбыстық өтісін шаң-тозаңнан қорғайды. Жануарлар құлақ қалқаны қозғалмалы келеді. Оның себебі: біріншіден, құлақ қалқанының май жастығында орналасуы, ал екіншіден, оның қозғаушы бұлшық еттері жақсы жетілген. Бұл еттер бір ұшы құлақ қалқанына, ал екінші ұшы бас сүйектеріне бекілген.

Сыртқы дыбыстық өтістің – meatus acustairs externus пішіні түтік тәрізді болып келеді. Оның сыртқы бөлігінің негізін шеміршек түтік, ал ішкі бөлігінің негізін сүйек түтік құрайды. Құлақ қалқаны күйіс қайтаратын малдарда дананың қарама-қарсы бүйіріне, ал шошқада ол ұзын, жіңішке және жоғары жаққа бағытталған. Жылқының құлақ қалқаны қысқа шөлмек тәріздес болып келеді. Сыртқы дыбыстық өтісті ортаңғы құлақтан  дабылдық жарғақ – membrana tympani бөліп тұрады.

Ортаңғы құлақ самай сүйегі тастық бөлігінің дабылдық қуысына орналасады. Ол дабылдық жарғақтан және бір – бірімен байламдар мен бұлшық еттер арқылы қозғалмалы байланысқан есту сүйектері­нен тұрады. Дабылдық жарғақтың негізін дәнекер ұлпасы түзеді. Ол сыртынан жұқа терімен қапталған. Теріде түк пен бездер болмайды.
Ал, дабылдық жарғақтың ішкі беті жұқа жалаң қабат жалпақ эпителиймен қапталған кілегейлі қабықпен астарланған. Ортаңғы құлақ орналасқан дабылдық қуыстың құлақтың басқа бөліктері және жұтқыншақпен қатысатын төрт тесігі болады. Мұның сыртқы дыбыстық өтіске өтетін латеральдік тесігі сыртқы дабылдық жарғақпен перделенген. Ал, ішкі құлақпен медиальдік бағытта орналасқан екі тесікпен қатысады. Олар: кіреберіс /сопақша/ және ұлу /дөңгелек/ терезелері деп аталады. Бұл тесіктер де ішкі жарғақтармен перделенген. Дабылдық қуыстың алдыңғы жағындағы тесігі жұтқыншақ дабылдық түтігі арқылы жұтқыншақ арқылы қуысымен байланысады. Жұтыну кезінде ауа осы түтікпен дабылдық қуысқа еніп, қуыс ішіндегі ауа қысымын сыртқы ауа қысымымен деңгейлестіреді.

Ішкі құлақ – auri interna самай сүйегінің тастық бөлігінде орналасады. Ол сыртқы сүйектік – labirintus osseus және ішкі жарғақтық – labyrintus membranaceus шытырмандардан түзілген. Осы сүйектік және жарғақтық шытырмандар арасындағы саңылау кеңістікте сыртқы лимфа сұйықтығы - перилимфа, ал жарғақтық шытырман қуысында ішкі лимфа сұйықтығы - эндолимфа болады. Шытырмандар бір-бірімен өзара байланысқан кіреберіс, ұлу және үш жарты иірім түтіктері бөліктерінен тұрады.

Иіс сезу мүшесі - мұрын қуысының дорсоаборальдік жағында торлы сүйек шытырманы аумағында орналасады. Иіс сезу нейрондары мұрын қуысының аталған аумағындағы бір қабатты көп қатарлы кірпікшелі эпителий торшалары аралығында орын тебеді. Нейрондар тітіркеністі тікелей қабылдайды. Сондықтан, оларды бірінші сезімтал нейрондар деп атайды.Сезімтал нейрондарды қоршап жатқан эпителий торшаларын - сүйегіш торшалар дейді. Иіс сезу нейрондарын құрылысына байланысты биополярлық нейрондарға жатқызады. Олардың кілегейлі қабық бетіндегі сыртқы ілгек пішіні дендриттерінің ұшында сезімтал түктер болады. Мұрын қуысы кілегейлі қабығындағы бездер сөл, иіс сезу эпителийінің ішкі бетін ылғалдап, ауа құрамындағы әр түрлі химиялық заттарды ерітеді. Тыныс алу кезінде осы сөлде еріген заттар иіс сезу нейрондарының дендриттері бетіндегі түтіктерге әсер етеді де жүйкелік қозуды тудырады. Пайда болған тітіркеніс иіс сезу нейрондарының нейриттері арқылы торлы сүйек тесіктерінен өтіп, ми қорабындағы иістік ми баданасына бірінші милық – иістік жүйке ретінде енеді. Сөйтіп иіс сезу жүйкесі иіс сезу нейрондарының қабықтарымен қапталған нейриттерінен тұрады.

Дәм  сезу мүшесі - дәм сезу мүшесінің рецепторлары тілдің бетіндегі дәм сезу бүртіктеріне орналасады. Тамақтың құрамындағы сілекейге еріген химиялық заттар дәм сезу бүртіктерінің /саңырауқұлақша, қорғанша, жапырақша/ сыртынан қаптап жатқан сезімтал эпителий торшаларымен жанасады. Бұл торшалардағы пайда болған тітіркеністі оларды шырмап жатқан дәм сезу нейрондары дендриттерінің жүйке ұштары қабылдап, қозуды осы сезімтал нейрондардың денесіне өткізеді. Сезімтал дәм сезу нейрондары беттік және тоғызыншы милық – тіл – жұтқыншақ жүйкелерінің бойындағы жүйкелік ганглийлерге жатады. Олардың нейриттері аталған жүйкелердің құрамында миға енеді.

Дәм сезу иіс сезу анализаторының қыртыстық орталықтары үлкен ми қыртысының самай аумақтарында орналасады.

Тері сезімі сипап сезу мүшесі - тері сезімі мүшесінде де сезімтал жүйке ұштары тері эпидермисі торшаларын шырмап жатады. Яғни тітіркеніс сезімтал эпителий торшалары арқылы, сезімтал нейрондар дендриттерінің сезімтал жүйке ұштарына беріледі. Сипап сезу мүшесінің сезімтал нейрондарының денелері жұлындық және бесінші милық – үшкіл жүйкенің дорсальдік түбірі бойындағы ганглийлерде орын тебеді. Сондықтан тері сезімі мүшесінің нейрондары екінші сезімтал нейрондарға жатады. Сипап сезу мүшесінің орталықтары жұлында, аралық мида үлкен ми қыртысында орналасады.

ҮЙ ҚҰСТАРЫ АНАТОМИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ. Құстардың ұшуға бейімделуі, сүтқоректілермен салыстырғанда, олардың дене құрылысында біраз өзгерістердің қалыптасуына әкеліп соқтырды. Соған қарамастан құстар мен сүтқоректілердің денелерінің анатомиялық құрылысында, бұлардың ата - тектерінің шығу тегі жағынан туыстас екендігін және бір зоологиялық типке жататындығын дәлелдейтін көптеген ұқсастықтар да баршылық.

Құстардың ауада қалықтап ұшуы, олардың дене салмағының азаюына және алдыңғы /кеуделік/ аяқ қаңқалары мен көкірек қуысы пішінінің өзгеруіне әсерін тигізеді. Мұнымен қатар тыныс алу, тері жабыны және көбею мүшелерінің де ерекше өзгерістерге ұшырауына себепкер болды.

Құстар денесінің жеңілдеуіне кейбір қаңқа сүйектері қуыстарының ауағы толуы, тістерінің болмауы, бас еттері мен тұлға еттерінің нашар жетілуі өз әсерін тигізді.

Ұшудың нәтижесінде құстардың кеуделік аяқтары қанатқа айналып кеткен. Ұшуды қамтамасыз ету барысында, кеуделік және жамбастық аяқ еттері өте жақсы дамыды. Жақсы жетілген кеуде бұлшық еттері бекитін берік сүйек тірегі қызметін атқаратындықтан, көкірек керегесінің қозғалысы нашарлайды. Көкірек керегесі қозғалысының нашарлауы тыныс алу процесіне құрсақ еттерінің белсенді түрде қатысуын  мәжбүр етті.

Өкпе – газ алмасу процесін жеңілдететін ауалы қапшықшалармен толықтырылған. Тері жабынында қауырсындар пайда болған. Бірақ құстардың көбею мүшелері рептилийлердің көбею мүшелеріне ұқсас күйінде қалған. Құстардың жүйкелік жүйесі, әсіресе миы рептилийлерге қарағанда жақсы дамығанымен, сүтқоректілерге қарағанда нашар жетілген.

Эмбриондары организмнен тыс сыртта дамитын болғандықтан, аналық құстардың морфологиясында да аталықтарына қарағанда біраз өзгерістер пайда болған. Атап айтқанда, жұмыртқа салу алдында, аналық құстардың тоқпан жіліктен басқа сүйектер қуысында жұмыртқаның сыртқы ізбесті қабығы - скорлупаны түзетін ерекше бөгде кемік заты пайда болады.

Мұнда сүйектің тығыз затына қарағанда минералдық заттар көп болады. Бұл заттың мөлшері жұмыртқа салудың белсенділігіне байланысты. Жұмыртқа салу жиілеген сайын бөгде кемік заты азаяды, ал жұмыртқа салу сиреген сайын оның мөлшері керісінше көбейе бастайды. Кемік заттағы бөгде зат белгілі бір заңдылықпен түзіледі. Оның түзілуі ортан жіліктен басталады да одан кейін асықты, шынтақ және кәрі жіліктерде аяқталады.

Жұмыртқа салу кезінде бұл затта өзгерістер үздіксіз жүріп отырады. Оған дәлел бөгде зат тарамдарындағы /трабекулаларындағы/ екі түрлі клеткалық элементтер – остеокласттар мен остеобласттардың болуы. Жұмыртқа жолының жұмыртқаның дамуы кезеңінде жатырдағы бөгде затты бұзып іске асыратын остеобласттар көп болады, ал жұмыртқалығы фолликулдардың дамуы кезеңінде, яғни жұмыртқаның жұмыртқа жолында жоқ кезінде аталған тарамдарда остеобласттардың саны артық болады. Басқа уақыттарда остеокласттар мен остеобласттар сан жағынан шамалас келеді.

Жұмыртқа салу кезінде аналық құстар жіліктерінің қомақты қабаты жұқара бастайды, ал керісінше ол азайған кезде аталған қабат қалыңдай түседі. Бұл құбылысты тауықтарда, әсіресе асықты жілік сүйектерінде рентгенографикалық әдіспен оңай байқауға болады.

Кемік заттағы бөгде заттың пайда болуына құстарды жемдеп - бағу режимі де әсер етеді. Құстар рационындағы құрамында кальций, марганец және фосфор минералды заттардың болуы сүйектердің кемік затындағы бөгде заттың көп түзіліп, оның тиімді түрде қолданылуына септігін тигізеді.

Бас сүйегі. Балапандардың ерте дамуы кезінде – ақ бас сүйектері бір – бірімен бірігіп кетеді де, ересек құстарда олардың шекарасы тіптен білінбейді. Бас сүйегінің ми сауыты бөлігі: шүйделік, сына тәрізді, самайлық, төбелік, маңдайлық, көзжастық және торлы сүйектерден тұрады. Шүйделік сүйек екі айдаршақтың орнына, басты барлық бағытта оңай қозғап тұратын бір шүйделік төмпек болады.

Бас сүйегінің бет бөлімі: мұрындық, тұмсықтық, жоғарғы жақ сүйегі, таңдайлық, қанат тәрізді, шынтақтық, квадратша бет, квадрат тәрізді, төменгі жақ, тіластылық сүйектер /мен айырғыштан тұрады.

Алғашқы үш сүйектер бір – бірімен бірігіп, құстың тұмсық – үстілік қаңқасын түзеді. Ол бас сүйегінің ми сауыты бөлімімен қозғалмалы байланысады. Осындай қозғалмалылықтың болуы тұмсық үстінің төменгі жақ сүйегімен ерекше байланысына және мұрын шеміршегі пердесінің дәнекер ұлпасына айналуына тікелей байланысты. Жоғарғы жақ сүйегі мен төменгі жақ сүйегі бір – бірімен буын құрайтын таңдайлық, қанат тәрізді және квадрат тәрізді сүйектер арқылы байланысады. Квадратты сүйек арқылы төменгі жақ сүйектері самай сүйектерімен қозғалмалы байланыста болады. Қуыстардың төменгі жақ сүйегі бір-бірімен бірігіп кеткен алты сүйектен тұрады. Оның алдыңғы бөлігі – тіс сүйегін құрайды, ал артқы бөлігі – қозғалмалы түрде квадрат тәрізді сүйекпен байланысады.

Құстардың төменгі және жоғарғы жақ сүйектерінде тістері болмайтындықтан, олардың бас сүйектері жеңіл келеді.

Мойын және тұлға сүйектері. Әр түрлі құстардың мойын омыртқаларының саны да әр түрлі келеді. Олардың саны тауықтарда 13-14 үйректерде 14-15, ал қаздарда 17-18 болады. Құстар омыртқаларының жоталық өсінділері нашар дамыған да, оған керісінше көлденең қабырғалық өсінділер жақсы дамыған.

Омыртқа денесіндегі буындық беттерінің пішіні ер тәрізді болып келетіндіктен, сагиттальдік және фронтальдік жазықтарда да еркін қозғалады. Айналмалы қозғалыстар негізінен бірінші және екінші мойын омыртқаларына байланысты болады.

Суда жүзетін құстардың мойындарының ұзын болуы, олардың /қоректерін/ жемін терең сулардан ұстап алуына септігін тигізеді.

Құстардың кеуде бөлігі арқа омыртқаларынан, қабырғадан, төс сүйегінен тұрады. Бұлар бір-бірімен байланысып, көкірек қуысын құрайды. Тауықтардың көкірек қуысының пішіні басқа дәнмен коректенетін құстарға тән болып келеді. Оның кіретін тесігі тарлау, ал шығатын тесігі үлкен болып келеді. Яғни олардың көкірек клеткасы кесілген конус тәрізді болады, жыртқыш құстарда ол цилиндр, ал үйрек пен қазда осы екеуінің аралық пішінінде болып келеді.

Тауықтардың арқа омыртқалары 7, ал үйрек пен қазда 9 болады. Тауықтардың бірінші, екінші, алтыншы және жетінші арқа омыртқалары бір-бірімен қозғалмалы байланысады. Екіншіден бастап бесіншіге дейінгі арқа омыртқалары бірімен – бірі тұтаса байланысып бірігіп кетеді. Олардың жота өсінділері дорсальдік қыр түзеді. Жетінші арқа омыртқасы бел-құйымшақ омыртқаларымен бірігіп, біртұтас сүйек түзеді.

Құстар қабырғасының айырмашылығы – олардың шеміршектері болмайды, толық сүйектеніп кетеді.

Кабырғалардың омыртқаға жақын вертебральдік және төссүйегіне жақын стернальдік бөлігі болады.  Вертебральдік қабырғалар бөліктері бір-бірімен бүйірлеріндегі қармақша тәрізді өсінділермен байланысып, шектеулі қозғалатын берік көкірек клеткасының екі жақ қабырғасын құрайды. Алдыңғы 2-3, кейде соңғы қабырғалар төс сүйегіне жетпей бітеді. Сондықтан оларды астернальдік қабырғалар деп атайды. Ал төс сүйегіне жетіп байланысатын қабырғаларды стернальдік қабырғалар дейді.

Вертебральдік қабырғалардың проксимальдік жағы, қабырғаның басы және төмпегі арқылы арқа омыртқаларымен қозғалмалы байланыста болғанымен, көкірек клеткасын шектеулі қозғалысқа келтіреді. Қабырғаның вертебральдік бөлігі төменгі стернальдік бөлігімен буын арқылы байланысады. Қабырғалардың стернальдік бөлігінің дистальдік басы да төс сүйегімен буын арқылы байланысады. Төс сүйегі барлық құстарда жақсы жетілген, бірақ жүгіретін және ұшатын құстарда үлкен айырмашылықтар бар. Ұшатын құстарда көкірек еттерінің негізгі бөлігі төс сүйегінде орналасқандықтан, төс сүйегінің қыры /киль/ жақсы жетілген. Жүгіретін құстардың төс сүйектерінде кейде қыр болмайды. Мысалы, страустардың төс сүйегінің қыры болмайды.

Тауықтардың төссүйегінде каудальдік бағытта орталық, бүйірлік және қабырғалық өсінділер тарамдалып, үлкен жұп ойықтар құрайды. Үйректер мен қаздарда қабырғалық өсінділер болмағандықтан, ойықтары бір-біреуден болады.

Суда жүзетін құстардың төссүйегі қайықша тәрізді болып келеді де, оның ішінде ішкі органдары орналасады. Құстардың бел-құйымшақ бөлігі бір сүйекке біріккен бел, құйымшақ омыртқаларынан, соңғы арқа омыртқаларынан, құйрық омыртқаларының бірқатар бөлігінен және мықын сүйектерінен тұрады. Сондықтан бұл бөлікті - жамбас бөлігі деп атайды. Бел-құйымшақ бөлігі алғашқы кезде 11-14 сегменттен, соңынан бел-құйымшақ сүйегі болып бірігеді.

Тауықтардың құйрық қаңқасы бес омыртқадан тұрса, үйрек пен қаздарда жеті омыртқадан тұрады.

Құстардың соңғы құйрық омыртқасы ерекше пигостиль деген сүйекпен байланысып тұрады. Соңғы сүйекке бағыттаушы қауырсындар бекиді.

Аяқ  қаңқаларының құрылысы

Құстардың кеуделік аяқ қаңқасында сүтқоректілер қаңқасымен салыстырғанда көптеген айырмашылықтар болады. Дегенмен де оларда біраз ұқсастықтар да байқалады. Сондықтан құстардың кеуделік аяқтары да сүтқоректілердегідей бөлім мен бөліктерге бөлінеді.

Құстардың иық белдеуі үш жұп сүйектен: жауырыннан, бұғанадан және бұл екеуіне қарағанда жақсы дамыған коракоид /құстұмсық/ сүйегінен тұрады. Каракоид сүйегінің дистальдік ұшы төс сүйегімен, ал проксимальдік ұшы жауырынмен, бұғанамен және тоқпан жілікпен байланысады. Құс жауырыны нашар дамыған жұқа пластинкадан тұрады. Ол буын арқылы бұғанамен, тоқпан жілікпен және коракоид сүйегімен байланысып жатады.

Алдыңғы аяқ қаңқасының еркін қозғалатын бөлігі тоқпан жіліктен, жілік сүйектерінен және алдыңғы аяқ басы немесе саусақ сүйектерінен тұрады.

Тоқпан жіліктің медиальдік жағында ауа өткізгіш тесік орналасқан. Бұл тесік арқылы сүйектегі ауалы қуыс өкпедегі ауалы қапшық­тармен байланысып жатады.

Білек сүйектерінің ішінде шынтақ сүйегі жақсы дамыған. Шынтақ сүйегі аздап имектеу келеді. Оның нашар дамыған шынтақ өсіндісі болады. Шынтақ сүйегі мен кәрі жіліктің арасында сүйекаралық кеңістік орналасады.

Білезік сүйектерінің ішінен құстарда тек шынтақтың білезік және кәрі жіліктік білезік сүйектері ғана қалған. Білезік сүйектерінің дистальдік қатары жіліншік сүйегінің проксимальдік басымен бірігіп кеткен. Құстардың жіліншік сүйегі екінші, үшінші және төртінші сүйектерден тұрады. Бұлардың арасында сүйекаралық кеңістік қалғанымен, бір – бірімен бірігіп кеткен.

Саусақ сүйектері жоғалып кеткен. Екінші және төртінші саусақтар бір фалангадан, үшінші саусақ екі фалангадан тұрады.

Құстардың артқы аяқ қаңқасы жамбас белдеуінен және еркін қозғалатын бөліктен тұрады.

Артқы аяқ қаңқасының жамбас белдеуінен бір - бірімен бірігіп кеткен мықын, шат және шоңданай сүйектері құрайды. Сонымен бірге мықын сүйегі бел – құйымшақ бөлігімен де бірігіп кеткен. Екі жақтағы шат және шоңданай сүйектері бір – бірімен бірікпеген. Мықын сүйегі мен шоңданай сүйектерінің аралығында шоңданай тесігі, ал шоңданай сүйегі мен шат сүйегінің аралығында жапқыштық тесік орналасқан.

Мықын және құйымшақ сүйектерінің ішкі жағында ұзынша келген екі ойыс бар, мұнда бүйректер орналасады. Мықын, шат және шоңданай сүйектерінің біріккен жерінде ортан жілікпен байланысатын жамбастық ойыс орын тепкен.

Артқы аяқтың еркін қозғалатын бөлігі ортан жіліктен, сирақ және табан сүйектерінен тұрады.

Ортан жіліктің дистальдік жағында тобық сүйегімен байланысатын шығыры болады. Сирақ сүйегі асықты жіліктен және шыбық сүйектерінен тұрады. Бұлардың ішінде асықты жілік жақсы дамыған. Асықты жіліктің дистальдік бөлігі тілерсек сүйектерінің проксимальдік қатарымен бірігіп кеткендіктен де, бұл сүйекті асықты жіліктік – тілерсектік сүйек деп те атайды.

Тілерсек сүйектерінің проксимальдік қатары сирақ сүйектерінің дистальдік бөлігімен, ал дистальдік қатары жіліншік сүйегінің проксимальдік бөлігімен бірігіп кеткен. Жіліншік сүйегі жақсы дамыған екінші, үшінші және төртінші сүйектердің бірігуінің нәтижесінде құралған, бірақ сүйектен тұрады. Сондықтан да бұл сүйекті тілерсектік - жіліншіктік сүйек деп те атайды. Бірінші жіліншік сүйегі жақсы дамыған. Оның дистальдік бөлігі бірінші саусақпен бірігіп кеткен. Сол тұста әтештерде топшы өсіндісі орналасады.

Тілерсек – жіліншік сүйегінің дистальдік бөлігінде үш буындық беті болады да, осы буындық беті арқылы үш саусақ сүйектерімен /екінші, үшінші, төртінші/ байланысып жатады. Жамбастық аяқтың саусақтары кеуделік аяқтың саусақтарына қарағанда жақсы дамыған. Бірінші саусақ екі фалангадан, екінші – үш, үшінші – төрт, ал төртінші саусақ – бес фаланганың сүйектерінен тұрады. Әр түрлі құстардың саусақтарының саны, көлемі және орналасу орны әр түрлі болады.

Құстардың бұлшық еттері

Құстардың бұлшық еттері құс қаңқасында бірқалыпты орналаспаған. Құстар бұлшық етінің негізгі бөлігі /45%/ оның төссүйегінде орналасқан. Бұл еттер құстардың қанатын қозғалысқа келтіріп, оның ұшуын қамтамасыз етеді. Екінші орында жақсы дамыған бұлшық еттер жамбас сүйегінің жоғарғы жағындағы еттері болып есептеледі. Бұл еттер құстардың жерде қозғалуын қамтамасыз етеді.

Шайнау еттері құстарда болмайды. Шайнау еттері жақсы жетілген. Шайнау еттерінің ішінде квадрат тәрізді сүйекке әсер ететін ерекше бұлшық ет болады. Бұл ет квадрат тәрізді сүйекті алға, артқа жылжытып, тумсықүстінің жоғарғы және төмен түсуін қамтамасыз етеді. Құстардың мойын аумағында көптеген ұсақ еттер жақсы жетілген. Олар мойынның әр түрлі бағытта қозғалуына әсер етеді.

Құстардың арқа – бел – құйымшақ бөлігі қаңқаларының тұтаса байланысуына байланысты ондағы қозғалыс шектеулі болады. Сондықтан аталған аумақты қозғалысқа келтіретін еттер де нашар дамиды.

Тері асты еттері бағыттаушы қауырсындармен және қанаттың ұшу жарғағымен тығыз байланыста болады және жақсы жетілген.

Құстардың көкірек клеткасында сыртқы және ішкі қабырғааралық еттер, қабырғаны көтеруші еттер кеуденің көлденең еті және баспалдақты еттер орналасқан. Бұл еттердің қызметі сүтқоректілердің аттас еттерінің қызметіне ұқсас келеді. Олардың құрсақ бұлшық еттері де, сүтқоректілердің құрсақ бұлшық еттеріне ұқсас.

Қанаттың бұлшық еттері көптеген ұқсас еттерден түзілген.

Жамбастық аяқтың бұлшық еттері статодинамикалық негізінде құралған. Олардың сіңірлі аралықтары кейде сүйек пластинкаларына айналып та кетеді. Бұлардың ішінде сымбаттылық еттен басталатын сіңірлі тармақтың маңызы зор. Ол тобық сүйегінің ішкі және тілерсек сүйектерінің латеральдік жағынан басталып, саусақтың беткейлік етінің сіңірінде аяқталады. Бұл тармақ тобық буынын саусақ буындарымен байланыстырып тұратындықтан, тобық буыны бүгілген кезде, саусақ буындары да бүгіледі. Бұл құбылыс құстар аяқтарын көтеріп ауыстыра отырып жүрген кезде жақсы байқалады. Сымбаттылық етінің құрылысындағы осындай ерекшеліктің нәтижесінде, құстар ағаш бұтағына яки отырғыштарға отырған кезде, тобықты буынның бүгілуі саусақтардың көп энергия жұмсамай – ақ, бүгіліп, отырғышты қатты қысып отыруын қамтамасыз етеді.

Тері жабыны және оның туындылары.

Құстардың тері жабыны сүтқоректілердікіндей эпидермистен, негізгі тері қабатынан және тері асты қабатынан тұрады. Сүтқоректілерден айырмашылығы құстарда тері және май бездері болмайды, бірақ ең соңғы құйымшақ омыртқасының үстінде орналасатын құйымшық безі болады. Бұл бездің май сөлі қауырсынды майлап тұрады. Суда жүзетін құстарда бұл без жақсы дамыған.

Қауырсын - сояудан – scapus және желпініштен – vexillum тұрады. Сояу қалам – calamus және сабақтан – rachis - құралған. Қалам - қауырсынның жуан алдыңғы бөлігі де, сабақ оның желпуіші бар қалған бөлігі.

Желпуіш сабақтан қарама – қарсы бағытта тарамдалған күрделі тарамнан құралады. Сабақтан бұтақтар, бұтақтардан сәулелер, сәулелерден қармақшалы ілгектер таралады. Қармақшалы ілгектер бір-бірімен ілене байланысып, желпуіш түзеді. Қауырсын сыртқы тері жамылғысын түзеді. Ол бірнеше контурды немесе жабынды – pannae – мамықты – plumae түрге бөлінеді. Олар: жамылғы – pannea, мамықты – plumae, қағу – remiges және бағыттау – rectrices – қауырсындары. Жамылғы қауырсындар теріні сыртынан жауып жатады.

Бірақ олар құстар денесінің арнаулы бөліктерінде ғана дамиды. мамықты қауырсындар ұсақ та, жұмсақ болып келеді, жамылғы – pannae – қауырсындардың астында жатады. Cаулелерінде қармақшалы ілгектері болмайды. Сондықтан олар мамықты қауырсындарда бір - бірімен байланысып, желпуіш түзе алмайды, тым жұмсақ келеді. Мамықты қауырсындар құстардың дене қызуын бірқалыпты ұстап тұрады. Ауа әсеріне төзімді ұзын да, жалпақ, қағу қауырсындары құстар қанатының негізгі бөлігін құрайды. Олар жайылып, көлемін кеңейтіп, құстардың ұшуын қамтамасыз етеді. Құстардың ұшып – қонуына олардың құйрығында орналасқан бағыттаушы қауырсындардың маңызы зор. Құстардың тұлғасы мен тоқпан жілігі білек сүйектерінің аралығында ұшуға үлкен көмек көрсететін ерекше терілі қатпар – ұшу жарғағы болады. Жарғақтық негізінде ұшу кезінде созылып – жиырылуды қамтамасыз ететін серпімді мембрана және еттер орналасады.

Құстардаң жамбастық аяқтарының дистальдік бөлігі қабыршықтармен қапталған және тырнақтары болады. Суда жүзетін құстар саусақтарының арасында ескектің қызметін атқаратын терілі жарғақтары болады. Құстардың басқа аумағында оларға тән тері туындылары болады. Олар: мүйізді тұмсық, оның өзі тұмсық үсті және тұмсық астынан тұрады. Бұдан басқа айдар, бұғақ, сырғалық атты тері туындылары, әсіресе еркек құстарда жақсы жетілген.

Ас қорыту жүйесі.

Құстардың ас қорыту мүшелері құрылыстарында да біраз ерекшеліктер байқалады. Құстардың ас қорыту жүйесінің бас бөлімі жануарлардың бас бөліміне ұқсас, яғни ауыз қуысынан және жұтқыншақтан тұрады. Бірақ жұмсақ таңдайдың болмауына байланысты олардың шекарасы толық ажыратылмайды. Құстардың ауыз қуысында еріндер, қызыл иек және ұрт болмайды. Жақ сүйектері тері жабынының туындысы мүйізбен қапталып, жоғарғы жақ сүйегі – тұмсық үстін, төменгі жақ сүйегі – тұмсық астын, ал екеуі бірігіп мүйіз тұмсықты құрайды.

Мүйізтұмсықтың пішіні мен қаттылығы құстардың қоректену түріне байланысты болады. Тауықтардың мүйізтұмсығы үшкір және қатты болып, аздап ілмектеніп келеді. Ал, үйректер мен қаздардаң тұмсықтары тауық мүйізіне қарағанда жұмсақ, пішіні жағынан тік және жалпақ келеді. Тұмсық сыртынан сезімтал денешіктері бар балауызбен – ceroma – қапталып жатады.

Үйректер мен қаздардың ауыз қуысының шеткі жиегінде нерв талшықтарының ұштарына бай, сүзгінің қызметін атқаратын көлденең пластинкалар болады.

Құстарда тістердің болмауы олардың бас сүйегінің бет бөлімінің пішіні мен құрылысының ерекше болуына өз әсерін тигізеді.

Құстардың тілі тіласты сүйегімен тығыз байланыста болады. Оның пішіні тұмсықтың пішінін қайталайды. Тілде тек жіпше бүртіктер ғана болады. Олар тілдің арқа бетінде, денесінде орналасып, төбесімен артқа қарай бағытталып жатады. Үйректер мен қаздардың тілдерінің екі бүйірінде де тұмсық шеткі жиегіндегі көлденең пластинкаларның қызметі ісепттес кызмет атқаратын жіпше болады. Құстардың тілдерінде дәм сезу бүртіктері болмайды.

Құстардың қатты таңдайының орталығында ұзыннан созылып жатқан таңдай жігі және көлденеңінен бес қатар болып жатқан таңдай білеуліктері болады. Осы білеуліктердің соңғы қатарын ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шекарасы деуге де болады. Соңғы қатардың артқы жағында ұзыннан жалпақтанып жатқан қуыстар - жоғандар орналасқан. Қатты таңдайға жақтық сілекей бездері мен қатты таңдай және жұмсақ таңдай сілекей бездерінің көптеген тесіктері ашылады.

Жұтқыншақтағы алдыңғы жағынан тіл мен артқы таңдай бүртіктері, ал артқы жағынан көмекейге кіреберіс жұтқыншақ пен көмекей кіреберіс жұтқыншақ пен көмекей бүртіктері шекаралап ажы­ратып тұрады. Жұтқыншақтың ішкі беті толығымен көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланған жұтқыншактың түбінде төменгі жақ бездерінің тесігі, төбе қабырғасында хоан, жұтқыншақ - дабылдық өзегінің тесіктері, жұтқыншақ бездері мен баданалары, бүйір бетіндегі қабырғаларында сақина, ожауша бездер тесіктері орналасқан.

Құстар ас қорыту жүйесінің алдыңғы немесе алдыңғы ішек өңештен, жемсаудан және қарыннан тұрады. Өңеш ішкі бетінен жалпақ көп қабатты эпителиймен астарланған. Оның кілегейлі қабығында өңеш баданалары болады. Тауықтар өңешінің ортаңғы қабығы үш: ішкі және сыртқы ұзынша және олардың арасындағы сақинаша қабаттардан тұрады. Бұл қабаттар бірыңғай салалы ет ұлпасынан түзілген. Үйректер мен қаздарда сыртқы ұзынша қабат болмайды.

Жемсау - өңештің көкірек қуысына кірер алдыңғы кеңейген бөлігі. Ол үйрек пен қазда нашар жетілген. Өңештің кілегейлі қабығының жоғарғы және бүйірлік беттерінде, қабылданған қоректік заттарды дымқылдап жұмсартуға керекті сөл бөлетін көптеген кілегейлі бездер болады. Жемсауда қатты қоректік заттар жұмсап, жібумен қатар уақытша сақталады. Құстардың қарны безді және етті - деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Безді қарынның тұрқы қысқа болғанмен, ені кең, қабырғасы қалың болып келеді. Құстар қарынның кілегейлі қабығында, қызметі сүтқоректілердің фундальдік бездері іспеттес бездерге жатады. Безді қарында коректік заттар көп уақыт болмай, қарынның келесі етті бөліміне өтеді. Бұл қарын безді бөлімінің тікелей жалғасы болып келеді. Оның алдыңғы жағынан он екі елі ішек шығады. Дәнмен коректенетін құстарда етті қарын жақсы жетілген. Ол қалың етті қабырғадан қалыптасқан қуысты мүше. Оның кілегейлі қабығы қалың да тығыз кутикуламен қапталады. Кілегейлі қабықта сүтқоректілер қарындарының пилорикалық аумағындағы бездердің қызметіне сәйкес келетін бездер орын тепкен. Қарынның бұл бөлігінде, әсіресе 6үйірлік беттерінде ет қабығы тым жақсы жетілген. Мұнда жақсы дамыған сіңірлі талшықтарды да көруге болады. Қарынның бүйірлік беттеріндегі ет будалары сіңірлі талшықтармен байланысып жатады.

Жемсауда қоректік заттар жібіп жұмсайды, одан соң қарынның безді бөліміндегі бездердің сөлімен араласып дымқылданады да, қарынның етті бөліміне барады. Мұнда коректік заттар қосымша дымқылданып, химиялық және механикалық өңдеулерден өтеді. Механикалық өңдеуді қарында болатын қатты заттар - құм, тас қиыршықтары, шыны сынықтары іске асырады. Қарынның ет бөлімінің ішкі бетін қаптап жатқан кутикула оның қабырғасының өткір заттармен жарақаттанудан сақтап, қорғайды.

Құстар ас қорыту жүйесінің ортаңғы бөлімі немесе ішек он екі елі ішектен, ащы ішектен және мықындық ішектен тұрады. Бұл ішектердің қабырғасында қабырғалық – жалпы ішектік бездер орналасқан. Қабырғадан тыс жатқан бездерге бауыр мен ұйқы безі жатады. Құстардың он екі елі ішегінде бездер болмайды. Құстар ішегінің ұзындығы, олардың қабылдайтын қорегінің түріне тікелей байланысты. Мысалы, үйрек пен қаздардың ішегі денесінен 4-5 есе ұзын болса, ал тауықтарда бұл көрсеткіш 5-б есе болады екен. Ал ішекте ұзын бүртіктері болады және ол қатпарланып жатады.

Он екі елі ішек қарынның етті бөлімінің алдыңғы жағынан шығып, жамбас қуысы кіреберісіне дейін созылып, одан соң артқа қарай бағытталып, кері екі жиекті ілмек құрайды. Осы ілмектің аралығында ұйқы безі орналасады. Ащы және мықындық ілмектер жұқа шажырқайға ілініп жатады. Олар бір-бірімен жанаса орналасып, спираль тәрізді оралымдар құрайды. Мықындық ішек бүйен мен тік ішектің шекарасына ашылады.

Бауырдың көлемі үлкен болып келеді. Ол екі бөлімнен тұрады, көкірек-құрсақ қуысының вентральдік жағын толығымен алып жатады.

Ұйқы безі он екі елі ішектің ілмегіне орналасады. Үйрек пен қаздар ол екі бөлікті, екі өзекті, тауықтарда үш бөлікті, үш өзекті болып келеді. Құстар ас қорыту жүйесінің соңғы бөлімі немесе тоқ ішекте жиек ішек болмайды. Үйректе, қазда, тауықта екі бүйен болады.

Тік ішектің соңғы бөлігі клоакаға ауысады. Ол көлденең екі қатпар арқылы үш: алдыңғы, ортаңғы және соңғы бөлімдерге бөлінеді. Клоаканың алдыңғы бөліміне тік ішек, ортаңғы бөліміне несепағар, аталықтарында шәуеттік жол және аналықтарында жұмыртқалық жол ашылады. Клоаканың соңғы бөлімі аналь тесігімен аяқталады. Бұл тесік арқылы қоректік заттардың қалдығы, несеп және жұмыртқа сыртқа шығарылады. Клоака арқылы аталық қуыстардан құстардан шәует те шығады. Клоаканың дорсальдік қабырғасында жас құстарда фиброзды қапшық болады. Ол ересек құстарда жоғалып кетеді.

Құстардың тыныс алу және зәр шығару жүйесі.

Құстардың тыныс алу жүйесінде кейбір ерекшеліктермен қатар, қосымша ауа қапшықтары болады. Мұрын қуысының әр бөлігінде үш-үштен шеміршекті бақалшықтар болады, бірақ мұнда торлы сүйектің шытырманы болмайды. Құстардың тұмсығындағы мұрын тесіктері дөңгелектеніп келеді, тауықтарда олар мұрын қақпағымен жабылып, бір-бірінен пердемен бөлініп тұрады. Үйрек пен қазда олар бір-бірімен қатысып жатады, өйткені мұрын пердесінің алдында орналасқан.

Көмекей негізін жеке пластинкалардан тұратын екі ожау және сақина тәрізді шеміршектер құрайды. Көмекейдің кіреберісінде тар қуыс болады. Оның алдында жатқан кілегейлі қабықтың қатпарлары бөбешіктің қызметін атқарады. Құстардың көмекейі қозғалмалы келеді. Себебі, мұнда көмекейді тарылтатын, кеңейтетін, алға және артқа қозғап тұратын еттер болады.

Кеңірдек - негізін қозғалмалы кеңірдек сақиналары құрайды. Ересек қаздар мен үйректерде олар сүйектеніп кетеді. Кеңірдектің бронхтарға бөлінер жерінде дыбыс шығаратын сайрағыш көмекей – syrinx, s.larynx inferior – орналасқан.

Өкпе - аздап көлемі кіші болғанымен тоғыз ауа қапшығымен толтырылған. Өкпе қабырғаның аралық қуыстарында орналасады, сондықтан да олар өкпеде терең іздер қалдырады.

Бронхтардың тармақталуында үлкен ерекшеліктер болады. Үлкен бронхтар бүкіл өкпе арқылы жүріп, оның сыртындағы құрсақтық ауа қапшығына айналады. Өкпеде үлкен бронхтан екі қатар екінші қатарлы бронхтар тарап, олардың кейбіреуі ауа қапшықтарына айналады. Өкпеден тыс сыртқа шығатын бронхтар – эктобронхтар деп аталса, өкпенің ішінде таралатын бронхтарды - эндобронхтар дейді. Екінші қатарлы бронхтар өкпеде өте ұсақ парабронхтармен байланысып жатады.

Ауа қапшықтары – saccus aerae - эктобронхтардың кілегейлі қабығының ауамен толып кеңейген жері. Олар сыртынан сірлі қабықпен қапталып, қаңқадағы көптеген сүйектердің қуысына еніп жатады. Құстардың өкпесінде тоғыз ауа қапшығы болады. Оларға тақ бұғанааралық және жұп мойындық, краниальдік, каудальдік кеуделік, құрсақтық ауа қапшықтары жатады. Ауа қапшықтары құстардың ұшуына көмектесумен қатар, газ алмасу процесін белсенді түрде жүргізеді және денені салқындатып тұрады. Ауа қапшықтары құстардың ұшуы кезінде қорегін іздеп басын суға тыққан кезде ауа қорының қызметін атқарады. Сонымен қатар олар клоакадан жұмыртқаны және қақты шығаруға көмектеседі, құстардың дене салмағын жеңілдетіп, олардың ұшуына және суда жүзуіне септігін тигізеді. Суда өлген құстардың батып кетпей бір бүйірлеп жатып қалуы да, осы ауа қапшықтарындағы жиналған ауа қорына байланысты.

Құстардың зәр шығару жүйесі бүйректерден және несепағардан тұрады. Құстарда қуық болмайды. Бүйректері ұзын болып келеді, омыртқа бағанының бел - құйымшақ бөлігінің төменгі ойысында және мықын сүйектерінің аналығында жатады. Ол үш: алдыңғы, ортаңғы және артқы – бөліктен тұрады. Несепағарлары бүйректердің медиальдік жағында орналасып, клоакаға ашылады.

Құстардың көбею мүшелері

Аталық құстардың жыныс мүшелері еннен, ен қосымшасык, шәуеттік жолдан, ал кейбір құстарда құрылысы ерекше сыртқы жыныс мүшесінен тұрады. Құстарда қосымша жыныс бездері болмайды. Ен бел аумағынан сыртқа шығып, төмен түспегендіктен ен қапшығы болмайды. Ен лобия немесе жұмыртқа теріздес болып келеді, бүйректің алдыңғы бөлігінің маңында орналасады.

Сол жақтағы ен, оң жақтағы еннен үлкен болады. Олардың көлемі қыста кішірейіп, ал көктемге қарай үлкейтіп отырады. Ен қосымшасының көлемі кішкентай болады. Шәуеттік жол ұзын және иректеліп келеді де, клоаканың ортаңғы бөліміне ашылады. Көп құстарда сыртқы жыныс мүшесі болмайды. Ол еркек қаздар мен үйректерде болады. Еркек үйректің жыныс мүшесі фиброзды ұлпадан түзіледі. Мұнда лимфа сұйықтығына толы қуысты кеңістіктер болады.

Аналық құстардың жыныс мүшелері. Жұмыртқалықтың көлемі, құстардың жасына қарай өзгеріп отырғандықтан әр түрлі болады. Ол да ен тәрізді бүйректің алдыңғы бөлігінің маңында орналасады. Негізінен сол жұмыртқалық жақсы дамиды да, оң жұмыртқалық нашар дамиды немесе тіптен болмайды.

Жұмыртқа салу кезінде жұмыртқалықта дамудың әр түрлі сатысындағы жұмыртқа клеткалары болады. Пісіп жетілген жұмыртқа клеткаларының көлемі салыстырмалы түрде үлкен болады. Ұрықталған жұмыртқа клеткасы тұқым дискісінен және бір - бірімен алма-кезек орын тепкен ақ және сары уыздан тұрады.

Құстардың жасына қарай жұмыртқалық жол үлкен өзгерістерге ұшырап отырады. Құстарда сол жұмыртқалық жол жақсы дамыған да, оң жұмыртқалық жолдан кішкентай ғана артқы өсінді қалған. Жұмыртқалық жол өзінің қызметіне қарай 5 бөліктен тұрады. Олар: жатыр түтігі /шөлмек/ белоктык бөлік, мойыншық, құс жатыры және қынап.

Жатыр түтігінің ұзындығы 4 см - ге дейін жетеді, құрсақ қуысына ашылатын тесігі болады. Мұнда жұмыртқа клеткаларының ұрықтануы жүреді. Жұмыртқалық жолдың белоктық бөлігі өте ұзын болады да, жұмыртқа салу кезінде 36 – см-ге дейін жетеді. Мойыншықтың ұзындығы 5 см-ге дейін жетеді. Ол кеңейе келіп ұзындығы 7 см-ге дейін жететін қалың қабырғалы құс жатырына ауысады. Қынаптың ұзындығы 10 см-дей болады. Ол дайын жұмырт­қаның клоакадан сыртқа шығар алдындағы уақытша орны болып есептеледі.

Қан айналу жүйесі.

Жүйке жүйесі мен сезім мүшелері. Құстардың жүрегі төрт камералы. Құстар жүрегінің сүтқоректілерден айырмашылығы олардың оң қарыншасында емізікшелі еттер мен атриовентрикулярлық /сұраққарынша/ қақпақша болмайды. Аталған қақпақша орнында оң қарыншаның қабырғасынан басталатын ерекше ет пластинкасы болады.

Құстардың аорта доғасы оң жақтық болып келеді. Каудальдік қуысты вена қысқа. Ол жалпы мықын веналарының қосылуынан пайда болады. Жалпы мықындық веналар өз кезегінде сыртқы мықындық веналар мен екі бүйрек веналарының бірігуінен түзілген. Үлкен бүйрек венасы қанды құйрық, ішкі мықындық және құйрық-шажырқайлық веналардан жинайды. Құйрық-шажырқайлық вена оң қақпалық венаның ұшымен қосылады.

Кақпалық венаның екі бағаны болады. Оның сол бағанына вена қаны көк бауыр мен қарыннан, ал оң бағанына – ішектерден жиналады.

Құстардың жүйке жүйесі мен сезім мүшелерінің ерекшеліктері

Құстардың жұлыны құрылысы жағынан сүтқоректілердің жұлынына ұқсас. Бірақ қысқа соңғы жіпшемен аяқталады. Орталық мидағы төрт төмпешіктің орнына екі төмпешік болады. Мидың суөтіс өзегі кең келеді. Аралық мида емізікше дене болмайды, көру төмпегі нашар жетілген. Соңғы ми қыртысы тегіс болып келеді, ми қатпары болмайды. Сүйекше дененің орнына, бірнеше көлденең талшықтар болады. Мөлдір перде болмайды, ал бүйірлік қарыншалар жақсы дамыған.

Бет еттері нашар жетілгендіктен, беттік нерв болмайды. Қайтарма нерв өңешті, жемсауды нервтендіреді және тіл – жұтқыншақ нервімен байланысып жатады. Көптеген құстардың көзі қарама – қарсы жаққа бағытталған. Оларда үшінші қабақ жақсы жетілген. Жас безі нашар дамыған.

Склераның артқы жағында ерекше сіңірлі пластинка, ал алдыңғы жағында спиральді сақина құрайтын сүйекті пластинка болады. Көздің қарашығы дөңгелек келеді. Шыны дененің терең бөлігінде көру нервісінің кіретін жерінен басталып, көз бұршағы қабығымен байланыстырып тұратын қыры болады. Көп құстарда сыртқы құлақ болмайды. Оның орнында терілі қатпар болады. 

 

Негізгі әдебиеттер

1       Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» Оқулық. – Алматы «Сөздік - Словарь», 2005.

2       Жаңабеков  К.,  Махашов  Е.: Жануарлар анатомиясы.   - Алматы, «Білім»,  1996.

3       Хрусталева И.В. және т.б. Анатомия домашних животных. Учебник. -  Москва. «Колос», 1994.

4       Акаевский    А.И.  и др.  Анатомия домашних животных. Учебник, - Москва. «Колос», 1984.

5       Акаевский А.И., Лебедев  М.И. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа»,  1971.

6       Боккен Г.Г., Глаголов П.А., Боголюбский С.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа, 1961.

7       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 16:21:50     Қаралды-7487

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »