UF

ҚАЗАҚСТАН ГЕОЛОГИЯСЫ

 

Тектоникалық аудандастыру. Қазақстан территориясы Евразияның ірі геологиялық құрылымдық провинциялары ішінде Шығыс Европа платформасының оңтүстік-шығыс бөлігін, Орал-Монғол қатпарлы белдеуінің батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік бөліктерін қамтыған. Белдеудің қазақстандық жағы ендік, яғни тянь-шаньдық (оңтүстікте), меридиандық немесе оралдық (батыста), солтүстік-батыстық, басқаша атағанда, алтайлық (солтүстік пен солтүстік-шығыста) құрылымдық зоналардың ұштасуымен сипатталады және эпипалеозойлық платформаның фундаменті болып саналады. Қазақстан жерінде бұл белдеудің едәуір бөлігі таулы және ұсақ шоқылы аймақтар түрінде (батыста Оралдың таулы аймағының оңтүстік сілемдері, оңтүстікте Солтүстік Тянь-Шаньның таулы аймақтары, солтүстікке қарай Сарыарқаның ұсақ шоқылығы) байқалады. Эпигерциндік орогенезден аса зор көтерілулерге Қазақстанпың оңтүстігі мен оған таяу жатқан Орта Азияның біраз бөлігі шалынған. Бұндағы көтерілген таулардың абсолюттік биіктігі 3000-4000 м-ге, кейде 7000 м-ге (Хантәңрі) жеткен. Қазақстанда және оған іргелес аймақтарда Орал-Монғол белдеуінің қатпарлы табанының төмендеуінен айтарлықтай іріқұрылымдық элементтер болып саналатын жас эпипалеозойлық платформаның Тұран, Батыс Сібір, Скиф плиталары қалыптасқан. Қазақстан жерінің әр текті геологиялық құрылымдардан қалыптасқандығы, ондағы каледондық және герциндік құрылымдардың жалпы құрылымдық карталардың өзара үйлеспейтіндігі 20 ғасырдың 30 жылдарында анықталды. Каледондық және герциндік құрылымдардағы қатпарлардың бағыттары көне докембрийлік массивтер сипатымен байланысты екендігі белгілі болды. Каледондық және герциндік құрылымдар қималарындағы шалыстықтар, палеозойда орын алған палеогеографиялық жағдайлар, магматизм, метаморфизм, қатпарлық ерекшеліктері бойынша тектоникалық процестердің фазалары, фаза бөліктері ажыратылды. Қатпарлықтардың жоғары кембрийде салаир, карадок пен лландовери арасында такон фазаларының өткендігі, бірнеше фаза бөліктеріпе ажыратылатын силур-девон қатпарлықтарының биік таулардың жаралуына, каледондық құрылымдардың нығаюына себепші болғандығы айқындалды. Осылардың негізінде Қазақстан жерінің құрылысын талдау мен тектоникалықаудандастыру үшін тарихи-геологиялық принцип қабылданды. Бұл принцип құрылымдық элементтерді қатпарлықты аяқтаушы (геосинклинальдарды тұйықтаушы) фазаның жасына қарай бөлуге негізделді. 1971-1975 жылдарда жасалған Қазақстанның 1:1 500 000 масштабтағы тектоникалық картасының негізіне осы принцип пен палеотектоникалық режим алынды. Төменде баяндалатын Қазақстан жерін тектоникалық аудандастыру осы картаға негізделген.

Шығыс Европа платформасына (Қазақстан жерінде) Каспий маңы синеклизасы (ойысы) кіреді. Бұл құрылымның шегі солтүстікте Жадов және Төменгі Волга флексураларымен, шығыста Орал алды бөктерлік ойпаңының баяу қатпарланған өңірімен, оңтүстікте Солтүстік Каспий жарылысы (геофизикалық деректер бойынша) бойымен өткен. Фундамент комплексінің жатыс тереңдігі ойыс ернеуінде 7-8 км, ортасында 22-23 км. Қалыптасуының бастапқы кезінде фундамент лықсу салдарынан блоктарға бөлінген. Тұз қабатына дейінгі байқал және палеозой комплексінің жалпы қалыңд. 13 км, осы комплекс жыныстары толтырған грабендік зоналардың тереңдігі 10 км. Орташа қалыңдығы 2,5 км кунгур ярусының тұз комплексі ойыс шетінен бастап ортасына қарай бір қалыпты құлдилаған ойпаңдарды толтырған. Тұз комплексінің үстіндегі соң герциндік комплекс жоғары пермь мен төменгі триас жыныстарынан құралған, герциндік қатпарлы зоналармен байланысты бұл комплекс Орал алды бөктерлік ойпаңын молассамен (3500    м), Аралсор ойпаңынұсақ түйірлі шөгінділермен (4000 м) толтырған. Синеклизаның альпілік комплексі 3 қалың қабаттан тұрады.

Төменгісі Аралсор, Оңтүстік Ембі ойпанында жиылған жоғарғы триас-төменгі юраның терригендік, жағалық-теніздік (800-1200 м), Орал алды ойпанында палеозой бетіндегі жоғары юранын (300 л) теңіздік шөгінділерінен түзілген. Ортаңғы этаждың терригендік-кесектік шөгінділері (2000 м) Аралсор мен Оңтүстік Ембі ойпаңдарында жиылған. Палеогенде ойпаңдар солтүстік- батысқа ауысқан. Волга-Жайық арасында палеогеннің сазды-карбонатты жыныстары (800-2000 м) орын алған. Эоценнің ақырынан бастап ойыстың солтүстік, шығыс бөліктері көтерілген, теңіз айдыны Волга-Жайық аралығының оңтүстігі мен Үстіртке қарай шегінген. Ең үстіңгі этаж жоғары плиоценнен бастап Волга-Жайық өзендерінің арасын түгелдей жапқан 4 теңіз (ақшағыл, баку, хазар, хвалын) трансгрессиясының жыныстарынан құрылған. Синеклиза Елек-Ембі және Волга-Жайық зоналарына ажыратылады. Бұл зоналардың өзара шегі төменгі триас пен жоғарғы плиоценнің басқұншақ сериясының шығыс сырты арқылы өтеді. Жайық-Орал зонасының сыртқы шеті фундамент бұдырының қуатты флексураларымен, Елек-Ембі зонасы Орал алды ойпаңынан Елек жарылысы арқылы бөлінеді. Синеклизаның ішкі құрылысы тұздан төменгі қабаттардың лықсу-жылжу жарылыстарымен, асимметриялы қатпар, жай және күрделі баспалдақты флексуралар, тұз тектоникасымен анықталды. Тұз астындағы жыныстардың ығысу шоғырлары жабық, шалыс қиылған және ашық тұз кұрылымдарын қалыптастырған. Жабық тұз құрылымдарына беткі жабынға сәйкес тұздан төменгі тұғырға шалыс орналасқан тұзды комплекстің антиклинальдары жатады. Диапирлік антиклиналь пішіндес жартылай қиылған, жабық тұз құрылымдарында көтерілген тұз жабынның төменгі горизонттарын (пермь мен триас) қиып өткен, ал одан жоғарғы юра мен бор шөгінділері көптеген лықсулармен тілініп, тікшіл қаусырмалар пайда болған. Тұздан жоғарғы осы құрылымдар мұнайлы-газды келеді. Елек-Ембі ауданының барлық туя күмбезді құрылымдары осы типке жатады. Ашық, яғни қиылған құрылымдар тұздың өте қалың қабаттарынан түзілген және олар Волга-Жайық зонасының едәуір бөлігін алып жатыр. Мұндағы тұз иірімдері ақшағыл, апшерон, антропоген шөгінділерімен жабылған және 1000 л-дей тереңдікке құлдилаған.

Орал-Монғол қатпарлы белдеуіндегі Қазақстан жері Орал-Оңтүстік Тянь-Шань облысынын Орал қатпарлы жүйесін түгелдей, Қазақтың қатпарлы облысын, Обь-Зайсан, Алтай-Саян қатпарлы облыстарының аздаға бөліктерін қамтиды.

Орал-Оңтүстік Тянь-Шань қатпарлы облысы. Ол - Қазақтың қатпарлы облысы, Шығыс Европа, Тарим платформалары арасындағы аймақты алып жатыр және Орал-Монғол қатпарлы белдеуінің батысы мен оңтүстік-батысындағы герциндік құрылымдарды біріктірген. Облыс ортаңғы массивтермен бөлінген және бұның Тұран плитасының астына қарай құлдилаған қатпарлы құрылымдарынан Орал (негізінен Мұғалжар), Маңқыстау қатпарлы жұйелері құралған.

Орал қатпарлы жүйесі Үстірт пен Арал теңізінің солтүстігінде, Орыс плитасы мен қазақ каледонидтерінің арасынан орын алған жоғары протерозой мен палеозой қатпарлы зоналарының жиынтығы болып саналады. Осы жүйе құрамындағы байқал қатпарлы комплексі Оралдың палеозойлық қатпарлы зоналары антиклинорий ядроларындағы докембрийлік түзілімдерден анықталды. Жүйенің батысында бұл комплекс тайызсулық-жағалық, кесекті-терригендік, органогендік-хемогендік, аздаған эффузиялық шөгінділерден құралған. Мұғалжар антиклинорийіндегі байқал қатпарлы комплексіне протерозойдың (қалыңдығы 7500 м-ден астам) эффузиялық-шөгінділік қат-қабаты жатады. Бұл жыныстар қуатты метаморфизмнен амфиболиттік фацияға ауысып, кристалдық тақта тастарға, гнейстерге, амфиболиттерге айналған. Гранит интрузиялары, жоғары протерозойдың ультрабазиттері, габбролары, плагиограниттері, диориттері кристалдық тақта тастармен байланыса келеді.

Геосинклинальдық комплекс вендтен не төменгі кембрийден ортаңғы карбонға дейінгі жыныстарды қамтиды. Барлық қатпарлы зоналарда силур мен төменгі-ортаңғы девонның жасыл түсті теңіздік аса қалың қабаттары, кей орындарда базальттық формацияның вулканогендік қат-қабаты тараған. Төменгі палеозой Батыс Мұғалжар (Жасылтасты), Зилаир синклинорийлерінде, Сакмара зонасында вулканогендік, өзге зоналарда терригендік, карбонаттық-терригендік құрамды келеді. Сакмара зонасында төменгі-ортаңғы ордовиктің жасыл тақта тастары, терригендік қат-қабаттар, девонның субвулкандық түзілімдері мен интрузиялары тараған. Ультранегізді жыныстардың массивтері геосинклинальдық комплекспен байланысқан. Батыс Мұғалжар (Жасылтасты) синклинорий табанын силурдың негізді эффузиялары, туфтары, субвулкандық интрузиясы құраған. Бұларды төменгі-ортаңғы девонның эффузиялық қалың сериясы, туфтық кремнийлі тақта тастары жапқан. Ішкі ойпаңдарды жоғары девон мен одан жасырақ терригендік-карбонаттық шөгінділер толтырған. Ырғыз синклинорийінің геосинклинальдық комплексі визе-намюрдың вулканогендік-шөгінді жыныстарынан түзілген. Әйет (Орал сырты) антиклинорийінде геосинклинальдық комплекстің төменгі этажы жасыл түсті филлиттік, графит-филлиттік, графит-кварцтық тақта тастардан, кварцтық және аркоздық құм тастардан, ортанғы этажы метаморфизмге шалынған эффузиялық-терригендік түзілімдерден, жоғарғы этажы жоғары девон-төменгі карбонның терригендік-карбонаттық түзілімдерінен қалыптасқан. Төменгі карбонның қышқыл, негіз құрамды интрузиялары тараған. Денисов синклинорийінде силурдың қызыл түсті шөгінділері, тақта тастары, риф әк тастары, порфириттері, ортаңғы-жоғары девонның теңіздік фациясы, эффузиялық-шөгінді түзілімдері, төменгі карбонның терригендік-карбонаттық жыныстары, андезит-базальт формациясының жыныстары тараған.

Орогендік комплекс Орал алды бөктерлік ойпаңында, Оралдың өз аумағындағы ішкі ойыстарда шоғырланған. Батыс зоналардың орогендік комплексі ортаңғы триастың басына дейін, Мұғалжардыц батысында төменгі моласса жоғары карбон мен төменгі пермьде, жоғарғы моласса пермь, төменгі- ортаңғы триаста жиылған.

Маңқыстау қатпарлы жүйесінің герциндік қатпарлы құрылымдары Қаратау ойпаңынан, Орталық Каспий, Қарабұғаз, Орталық Қарақұм көтерілімдерінен құралған. Ортаңғы палеозойлық Қаратау ойпаңы девонның ақырынан қалыптаса бастаған жөне Жерортатеңіздік қатпарлы белдеудің сыртқы зонасының құрамына кірген. Девондық-карбондық геосинклинальдық комплекс терригендік-карбонаттық түзілімдерден құралған, кейінірек қалың пермь-триас молассасымен толыққан. Орталық Каспий көтерілімі Үлкен Кавказдың геосинклиналымен тығыз байланысқан және оның шығысқа өрістеуіне тосқауыл болған. Кавказ алды ойпаңы қалыптасқанда бұл көтерілім біраз төмендеген. Өзгелерден биігірек Қарабұғаз көтерілімі пермьнен бастап Мұғалжардың оңтүстігі, Үстірттің орталық бөлігі арқылы оралдық бағыттағы көтерілім белдеуімсн жалғасқан. Орталық Қарақұм көтерілімі - жүйенің шығыс бөлігінде көтерілген ең ірі блоктардың бірі. Маңқыстау қатпарлы жүйесінің ең басты ерекшеліктері - пермь-триастың қалың молассасының жиылуы мен оның жоғарғы триас ақырында дислокацияларға шалынуы. Мұндағы Қаратау ойпаңының пермь-триастық горизонттары фундаменттің әр текті көтерілуінен бірнеше бөліктерге бөлінген. Дислокациялармен байланысты инверсия ойпаңның тікшіл терең қанатының зонасын шарпыған. Шеткі көбенің ығысуынан Оңтүстік Маңқыстау ойпаны (төменгі юра-төменгі миоцен) қалыптасқан.

Қазақтың қатпарлы облысына ысырылулармен тілінген, ядросы докембрийлік жыныстардан тұратын, доға пішінді палеозой қатпарлы құрылымдары кіреді. Сыртқы ерте каледондық құрылымдарына Орал-Қазақстан (Торғай), Сарыжаз ортаңғы массивтері, Ұлытау-Ортаңғы Тянь-Шань, Торғай қатпарлы жүйелері, ішкі соң каледондық құрылымдарына Шу (Мойынқұм), Ыстықкөл, Ақбастау, Баянауыл ортаңғы массивтері, Ерейментау-Іле, Солтүстік Тянь-Шань, Шыңғыс-Тарбағатай қатпарлы жүйелері, герциндік құрылымдарына Атасу-Жоңғар (Балқаш) ортаңғы массиві, Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесі жатады. Сыртқы ерте каледондық құрылымдар Қазақтың қатпарлы облысының ең көне және нығайған ядросы болып саналады. Орал-Қазақстан Торғай), Сарыжаз ортаңғы массивтерінің ядролары докембрийлік метаморфтық жыныстардан құралады. Бұлардың қатпарлы құрылымы палеозой катпарларының сыртқы доғасына сәйкес келеді.

Ұлытау-Ортаңғы Тянь-Шань қатпарлы жүйесі ерте палеозой жастас, многеосинклиальдық типте дамыған, тұрақты бағытқа созылған қатпарлы зоналардан құралған. Көкшетау мегантиклинорийінен басталып Сарыарқаның батысы, Үлкен Қаратау, Кіші Қаратау, Ортаңғы Тянь-Шань арқылы шығысқа қарай созылып кетеді. Жүйені байқал, каледон, герцин (үстемеленген ойпаңдар) қатпарлы комплекстері құраған. Байқал қатпарлы комплексі күшті метаморфизмге шалынған төменгі этаждың жыныстарынан, жоғары этажы метаморфизмге баяу шалынған жыныстардан және қалыпты интрузиялардан түзілген. Сарыарқада, Торғайдың шығыс бөлігінің фундаментінде, Ортаңғы Тянь-Шаньда антиклинорийлер мен мегантиклинорийлер түрінде (Көкшетау, Ұлытау, Үлкен Қаратау, Талас, Мақбел) кездеседі. Каледон қатпарлы комплексі жіңішке қатпарлы зоналар арқылы ортаңғы, жоғарғы ордовиктің геосинклинальдық, орогендік комплекстеріне ажыратылады. Геосинклинальдық комплекстің төменгі этажын континенттік, жағалаулық-теңіздік, карбонаттық-теңіздік түзілімдер, туфтар, туффиттер, кышқыл эффузиялар, жоғары этажын терригендік-карбонаттық, вулканогендік-кремнийлік флишоидтық жыныстар құраған. Орогендік түзілімдер жоғарғы ордовиктің сұр молассасынан құралған және геосинклинальдық комплекстің жоғарғы бөлігімен тығыз байланысқан. Каледондық миогеосинклиналь комплексі Байқоңыр, Кіші Қаратау, Қалмақкөл синклинорийлерінеп құралған. Үстемеленген ойпаңдар дамыған алаңдарда бұл комплекс антиклинорийлер (Жабағылы, Майдантал т. б.) түрінде оқшауланған. Дислокацияларға кеңінен шалынған. Ордовик, силур, девон, төменгі карбон интрузиялары кеңінен тараған. Үстемеленген ойпаңдар комплексі ортаңғы карбоннан триасқа дейінгі шөгінділерден түзілген. Каледон, байқал қатпарлы комплекстері беттеріне шалыс орналасқан ірі синклинорийлерді, грабендерді, вулкан массивтерін құраған Қаратау-Есіл, Жезқазған (Теңіз-Жезқазған) зоналарына ажыратылған. Қаратау-Есіл зонасы Ұлытау-Ортаңғы Тянь-Шань қатпарлы жүйесінің батыс қанатында, Орал-Қазақстан ортаңғы массивінде, ал Жезқазған зонасы осы жүйенің шығысындағы Шу ортаңғы массивінде орналасқан. Үстемеленген ойпаңдар комплексі 3 этаждан тұрады: сауыр қатпарлығы қалыптаса басталғаннан бергі (D2gv-С1V15) төменгі этаж, сауыр қатпарлығынан москва қатпарлығына дейінгі (С1V21m1) ортаңғы этаж, москва қатпарлығынан шөгінді жиылу кезеңінің аяғына дейін созылған (С1m22-Т) жоғарғы этаж. Төменгі этаж қызыл түсті құм тастардың терригендік шөгінділерінен (2000 м-дей), карбонатты шөгінділер мен әк тастардан (3000-4000 м-ге дейін) құралған. Полиметалл рудалары әк тастармен байланысқан. Әк тастар Үлкен Қаратаудағы Тұрлан, Байжансай синклинорийлерінде, Сарысу-Теңіз су айырығында тараған. Ортаңғы этаж қалыңдығы 2000 л-ге жуық карбонаттық, терригендік-карбонаттық теңіздік жыныстардан құралған. Жоғарғы этаж жеке ойпаңдарда, грабендерде жиылған континенттік түзілімдер түрінде Теңіз, Жезқазған синклинорийлерінде мол кездеседі. Сарысу-Теңіз көтерілімінің солтүстігі мен оңтүстігіндегі жарылыстардың қиылысу орындарында көптеген жарықтармен тілінген күмбез тәрізді антиклинальдар қалыптасқан.

Қаратау-Есіл зонасының дислокациялары жыныстардың жалпы созылымдарымен сәйкестенген жарылыстарға бағыныңқы келеді. Төмендеген блоктар грабендерді құраған.

Торғай қатпарлы жүйесі Сарыарқа батысының каледонидтері мен Торғай ойпаңы фундаментінің құрылымдарын қамтиды. Байқал, каледон комплекстерінің жыныстары Демьянов, Қарашілік, Егінкөл антиклинорийлерінде байқалады. Үстемеленген ойпаңдар комплексі бір-бірінен сауыр және москва қатпарлықтары арқылы бөлінген 3 этаждан құралған. Төменгі этаж ортаңғы-жоғарғы девонның қызыл түсті вулканогендік-терригендік, жоғарғы девонның фамен ярусының, төменгі карбонның турне, визе ярустарының терригендік-карбонаттық, теңіздік формацияларынан түзілген. Ортаңғы этаж шөгінді-эффузиялық жыныстардан құралған. Торғайдың темір рудалары вулканаралық депрессиялардың карбонаттық және кремнийлі формацияларымен байланысқан. Осы этаждың жоғарғы бөлігін қызыл түсті андезит-базальтты жыныстар, көлдік құм тастар құраған. Жоғарғы этажда континенттік шөгінді моласса түрінде келген жыныстар мен жоғарғы пермьнің қызыл түсті андезит-базальттары орналасқан.

Қазақтың қатпарлы облысының ішкі каледониттеріне Шу, Ыстықкөл, Ақбастау, Баянауыл ортаңғы массивтері жатады. Ыстықкөл, Шу массивтері бір құрылымдық белдеуге жатады және шығысқа созыла барып Тянь-Шаньның көне ядросын құраған. Шу массивінің ортаңғы бөлігінде девон жыныстары докембрийдің метаморфтық жыныстары үстінде, ал шығыста докембрий бетінде қалыңдығы 2000 м кембрийдің, ордовиктің кремнийлі, терригендік және карбонаттық жыныстары iшалыс орналасқан. ЬІстықкөл массивінде кембрий-ордовиктің карбонатты шөгінділері бар. Ақбастау массиві ордовик флишінің баяу дислокацияланған шөгінділерімен жабылған. Баянауыл массивінде кембрий-ордовик жыныстары тараған. Ерейментау-Іле, Солтүстік Тянь-Шань, Шыңғыс-Тарбағатай қатпарлы жүйелері Балқаш массивін айнала бір белдеу құрайды да, эвгеосинклинальдық каледонидтерге жатады. Ерейментау-Іле, Солтүстік Тянь-Шань жүйелері Ұлытау-Ортаңғы Тянь-Шань қатпарлы жұйесіне сәйкес келеді. Байқал қатпарлы комплексінің гнейс-амфиболит формациясы Ерейментау-Іле, Солтүстік Тянь-Шань қатпарлы жүйелерінде (Шу-Іле, Ешкіөлмес, Теріскей антиклинорийлері) анықталған. Геосинклинальдық комплекстер бөліктерінің теменгісі соң протерозойдан (вендтен) жоғарғы кембрийге дейінгі, жоғарғысы жоғарғы кембрийден жоғарыордовикке дейінгі аралықты қамтыған, терригендік флиштен түзілген. Төменгі этаждың төменгі бөлігі Шыңғыс-Тарбағатай жүйесінде базальттық формациядан, жоғарғы бөлігі Бозшакөл, Майқайың антиклинорийлерінде андезит, андезит-дацит формацияларынан құралған. Ерейментау-Іле қатпарлы жүйесінде бұл этаждың жыныстары Ерейментау-Нияз, Жаңа-арқа, Болаттау, Бұрынтау, Жамбыл, Іле антиклинорийлерін құраған. Этаж табанын габбро-яшма-диабаз формациясының метаморфозмге шалынғап жасыл түсті жыныстары, ультрабазиттері, тоналиттері құраған (3000 м-дей). Бұлардың мүжіліп-шайылған бетінде органогендік кремнийлі, кремнийлі рудалы формация (1200 м-ге дейін) қалыптасқан. Солтүстік Тянь-Шань қатпарлы жүйесінің төменгі этажы вулканогендік формациядан, жоғарғы этажы төменгі ордовиктің арениг ярусынан жоғарғы ордовикке дейінгі аралықты камтыған және порфирит туфы лаваларының, туфтарының, туффиттерінің, кремнийлі тақта тастарының терригендік флиштерінен (5000-6000 м) құралған. Бұлар ішкі және шеткі ойпаңдарды, Степняк мегасинклинорийін қалыптастырған. Шілік-Кем, Абралы, Сілеті, Шідерті синклинорийлерінде т. б. құрылымдарда тараған. Ішкі ойпаңдар кембрийлік тұғырда, шеткі ойпаңдар ортаңғы массивтердің докембрийінде орналасқан. Орогендік комплекстіц төменгі молассасы ордовиктің жоғарғы бөлігін, төменгі силурды, жоғарғы силурдың Ортаңғы бөлігін қамтып, такон қатпарлығынан арденн қатпарлығына дейінгі аралыққа сәйкес келеді. Құм тастардан, конгломераттардан, дацит-андезит құрамды вулканиттерден түзілген (5000-6000 м). Континенттік-жағалаулық, теңіздік (Жалайыр-Найман синклинорийі, Шыңғыс-Тарбағатай зонасының солтүстігі, Солтүстік Тянь-Шань) фациялары да ұшырайды. Жоғары моласса жоғарғы силурды, төменгі-ортаңғы девонды қамтыған, қалыңдығы 3-5 км, қызыл түсті континенттік фацияны құраған. Габбро-перидотит формациясының ультранегізді интрузиялары Жалайыр-Найман, Тектұрмас, Майқайың белдеулерін қалыптастырған, габбро, яшма-диабаз комплексімен, тереңсулық түзілімдермен бірге бірыңғай офиолиттік ассоциация құраған. Негізді интрузиялар, габброның ұсақ массивтері Бозшакөл-Майқайың ауданының, Шыңғыс жотасының, Іле Алатауының кембрий жыныстарында гипербазиттермен ұштаса келеді. Гранодиориттіқ магманың жоғарғы ордовиктік ірі интрузиялары батолиттердің Теріскей, Ақкөл, Қырыққұдық, Зеренді т. б. плутондык синорогендік формацияларының белдеуіне кіреді. Бұл белдеу Солтүстік Тянь-Шань, Қаратау, Ұлытау, Кіндіктас, Шу-Іле таулары, Шу массиві, Сарысу-Теңіз су айырығы, Степняк мегасинклинорийі арқылы Көкшетау антиклинорийіне дейін созылған.

Жоғарғы ордовиктің биотит - амфибол гранодиориттері мен граниттерінің калий-аргондық тәсілмен анықталған абсолют жасы 440-480 млн. жыл. Соң каледондық синклинорийде орналасқан синорогендік гранит комплексінің сипаты байқалатын Шыңғыс-Тарбағатай мегантиклинорийінің силур-девон интрузиялары ордовик-силур ойпаңдарының дамуына байланысты қалыптасқан. Девон, девон-карбон гранит массивтерінің белдеуі Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесініц ең ірі синклинорийлерін сыртқы жақтан жиектеген. Үстемеленген ойпаңдар, жыныстар құрамына қарай, ішкі каледонидтер ойпаңдарының Қарағанды (солтүстік), Батыс Балқаш маңы (Шу-Іле), Солтүстік Тянь-Шань аудандарына ажыратылады. Қарағанды ауданындағы ортаңғы этаж көмірлі-терригендік лагуналық-жағалаулық формациядан (4500 м-ге жуық), жоғары этаж дацит-липарит формациясының терригендік-вулкандық қат-қабатынан, Батыс Балқаш маңы ауданындағы төменгі этаж темір және полиметалл рудалы вулканогендік-кремнийлі формациядан түзілген. Солтүстік Тянь-Шаньда бұл комплекс бірнеше синклинорийлерді қалыптастырған. Мұнда төменгі, ортаңғы этаждарды вулканогендік-шөгінді жыныстар, жоғарғы этажды континенттік-эффузиялық түзілімдер құраған.

Ішкі каледонидтердің өрнекті құрылысы геосинклинальдық комплекстің төменгі этажынан, офиолиттік ассоциация жыныстарынан құралған жеке антиклинальдар мен антиклинорийлердің өзара қиғаш орналасуымеи сипатталады. Төменгі этаж жарылыстармен тілінген, бүтіндей алғанда жалпы бағыттық зоналармен үйлесетін қысқа блоктарды құраған. Соң каледонидтер мен герцинидтер ерте каледонидтердің бағдарып қайталаған, венд пен кембрийдің антиклинальдық көтерілімдерін қоршаған және томенгі геосинклинальдық этаждың блоктық құрылысын көмескілейтін қысқа синклинорийлерді қалыптастырған. Көнерек ысырылулар солтүстік-батысқа, ал жасырақ лықсулар-ысырылулар меридиандық бағытқа созылған. ЬІсырылулар оңтүстік-шығыста Оңтүстік Тянь-Шань аумағында, солтүстік-батыста Торғайдың шығыс бөлігінде не Ұлытау-Ортаңғы Тянь-Шань қатпарлы доғасында аяқталған.

Герцинидтердің Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесіне құрылысы тым әркелкі, ішкі каледонидтердің құрылымына ұйқасатын және олардың дамуының жалғасы болып саналатын эвгеосинклинальдық сипаттағы құрылымдар кіреді. Офиолиттік комплексті қамтитын венд-төменгі палеозойдың жасыл түсті теңіздік қалың шөгінділері мен геосинклинальдық комплекс құрамындағы силур мен девонның теңіздік шөгінділерінің жиналуы - осы жүйенің ерекше сипатына жатады. Бұл жүйемен каледондық зонаның шегі төменгі девонның жасыл түсті теңіздік жыныстарының сыртқы шегі бойынша бөлінеді.

Байқал қатпарлы комплексі Текелі, Ақтау, Болаттау, Сарысу-Мойынты антиклинорийлерінің ядросында байқалады. Ол терригендік-карбонаттық және липариттік-вулканогендік формацияның жыныстарынан құралған. Геосинклинальдық комплекстің төменгі палеозойлық төменгі этажы ортаңғы этаждан такон (жоғарғы ордовик) қатпарлығымен, ортаңғы этаж жоғарыдан арденн (төменгі-жоғарғы силур), ал бүкіл комплекс жоғарыдан сауыр қатпарлығымен шектелген. Атасу-Мойынты антиклинорийінде төменгі этаж қимасы ортаңғы кембрийден төменгі ордовикке дейінгі фауналы карбонаттық- терригендік шөгінділерден, Балқаш массивінің оңтүстік-шығысында базальттар мен яшмадан құралған. Тектұрмас, Кеңтарлау, Тұлқұлама антиклинорийлеріндегі этаж тұғырында жоғарғы протерозой-ортаңғы ордовиктің негізді эффузиялары мен олардың туфтары, яшмалар, терригендік-вулканогендік, кремнийлік-органогендік жыныстары жатыр. Ортаңғы этаж жыныстары каледонидтерге таяу жатқан синклинорийлерді (Нұра, Қарасор, Шыңғысалды), ішкі аудандағы антиклинорийлерді (Жаман Сарысу, Орталық Жоңғар) құраған. Этаждың жыныстары карбонаттық, вулканогенді-кремнийлі келген жасыл түсті терригендік-флишоидтық формацияға жатады. Жоғарғы этаж Успен, Ақсоран-Ақжал, Ақбастау, Саяқ, Арғанаты, Тастау синклинорийлерін, силур және төменгі палеозой жыныстары тараған аймақтардағы бірнеше синклинальдарды қалыптастырған. Этаждың төменгі бөлігі құм тастардан, негізді туфтық конгломераттардан, порфириттерден, бадам тасты базальттардан, жоғарғы бөлігі дацит-липарит формациясының құм тастарынан, туфтық лаваларынан құралған. Орогендік комплекс қабаттары сауыр қатпарлығының нәтижесіндегі инверсиядан пайда болған ішкі ойыстарды толтырған. Төменгі сұр моласса түріндегі терригендік-вулканогендік, теңіздік жасыл-сұр түсгі жыныстар ортаңғы визеден москва ярусының 1-жартысына дейінгі уақытта сауыр және москва қатпарлықтары арасында жиылған. Москва қатпарлығының нәтижесінде жоғарғы герциндік молассаны құраған қызыл түсті континенттік шөгінділер тұнған. Герциндік моласса Тоқырау, Солтүстік Балқаш маңы мегасинклинорийін, Солтүстік Жоңғарияда бірнеше синклинальдарды құраған. Жоңғар-Балқага қатпарлы жүйесінде жарылыстар және олармен байланысты магмалық түзілімдер кең тараған. Жарылыстар мегасинклинорийлер мен оларды қоршаған массивтердің аралық шегімен бағыттасып, бір-бірімен қиылысқан қалың тор жасаған. Төменгі молассаны қалыңдығы 4000 м-дей вулканогендік- шөгінді түзілімдердің сериясы құраған. Барлық орында континенттік сипаттағы жоғарғы моласса қалыңдығы 3000 м-дей келген туфтық-лавалық түзілімдер мен туфогендік шөгінді жыныстардан құралған және синклинорийлердің орталық аудандарына шоғырланған. Геосинклинальдық комплекстегі қатпарлы дислокациялар көне жыныстарда (кембрий-ордовик) күштірек, жасырақ жыныстарда (девон-карбон) бәсең. Орогендік комплексті құраушы жыныстар айқын асимметриялы синклинальдарды, ал жарылысқа таяу зоналарда жіңішке антиклинальдарды қалыптастырған. Гранит-гранодиорит құрамды сауыр (балқаш комплексі), ортаңғы карбон (топар не мұзбел комплексі) интрузиялары қатпарлы жүйенің герциндік құрылымымен байланысқан. Интрузиялардың абсолют жасы 340 млн. жылдай. Ортаңғы карбонның ақырынан төменгі триасқа дейінгі интрузиялар 1-ретті жарылыстардың жалпы жүйесін бойлай отырып, герциндік және каледондық зоналардан орын алған. Жоғарғы палеозойға биотит граниттері, сілтілі және баяу сілтілі жыныстар, ашық түсті граниттер тән.

Герциндік зонадағы биотит граниттері, гранодиорит батолиттері формацияларының интрузиялары түріндегі комплекстің абсолют жасы 312 млн. жылдай, яғни ортаңғы карбонның төменгі жағын қамтиды (саяқ комплексі). Сілтілі жыныстар субвулкандық ассоциацияға жатады. Кварцты монцонит қатарының жыныстары герциндік зоналар мен каледонидтердегі вулканогендік синклинорийлерден орын алған.

Обь-Зайсан қатпарлы облысы құрылымы жағынан Алтай-Саян қатпарлы облысына ұқсас, даму пішіндері жөнінен оралдық типтегі герциндік құрылымның сипаты байқалады. Оның құрамындағы Зайсан қатпарлы жүйесі Қазақстан территориясына кіреді. Бұл жүйе Зайсан көлінен басталады да, Ертістің павлодарлық бойымен Алтайды айналып, Обьтағы Камень қаласынан өткеннен кейін Батыс Сібір плитасының жас жыныстарымен жабылған. Жүйенің солтүстік-батысқа созылған қатпарлары батыста Сарыарқа каледонидтерінің, шығыста Ертіс жарылысының арасынан орын алып, Сарысазан, Жарма (Оңтүстік Қалба), Қалба-Нарым мегасинклинорийлерінен құралған. Бұлардың әуелгісі оңтүстік-батыста, екіншісі жүйенің ортаңғы бөлігінде қалыптасқан. Сарысазан мегасинклинорийіндегі геосинклинальдық комплекс ультранегізді массивтермен ұштасқан жоғарғы ордовиктің порфирит формациясынан (2500 м- ден), силур мен девон жыныстарынан (4000 м), бұлардың бетіндегі төменгі- ортаңғы карбонның терригендік, теңіздік (4000 м-дей) жыныстарынан түзілген. Мегасинклинорий негізінен төменгі карбонның турне-визе ғасырында дамыған, континенттік шөгінділер сауыр қатпарлығынан кейін қалыптасқан.

Жарма (Оңтүстік)алба) мегасинклинорийін құраған жыныстардың басым көпшілігі силурдың ақырынан ортаңғы триасқа дейінгі эффузиялардан құралған. Мегасинклинорий ядросын, араларынан Шар және Горностай ультранегізді массивтерінің белдеулері орын алған, девонның диабаздық-яшмалық (порфириттік) комплексі құраған. Жарма жарылысына таяу зонада турне-төменгі визенің, қалыңдығы 4000 м-дей, жасыл түсті терригендік- порфириттік сериясы жиылған. Бұларды визе-намюрдің жасыл түсті құмды-тақта тасты қалың комплексі шалыс жапқан. Қатпарлы жүйенің оңтүстік-батыс бөлігінің көтерілуіне байланысты Қалба-Нарым ойпаңы қалыптасқан. Москва қатпарлығы геосинклинальдық кезеңнің барлық ойпаңдарын қамтыған, молассалар ішкі және жарылыс бойындағы ойыстарда жиылған. Карбонның ақыры мен ортаңғы триаста жарма жарылысын бойлай базальт-дацит-липарит формациясының эффузиялық сериялары мен габбро-монцонит-сиенит формациясының вулкандық массивтері енген. Ішкі ойпаңдарды жағалық-континенттік, континенттік-терригендік, эффузиялық жыныстардың молассасы толтырған. Мезозойдың бірнеше ойпаңында ортаңғы-төменгі юраның көмірлі шөгінділері қалыптасқан. Геосинклинальдық комплексте дислокациялар едәуір орын алған. Қалба-Нарым мегасинклинорийі негізінен ортаңғы визеден жоғары карбонға дейінгі сұр түсті терригендіқ шөгінділерден құралған. Ол екі комплекске ажыратылады. Төменгі комплекс ортаңғы визенің ритмді қабаттасқан құмды-сазды түзілімдерінен (3000-4000 м-дей), жоғары комплекс құм тастар мен конгломераттардан (2000 м-дей), мегасинклинорий фундаментінде докембрийлік жыныстардан түзілген.

Алтай-Саян қатпарлы облысынан республика жеріне Кенді Алтайдың каледондық қатпарлы жүйесі кіреді. Бұның Обь-Зайсан қатпарлы жүйесімен шегі Ертіс жарылысы арқылы өтеді. Негізінен девон мен карбон кезеңдерінде дамыған Кенді Алтай құрамына Ақуба синклинорийі, Орталық Лениногор аудандық (Синюха антиклинорийі, Быструха синклинорийі, Алей антиклинорийі), Ертіс бойы синклинорийі жатады. Ақуба синклинорийін жоғары ордовиктен төменгі карбонға дейінгі жыныстар комплексі құраған. Шеткі зонада силурдың карбонаттық формациясы, төменгі девонның әк тасты жыныстары, бұлардан жоғарырақ қалыңдығы 10-12 км-дей төменгі-ортаңғы девонның вулканогендік-шөгінді жыныстары түзілген. Синклинорийдің солтүстік-батыс бөлігін гранодиорит-гранит формациясының батолиттері алып жатыр. Габбро-диабаз формациясының интрузиялары созылымы 200 км-дей белдеу құраған. Лениногор аудандық жыныстарының қимасы каледондық фундаменттің метаморфизмге шалынған жасыл тас жыныстары мен граниттері бетіндегі ортаңғы девонның вулканогендік-шөгінді жыныстарынан басталады. Карбонның басында вулканизмнің бәсеңдеуіне байланысты карбонатты жыныстар молырақ жиылған. Сауыр қатпарлығының нәтижесінде визе-намюр және жоғарғы палеозой жыныстары аз тараған. Силур-девонның, ортаңғы карбонның, пермьнің гранит интрузиялары кездеседі. Тұғырдын, жарылысты-блокты тектоникасына байланысты созылымы тұрақсыз, асимметриялы қатпарлар дамыған. Зона Ақуба, Ертіс бойы синклинорийінен пәрменді шеткі көбелермен бөлінген. Ертіс бойы синклинорийінің геологиялық қимасы ортаңғы девонның березов свитасынан басталады да, жоғарғы девон-төменгі карбонның тақыр свитасымен бітеді. Фундаменттегі докембрий және төменгі палеозой жыныстарынан құралған жіңішке кордильералар синклинорийді бірнеше ойпаңға бөлген. Ортаңғы карбон-мезозой жастас Ертіс бойының граниттері Қалба батолитінің бірыңғай белдеуін құраған. Асимметриялы келген қатпарлар жарылыстарды бойлай созылған және солтүстік-шығысқа қарай төңкерілген.

Кенді Алтай Алтай-Саян қатпарлы облысының каледонидтерімен, ал тектоникалық пішіндері мен шөгінді жиылу сипаты жағынан Таулы Алтаймен тығыз байланысқан. Бұның герциндік комплексі Алтай-Саян облысының дамуындағы ақырғы пішін болып саналады.

Жоғарыда сипатталған палеозойлық катпарлы жүйелер жоғарғы триастан бастап платформалық режимде дамыған және эпипалеозойлық платформа құрамында болған. Платформалық комплекс юра мен бор, ортаңғы және жоғарғы плиоцен аралықтарындағы тектоникалық қозғалыстардан пайда болған ірі шалыстықтар беттерімен шектелген 3 этаждан құралған. Төменгісі - жоғарғы триас пен юра, ортаңғысы - бор, палеоген, миоцен, төменгі және ортаңғы плиоцен, жоғарғысы - жоғарғы плиоцен, антропоген жыныстарынан түзілген. Төменгі этаж ішкі континенттік көлдік алаптардың көмірлі шөгінділерінен түзіліп, дислокацияларға шалынған асимметриялы синклинорийлер мен синклинальдар түрінде келеді. Ортаңғы этаж континенттік үгілуден тайыз ойпаңдарда қалыптасқан. Бұның үстінде үзілістен кейінгі континенттік- терригендік, көлдік-өзендік шөгінділермен алмасқан теңіздік жыныстардың горизонттары жатыр. Торғайдың оолиттік теміртас рудалары олигоценнің континенттік шөгінділерімен байланысқан. Жоғарғы этаж қазіргі рельефтің қалыптасу уақытына сәйкес келеді. Жыныстарының құрамы Сарыарқаның солтүстігінде құмды саздақты (қалыңдығы бірнеше м), оңтүстіктегі таулы рельефке өте келе ірі кесекті жыныстарға (қалыңдығы 3-5 км-ге дейін) ауысады.

Альпілік орогендік комплекске Тянь-Шаньның, Сауыр, Алтай, Тарбағатайдың тау аралық және тау алды ойыстарында ортаңғы олигоцен-антропогенде жиылған қалың шөгінді қабаттары жатады. Қазіргі таулы аудандар жарылыстар арқылы ені ондаған, ұзындығы жүздеген км көтерілген не төмендеген блоктарға бөлінген.

Тұран плитасы - эпипалеозойлық платформаның бір бөлігі. Бұл құрылымға Арал және Каспий теңіздеріне іргелес жатқан Солтүстік және Оңтүстік Үстіртті, Маңқыстауды, Қарақұмды, Оңтүстік Торғайды, Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұмды қамтитын жазық аймақ кіреді.

Солтүстік Үстірт докембрийлік массивтің бөлігі болып саналады. Мұнда палеозойлық (аралық) комплекс пен платформаның өз тысы ажыратылған. Паеозойлық комплекс төменгі палеозойдан (1,5-5 км) төменгі триасқа (1-2,5 км) дейінгі деңгейді қамтып, метаморфизмге шалынбаған, баяу дислокацияланған, докембрийлік фундамент бетінде шалыс орналасқан терригендік-карбонаттық жыныстардан түзілген. Платформаның өз тысын құраушы комплекс жоғарғы триастың рэт ярусынан бастап антропогенді түгел қамтыған және 3 этаждан құралған. Төменгі этаждың негізгі бөлігі - терригендік-континенттік, жағалаулық-теңіздік, теңіздік жыныстар. Ортаңғы этажда бор (терригендік-теңіздік, жағалаулық, континенттік қызыл түсті шөгінділер), бор-палеоген (карбонаттық формация), олигоцен-миоцен (терригендік-кесекті формация), миоцен-плиоцен (карбонаттық формаңия) комплекстері дамыған. Солтүстік Үстірт блогы көрші орналасқан Каспий маңы ойысы мен Ембі көтерілімінен Солтүстік Каспий, Оңтүстік Ембі жарылыстары, Арал-Қызылқұм ауданынан Құланды жарылысы, Маңқыстау мен Оңтүстік Үстірттен Маңқыстау жарылысы, Оңтүстік Оралдан Солтүстік Үстірт жарылысы, Скиф плитасынан Аграхан-Гурьев жарылысы арқылы бөлінеді. Солтүстік Үстірттің көтерілген және төмендеген блоктар түріндегі құрылымдарын оралдық (солтүстік-шығыстық), маңқыстаулық (солтүстік-батыстық) жарылыстар қалыптастырған. Солтүстік Үстірттің шығысында Ақтұмсық көтерілімінен бөлінген Қосбұлақ, Барсакелмес ойыстары, батысында Шағырлы, Арыстан, Солтүстік Бозащы көтерілімдері, Сам, Оңтүстік Бозащы ойпаңдары қалыптасқан.

Маңқыстау, Оңтүстік Үстірт және Қаракұм аудандары (Маңқыстау-Қарақұм зонасы) солтүстік-батыс бағытқа созылған. Бұл аудандар Солтүстік Үстірттен Маңкыстау жарылысы, Кавказ қатпарлы жүйесінен Кавказдың шеткі көбесі, Скиф плитасынан Аграхан-Гурьев жарылысы, Амудария плитасынан Амудария бойының меридиандық жарылысы арқылы бөлінген. Зонаның орталық бөлігі герциндік фундаменттің көтерілімдерінен, шеттері ойпаңдардың 2 танабынан түзілген. Зона Маңқыстау қатпарлы жүйесімен толық сәйкесіп, оның құрылымдарына үстемеленген. Тысының комплексі жоғары триастың рэт ярусынан бастап антропогенді түгелдей қамтыған және 3 этаждан құралған. Этаждардың төменгісі төменгі юраның континенттік, ортаңғы юраның лагуналық-жағалаулық, жоғарғы юраның теңіздік шөгінділерінен түзілген. Ортаңғы этаждың төменгі бөлігі бор-палеоген, жоғарғы бөлігі олигоцен-плиоцен жыныстарынан құралған. Жоғарғы этажда терригендік-кесекті түзілімдер дамыған.

Солтүстік Қызылқұм ойысы (синеклизасы) Қаратау-Есіл үстемеленген ойпаңының девон-карбон әк тастары бетінде орналасқан. Ойыс тысының төменгі этажы терригендік көмірлі формациядан құралған. Ортаңғы этаж төменгі бордың континенттік кесекті жыныстарынан құралып, эрозиялық қазан шұңқырларды толтырған. Жоғарғы этаж Тянь-Шаньның көтерілуіне байланысты барлық бөктерлік белдеуде дамыған. Соң альпілік тектоникалық қозғалыстар ойысты платформалық және активтену зоналарына бөлген. Синеклизаның жақпарлы-қатпарлы тектоникасының негізгі зонасын Оңтүстік Арал маңынан басталып, Бозкөл, Бұқантау, Жетімтау, Қаратау, Шұлын көтерілімдері арқылы Піскем жотасына дейін созылған ОрталықҚызылқұмның жақпарлы антиклинальдарының ендік белдеуі құраған. Бор мен палеогон жыныстары асимметриялық күмбездер түрінде локацияланған және олар көне құрылымдарға қиғаш келген ендік бағыттағы фундаменттің жақпарлы құрылымдарын бейнелейді.

ОңтүстікҚызылқұм өзінің құрылым тысы құрылысының ерекшеліктері жөнінен солтүстік жерортатеңіздік провинцияға жатады. Геологиялық қимасы Маңқыстау мен Қарақұмның қималарына ұқсас және ортаңғы-жоғарғы юра, бор, палеоген жүйелерінің теңіздік, теңіздік- жағалаулық жыныстарынан түзілген.

Тау жыныстары. Қазақстан жерінде докембрий және палеозой жыныстары басқа топтардың жыныстарына қарағанда молырақ тараған.

Докембрий жыныстары көбіне Мұғалжарда, Көкшетау-Ұлытау-Солтүстік Тянь-Шань, Ерейментау-Нияз-Атасу-Бетпақдала зоналарында, Шыңғыс антиклинорийі мен Таулы Алтайда байқалады. Барлық жерде докембрий қат-қабаттары палеозой геосинклиналының тұғырын құраған және олар ірі антиклинорийлер мен көне массивтердің ядроларында кездеседі. Докембрий жыныстары пәрменді метаморфизмге бірнеше рет шалынған, неше дүркін қатпарлықтарға жиырылған. Сондықтан докембрийді стратигр. мүшелеуде тарихи-геологиялық тәсілдердің жиынтығы басты орын алады. Биостратигр. мүшелеуді тек жоғарғы протерозой (рифей) үшін ғана пайдалануға болады. Докембрий жыныстары архей, протерозой, рифей, венд шөгінділеріне ажыратылады.

Архей-төменгі протерозой жыныстары Көкшетау, Ұлытау, Ерейментау-Нияз, Сарысу антиклинорийлерінің ядросын құраған. Көкшетау массивінің зеренді сериясы мен Ұлытаудың бектұрған сериясының қималары тіректі қима болып саналады. Бұлар әр текті гнейстерден (көбіне альбиттік), амфиболиттік, эклогиттік, порфиритоидтық, арасында мәрмәр және кварцит қабатшалары бар кристалдық тақта тастардан құралған. Мәрмәр мен кварциттердің, оған қоса дистендік-гранаттық-андалузиттік тақта тастардың кездесуі, қабаттастық белгілері т. б. архей-төменгі протерозой комплексінің бастапқы шөгінді жыныстардан жаралғандығын көрсетеді. Бірнеше жергілікті свиталарға бөлінген архей-төменгі протерозой қат-қабаттарының қалыңдығы 5-7 км-ге жетеді. Кесек және метаморфогендік циркон бойынша анықталған радиогеологиялық жасының ең жоғарғы мәні 1850-2050 млн. жылға тең.

Төменгі-ортаңғы протерозойлық жыныс қабаттары Ұлытауда мол шоғырланған. Мұнда бұлар 4 серияға мүшеленген, ерте және соң геосинклинальдық кездерге біріктірілген. Бұл сериялар әр түрлі кристалдық, бластопсаммиттік тақта тастардан, порфироидтардан, порфиритоидтардан, кварциттерден, темірлі кварциттерден, филлиттерден, графитті тақта тастардан, аздап мәрмәрлерден, доломиттерден, метаморфизмге шалынған конгломераттардан, гнейстерден т. б. құралған. Жоғарғы серияларда қышқыл вулканиттер басымырақ келеді. Көкшетау массивіндегі бұл сериялардың сыңары - бурабай сериясы. Төменгі-ортаңғы протерозой шөгінділерінің қалыңдығы 10-15 км-ден асады. Бұл шөгінділерді қиып өткен гранитогнейстердің абсолют жасы 1410-1730±50 млн. жыл. Архей-протерозой шөгінділерімен темірлі кварциттер (Ұлытау, Бетпақдала), доломиттер, графитті, гранат-кианитті тақта тастар және гнейстер байланыса келеді.

Рифей түзілімдері Мұғалжар мен Таулы Алтайдан бастап Қазақстанның барлық антиклинорийінде жер бетіне шыққан, бірақ ең толық негізделген қималары Солтүстік Тянь-Шаньда. Мұнда рифей жыныстары көбіне метаморфизмге шалынған карбонаттық-терригендік жыныстардан құралған. Басқа аудандарда бұлармен қатар едәуір шамада қышқыл және орта құрамды вулканиттер (Ұлытаудағы көксу, белеуті сериялары, Көкшетаудағы никольск-бұрлық сериясы, ерейментау сериясы т. б.), кварциттер, яшма-кварциттер ұшырайды. Рифейдің ортаңғы бөлігінде көкшетау сериясының (қалыңдығы 2,5 км-ге дейін), кварцит-құм тасты қат-қабатының болуы бұл шөгінділердің субплатформалық жағдайларда жиылғандығын көрсетеді. Мұғалжарда қалыңдығы 7-8 км-ден астам, құрамында кварциттер мен кристалдық тақта тастардың горизонттары бар гнейс-амфиболит қат-қабаты басым келеді. Рифей жыныстарының төменгі серияларының радиогеологиялық жасы 1300-1500 млн. жыл, ал жоғары свиталардікі 750-950 млн. жыл. Бұларды жасы 650±30 млн. жылдық гранитоид комплекстері қиып өткен. Докембрий түзілімдерінің ішінде қалайылы, сілтілі және микроклинді гранитогнейстер басым. Метаморфизмге шалынған титанды-цирконды, алтынды (Ұлытау-Көкшетау зонасы) қорымдар да кездеседі.

Венд шөгінділері каледон антиклинорийлерінің осьтік бөліктерінде дамыған. Олар строматолиттер комплексі бонынша ажыратылады. Жыныстардың құрамы тым әр текті. Мұнда конгломерат-құм-саз қат-қабаттары (Оңтүстік Орал, Қаратау, Бетпақдала), орта және қышқыл құрамды вулканиттер, туффиттер, карбонатты-кремнийлі жыныстар, диабаз-спилит лавалары (Ерейментау), көмірлі-кремнийлі тақта тастар қабаттары қалыптасқан. Тиллит тәрізді конгломераттар мен «таспа» әк тастар да кездеседі. Венд шөгінділерімен Ұлытаудағы алюмофосфаттар, Жоңғар Алатауында стратиформдық полиметалл, Көкшетау-Ұлытау-Кіндіктастағы ультранегізді, негізді жыныстар белдеулерімен кобальтты мыс-никель және асбест кендері байланысқан.

Палеозой тобының жыныстары Қазақстан территориясында өте кеңінеи тараған. Каспий маңы синеклизасында, Тұран плптасында, Торғай ойпаңында және Ертіс бойында палеозойлық фундаментті мезо-кайнозойлық шөгінділердің тысы жауып жатыр. Қазақстанда палеозой тобының алты жүйесінің де (кембрий, ордовик, силур, девон, карбон, пермь) жыныстары анықталған. Ерте палеозойдың (Оралтау-Сакмара, Ерейментау-Іле, Шыңғыс-Тарбағатай, Таулы Алтай) эвгеосинклинальдарында кембрийдің қалың терригендік-вулканогендік, негізінен базальттық комплексі (қалыңдығы 12-15 км) жиылған. Бұлардың арасында орналасқан миогеосинклинальдар (Есіл-Қаратау, Бетпақдала) негізінен терригендік, кейде карбонатты және кремнийлі шөгінділермен толған. Төменгі кембрий жыныстарында фосфоритті және ванадийлі горизонттар (Қаратау, Шу-Іле таулары, Кіндіктас) бар. Эвгеосинклинальдық белдеулерде мыс порфирлі, алтын-колчеданды рудалары бар ультрабазит интрузиялары, габбро-плагиогранит формациялары кездеседі.

Ордовикте геосинклинальдық ойпаңдардың ішінара инверсиясымен байланысты ішкі көтерілімдер өсе түсіп, жаңа көтерілімдер пайда бола бастаған. Флишоидтық қат-қабаттар (Ерейментау-Іле, Шыңғыс-Тарбағатай эвгеосинклинальдары) кеңінен дамыған. Ортаңғы ордовиктен кейінгі толық инверсияға байланысты миогеосинклинальдарда молассалар жиыла бастаған. Эвгеосинклинальдарда тек Степняк-Бетпақдала зонасы ғана әбден қалыптасқан. Өзгелерінде порфириттер және олардың туфтарымен қабаттаса келген грауваккалар мен флиш жиылған. Ордовиктің ең ақырындағы каледон қатпарлығы Қазақстанда ірі континенттік массивтерді қалыптастырған. Бұлардың ең ірісі - Орал-Қазақстан ортаңғы массиві. Бұл Шығыс Орал-Орта Азия эвгеосинклиналы мен Жоңғар-Балқаш миогеосинклиналын бөлген. Қазақстанның каледондық нығаю белдеулері ордовик, силур-девон интрузияларымен (қырыққұдық, бурабай, желтау комплекстері) жақсы шектелген. Бұл интрузиялармен алтын, скарндық темір, мыс-молибден, сирек металл кендері байланыса келеді.

Силур кезеңінің геосинклинальдары 3 топқа бөлінеді. Оңтүстік Оралдың грабен тәрізді жіңішке ойпаңдарында ультранегізді интрузиялармен байланысты қалың спилит-кератофир формациясы қалыптасқан. Жоңғар-Балқаш геосинклиналы тайыз сулы теңіздің шөгінділерімен, кейін қызыл түсті молассамен, азын-аулақ риф әк тастарымен толған. Кей орындарда (Шыңғыс-Тарбағатай, Солтүстік Балқаш маңы, Шу-Іле) андезит-базальт лавалары мен олардың туфтары байқалады. Алтайдағы Ақуба зонасында көбіне әк тастар дамыған. Силурдың ақырындағы қатпарлыққа байланысты теңіз Қазақстанның каледонидтер территориясына қарай шегініп, мүшеленген таулы рельеф пайда болған. Силур интрузиялары бурабай комплексі типті қышқыл граниттерден түзілген.

Девон кезеңінің басы теңіз алаптарының мейлінше кішіреюімен сипатталады. Теңіздік эвгеосинклинальдық режим Орал, Жоңғар-Балқаш жүйелерінде сақталған. Обь-Зайсан және Кенді Алтай эвгеосинклинальдары қалыптаса бастаған. Бұларды Шар және Горностай белдеулерінің ультрабазиттерімен қиылған шөгінді-вулканогендік жыныстар толтырған. Алтайдың девон шөгінділерінде полиметалл және мыс колчеданы кендері орналасқан. Шардағы риф әк тастары тосқауылының сыртында терригендік жыныстар тұнған. Жоңғар-Балқаш геосинклиналында бүкіл девон ішінде және томенгі карбонның ортасына дейін кесекті жыныстардың аса қалың (10 км) қат-қабаты қалыптасқан. Каледонидтер мен герцинидтер арасындағы кең танапты вулкандық түзілімдер қимасының табанында жатқан андезит-базальт құрамды терригендік-вулканогендік қат-қабат өзінен жоғарғы липарит-дацит лаваларына (қайдауыл сериясы) ауысқан. Гранит интрузиялары генетикалық жағынаи қышқыл вулканиттермен байланысқан. Вулкандық белдеудің ішкі зонасында ірілігі түрліше келген туфогендік жыныстардың горизонттары бар андезит-базальт, андезит вулканиттері дамыған. Бұлардың қалыңдығы негізінен 5 км-ден астам, бірақ кей орындарда күрт ауытқиды. Шеткі вулкандық доғадан батысқа қарайғы каледондық нығаю аймағындағы тау аралық ойыстарда девонның фран ғасырына дейін қызыл түсті моласса (4-5 км) жиылған (жақсыкөң сериясы). Каледондық таулардың бұзылу үтіндісі болып табылатын бұл серия конгломераттардан, гравелиттерден, құм тастардан, алевролиттерден құралған. Кейде бұлардың ішінде қышқыл туфтар, андезит-базальттар кездеседі. Қызыл түсті молассамен Терісаққан және Вишнев аудандарының мысты құм тастары, Жездінің марганең рудалары байланысқан. Девонның ақырында каледонидтер аймағында сілтілі интрузиялар байқалған.

Орал геосинклинальдық жүйесінде девон кезеңдік кремнийлі тақта тастар, яшмалар (Ор өңірі), сазды тақта тастар, әк тастар, қышқыл және базальттық эффузиялар, пирокластикалық жыныстар т. б. қалыптасқан. Мұндағы мыс колчеданды кендер силур-девон вулканиттерімен байланысқан. Оңтүстік Оралдың ортаңғы девонға дейінгі шөгінділерін күрделі құрамды ультранегізді интрузиялар қиып өткен. Бұл интрузиялармен хромит рудалары (Кемпірсай тобы) және асбест байланысқан. Фамен ғасырына дейін Қазақстан каледонидтері айтарлықтай денудацияға ұшырап, жазық рельеф пайда болған және вулкандық әрекет өше бастаған. Сондықтан фамен-төменгі карбонда аумақты теңіз трансгрессиясы байқалады. Биік таулар түріндегі антиклинорийлер трансгрессиядан тысқары болған. Қазақстанның геосинклинальдық зоналарында терригендік конгломерат-құм-тақта тасты қат-қабат басым болған. Ерте (төменгі) карбонда Оңтүстік Оралдың шығысында, Торғай ойпаңында және Обь-Зайсан геосинклиналында андезит-базальт қатарының вулкандық әрекеті дамыған. Теңіздің жағаға таяу зоналарында сұр түсті құм-саз жыныстары жиылған, ал ашық зоналарында қалыңдығы бірнеше жүз карбонаттық (Жезқазған-Қарағанды алабы, Үлкен Қаратау), терригендік-карбонаттық (Солтүстік Балқаш маңы) шөгінділер тұнған. Лагуналық зоналарда (Шу-Сарысу алабы) терригендік-мергельді қабатшалармен қабаттасқан эвапориттер (гипс, апгидрит, тас тұзы) шөккен. Қаратаудың карбонатты жыныстарымен мырғалымсай типтес қорғасын-мырыш рудалары байланысқан. Теңіздің әрбір терең сулы зоналарының (Атасу) кремнийлі-мергельді жыныстарында темір-марганец, қорғасын-мырыш рудаларының иірімдері (Жәйрем, Қарағайлы) кездеседі.

Визеден (карбоннан) бастап сауыр қозғалыстарына байланысты ландшафтық жағдай өзгере бастаған, осының салдарынан шөгінділер құрамы да өзгеріске ұшыраған. Сауыр қозғалыстары соң (жоғарғы) палеозойда Қазақстан территориясының мүшеленуіне себепші болған. Осының нәтижесінде аумақты көтерілімдермен бөлінген ойпаңдардың оқшау немесе жартылай оқшау жүйелері пайда болған. Теңіздік режим Арал-Каспий зонасында (пермьде терригендік-тұзды фацияларға ауысатып карбонатты жыныстар басым), Орал алдында (төменде теңіздік, жоғарыда континенттік сипатты флиштік және мо- лассоидтық типті терригендік-карбонаттық шөгінділер) ғана сақталған. Жоғарғы палеозойдың андезит пен базальт горизонты, негізінен конгломерат-құм тасты континенттік молассаның қат-қабаты (2-2,5 км) Торғай ойпаңының территориясында байқалады. Құмды-алевритті молассоидтық қат-қабаттар Сарыарқаның тау аралық ойпаңдарының территориясында жиылған. Батыс ойпаңдарда (Теңіз, Жезқазған) бұл қат-қабаттар мыстыне тұзды, ал Қарағанды, Теңіз-Қоржынкөл аудандарында, Ертіс бойында көмірлі келеді. Жоңғар-Балқаш зонасында, Іле ойысында, Талас Алатауының батыс сілемдерінде визе ғасырынан бастап бүкіл жоғарғы палеозойдан төменгі (ерте) триасқа дейінгі уақытта андезит-базальттық, дацит-липариттік, трахилипариттік, трахиан-дезиттік лавалар мен олардың туфтарынан тұратын вулканогендік қалың моласса жиылған. Төменгі және ортаңғы карбонның теңіздік шөгінділері Саяқ пен Жоңғар-Алакөл сияқты жіңішке ойпаңдарда ғана оқшауланған. Тас көмір және пермь кезеңдерінің интрузиялары көп сатылы және герциндік тау жаралу аймақтарында тараған. Карбон интрузиялары диорит, плагиогранит, адамеллит, қалыпты гранит құрамды келеді. Бұлармен мыстың, полиметалдардың, алтынның (Қалба ауданы), скарн типті темір рудаларының кендері (темір рудалы кендерінің қостанайлық тобы) байланысқан. Пермьде аляскит, лейкократ граниттері, сілтілі базальттық және сиениттік жыныстар тараған. Пермь интрузияларында сирек металдармен (қалайы, вольфрам, молибден) минералдану байқалады. Орал, Алтай геосинклинальдарында төменгі тас көмірмен жастас кіші габбродиорит интрузиялары дамыған. Жоңғар-Балқаш аймағындағы палеозойдың вулкандық-плутондық формацияларымен туынды кварциттер деп аталатын метасоматикалық түзілімдер байланысқан. Бұл жыныстардан мыс, алтын, күміс, молибден, корунд т. б. пайдалы қазындылардың кендері орын алған.

Герцин тектогенезінен кейін Қазақстанның Маңқыстау аймағынан басқа бүкіл территориясы қатпарлы тау құрылысына айналған. Мұнда төменгі (ерте), ортаңғы триаста, юра кезеңінде негізінен үгілу қыртысы түзілген денудация процестері басым болған. Мезозой ішіндегі теңіздік режим Арал-Каспий зонасында сақталған. Шығыстағы континенттік аймақта (Ертіс бойы) анортоклазиттерімен қиылған пермьнің айқын сілтілік сипатты эффузиялық-туфогендік вулканиттерінің қимасын төменгі триас жыныстары жалғастырған. Шөгінділердің жиылуы грабен тәрізді ойпаңдар жүйесінде жоғарғы триастан басталған. Бұл ойпаңдар (Ор, Торғай, Іле-Алакөл, Қарағанды-Майкүбі, Қаратау-Байқоңыр-Есіл бойы) шығысқа қарай ашық келген үзілмелі доғалар түзген, яғни бұрынғы палеозойлық құрылымдардың сипатын қайталаған. Рэт пен юра ішінде бұл ойыстар мен ойпаңдарда қалың (2 км-дей) көмірлі конгломерат-құм-алеврит қат-қабаты жиылған. Торғай ойпаңында бұлардың төсенішін төменгі-ортаңғы триастың базальт, ішінара липарит құрамды траптық эффузиялары құраған. Арал-Каспий аймағында, триас пен пермь арасында мысты құм тас горизонттары бар құмды-сазды теңіз жағалық жыныстардың қалың (Маңқыстауда 6 км) қат-қабаты түзілген. Юра жыныстарының мұндағы қимасы төменде көмірлі континенттік, жоғарыда теңіздік құрамды келеді. Каспий маңындағы сазды-карбонатты битумды жыныстар (500-800 м) Маңқыстау мен Үстіртте құмды-сазды фациялармен (1000-1500 м) алмасқан. Мұндағы юра мен бор шөгінділерінде мұнай мен газ бар. Мезозой магматизмі жоғарыда аталтан аймақтардан басқа Кетпеннің мелилиттік базальттары, Алакөл ойысының андезиттері түрінде санаулы орындарда ғана кездеседі. Орал алдында, Сарыарқаның солтүстігінде үгілу қыртысымен бокситтер және никель рудалары байланысқан.

Бор және палеоген кезеңдерінде Қазақстанның шығыс бөлігінің көпшілік жері континенттік массив болған. Ол Оңтүстік Орал көтерілімінен Торғай ойпаңымен, Алтай массивінен Ертіс-Зайсан ойыстары танабымен, Солтүстік Тянь-Шаньнан Шу, Іле, Балқаш-Алакөл ойыстарымен бөлінген. Бұл ойыстарда тыныш тектоникалық жағдайда жұқа, құмды-сазды шұбар түсті континенттік шөгінділер жиылған, материктік үгілу қыртысының қалыптасуы қазіргі дейін жалғасуда. Жоғарғы бордан төменгі олигоценге дейін жерортатеңіздік геосинклинальдық белдеу жағынан ірі трансгрессия дамыған. Теңіз бүкіл Сырдария ойысын жапқан, кейде Шу синеклизасының территориясына жетіп, Торғай ойпаңы арқылы Батыс Сібір теңізімен қосылған. Орал, Сарыарқа массивтерін үш жағынан қоршаған теңіздің жағалық бөлігінде оолиттік қоңыр темір тасты (Әйет), құмды-сазды шөгінділер тұнған, теңіздің ашық бөлігінде (айдынында) сазды-карбонатты, глауконитті және опокалы жыныстар жиылған. Орал-Қазақстан континентінің теңізге таяу тегістелген алаңдарында үгілу қыртысының қайта жиылу есесінен боксит иірімдері түзілген, титан минералдарының, алтынның, алмастың теңіздік және атыраулық қорымды кендері қалыптасқан. Ортаңғы олигоценнен бастап бүкіл Орал-Қазақстан қатпарлы жүйесінің палеозойлық фундаменті көтерілген, теңіз алабы Арал теңізінің батыс жағалауының сыртына қарай шегініп, тек Орталық Қызылқұмда кішкене шығанақ қалған. Оңтүстік Қазақстанның тау аралық депрессияларының палеогенінде едәуір қалың (1000 м) ірі кесекті жыныстар басым келеді. Арал-Каспий аймағында борпалеоген ішінде, ішінара неогенде теңіздік режим сақталған. Регрессия кезінде құмды-сазды, трансгрессиялық дәуірлерде карбонатты-мергельді жыныстар жиылған. Бұл жыныстарда фосфорит иірімдері (Ақтөбе ауданы), жазатын ақ бор мен қабыршақ тастардың пластары қалыптасқан. Каспий маңы ойысында бұл жыныстардың қалыңдығы 3 км-ден астам. Кейінгі олигоцен-миоценде жерортатеңіздік белдеудегі тау жаралу қозғалыстарына байланысты көлдік-аллювийлік құмды-сазды қат-қабаттар тұнған.

Неоген ішінде Қазақстан территориясы құрлыққа айналып, құмды-сазды теңіз шөгінділері тек Каспий маңы ауданымен ғана шектелген. Бұл кезде Сарыарқаның шеткері кең жазықтарында гипсті және темірлі-марганецті, кейде тұзды, төменде сұр-жасыл (арал свитасы), жоғарыда қызыл түсті (павлодар свитасы) көлдік-аллювийлік сазды жыныстар жиылған. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысының тау алды және тау аралық аудандары ірі кесекті, құмды-малта тасты, сазды-мергельді, кейде тұзды (Текес ойысы) неоген жыныстарынан құралған.

Плиоценнің ақырында және антропогеннің басында Қазақстанның таулы аудандары күмбезді-жақпарлы көтерілімдерге шалынған. Бұл кездін қалыңдығы бірнеше жүз метрге келген шөгінділері дөңбек тастымалта тасты мұздық, сулық-мұздық түзілімдерден, тау бөктерлерінің ысырынды конустарының шөгінділерінен, лёсс тәрізді саздақтардан құралған. Жазық өңірлерде қазіргі өзен торы айқындала бастаған; мұнда озеннің құмды-малталы, көлдің құмды-сазды шөгінділері, эол құмы жиылған. Каспий маңы ойысының антропоген шөгінділері Каспий алабының 4 трансгрессиясының (баку, хазар, хвалын, жаңа каспий) құмды-сазды шөгінділері (қалыңдығы 300 м) болып саналады. Делювийлік-пролювийлік және аллювийлік шөгінділерде алтынның, касситериттің қорымдары бар. Шөлді аудандардың көлдерінде сульфат, сода, тас тұзы, доломиттер (Балқаш) тұнған.

Пайдалы қазындылары. Жанғыш пайдалы қазындылар. Қазақстанда кеңінен тараған тас көмір мен қоңыр көмірлердің, жанғыш тақта тастардың 10 бассейні, 155 кені, 102 жерде белгісі бар. Бұлардың ішінде 4 тас көмір, 6 қоңыр көмір бассейні, тас көмірдің 101, қоңыр көмірдің 48, жанғыш тақта тастардың 6 кені бар. Басты көмір кендерінде горизонтал немесе еңіс жатқан бір не бірнеше (кейде ондаған) пластар болады. Көптеген кендер қоры ондаған не жүздеген млн., ірілерінікі млрд-таған тоннаға жетеді. Қазақстанның жалпы көмір қоры (1977 жылдың 1 январында) 162,4 млрд. т-ға жетті (жалпы одақтық қордың 1,6%-і), оның 13,8 млрд. т-сы кокстелетін көмір. Жалпы қордың 50%-і түрлі тас көмірдің, 8%-і кокстелетін көмірдің үлесіне тиеді. Көмір кенінің көбі карбон не юра кезеңінде қалыптасқап. 1932 жылы Қазақстанда 0,82 млн. т. көмір өндірілді. Өндіріс қарқыны 10-бесжылдық аяғында едәуір артады. Көмір кендерінің көбі Қарағанды, Қостанай, Целиноград, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары жерінде. Қарағанды көмір бассейні Донбасс, Кузбасс, Печора бассейндерінен ауданы мен қоры жөнінен кіші болғанымен кұрамындағы кокстелетін көміріне байланысты маңызы зор, сондықтан ол «бүкіл одақтық үшінші кочегарка» деп аталады. Қарағанды бассейнінің көмірі карбон жасында, аудандық 3000 км2, геологиялық қоры 54 млрд. т, көмір пластарының жалпы саны 80, оның 54-нің қалыңдығы 0,7-8,0 м. Жылына ондаған млн. т. өнеркәсіпке жарамды көмір өндіретін 40-тан астам шахта іске қосылған. Көміріндегі күл мелшері жоғарғы пластарда 4-15%, төмендегілерінде 20-40%, күкірт 1%-тей, фосфор 0,01-0,1%, ылғалдылығы 3-6%, ұшпалы заттар мөлшері бассейннің оңтүстігінде 8-18%, солтүстігінде 30-38%, жылу шығарғыштығы 6000 ккал. Мұндағы жоғарғы сапалы юралық қоңыр көмірді (Күміс-құдық кені) ашық әдіспен өндіруге, әнергетикалық отын ретінде пайдалануға болады. Бұл көмірдің күлділігі 18%, ұшпа заттар шығымы 42-52%, күкірті 1,2%, ылғалдылығы 9-19%, жылу шығарғыштығы 5000 ккал. Ашық пен өндіруге болатын қорының масы 200 млн. тоннадан астам.

Карбон жасындағы Екібастұз бассейнінің энергетикалық көмірі Солтүстік және Шығыс Қазақстанның, Оралдың, Батыс Сібірдің қуатты электр станцияларының ірі отын базасы болып саналады. Ауданы 160 км2, қоры 10 млрд. т, оның 7 млрд. тоннасын карьермен өндіруге болады. Пайдаланылатын пластың калыңдығы 160-200 м, күлділігі 35-45%, кокстеуге жарамсыз. Мұнда жалпы қуаты 20 млн. квт жылу электр станцияларының комплексі салынуда (1978).

Екібастұздың оңтүстігіндегі 40 км жерде юралық Майкүбі көмірлік бассейні бар, оның аудандық 1400 км2, ендік бағытта 70 км-те созылған, қалыңдығы 1,5 м 50-ден астам көмір пластары барланды. Көмірі тасымалдауға қолайлы, тұрмыстық отын ретінде қолданылады, күлділігі 7-18%,жылу шығарғыштығы 4500-6000 ккал, ұшпалы заттар шығымы 40-45%. Көмір - жартылай кокстеу пихтасының қоспасы, ол газ алу үшін де пайдаланылады.

Торғай (Обаған) көмір бассейні Қостанай, Торғай облыстары жерінде. Көмірі юра жасында жалпы қоры 60 млрд. т 20 кені белгілі, қалыңдығы 40-70 ти пластарды ашық әдіспен өндіруге болады. Барданған Құсмұрын, Егінсай, Көлмаңы, Орлов кендеріндс бірнеше карьер ашу арқылы пайдалану жұмыстарын жүргізуге болады. Комірінің күлділігі 18%, ұшпалы заттар мөлшері 48%, жылу шығарғыштығы 3500-4000 ккал, ылғалдылығы 35%. Көмір бетінде жатқан жыныстар арасында кездесетін боксит, отқа төзімді саз, құрылыстық құмдар т. б. пайдалы қазындыларды көмірмен қоса жол-жөнекей өндіруге болады.

Торғай облыстық жеріндегі палеогендік Жыланшық көмір бассейнінде 12 млрд. т топырақ тәрізді коңыр көмір мен лигнит бар. Мұнда ашық әдіспен өндіруге болатын, орташа қалыңдығы 3,5 м зор пласт анықталды. Көмірдің күлділігі 17-20%, шайыр шығымы 7-22%. Целиноград пен Екібастұз арасында Теңіз-Корғалжын бассейні орналасқан. Коры бір млрд. т-дай, карьермен өндіруге болады.

Оңтүстік Қазақстанда төменгі карбондың Шу (Бетпақдаланың оңтүстігінде Шу ө. аңғарын бойлай 100 км-те созылған) бассейні, юралық Іле (Колжат), Төменгі Іле (Оңтүстік Балқаш) қоңыр көмір бассейндері (әуелгісі - Іле атрауының шығысында, Алматыдан 280 км, соңғысы - Іленің сағасында) бар. Шуда калыңдығы 1-7 м 6 көмір пласты бар, қоры 4 млрд. т-дан астам. Энергетикалық отынға жарамды, күлі 18-46%, ұшпалы заттар шығымы 7-20%, ылғалдылығы 5%, жылу шығарғыштығы 5500 ккал. Іле бассейнінің қоры 5 млрд. т, көмір қабаттары 250-500 м тереңдіктерде, бірнеше пласт (ең қалыңы 14 м) бар, күлі 5-30%, ылғалдылығы 6-15%, ұшпалы заттар шығымы 50%-тей, күкірті 0,14-3,2%, шайыры 8-15%. Көмірін энергетикада, химия өндірісінде пайдалануға болады. Оңтүстік Балқаш бассейнінің қоры бірнеше млрд. т, Іле басссйніне ұқсас жағдайда орналасқан.

Батыс Қазақстандағы Жайық - Каспий (Жайық-Жем) көмір бассейнінің ауданы 150 км2. Юралық кендері тұз күмбезді құрылымдарға ұштасқан.

Ашық әдіспен өндіруге жарамды көмір кендері: Құлан (қоры 60 млн. т). Юбилей (500), Алакөл (40), Ойқарағай (100), Борлы (213), Қияқты (26) т. б. Жанғыш тақта тастар кендерінің ең ірісі - Шығыс Казақстан облысындағы Кендірлік көмір және тақта тас кені. Мұнда көмір қоры 1600 млн. т, жанғыш тақта тас қоры 4 млрд. т. Көмір, тақта тас отын, химия және газ өндірістерінің шикізаты ретінде пайдаланылады.

Мұнай мен жанғыш газдың Қазақстандагы кендері Ақтөбе, Гурьев және Маңғышлақ, ішінара Орал облыстарының жерінде. Шу-Сарысу ойысында (Жамбыл, Шымкент облыстары) азот-гелип газдарының кендері ашылды. Батыс Қазақстанда Каспий маңы және Маңқыстау-Үстірт мұнайлы-газды облыстары анықталды. Каспий маңы мұнайлы-газды облысы Солтүстік Касппй ойысында. Мұнай мен газ тұз күмбездерімен байланысты. Каспий маңы ойысының шығыс ернеуінде, Жайық-Волга аралығында, Оңтүстік Маңқыстауда жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде 1959-1960 жылдарда көп пластылы Кеңқияқ, Прорва, Мартыши мұнай-газ кендері ашылды. Бұлардың өндірістік қоры 1959 жылға дейінгі Қазақстанның барлық мұнай кендерінің қорынан едәуір асып түсті.

1961-1962 жылдарда ашылған Маңқыстау-Үстірт мұнайлы-газды облысы БатысҚазақстанның оңтүстігінде орналасқан, аудандық 235 мың км2. Бұған Оңтүстік Маңқыстау, Солтүстік Үстірт, Солтүстік Бозащы мұнайлы-газды аудандары кіреді. Мұнай мен газ кендері метаморфизмге шалынбай, баяу ығыса шоғырланған жоғарғы платформалық этаждың палеозой-антропоген жыныстарымен байланысқан. Оңтүстік Маңқыстауда мұнай-газ, газ-мұнай кендерінің басым көпшілігі юра, біразы бор (ішінара пермь-триас), Солтүстік Үстірттің мұнай кендері юра, газы палеоген, Солтүстік Бозащыда мұнай мен газ бор, юра шөгінділерімен байланысқан. Республикадағы мұнай мен газ қорының болашағы Каспий маңы мұнайлы-газды облысының тұздан төменгі шөгінділерімен байланысқан. Мұндағы тұз асты шөгінділерінен мұнай фонтанының атқылауы, бірнеше газ-мунай кендерінің-ашылуы, кейбір скважиналарда өндіруге тұрарлык мұнайдың табылуы осы тұжырымның дұрыстығын қуаттайды. Оңтүстік Маңқыстау мұнайынан авиациалық керосин, дизель отыны, жоғары конденсатты дестиляттік майлар, парафин т. б., Солтүстік Бозащы мұнайын айыру арқылы жоғары маркалы бензин фракцияларын, дизель отындарының компоненттерін және жол битумдарын алуға болады. Оңтүстік Ембі ауданының орталық жағының және Жайық-Волга аралығының мұнайы жеңіл, парафині мен шайыры аз, бірақ майлы, бензинді келеді.

Металдық пайдалы қазындылар. Қазақстанның металдық пайдалы қазындыларынан 60-тан аса химиялық элемент өндіріледі. Металдардың эндогендік кендерінің барлық генетикалық типтері ашылған. Республика Одақта хромит, қорғасын, мырыш, кадмий, барит қоры жөнінен басты орын, мыс, молибден, боксит қоры бойынша жоғарғы орындардың бірін алады.

Темір және марганец рудаларының өндірістік кендері Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Торғай, Көкшетау, Шымкент облыстарында орналасқан. Қазақстандағы темір рудаларының жиынтық қоры көптеген алдыңғы қатарлы капиталистік елдердің қорынан кем түспейді. Темір рудаларының барланған қоры (8 млрд. т) жағынан Қазақстан елімізде РСФСР мен Украинадан кейінгі 3- орында. Марганецтің жиынтық қорының шамасы жөнінен (көпшілігі барланған) Совет Одағында 5-орында.

Торғай (Қостанай) темір рудалы бассейні Қостанай, Торғай облыстарының жерінде. Республикадағы барланған темір рудасы қорының 85%-тен астамы осында. Бассейнде 2 (Бас және Батыс) темір рудалы белдеу бар. Бас темір рудалы белдеуге (ұзындығы 800 км, ені 30-70 км) 6 рудалы аудан кіреді. Мұның батысында 80-100 км-дегі Батыс темір белдеуінің ұзындығы 600 км, ені 30-40 км. Бас темір белдеудегі скарндық магнетит рудалары карбонның вулканогендік-шөгінді жыныстары мен жоғарғы палеозойдың гранодиорит-диорит интрузияларының жапсарында орналасқан. Ірі кендері: Соколов, Сарыбай, Қашар. Руда денелерінің қалыңдығы ондаған, тіпті жүздеген метрге, ұзындық бірнеше км-ге жетеді, жатыс тереңдігі 30-1500 м. Тұтас рудалардағы темірдің орташа мөлшері 50-60%, сеппе рудаларда25-30%.Рудада 0,3-0,4%-тей күкірт, 0,01-1,5% фосфор, сондай-ақ титан, марганец, ванадий, мыс, мырыш, кобальт т. б. бөліп алуға жарамды элементтер бар. Магнетит рудаларының барланған қоры 3,7 млрд. т. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты жұмыс істейді. СССР-дегі ең ірі Қашар кені базасында жаңа комбинат салынуда (1978). Бассейннің платформалық тысының теңіздік, континенттік шөгінділерінде қорлары мол Әйет, Лисаков оолиттік қоңыр темір тас кендері жатыр. Қоры жағынан аса ірі жоғарғы бор шөгінділеріндегі Әйет темір кені - Әйет ө. алабында 2500 км2 алапты алып жатыр. Қалыңдығы 2-9 м-дей руда денелері 30 м-дей тереңдікте. Рудадағы темірдің орташа мөлшері 37%, күкірті 0,35%, фосфоры 0,38%; барланған қоры 7 млрд. т-дай. Олигоцен жыныстарында орналасқан, батыстан шығысқа созылған Лисаков кенінің ұзындығы 100 км-ден астам, ені 2-8 км. Руда денелерінің қалыңдығы 25-35 м, темірдің орташа мөлшері 34-42,6%, фосфоры 0,45-0,55%, күкірті 0,02-0,05%, темірдің жалпы қоры 4 млрд. тоннадай (одан барланғаны 1,7 млрд. т). Металлургиялық оңдеу арқылы ванадийді, алюминий тотығын, тыңайтқышқа жарамды фосфорлы шлакты бөліп алуға болады. Лисаков темір кені негізінде Лисаков кен байыту комбинаты өнім шығаруда. Рудасы Қазақстанның, Оралдың, Батыс Сібірдің қара металлургия кәсіпорындарына жіберіледі. Арал маңында, Ертіс бойында шағын қоңыр темір тас кендері бар.

Атасу темір-марганец бассейніндегі темір мен марганецтің 500-ден астам үлкені-кішілі кендері мен белгілері жоғарғы девон-төменгі карбонның вулканогендік - карбонаттық - терригендік шөгінділерінен табылды. Ірі кендері Атасу ө. алабында. Бұлар оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай жүздеген, ені ондаған км-ге созылған Успен металлогения зонасын құрайды. Атасу типтес кендер фамен - төменгі турненің кремнийлі-карбонатты- терригендік шөгінділерінен құралған ірі синклинальдық құрылымдарда орналасқан. Сыйыстырушы жыныстарға сәйкес жатқан руда денелерінің ұзындығы бірнеше жүз метрден 3-5 км-ге, қалыңдығы бірнеше метрден 50-60 м-ге дейін жетеді. Темір, марганец, полиметалл рудаларының денелері бір-бірімен өзара кезектесе қалыптасқан. Магнетит-гематит құрамды рудалардағы темірдің орташа мөлшері 50-55%-ке, марганец рудаларындағы марганецтің орташа мөлшері 10-15%-тен 35-40%-ке дейін жетеді. Атасудың темір-марганец рудалары базасында Теміртау қаласында Қарағанды металлургия комбинаты (Қазақстан Магниткасы), Ермак ферроқорытпа зауыды жұмыс істейді. Темір рудаларының барланған қоры 500 млн. т, марганец рудаларынікі 80 млн. тоннадай.

Марганец кендері Ұлытауда, Семей облысында, Сарыарқада, Қаратауда, Маңқыстауда табылды. Ұлытаудағы Қарсақбай темір рудалы бассейні меридиандық бағытта 300 км-ге созылады. Протерозойдың қарсақбай свитасында (қалыңдығы 1000 м-дей) темірлі кварцит типтес 14 кен бар. Гематит құрамды рудадағы темір мөлшері 37-42%. Барланған кендердегі темірдің перспективалық қоры 500 млн. т-дай. Темір рудаларының өндірістік шағын кендері Қарағанды (Кентөбе), Көкшетау (Атансор), Жезқазған (Батыс Балқаш маңындағы Қаратас), Шымкент (Иірсу) облыстарында орналасқан.

Хромит рудалары негізінен Ақтөбе облысында меридиандық бағытта 80 км-ге созылған (ені 0,6-30 км) Кемпірсай ультрабазит массивіндегі кендер тобында (30-ға тарта кен) шоғырланған. Қазақстандағы хромит рудаларының барланған қоры мен жылдық өнім мөлшеріне байланысты СССР бұл жөнінен дүние жүзінде 1-орынға ие болды. Руда денелерінің қалыңдығы бірнеше м, ұзындығы жүздеген м-ге жетеді. Рудадағы хром тотығының мөлшері 20-60%. Осы кендер негізінде Ақтөбе ферроқорытпа (1943 жылы іске қосылған) зауыды жұмыс істейді. Біраз хромит белгілері Қостанай (Жетіқара, Шевченко, Құндыбай, Аққарға), Семей (Шар бойы) облыстарында да ашылды.

Ванадий рудалары Қаратауда, Жабағылы тауында табылды. Руда саналатын, калыңдығы 10-15 м-дей ванадийлі тақта тастар бірнеше мың км2 өңірді алып жатыр. Рудада 1%-тей У2О5, 0,022% Мо бар. Ванадий рудаларының сапасы онша емес. Ванадийлі тақта тастар белгілері Шыңғыста, Бетпақдалада, Жезқазған өңірінде, Кіндіктаста, Теріскей Алатауда анықталды.

Титанды қорымдар мезо-кайнозойлық тыстың көмілген жағалаулық- теңіздік құмдарымен байланысқан. Құрамы жағынан комплексті: ильменит-цирконды, циркон-рутил-ильменитті келеді. Олар Қостанай, Целиноград, Көкшетау, Ақтобе облыстарынан табылды. Пайдалануға боларлықтай бірнеше кен барланды. Аллювийлік қорымдар Ұлытауда, Жезқазған облысында, Оңтүстік Алтайда ашылды.

Қазақстан түсті, асыл және сирек металдарға аса бай ел. Алюминий рудалары ішінде боксит басты орын алады. Платформалық боксит кендері эпипалеозойлық платформаның мезокайнозойлық шөгінділерімен байланысқан. Жоғарғы триастан бастап Сарыарқаның батысы мен солтүстігінде, Торғай ойпаңында, Сырдария, Арал-Касппй ойыстарының ернеулерінде боксит жиылған. Аманкелді, Обаған, Жоғарғы Тобыл (Торғай ойпаңында), Мұғалжар (палеозойлық құрылымдар шетінде), Целиноград (Теңіз ойысының солтүстік және шығыс ернеулерінде), Шымкент маңы, Ертіс маңы боксит рудалы аудандары ашылды. Боксит кендері әк тастардың карстарында, карбонаттық жыныстар мен алюмосиликаттық жыныстардың жансарларында қалыптасқан. Карстық типке жататын Аманкелді, Жоғарғы Тобыл боксит рудалы аудандарында, Арқалық, Краснооктябрь, Белинский ірі боксит кендері, Обаған, Целиноград, БатысҚазақстан өңіріндегі Мұғалжар боксит рудалы аудандарында бірнеше кендер барланды. Ордовик шөгінділерінен геосинклинальдық бокситтердің белгілері (Таскөл, Шаған) табылды. Бокситтен өзге алюминий шикізатының қоры да мол.

Никель және кобальт рудаларының басым көпшілігі ультранегізді, негізді жыныстардың үгілу қыртысында қалыптасқан экзогендік кендерде шоғырланған. Ақтөбе, Қостанай Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Семей және Жамбыл облыстарында тараған. Силикаттық никель кендерінің 30-дан аса ірі кені Ақтөбе облысындағы Кемпірсай гипербазит массивінің ертемезозойлық никельді үгілу қыртысында топтасқан. 14 кен пайдаланылуда. Қостанай облысындағы Аққарға, Шевченко базит-гипербазит массивтерінің үгілу қыртысындағы кендер рудасының қоры мол, сапасы жоғары. Силикатты никель рудаларының кендері Жезқазған, Семей облыстарында ашылды. Сульфидтік мыс-никель рудаларының кендері де белгілі. Кобальт силикаттық никель рудаларымен байланысқан; бұлардан металлургиялық өңдеу кезінде кобальт бөлініп алынады. Скарндық магнетит рудаларында да едәуір кобальт бар.

Мыс рудалары мезозойға дейінгі қатпарлы түғыр аумағында кеңінен тараған. Ең ірі кендері Сарыарқада, Жетісуда, Жоңғар Алатауында, Шыңғыста, Мұғалжарда, Батыс Торғайда, Кенді Алтайда. Өндірістік кендері мысты құм тастық, мыс порфирлік, мыс колчедандық, мыс-полиметалдық, желілік типтерге ажыратылады.

Мысты құм тастардың кендері Сарыарқаның батысындағы ойпаңдар мен мульдаларды (Шу-Сарысу) толтырған жоғарғы палеозойдың карбонаттық-терригендік шұбар түсті шөгінділерімен байланысқан. Жезқазған кені 20 ғасырдың 20 жылдарынан бастап жоспарлы түрде игеріле басталды. Руда денелері ортаңғы-жоғарғы карбонның жезқазған свитасының сұр түсті жыныстарында. Алынатын негізгі моталдар: мыс, қорғасын, мырыш, қосымшалары: күкірт т. б. Мысты құм тастар кендері Теңіз ойысынаи, Оралдың ақтөбелік маңынан, Маңқыстаудан, Атбасар-Терісаққан маңынан табылды.

Мыс порфирлі рудалар палеозойдың орогендік-вулканогендік белдеулерінің гранитоид интрузияларымен, тектоникалық-магмалық активтену зоналарымен байланысқан. Көптеген кендері мен руда белгілері Балқаш манында, Сарыарқада, Солтүстік Қазақстанда, Шыңғыс-Тарбағатайда, Сауырда, Жоңғар Алатауында, Батыс Торғайда, Мұғалжарда. Ірі кендері: Қоңырат, Павлодар облысындағы Бозшакөл және т. б. 1928 жылы ашылған Қоңырат мыс кені 1936 жылдан пайдаланылуда. Мыс пен молибденге қоса бірнеше элемент бөлініп алынады. Бозшакөл кені де игерілуде (1979).

Мыс колчедандық, мыс-полиметалдық тпптес кендер Шыңғыс жотасының оңтүстік-батыс өңірінде Мұғалжардың Орал тауына жалғасар солтүстік жағы, Ертіс бойында, Солтүстік-шығыс Сарыарқада орналасқан. Бұл кендер жоғары ордовиктің вулканогендік шөгінділерінен (Шыңғыста), ортаңғы палеозойдың базальтоидтық эффузиялары мен интрузияларының жапсарынан (Мұғалжарда) орын алған. Рудаларының негізгі пайдалы компоненттері: мыс, мырыш, қорғасын, күкірт.

Мыс скарндық кендер жоғарғы палеозой гранитоидтарымен байланысқан. Бұлар Солтүстік Балқаш маңында (Саяқ кендерінің тобы), Сарыарқада (Ешкі- өлмес, Батыстау, Ұрытөбс, Ақшағыл), Кенді Алтайда тараған. Саяқ кендерінің тобы карбонның вулканогендік шөгінділерінен құралған және жоғарғы палеозойдың ірі гранитоидтары, дайкалары қиып өткен синклинальдық құрылымда орналасқан.

Желілік мыс рудалары кенінің бірі - палеозой гранитоидтарында орналасқан Шатыркөл кені (Жамбыл облысында). Кен барланған, рудасы комплексті. Рудалы зоналары гидротермальдық өзгерістерге шалынған биотитті гранит жыныстарында қалыптасқан. Руда жақсы байытылады, дара және құрама концентраттар алынады.

Қорғасын және мырыш (полиметалл) рудалары Кенді Алтайда, Сарыарқада, Қаратауда, Жоңғарияда мол. Солтүстік-батысқа созылған Кенді Алтай полиметалл белдеуінде түсті металдардың 900-ге жуық кендері, белгілері анықталды. Бұл белдеуге Оңтүстік Алтай, Күршім-Қаршыға, Зырянов, Тұрғысын-Хамир, Лениногор, Ертіс маңы, Вавилон. Жоғарғы Уба-Шемонаиха, Змеиногор рудалы аудандары кіреді. Орналасуына қатпарлы жарылысты құрылымдардың әсері тиген полиметалл кендері девонның вулканогендік шөгінділері аумағындағы интрузиялық жыныстармен байланысқан. Пласт, линза, баған, желі, күрделі иірімдер түріндегі руда денелері қорғасын-мырыш, мыс-мырыш, мыс-қорғасын, мырыш құрамды келген рудалардан құралған.

Сарыарқада полиметалл рудаларының жүздеген белгілері бар. Атасулық типке жататын полиметалл кендерінің көбі және ірілері Успен металлогения зонасының аумағында, Жезқазған, Қарағанды облыстарының жерінде орналасқан. Руда құрамы комплексті. Басты элементтерімен қатар қосымша компоненттер алынады. Бұлар жоғарғы девон-төменгі карбонның кремнийлі-карбонатты-терригендік шөгінділерімен байланысқан. Темір-марганец пен мырыш рудаларының сингенетикалық, қорғасын-мырыш, барит-полиметалл рудаларының эпигенетикалық пластық иірімдері бар. Солтүстік Балқаш маңында гидротермальдық және скарндық бірнеше полиметалл кендерізерттелді, көптеген руда белгілері анықталды. Тек Ақжал кені ғана пайдаланылуда.

Қаратау қорғасын-мырыш кендері ерте заманнан белгілі, өткен ғасырдың 60 жылдарынан пайдаланылуда. Жоғарғы девон-төменгі карбонның карбонатты жыныстарының белгілі стратиграфиялық горизонттарынан орын алған Ащысай, Байжансай, Аралтау, Ақсорақ кендері бар.

Жоңғар Алатауында бірнеше полиметалл кендері (Текелі, Көксу, Суықтөбе, Орталық Суықтөбе т. б.) барланып игерілді. Олар төменгі палеозойдың текелі, жоғары протерозойдың суықтөбе свиталарында орналасқан. Полиметалл кені Кетпен жотасынан, Шу-Іле тауларынан табылды. Республика тусті металлургиясының келешекте бұдан әрі дамуы Сарыарқадағы атасулық типке жататын қалың қабатты, рудасы комплексті полиметалл кендерін толық игеруге, Кенді Алтайдың, Жетісудағы, Қаратаудағы полиметалл рудаларының барланған және потенциалдық қорларына байланысты.

Алтын революцияға дейін ШығысҚазақстан мен СолтүстікҚазақстанның түп және қорымды кендерінің ең бай учаскелерінен өндірілді. Кварц желілік, штокверктік алтын-кварц-метасоматикалық, алтын-кварц-сульфиц кендері СолтүстікҚазақстан, Қалба, ОңтүстікҚазақстан аймақтарында шоғырланған.

Кварц желілік типтес кендер Көкшетау, Целиноград, Павлодар, Қостанай облыстарының жерін қамтитын СолтүстікҚазақстан алтын рудалы аймағында (Отепняк, Ақсу т. б. кен орындары) орналасқан. Скарндық алтын-мыс (Ешкіөлмес), метасоматикалық алтын-полиметалл кендері (Майқайыңның тобы, Александров, Жосалы, Жанғабыл, Төртқұдық т. б.) табылып барланды. Комплексті рудадан алтынға қоса бірнеше элемент бөлініп алынады. Қалба алтын рудалы аймағы Зайсан геосинклиналь жүйесіндегі карбонның құм-тақта тас жөгінділерінің тарауымен сәйкес келеді, Семей, ШығысҚазақстан облыстарының жерін қамтыған. Оңтүстік Алтайда көптеген кварц желілі кендер бар. Оңтүстік Қазақстан (Жетісу) алтын рудалы аймағынан (Жоңғариядан, Шу-Іле тауларынан) алтын кендері табылды.

Сирек металдар рудаларының кендері соң герциндік, ішінара каледондық гранитоидтардың интрузияларымен байланысқан. Олар пегматиттік, кварц желілік, штокверктік, грейзендік және қорымдық болып ажыратылады. Көбіне комплексті рудаларда басым келетін бір не екі элементпен қатар вольфрам, қалайы, молибден т. б. кездеседі.

Қалайының кварц желілік, пегматиттік кендері мен белгісі Қалба-Нарымда (Жоғарғы Баймырза, Ленинск, Сырлыаяқ т. б.), Сарыарқада (Майкөл, Шолпан, Шақшағайлы, Қараүңгір, Оңтүстік Болаттау), Солтүстік Қазақстанда (Шебанай), ОңтүстікҚазақстанда табылды.

Вольфрам мен молибденнің өндірістік мәні бар штокверктік, грейзендік, кварц желілік кендері Сарыарқа аймағының орталық бөлігінде (Байназар, Ақмая, Шалқия, Саран, Батыстау т. б.), Іле Алатауының бөктерінде, Таулы Алтайда (Көкшіл, Шындығатай) ашылып барланды. Солтүстік Балқаш маңында комплексті скарндық темір-мыс-молибден рудаларының кені барланды. Мыс порфирлі (Қоңырат, Бозшакөл, т. б. шағын кендер), мыс-скарн рудаларында (Саяқ), Қаратаудың ванадийлі тақта тастарында түрлі мөлшерде молибден бар.

Тантал-ниобий рудалары негізінен сирек металды пегматиттерде, альбиттенген сілтілі және колумбитті лейкократтық граниттерде, ішінара қорымдарда шоғырланған. Сирек металды соң герциндік пегматиттер Қалбада, танталит-колумбитті пегматиттер Мұғалжарда тараған. Комплекстік ниобий рудасы Семей, Көкшетау облыстарының альбиттенген сілтілі, колумбитті граниттерінен табылды.

Цирконий және сирек жер элементтері негізінен қорымдарда кездеседі және үгілу қыртысымен, альбиттенген сілтілі граниттермен байланысқан. Қорымдар жағалаулық-көлдік, жағалаулың-теңіздік типтерге жатады, әрі платформаның мезо-кайнозойлық ты сынан орын алған. Колумбит-цирконды, пльменит-цирконды, циркон-рутил-ильменитті қорымдар Сарыарқаның батыс және солтүстік жиектерінде, Торғай ойпаңында, Арал маңында, Мұғалжарда кеңінен тараған. Цирконий мен сирек жер элементтерінің шоғырлары сілтілі ультранегізді жыныстардан қалыптасқан вермикулитті үгілу қыртысында, метасоматикалық өзгерістерге шалынған және альбиттепген граниттерде анықталды.

Висмут металы молибден-вольфрам, колчедан-полиметалл, қорғасын-мырыш, мыс кендерінің руцаларында кездеседі. Сурьманың республикада жалғыз ғана Торғай кені (Целиноград обл-нда) бар. Сынап белгілері Шар ультрабазит белдеуінде, Шу-Іле тауларында, Жоңғар Алатауында табылды. Мышьяктың біраз қоры алтын-кварц-сульфид типті кендерде шоғырланған. Шашыранды элемент рудалары ішінде кадмийдің негізгі қоры Кенді Алтайдың, Сарыарқаның, Қаратаудың мыс-мырыш, қорғасын-мырыш рудаларында мол кездеседі. Негізінен оны мырыш концентратынан бөліп алады. Галлий едәуір мөлшерде Аманкелді мен Торғайдың бокситтерінде, Кенді Алтайдың полиметалл рудаларында анықталды. Негізінен мырыштың гидрометаллургиялық процесінде бөлінеді.

Индий металы негізінен полиметалл кендері (Мырғалымсай, Текелі, Майқайың т. б.) рудаларының сфалериті мен халькопиритінде шоғырланған. Қорғасын, мырыш концентраттарынан бөлінеді. Рений молибденитте, мыс порфирлі рудалардың халькопиритінде, Жезқазғанның мысты құм тастарынан табылды. Таллий Лениногор, Зырянов, Ертіс маңы, Сарыарқа (Жәйрем, Ақжал, Ұзынжал, Қарағайлы т. б.) кендерінің, Жезқазғанның, Қоңыраттың галенитінде шоғырланған. Оны металлургиялық процестер нәтижесінде бөліп алу жолға қойылды.

Селен мен теллур сульфидтердіц (халькопирит, сфалерит, галенит, пирит) күкіртімен байланысқан. Бұлар негізінен колчедан-полиметалл (Кенді Алтай, Майқайың, Шыңғыс), мыс (Саяқ, Қоңырат, Бозшакөл, Шатыркөл, Жезқазған т. б.) рудаларынан өндіріледі.

Бейруда пайдалы қазындылары. Бейруда пайдалы қазындыларынан химиялық және агрономиялық, техникалық, металлургиялық (қосымша) шикізаттарды, құрылыс материалдарын атауға болады.

Химиялық және агрономиялық шикізаттың бірі - калий тұздары Жайық- Жем алабындағы түз күмбезді құрылымдардан 1930-1940 жылдарда мұнай іздеу-барлау жұмыстары нәтижесінде табылды. Жылан көнінің тұзы топырақты бейтараптаушы хлоридсіз және калий тыңайтқыштарын алуға жұмсалады. БатысҚазақстан аймағының туз күмбезді құрылымдарындағы томенгі пермьнің кунгур ярусында калий туздары мол шоғырланған.

Барит қоры полиметалл кендерімен байланысқан. Қазақстанда бариттің Жалайыр, Бадам, Шығанақ т. б. кендері барланды. Пайдаланылудағы полиметалл кендерінің рудаларынан жылына 1100-1200 мың т флотациялық барит концентраты алынады.

Фосфориттің барланған қорлары Қаратау бассейні мен Ақтөбе кендері тобында шоғырланған. Қаратау бассейніндегі 40-тан астам кеннің 11-нің баланстық қоры есептелді. Көп пластылы, қалыңдығы 10-15 м келген руда денелеріндегі Р2О5 мөлшері 23-26%, кейде 30%-тен асады. Қаратау фосфоритін Қазақстанның, Орта Азияның, ішінара РСФСР-дің фосфор және суперфосфат зауыдтары тұтынады. 1928-1929 жылы ашылған Ақтөбе тобындағы 8 кеннің қоры есептеліп игерілуде. Фосфорит қабатының қалыңдығы 0,48-1,5 м, ашық әдіспен өндіріледі. Р2О5 орташа мөлшері 6,1-14,1%.

Күкірт шикізаты полиметалл және темір рудалары кендерінде кездеседі. Шығыс Қазақстандағы пиритті полиметалл рудаларынан жылына 700 мың т-дан астам күкірт қышқылы өндіріледі. Оралдың ақтөбелік маңынан сап күкірт кені ашылды.

Флюорит қоры жағынан Қазақстан - СССР-дің басты өндірістік базаларының бірі. 1963-1965 жылдарда Тасқайнар (Онтүстік Тасқайнар, Шығыс Тасқайнар т. б.) кендері ашылып барланды. Оңтүстік Тасқайнар кені игерілуде. Натрий сульфатының қоры Балқаш, Қарашаған, Жақсықылыш, Қашқантеңіз, Үлкен Әжболат, Кіші Әжболат көлдерінде шоғырланған.

Ас тұзының баланстық қоры республикада 20-дан астам көл, екі тұз кені бойынша есептелген. Теке, Жалаулы, Қызылқақ көлдерінің тұз ерітінділерінде магний тұздары бар. Арал мен Павлодардағы тұз комбинаттарының жылына өндіретін бір млн. т-дай ас тұзы Қазақстан мен Орта Азия республикаларының, Новосибирск, Омбы облыстарының, Алтай өлкесініц қажетін өтейді. Индер тас тұзы, Белая Ростошь боры, Жамантұз, Тайқоңыр көлдерінің тұзы сода өндірісінде пайдаланылады. Республика химия өндірісінің карбонаттық шикізаты жеткілікті. Синтетикалық каучук, кальций карбиді зауыдтарының қажетін Оңтүстік Топар флюстік әк тастар, Волынь цементтік шикізат кендері қамтамасыз етеді.

Қазақстандағы ірі асбест қорының бірі - Жетіқара хризотил-асбест кені (1961 жылдан пайдаланылуда). Мұнда Қостанай асбест комбинаты асбест өндіреді. Ешкіөлмес, Хантау кендерінде бірнеше млн. асбест талшығының қоры бар. Республикадағы антофиллит-асбест қоры Оңтүстік Мұғалжар кендерінде. Мұнда 8 кен барланған. Ең ірі Бөгетісай кенінде асбест осы түрінің едәуір қоры бар.

Абразивтік шикізат қорларына Семізбұғы корунд кені, Приозерный хальцедон кендерініц тобы катады. Семізбұғы кені - Одақтағы овы саладағы бірден-бір өндірістік орын. 1927 жылдан пайдаланылуда. Приозерный кендеріне 1958 жылдан бері барлау және игеру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда Секисов (1926 жылы барланған), Ақмола (1941 жылы), Қаражігіт, Қордай, Алексеев (1943-1962), Көшенсай, Елтай т. б. каолин кендері бар. Алексеев каолин комбинаты іске қосылған. 1964 жылдан басталған геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде Баршы, Красномайск, Құлантау, Қаратас, Алтынтас вермикулит кендері барланып, сапасы анықталды. Баршы кенінің вермикулиті игерілуде. Бұл негізінен жылу өткізбейтін материалдар жасау үшін қолданылады.

Металлургияның бейруда шикізаты ішінде отқа төзімді саздардың негізгі қоры Торғай облысындағы Аманкелді кендері тобында. Мой кенінен өндірілген өнімді қара металлургия кәсіпорындары пайдалануда. Арқалықтың отқа төзімді сазы бокситке жол-жөнекей өндіріледі. Мұнда жылдық қуаты 1 млн. тонналық карьер бар, одан 610 мың тонн сазды Челябинск, Магнитогорск металлургия комбинаттары, Богданов отқа төзімді бұйымдар зауыды тұтынады, ішінара шетелге экспортқа шығарылады. Бірлік кенінің сазын Магнитогорск металлургия комбинатының руда байыту кәсіпорны пайдаланып отыр.

Доломиттің Алексеев, Қарабауыр, Сарықұм кендері барланды. Алексеев кенінің доломитін Қарағанды металлургия зауыды пайдаланады.

Флюстік әк тастардың Оңтүстік Топар, Волынь, Керегетас т. б. кендері пайдаланылуда. Оңтүстік Топар әк тасып Қарағанды металлургия, каучук зуыдтары, құрылыс орындары пайдаланады. Саяқ, Керегетас, Ақтас, Сажаев, Анастасьев кендерінің әк тасын Балқаш кен-металлургия комбинаты, Ермак ферроқорытпа, Павлодар алюминий, Жезқазған мыс балқыту, Шығыс Қазақстанның металлургия, Ақтөбе ферроқорытпа зауыдтары тұтынады.

Республикада Ерейментау, Тектұрмас, Мұғалжар, Жаңа Осакаровка кварцит кендері ашылды, барланды, игерілді. Бұлар Ермак ферроқорытпа зауыдын, Қарағанды металлургия комбинатын қосымша шикізатпен қамтамасыз етеді. Элементтік фосфор өндіруге Жаңатас кенінің шақпақ тасы т. б. шикізат пайдаланылуда.

Маңырақ маңы, Келес бентонит саздарының кені зерттелді, сапасына бастапқы баға берілді.

Қалыптық материалдардан Қазақстанда кварң құмының, саздың, бептонит сазының 10 кені барланды. Қарасор қалыптық саздар мен құмдар кені өзінің қоры жөнінен СССР-де 2-орын (УССР-дегі Черкассы кенінен кейін) алады. Өнімін Қазақстанның, Орта Азияның, Алтайдың, Сібірдің, Қиыр Шығыстың машина жасау зауыдтары тұтынады. Сарыжылға, Боздақ, Дарбаза кендерінде қалыптық құмдардың қоры бар.

Құрылыс материалдарының ішінде цементтік шикізаттың қоры есептелген 37 ірі кен бар. Ірі кендері: Астахов, Қазықұрт, Састөбе, Сажаев, Жаңа Таубин кендері. Бұлардың базасында Қарағанды, Жаңа Қарағанды, Шымкент, Састөбе, Өскемен, Семейдегі ірі цемент зауыдтары жұмыс істейді.

Республикадағы керамикалық шикізаттың қоры Целиноград керамика комбинатын, Целиноград, Қапшағай және Көкшетау фарфор зауыдтарын шикізатпен толық қамтамасыз етеді. Көктөбе, Түрген кендерінің қыштық сазын Алматы көркем керамика 3-ды, оның Есіктегі цехы тұтынады. Керамика өндірісі үшін бірсыпыра каолин, дала шпаты, кварц кендері ашылып, барланды.

Щыпылық құмдардың Апан, Мұғалжар, Қалқаман, Қалқан, Қаратөбе кендері барланды. Бұлардың құмы оңай байытылып, жоғарғы сортты шыны, түрлі шынылық бұйымдар жасауға жарамды келеді. Ленгердегі ыдыс-аяқ пен шыны ыдыстар шығаратын зауыд Қаратөбе кенінің құмын пайдаланады.

Қазақстанда гипс пен ангидридтің 11 кені барланды. Үлкен Бурылтау кенінің гипсін республиканың және Қырғызстанның цемент зауыдтары тұтынады. Чернореченск кенінің гипсі қабырға блоктарын жасауға, алебастр өндіруге жарамды келеді, сондықтан бұның өнімі республика құрылыс индустриясында кеңінен пайдаланылуда.

Республикадағы құрылыстық тілме тастардың негізгі қоры әк-қабыршақ тастардың барланған 17 кенінде шоғырланған. Маңқыстаудың пайдаланылудағы 9 кенінен жылына 1 млн. м3 тілме тас өндіріледі. Жетібай, Маңқыстау, Өзен т. б. карьерлерден қаптама плиталар, қабыршақ тас блоктары алынады. Бұл өнімдер құрылыста кеңінен қолданылуда.

Қазақстанда табиғи қаптама тастардың мыңнан астам кендері мен белгілері бар. 30-дай толық зерттелген объект ішінде бірнеше мәрмәр, амазонит, гранит, гранодиорит, андезитпорфирит кендері бар. Алматы, Екібастұз, Семей, Теміртау, Целиноград және басқа қалалардағы салалык кәсіпорындар жылына 20 мың м3мәрмәр, 31,7 мың м3 гранит, гранодиорит, порфирит блоктарын өндіреді. Республикадағы петрургиялық (тау жыныстары мен өндіріс қалдықтарын балқыту арқылы құйма бұйымдар мен материалдар шығару өндірісі) шикізаттың (габбро, диабаз, андезит жыныстары, олардың туфтары, габбродиабаздар мен базальттар) қоры негізінен барланған 7 кенде шоғырланған. Петрургиялық тас құйма болат құйма орнына қолданылады.

Минералдың мақта шикізаты ретінде порфирит, туф, базальт, габбро-диабаз, габбро, лейцит қолданылады. 6 кені барланған. Өскемен минералдық мақта зауыдының бұйымдары Қазақстанның барлық кәсіпорындарына, ішінара РСФСР-ге жіберіледі.

Құрылыс тастарының (гранит, гранодиорит, диорит, альбитофир, туфтық жент тас, құм тас, кварцит, әк тас, доломит) шикізат қоры ретінде 129 кен баланстық есепке алынған. Өндірістік категориялар қорының 70%-тен астамы Көкшетау, Целиноград, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Маңғышлақ облыстары жерінде. Карьер лерінің жылдық қуаты 10-2100 мың м3-лік 58 кен пайдаланылуда. Құм мон қиыршақ тастардың 146 кенініц қоры баланстық есепте. Пайдаланылудағы карьерлердің көбінің жылдық қуаты 50-400 мың м3. Бетон жұмыстарын, қалау (байланыстыру) ерітінділерін, силикат бұйымдарын жасауға қажетті құрылыстық құмдардың 88 кені бар. Барланған кендер қоры 5 млн. м-дан астам. Силикат бұйымдарын жасауға жарамды құмның 32 кені барланды. Силикат кірпішін шығаратын ірі заводтар Семейде, Петропавлда, Қызылордада, Павлодарда, Ақтөбеде, ірі цехтар Целиноградта, Қостанайда, Жамбылда іске қосылған.

Республикада кірпіштік шикізаттың баланстық есептегі 532 кені бар, оның 121-і пайдаланылуда. Керамзиттік шикізаттың (саз, бентонит саздары, гидрослюдалық және көмірлі тақта тастар, алевролит) 28 кені барланған. Ірі кендері - Келес, Майқайың, Дарбаза, Тоқсай. Қоры мол кендері Қостанай, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Көкшетау, Жамбыл, Торғай облыстарында шоғырланған. Пайдаланылудағы 10 кеннің қоры негізінде керамзит шығаратын 9 завод, 15 цех іске қосылған.

Әдеб.: Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.36-70; Герасимов И. П., Рязанцев С. П. История географических исследований Казахстана, в кн.: Казахстан, М.-Л., 1950; Валиханов Ч. Ч. Избр. произв., А.-А., 1953; Пальгов Н. Н. Географическая наука в социалистическом строительстве Казахстана. в кн.: Наука в Казахстане за сорок лет Советской власти. А.-А., 1957; Бирмагамбетов А. Основные этапы географических исследований Казахстана. в кн.: Утемагамбетов М. М. Физическая география Казахстана. -А.-А., 1967; Бейсенова А. С. Некоторые итоги физико-географических исследований Казахстана довоенного времени (1917-1941 г. г.), в сб.: География, в. 2, 1970.Очерки по физической географии Казахстана. -А.-А.,1952; СваричевскаяА. Геоморфология Казахстана и Средней Азии. Л., 1965; Утемагамбетов М. М. Физическая география Казахстана. А.-А., 1967; Казахстан. М., 1969; Жандаев М. Ж. Геоморфология Заилийского Алатау и проблемы формирования речных долин. А.-А., 1972.Щерба Г. Н. Геотектоногены и рудные пояса. А.-А.,1970; Абдулин А. А.Геология Мугоджар. А.-А., 1971; Борукаев Р. А., Ляпичев Г. Ф. Складчатые комплексы Восточного Казахстана. в сб.: Вопросы геологии Казахстана. А.-А„ 1971; Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971; его же, Тектоническая карта Казахской ССР и прилегающих территорий Союзных республик масштаба 1:1 500 000 (Объяснительная записка), А.-А., 1975.Кумпан А. С. Верхний палеозой Восточного Казахстана. М., 1966; Бандалетов С. М. Силур Казахстана. А.-А., 1969; Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971; Никитин И. Ф. Ордовик Казахстана.-ч. 1-2, А.-А., 1972-1973; Допалеозой и палеозой Казахстана, т. 1-2, А.-А., 1974.Металлогенические и прогнозные карты, А.-А., 1959; Чакабаев С. Е. и др. Геология и нефтегазоносность Южного Мангышлака. А.-А„ 1967; Есенов Ш. Е., Кунаев Д. С., Мухамеджанов С.М. Недра Казахстана. А.-А., 1968.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-04-17 15:06:53     Қаралды-651

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »