UF

ҚАЗАҚСТАН ФЕОДАЛДЫҚ-ПАТРИАРХАЛДЫҚ ЫДЫРАУ ЖӘНЕ КАПИТАЛИСТІК ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ КЕЗЕҢІНДЕ

 

1867-1868 жылдар патша өкіметі Қазақстанда әкімшілік басшылық ету жөнінде реформа жүргізді. 1867 жылы Жетісу және Сырдария обллыстары құрылды. 1868 жылғы реформадан патша өкіметінің отарлау саясаты анағұрлым айқын көрінді. Батыс Сібір ген-губернаторлығындағы далалық облыстарды басқару туралы «уақытша ереже» негізінде бірыңғай басқару жүйесі енгізілді. Жаңа заңға сәйкес өлкенің, соның ішінде Орал және Сібір әскерлерінің барлық жерлері төрт облыс: Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарына бөлінді, олардың алғашқы екеуі Орынбор бас басқармасына, соңғы екеуі - Батыс Сібір (кейін «Дала...») генерал-губернаторлығына берілді. Облыс орыс чиновниктерінен тағайындалатын уездік бастықтың басқаруындағы уездерге, уездер болыстарға, болыс ауылдарға бөлінді. Болыстықтар мен ауылдық апмақтық белгілері бойынша (болыстарда 1000-2000 киіз үй және ауылдарда 120-200 киіз үй) құрылды. Болыстықтар мен ауылдарды халық арасынан сайланған билеушілер мен ауыл старшындары биледі. Ірі қылмысты істермен әскери сот айналысты (көтеріліске қатысу және оған қатысуға үгіттеу, лауазымды адамдарды өлтіру және басқа кейбір қылмыстар). Облыстық сот қазақтарды империяның жалпы қылмыстық заңдары бойынша кісі өлтіргені, ұрлық жасағаны, барымталағаны. керуенді тонағаны үшін соттады. Ұсақ қылмыстық істер мен өзара дауларды және талас-тартыстарды облыстық әкімдермен бірге үш жыл мерзімге сайланған билер соты қарады.

1867 жылы заң барлық жерді мемлекеттік меншігі деп жариялап, қауымдарға пайдалануға ғана берді. Жер мәселесін бұлайша шешу қазақ жерлерін өте «заңды» түрде одан әрі жаппай экспроприациялауға заң жүзінде негіз жасады. Түтін басынан салық алу бұрынғыша қалдырылды, бірақ ол екі есе көбейтілді. Табыс іздеп кеткендерден паспорттық салық алынатын болды.

1868 жылы жағдай дала қоғамының әлеуметтік қатынастарына ірі-ірі өзгерістер енгізді. Барлық қазақтар, соның ішінде сұлтандар праволық жағынан «село тұрғындары», яғни шаруалар қатарына жатқызылды. Басқа сословиеге өту «жалпы заңдар негізінде» ғана жүзеге асырылуы мүмкін болды. Егер сұлтандар мен ірі билер дворяндық дәрежеге көтерілмек болса, онда қызмет көрсетуі арқылы ғана қолы жеткен.

1867-1868 жылдар реформалар дала өлкесі еңбекшілері арасында наразылық туғызды. Олар салықтың одан әрі өсуіне, жерді пайдалануға шек қоюына, отарлық езгінің күшеюіне наразылық білдірді. Торғай мен Орал облыстарында Ережені жүзеге асырудың алғашқы шаралары тұсында-ақ көтеріліс (1869-1870) басталды. 1869 жылы январьдан бастап уездер мен болыстарды құруға жіберілген комиссиялар халықтың қарсылығына кездесті. Мартта бүкіл Орал, Торғай облыстарының батыс және оңтүстік бөліктерін толқулар қамтыды. Рулық қозғалыстар Шалқар көлі төңірегінде, Ханкөл, Азнабай, Тайпақ, Өлеңті, Қурайлы, Шідерті, Аңқаты, Қадық елді мекендерінде топтастырылды, оларды С. Түркебаев пен Б. Оспанов басқарды. Ембі өзенінен бастап солтүстік пен оңтүстікке дейінгі алқап көтерілісшілердің бақылауында болды. 1869 жылы майда патша әкімшілігі далаға жазалаушы отряд жіберді. Штемпельдің отряды 6 майда Қазыбек мекеніне бет алды. Жамансай көлі маңында нашар қаруланған екі мыңға жуық қазақ көтерілісшілерінің шабуылына тап болды.Жеті күн бойы отряд шығынға ұшырай отырып, кейін шөгінді. Жазалаушы отряд июньнің басында Калмыков бекінісіне қайтып келуге мәжбүр болды. Көтерілісшілердің енді бір бөлігі Ащыбұлақ ө. маңында майор Приоров отрядына шабуыл жааады. Көтерілісшілердің патша әскерлеріне батыл тойтарыс беруі басқа отрядтардың қимылын тоқтатты. 19 майда Юрковскийдің отряды Аңқаты мекенінен Елек қалашығына шегінді. Көтерілісті талқандау женіндегі операцияға Орал обл. әскери губернаторы генерал-майор Н. А. Веревкин басшылық етті. Патша әскерлері жан-жақтан Ойыл бекінісіне қарай беттеді. Июльдің бас кезінде Ойыл ауданын жазалаушылардың үлкен күші басып алды. Патша үкіметі көтерілісшілерді аяусыз жазалады. Көптеген ауыл тас-талқан етілді, 70 мың үйлі ауыл орналасқан жерге «Уақытша ереже» енгізілді, мойын ұсынбағандардың әр түтініне 1 сомнан айып салынды. Оның үстіне бұқара халық саудагерлердің, қазақ әкімдерінің талаптарын қанағаттандыру үшін 143.305 сом төледі. Сөйтіп онысыз да жапа шеккөн халықтың тұрмысы бұрынғыдан да күйзелді. Көтерілісшілерді қуғындау кезінде тартып алынған мал қазынага түсті.

1869 жылы «Уақытша ережені» енгізуге байланысты Орал және Торғай облыстары, Маңқыстау қазақтары жазғы жайылымнан айрылды, өйткені оларды басқа рулар иемденді. Жаңа ережеге сәйкес бір әкімшілік елден екіншісіне ауысуға рұқсат беретін «куәлігі» болғанда ғана олар жерді пайдаланды. Ондай «куәлік» жаңа ережені қабылдаған және үй салығын екі жылға төлеген Адай ауылдарына ғана берілді.

1870 жылы 15 мартта салық жинауға әрекеттену адайлардың көтеріліс жасауына себеп болды. Оларға қарсы жіберілген Рукиннің отрядын И. Төлембаев би басқарған котерілісшілер қоршауға алып, жойып жіберді. Ұзамай көтеріліс бүкіл түбекті қамтыды. Оған байлар мен балық кәсіпшілігінен қашқан балықшылар, кедейлер келіп қосылды. 1870 ж. апрельдін басында көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті. Оларды И. Төлембаев, Д. Тәжиев пен А. Жалмамбетов басқарды. Көтерілісшілер қоймаларды, пристаньдарды, тұз қайнату кәсіпорындарын, кәсіпшілік кемелерді жойып жіберді, патша жағына шыққан байлардың ауылдарына шабуыл жасады. Апрельдің басында олар Александровский фортын қоршауға алды. Көтеріліс жергілікті әкімшілікті ғана емес, орталық үкіметті де алаңдатты. Бұл кезде Иранға Англияның ықпалы едәуір күшейді. Патша үкіметі Хиуаға қарсы жорық әзірледі, сондықтан әскерлер Красноводскіге топтастырылды. Көтерілісті басу Кавказ әкіміне тапсырылды, ол қысқа мерзімде едәуір әскери күштерді Кавказдан Маңкыстауға жіберуді үйымдастырды. Көтерілісшілер фортты тастап, далаға кетті. Көтерілісшілер жеңіліске ұшырағаннан кейін, оның басшылары Хиуаға қашты. Еңбекші бұқараның отарлаушылыққа қарсы күресіне мұның ешқандай қатысы жоқ еді. Хиуа ханы көтерілісті өз мүддесі үшін пайдалануға тырысты. Ол адайлардың төрелермен байланысын қолдап, Маңқыстауды өз хандығына бағындыруға ұмтылды.

Елдегі аграрлық дағдарысқа байланысты патша үкіметі 1889 жылы орыс шаруаларын Россиядан Қазақстанға қоныстандырудың тәртібі мен жайлары жөнінде заң шығарды. 1891-1892 жылдар кең байтақ өлкеге Россиядан қоныс аударушылар легі күшейе түсті. Жетісуда Георгиевск және Ивановск елді мекені пайда болды. Ақмола мен Орал облыстарын қоныстанушылар саны көбейді. 19 ғасырдың аяғында Россиядан қоныс аударушылар легі жалғаса берді. Қазақ еңбекшілерінің жерлерін басып алу аса кең көлемде етек алды. 90 жылдардың аяғында-ақ солтүстік облыстардың жаңа қоныстарында тапшылық байқалды. Қазақ шаруаларын тонауды патша үкіметі «қоныстанушы», «жер қоры» деп аталатын линия бойынша жүргізді. Бұл қорды жасау үшін жергілікті халықтың жайлы қоныстары тартып алынды. Бұл әрекетті патша үкіметі «артық жерлерді. алу» деп атады. 20 ғасырдың басында шаруалардың Россиядан Қазақстанға шұбыруы бұрынғыдан да күшейе түсті. Түркістан генерал-губернаторы кеңсесінің толық емес дерегі бойынша 1902 жылы бір ғана Жетісу облысына өз еркімен қоныс аударушылар саны 16 мыңға жетті, 1905 жылы олардың саны 23 мың болды. Қазақстанның басқа облыстарынан да осындай жағдай байқалды. 1904 жылы 6 июньде патша үкіметі «Село тұрғындары мен диқан мещандардың өз еркімен қоныс аударуы туралы» заң шығарды. Қоныс аудару басқармасы қазақ еңбекшілерінің жерлерін алуды бұрынғысынан да күшейте түсті, ол жерлерден «қоныстандыру қорын» жасады. Әсіресе ол 1906-1912 жылдар Столыпин реакциясы кезеңінде кең еріс алды. Столыпиндік аграрлық саясаттың құрамды бөлігі шаруаларды Сібір мен Қазақстанға жаппай қоныстандыруда болды. Оны ұйымдастырушылардың ойынша ол Россияның орталығына да аграрлық мәселенің шиеленісін бәсеңдетуге және әлсіретуге тиіс болды. Егер 1893-1905 жылдары қазақ тұрғындарынан 4 млн. десятинадан астам жер алынса, 1906-1912 жылдар аралығында 17 млн. десятинадан астам жер алынды. 1917 жылға дейін отарлаушылар Қазақстанның 45 млн. десятинаға дейін жерін иемденді.

 

1-кесте. 1897 жылғы жалпы халық санағының көрсеткіштері

 

Қалалар

Халқы

Қалалар

Халқы

Ақмола

18 558

Қостанай

14 300

Атбасар

3 036

Павлодар

7 758

Әулиеата

11 474

Петропавл

19 688

Верный

22 744

Перовск

5 041

Гурьев

10 292

Семей

26 249

Жаркент

16 094

Өскемен

8 721

Зайсан

7 269

Торғай

999

Көкшетау

4 962

Орал

36 445

 

19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қазақ даласына кем дегенде 1,5 млн. адам қоныс аударды. Олардың көпшілігі Россияның орталық алқабынан, Волга бойы мен Украинадан шыққандар еді. Қоныс аударушылар негізінен ауыл шаруашылық жұмыстарымен айналысты. 1917 жылға дейін өлке халқының үштен бірі орыстар мен украиндар болды.

Қазақстанның Россияға қосылуы, өндірістік кәсіпорындардың дамуы, темір жол жүйесінің кеңеюі, сонымен бірге Орталық Россиямен сауда-экономикалық байланыс жасауы - қалалардың пайда болуы мен өсуіне, ондағы халықтың санының жедел өсуіне ықпал жасады. Облыстық және уездік қалалар әкімшілік және сауда орталығы ғана болып қойған жоқ, сондай-ақ өндірістік және мәдени орталықтарға айналды. Олар Россия әскери-феодалдық империяның үстемдігі жағдайында дамыды және өзінің эволюциялық процесінде өлкенің әлеуметтік-экономикалық айырмашылығымен өлшенетін бірқатар ерекшеліктері болды. 1867-1868 жылдардағы реформалар қалалардың дамуында үлкен роль атқарды. Олар Россияда капитализмнің кеңінен дамуына, Қазақстанды Россияның экономикалық даму орбитасына тартуға ықпал етті, капиталистік катынастардың пайда болуы мен өсуіне, қалалардың қалыптасуына әсер жасады, қалалар кіші қалалар тобына жатты, өйткені олардың әр қайсысындағы адам саны 40 мыңнан артпайтын (1-кестені қара), 20 ғасырдың басында қала тұрғындарының саны күрт өсті. 1903 ж. Семейде 27 334, 1909-1910 жылдар 31 282, ал 1914 жылы 35 000-ға дейін халық тұрды. 20 ғасырдың басында қала тұрғындарының саны Орталық Россиядан келген қоныс аударушылар есебінен өсті, олар қала тұрғындарына жатқызылды. Құрамына қарай олар негізінен қанаушы әкімдерге-дворяндар, офицерлер, көпестер, сондай-ак соларға сыбайлас казактардың дәулетті бөлігі және еңбекшілерге (мещандар, шаруалар, жұмысшылар) бөлінді.

19 ғасырдың 2-жартысында патшалық Россия Қазақстанның ауыл шаруашылық мен таукен байлықтарына бірден назар аударды. Мұнда тау-кен өнеркәсібі пайда болып, дами бастады, ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу жөніндегі кәсіп орындар саны тез өсті. Таукен өнеркәсібі алтын және басқа түсті металдар, көмір өндіретін кәсіпорындар басым болды. Мұнай өнеркәсібі сол кезде пайда болды. Кәсіпорындар арасында шетке шығаратын мал шаруашылығы мен егіншілік шикізаттарын алғашқы рет өңдейтін ұсақ мекемелер көп кездесетін. Өңдеуші өнеркәсібі ауыл шаруашылық шикізаттарымен сауда жасаған фирмалар жинақтаған капитал есебінен, ал кен өнеркәсібі - орыс және шетел капиталдары есебінен құрылды. 20 ғасырдың басында Қазақстанда өңдеуші өнеркәсібі дамуын облыстардың «Шолулар» көрсеткішінен қарауға болады (2-кестені қара).

 

2-кесте. 4 облыс бойынша өңдеуші өндіріс кәсіпорындарының мекемелер саны

 

Облыстар

1900 ж.

1914 ж.

Орал

634

968

Ақмола

879

1 512

Торғай

256

1 250

Семей

85

637

Барлығы

1.854

3.346

 

 

Кестеден көргендей, 14 жыл ішінде мекемелер саны екі есе дерлік өскен. Әрбір кәсіпорындарында 5-8 жұмысшы ғана болды.

Тау-кен өнеркәсібі негізінен Орталық және Шығыс Қазақстанда дамыды. Империалистік монополиялар өндірісті жетілдіруге қаражат бөлмеді, оның есесіне механизмдерді арзан жұмысшы күшімен ауыстыру пайдалырақ деп санады. Бұл техникалық прогрестің, өндірістік күштердің дамуын тежеді, жұмысшылардың жағдайын оте қиындатып жіберді.

Темір жол транспортының дамуына байланысты патша үкіметі отар елді қанауды күшейте түсті. Темір жол салу Қазақстанға «кіріс жолы» магистралында басталды. 1874-1876 жылдар Торғай обл. мен Орынборды Орталық Россиямен байланыстыратын ұзындығы 512 км. Орынбор темір жол (Самара - Орынбор) салынды. 1891-1893 жылдар Рязанско-Козловская темір жол акционерлік қоғамы - Покровская слобода - Орал линиясын салды. Алғашқысының Қазақстан жеріндегіұзындығы 110 км болды, ал екіншісі Орал облысының шамалы ғана бөлігін кесіп өтті (84 км-ге жуық). Қазақстанда темір жол линиялары 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында ғана салына бастады. Оған Ұлы Сібір магистралы (1896 жылы пайдалануға берілген), сондай-ақ Орынбор-Ташкент темір жол (1905 жылы пайдалануға берілген) негіз болды.

Жергілікті маңызы бар - Екібастұз, Спасск -Қарағанды, Риддер және тағы басқа темір жол тармақтары салынды. 1917 жылы өлкедегі темір жолдың жалпы ұзындығы 2793 км-ге жетті.

Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі, мұнда товар-ақша қатынастарының дамуы көшпелі мал шаруашылығы жүйесімен тоқыраған патриархалдық-феодалдық қатынастардың ыдырауын тездетті. Олар қазақ аулында капиталистік қатынастардың дамуына жағдай жасады, өнеркәсіптің жаңа салаларын өмірге әкелді, еңбекті қоғамдық бөлісудің өсуіне және жалдамалы жұмысшылардың пайда болуына ықпал етті. Натуралдық шаруашылықтың ыдырауы қазақ кедейлерінің көптеген жаңа бұқарасын «қосымша табыс іздеуге» мәжбүр етті. Негізінен өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істеу - кедейленген шаруалар үшін ақша табудың көзіне айналды. Қазақстан жұмысшы табы негізінен 1861 ж. реформадан кейін пайда болып. Россияда капитализмнің даму процесінде кеңінен қалыптасты. Сонымен бірге бұл процестің қарқыны мен жұмысшы санының өсуі әр облыста бірдей болмады. Олар таукен өнеркәсібі дамыған орталық және шығыс аудандарда көбейді. Бұл аудандарда 1855 жылы 1,5 мыңға жуық, ал 1900 жылы 11 мың кен жұмысшысы болды. 19 ғасырдың аяғында Қазақстанның өндірістік кәсіпорындарында 18 мыңға жуық жұмысшы болды, 1917 жылға дейін олардың саны 65 мыңға жетті.

Революциялық қарсаңында Қазақстанның жұмысшы табы құрамында сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да өзгерістер болды. Олардың ішінде негізгі езгерістер жұмысшылардың ірі кәсіп-орындарында біршама шоғырлануынан, олардың кейбір топтарында, әсіресе кен өнеркәсібі мен темір жол транспорты жұмысшылары арасында таптық, пролетарлық сана-сезімнің қалыптасуынан байқалды. Қазақстанның жұмысшы табы әуел бастан-ақ көп ұлтты болып қалыптасты. 19 ғасырдың аяғында Екібастұзда Орталық Росссияның 23-тен астам губерниясынан шыққан жұмысшылар істеді. Өлкенің өндірістік кәсіпорындарында жұмысшылардың жалпы санының 60-80%-і қазақтар, қалғандары орыс, украин, татар т. б. ұлттардың өкілі болды.

Қазақстанда өнеркәсіп ошақтарының құрылуы, жұмысшы санының өсуі -Қазақстан жұмысшы табының пролетарлық Россияның отрядтарының біріне айналуына әсер етті. Февральдық және Октабрьлық революциялары кезеңінде Қазақстан жұмысшылары Совет өкіметі үшін күрескерлердің жалпы сапында болды.

Бірінші орыс революциясы (1905-1907). Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісі (1916). 1905 жылы 9 (22 январьда Петербургте жұмысшыларды атқылау орыс революциясының бастамасы болды. Көп ұзамай самодержавиеге қарсы күреске Орталық Россияның еңбекші бұқарасы ғана емес, сондай-ақ ұлттық аймақтардың өзілген халықтары да көтерілді. Қазақстан еңбекшілерінің 1905-1907 жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланыста еді.

Қазақстан қалаларында өткен жұмысшылар мен қызметшілердің жиналыстарында Петербургтегі қарусыз жұмысшыларды атқылауға қарсылық білдірген резолюциялар қабылданды. Ереуіл кезінде қаза тапқандардың семьяларына көмек ретінде қаржы жиналды. Қалалар мен темір жолдарда жұмысшылар мен қызметшілердің ереуілдері өтті. 1905 жылы февральда Перовск, Түркістан, Шалқар темір жолшыларының ереуілдері болды. Петропавловскіде темір жол депосының жұмысшылары саяси ереуіл ұйымдастырды. Павлодар мен Перовскіде өткен ереуілдер табандылық сипатта өтті. Орал полиграфистері 1 Май күні саяси демонстрация өткізді. Өскемен мен Акмола уезеріндегі кен орындарының, Екібастұз комір қазбаларында және Перовск уезндегі сексеуіл дайындау жұмысшылары, соның ішінде жұмысшы қазақтар революциялық күреске қосылды. Олар 1905 жылы 1 Майда саяси ереуіл өткізді.

Партияның 3-съезінен кейін РСДЖП-нің Омбы, Орынбор, Ташкент комитеттері Қазақстан жерінде жұмысты кушейте түсті, Олар қалаларда, ауылдар мен әскерлер арасында шаруаларды пролетариатпен одақтаса отырып, самодержавие мен оның жергілікті органдарына қарсы батыл күреске шақырған листовкалар таратты.

Ауылдардың, қоныстанушы селолар мен деревнялардың еңбекшілері патшаның жергілікті әкімшілік органдарына ашық наразылық білдіріп, егістіктерді, шабындықтар мен жайылымдық жерлерді бүлдірді, кулактар мен казак әскерлері әкімдерінің малдарын айдап кетті.

Бүкіл россиялық саяси ереуілдің әсерімен Қазақстанда манифестациялық толқулар кең өріс алды. Шалқарда, Қостанайда, Верныйда, Оралда т. б. жерлерде демонстрациялар мен манифестациялар с.-д. ұйымдардын басқаруымен: «Патша самодержавиесі жойылсын!», «Сегіз сағаттық жұмыс күні жасасын!», «Бостандық жасасын!» деген ұрандармен өтті.

1905 жылы ноябрьде Москва мен Петроградтың ереуіл жасаушы бас- пашыларымен ынтымақ ретінде Семей, Верный, Пішпек т. б. қалалардың почта-телеграф қызметшілерініц ереуілі басталды. Қазақ халқының орыс халқымен байланысының нығаюы, олардың бірлескен революциялық күресі осы кезеңнің маңызды саяси қорытындысы болып табылды. 17 октябрьде патша манифесін жариялауға байланысты Қарқаралы төңірегінде демонстрация ұйымдастыру, қазақ еңбекшілерінің орыс шаруаларымен бірлескен күресі басталғанын көрсететін айқын дәлел болмақ.

Декабрь қарулы көтерілісінің әсерімен 11 декабрьде Успен руднигінде қазақ, орыс жұмысшыларының ірі ереуілі бопып өтті. Ереуіл барысында орыс П. Топорнин мен қазақ Ә. Байшағыров басқарған «Орыс - қырғыз одағы» құрылды. Спасск зауыды мен Қарағанды көмір кені орнында елеулі толқулар болды. Декабрьде Орал мен Перовскінің темір жолшылары ереуіл жасады.

РСДЖП Түркістан 1-конференциясында (1906) большевиктер Орта Азия мен Қазақстан еңбекшілері арасындағы жұмыс туралы арнайы резолюция қабылдады. С.-д. ұйымдар мен топтар ауылдағы озық ойлы адамдардың көмегімен саяси әдебиеттер таратуды жалғастыра берді.

Бүкіл елдегі сияқты Қазақстан большевиктері 1-Дума сайлауына бойкот жариялады. 2-Мемлекеттік думаға Қазақстанның орыс тұрғындары бөлігінен 8 депутат өтті, оның төртеуі с.-д. ұйымнан. Қазақ тұрғындарынан 3 кадет және казақ интеллигенциясының буржуазиялық, ұлттық қанатының өкілдігін білдіретін партияда жоқ 2 адам депутаттыққа сайланды.

2-Мемлекеттік думада өлкенің с.-д. ұйымынан барған депутаттар қазақ кедейлерінің мүдделерін қорғап сөйледі. Олар енбекшінің ауыр жағдайының себептерін, жер мәселесін шет аймақтарды отарлау саясатымен шешуге болмайтынын айтты.

Қазақ енбекші бұқарасының 1905-1907 жылдар кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысы стихиялык сипатта өтті. Кейде жергілікті өкіметпен карулы кақтығысқа дейін барған қазақ кедейлерінің жекелеген толқулары еңбекшілердің патша укіметіне карсы ұйымдасқан ұлт-азаттық көтерілісіне ұласа алмады. 1-орыс революциясы қазақ енбекшілерінің революциялық күштерін ортақ жау - патша ұкіметіне, сондай-ақ жергілікті қанаушыларға қарсы белсенді күреске жұмылдырды, саяси тәрбие беруде тамаша мектеп болды.

1905-1907 жылдар революция жеңіліске ұшырағаннан кейін Россияда реакция кезені басталды. 3 июньде 2-Мемлекеттік думаның таратылғаны. 3-Мемлекеттік дума сайлауы туралы ережеге өзгерістер енгізілгені жөнінде патша манифесі жарияланды. С.-д. фракцияның мүшелері тұтқынта алынып, сотқа тартылды және жер аударылды. Олардың ішінде Қазакстан енбекшілерінің депутаттары А. К. Виноградов пен И. Ф. Голованов та болды. 3 июнь төңкерісі тарихқа Столыпин реакциясы деген атпен енді. Революциялық ұйымдармен революциялық толқуларға қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді. Полиция әсіресе, с.-д. ұйымдарын аяусыз жазалады. Реакция жылдарында РСДЖП-нің Ташкент, Омбы комитеттері, РСДЖП-нің Петропавл, Семей, Верный топтары талқандалды. Революциялық қозғалысқа белсенді қатысушылар каторгаға айдалды, түрмеге қамалды. Олардың арасында большевиктер В. В. Куйбышев, К. А. Попов, Ф. А. Березовский болды.

Қазақстанда әсіресе «Орыс халқының одағы», «Михаил Архангелдің одағы» деп аталатын қаражүздіктердің т. б. ұйымдарының қылышынан қан тамып тұрды. Баспа органдары арқылы олар ұлттар араздығын қоздырды, бір халықты екінші халыкқа айдап салды.

Патша үкіметінің ұлттық саясаты оның жалпы саясаты сияқты халық мүддесіне қарсы реакциялық сипатта болды. 1909 жылы Дала өлкесі облыстарының генерал-губернаторлары орыс тілін білмейтін жергілікті ұлт өкілдерін болыстық басқармалар мен ауыл старшындары қызметтеріне «сайлауға» тыйым салған арнаулы бұйрық жариялады. Патша үкіметі ұлттық мәдениетке қарсы жорықты ұйымдастырды. Барлық жерлерде орыс революциясы кезеңінде пайда болған газеттер мен журналдар жойылды, барлық мәдени-ағарту қоғамдарына тыйым салынды.

Патша үкіметі тек қана қудалау жасаумен шектелмеді, әлеуметтік базаны кеңейту мақсатымен кулактардан деревняда берік тірек жасауды ұйғарды. Ол шаруалар қауымын күшпен ыдырату саясатын жүргізе бастады. 9 нояб. Столыпин шаруаларды қауымнан хуторларға бөлу туралы жана жер иелену заңын шығарды. Бұл заң әсіресе жағдайы нашар шаруалардан арзан бағамен жер сатып алушы ауқатты шаруалар, кулактар үшін өте пайдалы болды.

Столыпиннің аграрлық саясатының құрамды бөлігі -Сібір мен Қазақстанға жаппай қоныс аударту болды, 1893 жылы мен 1905 жылы аралығында, яғни 12 жылда, Россиядан қоныс аударғандар үшін қазақтардан 4 074 170 десятина жер, ал жеті жылда (1906-1912) 17 млн-нан астам десятина жер тартып алынды. Қоныс аударудың крепостнойлық системасы шаруаларды күйзеліске ұшыратты.

Қоныс аудару ауыртпалығы еңбекші шаруаға түсті. Қазақтың ауқатты бөлігі шұрайлы, құнарлы жерден үлес алды. Патша үкіметі байлардың мүддесін қорғады, олардың отарлау саясатын жүргізуге қолдау тапты.

1-дүние жүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр қайғы-қасірет әкелді. Ол патша чиновниктері мен байлардың зорлық-зомбылығы мен озбырлығын күшейте түсті. Соғыс орасан көп жылңы т. б. ауыл шаруашылық өнімдерін қажет етті. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын реквизициялау күшейді. Осының бәрі егістік жердің қысқаруы, ірі қара мал басының азаюы жағдайында болды. Жергілікті және уездік әкімшілік қиянаты мен зорлық-зомбылығы кедейлерді қыспаққа алды.

Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының қүлдырауы Қазақстан экономикасына кері әсер етті. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді. Кәсіпорын иесінің зорлық-зомбылығы 1916 ж. 25 июньде «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже» шыққаннан кейін тіпті күшейді. «Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан... бас тартқан жүмысшыларды» түрмеге, қамауға отырғызуға, немесе үш айдай мерзімге тұтқынға алуға, тіпті ақша өндіріп алуға кесетін болды. Жұмысшылардың нақты жалақысы үнемі төмен еді, ал азық-түлік пен аса қажетті тұтыну заттарының бағасы әрдайым өсе берді. Тек 1916 жылы январынан 1917 жылдың январына дейін бидай ұнының бағасы Ақмола мен Семей облысында 1,5 есе, ет 2 есе қымбаттады. Түркістан өлкесінде осы уақыт ішінде бір пұт астықтың нарқы 1 сомнан 40 сомға көтерілді. Азық-түлік пен көпшілік тұтынатын товарлар бағасының шексіз қымбаттауы еңбекші халықтың наразылығын туғызды.

Большевиктер полицияның қудалауына, аңдуына қарамастан жұмысшылар мен шаруалар арасында астыртын революциялық үгіт жұмыстарын одан әрі жүргізіп, халыққа қарсы патша үкіметін құлату қажеттігі жөніндегі лениндік идеяны таратты.

Қазақстанның көптеген қалалары мен селоларында, тұтас бүкіл еліміздегідей, жұмысшылар мен шаруалардың ереуілдері өтті. Тек 1914-1916 жылдардағы ереуіл Екібастұз көмір шахталарын, Орынбор - Ташкент темір жол, Спасск мыс қорыту зауыдын т. б. кәсіпорындарды қамтыды.

Соғыс жылдарында қазақ ауылдары мен қоныстанушылардың деревнялардағы таптық күресі бірте-бірте ашық сипат ала бастады: байлардың қыстаулары өртелді, жергілікті әкімшілік орындардың өкілдеріне шабуылдар жасалды, алым-салықтарды төлеуден бас тартулар болды. Қазақстан еңбекшілерінің әлеуметтік және ұлт-азаттық күресі елдегі революциялық қозғалыстың ортақ арнасына қосылып жатты.

Жергілікті халықты армиядағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 июньдегі жарлығы халықты шыдамнан шығарып, ұлттық отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуге себеп болды. Қазақтарда тууы туралы куәлік жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді «қара тізімге» қосты, ал феодалдар балаларының жасын өз беттерінше үлкейтіп немесе кішірейтіп көрсетіп, әскер қатарынан алып қалып отырды.

Әскерге алу туралы жарлық қазақ халқының арасында асқан наразылық туғызды. Елде дүмпу күшейіп көтерілісшілер болыстық басқармаларды талқандады, ауыл старшындарын, жергілікті байларды өлтірді, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасады, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын т. б. жойып жіберді. Сойылдармен, кетпендермен, шалғы, орақ, мылтық, қылыштармен қаруланған көтерілісшілер байлардың ауылдарын қиратты, малдарын айдап әкетті. Көптеген аудандарда көтерілісшілер қозғалыстарын еңбекші халықтың өз ортасынан шыққан өкілдері басқарды. Торғай даласында отрядтарды - большевик Әліби Жанкелдин мен Аманкелді Иманов, Орал обл. мен Бөкей ордасында - Сейтқали Меңдешев пен Әбдірахман Әйтиев, Маңқыстауда - Жәлеу Мыңбаев, Ақтөбе даласында - Әлжан Мағажанов пен Баймен Алманов, Ақмола даласында - Әділбек Майкөтов, Жетісуда - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Серікбай Қанаев, Сырдария облысында Тұрар Рысқұлов т. б. басқарды.

1916 жылы июль-августа көтеріліс Жетісу облысы мен Дала генерал-губернаторлығына тарады, онда ерекше үрдіс сипат алды. Ақмола, Семей және Торғай облыстық елеулі түрде бұқаралық және ұйымшыл қарсылықтар өтті. Қаруланған көтерілісшітер отрядтары патша өкіметінің жазалаушыларымен кескілескен ұрыстар жүргізді, олар - жергілікті феодалдық-байшыл әкімшілік өкілдерін жазаға тартып, полициямен және патша әскерлерімен соқтығысты.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс шаруалар соғысы еді, ол жалпы россиялық революциялық процестің құрамды бөлігі бола отырып, негізінен антиимпериалистік соғысқа қарсы сипат алды. Оның жалпы заңдылықтарымен дамып, оны ауылдағы әлеуметтік экономикалық ерекшеліктермен түсіндіретін өзіндік сипат алды. Пролетарлық басшылықтың болмауы қозғалыс барысында байқалып қалды. Алайда ол шаруаларды революцияландыруда зор роль атқарды, өздерінің жетекшілерін тәрбиелеп шығарды, патшаның қолшоқпары ретінде феодалдық-рулық әкімдердің халық алдында нағыз бет пердесін ашып берді, буржуазиялық интеллигенцияның сатқындық ролін әшкере етті, ауылдағы таптық күресті шиеленістірді және халық бұқарасының саяси сана-сезімін оятуда аса ұлы сабақ болды.

Көтеріліс тәжірибесі қазақ шаруасына тек орыс жұмысшы табымен одақтасқанда, оның көмегі мен басшылығы нәтижесінде ғана ұлттық және әлеуметтік азаттық алуға болатынын білдірді. Әсіресе, 1916 жылы күшті өріс алған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі пролетариаттың социалистік қозғалысындағы резервтерінің бірі болды.

Қазақстан буржуазиялық-демократиялық февраль революциясы кезінде. 1917 жылдың басына таман Россия жаңа революцияға таянып келген еді. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Рев. дағдарыстардың пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да қатты сезілді.

1917 жылы 27 февральда буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша самодержавиесі құлатылып, министрлер мен патшаның көрнекті чиновниктері тұтқынға алынды.

Патша өкіметі құлатылғаннан кейін, бүкіл Россиядағы сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша чиновнпктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкіметтің органдарымен (облыстық және уездік комиссарлар, «атқару комитеттері» дейтіндер және т. б.) бірге халықтық өкіметтің жаңа органдары - жұмысшы және солдат депутаттарының Советтері құрылды.

Барлық халықтардың қас жауы - патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретінде қабылдады. Барлық қалаларда, болыстарда, ауылдарда, селоларда кәсіпорындар мен темір жол станцияларында еңбекшілердің митингілері мен жиналыстары өтті. Онда еңбекші бұқара самодержавпені құлатқан жеңісті құттықтады.

Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Куропаткин революцияның помещиктермен капиталистер үшін қауіпті бағытта дамуын бөгей тұруға тырысып, облыстардың әскери губернаторларына Уақытша үкіметке бағыну және «толық тәртіп сақтау» туралы жарлық берді, сөйтіп буржуазиялық өкіметпен келісімге келуге тырысты.

Жұмысшылар мен солдаттар Куропаткиннің орнынан алынып, тұтқындалуын талап етті. Еңбекшілердің қысымымен 1917 ж. 31 мартта өткен Ташкент жұмысшы және солдат депутаттары Советінің мұсылман депутаттары Советімен және шаруалар одағы өкілдерімен бірлескен мәжілісі Куропаткинді орнынан түсіріп, тұтқынға алу және Түркістан генералы-губернаторлығын жою туралы қаулы қабылдады.

Революцияшыл халық бұқарасыныц белсенді қимылдары нәтижесінде Қазақстандағы патша өкіметінің неғұрлым жек көрінішті өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды.

Буржуазиялық-демократиялықақпандық революциясының жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсеңділігін туғызды. Олардың творчестволық инициативасының неғұрлым айқын көрінген жері жұмысшы депутаттарының Советтері мен солдат депутаттарының Советтерін - халықтық өкімет органдарын құру болды. Қазақстанда Советтер 1917 ж. марттың алғашқы күндерінде құрыла бастады. Алғашқы кезде жұмысшы депутаттарының Советтері мен солдат депутаттарының Советтері бір-бірінен бөлек болды, ал 1917 жылысәуір мен мамырдың өзінде-ақ Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда және басқа қалаларда жұмысшы және солдат депутаттарының біріккен Советтері құрылды. Біраз кейінірек шаруалардың съездерінде шаруа депутаттарының Советтері мен қырғыз (қазақ) депутаттарының Советтері сайланды, кейіннен бұлар жұмысшы және солдат депутаттарының Советтерімен бірікті.

Жергілікті Советтердің жұмысына бағыт беріп отыруда осы кезде құрылған жұмысшы және солдат депутаттарының облыстық Советтері едәуір роль атқарды. Түркістан өлкесінде алғашқылардың бірі болып 1917 жылы мартта Сырдария жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Советі, кейін Жетісу жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Советі құрылды.

Қазақстанда Советтердің құрылуында Қыр өлкесі мен Ақмола облысының орталығы - Омбы едәуір роль атқарды. 1917 жылдың март-май айларында Ақмолада, Оралда, Павлодарда, Өскеменде, Риддерде, Атбасарда, Қарқаралыда және өлкенің басқа аудандарында жұмысшы депутаттарының Советтері құрылды.

Жұмысшы және солдат депутаттарының ізінше сәуір-маусым айларында шаруа депутаттарының Советтері құрылды.

Россияның орталық қалаларындағы сияқты, Қазақстанда да советтерде көпшілік орынды келісімпаз партиялардың өкілдері - меньшевиктер мен эсерлер алды.

Оның бер жағында, эсер-меньшевиктік өктемдікке қарамастан, бірқатар қалаларда жұмысшы және солдат депутаттарының Советтері алғашқы күндерден бастап патша чиновниктерін қызметтен босатты, ұлттық қарым-қатынасты реттеу, аграрлық және азық-түлік мәселелерін шешу жөніндегі инициативаны өз қолдарына алды, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу туралы шешім қабылдады, кәсіпкерлердің, байлардың, кулактардың және т. б. озбырлығынан жұмысшылар мен шаруалардың праволарын қорғады. Жұрттың көз алдында Советтердің беделі өсе берді.

Бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да патша өкіметі құлатылғаннан кейін буржуазиялық Уақытша үкіметтің жергілікті органдары құрыла бастады. Губерниялық және уездік комиссарларды тағайындау арқылы жаңа әкімшілікті орнықтырып, үкімет «уездегі бар лауазымды адамдарды» сақтап қалды, ал олар бұрынғысынша өз міндеттерін атқара берді. Облыстар мен уездерге бұрынғы патша чиновниктерінен, эсерлерден, меньшевиктерден және буржуазиялық ұлтшылдардан Уақытша үкіметтің комиссарлары жіберілді. Сонымен Орта Азия мен Қазақстанда Уақытша үкімет құрған жаңа өкімет органдары өзінің әлеуметтік құрамы, басқару әдістері жағынан революцияға дейінгі патша әкімшілігі жергілікті халыққа қандай дұшпан болса, бұл да сондай дұшпан еді.

Буржуазиялық Уақытша үкіметтің саясаты Қазақстанда 1905 ж. кадет партиясының бір тобы ретінде пайда болған контрреволюциялық буржуазияшыл-ұлтшыл ұйымды жандандырды. 1917 жылы 21-26 июльде (3-8 авг.) Орынборда болған «бүкіл қырғыздық» («бүкіл қазақтық») съезд дейтінде контрреволюциялық буржуазияшыл-ұлтшыл ұйым - «Алаш» партиясы қалыптасып, өзінің басшы органдарын сайлады. Сол жылы 5-13 (18-26) декабрьде Орынборда өткен «бүкіл қырғыздық» («бүкіл қазақтық») 2-съезд дегенде қазақтың буржуазиялық автономиясы - Алашорда «үкіметі» құрылды (басшылары: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров, М. Шоқаев, X. Ғаббасов, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Тынышбаев т. б.). «Алаш» партиясы бай-феодалдар мен сол кезде қалыптаса бастаған қазақ буржуазиясының таптық мүдделерін қорғады, қазақ халқын революцияшыл Россиядан, орыс пролетариатынан бөліп әкетуді көздеп, халыққа тікелей опасыздық жасады.

Жергілікті халықтан жерді тартып алудың тонаушылық саясаты, 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды қудалау, әр түрлі әкімшілік бөліктерге қазақ жерлерін әдейі ыдырату, бір ұлтты екінші ұлтқа қарсы айдап салу, ескі чиновниктік-бюрократтық аппаратты сол күйінде сақтау одан әрі жүргізіле берді.

Халықтың жағдайын буржуазия да, келісімпаздар да жақсарта алмайтындығын, елді империалистік соғыс пен шаруашылықтық күйзеліс әкеп тіреген тұйықтан алып шығу үшін жаңа социалистік революцияның керек екенін Қазақстан еңбекшілері өздерінің ащы тәжірибесі мен көптеген құрбандықтары арқылы түсіне бастады.

Патша өкіметі құлатылған соң, бүкіл партия сияқты Қазақстан большевиктері де астыртын жағдайдан шықты. Жергілікті большевиктік топтарды партия ісіне берілген адамдар баскарды. Орынборда және Торғай облысында П.А. Кобозев, Ә. Т. Жанкелдин, А. А. Коростелев, Ақтобеде В. Ф. Зинченко, Перовскіде А. В. Черняков, Оралда П. П. Парамонов, П. П. Дмитриев, Шымкентте Н. А. Морозов, Семейде П. П. Салов, Петропавлда К. Сүтішев зор көлемді партиялық жұмыс жүргізді. Өлкенің басқа қалалары мен аудандарында да большевиктердін; жұмысы кең өрістетілді.

Большевиктік партияның қатарына қазақ еңбекшілерінің көрнекті өкілдері - С. Сейфуллин, А. Асылбеков, Б. Серікбаев, Т. Рысқұлов, С. Арғыншиев, X. Ибрагимов, Н. Таиров, С.Юсупов және басқалары кірді. Халық арасында түсінік жұмысын кең өрістете отырып, большевиктер контрреволюциялық және оның агенттерінің, Уақытша үкіметтің саясатының мәнін халыққа ашып берді, революция жауларының арам пигылдарын әшкереледі, жұмысшылар мен шаруаларды, солдаттарды революцияның жеңісі жолындағы күреске топтастырды.

Еңбекшілер бұқарасын революцияландыруда Россиядан қайтқан тыл жұмысшылары үлкен роль атқарды. Тылдағы жұмысқа алынған қазақтар майданда жүріп, революциялық пиғылдағы орыс солдаттарымен және жұмысшыларымен араласып, алдыңғы қатарлы революциялық идеяларды бұқара арасына таратты. «Біздердің көпшілігіміз ауылдарымызға Уақытша үкіметке деген өшпенділікті ала келдік», - деп еске түсіреді майдангер қазақтардың бірі.

Революциялық дамудың барысы Уақытша укіметтің халыққа қарсы пиғылын және оның малайларының сатқындық саясатын Қазақстан еңбекшілеріне айқын танытып отырды.

Бүкіл Россиядағы сияқты Қазақстанда да қозғалыста өзінің сан жағынан аздығына қарамастан, жұмысшы табы жетекші роль атқарды; патша өкіметі құлатылғаннан кейін жұмысшы табының күресі жаңадан өріс алды. Бұл кезеңде кеншілердің, мұнайшылардың және темір жолшылардың қимыл-әрекеттері неғұрлым ұйымшылдығымен көзге түсті.

Жұмысшылар тұрмыс және право жөніндегі жағдайларының жақсартылуын, 8 сағаттық жұмыс күнінің енгізілуін, жалақының арттырылуын батыл талап етті. Жұмысшылардың кәсіпкерлермен қақтығыстары және жанжалдары басталды. Бірқатар жерлерде, атап айтқанда, Қазақстанның кен өнеркәсіп орындарында жұмысшылардың күресі шиеленісе түсті. 1917 жылдың март-апрель айларында Екібастұз және Риддер кен өнеркәсіп қоғамдары кәсіпорындарындағы жұмысшылардың толқуы және ұйымдасқан қимыл-әрекеттері басталды.

Орал-Каспий мұнай қоғамы кәсіпшілігіндегі жұмысшылар да ұйымшылдықпен қимыл жасады, мұнда жұмысшы депутаттарының Совет терімен қатар, жұмысшылардың өздерінің инициативасы бойынша, заводтық комитеттер құрылды. Бұл комитеттердің басты міндеті кәсіпорынды басқаруда кәсіпкерлер мен жұмысшылардың қарым-қатынасына байланысты мәселелер жөнінен жұмысшылардың өкілі болу, сондай-ақ үкіметтік және қоғамдық мекемелерде өкіл болу еді.

«1917 жылдың жазында, деп жазды өзінің естеліктерінде қарт шахтер, 1927 жылдан КПСС мүшесі А. Иманбаев, - Спасск кәсіпорындарында толқу тоқтаған жоқ. Жұмысшылардың жиналыстары қызу өтіп жатты. Большевиктер эсерлерге, меньшевиктерге және жұмысшылар мен қызметшілер арасындағы басқа да келісімпаздарға қарсы күресті. 1917 жылдың күзіне қарай жұмысшылардың көпшілігі большевиктер жағына шықты».

Советтер мен заводтық комитеттер жұмысшылардың талап етуімен кәсіп иелерінің мүдделерін қорғаған өнеркәсіп қызметкерлерін қызметтен босатты, үкімет органдарына өздерінің өкілдерін жіберді, жалақының арттырылуын және жұмысшылармен коллективтік шарттар жасалуын талап етті.

Орыс жұмысшыларымен бірге қазақ жұмысшылары да Советтердің және басқа қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене қатысты. Орыс және қазақ жұмысшыларының, ауыл кедейлерінің социалистік революцияның жеңісі жолындағы бірлескен күресі олардың одағын нығайтты, бұл одақ патша өкіметіне, буржуазияға және бай феодалдардың жоғары тобына қарсы күресте қалыптасқан еді.

Революциялық қозғалыс қалалардан селолар мен ауылдарға тарап, оларда да тап күресі шиеленісе түсті.

Революциялық күрестің жаңа кезеңіне сәйкес большевиктік партия жаңа ұранды - пролет. диктатурасы жолында пролетариат пен ең кедей шаруалардың одағы ұранын ұсынады. Партияның бұл стратегиялық ұранының еңбекшілер бұқарасын революцияға жұмылдыру ісінде орасан зор маңызы болды.

Жер үшін күрес еңбекшіләрді тек байлармен, отаршы кулактармен ғана емес, сонымен бірге Уақытша үкіметпен де қақтығысуға сөзсіз әкеп соқтыруға тиіс еді. Уақытша үкіметтің органдары «аграрлық тәртіпсіздіктерге» тыйым салуға тырысты. Шаруалар өздерінің сөйлеген сөздерінде былай деді: «Біздер басыбайлылар емеспіз. Патша құлатылған екен, енді бостандық беріңдер. Бізге жер және бейбітшілік керек!»

Қазақ шаруалары мен қоныс аударған кедейлердің толқуы, қудалау әрекеттеріне қарамастан тоқтаған жоқ. Қазақстан еңбекшілер бұқарасының ұлт-азаттық қозғалысы социалистік революциялық жолындағы күрестің құрамдас бөлігі, елдегі революцияның мықтап өрге басуынын құрамдас элементі болды.

Бүкіл елмен бірге Қазақстан еңбекшілері де буржуазияның өкіметін құлатып, Совет өкіметін орнатуға заңды түрде таяп келген еді. Өлкеде Уақытша үкімет органдарының жұмысында береке қалмады. Жұмысшылар мен шаруалар В. И. Ленин көтерген ұранды басшылыққа ала отырып, өкімет билігінің Советтер қолына берілуін талап етті. Орынбор, Перовск және Петропавл Советтерінде большевиктер басшылықты өз қолдарына алды. 1917 ж. 29 августа жұмысшы және солдат депутаттарының Перовск Советі темір жолшылар ұйымы мен солдат комитеттерінің өкілдерімен біріккен мәжілісінде өкімет билігінің Советтерге көшуі қажеттігі туралы болыпевпктер ұсынған қарарды қабылдады. 1917 ж. 18 октябрьде жұмысшы және солдат депутаттарының Петропавл Советі өзінің мәжілісінде Советтердің Бүкіл росс. 2-съезіне баратын өз делегаттарына тапсырылған аманатты талқылай келіп, «өкімет билігінің Советтерге көшуін жақтап дауыс беру» жөніндегі ұсынысты қабылдады.

1917 жылы октябрьде шаруа депутаттарының ауыл казақтарының өкілдері де қатысқан Семей облыстық съезі өкімет билігінің Советтерге берілуінің қажеттігі туралы қаулы шығарды. Сентябрь-октябрьде Верный, Әулиеата, Петропавлда т. б. қалаларда халықтың жаппай толқулары болып өтті. Большевиктер халық бұқарасында, Советтерде шешуші ықпалға тез ие болды.

«Қырғыздардың өкіметті танымауының себебі, - деп жазды Атбасар уезіндегі Уақытша үкіметтің комиссары, - большевиктік үгітте болып отыр». Қазақстандағы Уақытша үкімет органдары сүйенішсіз қалуға айналды.

Бүкіл елде революциялық қозғалыс пісіп-жетіліп келе жатты. Петроградта Уақытша үкіметтің өмір сүруінің соңғы апталары ғана қалды. Барлық жерде еңбекшілер бұқарасы большевиктерге қарай күрт бет бұрды. «Халықтың көпшілгі бізді жақтайды», - деп жазды В. И. Ленин 1917 ж. сентябрьдің аяғында.

Қазақ халқы өзінің орыс бауырларымен қоян-қолтық бірлесіп, Россия пролетариатының және Коммунистік партияның басшылығымен революцияға қарай қадам басты.

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.185-189.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-24 17:04:31     Қаралды-236

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »