UF

 Протопласт өнімдері

     1.  Вакуоль және клетка шырыны.

2.     Клетка қабықшасы

3.     Артық қор заттары

4.     Клетка онтогенезі.

 

Вакуоль (латынша вакус – бос орын, қуыс) бұл жасуша шырынына толы қуыс (1-сурет), ол цитоплазмадан жартылай өткізгіштік қасиеті бар тонопласт мембраналары арқылы бөлініп тұрады. Вакуоль эндоплазматикалық ретикулумның локальдық кеңістігінен пай­да болады. Олар осы торда өте жіңішке жолақтар ретінде пайда болады да зат алмасу өнімдерінің біртіндеп жиналуынан санын, көлемін үлкейтеді де бірте-бірте жасушаның орталық бір вакуоліне айналады. Ол цитоплазмадан бөлінетін сұйық заттар қоспасының, яғни жасуша шырынының жиналатын орны. Бұл кеңістіктер ретикулумнен бөлініп дөңгелектенеді, ал ретикулумның мембранасы тонопластқа айналады. Вакуольдің түзілуіне шамасы Гольджи аппаратының элементтері де қатыса алады. Өте жас жасушалардың өзінде де кішілеу вакуольдер болады. Жас жасушалардың өсуінің нәтижесінде вакуольдердің көлемі де ұлғаяды. Жақсы жетілген жасушалардың көпшілігінде, оның ортаңғы бөлігін алып жататын бір үлкен вакуоль және цитоплазманың жасуша қабықшасына жақын жататын бөлігінде шашыраңқы орналасқан көптеген ұсақ вакуольдер болады. Егер ядро жасушаның ортасында орналасса, онда оны қоршаған цитоплазма жасушаның қабықшаға жақын жатқан қабаты мен жіпшелері (тяждары) арқылы байланысады. Бұл жішпілер (тяждар) орталық вакуольді бірнеше ұсақ вакуольдерге бөледі. Жасуша шырыны дегеніміз, протопластан бөлініп шығатын әртүрлі органикалық және бейорганикалық байланыстардың судағы ерітіндісі. Өсімдіктердің әр түрлі түрлерінде, тіптен бір өсімдіктің әр түрлі мүшелерінде жасуша шырынының химиялық құрамы бірдей болмайды. Жасуша шырынының реакциясының ортасы әдетте қышқылдығы төмен, немесе бейтарап, сиректеу сілтілі болып келеді.

Жасуша шырынының химиялық кұрамы. Вакуольдегі жасуша шырынының  химиялық құрамы  өсімдіктердің түріне, орналасқан жеріне байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен негізгі құрамды бөлігі – су. Шырынның құрамындағы басқа заттарды органикалық және бейорганикалық деп екіге бөлеміз. Органикалық заттар азотты және азотсыз заттар деп тағы жіктеледі.

Азотты органикалық заттар: ақуыздар (протеиндер, протеидтер); амин қышқылдары (аспарагин, триозин, лейцин жене басқалар); алкалоидтар (хинин, мор­фин, никотин, колхицин, кофеин, кодеин, папаверин және басқалар); гликоалколоидтар (голанин, дигиталин).

Азотсыз органикалық заттар: көмірсулар: моносахаридтер - глюкоза, фруктоза; дисахаридтер - сахароза, мальтоза; полисахаридтер - инулин пектиндер, декстриндер; глюкозидтер: (амигдалин; сапонин; ванилин; соланин, пигменттер, антоциан, антохлор және басқалар); илік заттар (танидтер, катехиндер). Органикалық қышқылдар (қымыздық, алма, вино, лимон жене басқалар) және олардың тұздары - кристалдар (қымыздық және басқа кышқылдардың тұздары), терпеноидтар, эфир майылары және басқалар.

Жасуша шырынының құрамына кіретін жоғарыда аталған органикалық заттардың бір сыпырасы өткен тақырыптардың мазмұнына байланысты қарастырылды. Ол заттарға түгелдей жүйелі тоқтау мүмкін емес. Өйткені олар протопластың туынды заттары ретінде жасушаның құрылымды жүйелерінде, вакуольдерінде және жасуша қабықшаларында жинала алады. Ол заттардың көбінің физиологиялық мәні әлі толық анықталмаған.

Алкалойдтар өсімдіктерде ақуыздардың ыдырауынан пайда болады, оның құрамына көміртегі, сутегі және шамалы азот бар. Олар барлық өсімдіктердің жасуша шырынында бірдей кездесе бермейді. Мысалы: раушангүлділерде, астық тұқымдастарда алколаойдтардың барлығы белгісіз. Ал ерінгүлділер тұқымдасының өкілдерінде аз кездеседі. Ал көкнәр, бүршақтар, алқалар, және сарғалдақтар тұқымдастары алколойдтарға бай. Сол сияқты алкалойдтар кейбір өсімдіктердің тұқымында, қайсібірінің тамырларында, кейбіреулерінің жапырағында басымырақ болады. Қазіргі кезде 1000-нан артық алкалойдтар белгілі. Олардың біразы жоғарыда аталып өтті.

Глюкозидтер - қанттардың (көбінесе моносахаридтердің) спирттермен, альдегидтермен, фенолдармен және басқа да азотсыз органикалық заттармен қосындысының туындысы болып табылады. Олар кейбір өсімдіктің жасуша шырынында қор заты түрінде, ал кейбіреулерінде улы зат түрінде жиналады. Ферменттердің әсерінен ауада глюкозидтер өзінің құрамды бөліктеріне жеңіл ыдырап хош иіс бөледі (мысалы, кофе, какао және шайды демдеген кезде байқалады). 

Илік заттар глюкозидтерге жақын, күрделі азотсыз қосылыстар.

Органикалық қышқылдар жасуша шырынында едәуір мөлшерде болады. Олар: алма, лимон, шарап, қымыздық және тағы сол сияқты қышқылдар.

Бейорганикалық  заттарға немесе минералды заттарға нитраттар, хлоридтер, фосфаттар, иод, бром және тағы басқалары жатады.

Жоғарыды аталып кеткен бұл заттардың біреулері, мысалы көмірсулар - қорлық, екіншілері - экскреторлық, яғни зат алмасудың соңғы өнімдері болып табылады.

Жасуша шырының ресми тіркелген компоненттерінің біріне кымыздық қышқылы кальцийдің кристалдары жатады (Са С2О4). Қымыздық қышқылы жасушаның тіршілік әрекетінің зиянды өнімдерінің бірі болып табылады. Одан өсімдік кальцийдің иондарының көмегімен құтылады. Қымыздық қышқылы кальций өсімдіктің, негізінен қартайған, яғни тіршілігін тоқтатуға жақын жасушаларында, формасы әртүрлі болып келетін жекелеген кристалдар түрінде, друз деп аталынатын біріккен кристалдар түрінде, қорапқа жиналған рафид түрінде және басқалар түрінде жиналады.

   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                  

     

         

         1-сурет. Қымыздық қышқылы қальцидің кристалдары:

А-пияздың құрғақ қабыршағының (чешуя) жасушаларындағы жекелеген және крест тәрізді кристалдар; Б-бегония өсімдігі сағағының жасушаларын­дағы друздардың қалыптасуының фазаларының жүйелілігі; В-қырлы шөптің (купена) тамырсабағының жасушасындағы рафидтің жиынтығы.

 

Қымыздық қышқылы қальцийдің кристалдары әсіресе өсімдіктің оқтын-оқтын түсіп отыратын мүшелерінде - ағаштардың қабықтарында, жапырақтарында, пияздың баданаларының құрғақ қабықшаларыңда және басқаларда аса көп жиналады. Әдетте друздар қос жарнақты өсімдіктерде, ал рафидтер дара жарнақты өсімдіктерде болады.

Артық қор заттары.

Өсімдік жасушаларындағы тіршілік әрекеттерінің нәтижесінде, онда әр түрлі заттар жиналады. Соның бірі қоректік заттар. Олар өсімдіктердің денесін түзуге жұмсалады, ал олардың артық мөлшері қорға жиналады. 

Артық қор заттары деп - уақытынша метоболизмнен шығарылып тасталған заттарды айтады. Олар өсімдіктің вегетативтік денесін түзуге немесе энергетикалық матери­ал түрінде әртүрлі тіршілік процестеріне жұмсалады. Олар вакуольде немесе цитоплазмада жиналады. Вакуольдерде қор заттары ерітінділер түрінде, ал цитоплазмада ресми тіркелген қосымша заттар түрінде болады. Қорға жиналатын заттар химиялық табиғаты тұрғысынан үш топқа бөлінеді: ақуыздар (алейрон дәндері), көмірсулар (крахмал дәндері, глюкоза, фруктоза, мальтоза, сахароза, клетчатка, инулин), майлар (май тамшылары).

Ақуыздар. Ақуыз млекуласы амин қышқылдарынан құралады.Өсімдік жасушаларының құрамына қазіргі кездегі белгілі болған 150-ден аса амин қышқылдарының 22-сі енеді. Олардың бір тобы цитоплазма мен оның органойдтарының негізгі бөлігін құрайды. Ал басқа топтары (ақуыз ферменттері) жасушадағы тіршілік процестерін жүзеге асырады. Ақуыздардың басым бөлігі өсімдіктердің  тұқымдарында, жемістерінде қорға жиналады. Оларды алейрон (грекше алейрон – бидай ұны) немесе протеин дәндері деп атайды.

Алейрон дәндері. Бұл қорлық ақуыздың түйіршіктері, олар әдетте пісіп жетілген дәндердің қорлық ұлпаларының жасушаларында пайда болады. Дәндер пісіп жетілген кездерде ұсақ вакуольдерде ақуыз жиналады. Дәндер піскен кезде вакуольдер суын жоғалтады да алейрон дәндеріне айналады (23-сурет).

Бұл бастапқы қалпына келетін процесс: дән жерге түскен соң оның бойына су өтеді де ісініп өнеді, осы кезде алейрон дәндері қайтадан вакуольге ай­налады.

Алейрон дәндері дөңгелек формалы болып келеді, олардың диаметрі 0,2-ден 20 мкм.-дің арасында ауытқып отырады. Сыртынан олар мембранамен қапталған. Қарапайым алейрон дөндерінде ақуыз аморфтық масса түрінде болады (бүршақ тұқымдастарында, жүгеріде, күріште), ал күрделі алейрон дәндерінде аморфты массаға бір, сиректеу 2—3 ақуыздық кристалл және құрамында қорлық фосфор болатын кішілеу дөңгелек денешік - глобоид кіреді (24-сурет). Мұндай күрделі алейрон дәндері (зығыр, күнбағыс, асқабақ, ұлпілмәлік және т.б.) қор ретінде май жиналатын өсімдіктерге тән.

Ақуыздық денешіктер жасушаның басқада бөліктерінде: мысалы, ядросында, пластидтерінде, митохондрияларында, эндоплазматикалық ретикулымында түзіле алады.

Көмірсулар. Көмірсулар қарапайым және күрделі деп бөлінеді. Қарапайм көмірсуларға – моносахаридтер (глюкоза, фруктоза), дисахаридтер (мальтоза, сахароза), күрделілеріне – полисахаридтер (крахмал, клетчатка, инулин) жатады. Басқалармен салыстырғанда алуан түрлі болып келетін өсімдіктің ең кең таралған

 

   

 

2-сурет. Бидайдың  дәнінің  эндоспермінің жасушаларындағы алейрон дәндері: 1-жеміс қап;  2-спермодерма;  3-алейрон  қабаты;  4-ядро;  5-крахмал дәндері бар эндоспермнің жасушалары; 6-крахмал дәндері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3-сурет. Кенедәннің, немесе майкененің (клешевина) тұқымының    эндоспермнің жасушаларындағы күрделі алейрон дәндері: 1-алейрон дәндері; 2-алейрон дәнінің қабықшасы; 3-ақуыздық кристалл; 4-глобойд; 5-аморфты ақуыздық масса.

 

және аса қажетті қорлық заттарының бірі – крахмал. Крахмал - өсімдік жасушасының маңызды туынды заты. Қазіргі кезде крахмалдың екі бөліктен амилозадан және амилопектиннен тұратыны анықталған. Өсімдік крахмалындағы амилаза мен амилопектиннің арақатынасы өсімдік түрі үшін тұрақты. Амилазаның крахмалдағы мөлшері 35 пайызға дейін болса, ал амилопектиннің мөлшері одан бірнеше есе көп. Олардың физикалық, химиялық қасиеттері де әртүрлі. Амилоза жылы суда ериді, ал амилопектин ерімейді, тек бөрітеді. Йодпен әсер еткенде амилаза көк, амилопектин қызыл-күлгін түске боялады.

Крахмал өсімдіктердің денесінде фотосинтез процесінің соңғы өнімі крахмал дәндері ретінде жиналады.

Крахмал дәндері. Крахмал дәндері барлық мүшелердің жасушаларында кездеседі, әсіресе олар өсімдіктің дәндерінде және түрі өзгерген жерасты сабақтарында (түйнектерінде, баданаларында, тамырсабақтарында) көптеп жиналады. Крахмал дәндері тек   пластидтерде ғана түзіледі. Жоғарыда айтылғандай хлорпластарда алғашқы крахмалдың дәндері пайда болады. Бірақта олар, бұл жерде көптеп жиналмайды. Зат алмасу процестерінің нәтижесінде ферменттердің (амилаза, мальтаза) көмегімен алғашқы крахмалдар қантқа айналады және глю­коза түрінде жапырақтан өсімдіктің басқа мүшелеріне тасымалданады. Қанттың екінші рет крахмалға айналуы лейкопластарда жүреді (амилопластарда).

Екінші рет крах­мал дәндерінің түзілуі амилопластың стромасының белгілі бір жерінен басталады. Ондай жерлерді крахмалдың түзілу орталығы деп атайды.

Крахмал дәндерінің өсуі жаңа қабаттардың пайда болуы арқылы жүреді. Іргелес қабаттарда (смежные слои) жарықтың сәулесінің сынуының көрсеткіштері әр түрлі болуы мүмкін, сондықтанда олар микроскоппен көрінеді. Қат-қабаттылық центрлес шеңберлі және эксцентрлі болып келеді (25-сурет). Крахмал дәндерінің өсуіне байланысты амилопластың стромасының көлемі кішірейеді және белгілі бір кезеңде оның қабатының жұқаратындығы сонша, оптикалық микроскоппен де мүлдем көрінбей қалады. Бірақта екінші реттік крахмал дәндерінің сыртында барлық уақытта екі мембраналы қабықшаның және строманың жұқа қабатының болатындығын естен шығармау керек (12-сурет).

Егер амилопласта, айналасына крахмалдың қабаттары жиналатын бір орталық болса, онда қарапайым дәндер түзіледі. Ал егер екі немесе оданда көп орталық болса, онда күрделі дәндер түзіледі. Жартылай күрделі дәндер мынадай жағдайда пайда болады. Егер крахмал алдымен бірнеше нүктелердің айналасында жиналса, содан соң қарапайым дәндердің шеттері түйіскеннен кейін барып, олардың айна­ласында барлығына бірдей ортақ қабаттар пайда болса. Крах­мал дәндерінің көлемі үлкен мөлшерде ауытқып отырады. Мысалы, картопта олардың диаметрі 100 мкм. жетеді, бидайда және қарабидайда крахмал дәндерінің диаметрі 2—9 мкм. ден аспайтын, ұсақ түйіршіктерден 30—40 мкм.-ге дейін жететін үлкен дәндерге дейін болады, ал жүгерінің крахмал дәндерінің диаметрі 5-тен 30 мкм. дейін барады.

Крахмал дәндерінің формасы, мөлшері, құрылысы өсімдіктердің әрбір түрлеріне, кейде тіптен әрбір сортқа ерекше тән болып келеді. Бидай мен арпаның крахмал дәндері дөңгелек, бұршақ тұқымдастарында сопақша, оның ортасында бұтақталған саңылаулары болады, сұлыда ұсақ көп бұрышты т.с.с.  Бұл жағдайды ұнның құрамына анализ жасағанда үнемі ескеріп отырады.

 

 

    

 

4-сурет. Әр түрлі өсімдіктердің крахмал дәндері:

А-картоп; Б-бидай; В-сұлы; Г-жүгері; Д-күріш; Е-қарамық (гречиха): 1-қарапайым эксцентрлік дән; 2-қарапайым шеңберлі дән; 3-күрделі дән; 4-жартылай күрделі дән; 5-жасушаның кескініне келген жай дәндердің жиынтығы.

Майлар. Май өсімдіктерде кең таралған қор заттары және ең қуаттыларына жатады. Олар шыны май тамшылары түрінде гиолоплазмадағы ерекше субмикроскопиялық дене сферосомаларда және олеопластарда, көптеген өсімдіктердің тұқымдарында, жемістерінде қорға жиналады.

Шыны май тамшыларының формасы сфера тәрізді болып келеді (26-сурет). Олардың саны мен мөлшері жасушаларда ауытқып отыра­ды. Шыны майының тамшы­лары барлық мүшелердің жасушаларында кездеседі, әсіресе дәндер мен жемістер оған аса бай болады. Грек жаңғағының дәнінде 70 пайыз, жер жаңғағында – 50, екпепшөпте – 30, сояда – 20, жүгері және сұлының ұрығында – 46 пайызға дейін май болады. Сонымен қатар кейбір ағаштардың вегетативті мүшелерінде де жиналады. Мысалы: жөке және қарағайда қысқа қарай 6-7 пайызға дейін жиналады. Бұлар «май ағаштары» деп аталады. Емен мен үйеңкіде май аз, оның есесіне крахмал көп. Сондықтан оларды нағыз «крахмал ағаштары» деп те атайды. Күнбағыс, зығыр, мақта, зәйтүн, кенепшөп, бадам т.б. көптеген өсімдіктердің майы тамақ үшін пайдаланады. Ал зейтүн және тунг жемістеріне бағалы май алынады. Шокалад ағашы, кокос пальмасының тұқымдарынан қантты май алынады.

 

 

 

                    5-сурет. Шыны май тамшылары. 

 

Жасуша қабықшасы.

Өсімдіктердің жасушасының жануарлар жасушасынан айырмашылығы сол, олардың жақсы жетілген, әдетте қатты қабықшасы болады. Жасуша қабықшасы өсімдік жасушасының сыртын қаптап жатады.

Жасуша қабықшаларының жиынтығы өсімдікке мықтылық береді, қорғаныштық қызметін атқарады және  оның қаңқасын (скелетін) түзеді. Әр түрлі заттардың өсімдіктің бойына сіңірілуіне және тасымалдануына қабықшаның маңызы аса зор. Ол көп жағдайда протопластқа қарағанда ұзақ сақталады, соған байланысты тіпті өлі жасушалардың өзі әр түрлі қызметтер атқаруын тоқтатпайды.

Жасуша қабықшасының мұндай қасиетке ие болуы оның химиялық құрамына тікелей байланысты. Оның химиялық құрамы целлюлоза, гемицеллюлоза және пектинді заттардан тұрады.

Целлюлоза - өте мықты және серпінді, күрделі полисахаридтерге жататын қосылыс. Ол қайнап тұрған суда, көптеген қышқылдарда, негіздерде ерімейді, көптеген жануарлардың (жылқы, ірі қара малдан басқа) асқазанында қорытылмайды.

Пектинді заттар – жоғары молекулалы көмірсулы қосылыс, суда бөрітеді, кейбіреулері ериді. Сілтінің және қышқылдардың әсерінен оңай бұзылады. Жас жасушалардың қабықшасында көп мөлшерде кездеседі. Жасуша аралық кеңістіктер пектин заттарымен толып тұратындықтан олар жасуша қабықшасының талшықтарын және қатар орналасқан жасушаларды бір-бірімен байланыстырып біріктіреді.

Алғашқы қабықша. Алғашқы   қабықша   жасушаның бөлінуінің нәтижесінде пайда болады. Телофазаның соңына таман жасушаның экваториалдық бөлігінде жасушалық табақша пайда болады,  келешегінде ол орталық табақшаға айналады.    Ол    негізінен пектинді заттардан  тұрады. Жасушалық табақшаға, әрбір жас жасушаның протопласты алғашқы қабықшаны бөліп отырады.  Оның қалыңдығы 0,1—0,5 мкм. тең. Алғашқы қабықшаның      құрамына негізінен пектинді заттар, гемицеллюлозалар және целлю­лоза (барлығы 10—12%), сонымен бірге көп мөлшерде су кіреді. 

 

                       

6-сурет. Алғашқы қабықшаның өсуі (сызба-нұсқасы): 1-диктиосома; 2-Гольджи көпіршіктері; 3-плазмалемма; 4-алғашқы қабықша; 5-пектинді заттар; 6-целлюлозаның микрофибрилдері.

 

Қабықшаның түзілуі және оның өсуі Гольджи аппаратының және плазмаллеманың тіршілік әрекетіне бай­ланысты болады.  Алғашқы қабықшаның өсуі оған плазмаллеманың сыртынан синтезделетін целлюлозаның молекуласының және Гольджи көпіршігі жеткізетін аморфты пектинді  заттардың  өтуіне байланысты болады (27-сурет).

Екінші реттік қабықша. Алғашқы қабықшаның іш жағынан жаңа қабаттардың түзілуінің нәтижесінде пайда бо­лады. Бұл жағдайда қабықша қалыңдап өседі, ал жасушаның қуысының көлемі кішірейеді. Екінші реттік қабықшаның қалыңдығы жасушаның арнайы мамандануына бай­ланысты болады және 1 ден 10 мкм. арасында ауытқып отырады. Екінші реттік қабықша, әсіресе арқаулақ қызмет атқаратын жасушаларда қалың болады. Бойымен су жүретін жасушаларда екінші реттік қабықша сақиналар, спиральдар тәрізді бөлініп отырады, немесе қалыңдығы тегіс болмайды.

Екінші реттік қабықша негізінен целлюлозадан (90% дейін) және гемицеллюлозадан тұрады. Онда пектинді заттар мен судың мөлшері алғашқы қабықшаға қарағанда әлде қайда аз болады.

Целлюлозаның молекуласының параллель орналасуы, қабықшаның ішкі құрылысының жұқа жүйесін түзеді. Бірнеше ондаған жіп тәрізді молекулалар бірігіп мицеллалар түзеді, олардан микрофибриллдер пайда болады (28-сурет). Микрофибриллдер қабықшаның негізгі кұрылыстық бірлігі болып табылады. Микрофибриллдердің диаметрі 10-30 нм. тең, ал ұзындығы бірнеше микрометрге жетеді.

Микрофибриллдер     фибриллдерге     бірігеді.     Фибриллдер дегеніміз оптикалық микроскоппен көрінетін ұзындығы 0,4-0,5 мкм.-ден аспайтын талшықгар немесе табақшалар. Паренхималық жасушалардың   алғашқы   қабықшасында   және   екінші   реттік қабықшасында  микрофибриллдер   не жасушаның   тік   өсіне талшықгы   текстура,    немесе   оған   перпендикуляр   (сакиналы текстура),  немесе  бірқатар  бұрыш түзіп  (спиральды текстура) орналасады. Қыбықшаның өсуі барысында микрофибриллдердің бағыты     өзгеріп     отыруы     мүмкін,     ол     қабықшаның     қат-қабаттылығын көрсетеді.  Микрофибриллдердің арасында сұйық матрикс     болады.     Ол     судан,     пектинді     заттардан     және гемицеллюлозадан тұрады.

Целлюлозадан тұратын қабықшалар майысқақ және өте берік болады. Бірақ та тіршілік процесінің барысында, ерекше қызмет атқаруына   байланысты   жасушаның   қабықшасының   химиялық құрамы өзгеруі мүмкін. Ол қабықшаның физикалық қасиетінің өзгеруіне  әкеліп соғады.  Көп жағдайда алғашқы және соңғы қабықшаның матриксінде және орталық табақшасында лингин жиналады.   Бұл   майысқақтылықтың  жойылуына,   қаттылықтың артуына,   өткізгіштік   қабілетінің   төмендеуіне   әкеліп   соғады. Мұндай  қабықшаларды  сүректенген   (ағаштанған)  деп  атайды. Бұлар арқаулық қызмет

          

   

7-сурет. Сүректік талшықтың жасушаларының қабықшалары (сызба-нұсқасы): А-жеке талшық; Б-талшықтың көлденең кесіндісі мен фибрилдің, микрофибрилдің, мицеллдің және целлюлозаның молекуласының көрінуінің жүйелілігі: 1-фибрилдер; 2-микрофибрилдер; 3-мицеллдер; 4-целлюлозаның молекуласы; 5-орталық табақша; б-алғашқы қабықша; 7-целлюзаның молекуласы; 8-соңғы қабықшаның ішкі қабаты; 9-соңғы қабықшаның сыртқы қабаты; 10-соңғы қабықшаның ортаңғы бөлігінің қабаты.

 

атқарады. Кейбір жасушалардың қабықшаларында липидтер болады - балауыз, кутин, суберин. Бұл заттар қабықшаның матриксімен қосылмай, бөлек кабаттар түзеді. Әдетте кутин мен суберин балауызбен бірге алма кезек ауысып келіп отыратын параллель қабаттар түрінде бөлінеді. Кутин жасуша қабықшасының сыртқы жағынан бөлінеді және сыртқы ортамен шектеседі (кутикула), ал суберин - жасуша қабықшасының ішкі жағынан бөлінеді және плазмадесмамен шектеседі. Балауыздың жеке өзі жасушаның сыртқы қабықшасында қабаттар түзе алады. Липидтер жасушаның үстінен судың булануын тежейді. Суберин суды және газдарды өткізбейді, сондықган да ол жиналғаннан кейін протопласт өледі. Суберині бар қабықшаларды тозданған деп атайды. Жасушаның қабықшасының матриксінде кристалдар түрінде минералды заттар жиналады. Бұлар көбіне кремнезем   немесе   қальцийдің   тұздары   болып   келеді.   Осы тұздардың қатысуының негізінде қабықша әрі қатты, әрі морт болып   келеді.   Жасуша   қабықшалары   осындай   болып   келетін өсімдіктерді малдар нашар жейді.

Орталық табақша. Жасушаларды өзара байланыстырып тұрады. Ортаңғы табақшаның бұзылуын және жасушалардың ажырауын мацерация деп атайды. Бұл табиғи жағдайда жемістер өте пісіп кеткен    кездерде,    жапырақтардың    түсер    алдында,    олардың сағақтарында және басқа уакыттарда болатын жағдай. Мацерация жарым-жартылай    жүрген    жағдайда    орталық    табақша    тек бұрынғыларынан ғана ыңырайды да, жасуша аралық қуыстар түзіледі (2- сурет).

Плазмодесмалар.       Бұл       жасушаларды       бір- бірімен байланастырып   тұратын   жіңішке    цитоплазмалық   жіпшелер. Олар тек өсімдік жасушаларына тән және жоғары сатыдағы өсімдіктердің бәрінде табылған. Цитокенез кезінде пайда болатын жасушалық табақша арқылы бір-бірімен қарым-қатынасы үзілмеген эндоплазматикалық тордың (ретикулумның)  түтікшелері өтіп  жатады.   Солардың  негізінде плазмодесмалар    пайда    болады.    Плазмодесмалық    каналдың қабықшасына    плазмалемма    төселіп  жатады.    Ол    көршілес жасушалардың    плазмалеммаларын    жалғастырады. 

Каналдың ортасынан екі жасушаның ретикулумының тұтастығын сақтайтын түтіктер өтеді. Плазмодесма мен түтіктің арасында гиалоплазма
жатады,  ол да екі жасушаға бірдей,  яғни олардың тұтастығын сақтайды.    Плазмодесмалар    көп    жағдайда    бірнеше    ондаған топтарға   жиналған   болып   келеді.   Жекелей   олар   екінші   рет қалыңдамайтын қабықшаларда орналасады.

Плазмодесмалардың биологиялық маңызы зор. Олар эндоплазматикалық тормен байланысты, сол сияқты организмнің жеке жасушаларының протопластарын байланыстырады. Плазмодесмалар арқылы әр түрлі заттардың өтуі, бір жасушадан басқа жасушаға тітіркенудің берілуі және организмде жүріп жатқан барлық тіршілік процестерінің реттелуі іске асырылып отырады.         

Поралар.   Жасуша қабықшасындағы алғашқы қабықшаның қалыптасуы біркелкі емес, оның бір жері қалың, ал екінші жері жұқа болып қалыптасады. Соның нәтижесінде алғашқы қабықшада көптеген жұқа ойыстар пайда болады. Оларды алғашқы поралық ойыстар деп атайды. Поралардың толық қалыптасуы жасушаның соңғы қабықшасының қалыптасуымен тікелей байланысты., өйткені соңғы қабықшаның қалыңдамаған жері – пора саңылауы деп аталады. Сонымен поралар  дегеніміз  екінші реттік   қабықшаның   түзілетін   жері. Олар жасушаның қуысынан алғашқы қабықшаға дейін  баратын  каналдар (29-сурет).  Каналдардың формасына қарай    поралар    қарапайым    және жиектелген     (көмкерілген)     болып бөлінеді.

                         

 

8-сурет. Аспидистраның жапырағының эпидермисінің жасушаларындағы қарапайым поралар: 1-алғашқы қабықша, 2-соңғы қабықша, 3-жасуша аралық заттар (орталық табақша), 4-қарапайм пора (жанынан қарағандағы көрініс) 5-қарапайм пора (үстінен қарағандағы көрініс), 6-пораның түйістіргіш пленкасы.

Қарапайым    поралардың диаметрі  қаналдың  ұзына  бойында шамамен   бірдей   болады.   Үстінен  қарағанда   олар   дөңгелек   формалы болып келеді. Жиектелген поралардың каналы алғашкы қабықшаға бағытталған жағынан кеңейген болып келеді. Сондықтан да үстінен қарағанда олар екі концентрлі шеңбер түрінде көрінеді (46-сурет). Әдетте екі көршілес жасушаның поралары бір- біріне қарама - қарсы орналасады және олар орталық пластинкадан, сонымен бірге екі алғашқы қабықшадан, жұқа перделері арқылы бөлінген канал тәрізді болып келеді. Жиектелген поралардың түйістіргіш пердесінің  ортаңғы бөлігі қалыңданған болып келеді. Тірі жасушалардың түйістіргіш перделері арқылы көптеген плазмодесмалар өтіп жатады. Поралар плазмодесмалар тәрізді жасушаның арасындағы заттардың тасымалдануын жеңілдетеді.

Әр түрлі заттарды бойынан өткізуге маманданған жасушалардың қабықшаларында ферменттердің әсерінен, перфорациялар деп аталатын, үлкен тесіктер пайда болады (49-сурет).

Зертханалық сабақтар үшін алдын ала дайындық.

Уақытша препараттар дайындау. Әр сабақтың мазмұнына байланысты объектілер, қосымша жабдықтар, реактивтер жеткілікті болуы керек. Зертханалық сабақтарда көбінесе уақытша препараттар дайындалады. Онда микроскоп арқылы қаралатын объект таза зат әйнегіне тамызылған бір тамшы суға немесе глицеринге салынып, таза жабын әйнегімен жабылады. Жабын әйнекті оң қолдың екі саусағымен Үстап, зат әйнегіндегі тамшыға әуелі бір жиегімен жанастырамыз, содан кейін біртіндеп төмендетіп барын жабамыз. Объектіде ауа қалып қойған жағдайда зат әйнегін көлбеулеу ұстап, жабын әйнектің үстінен сапты иненің ұшымен жайлап соғамыз. Сонда ауа көпіршіктері ығысады және препараттағы сұйықтық біркелкі жайылып, объект толық батырылады. Егер препараттағы сұйықтық жабын әйнектің жиегінен сыртқа шығып тұрса, оның артық мөлшерін сорғыш қағазбен сорғызып аламыз. Керісінше, егер сұйықтық жабын әйнектен төменгі кеңістікті толық жаппай тұрса, онда оның жиегіне тағы бір сұйықтық тамызып толықтырамыз. Су буланып кететін болғандықтан, мұндай пре­парат ұзақ сақтауға келмейді. Сондықтан олар уақытша препарат деп аталады. Егер объектіні ұзақ сақтау қажет болса, онда тұрақты препараттар жасалады. Онда объект зат әйнектегі жылытылған бір тамшы глицерин-желатинге салынып, жабын әйнекпен жабылады. Жабын әйнектің жиегі вазелин, лак немесе олифамен көмкеріледі. Препараттың оң бұрышына объектінің аты жазылған анықтамалық желімделіп жабыстырылады.

Қаралған объектілердің суретін салу. Өсімдіктер анатомиясы мен морфологиясынан зертханалық сабақтар өткізу кезінде препарат жасап оны микроскоп арқылы қарауға және қаралған объектілердің суретін салуды игеруге үлкен мән беріледі. Сурет бақылауға нақты көңіл аудару тәсілі ғана емес, оны зерттеу тәсілі, өйткені препаратты сызып алу барысында оған толық талдау беріледі. Өсімдіктер морфологиясы классиктерінің бірі С. Г. Навашиннің сөзімен айтқанда: «сурет — ол морфологияның тілі». Сурет бақылау жұмысының нәтижесін дұрыс қамтып көрсете алатындай анық және мазмұнына сәйкес болуы керек. Анатомиялық сурет сызбанұсқалық және толық деп бөлінеді. Сызбанұсқалық суреттерде ұлпалардың алып жатқан орындары, шекаралары ғана белгіленіп, олардың түзетін жасушалары көрсетілмейді. Өсімдік мүшелерінін анатомиялық құрылысы жөніңде сабақ өткенде сызбанұсқасын пайдаланған орынды. Мұнда мүшелерді түзетін ұлпалардың әрқайсысы өз шекарасында белгілі бір шартты белгілермен (символдармен) түсіріледі. Сызбанұсқаларды белгілеу үшін жеке құрылымдардың барлық суреттерге ортақ шартты белгілері таңдап алынады. Мысалы, флоэма-сүзгілі түтігі сирек нүктелермен белгіленіп, көк түспен боялады, қамбийді — жасыл, ксилеманы — қызыл түспен дөңгелек түрінде сызу қабылданған. Суреттің төменгі жағына оның мазмұнын ашатын аты жазылып, тиісті белгілері қойылады және қысқаша түсінік беріледі. Суретті жай қара қарындашпен үлкен етіп сызған дұрыс. Қажет болған жағдайда суретті препаратқа тән түсті қарындаштармен сызуға рұқсат етіледі.

Зертханалық сабақтарда салынған суреттер жоғарыда қойылған талаптарға сай орындалса, теориялық курсты игеруге көмектеседі.

 

Әдебиеттер:

  1. Ағелеуов Е. және т.б. Ботаника, өсімдіктер анатомиясы мен  

морфологиясы. Алматы, «Санат» 1998.

2. Әметов Ә.Ә. Ботаника. – Алматы, 2004.

3. Мұсақұлов Т. Ботаника. – Алматы, 1975.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2014-01-21 21:47:16     Қаралды-7189

ҚАЙ МЕМЛЕКЕТ ҚАТЕЛІКПЕН АТАЛДЫ?

...

Кариб теңізінде Пуэрто-Риконың үлкен аралы орналасқан...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ МАТЕРИКА ЕҢ КІШКЕНТАЙ?

...

Австралия - жер бетіндегі ең кішкентай материк.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕРДЕ СУ КӨП ПЕ?

...

Сусыз жер бетінде тіршілік болмас еді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТРОНДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Электрон» сөзі грек тілінен «янтарь» деп аударылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ЗАРЯДЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Электрондардың теріс заряды, ал атом ядросының оң заряды бар екенін сіз бұрыннан білесіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Көптеген ғасырлар бойы адамдар электр қуатының бар екенін білмеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПАСТЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Навигацияның дамуымен кеме жасау ғылымы жетілдірілуде - кибернетика...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »