UF

Тақырыбы. АЗЫҚ ҚОРЫТУ АППАРАТЫ

 

  1. Бас бөлім (ауыз куысы мен жұтқыншақ).
  2. Орталық бөлім (аш ішек).
  3. Артқы бөлім (жуан ішек).

 

Ас қорыту жүйесі – мал организмінде тамақты қабылдау, ұсақтау, жібітіп араластыру, жұту, қорыту, сіңіру, азық қалдығын сыртқа шығару қызметтерін атқаратын ішкі мүшелерден құралады. Бұл жүйенің жалпы пішіні ұзын түтікше болып келеді. Ол сыртқы ортамен дененің алдыңғы жағындағы ауыз саңылауы және артқы бетіндегі артқы тесік – анус арқылы жалғасады. Түтікше мүшелер ретінде ас қорыту жүйесін төрт бөлімге бөледі:

  1. Бас бөлімге ауыз қуысының мүшелері және жұтқыншақ жатады. Бірге ауыз-жұтқыншақ деп аталады.

  2. Алдыңғы бөлімді өңеш пен қарын құрайды.

  3. Ортаңғы бөлімді аш ішек пен ірі ас қорыту бездері – бауыр мен ұйқы безі түзеді. Өз кезегінде аш ішек үш бөліктен он екі елі, ащы және мықындық ішектерден тұрады.

  4. Артқы бөлімді тоқ ішек құрайды. Оған бүйен, жиек және тік ішектер жатады.

  Түтік тәрізді мүшелердің қабырғасы үш: ішкі-кілегейлі, ортаңғы- еттік, сыртқы-сірлі қабықтан тұрады. Дене қуыстарынан тыс орналасқан мүшелерде сірлі қабықты адвентиция ауыстырады.

  Кілегейлі қабық – ас қорыту мүшелерінің ішкі бетін астарлап жатады. Ауыз қуысы мен жұтқыншақтың кілегейлі қабықтары тері типтес екі: эпителий (ішкі) және дәнекер ұлпасынан тұратын өзікдік пластинка қабаттарынан тұрады. Ал қалған мүшелердің кілегейлі қабықтары төрт қабаттан түзілген. Оларға: эпителий, өзіндік пластинка, ет және кілегейлі астылық қабаттар жатады. Бұлардың әр түрлі күрделі құрылыс ерекшеліктері түтікше ас қорыту мүшелерінің өз қызметтерін атқару кезінде созылып, қысқарып, кеңейіп тұруына жағдай тудырады. Кілегейлі қабықта ас қорытуға қажетті сөл бөліп тұратын бездер, осы мүшелердің қызметін іске асыратын қан мен лимфа тамырлары, мүшелер жұмысын реттейтін жүйкелер болады.

  Еттік қабық- кілегейлі қабықтың сыртында орналасады. Өз кезегінде ол ішкі сақинаша және сыртқы ұзынша қабаттардан түзіледі. Осы қабаттардың кезекте жиырылуы нәтижесінде ішек - қарындардың толқындала жиырылуы пайда болады да, қуысындағы азықтың бір мүшеден екінші мүшеге өтуіне жағдай жасалынады. Табиғи тесіктерге жақындаған сайын бұл қабық орналасқан көлденең жолақты еттік ұлпадан тұрады. Ал мүшелер аталған тесіктерден алыстаған сайын бірыңғай салалы еттік ұлпаға ауысады.

  Сірлі қабық – түтікше мүшелердің сыртқы қабығы. Ол негізінен кеуде, құрсақ, жамбас қуыстарында орналасқан түтікше мүшелерді сырттан қаптап, өзінен сір сұйықтығын бөліп отырады.

Сір сұйықтығы жоғарыда аталған қуыстардағы мүшелердің жиырылуы, созылуы кезінде бір-бірімен жабыспауына, олардың өзара сырғанай қозғалуына қолайлы жағдай туғызады. Сірлі қабық екі қабаттан тұрады. Олар: ішкі дәнекер ұлпалық және сыртқы бір қабат жалпақ эпителий торшаларынан тұратын мезотелий қабаттар. Дене қуыстарынан тыс жатқан түтікше мүшелерді (жұтқыншақты, өңешті, мойын бөлігі, тік ішектің соңғы жамбастық бөлігі) сыртынан борпылдақ дәнекер ұлпалық қабық – адвентиция қаптайды.

Ауыз қуысы ас қорыту жүйесінің алдыңғы мүшесі. Ауыз ас қорыту жүйесінің бас бөлімі құрамына кіреді. Ол жұтқыншақпен жалғасады. Жануарлар ауыз арқылы азықты тістеп үзеді, шайнайды, сілекеймен жібітіп ұсақтайды, тілмен араластырып жұтуға жұтқыншаққа қарай айдайды. Ауыздың қаңқасын бас сүйектің төменгі, жоғарғы жақтық және тұмсықтық сүйектері құрайды. Ауыздың мүшелеріне еріндер, ұрт, қызыл иек, төменгі және жоғарғы тіс қатарлары қатты және жұмсақ таңдай, тіл жатады. Бұлар ауыз қаңқасына ретімен орналасып, ауыз қуысының қабырғасын түзеді. Ауыз еріндер арасындағы ауыз саңылауы арқылы сыртқы ортамен, жұмсақ таңдай мен тіл түбірі аралығындағы тамақ тесігі арқылы жұтқыншақпен қатысады.

         Ауыз қуысы екі бөліктен тұрады. Олар: сыртқы қабырғасы еріндер мен ұрттан, ішкі қабырғасы қызыл иек пен тістерден тұратын ауызға кіреберіс және қызыл иек пен тістерден жұтқыншаққа дейінгі аралық - негізгі ауыз қуысы.

  Еріндер. Жоғарғы және төменгі еріндер екі бүйірден бір-бірімен жалғасып, ауыз бұрышы-езуді құрайды. Еріндер аралығындағы тесікті ауыз саңылауы деп атайды. Ерін құрылысы жағынан терілі-етті мүшеге жатады. Ортаңғы қабығының негізін ауыздың дөңгелек еті түзеді. Ал ішкі жағынан кілегейлі қабықпен астарланған. Жылқы мен ұсақ малдардың еріндері өте қозғалмалы келеді. Еріннің көмегімен аталған малдар ірі талшықты жем-шөпті қабылдайды. Мұнымен қатар ол сезім мүшесінің қызметін де атқарады. Әдетте, еріннің сыртқы тері қабаттарында сезім түтіктері орналасады. Олар көбіне жоғарғы ерінде орын тепкен. Ерін терісі ауыз қуысының қабығына ауысады. Кілегейлі қабықтың ішкі бетін мүйізделінетін көп қатарлы жалпақ эпителий ұлпасы астарлайды. Эпителийдің астында кілегейлі қабықтың борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұратын қабаты - өзіндік пластинка жатады. Сөйтіп, ауыз қуысының кілегейлі қабығы тері типтес, яғни екі қабаттан түзілген. Ол негізінен қорғаныс қызметін атқарады. Еріндер кілегейлі қабықтарының жоғарғы және төменгі қызыл иектерге ауысатын жерлері кілегейлі қабық қатпарларынан түзілген жоғарғы және төменгі ерін жүгеншіктерін жасайды. Езу маңындағы еріндер кілегейлі қабығында қабырғалық сілекей бездерінің тесіктері байқалады.

Ұрт құрылысы жағынан ерінге ұқсас терілі-етті мүше. Ол сыртынан терімен, ал ішкі беті ауыз қуысының кілегейлі қабығымен қапталған. Ұрттың ортаңғы қабығының негізін ұрт еттері түзеді. Ол ерін езуінен қанатша-төменгі жақтық қатпарға дейін созылып жатады. Азықты тиянақты шайнап жейтін жануарлардың ұрты жақсы жетілген. Ұрттың ұзындығы ауыз саңылауының ұзындығына байланысты. Ауыз саңылауы ұзын болған сайын ұрт қысқарады. Мысалы, иттің езуі ұзын да, ұрты қысқа. Бұған керісінше шөппен қоректенетін жануарларда ұрт ұзын да, ауыз қысқа келеді. Ұрттың іші кілегейлі бетінде 3-4-ші азу тістері тұсында құлақ түбі сілекей без өзегінің бүртігі ашылады. Ұрттың кілегейлі қабығында қабырғалық ұрт сілекей бездері болады, әсіресе олар шөппен қоректенетін жануарларда жақсы дамыған. Ұрт бездері дорсальдік және вентральдік болып екіге бөлінеді. Олар жоғарғы және төменгі тіс доғалары деңгейлерінде езуден үлкен шайнау еті аралығында орын тебеді.

Ірі қара мал ұртының кілегейлі қабығында ауыз саңылауына кері бағытталған конусша бүртіктер орналасады. Олар ауыз қуысындағы азықтың кері түспеуін қамтамасыз етеді. Құлақ түбі без өзегі 5-ші азу тіс қатарында ашылады.

Қой мен ешкі ұртында да конус тәрізді бүртіктер бар. Құлақ түбі без өзегі 4-ші азу тіс тұсында ашылады. Шошқа без өзегі 4-5-ші азу тістің деңгейінде ашылады.

Қызыл иек – жақ сүйектерінің тістік жиектерін қаптап, тістерді тіс ұяларына бекітіп тұратын ауыз қуысының кілегейлі қабығын қызыл иек пен соңғы азу тістер деңгейінде жоғары жатқан төменгі жаққа қарай қатпарланып созылып, қанатша-төменгі жақтық қатпар түзеді. Қызыл иек қан тамырларына бай, бірақ сезімталдығы нашар.

Қатты таңдай - ауыз қуысының төбесін құрайды. Ол ауыз қуысын мұрын қуысынан бөліп тұрады. Қатты таңдайдың негізін сүйек таңдай құрайды. Қатты таңдай ауыз қуысының кілегейлі қабығынан түзілген. Орталық сагиттальдік сызық бойымен қатты таңдайда таңдай жігі өтеді. Таңдай жігінен оңға және солға көлденеңінен созылып, таңдайлық білеуліктер орналасады. Күрек тістің артқы жағында таңдай жігінің бойында күрек тістік бүртік байқалады. Оның екі бүйіріне ауыз қуысы мен мұрын қуысын жалғастырып тұратын күректістік жұп өзек ашылады. Қатты таңдайдың екі бүйірі қызыл иекке, ал артқы жағы жұмсақ таңдайға ауысады.

Жұмсақ таңдай немесе таңдай шымылдығы қатты таңдайдың тікелей жалғасы. Жұмсақ таңдайдың негізі бұлшық еттерден түзілген, ол екі жағынан кілегейлі қабықтармен қапталған қозғалмалы мүше. Ол ауыз қуысын жұтқыншақтан бөліп тұрады. Сондықтан оны екі: ауыздық және жұтқыншақ беті болады. Жұмсақ таңдайдың артқы ойыс жиегін таңдайлық доға деп атайды. Ол екі бүйірінен жұтқыншаққа қарай бағытталып, оң және сол таңдай – жұтқыншақтық доға түзеді. Таңдайлық доға мен тіл түбірінің арасындағы ауыз қуысын жұтқыншақпен жалғастыратын тамақ тесігін есін деп атайды. Осы доғаның арт жағында, тіл түбірінің екі бүйірінде таңдайлық бадамша орын тебеді.

  Жұмсақ таңдайдың кілегейлі қабығында кілегей бөлетін таңдай бездер болады.  Жұмсақ таңдайдың жұтқыншақ бетіндегі кілегейлі қабығы көп қатарлы кірпікшелі эпителиймен астарланған, ал ауыз қуыстық бетіндегі кілегейлі қабығы көп қабатты жалпақ эпителиймен қапталған.

         Таңдай шымылдығының еттері. Таңдайлық ет – жұмсақ таңдайдың негізін құрайды. Ол таңдайлық сүйектің артқы жиегінен басталып, таңдайлық доғаға бағытталады. Ол жұту актінен кейін жұмсақ таңдайды қысқартады.

Таңдай шымылдығын көтеруші ет – самайлық еттік өсіндісінен басталып, таңдай шымылдығының орта тұсына келіп аяқталады. Бұл ет жұту кезінде таңдай шымылдығын көтереді және өсінді кеңейтеді.

         Таңдай шымылдығын қатайтушы ет – алдыңғы етпен бірге басталып, таңдай шымылдығының екі бүйіріне бекиді. Ол қанатша сүйектің ілмегіне қарай бағытталып, одан асып өтеді. Бұл ет жұту кезінде таңдай шымылдығын көріп, азықтың ауыз қуысынан жұтқыншаққа өтуге көмектеседі.

Ауыз қуысының түбірінде – негізінен тіл орналасады. Тілдің екі бүйіріндегі саңылау тәрізді қуысында тіласты қатпарлары болады. Бұл қатпарлар аралығына көп өзекті тіластылық сілекей безінің өзектері ашылады. Тіл ұшының астында ауыз қуысы кілегейлі қабығының тіл денесіне өтердегі жасайтын қатпары тіл жүгеншігі деп аталады. Бұның екі бүйірінде тіласты (аштық) сүйелшелер көрінеді. Бұлардың төбесіне төменгі жақтық және бірөзекті сілекей бездерінің өзектері ашылады.

Тіл – бұлшық етті, қозғалмалы мүше. Тіл сыртынан ауыз қуысына тән кілегейлі қабықпен қапталған. Оның бетінде әр түрлі көптеген тіл еміздіктері орналасқан. Тіл дәм сезу, сипап сезу, су мен азықты қабылдау мүшесі. Ол итте дене қызуын реттеуге де қатысады. Барлық жануарларда тіл ұзындығы азықты шайнау, жұту жұмыстарын да атқарады. Жануарлардың тіл құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері болады. Тіл бұлшық еттер арқылы төменгі жақтың және тіл астылық сүйектермен байланысады.

Тілдің түбірі, денесі, үстіңгі және екі бүйір беттері, ұшы болады. Тілдің сыртын қаптаған кілегейлі қабықта көптеген еміздіктер болады. Тілдің кілегейлі қабығы оның түбірінен жұмсақ таңдайға өтіп, таңдай - тілдік доғаны, көмекей қақпағы - бөбешікке ауысып, ортаңғы және екі бүйірлік қатпарларды, тіл түбіне бағытталып, тілдік жүгеншікті түзеді.

Жұтқыншақ. Жұтқыншақ – ауыз қуысын өңештен, мұрын қуысын көмекеймен жалғастырып тұратын, пішіні түтік тәрізді етті-жарғақты мүше. Жұтқыншақтың жоғарғы жағы мойын мен бастың вентральдік еттеріне, екі бүйір беті тіластылық сүйектің ортаңғы бұтақтарына жанасып жатады.

  Ауыз қуысынан жұтқыншаққа тамақ тесігі-есін, мұрын қуысынан екі хоан тесіктері, жұтқыншақтан өңеш пен көмейге қарай өңее және көмекей тесіктері ашылады. Жұтқыншақтың ішкі бетінде тыныс алу және ас жүретін жолдар айқасып жүреді.

Хоан тесігі маңындағы жұтқыншақтың бүйірлік бетінде ортаңғы құлаққа апаратын жұп тесік-есіту түтігінің жұтқыншақтық тесіктері орналасқан.

Таңдайдан жұтқыншақтың ішкі кілегейлі қабығына қарай таңдай –жұтқыншақтық доға өтеді. Таңдай-жұтқыншақтық доға таңдай шымылдығының латеральдік жағынан басталады да, жұтқыншақтың бүйірлік бетіне өңешке дейін созылады. Өңешке жеткеннен кейін таңдай шымылдығының қарама-қарсы бетіндегі аттас таңдай жұтқыншақтық доғамен байланысып, одан соң олар жұтқыншақ-өңештік доғаны қарауға қатысады. Бұл соңғы доға жұтқыншақ қуысын екі бөлікке бөледі. Оның үлкен – дорсальдік жағы - мұрындық немесе тыныс алу бөлігі, ал вентральдік кіші жағы – ауыздық немесе ас қорыту бөлігі деп аталады. 

Тыныс алу бөлігін басқаша мұрын - жұтқыншақтық бөлік немесе аңқа деп те атайды.

Аңқаның кілегейлі қабығы көп қатарлы кірпікшелі эпителиймен, ал жұтқыншақтың ас қорыту бөлігінің кілегейлі қабығы көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланған.

Азық ауыз қуысынан жұтқыншақтың ас қорыту бөлігі арқылы өңешке түседі. Жұту кезінде тіл түбірінің қысымымен таңдай шымылдығы көтеріліп, мұрынның хоан тесіктерін, ал бөбешік көмекей жолын жабады. Осы уақытта таңдайлық таңдай-жұтқыншақтық, жұтқыншақ-өңештік доғалар аңқа тесігін тарылтады.

Жұтқыншақтық кілегейлі қабығында жұтқыншақтық бездер және лимфалық фолликулдер орналасқан. Лимфа фолликулдері жұтқыншақтың артқы жағында жұтқыншақтық бадамшаны түзеді.

Тіс морфологиясы. Тіс азықты ұсатуға, тістеп үзіп алуға, шайнауға, ұсақтауға арналған өте берік ас қорыту мүшесі. Кейбір жануарлар тістің көмегімен қорғанады, ал жыртқыштар онымен өз қорегіне шабуыл жасайды.  Тіс жоғарғы және төменгі жақтардың тіс ұяларында /альвеолаларында/ қатар орналасып, жоғарғы және төменгі тіс доғаларын /аркаларын/ түзеді. Мал тістері атқаратын қызметіне, құрылысына және орналасу орнына қарай әр түрлі болып келеді. Қызметіне қарай:  күрек /кескіш/,  сойдақ /ит/, алдыңғы азу /премоляр/, азу /моляр/ тістер болып төртке бөлінеді.

Күрек тістер еріннің ішкі бетіне жанасып, тіс аркаларының әр жарытысында үш-үштен орналасады. Олардың алдыңғы тістері оң және сол ұстағыш, ортада орналасқан тістері оң және сол ортаңғы, ал екі шетіндегі тістері оң және сол шеткі күрек тістер болып аталады.

Сойдақ тістер жоғарғы және төменгі тіс аркаларының әр жартысында бір-бірден болып, күрек тістерден кейін орналасады.

Премолярлар тіс аркаларының әр жарытысында үш не төрттен сойдақ тістерден кейін орын тебеді. Тіс аркаларының әр жартысының соңында премолярлардан кейін азу тістер /молярлар/ орналасады. Олардың саны тіс аркаларының әр жарытысында үштен /екі не төрттен/ болады.

Малдың жасына байланысты тістердің тістеп шығуына қарай сүт тістері және тұрақты тістер болып бөлінеді. Жас төлдерде алдымен күрек, сойдақ және премоляр сүт тістері шығады да, олар түскен соң, орнына тұрақты күрек, сойдақ, премоляр тістер шығады.

Жануарлар тістерінің жалпы санын тіс формуласынан көруге болады. Тіс формуласы бөлшек ретінде жазылады. Бөлшек сызығының үстінде жоғарғы жақ аркасындағы тістердің жарты саны, ал сызықтың астында төменгі жақ аркасындағы тістердің жарты саны көрсетіледі. Әр түрлі жануарларға тән тіс санын табу үшін бөлшектердің алымы мен бөліміндегі тістер санын екіге көбейту керек.

Сүт тістерінің формуласын символикамен төмендегідей етіп жазады:

                              J – күрек тістер

                              C- сойдақ тістер                   

                              P- премолярлар

Ал тұрақты тіс формуласы былай жазылады:

                              J – күрек тіс

                              C- сойдақ  тіс

                              P- премоляр

                              M- моляр

Құрылыс ерекшеліктері мен дамуына байланысты тістер екі топқа бөлінеді:

1. Қысқасауытты тістер

2. Ұзынсауытты тістер

       Қысқасауытты тістерде бір-бірінен анық ажырайтын үш бөлік болады. Олар: тіс сауыты, мойыны, түбірі.

       Тіс сауыты тістің ауыз қуысындағы көзге көрінетін бөлігі. Тіс сауытының пішіні әр түрлі күрек тістерде сына тәрізді, сойдақ тістерде конус тәрізді болып келеді. Ал азу / премолярлар мен молярлар/ тістер бірнеше конусша не төмпешіктер жиынтығы ретінде көрінеді. Тіс сауытының еріндік бетін кіреберістік бет қарама-қарсы тіл жағындағы бетін – тілдік бет, қатар орналасқан тістер аралығындағы бетін – тиісу беті, жоғарғы және төменгі тістердің бір-біріне жанасатын бетін – жанасу беті деп атайды.

Тіс түбірі жоғарғы және төменгі жақтық сүйектердің ұяларына тіс байламдарының көмегімен бекітіледі. Тіс байламы не сүйек қабығы қоректендіруші қан тамырлары мен оның қызметін реттейтін жүйкелерге бай. Тістердің бірден үшке дейін түбірі болады.

Тіс мойыны тіс сауыты мен  түбірінің аралығындағы жіңішкелеу жері. Тіс мойыны қызыл иекпен қапталып жатады.

Тісті жарып зерттегенде оның бөліктері құрылысының біркелкі емес екендігі байқалады.

Тіс сауыты үш қабаттан тұрады. Ол сыртынан кіреукемен /эмаль/ қапталған. Эмальдың астында тістің сүйектік ұлпадан тұратын негізгі қабаты – дентин жатады. Дентиннің ішінде ұрықтық дәнекерлік ұлпаға /пульпаға/ толған тіс қуысы болады.

Тіс түбірі үш қабаттан түзілген. Ол сыртынан цементпен қапталған, цементтің астында дентин, оның ішінде тіс жұмсағына /пульпаға/ толған тіс қуысы жатады. Тіс түбірінің төменгі ұшындағы тесік арқылы тіс пульпасына тісті қоректендіруші тармақталған қан тамырлары мен жүйкелер енеді. Сыртынан қарағанда қысқасауытты тістің сауыты мен түбірі екі түсті болады. Сауыт ақ эмальмен, ал түбірі сары түсті цементпен қапталған.

Тіс кіреукесі /эмаль/ - тістің ең сыртқы қабатын құрайды. Оның құрамының 98 %%-ы минералдық тұздардан тұрады. Сондықтан да эмаль организмдегі ең берік зат. Оның тығыздығын кварцпен, ал омырылғыштығын шыны фарформен салыстыруға болады. Эмаль – ауыз қуысы кілегейлі қабығының эпителий ұлпасынан дамиды. Эмальді пішіні призма тәрізді бір қатар жатқан эпителий торшалары түзеді. Бұл торшалар адомантобласттар деп аталады. Эмальді сыртқы жағынан эмаль кутикуласы қаптап жатады. 6 жылдың ішінде толығымен ауысады. Күрек тістің желінуіне, пішініне байланысты жылқы малының жасын ажыратуға болады.

Күйісті малдарда күрек тістер тек төменгі жақтарында ғана болады және олардың саны әр жарты бөлігінде 4 - 4 - тен орналасады. Құрылысы жағынан қысқасауытты тістерге жатады. Күрек тістердің пішіні күрек сияқты болып келеді.

Азу тістері ұзын сауытты айшықты тістерге жатады. Азу тістердің көлемі бірінші премолярдан молярға қарай үлкейе береді. Жоғарғы азу тістер төменгі азу тістерге қарағанда екі еседей үлкен болып келеді. Жоғарғы премолярларда айшықты бір тіс мөрі, ал молярларда – екі тіс мөрі болады.

Шошқаның барлық тістері қысқасауытты тістерге жатады. Күрек тістерінің пішіні конус тәрізді болып келеді. Жоғарғы жақта күрек тістер аралығында тіссіз жиектер болады.     Ұрғашы шошқаның сойдақ тістері онша жетілмеген, ал қабандардың тістері өткір, үшбұрышты, өте жақсы жетілген. Азу тістері бұдырлы тістерге жатады.

Өңеш жұтқыншақты қарынмен жалғастырады, жұтылған азықты ауыз қуысынан қарынға өткізетін ұзын түтік тәрізді етті, жарғақты мүше. Орналасу орнына қарай өңешті үш бөлікке бөледі. Олар: мойын, көкірек, құрсақ бөліктері. Өңештің мойын бөлігі жұтқыншақтан басталып, көмекей мен кеңірдектің дорсальдік бетінде мойын аумағында орналасады. Ол көкірек қуысына өтер алдында 5-ші мойын омыртқа тұсында кеңірдектің сол жағына қарай төмен түсіп, көкірек қуысында қатардан кеңірдектің үстіңгі жағында орын ауыстырады. Ол одан әрі жүректің үстінен, аорта доғасының оң жағымен жүріп 9-10 қабырғалар арасында көкеттің /диафрагманың/ өңештік тесігі арқылы құрсақ қуысына өтеді. Бұл өңештің көкірек бөлігі. Өңештің құрсақ бөлігі қарынның сол жақ ұшына барып ашылады. Өңештің  қарынға ашылатын осы жері оның қарынға кіреберіс бөлігі деп атайды. Өңештің қабырғасы үш қабықтан тұрады. Олар: клегейлі-ішкі қабық, еттік – ортаңғы қабық, сірілі қабық немесе адвентиция - сыртқы қабық.

  Кілегейлі қабықтың өзі төрт қабықтан тұрады. Оның ішкі бетін көп қабатты жалпақ эпителий ұлпасы астарлайды. Эпителий қабатының астында дәнекерлік ұлпадан түзілген өзіндік пластинка қабаты орналасады. Бірыңғай салалы еттік ұлпа торшалар будасынан түзілген үшінші еттік қабат кілегейлі қабықты астарларландырып тұрады. Төртінші кілегейлі астылық қабат жақсы жетілген. Бұл қабатта қан тамырлары жүйелік талшықтар және кілегей бөлшектер бөлетін бездер орналасады.

  Шошқада бездер өңештің мойын бөлігінің кілегейлі қабығында жатады. Ірі қара мал мен жылқыда мұндай бездер өңештің басталар жеріндегі қабырғаларда ғана болады.

  Еттік қабық екі қабаттан тұрады. Олар. Ішкі сақинаша және сыртқы ұзынша қабаттар.

  Өңештің мойын бөлігінің сыртқы қабығы адвентициядан /борпылдақ дәнекерлік ұлпадан/, ал көкірек және құрсақ бөліктері сірлі қабықтан тұрады.

Қарын. Қарын ас қорыту түтігінің қап тәрізді кеңейген бөлігі. Қарын негізінен сөл бөлу, механикалық / азықты қозғау, араластыру, сығу / қорыту / күрделі органикалық заттарды – белоктарды ыдырату/, сіңіру, зат алмасу өнімдерін шығару / экскреция/ қызметтерін атқарады.

Бөлімдерінің санына байланысты бір бөлімді, көп бөлімді болып бөлінеді. Ал ішкі кілегейлі қабығының құрылысына қарай өңеш /безсіз/, ішек /безді/ және аралас немесе өңеш-ішек /безсіз-безді/ болып үш топқа бөлінеді.

Бір бөлімді қарындар. Бір бөлімді қарынның сол ұшына өңештің қарынға кіреберіс тесігі – кардия ашылады. Ал оның оң жақ ұшынан он екі елі ішекке шығаберіс жерін пилорикалық бөлік /қақпақша/ дейді. Осы бөлік он екі елі ішекке пилорикалық тесік арқылы жалғасады. Қарынның көк ет жағындағы алдыңғы қабырғалық беті – бауыр мен көк етке, ал артқы іштік / висцеральдік/ беті – аш ішек ілмектеріне жанасып жатады. Осы аталған қарынның екі беттері бір-бірімен оның үстіңгі және астыңғы жиектеріне тоғысып, қарынның үлкен және кіші иіндерін түзеді. Бұл иіндер қарынның кіреберіс кардиальдік бөлігінен шығаберіс қақпақшасына дейін созылып жатады. Қарынның үлкен иіні – каудовентральдік, ал кіші иіні – карниодорсальдік бағытта орналасады. Қарынның үлкен иіні тұсындағы ортаңғы бөлігі қарын түбі деп аталады.

Ішек типтес безді қарынның кілегейлі қабығы ішкі жағынан жалаң қабат призма тәрізді эпителиймен астарланған, ол қарын сөлін бөлуші бездерге бай. Ал өңеш-ішек типтес қарынның кілегейлі қабығы екі түрлі эпителиймен астарланады. Қарынның кардиальдік бөлігіне жақын жатқан өңеш типтес беті көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланған. Бұл бөліктің кілегейлі қабығында қарын сөлін шығаратын бездер болмайды. Екінші бөлігі - ішек типтес беті жалпақ қабат призма сияқты эпителиймен қапталады және қарын бездеріне бай келеді.

Қарынның ішек типтес безді бөлігінде құрылысы мен қызметі әр түрлі бездер орналасады. Олар үш топқа бөлінеді: кардиальдік бездер, қарын түбі фундальдік, пилорикалық /қақпақшалық/ бездер. Қарын түбі кілегейлі қабығының ішкі бетінде фундальдік бездердің өзектері ашылатын ұсақ қарын шұңқырлары көрінеді. Қуысында азығы жоқ, аш қарынның ішкі беті қатпарланып жатады.

Қарынның еттік қабығы үш қабаттан түзілген. Олар сыртқы ұзынша, сақинаша, қиғаш қабаттар.

Қарынның сірлі қабығы оның екі бетін ала кіші иінінде тоғысып, кіші шарбыны, ал үлкен иінінде тоғысып, үлкен шарбыны түзеді.

Шарбылар ортасында қан тамырлары мен жүйкелер өтетін борпылдақ дәнекерлік ұлпа қабаты бар екі қабат сірлі қабаттан тұрады.

Бір бөлімді қарындар қабырға астылық аумақтарда, негізінен оның сол жағында орналасады. Кейбір малдарда семсерше өсінді аумағына дейін де орын тебеді.

Күйісті мал қарындарында ас қорытудың үш түрлі процестері жүреді. Олар: механикалық, биологиялық, химиялық процестер. Аталған ас қорыту процесін толығымен іске асыру барысында күйісті мал қарындары құрылысы жағынан күрделеніп келеді де, төрт бөлімнен түзіледі. Бұлардың алдыңғы үш бөлімінде механикалық /қарындағы жұтылған азықты кекіру арқылы ауыз қуысында қайтарып ұсақтау, қарын ішегіндегі азықты аударыстыру, сығу, езгілеу/ және биологиялық /бактериялардың, қарапайымдардың, ұсақ саңырауқұлақшалардың көмегімен азық құрамындағы химиялық жолмен қорытылмайтын талшықтарды - клетчатканы ыдырату/ процестер жүреді. Оларды /үлкен қарын, жұмыршақ, қатпаршақ/ алдыңғы қарындар деп атайды. Ал, төртінші бөлімі ұлтабарда алдыңғы қарындарда өңдеуден өткен азық қорытылады. Сондықтан, ұлтабарды нағыз қарын деп те атайды.

Үлкен қарын ересек малдарда көлемі жағынан бірінші орында. Ол құрсақ қуысының сол жақ жартысын толығымен алып жатады. Үлкен қарын ұзынша сайлар арқылы жоғары – дорсальдік және төменгі-вентральдік қатпардан тұрады.

Үлкен қарынның кілегейлі, еттік және сірлі қабықтан тұрады. Кілегейлі қабығы өңеш типтес болып келеді де, көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланады. Кілегейлі қабықта бүрлер болады. Олар көп қабатты жалпақ мүйізделетін эпителийден түзілген. Кілегейлі қабықтың өзіндік пластинкасы борпылдақ дәнекерлік ұлпадан тұрады.

Ет пластинкасы нашар дамығандықтан, өзіндік пластинкамен кілегейлік астылық қабаттар арасында белгілі шекара білінбейді.

Еттік қабықты бірыңғай салалы ет ұлпасы құрайды. Ол сыртқы ұзынша және ішкі сақинаша қабаттарынан түзілген.

Сыртқы сірлі қабығы үлкен қарынның екі бүйіріндегі ұзынша сайларда тоғысып, үлкен шарбыға айналады. Қарынның вентральдік қабы шарбы қапшығында жатады. Қой мен ешкіде үлкен қарынның вентральдік қабы дорсальдік қабына қарағанда ұзындау келеді.

Жұмыршақ - үлкен қарын кіреберісінің жалғасы. Көлемі жағынан ірі қара малда қатпаршақтан кіші, ұсақ малдарда керісінше үлкен келеді. Үлкен қарын мен қатпаршақтың арасында жатады.

Жұмыршақтың кілегейлі қабығы көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланған. Оның кілегейлі қабығында қозғалмалы қатпарлар көп бұрышты жұмыршақ торшықтарын түзеді. Торшық жиектерін жұмыршақ қыршалары құрайды. Жұмыршақ қыршалары үлкен қарынға жақындаған сайын үлкен қарын бүрлеріне ұқсас бүрлерге ауысады, ал жұмыршақ сайының қатпаршаққа ашылар алдында кейбір бүрлер ұзарып, мүйізденіп, тырнақ тәрізді бүрлерге ауысады.

Жұмыршақтың еттік қабығы сыртқы көлденең және ішкі ұзынша қабықтардан тұрады. Жұмыршақ сыртынан сірлі қабықпен қапталған.

Қатпаршақ - пішіні дөңгелекше келген алдыңғы қарын бөлімі. Ол жұмыршақты ұлтабармен жалғастырып тұрады және олардың үстіңгі бетінде орналасады.

Қатпаршақтың кілегейлі қабығы жалпақ эпителиймен астарланған. Кілегейлі қабықтың ішкі бетінде жапырақша тәрізді жалпақ қатпарлар орналасады.

Кілегейлі қабықта еттік қабат жақсы дамыған. Олар қатпаршақ жапырақшалар арасына тікелей еніп, жиырылған кезде жапырақшалар бетіндегі азықты сығуға, үйкеуге, ұсақтауға қатысады.

Ұлтабар көп бөлімді қарынның химиялық жолмен ас қорыту процесі басталатын бөлімі. Сондықтан оны нағыз қарын деп те атайды.

Ұлтабардың пішіні  алмұрт секілді келеді.  Көлемі жағынан ол ересек малдарда екінші, ал жас төлдерде бірінші орында.

Ұлтабардың қабырғалық / париетальдік/, іштік/ висцеральдік/ беттері үлкен және кіші иіні, денесі жэәне түбі, сонымен қатар кардиальдік, фундальдік, пилорикалық бөліктері болады. Ол қатпаршақтан кең қуысты болып басталып, пилорикалық бөлікке дейін жеңішкеріп келеді де, дорсальдік бағытта сәл иіліп, он екі елі ішекке ауысады.

       Ұлтабардың кілегейлі қабығы бір қабатты призма тәрізді эпителий ұлпасымен астарланған. Кілегейлі қабығындағы кардиальдік, фундальдік, пилорикалық бездері қарын сөлін бөледі. Бұлардың аумағы жағынан ең көлемдісі фундальдік бездер аумағы.

Кілегейлі қабықтың ішкі бетінде спираль сияқты ұзынынан орналасқан қатпарлар болады. Осы қатпарлар қатпаршақ – ұлтабар тесігіне жақын жерде бір-бірімен бірігіп, тесік ішінде екі үлкен қатпар түзеді. Бұл екі қатпарды ұлтабар желкені деп атайды. Ұлтабар желкені ұлтабар қуысында қорытылып жатқан азықтың кері қатпаршаққа өтуіне жол бермейді. Спиралдік қатпарлардың саны ұлтабарында 12-16, қойда 13-15, ешкіде 15-16 болады. Ұлтабардың ет қабығы сыртқы ұзынша, сыртқы сақинаша қабаттардан түзіледі. Ұлтабардың пилорикалық бөлігіне қарай сақинаша қабатын қалыңдатып күшейе келе қақпаша /пилорус/ қысқыш етіне ауысады.

Ұлтабарды сыртынан сірлі қабық қаптап, үлкен және кіші иіндерінде тоғысып, аттас шарбыларға айналады.

Аш ішек.  Аш ішек қарын мен бүйеннің аралығында орналасқан ас қорыту жүйесінің ортаңғы бөлігі. Аш ішекті орналасу орны мен ондағы ас қорыту процесінің жүруіне байланысты үш бөлікке бөледі. Олар: он екі елі ішек, мықындық ішек, ащы ішек. Аш ішекте ас қорыту процесі белсенді түрде жүреді. Бұған себеп аш ішек қуысына ас қорыту бездерінің ас қорыту ферменттеріне бай сөлі шығарылады. Ас қорыту бездері орналасу орнына қарай екі топқа бөлінеді:

1. Қабырғалық бездер, олар ішектер қабырғаларында орын тебеді.

2. Қабырғадан тыс орналасқан бездер. Бұл топқа бауыр мен ұйқы безі жатады.

Бұл бездердің сөлі он екі елі ішекке құйылады. Бездер сөлі ферменттерінің әсерімен азық құрамындағы қоректі заттар: ақ зат, майлар, көмірсулар өздерінің қарапайым мономерлеріне ыдырап, аш ішек бүрлері арқылы сорылып, қанға, лимфаға сіңіріледі. Сондықтан аш ішектің қабырғасы қан және лимфа тамырларымен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген. Аш ішектің бетіндегі көптеген қатпарлар мен ішек бүрлері ішектің ішкі сору бетін үлкейтеді. Әр түрлі үй жануарларының қабылдайтын азықтың тегіне / жануар тектес, шөп тектес, аралас / байланысты ішектерінің ұзындығы әр түрлі болады. Жануар тектес азықпен қоректенетін жануарлардың ішегі қысқа, ал шөп тектес азықпен қоректенетін жануарлардың ішегі өте ұзын болады.

Он екі елі ішек - аш ішектің қарыннан кейінгі қысқа шажырқайға ілінген бөлігі. Күйісті малдардың он екі елі ішегінің ұзындығы 90-120 см-дей болады. Ол үй жануарларында негізінен қабырғаастылық аумақта орналасады. Ол қарынның пилорикалық бөлігінен басталып бауырға қарай бағытталады. Бауыр тұсында S – тәрізді иілім жасап, оң бүйрек маңында алға бұрылғаннан кейін мықындық ішекке айналады.

Он екі елі ішектің қуысына бауыр өзегі мен ұйқы безінің өзегі ашылады.

Кілегейлі қабығының ішкі бетінде барқыт түгіне ұқсас бүрлер болады. Кілегейлі қабықтың ішкі беті бір қабатты призма тәрізді эпителиймен астарланған.

Өзіндік пластинка борпылдақ дәнекерлік және торлы ұлпалардан тұрады. Мұнда кілегей бөліп шығаратын түтікше ішек бездері орналасқан.

Өзіндік пластинка кілегейліастылық  қабаттан екі қабатты еттік қабат арқылы бөлініп тұрады.

Кілегейастылық қабат борпылдақ дәнекерлік ұлпадан түзілген. Мұнда қан тамырлары мен жүйкелік талшықтар бар. Он екі елі ішек кілегейастылық қабаттың аш ішектің басқа бөліктерінен айырмашылығы - мұнда түтікшелі және көпіршікті /альвеолалы/ - түтікшелі бездердің болуында.

Кілегейлі қабықта қабырғалық бездер орналасады. Оларға эпителий торшалары аралығында жатқан кілегей бөлетін бір торшалы бокал тәрізді бездер, кілегейлі қабықтың өзіндік пластинкасында орын тепкен - жалпыішектік бездер ас қорыту сөлін бөледі.

Кілегейлі қабықта азық құрамында кездесетін микробтарды жойып, қорғаныш қызметін атқаратын лимфа түйіндері болады.

Етті қабық аш ішектің барлық бөлігінде 2 қабаттан тұрады: ішкі сақинаша және сыртқы ұзынша қабат.

Сыртқы сірлі қабығы аш ішек қабырғасының дорсальдік бетінде тоғысып, ішек шажырқайына айналады. Шажырақай борпылдақ дәнекер аралығы бар екі сірлі қабаттан түзіледі.

Шажырқай арқылы ішекке қоректендіруші қан, лимфа тамырлары және жүйкелік талшықтар келеді.

Он екі елі ішек бүрлерін /сору аппаратын/ микроскоппен қарай отырып, олардың бір қабатты призма тәрізді көбелі /каемкалы/ эпителиймен астарланғанын көруге болады. Эпителий торшалары арасында кілегей бөлетін бір торшалы бездер – бокал тәрізді торшалар орналасады. Көбелі эпителий торшаларының негізгі қызметі - қоректік заттарды сору және тасымалдау болып табылады.

Бүрлердің кілегейлі қабығы негізін эпителий астында орналасқан борпылдақ дәнекерлік және торлы ұлпалардан түзілген өзіндік пластинкасы құрайды. Мұнда қан капиллярлары мен лимфа капиллярларының қуысы жақсы көрінеді. Ішек бүрлерінде жиырылуға көмектесетін жекеленген бірыңғай салалы ет торшалары орын тебеді.

Ішек бүрлерінің кірмелерге /криптларға/ ауысар тұсында торшалардың бөліну процесі жүреді.

Крипталар – қарапайым түтікшелі жалпы ішектік бездер. Олардың қабырғасы негізінен эпителий торшаларынан тұрады. Сонымен қатар, кірме құрамында көбелі, бокал тәрізді және басқа торшалар кездеседі.

Кірмелер қабырғаларында бөліну арқылы көбейетін эпителий торшалары бүрлерге қарай ығыса отырып, көбелі және бокал тәрізді торшаларға айналады. Қызметін жойған торшалар бүрлер ұшында істен шығып, олардың орнын жаңадан пайда болған торшалар ауыстырады. Ішектің эпителий торшаларының өмір сүру циклі 48 сағат шамасындай болады.

Көбелі эпителий ішек бүрлерінің негізгі қызметі – сору қызметін атқарады. Осы эпителий торшаларының  апиальдік бөлігі микробүрлермен қапталып, ішектің сору бөлігін бірнеше есе ұлғайтады. Торшаның осы бөлігінде митохондриялар қатарласып орналасады. Плстинкалық комплекс жақсы дамыған және ядро үстінде жатады.

Өздерінің қарапайым мономерлеріне ыдыраған қоректік заттар микробүрлерінің көмегімен, торша цитоплазмасына сорылады. Торшаның тегіс және бүдірлі цитоплазмалық торлары өзектерінде бұл мономерлерден күрделі органикалық заттар түзіледі де, клетка аралық саңылауға қарай бағытталады. Бұл саңылаудан түзілген заттар лимфа және  қан тамырлары капиллярларына өтіп, олар арқылы мал организмі мүшелері мен жүйелеріне тарайды.

Қоректік заттардың ішек қуысынан қайта түсуіне көбелі торшалардың апиальдік бөліктерін байланыстырып жатқан дәнекерлік жол бермейді. Жылқыда он екі елі ішектің ұзындығы 1 метр болады. Қарыннан шыққан кейін оның қуысы кеңейіп, ішек ампуласын жасайды.

Шошқа он екі елі ішектің ұзындығы 40-80 см-дей болады. Ол оң қабырғалық астылық аумақта орналасады.

Ащы ішек - аш ішектің ішіндегі ең ұзыны. Ол ірі қара малда 40 метр, жылқыда 30 метр, шошқада 20 метрдей болады. Ащы ішек көптеген ілмектерінен тұрады, ұзын шажырқайға ілінген.

Мықындық ішек – аш ішектің ең қысқа бөлігі.

Қабырғадан тыс орналасқан ас қорыту бездері

Бауыр – ас қорыту бездерінің ішіндегі ең үлкені. Жануарлардың түрі мен қанға толуына байланысты оның қызыл-қоңырдан ақшыл – қоңырға дейін өзгеріп отырады. Құрылыс жағынан паренхиматозды қомақты мүше. Бауырдың оргнизмнің биологиялық лабораториясы деп аталуының себебі, ол организмде көптеген қызмет атқарады. Ас қорыту безі ретінде он екі елі өт бөледі. Өт ұйқы безі мен ішек сөлдеріндегі ас қорыту ферменттерінің белсенділігін арттырады, майды тым ұсақ тамшыларға ыдыратып, көбіктендіріп, майды қорытуды жеделдетеді. Осыған байланысты майлы жануар тектес азықпен қоректенетін жануарларда өт көп мөлшерде бөлінеді. Олардың бауырының көлемі де үлкен болады.

Ішек-қарыннан қанға сорылған улы заттарды бейтараптандырады, қанды микробтардан арылтады, бауыр торшаларында углеводтар гликоген ретінде қор болып сақталады, амин қышқылдарынан бөлінген аммиактан мочевина мен несеп қышқылдары түзіледі. Осы аталған қызметтер негізінен бауыр торшаларының қатысуымен жүреді. Бауыр іштегі төлде /ұрықта/ денемен салыстырғанда тым үлкен болып келеді. Ол ұрықта қан жасау қызметін атқарады.

Ішек-қарыннан, бездерден ағып шыққан веналық қан қақпалық вена арқылы бауырға ағып келеді. Қақпалық вена бауырда вена капиллярлар торына тармақталады. Бауыр торшаларының қатысуымен жоғарыда айтылған қызметтер іске асады. Осының нәтижесінде құрамы өзгерген веналық қан бауырлық вена арқылы артқы қуыс венаға шығарылады. Бауырдың қан тамырларында организмдегі қанның 20 %-ы қор ретінде сақталады. Бауырдың қан капиллярлары екі вена тамырлы-қақпалық вена мен бауырлық вена арасында орналасып, оларды бір-бірмен жалғастырады. Мұндай қан капиллярлары торын-веналық ғажап тор дейді.

Бауыр диафрагманың артқы бетінде орналасады. Оның алдыңғы дөңес диафрагмалық, артқы ойыс іштік /висцеральдік/ беттері болады. Бауырдың дорсальдік жиегі доғал, ал оң, сол және вентральдік жиектері жұқа қырлы болып келеді. Дорсальдік доғал жиегінде өңеш өтетін батыңқы көрінеді. Ал төменгі жұқа қырлық жиегіндегі ойықтар бауырды бөліктерге бөледі. Бауыр ортасындағы ойық оны екі: оң және сол бөліктерге бөледі. Оң бөліктің өзі өт қапшық арқылы ортаңғы және оң бөлікке бөлінеді. Ортаңғы бөлік квадраттық және құйрықтық бөліктерге ажырайды. Бауырдың іштік бетінде жылқы, түйе, бұғыдан басқа жануарларда өт қапшық пен одан шығатын өт қапшық өзегі көрінеді.

Артқы вицеральдік беттің ортаңғы тұсында қақпалық венаға енетін бауыр қақпасы болады.

Бауыр бөліктері тым ұқсас бауыр бөлшектерінен түзілген. Бауыр бөлшектерінің ортасында орталық веналар орын тебеді. Қақпалық веналар бауыр бөлшектерінің аралығында бөлік шекаралық веналарға тармақталады.

Ұйқы-безі – ішкі және сыртқы секреция бездеріне жатады. Сыртқы секреция бөлігі ұйқы безінің ас қорыту ферменттеріне бай сөлін бөледі. Құрылысы жағынан ұйқы безі күрделі көпіршікті-түтікшелі бездерге жатады. Бездің сөл бөлетін бөлігі көпіршік тәрізді болып келеді. Одан түтікшелер шығып, бір-бірімен қосылып, ұйқы безінің өзегін түзеді. Ол он екі елі ішек шажырқайының екі жапырағының аралығында жатады.

Ұйқы безі 3: оң, сол, орталық бөліктерден тұрады. Ұйқы безінің өзегі он екі елі ішекке ашылады.

Ұйқы безі құрылысы жағынан паренхиматозды мүше. Ол екі бөлімнен: паренхима және стромадан тұрады. Без стромасын борпылдақ дәнекерлік ұлпа құрайды. Ол бездің сыртқы қабығынан басталып, без паренхимасын бірнеше бөлшектерге бөліп тұрады. Без паренхимасы эпителий ұлпасынан түзіледі.

Тоқ ішек

Тоқ ішек бүйенге, жиек ішекке, тік ішекке бөлінеді. Ол артқы тесік –ануспен аяқталады. Тоқ ішекте аш ішектен келген азық одан әрі қорытылып, құрамындағы қорытылған қоректік заттар, су және одан еріген тұздар сорылады. Қорытылмаған азық қалдықтарынан нәжіс түзіліп, сыртқа шығарылады.

Қызметіне байланысты тоқ ішек қабырғасының құрылысында аш ішекпен салыстырғанда біраз ерекшеліктер байқалады.

Тоқ ішектің кілегейлі қабығында, ішкі жағынан бір қабатты призма тәрізді көбелі эпителиймен астарланған. Бірақ ішек бүрі болмайды. Тоқ ішек диаметрінің кең және оның ішінде қатпарларының болуы, ішектің ішке сіңіруі, сору беттерінің мол болуына септігін тигізеді. Кілегейлі қабық кілегей бөлетін бокал тәрізді бір торшалы, көп торшалы бездерге бай. Бөлінген кілегейі тоқ ішектің ішкі бетін сылап, кілегейлендіріп тұрады.

Еттік қабық сыртқы ұзынша, ішкі сақинаша қабаттардан түзілген.

Тоқ ішек сыртынан сірлі қабықпен қапталған. Ал тік ішектің соңғы бөлігінде сірлі қабық адвентициямен алмасады.

Бүйен – тоқ ішектің тұйық қалта тәрізді басталатын бөлігі. Бүйен мен жиек ішектің шекарасына мықындық ішектің бүйен жиек ішектік тесігі ашылады.

Ерекшеліктері: жылқының бүйіні жақсы жетілген. Оның пішіні үтір тәрізді иіліп келеді. Бүйеннің қабырғасында 4 қатар ұзынша еттік таспа және олардың аралығында төрт қатар қалта болады.

Бүйеннің негізгі қарын тәріздес кеңейіп келеді де, үлкен және бүйен иіндерін түзеді. Бүйеннің негізінен кейін денесі және төбесі болады. Ірі қара мал бүйеннінің ұзындығы 30-70 см, пішіні цилиндр тәрізді, тегіс қабырғалы болып келеді. Ол құрсақ қуысының оң жақ бөлігінің оң жақ бөлігінде орналасады. Оның артқы ұшы жамбас қуысының кіреберісіне дейін созылады. Бүйеннің алдыңғы жиегі бел аумақтың орта тұсына дейін жетеді. Ұсақ малдарда да, бүйеннің құрылысы мен орналасу орны ірі қара мал бүйеніне ұқсас, бірақ мөлшері кіші келеді.

Шошқаның бүйені қысқа, конус тәрізді болады. Қабырғасында 3 қатар еттік таспа, аралығында 3 қатар қалталар орналасады. Бүйеннің алдыңғы беті оң бүйректің артқы жағымен жанасып, артқы төбесі каудальдік бағытта созылып, оң жаққа иіліп жатады.

Жиек ішек – тоқ ішектің ортаңғы бөлігі. Әр түрлі малдарда жиек ішектің ұзындығы әр түрлі: жыртқыштарда – қысқа, талғаусыздарда – орташа, ал шөп қоректілерде - ұзын болады. Бұғыда өте жіңішке, жылқыда жуан келеді.

Тік ішек - тоқ ішектің қысқа соңғы бөлігі. Ол жамбас қуысында құйымшақ астында шажырқайға ілініп, артқы тесік – ануспен аяқталады. Тік ішек анусқа өтер алдында кеңейіп, тік ішек ампуласын түзеді. Сыртындағы сірлі қабық тек құйымшақ тұсында ғана болады. Ал оның соңғы бөлігі сыртынан адвентициямен қапталады.

 

Негізгі әдебиеттер

1       Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» Оқулық. – Алматы «Сөздік - Словарь», 2005.

2       Жаңабеков  К.,  Махашов  Е.: Жануарлар анатомиясы.   - Алматы, «Білім»,  1996.

3       Акаевский А.И., Лебедев  М.И. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа»,  1971.

4       Боккен Г.Г., Глаголов П.А., Боголюбский С.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа, 1961.

5       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

6       Жеденов   В.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа,    1965, 1973, 1977.

7       Осипов  И.Я.  Анатомия домашних  животных.  І - ІІ  часть.  -  Москва. «Колос»,    1965, 1972, 1977.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 16:03:37     Қаралды-9060

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »