UF

АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ АНАТОМИЯСЫ - жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы қоғам мүшесі. Адам табиғаты туралы ғылым тарихында негізгі екі бағыт бар. Оның бірі - идеалистік, екіншісі - материалистік бағыт. Идеалистер адамды құдай жаратты деп түсіндіреді. Олардың көзқарасы бойынша, адамның барлық әрекеті құдайдың құдіретіне бағынышты. Адам апатқа ұшыраса, не қаза тапса, оны құдайдың бұйрығы дейді олар. Материалистер адам еңбек ету нәтижесінде жануарлар дүниесінен бөлініп шыққан деп түсіндіреді. Олар адамның саналы қоғам мүшесі екенін, оның тіршілігі, дүниеге көзқарасы, рухани байлығы, келешегі сол қоғамның құрылысына, материалдық тұрмыс жағдайына байланысты болатынын дәлелдейді. Адамның жануарлардан бөлініп шығуына негізгі себеп болған - еңбек әрекеті. Өте ертедегі адамның пайда болу кезеңі оның ең тұңғыш еңбек құралдарын жасауынан басталады. Еңбек проңесі адамға тіл бітуіне, оның сана-сезімінің оянуына жөне қоғамдық қарым-қатынас құруына жол ашты. Ф. Энгельстің айтуынша, «Ол - бүкіл адамзат өмірінің бірінші негізгі шарты, оның үстіне біз белгілі мағынада: адамның өзін жасаған еңбек деп айтуға тиіспіз» (Маркс К., Энгельс Ф., Екі томдық таңд. шығ., 2-т., А., 1956, 73-6.).

19 ғасырдағы табиғат зерттеуші ғалымдар, әсіресе Чарльз Дарвин (1809-1882), адам тәріздес маймылдардың геологиялық қабаттардан табылған қалдықтарын зерттей келіп, олардың бет бейнесінің ұқсастығын және адам сатысына өтудегі биологиялық жағдайларын анықтады. Дарвиннің бұл теориясы ғылымдағы ең жоғары табыстың бірі болды. Дегенмен, эволюциялық теория адамның маймылға қарағанда көптеген ерекшеліктері бар екенін толық ұғындыра алмады.

Анатомиялық және морфологиялық ерекшеліктері тұрғысынан адам сут қоректілерге, оның ішінде примат отрядына жатады. Бұған маймылдар мен шала маймылдар да кіреді. Адамның өзіне тән морфологиялық белгілері: оның екі аяқпен тік жүруі, қолының жұмысқа икемділігі, ми құрылысының күрделі де салмақты болуы, сөйлеу аппаратының жақсы жетілуі. Қазбадан табылған өте ертедегі адамның сүйектері мен қазіргі морфологиялық белгілерін және оның эволюциялық даму ерекшелігін ескере отырып, примат отрядының ішінде адам өз алдынаа «гоминид» (лат. һоmа адам) тұқымдасы деп аталады. Гоминидтің арғы тегі бұдан бір мл-нан астам жыл бұрын Олуоваи шатқалында (Шығыс Африкада) өмір сүрген зинджантроптан шыққан. Оның сүйек қалдықтарымен бірге тұрпайы жасанды құралдар да табылған. Мұның өзі зинджантроптардың өте қарапайым түрде болса да еңбек құралын жасай білгенін көрсетеді. Гоминид тегіне дриопитек пен австралопитектер де кіреді. Олардың қалдықтары Азияның жөне Африканың көптеген жерінен табылады. Бұлардан кейінірек өмір сүрген ертедегі адамдардың қатарына питекантроп (Ява аралында), синантроп (Қытайда), атлантроп (Африкада), гейдельберг адамы да (Германияда) жатады. Еңбек құралдарын жасау питекантроп сатысында-ақ ежелгі адамның мінез- құлқына әсер етіп, өз ара тіл қатысу мұқтаждығын туғызған. Осыған байланысты олардың ми құрылысы да өзгерген. Мұндай эволюциялық өзгерістер ертедегі адам дәуірінде де болған. Оған Европаның, Африканың, Азияның жерлерін мекендеген неандерталдардың көптеген қалдықтары дәлел. Төртінші дәуірдің аяқ кезінде неандерталдар анағұрлым жоғары сатыға көтеріліп, қоғамдық қарым-қатынасқа ие болды. Кейінірек бұлардың орнына қазіргі адамның қазба түрі - кроманьондар келді. Бұлар ғылымда Ноpо sаріеns (лат. саналы адам) немесе адамның жаңа түрі деп аталады. Кроманьондардың жасаған құралдары неандерталдарға қарағанда анағұрлым күрделірек. Олардың дене құрылысы мен түр әлпеттерінде тұрақты морфологиялық және нәсілдік белгілер де пайда болған.

Сөйтіп, тарихи және эволюциялық даму нәтижесінде қалыптасқан адам жер бетіндегі әр түрлі материктерде өмір сүрген. Адам өзі тұрған жердің ыстық-суығына, шөлге т. б. тұрмыс жағдайларына бейімделіп, әр түрлі әдет- ғұрып пайда болған. Соның нәтижесінде адамның сыртқы бейнесі өзгеріп, әр жерде әр түрлі нәсілдер қалыптасқан. Жер бетіндегі адам атаулының бәрі биологиялық тұрғыдан алғанда бір түрге жатады да, бірнеше нәсілге бөлінеді. Нәсілдер бір-бірінен сыртқы белгілері - терісінің түсі, шашы, көзі, бет бейнесі, бойы, бас құрылысы т. б. арқылы ажыратылады.

Адам анатомиясы (лат. аnаtоmіа - жарамын, кесемін) - адам денесінің құрылысын, пішінін, қимылдарын, мүшелердің өз ара қарым-қатынасын зерттейтін ғылым. Адам анатомиясы мен физиологиясы медицинаның негізі деп есептеледі. Өйткені адамның дене мүшелерінің құрылысын, олардың әрекетін білмейінше, сау және ауру адамның денесінде болатын өзгерістерді түсіну мүмкін емес. Ал оны түсінбейінше, сырқаттың неден болатынын білу, оны емдеу және одан сақтанудың жолын табу да қиын.

Анатомия - ертеден келе жатқан жаратылыс тану ғылымдарының бір саласы. Ол туралы бастапқы мәліметтер біздің заманымыздан 3 мың жыл бұрын пайда болған. Анатомияның негізін салушы - Ежелгі Рим дәрігері Гален (133-211). Бірақ Гален ит пен маймылды сойып, солардың дене құрылысын зерттеп, оны адам дене құрылысына сәйкес болар деп жобалаған. Галеннің көп қателерін араб ғалымдары, атап айтқанда, ар-Рази (864-925), ибн Рушд (1126-1198), Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) (980-1037) түзетіп, анатомияға көп жаңалықтар қосты. Қазіргі анатомияның іргесін қалаған ғалым - Андрей Везалий (1514-1564). Россияда анатомияның тарихы 18 ғасырдан басталады. Анатомияны зерттеген ең бірінші орыс ғалымы - А.О. Протасов (1724-1796), одан кейін Г.О. Мухин (1766-1850), М.И.Шейн (1712-1762), П.А.Загорский (1764-1846) т. б. болды. Анатомия ғылымын дамытуда орыс ғалымы Н. И. Пироговтың (1810-1881) еңбегі зор. Анатомия көптеген басқа ғылымдармен байланысты және оның өзі де бірнеше салаға бөлінеді. Мыс., адамның дене құрылысын зерттегенде, жай көзбен көріп, оның бейнесін, пішінін сипаттауды қалыпты анатомия деп, дене құрылысын микроскоппен зерттейтін ғылымды микроскоптық анатомия деп атайды. Организмнің қызмет атқару жүйелеріне сәйкес, қалыпты анатомияның өзі бірнеше тарауға бөлінеді: остеология - сүйек туралы ілім; синдесмология -  сүйектің буын байланыстары туралы ілім; миология - бұлшық ет туралы ілім; спланхнология - ішкі органдар мен бездер туралы ілім; ангиология - қан тамыр, жүрек туралы ілім; неврология - ми, жұлын, нерв жүйесі туралы ілім; эстезиология - сезім мүшелері туралы ілім; эндокринология - ішкі секреция бездері туралы ілім.

Анатомия 19 ғасырда тағы да 3 салаға бөлінеді. Олар: патологиялық, пластикалық және топографиялық анатомия деп аталады. Патологиялық анатомия денедегі өр түрлі сырқаттардың әсерінен болатын өзгерістерді зерттейді. Пластикалық анатомия адам денесінің келбетін, қозғалыста туатын сымбатын зерттейді. Практика жүзінде бұл ғылым сурет, сымбат өнерінде, кинотеатрда қолданылады. Топографиялық анатомия медицинада дене мүшелерінің өз ара байланысын, олардың орналасуын, қан тамыр нерв жүйесінің байланыстарын зерттейді. Бұл әсіресе хирургияда өте қажет.

Адам денесінің пропорциясы. Антропология мен медицинада дене мүшелерін (бой, тұлға, иық, қол, аяқ т. б.) бір-бірімен салыстыру, олардың ара қатынасын, өз ара сәйкестігін анықтау. Адам денесінің пропорциясын анықтауда көп қолданылатын әдістің бірі иықтың кеңдігі мен қол-аяқтың ұзындығын дененің тұрқымен салыстыру. Осы әдіспен алынған көрсеткіштерге қарай жалпы адам денесінің құрылысы үш түрге бөлінеді:  1) брахиморфт - тұлғасы кең, қол-аяғы қысқа; 2) долихоморфт - тұлғасы қушық, қол-аяғы сирақ; 3) мезоморфт - жоғарғы екеуінің аралығындағы адамдар. Жасына, жынысына қарай Адам денесінің пропорциясында өзгешеліктер болады. Еркектерге қарағанда әйелдердің бөксе (жамбас) сүйектері қомақты, ал иықтары қушық келеді. Қол-аяғының пропорциясында айырма болмайды. Ересектерге қарағанда балалардың аяғы қысқа, тұлғасы ұзын басы үлкен келеді. Дене пропорциясындағы өзгешеліктер нәсілдік ерекшеліктеріне байланысты болады. Ұзын бойлы негр мен эфиопиялықтар долихоморфтарға, полинезиялықтар мезобрахиморфтарға жатады. Брахиморфтарға көбінесе Орал антропологиялық типіне жататын халықтар кіреді.

Адам морфологиясы. Адам организмінің тіршілік әрекетіне, өмір сүрген ортаға байланысты физикалық даму ерекшеліктерін зерттейтін ілім. Оған адам анатомиясы, эмбриологиясы, гистологиясы кіреді. Сонымен бірге адамның жасына, жынысына, нәсіліне, тұлғасына байланысты ерекшеліктерді, тіпті әрбір адамның дене құрылысының вариациясын қарастырады. Адам морфологиясы - антропологияның негізгі бір саласы. Буржуазия ғалымдар адам морфологиясын зерттеу мәселесінде метафизикалық бұрмалаулар жасайды. Адам организмінің даму жолдарын әлеуметтік ортаға тығыз байланысты қарайды. Адам морфологиясы жөніндегі зерттеулердің нәтижелері әлеуметтік гигиенада, мектеп жасындагы балалардың ерекшеліктерін ескеруде, әр түрлі медицина мақсаттарда, жеңіл өндіріс бұйымдарының стандартты моделін жасауда пайдаланылады. Адам морфологиясының ерекшеліктерін білудің сурет және мүсін өнерінде де мәні зор.

Әдеб.: Энгельс Ф. Табиғат диалектикасы. -А., 1948; Неструх М.Ф. Происхождение человека. -М., 1958. Жданов Д.А. Леонардо да Винчи анатом. -М.-Л., 1955; Бушкович В. И. (и др.). Анатомия человека. -6 доп. и переработ. изд. -Л., 1968; Иванов Г.Ф. Основы нормальной анатомии человека. в 2-х тт., т. 1-2. -М., 1949. Бунак В.В. Антропометрия. Практический курс. -М., 1941; его же, Опыт типологии пропорции тела и стандартизации главных антропометрических размеров. «Уч. зап. МГУ», в. 10. М.-Л., 1937. Вунак В. В. Антропометрия. Практический курс. -М., 1941; Теория и методы антропологической стандартизации применительно к массовому производству изделий личного пользования (под ред. М. А. Гремяцкого). -М., 1951.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2021-01-27 17:10:45     Қаралды-3825

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ПЛАНЕТА КҮНГЕ ЖАҚЫН?

...

Меркурий – «ең ыстық» планета.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕГЕ ЖАРҚЫРАЙДЫ?

...

Күн Жер сияқты қатты дене емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АСПАНДА ЖҰЛДЫЗДАР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

...

Жұлдыздар галактикалардың негізгі «тұрғындары» болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ГАЛАКТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Ежелгі гректер бұл жұлдыздар шоғырын Галактика деп атаған, ол Құс жолы дегенді білдіреді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАЛАМ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

20 ғасырдың бірінші ширегіне дейін Әлемнің өзгермейтін, тұрақты және мәңгілік нәрсе ретіндегі идеясы болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »