ҚАЗАҚСТАН ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ
Қазақстан территориясы жануарлары жөнінен, бүкіл СССР жері сияқты, Голарктикалық зоогеографиялық облыстың Палеарктикалық бөлімінің құрамына кіреді. Шөлі мен шөлейті жерортатеңіздік, дала зонасы мен таулы аймағы орталық азиялық облыс тармағына жатады. Көптеген зоогеографтар Қазақстанның оңтүстігіндегі жазық жерлі бөлігін орталық азиялық облыс тармағына жатқызды.
Қазақстанның қазіргі кездегі фаунасының тарихи даму тегінің арғы тармағы неоген дәуіріне дейін барады, бірақ оның құрылымы мен таралу ерекшеліктерінің негізі плейстоцен дәуірінде, әсіресе жалпы мұз дәуіріндежәне бұдан кейінгі климат жағдайының өзгеруіне байланысты қалыптасқан. Республика территориясында сүт қоректілердің 158, құстардың 485, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтардың 150 түрі және омыртқасыз жануарлардың мыңдаған түрі тіршілік етеді.
Жалпы сипаттамасы. Қазақстан фаунасы біркелкі емес және оны та- ралу тегі мен геологиялық-географиялық жасы жағынан әр түрлі жануарлар түрлері құрайды. Құстар, сүт қоректілер және насекомдар фаунасының шыққан тегі - арктикалық, сібірлік, европалық, монғолиялық, қытайлық, тибеттік, үнді-гималайлық, алдыңғы азиялық жануарлар және оның қазақстандық эндемик түрлері де бар.
Эндемиктердің арасында қосаяқтардың екі түрі - жуан құйрық қос-аяқ және Житков қосаяғы, сондай-ақ жалман, қалқанқұлақ, алтай сұр тышқаншасы бар. Бұнымен қатар қазіргі кезде СССР жерінде тек Қазақстанда ғана кездесетін үш түр (орташа саршұнақ, сары алақоржын, май құйрықты ергежейлі қосаяқ) таралған. Құстардан қара боз торғай, тарғақ, азия шүрілдек торғайы тек Қазақстанда ғана кездеседі. Қазақстан эндемиктерінің ішінде жануарлар систематикасында өзіндік ерекше түр ғана емес, тіпті жеке туыс не тұқымдас құратын түрлер де (мыс., қалқанқұлақ) бар. Бұл жағдай Қазақстанның шөл дала жануарлары түр құрамының қалыптасу кезеңінің едәуір көне екендігін көрсетеді. Өзіндік ерекшелігі бар түрлер, мыс., сексеуіл жорға торғайы, жіңішке башайлы саршұнақ, Лихтенштейн қосаяғы, торала жертесер Қазақстанға Орта Азиядан таралған.
Фауна құрамындағы жануарлар түрінің таралып шыққан тегі бірдей болмағандықтан, олардың әрқайсысы белгілі бір географиялық зонаны, оның ішінде өзіне тән жерлерді мекендейді. Арктикалық түрлер Алтай мен Тарбағатайдың биік таулық альпілік жерлерін, европалық түрлер Қазақстанның солтүстік, солтүстік-батыс бөлігіндегі ормандарын және аздап дала өңірін мекендесе, монғолиялық түрлер сазды және қиыршық тасты шөлдерде (Бетпақдалада) көп болса, алдыңғы азиялық түрлер тау шөлдері белдеулерінде не тау алды бұта қопаларында кездеседі.
Климаттық жағдай әсерінен Қазақстан фаунасында оңтүстік субтропик не тропик жануарлары типтес түрлері көбірек кездеседі және бұлардың солтүстікке қарай едәуір жерге дейін таралғаны байқалады. СССР-дің батыс бөлігінде, Қырымда және Кавказдың оңтүстік беткейінде ғана кездесетін құршаяндар Қазақстанда Солтүстік Арал маңына, тіпті Бетпақдала шөлінің солтүстік бөлігіне дейін таралған.
Арал маңында кесірткелер түрі көп. Оның ішінде жылы ауа райына бейімделген түрлері де бар. Жалпы СССР фаунасында аз кездесетін, оңтүстік фауна тобына жататын геккондардың 6 түрі кездеседі. Қазақстанның солтүстігінде оңтүстік құстарға жататын бұйра бірқазан, қарабай, жалбағай, құтан, ұзын сирақ балшықшы, бізтұмсық, көкқарға, алтын түсті және жасыл түсті бұл-бұл торғайлар ұялайды. Бұл аталған құстар түрімен туыстас түрлер негізінен тропик ормандарына тән. Бұнымен қатар Қазақстанның жазық жер фаунасында тегі солтүстік пен оңтүстікке таралған түрлер де бар. Мыс., қара жемсаулы гагара Іле ө. атырауына дейінгі жерде ұялайды, ал сұңқылдақ ақку Каспий теңізінің солтүстік жағалауына дейін кездеседі.
Қазақстанның ашық ландшафтылары фаунасында ауыр денелі, жорғалап жүретін қоңыздар, секіріп қозғалатын тік қанаттылар, жартылай қатты қанаттылар басым келеді. Бұл - еліміздің өзіндік ерекшелігі бар, айлық орташа жылдамдығы 1 м/сек-тан асатын жел жағдайының әсерінен пайда болған ерекшелік.
Фауна ерекшелігі ауаның аса құрғақшылығына байланысты пайда болған. Қазақстанның әдетте ылғалды таулы өңірлерінде көп таралған топырақ құрттары мен жалаңаш шырыштар басқа жерлерде сирек кездеседі. Құрғақ зоналарда қос мекенділер аз және олар кездейсоқ таралған; денесіндегі суды үнемді пайдаланатын жануарлар (сүт қоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар) не қатты хитин қабықтылар (насекомдар) түрі басым келеді. Бұл зоналарға төн жануарлар су режимі нің өзіндік ерекшелігіне әр түрлі жолмен бейімделген. Шөп қоректі ірі сүт қоректілер - құлан, ақбөкен, қарақұйрық жайылған жерінен су ішуге 10-15 км жерге дейін бара береді. Бұл жануарлар су сапасын онша талғамайды, Каспий мен Арал теңіздерінің суын, тартылып қалатын көлдердің ащы суын да іше береді, ал қыста су орнына қар жейді. Шөл зонасына нағыз тән құстар - бұлдырық, қылқұйрық су ішуге ондаған км жерге ұшып барады. Қасқыр, түлкі, қарсақ және жабайы мысықтар да су іздейді. Қыранқара, ақсары, ақбас тырна, балшықшылардың көптеген түрі, қараторғай және бозторғайлар көбіне су басында кездеседі. Қазақстанға тән құстар (мыс., дуадақ, безгелдек, сексеуіл жорға торғайы, шақ-шақ торғайлар) су тапшылығына көнбісті келеді. Кемірушілер өсімдік құрамындағы ылғалмен қанағаттанады. Саршұнақ пен суырлар өсімдіктің қурауына байланысты жазғы ұйқыға жатады, ал топырақ арасында жүріп, өсімдік баданасы, тамыр сабақтарымен қоректенетін соқыртышқан кәдімгідей тіршілік ете береді, ұйқыға жатпайды. Жіңішке башайлы саршұнақ, қосаяқтар өсімдік баданасы тамырындағы т. б. қорегі құрамындағы ылғалмен қанағаттанады. Жазда тіршілік әрекетін күндіз өткізетін насеком, кесіртке, жыландардың біразының активтілігі баяулап, қимыл-әрекетін тоқтату жағдайына көшеді, ал кейбір түрлері таңертеңгі және кешкі салқында ғана активті келеді. Құстар сәске түс кезінде көлеңкелерде тынығады, кейбір түрлері кемірушілер ініне жасырынады. Шөлді жерде таралған жануарлар арасында тіршілік әрекетін түнде өткізетін жануарларға қарағанда, тіршілік әрекетін күндіз еткізетін жануарлар түрі аз болады. Түн насекомдарының көптігіне байланысты жарқанат, құлақты кірпі, гөккондар, балшықшы-жылқышы, түн кептері тіршілік әрекеттерін түнде өткізеді.
Қазақстанның қысы қатты, ауа температурасы өте төмен, желі өте күшті болады. Жазық жер жануарлары оісындай ауа райының ұзақ уақыт қолайсыз жағдайына төзіп, тіршілік етеді. Бұнымен қатар Қазақстанның көпшілік жерінің қар жамылғысы өте жұқа болады, сөйтіп ірі сүт қоректілердің (тұяқтылардың) және кейбір ұсақ сүт қоректілердің (шақылдақ, жертесер) тіршілігіне қолайлы болады.
Қазақстанның жазық болігінде қыс кезінде жануарлар түрі азаяды. Тұяқтылар оңтүстік аудандарға қоныс аударады, көптеген кемірушілер (суыр, саршұнақ, қосаяқ) қысқы ұйқыға жатады. Бозшаторғайдың көптеген тұрі, насеком қоректі ұсақ құстардың барлық түрі, даланың жыртқыш құстары, дала мен су жиегінің балшықшы құстары, құтан, батпақ тауықшасы, қасқалдақ, барлық су құстары (өзен, көл шағалалары, үйрек, аққу, бірқазан, қоқиқаз) жылы жаққа қайтып кетеді. Қазақстанда жазда тіршілік етіп қана, күзде қайтып кететін құстар орнына солтүстік жақтан ақбас торғай, жолторғай, полярлық ақ жапалақ т. б. құстар ұшып келіп қыстайды.
Қазақстан сүт қоректілері арасында ңысқы ұйқыға жататын түрлердің көп болуы - жаз бен қыс жағдайлары арасындағы күрт айырмашылық, азық жағдайының өзгеру салдары. Солтүстік зонада қысқы ұйқыға жататып сүт қоректілердің онға жуық түрі бар. Бұлар: кәдімгі кірпі, құлақты кірпі, үлкен саршұнақ, қызылұрт саршұнақ, борсық, суыр, дала тышқаншасы, үлкен қосаяқ, қосаяқ емуранчик. Кәдімгі аламан және аламанша қысты інінде өткізіп, жазда жинаған өсімдік дәндерімен қоректенеді. Ұсақ сұртышқандар қар астында тіршілік етеді.
Қазақстанның шөлді аймағында және құрғақ даласында қысқы ұйқыға жататын жануарлар түрі бұдан да көп (20-дан астам түр). Солтүстік зонаға тән борсық, дала тышқаншасы, кірпінің, саршұнақтың және қосаяқтың екі түрінен басқа кіші саршұнақ, орташа саршұнақ, сары саршұнақ, қосаяқтың 10-ға жуық түрі және қалқанқұлақ бар.
Қазақстанның географиялық ортасының өзіндік ерекшеліктерінің бірі - жазда тегі тропик түрлер типтес жануарлар көп болатын жерлерде қыста терісі, түгі, қауырсыны қар түстес аңдар мен құстардың бірнеше түрлерінің кездесуі. Бұларға ақкекілік, аққоян, ақкіс, аққұлақ, жоңғар аламаншасы, орқоян жатады. Орталық және оңтүстік жазықтарына бөкендер, жабайы мысықтардың кейбір түрлері, әр түрлі жүгіргіш құстар тән және бұлардың ішінде тегі Орталық Азияның қарсыз суық өңірлерінен және Африканың жылы шөлдерінен таралған түрлер де бар.
Оңтүстік Казақстанның теңіз деңгейінен 1600-1800 м биіктікке дейінгі тау алды өңірлерінің қысқы орнитофаунасының да өзіндік ерекшелігі бар. Бұнда қызыл құйрық торғай, біз тұмсық шөже, қара шымшық қыстайды. Қыста қатпайтын өзендер бойында су насекомдарының личинкасын іздеген сушылқара кездеседі. Сырдария тоғайларында үйрек, крохаль үйрек, шағала, жыртқыш құстар қыстайды. Қазақстанның батыс жағы жылылау болғандықтан құс қыстауға қолайлырақ келеді. Қыс жағдайының қолайлылығына байланысты суық бозторғай Жайықтың төменгі ағысы бойынан батысқа қарай едәуір көп таралған. Осы арада ақбөкен, түлкі, орқоян тұрақты тіршілік етеді. Еділ - Жайық құмдарында бозторғай, ақтұмсық қарға, бөдене, құладын, батпақ жапалағы, шұбар шымшық, қамыс сары торғайы, дуадақ, сұр кекілік, ұзақ қарға және ала қарға қыстап қалады.
Қазақстан фаунасы құрамындағы құлан, қарақұйрық, ақбөкендер жаз бен қыста жайылатын жайылым жерлерінің алшақтығына байланысты маусымдық мекен ауыстырады. Нейбір кемірушілер (мыс., дала алақоржыны, үлкен құмтышқан, монғол шақылдағы, Стрельцов сұртышқаны, сары алақоржын т. б.) қысқы қорегі ретінде жазда шөп қорын дайындайды.
Жануарлар дүниесін табиғи зоналар, аймақтар және интразоналық бөліктер бойынша сипаттау. Қазақтанның фаунасы, басқа географиялық компоненттері сияқты республика жерін қамтитын табиғи зоналар бойынша сипатталады. Осыған байланысты Қазақстан жерін төмендегідей зоогеографиялық аудандастыру тәртібі қабылданған:
- орманды дала зонасының СолтүстікҚазақстандық бөлігі;
- дала зонасы (республика территориясында батыс, орталық және шығыс бөліктерге ажырайды);
- шөл дала (шөлейт) зонасы (негізінен Ұлытау, Сарыарқа, Зайсан қазан шұңқыры);
- шөл зонасы (Солтүстік Арал-Каспий шөлі, Бетпақдала, Алакөл, Үстірт, Қызылқұм, Мойынқұм, Оңтүстік Балқаш маңы, Шу-Іле өңіріне бөлінеді);
- Қазақстанның таулы аймақтары (Алтай, Сауыр-Тарбағатай, Жоңғар, Шығыс Тянь-Шань, Батыс Тянь-Шань, Қаратау, Ұлытау, Сарыарқа);
- интразоналық бөліктер (тоғай, өзен аңғарлары, көл маңы қазан шұңқырлары);
Орманды дала зонасының фаунасы. Қазақстанда орманды дала республика территориясының ең солтүстік бөлігін қамтиды. Бұл зона ландшафтысында шоқ орман, айналасына тал өскен көл, батпақты ойпаңдар, түрлі шөпті далалық өңірлер алмаса кездеседі. Тарихи тұрғыдан қарағанда Қазақстанның орманды даласында едәуір жас ландшафты қалыптасқан және мұнда өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесінің қалыптаса бастағанына геологиялық көп уақыт өтпегені байқалады. Бұл зонаның өзіне ғана тән эндемиктері жоқ және мұнда жануарлардың таралуы Шығыс Сібір жағынан гөрі, батыс, яғни СССР-дің Европалық бөлігі жағынан басымырақ болған.
Орманды дала зонасына тән сүт қоректілерге аққоян, орқоян, су егеуқұйрығы, ақкіс, аққұлақ, түлкі, қасқыр, елік, бұлан, құстардан құр, ақкекілік, сұр кекілік жатады. Қайыңды шоқ ормандарында күйкентай, бөктергі, жағалтай, ителгі, кезқұйрық, сұңқылдақ бүркіт, ақсары едәуір жиі кездеседі. Бұл зонада кептер, үлкен және кіші тоқылдақ, бұрмамойын, көкек, алақарга, ақтұмсық қарға, мысық торғай, шұбар шымшық, сары торғайдың бірнеше түрі, ұзынтырнақ орман торғайы, тағанақ, мақтан торғай, сарықас торғай, кәдімгі қызылқұйрық т. б. таралған. Зонадағы ашық жерлерде бөдене, балшықшы, тартар, құладын, дала бізтырнақ торғайлары, шек-шек торғай, дала бозторғайы, қияқты-талды батпақты жөрлерде таукүдірет, қоңыр үйрек, шүрегей кездеседі, ал тал, қайың өскен алқаптарда ремез ұялайды.
Дала зонасының шөп жамылғысында астық тұқымдас өсімдіктер басым өседі. Мұнда орман кіші-гірім, көбінесе құмды не гранитті жерлерде өскен қарағай шоқ ормандары түрінде кездеседі. Дала зонасы жануарлары ашық ландшафт жағдайында тіршілік етуге бейімделген. Дала зонасына сүт қоректілерден үлкен саршұнақ, қызылұрт саршұнақ, үлкен қосаяқ, байбақ тән. Дала аймағында тышқан тәрізді кемірушілердің көптеген түрі бар. Мұнда негізінде Қазақстан даласына тән қасқыр, түлкі, борсық, қарсақ кең тараған. Тың жерлі далада дала күзені көп. Жазғы жайылымға байланысты мұнда ақбөкендер де келеді. Дуадақ, безгелдек, ақбас тырна, балшықшы және бозторғай (әсіресе қара бозторғай) бар. Дала бүркіті, тұрымтай, дала құладыны жиі кездеседі.
Дала зонасының қарағайлы шоқ ормандарында тайга ландшафтысына тән бірқатар жануарлар кездеседі. Бұған телеуіт тиін, меңіреу құр, тоқылдақ жатады. Бұл зонада кейбір эндемиктердің (қара бозторғай, ақ қанат бозторғай, шұбар сұңқар, дала тиркушкасы), сондай-ақ астық тұқымдас шөбі басым келетін жазық ландшафт жағдайында тіршілік етуге бейімделген түрлердің болуы дала ландшафтысының жасы едәуір көне екенін көрсетеді.
Шөл дала (шөлейт) зонасының фаунасы. Бұл шөл және дала ландшафтылары комплексінен тұрады. Фаунасы бір-бірінен айырмашылығы бар оңтүстік, солтүстік және өтпелі өңір деп аталатын үш топқа бөлінеді. Соңғы екі тобына сүт коректілердің көптеген түрі - дала және монғол шақылдағы, орташа және кіші саршұнақ, секіргіш қосаяқ, емуранчик қосаяқ, эверсманн аламаншасы, Пржевальский аламаншасы, Стрельцов сұр тышқаны, ақбөкен жатады.
Шөл дала (шөлейт) зонасы құстарының фаунастикалық топтары әзір ажыратылмаған. Бірақ зерттелген териофаунаға қарағанда, Қазақстанның бұл зонасының фаунасы шөл және дала түрлерінің қарапайым араласпасы емес, ландшафтың ала-құлалығы мен қалыптасу тарихына байланысты дамыған ерекше фаунастикалық комплекс екені жақсы байқалады.
Шөл зонасының фаунасы. Шөл Қазақстанның 40%-ке жуық жерін қамтиды. Физика-географиялық жағдайыңа қарай бұл өңір бірнеше типке бөлінеді: құмды, сазды, сортаңды, қиыршық тасты және тасты шөл. Әр түрлі шөл типінің жануарлар дүниесінде де айырмашылығы бар. Жануарлар тіршілігі үшін шөл жағдайы өте қолайсыз болғандықтан, бұған тек аздаған жануарлар түрі ғана бейімделе алған. Ең қолайсыз тіршілік жағдайы қиыршық тасты (жусан-сораңды) шөлде байқалады; мұның фаунасы құрамындағы түрлер де аз келеді. Сүт қоректілерден бес башайлы қосаяқтар (секіргіш қосаяқ, кіші косаяқ, тарбағанша жуан құйрық қосаяқ, Житков қосаяғы) тән. Соқыр тышқан кездеседі. Бетпақдала шөлінде айрықша тұқымдас деп қаралатын қалқанқұлақ бар екені және бұның Солтүстік Балқаш маңы, Алакөл қазан шұңқырында және Сарысу өзенінің оң жағында да таралғаны белгілі болды. Жыртқыштардан шөлде қасқыр, түлкі, күзен, тұяқтылардан қарақұйрық кездеседі, ақбөкен қыстайды.
Сазды шөлде құстардан әр түрлі бозторғайлар, дала ұзынтырнақ торғайы, шөл шақшақайы және биші шақшақай, қара бауыр және ақ бауыр бұлдырықтар, қылқұйрық, жорға дуадақ, ақбас тырна ұялайды.
Құмды шөлде сүт қоректілерден торала жертесер, жіңішке башайлы саршұнақ, сәскелік құмтышқан, үш башайлы қосаяқтар (түкті башайлы, Лихтенштейн, майқұйрықты ергежейлі қосаяқтар) бар. Құмда құлақты кірпі, құм қоян, ала күзен көп таралған, қасқыр мен түлкі кездеседі. Құстардан ақ сары, шөл қарғасы, бұлдырық және торғай тұқымдасына жататын ұсақ құстар ұялайды. Құмды шөл ландшафтысына тән сексеуіл жорға торғайы бар. Бұл торғай сирек кездесетін болғандықтан қорғауға алынған.
Қазақстан шөлінің ерекше биотопы - сексеуілді (қара сексеуілмен қатар шеңгел, жүзгін, ақтікен, жыңғылдың бірнеше түрі өседі) массивтер. Бұл жерлерде үлкен құмтышқан, қоян мен түлкі көп болады. Сексеуіл басына бүркіт, қарақұс, шөл тағанағы ұялайды.
Шөл зонасы фаунасының құрамы әр түрлі зоогеографиялық бөліктерде әр түрлі екені байқалады. Мыс., Арал-Каспий шөлінде шөлге тән түолермен қатар жаралу тегі батыстық түрлер (жұпар тышқан, қара күзен, алып соқыртышқан т. б.) кездеседі. Алып соқыртышқан Батыс Қазақстан шөл фаунасының өте сирек кездесетін түрі болғандықтан қорғауға алынған. Қызылқұмда таралу тегі жөнінен оңтүстіктік және батыстық түрлер (шиебөрі, тоғай бұғысы, Бобринский қосаяғы т. б.) бар. Іле өзенінің оң жағында кездеспейтін құм саршұнағы Мойынқұмда көп. Балқаш маңында Бетпақдаланың шығыс және орталық аудандарына таралған Житков қосаяғы және орташа саршұнақ бар. Зайсан шөл даласы сүт қоректілері фаунасының өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Орталық Азияға тән майқұйрықты қосаяқ, Пржевальский аламаншасы, құмтышқанныц жыңғыл құмтышқаны және сәскелік құмтышқан деген екі түрі таралған. Мұнда алғаш рет 1825 жылы Арал маңының батысында табылған, бірақ кейін құрып бітті деп саналған сары алақоржын кездеседі. Бетпақдалада қалқан құлақ, ал Үстіртте қорғауға алынған оңтүстік және батыстық турлер (қара кірпі, үстірт қойы, гепард, қарақал) мекендейді.
Таулы аймақтар фаунасы. Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығысы биік таулы келеді. Орталық Қазақстан - биіктігі орташа және аласа таулы өңір. Таулы аймақтар Қазақстан территориясының 10%-тей жерін қамтиды. Бұның фаунасы дамуы жағынан біртекті емес. Мұнда бореалдық (солтүстік) және оңтүстік (үнділік-жерортатеңіздік) түрлер кездеседі. Алтайда бореалдық түрлер көбірек. Мұнда тайгалық ландшафт дамыған, өсімдік жамылғысында шырша, майқарағай, самырсын, балқарағай өседі, жануарлар дүниесінен тиін, шұбар тышқан, ұшар, қоңыр аю, сілеусін, құдыр, меңіреу құр, шіл, тұйғын, тоқылдақтардың кейбір түрлері таралған, ұлардың ерекше түрі, биік тау кезеген торғайы, тундра кекілігі тіршілік етеді. Мұнда жұртшы, гималай ұлары, аршалық ементұмсық, ал сүт қоректілерден орман қарақас тышқаны, тянь-шань тышқаншасы кездеспейді. Тянь-Шань фаунасы алуан түрлі. Орталық Тянь-Шаньның орманды белдеулерінде сілеусін, марал, құр, жамансары, қаршыға, жапалақ, үш башайлы тоқылдақ, самырсын құс, қайшыауыз, шиқылдақ торғай, сарышымшық бар. Батыс Тянь-Шаньда шыққан тегі оңтүстіктік бірқатар түрлер - Мензбир суыры, ұзын-құйрық суыр, жайра, ұзынқұйрық тағанақ т. б. кездеседі. Тау ландшафтысы үнемі өзгеріп отырады. Тау етегінде суармалы оазисті шөл кездеседі. Вұдан жоғары қарай бұталы дала, алма мен көктерек аралас өскен шыршалы белдеулері, альпілік шабындық және қар шоғырлары кездеседі. Жануарлар жапырақты орман (алма, өрік, долана, шетен т. б.) белдеуін көбірек мекендеген. Бұл белдеуге тянь-шань тышқаншасы, орман қарақас тышқаны, қарғымойын кептер, сауысқан, сары торғай төн. Шырша орманында сілеусін, марал, елік, қабан жиі кездеседі. Ашық жерлерде сұр суыр (Жоңғар Алатауында бұған қоса ұзынқұйрық саршұнақ) тіршілік етеді. Құстардан құр, ақсары, түкті аяқ байғыз, үш башайлы тоқылдақ, самырсын құс, қайшыауыз т. б. таралған. Арша белдеуінде аршалық ементұмсық, аршалық қызылбас торғай, қызылқұйрық, сұр жылқышы т. б. ұялайды. Альпілік шалғындықтарға арқар, тау теке және барыс шығады, биік тау сұртышқаны, қызыл шақылдақ кездеседі. Мұнда құмай мен сақалта ұялайды. Ұлар, тау қарға көп. Тау өзендері аңғарларын орақ тұмсық балшықшы мен сушылқараның екі түрі мекендейді. Іле Алатауын мекендей бастағанына коп болмаған тырқылдақ торғайдың ерекше бір түрі - көк құс таудың кішкене өзендері маңында тіршілік етеді. Сүт қоректілерден кәмшат бар. Тау беткейлері мен қорымдарда шақылдақ, ақкіс, ақтөс сусар, кекілік, ұзынқанат қарлығаш, кептер, карлығаш, ұлар кездеседі.
Интразона (өзен аңғарлары мен көл маңы қазан шұңқырларындағы тоғай және қамыс қопалары) фаунасы. Қазақстанның шөлді жерлерінің өзен аңғарларында ылғалды тәуір көретін тышқан тәрізді кемірушілер (кәдімгі және жіңішке басты сұр тышқан), Іле бойында мәлін және елік, Сырдария бойында шиебөрі, сирек те болса негізінде Амудария бойында таралған тоғай бұғысы не хангул кездеседі. Тоғай - қырғауылдың негізгі мекені. Сонымен бірге тоғайда субүркіт, ұзын құйрық ақиық, бөктергі, балықшы, құлақты жапалақ, аққанат тоқылдақ, мысық торғай т. б. ұялайды.
Қамыс қопалары арасында қабан, елік, ақкіс, сасық күзен, ондатра, су егеуқұйрығы, құтан, бірқазан, суқұзғын, жалбағай, қарабай және үйректердің көптеген түрі тіршілік етеді. Шағалалардың арасында қарабас өгіз шағала, сұр шағала, көгілдір шағала, теңіз кептері көбірек. Алакөл көліндегі бір аралда реликт шағала колониясы табылды және ол қорғауға алынып, қызыл кітапқа жазылды. Су өсімдіктері өскен тұщы көлдерде күс көп болады. Мұнда сұр құтан, әупілдек, аққу, қоңыр қаз, үйрек, қасқалдақ, шағалалар және қызылтұмсық шағала ұялайды. Көл жағалауларында бізтұмсық, ұзынсирақ, балшықшы сауысқан, қызғыш көп кездеседі. Ащы көлдерге тән сұқсыр үйрек пен қызыл үйрек ұялайды. Гурьев облысының тұзды көлдерінде, Шалқартеңізде және Теңіз көлінде қоқиқаздың ірі колониялары бар. Қазақстан суларында тундра мен тайгаға тән кейбір солтүстік түрлері ұялайды. Бұған Қорғалжынға дейін ұялайтын тұрпан, Балқаш пен Қырғыздың Ыстықкөліне дейін таралған қара жемсаулы гагара жатады. Каспий теңізінде ескек аяқтылардың Қазақстанда ғана кездесетін жалғыз түрі - каспий итбалығы бар.
Қазақстан фаунасы ішінде бауырымен жорғалаушылар, қос мекенділер, балық және омыртқасыздардың таралу заңдылықтарының өзіндік ерекшеліктері басым, сондықтан бұлардың таралуы зоогеографиялық тұрғыдан әлі жетік аудандастырылмаған. Осыған байланысты бұлардың түр құрамы жеке қаралып отыр.
Бауырымен жорғалаушылар фаунасы. Қазақстан территориясында бауырымен жорғалаушылардың 52 түрі бар және бұлар шөлді аудандарда жиірек кездеседі. Бұлардың ішінде құрлық пен батпақ тасбақалары тұқымдасының өкілдері едәуір көбірек. Құрлық тасбақалары барлық жерде тараған, ал батпақ тасбақасы республиканың тек батыс аудандарын мекендейді. Геккон тұқымдасының 6 түрі - сцинк, қырлы башайлы геккон, сұр геккон, каспий гекконы, түркістан гекконы және шиқылдауық геккон бар. Ешкіемерлер тұқымдасының 8 түрі - тақырлық жұмырбас кесіртке, торлы жұмырбас кесіртке, құм жұмырбас кесірткесі, құлақты жұмырбас кесіртке, ала жұмырбас кесіртке, бұлаң құйрық жұмырбас кесіртке, дала ешкіемері мен түркістан ешкіемері кездеседі. Кесірткелер тұқымдасына жататын 9 түрдің кәдімгі кесірткелерге қарасты 2 түрі - тірідей туатын кесіртке және секіргіш кесіртке бар, ал қалған 7 түрі майда кесіргкелер туысына (торлы, әр түсті, орташа, ұзынша, жүйрік, жолақ, көзше тәрізді майда кесірткелер; өздерінің тіршілік жағдайлары жөнінен бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары шамалы) жатады. Сцинк тұқымдасынан алтын мабуя, ұзынаяқ сцинк, алып жалаңкөз және шөл жалаңашкөзі кездеседі.
Республика фаунасында жыланның 5 тұқымдасқа жататын 18 түрі тіршілік етеді. Соқыр жылан тұқымдасының өзі аттас бір ғана түрі Маңқыстау шөлінің шағын аймағында кездеседі. Айдаһарлар тұқымдасының да түрлері көп емес. Бұған құм жыланы мен шығыс құм жыланы жатады. Су жыландары тұқымдасының 11 түрі бар. Бұның 7 түрі - қарашұбар жыландар (қызыл жолақты, көлденең жолақты, сарыбауыр, теңбіл, ала, өрнекті, төрт жолақты), екі түрі - су жыландары (кәдімгі сужылан, су сужыланы), қалған екі түрінің бірі - медянка, екіншісі - оқ жылан. Сұр жылан тұқымдасынан 3 түр (үшеуі де улы жыландар) кездеседі. Бұның ішінде ең ірісі гюрза Нұратау өңірінде (Өзбекстанмен шекарада) кездеседі; кәдімгі сұр жылан және дала сұр жыланы көбірек таралған. Сылдырмақты жыландар тұқымдасынан Қазақстан фаунасында өте улы және кең тараған қалқантұмсық жылан бар.
Қос мекенділер фаунасы. Қазақстанда қос мекенділердің 12 түрі белгілі. Бұның 3 түрі құйрықты қос мекенділерге, қалғаны құйрықсыз қос мекенділерге жатады. Құйрықты қос мекенділерден сібір бұрыштісі Қазақстанның солтүстігіндегі орманды дала зонасынан, кәдімгі тритон Арал теңізінің солтүстік жағалауы мен Балқаш көлі маңынан, Жетісу тритоны Жоңғар Алатауында Қаратал ө. алқабынан табылды. Бұлардың барлығы Қазақстан фаунасындағы өте сирек кездесетін қос мекенділер қатарына жатады. Құйрықсыз қос мекенділер арасынан қызыл бауыр тасбақа Жайықтың орта тұсы бойында, кәдімгі тасбақа жалпы Жайық бойы мен Батыс Қазақстанда, сондай-ақ Арал теңізінен солтүстікке қарайғы су айдындарында таралған. Құрбақаның 2 түрі (жасыл құрбақа, кәдімгі құрбақа) бар. Жасыл құрбақа республиканың солтүстік аудандарынан басқа жердің барлығында дерлік тіршілік етеді, кейде шөлде, судан алыс жерде кездеседі. Кәдімгі құрбақа Жайықтың орта тұсында және Шығыс Қазақстанда (Ертіс бойында, Алтай алабында) таралған. Қазақстанда бақаның 4 түрі - сүйіртұмсық бақа, сібір бақасы, шөп бақасы және көлбақа тіршілік етеді. Кеңінен тараған сүйір тұмсық бақа республиканың солтүстік жартысын мекендейді, кейде Алакөл көлі маңында да кездеседі.
Қазақстанның орманды дала және дала зонасында шөп бақасы тіршілік етеді, көбінесе ол Солтүстік Қазақстан су айдындарында және Жайықтың орта тұсында кездеседі. Колбақа мен Сібір бақасы - шөл зонасын мекендеушілер. Көлбақа Жайық бойымен Каспий теңізіне дейін, Сырдария, Шу, Іле бойында және Іле Алатауы, Қаратаутау алды аймақтарында таралған. Сібір бақасы тек Оңтүстік Балқаш маңы су айдындарында, негізінен Іле ө. алабында және тау алды алқаптарда ғана кездеседі.
Балық фаунасы. Қазақстан су айдындарында балықтың 150 түрі тіршілік етеді. Каспий алабы - өзінің балығының әр түрлілігі (50-ге жуық түр бар) және республика балық шаруашылығындағы ролі жөнінде ең маңызды өңір. Тек Каспий мен Жайыққа ғана тән және кәсіптік маңызы күшті балық түрлеріне бекіре тұқымдас балықтар жатады. Мұнда салмағы 100 кг-ға жететін қортпа, пілмай, орыс бекіресі, шоқыр, сүйрік кездеседі. Каспий теңізінде Астрахань майшабағы өте көп. Жайықтың да балығы мол. Мұнда албырт тұқымдасынан ақбалық, тұқы тұқымдасынан қаракөз, аққайран, табан, шегіркөз, қызылкөз, сазан т. б. мол. Балықтың басқа тұқымдастарьщан жайын, шортан, көксерке, алабұға, таутан балық, нәлім кездеседі.
Арал теңізі мен Сырдария ө. ихтиофаунасы аздап Каспий фаунасына ұқсас. Мұнда тұқы тұқымдасынан торта, аққайран, ақ марқа, қаяз, шемая, табан, сазан тіршілік етеді. Жайын, шортан, көксерке, алабұға кездеседі. Бекіре тұқымдасынан пілмай мен тасбекіре бар. Совет Одағында тасбекіре Арал теңізі алабынан басқа жерде кездеспейді. Бекіре тұқымдасына жататын бұл балықтардың екі түрі Амударияда, бір түрі - жалған тасбекіре Сырдарияда тіршілік етеді. Шу мен Сарысу ө-дері алабының балық фаунасы Сырдария балық фаунасына ұқсас, тек мұнда пілмай кездеспейді.
Ертіс ө. алабының ихтиофаунасы албырт балықтар түрі көптігімен ерекшеленеді. Бұлардың арасында таймень, майқан, сылан және хариус бар. Таймень мен сылан Зайсан көлінде де кездеседі. Хариус Алтайдың ағыны қатты, суы салқын, мөлдір тау өзендеріне тән. Бекіре тұқымдасынан сүйрік, Сібір бекіресі бар. Балықтың басқа тұқымдастарынан шортан, аққайран, тарақ балық, нәлім, алабұға, таутан және шабақ балық кездеседі. Көлдеріне мөңке, оңғақ, гольян, шабақ, алабұға, шортан, нәлім т. б. балықтар тән.
Балқаш көлі балық фаунасының құрамы кедей келеді. Мұнда балықтың тек 12 түрі - шармайдың екі түрі, көкбастың екі түрі, гольянның үш түрі, салпыеріннің үш түрі, талма балық, балқаш алабұғасы бар. Үш түр - шармай, салпыерін, алабұға - Балқаш-Алакөл алабының эндемиктері. Шармай мен алабұғаның кәсіптік маңызы зор. Іле өзеніне жерсіндірілген сазан казір осы су алабының саны көп балығына айналды, 1934-1936 ж. мұнда Арал пілмайы мен қаяз жерсіндірілген. Каспий теңізіне кефаль, Арал теңізіне шоқыр, пілмай, Балқашқа көк-серке, пілмай, тыран, тұқы, ақамур, Билікөлге көксерке, тыран, тұқы, Зайсанға сазан, тыран жерсіндірілді.
Омыртқасыздар фаунасы. Қазакстанның омыртқасыз жануарларының таралу заңдылықтары омырқалалардың таралу заңдылықтарындай. Түрі өте көп болғандықтан, бәрі бірдей толық зерттелмеген. Дегенмен тең қанатты ет тұмсықты насекомдар, кокцидтер, жартылай қатты қанаттылар, қатты қанаттылар, қабыршақ қанаттылар, жарғақ қанаттылар, қос канаттылар, қан сорғыш қос қанаттылар (сона, маса, шіркей, қан сорғыш шыбын) фаунасы, малдың аса зпянды паразит қос қанаттылары (тері асты оқырасы, жылқының қарын бөгелегі, қойдың кеңсірік бөгелегі) т. б. жақсы зерттелген. Өсімдік зиянкестерінің көптеген түрлері, оның ішінде сексеуіл, жыңғыл, жиде, қарағай, терек, жеміс-жидек өсімдіктерінін және қылқан жапырақты ағаштардың, екпе өсімдіктердің зиянкестері бар. Тек жеміс-жидек зиянкестерінін ғана 611 түрі белгілі болды. Шегірткелерден Қазақстанның оңтүстігінде шырылдауықтардың 800, жапырақ бүргелерінің 150, өсімдік бүргелерінін 750, жартылай қатты қанаттылардың 1000-нан астам түрі, жапырақ жегіштің, сүген қоңыздардың, бізтұмсық қоңыздардың, тері жегіштің мындаған түрлері белгілі болды. Қоныр көбелектердің 442 түрі ашылды. Өрмекші тәрізділерден шөл және құрғақ дала зоналарында адам мен жануарларға өте қауіпті улы қарақұрт, су манындағы сортаңдау жерлерде және камыс қопалары арасында бүйі кездеседі. Қазақстан шөлдерінің құмды, сазды, тастақты жерлерінде құршаян жиі ұшырайды. Шөл зонасында усыз бүпі көп таралған. Бұлардың улы безі болмайды, бірақ олар жануарлар өлексесімен қоректеніп, адамды шаққанда өлік уытымен уландыруы мүмкін.
Қазақстанда кененің көптеген түрі кен таралған және бұлардың біраз түрі инфекциялы ауру таратады. Насекомдар арасында ең зиянды тобы - тік қанаттылар отряды. Бұлардың арасында әр түрлі прус, саяқ шегіртке бар. Көбелектерден алма жегісі, қарағай жібек көбелегі, шалғын жетім көбелегі ең көп зиян келтіреді. Қос қанаттылар арасынан масаның, шіркейдің, сонаның, бөгелектің, шыбындардың бірнеше түрлері мал шаруашылығына зиян келтіреді. Қазақстанда улы насекомдардан түкті ара және ара кең таралған.
Кейбір пайдалы насекомдар да (ара, тұт жібек көбелегі, орман құмырсқалары, шаншарлар) бар. Шаншарлардың личинкасы басқа насекомдардың личинкасы мен қуыршағында паразиттік тіршілік ететін болғандықтан, ол ауыл шаруашылық зиянкестерімен биологиялық әдіспен күресуде пайдаланылады.
Кәсіптік фаунаның қоры. Кәсіптік маңызы бар жануарлар, балықтар қоры жөнінен Қазақстан одақтас республикалар арасында 2-орын (РСФСР-ден кейінгі) алады. СССР-де жалпы бағалы аң терісін дайындауда Қазақстанның үлесі 15%-тей. Одақтық ондатра терісінің 10-15%і, құм қояны терісінің 95%-і, суыр терісінің 40%-і Қазақстанда дайындалады.
Аң және құс етін, терісін, ақбөкен мен марал мүйізін дайындауда Қазақстанның мүмкіншілігі мол. СССР-де кездесетін 22 тұяқты аңдардың 13 түрі (жабайы шошқа, құдыр, елік, бұлан, марал, теңбіл бұғы, ақбөкен, қарақұйрық, таутеке, арқар, үстірт қойы, құлан) республика жерінде таралған. Әрине бұлардың бәрі бірден жаппай ауланбайды, көптеген түрі қорғауға алынған, арнайы рұқсатпен ғана және қорына зиян келтірмейтіндей етіп ауланады. Қазіргі кезде ақбөкен, жабайы шошқа, елік, марал (кейбір жерде) және таутеке қоры ұйымдастырылған түрде ауланады. Соңғы жылдары медицина өнеркәсібінің шикізаты ретінде суыр, борсық майы дайындалады.
Кәсіптік маңызы бар Алтай көртышқаны Оңтүстік Алтай өңірінде ғана таралған. Апрель-сентябрь айлары аралығында ауланады. Аулау жақсы ұйымдастырылған жағдайда 100 мыңға дейін тері дайындалады. Терісі көктемдік тері деп саналады. Республиканың Орал облысындағы солтүстік шекарасынан Гурьев облысына дейінгі Жайық бойында жұпар тышқан кездеседі. Оның терісі қысқы тері деп саналады. Әзірге маусымына 2500-3000 тері дайындауға ғана мүмкіндік бар. Республиканың солтүстік және солтүстік-шығыс жақтарынан Ырғызға, Бетпақдала, Балқаш көліне дейінгі өңірлерден және Жоңғар Алатауынан аққоян ауланады. Маусымда 40-50 мың тері дайындауға мүмкіндік бар. Республиканың оңтүстік жартысындағы шөлді өңірді құм қояны мекендейді. Терісі арзан. Жыл сайын 200 мың тері дайындауға болады. Батыс Қазақстанның Қызылорда облысына дейінгі өңірінде орқоян көбірек таралған. Жыл сайын 45-50 мың тері дайындауға болады.
СССР-де 1928 жылдан, Қазақстанда 1935 жылдан бері ондатра жерсіндіріле бастаған (Солтүстік Америкадан әкелінген Республикада жүйелі түрде ауланады, арнайы ондатра шаруашылықтары бар. Қазақстанда кәсіптік тиіннің Алтай тиіні және телеутка деген екі түрі бар. Алтай тиіні Шығыс Қазақстан облысының тайгалық ормандарында, телеутка Павлодар, Семей облыстарының қарағайлы шоқ ормандарында таралған. Телеутка Қостанай, Көкшетау, Қарағанды облыстарының қарағайлы шоқ ормандарында, Алматы, Талдықорған облыстарындағы Тянь-Шань жүйесі тауларында жерсіндірілген. Жылына республика бойынша 80-100 мың тиін терісін дайындауға болады. Республиканың солтүстік далалық аймағында дала суыры мекендейді. Терісі көктемдік тері қатарына жатады. Жыл сайын 200 мың суырға дейін аулауға болады. Республиканың бүкіл қуаң бөлігінен құм саршұнағы ауланады. Бұның терісінің экспорттық маңызы бар. Жылына жарты млн-ға жуық тері дайындалады. Республиканың барлық жерінде дерлік қарсақ, қасқыр, ақкіс, түлкі және күзен кездеседі. Терілері экспортқа шығарылады. Бұрын тек Оңтүстік Алтайда ғана таралған бұлғын Алматы, Талдықорған облыстары жеріне жерсіндірілген. Жылына 2500-ге дейін бұлғын аулауға мүмкіндік бар. Сүт қоректі су жануарларының өскекаяқтылары ішінен Каспий теңізінде тіршілік ететін итбалықтың (түленнің) кәсіптік маңызы күшті. Терісі экспортқа шығарылады. Тұяқты сүт қоректілерден Қазақстанда ақбөкен, бұлан, жабайы шошқа т. б. еті, терісі және мүйізі үшін ауланады. Өнімдерінің экспорттық маңызы күшті. Республикада 1 мыңдай бұлан, 1,5-2 млн-дай ақбөкен қоры бар. Бекіре тұқымдас балықтардың дүние жүзілік өнімінің 82%-і Каспий теңізі алабынан ауланады. Жалпы балық аулау жөнінен Қазақстан Одақ бойынша 2- орында (РСФСР-ден кейін) келеді. Республикада бұл аталған түрлерден де басқа кәсіптік-шаруашылықтық маңызы күшті жануарлар, балықтар, құстар т. б. қорлары мол.
Әдеб.: Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.75-76. Герасимов И. П., Рязанцев С. П. История географических исследований Казахстана, в кн.: Казахстан, М.-Л., 1950; Валиханов Ч. Ч. Избр. произв., А.-А., 1953; Пальгов Н. Н. Географическая наука в социалистическом строительстве Казахстана. в кн.: Наука в Казахстане за сорок лет Советской власти. А.-А., 1957; Бирмагамбетов А. Основные этапы географических исследований Казахстана. в кн.: Утемагамбетов М. М. Физическая география Казахстана. -А.-А., 1967; Бейсенова А. С. Некоторые итоги физико-географических исследований Казахстана довоенного времени (1917-1941 г. г.), в сб.: География, в. 2, 1970.Очерки по физической географии Казахстана. -А.-А.,1952; СваричевскаяА. Геоморфология Казахстана и Средней Азии. Л., 1965; Утемагамбетов М. М. Физическая география Казахстана. А.-А., 1967; Казахстан. М., 1969; Жандаев М. Ж. Геоморфология Заилийского Алатау и проблемы формирования речных долин. А.-А., 1972.Щерба Г. Н. Геотектоногены и рудные пояса. А.-А.,1970; Абдулин А. А.Геология Мугоджар. А.-А., 1971; Борукаев Р. А., Ляпичев Г. Ф. Складчатые комплексы Восточного Казахстана. в сб.: Вопросы геологии Казахстана. А.-А„ 1971; Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971; его же, Тектоническая карта Казахской ССР и прилегающих территорий Союзных республик масштаба 1:1 500 000 (Объяснительная записка), А.-А., 1975.Кумпан А. С. Верхний палеозой Восточного Казахстана. М., 1966; Бандалетов С. М. Силур Казахстана. А.-А., 1969; Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971; Никитин И. Ф. Ордовик Казахстана.-ч. 1-2, А.-А., 1972-1973; Допалеозой и палеозой Казахстана, т. 1-2, А.-А., 1974.Металлогенические и прогнозные карты, А.-А., 1959; Чакабаев С. Е. и др. Геология и нефтегазоносность Южного Мангышлака. А.-А„ 1967; Есенов Ш. Е., Кунаев Д. С., Мухамеджанов С.М. Недра Казахстана. А.-А., 1968.
Жарияланған-2023-04-17 17:33:01 Қаралды-1152
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану