UF

МОНҒОЛ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ

 

Монғолдың ертедегі феодалдық мемлекеті құрылғаннан кейін басталды да, 13 ғасырдың аяғына дейін созылды, арада аздаған ғана үзілістер болды. 1207-1211 жылдар Сібір мен Шығыс Түркістан халықтары - бурят, якут, ойрат, қырғыз, ұйғырлар бағындырылды. Танғұттың Си-Ся мемлекетіне қарсы жорық жүргізді. Сөйтіп, оны 1227 жылдың қарсаңында біржола талқандады. 1211 жылы чжурчжэндік Цзинь мемлекетіне (Солтүстік Қытайда) шабуыл бастады. Монғол жасақтары 90 шақты қаланы бірден қиратты, 1215 жылы Пекин (Яньцзин) қаласын алды. 1217 жылы Хуанхэ өзенінің солтүстігіндегі жерлерді түгел жаулап алды.

Шыңғысхан енді Жетісуға көз алартты. Бұл өлкедегі гүлденген бай қалалар қызықтырды. Оның үстіне Жетісуды билеп тұрған Найманның ханы Кучлукпен қырғи қабақ болатын. Мұсылман дініндегі халыққа Кучлуктың қысым көрсетуі Жетісу алабындағы мұсылмандардың наразылығын туғызды, монғолдардың жаулап алуын жеңілдетті. Шыңғыс Жетісуға Жебе нойан бастаған қалың қол жіберді. Монғолдар діни қысым жасамау ұранын көтере келді. Осындай жағдайда Баласағұн қ. ұрыссыз берілді. Оған монғолдар «Гобалық» («Жақсы қала») атағып берді. Сөйтіп 1218 жылы Шыңғысхан Жетісуды алды. Жетісуды алу Хорезмшаһ билеген Мауараннахрға шабуыл жасауға жол ашты. 1218 жылы монғолдардың Отырарға жіберілген сауда керуенін Хорезмшаһ әкімінің талап алуы 1219 жылы Шыңғыстың 150 мың жасақ қалың қолының Орта Азияға лап қоюына желеу болды. Алғашқы шабуыл Сырдария бойындағы қалаларға бағытталды. Бұл кезде Шыңғысхан жағында көптеген жергілікті феодалдар (Бесбалық қаласының билеушісі әскерімен, Алмалықтың бір феодалы Сугнақ-тегін, Қойлық қаласының әкімі т. б.) болды. Олар жауға көптеген мағлұматтар беріп отырды.

1219 жылы сентябрьде монғолдар Отырар қаласын қамады. Жергілікті халық жаулап алушыларға қарсы ерлікпен күресті. Парсы тарихшысы Жувейнидің айтуынша, бес ай қоршауда тұрып, қалың жаумен айқасқан Отырар жұртында аштық басталды. Қара халықтың ғана емес, билеуші топтың да халі нашарлады. Осыған шыдамаған қолбасшылардың бірі - Қараджа түн ішінде қаланың қақпасын ашып беріп, жау қолына қосылады. Қала жұртшылығы қамалға тығылып алып, қақпадан лап қойған қалың әскерге қарсы тағы бір ай ұрыс жүргізді. Сөйтіп 6 ай дегенде монғолдар Отырарды әрең алып, халқын қырғынға, мал-мүлкін талан-таражға ұшыратты. Отырар қорғанысы жергілікті халықтың ерлік күресінің айғағы болып тарихта қалды.

Жошы бастаған қол Сауран, Жент, Баршылыкент, Өзкент қалаларын алды. Қарсылық көрсеткен кішкентай Аснаши қаласының халқын Жошы әскері қырға қуып шығып, 9 күн бойы қаланы тонаған.

Сырдария бойындағы қалалар алынған соң ғана монғолдың қалың қолы Хорезмге шабуыл жасауға мүмкіндік алды. Орта Азияның билеушісі Хорезмшаһ Мұхаммед куресті дұрыс ұйымдастыра алмады. Қарамағындағы феодалдардың күш біріктіруінен қауіптеніп, оларға сене алмай, әскер күштерін бөлек-бөлек қалаларға, қамалдарға ғана топтастырды. Мұның өзі монғолдардың жаулап алуын жеңілдетті. Бұхар, Самарқан сияқты қалалар жауға қарсылық көрсете алмай, ұрыссыз берілді. Мұхаммед Хорезмшаһ Каспий теңізінің бір аралына қашып барып, сонда өлді. 1221 жылы Хорезмді бағындырып, монғол әскері Орта Азияны жаулап алуды аяқтады. Соғыс қимылдары енді осы күнгі Ауғанстан жеріне қарай ойысты. Мұнда Хорезмшаһтың баласы Жалел ад-Дин жаулап алушыларға қарсы күресті әлі де жүргізіп жатқан. Шыңғысхан оны Үнді өзеніне дейін ығыстырып барып, ақырында 1221 жылдың 24 ноябрінде талқандады. 1225 жылы монгол әскерінің негізгі бөлігі Монғолияға қайтты. Монғол қолбасшылары Жебе нойан мен Сүбедей батыр бастаған 30 мың адамдық қолы ғана батыста соғыс жүргізе берді. Бұл әскер Иранның солтүстігін басып өтіп, Қавказ тауларына келді. Мұнда Грузия мен Азербайжанның бір бөлігін ойрандап, Каспийдің жағасымен жүріп отырып, Аландардың жеріне шықты (1222). Ұрыста Аландарды да талқандап, монғолдың осы екі түмені Қышпақ даласына шабуыл жасады. Қыпшақтың ханы Қотан (Катан, Котян) орыс князьдарына елші жіберіп, көмекке шақырды. Оның: «Көмектеспесеңдер бүгін біз қырыламыз, ертең сендер қырыласыңдар» деген көрегендік сөзі Лаврентий жылнамасында сақталған. Мстислав Галицкийдің бастауымен орыстың 5 князы әскер ертіп көмекке келді. 1223 жылы 31 майда Қалқа өзенінде Жебе нойан мен Сүбедейдің қолына қарсы ұрыста алдыңғы сапта қыпшақтар, екінші қатарда орыс әскерлері тұрды. Монғол әскерлері бұл ұрыста қыпшақтар мен орыс әскерлерінің шебін талқандап, жеңіп шықты. Бұларды Днепр өзеніне дейін тықсырып барып, өздері Еділдің ортаңғы ағысына қарай шегінді. Бұл жақта Еділ - Кама Бұлғариясынан жеңіліп, Монғолияға қайта оралды (1224). Мұнымен шабуыл тоқтамады, қыпшақ даласында 1238-1240 ж. ұзақ соғыс жүргізілді.

Монғол үстемдігі. Олар шауып алған басқа да елдер сияқты Қазақстанның қоғамдық дамуына ауыр зардабын тигізді. Әсіресе қазақ қауымының экономикалық, мемлекеттік, әлеуметтік дамуына кері әсер етті. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы аудандарының халқы қатты күйзелді. Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент т. б. қалалар қиратылып, Жетісу бойындағы қалалар құрып кетті. Егістік алқаптар тапталып, халық талан-таражға ұшырады. Оңтүстік-Шығыс Қазақстанға, әсіресе Жетісуға монғол кошпелілері ағылып келе бастады. Осының нәтижесінде үш монғол ұлысының ордасы (ставкасы) Жетісуға, Орталық және Оңтүстік Қазақстанға келіп орын тепті. Елдің саяси жағдайы ауырлай түсті. Қалалар мен егістік алқаптар мал жайылымдарына айналды. Монғол басқыншыларының қоғамдық даму дәрежесі Қазақстанның отырықшы аудандарына қарағанда әлдеқайда төмен еді. Монғолияда феодалдық қарым-қатынастар енді-енді дами бастаған болса, шапқыншылық қарсаңында Қазақстанның отырықшы аудандарында феодалдық қарым-қатынастар едәуір дамығанды. Монғол үстемдігі қазақ халқының қалыптасуын және мемлекетінің пайда болуын кешеуілдетті. Қазақстан территориясы үш ұлысқа (Қазақстан жеріндегі Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарына) бөлінді. Сөйтіп, бір-бірімен нашар байланысқан түрік рулары мен тайпаларының бір тұтас халық, мемлекеттік болып қалыптасу мүмкіндігі жойылды. Елдің саяси-территориялық тұтастығы бұзылды. Жошы ұлысының аймағы - Дешті Қыпшақ даласының көп бөлігін, Солтүстік Хорезмді, Шағатай ұлысы - Іле өзенінің оңтүстік бөлігі мен Оңтүстік Қазақстанның отырықшы аудандарын; Үгедей ұлысы - Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі мен Тарбағатайды қамтыды. Монғол үстемдігі Қазақстан территориясындағы көптеген этникалық топтарды сапырылыстырып жіберді. Бірақ байырғы тұрғындар әдет-ғұрпын, тілін сақтап қалды. 13 ғасырда монғол ұлыстары арасындағы феодалдық тартыстар салдарынан ұлыстар ғана емес, этникалық топтар да ұсақтап кетті. Дегенмен Монғол үстемдігі әкелген бұл саяси-экономикалық қиыншылықтар ұзаққа созылмады.

Алтын Орда - 13 ғасырдың 40 жылдарында кең-байтақ Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Европа жерлерін монғолдардың жаулап алуы негізінде құрылып, 15 ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген феодалдық мемлекет. Алтын Орда бір немесе өзара тектес бірнеше халықтың тарихи дамуы нәтижесінде қалыптасқан бірыңғай мемлекет емес, өзгенің жерін басып алып, халықтарды жаппай құлдыққа ұшырату арқылы зорлықпен, қарудың күшімен құрылған мемлекет еді. Дешті Қыпшақты шауып, Қалқа ө. бойында орыс князьдарын тізе бүктіргеннен кейін (1223), монғол әскері батысқа қарай жылжыды. Жошының екінші ұлы, Шыңғысханның немересі Батый хан тұсында монғолдар орыс елінің көп жерін басып алды (1236-1241), Польшаны, Венгрияны, Далмацияны шапты, Грузияны жеңіп, Кавказдың басқа да кейбір халықтарын бағындырды. Алтын Орда шекарасы Ертістен Днестрге дейін созылды. Шығыс Европада оған Еділ бұлғарларының жері, Дешті Қыпшақ, Қырым, Дербентке дейінгі Солтүстік Кавказ (кейде Бакуге дейін), Орта Азияда Үргеніш қаласымен қоса Солтүстік Хорезм, Сырдарияның төменгі бойындағы аймақ түгел қарады. Алтын Орда астанасы Еділ сағасындағы Сарай қаласында болды; көп кешікпей ол Азиядан Европаға баратын керуен жолындағы аса ірі сауда орталығына айналды.

Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес Қыпшақ, Қаңлы, Найман, Қоңырат, Керей, т. б. тайпалар мекендеді. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған монғолдар аз болды. Олар жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті. Алтын Орданың орталық аймағы - Еділ бойы (қазіргі Саратовтан Астраханьға дейін), басты астанасы - Берке сарайы (немесе Сарай- әл-Жадид), негізгі әскери-феодалдық күші - Қыпшақ тайпалары болды.

Батый (1256 ж. ө.), Берке (1257-1266), Мөңке-Темір (1266-1280), Туда- Мөңке (1280-1287), Төле-Бұқа (1287-1291), Тоқты (1291-1312), Өзбек (1312-1342), Жәнібек (1342-1357) хандар тұсында Алтын Орданың қуаты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшенді. Егер Жошы мен Батый Монғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Батыс Европамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық өркендеді, әр түрлі кәсіпшілік пен қолөнері дамыды. Берке тұсында Алтын Ордаға ислам діні ене бастап, Өзбек тұсында үстем дінге айналды. Саяси өмірдің ерекше маңызды кезеңдерінде билеуші әулеттің өкілдері бастаған әскери феодалдық алпауыт бектердің құрылтайы шақырылып тұрды. Мемлекеттік құрылысы әскери негізде болды; шет аймақтарды әскери әкімшілік биледі. Қарулы күштер оң қол, сол қолға бөлініп, оларды ханзада-ұғландар, түмен басы, мың басы, жүз басы, он басы басқарды. Аса маңызды әлеуметтік кызметтерге билеуші топтың өз адамдары - ұғландар, әмірлер, даруғабектер қойылды. Мемлекеттік мекемелердің басында атақты билер мен олардың көмекшілері - бақауыл, тұтқауыл, жасауыл, қази, мүфти, дуан пітіршілері, тамғашы, тартынақшылар отырды. Қалалар мен бағынышты аймақтарды басқару үшін губернаторлар - даруғашылар (даруғабектер), басқақтар тағайындалды. Олардың негізгі міндеті жергілікті халықты бұғауда ұстау, әскердің күшімен алым-салық жинау еді. Алтын Орда халқының қоғамдық және мәдени даму дәрежесі әр келкі болды. Көшпелі халық (Қыпшақ, Монғол-татар тайпалары) жартылай патриархтық, жартылай феодалдық қатынаста өмір сүрсе, отырықшы аймақтарда (Бұлғар, Хорезм, Еділ жағасы, Солтүстік Кавказ, Қырым) феодалдық қатынастар үстемдік етті. Шаруалардың жағдайы мейлінше ауыр болды; олар екі жақтан бірдей қаналды: алым-салықты ханға да, жергілікті ірі алпауыттарға да төледі. Бастапқыда салықтың дені хан қазынасына түсті. Кейіннен Алтын Орда хандары жергілікті билеушілерге тархандық жарлық үлестіруді кеңінен қолданды. Мұның өзі феодалдардың бағынышты халықты шексіз билеуіне және салықты өз қалауынша жинауына ерік берді. Егінші шаруалар (сабаншылар) өңделген жерден заттай алынатын «қалан» салығын, малшылар «копчур» салығын төледі. Серіктес шаруалар (ортақшылар) феодалдарға еріксіз жұмыс істеп, салық отеді. Бұлардың үстіне жол, көпір, көлік, арық, жүзім салықтары т. б. болды.

Феодалдық қатынастар дамыған сайын Алтын Орданы билеуге талас күшейіп, феодалдардың өзара күресі мемлекетті жегідей жеді. Мұның үстіне жаулап алынған тәуелді халықтардың азаттық күресі етек алды. Осының бәрі Алтын Орданы бірте-бірте әлсірете берді. 14 ғасырдың 2-жартысында ол бір- біріне тәуелсіз бірнеше аймаққа бөлінді. Москва мемлекетінің күшеюі және 1380 ж. Куликово шайқасында Москва князы Дмитрий Донской әскерлерінен монғолдардың қатты жеңілуі бұл процесті онан әрі күшейте түсті. 14 ғасырдың аяқ шенінде (1391, 1399) Темір Алтын Ордаға бас көтертпестей етіп екі рет күйрете соққы берді. Осыдан соң ол бірте-бірте ыдырай бастады. 15 ғасырдың басында Тоқтамыс хан мен Едіге бидің өзара таласы Алтын Орданы онан сайын әлсіретті. 15 ғасырдың 1-жартысында одан бұлғарлар, Қазан мен Қырым бөлініп шықты. 1480 жылы орыс князьдықтары монғолдардан толық тәуелсіздік алды. Сол шамада Қазан, Қырым, Астрахань (Ноғай), Қазақ, Сібір хандықтары құрылды. Езілген халықтардың монғол шапқыншылығына қарсы үздіксіз күресі, ішкі экономикалық байланыстардың болмауы, өзара қайшылықтар мен феодалдық тартыс Алтын Орданың мемлекет ретінде әбден құлдырап, біржолата құлауына әкеліп соқты.

Ақ орда – 13-15 ғасырларда осы күнгі Оңтүстік, Оңтүстік-ШығысҚазақстанды мекендеген көшпелі тайпалар одағының жалпы аты. Негізін салған - Шыңғысханның немересі Орда-Ежен. Бастапқыда ол Алтын Орданың (Жошы ұлысының) құрамында болды. Жошы өлген соң, оның балалары мемлекетті бөліске салды. Алтын Орданы орнатушы және оның ең жоғары билеушісі Батый хан әскердің оң қанатын (бұраңғар) тікелей өз қарамағында қалдырды да, сол қанатын (жоңғар) Орда-Ежен мен оның төрт інісіне берді. Сойтіп, Сырдария алабынан Балқаш коліне дейінгі байтақ жер іргелес отырған ру-тайпаларымен қоса түгелдей Орда-Еженнің билігіне көшті; шығыстағы шекарасы Ертіс атырабы мен Алтай тауларына дейін созылып жатты. Хан ордасы алғашқыда Алакөл маңында, яғни Орда-Еженнің әкесі Жошы ханның бастапқы отырған жерінде болды. Орда-Еженнің алғашқы мирасқорлары тұсында-ақ Ақ Орданың бплеушілері Алтын Орданың қол астында екенін сөз жүзінде мойындағанымен, іс жүзінде тәуелсіз саясат жүргізді. Ол кезде Алтын Орда хандарының астанасы Ұлы Сарай еді, олар Ақ Орданы тек сөз жүзінде ғана басқарды, ал барлық ішкі саяси күш Ақ Орданың өзінде болды. Сол себепті де шығыс қолжазбаларында Ақ Орда Алтын Ордамен қатар одан озгеше бір мемлекет ретінде сипатталады.

14 ғасырдың басында Шыңғысхан ұрпақтарының арасындағы алауыздық күшейген заманда Орда-Еженнің немересі - Баян атасына қараған ұлыстың көп жерін өз қол астында сақтап қалды. Орталығы Балқаш төңірегінен Сырдария жағасына көшті. Алтын Орда ыдырағаннан кейін мұнда Орда-Ежен ұрпақтарының билеуімен өз алдына дербес жаңа мемлекет құрылды. Оған Дешті Қыпшақтың бүкіл шығыс бөлігі, Сырдария, Орталық Қазақстан, Торғай өлкесі, Арал теңізінің төңірегі тегіс қарады. Астанасы Сығанақ қаласы болды. 14 ғасырдың орта шеніне таман Ақ Орда феодалдық мемлекет ретінде едәуір дамыды. Орысхан мен Тоқтамыс ханның тұсында онан да күшейді. 1395 жылы Ақ Орданы Темір басып алды. 1428 жылы ол Әбілхайыр хан бастаған «көшпелі өзбек» мемлекетінің құрамында, 1450 жылдардан, Жәнібек заманынан былай қазақ қауымының саяси негізі болды.

Моғолстан - 14 ғасырдың орта шені - 16 ғасырдың бас кезінде Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан территориясында өмір сүрген феодалдық мемлекет. Ол Шағатай әулеті билеген ұлыс ыдырағаннан кейін дербес мемлекет болып бөлініп шықты. Ұлыс әр текті этникалық қоғамдасқан халықтар тұратын, шаруашылық-саяси, мәдени-тарихи дамуы әр түрлі сатыдағы аймақтарды күшпен біріктіру нәтижесінде құрылған әлсіз бірлестік болды; ол соның салдарынан ыдырады. Шағатай әулетінен шыққан кейбір хандар (Кебек хан, Тармашырын хан т. б.) өкімет билігін бір орталыққа бағындыруға, салық жүйесін ретке келтіру, халықты тікелей талап-тонауға тежеу салу жолымен ауыл шаруашылығын өрге бастыруға әрекет жасады. Бұл Мауараннахрдың егіншілікпен айналысқан отырықшы феодалдық және сауда топтарының мүддесіне сай келді. Сонымен қатар бұл саясат түрік және түріктенген көшпелі феодалдық монғол жоғары топтары арасында наразылық туғызды. Шығыс аймақтарда феодалдық-көшпелі ақсүйектер экономикалық және саяси жағынан күшейгеп сайып тәуелсіздікке ұмтылды. Мауараннахрдан оқшаулануға тырысқан түрік және түріктенген монғол руларының үстем топтары халық бұқарасының наразылығың пайдаланып, Ақ Орда құрылған кезде Жошы ұлысындағы сияқты, жергілікті этникалық негізде мемлекет болып бірігу жолында күрес жүргізді. Осы факторлардың бәрі 14 ғасырдың ортасында Шағатай әулеті билеген мемлекеттің ыдырауына әкеліп соқтырды. Оның батыс бөлігі, Мауараннахр феодалдық бытырандылықтан бірте-бірте арылды да, онда Темір мемлекеті орнады. Моғолстан деп аталған шығыс бөлігінде түрік және түріктенген монғол ақсүйектері (Дулат тайпасының феодалдық жоғары тобы) 1348 жылы Шағатай әулетінен шыққан Тоғлұқ Темірді хан сайлады.

Моғолстанның орталық бөлігіне Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан кірді. Дулаттарға тәуелді иелік ретінде Манғылай-Сүбе аймағы да (Шығыс Түркістанның бір болігі) Моғолстанға қосылды. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати Моғолстанның шекарасын былай деп көрсетеді: «Шығыс шеті (Моғолстанның) қалмақтар жерімен шектесіп, Барыскол, Емел, Ертісті қамтиды. Солтүстікте оның жеріне Көкше теңіз (Балқаш). Бұм және Қаратал кіреді, батыста Моғолстан Түркістанмен және Ташкентпен, оңтүстікте Ферғана уәлаятымен, Қашғармен, Ақсу, Чалышпен және Турфанмен шектеседі».

Моғолстанның этникалық негізі халық болып қалыптасқан және жалпы этникалық-саяси термин - моғолдар деген атпен біріккен Жетісу және Тянь-Шань тайпалар тобының одағы болды. Кейіннен олар қазақ және қырғыз халықтарының құрамына кірді. Шығыс Түркістанды ұйғырлар мекендеді.

Жартылай тұрақты егіншілікпен ұштасқан көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы феодалдық Моғолстан экономикасының негізі болды. Шағатай әулеті билеген мемлекеттегі ұзақ жылдарғы феодалдық тартыс 14 ғасырдың ортасына таман Жетісудың тұрақты егіншілік пен қала мәдениетін жойып жіберді. Баласағұн, Алмалық, Алматы, Тараз, Иланбалық, Қойлық, Екіөгіз және басқа көптеген ежелгі қалалар жоғалып кетті. Дегенмен Моғолстан халқы егін шаруашылығын, әсіресе Шу мен Талас өзендерінің алабындағы егіншілікті бірте-бірте қалпына қелтірді, мал шаруашылығы дамыды, жерді пайдалану жақсарды, кейбір қоныстар, бекіністер, керуен-сарайлар салынды.

Моғолстанның көшпелі аймақтарының Орта Азиядағы, Оңтүстік Қазақстандағы, Шығыс Түркістандағы тұрақты егіншілік аймақтарымен сауда байланысы орнына келтірілді. Қашғарияның өркендеген тұрақты егіншілік аймақтары мемлекеттік шаруашылық өмірінде едәуір роль атқарды. Қалаларды өзіне қарату үшін өзара тартыстар мен феодалдық соғыстар жиі-жиі болып тұрды. 15 ғасырдың аяғында Моғолстанның хандары Ташкент пен Сайрамды бағындырды. Моғолстанда феодалдық қатынастар едәуір дәрежеде дамыды. Көшпелі аймақтарда жерді қауымдар найдаланды, бірақ мұнда көптеген патриархалдық-рулық дәстүрлер сақталды, ал сөз жүзінде ханға жататын жерге мемлекеттік меншік феодалдық ақсүйектердің шартты жер иелену тәртібінің жақсы дамыған жүйесімен ұштасып жатты. Мал ірі феодалдардың қолына барған сайын көптеп шоғырланды, сондықтан олар жайылымдық жерлерді тартып алып, іс жүзінде жерге өзінің феодалдық меншігі сияқты билік етті. Феодалдық көшпелі ақсүйектер мен қатардағы тәуелді көшпелілер және отырықшы дихандар арасындағы қайшылық тереңдей түсті.

14 ғасырдың 2-жартысындағы Моғолстанның саяси тарихы мына жағдайлармен сипатталады: 14 ғасырдың 60 жылдарында оның алғашқы хандары Тоғлұқ Темір мен Ілияс Қожа феодалдық бытыранды жағдайда болған Мауараннахрды өздеріне бағындыруға әрекет етті, 70 жылдарда Моғолстанды феодалдық өзара тартыс қамтыды, 70-90 жылдарда Орта Азияның билеушісі әмір Темір бұл мемлекеттің ішкі істеріне араласты. Моғолстанның алғашқы хандарының бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы әскери-феодалдықмоғол ақсүйектерінің өзара тартысы сыртқы қауіп-қатер алдында мемлекетті әлсірете түсті, іс жүзінде тәуелсіз феодалдық иеліктердің ұйымдасуына апарып соқты. Жетісу жерінің денінде (Шу алабы, Қаратау бөктерінен Ілеге дейін) өкімет билігі әмір Қамариддин Дулатидың қолына көшті. Іледен Тарбағатайға дейінгі жерлер Еңке төреге бағынды. Ыстықкөл маңында Бұлғашы тайпасы басшыларының ұлысы күшейді. Әскери-феодалдық ақсүйектер басқарған басқа да тайпалар (Қаңлы, Керейіт, Аркенұт т. б.) іс жүзінде дербес шаруашылық-саяси бөліктерге айналды. Бір орталыққа бағынған бір тұтас өкімет билігінің болмауы Моғолстан халқын Темірдің басқыншылық саясатына қарсы күреске жұмындыруды қиындатты. 14 ғасырдың 70-90 жылдарында Темір Моғолстанға, сондай-ақ көрші Ақ Ордаға қайта-қайта шапқыншылық жасап, жергілікті халықты қисапсыз апатқа ұшыратты. Халық саны азайып, Оңтүстік-ШығысҚазақстан мен Қырғызстан тайпаларының этникалық-саяси бірігу процесі баяулады, тұрақты егін шаруашылығы одан әрі құлдырап, мал басы кеміп кетті. Темір агрессиясына қарсы күрес барысында бытыранды күштерді біріктіруге әрекет жасалды. Темірге қарсы коалиция құрылып, оған әмір Қамариддин Дулати, Еңке төре, Моғолстанның жаңа ханы Қызыр Қожа (1389-1399 ж. билік етті) және Ақ Орда билеушісі Тоқтамыс хан кірді. Әмір Темірдің басқыншылығына қарсы бірлескен күрестің Дешті Қыпшақ пен Жетісу халықтарының арасында этникалық-саяси, шаруашылық және басқа байланыстар орнату үшін зор маңызы болды. Бұл өзара қатынастар қазақ халқының бірігу процесін жеделдетуге көмектесті.

15 ғасырдың 1-жартысында Моғолстанның ішкі саяси жағдайы қиындап, феодалдық тартыстар мен соғыстар одан әрі күшейді. Бүкіл Моғолстанға билік жүргізген Қызыр Қожа ханның тұсында орталық өкімет билігі уақытша нығайғанымен, оның балалары - Шам’-и Жахан, Мұхаммед оғлан, Шир-Әли, Шаһ-Жахан билік құрған кездерде өзара талас, күрес қайта өршіді. Шам’-и Жахан (1408 ж. өлді), сонан соң Мұхаммедхан (1418 ж. өлді) хан болып сайланды. Шам’-и Жаханның баласы жаңа хан Нақш-Жахан 1418 ж. өлтірілді. Уәйіс хан (үзілістерімен 1418-1428 жылдар билік құрды) өзінің ағасы Шир-Мухаммед ханға қарсы 7 жыл соғысты. 15 ғасырдың 1-ширегінде Темір әулеті Шығыс Түркістанды Моғолстаннан бөліп әкетуге бірнеше рет әрекет жасады, Моғолстанның шығыс шебіне ойраттар (қалмақтар) шабуыл жасады. Оларға қарсы талай рет шайқасқан Уәйіс хан, ақыры ордасын Шығыс Түркістаннан Жетісудағы Ілебалыққа көшіруге мәжбүр болды. Феодалдық ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы оларды саяси тәуелсіздік жолындағы күреске ұмтылдырды. 1428 жылы Уәйіс хан қаза тапқаннан кейін феодалдық тартыс бұрынғыдан бетер шиеленісті. Феодалдық екі топ пайда болды, оның әрқайсысы Уәйіс ханның ұлдарын: бірі Жүніс сұлтанды, екіншісі Есенбұға сұлтанды қолдады. 30 жылдардың орта шенінде Есенбұға сұлтанды жақтаған феодалдық ақсүйектер (оларды ұлысбегі Мир Мұхаммед Шаһ Дулати басқарды) жеңіске жетті. Жүніс сұлтанды жақтаушылардың бір бөлігі өздерімен бірге моғолдардың 30 мың семьясын ертіп, Мауараннахрға қоныс аударды. Есенбұға хан (1434-1462 жылы билік етті) көп уақытқа дейін феодалдардың өзара тартысын баса алмады. Қашғарияның бір бөлігін билеумен ғана шектелді. Моғолстанның жерінде көшіп қонып жүрген тайпалардың феодалдық ақсүйектері өз иеліктерінде іс жүзінде тәуелсіз болды. Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың айтуына қарағанда, «әрбір моғол әмірі өз бетінше әрекет етті», феодалдар «Моғолстан даласында тәртіпсіздік туғызып, лаң салды». Ба’рін және Чорас көшпелі тайпаларының бір бөлігі Амасанжы тайша билеген қалмақтарға қосылып кетті, Калұч және Бұлғашы тайпаларының бір бөлігі Дешті Қыпшаққа қоныс аударды. Феодалдық ақсүйектер жерлерді басып алып, бекіністер салды, көрші қалалар мен аймақтарды тонап, шабуылдар ұйымдастырды. Феодалдық бытырандылық, өзара тартыс және сыртқы агрессия этникалық топтардың бір-бірімен қатынасын үзіп, халық болып қалыптасу процесін тежеді; өндіргіш күштерді шығынға ұшыратып, елдің экономикасын құлдыратты, халықтың санын азайтты. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да нашарлады. 1446 жылы Сырдария бойындағы қалаларды Әбілхайыр хан басып алып, Моғолстанның батыс шебіне шықты. Шығыс шекарада қалмақтар жиі-жиі шабуыл жасады. Тек 40 жылдардың соңы 50 жылдардың бас кезінде ғана Жетісу мен Қырғызстан алабында аз уақыт Есенбұға ханның ықпалы жүрді. 15 ғасырдың 50 жылдарының 2-жартысында Моғолстан ыдырап, Жетісу мен Тянь-Шань жерінде хандардың өкімет билігі жойыла бастады. Моғолстан табиғи-географиялық жағдайлары, шаруашылық, этникалық-саяси және этникалық-мәдени дәстүрлері бірінен-бірі мүлде өзгеше аймақтардан құралды. Жетісу халқының Қазақстанның басқа аймақтарындағы, әсіресе Оңтүстік және Орталық Қазақстандағы өзімен тектес халықтармен дәстүрлі саяси, сауда, этникалық байланыстары барған сайын ұлғайып, нығая түсті. Жетісудың түрік және түріктенген тайпаларының қазақтың Ұлы жүзі және Ақ Орданың, кейінірек Өзбек хандығы мен Ноғай Ордасының тегі бір тайпаларымен бірге қазақ халқы болып қалыптасу процесінің аяқталуы Оңтүстік-ШығысҚазақстан мен Қырғызстанның бірте-бірте оқшаулануының және осыған байланысты Моғолстанның ыдырауының негізгі себебі болды. Жергілікті халықтың мемлекеттік және экономикалық жағынан дербес дамуы жолындағы күресі осы этникалық процеспен тығыз байланысты. 15 ғасырдың 2-жартысында Моғолстанның ыдырау процесінің барған сайын үдеуі сонымен қатар мемлекеттің ішкі жағдайының саяси және әлеуметтік-экономикалық факторларынан да туды. Феодалдық бытырандылықтың едәуір дәрежеде күшеюі, әулеттер арасындағы жанжалдар мен соғыстардың үдеуі, атап айтқанда, Жүніс сұлтанның Темір әулетіпің қолдауымен Есенбұға ханды құлатуға әрекет жасауы, кошпелі, сондай-ақ отырықшы халық тұратын аймақтардағы феодалдық ақсүйектер қуатының артуы, олардың саяси оқшаулануға ұмтылуы, олардың арасында қайшылықтың күшеюі және оның ұзақ күреске ұласуы, феодалдық қанау мен таптық қайшылықтардың өршуі, халық бұқарасының феодалдық қанауға қарсылық жасауы - осының бәрі мемлекетті құлдыратып, құлатуға әкеліп соқтырды.

15 ғасырдың 2-жартысындағы ішкі және сыртқы саяси оқиғалардың барысы Моғолстанның бірте-бірте ыдырай бастағанын және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстанның Моғолстан хандарының қол астынан кете бастағанын көрсетеді. Сол жылдары Әбілхайыр ханның мемлекетіндегі феодалдық тартыстардың күшеюіне, феодалдық езгінің артуына және таптық қайшылықтардың шиеленісуіне байланысты көптеген қазақ рулары мен тайпалары Дешті Қыпшақтан Жетісуға қоныс аударды. Оларды Алтын Орда хандарының ұрпақтары - Жәнібек пен Керей басқарды. Ішкі ауыр жағдайға байланысты Есенбұға хан қазақтардың келуіне кедергі жасай алмады. Сондықтан ол мұны өз жағдайыннығайту мақсатына пайдаланбақ болды. 1462 жылы Есенбұға хан өлгеннен кейін Жүніс хан (1462-1487 ж. билік құрды) Темір әулетінен шыққан Әбу Саид мырзаның қолдауымен Моғолстанның батыс бөлігін басып алды. 1468 жылға дейін Қашғарияны Есенбұға ханның баласы Досмұхаммед хан биледі. Жәнібек пен Керей 1460 жылдардың орта шенінде Жетісуда Қазақ хандығын құрды. 1472 жылдың қарсаңында Жүніс хан Моғолстанның батыс бөлігі мен Қашғарияны, Ташкент пен Ферғанадан Ақсу мен Қашғарияға дейінгі жерлерді өз қол астына біріктірді. Ол қазақ хандарының Дешті Қыпшақта өз билігін нығайту ісімен шұғылданып жатқанын пайдаланып, Жетісуды да өзіне қайтаруға әрекет жасады. Жүніс хан 1482 ж. Сайрамды, 1485 ж. Ташкентті алды. Бірақ көп ұзамай оның қолында Моғолстанның батыс аймақтары ғана қалды. Қашғарияда Әбу Бәкір мырза Дулатидың (1480-1514 ж. билік құрды) тәуелсіз иелігі пайда болды; 1474 жылы Жүніс ханның баласы Ахмет хан әкесінен бөлініп, феодалдық көшпелі ақсүйектердің қолдауымен Қырғызстан жерінде іс жүзінде тәуелсіз иелік құрды. Ташкентте Жүніс ханның иелігін Махмұд хан (1487-1508 ж. билік етті) мұраға алды. Ахмет хан мен Махмұд хан Жетісу мен Сырдарияда қазақтарға қарсы соғыс жүргізді. 1503-1504 ж. Моғолстанның батыс және шығыс бөліктерін біріктірмек болған Сұлтан Махмұд ханның әрекетінен түк шықпады. Қашғария Әбу Бәкірдің қолында қалды. Жүніс хап ұрпақтары арасындағы алауыздык пен өзара қырқыс салдарынан 15 ғасырдың аяғы - 16 ғасырдың бас кезінде Моғолстан біржолата ыдырады. Жүніс ханның немересі Саид сұлтан 1514 ж. Әбу Бәкір Дулатидан Қашғарияны алдыда, жаңадан Моғол мемлекетін құрды. Ол және оның баласы Абд ар-Рашпд хан 16 ғасырдың 20-40 жылдары бұрынғы Моғолстан жерлері - Жетісу мен Тянь-Шаньда Шағатай әулетінің үстемдігін қайта орнатуға бірнеше рет әрекет жасады, бірақ қазақтар мен қырғыздардың бірігіп қимыл жасауының нәтижесінде бұл әрекеттер сәтсіз аяқталды. Жетісудың қазақ рулары мен тайпалары Қазақстанның басқа аймақтарындағы қазақтармен бірге Қазақ хандығына  бірікті. 

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.173-175.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-24 16:55:24     Қаралды-1304

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »