ҚАЗАҚСТАН СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА
Фашистік Германия 1941 жылы 22 июньде соғыс жарияламастан Отанымызға кенет шабуыл жасады. Халқымыздың игілікті еңбегін герман империализмінің опасыздықпен жасаған шабуылы бөліп кетті. Коммунистік партия мен Совет үкіметі совет халқын неміс-фашист басқыншыларына қарсы Отан соғысына шығуға, социалистік Отанымыздың намысы, бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қасиетті, бүкіл халықтық соғысқа аттануға шақырды.
Еліміздің бүкіл экономпкасы, совет халқының күш-жігері соғыс мүддесіне, жауды жеңу мақсатына бағындырылды. Қазақстан басқа туысқан республикалар сияқты экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, майдан үшін қызмет етті.
Соғыс жағдайында бейбіт кездегі сияқты совет халқын Коммунистік партия басқарды. Ол жаумен қарулы соғысқа шығудың дем берушісі және ұйымдастырушысы болды. Лениннің социалистік Отанды қорғау ілімін басшылыққа алған партия мен үкімет соғыстың алғашқы күнінен бастап партия мен совет ұйымдарының міндеттерін айқын белгілеп берді. Ол жайлар БК (б) П ОК мен СССР Халкомсовының 1941 жылғы 29 июньдегі дпрективасында баяндалды. 1941 ж. 30 июньде Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті (МҚК) құрылды. Комитет елдегі бүкіл билікті өз қолына алды. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің председателі болып И. В. Сталин тағайындалды. Мұндай төтенше ұйымның құрылуы Отанды қорғау ісіне бір жерден басшылық етіп, партияның мемлекеттік және әскери ұйымдардың қызметін жауды талқандау мақсатына жұмылдыруына мүмкіндік берді.
Біздің партияның, бүкіл Совет халқының алдында агрессорға тойтарыс беру, Қызыл Армияның жауынгерлік қуатын арттыру, тыл жұмысын соғыс жағдайына бейімдеу, армия қатарын адамдармен, сондай-ақ әскери техникамен, қару-жарақпен, азық-түлікпен жабдықтау міндеті тұрды.
Партия мен үкіметтің шақыруы бойынша Отанды қорғауға СССР-дің басқа да халықтарымен бірге советтік Қазақстан еңбекшілері жұмыла көтерілді. Бұқаралық митингілерде жұмысшылар мен колхозшылар және еңбекші интеллигенция фашист агрессорларына қарсы қарғыс айтып, социалистік Отанды қорғауда жан аямай туысқан Коммунистік партияның төңірегіне берік топтаса түсетіндіктерін білдірді. «Осынау сын сағатта өзіміздің қорғаныс жұмысына дайын екенімізді білдіреміз, - деп мәлімдеді Ертіс мыс балқыту зауыдының жұмысшылары, - біз қандай қиыншылықтарға тап болсақ та ардақты Отанымыз бен сүйікті Қызыл Армияға фашист басқыншыларын жер жастандыратын металды қажетінше береміз». Қызыл Армияның қатарына өз еріктерімен баратындықтары туралы қалалық және аудандық әскери комиссариаттарға мыңдаған арыздар түсіп жатты. Жас жігіттер мен қыздар, алдыңғы буын аға, апалар қолдарына қару алып, советтік Отанды қорғауға барамыз деп тілек білдірді.
БК(б)П ОК, СССР Халкомсовы, Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің директиваларына сай Қазақстанның партия, совет ұйымдары республиканың барлық күш-қуатын жауға тойтарыс беруге жұмылдырды. Қазақстан К(б)П ОК-інің 1941 жылы 25-26 июньде болған 5-пленумы республиканың партия, совет және комсомол ұйымдарын барлық жұмысты тез арада соғыс талабына сай жауды жеңу міндетіне бағындыруға жұмылдыратындай етіп қайта құруға шақырды.
Соғыс жағдайына және жоғары директивалық органдардың талаптарына сай Қазақстанның партия және совет органдары өз жұмыстарын соғыс жағдайына ыңғайлап қайта құрды. Олар ең алдымен партиялық тәртіпті, қырағылықты күшейтті, ұйымшылдық пен оперативтілікті арттырды. Партия, совет органдарының құрылымы жетілдірілді, қорғаныс өнеркәсібі, әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімдер, салалық секторлар мен топтар т. б. құрылды. Республика партия ұйымдары бұқаралық саяси жұмысты жандандырып, тыл мен халықтың мызғымас бірлігін қалыптастырды, халықтар достығын және олардың фашистік агрессорларға қарсы күресте моральдық-саяси бірлігін нығайтты.
Республиканың партия-совет ұйымдары қалың бұқараның патриоттық қозғалысына бағыт бере отырып, майданға қажетті резервтер дайындау ісін жолға қойып, бұл жұмыстың қарқыны мен көлемін барынша арттырды. Жалпыға бірдей әскери оқу жүйесі, Осоавиахим бөлімшелері, әуе шабуылына және химия шабуылына қарсы қорғану (ПВХО), әскери-теңіз клубтары, медициналық сестралар, автомото жүргізушілер курсы, Қызыл Крест ұйымдары, Қазақстанның спорт және физкультура коллективтері соғыс жылдары әр түрлі әскери мамандықтар бойынша 2 млн. адам даярлады.
Қазақстанда соғыс жылдарында атқыштар, атты әскер дивизиялары, атқыштар және запастағы бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды.
Соғыс жылдарында республика адам ресурстарымен тек қазақстандық құрамалар мен бөлімшелерді ғана емес, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерде жасақталған басқа да құрамалар мен бөлімдерді толықтырып отырды. Қарулы күштер мен еңбек армиясының қатарында барлығы 1,8 млн. шамасындай қазақстандықтар болды. Республика майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомашина, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы және 16,2 мың арба жіберді. Қазақстан партия ұйымы майданға 82 мың-нан аса коммунист, яғни республика партия ұйымының 2/3-сін жіберді. Республиканың комсомол ұйымы майданға 250 мың комсомол немесе республика комсомолының 70%-ін жіберді.
БК(б)П ОК мен СССР Халкомсовы 1941жылы 16 августа Поволжье, Орал, Батыс Сібір, Қазақстан және Орта Азия өңірлері бойынша 1941 жылдың 4- тоқсаны және 1942 жылға арналған «Әскери-шаруашылық жоспарын» бекітті. Жоспарда тыл жұмысын соғыс жағдайына бейімдеу, қорғаныс өнімдерін өндіруді және стратегиялық шикізаттарды шығаруды барынша молайту жолдары қарастырылды. Сондай-ақ еліміздің шығыс аудандарында өнеркәсіп құрылыстарын кеңінен өрістету, майдан өңіріндегі кәсіпорындарды терең тылға көшіріп орналастыру және оларды жедел іске қосу шаралары белгіленді.
Қазақстан Компартиясы мен республика үкіметі «Әскери-шаруашылық жоспарын» орындауға, экономиканы соғыс мұқтаждарына ыңғайлап қайта құру, материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу, өнеркәсіпті жұмысшы күшімен қамтамасыз ету шараларын белгіледі. Жұмыс күні ұзартылды, еңбек демалысы тоқтатылды, халықты азық-түлікпен және өндіріс заттарымен норма бойынша жабдықтау жолға қойылды. Ауыр өнеркәсіп, жеңіл және тамақ онеркәсібі, сондай-ақ жергілікті және кооперативтік өндірісі, транспорт пен байланыс жүйелері майданға қызмет етті.
Экономиканы қайта құрудың құрамды бөлігі эвакуацияланған кәсіпорындарды тез арада орналастыру болып табылды. 1941 жылдың июлінен 1942 жылдың октябріне дейін Қазақстанға 29 халық комиссариаттары мен басқармаларға қарасты 142 кәсіпорын көшірілді. Олардың ішінде ауыр және орташа машина жасау зауыдтары және тоқыма, мақта піру, аяқ киім фабрикаларына т. б. жататын кәсіпорындар болды. Солармен қоса 50 мың жұмысшы мен инженер-техник қызметкерлер келді. Кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2300 мың м2 өндіріс алаңдары босатылды.
Партия, совет органдары мен жергілікті тұрғындардың көмегінің нәтижесінде ол кәсіпорындар майданға керекті әскери техника, қару-жарақ оқ-дәрі, жабдықтар мен азық-түлікті дер кезінде жөнелтіп отырды.
СССР халықтарының мызғымас берік достығының айқын айғағы эвакуациямен келген адамдарға қамқорлықтың жан-жақты көрсетілуі болды. Республикамызға соғыс жылдары миллиондай адам келіп орналасты. Қазақстан еңбекшілері оларды жақын бауырындай қабылдап, қажетті қамқорлықтарын аямады әрі тұрғын үймен қамтамасыз етті. Әсіресе, балаларға ерекше қамқорлық жасалды... «Украина мен Белоруссиядағылар, орыс және Прибалтика қалалары мен селоларындағылар қазақ халқының қысыл-таяқ соғыс жылдарында эвакуацияланғандарды шын пейілді мейман-достықпен қарсы алып, өз баспанасын және дәм-тұзың бөліп оларға төрін бергенін ешқашан да ұмытпайды», - деді Л. И. Брежнев Қазақстан КП мен республиканың 50 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте.
Соғысқа кеткен маман жұмысшылардың орнына өндіріске әйелдер мен жастар келіп, олар тылдағы негізгі жұмысшы күшіне айналды. Станоктар мен забойларға пенсионерлер келді. Ескі заводтар мен фабрикалар қуатының артуына және кеңейтілуіне, жаңа объектілердің салынуына, сонымен қатар эвакуацияланған кәсіпорындардың орналастырылуына байланысты соғыс жылдарында жұмысшы саны едәуір артты. Мыс., 1940 ж. өнеркәсіпте 158 мың адам болса, 1945 ж. 255 мыңға жетті. Соғыс жылдарында өнеркәсіпте жұмыс істеген әйелдердің үлес салмағы жалпы жұмысшы күшінің жартысына жуық болса, ал жеңіл және тамақ өнеркәсібінде олардың саны 85-90%-ке жетті.
Совет жұмысшылары барлық қиыншылықтарды жеңе отырып, тылда жаппай ерлік көрсетті. «Еңбекте майдандағы сияқты» деген ұранмен еңбек еткен озат коллективтер жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Мыс., республиканың мыс балқыту зауыдтары 1941 ж. июль айының жоспарын 24 күннің ішінде 102,4%, Семей ет комбинаты сол айдың жоспарын 25 күнде орындады. Қазақстан өнеркәсіп орындары жұмысты қайта құрудың нәтижесінде 1941 жылдың 3-тоқсанының жоспарын 2-тоқсанға қарағанда 25,8% артық орындады.
Жұмысты соғыс талабына сай етіп қайта құру Қазақстанның ауыл шаруашылығында да жүрді. Олардың алдында күрделі мәселе - Армия мен халықты азық-түлікпен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету ісі тұрды. Семей облысының «Красные горные орлы» ауыл шшаруашылық артелінің үлгісімен республиканың колхоздары мен совхоздарында жұмыс күні ұзартылып, жұмыс нормалары арттырылды, ауыл шаруашылық жұмыстарының мерзімі 30-50%-ке қысқартылды. Майданға кеткен еркектердің орнын қарттар, әйелдер және жас өспірімдер басты. Әйелдер арасынан механизатор-тракторшы, комбайншы, шофер т. б. дайындау жұмысы кеңөріс алды. Бұл шаралар соғыстың алғашқы жылының астығын тез әрі ысырапсыз жинап алуға мүмкіндік берді. Республика мемлекетке міндетті түрде дайындайтын астықты 1940 жылға қарағанда 23,7 млн. пұтқа артық өткізді. Колхоздарда мүйізді ірі қара мал 11,8%, қой мен ешкі 25,5% өсті.
Біздің коллективтік ауыл шаруашылық соғыс кезінде алға қойылған міндеттерді абыроймен орындады. Ол бүкіл дүние жүзіне социалистік қоғамдық құрылыстың артықшылығын, колхоз құрылысының күшін, өндіргіш күштерді, резервтерді барынша дұрыс пайдаланудың тиімділігін көрсетті.
Республиканың орасан зор табиғи байлықтары майдан қажетіне жұмсалды. Балқаш мысы, Шымкент қорғасыны, Ақтөбе ферросплав қорытпалары, Қарағанды көмірі, Ембі мұнайы, Жезді марганеці т. б. республика өнеркәсібінің өнімдері Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды роль атқарды. Қазақстанның қару-жарақтың, оқ-дәрінің және жабдықтардың қандай түрін болмасын шығаруға қатыспаған саласы болған жоқ. Елімізді қорғаудағы республика жеңіл өнеркәсібінің үлес салмағы 1941 жылы 8%-тен 1942 ж. 45,2%-ке өсті.
Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттеріне қазақстандықтар айрықша үлес қосты. Еліміздің басқа да республикаларының ұл-қыздарымен қатар біздің республиканың жастары бірлесе отырып Баренц теңізінен Қара теңізге дейінгі кең майданда жаумен шайқасты.
Соғыстың алғашқы сәттерінен-ақ совет жауынгерлері басқыншылармен кескілескен ұрыс жүргізді. Қызыл Армияның бөлімдері мен шекаралық әскерлері қатарында қазақстандықтар да болып, олар СССР-дің батыс шекарасын қорғасып, жаумен бетпе-бет шайқасқа түсті. Буг бойындағы даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, Ш. Шолтыров, К. Иманқұлов, Е. А. Качан, Ш. Сүлейменов, М. Ниязов, Т. Сатыбалдин, Н. Сыдықов т. б. табандылық пен ерліктің үлгісін көрсетті.
Жау тылында қалған көптеген жауынгерлер партизан қозғалысына қатысты. Олардың арасында біздің жерлестеріміз де аз болған жоқ. Олар партизан отрядтарында болып, жаумен жан қиярлықпен шайқасты. 1941 жылдың 24 июнінде Шяуляйдің оңтүстік бағытында Қазақстанда Азамат соғысы жылдарында ұйымдастырылған 219-атқыштар полкі шайқасқа кірісті. Ол 2 тәулік бойы дұшпанның танк шабуылын тойтарды. Содан кейін полк Латвия мен Эстониядағы ұрыстарға, Ленинградты қорғауға және оның блокадасын бұзуға қатысты.
Майданға еліміздің әр түкпірінен жаңа жасақталған құрамалар мен бөлімдер ағылып жатты. Қазақстаннан майданға ең алдыңғылардың бірі болып 238-атқыштар дивизиясы келді. 1941 жылдың июль-август айларында майданға Қазақстанда жасақталған 310-, 312-, 314-, 316-атқыштар дивизиялары келіп жетті. Бұлардан кейін 387-, 391-атқыштар дивизиялары, 39-курсанттық, 74-, 75-теңіздік атқыштар бригадалары жөнелтілді. 1942 жылы республика майданга 100-, 101-ұлттық, 151-, 152-дербес атқыштар бригадаларын, 8-, 29-, 38- 102-және 405-атқыштар, 81-, 105-және 106-атты әскер дивизияларын аттандырды. Бұлармен қоса майданға 50-ге жуық дербес бөлімдер, соның ішінде 209-зайсандық атқыштар, 219-миномет, 85-зеңбірек жәпе түнде шабуылдаушы 662- және 991-, 992-түнгі шабуыл авиациалық полктері республикада жасақталып, аттандырылды.
1941 жылы сентябрьдің аяғында Москва үшін ұлы шайқас басталды. Сан жағынан күші басым жау біздің қорғанысымызды бұзып өтіп, октябрьдің орта шенінде Калинин қ-н басып алып, Тулаға тақау келді. Волоколамск, Можайск және Малоярославец түбінде кескілескен ұрыстар жүрді. Волоколамск түбінде ген. И. В. Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. 1941 ж. 16 октябрьде жаудың техникасы мен әскерлеріне қатты соққы берді. Ноябрьдің орта шенінде Гитлер басқыншылары қайтадан шабуылға шықты. Волоколамск тас жолының бойында қиянкескі ұрыстар болып, 316-дивизияның даңқты жауынгерлері жол бойынан жауды бір адым аттатпай тұрып алды. 16 ноябрьде дивизия жаппай ерлік көрсетіп, фашистердің бірнеше дүркін танк шабуылын тойтарды. Дубосеково разъезі түбінде 28 панфиловшы - жауынгерлер жаудың 50 танкісінің шабуылына тап болды. Саяси жетекші В. Г. Клочков жауынгерлерді ерлікке жігерлендіре отырып: «Россия байтақ ел, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва!» деген ұмытылмас патриоттық сөздер айтты. Жауынгерлер шын мәнінде ерліктің үлгісін көрсетті. Олар шайқасқа жанқиярлықпен кірісіп, жаудың алға жылжуына жол бермеді. 28 батыр Дубосеково разъезінің түбінде шайқасып жатқан күні 1073-полктің танк жоюшы 17 Жауынгері Мыканино деревняның түбінде естен кетпейтін ерлік көрсетті. Дәл сол күні немістің 27 танкі Волоколамск тас жолын бойлай ентелеп, кіші лейтенант П. Фиростов пен саяси жетекші А. Павлов басқарған 11 саперге қарсы ұмтылды. 11 батырдың бәрі түгелімен қаза тапты, бірақ танкілер әрі өте алмады.
Москва үшін болған ұрыстарда полк. И. В. Капров басқарған 1075-атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны табандылықтың айқын үлгісін көрсетті. Батыс Майданның Соғыс советі дивизияның бөлімдері Москва түбінде ай бойына үздіксіз ұрыстар жүргізе отырып, өз позицияларын сақтап қана қоймай, сонымен қатар дұшпанға қарсы пәрменді шабуылға шығып отырғанын атап көрсеткен. Олар дұшпанның бір танк дивизиясын, бір моторлы дивизиясын және 2 жаяу әскер дивизиясын талқандады, мұнымен қатар немістің 9 мың солдаты мен офицерін, 80-нен аса танкісін, көп зеңбірегін, минометтерін т. б. техникасын жойып жіберді.
Майдандағы жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін, ұрыстарда көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін СССР Жоғары Советінің Президиумы 1941 жылы 17 ноябрьдегі Указымен 316-атқыштар дивизиясын Қызыл Ту орденімен наградтады және бұл дивизия 8-гвардиялық дивизия болып аталды. Қазір ол Совет Одағының Батыры ген. И. В. Панфиловтың есімімен аталады. Бүгін де «панфиловшы» деген сөздің өзі батылдықтың, ер жүректіктің, батырлықтың символына айналды.
Қазақстандықтар Москва түбінде, басқа да бағыттарда жан қиярлықпен шайқасты. Малоярославецкіге кіре берісте 312-атқыштар дивизиясының жауынгерлері нағыз ерлерше ұрыстар жүргізді. 43-Армияның 312- және басқа дивизиялары бекінген Нара ө. жаудың қолы жеткен соңғы шебі болып қалды.
10 октябрьде полковник Г. П. Коротковтың 238-атқыштар дивизиясының полктері Тулаға келіп жетті. Қазақстаннан келген жауынгерлер Тула жұмысшыларымен бірге қаланың батыс жағында бекініс шебін жасауға кірісті. Тулаға кіре беріс жерлерде танкіге қарсы бекіністер, бетондалған атыс орындары салынды. Алдына жаңа жауынгерлік міндеттер қойылған дивизия -, Егнышевка - Алексин – Щекино-Дубно шебінде қорғанысқа көшті. Дұшпанның шабуылы бұл учаскеде тоқтатылып, жаудың Тула - Москва автожолына шықпақ болған ойлары жүзеге асырылмады. Тула қорғаныс комитеті және облыстық партия комитеті 238-атқыштар дивизиясының жауынгерлік қимылдарын тыл мен майдан бірлігінің символы деп бағалай келіп, 6 ноябрьде дивизияға Қызыл ту тапсырды.
Декабрьдің 5-і күні Батыс майдандағы жау шабуылы тоқтатылып, совет әскерлері қарсы шабуылға шықты, бұл Қызыл Армияның жалпы шабуылымен жалғасты. Шабуыл ұрыстары кезінде қазақстандық жауынгерлер ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Негізгі магистраль болған Старая Русса-Холм бойындағы «қарлы жорық» кезінде көрсеткен табандылық пен ерлік қимылдары үшін 8-гвардия дивизия туына тағы бір орден - Ленин ордені тағылды. Бұл жолғы шайқастарда: Т. Тоқтаров, Р. Жангозин, В. Я. Белов, М. Ғабдуллин, П. Бихрев т. б. мәңгі өшпес ерлік көрсетті.
238-атқыштар дивизиясының бөлімдері батыл шабуылға шықты. Олар қиян-кескі соғыс қимылдарын жүргізе отырып, 200 км алға жылжып, Алексин, Юхнов және басқа да көптеген қалалар мен селоларды жаудан азат етті. Командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орыидағаны және көрсеткен ерлігі, табандылығы мен қаһармандығы үшін 1942 жылы 3 майда 238-атқыштар дивизиясы Қызыл Ту орденімен наградталды және 30- гвардиялық дивизия деп аталды. Дивизия комиссары С. В. Груданов жаудан азат етілген Алексин тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде, совет жерін азат ету жолындағы ұрыстарда қаза тапқан жолдастары жайлы тебірене айтты. Батальон командирі капитан Козлов, коммунист Гребников, автоматшы Рамазан Аманкелдиев (қазақтың халық батыры А. Имановтың баласы) т. б. осы ұрыстарда қаза тапты.
Москва түбіндегі шешуші шайқастарда қазақстандық 391-, 387-атқыштар дивизиясы, 39-курсанттық, 74-және 75-теңіздік атқыштар бригадалары табанды қимылдар жасады. 1942 жылдың февралында Холм қаласының түбіндеболған ұрыстарда 391-атқыштар дивизияның жауынгерлері ерлікпен шайқасты.
Ген. Л. М. Доватордың 2-атты әскер корпусының құрамындағы жүздеген қазақстандықтар: полк комиссары Ә. Баймолдин, сержант С. Абдуллин, мерген Самойлов, пулеметші Тілеумағамбетов т. б. қаһармандық көрсетті.
Гитлершіл басқыншылардың Москва түбінде талқандалуы жаудың күшін мықтап әлсіретті, рухын түсірді. Гитлердің қауырт соғыс жоспары біржолата күйреп, неміс-фашист армиясының «жеңілмейтіндігі» туралы ертегі адыра қалды.
Ұлы Отан соғысы барысында Сталинград шайқасы үлкен бет бұрыс жасады. Сталинградты біздің мемлекетіміздің көп ұлтты барлық халықтарының ұлдары қорғады. Сталинград майданының барлық бөлімдері мен құрамаларындағы біздің жерлестеріміз ерлікпен шайқасты. Батыр қаланы қорғауда маңызды роль атқарған даңқты 62-армия қатарында 1942 жылдың 1 авгусында 3820 қазақ, ал 21-армия жауынгерлері құрамында 1225 қазақ болды. Волга шайқасына барлық қазақстандық құрамалардың 1/3-ге жуығы: 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиялары және 1 атқыштар бригадасы қатысты.
1942 жылы августа неміс-фашист әскерлері Сталинградтың оңтүстік тұсында майдан шебін бұзып өтіп қалаға қарай ентелей бастады. 13 сентябрьде шайқас қала ішінде басталды. Алайда дұшпан қаланы басып ала алмады. Волга бойын қорғаушылардың айбынды қимылдары жаудың жоспарын күйретті. Батыр қаланың солтүстік-батысында 27-гвардиялың атқыштар дивизиясының бөлімшелері қиянкескі ұрыстар жүргізді. Олармен көршілес 292-атқыштар дивизиясының (бұрынғы 74-теңіздік атқыштар бригадасы) полктері шайқасты. Ұрыстың алғашқы күндерінен 64-армияның құрамындағы 29-және 38-атқыштар дивизиясы Сталинградтың оңтүстік кіре берісін табандылықпен қорғады. Астраханьға шығатын жолды 28-армия әскерлері, солардың ішінде қазақстандық 152- атқыштар бригадасы және 81-атты әскер, 387-атқыштар дивизиялары берік қорғап тұрды.
1942 жылы 9 октябрьде Қазақстан К(б)П ОК, Қазақ ССР Жоғары Советінің Президиумы мен Республика Халкомсовының Сталинградты қорғаушы майдандағы қазақстандықтарға үндеуі жарияланды. Онда: «Сталинград - Шығыстың кілті. Сталинградтың түбіндегі қазақ жауынгерлері, орыс, украин, белорус, өзбек, тәжік, түрікмен, азербайжан, грузин жауынгерлерімен бірдей өзінің от басын, өз семьясын, өзінің туған совет жерін қорғайды. Жерлестеріміз - 8-гвардия дивизиясының жауынгерлері, 28-панфиловшы батырлар Москва түбінде қалай шайқасса, сіздер де солай шайқасыңыздар!». Майдандағы қазақстандықтар жерлестеріне «Волга бізге туған жердің Алатауындай қымбат болса, Дон мен Украина далалары да қазақ даласындай қымбат. Жауға қарсы алға - біздің жолымыз бір. Өзіміздің күшімізді де, өмірімізді де аямай жауға қатты соққы береміз деп Саған ант етеміз. Біз Сталинградта Қазақ халқының намысы мен бостандығын қорғап қаламыз», - деді. Олар - Сталинградты қорғаушылар оздепінің антын орындады.
1942 жылы 19 ноябрьде Оңтүстік-Батыс және Дон майдандарының әскерлері бір мезгілде шабуылға шықты. Келесі күні, 20 ноябрьде дәл осы бағытта Сталинград майданының әскерлері оңтүстіктен шабуылға шықты. 23 ноябрьде Сталинград және Онтүстік-Батыс майдандарынын әскерлері бір-біріне қосылды. Сөйтіп, олар неміс-фашист армияларын Калач қ. ауданында болаттай берік қоршауға алды. Сталинград шайқасында қазакстандық құрамалар мен белімдер батыл күресті. 19 ноябрьде Совет жауынгерлерінің таңертеңгілік артиллериялық дайындығына Ақтөбеде жасақталған 129-миномет полкі де қатысты. Сталинградтың солтүстік-батысынан шабуылға шыққандардың алғы сапында 27-гвардиялық атқыштар дивизиясының полктері де болды. Ол 150 км алға жылжып, жаудың 29 танкісін, 1500 солдаты мен офицерін жойды. Дивизия жауынгерлері қоршаудағы жау тобын күйреткенде тағы да 3300-ден аса гитлершілерді жойып, 1900-ін тұтқынға алды. 51-армия құрамындағы 152-дербес атқыштар бригадасының бөлімдері, сондай-ақ қазақстандық 387-атқыштар 81-атты әскер дивизиялары шабуылға шықты. 5-екпінді армияның құрамында болған 387-атқыштар дивизиясы шабуыл ұрыстары кезінде 250 км алға жылжып, жаудан 80 елді мекенді азат етті. Ал 152-дербес атқыштар бригадасы Дондағы Ростовқа және Миус ө-не жетті. Сталинград түбінде 29- және 38-атқыштар дивизиялары 200 күн бойы қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Қоршауға алынған жау әскерлерін талқандауда бұл дивизиялар ерекше ерлік көрсетті. 1943 жылы 2 февральда Сталинград жаудан толық босатылды. 29- және 38-атқыштар дивизиялары жауынгерлерінің Сталинград шайқасы кезіндегі көрсеткен табандылығы мен ерліктері үшін олар 72-және 73-гвардиялық атқыштар дивизиялары деген құрметті атақтарға ие болды.
Партия мен үкімет майдандағы қазақстандықтардың ерлігі мен батылдығын жоғары бағалады. 1943 ж. 6 февральда «Даңқты қазақ халқы советтік Отан үшін күресте» деген бас мақаласында «Правда» газеті: «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысады, тылда олардың әкелері, балалары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істейді. Қазақстан өз жерінің барлық байлықтарымен, тауларының барлық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болыи отыр», - деп жазды.
900 күн мен түнді блокадада өткізген ленпнградтықтардың табандылығы мен ерлігі дүние жүзін таңдандырды. Олармен бір сапта мыңдаған қазақстандықтар да болды. Ленинград, Волхов және Карель майдандарының әр түрлі учаскелерінде 3 жыл бойы 310- және 314-атқыштар дивизиялары жаумен шайқасты. 1941 жылдың күзінде олар Ладога көлі бойында бірден-бір сау қалған қатынас жолын, ал қыста атақты «өмір жолын» қорғасты. 1942 жылдың күзінде осы дивизиялардың жауынгерлік қимылдары дұшпанның Ленинградқа қайта шабуыл жасау жоспарының бұзылуына ықпал етті. 1943 жылдың январында 314 дивизия блокаданың бұзылуына қатысса, 1944 жылы бұл дивизиялар Ленинград және Псков облыстары мен Карелияны азат етуге қатысты. Ленин орденді, Қызыл тулы Новгородтық 310-атқыштар дивизиясы жеңіс жорықтарын Батыс Померанияда, ал 2-дәрежелі Кутузов орденді Кингисепптік 314-атқыштар дивизиясының Выборг полктері жеңіс жорықтарын Чехословакияның солтүстік аудандарында аяқтады.
1942 жылы күзде Калинин майданында 100-және 101-қазақтың дербес ұлттық атқыштар бригадасы алғаш рет ұрысқа қатысты. 1943 жылы 100-бригада Великие Луки мен Невель маңында соғысты. 1943 жылы 101-бригада Великие Лукиде қорғаныс ұрыстарын жүргізді, шабуыл барысында бригада жауынгерлері бір ай ішінде 150 км-ге жуық алға жылжып, Смоленск мен Витебск облысының 150-ден аса елді мекенін азат етті.
100- және 101бригаданың жауынгерлері 7 мыңнан аса фашисті жайратты. Қиян-кескі ұрыстарда айрықша көзге түскен жауынгерлер мен офицерлер ордендермен және медальдармен наградталды. Командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындаудағы көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Совет Одағының Батыры атағы Мәншүк Мәметоваға берілді. 239 фашисті жойған атақты мерген Ыбрайым Сүлейменовтің есімі майдан жауынгерлерінің арасына кеңінен тарады.
1943 жылдың жазында Гитлер командованиесі Орел - Курск - Белгород маңында жаңа шабуылға шықпақшы болды. Сөйтіп, неміс-фашист командованиесі Сталинград үшін кек алып, өз армиясының беделін қалпына келтіруді ойлады. 1943 жылы 5 июньде неміс-фашист әскерлері шабуылға шықты. Атақты Курск шайқасы осылай басталды.
Жоғарғы Бас командование Ставкасы жаудың бұл ойын алдын ала біліп, жаудың шабуылынан қорғану және қарсы шабуылға шығу жоспарын жасады. Бұл жоспар ойдағыдай орындалды. Дұшпанның негізгі күшін жойып, титықтатып, әлсіреткеннен кейін совет әскерлері қарсы шабуылға шықты. 5 августа сұрапыл ауыр соғыстардан кейін, Қызыл Армия Орел мен Белгородты азат етті. Орел қаласын азат еткен қаһарман жауынгерлердің құрметіне Москва алғаш рет артиллерпядан салют берді.
Курск түбіндегі шайқаста 73-гвардиялық дивизияның жауынгерлері совет гвардиясының даңқын арттыра түсті. Дивизия жауынгерлері Белгород маңындағы қорғаныс ұрыстарында таймас табандылық, қайтпас қаһармандық жасады. Капитан А. Бельгин басқарған 3-батальон бұрын-соңды болып көрмеген ерлік көрсетті. Батальонның қорғаныс шебіне қарай жаудың 100 шақты танкі мен көптеген жаяу әскерлері ұмтылды. Оқпен, металмен жалындап күйіп түрған траншеяларда қазақстандық жауынгерлер қаһармандықпен шайқасты. Фашист танкілерімен шайқас ұзақ күнге созылды, бірақ гвардияшылар өз шебінен бір қадам да шегінбеді.
Ұрыста көрсеткен батырлығы, ерліктері үшін батальон командирі капитан А. Бельгинге, рота командирі И. В. Ильясовқа, байланысшы С. П. Зоринге және қатардағы жауынгер Ж. Абдуллинге Совет Одағының Батыры атағы (бәріне де қайтыс болғаннан кейін) берілді. 4136 гвардияшылар ордендермен, медальдармен наградталды.
1943 жылы 5 июльде жаудың танкілері мен жаяу әскерлері топтанып, 72- гвардиялық атқыштар дивизиясының бекінісіне шабуыл жасады. Кескілескен шайқастар жүріп жатты. 5 күн ішіпде дұшпан 7 мыңнан аса солдаты мен офицерінен айрылып, бірнеше км-ге ғана алға жылжыды.
Курск түбіндегі неміс әскерлерінің 5 июльде басталған шабуылын тойтарып, совет әскерлері 12 июльде қарсы шабуылға шықты. Орталық майдан әскерлерінің құрамында қимыл жасаған 8-атқыштар дпвизиясы да ерлік үлгісін көрсетті. Осы дивизияның жүздеген жауынгерлері ордендермен, медальдармен наградталса, ерекше козге түскен 47 адамға Совет Одағының Батыры атағы берілді.
Украинаны жаудан азат еткен совет әскерлерінің құрамында Қазақстанның 72- 73-, 27-гвардиялық, 8-, 387-, 118- (бұрынғы 152-атқыштар бригадасы) атқыштар дивизиялары, түнде бомбалаушы 991- және 992- авиациалық полктері болды. Олар Харьков, Красноград, Кировоград түбіндегі ұрыстарда, Донбассты, Украинаның сол және оң жағалауларын азат етуде қаһармандық көрсетіп, даңққа бөленді. Сол үшін ордендермен наградталып, құрметті атақтарға ие болды. Днепр тағы сол сияқты су бөгеттерінен ерекше ерлікпен ойдағыдай өткені, Украинаны азат етудегі ерекше ерліктері үшін 150-ден аса қазақстандық жауынгерлерге Совет Одағының Батыры атағы берілді. 1943 жылы 4 декабрьде 25-гвардия атты корпусының командирі, генерал-майор Г. Б. Сафиуллин Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында «Днепр бойында болған ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға үсті-үстіне соққы беріп, оздерінің Отан-анасына деген ыстық махаббатын көрсетті, сонымен қатар халық батыры Аманкелдінің қызу қаны бойларында қайнап тұрғандықтарын танытты. Қазақтардың Днепр бойында және Днепрден өткеннен кейін де барлық жасаған ерліктерін санап жату мүмкін емес», - деп жазды.
1943 жылы Батыс майданы әскерлерінің соғыс операциясына 30-гвардиялық атқыштар дивизиясы қатысты. Ол Сычевканы, Ельняны, Смоленскіні жаудан азат етті. 1944 жылдың бас кезінде дивизия Новосокольники ірі темір жол торабын азат етуге ат салысты.
2-Прибалтика майданының қурамында 8-гвардиялық, 30-гвардиялық және 391-Қызыл тулы дивизиялар ойдағыдай шайқастар жүргізді. Олар жаудан РСФСР-дің солтүстік-батыс аудандары мен Балтық бойын азат етуге қатысты. Осы ұрыстардағы табандылықтары мен ерліктері үшін Панфилов дивизиясы 2-дәрежелі Суворов орденімен наградталды. 391-атқыштар дивизиясы сияқты оған да «Режицалық» деген құрметті атақ берілді. Латвияның астанасын азат етуге қатысқан 30-гвардиялық дивизия «Ригалық» деген құрметті атаққа ие болды.
1943 жылдың күзінде Старая Русса - Ильмен көлі учаскесінде 151-атқыштар бригадасы табанды қорғаныс қимылдарын жүргізді. Мұнда оның батальондары жаңадан құрылған 150- атқыштар дивизиясының 756-атқыштар полкіне қосылды. Ол 1943 жылдың аяғы мен 1944 жылдын басындағы Невель және Пустошка операцияларына қатысты. Кейінірек дивизия Идрица мен Себежді азат етті. Латвия жеріне алдыңғылар қатарында кіріп, Идрицалық деген атақ алды. 1944 жылы декабрьде ол Варшава түбіне жөнелтілді.
Белоруссияны азат етуге 88-және 1-атқыштар дивизиялары (1-атқыштар дивизиясы қазақтыңұлттық 100-және 30-курсанттық атқыштар бригадасынан құрылды), 209-зайсандық атқыштар, 173-гаубица артиллерия және 129- миномет полктері белсене қатысты. Бұл құрамалар мен бөлімдердің жауынгерлік еңбектері ордендермен және құрметті атақтармен атап етілді. Қазақстандықтардың Белорус жеріндегі ерліктерінің куәсі олардың жауынгерлік ордендермен және медальдармен наградталуы, ал 20 қазақстандыққа Советтер Одағының Батыры атағының берілуі еді.
Соғыстың соңғы кезеңінде де қазақстандықтар басқа да бауырлас ұлттар өкілдерімен бір сапта болып, өздерінің интернационалдық борыштарын орындады. Солтүстік Польша, Поморье, Гдыня, Узедом аралы - Ленин орденімен және Қызыл Ту орденімен наградталған қазақстандық 310-дивизияның жүріп өткен жауынгерлік сапары міне осындай. Польшаны азат ету жолында 27-гвардиялық және 1-, 8-, 118-, 150-, 314-, 391- атқыштар дивизияларының жауынгерлері күресті. Румыния, Венгрия, Югославия. Чехословакия және Австрияны 72-гвардиялық, 73-гвардиялық, 387-атқыштар дивизиялары азат етісті.
Берлин түбіне басқалармен бір сапта қазақстандық дивизиялар да келді. Олар: Богдан Хмельницкий орденді, Қызыл тулы 27-гвардиялық атқыштар дивизиясы, Рейхстагты шабуылдауға қатысқан 2-дәрежелі Кутузов орденді идрицалық 150-атқыштар дивизиясы. Рейхстагқа И. Сияновтың ротасы алдыңғылардың бірі болып ұмтылды. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев қатардағы жауынгер Григорий Булатовпен бірге ал қызыл туды Рейхстаг қабырғасына тікті. Берлинді шабуылдауға «Қазақстан комсомолы» атты танк колоннасының танкілері қатысты.
Қазақстандықтар тек қана майдандарда емес сонымен қатар жау тылында да шайқасты. Еліміздің басқа да халықтарымен бірге олар партизандар қозғалысына белсене араласты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан аса қазақ соғысқан. Қазақстанда туып өскен 270 азамат Смоленскінің партизандық бригадалары мен отрядтарында шайқасқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен отрядтарда 1500- ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысының атақты өкілдері Г. Ахмедьяров, Г. Омаров, В. Шарудов, Ғ. Оразбаев, Қ. Қайсенов, Н. Сыдықов, Ә. Шәріпов, А. Сыдықов, Т. Жанкелдин, Ж. Саин, А. Айсаев, Ж. Ағәділов, С. Төлешов т. б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болып отыр. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер Н. Байсейітова, Т. Жұмабаева, Е. И. Воробьева, Л. И. Семенова, Ж. Ағәділова т. б. болып, олар да біздің ұлы жеңістерімізге өз үлестерін қосты.
Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері үшін мындаған қазақстандықтар Совет Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталды. 500-ге жуық қазақстандыққа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Олардың арасында Советтік шығыстың қаһарман қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова да бар. Совет Одағының Батыры атағы ұшқыш-штурмовиктер Т. Ж. Бигелдинов, Л. И. Беда, II. Ф. Павлов және ұшқыш истребитель С. Д. Луганскийге екі реттен берілді.
Қазақстанның майдан арсеналына айналуы. Ұлы Отан соғысы майдандарында Совет қарулы күштерінің тарихи жеңіске жетуі тылда жан қиярлықпен еңбек етудің нәтижесінде мүмкін болды. Компартия қысқа мерзімнің ішінде тыл жүмысын соғыс жағдайына бейімдеп, еңбекшілердің барлық күш-жігерін фашистік Германия мен оның сыбайластарына қарсы күреске бағыттап, ұйымдастырды. Қазақстан Компартиясы БК(б)П ОК мен Совет үкіметі және МемлекеттікҚорғаныс комитетінің директиваларын асыра орындай отырып, қалыптасқан соғыс шаруашылығын құруға жұмылдырды. Армия мен флотты әскери техникамен, оқ-дәрімен және қару-жарақпен жан-жақты қамтамасыз ету үшін ең алдымен металл өндіруді ұлғайту, жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп орындарының қуаттылығын арттыру және жаңаларын салу талап етілді.
Осы міндеттердің мүддесінен шығу жолында Қазақстан жұмысшы табы орасан үлес қосты. Олардың ерлік еңбегінің нәтижесінде республикада молибден өндіру өлшеусіз өсті, марганец, ванадий, вольфрам, никель т. б. өндіру кеңінен жолға қойылды. «Шығыс қоңырат» руднигі құрылысшылары мен кеншілерінің еңбегі нәтижелі аяқталды. 1941 жылы ноябрьдің басында еліміз Балқаш молибденін алды. Соғыс жылдарында құрылған Қазақстанның молибден өнеркәсібі 1943 жылдың өзінде СССР молибден өндіріс өнімінің көбін берді. Басқа да сирек металл өндірісі едәуір ұлғайды. Республика жалпы одақтық вольфрам мен қалайы өндіруден одақ көлемінде елеулі орын алды.
Никополь руднигі жау қолында қалған кезде Қазақстан Орал мен Сібірдің металлургия зауыдтарына марганец рудаларын негізгі дайындаушылардың біріне айналды. Жезқазған руда басқармасы елімізді марганец рудасымен 60%-ке қамтамасыз етті. Республикада қара металлургияны дамыту мәселесі ойдағыдай шешілді. Соғыстың нағыз қызған шағында республика қара металлургиясының тұңғышы - Ақтөбе ферросплав зауыдының құрылысы аяқталды. 1944 жылы 31 декабрьде Қазақ металлургия зауыды тұңғыш жоғары сапалы қорытылған болат берді.
Республика түсті металының мол қорлары майдан қажетін өтеуге қызмет етті. Соғыс жылдарында түсті металлургия жүйелерінде 25 рудник пен шахта және 11 байыту фабрикалары іске қосылды. Соғыстың аяқ шеніне таман Қазақстан жалпы одақтық, қорғасын өндіруден, полиметалл өнімдерін шығарудан және мыс өндіруден едәуір үлес қосты.
Еліміздің отын балансындағы Қазақстанның ролі едәуір арта түсті. Қарағанды көмір бассейні соғыстың шешуші кезеңінде, әсіресе, соғысқа дейін көмір өнімінің 63%-ін беріп тұрған еліміздің негізгі бассейні - Донбассты Гитлер басқыншылары басып алған кезде, қорғаныс кәсіпорындары мен темір жол транспортын отынмен жабдықтауда айрықша көзге түсті. Республикамызда соғыс жылдарында 19 жаңа шахта және жылдық қуаттылығы 6 млн. т-ға жуық 3 көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Республикада көмір өндіру 1940 жылы 6,6 млн. т-дан 1944 жылы шамамен 11,2 млн. т-ға, немесе 68%-кө жетті. Тек Қарағанды көмір бассейні соғыстың төрт жылы ішінде еліміздің қорғаныс қажеттерін өтейтін кәсіпорындары үшін 34,4 млн. т көмір жөнелтті. Соғыс жылдарында Қарағанды бассейні кокстелетін көмір жөнелту ісін 1940 жылға қарағанда 96%-ке арттырды.
Еліміз бен майданның зәру мұқтаждары мұнай шығаруды арттыруды талап етті. Республикамызда соғыс жылдарында 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, ондаған жаңа скважиналар мен Гурьевте қуатты мұнай өңдеу з-ды салынды. Соғыстың төрт жылы ішінде республика соғыстан бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда мұнайды 887,3 мың т көп берді.
Қазақстанның қорғаныс зауыдтары қару-жарақ және оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Олар автомат, огнемет, мина, снаряд, бомба, гранат т. б. шығарды. 1944 ж. қорғаныс кәсіпорындары өнім шығаруды 1942 жылмен салыстырғанда бірнеше есе арттырды.
Республиканың машина жасау өнеркәсібі соғыс заказдарымен қатар қара және түсті металлургия кәсіпорындары темір бетон халық шаруашылығы салаларының жабдықтарын шығарды. Ауыл шаруашылық машиналары үшін қосымша бөлшек жасау 1943 жылға қарағанда 1945 ж. 5 есе артты. Бірнеше ірі және орташа электр станциялары салынды. Соның нәтижесінде электр станциялардың қуаты артты, электр энергиясын өндіру ұлғайды: егер республикада 1940 ж. 632 млн. квт-сағ электр энергиясы өндірілсе, ол 1945 ж. 1148 млн. квт- сағатқа жетті.
Совет Армиясының жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде республиканың жеңіл, тамақ, жергілікті және кооперативтік өндірісі орасан зор жұмыстар жүргізді. 1943 жылдың бас кезінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің кәсіпорындары жалпы өнім шығарудың көлемі жөнінен Одақ бойынша РСФСР-ден кейінгі 2-орынға ие болды. Соғыс жылдарында республиканың жеңіл өнеркәсібі 487-дивизияға арнап жаздық киім-кешек, 451-дивизияға іш киім, 70-дивизияға шинель, 67-дивизияға пима, 59-дивизияға қысқы киім-кешек, 53-дивизияға былғары аяқ-киім, 25- дивизияға шолақ тон, 245-дивизияға заттық жабдықтар т. б. дайындап берді.
Темір жол транспорты да майдандағыша жұмыс істеді. Оның магистральдарымен соғыс жүктері, қару-жарақ тамақ өнімдері, жолаушылар т. б. толассыз ағылып жатты. Сонымен қатар болат жолдың бойымен эвакуацияланған халық және көшірілген жабдықтар тиеген поездар жүйткіді.
Коммунистік партияның басшылығымен майдан вахтасына тұрған Қазақстанның жұмысшы табы үнемі еңбек өнімділігін арттырып, күндік тапсырмаларын асыра орындау үшінкүресті. Бүкіл еліміздегі сияқты өнеркәсіп пен транспортта да екіжүзшілер, үшжүзшілер, мыңшылар қозғалысы, комсомол-жастар бригадасының «майдандық бригада» деген жоғары атақ үшін жарысы, өнертапқыштар мен жаңашылдардың қозғалысы, «Адам санының аздығына қарамастан, көп өнім берейік» деген қозғалыс кең өріс алды.
Республиканың өнеркәсібі мен транспорттарында жұмыс істеген әйелдер мен жастар тамаша еңбек үлгісін көрсетті. 1944 жылыҚазақстанда әрбір жұмысшының еңбек өнімділігі 1940 жылмен салыстырғанда 11,3%-ке ұлғайды. Соғыс жылдарында республика өнеркәсібі өнім шығаруды 1,5 есе, өндірістік қорды 2 еседен аса арттырды.
Металлургия мен тау-кен өндірісінің мыңдаған өкілдері еңбек майданының алдыңғы шебінде болды. Тыл гвардияшылары: Б. Аймұқанов, И. Нұров, Г. Хайдин, В. Дементюк, Б. Ысмағұлов, Т. Күзембаев, К. Бариков, Б. Мейзекова, Н. Шмаран, Б. Айболинов, Б. Нұрмағамбетов, А. Давыденко, А. Ақшалов т. б. есімдері Ұлы Отан соғысының ерлік шежіресіне жазылды.
Коммунистік партия мен Совет өкіметі Қазақстан өнеркәсібі мен транспорты қызметкерлерінің соғыстың сұрапыл жылдарындағы қажырлы еңбектерін жоғары бағалады. МемлекеттікҚорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туы Қарағанды көмір бассейніне 4 рет тапсырылды. Оны бірнеше рет қорғаныс зауыдтары коллективтері жеңіп алды, ол мұнай өнеркәсібі кәсіпорындарының қолында 20 реттен аса болды, ал Жезқазған кеншілері 16 ай бойы оны қолдарынан шығармады. Қызыл ту республика темір жолшыларына да табыс етілді.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына Қазақстанның колхозшы шаруалары да қомақты үлес қосты. Ауыл шаруашылық өндірісінде әйелдер мен жастар басты күшке айналды. Село еңбеккерлеріне көмекке қала тұрғындары келді. Өнеркәсіп орындары колхоздар мен совхоздарды қамқорлыққа алды. Республиканың колхоз, совхоздарында жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Еңбек ресурстарының олқы жері негізінен эвакуациямен келген халықтың еңбекке жарамдыларымен толықтырылды. БатысҚазақстанның Теректі МТС-нде Украинаның атақты тракторисі П. Н. Ангелинаның бригадасы жұмыс істеді. Оның озат тәжірибесін жергілікті механизаторлар кеңінен пайдаланды. Украинаның даңқты қызылшашысы М. С. Демченко Жамбыл обл. Талас өңірінде қант қызылшасын культивациялау әдістерін өндіріске енгізуде шынайы шеберлік танытты.
Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері - Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер - Ыбырай Жақаев пен Ним Ман Сам сияқты тамаша рекордшыларды да және астықтан мол өнім алудың майталмандары Мұнира Сатыбалдина, Анна Дацкованы, Нүрке Алпысбаеваларды орынды мақтаныш етті.
Мал шаруашылығы өнімдерін дайындау мен қоғамдық мал басының өсу жоспары ойдағыдай орындалып отырды. Тек 1942 жыл Қазақстанда қоғамдық мал басы 2 млн-нан астам өсті. Соның нәтижесінде республика мемлекетке етті 1941 жылғыға қарағанда 44 мың т артық берді. 1943 жылыҚазақстан колхоздары мемлекетке 304 мың бас мүйізді ірі қара және 1,7 млн-ға жуық қой-ешкі өткізді. Қазақстан колхоз малшыларының 1942 жылы еңбегін партия мен үкімет жоғары бағалады. Қоғамдық мал басын ойдағыдай арттырып, Бүкіл одақтық социалистік жарыста жеңіп шыққаны үшін Қазақ ССР-іне МемлекеттікҚорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туы мен бірінші сыйлық берілді. Соғыс жылдарындағы қажырлы еңбектері үшін МемлекеттікҚорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туы, сондай-ақ Гурьев, Ақтөбе облыстары мен республиканың Новобогат, Баянауыл, Қарқаралы аудандарының малшыларына табыс етілді. Қазақстанның қоғамдық мал басы соғыс жылдары ішінде 3 млн. басқа жуық өсті.
Қазақстанның колхоздары мен совхоздары соғыс жылдарында майдан мен елімізге соғыстан бұрынғы бес жылмен салыстырғанда астықты 30,8 млн. пұт, картоп пен овощты 14,4 млн. пұт, етті 15,8 млн. пұт, сүтті 3194 мың ц, жүнді 17,6 мың ц-те артық берді.
Жауды жеңу ісіне республиканың еңбекші интеллигенциясы да өздерінің қомақты үлестерін қосты. Олардың қатары еліміздің батыс аудандарынан эвакуацияланып келген ғалымдармен, жазушылармен, артистермен, мұғалімдермен, дәрігерлермен т. б. толықтырылды.
Еліміздің шығыс аудандары мен Қазақстанның халық шаруашылығының түбегейлі проблемаларын жете зерттеп, іс жүзіне асыруға, өндіргіш күштерінің дамуына СССР ҒА-ның акад. В. Л. Комаров басқарған СССР ҒА Комиссияның қосқан үлесі айтарлықтай болды. Оның жумысына СССР ҒА Қазақ бөлімшесі Президиумының председателі, көрнекті ғалым Қ. И. Сәтбаев басқарған республиканың 100-ден аса ғалымдары қатысты. Ғалымдар қазбалы байлықтардың бай кен орындарын ашты.
Ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері т. б. идеологиялық жұмыстар саласында үлкен белсенділік көрсетті. Жоғары оқу орындары, техникумдар мен мектептерде халық шаруашылығының әр түрлі саласына маман кадрлар даярлау жұмысытынымсыз жүріп жатты.
Қазақстанның медициналық қызметкерлері қажырлылықпен еңбек етті. Дәрігер ғалымдар емдеудің жаңа тәсілдерін ашып, емдеу жабдықтарының жаңа түрлерін ашып, өз жұмыстарында кеңінен пайдаланды. Республика госпитальдарында емдеуде болған жаралы жауынгерлердің 70%-тен астамы қайтадан қатарға қосылып отырды. Советтік патриотизм сезімі бойларын кернеген советтік Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражаттарынан майдан қорына 4,7 млн. сом ақша берсе, сонымен қатар майданға 2 млн-нан аса жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Республика еңбекшілері өздерінін жеке қаражаттарынан «Қазақстан комсомолы», «Қазақстан колхозшысы», «Советтік Қазақстан», «Түрксібші», «Қарағанды шахтері», «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургы», «Қазақстан пионері», атты танк колонналары мен авиаэскадрильялар жасақтады. Республика патриоттары танк колонналары мен авиаэскадрплпялар жасауға 480 млн. сом жинады (сол кездегі ақшамен).
Майдан мен тылдың бірлігі қаһарман қалалардың, әсіресе Ленинградтың қаһарман қорғаушыларына көрсетілген моральдық және материалдық көмектен айқын аңғарылды. Ленинградтықтарға Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» атты патриоттық өлеңінің өнегелік те, тәрбиелікте мәні зор болды. Республика еңбекшілері Ленинградты қорғаушыларға 400 вагон сыйлық жөнелтті.
Маркстік-лениндік идеологияның салтанаты, халықтар достығының мызғымас бірлігі фашистік оккупациядан азат етілген аудандарға туысқандық көмек көрсету ісінде айқын аңғарылды. Қазақстап Орел облыс қамқорлыққа алып, оларға 200 вагоннан аса жабдықтар, ауыл шаруашылық машиналарын, азық-түлік, тұрмыстық заттар және 100 мың бастан астам мал жөнелтті. Осындай көмектер Украина мен Белоруссияға, СолтүстікКавказға және Ленинград, Калинин, Курск облыстары мен жекелеген аудандарға көрсетілді.
Қазақстан еңбекшілері бүкіл совет халқымен бірге социализмнің ұлы жеңістерін қорғауға бекем бел байлағандықтарын осылай көрсетті. Сөйтіп, Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында партияның бастауымен, халықтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде Ұлы Отан соғысы арсеналдарының біріне айналды, ол майданды жерінің барлық қазынасымен қамтамасыз етті.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Советтік қоғамдық және мемлекеттік құрылысы сұрапыл сыннап өтіп, өзінің капиталистік құрылыстан артықшылығын, өміршеңдігін бүкіл әлемге паш етті.
Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.205-210.
Жарияланған-2023-03-24 17:20:58 Қаралды-613
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану