UF

 

Тақырыбы. Миология.

 

  1. Белсенді қозғалыс мүшелер жүйесі ретінде бұлшық еттерге жалпы сипаттама
  2. Бас пен тұлға бұлшық еттері.
  3. Аяқтың бұлшық еттері.

 

Бұлшық еттер жүйесін зерттейтін ілімді Муо1оgia  (грек. myon— бұлшық ет; 1оgоs — ілім) — деп атайды. Бұлшық еттер жүйесі жануарлар организмінің кеңістіктегі қозғалысы мен дене мүшелерінің салыстырмалы қимыл-қозғалыстарын іс жүзіне асыратын тірек-қимыл аппаратының белсенді бөлігі. Бұлшық еттерге тән қасиеттер: жиырылғыштық, серпімділік, тітіркенгіштік, ширығушылық (тонус). Бұлшық еттердегі жиырылу процесін ет талшықтары цитоплазмасындағы жиырылғыш белоктық жіпшелер миофибриллалар іс жүзіне асырады.

Бұлшық еттер жүйесі жекеленген бұлшық еттерден тұрады. Бұлшық ет құрылысы жағынан паренхималы мүшелерге жатады. Ол екі бөліктен, яғни паренхима мен стромадан құралған. Паренхима мүшенің негізгі қызметін атқаратын жұмысшы бөлігі. Демек, бұлшық еттің паренхимасын көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасының ет талшықтары құрайды. Строма паренхиманы біріктіріп, дәнекерлеп біртұтас қомақты мүше ететін бұлшық еттің борпылдақ дәнекер ұлпалық бөлігі. Бұлшық еттің сыртқы жүкті дәнекер ұлпалық қабығын эпимизий - деп атайды. Эпимизийден бұлшық еттің ішіне қарай тарап, ет талшықтары шоғырлары будаларын бір-бірінен бөлетін борпылдақ дәнекер ұлпалық аралықтарды перимизий — дейді. Перимизийлер арқылы бұлшық етті қоректендіретін қан және лимфа тамырлары мен оның қызметін реттейтін жүйкелер өтеді. Бұлшық ет шоғырлары будаларын құрайтын ет талшықтарының аралықтарындағы тым жұқа борпылдақ дәнекер ұлпалық аралықтарды эндомизий - деп атайды. Сонымен, бұлшық еттің стромасын эндомизий, перимизий және эпимизий бірігіп құрайды.

Бұлшық еттің анатомиялық бөліктері. Бұлшық ет (musculus) мүше ретінде үш бөліктен тұрады. Олар: бұлшық еттің басы (caput musculi), бұлшық еттің құрсағы (venter musculi) және бұлшық еттің құйрығы (cauda musculi). Бұлшық еттің басы — қозғалмайтын сүйектен басталатын сіңір бөлігі. Ал оның құрсағы ет талшықтарынан тұратын бұлшық еттің ортаңғы бөлігі. Ол негізінен жиырылу қызметін атқарады. Бұлшық еттің құйрығы деп - екінші қозғалатын сүйекте аяқталатын оның сіңір бөлігін айтады. Бұлшық ет сіңірлерінің (tendo musculi) құрылысы да бұлшық етке ұқсас, яғни паренхима мен стромадан құралған. Бұлшық ет сіңірі паренхимасын коллаген талшықтарының шоғырлы будалары құрайды.

Бұлшық еттер дененің кеңістіктегі қозғалысын және тепе-теңдігін сақтаумен қатар, организмдегі тыныс алу, құрсақты қатайту, шайнау, несеп шығару және тағы басқа қызметтерді іс жүзіне асырады. Сондай-ақ, олар қанмен келген органикалық қосылыстар (көмірсулар, майлар, белоктар) құрамындағы химиялық қуаттың (энергияның) 70,0 % -ын жылу энергиясына,  тек 30,0 %-ын ғана механикалық жұмысқа айналдырып, дене  қызуын реттеуге қатысады. Бұлшық еттер жануарлар  массасының жылқыда — 47,4 %-ын, сиырда — 42,0 % -ын, — 47,0 %-ын, ұсақ малдарда - 34,0%, шошқада - 31,0 % -ын құрайды. Бұлшық ет құрамының 75,0 % -ы су, 1,0 % -ы минералдық тұздар және 24,0 %-ы  органикалық қосылыстар Органикалық қосылыстар ішінде: белоктар - 20,2 %, майлар - 2,0 %, көмірсулар - 0,6 %, май тәрізді заттар - 0,8 %, азотты экстрактивті заттар - 0,4 %. Бұлшық ет түсінің әр түрлі болуы, оның ет талшықтары саркоплазмасындағы темір молекуласымен байланысқан миоглобин белокты пигментінің мөлшеріне байланысты.        

Бұлшық еттердің түрлері. Ішкі құрылымына, пішініне, орналасу орнына, басталатын немесе аяқталатын орындарына, атқаратын қызметіне байланысты бұлшық еттер алуан түрге бөлінеді. Ішкі құрылысына байланысты бұлшық еттер: қарапайым және қауырсынды болып екі топқа бөлінеді. Қарапайым бұлшық еттердің ет талшықтары бұлшық еттің ұзын білігіне параллельді орналасады. Бұлар тым күшті жиырылып, көп жұмыс атқарады. Бірақ тез шаршап калады. Бұл топқа негізінен аяқтардың бұлшық еттері жатады. Қауырсынды бұлшық еттердің ет талшықтары бұлшық ет ұзындығына қиғаш орналасады. Ішкі құрылысы жағынан олар: бір, қос және көп қауырсынды бұлшық еттер болып бөлінеді.

Бұлшық еттердің көмекші мүшелері. Бұлшық еттердің жиырылып, жұмыс атқаруына жануарлар организмінде көптеген мүшелер көмектеседі. Оларды бұлшық еттердің "көмекші мүшелері" — деп атайды. Бұларға қаңқа сүйектері мен шеміршектері, тиекше сүйектер мен сүйек шығырлары, беткей және терең шандырлар, синовиялы және кілегейлі қапшықтар мен бұлшық ет сіңірлерінің қынаптары жатады. Жануарлар тері жабынының астында, тығыз орналасқан коллаген талшықтарынан құралған дәнекер ұлпалық қабықша денені сыртынан қаптап жатады. Бұл тығыз дәнекер ұлпалық қабықшаны беткей шандыр (fascia superficialis) — деп атайды. Беткей шандыр қаңқа сүйектерімен байланыспайды. Ол өз кезегінде екі: сыртқы және ішкі қабаттардан тұрады. Бұлардың арасында қаңқа сүйектеріне байланыспаған, теріні қозғап сілкіндіретін теріасты бұлшық еттері (musculus cutaneus) орналасады. Терең шандырлар (fascia profunda) жеке бұлшық еттерді немесе бұлшық еттер топтарын сыртынан қаптап, бұлшық еттермен бірге қаңқа сүйектеріне бекиді. Шандырлар бұлшық еттердің бір-біріне жабыспауын қамтамасыз етіп, тіректік қызмет атқарады.

Бұлшық еттер даму тегіне қарай: сомалық (денелік) және висцеральдық (іштік) болып екі топқа бөлінеді. Сомалық бұлшық еттер мезодерманың миотомынан, ал висцеральдық бұлшық еттер ұрықтың желбезек аппаратынан дамып жетіледі.

Дене (сомалық) бұлшық еттерінің бөлінуі. Жануарлар денесіндегі бұлшық еттер қаңқадағы орналасу орындарына сәйкес: біліктік қаңқаның және аяқтардың бұлшық еттері болып үлкен екі топқа белінеді.

Біліктік қаңқаның бұлшық еттері өз кезегінде: бастың, тұлғаның және құйрықтың бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Тұлғаның бұлшық еттері төрт бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Олар: 1.Иық белдеуінің бұлшық еттері немесе алдыңғы аяқты тұлға мен бас аумақтарына бекітетін бұлшық еттер; 2. Омыртқа бағанының бұлшық еттері; 3. Көкірек керегесінің бұлшық еттері; 4. Құрсақ қабырғасының бұлшық еттері.

Аяқтардың бұлшық еттерін алдыңғы аяқтың және артқы аяқтың бұлшық еттеріне бөледі. Алдыңғы аяқтың бұлшық еттері өз кезегінде: 1. Иық буынының, 2. Шынтақ буынының, 3. Тізе буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөлінеді. Артқы аяқтың бұлшық еттерін: 1. Жамбас-ортан жілік буынының, 2.Тобық буынының, 3. Тілерсек буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөледі.

Бір қауырсынды бұлшық еттердің (m. unipennatus) ет талшықтары, олардың сіңірлі жиектеріне бір бағытта қиғаш орналасады. Қос қауырсынды бұлшық еттерде (m.bipennatus) ет талшықтары сіңірлі арқаудың екі жақ қапталында бір-біріне қарама-қарсы қиғаш жатады. Көп қауырсынды бұлшық еттерде (m.multipennatus) бұлшық ет ішіндегі сіңірлі арқаулардың бойымен қысқа ет талшықтары бірнеше қатарда қиғаш орналасады. Қауырсынды бұлшық еттер дененің мойын және тұлға бұлшық еттерін құрайды. Бұлшық еттің білігіне көлденең жүргізілген жазықтықты анатомиялық көлденең, ал бұлшық еттің ет талшықтары будаларына көлденең жүргізілген жазықтықты физиологиялық көлденең — деп атайды. Қарапайым бұлшық еттердің анатомиялық және физиологиялық көлденеңдері бір-біріне сәйкес келеді. Ал қауырсынды бұлшық еттерде физиологиялық көлденең анатомиялық көлденеңге қарағанда ұзын болады.

Бұлшық еттер пішініне байланысты: жалпақ, дөңгелек, ұзын, қалың бұлшық еттер болып бөлінеді. Жалпақ бұлшық еттер жануарлар денесі тұлғасында, ұзын және қалың бұлшық еттер аяқтарда, дөңгелек бұлшық еттер организмнің сыртқы ортамен қатысатын табиғи тесіктері қабырғаларында орналасады. Басталатын ұштарына байланысты бұлшық еттер: екі басты, үш басты, төрт басты; аяқталатын ұштарының түрлері мен пішініне қарай: көп бөлімді, тісше; орналасқан орындарына байланысты: төс, қабырғааралық т.б; сыртқы пішініне байланысты: үшбұрышты, ромб және трапеция тәрізді бұлшық еттер — деп аталынады.

Атқаратын қызметтеріне қарай бұлшық еттер: динамикалық және статикалық бұлшық еттер болып екі топқа бөлінеді. Динамикалық бұлшық еттер тобы жануарлардың кеңістіктегі қозғалысын қамтамасыз етеді. Динамикалық бұлшық еттер күшті жиырылып, үлкен көлемде жұмыс атқарады, бірақ тез шаршайды. Бұлар құрылысы жағынан қарапайым бұлшық еттерге жатады. Статикалық бұлшық еттер негізінен дененің кеңістіктегі тепе-теңдігін сақтап, оны белгілі жағдайда тұрақты бекітіп ұстап тұрады. Статикалық бұлшық еттер жай және ұзақ уақыт жиырылып, көп уақытқа дейін шаршамайды. Бұлар құрылысы жағынан қауырсынды бұлшық еттерге жатады. Жануарлар организмдерінде динамикалық және статикалық бұлшық еттер таза күйінде сирек кездеседі. Бұлшық еттердің кұрылысы мен қызметі аралық сипатта болады. Демек, құрылысы жағынан олар қарапайым қауырсынды болып келеді.

Бұлшық еттер организмдегі атқаратын қызметіне байланысты: жазғыш (экстензор), бүккіш (флексор), жақындытқыш (аддуктор), алыстатқыш (абдуктор), көтергіш (леватор), түсіргіш (депрессор), кергіш (тензор), тарылтқыш (констриктор), кеңейткіш (дилятатор), қысқыш (сфинктер), кері тартқыш (ретрактор), айналдырғыш (ротатор) болып бөлінеді. Айналдырғыш бұлшық еттер өз кезегінде: сыртқа айналдырғыш (супинатор) және ішке айнадырғыш (пронатор) бұлшық еттерге бөлінеді.

Бұлшық еттердің көмекші мүшелері. Бұлшық еттердің жиырылып, жұмыс атқаруына жануарлар организмінде көптеген мүшелер көмектеседі. Оларды бұлшық еттердің "көмекші мүшелері" — деп атайды. Бұларға қаңқа сүйектері мен шеміршектері, тиекше сүйектер мен сүйек шығырлары, беткей және терең шандырлар, синовиялы және кілегейлі қапшықтар мен бұлшық ет сіңірлерінің қынаптары жатады. Жануарлар тері жабынының астында, тығыз орналасқан коллаген талшықтарынан құралған дәнекер ұлпалық қабықша денені сыртынан қаптап жатады. Бұл тығыз дәнекер ұлпалық қабықшаны беткей шандыр (fascia superficialis) — деп атайды. Беткей шандыр қаңқа сүйектерімен байланыспайды. Ол өз кезегінде екі: сыртқы және ішкі қабаттардан тұрады. Бұлардың арасында қаңқа сүйектеріне байланыспаған, теріні қозғап сілкіндіретін теріасты бұлшық еттері (musculus cutaneus) орналасады. Терең шандырлар (fascia profunda) жеке бұлшық еттерді немесе бұлшық еттер топтарын сыртынан қаптап, бұлшық еттермен бірге қаңқа сүйектеріне бекиді. Шандырлар бұлшық еттердің бір-біріне жабыспауын қамтамасыз етіп, тіректік қызмет атқарады.

Бұлшық еттер даму тегіне қарай: сомалық (денелік) және висцеральдық (іштік) болып екі топқа бөлінеді. Сомалық бұлшық еттер мезодерманың миотомынан, ал висцеральдық бұлшық еттер ұрықтың желбезек аппаратынан дамып жетіледі.

Дене (сомалық) бұлшық еттерінің бөлінуі

Жануарлар денесіндегі бұлшық еттер қаңқадағы орналасу орындарына сәйкес: біліктік қаңқаның және аяқтардың бұлшық еттері болып үлкен екі топқа бөлінеді.

Біліктік қаңқаның бұлшық еттері өз кезегінде: бастың, тұлғаның және құйрықтың бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Тұлғаның бұлшық еттері төрт бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Олар: І.Иық белдеуінің бұлшық еттері немесе алдыңғы аяқты тұлға мен бас аумақтарына бекітетін бұлшық еттер; 2. Омыртқа бағанының бұлшық еттері; 3. Көкірек керегесінің бұлшық еттері; 4. Құрсақ қабырғасының бұлшық еттері.

Аяқтардың бұлшық еттерін алдыңғы аяқтың және артқы аяқтың бұлшық еттеріне бөледі. Алдыңғы аяқтың бұлшық еттері өз кезегінде: 1. Иық буынының, 2. Шынтақ буынының, 3. Тізе буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөлінеді. Артқы аяқтың бұлшық еттерін: 1. Жамбас-ортан жілік буынының, 2.Тобық буынының, 3. Тілерсек буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөледі.

БАС ПЕН ТҰЛҒА БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІ. Қызметіне байланысты бастың бұлшық еттері: бет және шайнау бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Бет немесе мимикалық бұлшық еттер бір ұшымен бассүйектің бет бөлімінің қозғалмайтын сүйектеріне бекиді. Ал екінші ұшымен бас аумағындағы табиғи тесіктер (ауыз саңылауы, мұрын тесіктері, көз, сыртқы есту жолы) қабырғаларындағы қозғалмалы бұлшықеттер мен теріде аяқталады. Шайнау бұлшық еттері екі ұшымен бассүйектің қозғалмалы сүйектеріне бекіп, жоғарғы жақ пен төменгі жақ сүйектерін қозғалысқа келтіріп, шайнау қызметін іс жүзіне асырады.

Бет бұлшық еттері

1. Ауыздың дөңгелек бұлшық еті (m.orbicularis oris) жоғарғы және төменгі еріндердің негізін құрап, тері мен кілегейлі қабықтың аралығында орналасады.

2. Ұрт бұлшық еті (m.buccinator) жоғарғы жақ және төменгі жақ сүйектердің сыртқы беттеріне бекіп, ұрттың негізін құрайды.

З. Бет бұлшық еті  бет доғасынан басталып, езуде аяқталады.

4. Мұрын мен ерінді көтергіш бұлшық ет маңдай және мұрын сүйектерінен басталып, мұрын қанаты мен жоғарғы ерінде аяқталады.

5. Сойдақ тіс бұлшық еті  жоғарғы жақсүйектің бүйір бетінен басталып, мұрын қанаты мен жоғарғы ерінде аяқталады.

6. Жоғарғы  ерінді  арнайы көтергіш бұлшық ет көзжасы және бет сүйектерден басталып, жоғарғы ерінде аяқталады.

7. Жоғарғы ерінді түсіргіш бұлшық ет сойдақ тіс бұлшық етпен бірге басталып, жоғарғы ерінде аяқталады.

8. Төменгі ерінді түсіргіш бұлшық ет ұрт бұлшық етімен бірге басталып, төменгі ерінде аяқталады.

Шайнау бұлшық еттері

Үлкен шайнау бұлшық еті  бет доғасы мен бет қырынан (төмпегінен) басталып, төменгі жақ сүйектің аттас ойысында аяқталады. Еттің беткей қабаты бет қырынан, ал терең қабаты бет доғасынан басталып, төменгі жақ сүйектің үлкен шайнау бұлшық ет шұңқырында аяқталады.

Қанатша  бұлшық ет  таңдай және қанатша сүйектер мен сынаша сүйектің қанатша өсіндісінен басталып, төменгі жақ сүйектің аттас ойысында аяқталады. Ол екі: латеральды және медиальды бөліктерден тұрады.

Самай бұлшық еті самай шұңқырының жиегінен басталып, төменгі жақ сүйек бұтағының бұлшық ет өсіндісінде аяқталады.

Қос құрсақгы бұлшық ет шүйде сүйегінің мойындырық өсіндісінен басталып, төменгі жақ сүйектің вентральды жиегінде аяқталады.

Мойындырық-жақ бұлшық еті мойындырық өсіндісінен басталып, теменгі жақ сүйектің каудальды жиегінде аяқталады.

Ерекшеліктері. Бұл бұлшық ет тек жылқыда болады.

Иық белдеуінің бұлшық еттері алдыңғы аяқты, атап айтқанда, жауырын мен токпан жілікті тұлғаға бекітеді.

Жауырынды тұлғамен байланыстыратын бұлшық еттер

1. Трапеция тәрізді бұлшық ет мойын және арқа бөліктерінен тұрады. Мойын бөлік желке мен жота үстілік байламдардан (атланттан 3-көкірек омыртқасына дейін), ал арқа бөлігі 3-тен 11-інші көкірек омыртқаға дейінгі жотаүстілік байламнан басталып, екі бөлігі де жауырын қырында аяқталады.

2. Ромб тәрізді бұлшық ет мойын және арқа бөліктерінен тұрады. Ромб тәрізді бұлшық ет трапеция тәрізді бұлшық еттің астында жатады. Оның мойын бөлігі білік омыртқадан 3 –інші көкірек омыртқаға дейінгі, арқа бөлігі 3-тен 7-9-ыншы көкірек омыртқасына дейінгі желке мен жотаүстілік байламдардан басталып, екі бөлігі де жауырын шеміршегінің медиальды бетінде аяқталады.

3. Иық-атлант (атлант-акромион) бұлшық еті: атлант қанатынан басталып, жауырын акромионында аяқталады.

4. Тісше вентральды бұлшық ет мойын және көкірек бөліктерден тұрады. Мойын бөлігі соңғы 4-5 -інші мойын омыртқаларының көлденең өсінділерінен, ал көкірек бөлігі бірінші 6-7-інші қабырғалардың сыртқы бетінен басталып, жауырынның медиальды бетіндегі тісше беттер мен тісше сызықтарға барып аяқталады.

Тоқпан жілікті тұлғаға бекітетін бұлшық еттер

1. Иық-төс-бас бұлшық еті екі: иық-бас және төс-бас бұлшық еттерінен тұрады.

Иық-бас бұлшық еті тоқпан жілік қырынан басталып, шүйде және самай сүйектері мен желкеге барып аяқталатын жалпақ бұлшық ет

Төс-бас бүлшықеті төс тұтқасынан басталып, самай және төменгі жақ сүйек бұрышына барып аяқталады.

2. Арқаның тым жалпақ бұлшық еті 3 –інші көкірек омыртқаларынан соңғы бел омыртқаға дейінгі жотаүстілік байламнан басталып, тоқпан жіліктің медиальды бетіндегі үлкен жұмыр бұлшық ет бұдырында аяқталады.

3. Беткей кеуде бұлшық еті көкірек керегесінің вентральды бетінде, алдыңғы аяқтардың аралығындағы тері астында орналасады. Ол тоқпан жіліктік және білектік бөліктерден тұрады. Бұлшық еттің тоқпан жіліктік бөлігі — төссүйек тұтқасынан басталып, дельта тәрізді бұдырдан төменірек тоқпан жілік қырында, ал білектік бөлігі төссүйек денесінің алдыңғы жағындағы 1-6 қабырға шеміршектерінен басталып, білек шандырының медиальды бетіне барып аяқталады.

4. Терең кеуде бұлшық еті тоқпан жіліктік және жауырыналды бөліктерден тұрады. Тоқпан жіліктік бөлігі төссүйек денесінің артқы жағынан және сары шандырдан басталып, тоқпан жіліктің үлкен және кіші төмпешіктерінде, ал жауырыналды бөлігі төссүйек пен алдыңғы қабырға шеміршектерінен басталып, қыралды бұлшық еті шандырында аяқталады.

Омыртқа бағанының бұлшық еттері орналасу орындарына сәйкес дорсальды және вентральды бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Дорсальды бұлшық еттер мойын мен құйрықты көтеріп, арқа мен белді төмен ию арқылы омыртқа бағанының жазғыш бұлшық еттерінің қызметін атқарады. Сонымен қатар, олар омыртқа бағанының оң және сол жақ бүйірге иілуін қамтамасыз етіп, мойын мен құйрықты айналдырады. Вентральды бұлшық еттер омыртқа бағанының бүккіш бұлшық еттерінің қызметін атқарады.

Омыртқа бағанының дорсальды бұлшық еттері

1. Тым ұзын бұлшық ет — омыртқа бағанының жотаүстілік және көлденең өсінділері аралықтарындағы үшбұрышты кеңістікте орналасып, құйымшақтан басқа дейін созылып жатқан ұзын бұлшық ет. Ол орналасу орындарына сәйкес төрт бөліктен тұрады.

Арқа мен белдің тым ұзын бұлшық еті мықын қырынан және құйымшақ, бел, көкірек омыртқалары жоталық өсінділерінен басталып, бел, көкірек омыртқалардың көлденең және емізікше өсінділеріне бекіп, соңғы мойын омыртқаға дейін созылады.

Мойынның тым ұзын бұлшық еті алдыңғы бесінші, жетінші көкірек омыртқалардан басталып, соңғы төртінші, бесінші мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.

Бастың тым ұзын бұлшық еті бірінші көкірек және соңғы мойын омыртқалардан басталып, самай сүйектің емізікше өсіндісінде аяқталады.

Атланттың тым ұзын бұлшық еті бастың тым ұзын бұлшық етімен бірге басталып, атлант қанатында аяқталады.

2. Мықын-қабырғалық бұлшық ет мықын сербегінен басталып, жеке сіңірлер мен қабырғалардың омыртқалық бөліктерінде және төртінші, бесінші мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады Орналасу орындарына байланысты мықын-қабырғалық бұлшық ет өз кезегінде бел, арқа және мойын бөліктеріне бөлінеді.

3. Бұласырша бұлшық ет алдыңғы көкірек омыртқалардың жоталық өсінділері үстіндегі желкенің жалғасынан шүйде сүйекке дейінгі желкеден басталып, мойын омыртқалардың көлденең өсінділері мен атлант қанатында аяқталатын жалпақ ет. Бұласырша бұлшық етті сыртынан трапеция және ромб тәрізді иық-бас бұлшық еттері жауып тұрады. Бұласырша бұлшық ет өз кезегінде бас және мойын бөліктеріне бөлінеді.

4. Арқа мен мойынның жоталық бұлшық еті алдыңғы бел, соңғы 5-6 көкірек омыртқалардың жоталық өсінділерінен басталып, алдыңғы 1-7 көкірек және соңғы 4-5 мойын омыртқалардың жоталық өсінділерінде аяқталады.

5. Бастың жартылай жоталық бұлшық еті алдыңғы 6-7 көкірек омыртқалары мен соңғы 5-6 мойын омыртқасының көлденең өсінділерінен басталып, шүйде сүйек қабыршағында аяқталады. Бастың жартылай жоталық бұлшық етін сыртынан бұласырша және бастың тым ұзын бұлшық еттері жауып тұрады.

6. Көп бөлімді бұлшық еттер омыртқааралық бір сегментті қысқа бұлшық еттер. Олар омыртқалардың көлденең және емізікше өсінділерінен басталып, алдындағы көрші омыртқаның жоталық өсіндісінде аяқталады.

7. Құйрықты көтергіш ұзын бұлшық ет құйымшақ қыры мен алдыңғы құйрық омыртқаларының жоталық өсінділерінен басталып, бірнеше омыртқаларды жіберіп, олардан кейінгі құйрық омыртқаларда аяқталатын құйрықтың дорсальды бұлшық еті. Бұлардан басқа омыртқа бағанының жоғарғы жағында көлденең өсінділераралық бұлшық еттер, жоталық өсінділераралық бұлшық еттер, бастың дорсальды тік және қиғаш қысқа бұлшық еттері, құйрықты көтергіш қысқа бұлшық еттер болады.

Омыртқа бағанының вентральды бұлшық еттері

1. Мойынның ұзын бұлшық еті алдыңғы 5-6 көкірек омыртқалардың денелерінен және соңғы мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, соңғы мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде және алдыңғы мойын омыртқалардың вентральды қырлары мен атланттың вентральды төмпешігінде бұлшық ет тісшелері түрінде аяқталады.

2. Бастың ұзын бұлшық еті ортаңғы мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, шүйде сүйектің бұлшық ет төмпешігінде аяқталады.

3. Белдің үлкен бұлшық еті соңғы көкірек омыртқалардың денелерінен басталып, ортан жіліктің кіші ұршығында аяқталады.

4. Белдің кіші бұлшық еті соңғы көкірек омыртқалардың денелерінен басталып, мықын сүйек денесіндегі кіші бел бұлшық еті төмпешігінде аяқталады.

5. Белдің шаршы бұлшық еті бел омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, құйымшақ қанатының вентральды бетінде аяқталады.

Бұлардан басқа омыртқа бағанының вентральды бетінде бастың вентральды және латеральды тік қысқа бұлшық еттері, құйрықты түсіргіш ұзын және қысқа бұлшық еттер болады.

Көкірек керегесінің бұлшық еттері көкірек керегесінде орналасып, қабырғалар мен төссүйекті сыртқа қарай тартып бір-бірінен ажыратып, көкірек қуысын кеңейтеді де, ішке тыныс алуды және көкірек қуысын қысып тарылтып, сыртқа дем шығаруды қамтамасыз ететін бұлшық еттер. Сондықтан, көкірек керегесінің бұлшық еттерін тыныс алу бұлшық еттері — деп атайды. Қызметіне байланысты оларды екі топқа бөледі. Ішке тыныс алу процесін іс жүзіне асыратын бұлшық еттерді инспираторлар, ал сыртқа дем шығару процесін қамтамасыз ететін бұлшық еттерді экспираторлар — деп атайды.

Инспираторлар

1.  Дорсальды тісше инспиратор көкірек керегесінің алдыңғы жоғарғы жағында орналасады. Дорсальды тісше инспираторды сыртынан ромб тәрізді бұлшық ет, тісше вентральды және арқаның тым ұзын бұлшық еттері жауып тұрады. Дорсальды тісше инспиратор пішіні тістерге ұқсаған
бірнеше жалпақ келген ет таспаларынан құралады. Олар қабырғалардың омыртқалық ұштарының алдыңғы жиектерінен басталып,
алдыңғы көкірек омыртқалардың жоталық өсінділерінде аяқталады.

2. Қабырғаны көтергіш бұлшық еттер қабырғалардың омыртқалық ұштарының алдыңғы жиектерінен басталып, алдыңғы омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.

3. Сыртқы қабырғааралық бұлшық еттер қабырғалардың алдыңғы жиектерінен басталып, алдыңғы қабырғалардың артқы жиектерінде аяқталады.

4. Баспалдақты бұлшық еттер орналасу орындарына байланысты дорсальды, ортаңғы және вентральды бұлшық еттер болып бөлінеді. Бұлар қабырғалардың сыртқы беттерінен басталып, мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.

Дорсальды баспалдақты бұлшық ет вентральды тісше бұлшық еттен төменірек, қабырғаға көлденең орналасады. Жануарлардың түрлеріне байланысты ол қабырғалардың сыртқы беттерінен түрліше басталып, 6-ыншы мойын омыртқадан 3-інші мойын омыртқаларға дейінгі, олардың көлденең өсінділерінде аяқталады.

Ортаңғы баспалдақты бұлшық ет бірінші қабырғадан басталып,   алтыншы  және  төртінші мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.

Вентральды баспалдақты бұлшық ет сиыр мен ұсақ малдарда және итте кездеседі.

5. Көкіректің тік бұлшық еті екінші және төртінші қабырғалар шеміршектерінен басталып, 1 -ші қабырғада аяқталады.

6. Көкет, диафрагма көкірек қуысын құрсақ қуысынан бөліп тұратын, пішіні күмбез тәрізді жалпақ бұлшық ет. Оның ортасындағы күмбез тәрізді сіңірлі төбесі көкірек қуысына бағытталған. Шеткі бұлшықет тік бөлігі бекитін орындарына байланысты бел, қабырға және төс бөлімдеріне бөлінеді. Бел бөлімінің бұлшық еттік ұштары оң және сол бұлшық ет аяқшалары түрінде бел омыртқаларында аяқталады. Диафрагма қабырға бөлімінің бұлшық еттік ұшы 8 -інші қабырға шеміршегін бойлай қабырғалардың ішкі бетінде аяқталады. Ал төс бөлімінің бұлшық еттік ұшы төссүйектің семсерше өсіндісінде аяқталады. Көкеттің бұлшық еттік бөлімдері жиырылғанда, диафрагма құрсақ қуысына қарай күшті тартылып, көкірек қуысын құрсақ қуысына қарай кеңейтеді.

Экспираторлар

1. Дорсальды тісше экспиратор көкірек керегесінің артқы жоғарғы жағында орналасады. Ол бірнеше тісше ет таспаларынан құралған. Дорсальды тісше экспиратор соңғы көкірек омыртқалардың жоталық өсінділерінен басталып, қабырғалардың омыртқалық ұштарының артқы жиектерінде аяқталады.

2. Ішкі қабырғааралық бұлшық еттер алдыңғы қабырғалардың артқы жиектерінен басталып, артқа және жоғары қарай бағытталып, кейінгі қабырғалардың алдыңғы ішкі жиектеріне бекиді. Ішкі қабырғааралық бұлшық еттер сыртқы қабырғааралық бұлшық еттерге кері бағытта жиырылып, қабырғаларды артқа және ішке қарай тартады.

3. Бел-қабырға бұлшық еті бел омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, соңғы қабырғаның артқы жиегінде аяқталады.

4. Көкіректің көлденең бұлшық еті төссүйектің дорсальды бетіндегі орталық сызықтан басталып, қабырғалар шеміршектерінде аяқталады.

Құрсақтың бұлшық еттері әр түрлі бағытта қабаттаса орналасып, құрсақ қуысындағы ішкі мүшелерді бірқалыпты жағдайда ұстап тұрады. Сонымен қатар, олар жиырыла отырып, ішкі мүшелерді сығып, кекіру, құсу, нәжіс пен зәр бөлу сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Тыныс алу процесіне де қатысады.

1.            Құрсақтың сыртқы қиғаш  бұлшық еті бесінші және алтыншы қабырғалардан бастап, соңғы қабырғаға дейінгі, олардың төменгі төссүйектік ұштарының сыртқы жиектерінен басталып, етті бөлігі сербекке қосымша бекиді. Одан соң ол каудо-вентральды жаққа қарай қиғаштала бағытталып, жалпақ сіңірге (апоневроз — лат.ароneurosis) айналады да, бекіп аяқталатын аумақтарына сәйкес құрсақ, сан, жамбас бөліктеріне бөлінеді. Жалпақ сіңірдің құрсақ бөлігі қарсы жақтың аттас сіңірімен қосыльш, құрсақтың төменгі бетіндегі ақсызықты құрайды. Апоневроздың жамбас бөлігі мықын және шат сүйектерге бекиді. Сан бөлігі шат төмпегінен басталып, ортан жіліктің медиальды бетіндегі шандырмен қосылып кетеді. Еркек жануарларда құрсақтың сыртқы қиғаш бұлшық еті сіңірінің құрсақ және  жамбас бөліктері аралықтарында шап өзегінің сыртқы теріасты сақинаша тесігі орналасады.

2.           Құрсақтың ішкі  қиғаш бұлшық еті  құрсақтың бүйір қабырғасының ортаңғы ет қабатын құрайды. Ол сербектен басталып, бұлшық еттік бөлігі қабырға доғасының ішкі бетіне бекіп, бұлшық еттің жалпақ шандыры құрсақтың вентральды бетінде қарсы жақтың аттас бұлшық еті шандырымен байланысып, ақ сызықты түзуге қатысады. Еркек жануарларда аталмыш бұлшық еттің каудальды жиегінде шап өзегінің ішкі сақинаша тесігі орналасады.

3.           Құрсақтың тік бұлшық еті көкіректің тік бұлшық еті сіңірінен, төртінші және алтыншы қабырғалар шеміршектерінен және төссүйектен басталып, құрсақтың вентральды бетіндегі ақсызықтың екі қапталымен бойлай созылып, шат сүйектің шат қыры мен шат төмпегінде аяқталады. Құрсақтың тік бұлшық еті құрсақтың сыртқы және ішкі қиғаш бұлшық еттері аралығында орналасады. Құрсақтың тік бұлшық етінде көлденең өтетін сіңірлі аралықтар болады. Жылқыда бұл еттің соңғы бөлігінен жұмыр сіңір бөлініп, жамбас-ортан жілік буынына бағытталып, оның қосымша байламына айналады да, ортан жілік басының шүңқырында аяқталады.

4.           Құрсақтың көлденең бұлшық еті бел омыртқалардың көлденең өсінділерінен және қабырға доғасының ішкі бетінен басталып, бұлшық еттің жалпақ сіңірі қарсы жақтың аттас бұлшық еті сіңірімен байланысып, ақ сызықты түзуге қатысады. Аталмыш бұлшық ет құрсақ қабырғасындағы бұлшық еттердің ең ішкі қабаты.

Алдыңғы аяқтың бұлшық еттері орналасу тәртібі мен атқаратын қызметіне байланысты иық, шынтақ, тізе және бақай буындарының бұлшық еттеріне бөлінеді. Аталған буындардағы қимыл-қозғалыстардың түрлеріне байланысты, оларға әсер ететін бұлшық еттер жазғыш (экстензор), бүккіш (флексор), жақындатқыш (аддуктор), алыстатқыш (абдуктор), сыртқа айналдырғыш (супинатор), ішке айналдырғыш (пронатор) бұлшық еттер болып бөлінеді. Жазғыш бұлшық еттер (экстензорлар) буын бұрышының төбесі жағында, ал бүккіш бұлшық еттер (флексорлар) буын бұрышының ішкі жағында орналасып, бір-біріне қарама-қарсы жүретін буынды жазу және бүгу қозғалыстарын іс жүзіне асыратын болса, жақындатқыш бұлшық еттер (аддукторлар) буынның ішкі медиальды бетінде орналасып, буынды тұлғаға қарай ішке тартып жақындату қозғалысына, ал алыстатқыш бұлшық еттер (абдукторлар) буынның сыртқы латеральды бетінде орналасып, алдыңғы қозғалысқа қарама-қарсы, буынды тұлғадан сыртқа қарай тартып алыстату қозғалысына әсер етеді. Супинаторлар буынның алдыңғы бетін сыртқы латеральды, ал пронаторлар оны, керісінше, ішкі медиальды жағына қарай бұрады.

Иық буыны құрылысы жағынан қарапайым (бір буын қуысы болады), қимылы жағынан көпбілікті (жілік басының пішіні шар тәрізді) буын. Иық буынын жауырын мен тоқпан жілік басы құрайды. Буынның бұлшық еттері буыннан жоғары, жауырын аумағында орналасып, бір-біріне қарама-қарсы қозғалыстарды іс жүзіне асыратын бірнеше бұлшық еттер топтарына: экстензорлар мен флексорларға, аддуктор мен абдукторға, супинаторлар мен пронаторға бөлінеді.

Экстензорлар:

1. Қыралды бұлшық еті жауырынның қыралды шұңқырынан басталып, өзінің екі ұшымен тоқпан жіліктің үлкен және кіші төмпешіктерінде аяқталады. Бұлшық етті сыртқы жағынан трапеция тәрізді және атлантакрамион бұлшық еттері жауып жатады.

2. Құс тұмсықша          - тоқпан жілік бұлшық еті жауырынның құс тұмсықша өсіндісінен басталып, тоқпан жіліктің дөңгелек бұдыры маңында аяқталады. Бұлшық ет иық буыны мен тоқпан жіліктің медиальды бетінде орналасады. Оны сыртынан терең кеуде бұлшық еті жауып жатады.

Флексорлар:

1. Дельта (атырау) тәрізді бұлшықет пішіні үшбұрышты, жауырын қырынан каудо-вентральды бағытта орналасқан жалпақ бұлшық ет. Аталмыш бұлшық ет қырарты және кіші жұмыр бұлшық еттерін сыртынан жауып жатады. Дельта тәрізді бұлшық ет екі бөліктен тұрады. Оның жауырын бөлігі жалпақ сіңір түрінде жауырын қыры мен қырарты бұлшық етінен бастау алады, ал бұлшық еттің акромион бөлігі жауырын акромион өсіндісінен басталады. Бұлшық еттің аталған екі бөлігі де, тоқпан жіліктің дельта тәрізді бұдырында аяқталады.

2. Кіші жұмыр бұлшық ет жауырынның дистальды бөлігінің артқы жиегінен басталып, тоқпан жіліктің дельта тәрізді бұдырының жоғарғы жағындағы шынтақ сызығының алдыңғы жиегінде аяқталады.

3. Үлкен жұмыр бұлшық ет жауырынның каудальды жиегінің жоғарғы жағынан басталып, тоқпан жілік диафизінің медиальды бетіндегі дөңгелек бұдырда аяқталады.

Аддуктор:

1. Жауырынасты бұлшық еті жауырынасты шұңқырдан басталып, токпан жіліктің медиальды кіші төмпешігінде аяқталады.

Абдуктор:

1. Қырарты бұлшық еті қырарты шұңқырынан басталып, тоқпан жіліктің латеральды үлкен төмешігінде аяқталады.

Шынтақ буыны күрделі және бір білікті буын. Шынтақ буынын тоқпан жіліктің дистальды, кәрі жілік пен шынтақ сүйектің проксимальды бастары құрайды. Буынның бұлшық еттері жауырын және тоқпан жілік аумақтарында орналасып, шынтақ буынына әсер етеді. Бір білікті буын болғандықтан, шынтақ буынына бір-біріне  қарама-қарсы жазу және бүгу қозғалыстарын қамтамасыз ететін екі бұлшық еттер тобы әсер етеді. Олар: экстензорлар және флексорлар.

Экстензорлар:

І. Иықтың үшбасты бұлшық еті алдыңғы аяқ қаңқа сүйектерінің үш жерінен басталады. Оның ұзын басы жауырынның каудальды жиегінің жоғарғы жағынан, латеральды басы тоқпан жіліктің шынтақ сызығынан, медиальды басы  тоқпан жіліктің медиальды бетінен басталып, үшеуі бірігеді де, шынтақ өсіндісінің төмпегінде аяқталады.

2. Білек шандырын кергіш бұлшық ет иықтың үшбасты бұлшық етінің ұзын басының медиальды бетінде жатқан жұқа, таспа пішіндес ет. Ол жауырынның каудальды жиегінен, үлкен жұмыр және арқаның тым жалпақ бұлшық еттерінің шандырларынан басталады да, шынтақ өсіндісінің төмпегі мен білек аумағы шандырында аяқталады.

3. Шынтақ бұлшық еті тоқпан жіліктің шынтақ шұңқырының жиегінен басталып, шынтақ өсіндісі төмпегінің  латеральды бетінде аяқталады.

Флексорлар:

1. Иықтың екібасты бұлшық еті  пішіні ұршық сабына ұқсас, иық және шынтақ буындарына қатар әсер ететін күшті сіңірлі ет. Ол сіңірлі ұшымен жауырын төмпегінен басталып, екі бөлікке бөлінеді. Оның бір сіңірлі құйрығы кәрі жілік бұдырында, ал екінші сіңірлі құйрығы шынтақ буынының медиальды бүйір байламында аяқталады.

2. Тоқпан жілік бұлшық еті тоқпан жілік мойнының латеральды және пальмарлы беттерінен басталып, иықтың екібасты бұлшық етінен сәл төменірек кәрі жілік бұдырында аяқталады.

Тізе буыны  құрылысы күрделі және бір білікті буын. Тізе буынын кәрі жілік пен шынтақ сүйектің дистальды бастары, тізе сүйектері және алдыңғы жіліншіктің проксимальды бастары құрайды. Буынның бұлшық еттері алдыңғы аяқтың білек аумағында орналасып, тізе буынына әсер етеді. Бір білікті болғандықтан, тізе буынына әсер ететін бұлшық еттер: бір-біріне қарама-қарсы қызметтер атқаратын жазғыш және бүккіш бұлшық еттер топтарына бөлінеді.

Экстензорлар:

1. Тізені жазғыш кәрі жілік бұлшық еті білек сүйектерінің, оның ішінде кәрі жіліктің дорсальды бетінде жатқан қомақты ет. Ол тоқпан жіліктің латеральды (жазғыш) айдаршық үстінен басталып, алдыңғы жіліншіктер бұдырында аяқталады.

2. Үлкен саусақты алыстатқыш ұзын бұлшық ет кәрі жіліктің төменгі латеральды бетінен басталады. Еттің сіңірлі қалдығы медиальды және дистальды бағытта қиғаштала төмен бағытталып, тізе буынының дорсальды бетіне шығады да, II алдыңғы жіліншіктің проксимальды басында аяқталады.

Флексорлар:

І. Тізені жазғыш шынтақ бұлшық еті тоқпан жіліктің жазғыш /латеральды/ айдаршық үстінен басталады. Тізені жазғыш шынтақ бұлшық еттің аяқталатын екі сіңірлі құйрығы болады. Оның дорсальды сіңірлі құйрығы V және IV алдыңғы жіліншіктердің проксимальды бастарында, ал пальмарлық сіңірлі құйрығы тізе сүйектерінде аяқталады.

2. Тізені бүккіш шынтақ бұлшық еті тоқпан жіліктің медиальды (бүккіш) айдаршық үстінен және шынтақ бұдырының медиальды бетінен басталып, қосымша тізе сүйекте аяқталады.

3. Тізені бүккіш кәрі жілік бұлшық еті тоқпан жіліктің бүккіш (медиальды) айдаршық үстінен басталып, алдыңғы жіліншіктің проксимальды басында аяқталады.

Бақай буындарының бұлшық еттері білек аумағында орналасып, бақай буындарына әсер етеді. Бақай буындарына: тұсамыс буыны топай буыны және тұяқ буыны жатады. Бақайдың жеке буындары құрылысы (буынды алдыңғы жіліншіктердің дистальды бастары, тұсамыс, топай, тұяқ сүйектер кұрайды) қарапайым және бір білікті буындар. Бақай буындары бір білікті буындар болғандықтан, оларға қарама-қарсы бағытта жұмыс атқаратын жазғыш және бүккіш бұлшық еттер топтары әсер етеді. Бақай буындары бұлшық еттерінің құрсақтары білек сүйектері аумақтарында жатады, ал олардың сіңірлері бақай сүйектеріне бекиді. Жазғыш бұлшық еттер білек сүйектерінің дорсолатеральды, ал бүккіш бұлшық еттер оның медиопальмарлық бетінде орналасады.

 

 

Экстензорлар

І. Бақайдың жалпы жазғыш бұлшық еті тоқпан жіліктің жазғыш (латеральды) айдаршықүстінен басталады. Бұлшық еттің құрсағы білек сүйектерінің дорсолатеральды бетінде орналасады. Білек сүйектерінің дистальды бөлігінде ет құрсағы бір немесе бірнеше сіңірлерге айналып, кәрі жілік сайы арқылы тізе мен бақай сүйектері аумақтарына бағытталады да, тұяқ (итте тырнақ) сүйектің жазғыш өсіндісіне барып аяқталады. Бақайдың жалпы жазғыш бұлшық еті жануарлар бақайларының санына байланысты бірнеше жекеленген сіңірлерге бөлініп барып, тұяқ (тырнақ) сүйектерде аяқталады.

2. Бақайдың бүйірлік жазғыш бұлшық еті бақайдың жалпы жазғыш бұлшық еті мен тізені жазғыш шынтақ бұлшық етінің арасында орналасады. Ол шынтақ буынының бүйірлік байламынан, кәрі жіліктің байлам төмпегінен және шынтақ сүйектің латеральды бетінен басталып, тұсамыс және топай сүйектердің латеральды беттерінде аяқталады.

Флексорлар:

1. Бақайдың беткей бүккіш бұлшық еті тоқпан жіліктің бүккіш (медиальды) айдаршықүстінен басталып, ІІ-V бақайлардың тұсамыс сүйектерінің дистальды, топай сүйектерінің проксимальды бөлігінде аяқталады. Оның латеральды және медиальды сіңірлі ұштарының арасымен бақайдың терең бүккіш бұлшық етінің сіңірі өтеді.

2. Бақайдың терең бүккіш бұлшық еті білек сүйектерінің пальмарлы бетінде орналасады. Оның тоқпан жіліктік, кәрі жіліктік және шынтақтық бастары болады. Бұлшық ет тоқпан жіліктің медиальды айдаршықүстінен, кәрі жілік пен шынтақ сүйектің проксимальды бастарынан басталып, бір-бірімен бірігеді де, бұлшық ет сіңірі бақайдың санына сәйкес ажырап, тұяқ (тырнақ) сүйектерде аяқталады.

Бақайдың қысқа бұлшық еттеріне алдыңғы жіліншіктердің проксимальды бастарынан басталып, тұсамыс буынның артқы тиекше сүйектерінде аяқталатын сүйектер аралық бұлшық еттерді жатқызады.

Артқы аяқтың бұлшық еттері орналасу орындары мен буындардағы қозғалыстарды іске асыру сипатына байланысты жамбас ортан жілік, тобық, тілерсек және бақай буындарының бұлшық еттері болып бөлінеді.

Жамбас-ортан жілік буыны құрылысы қарапайым, көпбілікті буын. Бұл буын жамбас сүйектің ұршық шұңқыры мен ортан жіліктің басынан құралған. Жамбас-ортан жілік буыны көп білікті болғандықтан, буынға барлық бұлшық еттер топтары әсер етеді. Жамбас-ортан жілік буынының бұлшық еттері жануарлар денесінің бөксе және сан аумақтарында орналасып, олардың кейбіреулерінің сіңірлі ұштары сирақ аумақтарында аяқталады.

Экстензорлар.

Жамбас-ортан жілік буынының жазғыш бұлшық еттері орналасу орындарына сәйкес: бөксе және санарты бұлшық еттер топтары болып екіге бөлінеді.

 

 

Бөксе бұлшық еттер тобы

1. Беткей бөксе бұлшық еті  жануарлар денесінің сауыр аумағының терісі мен беткей шандыры астында, санның екібасты бұлшық етінің алдыңғы жағында орналасады. Беткей бөксе бұлшық еті тек жылқыда ғана жақсы жетілген. Ол мықын сүйектің сербек және құйымшақ төмпегінен басталып, ортан жіліктің үшінші ұршығында аяқталады. Сиырда, шошқада, ұсақ малдарда ол көршілес еттермен бірігіп кетеді.

2. Ортаңғы бөксе бұлшық еті сербектен, құйымшақ төмпегінен және бел аумағынан басталып, ортан жіліктің үлкен ұршығына барып бекиді. Бөксе бұлшық еттерінің ішіндегі ең қомақтысы.

3. Қосымша бөксе бұлшық еті ортаңғы бөксе бұлшық етімен бірігіп кетеді. Ол мықын сүйек қанатынан басталып, үлкен ұршықта аяқталады.

4. Терең бөксе бұлшық еті ортаңғы бөксе бұлшық етінің астында орналасады. Ол шоңданай қырынан басталып, ортан жіліктің үлкен ұршығында аяқталады.

5. Алмұртша бұлшық ет жеке бұлшық ет ретінде тек итте ғана кездеседі. Алмұртша бұлшық ет құйымшақ сүйек пен құйымшақ-шоңданай байламынан басталып, бұлшық еттің сіңірлі құйрығы ортан жіліктің үлкен ұршығында аяқталады. Бұлшық ет беткей бөксе бұлшық етінің астында жатады.

Санарты экстензорлар тобының бұлшық еттері:

1. Санның екібасты бұлшық еті жамбас пен сан аумағы терісі мен шандыры астында орналасқан ет. Оның бір басы құйымшақ сүйектің жоталық өсінділері мен құйымшақ шоңданай байламынан, ал екінші басы шоңданай төмпегінен басталып, бұлшық еттің екі басы ортақ құрсаққа бірігеді де, жалпақ сіңірге айналады. Аяқталатын жерлеріне байланысты бұлшықеттің жалпақ сіңірі тобықтық, асықты жіліктік және өкшелік тармақтарға ажырайды. Олар тобық аумағының, асықты жілік қырының және өкше төмпегінің латеральды бетінде аяқталады. Бұлшық еттің өкшелік тармағы басқа бұлшық еттердің сіңірлерімен қосылып, тірсек сіңірін /ахилл сіңірі/ құрайды. Ол өкше төмпегінде аяқталады.

2. Жартылай сіңірлі бұлшық ет санның екібасты бұлшық етінің каудальды жағындағы тері мен беткей шандыр астында орналасады. Ол шоңданай төмпегі (шоңданайлық басы) мен құйымшақ сүйектен (омыртқалық басы) басталады. Бұлшық ет медио-дистальды бағытта тобық буынының тұсында сіңірге айналып, асықты жілік қырында аяқталады. Сонымен қатар, ол тігінші, сымбат бұлшық еттерінің сіңірлерімен және сирақ шандырымен бірігіп, өкше төмпегінің медиальды бетінде аяқталады.

3. Жартылай жарғақты бұлшық ет жартылай сіңірлі бұлшық еттен кейін, сауырдың артқы жағындағы тері мен беткей шандыр астында орналасады. Ол шоңданай сүйектен жылқыда қосымша құйымшақ сүйектен басталып, ортан жілік және асықты жілік айдаршықтарының медиальды бетінде аяқталады.

4. Санның шаршы бұлшық еті шоңданай сүйек денесінің төменгі бетінен басталып, ортан жіліктің ұршық шұңқырында аяқталады.

Флексорлар:

1. Үлкен бел бұлшық еті соңғы көкірек және алдыңғы бел омыртқалардың денелерінен басталып, ортан жіліктің кіші ұршығында аяқталады.

2. Мықын бұлшық еті мықын және құйымшақ сүйектері қанаттарынан басталып, ортан жіліктің кіші ұршығында аяқталады. Үлкен бел және мықын бұлшық еттері ортан жіліктің кіші ұршығында аяқталатындықтан, оларды біріктіріп, мықын-бел бұлшық еті — деп те атайды.

3. Санның жалпақ шандырын кергіш бұлшық ет санның алдыңғы бетін ала сербек, жамбас-ортан жілік және тобық буындары аралығындағы үшбұрышты кеңістікте орналасады. Оның сіңірлі басы сербектен және ортаңғы бөксе бұлшық етінен басталады. Бұлшық ет құрсағы желпуіш тәрізді каудо-вентральды бағытта тарамдалады да, оның сіңірлі құйрығы санның жалпақ шандырымен бірігіп кетеді. Санның жалпақ шандырын кергіш бұлшық ет тобық сүйек пен асықты жіліктің қырында аяқталады.
Еттің каудальды бөлігі беткей бөксе бұлшық етімен бірігіп кетеді.

4. Тігінші бұлшық еті санның медиальды бетіндегі ұзынша келген таспа пішіндес ет. Ол кіші бел бұлшық етінің сіңірі мен мықын сүйек денесінен басталып, тобықтың медиальды бетіндегі шандырда аяқталады.

5. Қырлы бұлшық ет мықын-шат дөңесінен басталады. Үшбұрышты келген ет құрсағы қиғаш бағытталып, ортан жіліктің медиальды бетіндегі кіші ұршықтан сәл төменірек барып аяқталады. Тігінші және қырлы бұлшық еттерінің аралықтарымен ірі қан тамырлары болатын сан өзегі өтеді.

Аддукторлар:

1. Сымбат бұлшық еті санның медиальды бетінде жатқан жалпақ кальций ет. Ол жамбас жігінен және құрсақтың тік бұлшық еті сіңірінен басталады. Тобық буынының тұсында жалпақ сіңірге айналып, тобық сүйектің тік байламында асықты жілік қырында және сирақ шандырында аяқталады.

2. Санды жақындатқыш бұлшық ет шах сүйектен және жапқыш тесігінің медиальды және каудальды жиектерінен басталып, ортан жіліктің кіші ұршығы мен медиальды айдаршығы аралығында аяқталатын ет.

Супинаторлар:

1. Сыртқы жапқыш бұлшық ет пішіні үшбұрышты келген жалпақ ет. Ол жамбас сүйектің вентральды бетінен және жапқыш тесіктің медиальды бетінің сыртқы жиегінен басталып, оның сіңірлі құйрығы ортан жіліктің ұршық шұңқырында аяқталады.

2. Ішкі жапқыш бұлшық ет жамбас астауының төменгі бетінің дорсалъды жағында орналасқан үшбұрышты жалпақ ет. Ол жапқыш тесіктің алдыңғы және медиальды жиектерінен басталып, ішкі жапқыш бұлшық еттің сіңірлі құйрығы ортан жіліктің ұршық шұңқырында сыртқы жапқыш бұлшық етпен бірге аяқталады.

Қосарлы бұлшықеттер таспа тәрізді жіңішке келген бұлшық еттер. Қосарлы бұлшық еттер жамбас сүйектің кіші шоңданай ойығының жиегінен басталып, сыртқы және ішкі жапқыш бұлшық еттердің сіңірлі құйрықтарының арасымен ортан жіліктің  ұршық шұңқырында аяқталады.

Тобық буыны құрылысы күрделі және бір білікті буын. Тобық буынының бұлшық еттері артқы аяқтың сан аумағында жатып, төменде орналасқан тобық буынына әсер етеді. Тобық буынын тобық сүйек, ортан жіліктің дистальды және асықты жілік пен шыбық сүйектің проксимальды бастары, олардың аралықтарындағы латеральды және медиальды шеміршек тегіршектер кұрайды. Буын бір білікті болғандықтан, тобық буынында бір-біріне қарама-қарсы жұмыс атқаратын жазғыш және бүккіш бұлшық еттер топтары болады.

Экстензор:

 1. Санның төртбасты бұлшық еті ортан жіліктің алдыңғы жағында орналасқан қомақты тым қалың ет. Бұлшық еттің төрт басы болады. Олар: тік, латеральды, медиальды және аралық бастар.

Тік басы немесе санның тік бұлшықеті бұлшық еттің латеральды және медиальды бастарының аралығында жатқан ең қомақты бұлшық ет. Ол ұршық шұңқырының жоғарғы жағындағы мықын сүйек төмпегінен немесе шұңқырынан басталады. Еттің дистальды бөлігі санның төртбасты бұлшық етінің басқа бастарымен бірігіп кетеді.

Латеральды басы немесе қалың латералды бұлшық ет ортан жіліктің проксимальды бөлігінің латеральды бетінен басталып, еттің дистальды құйрығы бұлшық еттің тік басымен қосылып кетеді.

Медиальды басы немесе қалың медиальды бұлшық ет ортан жіліктің медиальды бетінен басталып, бұлшықеттің аралық басына қосылады.

Аралық басы немесе қалың ішкі бұлшық ет ортан жіліктің дорсальды бетінен басталып, бұлшық еттің латеральды немесе медиальды басымен бірігіп кетеді. Санның төртбасты бұлшық еті бастарының барлығы бірігеді де, тобыққа барып бекіп, одан әрі тобық байламдары арқылы асықты жілікте аяқталады.

Флексор:

І. Тобық басты бұлшық еті асықты жіліктің проксимальды бөлігінің плантарлық бетінде, балтыр етінің астында орналасады. Ол ортан жіліктің латеральды айдаршық үстінің тобықасты шұңқырынан басталып, медио-дистальды бағытта қиғаштала өтіп, асықты жіліктің плантарлы бұдырының медиальды жиегінде аяқталады.

Экстензор

1.Сирақтың үшбасты бұлшық еті.  Балтыр бұлшық етінің латеральды және медиальды бастары мен өкше бұлшық етінен кұралған, сирақ аумағының артқы плантарлы жағында орналасқан қомақты ет.

Балтыр бұлшық етінің  латеральды және медиальды екі басы болады. Олар ортан жіліктің айдаршықүсті шұңқырының латеральды және медиальды жиектерінен басталып, өкше бұлшық етімен бірігеді де, сирақтың үшбасты бұлшық еті — деп аталады. Бұлшық еттің сіңірі тірсек сіңірінің құрамында өкше төмпегінде аяқталады.

Өкше бұлшықеті таспа тәріздес қысқа ет. Ол шыбық сүйек басынан басталып, балтыр бұлшық етімен бірігіп кетеді.

Флексорлар

1. Асықты жіліктің алдыңғы бұлшық еті асықты жіліктің алдыңғы бетінде орналасады. Ол асықты жіліктің проксимальды басынан басталып, тілерсек және артқы жіліншік сүйектердің проксимальды бастарында аяқталады.

2. Асықты жіліктің артқы бұлшық еті асықты жіліктің артқы (плантарлы) бетінде орналасады. Ол бөлек бұлшық ет ретінде тек итте ғана кездеседі, ал басқа жануарларда бақайды бүгетін терең бұлшық еттің құрамында болады. Асықты жіліктің артқы бұлшық еті шыбық сүйектің проксимальды бөлігінен басталады. Ет құрсағы асықты жіліктің медиальды жиегімен дистальды бағытта төмен түсіп, итте орталық және I тілерсек сүйектерде, ал баска жануарларда бакайды бүгетін терең бұлшық еттің сіңірінде аяқталады.

3. Үшінші шыбық бұлшық еті ортан жіліктің латеральды айдаршықүсті жазғыш шұңқырынан және бақайдың ұзын жазғыш бұлшық еті сіңірінен басталып, асықты жіліктің жазғыш сайы арқылы өтеді де, сирақ аумағында бақайдың ұзын жазғыш бұлшық етінен ажырайды. Тілерсек буынының тұсында сіңірге айналып, жіліншік сүйектерде аяқталады.

4. Шыбықтың ұзын бұлшық еті сирақ аумағы сүйектерінің латеральды жағында орналасады. Ол шыбық сүйек пен асықты жіліктің латеральды айдаршығынан басталып, оның сіңірлі құйрығы сирақ аумағының төменгі тұсының латеральды бетінен, IV тілерсек және артқы жіліншік сүйектері аралықтарындағы саңылау арқылы тілерсек буынының плантарлы (артқы) жағына өтіп, медиальды бағытта I немесе II тілерсек, болмаса I артқы жіліншік басында аяқталады.

5. Шыбықтың қысқа бұлшық еті  тек итте ғана болады. Ол шыбық сүйектің дистальды бөлігінен басталып, V артқы жіліншік басында аяқталады.

Бақай буындарының бұлшық еттері артқы аяқтың сирақ аумағында орналасып, сіңірлері арқылы бақай буындарына (тұсамыс, топай, тұяқ) әсер етеді. Бақай буындары кұрылысы қарапайым және бір білікті буындар. Буынның жазғыш бұлшықеттері сирақ аумағының латеро-краниальды және артқы аяқ басының алдыңғы бетінде, ал бүккіш бұлшық еттері сирақ аумағының каудальды беті мен артқы аяқ басының плантарлы (артқы) бетінде орналасады.

Экстензорлар

І. Бақайдың ұзын жазғыш бұлшық етінің құрсағы асықты жіліктің дорсальды бетінде жатады. Ол ортан жіліктің латеральды айдаршықүсті жазғыш шұңқырынан басталып, асықты жіліктің жазғыш сайы арқылы, оның дорсо-латеральды бетінде шығады. Бұлшық еттің сіңірлі құйрығы жануарлар бақайларының санына сәйкес сіңірлі бөліктерге ажырайды да, тұяқ (итте — тырнақ) сүйектің жазғыш өсіндісінде аяқталады.

  2. Бақайдың бүйірлік жазғыш бұлшық еті сирақ аумағының латеральды бетінде жатады. Ол асықты жілік пен шыбық сүйектің латеральды айдаршықтарынан басталып, топай сүйекте аяқталады.

3. Үлкен бақайдың ұзын жазғыш бұлшық еті жеке бұлшық ет ретінде тек ит пен шошқада кездеседі. Ол шыбық сүйектен басталып, асықты жіліктің алдыңғы бұлшық еті сіңірімен бірге II бақайда (тырнақта) аяқталады.

Флексорлар

1. Бақайдың беткей бүккіш бұлшық еті ортан жіліктің айдаршықүсті шұңқырынан басталып, балтыр етінің латеральды басымен бірігіп кетеді де, өкше төмпегінің латеральды жене медиальды беттеріне бекіп, одан әрі бұлшық еттің сіңірлі құйрығы екіге бөлініп, тұсамыс пен топай сүйектерінде аяқталады.

2. Бақайдың терең бүккіш бұлшық еті асықты жіліктің плантарлы бетінде жатады. Ол асықты жліктің латеральды айдаршығы мен шыбық сүйектен және асықты жіліктің артқы плантарлы бұдырынан үш бас болып басталып бірігеді де, бұлшық ет сіңірі бақайдың санына сәйкес ажырап, тұяқ (тырнақ) сүйекте аяқталады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 15:57:39     Қаралды-29563

ҚҰСТАРҒА ҚАУЫРСЫН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Құстар жылыну және ұшу үшін қауырсындарды қажет етеді...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТТЕР НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Магниттерді қолданудың жүздеген әдістері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Қарапайым тілмен айтқанда, магнит темірді тарта алатын дене.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КРАН НЕ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

...

Кран (мұнара краны деп атау дұрысырақ болар еді) қазіргі кез келген құрылыс...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАГНИТ ӨРІСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Магнит өрісі – магниттің айналасындағы аймақ, оның шегінде магниттің сыртқы заттарға әсері сезіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРАЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

...

Аралардың адамдарды тамақтандырудағы негізгі үлесі олардың өндіретін балында емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ІНЖУ-МАРЖАННЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

...

Соңғы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен інжу 1934 жылы Оңтүстік Қытай теңізінде Филиппиннің Палаван аралында салмағы 300 кг-нан асатын меруерт табылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЛИМАТТЫҚ БЕЛДЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

...

Жер шарының әртүрлі жерлерінде климат айтарлықтай ерекшеленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕГИПЕТТЕ ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

...

Мысырдағы Гиза қаласындағы пирамидалар бес мың жыл бойы әлемде бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »