ТАИЛАНД (Тһаіland), Сиам, Тайланд корольдығы (таи - жергілікті тайпалар тобының аты және ағылшын land - ел) - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет. Негізінен Үндіқытай түбегінде орналасқан. Оңтүстігінде ОңтүстікҚытай теңізінің Сиам шығанағымен, оңтүстік батысында Андаман теңізімен шайылады. Батысында Бирмамен, шығысында Лаоспен және Кампучиямен, оңтүстігінде Малайзиямен шектеседі. Жері 514 мың км2. Халқы 66,4 млн. (2019). Астанасы - Бангкок. Әкімшілік жағынан 71 провинцияға (чангватқа) бөлінеді.
Мемлекеттік құрылысы. Тайланд - конституциялық монархия. Қазіргі конституция 1974 жылы 5 қазанда жарияланды. Мемлекеттік басшысы-король, конституция бойынша заң шығарады, өкіметтің атқару және сот билігін іске асырады, қарулы күштердің қолбасшысы да сол. Корольдың кеңесші органы - құпия совет (14 мүше). Тайландтың өкімет органы - екі палаталы парламент (халық жиналысы). Ол Сенат пен уәкілдер палатасына бөлінеді. Уәкілдер палатасын (240-300 депутат) халық 4 жылға сайлайды. 25 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Тайланд үкіметі - Министрлік советі; премьер-министр мен министрлерді король тағайындайды. Сот жүйесі корольдың рұқсатымен құрылып, судьяларды король тағайындайды. 1976 жылықазанында елде әскери төңкеріс жасалды. Парламент таратылды. Өкімет билігі әскери хунтаның қолына көшті.
Табиғаты. Жағалауының ұзындығы 2500 км-ге жуық. Малакка түбегінің батыс жағалауында толып жатқан эстуарийлер бар. Жерінің ½-нен астамы ойпаң жазықтар, қалған бөлігін түгел дерлік Кхунтхан, Танентаунджи т. б. таулар алып жатыр. Тайландтың тау жүйелері геологиялық тұрғыдан Оңтүстік Азияның палеозойлық геосинклинальдық қатпарлы аймағына жатады. Қалайының жалпы қоры жағынан капиталистік және өркендеп келе жатқан елдер арасында 2-орын (Индонезиядан кейін) алады. Қалайы кендері мезозойлық граниттермен байланысты. Палеозойлық құрылымдарда сурьма, қорғасын, мырыш, барит, темір және марганец рудалары кездеседі. Сиам шығанағы шельфінде мұнай бар екені анықталды.
Климаты - субэкваторлық, муссондық. Жазық және тау бөктеріндегі аймақтарында орташа температура 22°С-тан 29°С-қа дейін (ең жылы айы-мамыр). Жазда және кузде тайфун жиі болады. Жылдық жауын-шашыны 1000-2000 мм, Малакка жағалауында 5000 мм-ге дейін. Ірі өзені - Менам-Чао-Прая (Менам). Ең үлкен көлі - Тхалелуанг.
Жерінің 60%-тен астамы орман; қызыл күрең және сарғылт топырақты жерлерінде қалыц, ылғалды субэкваторлық орман, қоңыр топырақты жерлерінде муссондық орман өседі. Жануарлар дүниесі жөнінен Тайланд жері Үнді - Малайя зоогеографиялық аймағына жатады. Піл (көбінесе қолға үйретілген), маймылдар (гиббондар), лемурлар, малайя аюы, жолбарыс, қабылан, тапир, жабайы шошқа т. б. кездеседі. Өзендері балыққа бай, крокодил бар. Жануарлары мен табиғи ландшафтысын қорғау үшін 5 ұлттық парк (8 мың км2, 1969) ұйымдастырылған.
Халқының бөлігіндейі тай тобы тілдерінде сөйлейді; бұларға сиамдар немесе кхон-таилар (19 млн-дай, 1973), лао (9,5 млн-дай), футхай, лю, кхун, шань (барлығы 350 мың-дай) т. б. жатады. Ресми тілі - тай тілі; ресми діні - буддизмнің оңтүстік тармағы; малайялықтар ислам дінін ұстайды. Халықтың жылдық өсімі 3%.
1970 жылы еңбек етуші халқы 17,6 млн. болды, мұның 76,5%-і ауыл шаруашылық және орман шаруашылығында, 24%-тейі өнеркәсіпте, транспортта және тұрмыстық орындарда істейді. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 80 адамнан; Меконг сағасында 1000 адамға дейін жетеді. Қала халқы 22% (1970). Ірі қалалары - Бангкок, Тонбури, Чиангмай.
Тарихы. Тайланд жерін адам баласы палеолит дәуірінен мекендеген. Жыл санауға дейінгі дәуірдің соңғы ғасырлары мен біздің заманымыздың басында Менам өзен алабының оңтүстік бөлігі мен Сиам шығанағы жағасында мон тайпалары тұрған. Алғашқы мон мемлекеттері (ұсақ) б. з. 1-2 ғасырларында сол арада пайда болған. Мондар мен кхмерлердің жоғары мәдениеті тай халқының мәдениетін қалыптастыруға ықпалын тигізді. Б. з. б. 1-мың жылдықта тай тайпаларының арғы аталары Юньнань қыратын мекендеді. Біздің заманымыздың 1-мың жылдығының басында тай тайпаларының бір бөлігі оңтүстікке өтіп, жергілікті халықпен араласты. 12 ғасырдың аяғы - 13 ғасырдың басында Менам алабында таилардың ірі князьдықтары пайда болды. Тайланд жерінде 13 ғасырдан буддизм үстемдік алды. 1238 жылы таи князьдықтары бірігіп, Сукотаи мемлекетін құрды. 1350 жылы салынып, князьдықтың астанасы болған Аютияда жаңадан Сиам мемлекеті пайда болды.
17 ғасырда шетелдермен сауда қатынасы жиіленген Сиамда голландықтар, кейін ағылшындар фактория ашты. Европалықтар Сиам рыногына өзара таласты. 1664 жылы Голландия тең праволы емес шарт жасасуға Сиам королы Нарайды (1657-1688 жылдар билеген) көндірді. 1686-1688 жылдарҰлыбритания Сиамға қарсы соғыс жүргізді. 1687 жылы Сиамның маңызды стратегиялық пункттеріне - Бангкок пен Мергуиге француз гарнизоны кіргізілді. Француздарға қарсы қозғалыс күшейді. 17 ғасырдың аяғында француз әскері Сиамнан кетуге мәжбүр болды.
Лаос пен Камбоджаны билеу үшін 18 ғасырдың 1-жартысында Сиам Вьетнаммен күресті. 1759 жылы Бирмамен соғыс басталды. 1767 жылы бирмалықтар Аютияны талқандап, корольды тұтқындады. Таксин бастаған халықкөтеріліске шығып, көптеген шайқастардан кейін бирмалықтарды Сиамнан қуды. Таксин елді түгел біріктірді. 1775 жылы Лаостың Чиангмай мемлекетін (СолтүстікТайланд жерінде) біржолата қосып алды.
19 ғасырдың 1-жартысында товарлы-ақша қатынастары одан әрі дамыды. Қанаудың күшеюі халық көтерілістерін туғызды (1842, 1847). 1855 жылыҰлыбритания Сиамды шарт жасауға еріксіз көндіріп, сыртқы саудадағы король монополиясын жоюға, импорттық баж салығын арзандатуға, апиын әкеліп сатуға, Оңтүстікте кен орнын ашуға право алды. АҚШ, Франция т. б. елдермен де осындай шарттар жасалды. Елдің ішкі қайшылықтары шаруалардың антифеодалдық қозғалыстарын туғызды (1870-1887, 1889-1890).
1896 жылы ағылшын, француз отаршылары Сиам жерін өзара бөлісіп алды. 20 ғасырдың басында шетел капиталының экспансиясы кушейді. 19 ғасырдың аяғы - 20 ғасырдың басында елде ұлттық топтасу процесі кушейді. Алғашқы газеттер шығарылып, кітаптар басылып, дүниауи мектептер ашылды. 1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) кезінде Сиам Антанта жағында соғысқа кірісті (1917 жылышілде). 20 жылдары жергілікті ұсақ буржуазия мен өкімет билігіндегі феодалдар арасында қайшылық күшейді. Сиамдықтардың шетелдегі антимонархиялық топтары буржуазия-демократиялық ұран көтерді. 1928 жылы жұмысшылар арасында марксизмді насихаттайтын үйірмелер туды. 1929-1933 жылдар дүние жүзілік экономикалық дағдарыс кезінде антимонархистердің әрекеті күшейді. Олар Халықтық партияға бірікті. Оған ұсақ буржуазиялық демократтармен (Приди Паномионг т. б.) қатар либераллды-буржуазиялыр элементтер, офицерлер, чиновниктер кірді. Халықтық партия әскери бөлімдерге сүйене отырып, 1932 жылы 24 маусымда мемлекеттік төңкеріс жасады. Заң шығару билігі парламентке берілді. Жоғары ақсүйектер тобы биліктен айрылды. 1933 жылы 2 сәуірде антикоммунистік заң қабылданды. Абсолютизмнің қайта тууынан сескенген офицерлер 1933 жылы 20 маусымда қайтадан мемлекеттік төңкеріс жасады. 30 жылдарда үкімет саясаты ұлттық капиталды нығайтуға бағытталды.
2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) кезінде Тайланд Жапониямен достық шартын жасасты (1940). 1941 жылымамырда Жапонияның қысымымен Франция Лаосты және Камбоджаның 2 провинциясын Тайландқа берді. 1942 жылы 25 қаңтарда ТайландҰлыбритания мен АҚШ-қа соғыс жариялады. Жапон әскерлері енгізілген Тайландта «Ерікті Таи» қозғалысы қанат жайды. 1942 жылықарашада компартия құрылды. 1945 жылы 19 тамызда Тайланд Жапонияға қарсы коалиция елдерінен бітім жасауды өтінді.
Соғыстан кейін демократиялық қозғалыс өрледі. Компартияға тыйым салған 1933 жылғы заң жойылды (1946 жылыжелтоқсан). СССР-мен елші алмасу жөнінде келісім жасалды (дипломатиялық қатынас 1941 жылы 12 наурызда орнатылды). 1947 жылықарашада реакцияшыл офицерлер әскери төңкеріс жасап, Пибунсонграма бастаған антидемократиялық үкімет құрылды (1948-1957).
Соғыстан кейін ірі буржуазия нығайды. 1950 жылыТайланд экономикалық, техникалық ынтымақ, әскери көмек туралы АҚШ-пен келісім жасады. 1954 жылы СЕАТО блогына кірді. 50 жылдардың ортасында ғана аздаған либералдандыру процесі байқалды (1955-1957 жылдағы «демократия кезеңі»). 1954 жылы Үнді-қытай жөніндегі Женева келісімдері (1954) елде бейтараптық пиғылдың күшеюіне жағдай жасады. Демократиялық ұрандар көтерген бұқаралық демонстрациялар көбейді. 1957 жылықыркүйекте әскер басшылары тағы да төңкеріс жасап, қоғамдық ұйымдарға тыйым салды, демократиялық пиғылдағы адамдар қамауға алынды. 1962 жылынаурызда Тайландты қорғау туралы американ-таиланд декларациясына қол қойылғаннан кейін, Тайланд жерінде американ әскері көбейді. Тағы да әскери төңкеріс жасалып, үкімет басына Т. Киттикачон келді (1963-1973). Парламент таратылып, саяси партияларға тыйым салынды. 1973 жылы 14 қазанда демократияны талап еткен бұқаралық демонстрация нәтижесінде азаматтық үкімет орнады. Ол сыртқы саясаттағы бір жақтылықты өзгертіп, барлық елдермен достық қатынас орнатуды көздеді. 1975 жылықаңтардағы парламент сайлауынан кейін коалициялық үкімет құрылды: Ол АҚШ әскерінің елден кетуін талап етті.
Саяси партиялары. 1976 жылдың басында елде 58 саяси партия болды. Негізгілері: Таи ұлттық партиясы, Әлеуметтік әділет партиясы, Әлеуметтік-ұлтшылдықпартия,Әлеуметтік-аграрлық партия; бұлар әскер мен полицияның жоғары әкімдерінің, ірі жер иелерінің - реакцияшыл күштердің мүддесін қорғайды. Демократиялық партия, Әлеуметтік қимыл партиясы, «Жаңа күш партиясы - ірі және орта буржуазияның, ақсүйектер мен монархиялық интеллигенцияның мүддесін қорғайтын либералдық партиялар. Социалистік партия, Біріккен социалистік майдан - ұсақ буржуазияның, интеллигенция мен студенттердің бір бөлігі мүддесін қорғайтын партиялар.
Экономикасы. Тайланд - өркендеп келе жатқан аграрлы ел. Экономика салаларының көпшілігі шетелдік капиталға тәуелді. Әсіресе жапон капиталының ықпалы басым. 1971 жылы жалпы ұлттық өнімде ауыл шаруашылық мен орман шаруашылығының үлесі 30%-тей, өнеркәсіп үлесі 20% болды. Тайланд- едәуір мөлшерде күріш өндіреді, табиғи каучук өндіруден дүние жүзінде 3-орын, қалайы концентратын өндіруден 2-орын алады.
Ауыл шаруашылығы. Жердің басым бөлігі ірі помещик-феодалдардың қолында. Ауыл шаруашылық жері 13,4 млн. га(1965); мұның ішінде өңделетіні 11,4 млн. га, шабындық пен жайылым 2 млн. га. Негізгі саласы - егіншілік, басты дақылы - күріш (егісі6,5млн. га, өнімі 13,8 млн. т, 1974); негізінен Меконг өзенінің атырабында егіледі. Оңтүстігінде каучук өсімдігі- плантациялары бар (400 мыңт, 1974). Мал басы (1974); мүйізді ірі қара 9,5 млн. (оның ішінде буйвол 5,8 млн.), шошқа 8 млн., піл 10 мың, құс 85 млн. 1974 жылы 1,6 млн. т балық ауланды.
Өнеркәсібі. Дәстүрлі салалары - ағаш өңдеу, тамақ өндірісі. Бұларға қоса жаңа салалар - қалайы қорыту, электротехникалық, мұнай айыру өнеркәсіптері қалыптасуда. Елдің оңтүстік бөлігінде, Малакка түбегінде, Пхукет аралында, Сиам шығанағының шельфінде қалайы (касситерит), көмір (жылына 300 мың т), мұнай (13 мың т) өндіріледі. 1960-1970 жылдар бір- қатар СЭС-тер, ЖЭС-тер, дизель электр станциялары іске қосылды. Электр энергиясын өндіру 1971 ж. 5,2 млрд квт-сағатқа жетті.
Транспорты. Мемлекеттік темір жолының ұзындығы 3,85 мың км (1974), автомобиль жолы 18,5 мың км. Менам өзені мен каналдар ішкі қатынасқа пайдаланылады. Ұлттық сауда флотында 12 кеме бар. Негізгі порты - Бангкок.
Сыртқы саудасы. Экспортының негізгі өнімдері - күріш, каучук, қалайы, қант, маниока, асыл тастар, ағаш. Өзі басқа елдерден машиналар, жабдықтар, мұнай және мұнай өнімдерін, қара металдар, химиялық және түрлі тұтыну бұйымдарын алады. Негізгі сауда әріптестері: Жапония, АҚШ, ГФР, Нидерланды, Ұлыбритания.
Ақша өлшемі - бат.
Денсаулық сақтау ісі. Бүкіл дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әрбір мың адамға шаққанда бала тууы 32,5, адамның өлімі 6,8, тірі туған мың баладан өлгені 24,4 (1972). Елде инфекциялы және паразиттік патология көбірек тараған. 1972 жылы 43 мың төсектік 533 емдеу мекемесі (1 мың тұрғынға 1,2 төсек), 130 аурухана, 3,8 мың орталық медициналық орындары, 5,9 мың медициналық көмек постылары және 92 көшпелі дәрігерлік отряд болды. Тайландта 1971 жылы 4,8 мың дәрігер (7,2 мың тұрғынға 1 дәрігер) 663 стоматолог, 1,9 мың фармацевт, 7,1 мың медсестра қызмет істеді. Дәрігерлер жоғары медицина мектептерде (4) даярланады. Денсаулық сақтау ісіне мемлекеттік қаржысының 3%-і жұмсалды (1971).
Оқу-ағарту ісі. Мектепке дейінгі мекемелерде (4-7 жастағы балалар үшін) 1974 жылы 176 мыңнан астам бала тәрбиеленді. Бастауыш білім міндетті деп есептеледі. 1974-75 оқу жылында бастауыш мектептерде 6506 мың окушы оқыды. Академиялық жалпы білім беретін орта мектептерде оқу мерзімі 5 жыл. 1974/75 оқу жылында орта мектептерде 842,8 мың, кәсіптік-техникалық орта мектентерде 75,5 мың, мұғалімдер даярлау жүйесінде 60,4 мың оқушы болды. Бапгкокте 5 университет бар. 1974/75 оқу жылында университеттерде 58,4 мыңға жуық, техникалық институттарда 19,5 мың студент оқыды. Бангкокте Ұлттық кітапхана (1905 жылы құрылған; кітап қоры 724 мыңнап астам, қолжазбалар 144 мыңнап астам дана). Ұлттық музей (1926) бар.
Әдебиеті. Тайландтың алғашқы әдеби туындылары 13 ғасырдың соңында 14 ғасырдың басында пайда болды. Ең ертедегі эпиграмма ескерткіштері - «Стела Рамы Камхенга» (1292). Әдебиеттің 19 ғасырдың соңында қалыптасуына үнді әдебиеті ерекше әсер етті. Орта ғасырлық классикалық әдебиетінде негізінен өлең-жыр басым болды. Оның басты үлгілері - «Ұлы өмір» (1482), «Юандардың жеңіліске ұшырауы» (15 ғ.) т. б. Әсіресе лирика мол өрістеді, лиро-эпостық «Прало» (15-16 ғ.) поэмасы шықты. Ақындар: Сипрат, Махаратчакру (екеуі де 17 ғасырдың 2-жартысында өмір сүрген) және Тамматибет (1732-1755) лирика жанрында шеберлік көрсетті. «Рамаяна» (таи тілінде «Ромакиян»), «Құстар кітабы», «Он екі бұрыш» т. б. повестер шықты. 18 ғасырдың соңынан бастап діннен гөрі зиялылық тақырыбына бірте-бірте ойысу басталды. «Рачатират» (1784), «Ұш патшалық» (1802) сияқты прозалық шығармалар пайда болды. 19 ғасырда Сунтон Пу (1786-1855) «Кун Чанг және Кун Пэн» лиро-эпостық поэмасын, Рама II король (1809-1824 жылдар ел билеген) «Инас» атты драмалық поэмасын жазды.
Мемлекеттік төңкерістен соң (1932), Тайланд әдебиетінде реализм бел алды, проза өркендеді. Әдебиетте басты екі бағыт қалыптасты. Сот Кунмарохит (1908 ж. т.), Малай Чупинит (1906-1963) т. б. натуралистік, Сибурапа (1905-1974), Лао Камхом (1930 ж. т.) т. б. әлеуметтік-реалистік бағытта болды. Нарияның «Хабарсыз жоғалды» әңгімесі (1973), Сант Порпехинданың «Хат» атты өлеңі қазақ тіліне аударылды (1958).
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Тайланд территориясындағы ежелгі өнер ескерткіштері (керамика, қабырға өрнектер) неолит және қола дәуіріне саяды. Б. з. 1 ғасырында таи көркем мәдениетіне негіз болған мон (Дваравати мемлекеті) және кхмер (Кхмер империясы) өнері (Лампундағы ғибадатханалар, Будда мүсіндері) дамыды. Сукотаи мемлекетінің құрылу кезеңінде (13 ғ.) ұлттық өнер қалыптаса бастады. Таи типіндегі ғибадатханалар комплексі («вата») - Саванкхалоктағы Чанг Лом (13 ғасырдың аяғы), Сукотаидағы Махатат (1345) бой көтерді. Сиам мемлекетінің гүлдену кезеңінде (14-19 ғ.) Сукотаи дәстүрі жанданып, қыш қорғанды жаңа қалалар, түрлі түсті мозаика және әсем жазбалармен көркемделген сарайлар (Бангкок пен ежелгі қалаларда) тұрғызылды; мүсін, кескіндеме (Аютия ғибадатханаларындағы жазбалар, 15 ғасыр) пайда болды. 19 ғасырдың аяғында Батыс Европа және американ өнері ықпал ете бастады. Замани «интернационалдық» архитектура үлгісінде көптеген жаңа құрылыстар (банк, қонақ және тұрғын үйлер) салынды. 20 ғасырдың 2-жартысындағы ілгерішіл суретшілері; Фуа Харабитак, Тави Нандакван, Хъен Йимсари (мүсінші). Сән және қосалқы өнерінің лакты кескіндеме (17 ғасырдан), лак пен буйвол терісінен бұйым жасау, ағаш ұқсату т. б. салалары етек алған.
Музыкасы. Таи музыкасы монотонды болып келеді. Негізінен қарапайым ритмді, музыка шығармалары көбіне жылдам орындалады. Әуенді музыканттар жатқа айтады әрі орындау барысында өзгерістер мен толықтырулар қосып отырады. Оркестрдің дирижер қызметін кішкене цимбалда ойнаушы музыкант (чинге) атқарады. Ежелгі музыкалық аспаптары: ку сау сам сай (скрипканың бір түрі), тьакау (гитара тектес). Оркестр құрамында үнділердің тимпаны (Тайландта таион аталады) мен 2 клонг (қытай барабаны) болады. Шағын ансамбльдер (16 гонг, кәзинекке тағылған гонг вонг йай, ладья формасындағы ксилофон-ранад ек) кең тараған. 19 ғасырдың аяғынан Европа музыкалық аспаптары, соңынан Европа музыкасы ене бастады. Тайланд композиторлары европалық музыкалық техникасы әдістерін мецгеруге ден қоюда. Бангкок пен ежелгі үлкен қалаларда европалық оркестрлер жұмыс істейді
Театры. Тайланд классикалық театрының төркіні үндінің «Рамаяна» эпосына саяды. «Рамаяна» таиларға 15 ғасырда «Рамакиян» деген атпен белгілі болды. «Рамакиянда» классикалық өнердің үш түрі (кон, нанг, лакон) болғандығы айтылады. Кон мен нанг жайлы 15 ғасырдың ортасындағы хроникаларда кезігеді. Маскалы пантомима театры - конда актерлер эпос мазмұнын символикалық қимыл мен ым арқылы түсіндіреді. Текст сахна сыртынан оқылады. Ойын халық оркестрі және хормен сүйемелденеді. Көлеңке театры - нангта түрлі тұрмыстық көріністер буйвол терісінен жасалған ойыншықтар арқылы көрсетілген. Таи классикалық драмасы-лаконның сюжеттері Будда аңыздарынан алынатын болған. Лаконға әйелдер де қатысқан. Тексті актерлердің өздері орындайды. Шағын хор сүйемелдеу қызметін атқарады. Би Тайланд театр өнерінен басты орын алады. Қазіргі халық ойындарында лаконның ликэ және нора атты түрі кең етек алған. Тайландта тұрақты театр жоқ. Әсемдік өнер департаменті (1975) жанындағы әуесқойлар труппасы (100-150 адам) жылына бірнеше ойын көрсетеді.
Әдеб.: Современный Таиланд. М., 1958; Пендлтон Р.Л. География Таиланда.пер. с англ., М., 1966; Берзин Э. О. История Таиланда (Краткий очерк). М., 1973; его же, Борьба Европейских держав за сиамский рынок (30-80-е годы XVII века). -М.,1962; РебриковаН. В. Очерки новейшей истории Таиланда(1918-1959). -М., 1960; ее же. Очерки новой истории Таиланда (1768-1917).М.,1966; Дольникова В. А. Рабочий класс Таиланда. М., 1971; Азия мен Африка ақындары. А., 1958.
Жарияланған-2020-10-15 11:46:58 Қаралды-2269
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану