UF

ЖАН-ЖАНУАРЛАРҒА ҚҰЙРЫҚ НЕГЕ КЕРЕК?

Категориясы: Жануарлар



Жаздыгүні жылқылар мен сиырларға, ал Африкада антилопалар мен зебрлерге маса, шыбын, бөгелек, сона дегендер жабылады-ай кеп. Егер шыбын қағатын құйрықтары болмаса, бұл қанатты қан сорғыштар әлгі жануарлардың жайылуына мұрсат бермес еді. Құйрықтардың басқа да қызметі бар.

ИТ құйрығын бұлғаңдатса, ол иесін танып, еркелегенінің белгісі. Иттердің бір-бірімен кездескен кезін байқап тұрсаңдар, біреуі құйрығын иіре көтеріп алады да, оңға-солға қозғап қояды. Онысы: «Мен сенен күштірекпін, бірақ саған зияным жоқ» дегені. Екіншісі құйрығын сөлбірейтіп немесе бұтына қысып алады; онысы: «Сен күштісің, мен саған бағынамын» дегені. Ал енді күштері шамалас бөтен иттер кездескенде, олардың құйрығы сәл ғана көтеріңкі болады. Бұл - сақтықтың, сақтандырудың белгісі. Солтүстіктің ЛАЙКА ИТТЕРІ бұғы табынын күзетеді, иесіне еріп аңға шығады немесе шанаға жегіледі. Қоналқаға тоқтағанда қардан шұңқыр қазады да, тоңбау үшін тұмсығын жүндес құйрығымен тұмшалап алып бұйығып жатады.

ҚАСҚЫР, ТҮЛКІ, АҚ ТҮЛКІ де суықтан дәл осылай қорғанады. Оған қоса қасқыр мен түлкінің құйрығы бағыттаушы қызметін де атқарып, олардың жүгіріп бара жатып шұғыл бұрылуына көмектеседі. Ал тиін болса, құйрығының көмегімен секіріп бара жатып та бұрылады.

Маймылды кейде «төрт қолдылар» деп айтады. Тіршілігін биік ағаш бұтақтарының басында өткізетін маймылдарға төрт бірдей қармағыш аяқ аса оңтайлы-ақ. Ал кейбір маймылдарға құйрығы да көмектеседі. Құйрығымен бұтақты қармап, басын төмен қарата салбырап тұрып дәмді жемістерді үзу маймыл үшін өте қолайлы. Қарны тойғаннан кейін, құйрығымен бұтаққа асылған күйі әткеншек тебуіне де болады.

Америкада ОПОССУМ деп аталатын бір аң бар. Оған құйрық әр жерден бір жерге жылжу үшін және тасымал үшін қажет. Ене опоссум өзінің балаларын арқасына мінгізіп алып жүреді. Сол кезде балалары үстінен түсіп қалмауы үшін құйрығын арқасына иіп алады. Балалары соған жармасып, онда да аяқтарымен емес, құйрықтарымен жармасып кетіп бара жатады.

Австралия КЕНГУРУІ басқа жануарлар сияқты төрт аяқтап жүгіре алмайды. Ол алдыңғы қып-қысқа екі аяғын кеудесіне бүгіп алады да, ұп-ұзын артқы екі аяғымен секеңдеп кете барады. Сол кезде үп-үлкен құйрығы оның бойын билеп, отыруына, секеңдеп келе жатып тұмсығымен шаншыла құламауына көмектеседі. Ол дамылдап немесе жайылып отырған кезде де құйрығын таяныш етеді. Ал егер динго жабайы иті оны оңай олжа еткісі келсе, кенгуру жақсылап сазайын береді: құйрығын жерге тіреп тұрып, артқы аяғымен оңдырмай тебеді.

Ал қолтырауынның құйрығы оған жемтігін аулауына көмектеседі. Мұндай құйрықтың соққысы тіпті ірі хайуандар үшін де қауіпті. Сырты мүйіз қабыршақтардан тұратын бұл құйрық бөренедей ап-ауыр болады. Міне, өзен жағасына сауысқаннан сақ антилопа келді. Ол секем алатындай ештеңе жоқ сияқты. Тек бір мүк басқан тырбық ағаш ағып келеді, бірақ ол қорқатын нәрсе емес. Кенет жағадағы су астаң-кестең бұрқ-сарқ етті де, сұмдық бір соққы антилопаны ұрып жықты. Қас-қағым уақытта қолтырауын олжасымен бірге суға сүңгіп жоқ болды. Суда жүзгенде қолтырауынның құйрығы ескек пен руль қызметін бірдей атқарады. Яғни ол құйрығымен әрі суды еседі, әрі денесін бағыттайды.

Жан-жануарлар өз құйрығын түрліше пайдаланады. Табиғатта құйрығын қиын сәтте үзіп тастап кететін хайуанаттар бар. Бұл - кәдімгі өзіміз көріп жүрген КЕСІРТКЕ. Оның жаулары көп, бірақ қорғанатын ештеңесі жоқ. Кесіртке қашып үлгірсе жақсы, ал жауы әр: жүйрік, әрі епті болса қайтпек? Ондайда жауы шап беріп құйрықтан ұстайды да, сол құйрықты аузына тістеген күйі қалады. Ал кесірткенің өзі лезде көзден ғайып болады. Әрине, құйрығы жоқ, шолақ кесіртке онша әдемі емес, бірақ, амал қанша, тіршілік одан да қымбат. Ал құйрық деген - жүре пайда болатын нәра біраз уақыттан кейін оның жаңасы өсіп жетіледі. Тоспа, тоған, көлдерді мекендейтін тритондар да осы сияқты. Құйрығын балық жұлып кетсе де, шаян жеп қойса да оған онша қауіпті емес, өйткені тритон құйрығы тұрмақ жұлынған аяғын да қайтадан өсіре алады.

  Жарияланған-2016-09-03 22:18:41     Қаралды-5260

Мәлімет сізге көмек берді ма

ТАУ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Бәрінің сыры - жер қыртысында. Ол ешуақытта да тыныш жатпайды: кейде дір-дір сілкініп, бетіндегінің бәрін бір шайқап өтеді; кейде төмен ойысып, ал кейде қатпар-қатпар жиырыла қалады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӘЙШЕШЕК - ДЕНЕНІҢ ҚЫЗУЫН ТӨМЕНДЕТЕДІ

...

Бәйшешек – биіктігі 35 сантиметрге жететін қоңырқай түсті, қысқа, тамыр сабағы жіңішке, қосалқы тамырлары бар көп жылдық, шөп тектес өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АСТАНА

...

Астана деп мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығын айтады. Ол елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қала болып табылады. Біздің еліміздің бас қаласы Астана болып саналады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРПА - ДӘРІЛІК ӨСІМДІК

...

Арпа – биіктігі жарты метрге жететін, көпшілікке белгілі, бір жылдық, шөп тектес дақыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Сонымен түйме не үшін қажет?

...

Пиджактың ең астындағы түймесін этикетке сәйкес түймелемеуді барлығы біледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ГЕРОДОТ

...

Скифтердің тұрмыс-тіршілігімен етене жакын танысқан - тарих атасы Геродот. Грекияның Галикарнасынан шыққан Геродот біздің заманымызға дейінгі 455-445 жылдар шамасында Эгей теңізіне, Парсы еліне, Мысырға, Италияға, Скифияға, Македонияға саяхат жасайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »