UF

Тақырыбы. Дерматология.

 

  1. Тері жабыны және оның туындылары туралы жалпы морфо – функциональдық сипаттама.

 

 Тері жабыны немесе жалпы жабын жануарлар организмінің сыртқы ортамен тікелей жанасатын сыртқы қабығы. Жалпы жабын теріден және одан дамитын мүшелер тері туындыларынан тұрады. Олардың құрылысы организмдердің тіршілік ортасы мен ондағы тіршілік жағдайларына байланысты. Мысалы, суда, құрлықта тіршілік ететін жануарлардың, ұшуға бейімделген құстардың тері жабындары құрылысы жағынан сол ортаға бейімделу ерекшеліктерімен сипатталады. Үздіксіз өзгеріп отыратын сыртқы орта әсерлерімен тұрақты әрекеттесу жануарлар тері жабыны мүшелері құрылысының мейлінше күрделенуіне ықпалын тигізеді.

Терінің маңызы. Тері дененің сыртқы қабығы ретінде өзіне тән өткізгіштік қасиетімен және тамырлар мен жүйкелердің жақсы жетілуіне байланысты, организмді сыртқы ортадан бөліп, оның ішкі ортасының түзілуіне толық жағдай тудырады. Сондай-ақ, ол жүйке жүйесінің рецепторлы /сезімтал/ алаңы ретінде организмді қоршаған сыртқы ортамен байланыстырады. Тері көптеген сезімтал жүйке ұштары мен биологиялық белсенді нүктелері арқылы жарық, жылу, суық, сипап сезу, механикалық ауырту т.б. тітіркеністерді қабылдап, әмбебап сезім мүшесі қызметін атқарады. Сезім мүшесі ретінде ол қорғаныс қызметіне де тікелей қатысады.

Тері жабыны денені механикалық, физикалық және химиялық зақымданудан сақгайды. Оның сыртқы бетінің қалыпты жағдайдағы Рһ — реакциясы қышқылдық орта (3,2 - 5,2). Бұл орта ауру тудырушы микробтардың өніп-өсуіне қолайсыз. Тері микроорганизмдер мен әр түрлі бөгде заттардың денеге енуіне жол бермейді. Ол дене құрамындағы судың шамадан тыс буланбауын да қамтамасыз етеді. Жылы қанды жануарлардың тері жабыны дене қызуын (температурасын) реттеуге белсенді қатысады, яғни ол дененің қызуын тұрақты бір деңгейде ұстап және реттеп отырады. Терінің аталмыш қызметі, оның ыдырау өнімдерін тер арқылы сыртқа шығару қызметімен тікелей байланысты. Тер құрамында белоктық зат алмасудың ыдырау өнімдері, улы заттар, зат алмасудың аралық өнімдері, артық тұздар мен су болады. Демек, тері жабыны денедегі зат алмасу процестеріне үлкен белсенділікпен ат салысады.

Тері жабыны — түзуші мүше. Теріде тері майы және мүйіз түзіледі, қанның, майдың, судың, ас тұзының артық қорлары сақталады, аз да болса тыныс алуға (1-2%) қатысады. Көптеген ферменттердің (70-ке жақын) қатысуымен тері эндокриндік қызметті де атқарады. Сонымен қатар, ол жұқпалы ауруларға қарсы иммунды-биологиялық қорғаныс процестеріне тікелей ат салысады. Мал дәрігерлік жұмыстарды жүргізуде жануарлар терілерінің алатын орны ерекше. Біріншіден, жануарлар ауруларының көптеген түрлерін теріге әр түрлі реакциялар қою арқылы анықтауға /диагноз қоюға/ болады. Ал, екіншіден, мал дәрігерлік емдеу жұмыстарының көптеген түрлері терімен тікелей байланысты. Ортаның маусымдық өзгерістері де жануарлар тері түктерінің әр түрлі деңгейде түлеуіне, тері қабаттары қалыңдығының өзгеруіне әкеліп соқтырады Теріде мүйізді зат — кератин, коллаген және эластин белоктары /ақзаттары/, меланин пигменті, тері майы, тер түзеледі.

Жануарлар терілері өте бағалы шикізат. Өңдеуден өткен жануарлар терілерінен бағалы тондар, былғары дайындалады. Тері түктерінен жүн, түбіт, қыл қырқылады. Жүннен және түбіттен қымбат кездемелер мен тоқымалар тоқылады. Қылдан әр түрлі шаруашылық бұйымдары, қылшық жүннен киіз, үй киіздері, текемет, сырмақ, кілем, алаша, үй және ертұрман әбзелдері дайындалады. Мүйізден және мүйіз тұяқтардан бағалы түймелер, тарақтар, әр түрлі үй жиһаздары, ертұрман әшекейлері жасалынады. Жүн шайырынан әр түрлі шипалық сықпа майларды дайындауға пайдаланылатын зат — ланолин бөлініп алынады. Қаракөл қозыларынан бағалы елтірілер дайындалады.

Тері туындысы сүт безінен (желіннен) алынатын сүттен әр түрлі тамақ өнімдері (ірімшік, қаймақ, балқаймақ, балмұздақ, құрт, қымыз, айран, шұбат т.б.) өндіріледі.

Терінің құрылысы. Тері құрылысы жағынан қабатты мүше. Ол үш қабаттан: тері үсті қабаттан (эпидермистен), дермадан (нағыз теріден) және тері асты қабаттан (шел қабатынан) тұрады.

Эпидермис – терінің сыртқы ең жұқа тері үсті қабаты. Ол жануарлар терісі қалыңдығының 1-2%-ын құрайды. Эпидермис көпқабатты жалпақ мүйізделетін эпителийден тұрады. Эпидермистің қалыңдығы, құрылыс ерекшеліктері жануарлардың түрлеріне, тұқымдарына, жыл мерзімдеріне, терідегі түктің болу-болмауына тікелей байланысты. Эпидермисте қан тамырлары болмайды. Ол астындағы дерманың емізікше қабатындағы қан капиллярлары арқылы қоректенеді. Эпидермис сезімтал жүйке ұштарына бай. Түксіз тері эпидермисінде, мысалы, мұрын, ерін қаңсарларының теріүсті қабатында бір-бірінен анық ажырайтын бес қабат болады. Оларға: төменнен жоғарыға қарай негіздік (базальды), қылтанақты, дәншелі, жылтырауық және мүйізді қабаттар жатады. Дермоциттердің аралықтарындағы өсінділі меланоциттер бояғыш зат меланин пигментін түзеді. Күннің ультракүлгін сәулелері әсеріне байланысты меланин көп мөлшерде түзіліп, тері күңгірттеніп, организмді күн сәулелерінің қатерлі әсерлерінен қорғайды.

Қылтанақты қабатты пішіні дөңгелекше немесе көп қырлы келген, 2-3 қатарда орналасқан эпидермоциттер түзеді. Бұл эпидермоциттер қабатын "қылтанақты қабат" - деп атаудың себебі, осы қабаттағы эпидермоциттерді жеке оқшаулаған кезде, олардың денелерінде қылтанақ тәрізді өсінділері болады. Эпидермоциттер цитоплазмасында жұмсақ мүйізді белоктық жіпшелер тонофибриллалар түзіле бастайды. Қылтанақты қабаттағы эпидермоциттердің аралықтарында терінің бөгде заттарға немесе түрлі сыртқы әсер етуші факторларға қарсы реакциясын қамтамасыз ететін арнайы иммундық дендроциттер (Лангерганс торшалары) де кездеседі. Бұлардың эпидермоциттер арасындағы үлесі 2-7% -ға тең. Қылтанақты қабат эпи-дермоциттері митоз арқылы бөлініп, көбеюге бейім. Сондықтан, базальды және қылтанақты қабаттарды біріктіріп, өсу қабаты — деп те атайды.

Дәншелі қабатты 2-4 қатарда орналасқан, пішіні сопақша келген, цитоплазмасында жұмсақ мүйізді зат кератогиалин дәншелері болатын эпидермоциттер құрайды. Эпителиоциттер қабаттары жоғарылаған сайын, кератогиалин дәншелері көбейіп, тонофибриллаларға сіңіп белсенді мүйізделеді де, эпителий торшалары кератиноциттерге айналады. Бұлардың цитоплазмасында ядро мен органеллалар болмайды. Торшалар толығымен жұмсақ мүиізбен толады да, жылтырауық қабатты құрайды.

Жылтырауық қабат кератиноциттерінің цитоплазмасындағы тонофибриллалары мен кератогиалин мүйізді заты бірігіп біртұтас мөлдір сәуле сындырғыш жұмсақ мүйізді зат элеидинге айналады. Кератиноциттер цитоплазмасындағы май тамшылары мен еріткіш ферменттер бірігіп, кератосомалар түзіледі де, эпителий торшалары аралықтарындағы саңылауларға шығарылады.

Мүйізді қабат эпидермистің ең қалың қабаты. Эпидермоциттердің қалың қабықшаларын құрайтын мүйізді зат пен қуысындағы мүйізді жіпшелер және оларды желімдеп біріктіріп тұрған аморфты мүйізді зат қатайып, қатты мүйіз кератинге айналады. Эпидермоциттердің ішіндегі мүйізді заттар аралықтары ауа мен май тәрізді затпен толған кератиноциттер бір-бірімен торшааралық десмосомалармен өзара байланысып, қатты мүйізді қабыршақтарға аиналады. Міне, осылай белгілі ортаға бейімделген, құрылымы ерекше қабыршақтар берік те серпімді келеді және жылу өткізбейді. Мүйізді қабат эпидермис қабаттарының ішіндегі ең қалың қабат. Терінің сыртқы бетіндегі қызметін тоқтатқан мүйізді қабыршақтар, төменгі қабаттардағы қабыршақтармен байланысын үзіп, қайызғақтанып түсіп отырады. Сөйтіп, тері әр түрлі лас бөгде заттардан, микроорганизмдер мен паразит (тоғышар) құрттардан үздіксіз тазаланып отырады.

Терінің бұл қызметін эпидермистің элиминативті қызметі деп атайды. Қалыпты жағдайда эпидермистің негіздік қабатындағы эпидермоциттердің көбеюі, оның сыртқы бетіндегі қабыршақтардың қайызғақтанып бөлініп түсіп отыру жылдамдығына тең болады, яғни базальды қабаттағы эпидермоциттердің бөлініп көбеюі мен сыртқы бетіндегі қабыршақтардың түсу қарқыны бір-біріне сәйкес келеді.

Эпидермисте зат алмасу процесін дермадан негіздік жарғақ арқылы келетін ұлпа сұйығы іс жүзіне асырады. Эпидермис сезімтал жүйке ұштарына бай.

Түкті тері эпидермисінде түзуші, дәншелі және мүйізді үш қабат қана ажыратылады.

Эпидермистің сыртқы бетінде жұмсақ мүйізді зат тұрақты түзіліп отырады. Осы қасиетіне байланысты эпидермисті жазық голокринді бездерге жатқызады. Дененің әр түрлі аймақтарындағы тері эпидермисінің қалыңдығы біркелкі емес. Оның қалындығы тері түктерінің жиілігіне, жануарлар түрлеріне, олардың тіршілік жағдайларына, жыл маусымдарына тікелей байланысты. Мысалы, түгі сирек терінің эпидермисі қалың, ал керісінше, түгі қалың теріде ол жұқа болып келеді.

Дерма (дегта) немесе нағыз тері қабаты терінің ең қалың қабаты (98-99%). Ол өз кезегінде сыртқы емізікше және ішкі торлы қабаттардан құралған.

Емізікше қабат эпидермистің астындағы көптеген тәрізді кұрылымдар түзетін борпылдақ дәнекер ұлпалық қабат. Оны эпидермистің базальды қабатынан негіздік жарғақ  бөліп тұрады. Бұл қабатты борпылдақ дәнекер ұлпасы коллаген талшықтарының жіңішке шоғырлары, теріге серпімділік қасиет беретін эластин талшықтарының торы, ретикулин талшықтары және борпылдақ дәнекер ұлпасының торшалары: фиброциттер, гистиоциттер, ретикулоциттер, ұлпа базофилі құрайды. Ол эпидермистің ішіне еніп, пішіні әр түрлі емізікшелер түзеді. Кабаттың емізікше аталуы да осыған байланысты. Бұл қабатта қан және лимфа тамырларының өрімдері мен тораптары көптеп кездеседі. Сондықтан, бұл қабатты қоректендіргіш қабат — деп атайды. Жүнді, түбітті көп беретін қой, ешкі тұқымдары терісінде емізікше қабат қалың болып келеді. Демек, емізікше қабат терінің құрылымдық процесіне белсенді қатысады. Емізікше қабат шекарасыз торлы қабатпен жалғасып кетеді.

Торлы қабат бір-бірімен торлана тоқылған коллаген талшықтарының шоғырлары будаларынан және олардың арасындағы серпімділік қасиет беретін эластин талшықтарынан құралған, тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпасынан тұрады. Бұл қабаттың 98-99 % -ы әр түрлі бағытта орналасып, бір-бірімен ілмектеніп торланып, берік тор түзетін коллаген талшықтарының шоғырлары қүрайды. Талшықтар шоғырларының қалыңдығы, олардың тоқылу түрлері мен пішіні жануарлардың түрлеріне, тұқымына және дене аймақтарына байланысты болып келеді.

Дермада терідегі тері туындылары май және тер бездері мен түк түбірлері болады.

Тері асты қабаты немесе шел қабаты тері дермасының торлы қабатын жануарлар денесінің беткей шандырымен байланыстырып тұртын терінің төменгі қабаты. Шел қабаты борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады. Ол терінің қозғалмалылығын қамтамасыз етумен қатар, дене қызуын реттеуге қосады. Қойды жануарларда шел қабатында қор ретінде май ұлпасы жиналады. Жануарлардың түрлеріне байланысты шелдегі май қабаты дененің әр түрлі аумақтарында қорланады (өркеш, кұйрық т.б.). Бұл қабатпен ірі қан және лимфа тамырларының тораптары өтеді. Терінің қан тамырларының өрімдері мен тораптарында организмдегі қанның 10 %-ы қор ретінде сақталады.

Терідегі зат алмасуды қамтамасыз ететін қан және лимфа тамырлары әр түрлі тамырлар тораптарын түзеді. Олардың терідегі орналасу орындары да түрліше болады. Арналары кең ірі қан тамырларының торабы беткей шандыр мен терінің теріасты қабаты аралығымен өтеді. Екінші қан тамырлар торабы торлы қабаттың астында орналасады. Бұл тораптың құрамында веналық жалғамаларды (анастомоздарды) байқауға болады. Келесі жұқа қабырғалы қан тамырлар торабы дерманың торлы және емізікше қабаттарының шекараларында жатады. Ең жұқа қабырғалы қан капиллярлар торабы эпидермис пен емізікше қабаттың аралығында орналасып, аталған қабаттар арасындағы зат алмасу процесін қамтамасыз етеді. Осы әр түрлі деңгейде өтетін қан тамырлары өзара бір-бірімен байланысып, терідегі жалпы қан тамырлар торабын түзеді. Терінің бұлай белсенді тамырлануы, оның атқаратын қызметтерімен тікелей байланысты. Тамырлардың осылай орналасуы және олардың ішінде артерия-веналық анастомоздардың көп болуы, жануарлар дене қызуының тұрақтылығын реттеуге мүмкіндік береді.

Терінің лимфа тамырлары эпидермоцит арасындағы торшааралық саңылаулардан бастама алады. Бұдан соң, олар үш деңгейде: беткей, ортаңғы және терең теріастылық лимфа тамырларының торларын түзеді. Бұл торлардан шығатын әкелгіш лимфа тамырлары арқылы ұлпа сұйығы дененің тиісті аймақтарындағы лимфа түйіндеріне бағытталады.

Теріні жұлын мен мидан таралатын афференттік, эфференттік сомалық жүйкелер және олардың құрамындағы тері тамырлары мен бірыңғай салалы ет ұлпасы қызметтерін реттейтін симпатикалық жүйке жүйесінің жүйке талшықтары жүйкелендіреді.

Терінің дамуы. Жануарлар онтогенезінде тері эпидермисі сыртқы ұрық жапырақшасы эктодермадан, нағыз тері /дерма/ мезодерманың дерматомынан, теріасты қабаты — шел мезенхимадан дамиды. Іштегі дамудың алғашқы кезеңінде эпидермис бірқабатты эпидермоциттерден қалыптасып, соңынан оның құрылысы күрделеніп, көпқабатты эпидермиске ауысады. Құрылысы жағынан күрделену процесі мезодерма сомитінен қалыптасқан дермотом мен мезенхимада да қатар жүріп, олардан дерма мен шел қабаттары жетіледі. Іштөлінің даму мерзіміне қарай тері қабаттарымен қатар тері туындылары да күрделеніп жетіле бастайды. Осы кезеңдерде эктодермадан тері түктері мен бездері, майтабан, тұяқ, тырнақ, мүйіз дами бастайды. Іштөлі терісі мен оның туындыларының қалыптасу процесі жылқы мен сиырда 4-4,5 ай, қойда 2,5-3,5 ай, шошқада 2 ай мерзім ішінде негізінен аяқталады.

Филогенезде төменгі сатыдағы омыртқасыз жәндіктердің тері жабыны эктодермадан жетілген бір қабат эпидермоциттерден ғана тұрады. Хордалы жануарлардың ішінде қандауырша (ланцетник) терісінің құрылысы қарапайым. Ол екі қабаттан: сыртқы эпидермистен (бір қабат цилиндр тәрізді эпидермоциттерден құралған) және оның астындағы нашар жетілген дәнекер ұлпалық дермадан тұрады. Қосмекенділер личинкасында эпидермис екі қабат эпидермоциттерден құралған. Дөңгелек ауыздылардан бастап барлық хордалы жануарлардың тері эпидермисін көпқабатты жалпақ эпителий құрайды. Жануарлар денесі күрделенуіне сәйкес терінің құрылысы да күрделеніп, мезодермадан дерма дамиды. Теріде эпидермис пен тері түктеріне қажет тері бездері дамып жетіле бастайды. Бастапқы кезде, мысалы, балықтарда тері бездері кілегей бөлуге ғана маманданған бір торшалы бездер түрінде дамиды. Кейіннен олар күрделеніп, көп торшалы бездерге ауысады. Бұған мысал ретінде қосмекенділер терісіндегі көпторшалы көпіршікше бездерді жатқызуға болады. Қоршаған орта әсерлеріне бейімделу, организмдегі белгілі бір зат алмасу процесін қамтамасыз етуге мамандану нәтижесінде сүтқоректі жануарларда тер, май, сүт бездері, құстарда құйрық бездері дамиды. Жануарлардың әр түрлі тіршілік ортасына бейімделуіне байланысты, олардың терілерінде жануарлар түрлеріне тән тері туындылары дамып жетілді. Мысалы, балықтарда қабыршақ, жүзу қанаттары; бауырымен жорғалаушыларда қабыршақ, тырнақ; құстарда қауырсын, тырнақ; сүтқоректілерде тері түктері, майтабан, тұяқ, тырнақ, мүйіз т. б.

Тері туындылары организмнің даму процесі барысында тері кабаттарынан жетілетін мүшелер. Оларға: тері түктері, тер, май және сүт бездері, майтабан, мүйіз тұяқ, мүйіз және әр түрлі жануарларға тән арнайы бездер жатады.

  Түк омыртқалы жануарлардың ішінде тек сүтқоректілерге тән тері туындысы. Түк әр түрлі жануарларда түрліше болып келеді. Тіпті, бір организмнің өзінде де, терінің түрлі аймақтарында құрылысы әр түрлі түктер кездеседі. Мысалы, түйе терісінде қасиеттері әр түрлі 5 түрлі түктер өсетін тері аймақтары ажыратылады. Түкті жабын жануарлар терісін сыртынан жауып, организмді суықтан, ылғалдан, әр түрлі механикалық және т.б. әсерлерден қорғап, денедегі жылылықтың сақталуын  қамтамасыз етеді. Үй жануарларында тері түктерінің бірнеше түрлері кездеседі: қылшық, қыл, түбіт, жүн, ал пішіні мен мөлшеріне байланысты ұзын, қысқа, жуан, жіңішке түктерге ажыратылады.

Тері түктері орналасу орындары мен атқаратын қызметіне байланысты: жабынды, ұзын және сезімтал түктер болып үш топқа бөлінеді. Жабынды түктер теріні сыртынан жауып тұрады. Жылқы мен сиыр терісінің жабынды түктері қылшық, қой мен түйеде қылшық пен жүн талшықтары, ешкіде қыл мен түбіт. Биязы жүнді қой терісіндегі түктер тек жүн талшықтарынан тұрады. Ұзын түктерге жылқыдағы кекіл (сіггиз сарШз), жал шаша жылқы мен сиырдағы құйрық ешкідегі сақал жатады. Сезімтал немесе синуозды түктер сезімтал жүйке ұштарына бай болады. Олардың түк баданасы басқа түктерге қарағанда тереңде орналасады. Сезімтал түктер жануарлардың тұмсық, иек аймақтарында және көздің айналасында жекеленіп орналасады.

Түк тығыз да, иілгіш және серпімді мүше. Ол мүйізделген эпидермоциттерден құралған. Түктің тері бетіндегі көрінетін бөлігін түк сабағы, тері ішіндегі бөлігін түк түбірі  деп атайды. Түк түбірінің терідегі пияз түбіріне ұқсас жуандап аяқталатын бөлігін түк баданасы – дейді. Түк баданасы түктің өсетін бөлігі. Бұл жерде түкті кұрайтын эпидермоциттер бөліну арқылы көбейіп, мүйізделіп түктерді құрап, олардың өсу процесін қамтамасыз етеді. Түк баданасының төменгі жағында, оның ішіне үңгілей еніп, керекті қоректі заттармен қамтамасыз ететін түк емізікшесі болады. Ол қан, лимфа тамырлары мен жүйке ұштарына бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.

Тері түгі бір-бірінен анық ажырайтын үш қабаттан: кутикула, қыртысты қабат және түк өзегінен тұрады. Сыртынан түк жұқа кутикула қабатымен қапталған. Кутикула мүйізделген тым жұқа қабыршақтардан тұрады. Жануарлар тері түктерінің әр түрлі пішінде болуы осы кутикулаға байланысты. Кутикула тері түктерін химиялық және механикалык әсерлерлерінен, ылғалдан, жарықтан және т.б. зиянды фактолардан қорғайды. Тері түгінің негізін ортаңғы қыртысты қабат құрайды. Ол кутикуланың астында орналасады. Тері түгінің беріктігі, иілгіштігі, серпімділігі, созылғыштығы осы қыртысты қабатқа тікелей байланысты. Мысалы, бұл қабат түлен мен құндызда жақсы, ал қоян мен бұғыда нашар жетілген. Міне, осыған байланысты аталған жануарлар терісіндегі түктердің беріктігі әр түрлі болып келеді. Қыртысты қабатты ұзынша келген мүйізделген эпидермис торшалары түзеді. Бұл қабаттағы эпидермоциттерде түктің түрі-түсін анықтайтын бояғыш пигмент меланин болады. Үшінші ең ішкі қабат түктің орталығында жатқан түк өзегі. Бұл қабатты текше немесе көпбұрышты жартылай мүйізделген эпидермоциттер құрайды. Өзектің орталығындағы эпидермоциттер цитоплазмасында жұмсақ мүйізді зат кератогиалин болады. Өзектің шетіне қарай жақындаған сайын эпидермоцит цитоплазмасындағы кератогиалин элеидинге, одан соң қатты мүйіз кератинге ауысады.

Түк түбірін сыртынан түк қабы немесе түк фолликулы қаптап жатады. Ол екі қабаттан тұрады. Сыртқы түк қапшығы тамырлар мен жүйке ұштарына бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан құралған. Ал ішкі қабаты түк түбірінің қабаты эпидермистің тері ішіне үңгілене енген жалғасы. Ол көп қабатты жалпақ мүйізделген эпителийден тұрады. Аталған қабаттар бір-бірінен негіздік жарғақпен бөлінген.

Теріде түктер қиғаш орналасып, тері бетіне көлбей шығады. Түктің тік немесе бұйра, қылшық немесе түбіт болып өсуі түк фолликулының құрылысы мен пішініне байланысты. Бірыңғай салалы ет ұлпасынан құралған түк көтергіш еттерінің емізікше қабатынан басталып, түк түбіріне жалғасады. Түк көтергіш ет жиырылып, тері түктері түбірлерін тартып көтеріп, тері бетіндегі түк сабақтарын тікірейтеді. Тері түктері, терінің сыртқы бетінде пішіні әр түрлі түк ағындарын жасайды. Олардың пішіндері дөңгелекше не сызықша болып келеді. Ағындардың түктері не сыртқа қарай немесе ішкі бағытта орналасады. Жануарлардың тері түктері белгілі бір мерзімге дейін өсіп жетіліп, сезім түктерден басқалары түлеп отырады. Түлеу кезінде түк баданасының негіздік қабатындағы түзгіш эпителиоциттерге түк емізікшесінен тиісті мөлшерде қоректік заттар келмейді. Нәтижесінде түзгіш эпителиоциттердің көбею процесі тоқтап, олардың түк сабағына жақын жатқан бөлігі мүйізденеді де, түк баданасының тірі эпителиоциттерінен бөлінеді. Осыдан соң, түбірдегі сабақ түк фолликулы өзегімен сыртқа қарай жылжып, түсіп қалады. Бұл процесті түлеу - деп атайды. Түлеу кезеңі біткеннен кейін, түк баданасы торшаларына қоректік зат керекті мөлшерде жеткізіледі де, түк баданасы эпителиоциттерінен жаңадан түк өсіп жетіледі. Жыл маусымына байланысты түлеу, әсіресе, жабайы аңдарда айқын көрінеді. Үй жануарларында да, мысалы, ит пен сиырда, маусымдық түлеу байқалады. Ал басқа жануарларда түлеудің аралас түрі кездеседі. Төлдердің туғаннан кейінгі белгілі мерзім ішінде тері түктерінің топтап түлеуін "ұландық немесе ювенальді түлеу" — дейді. Бүған мысал ретінде құлынның жабағысын тастап түлеуін келтіруге болады.

Тері бездері. Үй жануарларының тері бездеріне май, тер және сүт бездері жатады.

Май бездері терінің емізікше қабатында орналасады. Ол құрылысы қарапайым көпіршікше бездерге жатады. Бездің секрет бөлетін соңғы бөлімін көпқабатты безді эпителий құрайды. Без өзегі түк қынабы қуысына ашылады. Май бездері қоршаған борпылдақ дәнекер ұлпасынан негіздік жарғақ арқылы бөлінген. Безді торшалар - гландулоциттерге сөл бөлу үшін қажетті заттар борпылдақ дәнекер ұлпасындағы қан тамырларымен келеді. Бездің шеткі жағында бөліну арқылы көбейіп жатқан жас торшалар орналасады. Без ортасындағы ірі гландулоциттерде торша ядросы болмайды. Олардың цитоплазмалары қоймалжың майлы секретке толып, үлкейіп жарылады (голокринді бөліну) да, майлы секретке айналады. Май безінің секреті тері майы — эпидермис пен тері түктерін майлайды. Май бездері емшектің терісінде, жануарлар қаңсарының терілерінде, майтабанда, тұяқ пен мүйізде болмайды.

Тер бездері құрылысы қарапайым түтікше бездерге жатады. Бездің қабырғасын бірқабатты текше (куб) тәрізді безді эпителий құрайды. Секрет бөлу кезінде гландулоциттер не жартылай бұзылып, олардың сөлге толған апикальды (қуысы жағындағы бос ұшы) ұшы үзіліп, тер тамшысына айналады (апокринді бөліну), не олардың бүтіндігі бұзылмай, тер тамшылары сүзіліп шығады (мерокринді бөліну). Безді сыртынан бір қабатта орналасқан, пішіні себетке ұқсас миоэпителий торшалары қаптап жатады. Без көпіршігінің (альвеоласының) қуысы терге толған кезде, миоэпителиоциттер рефлекторлы түрде жиырылып сығып, жиналған тердің тер безінің өзегі арқылы сыртқа шығуын қамтамасыз етеді. Терді бөлуге керекті заттар без сыртындағы борпылдақ дәнекер ұлпасындағы қан тамырлары арқылы жеткізіледі. Түкті теріде бездің шығару өзегі түк қынабына, ал түксіз теріде ол тікелей терінің сыртқы бетіне ашылады. Тер безінің секреті тер арқылы денеден артық су, тұздар, дәрі-дәрмектер, белоктық алмасудың ыдырау өнімдері несепнәр (мочевина), несеп қышқылдары т.б. организмге керексіз заттар шығарылады. Сонымен қатар, ол тері түктері мен эпидермисті сулап ылғалдандырып, оларды кеуіп қалудан сақтайды. Тер бездері дене қызуын реттеуге де қатысады.

Сүт безі. Желін сүтқоректілер сыныбына (класына) жататын жауарларға тән тері туындысы. Желін әр түрлі жануарларда түрлі деңгейде дамиды. Ол іштөлінде төс пен құрсақтың төменгі бетіндегі теріде, алдыңғы және артқы аяқтар аралығында бірнеше жұп төбешік ретінде эпидермистен қалыптасады. Бездің стромасы мезенхимадан дамиды. Жануарлардың түрлеріне байланысты төбешіктер әр түрлі дәрежеде дамып жетіледі. Сиырда төрт бөлімді, төрт емшекті; биеде төрт бөлімді, екі емшекті; қой мен ешкіде екі бөлімді, екі емшекті; шошқа мен итте көп бөлімді желін болып тері қабаттарынан қалыптасады. Сүт безі құрылысы жағынан күрделі көпіршікше түтікше бездерге жатады. Ол паренхималы мүше ретінде екі бөлімнен: паренхимадан және стромадан құралады. Паренхиманы сүт безінің безді бөлігі, ал строманы паренхима бөлікшелері аралықтарындағы қан, лимфа тамырлары мен жүйкелерге бай борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды.

Желін сыртынан тершең, оның астындағы екі қабат: беткей және терең шандырлармен қапталған. Жоғарыда баяндалғандай, жануарлар түрлеріне байланысты желін бөлімдерінің саны әр түрлі болады. Әрбір желін бөлігін сыртынан май ұлпасымен аралас дәнекер ұлпалы қапшық қаптап жатады. Осы қапшықтан сүт безі бөлімінің ішіне тарала енетін денекер ұлпалық перделіктер (трабекулалар) без паренхимасын көптеген бөліктерге бөледі. Сүт безі бөліктері өз кезегінде, жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар арқылы тым майда, тек микроскоппен ғана көрінетін без бөлікшелеріне бөлінеді. Желін емшектері сыртынан терімен қапталған. Емшек терісінде тері түктері, май және тер бездері болмайды. Ол жүйке ұштарына өте бай. Сүттің бөліну мөлшері мен құрамы жануарлардың түріне, тұқымына, азықтандыру сапасына тікелей байланысты. Сүт безінен 1 литр сүт бөліну үшін, кем дегенде желін арқылы 500 литр қан ағып өтуі керек. Құрсақтың төменгі бетіндегі ақ сызықтың (үйектің) бойында желінді ұстап тұратын екі қабат терең шандырдың жалғасын желіннің көтергіш байламы — деп атайды.

Тұяқ теріден дамыған аяқтардың мүйізделген мүшесі. Ол аяқ ұшындағы тері эпидермисінен жетіледі. Тұяқ төрт бөліктен: тұяқ көбесінен, тұяқ жұлығынан, тұяқ қабырғасынан және тұяқ ұлтанынан тұрады.

Тұяқ көбесі терінің мүйіз тұяққа бітетін жеріндегі ені 0,5 см аралық. Ол тері сияқты эпидермистен, дермадан және шел қабатынан тұрады. Тұяқ көбесінің эпидермисінен мүйіз тұяқтың сыртқы жылтырауық қабаты жұқа жылтыр мүйіз глазурь бөлінеді.

Тұяқ жұлығы тұяқ көбесінен төмен орналасқан, ені 1,5 см тері бөлігі. Ол мүйіз түяқтың ішкі бетінің жоғарғы жағындағы ойысқа жарты сақинаша түрінде жанасып жатады. Тұяқ жұлығы да эпидермистен, дермадан және шел қабатынан құралған. Оның эпидермисінен мүйіз тұяқ қабырғасының негізін түзетін түтікше мүйіз бөлінеді.

Тұяқ қабырғасы тек екі қабаттан: эпидермистен және дермадан тұрады. Шел қабаты болмағандықтан, дерма тұяқ сүйектің сүйекқабымен қосылып бірігіп кетеді. Тұяқ қабырғасы эпидермисінен мүйіз тұяқтың ішкі жұмсақ ақ жапырақша мүйізі бөлінеді. Бұл мүйіз тұяқтың ұлтаны жағынан тұяқтың ақ сызығы түрінде көрінеді.

Тұяқ ұлтаны да эпидермистен және дермадан тұрады. Тұяқ ұлтанының дерма қабаты тұяқ сүйектің сүйекқабымен бірігіп кеткен. Шел қабаты болмайды. Тұяқ ұлтанының эпидермисінен мүйіз тұяқтың ұлтанының негізін құрайтын түтікше мүйіз бөлінеді.

Аяқтың мүйіз тұяғы тұяқ көбесінің, тұяқ жұлығының, тұяқ қабырғасының, тұяқ ұлтанының және тұяқтың артқы жағындағы тұяқ майтабанының эпидермистерінен бөлінген мүйізді қабаттардан құралған.

Мүйіз мүйізді ірі қара және ұсақ малдардың мүйіздері бассүйектің маңдай сүйек мүйіз өсіндісін қаптап жатқан тері эпидермисінен дамып жетіледі. Мүйіздің терісі екі қабаттан: эпидермистен және дермадан тұрады. Шел қабаты болмайды. Тері дермасы маңдай сүйектің мүйіз өсіндісі сүйек қабымен бірігіп кеткен мүйіздің өсуінде жылдық сақиналарды байқауға болады.

 

Негізгі әдебиеттер

1       Хрусталева И.В. және т.б. Анатомия домашних животных. Учебник. -  Москва. «Колос», 1994.

2       Акаевский    А.И.  и др.  Анатомия домашних животных. Учебник, - Москва. «Колос», 1984.

3       Акаевский А.И., Лебедев  М.И. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа»,  1971.

4       Боккен Г.Г., Глаголов П.А., Боголюбский С.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа, 1961.

5       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

 

6       Боккен Г.Г., Глаголов П.А., Боголюбский С.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа, 1961.

7       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

8       Жеденов   В.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа,    1965, 1973, 1977.

9       Осипов  И.Я.  Анатомия домашних  животных.  І - ІІ  часть.  -  Москва. «Колос»,    1965, 1972, 1977.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 15:58:53     Қаралды-9838

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »