БЕРЛИН ОПЕРАЦИЯСЫ - Ұлы Отан соғысының барысында 1945 жылы 16 сәуірден 8 мамырға дейін Берлин бағытында Совет Қарулы Күштері жүргізген ақырғы стратегиялық шабуыл операциясы, 2-дүние жүзілік соғыстағы аса ірі шайқас. Фашистік Германияны біржолата күйреткен бұл операцияны 1-Белорус майданы (Совет Одағының Маршалы Г. К. Жуков), 2-Белорус майданы (Совет Одағының Маршалы К. К. Рокоссовский) және 1-Украин майданы (Совет Одағының Маршалы И. С. Конев) әскерлері жүзеге асырды. Оларды Шалғайлық авиация мен Днепр әскери флотилиясы қолдады. Операцияға Поляк әскерлерінің 1-және 2-армиялары қатысты, Совет әскерлері 1945 жылы қаңтар-сәуірдің 1-жартысында Шығыс Пруссияда, Польша мен Шығыс Померанияда неміс-фашист әскерлерінің ірі топтарын талқандай отырып, Одер мен Нейсе өзендерінің бойьшда кең майданға шықты. Венгрия азат етілді. Сондай-ақ Батыстан Гамбург, Лейпциг, Прага бағытында одақтастар әскерлері де шабуылдарын бастады. Демек, Қызыл Армияның қаңтардан сәуірдің 1-жартысына дейін жүргізген шабуыл операциясы гитлерлік командованиенің барлық жоспарын жүзеге асырмай тастады, сонымен қатар Берлин бағытында жауға ақтық соққы беруге қолайлы жағдай жасады.
Берлин бағытындағы қорғанысқа неміс командованиесі 1945 жылы қаңтарда-ақ әзірлене бастады. Одерден Берлинге дейінгі аралық сан қилы қорғаныс шептерімен бөгелді. Ал Берлин 9 бекіністі ауданға бөлініп, күшті қамалға айналдырылды. Неміс әскерлерінің командованиесі 1 млн-ға жуық адамды, 10 мыңнан астам зеңбірек пен минометті, 1500 танк пен штурмдық зеңбіректі, 3300 самолетті Берлин бағытына шоғырландырды.
Совет Жоғарғы Бас командованиесі кең майданда бірнеше күшті соққы беріп, жаудың берлиндік тобын бөлшектеп қоршауға алуға және оны құртуға жоспар жасады. Осы мақсатпен Совет командованиесі Берлин бағытына шабуылға шығуға 2,5 млн. адамды, 41 600 зеңбірек пен минометті, 6 250 танк пен САУ, 7500 самолетті шоғырландырды.
Атақты шайқас 1945 жылы 16 сәуірде басталды. Неміс-фашист әскерлері бекініс шебін қаншалықты күшейтіп, жанталаса қарсылық көрсеткенімен, Совет әскерлерінің тегеуірінді соққысына төтеп бере алмады. 1-Белорус және 1-Украин майдандарының әскерлері жаудың Одер-Нейсе қорғаныс шебін бұзып өтті. 21 сәуірге қараған түнде 1-Белорус майданының әскерлері Берлиннің солтүстік шетіне, 22 сәуірде 1-Украин майданының әскерлері оңтүстік жағынан Берлинге басып кірді. 20 сәуірде 2-Белорус майданының әскерлері Штеттин бағытында шабуылға шықты. 24 сәуірде 1-Белорус және 1-Украин майдандарының әскерлері Берлиннің оңтүстік-шығыс жағында қосылып, жаудың негізгі кушін (Франкфурт-Губен тобын) қоршауға алды. 25 сәуірде майдандардың танк құрамалары Кетцин ауданында кездесіп, жаудың бүкіл берлиндік тобын қоршауға алуды аяқтады. Осының нәтижесінде Берлиннің оңтүстік-шығыс жағында 200 мың, ал Берлиннің өзіңде 200 мың гитлерші қоршауға алынды.
1-Украин майданының әскерлері Берлиннің оңтүстік-шығысында қоршауда қалған жау топтарын бөлшектеп, жойып жіберді, сондай-ақ немістің 12-армиясына соққы берді.
Жаудың Берлинде қоршалған тобын талқандау кескілескен шайқасқа айналды. 3-және 5-екпінді, 8-гвардиялық, 28-және 47-армиялар әскерлері Берлинде тікелей жауынгерлік ұрыс жүргізді. 1-Варшава жаяу әскер дивизиясы, Поляк әскерлерінің артиллерия, миномет және инженерлік құрамалары мен 1-армия бөлімдері Берлинді алудың ақырғы кезінде қатысты. Жау қаланы қорғап қалу үшін қолдан келгенінің бәрін жасап бақты. Қаланың көшелерінде күндіз-түні қырғын ұрыстар болды. Әр көшені, әр үйді күшпен алуға тура келді.
25 сәуірде 5-армияның 58-гвардия атқыштар дивизиясы Риза және Торгау аудандарында 1-американ армиясының озық бөлімдерімен түйісті. 30 сәуірде 3-екпінді армия әскерлері Берлиннің орталығына басып кірді. 1 Майға қараған түні жау ұясы - рейхстагтың төбесінде Жеңіс туы желбіреді. Оны сержанттар М. А. Егоров пен М. Б. Кантария қадады. Рейхстагты алу үшін болған ұрыста 2-екпінді армияның В. И. Давыдов, С. Н. Неустроев, К. Я. Самсонов, К. В. Гусев, П. Н. Пятницкий, П. Д. Щербина, қазақстандық лейтенант Р. Қошқарбаев пен жауынгер Г. П. Булатов, И. Я. Сьянов пен С. Н. Темірбаевтар сияқты мыңдаған жауынгерлер ерекше ерлік көрсетті. 2-майда сағат 15-те талқандалған Берлин гарнизоны тізе бүгіп, қарсыласуын толық тоқтатты. 1-Белорус майданының құрамалары кейін шегінген жауды қуып отырып, 7 мамырда Эльбаға жетті, онда американ әскерлерімен кездесті. 8 мамырда неміс-фашист әскери командованиесі Совет Қарулы Күштері мен оның одақтастарының алдында өздерінің жеңілгенін мойындайтын актіге қол қойды. СССР Жоғары Советінің Президиумы Жеңістің құрметіне «Берлинді алғаны үшін» медалін белгіледі.
Соғыс аяқтала сала совет әскерлері тұрғын халықтардың көмегімен қала шаруашылығьш қалпына келтіруге кірісті. Совет дәрігерлері қала тұрғындарына медицина жәрдем көрсетті және оларға тамақ берілді.
Берлин операция барысында Совет Қарулы Күштері жаудың 90-нан астам дивизиясын талқандады, 480 мың неміс-фашист солдаты мен офицері тұтқынға алынып, 1550 танк пен 8600 зеңбірек, 4,5 мың самолет қолға түсті. Ал Совет әскерлері 304 мыңнан астам адамнан, 2156 танк пен САУ, 1220 зеңбірек пен миномет, 527 самолеттен айрылды.
Берлин операцияна 1-Белорус майданының құрамында Қазақстанда жасақталған 151-атқыштар бригадасының негізінде құрылған 150-Идрицк атқыштар дивизиясы (командирі генерал-майор В. Ш. Шатилов) қатысты.
Берлин операцияның нәтижесінде совет халқы мен Қызыл Армияның фашистік жауыздардан өз Отанын қорғау, Европаның құлдыққа түскен халқын азат ету, дүние жүзілік мәдениет пен цивилизацияны сақтап қалу жолындағы қаһармандық күресі ұлы жеңіспен аяқталды.
Әдеб.: Деборин Г.А. Вторая мировая война. М., 1958; История Великой Отечественной войны Советского Союза. 1941-1945, т. 5, М., 1964; Конев И. С. Сорок пятый. М., 1966; Штеменко С. М. Генеральный штаб в годы войны. М., 1968; 50 лет Вооруженных Сил СССР. М., 1968; Жуков Г. К. Воспоминания и размышления. М., 1969; Деборин Г. А., Тельпуховский Б. С. Итоги и уроки Великой Отечественной войны. М., 1970; Великая Отечественная война Советского Союза (1941-1945). Краткая история. 2 изд., М., 1970; Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг. Сб. документов и материалов. в 2 тт., т. 2. А.-А., 1967; Казахстанцы на фронтах Великой Отечественной войны. А.-А., 1969.
Жарияланған-2020-10-12 16:01:24 Қаралды-7217
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану